QAZAQSTAN телеарнасы ақпанның соңында «Егіз лебіз» музыка шоуының бірінші маусымының ізін ала екіншісін бастады. Жаңа маусым көрермен үшін басқа сайыскерлерімен, басқа қазыларымен қызық. Сонымен бірге бұл жолы тағы бір жайтқа назар аударуға болады. «Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров ұйымдастырушылар осы маусымда көрерменнің қатысушыларға аянышын туғызатын элементтерді қолданғанына мән берді.
Ағылшынның Just the Two of Us телешоуының жергілікті адаптациясы бір кездері «Екі жұлдыз» деген атаумен эфирге шыққан болса, былтырдан бері «Егіз лебіз» деп аталады. Мұнда кәсіби вокалист пен қоғам өмірінің басқа саласының өкілі бірге ән айтып, өзге жұптармен жарысады. Барлық нөмір музыканттар ұжымының сүйемелдеуімен, жанды дауыспен орындалады. Әр кезең сайын қазылардың ұпайы мен көрермен берген дауыстың қосындысы бойынша аз көрсеткіш алған бір жұп жобадан шығады. Жаңа маусымда көрермен музыка телешоуының сахнасы технология жағынан күштірек бола түскенін байқады. Бұл жолы бұрынғыдай бір емес, екі тұрақты төреші бар. Негізгі өзгеріс әрі негізгі интрига – сайысқа түсетін жаңа жұптар. Кім қалай өнер көрсетеді, қазылар қай жұпқа жоғары баға береді, жобадан қайсы шығады – көрерменді қызықтыратыны сол.
Ұйымдастырушылар 14 жұп – 28 қатысушының қай-қайсын да аудиторияның ықыласынсыз қалдырмауға күш салған. Жобаға қатысушылар танымал жұлдыз образынан гөрі кәдімгі, қарапайым адам болып көрінеді: әңгімесіне қарағанда олар да өзгелер сияқты қиын сәттерді бастан өткерген, балалық шағында аса бір рақатты сезінбеген, жақынынан айырылған, мұң-қайғысы бар. Олардың жеке хикаяларды, сыр мен басқа да ішкі табу тақырыптарды жария етуі, телекадрдың орта планындағы көз жасы көрерменді шоуға жай қызықтырып қана қоймай, оны эмпат жанкүйерге де айналдырады.
«Егіз лебіздің» жаңа маусымының жеті бағдарламасын көріп, телешоуда осындай эпизодтар қалай берілгеніне талдау жасадық.
Кадр сыртындағы жылатушы редактор
Ғылым теоретигі, әлеуметтанушы Сергей Кара-Мурза өлім тақырыбымен манипуляция жасау телевизия үшін тиімді амал екенін жазған. Ол социопсихолог Абраам Мольдің «Өлім – күмәнсіз құндылық, себебі тірі адамға қайтыс болған адам туралы білу қашан да қызық» деген сөзін келтіреді.
Кісі қазасына қатысты ақпарат табуға айналмай, жария болса, көрерменнің түпсанасы оны қалт жібермейді. Әрі жақынының өлімі туралы айтып отырған адамның телеэкрандағы бейнесі көрерменнің еріксіз жанашырлығын туғызады, оны басқа ісі бойынша емес, сол қасіреті, сол эмоциясы тұрғысынан бағалай бастайды. Мұның себебі, психолог Сергей Зелинскийдің пікірімен айтсақ, «жарымжандықты, осалдықты, жан ауруы мен күйзелісті көрсету» – индивид пен көпшіліктің психикасын, көзқарасын өзгерте алатын әдістердің бірі.
«Егіз лебізде» әр нөмір сайын сайыскерлерді таныстырып, олар туралы мәлімет беретін видеопрофайл көрсетіледі. Бірінші бағдарламада актриса Әлия Әнуарбек отбасындағы қайғыдан соң өмірден түңілмей, күш-қуат алу үшін шоуға қатысуға келісім бергенін қазақ тілінде айтады. Бір кезде ол сұхбатты үзеді де, орысша «маған бұл туралы айту өте қиын» деп, жылап жібереді. Монтаж ережесі бойынша да, этика бойынша да мұндай кезде камера өшіп, адам сөйлей алмай қалған сәт пен ол сөзін жалғаған жер құрастырылуы керек еді, бірақ кадр сыртындағы редактор сұхбат үзілген тұсты сюжетіне пайдаланады.
Екінші бағдарламадағы профайл сюжетте шоуға қатысушы дәрігер Зәуреш Ахметжановаға «жұмысыңызда қандай ауыр жағдайлар болады?» дегенге саясатын сұрақ қойылғаны білінеді. Адам бұл тақырыпты өзінен-өзі әңгімелемейтіні түсінікті. Дәрігер «Ең ауыр жағдай ол – науқастың туысқандарына жағымсыз хабарды айту» деп жауап береді. Кадр сыртындағы журналист оның дуэттегі серігі – опера әншісі Сүндет Байғожинмен марқұм анасы туралы әңгімелеседі. Музыкант көзіне жас алады, бұл жер тағы да эфирге беріледі – видеопрофайл әзірлеушінің күткені де сол болғандай. Монтаждың арқасында сұхбат берушіні ол осындай эмоцияға қалай жетелегені білінбей қалады, көрермен монологты ғана естиді.
Үшінші бағдарлама Халықаралық әйелдер күніне арналған. Мұндағы видеопрофайлды дайындағанда ақын, журналист Мақпал Жұмабайға анасының өміріндегі қиын кезең туралы сұрақ қойылған. Ол анасының ауыр жарақат алған сәтін айтып, көз жасына ерік береді. Бұл күні Мақпал жалғыз өнер көрсетті, себебі дуэттегі сыңары – әнші Нұрлан Албанның туысы қайтыс болған.
Осы бағдарламада сайыскерлердің бірі, тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей жұптасы, әнші Бейбіт Қорғанның анасы бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанын еске алады. Видеосюжет дайындаған журналист көңіл-күйі түсіп отырған Бейбітке қандай сұрақ қойғанын оның «Өкініш өте көп қой» деп жауап бергенінен білуге болады. Дегенмен әнші көз жасын көрсетпейді. Есесіне оның сайыстағы серігі Гүлназ Әлімгерей толқиды.
Бұл көрсетілімде актриса Гүлбаушан Тілеубекова сіңлісі Қаракөз екеуіне тілекші боп отырған анасы туралы әңгімелегенде көзіне жас іркіледі. Ана туралы ән айтылған кезде үш қазының да (Толқын Забирова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Марат Омаров) көңіл-күйі түсіп, эфирдегі атмосфераны одан әрі тұнжырата түседі. Әлия Әнуарбек пен Әлішер Кәрімов жұбы бірі анасы, бірі марқұм ері туралы айтып, тебіренеді.
Жалпы, бұл эфирге дайындаларда редакторлар көрерменді әбден ауыр ойға салып, жабырқатып жіберетінін түсінбеген сияқты. Монтаж эмоцияға бөлейтін сәтті қалай көбейте алса, шамадан тыс қапалы, түнеріңкі сәтті де дәл солай азайта алатынын ескермеген.
Аналарға арналған эфир аяқталып, келесі думан басқаша, көтеріңкі көңіл-күйде өтуі керек еді. Бірақ ұйымдастырушылар жаңа маусымның төртінші бағдарламасында да қатысушыларды «жылатуға» тырысады.
Жұптарға арналған видеосюжеттерде өнерпаздар тағы да «бастан өткен қиын кезең» туралы әңгімелейді. Көрермен әнші Еркін Нұржанов жұмыссыз екенін, Сүндет Байғожин студент кезінде күздің суығында бір айдай далада түнегенін, әнші Маржан Арапбаева кезінде дауысынан айырыла жаздағанын естиді. Жүргізуші Ардақ Қасымхан Маржан Арапбаева мен актер Мейірғат Амангелдин жұбы ән салғанда жобаға қатысушылардың бірі Индира Расылхан жылап жібергеніне көңіл бөліп, оны сұрақтың астына алады. Кейін тағы бір жүргізуші Гүлнұр Оразымбетова Индира Расылхан «қатерлі ауруға шалдыққаны себепті шашынан айырылғанын» айтып, көз жасын жасыруға тырысады. Индираның өзі операция үстелінде болған сәтін күлімдеп әңгімелеп берді.
Бұл күнгі эфирде әнші Жұлдыз Өмірғали «кішкентай кезінде әкесі қатал өсіргенін, үйде жиі жанжал шығарғанын, анасы ұрса бергеннен дауыстап ән шырқай алмағанын» айтып, шынайы эмоциясын көрсетеді.
Бесінші бағдарлама Наурыз мейрамына арналды. Дегенмен бұл эфирде де шоу жасаушылар әншілерге мұңы мен өкінішін айтқызады.
Көзі жасаураған адамдарды тағы көреміз – Нұрлан Албан және актриса Гүлшат Тутова қайтыс болған бауырлары туралы әңгімелеп береді.
Аяныш туғызатын монтажға наразылар болды
Жобаның жаңалығы телеэкрандағы мәдениеттің диссиденті Ninety One тобының мүшесі ZAQ (Дулат Мұхаметқалиев) болған еді. Ол бесінші бағдарламадағы сюжетте өздеріне қоғам мүшелері қалай қысым көрсеткенін, «бала кезінде анасы өзін ауылға әкеліп тастағанын, әкесі қайда екенін, ата-ананың иіскеп, сипауы дегенді білмейтінін, ойыншыққа ұзақ қарап тұратынын» және «алдыңғы буынға «неге бізге мән бермейсіздер, неге бізді естімейсіздер?» деген өкпесі барын» айтты. Оның шоудағы сыңары, блогер Сәбира Жарасқызы «ата-анасының махаббатының арқасында өзін бақытсыз сезінбейтінін» әңгімеледі.
Кейін ZAQ Instagram-парақшасында телеарна видеосюжетте айтқан сөзін «кесіп, төңкеріп, монтаждың күшін көрсетті» деп айыптап, сол әңгімесінің толық нұсқасын жариялады. Оның пікіріне қарағанда телеарна музыканттың сөзін қиып-құрастыра отырып, «балалық шағы қиын» болғанын көрсетуге тырысқан. Рэпер «Мен жанұямды жақсы көрем, менде керемет балалық шақ болды, ал «тивиден үй-үйге ми күйітіп, мөр қойылды» деген әңгімені өзіме де ұмытпаған жөн екен» деп мәлімдеді. Бұл пост шоу ұжымы сайыскерлерге олардың өміріндегі ерекше сәттерді айтқыза отырып, телеаудитория эмоциясына манипулятив әсер етуге тырысатынын айғақтайды.
Бұдан соң Instagram мен YouTube-те оның фанаттары телеарнаға наразылық білдірген пікір жазды. ZAQ жобадан бас тартып, оның орнына басқа әнші келді.
Тележоба бұл жағынан он шақты жыл бұрын SuperStar KZ, X Factor сияқты музыкалық реалити-шоуларда кең қолданылған әдісті еске салды. Мұндай байқауларда ел ішінен іріктелген (әуесқойы бар, кәсібиі бар) өнерпаздар сыннан өтпегенде немесе, керісінше, келесі кезеңге жолдама алғанда жыламсырайтын. Сонымен бірге қатысушылардың өміріндегі ауыр жағдайлар туралы видеомонологтарға акцент қойылатын. Жетімдік көрген, жоқшылық көрген, тағы басқа қиындықты өткерген сайыскерге, әлбетте, көрерменнің жаны ашиды, соған көбірек жанкүйер болады, соған дауыс береді, соны қолдайды. «Егіз лебіз» де бұл эффектіге қол жеткізді деуге болады: көрермен қайғы-мұңын айтқандардың ешқайсын әзірше қолдаусыз қалдырған жоқ.
Шоудың алдыңғы маусымында көрерменнің көңіл-күйіне әсер еткен оқиға болған еді. Жанкүйерлердің фаворитіне айналған сайыскер, әнші Айгүл Қосанова әкесі қайтыс болып, шоудан бас тарта жаздады. Өзге қатысушылар да, жанкүйерлер де әншінің қайғысына ортақтасты. Сахнада әкелерге арналған ән орындалды. Қазылар алқасы жылады. Ұйымдастырушылардың эмпатияны шоудың негізгі элементіне айналдыруға тырысқанына осы жайт та себеп болуы мүмкін.
Қоғам ой-санасының дамуымен бірге бірнеше кезеңнен өтсе де, телевизиядағы ойын-сауық ескірген әдісті тастамаған. Көрерменнің көңілін көтеруге тиіс музыкалық бағдарламада эфир сайын жылап-сықтаған, мұң-өкінішін әңгімелеген адамдар монологы берілуі орынсыз интригаға айналады. Шоу мазмұнында онсыз да пайдалы танымдық мәлімет аз. Орындалатын әннің тарихы мен авторлары туралы ақпаратты арагідік қазылар алқасының аузынан естуге болады. «Таңшолпан» телебағдарламасынан таныс жүргізушілер ондай мәліметтен гөрі өткен аптада жұптар не істегенін, шоуға қалай дайындалғанын айтқанды артық көреді. Олардың сөзі сауат жағынан тағы ақсайды, дуэттің өзі жұп, ал ондағы екі мүше бір-біріне жұп деп аталмайтынын білмейді. Мысалы, әнші Кентал мен боксшы Фируза Шәріпова – бір жұп, бірақ Кентал Фирузаға жұп емес, сыңар болады. Жүргізушілер болса, «Кенталдың жұбы – Фируза» деп сөйлеп жатады.
Талдауымызды «Егіз лебізде» сайыскерлерді «жылатқан» сұхбаттар, көрерменді көңілшектікке итермелейтін эпизодтар аудиторияның ынта-ықыласын арттыруға я кездейсоқ, я әдейі пайдаланылған деп қорытамыз. Телевизия адам психикасына қозғалатын образдармен, дыбыспен, музыкамен, мәтінмен айрықша ықпал ететінін ескерсек, шоуда бұл жағынан шамадан тыс әуестену байқалды.