ДомойМедиасынҚазақша «Қара айна»: Astana Hub алғашқы отандық киберпанк жасаушы ма?

Қазақша «Қара айна»: Astana Hub алғашқы отандық киберпанк жасаушы ма?

Қазақша «Қара айна»: Astana Hub алғашқы отандық киберпанк жасаушы ма?

Astana Hub технопаркі Youtube-арнасында «Ояну», «Ұя», «Шоқан» қысқаметражды фильмдерін жариялады. Үш фильмнің де тақырыбы – антиутопия. «Жаңа репортер» авторы Ернар Бекенов осы үш фильмді көріп, ерекшеліктерін, көтерген тақырыптарын, «Қара айна» сериалына қандай ұқсастығы бар екенін талдады. 

Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі. Негізгі іс-қызметі ақпараттық технологиялар саласындағы таланттарды қолдаумен байланысты. Astana Hub негізгі функционалдық міндетімен шектеліп қалмай, Youtube-арнасында қызық әрі танымдық медиаконтент те жариялайды.

Astana Hub технопаркінің бас атқарушы директоры Мағжан Мәдиев Steppe интернет басылымына сұхбатында: «Біз қысқа метрлер арқылы технологиялардан жеңілген адамдар туралы антиутопияны көрсеткіміз келді . Онда айтылған маңызды ой мынау: егер қазір технологиялармен өмір сүріп үйренбесек, оларды өмірімізге тиімді енгізе алмасақ, өзіміздің менталды және кәсіби қасиеттерімізді дамытпасақ – онда жақын болашақта біз де жеңіліске ұшыраймыз. Яғни қысқаметраждарда көрсетілген болашақтың келуіне жол бермеуіміз керек.  Біз «Қара айна» сериалынан шабыт алдық,алайда бізге комментарийде жазылған пікірлер ұнап қалды – мұндай фильмдер «этноутопия» деген жаңа жанрды өмірге әкелді. Қызық ұғым секілді» деп айтады.

Netflix стриминг сервисінің «Қара айна» (Black Mirror) ғылыми-фантастикалық сериалын білетін шығарсыз? Ақпараттық технологиялардың адами қарым-қатынасқа әсерін түрлі оқиғалар арқылы баяндайтын антология ерекше танымал сериалдар қатарына жатады.

Расымен Astana Hub жариялаған үш қысқаметражды фильмді де сол «Қара айна» жобаның қазақстандық нұсқасы деуге болады. Концепция тұрғысынан да, идея жағынан да ұқсастығы бар.

ОЯНУ

Актер, сценарийші, режиссер Фархат Көлбаев түсірген картина ажырасу және ажырасудан кейінгі күйзеліс проблемасын сюжет өзегі етіп алған. Әйелімен және баласымен бірге болуды армандайтын басты кейіпкер жұбанышты виртуал әлем құруға көмектесетін құрылғыдан табады, симулятор көмегімен бақытқа толы отбасылық өмірін елестетеді. Картинаның оқиғасы жоғары технологиялы болашақта өтсе де, көтерген проблемасы біздің реалиядан алыс емес. Бұл – отбасыдағы зорлық-зомбылық, абьюзерлік. Басты рөлдерде Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Айгерім Қалмұратова ойнайды.

Жобаның жүзеге асуы тұрғысынан «Қара айна» антологиясының кейбір эпизодтарына ұқсайды. Мысалы А. Өтепберген ойнаған бас кейіпкердің трагедиясына, қайғы-мұңына назар аударсақ, аталған шетелдік сериалдың «Жарықшақ» (Smithereens) эпизоды еске түседі. Ал футуристік идеясы «Сан-Джуниперо» (San Junipero), «Сұржыланның соққысы» (Striking Vipers) бөлімдеріне жақын деуге болады. 

Мұндай параллелдер «Ояну» фильмінің құндылығы мен көркемдік ерекшелігін жоғалтпайды. Керісінше авторлар «Қара айна» сияқты рейтингі жоғары жобадан шабыттанып, соның деңгейінде туынды жасауға талпынысы қуантады. 

ҰЯ

Бұл фильмнің көтерген мәселесінің өзектілігі бөлек әңгімеге татиды. Фильмнің жарық көруі «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқан кезге тұспа-тұс келді. Фильм шыққан уақыт (2020 жылдың желтоқсаны) пен аталған заң жобасының талқылануы (2021 жылдың қаңтары) бір кезеңге тап келіп отыр. 

Еске салайық, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасындағы баланың қажеттілігіне немқұрайлы қараған, баланы ұрып-соққан адамдар ата-ана құқығынан айырылады деген тармақ қоғамда біраз резонанс туғызған еді. Ал фильмде ата-анасынан бас тартқан бала туралы баяндалады.

Берік Айтжанов пен Ақбота Рахат ойнаған ата-ана ұлынан айырылғысы келмейді. Балаларды қорғайтын «Ұя» деген ұйым оларға үш күн уақыт береді. Егер олар баланың туған ата-анасынан бас тартуға деген шешімінен айныта алмаса, бала өзі таңдаған басқа отбасының қамқорына өтеді. Оның үстіне осы үш күн ішінде балаға ешқандай психологиялық, физикалық және эмоциялық қысым көрсетуге болмайды. 

Фильм біз үшін дәстүрлі әлде қалыпты саналып кеткен отбасылық түсініктерді төңкеріп тастайды. Әдетте бала ата-анадан емес, ата-ана баладан бас тартып жатады. Әйтеуір біз тұратын әлемде солай қалыптасқан. Картина ситуацияны керісінше ойнату арқылы көрерменді ата-ана мен бала қарым-қатынасына басқа позициядан қарауға дайындайды. Алдыңғы планға ата-ананың сұранысы емес, баланың қажеттіліктері шығады. Осыдан келіп: ата-ана балаға қажеттінің бәрін бере алды ма, оның не қалайтыны ескерілді ме, тәрбиелеу тәсілдері дұрыс па деген сұрақтар пайда болады. Кадрда футуристік элементтер де, балтамен ет шабу секілді тым қарабайыр әрекетте де қатар көрсетілуі ескі мен жаңаның контрастын жақсы береді. Ал әке мен «Ұя» ұйымының өкілі арасындағы диалогты жаңа өзгерістерді қабылдай алмайтын ескішіл мен жаңа заманның артықшылықтарын игілікке жарата алатын, менталды шектеулерден ада жаңашыл арасындағы дебат деуге болады

«Қара айна» антологиясының «Аркангел» (Arkangel) эпизодында да ұқсас тақырып көтеріледі. Қызын толықтай бақылауда ұстағысы келген ана ерекше жүйенің қызына орнатылуына келісім береді. Бастапқыда қызының жаман жолға түсіп кетпеуі үшін алаңдаған ана уақыт өте келе оның жеке өмірін де бақылауды әдет қылады. Мұның соңы паранойяға және екеуара жанжалға әкеледі. 

«Аркангелмен» салыстырғанда «Ұяның» көрсеткен проблемалары өзекті. «Аркангель» — жеке өмірге қол сұғу, баланы бәлекеттен қорғаймын деп қоғамнан оқшаулау тақырыбын қозғаса, яғни ата-ананың шектес тыс, тіпті зиянды қамқоры туралы айтса, «Ұя» — бала тұлғаға айнала бастағанда, өзі шешім қабылдай алатын жасқа жеткенде қандай проблемаларға ұрынатынын көрсетеді, жасөспірімнің ата-анамен ортақ тіл табысуындағы қиындықтар, оның қалауы ата-анаға жете бермейтіні мазмұнды сюжетпен баяндалады. Жалпы адамның саналы түрде өзін ата-ана сезініп, өзіне міндеттелген функцияларды орындай бермейтіні, орындалса да ересек адам бала кезде алған психологиялық зақымына сүйене отырып, заманынан қалып қойған ескі түсініктер арқылы тәрбиелегісі келетіні сөз болады. Баласын түсінбеуге тырыспайтын ата-ананы қандай проблема күтіп тұрғанын көрсетеді.

ШОҚАН

Ал «Шоқанның» негізгі идеясы – жаңа ұрпақтың өз тарихымен және түп-тамырымен байланысы. Сюжетте оқушылар мұғаліммен бірге  Қазақстанның ашаршылық орнаған кезеңіне жаңа технология арқылы саяхаттайды. Сол заманды айнытпай көрсететін виртуал әлемге еніп, балалар тарихи оқиғаны көреді. Оқушылардың бірі – Шоқан әлгі симуляторда сол зұлмат заманның өкілімен тікелей байланысып, онымен кәдімгідей қарым-қатынас жасай алатынын біледі.

Бұл фильмді көркем шығарма ғана емес, мектеп оқушыларына арналған оқу құралы ретінде де пайдалануға болар еді. Визуализациясы, сюжеттің түсінікті тілмен баяндалуы және негізгі актерлердің балалар мен жасөспірімдер қатарынан таңдалуы – екпінді аудиторияның жас өкілдеріне қоюға себеп. Бұл картинаны Қуаныш Бейсеков түсірген. Ол жастар арасында ерекше танымал «Ирина Кайратовна» шоуының режиссері ретінде белгілі. Шоу мүшелерінің шығармашылығы әлеуметтік астары бар роликтерімен мен музыкалық видеоларымен ерекше. Режиссер осы жолы да өз аудиториясына негізгі ойды жеткізе алды.

***

Техникалық жағынан алып қарасақ сөз болған үш қысқаметраж – Astana Hub технопаркінің технологиялық мүмкіндіктерін паш ететін имидж жоба деуге келеді. Визуал эффектілері жақсы деңгейде, футуристік әлемді құра алған және сол болашақ әлемді суреттейтін локациялар мен элементтер сюжетте үйлесімді қолданылды. Үш фильмнің ортақ идеяға біріктірілуі оның тартымды тұстарының бірі деуге болады: үш фильмде де киберпанк әлемді көреміз, яғни адамзаттың жаңа технология алдындағы қауқарсыздығы, технологиялық прогрестен жеңілуі. Astana Hub басшысының айтқан сөзі де осы концепцияны растай түседі. Демек, біз өзгерістерге дайын болуымыз керек, прогреске ілесе алатын ұрпақ өсіп шығуы керек. 

«Ояну», «Ұя», «Шоқан» картиналары – қазақ кинематографындағы жаңа леп. Бұған дейін отандық кинода киберпанк тақырыбы қозғалмаған. Жалпы футуристік Қазақстанды көрсету – біздің кино үшін соны бағыт. Оның үстіне фантастикалық визуал эффектілер мен өзекті қоғам проблемаларын ұштастыра білу де тапқырлықтың бір деңгейі. Фильмдерді көрермен де жылы қабылдады. Миллион  көрілімнің ауылы алыс (осы материал жазылып жатқан кезде «Ояну»  — 89 мың, «Ұя» — 53 мың, «Шоқан» — 238 мың көрілім), бірақ фильмдерге комментарийлерде негатив пікір жоққа тән.

Фильмдердің бір ғана осал тұсы: қазақша және орысша диалогтардың араласып кетуі. Кейбір көріністерде орысшаның қолданылуы түсініксіз. Дәл сол көріністер қазақша берілсе сюжетке де, концепцияға да ешқандай нұқсан келмес еді. Осы бір тұсын айтпағанда Astana Hub пен қазақ кинематографшыларының бірлестігі мақтауға тұрарлық ерекше жобаларды өмірге әкелді.

Ернар Бекенов
Ернар Бекенов
Кино шолушы, блогер, аудармашы. NS радиосында журналист-диктор, "ҚазАқпарат" агенттігінде тілші болып істеді. "Хабар" агенттігінде 9 жылдай іс жүргізу саласында аудармашы болды. Kinostan.kz сайтын құрушы. Қазақша сайттарда киноға рецензия, мақала жазып тұрады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР