«Еуразия бірінші арнасындағы» Basty bagdarlama жабылар алдында қазіргі конъюнктура үшін батыл видеоматериал көрсетті. QAZAQSTAN-ның қорытынды бағдарламасы үш өңірдегі қуаңшылықтың ауыр салдары неге күні бұрын болжанбағанына жауап іздеді. «Жаңа репортер» шолушылары телеарналардың ақпарат бағдарламалары Астана күні қарсаңындағы ресми шараларға толы аптаны (28 маусым — 4 шілде) қалай қорытындылағанын бақылады.
«7 күн», «Хабар»
Дархан Әбдіуахит бағдарламаны «Тоқырауға толы тоқсаныншы жылдардың тілін ұқтыратын» кадрлардан бастады. Ескі қаланың көріністері арқылы хабар жүргізушісі астананы көшіру туралы шешімнің маңызын баса айтқысы келіпті: «Бұл қадам тұтас ел дамуының өзегіне айналғанын заманның өзі айшықтап тұрғандай.»
Осылайша «7 күн» апталық-сараптамалық бағдарламасы Астана күніне арналған мерекелік шараларды негізгі тақырып еткен. Мерекелік шаралардың ішінен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі бірінші көрсетілді. Тілші Астана күні қарсаңында «қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашу» дәстүрге айналып, былтыр Елбасы кітапханасы музейі, оның алдынан саябақ ашылғанын, биыл тұңғыш президентке тағы бір тарихи ескерткіш қойылғанын айтты. Президент Тоқаевтың ескерткішті ашқан сәті көрсетілді. Оның сөзінен үзінді берілген соң кадр сыртында тұңғыш президенттің елге сіңірген еңбегі туралы баяндалуы қалыпты нәрсе десек те, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездескен сәті ұзақ көрсетілуі кездейсоқ па екен?! Нұр-Cұлтанда ғалым Қаныш Сәтбаевқа да ескерткіш ашылған еді. Сюжет ол оқиғаны да қамтыпты. Тілші сөз арасында бұл Сәтбаевқа қойылған 15-ескерткіш екенін де айтты. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың геологтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі еңбегі туралы айтқан сөзінен ұзақ үзінді берілді. Дина Нұрпейісоваға арналған ескерткіш туралы айтуға көшкен тілші екі оқиғаның арасын соғыс тақырыбын жалғай байланыстырды. Астана күні қарсаңындағы мерекелік шаралардан басталған сюжет көрерменге күйші туралы мағлұмат берумен аяқталды.
Өткен сәрсенбіде Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесті. Дархан Әбдіуахит кадрда осы туралы баяндап, Путин мен Назарбаевтың сөздерінен үзінді берді. Сол аптада Қазақстандағы ресми сапарында Ресейдің Федерал жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко да Нұрсұлтан Назарбаевпен және Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен еді. Хабарда осы екі кездесуден де синхрондар берілді. Көрермен Қазақстан президентінің виртуал форматта өткен «Ұрпақ теңдігі» атты жаһандық форумдағы видеоүндеуінен үзінді тыңдады.
Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті басқосуынан бөлек сюжет жасалыпты. Ондағы ақпарат Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің ұлттық жобалар мен олардың нәтижесі туралы баяндамасына негізделіпті. Кеңеске қатысқан президенттің көзқарасы, «Атамекен» ҰКП төрағасы Тимұр Құлыбаевтың, экономист Мақсат Халықтың пікірі берілген. Келімбетов ұсынған жобаларға мемлекет басшысы сыни пікір айтқан соң ба, сюжетте шығыны көп жобаның тиімділігін сындарлы бағамдауға баса назар аударылыпты.
Президент тақырыбы бұдан әрі апта ішінде Назарбаев пен Тоқаев қатысқан жиындар, олардың кіммен кездескені туралы топтамамен жалғасты. Қазақстан басшысының Олимпиадаға баратын ұлттық құрама мүшелерімен кездескеніне жеке сюжет арналған.
«7 күн» 37-минутында ғана қоғамдағы өзге тақырыптарға ауысты. Гүлжан Мархабаева ауыл әкімдерін сайлауға дайындық және оның артықшылықтары мен қаупі туралы сараптама жасаған. Сюжетте саясаттанушы, қоғам белсендісі, қоғамдық кеңес өкілі және ауыл тұрғындары пікір білдіреді. Сөз соңында тілші «Не керек, осы жазда ауылдағы ағайынға талқылар тақырып табылып тұр» деп аяқтап, саяси өмірдегі маңызды оқиғаны «ауыл ішінде талқыланатын тақырып» деңгейіне түсіріп жібергенін ескермейді.
Бағдарламаның 41-минутында жүргізуші Қазақстан астанасын ауыстыру тақырыбын қайта қозғап, тұңғыш президенттің естеліктерін айтты. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың астана айналасына егілген жасыл белдеуін аралап көргеніне ойысты. «Жасыл белдеу» деп аталған сюжетті Дархан Әбдіуахиттің өзі дайындапты. Назарбаев сөздерінен үзінді беріп, жасыл белдеуді күтіп-баптайтын, осы орманға арнап қырғауыл өсіретін мекеме қызметкерлерін сөйлеткен. Облыс басшыларының осы жасыл белдеу аумағын ұлғайтуға қатысты жоспары айтылды.
Елдегі коронавирустың таралуына қатысты ахуал туралы да жеке сюжет жасалды. Автор дельта штамы табылған аймақтар, мемлекеттік бас санитар дәрігердің жаңа қаулысының талаптары, жоғары оқу орындарының Ashyq жүйесіне қосылуы сияқты жағдайларды баяндайды. Құзырлы орган өкілдері пікір білдірді.
Бағдарлама шілденің алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күніне арналған сюжетпен аяқталды.
Basty bagdarlama, «Еуразия бірінші арнасы»
Basty bagdarlama үшін негізгі тақырып депутаттардың демалысқа шығуы болды. Сюжет қаңтарда сайланған жаңа құрамның ант беру рәсіміндегі «ерекшеліктерінен» басталды, Мәжілістің Үкімет жұмысын бірнеше рет сынға алғаны, журналистер пандемия кесірінен Парламент ғимаратына емін-еркін кіре алмайтыны айтылды. Тілшілер есік алдында депутаттарды күтіп тұрып, бірқатарынан пікір сұраған. Артур Мағзомов материалын «демалысқа кеткен депутаттар халықпен қалай кездесетінін күзде келгенде көреміз» деп аяқтапты.
LRT құрылысын жандандыру үшін молда Құран оқып, құрбан шалынды. «Ұр, тоқпақ» айдары мұндай оқиғаны назардан тыс қалдырмасы анық. Айдана Үсенбай әдеттегідей желі қолданушыларының пікірін беріпті. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің құрылысты жандандыруға қатысты сөзінен үзінді және бизнесмен Айдын Рахымбаевтың LRT құрылысына кететін шығынға қатысты пікірі беріліпті. «Құрылыс келесі мәрте тоқтап қалса, кімнен көретінімізді білеміз», — дейді Айдана Үсенбай. Ол бұл айдар 3 жыл бойғы жұмысынан соң жабылатынын, енді «тоқпақ тоқпақтауын тоқтататынын» айтты.
Basty bagdarlama-ның өзі жұмысын тоқтатады екен. Соңғы шығарылымда шығармашылық ұжым бес жылдық жұмысына шолу жасады. Көрермен көңілінен шыққан сюжеттер YouTube- тегі көрілім саны бойынша анықталған. Экономист пен отбасы психологы бағдарламаның маңызын, қоғамға пайдасын айтты, осы бағдарламаның көмегімен сырқатқа шалдыққан баласына көмек алған ана алғысын жаудырды. Бағдарлама кейіпкерлерінің бірінің кейінгі тағдыры туралы да баяндалды. Тілші Нұрай Құрақпай жаңа маусымда жаңа бағдарлама эфирге шығатынын айтты.
Basty bagdarlama биыл Астана күні қарсаңында былтырғыдай салют атылмайтынын, карантин кезінде қала күнін тойлау ешкімге де қызық болмауы мүмкін екенін айтты және күтпеген жерден «астана атауы „Ақмола“ болып қайта өзгеруі мүмкін» деген сюжет көрсетті. Автор қоғам қайраткері Алдан Смайыловтың осы бір болжамына сүйеніп, ғалымнан, қала іргесінде болған бұрынғы ауыл тұрғынынан, қаладағы көп құрылысты салған ардагер маманнан пікір ала отырып, тың мәлімет берді. Сюжет соңында тұрғындардың Ақмола атауына қатысты пікірі сұралыпты. Астана күні қарсаңындағы сюжеттің тың ойды алға тартқаны — ұтымды әрі батыл қадам.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы, әлбетте, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан басталды. Мемлекет басшысы Астана күніне арналған мерекелік іс-шараның басы — Мемлекеттік ту көтеру салтанатына, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысқаны көрсетілді. Сюжет «Елорда күні қарсаңында» деп аталады. Синхрондарында Тоқаев қана сөйлейтін, кадрдан тыс мәтіндері де президент сөзінен құралған хаттама мәндес сюжет.
Астанада «мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша» академик Қаныш Сәтбаевқа және күйші Дина Нұрпейісоваға да ескерткіш ашылып, бұл салтанаттарға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. Жүргізуші осы туралы қысқа ақпар берді.
Бір қызығы — бұл күні «Нұр-Сұлтан қаласы» деген тіркес диктор сөзінде ғана бір-ақ рет айтылып, сюжет мәтіндерінде көбіне «Елорда күні», «еліміздің астанасында», «астанамызда» деген сөз қолданылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді. Кеңестен сюжет болмады, бірақ ұзақтығы сюжетпен пара-пар видео мен синхрондар берілді.
Apta бағдарламасы кейінгі шығарылымдарында ауыл әкімдерін сайлау тақырыбын үздіксіз жалғастырып келеді. Алматы облысында түсірілген сюжет Арасан ауылының мәселелерінен басталды. Ауыл жастары жұмыссыз, өйткені ауылда жұмыс жоқ, ауызсу жоқ, жол жөнделмеген, ауыл клубы жабылып, тұрғындар бос уақытын өткізер ойын-сауық орындары жоқ. Арасандықтар ауыл әкімін сайлауға үміт артып жүр екен. Сайлауға ұсынатын кандидаты да дайын. Осы ауылда туып-өскен адам. «Ауыл әкімін сайласақ, мәселелеріміз шешіледі» деп отыр. Арасан ауылының бар проблемасын тізіп шығып, тұрғындарын сөйлеткеннен кейін бұл ауыл сюжетті көркемдеуге пайданылғаны мәлім болды.
Тілші сюжеттің негізгі мақсаты — ауыл әкімдерін сайлауға дайындық қалай жүріп жатқанын, ауыл әкімін сайлаудың пайдасын, неге қажет екенін түсіндіруге кірісті. Алматы облысындағы сайлауға дайындықты көрсетті. Олыстық сайлау комиссиясының төрағасы, сарапшылар, Мәжіліс депутаты мен Ұлттық кеңес мүшесі ауыл әкімін сайлаудың кереметі мен сайлау барысында қандай қиындық болуы мүмкін екенін айтты. Сюжет соңында Арасан ауылын тағы бір атап, Қазақстанда мұндай ауыл көп екенін, сайланған ауыл әкімдері мен ауыл тұрғындары атсалысса, мәселелері шешілетінін айтып түйіндеді.
Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы қуаңшылықты, жем-шөп таусылып, бағасы өсіп, мал аштан қырылып жатқанын баяндайтын сюжет кадрлары жағдай қаншалық ауыр екенін анық көрсетеді. Apta редакциясы бұл тақырыпқа апта аралатып оралып жүр. Бұл жолы жағдай осылай өрбитіні неге алдын ала болжанбай, қам-қарекет жасалмағанына назар аударды. Шаруалар, экологтар мен ғалымдар сөйледі, бірақ негізгі жауапты мекемелер — Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктен түсініктеме болмады. Көтерген тақырыбы өзекті, бірақ көпке мәлім жайтты қайталап көрсеткен сюжет.
Креатив экономика дегеніміз не және мемлекетке қандай пайдасы бар? Осы сауалдың жауабын іздеген сюжет шетел тәжірибесінен мысал келтіріп, Қазақстанда сондай индустрияны дамыту мүмкіндігін талдайды. Креатив индустрияны дамыту жөніндегі жоба кеңсесі басшысының, продюсерлердің, музыкатанушының, тиктокер мен дизайнердің пікірін сұрайды. Олар Қазақстанда бұл өнеркәсіпті қалай дамытуға болатынын айтады. Сюжеттен Креативті индустрияны дамыту жөніндегі жоба кеңсесі жұмысын жарнамалау байқалды. Бұл кеңсе президент тапсырмасы бойынша жыл басында ашылған еді. Автор осы мекеменің басшысын жиі-жиі сөйлетіп, жұмысын таныстырды.
Қорытынды бағдарлама COVID-19, коронавирус пневмониясы және вакцинация статистикасын баяндап, шетелдегі тілшілерге сөз берді. Телеарнаның Ресей, Бельгия, Түркиядағы тілшілері стендапта сол елдегі вакцинация барысын, жергілікті үкімет халықты вакцина алуға қалай ынталандырып жатқанын айтып берді.
Шілденің бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күні. Бұған арналған сюжеттің стендапы тартымды. Тілші компьютер алдында домбыра ұстап отырып, Сәкен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін орындады.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. Қорытынды бағдарламалардың редакциясы жазғы демалысқа шығуына байланысты жаңа телемаусымда ораламыз.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.