Мен сонша балаң оқырман не көрермен емеспін: артымда Жаңаөзен, Арқанкерген, Арыс драмалары бар. Ол оқиғалардың егжей-тегжейіне ақыры көз жеткен жоқ, бірақ Қаңтар қырғынына сәуле түседі деп үміттендім. Cебебі, былтырғы қарашада президент сайлауында жеңіске жеткен үміткердің «Жаңа Қазақстанында» әділдік туралы сөз көп болатын.
Қаңтар қырғынының бір жылдығына билік те, блогерлер де қатты дайындалды. Билік әдеттегідей белсенділерге аңду қойып, тіпті тұтқындауға көшсе, блогерлер мен еркін журналистердің трендке түспек ойы болғаны туралы тек тұспалдай аламын. Сөйтіп, осы күндері аталмыш тақырыптағы видеоконтент қаулады.
Мемлекеттік ақпарат тарататын флагмандардың бірі – Qazaqstan ұлттық арнасы Қаңтар қырғынының жылдығына «Қаралы қаңтар» деректі фильмін ұсынған.
Фильм Қазақстан президентінің твиттердегі жазбалары мен түрлі мінберлердегі мәлімдемелерінен түзілген. Басты сауал ретінде «қаңтарда не болды?» деген сұрақ алынған. Қоғамды дүрліктірген «халыққа оқ атқандар – кімдер?» деген сұраққа жауап болмады. Небәрі бір жыл өткен әрі ел арасында тарап кеткен әуесқой видеолардан құралған фильмде ізденген көрермен үшін жаңа дерек жоқ. Тек полиция өкілінің: «121 адамға қатысты 179 іс жүріп жатыр» дегенінен, құзыреттілер қаза болғандар үшін кінәлілерді әлі де іздейді деп топшылауға болады. Фильмнің қыршындарға қатысты жері осы ғана. Ал жазушы Дулат Исабековтың әлі соты болмаған Мәсімовтің бейнесімен сүйемелденген әңгімесінен «кім кінәлі?» деген сұраққа жауап авторларға белгілі сияқты көрінді. Фильмде адвокат Абзал Құспанның қырғынға «құқықтық баға берілмегені» және жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «ашық әңгіме айтылмады» деген сөздері бар. Фильмнің бар тұздығы – республикалық билік арнасы үшін біршама батыл осы тұжырымдар деуге болады. Сосын, республикалық арнаға «шал, кет!» деп ұрандатқандардың кадры шығуы да соны көрінді.
«Азаттық» ұсынған «Қаңтар ұйымдастырылған ба?» деген арнайы хабарының беташар сюжеті 1 жылдан бері бірінші орында тұрған – «оқ атқан кімдер?» деген сауалдың үстінен дөп түседі.
Жазықсыз қыршындардың жиынтық образына айналған марқұм сәби Айкөркем Мелдеханның қазасын тергеу нәтижесі – «билік бейтарап тергеу жүргізуге мүдделі ме, жоқ па?» деген сұраққа нақты жауабын беріпті: жоқ. Арнайы хабарда елдің оқиғаға қатысы бар барлық аумағының қамтылуы ұтқыр шешім. Қаңтар драмасының жекелеген мекендерге емес, бүкіл елге қалай әсер еткенінің бейнесі қалыптасқан. Ал қаза болғандар мен мертіккендердің туысқандарынан тіл алуды журналистікпен қоса, гуманистік қарекет болды деуден басқа лаж жоқ.
Еркін журналист Динара Егеубаеваның «Қаңтар. Что это было?» деген сұхбаттар топтамасы Қаңтар қырғынының жылдығына «мылтықтың басуы» болды.
Топтаманың ең көп қаралған видеосы – ресейлік gulagu.net жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкинмен сұхбат көрерменге көп нәрсе күттіреді. Алайда әңгіме тек конспирологиялық тұспалдар айналасында өрбіген. Фактографиялық мәліметтер жоқ. Ресей билігінің арнайы қызметтер арқылы exUSSR елдеріне қанат жайғаны, қасақана акциялар ұйымдастыратыны орыс тілді медиада үйреншікті әңгіме болып кеткен. Дегенмен, Динара Егеубаеваның «Қаңтар. Что это было?» топтамасының көрермен үшін өз орны бар. Бұл топтама – Қаңтар қырғынына әсіресе, құқықтық баға беру жолында қажырлы еңбек.
«Хабар» агенттігінің «Қаңтар оқиғасы: дерек пен дәйек» деректі фильмінде әлдебір деректер бар, бірақ дәйектер көрмедім.
Қаңтар қырғыны тек бұзақылар мен меморгандардың текетіресі ретінде көрсетілген. Басқа ешкімге, ешнәрсеге орын жоқ. Оқиғаға триггер болды деп есептелетін Маңғыстаудан бастап, соңғы минуттарға дейінгі сюжеттер тек тонау мен шабуыл, ұрлық-қарлық айналасында өрбіген. Қаза болғандар жөнінде бір ауыз сөз ғана айтылды. Фильмде қаңтар оқиғасының қылмыстық қана емес, әлеуметтік-саяси алғышарттары болуы мүмкін екені туралы тұспал да жоқ. Әрине, белгілі тақырыптық шектеуі бар билік арнасынан анау айтқандай айқындық күту томпақтау. Бірақ журналистік минимум ретінде қанды оқиғаның әлеуметтік-саяси астарын қамту керек.
Қаңтар қырғынының жылдығына дайындалған фильмдер мен басқа да видеоконтент кезекті рет ресмиеттің қасаң ақпараттық саясатына дәлел болды. Журналистер сүйенетін, зерттеулеріне баспалдақ болатын мәліметтер мардымсыз. Ал сауал барған сайын көбейіп бара жатыр. Оқиға кезінде қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы Назарбаевтың рөлі қандай болды? Тоқаев төраға болған соң, оның өкілеті тоқтады ма? Газдың күрт қымбаттау механизмі неге ашылмады? Газдың түпкі бенефициарларынан жауап алына ма, жоқ па? «Ескертусіз оқ ату» туралы бұйрықты күштік құрылымдар қалай орындауы керек еді: айна-қатесіз бе, әлде ахуалға қарай ма? Жақсы, бұл сұрақтарды әуестік дей салайық.
Онда, 238 адамның қазасы ше? Олардың бірсыпырасы қылмыскер деп танылды. Ол соттың шешімі ме, әлде тергеушілердің баяндамасы негізінде ғана ма? Ақыр аяғы, жазықсыз қаза болғандардың туыстарынан мемлекет тарапынан кешірім сұрау сонша қорлық па?
Мақала қатталып жатқанда, Петропавлда бір жастағы балаға 35 млн теңгенің «Спинраза» препараты егілгені туралы жаңалық шықты. Республикалық бюджет есебінен осынша қаражат бөліп, мемлекет баланы аман алып қалуға барын салды. Бұл хабардың жылы тигені сонша, бір сәт Қаңтар қырғынындай оқиғада адамы дерексіз кететін елміз деп ойламайсың.