ДомойМедиасынҚазақстанның медиа кеңістігі: биылдың басты оқиғаларына шолу

Қазақстанның медиа кеңістігі: биылдың басты оқиғаларына шолу

Қазақстанның медиа кеңістігі: биылдың басты оқиғаларына шолу

2022 жыл Қазақстан тарихында сөзсіз қалады. Олай дейтініміз, түрлі оқиға мен өзгеріске толы жыл болды. Соның ішінде, медиа саласында да есте қалатын оқиға аз болған жоқ. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр жыл қорытындысын жасады.

Қанды қаңтар: БАҚ-қа жасалған қысым

Жаңа жыл ауыр басталды. Бастапқыда жаңаөзендіктер газдың қымбаттағанына наразылық білдірді. Кейіннен билікке көңілі толмағандар қарасы көбейіп, мұндай көтеріліс өзге облыстарда да басталды. Салдарынан интернет бұғатталып, Қазақстан халқы байланыссыз қалды. Ақпаратқа «аш» халық жақындарымен хабарласа алмай бір, нақты ақпарат ала алмай екі қиналды. Ел арасында «қанды қаңтар» деген атау алған оқиғаның журналистерге тигізген әсеріне тоқталайық. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры жасаған мониториң нәтижесінде 41 БАҚ қызметкеріне қысым жасалған. Журналистерге кәсіби қызметін атқаруға кедергі жасаған жағдайлар да бар. Оралда Лұқпан Ахмедияровты тұтқынға алды. Ол халықты айтаққа ермеуге шақырған еді. ШҚО-да – Дарын Нұрсапар, Көкшетауда Бақыт Смағұл да осылай ұсталған. Нәтижесінде барлығына рұқсат етілмеген митиңге қатысқаны үшін айыппұл салынды. Ақтөбелік Ардақ Ерубаеваны да үйінен алып кетіп, сұрақ астына алған. 6 қаңтарда алматылық телеарнаның түсірілім тобы оқиға орнына бара жатқан тұста атыс басталып, салдарынан көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев қаза тапты. Жалпы алғанда 9-28 қаңтар аралығында «Әділ сөзге» 12 журналист пен блогер хабарласып, қарсылық акциясына байланысты полиция бөлімшесіне шақырып жатқанын айтқан. Мұның бәрі – Қазақстандағы БАҚ-тың кәсіби қызметін атқаруға жасалған кедергі, сөз бостандығына қысым. Жергілікті медиада байқалған тағы бір тенденция – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты мемлекеттік БАҚ-та баяу естіле бастағаны, тіпті айтылмады десе болады. Қаңтар кезінде тұңғыш президентті халқы таппай қалды. 18 қаңтарда Тоқаевтың жанында болуға шақырды да, жоқ болды. Бұл кезеңдегі оқиғалар жайлы ол араға айлар салып қана айтты. Ол туралы сәл кейінірек.

Ақпан: Эдьютон-2022 және Украинадағы соғыс

Айдың басында медиасауат бойынша дәстүрлі MediaCAMP Эдьютон-2022 үшінші инновациялық семинары өтті. Бес күнге созылған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты. Биылғы семинардың басты ұраны – «Медиасауат: кино, жарнама, ойындар». Семинарға Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан 30 адам қатысты. Іріктеу байқауына барлығы 149 өтініш, соның ішінде Қазақстаннан – 67, Тәжікстаннан – 45, Өзбекстаннан 35 өтініш келіп түскен. Семинар соңында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанда медиасауат жобалары қорғалды. Менторларының жетекшілігімен ойластырылған жұмыстар ішінде ең үздік шыққан 15 қатысушы анықталып, оларға қаржылай қолдау жасалды. Қазақстанда Ольга Малышева және Лариса Нода (бірлескен жоба), Гүлнар Әбікеева, Дәурен Бақберген, Светлана Раздоба, Сергей Ляшенко жеңіске жетті. Тәжікстанда Мукима Абдуфатоева, Ильхома Хошимов, Зохира Шомусалламова, Ильхома Джамолиена, Усмона Ниёзова жеңімпаз атанды. Эдьютон семинары 2020 жылдан бастап АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландырып, Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өткізіліп келеді.

Ақпандағы айтарлықтай есте қалған оқиға – Ресейдің Украинаға басып кіруі. Мұның мән-жайына тоқталмай-ақ, қазақстандық БАҚ бұл тақырыпты қалай бергенін шолып шығайық. 24 ақпанда екі ел арасындағы соғыс туралы барлығы жарысы жаза бастады. Дегенмен соғыс деп атаудан барынша қашқалақтағандары да болды. Мемлекеттік тапсырыс алатын БАҚ билікке бағынатыны белгілі. Сондықтан соғыс деп тіке айтуға батпаған. Мысалы «Хабар» редакциясы мен zakon.kz порталы «Украиндағы жағдай» деген секілді хештегтер қолданған. Кейбірі «арнайы операция» деп те жазды. Десек те, барды бар деп көрсеткендер аз болған жоқ. Соның ішінде, «Азаттық» пен «Власть» ашық ақпарат таратты. Қазақстандықтар Украина халқына гуманитарлық көмек жолдағаны жайлы ақпарат көп жазылды. Оны жарияламаған бірен-саран медиа ғана бар. Оның өзі – «Россия сегодня» агенттігіне тиесілі «Риа новости» мен Sputnik. Ал дереккөз көрсетуге келсек, ресейлік те, украиналық та БАҚ-қа сілтегендер болды. Әйтсе де, еліміздегі ең ауқымды аудиториясы бар Tengrinews Ресейге басымдық бергендей сезілді. Украиндағы соғысқа қатысты жедел ақпарат таратуда Paranoia.kz телеграм арнасы көп үлес қосты. Саясаттанушы Асхат Қасенғалиға тиесілі канал әлі күнге дейін белсенді ақпарат таратып отыр, 9 мыңнан астам оқырманы бар.

Наурыз: 14 жылдан кейін табылған бейіт

2007 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық тақырыбын зерттеуші Оралғайша Омаршанова [шығармашылық псевдонимі – Оралғайша Жабағтайқызы] із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Ол бірнеше қылмыстық істі зерттеу үшін Қарағанды, Жезқазған, Алматы және Астанаға барған. Сол жолда оны әлдекімдердің қорқытқанын хабарлаған. Араға 14 жыл салып, журналистің қай жерде жерленгені белгілі болды. Бұл туралы наурызда «Время» жазды. Осы аралықты бұл жұмбақ оқиғаға қатысты түрлі болжам айтылған. Шешімі енді табылды. Қылмыс әлемінің серкесі аталған Серік Жаманаев (лақап аты – Серік Голова ред.) өлтіргенін мойындап, сүйегі қайда жатқанын 2021 жылдың шілдесінде тергеу эксперименті кезінде көрсеткен. Сөйтіп тиісті экспертизалар жасалып, нақтыланды. Журналист көзі тірі болса, биыл 56-ға толар еді.

Сәуір: сезікті бірінші секіреді

Айдың басында Роскомнадзор РФ Бас прокуратурасының талабымен Newtimes.kz редакциясына шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуын шектеуге шақырады. Мұны талап деген дұрысырақ еді. Өйткені хат мәтіні сондай сарында. Өшірмесе, Ресей аумағында бұғатталады деп «қорқытқаны» тағы бар. Артынша ұжым Ресейдің айтқанын істеп, жаңалықты өшірді. Олардың айтуынша, ресейлік оқырманнан айырылып қалмас үшін осылай істеуге мәжбүр болған. Кейіннен мұндай талап саны артты. «Власть» редакциясынан зымыранмен атқылау туралы және қаза тапқан бейбіт тұрғындар санына қатысты материалды өшіруін талап етеді. Бірақ редакция ұстанымынан тайқымады. Украинадағы жағдайды жазған Arbat Media ұжымына да осындай ескерту келді. Ratel порталына келіп түскен талапқа редакция «Енді ресейліктердің бізге не жазу керегін нұсқағаны қалып еді» деп реакция білдірген еді.

Мамыр: сөз бостандығына қатысты рейтиң және Назарбаевтың сұхбаты

Қазақстан «Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде» 180 елдің ішінде 122-орынға ие болды. Биыл жағдай салыстырмалы түрде жақсара түскен. Өйткені былтырғы рейтиңде 155-орында болған еді. Дегенмен қуануға әлі ерте. Өйткені көрсеткіш көтерілгенімен, баспасөз бостандығы әлі төмен. «Респрессиялық реформалар Қазақстанның медиаландшафтын құртты» дейді «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының сарапшылары. Өйткені журналистерге ақпарат алуда шектеу жасалады, Үкіметтегі брифиңдерде емін-еркін сұрақ қоя алмайды. Халық та БАҚ-тан гөрі блогерлер мен аноним хабарламаларға көбірек сенеді деседі. Әрі мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ұжымдар биліктің ыңғайына жығылады.
Айдың соңында зейнетке шыққалы тып-типыл жүрген экс-президент саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа сұхбат берді. Сөйлейін десе, бүкіл арна мен газет қол астында болса да, заманауи тәсілді таңдады ма – телеграм-каналға жариялауды жөн көріпті. Сұхбатта қаңтар қырғыны жайлы: «Бұл оқиға баршамызға сабақ болды. Мұның артында кім тұрғанын анықтау керек» деді. Сондай-ақ, «туыстарының ішінде заңды белшесінен басқан біреу болса, ол жауапқа тартылуы керек» деген ой айтты.

Маусым: БАҚ туралы заң және медиасауат туралы тұңғыш мюзикл

ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі «БАҚ туралы» жаңа заң жасау бойынша жұмыстың аңдатпасын жариялады. Ішіндегі кей тұстары журналистерге жақпады. Мысалы, блогерлерге құқықтық статус беру, журналистерге мемлекеттік аккредитация беру, журналист этикасының кодексі, Ұлттық БАҚ туралы.

Алматыда ArtKöshe деп аталатын тәуелсіз театр ашылды. Ұжым Internews Kazakhstan қолдауымен Sen атты мюзиклін көрермен назарына ұсынды. Қойылым медиасауат жайын қозғайды. Қазақстанда 2021 жылы 40 мыңнан астам адам интернет арқылы алаяққа алданған. БАҚ-та «Қаржы пирамидасы» жайлы да көп жазылады. Одан қала берді «Алло! Сәлеметсіз бе! Мен банк қызметкері едім, шотыңызда күмәнді операциялар болып жатыр, маған банк картаңыздың деректерін айтыңыз». Мюзиклде осындай таныс тақырыптарды кездестіруге болады. Көпшілікке етене таныс оқиғалар болғандықтан, көрермен көңілінен шықты.

Шілде: ақталған Матаевтар мен ұсталған Абжанов

3 шілдеде журналист Махамбет Абжановты Антикор ұстап әкетті. Олардың ресми хабарламасында былай делінген: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер таратамын деген қоқан-лоққы көрсетіп, кәсіпкерлерден аса ірі көлемде ақша бопсалаған азамат М. Абжанның қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Осы жылдың 3 шілдесінде жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде Абжан 50 миллион теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды». Ұсталар алдында ол өзінің Abzhan News телеграм-арнасында Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастинің иелігінде болуы мүмкін активтері туралы ақпарат жариялаған еді. Антикордың тергеу аяқталмай жатып пресс-релизде «қылмыстық іспен айналысты» деп көрсеткенін «Әділ сөз» ұйымы сынға алды. Ал Абжановтың қорғаушысы Бауыржан Азанов болса, бұл істі негізі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет емес, ішкі істер органы қарауы керек дейді. Сол уақыттан бері журналист әлі қамауда.

Шілдеде біреу қамауға алынып жатса, енді бірі ақталып шығып жатты. 2016 жылы «қаржы жымқырды», «салықтан жалтарды» деген айыппен Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев пен оны ұлы, КазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты алты және бес жылға сотталған еді. Ал 19 шілде күні Қазақстанның Жоғарғы соты оларды толық ақтап щығарды.

Тамыз: аяулы Манана Асламязанмен қоштасу

Жаздың соңымен ғана емес, биыл әлемнің мыңдаған журналисіне жол көрсетіп, ұстаз болған Манана Асламязанмен де қоштасуға тура келді. Айтуға ауыз бармаса да, ардақты әріптесімізден айырылдық. Орталық Азияға есімі сонау 90-жылдардан бері таныс. Ресейде Internews қорын басқарған. Баршамыздың жадымызда ашық-жарқын жүзді, кәсіби білікті және мейірімді кейіппен есте қалды.

Қыркүйек: REVIVE жобасы

Елде, аймақты және әлемде болып жатқан оқиғалар мен олардың қоғамға қалай әсер ететінін баяндайтын сапалы контент жасаушыларды қолдау мақсатында Орталық Азия аумағында жаңа жоба қолға алынды. REVIVE (ағыл.Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік) бағдарламасы – Еуропалық одақтың қаржыландыруымен қолға алынған жоба. Мақсаты – журналистер мен контент жасаушыларға сапалы контент өндіруге ат салысу, көпшілікке таныстыру және тарату. Сонымен қатар аймақаралық ортақ жобалардың көбеюіне септесу.

Қазан: БАҚ-қа шабуыл және MediaCAMP

Бұл айда MediaCAMP Fest өтті. Журналистерге арналған MediaCAMP Awards IV аймақтық байқауының көптен күткен қорытындысы белгілі болды. Биыл 821 өтініш келіп түскен. Бұл – фестиваль өткен төрт жылдағы рекорд көрсеткіш. Финалға бес негізгі номинация бойынша 74 автор және Орталық Азиядан 20 фотограф, иллюстратор және карикатурашы шықты. Қазақстандық жеңімпаздарға тоқталып өтейік. «Уақыт тынысы» номинациясы бойынша 2-орынды – Думан Терлікбаевтың  ‎«Өз көзімізбен»‎: қазақстандық банктер мүгедектерге қаншалықты ыңғайлы?» зерттеуі, Factcheck.kz, «Жеңімпаздар уақыты» уақыты аталымында 2-орынды – Алина Ерофееваның «История Ольги» лоңриді, Manshuq.com, «Жасампаздар уақыты» номинациясында 1-орынды – Әйгерім Фазылдың «В костанайской степи есть уникальная ферма. Многие мечтают там работать» мақаласы, Tengrinews.kz, «Жыл тақырыбы. Жаңа уақыт» номинациясында 1-орынды Кирилл Каргаполовтың «Куртка пропиталась кровью»: как алматинец вывозил погибших и раненых c площади» мақаласы, The Village Казахстан, «Уақыт көрінісі» фотономинациясында 1-орынды Сандуғаш Дүйсенова «Конец эпохи» фотосуретімен жеңіп алды. Сондай-ақ, Руслан Жұбаныш пен Құндыз Мәжитке XYZ: [generation gäp] жұмысы үшін, экстремал жағдайда жұмыс істеген Orda.kz редакциясына «Полицейский произвол: как журналисты Orda.kz получили ранения и приводы в полицию» материалы үшін арнайы сыйлық тағайындалды.

Қазанда екі БАҚ-қа қысым жасалды. Атап айтқанда, Elmedia ұжымы орналасқан ғимараттың әйнек есігін шағып, қызыл бояумен кімге бағытталған шабуыл екенін жазып кеткен. Одан кейін тағы бір рет терезесін сындырған. «Әлі талай жоспарымыз бар» деп Андрей есімде біреу хат жолдаған. Жоба басшысы Гүлжан Ерғалиеваға көрсетуін сұрап, жіп пен сабынның суретін жіберген. Бұған дейін сайтқа жаппай DDoS шабуыл жасалған еді. Тіпті Ерғалиеваның телефон нөмірін жыныстық қызмет көрсететін сайттарға көрсетіп, жұмысына кедергі жасалды. DdoS шабуылға ұшырағандар ішінде КазТАГ пен Orda.kz бар. Соңғысына белгісіз біреулер «сыйлыққа» шошқаның басын жібергені бар.

Қараша: журналисті өлтірмек болғандарға қатысты үкім шықты

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты республикалық «Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берді деп айып тағылған Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің (бұрынғы білім бөлімі – ред.) экс-басшысы Бауыржан Майриховты 11 жыл 3 айға, оның сыбайластары Сабыржан Молдаходжаевты – 11 жылға, Әбдухамит Қуандықовты – 13 жылға, Мейіржан Досболаев пен Нұрғали Қыдырәлиевті 12 жылға бас бостандығынан айырып, түрмеге жапты. Сот Майрихов пен Молдаходжаев – Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен, Қуандықов пен Досболов – «Адам өлтіру», «Қаруды заңсыз жасау» (288-бап), «Қазуды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы (287-бап), Қыдырәлиев «Адам өлтіру» және «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен кінәлі деп тапты.

Желтоқсан: Козачков ұсталды, СТВ жабылады

18 желтоқсанда қаржы мониторинг агенттігі журналист, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Михаил Козачковтың ұсталғанын хабарлады. Ол Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікке ілінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев «рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген». Козачков сол үшін «қылмыстық топ мүшелерінен» 52 млн теңге (110 мың доллар) сыйақы алған деп айтылады. Козачков пен оның жұбайының адвокаттарын тергеу әрекетіне қорғалушыларының пәтеріне тінту жүргізгенде кіргізбеген еді. Осылайша журналистің қорғану құқығын бұзды. Бұл факт басқа процедуралық заң бұзушылықтар сияқты, БАҚ, құқық қорғаушылар мен қоғам қайраткерлерінің назарын аударды.Бұған жауап ретінде ҚМА тергеуші адвокаттарды тінту жүргізілген пәтерге «дәлелдердің жоғалмауы және бұрмалану болмау үшін» кіргізбеуге құқылы екенін мәлімдеді. 20 желтоқсанда журналист екі айға қамауға алынды.

1 қаңтардан бастап СТВ телеарнасы медиа кеңістіктен толық кетеді. 15 желтоқсанда арна қызметкерлеріне «Алаш Медиа Групп» холдингі қаржыландыруды тоқтататынын айтқан. Канал жабылады. Қазір штатта 50-ге жуық адам бар. Барлығы заңға сәйкес жұмыстан шығарылады. Арнаның рейтиңі төмен әрі болашағы жоқ болғандықтан осындай шешім қабылданған. Бұл туралы СТВ бас директоры Святослав Тарасов мәлімдеген.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР