ДомойМедиасынDope soz һәм тақырып талдаудағы тапқырлық

Dope soz һәм тақырып талдаудағы тапқырлық

Dope soz һәм тақырып талдаудағы тапқырлық

Қазір қазақша подкастың қарасы көбейіп келеді. Мұны жағымды тенденция деуге болады. Қонақтары, сәйкесінше, айтылатын ойлары қайталанады демесек, бұған қуануымыз керек. Бұған дейін сұхбат журналистикаға ғана тән секілді көрінген. Ал подкастардың жарыққа шыққаны жанр ауқымын ұлғайтып, әркімнің-ақ таласы барын көрсетті. Тіпті кейіпкерді сөйлетуде, тақырыпты терең талдауда кәсіби тілшіден асып түсетіндері де бар. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр сондай подкастардың бірі – Dope soz жобасына шолу жасады.

Подкасты Жомарт Аралбайұлы мен Арсен Түсіпбек жүргізеді. Еш тизерсіз, бірден қонақпен әңгіме бастап кетеді. Бірнеше күн бұрын 59-шығарылымы жарық көрді. Ең көп қаралым – 200 мыңға жуық. Хайп тақырыптарды көтере бермейтінін ескерсек, бұл көрсеткішті жақсы деп бағалауға әбден болады. Әрине, Youtube-те сұхбат жүргізіп, Болат Назарбаевтың тоқалына «Ғабидолла төсекте қалай екен?» деген анайы сұрақ қойып, бірнеше тәулікте миллион қаралым жинаған көрсеткішке жете қоймады. Бірақ подкастерлердің сапаға басымдық беретіні мақтауға тұрарлық.

Dope Soz каналынан скриншот

Арсен мен Жомартқа қонақ болғандар қатарында Ғалым Жүсіпбек, Дархан Әбдік, Айгерім Төреқұлова, Ғалымжан Жақиянов, Зира Наурызбаевалар бар. Қозғалатын тақырыптары салмақты. Көбіне деколонизация, қоғам құндылықтары, жаңа Қазақстан, қазақ тарихы туралы әңгіме өрбиді. Бұл материалда подкаст жүргізушілерін емес (өйткені олар журналист емес), медиа мамандарға сұхбат алғанда не жетіспейтінін бір подкаст мысалында көрсеткіміз келді. Журналистика факультетінде жанр ретінде интервью тақырыбы оқытылады. Кез келген редакцияда сұхбатқа қатысты жазылмаған, бірақ көпшілік ұстанатын стандарт бар және оның ұшар биігінде журналистің сұрақ қоя білу қабілеті мен дайындығы тұрады. Дайындық дегенде қазір журналистер грим мен мейкапты алға шығарып жібереді. Одан да маңыздысы – ішкі дайындық, тақырыпқа қатысты ой саралау. Бұл кейіпкерді ашу үшін керек.

Dope soz подкастының тақырыпты терең талдайтыны, көрерменді сыни ойлауға шақыратыны ерекше қуантады. Әсіресе, жүргізушілердің көп оқитынын, ізденетінін атап өту керек. Онысы келген қонақтармен әңгіме барысында көрініп тұрады. Жалпы  жүргізушінің IQ деңгейі маңызды. Мысалы Бекболат Тілеуханды шақырып, қонағының тізіп шыққан кітаптарының ешқайсын оқымаған Нартай Аралбайұлының сұхбатын еске түсіріп көрелік. Әрине, әр келген қонақтың оқығанын оқып тауысу мүмкін емес. Бірақ бұл жерде интеллектуал таным көкжиегі кең болуы керек дегенді меңзеп отырмыз. Подкаст жүргізушілері кейде екеуара отырып, пікір таласады. «Окно Овертона, Аватар 2, демала білу» деген шығарылым – солардың бірі.

Жүргізушілер кейінгі уақытта оқыған, көргенін талқылайды. Бұл бір жағы олардың өмір салты болса, екінші жағынан подкаст кезінде әлдебір тақырыпты кеңірек ашуға, сұрақтардың туындауына жағымды әсер береді. Әсіресе, тарихта болған оқиғалар, сол кездегі қоғам жайлы әңгіме бола қалса, Арсен мен Жомарт Нартай секілді үнсіз қалмайды.

Неге ток-шоу көп, сұхбат аз? Соның ішінде, салмақты тақырыпқа жасалатын сұхбат түріндегі бағдарлама тіптен саусақпен санарлық. Мұндайда «аудиторияға өтпейді», «көрермен тарапынан қызығушылық жоқ» деген сылтау естиміз. Дегенмен бір оқпен екі қоян атуға болатын мұндай мүмкіндікті телевизия мамандары көбірек қолдануы керек деп есептейміз: телеарнаға әрі подкаст платформаларына контент. Кейінгі кездегі подкаст тыңдау трендін бағатын болсақ, бұл – жүзеге асыруға болатын идея.  Неге түрлі форматқа сынақ жасап көрмеске? Әйтпесе, қазір телеарналардағы сұхбат  айналасы бірнеше минутқа созылып, бір кейіпкерге 1-2 сұрақ қоюмен шектеледі. Мысалы, өзекті мәселелерді талдайтын «1001 түн» бағдарламасы бар. Ішінде сұхбат бар. Бірақ толыққанды дүние болғаны жақсырақ. Жүргізуші Әйгерім Сейфолла кезінде танымал тұлғалармен жап-жақсы сұхбат құратын.

Қорытындылай келе, көрермен һәм тыңдармағанға Dope soz подкасын тыңдауға кеңес береміз. Әжептәуір «әскері» де қалыптасып қалған. Оны подкаст астына жазылған пікірлерден көруге болады. Асыға күтетін, тағы кімді көргісі келетінін ниет-тілек түрінде білдіретіні жүргізушілер мен тыңдарман арасында берік байланыс орнағанын көрсетеді. Сапа жағынан да көңілден шығады. Алда әлі талай қызық кейіпкерлермен сұхбат құрып, қуантады деп үміттенеміз.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР