ДомойМедиасынҚХА сессиясы, Мәсімовке үкім, «ӨзенМұнайГаз» дауы: 24-30 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

ҚХА сессиясы, Мәсімовке үкім, «ӨзенМұнайГаз» дауы: 24-30 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

ҚХА сессиясы, Мәсімовке үкім, «ӨзенМұнайГаз» дауы: 24-30 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтті, апталық бағдарламалардың басты тақырыбы президент қатысқан осы жиын туралы болды. Сараптамалық хабарлар Кәрім Мәсімов пен Серік Күдебаевқа үкім шыққаны туралы жаңалықты да жарыса таратты. «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жүргізілген тексеру нәтижесі де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», Хабар

Қазақстан халқы ассамблеясының отырысы өткен, сәуірдің соңғы аптасындағы басты тақырып – осы жиын. Өйткені оған Мемлекет басшысы қатысты.

«Жеті күн» алғашқы сюжетінде «ассамблея керек жоқ» деген пікірге қатысты президенттің айтқан уәжін негізге алды. Қ.Тоқаевтың этносаралық алауыздықты болдырмау туралы сөзінен үзінді берді. Қазақстанның көп ұлт өкілдері тұратын мемлекет екеніне басымдық беретін синхрондар мен сарапшылар пікірі бар. Хаттамалық сюжет.

Өткен аптада ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа үкім шыққаны туралы ақпарат берді. Бас прокуратура ресми өкілінің Күдебаев үкіміне қатысты түсініктемесі бар.

Индира Жылқайдарова депутат Ермұрат Бапидің өткен аптада Әділет министрлігіне жасаған депутаттық сауалы негізінде сюжет әзірледі. «Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде заң жобасын тез арада қабылдау қажет» дейді депутат. Тілші шетке кеткен қаржы көлемі, аударған жандардың аты ашық айтылмайтынына назар аударды. Сюжетте бірнеше фамилия аталды. Журналист сарапшыларды сөйлете отырып, активтерлі елге әкелудің оңай болмайтынын жеткізді. Сюжетте дереккөзі белгісіз, титры орысша жылжымайтын мүліктердің суреті бірнеше рет жарияланды. Тілші тереңірек ізденсе, аты аталған Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың шетелдегі активтері туралы ақпаратты зерттесе, сюжет анағұрлым маңызды болар еді. Ашық дереккөздерді пайдалану арқылы түрлі мәлімет табуға болады, оның үстіне мемлекеттен қаржы алатын телеарна зерттеу журналистикасына үлес қосса, артық болмас.

Айта кету керек, «Жеті күннің» шығармашылық ұжымы ұсынатын эксклюзив тақырыптар аз. Келесі ақпарат «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жүргізілген тексеру турасында болды. «ҚазМұнайГаз» құрылымына кіретін компания тексеріліп, бірқатар заңбұзушылық анықталғаны туралы ақпарат өткен аптада тарады. Жаңа дерегі жоқ ескі ақпаратты көрерменге ұсыну, эфир уақытын ұрлаумен тең.

Жаңаөзен туралы ұзақ толғанған жүргізушінің алғысөзінен соң қаланың жағдайы жайлы сюжет берілді.

Сюжетте тілші Жаңаөзеннің жағдайы нашар дегенімен, «мұнай саласында жүрген ағайынның жағдайы көш жақсы» екенін айтып, олардың 1 млн теңге көлемінде жалақы алатынын атады. «ӨзенМұнайГазға» қарасты мердігерлердің де жалақысы 400-700 мың теңге аралығында екен. Сюжетін осылай бастаған тілші Астанада митиңге шыққан жаңаөзендіктерді билікке жығып бергендей әсер қалдырды. Жергілікті атқарушы билік қаладағы жұмыссыздар аз айлыққа жұмысқа бармайтынын мәлімдеген еді. Президенттің мұнайшы емес жастар IT маман болсын деген мәлімдемесін нақтылай түскісі келгендей тілші жергілікті бағдарлама жасаушы маманмен тілдесіпті. Сондай-ақ, журналист ешбір дереккөзге не статистикаға сүйенбестен, өңірде трайбализм белең алып тұрғанын айтады. Еш дәлелсіз айтылған ақпарат жала жабу болып саналуы ықтимал және ол журналистика этикасын өрескел бұзу.

«Жеті күн» бұл шығарылымында кінәлауға көп көңіл бөлгендей көрінді. Келесі сюжеттің атауы «Жасөсіпірімдер қатыгездігі» деп аталыпты, кінәлап тұрған сипатта.  Әлеуметтік желіде таралған жастардың төбелесі туралы бірнеше видео негізінде жасалған сюжетте балалар арасындағы буллингтің көбейгені айтылды, сарапшылардың бірі оған ата-ананы кінәлайды. Сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталып, мектепте буллинг көрген қыз бен оның анасының жүзі бүркеліп, есімі өзгертілген. Алайда проблема бұдан да терең зерттеуді қажет ететіндей. Әлеуметтік желіге видео таратушылар мен оны бөлісетіндердің жауапкершілігі, медиагигиена мәселесі неге қозғалмады? Әлеуметтік желіде видео таратушылар сол қылмысты насихаттаушы емес пе? Тіпті сюжеттің атауы «Жасөспірімдер қатыгездігі» деп аталмауы тиіс еді.

Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасына көшу мүмкіндігі қандай деген сауалға жауап іздеген сюжет анағұрлым толымды. Түрлі сала мамандары оның артықшылығы мен кемшілігі туралы пікір білдірді.

Sarap Тimes, Astana TV

Бұл бағдарламаның да басты тақырыбы ҚХА сессиясы болғанымен, сюжет қысқалау. Президенттен, жиынның қатысушыларынан пікір алған. Хаттама сюжет болғанымен, «Жеті күн» авторларының материалымен салыстырғанда анағұрлым жинақы, асыра айтып, көбейте жеткізу аз болды.

Такси жүргізушілер мен курьелер салық төлейді. Өткен аптада оның мерзімі жарияланды. Sarap Тimes осы салада еңбек етіп жүргендермен тілдесіпті. Құзырлы мекеме өкілі бұл талаптың орындалу барысын айтты. Елдегі жұмыссыздық статистикасы тым төмен көрсетілетіні туралы депутат Елнұр Бейсембаевтың пікірі бар. Тағы бір қоғам белсендісі бұл салық жұмысшының қалтасына қосымша жүк болатынын айтты.

Sarap Тimes студиясында депутат Ерлан Сайыров сұхбат берді. Ол «Арселор МитталТеміртау» компаниясындағы заңсыздықты айтып, Бас прокурорға сауал жолдаған, сұхбат сол сауалды талқылауға арналды.

Елімізде жаңа туған нәрестені қоқысқа тастау дерегі жиі кездеседі. Алайда нақты статистика жоқ. Сюжетте тілші «баласын тастап кететін «көкек аналар» деп бірнеше рет айтты. Бұлай айдар тағу этикаға қайшы. Ал алғысөзде жүргізуші мұндай жағдайға тек әйелді кінәлау белең алғанын айтып еді. «Аналар үйі» әлеуметтік орталығы бар екені айтылып, ондағы тұрғындар мен бүлдіршіндердің жүзі ашық көрсетіліп, әлеуметтік жауапкершілік сақталмады.

«Есі кірмей жатып, етегі көтерілген қыздар» – жүргізуші Дастан Сейілханұлының бұл сөйлемі де этикаға қайшы. Келесі сюжет «Аналар үйіндегі» жандар жайлы болды. Әлеуметтік жауапкершілік сақталмады – бұл сюжетте де орталықтағы тұрғындар мен бүлдіршіндердің жүзі ашық көрсетілді. Сюжеттің мақсаты – осындай мекеменің бар екенін және оған қандай жағдайда қалғандар келетінін айту болса керек. Бір сюжетте айтылған тақырыптың тағы қайталануына ақпараттық себеп жоқ секілді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шикілігі көп. Депутат Асхат Аймағамбетовтың осыған қатысты жасаған депутаттық сауалы сюжетке себепші болған. МӘМС жүйесіне халықтың көңілі толмайтыны біраз уақыттан бері айтылып жүрген. Сондықтан сюжетте анау айтқандай жаңалық болмады. Журналист тереңірек ізденіп, халық МӘМС аясында неге көп қызмет ала алмайтынын зерттеуі тиіс еді.

Фитнеске баратын әжей туралы сюжет бағдарламаны аяқтады.

Apta, Qazaqstan

Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев ұсталып, 10 жылға сотталды. Сондай-ақ, сот Кәрім Мәсімовке үкім шығарды, ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Apta бұл туралы айтарлықтай еш ақпарат айтпады, арнайы сюжет те болмады. Мәжіліс депутатының пікірі бар.

1 мамыр – Бірлік күні, осы орайда президенттің ҚХА сессиясында этносаралық қарым-қатынас туралы сөйлеген сөзінен үзінді берілді және ҚР төлқұжатын алудан ниетті шетелдік блогер Иван Червинскийдің хикаясы айтылды. Соңғысын неліктен назарға салғаны түсініксіз…

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXXII сессиясына қатысты. ҚХА сессиясының жұмысы туралы хаттамалық сюжет ұсынылды: Тоқаевтың бірнеше цитатасы мен шенеуніктердің пікірі бар.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өткен аптада тікелей эфирде денсаулығы нашарлап кеткен-ді, сол жағдаяттан кейін қайта халық алдына шықты. Apta осы жайтқа және Түркиядағы сайлау науқанына шолу жасады, сюжет ұсынбады.

Джейхан портынан қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы Румынияға жөнелтілді. Apta осы жаңалық және «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев  шараға қатысқаны жайлы сюжетсіз айтып өтті.

Экономист Тұрсынбек Өмірзақпен инфляция, экономикадағы жеке секторлар және тағы басқа мәселелер туралы сұхбат ұсынылды.

Келесі сюжет сот жүйесін реформалау турасында болды. Сот сарапшыларының, институттардың тапшылығы мен осы саладағы басқа да проблемалар айтылып, мүшкіл халі көрсетілді. Өзекті тақырып.

МИБ пен ПИК айырмашылығы не? Келесі сюжеттің сауалы осы. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізген екен, көбі МИБ-ті қолдапты. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 44 мыңнан астам МИБ құрылған. Әйтсе де, оның кемшін тұстары да бар. Елордадағы бір тұрғын үй кешеніндегі МИБ төрағасының хикаясы, шетелдік тәжірибе бар. Қызықты сюжет.

Бас прокуратура «ӨзенМұнайГаз» АҚ тендерлерінің заңдылығы мен ашықтығын тексермек. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаздың» жұмыс тобы компанияға тексеріс жүргізіп, 21 заңбұзушылық анықтады. Жаңа дерек жоқ, ақпараттық сайттарда тараған мәліметтердің жинағы іспеттес. Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов пен басқа да жауапты мамандардың пікірі бар, сюжет болмады.

 

Елімізде 1 шілдеден бастап төрт күндік жұмыс аптасы енгізілмек. Соңғы сюжетте жаңа норманың артықшылығы мен кемшілігі туралы айтылды. Тұрғындардың сауалнамасы бар, көбі төрт күндік жұмыс аптасын қолдаған екен. Сарапшылардың пікірі, шетелдік тәжірибе бар. Толымды сюжет.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» жасөспірімдердің мәселесіне ерекше назар аударды. Кәмелетке толмағандар колониясынан сюжет әзірленген. Алайда сюжеттің басында әлеуметтік желіде кең тараған жасөспірімдер арасындағы бірнеше төбелестің видеосы көрсетілді. Жүзі бұлдыратылған демесеңіз, ондағы жасөспірімдердің әрекеті анық көрінеді. Сюжет кейіпкерлері қандай жағдайда жазасын өтеу мекемесіне түскенін айтады. Мектептерде буллингтің көбейгеніне де назар аударылды.

Жасөсіпімдер проблемасы тағы бір сюжетке арқау болған. Сюжетте үйден қашып, еркіндік аңсайтын, тіпті іздеуде жүретін балалардың проблемасы айтылған. Тілші мамандармен бірге оның себебін іздепті. Балалардан, бірінің әкесінен сұхбат алған. Айта кету керек, екі сюжетте де әлеуметтік жауапкершілік сақталды.

«eGov куәгері» айдарында 1 шілдеден бастап наградталған ана ұғымы енгізілетінін айтып, Еңбек министрі Тамар Дүйсенованың түсініктемесі берілді. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап ЖК арқылы әлеуметтік аударымдар жасап, декреттік төлем алу тәртібі өзгеретіні айтылған.

«Көрпеңе қарай…» аталатын сюжет жиған-тергенін тойға шашатынындарды сынаған сипатта болды. Той жасау үшін керексіз дүниеге шығындалатын жағдайларды сынаған тілші асабаның, той ұйымдастырушысының, тіпті той иесінің пікірін берді. Кей асабаның гонорары 3 млн теңгеге дейін жететінін айтылды.

Әлеуметтік экспериментті дәстүрге айналдырған «Айна» ұжымы қарапайым қағаз қыстырғышты басқа затқа ауыстырудан бастап, зат алмастырып зәулім үй алған канадалықтың оқиғасын қайталап көрді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР