Домой Блог Страница 11

Республика күні, Тоқаев сапары, қымбатшылық: 17-23 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы және Жетісу облыстарына сапарына арналды. Әр өңірге жеке-жеке сюжет арнап, аймақтағы проблемаларды көтерді, тұрғындар мен сарапшыларды сөйлетті. Бұдан бөлек, 13 жылдан кейін қайта оралған Республика күні мен айтулы датаның тарихы туралы көбіне танымдық материалдар ұсынылды. Бір қызығы, Егемендік декларациясы туралы сөз қозғағанда елбасы есімі аталмайтын болыпты. 20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталғаны және талапқа сай келген үміткерлер де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бұл жолы жарты сағатқа жуық уақытқа ғана созылды, әдетте эфирде 40 минуттай жүретін. Оның алғашқы төрт минутын жүргізуші Жігер Сәрсен алғысөзге арнады. Ол Ақордада марапаттау салтанаты өткенін, тіркелген кандидаттар есімін, президенттің Қонаевқа сапарын баяндап берді.

Cодан кейін президенттің Қонаев қаласына сапары жайлы сюжетке кезек берілді. Мемлекет басшысы айтқан өңірді дамытудың алты бағытын жүзеге асыру жолдары туралы облыстық әкімдік өкілі сөйлеп, тұрғындар уәжін айтты. Президент сөзінен үзінді де келтірді. Сапардың барысын баяндаудан гөрі, облыстың даму бағытына көбірек назар аударылды.

Президент Жетісу облысына сапары кезінде халықтың несие көлемі ұлғайғанын айтып, осы мәселеге қатысты ұсыныс жариялайтынын мәлімдеген еді. Жігер Сәрсеннің айтуынша, Тоқаевтың қандай ұсыныс айтатынын ешкім білмейді, тіпті «осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан сарапшылар да болжай алмай отыр». Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанында эфирде Тоқаевқа қатысты ашық пропаганданың болмағаны жөн.

«Жеті күн» елдегі тұтыншылық несие портфелі ұлғайғанын айтып, сарапшыны сөйлетті. Осыдан соң президенттің Жетісу облысына сапары туралы хаттама сюжет басталды.

Республика күнінің 13 жылдан кейін қайта тойлануы туралы сюжет әзірленді. Егемендік Декларациясын қабылдау кезінде куә болған жандар естелік айтып, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтен, тарихшылар мен тұрғындардан пікір сұрады.

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға қатысты кадр сыртында айтты. Нұрлан Қоянбаевтың еліміздің жалауын инстаграмға салып, 100 мың коммент жинағаны, бұл бастаманы Тоқаев қолдап, желідегі парақшасында жазба қалдырғаны айтылды. Алайда Қоянбаев бұл жазбасын бір жылдай уақыт бұрын салғаны, ал президенттің қолдау посты жақында ғана жарияланғаны ескертілмеді.

Хабар арнасының эфирге жол тартқанына 27 жыл толыпты. Бұл туралы да кадр сыртында баяндалды. «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Берік Уәли мен журналист Зейін Әліпбек пікір білдірді.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times Ақордадағы марапаттау салтанаты туралы айтып, президент сөзінен үзінді берген соң Республика күнінің маңызы туралы сюжет көрсетті. «Жеті күн» әзірлеген екі материалдан өзгешелігі – Егемендік Деларациясының мазмұны мен «Amanat» партиясының ұлттық рәмізді ұлықтауға қатысты челенджі туралы бір сюжетте айтты. Алайда аталған екі арнадағы сюжетте де егемендік Декларациясын жариялаған күн мен мемлекет тәуелсіздігі туралы заңның маңызына жеке тоқталмады, бұл турасында сарапшы пікірі болмады. Өкінішті-ақ.

Алматыда «Ашық аспан» акциясы өтіп, парашютші Олег Тощев көлемі 800 шаршы метр туды әуеде желбіретті. Жаңалықтар топтамасына лайық тақырып еді, Sarap times бұл оқиға туралы жеке сюжет жасады.

Президенттің Алматы және Жетісу облыстарына жұмыс сапары да ұзақ бір сюжетке топтастырылды.

Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жүргізу науқаны, сайлау штабтарының жұмысы басталды. Биылғы сайлау туралы студиядағы сұхбатқа Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди шақырылыпты.

Өткен аптада мемлекеттік тіл мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әдетте әлеуметтік желідегі талқылауды қалт жібермейтін «Айна» да, «Жеті күн» де бұл тақырыпты елемеді. Ал Sarap times заңдардың орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатынын, қазақша мәтіннің мүлдем түсініксіз болатынын жеке сюжетте айтты. Жоғарғы сот өкілі, депутаттар, қоғам белсенділері пікір білдірген. Сюжет соңын тілші «Тіл өлсе, ұлт жоғалады» деп аяқтады.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Қазақстанның сыртқы қарызы туралы болды. Ұлттық банк өкілін, тәуелсіз сарапшыларды сөйлетіп, сыртқы қарыз туралы толымды мәлімет берген сюжет болды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы тосын тақырыппен басталып, «Қожада арабтың қаны бар ма?» деген сауал тастады. Руы қожа кейіпкер жігіттің ДНК-сын тексеріп, осы бағытта жүргізілген зерттеу жұмысы туралы баяндады. Ұлттық биотехнология орталығында сынама жасапты. Этика талабына сәйкес, кейіпкердің жүзі бүркеліп, дауысы өзгертілді. Тарихшы, шежіреші сарапшылардың пікірі бар. Танымдық тұрғыда қызықты сюжет, алайда ру-тайпалық бөлініске мән беретін материал әзірлеудің маңызы не? Сенсация іздеу болар, сірә…

Алдағы жылы мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. «Айна» мандат мерзімі біткен соң депутаттар немен айналысатынын зерттеп көріпті. Бірнеше депутаттан сұхбат алған. Бірді-екілі депутаттың кәсібі бар екенін, қазір ол бизнес құрылымдар депутаттың баласының не әкесінің атына жазылғанын айтады. Журналист кадр сыртында ешбір дереккөзге сілтеме жасамай бірнеше мәлімет келтірді. Деректердің ашықтығы жағынан Қазақстан көп мемлекеттерден көш ілгері болғандықтан, журналиске мұндай ақпаратты анықтау қиын соқпағаны түсінікті. Кадрде сол дереккөздерден скрин келтіріп, ақпараттың рас екенін көрерменге көрсеткен жөн.

«Айна» президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны басталғанын да айтып өтті. Тоқаевтың жаңадан құрылған Алматы және Жетісу облыстарына сапары туралы кадр сыртында ақпарат беріп, президент сөзінен үзінді келтірді. Республика күні қарсаңында Ақордада өткен марапаттау салтанатын да осы форматта хаттамалық сипатта баяндады.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы «көп балалы ана» және «көп балалы отбасы» ұғымдарының ара-жігін ажыратып, күміс, алтын алқа алған аналарға берілетін жәрдемақының аздығы туралы айтты.

«Айна» бағдарламасы әлеуметтік желіде белсенді тренерлер интимді тақырыпта ашық сөйлейтіні, оны жасөспірімдердің көретіні туралы мәселе көтерді. Бірнеше тренерді сөзге тартып, көптің пікірін білген, Парламентте осы проблеманы көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Мақпал Мысаны сөйлетті. Сюжеттің кемшін тұсы мұндай ақпарат баланың психикасына қаншалықты әсер ететіні туралы балалар психологының пікірі жоқ. Өзін сексолог деп таныстырып, әлеуметтік желі арқылы сабақ сатып, ақша тауып жүрген жандардың кәсіби біліктілігі қандай, оны кім бағамдап жатыр? Бұл сауалға да жауап табылмады.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Тоқаевтың Алматы және Жетісу облыстарына сапарынан басталды. Сюжетте Қонаев қаласының проблемалары мен даму жоспарына көбірек назар аударды. Президент пен жергілікті шенеуніктерді сөйлетіп, тұрғындарға сөз бермеді, оларға эфирден уақыт бөлмеді.

Президент Алматы облысына сапарында G4 серіктес қалалар жобасының жай-жапсарымен танысты. Бұл жоба туралы сонау 2006 жылы айтыла бастаған. Жүргізуші Альбина Әшім жобаны таныстыра келе, сөзін: «2008-2015 жылдары жоба үшін 31 миллиард теңге бөлініпті. Қағаз бетінде ғана қалған қалалар үшін кеткен миллиардтарды кімнен сұраймыз?» деп аяқтады. Apta редакциясы көрерменге сауал тастамай, керісінше осы тақырыпта сюжет дайындап, 31 млрд теңгенің сұрауы кімнен екенін зерттегені жөн еді.

Тоқаевтың Жетісу халқымен кездесуінде облыстың проблемалары (суармалы жер мен ағын су тапшылығы, қант қызылшасын өсіретін алқаптардың азаюы, шұрық жолдар, қазақ-қытай шекарасындағы ұзын кезек) айтылып, бұл үлкен сюжетке арқау болды. Тұрғындарды көбірек сөйлетіп, эфир уақытын да молынан арнады.

«Ұлттық банктің соңғы дерегінше, жылдық инфляция 18%-ға жетті. Азық-түлік бағасы 22% өссе, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 17% болды». Келесі сюжет тақырыбы – инфляция мен тоқтаусыз қымбаттап жатқан азық-түлік. Журналистер қымбатшылыққа геосаяси ахуалдан бөлек, қандай ішкі факторлар әсер етіп жатқанын зерттепті. Сатушы мен тұтынушынға, министрлік өкілдеріне, экономист Мерует Махмұтова пен әлеуметтанушы Нұрболат Айекешевке сөз берді. Қысқасы, қымбатшылықтың ішкі себебі көп, ал баға болашағына болжам бұлыңғыр, дәлірегі көңіл көншітпейді.

Азық-түлікпен жағаласып үй сатып алу бағасы да, жалдау ақысы да өсіп жатыр. Бұл туралы қысқа қайырып, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы мен Krisha.kz өкілін сөйлетті.

«20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы кандидаттыққа ұсынылған 12 адамның, алтауын талапқа сай деп тапты». Алғысөзде олардың атын атап, түсін түстеді. Ал сюжетте кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың – 227 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғанын хабарлап, осы қабылдау бөлмесінің консультанты комментарий айтты. Сондай-ақ, тағы екі кандидат Мейрам Қажыкен мен Қарақат Әбденнің сайлауалды штабтарының жұмысын таныстырып, штаб өкілдеріне сөз берді. Тағы үш кандидат (Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев пен Салтанат Тұрсынбекова) сайлауалды үгіт-насихат жұмысын қалай жүргізетінін көрсетіп, үшеуін де сөйлетті.

Ресейдің зымыранмен, дронмен жасаған ауыр соққыларынан Украинада энергия жүйесінің 40 пайызы істен шықты. Украинадағы жағдайға шолу сюжет көрсетті.

https://www.youtube.com/watch?v=BsjXW8BA18M

Жүргізушінің ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Украинада 200-ге жуық Қазақстан азаматы қалған. Мұны да айтып, оларға елшілік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты.

Президент 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын 100 пайыз, жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартуды тапсырған еді. Бірақ, бізде 2019 жылы салынып бітуі тиіс республикалық 17 жол құрылысы әлі аяқталмаған. Құрылыс неге сонша созылып жатыр? Міне, осы сауал бір материалға арқау болыпты. Ұзақ сюжеттің түсініксіз бір тұсы – жол салатын мердігерлерге сөз бермеуі. Мәселен, жүргізуші алғысөзде: «Мердігерлер тендерден ұтып, жазадан құтылуға әбден машықтанып алған» деп айтып салды. Сарапшылар мен министрлік өкілдері де бәріне мердігерлерді кінәлай сөйледі. Сюжет авторлары сарапшы мен министрлік пікірінің жетегінде кетпей, мердігерлердің де пікірін сұрағанда болар еді. Егер олар комментарий беруден бас тартса, мұны да айтса бір жөн. Сюжетте мәселеге кінәлі тарап бар, бірақ олардың үні естілмейді. Демек, тепе-теңдік бұзылды.

«Өткен аптада Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында аэроғарыш өнеркәсібін дамыту бойынша келісім жасалды». Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр. Apta редакциясы осы жер серіктерінің жұмысы мен отандық аэроғарыш өнеркәсібі саласының даму жайын таныстыратын танымдық сюжет дайындапты. Көрнекі графикасы да бар.

Республика күніне бірқатар азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Бұл жаңалықты осы мереке туралы тарихи фактілермен толықтырып, Егемендік туралы декларация қалай қабылданғанын айтып өтті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Қақтығыс ошағындағы журналист жұмысы. Журналист Сәния Тойкеннің тәжірибесі

«Қақтығыс ошағынан ақпарат таратуға барған журналист ең бірінші амандығын ойлауы керек. Өйткені ешқандай эксклюзив материал журналист өмірінен қымбат тұрмайды».
2022 жылғы 8-10 қазан күндері Алматыда өткен MediaCAMP Fest Орталық Азия медиафестивалінде Azattyq журналисі, «Журналистикадағы ерлігі үшін» сыйлығының иегері Сәния Тойкеннің «Қақтығыс ошағындағы журналист» деген сессиясы болды.

Сәния Тойкен сессияны тәуелсіз Қазақстан тарихында кәсіби міндетін орындай жүріп көз жұмған журналистерді бір сәт үнсіздікпен еске алудан бастады.

— Коррупция мен криминалды іс-әрекеттерді зерттеу — журналист өміріне өте қауіпті тақырыптар. Елімізде сондай тақырыптарда қалам тербеген қаншама журналист қаза тапты. Өйткені Қазақстанда тәуелсіз журналист болу өте қиын. Бұл — жалпы Орталық Азия елдеріне тән жағдай, — деді спикер.

Ал енді «Қауіпті ошақ» дегеніміз не? Бұл тіркесті естігенде, ең әуелі «соғыс» сөзі ойға оралады. Сәния Тойкеннің айтуынша, соңы кризиске ұласатын оқиға орындарын «қауіпті ошақ» деп атауға болады.

«Бұған жаппай митингілер мен ереуілдерді жатқызуға болады. Қазақстанда Жаңаөзен оқиғасы, Жер митингілері, Қаңтар оқиғасы сияқты қауіпті қақтығыс ошағына жататын оқиғалар болды. Қақтығыс ошақтарына баратын журналист үш ережені есте ұстауы қажет.
1. Жалпы дайындық жасап, редакция тапсырмасын алу.
2. Қақтығыс ошағына барғанда редакция тапсырмасын орындау
3. Ең бастысы — аман-есен оралу.
Журналист қайда баратынын біліп, қандай қиындық пен кедергілер ұшырасатынын алдын ала ойлап, соған дайындалуы, жергілікті ерекшеліктерден хабардар болуы қажет. Көзге түспей, елеусіз киініп, тыныш келіп, материал жасап, аман-есен оралуы шарт. Менің арнайы сөмкем дайын тұрады. Ішінде шұғыл жағдайға қажет дәрі-дәрмек, тағы басқа заттар бар. Сөмкеде журналистің қан тобы жазылған қағазы мен құжаттарының да көшірмесі болғаны жөн. Қақтығыс ошағында жүрген интернет өшіріліп, өмірге қауіп төнсе, ең әуелі амандығыңызды, аман қалуды ойлаңыз».

Сәния Тойкен, Azattyq журналисі, «Журналистикадағы ерлігі үшін» сыйлығының иегері

Ауыр қақтығыс ошағынан оралған журналистердің көбі посттравматикалық стресске душар болады. Ал редакциялар журналистің психологиялық жарақатын ойламайды.
— Қақтығыс ошағында журналисті қорқытып-үркітіп, шабуыл жасап, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Журналист кісі өлімін, жарақат пен қанды көреді, мәйітханаларға кіреді. Мұның бәрі оның эмоциялық көңіл-күйіне әсер етіп, соңы посттравматикалық стресске ұласады. Бұған фотокорреспонденттер де, операторлар да ұшырайды. Көргенінің бәрі жоғалмайды, жадта жатталып қалады. Уақыт өткен сайын дерті күшейіп, ұйқысы бұзылып, қорқыныш күшейіп, ызаланып, өзгереді. Мұның бәрі де потстравматикалық стресс. Мұндай жағдайда жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан қақтығыс ошағынан оралған журналист психолог көмегіне жүгіне алуы, реабилитациядан өтуі керек. Ал редакциялар қақтығыс ошағынан шыққан журналисінің жағдайын ойлай бермейді. Сондықтан, әріптестерге айтарым, психологиялық денсаулығыңызға мән беріңіз, — деді Сәния Тойкен.

Сәния Тойкеннің «Қақтығыс ошағындағы журналист» деген сессиясының видеосы (орыс тіліне ілеспе аударма нұсқасы).

MediaCAMP Fest АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтіп жатыр. Спикерлер пікірі USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Атом қаупі мен үрейлі бейқамдық

Әлемдік медиа да, қазақ тіліндегі сайттар да соңғы екі аптаны «ядролық соққы» айдарымен өткізді. Қазнет ядролық саңырауқұлақтың фотоларымен көмкерілді.

Қайда қарасақ та үшінші жақтан жазылған мақала көрдік. Оның арасында «Путин тағы да ядролық қару пайдалану мүмкіндігі туралы сөз етті» деген үрейлі тақырып та кездесті. Мақала мәтінінде «екінші рет сөз етті» деп тұрғанымен, тақырыбы селк еткізді. «Путин ядролық қару пайдалану мүмкіндігі туралы тағы сөз етті» десе, онсыз да шошымал болған бүгінгі бейбіт оқырманның жаны бір сәт байыз табар ма еді…

adyrna.kz сайтынан скриншот

Еліміздегі медиаға отандық әскери сарапшы табу қиямет екені белгілі, қай жерде де соған арызданған журналисті көресіз. Ондайда ең болмаса аударманың сапасын жақсартуға болар еді. «Байден: Путин ядролық қару қолдану жайлы қылжақтап отырған жоқ» жазбасында «тактикалық тұрғыдан ядролық қару қолдануды» деген сөйлем бар. Ядролық қару тактикалық тұрғыдан, болмаса стратегиялық тұрғыдан қолданылатыны бізге баспасөзден беймәлім. Ал «тактикалық ядролық қару қолдану» деген бұрыннан бар. Тексере келгенде, шынымен солай екен. Сөздер қосылғыш емес, орнын ауыстырсаң мәні өзгереді. Адамның арнайы білімі болмаса, өмір туралы көп мағлұматты осындай жаңалықтардан білетінін, жалпы эрудициясына әсер ететінін ескерсек, бұл еш ұсақ-түйек емес.

Ядролық соққыға байланысты мақалалардың көбі бұрын ядролық жарылысты көрген адам үшін жазылғандай әсер қалдырды. Сенсеңіз, бейбіт өмірге бейімделіп қалған оқырман (шүкір!) үшін 5 килотонна мен 25 килотонна жарылыстың арасында айырмашылық жоқ, оған екеуі бірдей қорқынышты. Немесе екеуі де қорқынышты емес. Қатардағы оқырманға ядролық жарылыстың зұлматын жеткізген екі сәтті мысал көрдім. Журналист Абай Отар «Атомға алаңдаған әлем» мақаласында бір килотонна деген шаманың мың тонна тротил жарылысына тең екенін атап өтеді. Бірақ күнде жарылыс болмайтынын ескерсек (тағы да шүкір!), «Ядролық қатер: қауіп қайдан төнеді?» деген мақаладағы мысал сәттілеу шыққан. Авторы Амангелді Құрмет «Хиросимаға тасталған бомбаның қуаты 15 килотонна еді» деп, бұл сұмдық сандардың оқырман үшін қандай да бір сандық-сапалық бағдар болуын қадағалаған. Жапон ядролық трагедиясын автор тағы бір жерде сәтті қолданды. Ақпараттың бұқаралық сипатта болуын қамтудың жақсы бір көрінісі.

inbusiness.kz сайтынан скриншот

Белгілі әскери сарапшы Олег Ждановтан сұхбат алған автор Жанат Ардақтың мұндай ірі маманды қолға түсіргеніне қуанбасқа болмайды, мұны «журналист бақыты» дер едім. Тек оқи келе, сұхбаттағы көптеген жалпылама сұраққа Олег Жданов биылдың көктемінен бастап жауап беріп жүргенін түсіндім. Сондықтан, сұхбаттан гөрі аудармадай әсер етті. Мүйізі қарағайдай сарапшыдан неге өз елімізге байланысты сұрауға болмады?

Ал еліміз туралы сұрайтын нәрселер баршылық. Тіпті ядролық қарудан бас тарту күнін атап өтетін мемлекет болсақ та, біздің амандығымызға кепілдік жоқ. Себебі ядролық жарылыстың зардабы мемлекеттік шекараның бойымен емес, жаратылыс заңы бойынша тарайды. Оны Путиннің өзі де айтты: «Желдің бағыты қайда өзгеретіні белгісіз». Ал Ресеймен 7,5 мың шақырымнан астам шекарасы бар Қазақстанға қауіптің болмағаны ма? Журналистикада әсер туралы айту опа бермейтін іс болса да, барлық дерлік автор бұл сұмдық мәселені үшінші жақтан баяндап отырғандай көрінді.

Бұл орайда «Нүкте» Youtube-арнасы кәдімгідей қуантты. «Чем грозит Казахстану ядерная война?» видеосында Қазақстан үшін ядролық соққы тіпті де виртуал қауіп емес делінеді. Мұнда Ресей аумағына жауап ретінде немесе превентив ядролық соққы бола қалса, Қазақстанға болжалды қауіп бары логикалық талдау тізбегімен түсіндірілген. Айталық, болжалды ядролық соққылар зымыран құрамдарында жасалады, ал ондай кешендер Ресейдің Саратов, Ясный, Барнаул мекендерінде бар екен. Автор (өкінішке қарай, есімі маған белгісіз) әрі қарай ядролық соққыны модельдейтін NUKEMAP сервисі арқылы Ясный мекеніне 1,2 мегатонна соққы болған жағдайды қарастырады. Нәтиже көңіл көншітпейді. Мысалы, Ресейдің сол Ясный мекеніндегі нысанға соққы жасалса, Ақтөбе облысы зардап шегуі мүмкін. Бұған қоса, азаматтардың ядролық қауіп жөніндегі сауаты да жақсы көрсетілген.

Ядролық соққы қаупі туралы үшінші жақтан жазуға, әрине, болмайды. Себебі бұл оқиғалар мұхиттың арғы жағында емес, жапсарлас елде болып жатыр. Мақалаларда Қазақстанның жаһандық процестердің бір бөлігі екені әлі де ұмыт қала береді. Жазба жергілікті халыққа арналғандықтан, журналист жауап беруі тиіс классикалық сұрақтарға «мұның Қазақстанға қатысы қанша?» деген сауалды да қосса екен. Күмәніңіз болмасын, Полинезиядағы акула аулау көрсеткішінің Қазақстанға әсері болмауы мүмкін, бірақ шырмалған әлемде бәрінің өз еліңе қатысын зерттеп көрген дұрыс. Сайып келгенде, гуманитарлық апаттың қай түрі де барлық адамды ойлантуы тиіс.

Сайттағы материалды дизайнердің көмегінсіз қалай безендіруге болады? MediaCAMP Fest 2022 шеберлік сабағы

Қазір онлайн сервистерді пайдаланып, тартымды визуализация жасау оңай. Десе де ұдайы ескеретін бірнеше ереже бар. 8-10 қазанда өткен Орталық Азия журналистерінің MediaCAMP Fest 2022 медиафестивалінде контент жөніндегі маман Баубек Сағындық «Материалды дизайнердің көмегінсіз қалай безендіруге болады?» деген шеберлік сабағында айтып берді.
Визуализация жасағанда ұшырасатын қателер екіге бөлінеді.
Біріншісі, техникалық қате. Бұған:
  • Түс;
  • Шрифт;
  • Бейне;
  • Сапа жатады.
Екіншісі, этикалық қателер:
  • Манипуляция (ақпаратты бұрмалау, аудиторияны шатастыру);
  • Фрейминг (ақпаратты толық бермей, жасырып қалу);
  • Сілтеме (ұзын сілтеме қою, суреттердің сілтемесін қате көрсету не мүлдем көрсетпеу).

Бұл қателердің алдын алуға арналған сервистер де бар.
Мысалы:
  • Түс үйлесімін анықтауға арналған colordrop.io
  • Статистикаға қандай графика қолданатымызды білмесек, The Data Visualisation Catalogue деген база.
  • Егер кирилл қарпін оқитын шрифт іздесек, fonts.google.com базасын пайдаланыңыз.
  • Тегін пайдалануға болатын тақырыптық суреттерді pixabay, unsplash базасынан табуға болады.
  • Дизайн, шаблон алуға freepik.com базасын қолдана аласыз. .
Дизайнердің көмегінсіз-ақ визуал жасауға арналған сервистер көп. Баубек солардың арасынан ең қажетін төрт критерий бойынша таңдайтынын айтты.
  • Шрифт (яғни, кирилл қаріптерін тануы керек);
  • Тегін (ақылы нұсқасынан бөлек, тегін нұсқасы да болуы шарт);
  • Интерфейстің қолданушыға ыңғайлылығы;
  • Дайын жұмысты оңай жариялау мүмкіндігі.
Осы критерийлерге сай келетін сервисті таңдап, жоғарыдағы қатені қайталамай, 30-40 минутта әп-әдемі визуал контент жасауға болады.
Мысалы, мына сервистер осы критерийлерге сай келеді:
  • Аудиовизуал, мәселен: headliner.app/ (подкастты безендіруге, аудиосы бар визуал жасауға арналған сервис)
  • Графиквизуал, мәселен:, app.flourish.studio (статистиканы, деректі сервиске жүктесе, тартымды вижуал жасап береді)
  • Видеовизуал, мәселен: lumen5.com (интерфейсі ағылшын тілінде, бірақ жалпыға түсінікті, caption-video жасауға ыңғайлы)
  • Постер, мәселен: Adobe Express  (постер жасауға таптырмас тегін сервис, тегін графика мен фондар өте көп).
Баубек Сағындық өткізген «Материалды дизайнердің көмегінсіз қалай безендіруге болады?» шеберлік сабағының видеосы (орыс тіліне ілеспе аударма нұсқасы)

MediaCAMP Fest АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтті. Спикерлер пікірі USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Саяси апта, президент сайлауы, майнинг: 10-16 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада Астанада үш бірдей үлкен халықаралық жиын өтті: Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті, ТМД елдері басшыларының кеңесі және  «Орталық Азия – Ресей» саммиті. Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы осы аталған жиындар туралы болды. Бұдан бөлек, Түркия басшысы, Катар әмірінің елімізге ресми сапары, ҚР президентіне үміткерлер туралы көлемді сюжеттер көрермен назарына ұсынылды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасының негізгі тақырыбы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға ресми сапарына арналды. Сюжетте екі ел басшыларының кездесуі, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық, Ердоғанның әлеуемттік желідегі «ата топырақтамыз» деген жазбасы, екі президенттерінің теннис ойнауы талқыланды.

«Хабар» апталығы Азия елдерінің өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI самитіне де маңыз беріпті. Ұзақ сюжетте Кувейттің кеңес қатарына қосылуы, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Қырғызстан басшыларының жиын барысында жасаған мәлімдемелеріне тоқталып, сөздерінен үзінді берілді, маңызды ұсыныстарды қамтуға тырысты. Жиында қабылданған құжаттар туралы ақпарат берді.

Қатар әмірінің Қазақстанға сапары жайлы кадр сыртындағы мәтін мен синхрон форматында ақпарат беріліп, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтың елімізге келгені туралы да қысқаша айтылды.

Келесі сюжетте ТМД басшыларының кездесуі мен «Орталық Азия – Ресей» саммиті туралы баяндалды. «Жеті күн» жүргізушісі бұл басқосуды ұйымдастыруға Ресей бастамашыл болғанын атап өтті. Сюжет жиында көтерілген маңызды мәселелерді тегіс қамтуға тырысты. Ресейдің Орта Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға талпысы туралы сарапшы пікір айтты. Бұл орайда Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың бүгіні мен болашағы жайлы шетелдік сарапшылардың пікірін беру артық болмас еді.

Соңғы әрі көлемді сюжет қымбатшылық тақырыбына арналды. Журналист ауқымды тақырып қозғап, еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының тиімсіз жұмысы, шаруалардың астықты арзанға сатуға мәжбүр болуы, тұқым қорының болмауы, қант өндіретін шикізаттың шетелден әкелінуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы «екінші Қаңтар» оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін тілге тиек етеді. Алайда, бірді айтып, бірге көшкен тілші өзекті мәселені тиянақты талдай алмады.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times бағдарламасы да Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапарынан басталды. Көлемді сюжетте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағы туралы айтылып, бірнеше сарапшы сөйледі: барлығы да түрік елінің мүмкіндігі зор, әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Қазақстанға Қатар әмірінің келгені туралы қысқа айтылып, президент сөзінен цитата келтірілді.

Астанада өткен Азия елдерінің өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммитінде БҰҰ хатшысы Антонио Гуттериш онлайн баяндама жасады. Sarap times оның сөзінен ұзақ цитата келтірді.

Sarap times Астанада өткен маңызды жиындар туралы ақпараттан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР президентіне кандидат ретінде тіркелгенін тілге тиек етті. Жүргізуші Дастан Сейілханұлы тіркеле алмаған үміткерлерді атап өтті. Осы орайда тіркеуден өткен өзге де кандидаттардың есімін атап өту дұрыс еді. Өйткені президент болуға бір ғана кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндік алғандай әсер қалды.

Саят Жөкенұлына сұхбат берген саясаттанушы Қазбек Майгелдинов биылғы президент сайлауының ерекшелігіне тоқталды.

Дастан Сейілханұлы студияда тұрып ел арасына іріткі салатындар, ұлтараздықты қоздыратындар, тіпті «Менің президентім Тоқаев емес, Путин» деп келеке қылатындар өріп жүргенін айтып, «Қит етсе жалған ақпарат тараттың деп қос қолыңа кісен таққыш заң өкілдері осындайда көлеңкесін де көрсетпейді» деп атын атап, түсін түстеместен әлденені меңзей сөйледі. Студияда үлкен монитор тұр, әңгіме әлеуметтік желідегі арандатушылар туралы болды. Олай болса, мысал келтірген видео не мәтінді мониторда көрсетіп, нақты мысалмен сөйлеуге не кедергі болды?

Бір қызығы, соңғы кезде әлеуметтік желіде жиілеп кеткен арандату видеолары туралы сюжетте арандатушыларға қандай жаза қолданылатыны, қанша іс қозғалғаны туралы мәлімет бар. Олай болса, жүргізушінің  «көлеңкесін көрсетпейтін заң өкілдері» дегені жалған боп тұрғаны ма?  Алғысөзде көрерменді қызықтыру үшін өтімді сөз айту керек те шығар. Десек те, батыра айтамын деп жалған сөйлеу журналистика стандартына қайшы. Бағдарлама басында Түркия – Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы сөйлеген халықаралық сарапшы Риззат Елубаев осы сюжетке де пікір білдірді. Бір сарапшының бір бағдарламада бірнеше тақырыпқа пікір білдіргені қисынсыз. Сарапшылардың көбі арандатушылардың жазадан құтылып кеткенін алға тартқан сюжеттің өзі ел арасына іріткі саларлық әсер қалдырды.

Sarap times осы сюжетті «Орталық Азия-Ресей» саммиті барысында Тоқаевтың «ойланбай айтылған сөз әсіресе жастар арасында өшпенділік туғызуы мүмкін» деген сөзіне орайластырды. Бұл жиыннан сюжет берілмеді, тек Тоқаев сөзінен цитата келтірілді.

Бағдарламаның соңғы сюжеті ойын-сауық, тамақтану орындарында ұлттық музыка, күй және дәстүрлі әндер неге қойылмайды деген мәселе көтерді. Тілші дәстүрлі әнші, ақын, мәдениеттанушыдан пікір сұрап, бұл Мәдениет министрлігі шешуі тиіс мәселе деген ұйғарымға келеді. Алайда журналистің айтуынша аталмыш ведомство бұл мәселеге жауап бермей,  ат-тонын ала қашқан. Осы жағдайда қатысты бизнес құрылым өкілдерінің пікірі берілмеді.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы «Тереземіз тең» сюжетіне астанада апта бойы өткен халықаралық жиындарды топтастырды. Онда Қазақстанның, оның ішінде қазіргі президенттің халықаралық қатынастардағы бейтараптық позициясына сарапшы сөзімен жоғары баға берді. Өзге сараптамалық бағдарламалардағы осы тақырыптағы сюжеттен ерекшеленді, қабылдауға жеңіл, ұзақ синхронсыз жасалған. «Айна» Түрікменстан президентімен өткен екі-жақты келіссөздер туралы да айтып өтті. Осы сюжеттерден кейін Республика күні қарсаңында «Тәуелсіздік тарихынан бір сыр» атауымен Қуаныш Айтаханұлынан сұхбат алыпты. 1990 жылы Тәуелсіздік Декларациясын қабылдау барысында Жоғарғы Кеңестің мүшесі болған мемлекет қайраткері, сол күндерден естелік айтты.

Қазанның екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдар күні. Бүл күнді  сараптамалық бағдарламалар арасында «Айна» ғана атап айтты. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы енді aleumet.egov.kz порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар арнайы комиссиядан өтпей-ақ, өзінің мүгедектігін дәлелдей алатынын, мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін көмектер жайлы сөз қозғады.  Бұдан бұрын «Айна» студиясына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келіп, осы мәселелер туралы сұхбат берген еді. Бұл санында сол сұхбаттан үзінділер берілді. Сонымен қатар мүгедектігі бар шағын бизнес иелері туралы сюжет ұсынылды.

«Айна» апталық болғанымен, бір жұма ішінде болған оқиғаларды қорытындылаудан гөрі журналистік зерттеу әзірлеуге ден қойып жүр. Алайда көрерменге өтімді тақырып іздеуде журналистік этиканы сақтамай жататыны бар. Бұл жолы оңтүстік өңірде тұратын халық емшісінің жылан, таспақа, кірпі сорпасын қайнатып, елді емдейтіні туралы сюжет ұсынылды. Құрылымына қарап жарнама материал деп топшыладық. Өйткені осы емдеу әдісінің пайдасы, яки зияны туралы бірде-бір сарапшы, дәрігер, ғалымның пікірі жоқ.

Ақбөпе Тәңірберген «жеңіл жүрісті» жігіттер жайлы сюжет әзірлеген. Оларды арнайы сайттан тауып, бір-екеуіне қоңырау шалып, тіпті біреуімен кездесіп,  жыныстық индустрия өкілін де сөзге тартыпты. Журналист орынсыз сұрақ қойып, «Апалармен классика ғана» деген секілді этикаға жат сөз айтады. Журналистің мақсаты сенсация жасау болса керек, алайда осы кәсіп түрін жарнамалау секілді көрінді. Психолог пікір білдірді.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta Астанаға 11 мемлекеттің басшылары келіп, үш бірдей үлкен жиын өткенінен басталды. Алғысөзде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның сапарына көбірек тоқталды. Сюжет Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар әмірі және Түркия президентімен кездесуіне арналды. Тақырыпты сарапшылар комментарийі толықтырды. Олар Түркиямен серіктестіктің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға маңызын айтты.

Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммиті өтті. Бұл туралы сюжеттің құндылығы – саммитте Украинадағы соғыс тақырыбын «Түркия президентінен басқа неге ешкім айтпағанына» жауап іздеді. Түрлі сарапшылар жауап берді. Елдер арасындағы шешілмеген даулы мәселелерді қамтыған үлкен әрі қызық материал.

Ресей апта басында Украина аумағын бір күнде 80-нен астам қанатты зымыранмен атқылады. Украинадағы соғыс туралы шолуда жағдайды егжей-тегжейлі баяндап, Зеленскийдің, Путиннің және Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеф Боррельдің сөздерімен толықтырды.

Apta тілшілері Тоқаевтың Катар, Әзірбайжан, Түрікменстан басшыларымен жеке кездесуіне және Ресейді айналып өтетін мұнай-газ және жүк тасымалы бойынша балама жолды қалыптастыру мүмкіндігі туралы үлкен сюжет дайындады. Апталық қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламаға лайық материал. Өйткені мәселенің мән-жайын жан-жақты талқылап, талдап, мол мағлұмат беріп, депутаттар, министрлер мен экономистерді сөйлетті.

Саясатқа тағы ораламыз. Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Бұған сюжет болмады, студиядағы жүргізуші сөзі мен Тоқаевтың айтқандарынан үзінді ғана берілді.

«Орталық Азия – Ресей» саммитінде ең көп талқыланған тақырып – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның РФ президенті Владимир Путинге қарата айтқан сөзі болды. Рахмон: «Владимир Владимирович, сізге өтінішіміз бар – Орталық Азия елдеріне қатысты бұрынғы Кеңес одағы сияқты саясат болмағанын қалаймыз. Таразы басын тең ұстап, әр республикамен бөлек жұмыс істеу керек», – деді. Мұның барлығын жүргізуші студиядан баяндап, ТМД елдері басшыларының отырысы өткенін де айтты.

Тақырыпты «Apta қонағы» айдарында жалғастырып, саясаттанушы Шыңғыс Ергөбекпен сұхбат құрып, Қазақстанда қатарынан өткен үлкен жиындар не беретіні, Азия кеңесінің трансформациясы қандай өзгерістер әкелетіні жөнінде әңгімелесті.

Халықаралық жиындар, саммит, кеңес отырысына 38 минут арнап, ақыры Қазақстан қоғамындағы басты тақырып – президент сайлауына кезек жетті. Жүргізуші Альбина Әшім алғысөзін: «Президент сайлауына қатысатын үміткерлер күн сайын сиреп барады. Әу баста ұсынылған он екі адамның сегізі қалды» деп бастады. Олардың үшеуінде 5 жылдық мемлекеттік қызмет өтілі жоқ екен. Сюжетте «мемлекеттік қызмет өтілі неге қажет?» деген сауалға (саясаттанушы Индира Рыстинаның айтуынша, бұл кандидаттар мемлекеттік аппаратты түсіну үшін маңызды екен) және «кейбір азаматтардың осы немесе өзге де талапқа сай келмейтінін өзі біле тұра құжат тапсыруында қандай сыр болуы мүмкін?» деген сұраққа (саясаттанушы Мақсат Жақаудың сөзінше, кейбірі саяси ұпай мен пиар жинау үшін құжат тапсыруы мүмкін) жауап беруге тырысты. Көшедегі адамдардан жаңа үміткерлерді танып-танымайтынын да сұрады (танымайды екен). Сондай-ақ, Тоқаевтан басқасын халық танымайтыны жұртшылықтың сайлауға белсенді қатысуына қаншалықты әсер ететінін де болжады. Саясаттанушы Дәурен Пірімбетов «бізде сайлаушылармен жұмыс істейтін, оларға жақсы мотивация беретін политехнологтар аз» деп, «көп нәрсе үміткердің халықты сендіре алуына байланысты екенін» айтты. Apta редакциясы осы сарапшыларды ғана сөйлетпей, басқа да тәуелсіз саясаттанушылар пікіріне эфирден уақыт берсе жөн. Әйтпесе, біржақты пікір айтылған жай сюжетке айналады.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасын мақұлдады. Бұл Қазақстадағы майнинг және криптовалюта туралы сюжетке арқау болыпты. Түсіндірмелі толымды материал екен.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Орталық Азия медианарығындағы трендтер қандай? MediaCAMP Fest 2022 сессиясы

Ақпарат тапшылығы, қаржылай тұрақсыздық, видеоконтент өндірісі мен азаматтық журналистиканың дамуы. Орталық Азияның төрт еліне тән ортақ медиатрендтер осы екен. 2022 жылғы 8-10 қазан күндері Алматыда өткен MediaCAMPFest медиафестиваліне қатысушылар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері бойынша төрт командаға бөлініп, өз еліндегі медианың портретін жасап, таныстырды. Әр команданың презентациясынан видеождазбаны да көре аласыз.

Қазақстан
Қазақстан заңнамаларында сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігі қорғалған, алайда іс жүзінде шектеулер боп жатады. Медиаға бөлінетін мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа байланысты журналистер шектеулерге ұшырайды.
Қоғамдық ұйымдар мен медиа ұйымдар БАҚ туралы заңнамаларды әзірлеуге белсене қатысады.
Заң бойынша мемлекеттік органдар ақпарат беруге міндетті, бірақ олар журналист сауалына уақытылы жауап бермей, кешіктіреді.
Мессенджерлер ақпарат таратудың танымал құралы боп отыр. Алайда мессенджерлер арқылы жалған ақпарат та таралады.

Қырғызстан
Қырғызстан заңнамаларында сөз бостандығы, пікір білдіру еркіндігі шектелмеген. Десе де іс жүзінде жағымсыз оқиғалар да көбейді. Мәселен, жақында қабылданған фейк туралы заң интернеттегі ақпаратты сүзгіден өткізуге арналған, алайда БАҚ-тағы сөз бостандығын шектеуге қолданылады. Қырғызстан Орталық Азия аймағында сөз бостандығы рейтингінде көш бастайды, бірақ бұл заң журналистердің қолын байлап, пікір білдіру еркіндігін шектейді.
Қырғыз Республикасында жекеменшік медиа көп, 26 мемлекеттік БАҚ бар. Мемлекеттік БАҚ-қа көп қаржы жұмсалады, бірақ сондай контентті әлдеқайда аз қаражатқа жасай алатын жекеменшік медиа бар.
Жергілікті заңнама мемлекеттік органдарды 14 жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндеттейді және бұл талап орындалады. Егер ақпарат бермесе, журналистер сотқа жүгініп, көбіне жеңеді.
Фактчекиң қоғам сұранысына ие. Журналистік зерттеулер трансшекаралық сипат алып, блогинг дамып, блогерлер ықпалы күшейіп, қырғыз тіліндегі подкаст пен сериалдар танымал боп жатыр.

Тәжікстан
Тәжікстанда сөз бостандығына кепілдік берілген. Алайда 5-10 жылдан бері пікір білдіру еркіндігінің өрісі тарылып барады. БАҚ-тағы сөз бостандығына кері ықпал ететін заңнамалар қабылданып, журналистер мен блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр. Оппозициялық күштердің үнін естіртетін БАҚ пен журналистерді қудалайды.
Медиадағы трендтердің бірі — зорлық-зомбылыққа байланысты тақырыптар медиада көрініс табуы. Ішкі саяси оқиғалар туралы ақпарат тарату өте қиын, журналистер ешқандай ақпарат ала алмайды. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар журналистердің сауалына жауап беруі міндетті, әйткенмен мардымсыз жауап береді.
Медианарық трендтері әлемдік трендтерге сай келеді: видео мен подкастқа сұраныс артты. Бірақ бұл трендтерді тәуелсіз медиа іліп әкетті. Үлкен қиындық — медиаменеджер тапшы.

Өзбекстан
Өзбекстанда медиа ашу оңай, бірақ нарықта жұмыс істеу қиын, көптеген медиа қаржы жетіспей, жабылып қалады. Десе де жаңа БАҚ тіркету үшін рұқсат керек.
Республиканың сөз бостандығы рейтингінде көрсеткіші жақсарып келеді, әйтсе де бірқатар мәселе бар, мәселен ақпаратқа қол жеткізу қиын. Сондықтан медиа журналистік зерттеу жүргізе алмайды. 2022 жылғы қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметкерлерді ақпарат бермегені үшін жауапкершілікке тартатын болды.
Мықты журналистер баспасөз қызметіне кетіп жатыр. Өйткені лауазымды қызмет, айлығы жоғары.
Экология тақырыбы аудиторияның сұранысына ие боп, арнайы жобалар мен подкаст трендке айналды.

MediaCAMP Fest АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) USAID Central Asia қолдауымен өтіп жатыр. Спикерлер пікірі USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

«Медиасыншылар таңдауы»: қазақша БАҚ-тағы үздіктер анықталды

Биыл төртінші жыл өткен MediaCAMP Fest аяқталды. Осы фестиваль аясында медиасыншылар екінші жыл қатарынан үздік журналистік жұмыстарға арнайы марапат табыстады. «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» бөлімінде кәсібилігімен көзге түскен мақалалар «Медиасыншылар таңдауына» ілікті. Қазақша БАҚ-тағы биылғы үздіктерді оқырман назарына ұсынамыз.

Ғылыми-ағарту үздігі

Былтыр Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» пікірсайыс бағдарламасы «Үздік телешоу» атанған еді. Биыл журналистің өзіне «Ғылыми-ағарту үздігі» аталымы берілді. Автордың қай жобасын алып қарасаңыз да, сыни ойлау, интеллектуал қабілеттердің артуына бағытталады. Ғылыми танымы, парасат пайымы да көзге көрініп тұрады.

Данияр Қайыртай, «Үздік сюжет авторы»

Үздік сюжет авторы

Медиасыншылар апта сайын сараптамалық қорытынды телебағдарламаларға шолу жасайды. Qazaqstan ұлттық арнасы Apta бағдарламасындағы сауатты сюжеттері үшін Данияр Қайыртайға «Үздік сюжет авторы» аталымы берілді. Медиасыншылар журналистің төрт бірдей сюжетін жоғары бағалады. Азық-түліктің қымбаттауы жайлы әзірленген «Б.Майлин сияқты жазып жатқандар бар ма екен?» сюжеті. Данияр әлеуметтік тақырыптарды талдап көрсетуге шебер. Бұл материалында тілші жалақы жетпей қиналған жұрттың пікірін береді, таңдаған сарапшылары тек ой бөлісіп қоймай, мәселенің шешімін ұсынады. Проблема себебін яки өзегін депутаттар тарқатады. Қорыта келе, сала министрінен не шенеуніктерден бұл жағдайға қатысты алда не шара қолданылатынын сұрайды. Нағыз толыққанды сюжет үлгісі. Бұдан өзге, Даниярдың «Қусаң да жеткізбейді арман дүние», «Алсаң осы, алмасаң…», «Иә, өзгеше. Дегенмен дәл сіздің балаңыздай!» атты сюжеттерін сыншылар үздік деп бағалады.

Гүлнәзия Жалғасқызы, «Әлеуметке керек айдар»

Әлеуметке керек айдар

«Айна» бағдарламасындағы («Еуразия бірінші арнасы») «eGov куәгері» айдары әлеуметке пайдалы сюжеттері үшін үздік атанды. Жүргізуші Гүлнәзия Жалғасқызы тізгіндеген айдардың халыққа берер ақпараты мол, тұрғындарға әлеуметтік көмек жайын түсіндіріп, лауазымды тұлғалардан жауап алады. Мәселен журналист «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінетін квота туралы көлемді материал дайындаған. Ішінде квота алып, сәбилі болған шаңыраққа барған сәт бар. Ондай жағымды эмоция сюжетке сән береді. Одан қала берді, жаттанды әрі жауыр болған форматтан шығуға тырысатынын да медиасыншылар ерекше атап өтіп, «Әлеуметке керек айдар» аталымына лайық көрді.

Сәния Тойкен, «Үздік репортаж»

Үздік репортаж

Қыркүйекте Қостанай облысында алапат өрт болды. Осы оқиғадан отандық БАҚ қалай ақпарат таратқаны туралы медиасыншыларымыз жазған еді. Өрт кезінде көп журналист көшірме ақпарат жариялаумен шектелді. Десек те, Azattyq тілшісі Сәния Тойкеннің журналистік жұмысын ерекше атап өтуіміз керек. Журналистің оқиға орнына барған ерлігі, тұрғындармен тілдесуі, тікелей эфирге шығуы әбден мақтауға лайық.  Оның «Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?» деген материалы «Үздік репортаж» деп танылды.

Биыл жалпы саны 12 аталым берілді. Оның ішінде Қазақстан мен Тәжікстан медиасы бар. «Жаңа репортер» медиасыншылары 2022 жылдың арнайы Qantar атты жүлдесін Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан үздік ақпарат таратқан «Azattyq радиосы» ұжымына табыстады. Ал «Ақ Жайық» редакциясы Украинадағы соғыс жайлы материалдарымен ерекше көзге түсіп, медиасыншылардың сүйіктісі деп танылды. Журналистік этиканы мығым ұстанған The Village басылымы да үздіктер қатарына енді. Кәсібиліктің озық үлгісін көрсетіп жүргені үшін Cabar Asia редакциясы марапатталды. «Возрождение» Қазақстандық немістер бірлестігі «Қазақстандық диаспоралар арасындағы үздік медиа» аталымына ие болды. Сондай-ақ, «Обожаю» жобасының авторы Асхат Ниязов — «Жыл жаңалығы», Әлия Хамидуллина (Тәжікстан) гендерлік тақырыптарды көтергені үшін, Муллораджаб Юсуфзода (Тәжікстан) батылдығы мен объективтілігі үшін марапатталды.

Президент сапары, ресейліктер, пәтерақы: 26 қыркүйек – 2 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы Мемлекет басшысының Түркістан, Шымкент, Семей қалаларына сапары туралы болды. Сондай-ақ,  Қазақстанда үдере көшкен ресейліктер, жалдамалы пәтерақының күрт қымбаттауы, жұмыссыздық мәселелері де аптаның күнтәртібінен түспеді. Путиннің Украинаның төрт облысын аннекциялау туралы жарлыққа қол қойғаны, Украинаның НАТО құрамына кіруге өтініш білдіргені туралы жаңалық та назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы президент тақырыбына үнемі басымдық береді, бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ. Мемлекет басшысының Түркістан мен Шымкент қалаларына сапары туралы он минуттық сюжет әзірледі. Қорған Қонысбайұлы Түркістан шаһарының облыс  орталығына айналғалы түлеп, түрленгеніне, Ресейден көшпек болған төрт компанияның осы қалаға қоныс аударуы мүмкін екеніне баса назар аударды. Шымкент қаласының дамуына қатысты президент он міндет қойғаны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздерінен үзінді берілді. Түркістандық шенеуніктерді сөйлетіпті.

Екінші ұзақ сюжет президенттің Абай облысына сапары туралы болды. Тоқаевтың облыс басшылығына берген тапсырмалары, Қайым Мұхамедханов пен Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуы, ондағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Мұрат Әуезовтың пікірі бар. Президенттің ұстаздармен кездеуі, сондай-ақ Семей тұрғындарының қаладағы инфрақұрылымға қатысты пікірі қамтылды. Хаттамалық сюжет.

«Ел иелері Абай облысында жүргенде…» – Жігер Сәрсен келесі сюжеттің алғысөзін осылай бастады. Мейлі Мемлекет басшысына болсын елді меншікті ету қаншалықты қисынды? Содан соң жүргізуші президент сайлауына түсуге ниетті үміткерлерді атап өтті.

Бұдан әрі тақырып «Ресей-Украина теке-тіресіне» ауысты. Бұрын да атап өткеніміздей, әдетте «Жеті күн» бұл тақырыпты сирек қозғайды. Путиннің Украинаның Донецк, Луганск, Херсон облыстарын аннекциялау туралы жарлыққа қол қойғаны, Украинаның НАТО құрамына кіруге өтініш білдіргені туралы айтып өтіп, елімізге «пана іздеп» келген теріскей елдің азаматтары туралы сюжетке кезек берілді.

Ресейліктердің үдере көшуі аптадағы жаңалықтардың басты тақырыбы болды. Бұл мәселеге қатысты Сауда және интеграциядан бастап, Ішкі істер, Ұлттық экономика және Еңбек министріне дейін пікір білдірген болатын. «Жеті күн» сюжеті осы министрлердің пікірін толық қамтыпты. Елге келіп жатқан ресейліктерді, ресейлік дәрігерлерді жұмысқа алған аурухана басшысын, отандық IT саласы маманын сөзге тартқан. Жағдайды жан-жақты баяндауға талпыныс бар.

Индира Жылқайдарова әзірлеген көлемді сюжет елдегі тұрғын үйді жалға алу нарығындағы бағаның өсуінен басталып, құрылыс саласындағы ахуалға, мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға шолу жасаумен аяқталды. Тілші елімізде жалға пәтер беруді кәсіп еткендер көп екенін, бір басында 10 пәтері бар жандар қай қалада тұратынын айтты. Сарапшылар тұрғын үй бағасына ресейліктер көші айтарлықтай ықпал етпейтінін, дегенмен нарықтың алдағы беталысы осы көштің қарқынына қарай өзгеретінін болжады. Кейіпкерлерді, сарапшылар мен сала мамандарын сөйлеткен толымды сюжет.

Бағдарлама соңында Қостанай облысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың кейінге қалдырылған 150 жылдық мерейтойы өткенін, оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барып, Президенттің құттықтау хатын оқығаны айтылып, Сенат спикері баяндамасынан үзінді берілді.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times бағдарламасының басты тақырыбы теріскейдегі көш туралы болды: пәтер ақысының қымбаттауы, баспана жалдаушылардың құқығы, Оралда ауруханаға жұмысқа тұрған ресейліктер, олардың жұмысқа орналасу құқы, Премьер-министрдің жергілікті халықты жұмыспен қамтуға басымдық беру туралы тапсырмасы және тағы басқа мәселелер қамтылған. Заңгер сарапшыларды сөйлетіпті.

Sarap times сырттан келетін қандастарға қатысты мәселе көтерді. «Отандастар» қорының өкілдері, сарапшылар «Нұрлы көштің» соңғы жылдары қожырап, сәні кете бастағанын, мемлекет тарапынан қандастарға лайықты жағдай жасалмайтыны, оқу грантының ҰБТ арқылы берілуі олардың талабын тежейтіні туралы айтты. Сондай-ақ, мемлекеттің кәсіп ашуға ниетті этникалық қазақтарға арналған «қазақ картасы» бағдарламасын әзірлеп жатқаны айтылды. Елдегі миграциялық ахуалға орай орынды проблема көтерілген.

Sarap times  президенттің Түркістан және Абай облыстарына сапарынан сюжет ұсынған жоқ. Мемлекет басшысының осы сапар барысында ресейліктердің көші мен геосаяси жағдайдың күрделенуіне қатысты айтқан сөздерінен цитата ғана келтірді.

Бұдан әрі сайлау тақырыбына ауысқан бағдарлама жүргізушісі Дастан Сейілхан «Аmanat» партиясының жаңа тұғырнамасы туралы сюжетке кезек берді. Синхрон өте көп, жер-жерде партия жиналысы өткен, тұжырымдама туралы пікір де жетерлік. Алайда, бұл саяси құжаттың нақты қандай мәселелерді қамтығаны, құрылымы қандай екені ашық айтылмады.

Заңгер Марат Бәшімов aлда өтетін сайлау мен «Аmanat» партиясының съезі туралы  студияда сұхбат берді.

Өткен аптада Қазақтанда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер сарбаздарының оқу-жаттығуы өтті, оған Армения қатыспады. Келесі ұзақ сюжет осы ұйым, оның қазіргі жай-күйі мен әлеуеті туралы баяндады. Ұйымның қажеттігі туралы сарапшылар пікір білдірді. Сонымен қатар, сюжетте еліміздегі әскери техника қандай күйде, қандай қару-жарақ бар, қорғаныс саласына қанша қаржы бөлініп жатқаны туралы мәселе көтерді. Осы салаың шенді тұлғалары пікір білдірді. Дегенмен, еліміздің қорғаныс әлеуеті туралы әскери сарапшылардың пікірі жетіспеді.

«Аmanat» партиясы атсалысқан «Ұлы дала жорығы» шарасы туралы ұзақ сюжет берілді.

Соңғы сюжетте жылыту маусымына дайындық мәселесі, Петропавлдағы мұржасы қираған қазандық, көмір бағасы және ауа райына қатысты болжам қамтылды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» өткен аптада әдеттегі бір сағаттың орнына 30 минутқа созылды. Бұл бағдарлама үшін де басты тақырып ресейліктердің Қазақстанға келуі болды, екі сюжет арнады. Махамбет Бейбітшілік Қазақстанда ресейліктер жұмыс істей ме, оларға қандай талап қойылады деген сауалды талдады. Еңбек министрінің түсіндірмесі бар, экономист сарапшының, елге келген ресейліктердің пікірін қосыпты.

Бұл тақырыпқа арналған тағы бір сюжетті Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген.  Елімізде ресейліктерге көрсетіліп жатқан қамқорлық жайын баяндаған тілші ХҚО-дағы ұзын сонар кезектег стэндап жазыпты: «Бұл азаматтардың бәрі бірдей шетелдіктер, жеке сандық нөмір алмақшы» деді. Тілші «жеке сәйкестендіру нөмірін» меңзеген болар деп топшыладық. Журналист ХҚО  ғимаратының жанынан ресейліктерге арнап дастархан жайылғанын айтып, Ақылбек есімді азаматтан сұхбат алады. Титрда кейіпкерді «Ақылбек Өтемұратов, Есіл ауданы ХКҚО қызметкері» деп көрсетеді. Алайда, тілші «көлгірсіп тұрған Ақылбек, орталықта жұмыс істемеймін деп сөзінен тайқыды» дейді. Ендеше титрда жалған ақпарат берілгені ме? Сюжетте қарапайым тұрғындардың ресейліктерге қатысты пікірі бар. Депутат Геннадий Шиповскихтің бейнеүндеуін қосқан.
«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасбекқызы студияда Сауда және интегарция министрі Серік Жұманғаринмен азық-түлік бағасына қатысты сұхбат жасады. Әлеуметтік әмиян, атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік азық-түлік тауарларына қатысты мәлімет берілді.

Сондай-ақ Ғалым Кәлмен алыс-жақын шетелдердің жаңалығын бір шолып шықты.

«Түркістан облысында әйелін қызғанған ер адам темірден жасаған іш киімді киюге мәжбүрлепті» деп басталған келесі сюжет «Көне дәстүрге көне ме?» деп аталды. Мәселені біржақты талқылаған сюжетте бір ғана спикер сөйледі. Ол ұлттық тәрбиені меңзей, мұндай дүниелерге негізінен қыздар кінәлі екенін, «пәктік» мәселесі маңызды екенін айтты. Бейтараптық үшін бұл спикердің пікірлеріне қарсы уәж берілмеді. Салмақты саяси-экономикалық сауалдарды талдайтын бағдарламаның тақырыбы неге «етектен төмен» өткенін біле алмадық. Арнада «Айна» бағдарламасына дейін болған «Бестің шәйі» ток-шоуының соңында да жыныстық тәрбие мәселесі талқыланып еді. «Еуразия арнасы» біржола тақырыптық бағытын өзгертуге бет бұрғаны ма?

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдарының негізгі тақырыбы әнші Төреғали Төреәлі туралы болды.

Apta, QAZAQSTAN 

Президент Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапары Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан басталды. Apta авторлары бұған 8 минуттық хаттама сюжет арнады, президентті өте көп (6 рет) сөйлетті.

«Бұл сюжет Тоқаевтың бүкіл турнесін қамтыды» деп ойласаңыз, қателестіңіз. Сюжет Шымкент қаласы мен Түркістан облысын ғана қамтыды.

Оңтүстік өңірді аралаған соң президент Абай облысына, дәлірегі Семейге барды. Авторлар мұнда таптаурын хаттамадан сәл де болса ауытқып, сюжетті қаланың басты проблемаларынан бастады, тұрғындардан сауалнама алған. Содан кейін президент сапарына ойысып, кадр сыртындағы мәтіндерді президент синхрондарымен араластырып шықты.

Екі сюжетте де қорытынды сараптамалық бағдарламаларға тән мәнде сарапшы пікірімен толықтыруға болатын сәттер көп еді. Алайда президент айтқан бір тақырып ғана студиядағы интервью мен сюжетке арқау болды. Бұл туралы кейінірек жазамыз.

Украина президенті Владимир Зеленский жедел түрде НАТО-ға қабылдау туралы өтінішке қол қойды. Кремль Украинаның 4 аймағы Ресейге қосылды деп жариялағанын да, мобилизация басталғалы Ресейден қаншама ресейлік үдере көшкенін де айтты. Бельгия мен Түркиядағы тілшілермен хабарласып, сол жақта ресейліктерді қалай қабылдап жатқанын сұрады.

Жалдамалы пәтерақының күрт қымбаттауы үлкен сюжетке түрткі болыпты. Жалдап отырған баспанасын бір күнде тастап шығуға мәжбүр болған көптеген кейіпкер хикаясы бар. Материалдың пайдалы тұсы – пәтерді жалға алушы мен жалға берушінің құқықтарын және міндеттерін тәптіштеп түсіндіргені. Заңгерлер комментарийі бар. Түркия мысалын келтірді. Қаржы министрлігіндегі шенеуніктерден де комментарий алыпты. Олардың айтуынша, жалдамалы пәтер нарығын тексеруге мораторийді алып тастау жайы қаралып жатыр екен.

«Apta қонағына» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі келді. Елімізге ақпараттық шабуыл неге күшейді, кибершабуылдардың көбею себебі неде, «Масс медиа туралы» заң жобасында журналистерге арналған қандай өзгерістер бар, мемлекеттік органдардан кедергісіз ақпарат алу жайында сұхбаттасты.

Еліміздегі сауда сөрелерінде тауар ассортиментінің тапшылығы байқалады. Әсіресе, тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмек нарығында жағдай мәз емес. Журналистер сауда сөрелерін шолып, тұтынушылардан сауалнама алып, экономистер, шенеуніктер мен Сауда желілері одағының өкілін сөйлетіпті. Мағлұматы мол сюжет.

Кезектен тыс президент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды. Әдетте қай елде болмасын, мемлекет басшысын сайлау тақырыбы елдің саяси өміріндегі ең басты тақырып саналады. Алайда бұл жолы Apta редакциясы сайлау тақырыбын бағдарламаның басына емес, соңына қойыпты. Кешегі аптада 5 партияның екеуі кандидаттарын ұсынды: «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев сайлауға түспек екен. Сюжетте екеуін де таныстырды. Сарапшы ретінде саясаттанушы, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазыбек Майгелдинов сөйледі. Ол Apta бағдарламасының эфиріне ең жиі шығатын спикерлердің бірі. Көктемде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум кампаниясы басталғанда да Apta эфирінен апта құрғатпай сөйлейтін тұрақты спикер еді. Міне, сайлау тақырыбы басталғанда тағы оралды. Сюжетте Әділет министрі, Мәжіліс депутаттары мен ОСК өкілі де сөйледі.

Жалпы сайлау мен ұсынылған үміткерлерді ешкім танымайтыны қоғамда талқыланып-ақ жатыр. Алайда Apta редакциясы мұндай талқылауларды елемей, мұның орнына сайлауға ұсынылған кандидаттар саны аз екеніне назар аударып, себебін сарапшылардан сұрайды. Ал сарапшылар бұған сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген жаңа тетік себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сарапшы да, Apta да Қазақстанда бірнеше ұйым саяси партия ретінде тіркеле алмай жатқанын, сайлауға түсудің қиын екенін әрі заңдағы шектеулер туралы ештеңе айтпайды.

Президент Абай облысына сапары кезінде сайлау жарияланғаннан кейін кибершабуылдар көбейгенін айтқан. Бұл еліміздің кибер қалқанын күшейту, отандық IT компаниялар туралы сюжетке арқау болды. IT блогерлерден бастап ІІМ өкіліне дейін сөйлеп, комментарий берген үлкен сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіпапта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қазақстандағы Internews контент өндірісіне арналған грант байқауына өтініш қабылдау басталғанын хабарлайды

REVIVE жобасы елде, аймақта және әлемде болып жатқан оқиғалар мен олардың қоғамға әсерін баяндайтын сапалы контент жасаушыларды контент грант байқауына өтініш беруге шақырады.

REVIVE деген не?

REVIVE (ағыл.Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік) бағдарламасы – Еуропалық одақтың қаржыландыруымен Орталық Азия елінде 1 тамыздан бастап қолға алынған жоба. Бұл жоба Орталық Азия елдері азаматтарының жалған ақпаратқа қарсы тұрып, саналы шешім қабылдауына мүмкіндік беретін салауатты ақпараттық орта құруды қолдауға бағытталған.

Жоба екі нәтижеге қол жеткізуді көздейді:

  • Журналистер мен контент жасаушылар сапалы контент өндіру, көпшілікке таныстыру және тарату; Сонымен қатар аймақаралық ортақ жобалардың көбеюіне септесу.
  • Азаматтық белсенділер мен жастардың медиасауатын арттырып, сапалы ақпаратты көбейту.

Жоба аясында дайындалған контент Орталық Азия елдері тұрғындарының саясат, экономика, әлеумет, қауіпсіздік, білім беру мен мәдениет мәселелері бойынша сапалы ақпарат алуын жақсартып, елде, аймақта және әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты ақпарат тұтыну мен өмір салтын өзгертуін талдауға септескені жөн.

Байқауға кімдер қатыса алады?

Жергілікті тәуелсіз медиа, продакшен-студиялар, шығармашылық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар және тағы басқа да контент жасаушылар қатыса алады. Ең бастысы – өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес заңды тұлға ретінде кем дегенде бір жыл тіркелген ұйымы болуы міндетті.

Қандай жобаларға қолдау көрсетеміз?

Қазылар алқасы әрқайсысының бюджеті 50 мың еуродан аспайтын екі үздік өтінішті таңдайды. Әр жоба түрлі тақырыпта кем дегенде 50 контент жасайды. Жобаны іске асыру мерзімі: жоба басталатын болжалды күн, яғни 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап есептегенде 11 айға дейін жалғасады.

Грант қаражатын еңбекақы төлеу, іссапарлар, контент өндірісі мен дайын контентті таныту-тарату жоспарларын жүзеге асыру, бағдарламалар алу мен уеб сайт әзірлеу қызметі, техника мен жабдықтарды ішінара жаңарту бойынша операциялық шығындарға жұмсауға болады.

Аудиторияның қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі контентке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін, сол елдегі медиа тұтыну трендтеріне сай келетін өтініштерге басымдық беріледі.

Өтініште контент жасау мен таныту-таратудың егжей-тегжейлі жоспары болуы және жүзеге асыру мерзімдері мен таныту-тарату арналары көрсетілуі керек. Контент мейлінше көбірек таралып, кеңірек аудиторияны қамтуын қамтамасыз ету үшін медианарықтың басқа да қатысушыларымен серіктестік орнатса, артықшылыққа ие болады.

Байқаудың негізгі бағыттары

Internews мына бағыттағы жобалар бойынша өтініш күтеді:

  • елде, аймақта және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сапалы әрі сенімді контентке қол жеткізуді дамытуға бағытталған;
  • жалған ақпарат және фейкпен күресуді көздейді, мұндай ақпараттың қалай пайда болатынын және мақсатын түсіндіреді;
  • әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы өшпенділік пен жеккөрушілікті қоздыру тіліне қарсы тұру;
  • бейбітшілік орнату/қолдау мен төзімділікті дамыту идеяларын нығайту;
  • әртүрлі аудиторияның өзара диалог орнатуына септесу және осы қауымдастықтардың ішіндегі проблемаларды шешу, қарым-қатынас табуға көмектесу;
  • ортақ құндылықтарды талқылауға ынталандыру, ел ішінде азаматтық белсенділік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту;
  • қоғамның елде, аймақта және әлемде болып жатқан оқиғаларды жақсырақ түсінуіне мүмкіндік туғызу;
  • сөз бостандығы, адам құқықтары, гендер және басқа да барлық теңдік түрлері идеясын қолдау.

Қандай жанрдағы жоба ұсынуға болады?

Internews түрлі жанр/түр/форматтағы контент өндірісін қуана құптайды. Аналитика, журналистік зерттеу, танымдық-ойын-сауықтық және оқу-ағарту форматтары, сатира, арт-контент (клиптер, қысқаметражды көркем фильмдер, әлеуметтік роликтер), сторителлинг, фактчекиң, деректі фильм, сұхбат, ток-шоу және тағы басқа жобалар ұсына аласыз.

Байқауға қалай қатысады?

Байқауға қатысу үшін жоба сипаттамасы мен бюджеті бар өтініш беру қажет. Толтырылған өтінішті 2022 жылғы 23 қазан, Алматы уақытымен сағат 23:59-дан кешіктірмей Central-Asia-REVIVE-Info@internews.org эл.поштасына жіберіңіз. Тақырыпқа «Контент өндірісі – Қазақстан» деп көрсетуіңіз қажет. Тақырыпсыз жіберілген хаттар спам ретінде жетпей қалуы ықтимал.

Өтініш жібердіңіз. Енді не болады?

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтініш байқау критерийлеріне сай екені қаралып, техникалық іріктеуден өтеді. Техникалық талаптарға сай келген финалистерді идеясын таныстыру үшін питчиң-сессияға шақырады. Екінші кезеңде қазылар алқасы питчиң-сессиядағы презентация нәтижесіне қарап, жеңімпаздарды, яғни негізгі және қосалқы жобалар тізімін анықтайды.

Қазақстандағы Internews 2022 жылғы 7 қазан, сағат 16:00-де ақпараттық-кездесу өткізеді. Сол кездесуде байқау шарттары туралы толығырақ біліп, сұрағыңызды қоя аласыз. Өтініш берушілер бұл кездесуге Zoom арқылы қосыла алады. Бұған қатысу үшін осы сілтемені ашып, тіркеліп алыңыз.

Іріктеу критерийлері:

  • Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес тіркелген заңды тұлға болуы міндетті;
  • Контент өндірісі саласында тәжірибесі (кемі бір жыл);
  • Жұмыс портфолиосы, команда мүшелерінің (кем дегенде үш адамның) жеке-жеке жұмысы;
  • бірегей, оригинал, креатив, жаңашыл идея;
  • байқаудың жарияланған тақырыптарға сай келуі;
  • кең аудиторияға бағыттау (контент тарату);
  • жобаны қазақ және/немесе орыс тілдерінде жүзеге асыру мүмкіндігі;
  • серіктестерден контентті таныту-тарату бойынша қолдау хаттар;
  • Орталық Азиядағы медиа тұтыну бойынша аймақтық зерттеудің алдын ала мәліметтерін алғаннан кейін өзгеріс енгізуге келісім беру;
  • жобаны жүзеге асыруға қажет техникалық құралдардың болуы;
  • сапалы журналистиканың кәсіби және этика стандарттарын ұстану;

Қосалқы тізім дегеніміз не?

Internews 2022 жылғы қарашада Орталық Азия елдеріндегі медиа тұтыну бойынша аймақтық зерттеудің алдын ала нәтижесін алады. Іріктеуден өткен авторлар зерттеу нәтижесіне қарай өтініштерін жетілдіріп, пысықтауы керек. Егер қатысушылар бастапқы өтінішке өзгеріс енгізе алмаса, онда Internews қосалқы тізімнен жаңа жеңімпазды анықтауға құқылы.

Қосымша ақпарат

Біз құжат жиынтығы түгел болса ғана (өтініш, жоба бюджеті, жобаны түзетуге келісім, ілеспе құжаттар, серіктестердің келісім хаттары) қарастырамыз. Internews бір не бірнеше құжаты жоқ жобаларды қарастырмауға құқылы.
Өтініштер қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Байқау жеңімпаздары жобасын бастамас бұрын медиасауат, фактчекиң, сапалы медиаконтент жасау бойынша оқу трениңтеріне қатыса алады. Сондай-ақ, Қазақстандағы Internews командалардың контентін жақсартуына көмектесу үшін серіктестерді жобаны жүзеге асыру кезінде медиасарапшылардың консультация қолдауымен қамтамасыз етеді.

Қандай бір сұрағыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз! Сұрағыңызды Central-Asia-REVIVE-Info@internews.org эл.поштасына жазыңыз, жауап береміз. Хат тақырыбына «Контент өндірісі — Қазақстан» деп көрсетсеңіз екен.

REVIVE жобасы аясындағы грант байқауы Қырғызстан, Өзбекстанда және Тәжікстанда өтіп жатыр. Бұл байқау туралы хабарды басқа елдердегі әріптестеріңізбен бөлісе отырыңыз.

Аутизм тақырыбына жаңашылдық жетіспейді

«Аутизм – ауру емес, бұзылыс» – қазақша БАҚ-тың аутизм тақырыбындағы материалдарының басым бөлігінен осы сөйлемді таба аласыз. Әрі мақала не сюжеттің мәтіні ғана емес, құрылымы да ұқсас. Кейінгі бір жылда жарық көргендерін қарап шыққанда осыны байқадық. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыптың отандық медиада қалай жазылатынына шолу жасады.

БАҚ беттерінде аутизм жайлы көбіне көктемде сөз болады. Өйткені 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Республика не халықаралық деңгейде бекітілген даталарда сол мәселеге қатысты материалдың көп шығуы түсінікті құбылыс. Дегенмен БАҚ аутизм тақырыбын жылына бір рет айтып қана қоймай, инклюзив қоғам құру мәселесі әлемде өзекті болып тұрғандықтан жиі әрі экологиялық түрде ұсына білсе, дұрыс.

Әдетте, аутизм туралы материал кейіпкері ретінде бала және оның анасы алынады. Әкесі аса көрініс таба қоймайтынын да атап өткен жөн. Өйткені кейінгі бір жылдағы сюжеттердің ішінен баласы туралы әңгімелеп жатқан әке көзімізге шалынбады. Басты кейіпкер жалпы кадрда көрсетіледі, оның мазасызданып, анасының бетінен ұрып, қолын ербеңдете беретіні ірі планмен беріледі. Aqtobe телеарнасынан көрсетілген мына сюжетті көріңіз де, басқаларын да солай елестете беріңіз. Баласы туралы айтатын ана, бала кейіпкердің өзі немесе арнайы терапия алатын балалардың орталықта коррекциялық жаттығу жасап жатқан сәттері және дәрігердің синхроны – сюжеттің құрылымы шамамен осындай. Бірақ сол кейіпкердің тілін табуға тырысып, сөзге тартатыны сирек, жоқтың қасы десек те болады.

Иә, аутизм белгісі бар адамдардың іс-әрекеті өзгеше. Олардан толыққанды сұхбат алу оңайға соқпайды. Десек те, ересектермен жасалған сұхбат, подкаст интернетте көп. Мысалы Youtube желісінде Crazymarydi деген арна бар. Сол жерден бірнеше шығарылымды көріп шығуға болады. Айтпағымыз, балаларды сөзге тарту қиын деп қоя салмай, ересектеу кейіпкерлер іздесе жақсы болар еді.

Келесі бір байқағанымыз – сюжеттер мен мақалаларда спикер ретінде ABA терапия жүргізетіндер, ерекше балалармен жұмыс істейтін орталық қызметкерлері, дәрігерлер пікір береді. Әрине, маман ретінде олардың қатысқанына еш наразылығымыз жоқ. Бірақ олар айтатын жалпылама ақпарат көбіне қайталанады. Яғни басым көпшілігі тек ақпараттық сипатта. Егер біз шын мәнінде инклюзив қоғамға ұмтылғымыз келсе, бағытты бұру керек. Байланыс орнатуы қиын адамдардың өзін сөйлететін мүмкіндік бар. Ол үшін арт әдісті немесе арнайы құрылғыларды қолдануға болады. Көзге тіке қараудан қашады делік, олай болса неге подкаст түрінде ұсынбасқа? «Все не как все» подкастында аутизмі бар ересектер өзі жайлы, өмірі хақында, тұрмысы туралы ой бөліседі. Өте қызық! Осы ретте ескерте кететін бір жайт: балаларды кейіпкер ретінде алған жағдайда БҰҰ «Балалар құқығы» туралы конвенцияда жазылған ережелерді қатаң сақтауға кеңес береміз.

Qazaqstan арнасының «Теледәрігер» бағдарламасынан бұл тақырыпқа қатысты екі материал көрдік. Екеуінде де айтылатын ақпарат ұқсас, тек қонақтары басқа. Айырмашылығы сол – біреуінде дәрігер мамандар шақырылса, екіншісінде терапия жасап жүргендер сөйлейді. Ерте жастан тану, баланы қабылдау, әлеуметтендіру, қалтаға түсетін қаржылай салмақ мәселелері қозғалады. Баласында аутизм белгілері болуы мүмкін деген ой мүлдем кіріп шықпаған, көп қылығын еркелікке балап жүрген ата-ана үшін пайдалы ақпарат бар. Осыған ұқсас сюжет «Хабар» арнасындағы «Оян, Қазақстанда» да жасалған. Дәрігер 8 минут ішінде онлайн байланысқа шығып, аутизм жайлы айтып береді.

Abai TV-да аутизм тақырыбын ауқымдырақ талдайды. Атап айтқанда, ғылыми негіздерден бастап, әлеуметтік факторларға дейін талқыланған. Өзге бағдарламадан ерекшелеп тұрған тұсы – форматы. Талқыға қатысатындар үстел басына жиналып, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, мәселені тереңірек қарастырады. Қоғамдағы проблемаларға шешім болатындай ұсыныстар да айтылды.

Мақалаларға келсек, мұнда да жағдай шамалас. Атап айтқанда, белгілі бір жерде жаңа орталықтың ашылғаны туралы ақпарат, қолда бар статистика, аутизм белгілері, ата-аналарынан, мамандардан алынатын пікір – құрылымы осындай. Көбірек қозғалғаны, жаңаша ұсынылғаны, әлбетте жақсы. Әсіресе, тамызда Қостанай облысының Жамбыл ауылында болған қайғылы жағдайдан кейін бұл тақырып жайлы қоғамға көбірек ақпарат беру керектігі байқалды. Себебі ауылдастары бес жасар қызды көшеде көрсе де, аутизм белгісі барын байқамаған. Салдарынан бүлдіршіннің денесі өзеннен табылып, бір отбасы қара жамылды.

Жалпы журналистер қоғамға осындай ерекше адамдар туралы ақпарат беру арқылы ғана көмектесе алады. Соның ішінде сауатты, мәдениетті, ашық жеткізе білуі керек. Бүгінгі таңда аутизм туралы жазудың бекітілген стандарты жоқ. Мысалы аутизм белгілері бар адам деу керек пе, әлде аутист пе? Осы сауал көп талқыланады. UK autism community терминді қалай қолданған дұрыс деген сауал төңірегінде зерттеу жүргізген. «Аутизм белгілері бар» деген сөзді мамандар көбірек қолдаса, ерекше баласы бар отбасы мүшелері, жақындары «аутист» деген дұрыс деп жауап берген. Бізде де «аутист» деу дискрминация дейтіндер бар. Әйтсе де, осы саланы көптен бері зерттеп жүргендер «қалай деп атау керек» дегенге аса бас қатырып керек емес дейді. Аутизмді зерттеумен айналысатын британиялық ұлттық қайырымдылық ұйымы жасаған нұсқаулықта біршама кеңес бар. Осы тақырыпты қозғайтын кезде назарға алуға болады.

P.S. Аутизмі бар балалар жайлы деректі фильм түсірсе де, ерекше балаларды фильмдерге қатыстырса да құба-құп. Басты назарды диагнозға ғана тірей бермей, адам ретінде бейнесін ашуға тырысқан жөн.