Домой Блог Страница 13

Қостанайдағы өрт: көшірме көп, эксклюзив аз, сарапшы тапшы

Қостанай облысындағы өрт кейінгі он шақты күн бойы басты тақырыптың бірі болды. Қазақша БАҚ ақпаратты жедел таратуға тырысып бақты. Бірақ көпшілігінде ресми дереккөздің мәлімдемесі мен бір-бірінен көшіріп басқан материалдар екенін байқадық. Оған қоса, сарапшы тапшылығын да атап өту керек. Қай арнаны қоссақ та, қай сайтты ашсақ та бір адамдарды қайталап көре бердік. Қазақтілді БАҚ Қостанайдағы өрт туралы не жазды, қалай көрсетті? «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр шолу әзірледі.

Кешігетін жаңалық, аударма ақпарат

Өрт туралы алғашқы ақпараттар 3 қыркүйек күні шықты. Ал төтенше жағдай одан бір күн бұрын басталып кеткен. Тәулік бойы хабар тарататын «Хабар 24» арнасының 3 қыркүйек күнгі 15:00-дегі шығарылымын мысалға алайық. Тікелей эфирде алдымен депутаттардың бас қала атауын өзгертуге қатысты ұсынысы жайлы сюжет берілді. Одан соң Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің өртенгені туралы бір минутқа жетер-жетпес айтылды. Кейіннен бүгінгі тақырыпқа ауысып, аз-маз ақпарат берді. Шамамен осы уақытта еліміздегі сайттарда Әулиекөл ауданындағы орман өртіне қатысты ақпараттар шыға бастады. Бастапқыда барлығы бір-бірінен көшіріп басты. Әлбетте, ресми мәлімдемелердің рерайт жасалуы түсінікті. Десе де, осы ретте қазақша медиадағы бір мәселені атап өту керек. Ол – жаңалықты жариялауда кешігу. Мәселен, «Тенгриньюстің» орыс бөлімінде өрт жайлы бірінші жаңалық 13:29-да шыққан. Ал қазақ бөлімінде ондай ақпарат 14:18-де жарияланды. Аударуға уақыт кетті дейін десек, қазақша ақпарат қысқа және орысша нұсқаның аудармасы емес. Бұл жерде журналист жедел ақпарат таратпады ма, әлде оның қолына түскен ақпарат орысша болды ма белгісіз. Бұл проблема қазақ медиасында бұрыннан бар. Тілшілер көбіне ресми мәлімдемелердің мемлекеттік емес, ресми тілде бірінші таралатынын жиі айтып, қозғап келеді.

«Тенгриньюсте» «Қалпына келтіретін ештеңе жоқ: Аманқарағай ауылындағы қазіргі жағдай қандай?» деген фоторепортаж жарық көрген. Лидінде: «Қостанай облысы Аманқарағай ауылында өрт сөндірушілер жұмысын жалғастырып жатыр. Зардап шеккен ауылдың келбеті Tengrinews.kz фототілшісі Тұрар Қазанғаповтың репортажында» делінген, тілшінің атын таппадық. Қазанғапов мәтінді өзі жазған ба? Репортажда әсерлі суреттер, арасында ауылдың ахуалы жайлы шағын сипаттамалар бар. Сайттың орыс бөлімінен фоторепортаждың түпнұсқасын көрдік, уақыт айырмашылығына келсек, 5 қыркүйек күнгі 13:58 және 14:27. Қайсысы екінші шыққаны айтпаса да түсінікті. Жә, бұл аударма делік. Бір қызығы, ертесіне 06:49-да осы фоторепортаждың көлемді нұсқасы жарияланды. Әлгінде таппаған автор белгілі болды. Оқиға орнына бір редакциядан бір журналист қана барған. Қазақ бөлімі аударып берумен шектелген. Бұл – бір ғана мысал. Екі тілде ақпарат тарататын медиаларда жағдай осы шамалас.

Аймақтық БАҚ-тың ахуалы

Қостанай облысындағы жергілікті БАҚ жұмысына қатысты айта кетейік. Qostanai арнасының күнделікті жаңалықтарынан да, апта қорытындысынан да іліп аларлық ештеңе таппадық. Бұл оқиға болып жатқан облыстың бас арнасына үлкен сын.

Аймақта бұдан бөлек бірнеше БАҚ бар. «Қостанайские новости» сайты дронмен түсірілім жасап, шағын видео әзірлеген, бұл еңбегін бағаламай өтуге болмас. Әйтсе де, сайттың қазақша нұсқасы жоқ. Ал «Біздің Қостанай» газетінің ресми сайтында кейінгі мақала 3 қыркүйек күні салынған. Оның өзі өрт туралы емес, өнегелі жанұя жайлы. Instagram парақшасында өрт басталғаны туралы ақпарат шыққан күні мәндес пост салынған. Одан кейін мемлекет басшысының келетіні, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы кейінге шегерілетіні және гуманитарлық көмек жинайтын орындар туралы бір-бір посттан жарияланған. Сайттың орысша нұсқасы әлдеқайда «тірі». Оқиға жайлы жедел ақпарат беруге тырысқан.

Келесі БАҚ – «Алау». Сайты да, телеарнасы да бар. Уеб-сайтты шолып шыққанда байқағанымыз, материалдар орысша салынады. Қазақша нұсқасын таңдағанда жүйе автомат түрде мәтінді қазақшаға аударады. Бастапқыда қазақ тілін таңдағанда «Көз жасынсыз қарау мүмкін емес. Әулиекөл ауданындағы өрттің салдары» деген материалды көріп, калька аударма деп қалдық. Сөйтсек, бұл жүйедегі баптау ғана екен. «Алаудың» Youtube арнасында күнделікті жаңалықтар ғана қазақша салынады. Қалған контент – ресми тілде. Осы ретте мына ескертпені қоса айтқанды жөн көріп отырмыз: эфир жазбасын желіге жүктегенде «Жаналыктар 08.09.22» деген сынды атау қоймау керек. Кемінде «Жаңалықтар» болғаны жөн.

Қайда қарасаң да бір сарапшы…

Қостанайдағы өрт жайлы ақпарат таратқан БАҚ-тардан байқағанымыз – орман, төтенше жағдай жайлы жіліктеп айтып беретін спикер аз. Бұл журналистің ізденісінің аздығынан ба, әлде шынымен маман тапшы ма? Мысалы «Азаттықта» «Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?» деген атаумен көлемді материал жарияланды. Тілшілердің оқиға орнына барған ерлігі, тұрғындармен тілдесуі, тікелей эфирге шығуы, фоторепортаж ұсынуы мақтауға лайық. Тақырып жан-жақты ашылған, мәселенің мән-жайын анықтау үшін сарапшыларға жүгінген. «Экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген экобелсенді Сәкен Ділдахмет Қостанай облысындағы өрт орман шаруашылығын қаржыландыру мәселесін, маман тапшылығын, өрт сөндіру техникаларының ескілігін ашық көрсетіп берді деп санайды» деп проблемаға үңілген. Дәл осы сарапшыны бір апта бойы барлық дерлік БАҚ-тан көрдік. Ол Qazaqstan арнасының «Ашық алаңында», «Хабар 24»-тегі «Анығында» және «Күн тәртібінде» бағдарламасында қонақ болды, бірқатар сайттың материалында да пікірі жүр. Маман ретінде талдау жасаған сарапшыға айтар уәжіміз жоқ. Тек спикерлер тізімін жағдайға қарай жаңартып отыру керек.

Әйтсе де, журналистер жазып, сарапшыларға талдатқаннан кейін импакт байқалғанын атап өту керек. Мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүрген мамандардың айлығы өсетін болды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Дмитрий Титов алдағы уақытта бұл мәселе қарастырылатынын айтты.

Қазақша БАҚ-қа көшірмеден эксклюзивке көшкен дұрыс. Өкініштісі, бүгінде басым көпшілігі әріптесінің материалын аударып не өңін сәл өзгертіп берумен шектеліп отыр.

Қостанайдағы өрт, президент сайлауы, жолдау: 29 тамыз – 4 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

1 қыркүйек – жаңа оқу жылымен қатар жаңа телевизиялық маусым басталды. Бұған жаңа саяси кезең қосылды: президент жолдауы, мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәлімдемесі және тағы басқа. Отандық телеарналардың апталық-сараптамалық бағдарламалары да жаңа маусымын бастады, сәйкесінше, «Жаңа репортер» айдары да өз жұмысын жалғастырады. Бұл жолғы жаңалығымыз – сараптамалық бағдарламалардың қатарына Astana TV арнасының Sarap-Times жобасы қосылды.

 «Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасының жаңа маусымын Жігер Сәрсен жүргізеді. Бір сағаттық бағдарлама уақыты 40 минутқа қысқарыпты.

Алғашқы сюжет президенттің халыққа жолдауына арналды: Қ.Тоқаевтың президент сайлауы өтетінін жариялағанына мән беріліп, жолдаудың осы тұсынан үзінді берілді. Тілші Гүлжан Мархабаева «Бір рет және 7 жыл. Сарапшылар президенттің бұл шешімінің астарында екі фактордың жатқанын айтады. Бірі – экономикалық жағдай, екіншісі қоғамның сенімі» деді. Сюжетте пікір білдірген сарапшы елімізде Тоқаевқа белсенді бәсекелес жоқтығын, оған деген сенім деңгейі жоғары екенін айта келе, «сондықтан 2024 жылы президент сайлауға алаңдамаса да болады» деп түйді. Президент сайлаудың биыл өтетінін айтты. Ал сарапшының сөзінде (дәлірек айтсақ, орыс тілді сарапшының қазақ тіліне аударылған синхронында) 2024 жыл туралы айтылады. Бұл – сайлау датасына қатысты көрерменге қате, яки түсініксіз ақпарат беру. Сондай-ақ, сарапшының соңғы сөйлемін сюжетке енгізбесе де, спикердің негізгі ойы алғашқы сөзінен-ақ белгілі еді.

Сондай-ақ, президент жолдауында: «Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады» деді. Яғни бұл – президенттің шешімі емес, ұсынысы. Содан соң, алдағы кезектен тыс президент сайлауы арқылы Тоқаев бірден 7 жылға сайланады деген де сөз емес. Тілші өз материалында осы фактіні ескермеген.

Сюжет авторы президент жолдауындағы бірнеше маңызды бағытқа тоқталып, үзінді берді. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің ауысқанын да қамтыды. Бес минутқа жуық сюжетте өзге сарапшылардан пікір алынбаған.

Жолдауға тағы бір сюжет арналды. Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелерге арналған «Әлеуметтік әділдік» деп аталатын материал балабақшада балаға қол көтерген тәрбиешінің әрекетін ашық көрсетуден басталды. Президенттің тәрбиешіні аттестациялауды міндеттегенін «ақтайтын» кадрлар болса керек. Президенттің синтетикалық есірткі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе көтеруіне байланысты осы тәріздес видеодәлелдер көрсетілді.

Сәкен Сейітханұлы жаңа оқу жылының басталуына орай білім саласындағы түйткілді мәселелер, оқу бағдарламасына енгізілген жаңашылдықтар туралы баяндады. Тиянақты сюжет.

«Конституция догма емес». Жігер Сәрсенұлы АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джеферсонның осы ойын айтып, бағдарламаны «Тәуелсіздік алғалы бері Джеферсонның бұл тәмсілін асыра орындап қойған секілдіміз» деп жалғастырды.

Ал Ақбөпе Тәңірберген келесі сюжетте: «Сарапшылардың пікірінше жаңа жолдаудан жаңарған Конституцияның келбетін аңғаруға болады» деді. Мемлекет басшысының әр мәлімдемесінің Конституцияға сай болуы аксиома емес пе? Өйткені «ҚР Президентiнiң мәртебесi» туралы Конституциялық заңның 1-бап, 2-тармағына сәйкес, «Республика Президентi – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi». Олай болса, сюжеттен мұндай сәйкестік іздеудің өзі шығармашылық топ тарапынан жіберілген саяси қате.

Соңғы сюжет «Хабар» арнасының жаңа маусымына арналды.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap-Times бағдарламасының жаңа маусымын Дастан Сейілханұлы жүргізеді. Бағдарлама жүргізушісі жолдауға ұзақ шолу жасады. Сарапшы сөзімен президент сайлауына қатысты бірнеше дерек келтірді, заң бойынша оның бір ұйым атынан түсуі тиіс екенін айтты.

Ал сюжетте «Балалар жылы» аясындағы өзгерістерге мән берген. Президент жолдауындағы бала игілігіне бағытталған ұсыныстарды жүйелі талдаған сюжет болды.

Кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында президенттің зейнет жасына қатысты ұсынысы талданды. Көптің пікірі берілген, құптарлық қадам.

Президент жолдауда көтерген мәселелердің бірі – инженерлік желілердің тозуына қатысты сюжет те көрерменге түсінікті етіп талданған. Материалда Алматыдағы ықшам аудандардың біріндегі мәселе көтерілген. Қаладағы жалпы жағдайға қатысты мәлімет келтіріліп, әкімшіліктің жауабын тілші өзі айтты.

Президент айтқан елдегі жол мәселесі және 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыру туралы мәлімдемесі келесі сюжетке арқау болды. Жол сапасы,  инженерлік желілердің алдын-ала, жол салынбай тұрып тартылмайтыны талданып, сарапшылар сөйледі.

«Кері байланыс» айдарында Саят Жөкенұлы Amanat партиясының хатшысы Дәулет Кәрібекпен сұхбаттасып, жолдауды талқылады.

«Қаңтар» оқиғасына қатысқан, ауыр қылмыс жасамағандарға рақымшылық, есірткіге тәуелділер санының артуы, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері бір сюжетке топтастырылды. Әттеген-айы, жалпы шолудан, президент сөзін нақтылаудан аса алмаған. Мәселені зерттеуге, себебін тереңнен іздеуге ұмтылыс жоқ.

Әскердегі өлім-жітімге арналған соңғы сюжет толымды жасалған. Тілші мәселені жан-жақты ашуға тырысады. Бағдарламадағы ең маңызды сюжеті осы болды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасында Ғалым Кәлменұлы президент жолдауын сарапшымен емес, журналист Артур Мағзомовпен талқылады. Ол сайлау тақырыбынан бастап, өзі жасаған сюжетке аңдатпа берді. Сюжетте тілші биыл президент сайлауы өтсе, жаңа президент қанша жылға сайлануы мүмкін деген сауалға жауап іздеген.

Президенттің 1 қыркүйекке дейін елге кірген шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру жөніндегі ұсынысы да талданды. Ұсыныстың жақсы жағын айтумен шектелген біржақты сюжет. Президенттің бұл ұсынысы заңға қайшы емес пе, онда неге утилалым дауы шықты, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы талаптар қайда қалды деген сауалдар ашылған жоқ.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелер туралы бірнеше сюжет әзірледі. Отбасының цифрлық картасы айналымға енгені туралы мағұлмат бар. Бала күтіміне байланысты жәрдемақының 1,5 жасқа дейін берілетіні, Ұлттық қор түсімінен балалардың шотына ақша аудару алгоритмі туралы құзырлы орган өкілдері, депутаттар түсініктеме берген.

«Айна» үкіметтің сенбі күнгі отырысы туралы сюжет ұсынды. Әлихан Смаиловтың сөзінен үзінді беріп, қысқа қайырды.

Махамбет Бейбітшілік әзірлеген «Ұлт ұстазының ұлағаты» сюжеті Ақмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналды. Бұл материалда Ахаңның ғылыми мұраларына толымды талдау жасалған. Президенттің жолдауынан шыға алмаған өзге арналардағы сараптамалық бағдарламалардан осы аптада «Айнаны» ерекшелеп тұрған сюжет болды.

Махамбет Бейбітшіліктің келесі сюжетінде мемлекеттік органдар қолданатын қазақ тілінің орыс тілінен калька аудармаға айналғаны, ұғымдар дұрыс қолданылмайтыны туралы тиянақты зерттеу жүргізілген. Мағұлматы мол сюжет.

Алматыны су басу қаупі бар. Жергілікті әкімдік қауіптің алдын алу үшін екі платина салып жатыр. Жақында қала басшысы Төтенше жағдай министрімен бірге тау бөктеріндегі көлдердің ахуалын барлап қайтқан. Ұлан Тәліпбай осы мәселе туралы сюжет ұсынды.

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдары 1 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде тараған қызықты оқиғаларға арналды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta Қостанай облысындағы өрттен басталды. Жүргізуші Альбина Әшім оқиға орнында жүрген тілшімен тікелей байланысқа шықты. Тілші жағдайды баяндап, ТЖМ өкілінен сұхбат алды.

Бағдарламының бірінші сюжеті ҚР президентін кезектен тыс сайлау тақырыбына арналды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда мемлекет басшысын жеті жыл мерзімге бір рет сайлау туралы айтқан ұсынысын да қамтыды. Бұл ұсынысты депутаттар іліп әкеткен еді. Сюжетте депутаттар мен қырғыз сарапшысының комментарийі бар. Бәрінің пікірі «бұл ұсыныс әрі маңызды әрі керек» дегенге келіп саяды.

Содан кейін Альбина Әшім Мәжіліс депутаттарының астанаға «Астана» атауын қайтаруды ұсынғанын айтып өтті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы тақырыптар екінші сюжетке де арқау болды. Сюжетте экономиканы дамыту, диферсификация, жаңа экономикалық саясат бағытына назар аударды. Экономистер мен саясаттанушылардың комментарийі көп. Тақырыпты толымды ету үшін экономиканы дамытатын адамдар, яғни кәсіпкерлердің де пікірін сұраған жөн еді. Бірақ оларды сөйлетпеді.

Жолдау тақырыбы үшінші сюжетте жалғасты. Бұл жолы әлеуметтік салаға мән беріп, әйелдердің зейнет жасы, әр балаға есепшот ашып, 18 жасқа толғанша Ұлттық қордан ақша аударып отыру жайын талқылады. Сюжетте кейіпкер мен сарапшылар пікірі көп. Көшеде сауалнама жүргізіп, тұрғындардан балаларға есепшот ашып, қаржы салуға қалай қарайтынын сұрады.

Қостанай облысындағы өрт туралы үлкен сюжетте зардап шеккен көп тұрғынды сөйлетіп, оқиғасын баяндады.

Apta Украинадағы ахуалды назардан тыс қалдырмай, апталық бағдарламасында көрсететін жалғыз қорытынды бағдарлама болып отыр. Бұл жолы да дәстүрінен айнымай, эксклюзив сюжет берді. Телеарнаның Киевтегі тілшісі материал дайындапты. Украина әскерінің қарымта шабуылы мен Киев тіршілігін баяндады. Сарапшылар комментарийі мен тұрғындардан сауалнама бар.

АҚШ-тың Украинаға қолдауы мен Ресейге салған санкциялары туралы халықаралық тақырыптар жалғасын тапты. Студиядан Уашингтон мен Мәскеудегі тілшілермен байланысқа шықты. Олар АҚШ қолдауы мен РФ экономикасының жай-күйін айтты.

Оқу жылы басталды. Оқушы саны артып, мектептерде орын жетпей жатыр. Президент бұл мәселені үш жылда шешуді тапсырды. Үлкен талдамалы сюжет мәселенің шешімі қаншалық қиын екенін түсіндірді. Ата-анадан бастап министр мен сарапшыларға дейін сөйлетті.

Бағдарлама Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Радиофобия мен экономика қыспағындағы АЭС тақырыбы

Семей ядролық полигоны (және басқалары) сияқты бэкграунды бар біздің елде атом электр станциясын салу тақырыбы қызу талқыланбауы мүмкін емес. Бұған, халық жадында әлі жаңғырып тұрған Чернобыльді қосыңыз. Фукушима тағы бар: жапондардың өздері апатқа ұшырағанда, бізге не жорық деушілер көп.

Қазақстанда АЭС құрылысы туралы көптен айтылып келеді. Біз тек «Тоқаев дәуіріндегі» материалдарды қарастырамыз. Себебі, елімізде барлық жұмыс ағымдағы биліктің білгенімен жасалатыны белгілі.

Тоқаевтың, атом электр станциясы мәселесінде «халықтың пікірін назарға аламыз» дегенінен бастап,  басшы ретінде жағымсыз шешім қабылдауға мәжбүр екенін айтқанға дейін екі жарым жылдай уақыт өткен. Халықтың пікірінің нәтижесі ақыры қоғамға жарияланған жоқ, әрі, БАҚ-та жарияланған материалдарда ғылыми талдаудың үлесі сонша мардымсыз.

«Егемен Қазақстанда» жарияланған «Бізге атом электр стансасы қажет пе?»  деген мақала авторы сұрақты алдын ала риторикалық деп шешкен. Әңгімесін «Атом» десе, біздің халық ат тонын ала қашады. Міне, содан бері «Атомнан аулақ!» деп байбалам салған жұрт әлеуметтік желіні өртеп жіберуге шақ қалып тұр» деп бастаған автор мақала бойы жұрттың байбаламына контрдәйек келтірмейді. Ал бір тұста ол кенет ядролық физикадан маман деңгейіндегі мағлұмат келтіреді.

Мақала авторы Ербосын Нұрмұханның «экономист» деп көрсетілгенін ескерсек, мұндай ғылыми мағлұматы барына қуанбасқа болмайды. Әттеген-айы, мақаласын: «…cол үшін «шегірткеден қорыққан егін екпестің» керін келтірмей, атом десе ат тонымызды ала қашпай, елдің ертеңін ойлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдағанымыз дұрыс! Бізге атом электр стансасы қажет!» деп аяқтап, осы әңгімені неменеге бастағанын білдіріп қояды.

Қоғамды мазалап отырған қауіпсіздік мәселесі болса да, АЭС тақырыбында тек экономикалық мазмұндағы публикациялар басым, оның өзінде былайғы оқырман үшін қайшылық көп. «Сарапшы шағын модульді атом реакторларының келешегі туралы пікір білдірді» деген мақалада сарапшы, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин Қазақстанға тиімді деп есептелетін шағын реакторлар туралы айта келіп: «…техника жағынан да, экономика жағынан да келешегі бар екенін көрсетіп отыр» дейді де, іле-шала: «…өйткені дәл қазір нарықта ондай дайын реакторлар жоқ» дейді. Сонымен, шағын реактор деген өмірде бар ма, әлде жоқ па? Бәлкім, мақала түпнұсқа – орыс тілінен дұрыс аударылмады деп топшылауға болады, бірақ оқырман түпкі ойды аршып жеуге міндетті емес екенін де ескеру керек.

АЭС тақырыбын экономикалық тұрғыдан талдау көп болғанымен, неге тиімді екенін есептеу әдістемесі көбіне жұмбақ болып қалады. «Азаттықта» шыққан  сұхбатта KEGOC бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев соңғы аукциондарда күн электр энергиясы 14 теңге тұрды, ал Аккуюде (Түркия) салынып жатқан АЭС беретін электрдің киловатт-сағаты 60 теңге деген мәлімет келтіреді. Локал аукциондағы баға мен нақты салынып жатқан АЭС электр энергиясының бағасын салыстыру қаншалықты орынды? Әрі күн-жел энергиясын өндіруде аккумуляция мәселесі де бар емес пе? Тақырыпта осы мәселенің жұмбақ болып қалғаны – сұхбаттың сұрақ-жауап, «пинг-понг» форматында өткенінде болар.

Sputnik.kz сайтында (Facebook бұл басылымды мемлекетке бағынышты – State control media деп маркерлейді) аталмыш саланың нағыз маманына тұғыр берілген. Ядролық физика институының бөлім меңгерушісі Сергей Кислицын қоғамдағы радиофобияға байланысты пікір білдіріп, «Хиросима мен Нагасаки қазір Жапониядағы денсаулық жөнінен ең озық провинциялар» дейді. Бұл фактінің расталмайтыны өз алдына, осы сөзінің қоғамға басу айту үшін қолданылғаны қаншалықты сәтті мысал екені де даулы. Бір жағынан, сұхбат ішінде әлемдік тәжірибеде әдетте алға тартылатын адами фактор жоқ, технология туралы мәлімет қылаң береді.

АЭС тақырыбындағы публикацияларда қоғамдағы радиофобияны негізі жоқ тежегіш дегеннен басқа дискурс байқау қиын. Медицина ғылымы тұрғысынан мақалалар жоқ, денсаулық мәселесі кейде жанама ғана аталады. Ал Тоқаев «фобияға орын жоқ» деп, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу керек дегеннен кейін мемлекеттік БАҚ-тың ұстанымы ақыры бірізді болған тәрізді. Биыл болса, АЭС тақырыбында журналистік тұрғыдан бейтараптық сақтамай-ақ, біржола «АЭС керек» деген ұстанымда жаза берсеңіз болады. Себебі, президенттің өзі АЭС мәселесінде экономикалық ахуалдан мақұрым популистердің жетегінде кетпеу керегін мәлімдеді. «Мақсат айқын, бағыт анық» болса, о баста қоғамдық талқыға ұмтылудың не қажеті болды екен?

Demoscope былтыр жүргізген сауалнамада, АЭС құрылысын толық қолдайтындар небәрі 10% болған. Ал сол респонденттердің 41% АЭС салу бойынша референдум өтуін қолдаған. 39% респондент Арыстағы әскери қоймалардың жарылғанындай бассыздық бола ма деп үрейленеді. Бірақ, басында халықтың пікірі маңызды болғанымен, ел өміріндегі сондай маңызды шешімді билік тағы да біржақты шешуге бел буғанға ұқсайды.

«Медиаэтика» пәнін оқыту әдістемесі» деген тақырыпта тренерлерге арналған трениң өтеді

KazMediaNetwork қоғамдық бірлестігі 16-20 тамызда «”Медиаэтика» пәнін оқыту әдістемесі» деген тақырып бойынша тренерлерге арналған трениң өткізеді. Онлайн трениңге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы университеттердің журналистика оқытушылары қатыса алады. 

Трениң бағдарламасында: курсты әзірлеудің теориялық негіздері, материалды пысықтаудың түрлі тәсілдері, басқа елдердегі медиаэтика оқыту тәжірибесімен танысу және курсты (немесе жеке модульдерін) жасау бойынша практикалық жұмыстар бар. 

Тренинг мақсаты мен міндеттері: 

  • Медиаэтика пәнінің даму тарихын түсіндіру, түрлі елдердегі осы пәнді оқыту тәжірибесін салыстыру; оқытудың жаңа әдісі — интерактив лекция/трениңтің мәні мен ерекшелігі;
  • интерактив лекция/трениңтің ЖОО-дағы дәстүрлі оқыту әдістерінен: лекциялар, семинарлар, практикалық/жеке сабақтардан айырмашылығын білу;
  • Ересектерді оқытудың ерекшелігін көрсету және оқытушыларды «Медиаэтика» курсын студенттерге интерактив әрі тартымды етіп оқытуға ынталандыру; 
  • «Медиаэтика» курсын оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін талдау;
  • Онлайн трениңге қатысушылармен бірге «Медиаэтика» курсын оқыту бағдарламасының құрылымын жасау және сценарийін дайындау;
  • Трениң қатысушыларына Padlet, Jamboard, Kahoot, wordwall, Educaplay, LearningApps. org, Renderforest және т. б. сияқты онлайн оқыту құралдарын таныстыру, осы платформаларды пайдалануды үйрету;
  • Трениңте іскерлік ойындар, брейнстормиң, фасилитация/модерация әдістері мен тағы басқа іс-әрекеттерді кәсіби пайдалану машығын қалыптастыру;
  • «Қазақстандағы медианың негізгі принциптері» құжатын мысалға ала отырып, «Медиаэтика» курсының ұсынылып отырған әдістемесін көрсету. 

Бас тренер: Татьяна Иванова (Украина), әдіскер, профессор.

Қашан болады: 2022 жылғы 16-20 тамызда кешкісін сағат 18:00 мен 20:00 аралығында Zoom-да өтеді. Қатысуға арналған сілтемені тіркелгеннен кейін жібереді. 

Қалай қатысады: трениң қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қатысу үшін онлайн өтінішті толтырып, тіркелу керек. Өтініштер 15 тамыз, сағат 24:00-ге дейін қабылданады.

Қосымша сұрақтарыңыз болса, media.principles.kz@gmail.com эл.поштасына хат жаза аласыз.

Бұл тренинг америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен көмегі арқасында мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Мазмұнына «Қазақстандық Медиа желі/KazMediaNetwork» жауапты және мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Рыбакина мен Джеруто. Спорт журналистері легионерлер туралы не жазды?

Биылғы шілде отандық спорт жанкүйерлері үшін «ыстық» болды. Олай дейтініміз, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі жеңіс тіркелді. Айдың басында теннисші Елена Рыбакина (Ресей) «Уимблдонда» топ жарса, өткен аптада Нора Джеруто (Кения) АҚШ-та өткен әлем чемпионатының алтын медалін еншіледі. Мұндай нәтиже Қазақстан құрамасында бұрын-соңды болмаған соң, бұл тақырып талай талқыға тұздық болды. Атап айтқанда, легионер спортшылар және олардың ел спортының дамуына қосатын үлесі жайлы пікірталас қызды. Қазақ тіліндегі БАҚ легионерлер тақырыбына келгенде байсалды сараптама жасай алды ма, әлде эмоцияға ерік бере ме? «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақтілді медианың легионерлер туралы жазғанына шолу жасады.

basnews.kz сайтынан скриншот

Ел тарихындағы елеулі жеңістен кейін спорт сарапшыларының шағын пікірлері де, көлемді сараптамалары да жарық көрді. Мәселен, 20 шілдеде basnews.kz сайтында «Легионер, «натуралданған» спортшы және… ниет» деген тақырыппен материал шықты. Материалдың лидінде ресейліктердің Рыбакинаны өзімсінгеніне ашу табы байқалады. Өйткені автор теннисшінің даңқты жеңісінен кейін біраз шу шыққанын айтып, «жаманы – ресейліктер оны «мәскеулік қыз» деп атағаны» дейді. Журналист легионер деп кімді айтатынын, неше топқа бөлінетінін айта келе, ел тарихында мұндай «алыс-берістің» қашан басталғанына, қалай жүргізіліп келе жатқанына тоқталады. Тілшінің отандық спорт тарихынан жақсы хабардар екені көрініп тұр. Өйткені тайға таңба басқандай тізбектеп, ел сапында жүрген легионер спортшылардың атын атап, түсін түстеп шыққан. Қорытындысында автор өз атынан: «Легионер немесе «натуралданған» спортшылар тақырыбы – әлемдік әңгіме өзегі. Олардың спорттағы табысын ешкім сызып тастай алмайды. Ал оны жергілікті жұрт өзімсініп жатса, тіпті керемет» деп пікір білдіреді.

Aitube.kz сайтынан скриншот

Ал спорт сарапшылары легионерлер туралы не дейді? Мәселен, «Жетінші арнаның» «Айбат» жаңалықтар қызметі спорт журналисі Аслан Қаженовке: «Қазақстан атынан легионерлерді шығару қаншалықты тиімді?» деген сұрақ қойған. «Тарихта қалады. Ал отандық спортқа, қазақ еліне ештеңе бермейді» дейді сарапшы. Легионерлердің елге берері жоқ деп пікір білдіргендер легі мұнымен тоқтамайды. Кейінгі бір жылдың ішінде жарық көрген материалдарды шолып шыққанымызда осыны байқадық. Мысалы, «Адырна» ұлттық порталында қоғам қайраткері Жанұзақ Әкімнің бұл мәселеге қатысты ойы жарияланған. Мұнда Жанұзақ Әкім: «Легионерде отан болмайды. Олардың отаны – конверсия, ақша табу» дейді. «Адырна» тілшілері осы тақырыпта қоғам белсендісі Еркін Рақышевпен де тілдескен. Ол шетелдік спортшылардың елге келуіне қарсы еместігін, дегенмен нәтиже болуы үшін шетелден жаттықтырушы алдыру керегін айтады.

31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы спорт журналисі Бек Төлеуовтен сұхбат алған, ол «бір реттік жеңіс үшін сырттан легионер шақыруды доғару керек» дейді. «Айқын» газетінің тілшісі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлымен сұхбаттасыпты. Басты тақырып – кәсіпқой спорт клубтарына бөлінген қаржы мәселесі. Мұнда да легионерлер жайлы айтылады. Н.Жүнісбайұлы үлкен спортта жақсы команда жасақтау үшін легионер міндетті түрде шақырылады деген пікір білдірген.

Бүгінде сайт редакторлары әлеуметтік желіде әлдекімнің белгілі бір мәселе туралы жазған ой-пікірін дереу сайтқа салып, соның есебінен қаралым жинауға әдеттеніп алды. Айталық, Аслан Қаженовтің жеке парақшасындағы жазбасын newsroom.kz сайты бөліскен. Әлбетте, бұған тыйым жоқ. Автордың рұқсатымен болса, неге жарияламасқа? Десе де, автордың жазбасын ішіндегі бейпіл сөздерімен қоса жариялау жөн емес. Жеке парақшада әркім не жазса да, ерікті. Десе де, ҚР журналисінің этикалық кодексінде әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады. Атап айтқанда, «Журналист қоғамның моральдық және этикалық қағидаттарының нығаюына ықпал етеді» делінген. Кәсіби журналист БАҚ бетіне боқтық сөз жарияламауы тиіс. Аталған постта Қаженов «Барыс» хоккей клубының мүшесі айына 32 млн теңге жалақы алатынын жазып, айтарлықтай нәтиже жоғын, әлем біріншілігінде 7 команданың алтауынан ұтылатынын сынайды.

baq.kz сайтынан скриншот

Baq.kz сайты депутат Қазыбек Исаның футбол клубтарына бөлінетін қыруар қаржыны қысқарту қажеттігі туралы ұсынысын берген. «Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ» дейді ол.

Jas Qazaq газетінің 15 шілде күнгі №27 санында Рыбакинаның жеңісіне қуанған мақала жарық көрді. «Wimbledon бізге де бұйырды!» деп сүйіншілеген материал бірінші беттен басталып, жетінші бетте жалғасады. Қуаныш Рахметтің мақаласында Еленаны кезінде Ресейдің өзі өзекке тепкеніне көбірек мән берілген. Жоғарыдағыдай легионерлерге  ашық қарсылық білінбейді. Тіпті Несіп Жүнісбайұлының жазбасын тілге тиек етіп, «Қазаққа келін бол, Елена!» деп арнайы тақырыпшамен берген. Сөз соңында автор: «Еленаның жеңісінен кейін қазақ жерінде кенже қалған теннис спортына алабөтен қызығушылық оянары сөзсіз. Пайдасыз, тек қарақан басының қамын күйттеп келушілердің қатарынан емес, керісінше, осы елдің көк байрағын биікке ұстауды мұрат тұтып жүрген жандарға қолдау көрсету керек» деп тәмамдайды.

azattyq.org сайтынан скриншот

Легионерлер мәселесіне қатысты нағыз сараптама деп azattyq.org сайтында жарияланған «Шенеуніктерге нәтиже керек». Кениялық атлеттер Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыта ала ма?» деген мақаланы айта аламыз. Автор Руслан Меделбек түбі кениялық спортшы Нора Джерутоның жеңісінен кейін жеңіл атлетика мысалында спорттың жай-күйін әдемі сараптайды. Материалда жағдайға баға бермейді, жеке пікірін қоспайды. Бұл міндетті ол сарапшылардың мойнына жүктеген. Осылайша бейтарап позиция ұстанады. Спорт комментаторы Сергей Райлянға «Кениялықтардың Қазақстанға келуі елдегі жеңіл атлетиканың дамуына оң әсер ете ме?» деген сауал қояды. «Джеруто биыл әлем чемпионатында алтын алса да, Қазақстанда балалар жаппай жеңіл атлетика секциясына жазылмайды» дейді сарапшы. Осылай дей келе, комментатор жеңіл атлетикаға тиісті инфрақұрылым жоғын, оны бұқаралық спортқа айналдыру керектігін айтады. Мақалада аттандаған эмоция жоқ, ұстамдылық бар.

Біздегі сараптамаларға көбіне осы нәрсе жетпейді. Журналисттің бейтарап болуы деген ұстаным ескерілмей жатады. Оны лидтен не қорытындыдан көре аламыз. Өйткені көпшілігі сөзіне дәлел келтірместен эмоциямен өз ұстанымын білдіріп қояды. Мәселені ашып жазу керек, сынау керек. Дегенмен автор тілімен «түйрейтін» сарапшылар тауып, өзі бейтарап қалғаны дұрыс.

Киноға рецензияны қалай жазады? Киносыншы Дмитрий Мостовойдың 8 кеңесі

Фильм мен сериалды қалай көреді? Көрген соң не жазуға болады? Киносыншы неден аулақ болуы керек? Осы сауалдарға «Медиасын шеберханасы» аясында өткен вебинарда қазақстандық журналист, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі, Orda.kz сайтындағы «Ордынка» бөлімінің редакторы Дмитрий Мостовой жауап берді. «Жаңа репортер» оның кинорецензия жазатын авторларға пайдалы сегіз кеңесін жазып алды. 

Дмитрий Мостовой
  1. Сынау «≠» ұрсу.
  2. Рецензияның құрылымын түзіп алған жақсы. Мәтін бөлімдерден құралып, әр бөлімнің тақырыпшасы сұрақ түрінде болса, оқырман жеңіл қабылдайды. 

Қандай фильм? Фабуласы. Кім түсірген, неге арналған, не түрткі болған, рөлдерді кімдер сомдайды? Егер актерлері белгілі адамдар болса, онда аудиторияны қызықтырады. Ал беймәлім актерлер болса, аса қызықтыра қоймайды. 

Фильм не туралы? Сюжетін қысқаша баяндау. Мұнда асыра сілтемей, спойлерсіз (сюжетін айтып қойсаңыз, басқа көрермендердің фильмнен алар әсерін құртасыз) жазу керек. «Сюжеті туралы ештеңе айтпаған дұрыс», деп санайтындар да бар. Мен өзіме ереже жасап алдым: фильмнің алғашқы 15 минутына дейін, яғни шиеленісін айтуға болады.

Кімдер не үшін көруі керек? Мәтіннің ең үлкен бөлігі осы. Бұл рецензия саналады. 

«Время патриотов» фильмінен скриншот
  1. Рецензия дегеніміз — репортаж да, шолу да емес, бұл — киноөнімді көрерменге ұсынып, көруге қызықтыратын не уақытын бос шығындамауға шақыратын шығармашылықтың дербес түрі. Актер мен режиссердің төл сөзі айтар ойымды бейнелемесе, мұны рецензияға қосуға қарсымын. Актерлердің жұмысына үзілді-кесілді баға беруден аулақ болған жөн. Мысалы, «актер рөлін алып шықты / алып шыға алмады» деп біржақты бағалауға болмайды. Өйткені режиссер актерге қандай міндет жүктеп, қандай тапсырма бергенін, актер оны орындай алды ма, жоқ па, мұны ешқашан білмейміз. Егер экраннан нақты бір актерді емес, өз өмірін сүріп жатқан кейіпкерді көрсем, демек, актер өте мықты болғаны. Сондай-ақ, рецензияда киносыншының «МЕН-і» фильм жасаушылары мен фильмнен көп болмауы керек. Рецензияда «Менің есептеуімше, …», «Менің ойымша, …» деген сияқты тіркестерді екеуден артық қолданбаған жөн. «Фильм … деп ойлауға жетелейді» деген тіркес те орынсыз. 
  2. Рецензия фильмді көру кезінде жазыла бастайды. Телефоныма түртіп отырамын. Титрларды, әсіресе, отандық фильмдердің титрін видеоға түсіріп аламын. Титрда көптеген құнды ақпарат бар. Орталық Азия елдеріндегі кинокомпаниялардың маркетинг департаменті кеш жұмыс істейді, фильм актерлері мен түсірілім тобының басқа да қатысушылары туралы ақпаратты кино көрсетілімінен кейін бірден алу қиынға соғады. 
  3. Фильмді көргеннен кейін 1-1,5 сағат үзіліс жасап, «Қазір не көрдім», «Не үшін көрдім?», «Мұны не үшін түсірді/жасады?», «Мұның барлығын қалай жазуға болады?» деген сияқты сауалдың жауабын ойлап, қорытамын. Не жазатынымды дереу біліп отыратын фильмдер де бар. Бірнеше күн қинап, толғатып жазылатын рецензиялар да бар. Рецензия не туралы болатынын айқындайтын 1-2 идеяны бөліп аламын. Рецензия жалпылама жазылмайды, нақты бір қамтитын ауқымы болады, әйтпесе оқылмайды. 
  4. Рөлдер қаншалықты анық бөлінгенін, әр кейіпкердің оқиғасы қаншалықты толымды екеніне мән беріңіз. Фильмнің бірінші бөлімінде бас, қосалқы және эпизодтағы кейіпкерлерді таныстырып, олардың мінезін ашып көрсетеді. Егер қосалқы кейіпкер фильм соңына дейін еш себепсіз жоғалып кетсе, онда бұл — фильмнің шикілігі. Бас кейіпкер жағымсыздан жағымды кейіпкерге айналып, оны бұған не жетелегенін, жан-дүниесі неліктен өзгергенін көрерменге түсіндірмесе, бұл да шикілік. Мәселен, «Құдалар» қазақстандық фильмінде ененің рөлін түсіндірмеді. Диалогтарға да назар аударыңыз. Қазақстандық, ресейлік фильмдердің диалогы жақсарта түсуді қажет етеді. 
«Құдалар» фильмінің постері
  1. Киносыншы продюсердің, режиссер, оператор, суретші, дыбыс режиссері, гример және тағы басқасының жұмысын бағалауына болады. Әрине, бұл талпынысы кәсіби деңгейге шыға қоймайды. Десе де экранда басқа заманға сай зат тұрса, онда бұл – қоюшы суретшінің кемшілігі, егер видеода жарық дұрыс түспесе, онда бұл – жарық қоюшыға сын. 

Процесс кезінде кинорөлдердің арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды. Біз көбіне фильмді режиссерге теліп жатамыз, шын мәнінде, жауапкершілікті бөліп қарастыру керек: өйткені режиссер түсірілім алаңын басқарады, ал продюсер ақша береді. Дәстүрімізде фильмді режиссермен ғана байланыстыру кеңес заманына қалған, өйткені кеңес заманында фильмнің бірінші адамы режиссер болатын. Батыс дәстүрінде фильмді продюсермен байланыстырады, үздік фильм үшін берілген «Оскар» сыйлығын продюсер алады. Рецензент режиссерге «мынауың дұрыс емес» деп айтпас бұрын тап соған режиссер жауапты екеніне көз жеткізіп алуы керек. Фильмдегі назар аударатын жайтқа режиссер ма, продюсер ма, кім жауапты екенін білмегенде «фильм жасаушылары» деген эвфемизм қолданамын. 

  1. Отандық, шетелдік фильмдер мен сериалдарға рецензия жазу дегеніміз — үш түрлі жанр.

Отандық фильм. Рецензияны ел ішінде ғана оқып қоймайды, сондықтан бәріне түсінікті болуы керек. Мысалы, режиссерді атағанда «бұрын… фильмдерін түсірген режиссер» деп нақтылау қажет. Не режиссер профайлына / бұрынғы фильмдеріне гиперсілтеме қоямыз. Рецензент түсірілім тобының мүшелерімен таныс болуы мүмкін. Бұл бір қым-қиғаш сәт. Кез келген рецензия түйінді болуы керек. Кейбір авторлар жасаушыларын танитыны себепті қандай да бір фильмге рецензия жазудан бас тартса, мұны әлсіздік не кәсібилікке жат тірлік санамаймын. «Жаман емес,» «тәуір шығыпты» деп жазғаннан гөрі ештеңе жазбаған дұрыс. 

Шетелдік фильм. Фильм авторларын ешқашан бетпе-бет кездестірмейсіз, олар туралы жазылған рецензия да көп, бірақ медиакеңістік бір және автоаударма бар. Бәрін түсініп кетпесеңіз де, жалпылама түсінесіз. Еліңізде боп жатқан оқиғаларды мысалға алып, параллель жүргізе отырып жазсаңыз, рецензияңыз құнды болмақ. Батыстың жақсы фильмдерінен еліңізбен, қалаңызбен параллель табасыз. 

Сериалдар. Сериалды сирек көремін, бірақ көретін кездер боп тұрады. Сериалға рецензия жазудың фильм рецензиясынан еш айырмасы жоқ. Үшінші сериясынан кейін рецензия жазуға болады. Меніңше, үшінші серияның рейтингі ең жоғары, екінші серияның рейтингі ең төмен, бірінші серияның рейтингі орташа болады. Бірінші серияда барлығын жайып салса, екінші сериясында кейіпкерлердің мінезін ашады, ал үшінші сериясынан бастап сюжет қайда бағыт алатынын түсінесіз. 

«Медиасын шеберханасы» 2022 жылғы 17 мамырда басталып, 14 маусымға дейін жалғасты. Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан 41 адам қатысты. Барлығы 96 өтініш келіп түсті. Шеберханада редакторлар Анна Шабалдина, Лилия Гайсина, Иршод Сулаймони, медиасыншылар Маргарита Бочарова, Нәзира Дәрімбет, Сергей Ким, медиатренерлер Ольга Каплина, Анатолий Вербин, Икбалжан Мирсайитов, Әлия Бөпежанова, Лола Олимова, Наргис Косимова, Питер де Туа, құқыққорғаушы Жанар Секербаева, киносыншы Дмитрий Мостовой дәріс оқып, тәжірибесін бөлісті.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.

Sarap Times бағдарламасы несімен ерекше?

Sarap Times – AstanaTV арнасының 10 сәуірден бастап эфирге шыққан апталық-сараптамалық бағдарламасы. Биыл «Тұмар-2022» ұлттық телевизия бәйгесінің «Үздік ақпараттық бағдарлама» жүлдесін алды. «Жаңа репортер» медиасыншысы Риза Исаева 17 шілдеде бірінші маусымын аяқтаған бағдарлама несімен ерекшеленгенін талдады.

Телеарна сайтында: «Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жергілікті биліктің назарын аудару» деп жазылған. Алғашқы маусымын аяқтаған бағдарлама осы мақсатына жетті ме?

Sarap Times – «Жаңа Қазақстан» жарияланған жарты жыл көлемінде эфирге шыққан қазақ тіліндегі жаңа сараптамалық бағдарлама. Бағдарламаны Армангүл Тоқтамұрат пен Саят Жөкенұлы жүргізеді.

Еліміздегі республикалық арналарда апталық-сараптамалық бағдарламалар көп емес. Басым бөлігі мазмұны мен форматы жағынан бір-біріне ұқсас, ортақ тақырыптары да көп. Бұл тұрғыдан «Sarap Times» бағдарламасын ерекшелеп тұрғаны – Саят Жөкенұлы жүргізетін бағдарлама ішіндегі сұхбат.

Бағдарлама сюжеттерінде негізінен Amanat партиясының жұмысына мән береді (AstanaTV телеарнасы Amanat партиясына қарасты медиа-холдингтің құрамына кіреді). Мәселен, бағдарламаның 3 шілде күнгі санындағы негізгі тақырып шаруаларға  жайылым жерлердің жетіспеуі туралы болды. Көлемді сюжетте еліміздің бірнеше аймағынан наразы тұрғындарды сөйлетті, Мәжіліс депутаттарының отырыста сөйлеген сөзінен, Ауыл шаруашылығы министрінің атына айтқан сынынан үзінді берілді. Сюжет осымен аяқталғандай болып еді, алайда тілші Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер-Аманат» ұйымының нәтижелі жұмыс істеп жатқанын қосып, соның арқасында кейбір ауылдарда латифундистердің жерді мемлекет меншігіне қайтарғанын жариялады. Ал студияда Саят Жөкенұлы «Жер-Аманаттың» өкілі Мұрат Әбеновпен  осы ұйымның жұмысы туралы ұзақ сұхбаттасты. Осылайша, бағдарлама синопсисінде жазылғандай, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы көтерілді дегенмен, партияның жұмысын насихаттауға басымдық берілді.

Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізетін арналардағы бағдарламаларда президенттің жұмысын насихаттау басым болатыны түсінікті. Бұл үрдіс Sarap Times бағдарламасына да жат емес. Хабар авторлары бағдарлама басында президенттің сапарларын, мәлімдемелерін бірінші орынға қояды. 17 шілде күнгі санында негізгі сюжет президенттің үкімет жұмысына «орташа» баға бергені жайлы болды. Дегенмен, Тараздағы «Қазфосфат» кәсіпорнынан тараған қою түтін туралы екінші сюжет толымды әрі тиянақты жасалыпты. Тұрғындар, экобелсенділер, кәсіпорын қызметкерінің пікірі толық қамтылған сюжетте өңірдегі экологиялық ахуал, «Қазфосфат» зауытының қоршаған ортаға зияны туралы жан-жақты мәлімет бар. Зиянды қалдықтардың ауаға таралуынан зардап шегіп отырған тұрғындар туралы сюжеттен кейін, бағдарлама концепциясына сәйкес, бұл мәселе құзырлы органдарға, жауапты министрлікке жеткізілуі тиіс емес пе? Экология министрімен осы жағдайды талқылауға болмас па еді? Оның үстіне, алғашқы сюжетте Экология министрі президенттен сөгіс алғаны айтылды, орайы келіп тұрған сұхбат еді. Алайда Sarap Times Аmanat партиясы жастар қанаты атауының «Жастар рухы» болып өзгергені жайлы сюжет әзірлеп, студияға осы ұйымның жетекшісін шақырған. Бұдан әрі спорттағы легионерлер туралы материал әзірленіпті.

29 мамыр күнгі шығарылым да әдеттегідей президенттің Қырғызстанға сапарынан басталды. Кадр сыртында мәтін+синхрон бағытында ақпарат берілді. Осыдан соң жүргізуші Армангүл Тоқтамұрат трансшекаралық өзендердің проблемасы жайлы ұзақ толғады. Көп мәселеге баға беріп, жеке пікірін қоса, тоқтам жасайтынын айта кету керек. Дегенмен, тілші Тәжімұрат Әлжанның сюжетінде трансшекаралық өзендер ғана емес, еліміздегі суармалы жері мол өлкелердің жалпы проблемасы толық, жан-жақты қамтылды.

Sarap Times бағдарламасының қанша санын шолып шықсақ та, «халықтың мұң-мұқтажына жергілікті биліктің назарын жедел аударуға» тырысқан сюжет көре алмадық. «Проблемасын шешу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздырған жандардың үнін» де естімедік. Кейіпкерлердің проблемасына мән беретін журналистік зерттеулер жоқтың қасы.

Бағдарламаның YouTube-тегі қараламы көп емес. Sarap Times-тың отандық телеарналардағы сараптамалық бағдарламалармен ортақ элементтері көп. «Еуразия бірінші арнасындағы» «Айнаға» түрлі мультимедиялық құралдар пайдалану жағынан еліктеу бар. Жүргізушінің студияда кез келген оқиғаны бағалауға ұмтылысы Qazaqstan-дағы Aptа-ны, әр бағдарламаны президент тақырыбымен бастауы «Хабар» арнасындағы «Жеті күнді» еске түсіреді. «Айнаның» бағдарламаны «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқтайтыны секілді Sarap Times хабарды жеңіл ақпараттармен аяқтауға жиі талпыныс жасайды. Дегенмен, сарапшылар тартуда, өңір проблемасын көтеруде, бір сюжетте бірнеше өңірдегі ұқсас мәселені қамту тұрғысынан үлгі аларлық тұстары бар екенін айта кету керек.

Бағдарламаның жаңа маусымында хабар өз концепциясына берік болып, тың журналистік зерттеулер ұсынады деген үміттеміз.

IJNET басылымы LGBTQI+ қауымдастықтары туралы материал дайындау бойынша 10 кеңес ұсынады

Гендерлік және жыныстық азшылықтар (LGBTQI+) бүкіл әлемде қатты дискриминацияға, жалған наным-сенім мен зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ең сорақысы, мұндай қауымдастықтар туралы материалдар қауіпті мифке толы. Тіпті, кейде бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпты «тыйым салынған» деп санайды. 

IJNET басылымы біз, яғни журналистер гендерлік және жыныстық алуандық тақырыбына материал дайындағанда адамгершілікке жат таптаурын түсініктерге ермей, байсалды материал бере аламыз, соған міндеттеміз, деп санайды. Бұл үшін соқыр сенімнен бас тартып, кәсібіміздің маңызды принциптері — әділдік, дәлдік және әдептілікті басшылыққа алуымыз керек екен. LGBTQI+ қауымдастықтар туралы материал сапасын жақсартатын 10 тәсілді ұсынамыз. 

  1. Қауымдастықтан үйреніңіз

Жыныстық және гендерлік алуандық туралы жазбас бұрын аймағыңыздағы LGBTQI+ өкілдері тап келетін қиындықтарды біліп алыңыз. Мұны білудің ең дұрыс жолы — жергілікті LGBTQI+ қауымдастық өкілдерімен танысу. Олардың кейбірі қауіпсіздігін ойлап немесе бұған дейін БАҚ-тың жөнсіз әрекетіне ұшыраса, сізбен сөйлескісі келмеуі мүмкін. Десе де әрекет етіп, талпыныс жасап көрген жөн. 

Tabuom Media Production Guide деген ресурстың (ағылшын және француз тілдерінде) 13-тарауында жергілікті қауымдастық өкілдерімен байланысуға арналған ақпарат бар. Африка мен шетелдегі LGBTQI+ құқығын қорғау бойынша ұйымдардың байланыс мәліметі жинақталған. Бұл ұйымдар гендерлік және жыныстық азшылық өкілдерімен диалог бастап, байланысуға көмектеседі. 

  1. Аудиторияңыздың сауатын ашыңыз

Материалдарымыз аудиторияның сауатын ашады, ақпарат береді не көңілін көтереді. Кейбір басылымдар аудиторияны елітіп не оқырман қорқынышына манипуляция жасап, қаралымды арттыру үшін жыныстық және гендерлік азшылық тақырыбын пайдаланады. Мұның барлығы қауіпті әрі этикаға жат тәсіл. Осы тақырып туралы әдепті әрі сауаттандыратын  мазмұндағы ақпарат жариялауға талпынуымыз керек. Бұл дәл әрі түсінікті сөздерді қолдануды, оқырман білмейтін кез келген терминді түсіндіруді талап етеді. Taboom нұсқаулығының 4-тарауында білуге тиіс  негізгі терминдер бар. Сондай-ақ, сіз тұратын аймақта жиі қолданылатын терминдерді білу және бұл терминдерді жергілікті LGBTQI+ қауымдастықтар қалай қабылдайтынын, яғни дұрыс сөз санай ма әлде қорлайтын сөз санай ма, соны анықтап алу маңызды. 

  1. Мифтерге қарсы шығыңыз

Журналистердің ағартушылық функциясы түрлі мифтерді, таптаурын және қате түсініктерді теріске шығаруға келіп саяды. Егер дереккөзіңіз жалған мифті әдейі қайталаса, онда бұл айтқанын материалдан толықтай алып тастауыңызға не дәйексөзді сөйлеушінің надандығы мен біржақтылығын анық көрсететін сенімді ақпаратпен бірге жариялауға болады. Материал жазғанда қауіпті өшпенділік тілінен аулақ болыңыз. 

Түрлі мифтер мен өшпенділік сөздерін ең көп тарататын сарапшылардың қатарында дәрігерлер, заңгерлер, дін көшбасшылары, психологтар мен ғалымдар да ұшырасады. Олар LGBTQI+ тақырыбында не айтып не қойғанын білмейді немесе жеке сеніміне байланысты әдейі жалған ақпарат таратады. Аудитория көбіне олардың мамандығына не қоғамдағы жағдайына қарап, айтқанына сенеді. Сондықтан олардың сарапшы мәртебесін тексеру маңызды. 

  1. Әртүрлі дереккөзді пайдаланыңыз, ұстамды көзқарасқа ие адамнан сұхбат алыңыз

Тарихта ешқашан екі тарап қана болмайды. LGBTQI+ проблемасын «ақ не қара» деп ғана көрсетпей, мәселенің «сұр» жағын да зерттеңіз. Түрлі дереккөздерге жүгініп, ұстамды көзқарасы бар адамнан сұхбат алыңыз. Дереккөзіңіз сіз жариялайтын қиын да күрделі әрі тым эмоционалды мәселенің ерекшеліктерін атап, мәселенің шын өмірдегі жан-жақты қырын көрсете алуы керек. Егер сіз қандай да бір мәселе бойынша бір-біріне қарама-қарсы көзқарасты ұстанатын сөйлеушілердің сөзін ғана келтірсеңіз, онда сенімі осы қарама-қарсы көзқарастың екі ортасындағы көптеген адамды елемей, қалыс қалдырасыз. 

  1. Дереккөзіңіз өзі үшін өзі айтуына мұрсат беріңіз

LGBTQ+ құқығын қорғау қозғалысы белсенділері мен тағы басқа маргинал топтардың ортақ ұраны: «Бізсіз біз жайлы айтудың мәні жоқ». 

Жыныстық және гендерлік алуандық тақырыбына материал жариялағанда жыныстық және гендерлік азшылық өкілдерінің де көзқарасын, ой-пікірін қосыңыз. LGBTQI+ өкілдері күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер туралы кез келген сырт сарапшыдан не жүргізілген зерттеуден көбірек біледі. Олардың дәйексөзін келтіру материалыңызға адам факторын қосып, хикаяңыз аудиторияның назарын аударады. 

  1. Дереккөзіңізге ұнайтын терминологияны қолданыңыз 

«Квир», «гей» не «трансгендер» деп айдар тағудың орнына дереккөзіңіздің өзін-өзі атауына мұрсат беріп, мүмкін болса, өзі қалайтын терминологияны қолданыңыз. Мысалы, аудиторияңыз «квир» сөзін білмесе, анықтамасымен бірге жазып, мағынасын түсінуі үшін контекст қосыңыз. 

Сондай-ақ, дереккөзіңіз өзі туралы айтқанда қандай есімдік сөзді пайдаланғысы келетінін ескеріңіз. Бұл — адамды құрметтеудің негізі. 

  1. Дереккөзіңізді және өзіңізді қорғаңыз

Бәрін қорғаудың ең жақсы тәсілі — асықпау. Сезімтал тақырып не әлсіз қауымдастықтар туралы материал жариялағанда қатты асығып, көбіне көп қате жібереміз. Дереккөзге хабарласпас бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету машығыңызды жетілдіріңіз: VPN қолданыңыз, шифрланған коммуникация арналарын, қорғаныстың басқа да шараларын пайдаланыңыз.

Кейде дереккөзді қауіптен қорғау үшін оны аноним қалдырып, бүркеншік ат берген, кім екенін анықтауға көмектесетін егжей-тегжейлі мағлұматтарды жойған дұрыс. 

  1. Материалға мазмұны сай келетін сурет қойыңыз

Таңдаған суреттеріңіз хикаяға сай болуы және адамды таптаурын түсініктер мен адамгершілікке жатпайтын сипатта көрсетпеуі керек. Мәселен, Гананың трансгендер қауымдастығы туралы мақала жаздыңыз, делік. Онда мақалаға Канададағы ақ нәсілді әйелдердің үйлену тойынан түсірілген фото қоймаңыз. Бұл фото орынсыз әрі жыныстық және гендерлік алуандықты батыс феномені етіп көрсететін мифті тіпті қоюлата түседі. 

LGBTQI+ өкілдерін тым сексуал етіп көрсетпеу де маңызды. Егер мақалаңыз денсаулық сақтау саласындағы дискриминация туралы болса, онда төсекте жатқан беліне дейін жалаңаштанған ер адамның фотосуретін қолданбаңыз. Кәдімгі кемпірқосақ жалау мен гендерлік белгілердің суреті аудиторияңызға тақырыптың LGBTQI+ проблемасына арналғанын түсіндіре алады. Десе де мұндай суреттер де тым жиі қолданылады. Әуелі «материалым не туралы?» деп өзіңізден сұраңыз. Егер денсаулық сақтау саласы туралы болса, онда медицина тақырыбындағы сурет қолданыңыз. Егер дискриминация туралы болса, онда сот жүйесіне қатысы бар сурет қойыңыз. 

  1. Жетістік тарихы туралы да айтыңыз

LGBTQI+ қауымдастықтар туралы материалдың көбі олардың азап шегуі мен зорлық-зомбылыққа ұшырауына бағытталған. Бұл мұңлы, қайғылы әрі күмәнсіз шынайылық шығар, бірақ азшылық өкілдерінің өмірі тек қайғы-мұңнан тұрмайды. Олар да басқа адамдар сияқты қуаныш, махаббат, шат-шадыман сәттерді бастан кешіреді. Дереккөзіңіздің тек жәбір көргенін ғана айтып қоймай, ерік-жігері мен күш-қуатын да атап өтіңіз. Мұның бір жарқын мысалы — Африкадағы квир-қауымдастықтардың белсенділігі туралы Hopes and Dreams That Sound Like Yours деген мақалалар сериясы. 

  1. Өзіңізді алдамаңыз

Бәріміздің сеніміміз бен үстірт түсініктеріміз бар. Егер LGBTQI+ тақырыбында әділ, шынайы, дәл және байсалды бола алмасаңыз, онда мұны істей алатын әріптес табыңыз. Барлық қалада гендерлік және жыныстық азшылықтар бар, олардың хикаясын айту керек.

Ауыр күнә һәм қоғам қасіреті: қазақша БАҚ жасанды түсік тақырыбын қалай жазып жүр?

Жарты ғасырдай уақытты араға салып, АҚШ-тың Жоғарғы соты «әйелдердің өз еркімен аборт жасау құқығына» қатысты шешімін өзгертті. Енді әр штат өз заңнамасы аясында бұл мәселеге рұқсат беріп, тыйым сала алады. Консерватив штаттар эмбрионның адам ретіндегі құқына қол сұғуға болмайды деген ұстанымда. Жергілікті халық бұл шешімге қарсылық білдіріп те, қолдап та жатыр. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр отандық басылымдарда аборт тақырыбы қалай жазылып жүргеніне шолу жасады.

Абортқа қарсы белсенділер Себастиан Шуфф пен Нелли Сасиллас «Балаңды біз асырап алайық» деген плакатпен шыққан

Іздеу жүйесіне «аборт жасату» деп жазғанда демде 125 мыңнан астам нәтиже шығады, ал қазақша «жасанды түсік» десек, 19 мыңға тарта материалды көреміз. Бірінші болып islam.kz cайтындағы «Шариғат қандай жағдайда түсік (аборт) жасатуға рұқсат береді?» деген материал тұр. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылман болғандықтан, шариғаттың бұл тақырыпта не дейтініне көптің алаңдауы заңды.

Ал БАҚ не жазып жүр? Отандық басылымдар аборт туралы жазғанда, көбіне дін тұрғысынан ауыр күнә дегенге келіп тірейді. Одан кейін жасанды түсіктің ана денсаулығына зияны, болашақта құрсақ көтере алмай қалу қаупі туралы жазады. Арагідік «әркім аборт жасауға қатысты шешімді өзі қабылдауы керек» деген мәндегі материалдарды көре аламыз. Мәселен manshuq.com сайты «Ал, егер» жобасы аясында жасанды түсік жасау үшін нені білу керектігі жайлы танымдық мақала жариялаған. «Ал егер мен жасанды түсік жасатқым келсе ше?» материалында түсік түрлері, қайда жасату керек, аборт алдында қандай тексерістен өту қажет дейтін сауалдарға жауап бар. Мақаланың лидінде былай делінген: «Жасанды түсік жасау не жасамау – бөгде адамдардың бұған қатысты басқа ойлары болып жатса да, әрбір әйелдің өзінің ғана жеке шешімі. Бұл сұрақта белгілі бір шешімге келу құқығы әйелдің өзіне ғана тиесілі».

manshuq.com сайтынан скриншот

Жасанды түсік жайлы жазылған көлемді мақала көп. Тақырыбында екіұдайы сауал, болмаса ашық айыптау да жиі кездеседі. Айталық, zhasalash.kz сайтында «Алтын құрсақ ажал апанына айналды» деген материал жарық көрген. Аңдатпасында: «Елімізде жыл сайын 78 мыңнан астам әйел жасанды түсік жасатады. World Population Review сайтының мәліметінше, әлемдік рейтингте Қазақстан түсік жасату бойынша үшінші орынға жайғасқан» делінген. Дәл осы факті бірнеше материалға арқау болған. Бір қызығы, бұл рейтиң 2004 жылғы деректерге негізделген. 10-орындағы Қытайдың статистикасы 1998 жылғы екен. Тілшілер материал әзірлегенде бұл фактінің жылын (ескіргенін) көрсетпеген.

zhasalash.kz сайтынан скриншот

Айталық, newsroom.kz cайты былтыр сәуірдің басында «Қазақстан аборт жасату бойынша үштіктердің қатарына енді» деген тақырыппен ақпарат жариялады. Алайда World Population Review статистикасының 20 жыл жаңармағанына мән бермеген. Портал: «Статистикаға сүйенсек, бұл рейтингте Ресей бірінші орында тұр. БҰҰ мәліметінше, Ресейде аборт жасау коэффициенті 1000 әйелге 53,7 құрайды. Тізімде Вьетнам – 35,2 көрсеткішімен екінші орында, ал Қазақстан (35) үшінші орынға жайғасқан» деп жазады.

newsroom.kz сайтынан скриншот

Осы тақырыпқа қатысты Factcheck сайты аборт жасатудан 3-орында екеніміз рас-өтірігін зерттеген. Барлығын егжей-тегжей талдай келе, автор бұл ақпараттың үкімін манипуляция деп бағалаған. Қорытындысы былай: «Қазақстан аборт жиілігі бойынша әлемде 3-орын алады» деген ақпарат манипуляция болып саналады, себебі ол қатты ескірген деректерге сүйеніп жазылған. Оның үстіне кейбір қазақстандық БАҚ «жиілік» дегенді «сан» деп ауыстырып, ақпаратты одан сайын бұрмалап жіберген. 2019 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда аборт жиілігі фертильді жастағы (тууға қабілетті) 1000 әйелге шаққанда 16,8-ді құрайды. Бұл World Population Review сайтында көрсетілген саннан екі есе аз».

factcheck.kz сайтынан скриншот

Ресми деректерге сүйеніп жазылған материалдардың бірі inbusiness.kz сайтында жарық көрген. Тақырып «Қазақстанда аборт жасату көрсеткіші жоғары болып тұр» деп аталады. Артынша «Қазақстанда әйелдердің жартысы ғана жүктілікті жоспарлайды. Соңғы онжылдықта қазақстандық әйелдердің контрацепциямен қамтылуы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте, Қазақстан түсік жасау көрсеткіші жоғары елдерге жатады, әрбір алтыншы жүктілік жасанды түрде үзіледі, ал 15-19 жастағы 100 жасөспірім қыздың үшеуі жүкті болып, олардың 15% аборт жасайды» деген дерек келтіреді. Мәліметтер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылған.

Оtyrar.kz сайтында «Қазақстанда әйелдер аборт жасату үшін күйеуінен рұқсат алатын болады» деген материал жарық көрген. Ашып қарайтын болсақ, бұл тақырыптың кликбейт екенін көреміз. Өйткені «болады» дегені заң аясында қабылданғанын білдірмейді екен. Мәжіліс депутаты Магеррам Маггерамов екі жыл мынадай ұсыныс айтқан: «Мемлекеттік орган тіркеген заңды некеде тұрған әйел түсік жасату мәселесін жолдасымен ақылдаса отырып жасату дегенді ұсындым. Себебі, неке және отбасы туралы заңда неке куәлігін алғаннан кейін ер мен әйел тең құқық пен жауапкершілікке ие болады делінген. Онда барлық мәселе ортақ шешілуі керек деп жазылған».

otyrar.kz сайтынан скриншот

Айтқандай, аборт тақырыбындағы материалдардың көбінде құрылым мынадай: ашық дереккөзде бар статистика, акушер-гинекологтың және дін маманының пікірі. Сондай-ақ, автордың жеке пікірін білдіретін мақалаларды да көруге болады. Мысалы egemen.kz сайтына Гүлзейнеп Сәдірқызы «Ең ауыр күнә» деген материал жариялаған. Мұнда тілші «Әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдырып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай» деп келтіреді. Ал anatili.kazgazeta.kz сайтында «Жасанды түсік жасату – күнәнің ең ауыры» деген мақала бар. Автор аборт жасатуға кімдер көбірек барады дегенге қатысты дәлелденбеген, бірақ ел ішінде бейресми пікір ретінде қалыптасқан мына ойды алға тартады: «Әлбетте, ауылдан арман қуып келген қыздар өзіне таңсық қала тір­шілігіне келгенде алды-артын ба­ғамдамай алданып жатады. Амалсыз әке-шешесіне айта алмағандықтан әлі дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін қияды».

Аборт мәселесі төңірегіндегі талқылау БАҚ-та осылай өрбиді. Көпшілігі үйдегі тәрбиемен, иман мәселесінің әлсіздігімен байланыстырып, бір сәттік құмарлықтың жетегінде жасалған ағат қадам дегенге келтіреді. Сондай-ақ, қоғам қасіреті деп баға беретіндер де бар.

Навье-Стокс теңдеуінің Қазақстандағы хикаясы

Өткен мақалада қазақстандық медиаға тіпті орта мектеп деңгейіндегі білім тұрғысынан сын көтермейтін ғылым мен инженерия жаңалықтары шығып кететінін көрсеткен болатынбыз. Ал Навье-Стокс теңдеуіне енді кәдімгідей білік керек. Бірақ Google заманында журналистің ең болмаса фактографиялық қате жібермеуіне болатынын да білеміз.

Навье-Стокс теңдеуі – Клэй математикалық институты «Мыңжылдық мәселесі» деп жариялаған 7 есептің бірі. 2010 жылы Пуанкаре гипотезасы шешілді деп танылып, ол есептердің алтауы қалды. 2014 жылы оның бесеуі қала жаздады.

Себебі сол жылы академик Мұхтарбай Өтелбаев Навье-Стокс теңдеуін шешті деген жаңалықтар шықты. Бұл хабар Қазақстан медиасында бірден трендке айналды. Сол кезеңде шыққан жаңалықтардың бәріне «шешімін ұсынды» деген емес, «шешті» деген нақты тұжырым тән.

tengrinews.kz сайтынан скриншот

Қызығы, бастапқы жаңалықтарда журналистер сілтеме берген Еуразия Ұлттық Университеті сайтындағы ақпараттың тақырып атауында да «шешті» («решена») деп берілген. Бірақ мазмұнында академик «зерттеуін аяқтап, баспаға берді» депті. Дегенмен, «тығын ашылды»: Қазақстан медиасында нағыз шу көтерілді.

Бірден айту керек, академик Мұхтар Өтелбаевтың өзі еш жерде (сол кезде және қазір өзім танысқан материалдарда) «шештім» демеген. Консерватив ғалымға тән ұстамдылықпен тек шешім ұсынғанын айтып жүрді. Бірақ ол өзі ньюсмейкер бола тұра, тақырып атауы мен мазмұны екіұдай бағдарламалар мен мақалалар арынына тосқауыл бола алмады. Мыcалы, Qazaqstan ұлттық арнасының мына бағдарламасында жүргізуші «шешті» десе, бірақ сюжеттегі журналист әлі де мойындалуы тиіс дейді.

Мұнда да солай, кіріспе сөзде – «шешкен», бірақ әңгіме барысында әлі де ұсыныс екені айтылады.

Біз тек қуатты қаржылай қолдауы бар телеарнаны әдейі алып отырмыз. Кликбейт тақырып қуған саржағал сайттар мен арналардан арнайы редактура немесе кәсібилік талап етудің жөні жоқ болғасын. Ал ресмиетте Навье-Стокқа байланысты сөз саптау тек бірнеше айдан кейін түзелген сияқты. Журналист Мұхтар Түменбаев академик Өтелбаев туралы бағдарламасының алғысөзінде: «Басқа әлемді қайдам, бірақ қазақ елі мәселенің төркініне бара бермесе де, бұл жаңалықты ерекше қуана қарсы алды» дейді.

Ғылым саласын жазатын журналистерге неге дәл осы кейс маңызды?

Біріншіден, «мыңжылдық мәселесіне» кіретін есеп шешілді деу – өте-мөте батыл, әлемдік деңгейдегі мәлімдеме. Контексі – қатардағы жаңалықтардан, хабарламалардан тыс. Ол журналист немесе редактор өзімен қоса ғалымның беделіне де әсер етеді.

Екіншіден, Google арқылы қарапайым фактчекиң тұспал мен тұжырымның аражігін айырып берер еді. Мәселен, жаңалық дәл сол – Клэй институтының сайтына шығар еді немесе Григорий Перельман Пуанкаре гипотезасын шешкен кездегідей – әлемдік БАҚ шулап кетер еді.

Үшіншіден, ең маңыздысы, классикалық ғылым тым консерватив: ондағы жаңалықтар мойындалуға бірнеше жыл кетеді. Әлемдік ғылыми бюрократия күрделі, Нобельді, Абельді, Филдсты алу жолында ғылыми еңбек немесе топтама бірнеше сатылы сүзгіден өтеді. Мысалы, айтылмыш Григорий Перельманның еңбегі жариялағаннан мойындалғанға дейін 7 жыл өткен және ол біреулердің қитұрқылығынан емес. Математика популяризаторы Алексей Савватеевтің айтуынша, Перельманның еңбегін оқи алатын әлемде әрі кеткенде 15 адам болуы мүмкін. Өтелбаевтың еңбегі де сондай. Ол жариялай сала 100 беттік есепті оқитын оппонент табыла қойып, шешімінің дұрыстығын растады деу – ғылыми публицистикада өте орынсыз. Оның үстіне, Өтелбаевтың еңбегі орыс тілінде жарияланып, әлемдік ғылыми қауымдастық таныса алмады.

Қорыта келгенде, қазақ уикипедиясындағы мына мақаланың беймәлім редакторынан тұжырымын өзгертіп қоюды сұрар едім.