Домой Блог Страница 15

Қазақ тіліндегі БАҚ бәсекеге қабілетті ме?

«Жаңа репортер» подкастінің жаңа эпизоды Журналистер күніне арналды. Кәсіби мерекеге орай, медиасыншы Назира Дәрімбет «ДАТ» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи және танымал журналист, блогер Дина Елгезекпен еліміздегі қазақ баспасөзінің бүгінгі ахуалы туралы әңгімелесті.

Қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайы, ықпалы, сапасы қандай? Орыс тіліндегі басылымдарға қазақ тіліндегі БАҚ бәсекелес бола ала ма? Қазақ тіліндегі медиа көбіне қандай мәселені қызу талқыға салып, қай тақырыптарды елеусіз қалдырып жатады? Билік қай тілдегі ақпаратқа көбірек мән береді? Подкасттың жаңа сериясы осы және басқа да мәселелер төңірегінде өрбіді.

Подкаст-платформалардан да тыңдаңыз:
iTunes
Google Подкастар
Soundcloud

Ермұрат Бапидің пікірі:

  • 2019 жылғы президент сайлауынан кейін жаңа толқынның серпілісі басталды. Назарбаев құрған жүйенің кеткені жөнінде қоғамға сигнал түсті. Президенттік ауысу процессі басталды. Сол серпілістің динамикасы өте күшті болмаса да, өзгерістер қазақ қоғамына ықпалын тигізді. Транзиттік басқару қазақ журналистикасына да ықпал етті.
  • Біздегі биліктің тілі қалай болғанда да әлі орысша. Орыс тілінің ықпалы күшті. Соңғы 30 жылда қазақ тіліне, қазақ баспасөзіне екінші кезекте қарау, салғырттық болған. Әлі де бар. Бірақ қоғамдағы әлеуметтік, тұрмыстық тақырыптарға келгенде қоғамдық талқылау күшті.
  • Ұлттық тақырып — жарасы сыздап тұрған тақырып, ал оны орыстілді басылымдар көтермейді. Саяси тақырыптарға келгенде, қазақ баспасөзі кішкене жалтақтайды. Не болып кетер екен, анау қайтып келер ме екен деген қорқыныш бар. Салалық тақырыптарды қозғайтын журналистер аз. Мысалы, экономика тақырыбын қазып жазатын, сол тақырыпта басылым ашатын ресурстар жоқ. Мұның себебі жалпы қоғамдағы қосалқы ресми тіл — орыс тілі болуынан деп білемін. Орыс тіліндегі басылымдардың артында ірі кәсіпкерлер тұр. Қазақ тіліндегі басылымға билік тарапынан берілетін тендерлер белгілі бір шектеулерге жол ашады.
  • Авторитарлы жүйеге әлдебір баспасөздің әсер етуі мүмкін емес. Десек те, кейде билік назар аударып жатады. Ал жүйенің талаптарына сай келмей жатса, прокуратура арқылы ескерту жасау сияқты қысымдар болып тұрады.
  • Соңғы он жылда билік, күш көрсетуші органдар тарапынан қысым болмады. Жекелеген адамның шағымымен сотқа беру жағдайлары мен қаржылық тұрғыдан жасалатын қысым бар. Тоқаев президент болғалы біздегі тақырыптарға реакциялар көп. Газетте көтерілген мәселеге көңіл бөлу бар. Президент «ДАТ» газетін апта сайын алдырып оқитыны туралы хабарымыз бар.
  • Бізде баспасөздің, президент саясатын жүзеге асырудың ортақ ақпараттық идеологиясы жоқ. Мысалы, бір тақырыпқа берілетін ақпарат екі түрлі тілде келеді. Бір тақырыпқа екі түрлі көзқараспен пікір білдіріп, ақпарат беріледі. Біздегі қайшылықтар да осылай туындайды.
  • Баспасөз сапасын бәсеке көтереді. Ең басты критерий — басылымдарға билік тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмегені жөн. Басылымға оқырман баға беруі керек. Мемлекеттен ақша алған басылым сол алған ақшасымен шектеліп, шеңберінен шықпай қала береді. Қазақ баспасөзінің сапасын көтеру үшін бәрін еркін нарыққа жіберуі керек.

Дина Елгезектің пікірінен үзінді:

  • Соңғы он жылдан бері Facebook-те жазып келемін. Он жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазақ тіліндегі контент күшейді және өте ықпалды.
  • Өркениетті елдерде баспасөз міндетті түрде құндылық деп танылса, авторитар режимде ол қаскөй саналып келді. 30 жыл бойы, шыны керек, бізде пропаганда болды. Біржақты мақтау мен біржақты даттау болды. Объективтілік деген әдірем қалды.
  • Қаңтар оқиғасынан бері, Тоқаев билікті шынайы қолына алғалы бері ескі билік элитасы, назарбаевтық режим кетті, өзгерістер болып жатыр. Бірақ, бірден керемет бола қойған жоқ. Мысалы, «Хабарда» подкасттар шығып жатыр дейді. Оның бір сөзін қиып тастамай беру деген 30 жылда болмаған оқиға, жаман емес, сең қозғалды. Десе де, орыстілді басылымдарда экономика, іскерлік, саясат, геосаясат тақырыбы там-тұмдап болса да бар. «Курсив», «Капитал», «Деловая неделя», «Форбс.кз» т.б олар 30 жыл бойы қаржыландырылып келеді. Ал қазақ тілінде Ербол Азанбектің «7күн.кз» сайтынан басқа экономика тақырыбында жазатын баспасөз жоқ. Осы жағынан төмен жағдайдамыз. Геосаяси мәселені жазатын ақпарат құралдары жоқ. Бізде ішкі мәселелер ғана жазылады.
  • Көбінесе тарих, тіл мәселесі төңірегінде шектеліп отырмыз. Мемлекет осы мәселені шешуі керек. Бізде Сыртқы істер министрлігі бар, Ақпарат министрлігі бар. Неге осы министрліктер журналистерді шетелге жібермейді? Неге әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалардан сұхбат алмасқа?
  • Биылғы қаңтардан бері аса қысым жоқ. Алдыңғы Назарбаевтың тұсында қысым жиі болды. Басқа ойлы болғаным үшін Жазушылар одағында жұмыс істейтін жолдасым арқылы қысым жасалды. Өзімді жұмыстан да шығарды. Жүйеде өзгеру беталысы бар. Алайда баяу.
  • Бізде мықты жазатындар бар. Алайда биліктің тілі орысша болған соң қазақша жазылған дүниелерге реакция жоқ. Бізде орыс тілінің дәуірі жүріп тұр. Қазақ тіліндегі сайттарға мемлекет тарапынан қаржылай көмек бермесе, жағдайлары тұралап қалады. Сосын цензура болмауы керек. Мемлекет оппозициялық басылымды жау көрмеуі керек.

«Жаңа репортердің» подкастының бұған дейінгі эпизодтарын да тыңдаңыз:
iTunes
Google Подкастар
Яндекс.Music

Тоқаевтың Ресейдегі мәлімдемесі, Ұлытаудағы құрылтай, қант тапшылығы: 13-19 маусымдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Тоқаевтың Санкт-Петербургте Қазақстанның Донецк және Луганск Халық Республикаларын мойындамайтыны туралы жасаған мәлімдемесіне арналды. Сондай-ақ, Президенттің Тегеранға ресми сапары, Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай, ондағы Мемлекет басшысының бастамалары, Мұхтар Шахановтың «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаны турасында сюжеттер ұсынылды. Апталық бағдарламалардың күнтәртібінде АЭС салынатын Үлкен ауылының бүгінгі ахуалы, жеткізу және такси қызметінің әлеуметтік қамтылуы, қант тапшылығы, әйелдердің зейнет жасы және тағы басқа тақырыптар талқыланды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Қасым Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургте Қазақстанның Донецк және Луганск Халық Республикаларын мойындамайтыны туралы жасаған мәлімдемесінен басталды. Президент сөзінен үзінді берілді. Сондай-ақ, ресейлік қайраткерлердің Қазақстанға қатысты жасалатын мәлімдемелері туралы да Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірілді.

Бұдан әрі Ұлытау құрылтайы туралы сюжетке кезек берілді. Әдеттегідей ұзақ сюжет болды. Мемлекет басшысының 25 қазанды мереке ретінде қайта жариялау, латын әліпбиіне көшуге асықпау туралы ұсыныстары, Мұхтар Шахановқа мемлекеттік награда тапсыруы айтылды. Президенттің сөзінен екі рет үзінді берілді. Құрылтайға қатысқан бірнеше сарапшы, соның ішінде «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли пікір білдіріп, құрылтайдың маңызы мен Тоқаев бастамаларының орынды екенін айтты. Мұхтар Шахановтың да пікірі берілді. Алайда видеоның сапасынан ақынның сөзі кәсіби камераға емес, телефонға жазылғаны көрініп тұр. Аталмыш шарада «Хабар» арнасынан арнайы түсірілім тобы жұмыс істегенін ескерсек, сюжет авторларының бұл әрекеті түсініксіз.

Дархан Әбдіуахит сюжеттен соң Мұхтар Шахановтың өмірі, Шәмші Қалдаяқовпен достығы, ортақ туындылары туралы деректер айтып, екеуіне де «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының ахуалымен танысып, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығына Жезқазғанның әлеуметтік дамуына қаражат бөлу туралы міндет жүктеген болатын. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Президентті өңірдегі жолдың жағдайымен таныстырды, кадр сыртындағы мәтін+синхрон форматында баяндалды.

Президенттің «Россия 24» арнасына берген сұхбатынан үзінді берілді. Онда Мемлекет басшысы Қазақстанның ҰҚШҰ мен ЕАЭО секілді ұйымдардан шығатыны туралы сыбысты жоққа шығарды, сол сөзінен үзінді берілді.

«Петербург форумы» аталатын сюжет Президент қатысқан халықаралық жиын жайында. Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумды сөйлеген сөзінен басталған сюжетте бағдарлама басында берілген Президенттің мәлімдемелері қайталап көрсетілді. Модератор Маргарита Симоньянның Тоқаевтың жауабына қатысты пікірі келтірілді. Сюжет форум аясында көрме өткені, оған Талибан қозғалысының өкілдері қатысқаны, Президенттің «Александр Невский» атындағы орденнен бас тартқаны туралы ақпараттармен толықты. Сондай-ақ, Президенттің Башқұртстан, Татарстан басшыларымен және Владимир Путинмен келіссөздер өткізгені туралы да ақпарат берілді. Сюжет соңында тілші: «Ресей мен  Украина арасындағы жағдай ушықпай тұрып жоспарланған. Геосаяси ахуалдың күрделілігіне қарамастан Президент халықаралық шараға келіп қатысты және күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын ашық айтты» деп Президенттің сапарын ақтап алғысы келгендей сөйледі. Бұл форумның Қазақстан үшін маңызы қандай деген сауалға сарапшылар тарапынан пікір болмады.

Студияда Дархан Әбдіуахит Президент жанындағы ҚСЗИ, халықаралық және геоэкономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтен сұхбат алды. Онда Президенттің Донецк және Луганск Халық Републикаларына қатысты мәлімдемелері, форум барысында айтылған ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық байланыстың келешегі жайлы пікір айтты.

Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылына таяу жерге АЭС салынатыны туралы ақпарат тарағалы көп уақыт өтті. «Жеті күн» тілшілері осы ауылға барып, ондағы ахуалмен, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Сюжетте станция салынса, күйі кеткен ауылдың жағдайы жақсарады деген пайымдау басым. Сарапшылар, тұрғындар, ауыл әкімі пікір берген. Біржақтылау сюжетте станцияның салынуына қарсы болғандар жоқ. Бейтараптық үшін мұндай пікірлер қажет еді. Сондай-ақ, АЭС салынатын жерге қандай экологиялық талаптар қойылуы қажет, Үлкен ауылы қандай критерийлерге сәйкес болғаны үшін таңдалып алынды деген сауалдарға қатысты кәсіби көзқарас та жоқ.

Жеткізу және такси қызметінің мобильді қосымшалары арқылы табыс тауып жүргендердің әлеуметтік қамтылуы туралы мәселе көтеріліп, Үкімет шешімін қарастырып жатыр. 1 шілдеден бастап пилоттық режимде әрбір платформаның ерекшелігі негізінде пысықтау жұмысы басталады екен, курьерлер мен такси жүргізушілерінің қызметі заңдастырылып, олар ресми жұмыс істейтіндер санатына жатқызылмақ. Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжетте такси жүргізушілері, курьер, IT-маманы, экономист пікірі бар. Алайда мобильді қосымша ұсынып отырған шетелдік компания өкілдерінің пікірі болмады.

Елімізде қант тапшылығы басталғанына бірнеше айдың жүзі болды. Бағасы шарықтап барады. «Жеті күн» бұл мәселе күрделене түскенде ғана қант тапшылығының себебі туралы сюжет әзірледі. «Қант неге қат?» деп аталатын сюжетте мәселенің себебі туралы сарапшылар пікірі бар, қант қызылшасын егетін диқандардың Үкіметке өтініші мен тұрғындардың ренішін қамтыған.

Қаржы министрлігі бюджет қаражатын игермейтін салалар туралы есеп берді. «Жеті күн» әзірлеген соңғы сюжет осы тақырыпта болды, негізінен Мәжіліс депутаттары пікір айтыпты. Тілші өңірлерде бөлінген қаражаттың тиімсіз игерілгеніне нақты мысал болған бірнеше жағдайды баяндады. Үкіметке сыны көп сюжет болды.

«Жеті күн» футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Словакияны жеңгені туралы ақпаратпен аяқталды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургте жасаған Донецк және Луганск Халық Републикаларын Қазақстанның мойындамайтыны туралы мәлімдемесінен басталды. Ресейлік қайраткерлердің арандатушы пікіріне қатысты сөзінен де үзінді берілді.

Ұлытаудағы құрылтай туралы сюжетте негізінен Президент бастамаларына басымдық берілген: елдің атауы, латын әліпбиіне көшуге асықпау, 25 қазанды мереке етіп жариялау. «Жеті күн» сюжетінен қысқарақ болғанымен, сарапшылардан гөрі Президент сөзінен берілген үзінді басым. Тағы бір сюжетте ел тарихында бұған дейін өткен құрылтайларға шолу жасаған. Құрылтай туралы сюжетте қамтылмаған сарапшылар пікірі осында топтастырылды. Екі материалға бөлінгенімен, айрықша пікірмен ерекшеленбеді.

Сенат депутаты Дана Нұржігіт әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету туралы бастама көтерген еді. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы мәселеге қатысты үкімет мүшелерінің, Мәжіліс депутаттарының пікірін топтастырып, сюжет әзірлепті.  Жасы зейнетке жақындаған, ауыр салада қызмет ететін кейіпкерлердің оқиғасы баяндалады. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың түсініктемесі бар. Тараптар пікірі қамтылған, толымды сюжет.

«Ана тілі алаяқтан қорғайды». Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет осылай аталыпты. Өткен аптада Қазпоштаның 12 млн жазбасы бар құпия құжаттары  сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Осыны негізге ала отырып, соңғы кезде жиілеп кеткен алаяқтар ісіне қатысты талдау жасалған. Алаяқтар қандай тәсілдерді қолданады, олармен күрес қалай жүріп жатыр, қарапайым тұрғындар алаяқтарға алданбауы үшін нені білуі, ескеруі тиіс деген сауалдарға құзырлы орган өкілдері, мамандар жауап берген. Ақпараты мол сюжет.

«Перзентханада не болған?». Атыраудағы перинаталдық орталықта жаңа туған сәбиді еденге құлатып алғаны туралы ақпарат тараған еді. «Айна» осы жағдайды анықтап, жас босанған әйелдің туыстарынан ана мен баланың жағдайын сұрапты. Келесі сюжетте Назарбаев университетінде медицина мамандығы бойынша оқуын тәмамдаған жас жігіттің әңгімесіне ойысады. Онда елімізде медицина саласында білікті мамандар, жаңа технология бар деген ой айтылды. Тілші бірді айтып, бірге кеткендей ме?

Осы сюжеттің жалғасы іспеттес «Балалы үй базар» деп аталатын материалда да еліміздің медицина саласы дамып келе жатқаны туралы айтылды. Әр жүкті және жаңа босанған әйелдің күтіміне қарайтын медицина мамандары жеткілікті екені, керісінше әйелдердің уақытында дәрігерге қаралмайтыны туралы ақпарат берілді. Мұндай пікір айтылған соң, дәрігерге қаралмай жүрген әйелдің де оқиғасы баяндалуы тиіс емес пе? Мүмкін проблеманың өзін дәрігерге уақытылы тіркелмейтін әйелдердің оқиғасынан іздеу керек пе еді?

«Айна» бағдарламасының бұл саны медицина қызметкерлері күні эфирге шыққан соң болар, бұл тақырыпқа бірнеше сюжет арнапты. Айгерім Достанбай әзірлеген сюжеттің маңызы ерекше – паллиативті медицина турасында. Көп салалы медициналық орталық мамандарының пікіріне сүйене отырып, паллиативті медицинаның маңызы, соңғы кезде қатерлі ісік ауыруы жиілеп, тіпті жасарып кеткені туралы ақпарат берді.

Елімізде дәрігерлер тапшы ма? Еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиният еліміздегі медицина мамандарының тапшылығы туралы мәлімдеп, ауылды жерлерге жас мамандардың бармауы, жалақы, тағы басқа себептерді атаған еді. Ал «Здоровья для всех» медициналық адвокациясының сарапшысы керісінше елімізде дәрігер мамандар жеткілікті (тіпті, артық) деген ұстанымда. Бюджет қаражаты игерілмей жатқан салалардың бірі – медицина екен. Осы турасында Берік Дүйсенбай әзірлеген сараптамада саладағы олқылықтар туралы ақпарат берілді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауырт жұмыс кестесі Apta бағдарламасынан да көрініс тапты. Қорытынды жаңалықтардың көбі (50 минуттың 30 минуты) президент сапарларына арналды.

Apta Президенттің 19 маусым, жексенбіде Тегеранға барған ресми сапарынан басталды. Бағдарлама эфирге сол күні кешкісін шықты. Сюжетте «Иран – ислам мемлекеті болған соң жергілікті жұрт бейсенбі, жұма күндері демалады. Ал сенбі жексенбі керісінше жұмыс» екенін айтты. Сапар мақсаты мен нәтижесі, кездесулер, келіссөздер туралы егжей-тегжейлі сюжетте тілшінің бірнеше стендапы, екі ел басшыларының синхроны, Иран жерінің әсем орындарын көрсететін кадрлар бар. Қарбалас уақытта қауырт дайындалған сюжет екені еш сезілмейді. Бұған неліктен назар аударғанымызды алда айтамыз.

Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Жүргізуші Альбина Әшімқызы «Ұлытау – ұлт ұясы» дей келе, қазақ халқының тарихында Ұлытау қандай үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. Отырыста «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі қайтарылғанын айтты. Президент Қ.Тоқаев ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін таққанын, мұның алдында белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа осы атақ берілгенін атап өтті.

Президент Ұлттық құрылтайдан бұрын Жезқазғанға барды. Жезқазған – жаңа құрылған Ұлытау облысының орталығы. Қаланың проблемасы мен Ұлттық құрылтай отырысы қалай өткеніне бөлек сюжет арнады. Қала тұрғындары қаншама мәселені айтты, бірақ мұның барлығы қашан шешілетіні жұмбақ күйінде қалды. Ең әуелі ауыз су мәселесі шешілетінге ұқсайды, өйткені Президент мұны тез арада шешуді тапсырған.

Аптаның ең жиі талқыланған тақырыбы – Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда сөйлеген сөзі. Apta да мұны елеусіз қалдырмай, 10 минут сюжет арнады. Президенттің сөйлеген сөзінен ел ішінде тараған тұстарын қайта көрсетіп шықты. Сарапшылар, саясаттанушылардан комментарий алып, тақырыпты талдағанда болар еді.

Ізінше Украинадағы жағдай туралы дәстүрлі шолу сюжет көрсетті. Ұзақтағы үш минуттан аспай, бағдарламаның ең қысқа хронометраждарының бірі болды.

Бірінші сюжетті талдағанымызда журналистердің қауырт жұмысына оралатынымызды айтып едік. Тақырыпты тұтас ашу үшін мұрағат кадрларын, сұхбаттар мен тарихи анықтамаларды қолдану орынды-ақ. Әсіресе, бір күнде жинайтын шұғыл сюжет болса, мұны түсінуге болады. Редакция Президенттің Тегеранға сапары туралы материалды бір тәулік ішінде дайындады. Берілген уақыт та сол. Ал әскердегі сарбаздардың өлімі жайлы сюжет дайындауға бір не бірнеше апта уақыты болды. Сөйте тұра сюжетке подполковник Нұрлыбек Әбдірайымовтан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде алған сұхбаттың (7 мамырдағы сюжет) үзіндісін қосқаны түсініксіз. Подполковник газдалған сусындардың зияны мен жастардың әлсіз екені туралы айтқан сөзінің әскердегі қайғылы оқиғалар жайлы сюжетте қолданылғанын біле ме екен?! «Мұрағат» деп белгілемегені де сұрақ тудырады. Бағдарлама авторлары нені жасырмақ болды? Психологтың әскери психологтардың білімін «жеткіліксіз» деп бағалап, «Жастардың саны жетпейтіндіктен кейбір физикалық тұрғыда жарамсыз, әлсіз балаларды да ала береді» деп айтқаны сюжетті қойыртпаққа айналдырып жіберді. Өткен аптадағы өтінішімізге құлақ асып, әскердегі сарбаздар өлімі деген маңызды тақырыпты елеусіз қалдырмай, сюжет арнағандарыңыз құба-құп. Алайда маңызды мәселенің бағытын бұрмай, тереңдеуге болар еді.

Өткен аптада Теміртаудағы «АрселорМиттал» кәсіпорнындағы апат туралы қысқа жаңалық берген. Кешегі эфирде тақырыпқа қайта оралып, эколог комментарийін қосыпты. Ол кен орындарындағы қайғылы оқиғалардың себебін түсіндірді.

Алматыда  екі үй арасындағы автотұраққа талас кезінде адам өлді. Еліміздің ірі қалаларында жаппай құрылыс пен соған тұрғындардың наразылығынан туындататын кикілжің жиілеп кетті. Бағдарламаны түйіндеген сюжет осы тақырыпқа арналып, ауласындағы жерін қорғаған тұрғындарды сөйлетіп, мәселесін көрсетті. Министрлік пен Құрылысшылар одағының өкілдеріне де сөз беріп, жан-жақты баяндады. Мұндай ауқымды мәселені алты минуттық сюжетке сыйдыру оңай емес. Әйтсе де Apta редакциясы толымды, түсінікті әрі кейіпкер оқиғалары бар, жағдайды айқын көрсетер сюжет дайындапты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Арнайы репортаж негіздері. Денис Бевздің жеті кеңесі

Арнайы репортаж түсіресіз бе? Неден бастаймыз? Тақырыпты қалай іздейміз? Қалай түсіреді, қалай монтаждайды? Осы және тағы басқа сауалға ресейлік тележурналист, ТЭФИ сыйлығының иегері, медиатренер («Лёшкина мама» және «Чёрные лесорубы» деген үздік фильмдері бар) Денис Бевз жауап берді. Жазып алдық.

  1. БАҚ-тағы тақырыптарды аудиториясы бойынша төрт үлкен санатқа бөлуге болады: тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, тұтынушылар, қауіпсіздік, жүргізушілер. Төртеуі де ең үлкен аудитория. Барлық тақырып осы аудиторияға келіп түседі. Қоғамның шын әрі өзекті мәселесін қозғау — репортаждың да, автордың да рейтингін көтереді. 
  2. Тақырып мәселені шешу тәсілі ретінде туындауы мүмкін: мәселен, денсаулық мәселесі не қайырымдылық жасау. Айта өтер маңызды жайт: егер потенциалды кейіпкерлер ештеңе жасамаса, онда журналист өзі бірдеңе істеуге міндетті емес. Қоғамның негізгі кемшін тұсы — пассив болу: «Келіп түсіріп кетіңіз, біз ештеңе айтпаймыз, сөйлемейміз» деп жатады. Журналист сол үй тұрғындарының жиналғанынан ақпарат таратуға келуі мүмкін, бірақ олардың орнына бірдеңе істеуге міндетті емес. Журналист құбырды жөндеп бермейді. Ол адамдар су алуы үшін сол құбыр жөнделуін бақылайды. 
  3. Әлеуметтік маңызы бар тақырып ≠ қаржылай шығыны ақталады. Арнайы репортаж түсіру шығыны түсетін төлемнен асып кетуі мүмкін. Кейде репортаж авторлары шығынға батады. 
  4. Тележурналист дегеніміз — хикаяны суретпен жеткізе алатын, вижуал тілді білетін маман. Кадр дегеніміз = сөз. Монтаждау = сөйлем құрау. Бір кадрдің ұзақтығы (статикалық видеотізбек) орташа есеппен: үш секунд. Кадр хронометражы аудиторияға байланысты өзгеріп отырады: жастар аудиториясына қысқа кадр, егде жастағы аудиторияға ұзақ кадр ыңғайлы. Динамикалы видеотізбектегі бір кадрдің хронометражы кадрдегі оқиғаға байланысты болады. Журналистің міндеті: процесстің маңызды тұстарын өткізіп алмай іс-әрекет динамикасын көрсету. 
  5. Статикалық вижуалдың негізгі ережесі — көрерменге жайлы болуы. Кадр хронометражы көрерменнің сол материалды қалай қабылдауына қаншалықты ыңғайлы болуына байланысты. Журналистке динамикадан гөрі статик оңай. Динамикалы видеода мәтінмен жұмыс істеу қиын. 
  6. Журналист түсірілім процессін түсінуі керек. Әйтпесе операторға не түсіру керек екенін түсіндіре алмайды. Вижуалды ойланып, қандай видеотізбек болатынын елестетуге бейімделу шарт. Тренинг қатысушылары түсірілімге бара жатқанда монтаж процессін таныстырып, операторға ұзынсонар түсініктеме бермесе, нәтиже болады. Бір-екі нақты сөзбен жеткізсе, оператор да тек қажет нәрсені дәл түсіреді. 
  7. План алмастырумен қатар кадрішілік монтаж жасауға болады. Камера планы өзгермей, біра кадрдегі объект қозғалса, бұл да кадрдегі объектіні үлкейтіп-кішірейтеді. Динамикалы процессті түрлі планда түсіру қажет. Бұл — монтаж талабы. Өйткені видео көрерменнің қабылдауына қисынды әрі жайлы болуы керек. Аналитикалық монтажға тек қана ірі план (ара-тұра орташа пландар) қажет. Жалпы план жоқ болса, көрермен шындықтан гөрі драмалы бейнені қиялынан құрастырып алады.

Қазақстан мен Өзбекстандағы тележурналист болып жұмыс істей бастаған адамдар мен дербес видеомейкерлерге арналған «Арнайы репортаж мектебіне» Алматыда 30 мамыр — 3 маусым аралығында өтті.

Бұл материал АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. 

MediaCAMP Award 2022 журналистика байқауына өтініш қабылдау басталды

МАҢЫЗДЫ ХАБАР! ДЕДЛАЙН 8 ШІЛДЕГЕ ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ.

Медиа аудиторияға жұмыс істейді, әйтсе де әріптестердің құрметі мен ықыласы маңызды. Кәсіби байқаулар бәсекені дамытып, жұмысымызға деген жаңаша көзқарас қалыптастырады, түптеп келгенде — журналист жұмысының сапасын көтереді.

Былтыр небір керемет мақала жазып, қызық репортаж түсіріп, маңызды зерттеу  жүргізген шығарсыз. Жариялаған жұмыстарыңызды шолып, мұрағатыңызды ақтарып, Орталық Азия тұрғындары білуі тиіс материалдарыңызды бөлісіңіз.

Біз, Internews командасы Орталық Азия журналистері арасында IV рет өтетін MediaCAMP Award 2022 байқауына өтініш қабылдау басталғанын қуана хабарлаймыз.

Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстандағы тәуелсіз не мемлекеттік медиада жарияланған материалдар қабылданады. Редакция атынан да, егер қоғамдық маңызы бар контент жасаушы автор не журналист, фотограф, видеограф болсаңыз, онда жеке өз атыңыздан да өтініш жолдауыңызға болады. Редакцияда жұмыс істейтін не штаттан тыс жұмыс істейтін қызметкерлер де қатыса алады.

Байқауға Орталық Азия елдеріндегі тәуелсіз не мемлекеттік медиада 2021 жылғы 1 маусым мен 2022 жылғы 31 мамыр аралығында жарияланған кез келген формат пен жанрдағы (қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен, өзбек және орыс тілдерінде) материалдар қабылданады.

Ұялмаңыз! Қорықпаңыз! Материалдарыңызды жұрт назарына ұсыныңыз.

Үздік материалыңызды және қатысатын номинацияны асықпай таңдаңыз, бірақ созып жүріп алмаңыз, өйткені өтініш қабылдау 2022 жылғы 8 шілдеде аяқталады.

Барлық номинацияға өтініш қабылдау сол күні сағат 23:59-де жабылады.

Өтініш жолдамас бұрын байқау шарттарын мұқият оқыңыз. Лайық номинацияны дұрыс таңдаңыз. Егер номинацияны дұрыс таңдамасаңыз, өтінішіңізді қарастыра алмаймыз, басқа номинацияға да ауыстыра алмаймыз. MediaCAMP Award байқауының тағы басқа ережелері бар: мәселен, байқауға шетелдік қаржы көзі бар ұйымдар, мемлекет аумағынан тыс жерде тіркелген медиа ұйым қатыса алмайды. Шетелдік медиаға қандай медиа жатады? MediaCAMP Award байқауының ережесін оқып, танысыңыз.

*MediaCAMP Award байқауы жөнінде жиі қойылатын сұрақтарға жауап видеоны көріңіз. Бұл видео 2021 жылы түсірілген. «Жыл тақырыбы» номинациясы өзгерді.

Байқауға қатысу үшін:

  • байқау шартымен танысыңыз,
  • материалыңызды таңдаңыз,
  • номинация таңдаңыз;
  • байқауға ұсынатын әрбір материал бойынша бөлек өтінішті толтырыңыз (әр номинацияның сілтемесі төменде берілген),
  • материалыңызды байқауда қолдануға рұқсат беретін хатқа қол қойып, сканерлеп тіркеңіз. Келісім хатсыз өтініш қабылданбайды. Хат үлгісін жүктеп алыңыз.

Материалдар төмендегі аталымдар бойынша бағаланады:

Өтінішті қалай толтыруды түсіндіретін видеонұсқаулықты көріңіз. Бұл 2021 жылы түсірілген.

Байқау финалистері екі жылдан кейін алғаш рет қыркүйекте офлайн өтетін Орталық Азиядағы MediaCAMP Fest фестиваліне шақырылады.

Былтырғы байқау қалай өткенін білгіңіз келсе, сілтемені ашыңыз, ал MediaCAMP Award 2020 жеңімпаздары кім болғанын білу үшін мына сілтемеге өтіңіз, MediaCAMP Award 2019 жеңімпаздары мұнда жарияланған.

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org электронды поштасына (тақырыбын «MediaCAMP Award 2022 байқауы бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз) не +7 771 701 38 38 (Telegram, WhatsApp) нөміріне хат жазыңыз.

Бұл байқау америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен қолдауына мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Internews мазмұнына жауапты және мазмұны USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Тоқаевтың Қырғызстанға сапары, саяси қуғын-сүргін, референдум, бала қауіпсіздігі: 23-29 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалар Қ.Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарына сюжет арнады: екі ел басшыларының сөзінен үзінді беріп, екі мемлекет арасындағы келіссөздер туралы айтты. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар АЭС құрылысы, автокөлік транзиті, бала қауіпсіздігі, такси операторларының мәселесіне тоқталды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. «Айна» бағдарламасы ғалым Қайым Мұхамедханов, Әлихан Бөкейхановтың қызы Элизабета Әлиханқызы туралы құнды естеліктер ұсынды. Смағұл Сәдуақасовтың күлін елге әкеліп жерлеу туралы айтып, ол жерленген қорым жайлы маңызды деректер қамтылған сюжет әзірледі. Apta авторлары белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ақ боз үй» фильмнің тұсаукесері өткенін айтып, 2 жыл бұрын құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссияның жұмысына тоқталды. Ал «Жеті күн» бұл атаулы датаға сюжет арнаған жоқ.

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарламаны Дархан Әбдіуахитұлы референдумға аз уақыт қалғанын ескерте бастап, алғысөзде Конституцияға енгізілетін өзгертулер жайында ұзақ айтты. Бұл өзгерістерге Президент Қырғызстанға сапары кезінде де тоқталған екен. Сөзінен ұзақ үзінді берілді.

Осыдан кейін ресми сапардан сюжет жасалды. Тілші Президент ұшағының қырғыз әуежайына межеленген уақыттан жарты сағатқа ерте келгенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстан билігінің қырғыз тарапымен келіссөз жүргізуге ерекше ынтасын көрсетеді екен. Мұндай байлам тым жасанды естілмей ме? Он минуттан аса созылған сюжетте Президенттің Бішкекке бір күндік сапары толық дерлік қамтылды. Екі ел арасындағы кедендегі өткізу жұмысына қатысты проблемаға тоқталып, кейіпкерді сөйлетіпті. Қазақстандық лауазымды тұлғалардың пікірі, екі ел президенттерінің сөзінен үзінді берілді. Қырғызстан тарапынан экономист сарапшылар да пікір білдірген.

Бұл сапар туралы талқы студияда жалғасты. Дархан Әбдіуахит Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Әсел Назарбетовамен сұхбат құрды. Осылайша, бағдарламаның алғашқы жиырма минуты Қырғызстан сапарына арналды.

«Транзиттен түсетін табыс». Бұл сюжетте Қазақстанның логистикалық әлеуеті, әсіресе автокөлікпен жүк тасымалдаудағы проблемалар, соңғы уақытта кеден жұмысын жетілдіруге қатысты атқарылып жатқан шаралар, бюджетке түскен түсім туралы ақпараттар жинақталыпты. Автокөлік жолдарының бойындағы қызмет көрсету саласы дамымай жатқанына қатысты сын айтылып, оған құзырлы орган өкілі жауап беріпті. Сәкен Сейітханұлы сюжетін: «…кедергілер жойылса, көлік транзитінің дамуы алға басып, жұмыс орны көбейіп, бюджетке түсетін салық көлемі артады. Ол әрине экономиканың оң көрсеткішін қалыптастырады» деп жұбата аяқтады. Журналист керісінше саладағы кедергілер неге жойылмай келе жатқанын зерттеп көруі керек емес пе?

Мақпал Мадиярова «Бала қауіпсіздігі» туралы сюжет әзірледі. Мәжіліс депутаты, Бала құқын қорғау жөніндегі омбудсмен, заңгер, Құқық қорғау саласының өкілдері бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпті ескертуге қатысты пікір білдірді. Сюжеттің алғысөзінде Дархан Әбдіуахит: «Ата-ананың, қала берді тұтас қоғамның жауапкершілігін қалай көтереміз?» деген сауалға жауап, баласын қараусыз қалдырған ата-ананы кінәлауға ойысып кеткендей. Сарапшылар баласын қараусыз қалдырған ата-ананы жауапқа тартатын заң жоқ екенін алға тартты. Ал ата-ананы еренсіздігі үшін жауапқа тарту мәселенің шешімі бола ала ма? Бұл сауал жауапсыз қалды. Тілші сюжетін кінәліні іздеуге емес, проблеманың шешімін табудың жолдарын қарастыруға бағыттаса деген тілек бар.

«Жеті күн» Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер туралы жүйелі сюжет ұсынып келеді. Бұл санында 24-баптың жаңа редакциясына қатысты талдау жасады. Әкімшілік құқық бұзғаны үшін айыппұлдың орнына мәжбүрлі еңбекке тарту жазасын тағайындау турасында сарапшылар, заңгерлер, қарапайым тұрғындар пікір білдірген.

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжетте мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасу мәселесі көтерілді. Ұзақ сюжеттен ұққанымыз, бұл салада проблема бар, мемлекет мәселенің шешімін қарастыруда. Дегенмен, проблема толық шешілген жоқ, мүмкіндігі шектеулі жандар өзі де кәсіппен айналысып, өз мәселесін шешуге талпынуда.

Ұлыбританияда оқып, ауыл мектебінде қызмет етіп жүрген маман туралы Дастан Сейілханұлы әзірлеген сюжетте әдеби-көркем тіркестер мол болды.  Жас маманның мақсаты ауылдағы білім сапасын көтеру екен. Осы мақсатта бағдарлама әзірлеуде. Жас маманның ауыл мектебінде жұмыс істеуі жаңалық емес, оның жаңа бағдарламасы туралы молырақ ақпарат берілгенде, сюжет анағұрлым маңызды болар еді.

Бағдарлама соңында Айтжан Тоқтағановтың жетекшілігімен Назарбаев мектебінің мыңнан астам оқушысы бір мезетте домбыра сабағына қатысқаны туралы айтылды.

«Жеті күн» 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне сюжет арнаған жоқ.

«Айна», «Еуразия  бірінші арнасы»

 «Жамбыл облысы Байзақ ауданында 5-сынып оқушысы бастауыштың екі ұлын жарты жыл бойы зорлап келген». Ғалым Кәлмен бағдарламаны осындай сұмдық оқиғаны айтудан бастады. Кінәсіздік презумпциясын ұмытып, жағымсыз болса да, сенсацияға ұмтылу. Дұрысы «зорлап келді деген күдікке ілінді» болуы тиіс еді.

Сюжетте жәбірленген балалардың ата-аналары сөйлеп, жергілікті билік өкілдері оқиғаны жылы жаппақ болды деген айып тағыпты. Телефонға жазылған әңгімелесуден үзінді беріліпті. Жергілікті билік өкілдері сұхбат бермеді. Сюжет соңы зорлық көрген балаларға арналған орталық ашылғаны туралы ақпарат берумен аяқталды.

«Уәкілдің де даты бар» аталатын келесі сюжет тұрмыстық зорлық көрген отбасының оқиғасын баяндаудан басталып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеттерін талдауға дейін қамтыды. Арасында сот орындарының біліксіздігінен зардап шеккен кәсіпкер де өз жайын баяндап үлгерді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта штат саны көбейіп, әр облыс орталығында өкілдік ашылады. Алайда көбейген штат санын қамтуға қаражат керек. Орталық өкілі ақылы қызмет туралы пікір білдірді. Бірақ екіұшты пікірден уәкілдің қызметі ақылы бола ма, жоқ па деген сауалға тиянақты жауап болмады. Сюжет соңы референдумға қатысты тұрғындардың қолдау пікіріне ұласты. «Уәкілдің қандай даты бар?» деген сұраққа нақты жауап ала алмадық.

«Айна» 31 мамыр – Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай сюжет әзірледі. Алғысөзде жүргізуші Ғалым Кәлмен ғалым Қайым Мұхамедханов туралы ұзақ айтты. Сюжетте Қайым Мұхамедхановтың көзі тірісінде жазылған сұхбаттарынан үзінді беріліп, ғалым туралы естеліктер айтылды. Сондай ақ, Әлихан Бөкейхановтың қызы Элизабета Әлиханқызы туралы құнды естелік айтылды. Смағұл Сәдуақасовтың күлін елге әкеліп жерлеу, ол жерленген қорым жайлы маңызды деректер қамтылған сүбелі сюжет әзірленіпті. Дегенмен, Тәуелсіздік алғаннан кейін саяси көзқарасы үшін істі болған жандар туралы ақпарат берілмеді.

Гүлнәзия Жалғасқызы әзірлейтін «eGov куәгері» айдарында жаз мезгілінде балалар лагерлеріне кімдер тегін жолдама ала алатыны туралы толыққанды ақпарат берілге н. Сонымен қатар «Kids go free» бағдарламасының шарттары туралы да ақпарат қамтылыпты.

«Айна» елімізде такси жүргізіп, нәпақа тауып жүрген шетелдіктер мен ресми такси операторларының жай-күйі туралы материал әзірлепті. Оған Еңбек министрі Тамара Дүйсенованың такси операторларын қызметкері үшін әлеуметтік аударымдар төлеуге міндеттеу туралы бастамасы ықпал етсе керек. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжетте такси операторлары мен мобильді қосымшалар арқылы такси қызметімен айналысатындардың жұмысына талдау жасалып, соңғыларының арасында шетелдіктердің көп екені, олардың елімізге салық төлемейтіні туралы айтылды. Тіпті, мұндай шетелдіктер елімізде «шөп сатумен» айналысады деген дерек келтірілді. Алайда, бұл дәлелді ақпараттан гөрі, сыбысқа көбірек ұқсайды. Кәсіби журналистер үшін сыбысқа сүйену сын екенін ұмытпаған жөн.

Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары жайлы «Айна» көлемді сюжет әзірлепті. Екі ел басшыларының сөзінен үзінді беріп, бір-бір сарапшыдан пікір алу арқылы сапардың маңызы мен қол қойылған келісім туралы баяндалды.

Ғалым Кәлмен Атырау – Алматы бағытымен келе жатқан пойызда бейтаныс әйелге көмек көрсеткен Абылайхан Убайдуллаевтың да оқиғасын баяндап, кадр сыртындағы мәтін +синхрон форматында ақпарат берді. Шетел жаңалықтарына да шолу жасалды. Алайда, Украина-Ресей қақтығысына тоқталмады.

Бағдарламаны әдеттегіше «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қ.Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарынан басталды. Сюжетке алғысөзде Қазақстан Президентінің Қырғызстанға бұған дейін барған ресми сапарларын шолып шықты. Екі ел басшыларының синхрондары бар үлкен сюжетті жүк көлігінің жүргізушісі, экономистер және министрлер комментарийімен толықтырыпты. Бірнеше орыннан жасалған стендап сюжетті әрлей түсті.

Таяуда энергетика министрі Қазақстанның қай жерінде АЭС салынуы мүмкін екенін айтты. Оның мәлімдемесін айта келе Қазақстан инженер-энергетиктері одағы директорының комментарийін берді. Ол елдегі энергия өндірісі саласының проблемалары мен АЭС салудың қауіпсіз технологиялары туралы айтты.

Кешегі аптада Бішкекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Осы отырыс Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін, Ресейдің ЕАЭО-қа мүше мемлекеттерден астықты үшінші елдерге экспорттау бойынша квота енгізуді талап етіп отырғанын, Ресейдегі компаниялардың Қазақстанға релокациясын, Ресей мен Беларусь елдерінің санкцияны Қазақстан аумағы арқылы айналып өту талпынысын, екінші деңгейлі санкциялар қаупін және тағы басқа мәселелерді талдаған сюжетке арқау болыпты. Экономистер, саясаттанушылар, тасымалдаушылар мен тағы басқа сарапшылар комментарийі бар. Жап-жақсы толымды сараптамалық шолу материал.

Қазақстанның бірнеше өңірінде жұртшылық қантқа таласып, баға өскеніне шағымданып жатыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі «елде қант тапшылығы жоқ» деп отыр. Apta авторлары мұны да қысқа қайыра айтып өтті.

Apta редакциясы апта сайын референдум туралы кемі бір сюжет көрсетеді. Бұл жолы да әдетінен жаңылмай, пропаганда тұнған бір сарынды сюжет дайындапты. Шенеуніктер, қоғамдық институт басшылары мен депутаттарды сөйлетіпті. Жастардан да пікір алған. Бәрі де конституциялық реформаны мақтап, референдумға белсене қатысуға шақырады. Apta бағдарламасының конституциялық реформаға арналған сюжеттерінде көбіне көп сол екі-үш сарапшы қайта айналып сөйлей береді. Мәселен, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов бір айда үшінші рет комментарий беріп отыр (бірінші және екінші рет). Айтпақшы, бағдарлама авторлары сарапшыдан тағы да комментарий алмай, Майгелдиновтің алдыңғы эфирде сөйлегенін қайталап қойыпты. Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов те Apta эфирінде конституциялық реформа бойынша жиі көрінетін сарапшының бірі. Ол бұған дейін 24 сәуірде де сөйлеген.

Жүргізуші Альбина Әшім «Соңғы қоңырау» статистикасын айтып, балабақшалар мәселесіне ойысты. Алғысөзде балалар өлімі мен ата-ана жауапкершілігіне кеңінен тоқталды. Сюжетте мектепке дейінгі мекемелер жетіспейтінін, балаларды ұрып-соғу оқиғалары мен тәрбиеші тапшылығына тоқталды. Ата-ана, балабақша меңгерушілері, БҒМ өкілдері мен Кәсіпкерлер палатасының директорын сөйлеткен толымды әрі жан-жақты сюжет.

Apta әдеттегідей Украинадағы жағдайға шолу сюжет арнады. Ұрыс даласындағы жаңалықтарды, қару-жарақ жеткізу, Франция мен Германия басшыларының РФ президентімен телефон сөйлесуі, РФ президенті В.Путиннің келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін жас шектеуін жою туралы заңға қол қойғаны, порттар блокадасын да айтып өтті. Украина президентінің, РФ Қорғаныс министрлігі өкілі мен Кремль баспасөз хатшысының комментарийін берді.

Ресейдің байланыс операторлары санкциялардың салдарынан енді бұрын қолданылған құрылғыларды өзге «достас елдерден» әкелуге мәжбүр. Ал Қазақстан 5G-ге көшуге дайындалып жатыр. Үлкен әрі тараптардың бәрін сөйлеткен сюжетте ұялы байланыс проблемаларын, ұялы байланыспен қамту, тарифтер мен нарықтағы жағдайды кеңінен талдады. Барлық тарапқа – абоненттерден бастап ұялы байланыс операторларына дейін, шенеуніктер мен тәуелсіз сарапшыға дейін сөз беріпті.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бағдарлама соңында белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ақ боз үй» фильмнің тұсаукесері өткенін айтып, 2 жыл бұрын құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссияның жұмысына тоқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

 

Референдум, әкімдер рейтингі, автонесие, егіс науқаны: 16-22 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалар 5 маусымда өтетін референдум тақырыбына сюжет арнады: сарапшыларды сөйлетіп, тұрғындардан пікір сұрапты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге барып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысқаны және өткен аптада отандық кәсіпкерлермен кездескені де күнтәртібінде айтылды. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар16 мамырда басталған 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына тоқталған. Ауыл шаруашылығы, жүк тасымалы, жол сапасының проблемаларына да сараптама жасалыпты.

«Жеті күн», «Хабар»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі – «Жеті күн» әзірлеген алғашқы сюжеттің тақырыбы болды. Автор құқық қорғау органдарының әділетсіздігінен зардап шеккен кәсіпкердің мысалында бизнес иелеріне жасалатын қысым туралы әңгімелейді. Мәжіліс депутаты, Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі уәкіл және өзге де сарапшыларды сөйлетіп, проблеманың қаншалықты терең екенін көрсетуге тырысады. Президент сөзінен бір ғана үзінді берілген.

4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы туралы Риат Шони көлемді сюжет әзірлеген. Бағдарламаға өтініш берушіден бастап, экономистер, банк өкілдері, сала сарапшылары және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарушы директорына дейін пікір білдіріп, бағдарлама туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Аталмыш бағдарлама арқылы көлік алған бірінші адамның пікірі бар. Тараптар бағдарламаның кемшілігі мен артықшылығы туралы айтады. Толымды сюжет.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалар да «Жеті күннің» тұрақты көтеретін тақырыптарының бірі. Бұл жолы Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан қолға алынған реформалардың ауылды жерлерге жете бермейтіні туралы сюжет әзірленген. Ауыл әкімдері мен министрлік арасында тиімді байланыстың жоқ екені жайында айтылды. Сюжетте проблема қозғалады, оған түрлі сарапшылардың пікірі бар, алайда нақты түйін жоқ.

Түлектердің ҰБТ тапсыратын мерзімі таяды. «Жеті күн» осы мәселе турасында сюжет ұсынды. Биылғы ҰБТ ерекшеліктері, «Алтын белгі» иегеріне қойылатын талаптар, емтиханның балалардың психикасына әсері секілді көптеген сауалға жауабы бар толымды материал.

Дархан Әбдіуахит кадрде тұрып ҮҚШҰ мерейтойлық саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізгені туралы баяндады. Екі ел президенттерінің сөзінен үзінді берілді.

Ал саммит туралы Қорған Қонысбайұлы сюжет әзірлепті. Автор жиынға қатысушы барлық мемлекет басшыларының ұстанымын беруге тырысқан. Сюжетте пікір білдірген сарапшылар бұл ұйымның аймақта маңызды әрі қажет құрылым екенін айтты.

Дархан Әбдіуахит студияда саясаттанушы Жұмабек Сарабекпен бірге саммит туралы талқылауды жалғастырды. Саясаттанушы геосаяси жағдайға байланысты Ұйымға мүше елдердің ұстанымы туралы пікірін білдіріп, бұл мәселеде алты мемлекетке ортақ бір позиция болмауы мүмкін екенін айтады.

Сыртқы істер Мұқтар Тілеубердінің АҚШ-қа сапары жайлы кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндалды. Осыдан кейін, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайлы сюжет берілді. Бұл жолы Адам құқы жөніндегі уәкілге қатысты Конститутцияға енгізілетін 83 баптың, 1-тармағы туралы заңгерлер, Мәжіліс депутаты және өзге де сарапшылар айтып беріпті.

«Ғылым және ғалым» атты сюжеттің алғысөзі Nazarbaev университетінің бастамасымен 2016 жылдан бастап 28 қазақстандық ғалым елге оралғаны туралы ақпараттан басталды. Сюжетте сол ғалымдардың бірқатарын таныстырып, олардың өнертабысы туралы әңгімелейді. Nazarbaev университеті Ғылыми департаментінің басшысы пікір білдірді. Еуразия университетінің өкілі Президент бастамасымен қолға алынған шаралар нәтижелі болғанын айтты. Сюжеттің мақсаты Nazarbaev университеті туралы айту ма, әлде Президент бастамасының нәтижесін көрсету ме?

21мамыр күні Алматыда «Хабар» агенттігінде көп жыл еңбек еткен әйгілі спорт комментаторы, журналист Амангелді Сейітханұлын еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті. «Жеті күн» тілшілері осы шарадан көлемді сюжет әзірлепті.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

21 мамыр күні Шымкентте Перинаталдық орталық маңында орналасқан дәріханада жарылыс болды. «Айна» бағдарламаны осы ақпараттан бастады. Оқиға туралы баяндап, куәгерлердің пікірін, құзырлы орган өкілдерінің мәлімдемесінен үзінді берді.

4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы туралы кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында қысқа қайырды. Бағдарламаның басталғанын, салондарда көлік тапшы екенін айтумен, тұрғындардың пікірі және құзырлы мекеме өкілінің сөзінен үзінді берумен шектелді.

«Айна» әзірлеген көлемді сюжет жүк тасымалдаушылардың проблемасына арналды. Еліміздегі жүк тасымалы саласының бірқатар проблемасын айтып жүргізушілер шағымданыпты. Ақылы жол тарифінің қымбат болуы, жол сапасы, логистердің тарифі секілді біршама мәселе көтерілген. Сюжет авторы бұл мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» өкілінен пікір алыпты, Индустрия министрлігінің жауабы бар. Толымды сюжет.

«Айна» бағдарламасы бір проблеманың айналасында бірнеше сюжет әзірлеп, тақырыпты жан-жақты талдауға бейіл. Бұл жолы да жол мәселесіне қатысты бірнеше сюжет бар. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет бірінші материалды толықтырып, елімізде сапалы жол жасау үшін неге көңіл бөлу керек, жол құрылысы саласында қандай проблемалар бар деген тақырыпты қамтыпты. Сарапшыны, жауапты министрлік өкілін сөйлеткен.

Өткен аптада Үкімет басшысы өңірлердегі жол сапасын сынға алып, сонда әкімдердің рейтингі өңірдегі жолға қарап анықталатыны айтылған еді. «Айна» сюжетінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында салынып жатқан жол сапасына шолу жасалып, тұрғындарды сөйлетіпті. Жол сапасы бойынша облыстардың рейтингі жасалған. Сюжет соңында Үкімет отырысындағы премьер-министрдің сөзінен үзінді берілді.

Елорда маңындағы мобильді интернет сапасының төмендігінен бастап, «Қазақтелеком» ұсынатын кабельді интернет, ауылдардағы интернет пен мобильді байланыс сапасы туралы көлемді проблеманы қамтыған сюжет берілді.  Осылайша «Айна» бағдарламасы елдегі  инфрақұрылым мәселесіне бағдарламаның жартысын арнады. Сюжетте «Қазақтелекомның» ғана емес, «Kcell» операторының жұмысына шағымданған кейіпкер бар. Құзырлы министрлік және «Қазақтелеком» компаниясы өкілдерінің уәжі бар.  Интернет сапасына қатысты тәуелсіз сарапшылардың пікірі де артық болмас еді.

«EGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінетін квота шарттарын, кімдер алатыны туралы көлемді материал әзірледі. Осы бағдарлама аясында сәбилі болған отбасыны құттықтап қайтыпты. Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бағдарламаның артықшылығы жайлы материалды барынша хаттамалық сипаттан арылтуға басымдық берілгені көрініп тұр.

Мектептегі кезекті оқу жылының аяқталуына орай әзірленген материалда түлектердің қоштасу кешін қалай атап өтетіні туралы айтылды. Карантинге дейін лимузин жалдап, мейрамханада өткен кештің куәсі болған түлектің, карантин кезінде мектеп бітіріп, мүлдем кеш өткізе алмаған түлектің естелігі бар. Алайда, биыл Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылған шектеу жайы айтылмады. Автор сюжетін мұндай кештерді өткізуде қаржылай салмақ ата-анаға түсетінін еске сала аяқтайды.

Референдум тақырыбын «Айна» авторлары жаңадан құрылатын Конституциялық сот мысалында қозғады. Жеке кейіпкердің мысалынан басталған сюжетте 2014 жылы туылған бала мектепте жоғары сынып оқушылары тарапынан сексуалдық зорлық көрген, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған. Баланың анасы мен әжесінің бетін көлегейлеп, есімін өзгертіп сөйлеткен. Баланың әжесі егер бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалмаса, жаңадан құрылатын Конституциялық сотқа жүгінетінін айтады. Бірақ, жаңа құқықтық құрылымның мақсаты мен міндетін түсіндірген сарапшылардың бірі бұл сот: «… екі азаматтың арасындағы дауды шешпейді, азаматтық істі шешпейді, әкімшілік істі шешпейді, қылмыстық істі шешпейді. Тек сол істерді қарау барысындағы қолданылатын заңдар  нормаларының  Конституцияға сәйкес немесе сәйкес емес екенін шешеді», дейді.  Демек, журналистің  Конституциялық Соттың  құзыретіне қатысты келтірген мысалы сәтсіз деген сөз.

Мемлекет басшысының  отандық кәсіпкерлермен кездесуін «Айна» жүргізушісі қысқа қайырды. Президенттің сөзінен үзінді берді (орыс тіліндегі сөзі аудармасыз ұсынылды).

Әдеттегідей желіде қызу талқыға салынған жайттар «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарында сөз болды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta ресми жаңалықтан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.

Мәскеуден келгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесті. Ұзақ алғысөзде ірі монополиялық компаниялардың басшылары, өкілдері ұсталғанын, солардың бірі Қайрат Сатыбалдының Дубайға ұшпақ болған ұшағынан 1,5 млрд доллар табылғанын, сот жүйесі мен ҰҚК-ны реформалау туралы айтты. Сосын сюжет көрсетті. Хаттама мәндес сюжет Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуде сөйлеген сөзінен ғана (бес синхрон) құралды. Кадр сыртындағы мәтін де Президент сөзін қайталады. Сюжет жасағанша, сол отырыстың бейнежазбасын көрсетсе де болғандай екен.

Еліміздің барлық өңірінде егіс науқаны қыза түсті. Сюжет отандық агроғылым проблемаларын, ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоғын, елімізде бидайдың жаңа сорты шыққанын, жердің құнарын сақтау жайын баяндады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, халық жалақысының 52,8 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Азық-түлік қымбаттаса да халықтың кірісі бәз-баяғы қалпында. Жүргізуші Альбина Әшім айтуынша, «тапқаны тамағынан аспайтын адамдар үшін баспана да, көлік те жүрген сайын алыстап, алдап тұратын сағымға айналғандай…». Осы мәселе үлкен сюжетке арқау болыпты. Сюжетте астанадан 60 шақырым қашықтағы Жаңаесіл ауылы тұрғындарының өмірін көрсетті. Жалақыдан жалақыға әрең жететін олар азық-түлікті ауылдағы дүкеннен қарызға алады. Тұрғындар мен дүкен иесі бағаның өсуінен қалай қиналып жатқанын айтып, комментарий беріпті. Дүкендегі қарыз дәптері тез толып қалады екен. Ауыл шаруашылығы министрінің, әлеуметтанушы мен экономист пікірі бар. Елдің қиын жағдайын айқын көрсеткен сюжет болыпты.

16 мамырда 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беру басталды. Алғысөзінде осы бағдарламаның кейбір қиын тұстарын (каско сақтандыру, көлікте болуы тиіс қосалқы бөлшектерді де сатып алуға міндеттеу, салондардағы автомобиль тапшылығы) айтып өтті. Сюжет көлік тапшылығына байланысты таңдау жоғын, қосалқы бөлшектер, бағдарламаның пайдасын айтып, осы жеңілдетілген автонесие бойынша көлік алған адамды сөйлетті. Банк, автоиндустрия мен автозауыт өкілдеріне сөз берді. Материалда тараптар тепе-теңдігі бар.

Apta бағдарламасының басқа телеарналардың қорытынды бағдарламаларынан бір артықшылығы – Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай, әр шығарылымында не көлемді шолу, не сюжет арнайды. Бұл жолы соғыс даласындағы ахуалды баяндап, келіссөздер шартын, бомбалау, батыс елдерінің көмегі туралы айтты. Украина президентінің кеңесшісі, РФ Қорғаныс министрлігі өкілі мен Германия қаржы министрінің синхроны бар.

Украинадағы жағдайды айта келіп, ЕуроОдақ Ресей отынынан бас тарту жөніндегі кешенді жоспарын жариялағанына, әлемдік алпауыт компаниялар РФ нарығынан жаппай кетуіне, ресейлік танымалдардың Қазақстанға келіп, ЖСН алып жатқанына (былтыр қаңтар мен сәуір аралығында 3,5 мың ресейлікке ЖСН берілсе, биыл осы кезеңде ЖСН алған ресейліктер саны 35 мыңнан асқан) назар аударды. Ал QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының Мәскеудегі тілшісі әзірлеген сюжет Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы ресейліктердің өміріне қалай әсер еткенін баяндайды. Тұрғындар өмір сүру қиындап, азық-түлік қымбаттап, кірісі азайғанын айтады. Сюжетте кейбір компаниялардың Қазақстанға көшіп жатқанын да атап өтті. Сарапшылардың комментарийі бар. Шынайы әрі тартымды материал.

Екі аптадан кейін референдум өтеді. Apta редакциясы дәстүрінен жаңылмай, референдум тақырыбына да сюжет арнады. Мемлекеттік хатшы, Әділет министрі, депутат, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, ауыл тұрғыны, адвокат пен қоғамдық даму институтының басшысы комментарий беріпті. Олар Конституцияға енгізілетін өзгерістер жақсы екенін, тағатсыздана күтетінін айтады.

Бағдарлама көшеде жүргізілген сауалнамамен аяқталды. Тұрғындардан «Сіз референдумға қатысасыз ба?» деп сұраған екен. Респонденттердің бәрі қатысатынын, бұл өзгерістер қоғам үшін маңызды екенін айтып, жауап беріпті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

 

Қазір токсик контент көп — Вячеслав Половинко

Қостанай өңірлік университетінде «Қазақстандық Медиа Желі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен журналистика және коммуникация менеджменті кафедрасының оқытушылары мен студенттері, университет Медиа орталығының мамандары сондай-ақ аймақтық журналистер қатысқан медиа этикасы және редакциялық саясат тақырыбында тренинг өтті.

Семинар-тренинг спикерлері — «Новая газетаның» басылымының редакторы Вячеслав Половинко және қазақстандық медиасарапшы Бақтыгүл Бурбаева. Біз Вячеслав Половинкомен медиаэтика мәселелері, журналистиканың болашағы туралы әңгімелестік.

«Новая газета» сайтының бас продюсері Вячеслав Половинко – Қазақстан тумасы. Ол ақтөбелік, оралдық БАҚ-тарда жұмыс істеп, кейін Ресейге қоныс аударған. Ресейде «Новая газета» басылымы қызметін тоқтатқан соң, «Новая газета Европа» ресурсында жұмыс істей бастады.

— Вячеслав, Қостанайдағы негізгі аудиторияңыз – студенттер. Қалай ойлайсыз,  TikTok буыны медиаэтиканы қалай қабылдайды? 

— «TikTok» буыны деп бөліп-жара көрсетпес едім, өйткені біз оған қандай да бір анықтама бере алмаймыз. TikTok пен жастар арасына толыққанды теңдік белгісін қоюға негіз жоқ. Ал егер белгілі бір форматтары бар, клипше ойлауды қажет ететін әлеуметтік желіде жұмыс істей алатын жастарды айтып отырсаңыз, олар медиаэтиканы түрліше түсінеді. Олар жұмыс істейтін алаңдар мен платформаларда медиаэтиканы бұзу жиі кездеседі. Себебі, әлеуметтік желілер ресми БАҚ емес, ол жерде ақпаратты верификация жасау, адамның деректерін жариялауға рұқсат сұрау талап етілмейді. Көп жағдайда тіпті құрмет көрсету де талап етілмейді. Мұндай ережелер жоқ. 

Бірақ соған қарамастан жас буын этикаға сезімтал әрі нормаларды сақтауға тырысады.

— Пранк, фейк, ақпараттық соғыстар дәуірі келіп жетті. Қалай ойлайсыз, өзін-өзі реттеу мен ауызекі нормалар арқылы ақпарат саласына тәртіп орнатуға бола ма? 

— Пранк, фейктер, ақпараттық соғыстар бүгін және қазір басталмады. Бұл біраз уақыттан бері жалғасып келе жатыр. Қазір соғыстың кесірінен токсик контент көбейіп кетті. Соғыс уақытында мұндай көбейе түседі. Бірақ соған қарамастан, құжат, жазбаша заң, т.б. көмегімен сырттан реттеу — медиа саласына тек зиян тигізеді деген пікірді қолдаймын. Ақпараттық сала өзін-өзі реттеуі керек. Бұл — мен аксиома деп санайтын мызғымас ереже. Реттеу функциялары неғұрлым көп енгізілсе, ол соғұрлым жаман.  

Түсінесіз бе, ен салғандай етіп ереже енгізсеңіз, ол ережені көбірек бұзуға стимул бересіз. Интернет әу бастан күрделі әрі бейберекет, сонымен қатар еркін жүйе ретінде құрылған.   

Әрине, кейбір ережелер бар, ананы-мынаны бір айтып кетсем кешірерсіз, бірақ олар — әрдайым жазылмаған ережелер. Меніңше, өзін-өзі реттеу — бұл жағдайда жалғыз дұрыс жол. Ресми БАҚ-қа келсек, ол жерде әңгіме басқа. Әрине, «БАҚ туралы» бұдан да жетілдірілген заң керек, онда медиа этикасына қатысты істер нақты жазылуы керек. Бұрын болып кеткен этика бұзушылықтар сараланып, өңделіп және шындық деп түсіне отырып заңға енгізілуі керек. 

— Қазір интернет-журналистикадағы негізгі этика бұзушылықтар қандай? Мысал келтіре аласыз ба? 

— Қазіргі Қазақстан журналистикасының, жалпы кез келген журналистиканың негізгі проблемасы — оның негізгі артықшылығында жатыр. Ал журналистиканың ең басты артықшылығы — ақпаратты жеткізу жылдамдығы. Мәселе мынада: ақпаратты беру жылдамдығы артқан сайын, оған верификация жылдамдығы төмендейді. Рейтинг, қаралым, хайп немесе бірінші болу үшін журналистер көбіне ақпаратты тексермейді. Ақпаратты қайта тексеру — кез келген журналиске, кез келген редакцияға тән болуы керек басты қасиет.

— Блогерлер, журналистер, азаматтық белсенділердің арасындағы шекара бұлыңғырланып барады. Сіздің ойыңызша, журналист дегеніміз кім? 

— Шын мәнінде, журналиске берілер анықтама бұрынғыша қала бермек. Журналист дегеніміз ақпарат жинап, оны талдап, верификациялап (бұл маңызды) және оқырманға, тұтынушыға жеткізетін адам. Екінші бір жайт, негізінде бұл істі кез келген блогер де атқара алады. Сондықтан журналистің осы мамандыққа қатысы оның қандай да бір ресми медиаға тиесілі болуымен анықталады. БАҚ-та жұмыс істейтін журналист — журналист. Ал өз бетімен жұмыс істейтін адам — блогер. Сондай-ақ, азаматтық журналистер бар, олар басқа категорияға жатады, оларға бөлек анықтама берілуі керек.   

— Соңғы сұрақ  — жас журналистерге, студенттерге кеңес берсеңіз.

— Жаңадан бастап жатқан журналистерге, бұл сала 15 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда салаланғанына қарамастан, мамандыққа еш қорықпай араласа беруге кеңес берер едім. Оның осылай салалануы мамандықты қызық ете түседі. 

Жақсы теориялық базаның болуы маңызды. Практик ретінде айтарым, жұмысқа кіріскенде, алдыңғы буын әріптестердің тәжірибесін ескеру керек. Мұны аксиома ретінде қабылдауыңыз керек демеймін. Қалыптасқан нормаларды өзгерте аласыз, бірақ ол үшін тәжірибе жинап, кедір-бұдырларыңызды толықтыру керек. Бұдан қорықпаңыз.  

Қазақ тіліне аударған:Оразай Қыдырбай

***

Бұл тренинг Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында өтті. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.

Өскеменде медиаэтика тренингі өтеді

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі Өскемен қаласындағы журналистерді, журналистика факультетінің студенттері және  баспасөз хатшыларын 27 мамыр, бейсенбі күні сағат 9-да өтетін офлайн-тренингке шақырады.

Тақырып: Медиаэтика: негіздері, журналист қауіпсіздігі және конфликт-сезімтал тақырыптар

Медиатренерлер: 

Бақтыгүл Бурбаева, KazMedia Network қоғамдық ұйымының атқарушы директоры;
Жұлдыз Әбділда, Медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы

Тренинг бағдарламасында:

  • Журналитикаға арналған халықаралық этика стандарттары.
  • Медиа этикасының негіздері және медиа ортасының өзін-өзі реттеуі. Қазақстандағы медианың негізгі принциптері 
  • Қазақстандағы және шетелдегі этикалық кейстер
  • Заңға қарағанда этика маңызды болатын журналистерге арналған жағдаяттар. Не істеу керек? 
  • Сезімтал тақырыптармен жұмыс: зорлық-зомбылық құрбандары, қақтығыстар, төтенше жағдайлар, құлдық, адам саудасы, терактілер, экстремал жағдайлар. Топпен жұмыс, практикалық кейстерді талда
  • БАҚ-та суицид туралы қалай жазу керек
  • Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық Комитет қалай жұмыс істейді?

бұдан басқа да көптеген тақырып бар. 

Тренинг, арасында кофе-брейк үзілістерімен, кешке дейін жалғасады. Қатысушыларға сертификат беріледі. Тренинг қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Мекенжайы: Өскемен, М.Горький көшесі, 76. Қазақстан-Американдық еркін университетінің бас ғимараты

Тренингіге мына телефон нөмірлері арқылы жазыла аласыз:

8-777-213-13-67 Бақтыгүл Бурбаева, медиатренер 
8-707-700-0439 Ольга Настюкова, жоба жетекшісі

***

Бұл тренинг Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін. 

«Қазақстанның дәрі-дәрмек қауіпсіздігі» вебинары өтеді

Құрметті журналистер!

Сіздерді 24 мамыр, сейсенбі, сағат 14.00-де басталатын «Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігі» вебинарына шақырамыз. Қазақстандағы ірі дәрілік заттар өндіруші — SANTO компаниясы фармацевтика нарығындағы жағдай және пандемияның қандай шешімдер қабылдауға мәжбүр еткенін баяндайды.

Спикер: Анна Фарленкова, SANTO рецепттік препараттар бизнес-бөлімшесінің директоры.

Мына тақырыптар туралы айтамыз:

— Қазақстандағы фармацевтика нарығының құрылымы, рецепттік және рецептсіз препараттар туралы;
— препараттардың технологиялық трансферлері және отандық өндірушілер рөлінің маңызы;
— сапалы медицинаға қолжетімділік неліктен маңызды?;
— толық емделмеген науқастар — неге емделу өте ұзақ болса да терапияны жалғастыру керек?

Вебинар соңында квиз ойын болады. Ең мұқият тыңдаушыларға сыйлығымыз бар! Смартфондарыңызды дайындап, интеллектуалды викторина сұрақтарына жауап беруге дайын отырыңыз.

Шара ZOOM-да өтеді.

Қатысу үшін онлайн-өтінішті толтырып, алдын-ала тіркелуге болады.

Біз сізге вебинар сілтемесін шарадан бір күн бұрын және басталуына бір сағат қалғанда жібереміз.

Сіздерді 2022 жылғы 24 мамыр, Алматы уақытымен сағат 14:00-де күтеміз.

Сұрақтарыңыз болса, қоңырау шалыңыздар: 8-707-7000-439 Ольга Настюкова (KazMediaNetwork білім беру жобасының қолдауымен «Медиа Сервис» агенттігі)

Öner Tili киносауат онлайн курсына тіркеу басталды

Қазақ тілінде өтетін Öner Tili киносауат курсына тіркеу басталды. Медиа қызметкерлерін, студенттер мен кино саласына қызығатын барша жанды қатысуға шақырамыз.

Курсты белгілі кинотанушы, журналист, аудармашы, Лондондағы Мэри патшайым университетінің (Queen Mary University of London) докторанты, «Болашақ» стипендиясының түлегі Әсия Бағдәулетқызы жүргізеді.

Кино — демалыста уақыт өткізіп, көңіл көтеретін нәрсе ғана емес. Кино — медианың бір түрі, кино — өнер, кино — күнделікті өміріміздің айнасы. Әлемде видео контент тұтыну көлемі жылдан жылға артып, Қазақстан кино индустриясы да жыл өте ілгерілеп келеді. Бүгінде киносауаттың маңызы арта түсті. Қазір әрбір көрермен киносауат негізін білгені жөн.

Бұл курс фильмді қалай дұрыс қарап, оны қалай дұрыс талдап, қалай дұрыс тұтынуға болатынын үйретеді. Киноны ойын-сауық түрі емес, өнер саласы ретінде қарауға баулиды.

Курс барысында:

  • Кино тарихы;
  • Кино теориясы;
  • Кино формасы: түрлері, жанрлары;
  • Кино стилі: монтаж және дыбыс;
  • Кино және қоғам

және басқа да маңызды тақырыптар талқыланады.

Курс жазда, 2022 жылғы маусым — тамыз айларында болады. 11 аптаға жалғасады. Кино саласы бойынша барлығы 11 дәріс жоспарланған. Екі мәрте кино талқылау ұйымдастырылады. Курс мазмұны мына жерде.

Дәрістер толықтай қазақ тілінде, аптасына бір рет, бейсенбі күндері кешкісін Zoom платформасында өтеді.

Курсқа қатысу үшін онлайн-өтінішті толтыру қажет. 2022 жылғы 5 маусымға дейін өтініш қабылданады.

***
Бұл курс Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. Öner Tili ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.