Домой Блог Страница 17

Қаңтар оқиғасы кезінде журналистер қандай қысымға ұшырады?

3 мамыр — Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні. Атаулы күн БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1993 жылы бекітілді. Осы орайда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова мен Ақтөбедегі tilshi.kz сайтының редакторы Асқар Ақтілеуден Қаңтар оқиғасы кезінде журналистердің ақпарат таратуына қандай кедергілер болғанын, бүгінгі медианың жай-күйін сұрадық.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мониторинг дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде және кейін оқиға салдарынан БАҚ саласының 41 қызметкері түрлі деңгейде зардап шеккен. Мұның қатарында БАҚ қызметкерінің өлімі, оларға шабуыл жасау/жарақаттау, тұтқындау, жауап алу, сотқа дейінгі тергеулер, айып тағу, әкімшілік жаза, бірнеше тәулікке қамау сияқты деректер бар.  

Ғалия Әженованың айтуынша, кейінгі кезде тек журналистер емес, жалпы халқымыз үшін ең ауыр тиген оқиға, әрине — қанды Қаңтар оқиғасы.

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы

— Қанды Қаңтар біз үшін өте ауыр. Еліміздің басынан қауіпті жағдай өтті. Басқа адамдармен қатар журналистер де жапа шекті. Тек журналистер емес, блоггерлер, белсенділер, жазып-сызып жүрген белсенділер үшін бұл үлкен бір сынақ болды. Біріншіден, президент Қ.Тоқаев «ақпараттық саясаттан жеңілдік» деп айтты. Яғни ақпараттық саясат дұрыс болмаған жерде қандай да бір қауіп-қатер, қандай да бір олқылықтар болуы әбден мүмкін. Соны мына Қанды қаңтар бізге көрсетті. Ақпарат ала алмаған жұртшылық журналистерге үміттене қарады. Ресми ақпарат та, бейресми ақпарат жоқ, интернет жоқ жерде телефонмен де хабарласа алмай қалдық. XXI ғасырда интернетті өшіріп тастау адамдардың ештеңе білмей, бейхабар қалуына себеп болды, бас амандығын ойлауға, басқа нәрселерге назар аударып, маңайда не боп жатқанын білуіне, журналистердің ақпарат таратуына үлкен кедергі болды. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды. Олардың өлім себебін тергеу орындары анықтап жатыр. Бірақ бұл жай шеше салатын нәрсе емес. Журналистер, блогерлер, жалпы белсенді адамдар жариялаған видеолар, олардың жұртты сақтандырып, қолынан келгенше интернет пайда болғанда ақпарат кеңістігіне жіберуі кімнің қандай жағдайда не болғанын түсінуге мол мүмкіндік берді. Яғни ең бірінші біз, журналистер, ақпараттық соғыстан жеңілдік деуге болады. Неге? Біз уақытылы, дер кезінде не боп жатқанын айтып үлгермедік. Журналистердің халықты алдын ала ескертуге, боп жатқан жағдаятты толық баяндауға мүмкіндігі болмады. Ең қиыны — «интернет өшірілмесе, жағдай басқаша өрбитін бе еді, мүмкін, өлген адамдар саны азырақ болар ма еді» деген ой күн өткен сайын келе береді. Қанды қаңтарда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мониторингі бойынша, әртүрлі жағдайда 41 БАҚ өкілі зардап шекті. Олар кәсіби қызметін атқарып жүргенде түрлі жағдайға тап болып, жарақат алып, қиындыққа ұшырады. 6 қаңтарда «Алматы» телеарнасының көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев оққа ұшты. Олардың түсірілім тобы алаңдағы жағдайды түсіруге бара жатқанда шабуыл жасалып, көлікке оқ атқан. Жүргізуші қаза болды, жанындағылар жарақат алды, — дейді Ғалия Әженова. 

Қор дерегінше, журналистерге шабуыл жасаған 18 оқиға тіркелген. Оның 17-і журналистер жаппай тәртіпсіздік оқиғасы боп жатқан жерден ақпарат тарату, кәсіби міндетін орындау кезінде болған. Шабуылдан 7 журналист түрлі жарақат алған. 

«Бізге журналистер әуелі бейбіт митинг боп басталғанын айтты. Кейін топ арасындағы түр-түсі күмәнді адамдар PRESSA деген жазуы бар кеудеше киген журналистерге ұмтылып, камераларын тартып алуға тырысып, қоқан-лоққы жасапты. Мұндай оқиғалар Өскемен, Орал, Маңғыстау, Атырауда болған. Журналистер жиналғандардың арасындағы арандатушыларды байқап, бейбіт жұртқа сондай адамдардан сақтануды ескертіп те отырған. Мәселен, Ақтауда Сәния Тойкен деген журналист бейбіт митингке жиналған жұртшылықтың маңынан бір топты көрген. Олардың «жай тұрғаннан ештеңе бітпейд, әкімдікке барайық, қиратайық» деп айтып тұрғанын естіп, өз-өзіне сенбей, жанына барып, «сіздер арандатып тұрсыздар ма» деп ренжіп айтқанда олар Сәнияға ұмтылып, «біз саған көрсетеміз» деген сыңайда қорқытқан. Ол ереуілші жігіттерге «мыналар арандатушылар ғо, неге тұр» деп хабарлаған. «Митингіні бейбіт түрде өткіземіз, арандатушылыққа жол бермейміз» деген митингшілердің өздері ана тұрған топты митингінің арасынан ысырып, «біздің жолымыз бір емес, шығыңдар мына жерден» деп шығарып жіберген. Ал Оралда журналист Лұқпан Ахмедияров осындай арандатушылар «әкімшілікті қиратайық» деп тұрған кезде «сіздер не деп тұрсыздар, мақсаттарыңыз қирату ма еді» дегені үшін қамауға алынды. Дарын Нұрсапар да қамалды. Журналист Бақыт Смағұл Көкшетау қаласында «жастар арандап қалмасын» деп комиссияның мүшесі ретінде митингіге жиналғандарды тыныштандыруға, тынышталуға шақыруға барған екен. Оны да қамады. Оларға рұқсат етілмеген митингіге қатысты деген айып бойынша әкімшілік жаза тағайындалған. 4-8 қаңтар аралығында құқық қорғау органдары журналистерді 13 рет ұстаған. Мұның 11-і елдегі наразылық акцияларынан ақпарат тарату, төтенше жағдай кезінде болған. Қаңтар оқиғаларына байланысты журналистер мен блогерлерді сотқа дейін тергеп-тексеру, сотқа тарту бойынша 10 дерек тіркелді. Кейбір жағдайда полиция қызметкерлері күш қолданып, журналистер түсірген видеоматериалдарды өшірген. Бұл журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасау болып отыр. Кәсіби қызметін атқарып жүрген кезде оларды жәбірлеу, сотқа тарту, оларды заңсыз соттаудың өзі әлі күнге дейін дұрыстап зерттелмеген. Қызметінде жүрген журналистерге жаза қолданды. Бұл қай жағынан қарасақ та негізсіз әрі заңсыз».

«Әділ сөз» қорының өкілдері наразылықтар акцияларынан хабар таратуға байланысты журналистер мен блогерлерді полицияға шақыру бойынша 12 оқиғаны тіркеген. Полицейлер журналистерден митинг өтетін жерде не үшін болғанын сұраған. 

Tilshi.kz сайтының редакторы, журналист Асқар Ақтілеу Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе полицейлері бір журналистің үйіне тінту жүргізгенін айтты

Асқар Ақтілеу, tilshi.kz сайтының редакторы, журналист

— Комендант сағаты кезінде Ардақ Ерубаева деген әріптесім: «үйіме полиция келе жатыр» деп хабарласты. Үлгеріп, үйіне бардым. Кіріп шамалы отырғаным сол еді, сағат 11-лер шамасында 5 адам кіріп келді. Үш полицей және 2 «понятой». Бір сағаттай тексерді, сосын Ардақ Ерубаеваны «допросқа» алып кетті. Сағат түнгі 2-лерде әкеліп тастады. Негізі сол күні алып кеткендердің бәрін бірдей үйіне қайтармады. Таңға дейін полицияда күтіп отырғандары бар. Таң ата, комендант сағатын алып тастағаннан кейін қайтарды. Қаңтар оқиғасына кезінде журналистердің жұмысына осындай кедергілер болды, — дейді Асқар Ақтілеу.

Ол Ақтөбе облысындағы журналистердің қазіргі жағдайы туралы да айтты. 

— Облыс әкімдігі журналистерге ақпарат бере бермейді. Журналистер сол жағынан қынжылады. Яғни ақпарат алу қиын. Сосын қазір журналистердің ақпарат алу, ақпаратқа қол жеткізу бойынша сұраныс жіберуі, сол сұранысқа жауап болмай қалса, не мардымсыз жауап келсе, ақпарат беретін тараптың үстінен шағым айтып, заңға жүгінуі байқалмайды. Журналистің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік бар ғой. Журналистер сол бапты пайдаланбайды. Бұл тек Ақтөбеде емес, жалпы Қазақстандағы жағдай, — дейді Асқар. 

Оның сөзінше, қазігі журналистиканың тарататын контенті тым ұқсас, бірін-бірі қайталап кетті. 

«Бір оқиғаны 5-6 телеарна бірдей алып береді. Контент біркелкі боп кетті. Ерекше ақпарат іздеу жағынан журналистер шамалы еріншек па, әлде шын оқиға болмай ма, болған күнде таратпай ма, сондай бір түсініксіз жағдай. Журналистер қатары толықпай қалды. Курс оқып, кездейсоқ келіп қалған адамдар болады. Астана, Алматыда оқып келген журналистер бар. Бірақ жанып тұрған адам аз. Сосын бұрын қазақ журналистерінде жұмыс бола бермейтін. Айналып келгенде санаулы негізгі мемлекеттік БАҚ-тарда жұмыс істейтін еді. Бұрын Ақтөбеде тек екі БАҚ, облыстық газет пен телеарна бар еді. Жалпы өңірде қазақ тілінде жазатын журналистерге жұмыс жоқ болатын. Ал қазір Астана, Алматыда жаңа жобалар ашылып, бірді-екілі журналистер ілініп кетеді. Соған қуанамыз. Қосымша жұмыс болса да, негізгі жұмыс болса да, мемлекеттік медиамен шектелмей, кішкене еркін форматтарға көшіп жатқаны қуантады».

Асқар Ақтілеудің сөзінше, Ақтөбедегі журналистердің өзара ынтымақтастығы жоғары деңгейде екен.

— Тағы бір қуантатыны — Ақтөбеде қазақ тілінде хабар тарататын журналистердің ауызбіршілігі жақсы. Бірге жүреді. Бір журналистке қысым көрсетсе, бәрі бірігіп, әріптесіне қолдау көрсете кетеді. Сөйтіп бір-бірін құтқарып алатындай шамаға жетті. Бұрын әкімдер көбіне орыс тіліндегі газеттерге, журналистерге басымдық беретін. Ақпаратты орысша айтатын. Қазақ журналистері: «енді осының қазақшасын айтып беріңізші, аударып беріңізші» деп жүрсе, қазір жағдай керісінше. Сенсация болсын, проблема болсын, жақсы позитив материал болсын, көп жағдайда қазақ тілінде жазатын журналистерден, қазақ тіліндегі ақпарат құралдарынан тарап жатыр. Әкімдіктер қазақ тілінде жазатын журналистермен санасады. Бұрынғыдай емес, — дейді ол.

Ғалия Әженова қазіргі журналистиканың жай-күйіне баға бере отырып, 30 жылда халық қана емес, журналистер де шаршағанын айтты 

— Себебі біз журналисттер елдегі мәселелерді шешу үшін бар жағдайды анық, объективті түрде қоғамға және үкіметке жеткізуіміз керек. Бірақ көбіне халықтың сауалы, мұң-мұқтажы сол күйінде қалып қоя береді. Өйткені, өкінішке қарай, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі көбіне бір жақты болып кетті. Тәуелсіз мемлекет болған 30 жылдық тарихымызға қарасақ, «Бір тұлғаға жұмыс жасауымыз керек» деп, бір тұлғаның жақсы көрінуіне, оның жасап жатқан әрекеттерінің барлығы оң деп қарауға, жақсы имидж жасауға тырысқанымыз рас. Бірақ арасында “сол имидж жасанды дүние ғо, негізі шешілмей жатқан, қордаланып жатқан мәселе көп қой, соған назар аударайық” деген журналистер сотқа тартылып, кейбіреуінің газеті жабылып, сайтына бұғаттап, айып төлеткен жағдайларды білеміз. Билік басына жаңа президент келіп, «Жаңа Қазақстан салып жатырмыз, Жаңа Қазақстанға қызмет етуіміз керек» десек те әлі Ескі Қазақстанның көлеңкесі, ескі Қазақстан олигархиясының көлеңкесі, ескі көзқарастың көлеңкесі, психологиялық әсері жоқ емес, бар. Қайда барсаң да президенттің айтқаны бір бөлек, ал атқарушы биліктің жасап жатқаны екінші нәрсе боп шығады. Президент Тоқаев “БАҚ туралы заңды қайта қарау керек” деп тайға таңба басқандай айтты. Бұл енді көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе ғой. Расында да журналистерге арналған жаңа заң қажет. Журналистер 85-90%-ы жамау-жамау заңның аясында өмір сүріп келе жатыр, — деді Ғалия Әженова.

Украинадағы соғыс туралы ақпарат таратқанда, психикалық денсаулық амандығын қалай сақтау керек?

Headlines Network компаниясының негізін қалаушы, сарапшы Ханна Сторм қақтығысты қашықтан бақылағанда жан-дүниеңізді қалай қорғауға болатынын айтып берді. 

Украинада соғыс басталғалы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі медиа редакциялар оқиғаны жан-жақты: тұрғын үйлерді бомбалаудан бастап Польша шекарасындағы босқындар дағдарысына дейін қамтып, тынбай ақпарат таратып жатыр. Мыңдаған репортер мен редактор оқиғаны қашықтан бақылап, әлеуметтік желілер мен ақпарат агенттіктерінің жаңалығын қалт жібермей қадағалап, оқиға орнындағы әріптестері мен таныстарына хабарласып, мәлімет алып отыр. 

Ханна Сторм — журналист әрі медиаконсультант. Ол редакцияларға журналистердің қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығы жөнінде кеңес беріп, көмектеседі. Рейтер журналистиканы зерттеу институты Ханнадан көрген-білген оқиғасына эмоционалды түрде араласып, жан жарасына ұшыраған журналистерге қалай көмектесуге болатынын сұрады. Ол репортерлерге бес кеңес, редакция басшыларына үш кеңес айтты. 

Бәріне бір кеңес 

Бастан кешкен жайтты мойындап, қабылдаңыз. «Адамдар пандемиядан кейін қатты шаршады, екі жыл расында да өте ауыр тиді. Мұны бастапқы нүкте ретінде мойындау — өте маңызды. Өйткені бәріміздің бұрынғы тәжірибеміз вакуумда қалмайды. Бұған дейін басымыздан кешкен жағдайға негізделеді». 

Репортерлерге бес кеңес

  1. Жанға жара салатын материалдардан абай болыңыз. «Көбі өзі өңдеген материалын “радиоактивті” деп атады. Сондықтан да жанды жаралап, теріс әсер ететін ақпарат, сурет, бейнені көргенде бұл материалды еңсеру қиынға соғатынын түсініп, мұндай материалмен өзара әрекеттесуді шектеңіз» — деді ол. 

Ханнаның айтуынша, фотовидеоны өңдегенде қандай да бір детальға, мәселен, суреттің жанды жаралайтын бөлігінен тыс түске назар аударуды, не болмаса көріп тұрғаныңызды өзіңіз отырған контексте елестету үшін кішірейтіп қараған жөн. Ал видеоға келсек, видеоны әуелі дыбыссыз көріп, содан кейін дыбысын қосуды ұсынады. 

  1. Өзара әрекеттесуді шектеңіз. «Ең әуелі материалды қалай қабылдайтыныңыз не көргеніңіз, қашан көргеніңіз, қайда тұрғаныңыз, қашан болып жатқанына мән беру тұрғысынан шектеу керек», — дейді Ханна. Ол жүрек ауыртар материалды еңсеру үшін үзіліс жасамас бұрын, уақыт шектеулерін қойып алуды ұсынды. 
  2. Мұның сізге қалай әсер ететінін түсініңіз. «Психикалық денсаулықта бейнелердің бізге қалай әсер ететінін білу және мойындау маңызды. Жан жарақаты денеміздің түрлі бөлігіне орналасады. Жүрек дүрсілдеп, алақан терлеп, тынысымыз жиілейді. Мұндайды байқағанда тынышталуға болатын жерін табуға тырысу керек», — деді ол. Бұған арналған көптеген әдіс бар екен. Соның бірі — 54321 техникасы. 
  3. Жұмысыңыз бен жеке өміріңіздің араластырмай, екеуін бөліп тұратын шекараны белгілеңіз және шекараны бұзбаңыз. «Өзімізді қорғау үшін жұмыс пен үйді бөліп қарастыратын параметрлер орнатамыз. Қазіргі жағдайда бұл шекараның берік екеніне көз жеткізу тіпті маңызды. Басқаның бәрін ұмытып, сізді қуантатын нәрселерге уақыт бөлу керек».
  4. Бұл жайында әңгімелесіңіз. «Біреумен сөйлесіңіз. Сенетін, сізді түсінетін адам табыңыз. Бұл образ сізге әсер етуі мүмкін екенін түсініп, қабылдаңыз. Бұл жайында әдейі уақыт бөліп, арнайы сөйлесіңіз. Егер қашықтан жұмыс істесеңіз, әріптесіңізбен жұмыс арасында шүйіркелесе алмасаңыз, қоңырау шалыңыз». 

Редакция басшыларына үш кеңес

  1. Әр адамның реакциясы әртүрлі. «Әрбір адам әртүрлі нәрсеге әрқалай реакция білдіретінін біліп, солай қабылдау өте маңызды. Адамдарға қысым жасамайтыныңызға, оларға ұнамайтын нәрсені істетуге мәжбүрлемейтініңізге көз жеткізіңіз. Міне, сондықтан да адамдарға белгілі бір деңгейде өз бетінше жұмыс істеуіне, жағдайды бақылай алуына мүмкіндік беру керек», — дейді Ханна. Кейбір адамдар жеке себебіне байланысты мұндай жұмысты басқалардан гөрі жақсырақ істеуі мүмкін. Мұнда басшының қызметкерлерімен қарым-қатынасы жақсы болып, проблемаларын білуі маңызды.
  1. Үлгі көрсетіңіз. «Қызметкерлеріңізбен олардың нені күтетініні жайында әңгімелесіп, оларға: «Тыңдаңыздар. Бұл қиын-ақ. Жалпы бұл тақырыппен жұмыс істеу уақытын шектегендеріңізді қалаймын. Содан кейін сізбен сөйлескім келеді» деп айтыңыз. Әйтпесе, адамдар «бұл өзіне зиянын тигізсе де жалғастыруға міндеттімін» санауы мүмкін. 
  2. Тану, мойындау, қабылдаудың әсер күшіне бей-жай қарамаңыз. «Біреуге: “Осы жұмысты істеп жатқаныңызға рахмет, мұның қиын екенін түсінемін” деп айту да маңызды екенін жоққа шығаруға болмайды. Адамдардың тәжірибесін құрметтей білу керек. Бұл соншалық қарапайым әрі оңай әрекет боп көрінуі мүмкін, бірақ репортерлеріңіз мұны бағалап, олардың істеп жатқан жұмысы қиын екенін түсінетініңізді біледі».

Ханна Сторм — Headlines Network ұйымының негізін қалаушы және директорларының бірі. Бұл ұйым жаңалықтар медиасындағы психикалық денсаулық туралы ашық әңгімелесуді насихаттайды. 

«Six tips to take care of your mental health while covering the war in Ukraine from afar» деген мақаланың аудармасы.

Медиатренер болу құпиясы. Ирина Чистякованың кеңесі

Әріптес-журналистермен шүйіркелесіп, әңгімелесе қалғанымда олардың көбі медиатренер болғысы келетінін айтады. Практик-тренер Ирина Чистяковадан медиатренер болудың жай-жапсарын сұрадым. Ирина медиатренерге қандай машық қажет екенін, жас шамасы маңызды па, жоқ па, медиатренер болатын адам қандай қиындықтарға ұшырасатынын айтып берді. Эмоционал зердені дамыту бойынша сарапшы, тренер-әдіскер Ирина Чистякова көп жылдан бері медиамамандар мен медиатренерлер дайындайды.

Ирина Чистякова

— Қай жастан медиатренер бола алады?

— Тренердің жасынан гөрі тәжірибесі маңызды. Өте жас, бірақ кәсіби тәжірибесі жеткілікті болса, одан тренер шығады. Тренер технологияларды (әдістер, құралдар, тәсілдер) үйретеді әрі тұлға ретіндегі болмысымен де баулиды. Оның тұлғасы да құрал. Тәжірибесіз болмайды. Егер жасыңыз 50-ден асып, бірақ кәсіби тәжірибеңіз жоқ болса, онда жақсы тренер бола алмайсыз. 

— Жақсы тренер болу үшін не істеу керек?

— Машығыңызды ғана емес, сабақ мазмұнын да үнемі жетілдіріп, дайындығыңызды шыңдап отыру керек. Лондонда тұратын құрметті тренерім Зоя Чарльз бізбен Zoom арқылы байланысқанда: «Егер екі тренингімнің арасы бір айдан асып кетсе, онда бірінші тренингте көрсеткен презентациямды екінші тренингте қайта көрсетпеймін. Бір айдың ішінде медиада болған оқиғаны презентацияға қосуым керек. Сонда ғана өзектідеп айтқаны бар. Мәселен, ол сол кезде небәрі 2-3 күн бұрын аяқталған Бейжің қысқы олимпиадасының кадрларын көрсетті. Медиатренер болу —  кәсіби тұрғыдан үнемі жаңарып, тұлға ретінде де дамып, оқу жоспары бен сабақ мазмұнын да жетілдіріп отыруды талап етеді. 

Әдетте медиатренерлер тренинг жүргізуді өз бетінше түйсігіне сеніп, не бір үлгіге қарап бастайды. Кейін уақыт өте келе тәжірибе жинап, тренинг өткізу стилі қалыптасады. Нақты бір тақырыптары болады. Тренерлерге арналған тренингтерге келіп, қатысып, әдіснамасын жетілдіреді. Басқа тренерлер қалай жұмыс істеп жатқанын қарап, жұрт пікірін біледі. Қай кәсіп болмасын, үнемі жаңарып, потенциалын арттырып отыру керек. Мұндайда тренерлерге арналған тренингтің орны ерекше. «Потенциалын арттыру» деп айтқаным — қатысушылардың «потенциалы төмен» дегенді білдірмейді. Айтпағым — жаңа технологияларды (күн сайын жаңасы шығады) үйренудің пайдасы мол. Тақырыбыңызға басқа қырынан қарап, жаңаша етіп қалай ұсынуға болатынын, мақсатты аудиторияңыз үшін өзектілігін қалай арттыруды білесіз. Әрі тәжірибе алмасасыз. Жалпы ересектер лектордың аудиторияда дәріс оқығанынан гөрі тәжірибе бөлісе отырып үйреткенінен жақсы білім алады. Бірін-бірі ынталандырып, өзі де жаңарып, жетіле түседі. 

— Тренингтің ең маңызды бөлігі қайсы?

— Тренингтің кіріспе бөлімі өте маңызды. Қатысушылар бір-бірімен танысып, ұйымдастырушылар мен тренерлер олардан қандай нәтижеге жетуді қалайтынын сұраған сәтті күтеді. Тренерлердің көбі: «Олар онсыз да бірін-бірі таниды, қайта таныстырудың не қажеті бар» деп ойлап жатады. Әсіресе, бірін бірі бұрыннан танитын адамдар жиналса, солай ойлайды. Әйткенмен, әрбір тренинг — жаңа тақырып, жаңа мақсат, жаңа нәтижеге жету. Бұл ересектерді оқытудағы маңызды сәт. 

Ересек адам мұнда не оқуға келгенін, кім оқытатынын, қандай нәтижеге қол жеткізетінін, уақытын текке жоғалтпайтынын, жалпы мұның қажет не қажет емес екенін әрдайым нақты түсіне алуы керек. Бірінші сессияның міндеті — қатысушылар ашық сұрамаса да көкейінде тұрған барлық сауалға жауап беру. Міне, сондықтан да тренингті мына рет бойынша өткізу маңызды: танысу, ережелер түзу, оқу бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстыру, қатысушылардың не алып, не қоятынын айту. Кейде қатысушылар тренингтен мүлдем басқа нәрсе күтуі мүмкін. Мінеки, сондай кезде олар «Мұнда мен не істеп жүрмін?» деп ойлап, көңілі қалады. Мұндай жағдай туындамас үшін барлығын алдын ала айтып, басын ашып алу керек. Сонда тренинг те нәтижелі болады. 

— Тренингте қандай да бір қиындықтар туындайтын кездеріңіз болы ма?

— Бір-біріне ұқсас тренинг болмайды, барлық топ әртүрлі. Тіпті бір топқа бір тақырыпта қайта тренинг өткізсеңіз де бәрібір басқаша болады. 

Тренингте болатын жағдайларды «қиындық» деп айтуды құптамаймын. Қиындық деп атау — бір қиын жағдайды еңсеру сияқты көрсетеді. Ал шын мәнінде түрлі жағдай болады. Неліктен бұлай болғанының да нақты себебі бар. Мәселен, қатысушылардың өзін-өзі ұстауы. «Қиын қатысушы» деген терминді қолданбаймын. Әйтсе де тренерлерге арналған тренингте «Қиын қатысушылармен жұмыс істеу» деген тақырып ұшырасады. Қиын қатысушы деген болмайды, тренингте қатысушының өзін-өзі ұстауындағы сәйкессіздіктер деп айтады. Алайда мұның да себебі бар. Тренер шеберлігі қатысушының неліктен өзін бұлай ұстау себебін анықтап, қатысушының әрекеті жалпы тренингке, басқаларға теріс әсер етпеуі үшін қандай шешім қабылдайтынынан көрінеді. Нәтижеге жету үшін мәселені шеше білу керек. 

Тренинг дегеніміз — сурет салатын кенеп мата сияқты. Ал тренер басқа адамдарды оқыта отырып, сол кенеп матаға сурет салады. Сурет бәріне пайдалы, бәріне қажет әрі ерекше боп шығуы үшін тренерің барлық қажет құралы бар. 

— Тренингтің қай бөлігі сізге қатты ұнайды?

— Тренерлер арасында: жақсы тренинг дегеніміз — тренер бір бұрышта ештеңе істемей отырады, ал қатысушылар бұл кезде тапсырманы өте белсенді орындап жатады, деген қалжың бар. Өйткені тренер оларды ынталандырып, тапсырманы тренерсіз-ақ орындай алатындай етіп баулыған. Олар өзі ұйымдасып, уақыт шегінен шықпай, тапсырма орындайды. Топ динамикасын сипаттағанда бұл кезең «жұмыс» деп аталады. Өйткені, олар үш кезеңнен өтіп, бір-бірімен үйлесіп, жұдырықтай жұмыла жұмыс істей алады. Тренер оларды кез келген тапсырманы орындай алатын күйге жеткізген. Қатысушылардың қалай жұмыс істеп жатқанын көріп отыру дегеніңіз — өте рахат сезім. Бұл ештеңе істемей отырғаннан туындайтын сезім емес, бұған дейін бәрін дұрыс жасағанымды білдіретін сезім. Міне, бұл дегеніңіз — керемет нәрсе. 

Сондай-ақ, таңертең және кешкісін жиналып, барлығын ой елегінен өткізетін кезді қатты жақсы көремін. Мұндай сәтте қатысушыларға не ұнағанын, олар нені өзіне «сіңіргенін» байқаймын. «Ағашты мәжбүрлеп өсіруге болмайды, бірақ биік, әдемі әрі мықты болып өсуі үшін түбіне су құйып, тыңайтқыш беріп, қураған бұтақтарын кесіп, жағдайын жасауға болады» деген тәмсіл бар. «Үйретуге болмайды, бірақ үйренуге болады» деген сөз бар. «Тренердің не үйреткені емес, қатысушылар не үйренгені маңызды» деп те айтады. Мінеки, тренингтерімде ұстануға тырысатын негізгі принциптерім осы. 

— Қазіргі тренингтердің ерекшелігі неде?

— Қазір барлығы бір-бірімен араласып жатыр. Синхронды оқыту мен асинхронды оқыту бір-біріне кірігіп кетті. Синхронды оқыту дегеніміз — бәріміз бір залда не Zoom-да отырамыз, ал асинхронды дегеніміз — қатысушылардың кейбір тапсырманы өз бетінше орындауы. Бағдарламалар да күрделеніп барады. Кейде оқыту тренингке дейін басталып кетеді. Мысалы, қатысушыларға бір қосымша материал жіберіп, «Оқып алыңыз. Тренингте осы материалды игергеніңізді негізге алып, жұмыс істейміз» деп айтамыз. Бәріне үлгеру үшін тренингке дейін тестілеу не тағы да басқа іс-шараларды жоспарлап қоямыз. Жұмыстың бір бөлігін тренингтен кейін істейтін етіп жоспарлауға да болады. Мысалы, нақты жобалар жасау. Содан кейін жобаны қалай жүзеге асырып жатқанын бақылап, қарауға, тіпті бағдарламаға менторинг қосуға болады. 

Тренингте ойындар ұйымдастырып, ойын арқылы үйрету тәсілі де танымал. Әйткенмен кейбіреулер бұған сынай қарап, салмақты нәрсені ойын арқылы үйретуге болмайды, ойын дегеніміз — жай эмоция деп айтып жатады. Меніңше, барлығы ойынның ішіндегі дұрыс жасалған механизмге келіп тіреледі. Ең бастысы — оқудан нәтиже шықса болғаны. 

— Медиатренерлерге арналған ең маңызды үш кітапты атасаңыз екен…

Халықаралық медиа журналистерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасын жүргізу тәртібі қандай?

Журналистер әлеуметтік желілердегі жеке парақшасына пост жариялағанда: «Бұл — менің жеке пікірім. Көзқарасым жұмыс берушінің ұстанымына сай келмеуі мүмкін» деп дисклеймер қосатынын көріп қаламыз. Алайда, мұндай ескерту де журналисті жұмыстан босату және тағы басқа түрлі теріс салдардан қорғай алмайды. Ақыры кейбір журналистер ешқандай пост жарияламайды, лайк баспайды, пікір жазбайды. Әлеуметтік желілерде тек бақылаушы сияқты отырады. «Жаңа репортер» халықаралық медиа редакциялары қызметкерінің әлеуметтік желі парақшаларын жүргізу тәртібін қалай реттейтініне шолу жасады. 

BBC

BBC қызметкерлеріне арналған әлеуметтік желі нұсқаулығын 2022 жылғы қазанда жаңартты.

Бұл нұсқаулық қызметкерлерін бейтарап болуға шақырады. Құжатта «мемлекеттік басқару, саясат және даулы мәселелер бойынша жеке пікір білдірмеу» деген бұйрық бар. Мұнда бейтарап болу дегеніміз — жария пікір білдіру, түрлі кампанияларға, шерулерге, наразылықтарға қатысу тұрғысынан қарастырылған. 

Қызметкер онлайн платформаларды кәсіби не жеке мақсатта пайдаланса да нұсқаулыққа бағынады. Корпорация басшылығының айтуынша, қызметкерлер BBC беделіне нұқсан келтірмеуі керек, әріптестерін жария сынауына болмайды. Сондай-ақ, «жаңалықтар бөлімі, фактология журналистикасы, жоғары басшылықтағы кейбір қызметкерлер мен қоғамда айтарлықтай мәртебелі кейбір жүргізушілерге арналған қатаң ережелер» бар. 

Нұсқаулықта қызметкерлердің өмірбаяны мен профайліне «Менің жеке пікірім, BBC емес» деген сияқты ескерту жазбауға, жауапкершіліктен бас тартпауға үндейді. Сондай-ақ, қызметкерлердің талқыланып жатқан тақырыпқа көзқарасын ашық білдіретін, посттың бейтарап мазмұнына қайшы келетін смайликтер пайдалануын құптамайды. «Әлеуметтік желілердегі жеке брендіңіз BBC алдындағы жауапкершілігіңізбен салыстырғанда әрдайым екінші орында екенін естен шығармаңыз» деген нақтылау бар. BBC қызметкерлерінен корпорациядан тыс кірісі жайлы мәліметті жалпыға ортақ деректер қорына енгізуді сұрайды. 

Reuters

Reuters халықаралық ақпарат агенттігі 2018 жылғы қазанда агенттіктің стилі мен этика кодексі жөнінде анықтамалық жариялады. Анықтамалықты құрастырушылардың айтуынша, бұл материалдар азаматтық журналистика дәуірінде «журналистиканы дамытуға жақсы мүмкіндік» болмақ. 

Жинақ төрт бөлімнен тұрады:

  • Стандарттар мен құндылықтар,
  • Стиль нұсқаулығы,
  • Спорт жаңалықтары стилінің нұсқаулығы,
  • Агенттік қызметіне қатысты сұрақтар бойынша нұсқаулық
  • және дереккөзбен байланыс, заңды тұстары, онлайн-репортаж жүргізу және қауіп-қатер төнгенде не шағым түскенде әрекет ету бойынша арнайы бөлім бар.

Reuters журналистерінің 10 постулаты да жазылған: 

  1. Дәлдік әрдайым бірінші.
  2. Қателерді әрқашан жария түзету керек.
  3. Әрдайым тепе-теңдік сақтаңыз және наным-сенімнен азат болыңыз.
  4. Мүдделер қақтығысы туындаса, мұны басшыңызға айтыңыз.
  5. Басымдыққа ие ақпаратты әрдайым алдыңғы орынға қойыңыз.
  6. Дереккөзіңізді шенеуніктер мен биліктен әрдайым қорғаңыз.
  7. Жаңалыққа жеке пікіріңізді таңудан аулақ болыңыз.
  8. Ешқашан плагиат жасамаңыз.
  9. Вижуал нысандардың суретін әдепкі жақсарту деңгейінен асыра өзгертуші болмаңыз.
  10. Оқиға үшін ешқашан ақша төлемеңіз, пара алмаңыз.

Нұсқаулықта журналистердің әлеуметтік желілердегі өзін-өзі ұстау тәртібі туралы ашық ештеңе айтылмайды. Алайда Reuters 2010 жылы бұл бойынша ұсыныстар жинағын жариялаған. Сондағы ұсыныстардың бірі — жеке аккаунтыңыздан бөлек кәсіби мақсаттағы аккаунт ашып, жүргізу.

Associated Press

Associated Press агенттігі 2012 жылы қызметкерлерінің әлеуметтік желілердегі аккаунтты жүргізу бойынша нұсқаулық шығарды. Нұсқаулықта Twitter-ді «журналистерге арналған нөмірі бірінші құрал» деп атаған. Екінші орында — Facebook (жалпы Батыс елдерінің қоғамдық-саяси өмірінде Twitter үлкен рөлге ие. Қазақстан мен басқа да посткеңестік елдерде керісінше — автор ескертпесі)

Нұсқаулықта мынадай ұсыныстар бар: 

  • Даулы мәселелер бойынша пікір білдірмеңіз, тіпті өзара әңгімеңіз құпиясөзбен қорғалған болса да бұдан аулақ болыңыз. 
  • Қауесет, расталмаған ақпарат таратпаңыз, ойдан қосып жазбаңыз. Ақпаратты таратпас бұрын мұқият тексеріңіз.
  • Қате материал жарияланса, мұны сол материал жарияланған платформалардың барлығында жария түзетіңіз.
  • Егер журналистің эксклюзив кадрі болып, соны бөліскенше асықса да сайтқа материал шықпастан бұрын әлеуметтік желілерге жарияламаған жөн. Егер сайттағы материал санаулы минуттан кейін шығатын болса немесе ақпаратты тизер ретінде қолданса, онда рұқсат. 
  • Ретвит жасағанда постыңызды бұл басқа біреудің пікірі екенін түсіндіру маңызды.
  • AP менеджерлерінің қол астындағы қызметкерлеріне достық жіберуіне болмайды. Ал басқа жағдайда AP қызметкерлері арасында бір-біріне достық жіберу қалыпты саналады.

Wall Street Journal

Wall Street Journal редакциясы 2009 жылғы мамырда редакторлары мен репортерлеріне әлеуметтік желі парақшаларын жүргізу мәселесі бойынша хат жолдады. Нұсқаулықты былай жазылған:

  • Өзіңіз туралы ақпаратты ешқашан бұрмалаңыз. Мәселен, медиаңыздың атынан әрекет еткенде ойдан шығарылған есім қолдануға болмайды. Оқырмандарыңыз бен сұхбат қатысушыларынан мәлімет сұрастырғанда жұмыс істейтін басылымыңызды атап айтып, өзіңізді таныстыруыңыз керек.
  • Барлық комментарийіңіз фактіге негізделуі керек. Егер қажет болса, есептен цитата келтіруге болады. Егер жеке пікіріңізді айтсаңыз, саяси көзқарасыңыңызды білдірсеңіз, онда тұтас ұйым теріс пікірі үшін сынға ұшырауы мүмкін. Мұндай кезде репортер алдағы уақытта сол басылымға ақпарат беру құқынан айырылады.
  • Жұмысыңызды қорғауға, танытып-таратуға достарыңыз бен отбасы мүшелерін тартпаңыз.
  • Құпия дереккөз ретінде қарастыруға болатын адамдарды достығыңызға қоспас бұрын редакторыңызбен ақылдасаңыз.
  • Материалды қалай жасағаныңызды, қалай жариялағаныңызды не қалай редакциялағанын егжей-тегжейлі айтпаңыз.
  • Әлі жарияланбаған мақаланы, болған не енді болатын кездесуді, алған сұхбатыңызды талқыламаңыз.
  • Әріптестеріңіз бен бәсекелестеріңіздің жұмысын кемсітпеңіз. Материалдарыңызды агрессивті түрде жарнамалауға болмайды.
  • Арандатушылармен әдепсіз диалогқа түспеңіз.

Twitter сияқты әлеуметтік желілерде бизнес пен көңі

көтеруді араластырмаңыз. Эмоцияның жетегінде кетуге болмайды. Ақылға салып шешіңіз. Егер твит не постыңызды жариялауға күмәндансаңыз, жарияламас бұрын редакторыңызбен ақылдасып алыңыз. 

2017 жылы Wall Street Journal басшылығы қызметкерлеріне хат таратты. Хатта осы тақырыпты түйіндейтін мына сөздер жазылған: 

«Біздің басылым көптен бері әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану бойынша нақты ұсыныстар беріп келеді. Әйтсе де, Twitter, LinkedIn және Facebook сияқты платформалар бізге мүмкіндік ұсынып қана қоймай, проблема да туындатады. Әлеуметтік платформалардың жақсы жағы — журналистік жұмысымызды бөлісуге, оқырмандармен, дереккөздермен өзара қарым-қатынас жасауға, тіпті репортер дайындауға көмектесетін керемет құрал бола алады. /…/ Бірақ әлеуметтік платформаларда жариялайтын материалымызға да өзіміздің басылымдағыдай стандарттар негізінде қарауды ұмытпауымыз керек. Жаңалықтар бөлімінің қызметкерлері болған соң журналистикамыздың ең үздік құндылықтарын көрсетуге міндеттіміз. Бұған адалдық, шындық пен бейтараптылық жатады».

Орталық Азия медиасыншыларына арналған 2022 жылғы онлайн шеберханаға қабылдау басталды

Internews 2022 жылғы мамыр-маусым айларында медиасыншылар дайындайтын онлайн шеберхана өткізеді. Бұған медиасын жанрын меңгеріп, «Жаңа репортер» сайты мен Internews ұйымының басқа да интернет-жобаларына медиасын мақала жазғысы келетін медиамамандар, филологтар, мәдениеттанушылар қатыса алады. Үміткерді сауалнаманы қалай толтырғанына қарап таңдайды. 

2022 жылғы 6 мамыр, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:59-ге дейін өтініш қабылданады.

Қазақ тіліне жетік, ал орыс тілін медиатренердің сөзін түсіне алатындай деңгейде білетін авторларға басымдық беріледі. Келісімшарт жасасу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуыңыз керек.

Медиасын дегеніміз — журналистер, режиссерлер, жалпы шығармашылық адамдарының жұмысын бағалау. Медиасын жанрын амбициямызды «тойдыру» үшін емес, Орталық Азиядағы журналистика мен документалистиканың (басқасының да) сапасын жақсартып, бәсекеге қабілетін арттыра түсу үшін дамытып келеміз. 

Internews Орталық Азия елдерінде «Медиасын» бағытын «Жаңа репортер» сайты арқылы дамытып жатыр. Онлайн-өтінішті толтырмас бұрын сайттағы «Медиасын» айдарында жарияланған мақалаларды оқып шыққан жөн. Біз онлайн шеберханаға жай қатысушыларды емес, пікірлес адамдарды, яғни онлайн шеберханамызда оқып, «Медиасын» бөліміне мақала жазатын авторлар мен редакторлар іздеп жатырмыз.

Онлайн шеберханада тренингтер болады. Қатысушылар материалды өз бетінше зерттеп-зерделеп, Internews тәлімгерлерімен жеке жұмыс істейді.

2022 жылғы мамыр-маусым айларында барлығы 9 дәріс өткізуді жоспарлап отырмыз (күні мен сағатын кейінірек хабарлаймыз).

Егер онлайн шеберханада оқи жүріп, сайтымызға бір не бірнеше медиасын мақала жазсаңыз, қаламақы төленеді. Бір ғана шарты: жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуыңыз керек. Бұл кейін де «Жаңа репортер» сайтына материал жазып, жұмыс істеуіңіз үшін қажет. 

Онлайн шеберханаға қатысқыңыз келсе, 2022 жылғы 6 мамырға дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Сабаққа қатысу үшін жылдам интернетіңіз бен ноутбук/компьютеріңіз болуы керек. 

Айтпақшы, Медиасын онлайн шеберханасында оқығаныңызды растайтын сертификат беріледі. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Internews пен серіктестері ұйымдастыратын Арнайы репортаж мектебіне қабылдау басталды

Тележурналист болып жұмыс істей бастаған адамдар мен дербес видеомейкерлерді «Арнайы репортаж мектебіне» оқуға шақырамыз.

Арнайы репортаж — аңғарымпаз, батыл, тақырыпқа терең бойлай алатын, бұл форматта жұмыс істеу бойынша аздаған тәжірибесі бар, жеке брендін қалыптастыруға дайын, ізденімпаз журналистерге арналған жанр. Курс студенттері арнайы репортаж жасау теориясын оқып, практикалық тапсырмалар орындайды. Содан кейін эфирден көрсетуге болатын дайын видеорепортаж жасайды. Мектепте оқуға журналистер де, видеомейкерлер де өтініш бере алады. Белгілі бір тақырыбы және сол бойынша шимайы болуы керек. Мектепте оқи жүріп сол репортажын соңына дейін жеткізіп, аяқтайды не қалай жасау керек екенін толыққанды түсініп шығады.

Үздік жұмыстарға стипендия береді.

2022 жылғы 12 мамыр, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:00-ге дейін өтініш қабылданады. Алдын ала іріктеуден өткен үміткерлермен жеке әңгімелесу болады.

Мектеп бағдарламасының жұмысы екі кезеңнен тұрады:

  1. Халықаралық тренерлердің офлайн тренингі.
  2. Репортажыңызды аяқтауға ментор қолдауы. Бұл гибрид форматта (офлайн және онлайн) болады. 

Мектепте оқуға Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның қызметін жаңадан бастаған кәсіби мамандары өтініш бере алады.

Үміткерге қойылатын талаптар: 

  1. Түсірілім жасау мен видеоөндірістің негізгі машықтарын білу;
  2. Болашақта түсіретін арнайы репортажының пысықталған идеялары болуы (5 тақырып).

Оқу Алматыда 30 мамыр, Душанбеде 6 маусым күні басталады. Офлайн оқу орыс тілінде өтеді, ментор қолдауы ұлт тілдерінде болады. 

Назар аударыңыз: еңбегіңіз жемісті болуы үшін ноутбук пен монтаж бағдарлама қажет. 

Өзбекстаннан қатысушылардың шетелге шығатын төлқұжаты болуы міндетті. Internews төлқұжат ресімдеуге қатыспайды. Офлайн оқуға іріктеу кезінде үміткер төлқұжатының бар болуына мән береді және бұл міндетті шартқа жатады.

Өтініштерді жеке адам не команданың атынан беруге болады. 

Бас тренер: Денис Бевз, (Ресей). 

Мектепте оқу үшін онлайн-өтінішті толтырыңыз. Өтініш қабылдау 2022 жылғы 12 мамыр, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:00-де аяқталады.

«Арнайы репортаж мектебін» Internews ұйымдастырып, Be Globe командасы (Қазақстан), «Хома» қоғамдық ұйымы (Тәжікстан), Лола Исламова (Өзбекстан) деген серіктестерімен бірге өткізеді.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады

Cаяси реформалар, бала құқығы, отандық кинодубляж, киберқылмыс: 18-24 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерге бірнеше сюжет арнаған: өңірлердегі ауыз су проблемасы, бала құқығын қорғау туралы заң жобасы, кәсіптік және жоғары білім беру саласындағы түйткілдер және тағы басқа. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен жәрдемақылар мен зейнетақы көлемі, жастарды қолдау бағдарламалары туралы сұхбаттасқан. «Айна» авторлары кибералаяқтық пен қаржы пирамидаларына алданып жатқан көп тұрғынның жанайқайын айтып, халықтың цифрлық және қаржылық сауаты жөнінде сарапшыларды сөйлетіпті. Ал Apta саяси жаңалықтар туралы сюжет ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізгенін, Тұңғыш президенттің тарихи статусы туралы айтты. Саяси реформалар тақырыбы «Apta қонағы» айдарына да арқау болған, онда «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдиновпен сұхбат өрбіткен.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдағаны туралы ақпараттан басталды. Сыртқа жылыстатылған қаржының есебін айтып, Қаржы министрінің және экономист сарапшының пікірін берді. 

Қайта нақтыланған бюджет жобасына сәйкес Ұлттық қордан 4 трлн теңге алынатыны туралы ақпарат алғашқы сюжетке арқау болыпты. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілісте республикалық бюджет жобасын таныстырып, депутаттар талқылады. Сюжет осы отысырқа негізделген.  Сарапшылардың ұсынысын да қамтыды. 

«Жеті күн» таяуда қызметіне кіріскен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновадан сұхбат алыпты. Министр 1 сәуірден бастап жәрдемақылар мен зейнетақы көлемі қаншалықты ұлғаятыны, мемлекеттен көмек алатын отбасылар саны, жастарды қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарламалар туралы әңгімеледі. 

Мақпал Мадиярова «Аңқасы кепкен ауылдар» аталатын сюжетінде Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су зардабын тартып отырған бірнеше ауыл туралы айтады. Тұрғындар ауыз су мәселесінің әлі күнге дейін күнтәртібінде тұрғанын айтса, жергілікті атқарушы билік бұл проблеманы шешу үшін атқарып жатқан шаралары туралы баяндапты. Сөз  соңында тілші «Ақбұлақ» бағдарламасы  тиісінше орындалмағанын айтып қалды. Тілші осы бағдарламаға бөлінген қаржы, оны қадағалайтын жауапты мекеме мен бағдарламаның қазір қолданыста бар-жоғына қатысты ақпаратқа терең тоқталмады. Журналистік зерттеуге сұранып тұрған тақырып еді. 

«Баға бағына ма?» Сәкен Сейітханұлы Үкіметтің экономиканың нақты салаларын монополиядан арылту бағытындағы жұмысын талдап, осы сұраққа жауап іздейді. Энергетика, ауыл-шаруашылығы саласында олигополияның халықтың тұрмысына тигізіп жатқан әсері туралы сарапшылар да айтып беріпті. Дегенмен, сюжетте журналистің өзіндік ізденісінен гөрі Үкімет таратқан хаттамалық ақпаратқа сүйенгені байқалады. Ауылшаруашылық жерлерге қатысты кейіпкерді сөйлеткен. Проблема көтерілген, алайда оны әрі қарай талдауда автор сараңдық танытады. 

«Сенім грамотасын тапсыру Ақордада жиі өтетін рәсім және оның өз жөн-жоралғысы бар…» дей тұра Гүлжан Мархабаева осы оқиғаны сюжетіне арқау етіп алыпты. Тілші Президентке сенім грамотасын тапсырған елшілердің елін тізбектей келе, «Чад, Руанда, Бенин секілді бізге беймәлім елдер де бар…» деді. «Бізге беймәлім ел» болардай, ол елшілер басқа планетадан келмеген болар? Сюжеттен Доминикан республикасы елімізге тұңғыш рет елші жібергенін білдік. 

Елордада мемлекеттік күзет қызметінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп, оған Президент қатысты. Бұл оқиға да «Жеті күн» назарынан тыс қалмады. Президент сөзінен үзінді берілді. 

Бас прокуратура мен ІІМ таратқан қаңтар оқиғасының тергеу нәтижелері туралы ақпараттарды баяндауға бір сюжет арналды. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент қабылдап, Президентке қол қоюға жіберілді. Атышулы «Сарым-Закиева» бабы осы заңда қарастырылған. Бұл заңның өзге де баптарын түсіндірмек ниетте Ақбөпе Тәңірберген «Бала құқығы» аталатын сюжет әзірлепті. Динара Закиева заңға қатысты түсінік берген. Заңның балаға қатысты өзге баптары туралы ақпарат бар. Сюжетте балалардың беті ашық көрсетіліп, әлеуметтік жауапкершілік сақталмапты. 

Жаңа заманда қандай жаңа мамандықтар пайда болады? Еліміздегі кәсіптік және жоғары білім беру саласы заман талабына сай ма? Ол үшін білім саласына қандай жаңашылдықтар енгізілуде? Осы сұрақтарға жауап іздеген сюжетте бірқатар ақпарат берілген. Дегенмен, сюжет тым ауқымды мәселелерді аз уақытта баяндауға ұмтылғандықтан шашыраңқылық басым. 

Дархан Әбдіуахит сенбі күні Президенттің сенбілікке шығып, ағаш егіп, экобелсенді жастармен аз-кем сөйлескенінен үзінді беріп,  «Жеті күннің» бұл санын аяқтады. 

Айна, Еуразия бірінші арнасы 

Өткен жексенбіде Алматыда утилалымның көлеміне қарсы бейбіт митинг өтті. Осы ақпаратқа сүйене отырып, «Айна» қоғамда дау тудырған осы мәселе және жеңілдетілген автонесие турасында сараптама жасапты. Тараптарды сөйлетіп, автонесие бағдарламасы кім үшін тиімді деген сұраққа жауап іздейді. Нақты статистикалық дерек те бар. 

Еліміздегі автокөлік паркінің ескіргені Берік Дүйсенбай әзірлеген тағы бір сюжетке арқау болған. «Алыстан арбалайық па?» аталған сюжет сырттан келетін көліктер проблемасына арналды. Екі сюжет мазмұны тұрғысынан бірін-бірі толықтырып, елдегі автокөліктің ахуалын, мемлекет қабылдаған шаралардың жеткіліксіз екенін, сырттан әкелінген көліктердің ресімделуі туралы ақпаратты толық қамтыған. 

«eGov» куәгері Гүлнәзия Жалғасқызы пәтерақыны субсидиялаудың жай-жапсарын баяндады. 70 мың адамды қамтуы тиіс бағдарламаның талаптары, орындалу шарттары туралы толыққанды мәлімет берді. Пәтер жалдауда қиындық көріп отырған кейіпкердің сұхбаты бар. Видеоқатарда кейіпкердің жағдайы мүшкіл екенін көрсетуге тырысатын артық кадрлар бар. 

Киберқылмыс туралы Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжетте халықтың цифрлық сауаты төмен, соның салдарынан алаяқтарға жем болу ықтималдығы артып отырғаны туралы орынды мәселе көтерілді. Автор нақты мысалдар келтірген, құзырлы орган өкілінің ақпараты да бар. Тілші сюжетіне тиянақты дайындалып, арнайы бейнекадрлар түсірген. 

Қаржылық сауаттың болмауынан көпшілік қаржы пирамидаларына алданып жатады. Бұл тақырып келесі сюжетке арқау болды. «Табыстың оңайы болмайды». Құзырлы органдар «Q-net» қаржылық ұйымының пирамида екенін жариялады. Осы ақпаратқа сүйене отырып, Махамбет Бейбітшілік аталған ұйымның көшбасшылары жайлы ақпарат беріп, алданған кейіпкерді сөйлетті. Сюжет соңында тілші қаржы пирамидасынан қорғану жолдарын өзі айтып берді.  

Өткен аптада Алматы облысы Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің түлектері Президентке ашық хат жолдап, баспанасыз қалғандарын, балалар үйінің басшысы Тұяқ Қазыкенқызымен арадағы кикілжің туралы айтты. «Айна» бұл турасында материал әзірлеп, балалар үйінің түлектерімен және «Нұр» балалар үйінің меңгерушісі Тұяқ Қазыкенқызымен тілдескен. Автор бұл оқиға тиянақты тексерілуі тиіс екенін айтып, сюжетін аяқтады. 

Президенттің соңғы жолдауында айтылған елдегі сайлау жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесі туралы жеке сюжет әзірленіпті. Саясаттанушы, Сенат депутаты, Сайлау комиссиясы мүшесінің пікірі бар. Сюжеттің мақсаты Президент бастамасын халық оң қабылдағанын көрсету болса керек. 

«Жеті күн» секілді «Айна» да Президенттің сенбілікке шығып, тал егіп, жастармен әңгімелескенін көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінен үзінді берді. 

Бағдарлама соңында әдеттегідей желіде қызу талқыға салынған оқиғалар туралы «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары берілді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізгенінен басталды. Apta сол ұсынылған өзгерістерді таныстырып, Тұңғыш президенттің тарихи статусы туралы да айтты. Президент сөзінен цитаталар келтіріп, заң оқытушылары, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры комментарий берді. Хаттама сюжет. 

Тоқаев тақырыбы сюжеттен кейін де жалғасты: Президент Мемлекеттік күзет қызметінің 30 жылдығына арналған іс-шараға қатысып, Ботаникалық бақта ағаш көшетін егіпті.

Алдағы саяси реформалар жайында Мәжіліс депутаты сөйлеп, Ұлттық құрылтай дегеніміз не екенін, қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

Саяси реформалар тақырыбы «Apta қонағы» айдарына да арқау болды. Студия қонағы – «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов. Ол саяси реформалар жөнінде сөйледі.

Apta эфирінде депутаттар «толып кетті». Мәселен, Мәжіліс 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдапты (мұны экономист комментарийі толықтырды). Ал депутат Юрий Ли бюджеттен негізсіз жұмсалатын қаржының жай-жапсарына назар аударып, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрапты (бюджеттен жүздеген миллион теңге сұралатын қажетсіз жобаларды тізіп шығып, бұл қаржыны халыққа қажет жобаларға жұмсауды айтып, мысал келтірді).

Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің батыс облыстарына барыпты. Мұнда Үкімет басшысының жұмыс сапарына емес, сапасыз, құрылысы аяқталмаған жолдарға көбірек назар аударды. Өйткені президент үш жыл бұрын БҚО-ға сапарында Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталовтағы жол құрылысын 2021 жылы аяқтауды тапсырған. Алайда жоба әлі аяқталмапты. Жақсы кадр, көп комментарийі бар сюжет. 

Экранда тағы да депутаттар. Сенатор Ақылбек Күрішбаев су ресурстарын басқару жөніндегі ведомство құруды ұсынды. Сенаторды сөйлетті. Ал сюжет елдегі су ресурстарын басқару проблемасына арналды. 

24 сәуірде «Украинадағы әскери жанжалдың басталғанына тура 2 ай болды». Apta Мариуполь, Донбасс, Одесса, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды бомбалау, қаза тапқан адамдар, Путиннің Мариупольдегі «Азовсталь» зауытына штурм жасамау бұйрығы, Ресейдің Украина жерін басып алу жоспары, Зеленскийдің пресс-конференциясы, АҚШ жоғары лауазымды тұлғаларының Киевке сапары жөнінде айтып, сюжет берді. Айтпақшы, Apta авторлары Украинадағы жағдайды баяндаған кезде «соғыс» сөзін қолданбайтын болыпты. Бұрынғы жүргізуші Жайна Сламбек «соғыс» деп атайтын. Қазіргі жүргізуші Альбина Әшім «әскери жанжал», «қарулы қақтығыс», «шайқас» деп атап жүр. 

Батыс елдерінің Ресейге «мәдени санкциялары» Қазақстанға қалай әсер етеді? Голливудтың ірі кинокомпаниялары фильмдерін орыс тілінде көрсетпейтінін, Ресейде прокаттамайтынын хабарлаған. Мұның салқыны Қазақстанда қалай сезіліп жатыр? Отандық кинодубляждың жай-күйі қалай? Осы сауалдарға жауап іздеген сюжет мазмұнды әрі толымды боп шықты. 

Бағдарлама Түркістан облысындағы Грейг қызғалдақтарының көз қуантар видеосын көрсетіп, аяқталды. Жүргізуші бұл қызғалдақтардың жойылып бара жатқанын, өйткені адамдар гүлді тамырымен жұлып алатынын айтты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

«БАҚ-тың экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы рөлі» тренингіне тіркелу басталды

БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисі мен Қазақстандағы Internews өкілдігі астанадағы медианың журналистерін «БАҚ-тың экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы рөлі» тренингіне шақырады. Тренинг 2022 жылғы 19-20 мамыр күндері Нұр-Сұлтанда өтеді. 

Негізгі тақырыптары: 

  • БАҚ-та зорлық-зомбылық экстремизмі тақырыбындағы материалдарды қалай жариялауға болады? Журналистер мен БАҚ міндеті қандай?;
  • Арнайы терминология, Орталық Азия және Қазақстан ерекшеліктері;
  • Журналистер мен БАҚ-тың негізгі принциптері. Ресми және бейресми ақпарат көздері. Фотовидеоматериалдар, жәбірленуші, зардап шегуші, куәгерлер;
  • Зорлық-зомбылық экстремизмінің анықтамасы және осы тақырып бойынша материал әзірлеу этикасы;
  • Медиа қандай форматтарды қолдана алады және т.б.

Тренинг орыс тілінде өтеді.

Тренингке қатысу үшін сауалнаманы толтырыңыз. Өтініштер 2022 жылғы 12 мамыр, сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Қазақстан өңірлерінен келетін қатысушылардың тренинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласына келіп-кетуі мен жатын орнын ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді.

Ұн тапшылығы, мигранттар мәселесі, қаржы пирамидасы: 11 – 17 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Елімізде ұн тапшылығы болуы мүмкін. Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы осы мәселеге арналды. «Жеті күн» бағдарламасы астық өндірушілер ұнды қымбат бағамен экспортқа шығаруды көздейтінін, салдарынан ұнға деген тапшылық тууы мүмкін екенін айтты. Алайда, үкімет маусым айына дейін экспортқа шектеу бекітіп, жағдайды бақылауда ұстап отырған көрінеді. «Айна» авторлары ұн тапшылығы болуы мүмкін деген күдік бидай экспорттаушылар мен ұн зауыттарының арасындағы келіспеушіліктен туғанын, үкімет бұл дауды реттеуде қауқарсыз отырғанын астарлай жеткізді. Ал Apta Ресейдің бидай экспортына тыйым салынғанынан Қазақстандағы диірмендер тоқтап жатқанын айтып, арнайы сюжет ұсынды. Бұл мәселені «Apta қонағы» айдарында бұрын ауыл шаруашылығы министрі болған, қазір сенатор Ақылбек Күрішбаевпен талқылады. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар еліміздегі Қаржы пирамидасы, ойыншықтар сапасы, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері, көрші елдерден ағылып жатқан мигранттар мәселесі, Украиндағы ахуал, Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратураның жаңа мәлімдемесі туралы да сюжет ұсынды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Католик шіркеуінің басшысы, Рим Папасы Францискпен онлайн кездесу өткізгенін баяндаудан басталды. Кездесуден синхрон беріліп, сарапшы пікір айтты. Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары туралы хаттамалық ақпаратқа сүйене баяндалды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың елде 1 миллионға жуық қызметкердің еңбекақысы көтерілетіні туралы мәлімдемесіне ерекше тоқталды. Сарапшылар сөйледі. Сауда және интеграция министрінің бағаны тұрақтандыру мүмкіндігі бар екені туралы пікірі берілді.  

Елде ұн тапшылығы болуы мүмкін. Өйткені шикізат тапшы. Өткен аптада бірқатар ұн зауыты жұмысын тоқтатты. «Жеті күннің» алғашқы сюжеті осы туралы болды. Астық тапшы, өйткені астық өндірушілер оны қымбат бағамен экспортқа шығаруды көздейді. Соның салдарынан ұнға деген тапшылық тууы мүмкін. Алайда, үкімет маусым айына дейін экспортқа шектеу бекітіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сәкен Сейітханұлы үкімет жағдайды бақылап отырғанын айтып, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізген сюжет әзірлепті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Дархан Әбдіуахит кадрда тұрып баяндады, Сенат депутатының пікірі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы орынбасарының түсініктемесі берілді. 

Рият Шони әзірлеген «Оңай олжаның ақыры» аталатын сюжет өзіне отқойған қаржы пирамидасы құрбанының әрекетін көрсетуден басталды. Өткен аптада Ішкі істер министрлігінің өкілдері оқыс оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Мәжіліс қабырғасында талқыланып, қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлерді жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтерілген еді. Сюжетте осы жайттар баяндалды, ІІМ бірінші орынбасары, депутаттардың түсініктемелері мен ұсыныстары келтірілді. Одан бөлек экономист сарапшы мен психолог маманның пікірлеріне сүйене отырып тілші алаяқтарға алдануға бейім келетін жанның әлеуметтік портретін сипаттайды. Сюжетке қаржы пирамидасына алданбаудың жолын графикамен көрсететін нұсқаулық, сарапшылардың дәлелге сүйенген айқын түсіндірмесі жетіспеді. 

Президенттің БҒМ Асхат Аймағамбетовты қабылдауы, ғылымға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың өсетіні туралы ақпарат кадр сыртындағы мәтін мен синхрон түрінде қысқа қайырылды. Осыдан соң Дархан Әбдіуахит бірден еліміздегі жол сапасына көңіл бөліп, Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжетке кезек берді. Тұрғындар жол сапасының нашар екенін айтып шағымданудан басталған сюжетте жол құрылысына жауапты мекеме басшылары сөйлепті, Мәжіліс депутатының да пікір бар. Жол салынғанмен сапасы сын көтермейтіні, мердігерлердің жауапсыздығы, биыл да жол салуға орасан қаржы бөлінетіні айтылды. 

Президент өткен аптада елорда әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. «Жеті күн» Нұр-сұлтан қаласының экологиялық жағдайы, қоқыс алаңдары туралы сюжет ұсынды. Қаладағы қоқыс алаңдарынан түсірілген кадрлар жан түршіктіреді. Әкімшілік тазаладық деп есеп бергенімен қалада 400-ге жуық қоқыс полигоны көктем шыға қайта көрінген. Қаланың тазалығына, абаттандырылуына жауап беретін мамандардың пікірі бар. Сарапшылар да, тілші де қоқыс шығаратын құрылыс компанияларын кінәлайды, алайда бір де бір құрылыс компаниясы немесе қоқысты тасып жүрген көлік жүргізушісінің пікірі жоқ. Сюжет соңында қоқыс сұрыптау экологиялық қозғалысының жетекшісі өз ұсынысын айтты. Мәселе көтерілгенімен, тақырып толық ашылмады. 

«Қаралы қаңтар». Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде жариялаған жаңа деректерге сүйене жасалған сюжет. 

«Елде борышкерлерден қарыз өндіру қиын. Оның негізгі себебі –қазақстандықтардың басым бөлігінің төлем қабілеті төмен». Ақбөпе Тәңірберген елімізде талқыланып жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы жайлы сюжетін осылай бастады. Жаңа заң жобасының шарттары туралы баяндалған сюжетте экономист, Қаржы министрлігінің өкілі, заңгер, Мәжіліс депутаты пікір білдірді, шетелдік тәжірибе туралы да ақпарат бар. 

Денсаулық министрлігі тексерген балалар ойыншықтарының жартысына жуығы қауіпті екен. «Жеті күн» әзірлеген соңғы сюжет осы тақырыпқа арналды. Тілші сертификаттау саласының мамандарынан пікір сұрап, зертханаға барған, құрамында химиялық қауіпті заттар бар ойыншықтар неге елге жеткізілген деген сауал қойған. Алайда, ойыншықтардың елге емін-еркін жеткізілуіне кім кінәлі? Ойыншықтардан бала зардап шекпеуі үшін тауар елге әкелінбес бұрын неге қауіпсіздік сертификатын алмаған?  Бұл сұрақтар жауапсыз қалды.  

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» бағдарламасы 15 сәуір күні елімізде бейресми түрде аталып өтетін Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай бірнеше сюжет дайындапты. Алғашқы сюжет таныстыру агенттігінің жұмысын баяндаудан басталды, қазіргі жастардың қызға сөз салу дәстүрі жайлы бірнеше кейіпкерді сөйлетіп,  арнадағы Qoslike бағдарламасы арқылы танысып, отбасы құрған жастардан сұхбат алған. Осылайша сюжет соңы арнадағы көпшілік сынына жиі ұшырайтын бағдарламаны ақтап алуға ұласып кетіпті. 

«Айна» бағдарламасы бұл санында өз өнімдерін дәріптеуге белсене кіріскендей. «БАҚ-қа бетбұрыс керек» аталатын сюжетте арнаның жұмысымен танысуға Парламент депутаттары келгені туралы сюжет беріліп, жиынға қатысқан депутаттардың арнадан көрсетілетін бағдарламалар жайлы пікірінен үзінділер берілді. Көпшілік сынаған Qoslike жобасын дамытуға қатысты Дархан Мыңбай пікір білдірді.  

«Жұтаң тартқан қалың мал». Қазақтың қалың мал беру дәстүрінің астарында не жатыр? Махамбет Бейбітшілік әр өңірдегі қалың мал көлемі туралы ақпарат ұсынды. Дәстүр тәртібі қандай болғаны, оның көшпелі халық өміріндегі экономикалық мәні жайлы сөз қозғайды. Қарапайым тұрғындарды, тарихшыны сөйлетіпті. Қазіргі уақытта қалың мал көлемі азайғанын, оның себебі халықтың әл-ауқатының төмендеуі екенін алға тартқан тілші статистикалық деректерге сүйене отырып, қалың мал беру дәстүрі сақталған аймақтарда ажырасу көрсеткіші төмен деген тұжырым жасады.  

«10 сотық кімге бұйырады?». «E-Gov куәгерінде» Гүлмәрия Жалғасқызы 10 сотық жер алу кезегіне қатысты құзырлы мекеме өкілдерін сөйлетіп, толыққанды ақпарат беріпті. 

«Үкімет ресейлік Сбербанкпен бірлесіп цифрлы платформа жасау туралы шешімінен бас тартты ма?» деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Бастысы Цифрлық даму министрлігі қазір бұл платформаны өз елімізде жасаудың мүмкіндігін қарастырып, техникалық талаптарын әзірлеп жатыр.  Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжетте отандық IT мамандарын сөйлете отырып, атышулы меморандумның талаптары қандай еді, өз еліміздің мамандарының қолынан келе ме деген сауалдарға жауап іздепті. Тиянақты сюжет.  

«Айна» да елімізде ұн тапшылығы болуы мүмкін екені туралы мәселе көтерді. Артур Мағзомовтың сюжетінде үкімет мүшелерінің жұбату сөздері болғанымен, ұн тапшылығы болуы мүмкін деген күдік бидай экспорттаушылар мен ұн зауыттарының арасындағы келіспеушіліктен туып отырғаны, үкімет бұл дауды реттеуде қауқарсыздық танытып отырғанын астарлай болса да айта алған.  

Бас прокуратура мен ІІМ-нің «Қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу барысы туралы мәлімдемелері туралы Ғалым Кәлмен қысқа ғана ақпарат беріп, Прокуратура өкілінің сөзінен үзінді берілді. 

Елімізде астыртын қаржылық операцияларды анықтау үшін мобилдік аударымдар бақылауға алынады. «Айна» аударымдар қандай жағдайда тексерілетіні туралы ақпарат беретін сюжет әзірлепті. Бұл 2025 жылы басталатын жалпыхалықтық декларацияның алғышарты екені айтылған. 

Қазақ-қырғыз шекарасында әскери міндетін атқарып жүріп, наурыз айының басында іс-түссіз жоғалған Ұлықбек Бердішевтің денесі қырғыз аумағынан табылған еді. Осы ақпаратты негіз етіп алған «Айна» Байзақтағы жарылыста іс-түссіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың да табылмағанын айтыпты. Айдың-күннің аманында баласынан айырылған ата-ана, туыстардың мұңын жеткізген, іздеу жұмысының барысы туралы ақпарат берген сюжет. 

«Айнаның» соңғы сюжеті әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» деген айдармен апта ішінде әлеуметтік желіде талқыланған оқиғалар туралы болды. «Жеті күн» арнайы сюжет арнаған өзін-өзі өртеу оқиғасы да осы айдарда айтылды. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының жүргізушісі тағы ауысып, бұл жолы Альбина Әшім жүргізді. Ол да телеарнадағы жаңалықтар тілшісі әрі дикторы. 

Эфир Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея келгенінен басталды. Оның сапары туралы егжей-тегжейлі айтып, Зея мен қазақстандық саясаттанушы Жұмабек Сарабековтың синхронын берді. Мәтінде де, синхронда да Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға ықпалы мен ел экономикасына әсерін жұмсартуға назар аударды. 

Ресейге салынған санкциялардан Қазақстан қазынасына 300 млрд теңге түспей қалуы мүмкін. Мұны Қаржы министрлігі хабарлады. Ресейдің  бидай экспортына тыйым салынғанынан Қазақстандағы диірмендер тоқтап жатыр. Әлемдегі астық экспорттайтын ел бола тұра, жағдай – осы. Тұқым да тапшы. Бірінші сюжет осы мәселеге арналып, кеңінен толғады. Ауыл шаруашылығы министрлігінен комментарий болмады (тілшінің айтуынша, министрлік спикер тауып бере алмапты). 

Аграрлық саланың мәселесі «Apta қонағы» айдарында да жалғасты. Эфир қонағы – бұрын  ауыл шаруашылығы министрі болған, қазір сенатор Ақылбек Күрішбаев. 

Президент Тоқаев бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Мұның не екенін, қандай пайдасы болатынын жан-жақты түсіндіріп, мамандарды сөйлетті. Олар бұл жарлықтың кереметін айтты

Сенат кибербулинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Қоғам белсенділері бұл заң жобасы осы күйінде қабылданса, әлеуметтік желілердің жұмысын шектейтінін айтып, қарсы болды. Тақырыпты қысқа ғана шолып өтті. Ел назарын аударған тақырыпқа бөлек бір сюжет арнаса да болатындай еді. 

Apta тілшілері Украинадағы жағдайға шолу дайындапты. «Қоршаудағы Мариуполь құлауға жақын» екенін айтып бастап, ресейлік «Москва» крейсерінің өртеніп, суға батып кеткеніне ойысты. Шолудың осы тұсы бұлыңғыр болды. Автор «Алып соғыс кемесінің апатқа ұшырауына не себеп болды?» деп сауал тастап, «Бұл сауалға нақты жауап жоқ» деп өзі жауап береді. Сосын «Кеме бортында болған адам саны шамамен 500 бен 700 аралығында. Ресей экипажды түгелдей эвакуацияладық деді. Десе де, кейбір басылымдар бұған күмән келтіреді» деп түйіндейді. Осылайша Украина мен РФ ресми органдары таратқан ресми мәліметтен сырт айналып, ләм-мим демеді.

«Қазақстан мигранттар еліне айналып кетуі мүмкін бе?». Ішкі істер министрлігі Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктер саны күрт артқанын хабарлады. Осы тақырыпты арқау еткен үлкен сюжет Ресей мен Беларусь мигранттарының хикаясын баяндап, олардың жұмысқа орналасуы, компаниялардың релокациясы жөнінде айтып, Ресейде жұмыс істейтін Орталық Азия мигранттарын көрсетіп, министрлік пен кадр агенттіктерінің комментарийін берді. 

12 сәуір – ғарышкерлер және ғылыми қызметкерлер күні. Сюжет отандық ғылым саласындағы қиындықтар мен жетістіктерге арналыпты. Ғалымдарды көбірек сөйлеткен толымды да мазмұнды сюжет. 

Бағдарлама көп ұзамай Қонаев атын алып, жаңа облыс орталығына айналатын Қапшағай қаласы туралы сюжетпен аяқталды. Қаланың тарихы мен қазіргі жағдайын баяндап, мұндағы казинолар туралы да айтты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews ұйымдастырған «DOC формат» деректі фильм өндірісін қолдау байқауының жеңімпаздары қалай анықталды?

Бұл байқауда үш елден 14 жоба жеңіске жетті. Жеңімпаз жобалардың тізімін басқа материалда, яғни әр ел бойынша бөлек жариялаймыз. Ал әзірге қазылар алқасы қалай жасақталып, жеңімпаз жобаларды қандай критерий бойынша таңдағанын, питчинг қанша уақытқа жалғасып, авторлар жеңімпаз атану үшін қандай кезеңдерден өткенін айтамыз. Бұл алдағы байқауларымыздың қатысушыларына қызық әрі пайдалы болатынына сенеміз.

Сөз басында айта кетелік, «DOC формат» байқауы алғаш рет өтті. Бұған дейін деректі фильм өндірісін басқа байқаулар аясында қолдау көрсетіп келген едік. Сол кезде контент жасаушылардың кино өндірісіне асқан қызығушылығын байқадық: көбі документалистика жанрында жоба жасағысы келді. Міне, сондықтан да бөлек байқау ұйымдастыруды шештік.

Байқау 2022 жылғы 21 қаңтарда жарияланды. Аймақтық ауқымда өтіп, бірден үш ел: Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан идеялар қабылданды. Қатысушылар қазақ, тәжік, өзбек және/немесе орыс тілдеріндегі деректі фильм идеясын ұсынды. 

Өтініш берушілер идеясынан дайын фильм қандай боп шығатынын елестете ұсынып, кейіпкерлері мен түсірілім орындарын көрсетіп, мақсатты аудиториясын сипаттап, жоба бюджетін негіздеуі қажет болды. Деректі фильм тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік мәні де маңызды. 

Қазақстан мен Тәжікстаннан өтініш қабылдау 10 ақпанда аяқталды, Өзбекстанда дедлайн 15 ақпанға дейін ұзартылды. 

Байқауға барлығы 79 өтініш: 52-і — Қазақстаннан, 23-і — Тәжікстаннан, ал төртеуі Өзбекстаннан келіп түсті. Қазылар алқасы мұндай көп идеяны қарап шыға алмайтыны және кейбір өтініштер байқау талабына сай келмегені үшін Internews қызметкерлері техникалық іріктеу (әр елде бөлек) жүргізді. Үшінші тур — питчингке жіберілетін жобаларды таңдап, байқау шарттарына сай келмейтін жобаларды кері қайтарды. Мәселен, мемлекеттік БАҚ атынан ұсынған, бюджеті негізделмеген, байқау мақсатына сай келмейтін жобалар питчинг кезеңіне өтпеді.

Нәтижесінде, питчингке үш елден 25 өтініш таңдалып, «DOC формат» байқауының қысқа тізіміне Қазақстаннан — 12 автор, Тәжікстаннан — 10, Өзбекстаннан — 3 автор ілінді. 

Ашық байқау арқылы өтініш қабылданып жатқанда (жоғарыда толығырақ айтылған) Internews аймақтық Деректі кино мектебін өткізді. Бұған осы үш елдің документалистері мен документалист болғысы келетіндер қатысты. Байқаудың қысқа тізіміне ілінген авторларды халықаралық кәсіби документалистердің теориялық курсынан өтуі үшін осы мектепте тыңдаушы болуға шақырдық. Internews  Деректі кино мектебінің шәкірттерінің (тыңдаушылардан басқа) деректі фильмін түсіруін де қолдады. Сондықтан олар да «DOC формат» питчингіне шақырту алып, ашық байқау сауалнамасын толтырды.

Мектеп қатысушыларынан 15 идея: 5-і қазақстандық шәкірттерден, тағы 5-і Тәжікстаннан, қалған 5-і Өзбекстаннан келіп түсті. 

Осылайша питчингке қатысатын екі топ жасақталды: Деректі кино мектебінің шәкірттері (15 автор) мен ашық байқау қатысушыларынан (25 адам) барлығы 40 автор болды. 

Олардың әрқайсысына жобасын таныстыруға нақты уақыт белгіленді. Питчинг географиялық жағынан ғана емес, тіл тұрғысынан да аралас өтті: авторлар идеясын ұлттық тілінде де, орыс тілінде де таныстыра алды. Internews оларға аудармашылар жалдады. Өйткені халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің бәрі бірдей төрт тілді қатар түсіне бермейді.

Орыс тілінде сөйлегендердің әрқайсысына 10 минут уақыт (5 минут жобасын таныстыру, қалған 5 минуты сарапшылар сұрағына жауап) берілді. Ал ұлттық тілде сөйлеген үміткерлерге 15 минут (7 минуты презентацияға, қалған 8 минуты сарапшылар сұрағына жауап) берілді, өйткені аударма жасау да уақыт алады. 

Питчинг үш күнге жалғасты:

  • Қазылар алқасы 15 наурызда үш елдегі Деректі кино мектебінің шәкірттері мен Өзбекстанда өткен ашық байқау қатысушыларын тыңдады. 
  • 16 наурызда Қазақстан мен Тәжікстанда өткен ашық байқау қатысушылары жобасын таныстырды.
  • 17 наурызда байқау комиссиясының қорытынды отырысы өтіп, қазылар алқасы жеңімпаздарды таңдады.

Қазылар алқасының құрамы аймақ елдері мен Ресейдің деректі кино сарапшылары, режиссерлері, сценаристері және осы формат бойынша оқыту, мұндай жобаларды дамытуды қолдау жұмысымен айналысатын Internews қызметкерлерінен жасақталды. 

Қазылар алқасы барлық өтінішті бірдей критерийлер бойынша бағалады:

  • фильм тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік маңызы;
  • фильм тақырыбын ашуға авторлық көзқарас / драмалық шешім;
  • тақырыпты пысықтау: кейіпкерлер болуы, түсірілім орындары;
  • фильмді қалай түсіретінін білуі, таңдаған стилі дұрыс екенін негіздей алуы;
  • өндіріс жоспары, көрермен әлеуеті, фильмді тарату жоспары; 
  • өтініш иесінің портфолиосы;
  • негізделген бюджет. 

Қазылар алқасының әрбір мүшесі осы критерийлер бойынша ұпай берді. Барлығын қосқанда қорытынды ұпай шықты. Ең жоғары ұпай жинаған жобалар жеңіске жетті. Байқау комиссиясы питчингке өткен 40 жобаның авторларын тыңдай келе үш елден 14 жеңімпазды таңдады: 

  • 5-і Қазақстаннан
  • 5-і Тәжікстаннан
  • 3-і Өзбекстаннан. 

Жеңімпаз авторлардың фильмі 2022-2023 жылдары түсіріледі және көрсетіледі. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.