ДомойМедиасынCаяси реформалар, бала құқығы, отандық кинодубляж, киберқылмыс: 18-24 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Cаяси реформалар, бала құқығы, отандық кинодубляж, киберқылмыс: 18-24 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Cаяси реформалар, бала құқығы, отандық кинодубляж, киберқылмыс: 18-24 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерге бірнеше сюжет арнаған: өңірлердегі ауыз су проблемасы, бала құқығын қорғау туралы заң жобасы, кәсіптік және жоғары білім беру саласындағы түйткілдер және тағы басқа. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен жәрдемақылар мен зейнетақы көлемі, жастарды қолдау бағдарламалары туралы сұхбаттасқан. «Айна» авторлары кибералаяқтық пен қаржы пирамидаларына алданып жатқан көп тұрғынның жанайқайын айтып, халықтың цифрлық және қаржылық сауаты жөнінде сарапшыларды сөйлетіпті. Ал Apta саяси жаңалықтар туралы сюжет ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізгенін, Тұңғыш президенттің тарихи статусы туралы айтты. Саяси реформалар тақырыбы «Apta қонағы» айдарына да арқау болған, онда «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдиновпен сұхбат өрбіткен.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдағаны туралы ақпараттан басталды. Сыртқа жылыстатылған қаржының есебін айтып, Қаржы министрінің және экономист сарапшының пікірін берді. 

Қайта нақтыланған бюджет жобасына сәйкес Ұлттық қордан 4 трлн теңге алынатыны туралы ақпарат алғашқы сюжетке арқау болыпты. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілісте республикалық бюджет жобасын таныстырып, депутаттар талқылады. Сюжет осы отысырқа негізделген.  Сарапшылардың ұсынысын да қамтыды. 

«Жеті күн» таяуда қызметіне кіріскен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновадан сұхбат алыпты. Министр 1 сәуірден бастап жәрдемақылар мен зейнетақы көлемі қаншалықты ұлғаятыны, мемлекеттен көмек алатын отбасылар саны, жастарды қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарламалар туралы әңгімеледі. 

Мақпал Мадиярова «Аңқасы кепкен ауылдар» аталатын сюжетінде Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су зардабын тартып отырған бірнеше ауыл туралы айтады. Тұрғындар ауыз су мәселесінің әлі күнге дейін күнтәртібінде тұрғанын айтса, жергілікті атқарушы билік бұл проблеманы шешу үшін атқарып жатқан шаралары туралы баяндапты. Сөз  соңында тілші «Ақбұлақ» бағдарламасы  тиісінше орындалмағанын айтып қалды. Тілші осы бағдарламаға бөлінген қаржы, оны қадағалайтын жауапты мекеме мен бағдарламаның қазір қолданыста бар-жоғына қатысты ақпаратқа терең тоқталмады. Журналистік зерттеуге сұранып тұрған тақырып еді. 

«Баға бағына ма?» Сәкен Сейітханұлы Үкіметтің экономиканың нақты салаларын монополиядан арылту бағытындағы жұмысын талдап, осы сұраққа жауап іздейді. Энергетика, ауыл-шаруашылығы саласында олигополияның халықтың тұрмысына тигізіп жатқан әсері туралы сарапшылар да айтып беріпті. Дегенмен, сюжетте журналистің өзіндік ізденісінен гөрі Үкімет таратқан хаттамалық ақпаратқа сүйенгені байқалады. Ауылшаруашылық жерлерге қатысты кейіпкерді сөйлеткен. Проблема көтерілген, алайда оны әрі қарай талдауда автор сараңдық танытады. 

«Сенім грамотасын тапсыру Ақордада жиі өтетін рәсім және оның өз жөн-жоралғысы бар…» дей тұра Гүлжан Мархабаева осы оқиғаны сюжетіне арқау етіп алыпты. Тілші Президентке сенім грамотасын тапсырған елшілердің елін тізбектей келе, «Чад, Руанда, Бенин секілді бізге беймәлім елдер де бар…» деді. «Бізге беймәлім ел» болардай, ол елшілер басқа планетадан келмеген болар? Сюжеттен Доминикан республикасы елімізге тұңғыш рет елші жібергенін білдік. 

Елордада мемлекеттік күзет қызметінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп, оған Президент қатысты. Бұл оқиға да «Жеті күн» назарынан тыс қалмады. Президент сөзінен үзінді берілді. 

Бас прокуратура мен ІІМ таратқан қаңтар оқиғасының тергеу нәтижелері туралы ақпараттарды баяндауға бір сюжет арналды. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент қабылдап, Президентке қол қоюға жіберілді. Атышулы «Сарым-Закиева» бабы осы заңда қарастырылған. Бұл заңның өзге де баптарын түсіндірмек ниетте Ақбөпе Тәңірберген «Бала құқығы» аталатын сюжет әзірлепті. Динара Закиева заңға қатысты түсінік берген. Заңның балаға қатысты өзге баптары туралы ақпарат бар. Сюжетте балалардың беті ашық көрсетіліп, әлеуметтік жауапкершілік сақталмапты. 

Жаңа заманда қандай жаңа мамандықтар пайда болады? Еліміздегі кәсіптік және жоғары білім беру саласы заман талабына сай ма? Ол үшін білім саласына қандай жаңашылдықтар енгізілуде? Осы сұрақтарға жауап іздеген сюжетте бірқатар ақпарат берілген. Дегенмен, сюжет тым ауқымды мәселелерді аз уақытта баяндауға ұмтылғандықтан шашыраңқылық басым. 

Дархан Әбдіуахит сенбі күні Президенттің сенбілікке шығып, ағаш егіп, экобелсенді жастармен аз-кем сөйлескенінен үзінді беріп,  «Жеті күннің» бұл санын аяқтады. 

Айна, Еуразия бірінші арнасы 

Өткен жексенбіде Алматыда утилалымның көлеміне қарсы бейбіт митинг өтті. Осы ақпаратқа сүйене отырып, «Айна» қоғамда дау тудырған осы мәселе және жеңілдетілген автонесие турасында сараптама жасапты. Тараптарды сөйлетіп, автонесие бағдарламасы кім үшін тиімді деген сұраққа жауап іздейді. Нақты статистикалық дерек те бар. 

Еліміздегі автокөлік паркінің ескіргені Берік Дүйсенбай әзірлеген тағы бір сюжетке арқау болған. «Алыстан арбалайық па?» аталған сюжет сырттан келетін көліктер проблемасына арналды. Екі сюжет мазмұны тұрғысынан бірін-бірі толықтырып, елдегі автокөліктің ахуалын, мемлекет қабылдаған шаралардың жеткіліксіз екенін, сырттан әкелінген көліктердің ресімделуі туралы ақпаратты толық қамтыған. 

«eGov» куәгері Гүлнәзия Жалғасқызы пәтерақыны субсидиялаудың жай-жапсарын баяндады. 70 мың адамды қамтуы тиіс бағдарламаның талаптары, орындалу шарттары туралы толыққанды мәлімет берді. Пәтер жалдауда қиындық көріп отырған кейіпкердің сұхбаты бар. Видеоқатарда кейіпкердің жағдайы мүшкіл екенін көрсетуге тырысатын артық кадрлар бар. 

Киберқылмыс туралы Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжетте халықтың цифрлық сауаты төмен, соның салдарынан алаяқтарға жем болу ықтималдығы артып отырғаны туралы орынды мәселе көтерілді. Автор нақты мысалдар келтірген, құзырлы орган өкілінің ақпараты да бар. Тілші сюжетіне тиянақты дайындалып, арнайы бейнекадрлар түсірген. 

Қаржылық сауаттың болмауынан көпшілік қаржы пирамидаларына алданып жатады. Бұл тақырып келесі сюжетке арқау болды. «Табыстың оңайы болмайды». Құзырлы органдар «Q-net» қаржылық ұйымының пирамида екенін жариялады. Осы ақпаратқа сүйене отырып, Махамбет Бейбітшілік аталған ұйымның көшбасшылары жайлы ақпарат беріп, алданған кейіпкерді сөйлетті. Сюжет соңында тілші қаржы пирамидасынан қорғану жолдарын өзі айтып берді.  

Өткен аптада Алматы облысы Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің түлектері Президентке ашық хат жолдап, баспанасыз қалғандарын, балалар үйінің басшысы Тұяқ Қазыкенқызымен арадағы кикілжің туралы айтты. «Айна» бұл турасында материал әзірлеп, балалар үйінің түлектерімен және «Нұр» балалар үйінің меңгерушісі Тұяқ Қазыкенқызымен тілдескен. Автор бұл оқиға тиянақты тексерілуі тиіс екенін айтып, сюжетін аяқтады. 

Президенттің соңғы жолдауында айтылған елдегі сайлау жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесі туралы жеке сюжет әзірленіпті. Саясаттанушы, Сенат депутаты, Сайлау комиссиясы мүшесінің пікірі бар. Сюжеттің мақсаты Президент бастамасын халық оң қабылдағанын көрсету болса керек. 

«Жеті күн» секілді «Айна» да Президенттің сенбілікке шығып, тал егіп, жастармен әңгімелескенін көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінен үзінді берді. 

Бағдарлама соңында әдеттегідей желіде қызу талқыға салынған оқиғалар туралы «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары берілді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізгенінен басталды. Apta сол ұсынылған өзгерістерді таныстырып, Тұңғыш президенттің тарихи статусы туралы да айтты. Президент сөзінен цитаталар келтіріп, заң оқытушылары, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры комментарий берді. Хаттама сюжет. 

Тоқаев тақырыбы сюжеттен кейін де жалғасты: Президент Мемлекеттік күзет қызметінің 30 жылдығына арналған іс-шараға қатысып, Ботаникалық бақта ағаш көшетін егіпті.

Алдағы саяси реформалар жайында Мәжіліс депутаты сөйлеп, Ұлттық құрылтай дегеніміз не екенін, қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

Саяси реформалар тақырыбы «Apta қонағы» айдарына да арқау болды. Студия қонағы – «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов. Ол саяси реформалар жөнінде сөйледі.

Apta эфирінде депутаттар «толып кетті». Мәселен, Мәжіліс 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдапты (мұны экономист комментарийі толықтырды). Ал депутат Юрий Ли бюджеттен негізсіз жұмсалатын қаржының жай-жапсарына назар аударып, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрапты (бюджеттен жүздеген миллион теңге сұралатын қажетсіз жобаларды тізіп шығып, бұл қаржыны халыққа қажет жобаларға жұмсауды айтып, мысал келтірді).

Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің батыс облыстарына барыпты. Мұнда Үкімет басшысының жұмыс сапарына емес, сапасыз, құрылысы аяқталмаған жолдарға көбірек назар аударды. Өйткені президент үш жыл бұрын БҚО-ға сапарында Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталовтағы жол құрылысын 2021 жылы аяқтауды тапсырған. Алайда жоба әлі аяқталмапты. Жақсы кадр, көп комментарийі бар сюжет. 

Экранда тағы да депутаттар. Сенатор Ақылбек Күрішбаев су ресурстарын басқару жөніндегі ведомство құруды ұсынды. Сенаторды сөйлетті. Ал сюжет елдегі су ресурстарын басқару проблемасына арналды. 

24 сәуірде «Украинадағы әскери жанжалдың басталғанына тура 2 ай болды». Apta Мариуполь, Донбасс, Одесса, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды бомбалау, қаза тапқан адамдар, Путиннің Мариупольдегі «Азовсталь» зауытына штурм жасамау бұйрығы, Ресейдің Украина жерін басып алу жоспары, Зеленскийдің пресс-конференциясы, АҚШ жоғары лауазымды тұлғаларының Киевке сапары жөнінде айтып, сюжет берді. Айтпақшы, Apta авторлары Украинадағы жағдайды баяндаған кезде «соғыс» сөзін қолданбайтын болыпты. Бұрынғы жүргізуші Жайна Сламбек «соғыс» деп атайтын. Қазіргі жүргізуші Альбина Әшім «әскери жанжал», «қарулы қақтығыс», «шайқас» деп атап жүр. 

Батыс елдерінің Ресейге «мәдени санкциялары» Қазақстанға қалай әсер етеді? Голливудтың ірі кинокомпаниялары фильмдерін орыс тілінде көрсетпейтінін, Ресейде прокаттамайтынын хабарлаған. Мұның салқыны Қазақстанда қалай сезіліп жатыр? Отандық кинодубляждың жай-күйі қалай? Осы сауалдарға жауап іздеген сюжет мазмұнды әрі толымды боп шықты. 

Бағдарлама Түркістан облысындағы Грейг қызғалдақтарының көз қуантар видеосын көрсетіп, аяқталды. Жүргізуші бұл қызғалдақтардың жойылып бара жатқанын, өйткені адамдар гүлді тамырымен жұлып алатынын айтты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР