Домой Блог Страница 26

Сезімтал ақпарат таратпас бұрын 40 секунд ойланыңыз: Интернеттегі қауіпсіздіктің 7 ережесі

«Құқықтық медиа-орталық» заңгері Гүлмира Біржанова интернеттегі құқықтық қауіпсіздік ережелерін дайындап, «Жаңа репортер» сайтына жариялауға ұсынды. Журналистер, блогерлер, жалпы контент жасайтын адамдар қандай да бір ақпарат жарияламас бұрын заңгер кеңесіне құлақ асса, өзін заң тұрғысынан қорғай алады.

1 ереже

Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі «профайлымды жабық етсем, кез келген нәрсені жариялауыма болады» деп ойлайды. Алайда олар қателеседі. Интернетте не жарияласаңыз да ашық. Сондықтан блог немесе аккаунтыңыздың құпиялылығын ұмытпаңыз. Кез келген жасырын ақпарат жалпыға мәлім болып жатады. Егер жариялаған ақпаратыңызды заңға қайшы деп таныса, онда сізді жауапкершілікке тартуы мүмкін.

2 ереже

Көпшілік қауымның ұлты, азаматтығы, діні, тілі және тағы басқа ерекшеліктеріне қатысты жалпыға жария мәлімдеме жасамас бұрын мейлінше мұқият әрі абай болыңыз.

3 ереже

Ұлтаралық араздықты қоздыруға, саяси жүйені құлатуға, қақтығыстарға қатысуға, тексерілмеген ақпаратты таратуға үндейтін, яғни бұрыс түсіндірілуі мүмкін хабарландыруларды жариялаудан бас тартыңыз.

4 ереже

Тексерілмеген ақпарат таратпаңыз, өйткені 2014 жылдан бастап ҚР Қылмыстық кодексінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тарту бабы енгізілген. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қандай да бір ақпарат таратпас бұрын дереккөздің сенімділігін тексеріңіз. Дереккөзіне сенбесеңіз, репост жасамай, таратпаған жөн.

5 ереже

Адамның абыройына нұқсан келетін тексерілмеген ақпарат жарияламаңыз.

6 ереже

Интернетте жарияланған контенттің барлығын рұқсатсыз қолдануға бола ма? Бұл — жаңсақ пікір. Мұның барлығы да шығармашылық жұмыстың нәтижесі. Сапасына не сіздің бағалауыңызға қарамастан авторлық құқық объектісі саналады.

7 ереже

Адамның жеке өмірі туралы мәліметті сол адамның рұқсатынсыз ішінара не толықтай жариялау заңды өрескел бұзуға жатады. Мұны есте ұстаңыз.

Пост немесе комментарийіңіз үшін қылмыстық іс қозғаса, не істеу керек?

Егер сізге сотқа дейінгі талап-арыз немесе басқа қолданушы сізді жауапкершілікке тартуды талап ететін шағым түсірсе, онда бұл жөнінде мейлінше көп адамға дереу хабарлауды ұсынамын. Міндетте түрде қоғамдық резонанс тудырыңыз.

Егер интернеттегі жарияланымыңыз үшін қылмыстық іс қозғалса, онда білікті адвокат қажет. Осындай мәселелерге маманданған адвокат болғаны жөн. Ауыр бап болған соң бас бостандықтан айыру қаупі де жоғары.

Филиологиялық сараптама жүргізуге тәуелсіз сарапшыны тарту керек. Даулы сөзді (сөйлемді) тәуелсіз талдау бірінші инстанциядағы соттан кейін де маңызды. Мәселен, Қазақстандағы сот жүйесінің айыптау үкіміне келіспей, халықаралық инстанцияға жүгінгенде сараптама қорытындысы қажет болады.

«40 секунд ережесін» ұмытпаңыз. Сезімтал әрі тексерілмеген ақпаратты жарияламас не бөліспес бұрын 40 секунд аялдап,«басқалардың құқығын бұзып жатқан жоқпын ба» деп ойланыңыз. Заңғы қайшы ақпарат таратып, басыңызды қауіп-қатерге тігіп отырған жоқсыз ба?

Жәнібек Нұрыш

Зерттеуді қалай дұрыс жоспарлайды? Кабинеттегі және далалық кезеңдер

Қазақстандағы Internews өкілдігі 2021 жылғы маусымның соңғы күндері Алматыда Зерттеу журналистикасы бойынша офлайн-тренинг өткізді. Зерттеу журналистикасы мектебіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған журналист пен блогер қатысты. «Жаңа репортер» сайты тренинг сессияларынан кәсіби пайдалы материалдар жариялап жатыр. Украиналық медиатренер, зерттеуші-журналист Мария Землянская журналистік зерттеуге дайындықтың маңызды кезеңдері — кабинеттегі және далалық зерттеу жұмысы, ақпаратты жүйелеу мен талдау туралы айтты.

Мария Землянская, медиатренер

Зерттеудің кабинеттегі кезеңі

Журналистік зерттеуде уақыттың 70%-ға жуығы кабинеттегі жұмысқа арналса, қалған 30%-ы кабинеттен тыс өтеді.

Журналист кабинеттегі жұмыс кезеңінде не істейді?

  • Гипотезасын тұжырымдайды (бір сөйлемге сыятын тұжырымдалған гипотезада мына сұрақтар болады: Нені зерттеймін? Кім кінәлі? Қазіргі жағдайға ықпалы қалай?).
  • Тақырыптың өміршеңдігін бағамдайды (зерттеу нәтижесі жұмсалатын ресурсты ақтаса, зерттеудің қоғамдық мәні мен масштабы болса, мәселе резонанс туғыза алса, онда өміршең тақырып болып есептеледі).
  • Далалық жұмысты жоспарлайды.
  • Ақпарат пен деректерді жинайды (ақпарат тым көп болатынын ұмытпаңыз. Жиналған және өңделген ақпараттың 90%-ы жарияланбай қалуы — қалыпты жағдай, өйткені оқырман/көрермен айсбергтің су бетіндегі бөлігін, яғни ең маңыздысын, ең қызығын ғана көреді)
  • Ақпаратты талдайды, досье құжатты реттеп, негізгі сұхбатқа дайындалады.
  • Фактчек жасайды, яғни ақпаратты, деректерді тексереді.
Журналистік зерттеуді жоспарлау үлгісі 

ШАМАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ?

  • уақыт — барлығы бірдей бізге бағына бермейді. мұны ұмытпаңыз

  • адамдар — командаңыздың кім екенін және қандай дереккөздеріңіз бар-жоғын түсініңіз

  • АҚША — зерттеудің бюджетін жоспарлау

Ықтимал қауіп-қатерді қалай бағалаймыз?

Заңдық тұрғыдан төнетін қатер: қылмыстық жауапкершілік, әкімшілік жауапкершілік, азаматтық жауапкершілік. Заңнан тыс қауіп төнуі мүмкін: күш көрсету, бопсалау, психологиялық қысым, digital-қауіпсіздігін бұзу (деректерді жоғалту), атақ-абыройына нұқсан келтіру (беделін түсіру).

Жұмысты жоспарлаудың қажеті не?

Ешнәрсе назардан тыс қалмауы үшін зерттеуді жоспарлап, хаттамасын түзіп отыру қажет. Жоспарлау тақырыпты зерттейтін команданың жұмысын ұйымдастыруға, әрбір журналистің неге жауапты екенін міндеттеп, тақырып бойынша жұмыс істеуге уақыт шегін белгілеуге, дедлайн өтіп кетсе, кім кінәлі екенін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысын жоспарлау дегеніміз — жұмыс жоспарын құру, спикерлер мен құжаттар тізімін жасау, хаттама түзу.

Жоспарлаудың негізгі ережесі мынадай: тұрақты талқылау өткізу (күн сайын, апта сайын), команданың әрбір мүшесі Google drive жадындағы ортақ бумада сақталған зерттеу жоспарын көре алады, олардың бәрі ақпаратты жүйелеу, файлдарды жайғастырудың ортақ ережесіне бағынады, ақпаратты бәрі көшіріп алып отырады. Жоспарды Excel-файлда немесе Todoist және тағы басқа сол сияқты сервистерде жасауға болады.

Зерттеудің далалық кезеңі

Журналист кабинетінен шығып, жұмыс істегенде мынадай әдіс-тәсілдерді қолданады:

  • ашық және жасырын бақылау;
  • іштей және сырттай бақылау;
  • эксперимент;
  • конфликт-сұхбат.

Кабинеттегі кезең қайта басталады!

Содан кейін журналист кабинетіне оралады. Жинаған деректерді талдайды; мәтін жазу / редакциялау / сюжет дайындау; заңдық жағынан сараптама жүргізу; фактчек жасау; мәтін/сюжет жарияланғаннан кейінгі тарату/таныту жұмыстары (әлеуметтік желілерде бөлісу).

Ақпаратты жүйелеудің реті мынадай: мәселенің ауқымын бағалау, гипотезаның шындыққа сәйкестігін анықтап, жеткіліксіз деректерді айқындау ретімен жүргізіледі. Ақпаратты жүйелеуге оқиғаларды қайта құру, оқиғалар картасы (орны), хронологиялық реті (уақыт), оқиға қатысушылары, адамдар/компаниялар байланысы.

ақпаратты жүйелегенде досье жасап, архивті сақтау керек. жылдар өте келе зерттеудің кейіпкерлері мансап жолында көтерілуі мүмкін.

Досьеге кейіпкерлер, дереккөздер, сарапшылар, цифрланған құжаттар, стенограммалар, видео/аудио/фото, зерттеу объектілері. Досье жасаудың ережесі: digital-қауіпсіздігі, қолжетімділік, стандарттау (атауы, құрылымы), нақтылық.

Архивтелетін материалдармен жұмыс ережесі: сенімділігі, жойылып кетуден қорғау, стандарттау, құрылымын бір ретке келтіру (авторы, уақыты, дерек, дереккөзі). Архив ақпаратты сақтайды, сондықтан әлемнің кез келген жерінде жүргенде де архив қолжетімді болуы керек.

Бұл кеңестер офлайн форматта өткен Зерттеу журналистикасы мектебінде медиатренер Мария Землянскаяның дәрісінен жазылып алынды. Зерттеу журналистикасы мектебі  MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Жәнібек Нұрыш

OPEN BASE Бірыңғай ашық деректер базасын ЭЦҚ-сыз және тіркелмей пайдалануға болады

Internews қолдауымен Бірыңғай ашық деректер базасы жасалды. Жасаушылары порталды «реестрлер реестрі» деп атайды. Порталда 14 ашық деректер қоры жинақталған. 13-і қазақстандық, 1-і тәжікстандық деректер базасы.

Журналист-фактчекер, «Фактчек Қазақстан» жобасының бас редакторы Павел Банников және медиазаңгер (Internews) Ольга Диденкомен әңгімелесіп, жаңа платформаның мүмкіндіктерін, Қазақстан журналистикасы үшін қандай мән-маңызы бар екенін сұрадық.

Павел Банников, «Фактчек Қазақстан» жобасының бас редакторы:

«Open Base бірыңғай ашық деректер базасы — журналистік зерттеуді бастауға жақсы құрал»

— Реестрлер реестрін, яғни Бірыңғай ашық деректер базасын жасау идеясы бұған дейін туындап, әбден пісіп-жетілді. Ашық деректер, мемлекеттік сатып алу, республикалық және жергілікті биліктің есептілігі мен ашықтығын зерттеп, талдайтын мамандардың бәріне мұндай бірыңғай платформа қажет еді. Мінеки, Internews және USAID қолдауымен осындай база жасалды. Енді платформада жұмыс істеу машықтарын үйретуді MediaNet Халықаралық журналистика орталығының оқыту бағдарламаларына — Медиамектеп курсы мен Фактчек академиясына енгіземіз. 30 шілдеде Бірыңғай ашық деректер базасының онлайн-презентациясы болады.

Қазір базада барлығы 14 реестр (13-і қазақстандық, 1-і тәжікстандық) бар. Журналистер мен қоғамның көп қызығушылығын тудыратын, жемқорлық көрсеткіші жоғары салаларға қатысты реестрлер жинақталған. Мәселен, Бірыңғай ашық деректер базасы Қаржылық есептілік депозитарийін, мемлекеттік сатып алуды және тағы басқасын қамтиды. Елеулі жаңалық — алғаш рет квазимемлекеттік сатып алу базасы енгізілді. Қазір қолда бар құралдардың ешқайсысы квазимемлекеттік сатып алуға талдау жасамайды. Журналистердің бұл саладан білері әзірге аз және бұған әлі мықтап кірісе қоймады. Квазимемлекеттік сатып алу — зерттеуге, талдау жасауға өте-мөте қызық сала. Болашақта бірыңғай базаға Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның ашық деректер базасын қосуды жоспарлап отырмыз.

Бірыңғай ашық деректер базасының артықшылығы — түрлі ақпаратты бір платформадан алу, бірегей іздеу және тегін болуы. Платформада күн сайын барлық 14 базаға парсинг (белгілі бір сайттардағы ақпаратты арнайы бағдарламалар арқылы жүйелеп, жинақтау — ред.) жасалады. Түпнұсқа деректер базасы ақауға ұшыраса да платформадағы деректер қолжетімді болады. Бұл — ашық деректерде зерттеу тақырыбы бойынша қандай ақпарат бар екенін білгісі келетін журналистердің журналистік зерттеуді жүргізіп бастауына жақсы құрал. Мәселен, журналист: «Павлодар облысының әкімдігі дәретхана қағазын сатып алуға қанша теңге жұмсайды?» деген сұрақтың жауабын білгісі келсе, онда барлық ақпаратты бір платформадан табады.

Мұндай ақпараттарды түрлі форматта жинақтап ұсынатын деректер базасы баршылық. Алайда бір кемшілігі — барлығы да ақылы, яғни журналист сондай базалардың қызметін пайдаланғанына ақы төлейді. Алғаш тіркелгенде бірнеше тексеруді тегін сұратуға болатын шығар, сосын ақша төлеуге тура келеді. Бір сұраныс ақысы — 1000-1500 теңге. 50-100 компанияның дерегін тексеретін болса, төлейтін сома да айтарлықтай ұлғаяды. Қазақстандағы БАҚ редакцияларының мұны төлеуге шамасы жете бермейді. Сондықтан редакциялар: «Аудиторияға өтетін-өтпейтіні белгісіз зерттеу үшін шығындалып, ақша жұмсаудың қажеті не» деп ойланады. Ал мына тегін платформа арқылы журналистік зерттеуіңізге қажет деректерді жинақтап, толымды ақпарат алуға болады.

Платформа көмегіне сүйеніп, қандай материалдар жасауға болады? Мәселен, Protenge.kz жобасын алайық. Factcheck. kz сайтының «Мемсатып алу жаршысы» айдары, Factcheck.kz пен «За нами уже выехали» YouTube-арнасы редакцияларының мемлекеттік сатып алуды зерттейтін бірлескен жобалары бар. Бюджет шығындарына қатыстының барлығы да ашық болып, есебі берілуі керек. Шын мәнінде бұлай бола бермейді. Мұның барлығы да қоғамдық маңызға ие маңызды материалдар. Журналистика дегеніміз — брифингте айтылғанды жай ғана қайталайтын тотықұс емес. Журналистика дегеніміз — қоғамға пайдасы тиетін, оқырмандарына жаңа ақпарат беретін, оқырманның ақпарат кеңістігін түсінікті әрі ашық ететін сараптау.

Ашық деректерге негізделген зерттеулердің маңызды екенін коронавирус басталғалы медициналық дәрі-дәрмекті, құрал-жабдықты сатып алу және жеткізу саласында не болып жатқанын түсінбей, толымды жауап ала алмаған кезде көрдік.

Бірыңғай ашық деректер базасы — билік іс-әрекетінің ашықтығына қарай жасалған үлкен қадам. Бұл құрал түрлі зерттеулер жүргізуге серпін бермек. Мұндай құралдар зерттеуші-журналистің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Ашық деректерге негізделген журналистиканың болашағы зор, өйткені уақыт өткен сайын ашық деректер қоры көбейіп жатыр. Айналамызда не болып жатқанын көбірек біліп, түсініп, соны аудиторияға айтып береміз.

Ольга Диденко, медиазаңгер (Internews):

«Ашық деректер базасынан өзгермеген ақпарат алу мүмкіндігі маңызды»

— Мемлекеттік органдар жұмыс барысында ауқымды деректерді жинайды, сақтайды, өңдейді. Оларда біз туралы, туған-туыстарымыз, мүлкіміз туралы және тағы басқа деректер болады. Демек, мұндай деректер мемлекеттік органның меншігі бола алмайды, сондықтан ашық әрі қолжетімді болуы керек. Әрине, бұған құпия деректер кірмейді. Ашық деректер мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерінде «түкке алғысыз жүк» сияқты жатпай, қоғамға пайда әкеліп, жұмыс істеуі керек. Бәрінің де осы деректерді пайдалана алуы маңызды. Соңғы кездері мемлекеттік органдардың осы деректерді жария етуі және соған қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет екенін түсінетіндер көбейді. Қазақстан ашық деректерді жариялап, қолжетімді етіп жатқаны жақсы-ақ.

Ашық деректерді көптеген мақсатта пайдалануға болады. IT-бизнес түрлі қызық жобалар — мобайл қосымшалар, сайттар және тағы басқа нәрселер жасау үшін ашық деректерге сүйеніп, шешім қабылдайды. Бизнес үшін де маңызы зор: компаниялар ашық деректерге сүйеніп, серіктестері мен контрагенттерінің сенімділігіне көз жеткізеді. Ақпарат тарататын мамандар, журналист, блогер болсын, яғни контент жасайтын адамдардың бәріне ашық деректердің тигізер пайдасы көп. Ашық деректерді  ешқандай ақы төлемей, оп-оңай алып, арнайы білім не машықсыз жұмыс істеу мүмкіндігінің болуы маңызды. Ашық деректерді алу оңай, түсінікті, қолжетімді болуы және ең негізгісі — мемлекеттік органдар деректерді бөлісуі маңызды. Өйткені деректерді алу мүмкіндігін жауып тастап, шектеп, анықтама сұратуы және тағы басқалай шектегісі келетіндер болады.

«Ашық деректер базасынан өзгермеген ақпарат алу мүмкіндігі маңызды. Көбіне журналистер қандай да бір ақпарат сұратады, мәселен, «Әлдебір жария тұлғаның не депутаттың меншігінде қанша пәтер бар?» деп сұраныс жіберді делік. Деректер базасына рұқсаты бар мемлекеттік қызметкер жарым-жартылай не бұрыс жауап беруі мүмкін.

Қазақстандағы Бірыңғай ашық деректер базасы Internews қолдауымен жасалған. Мұнда журналистер мен блогерлердің жұмысына қажет негізгі ашық деректер қоры жинақталған. Қандай тақырыптар үнемі талқыланып, қоғам қызығушылығын тудыратынын білеміз. Сондықтан да негізгі дереккөздерін осы сұранысқа қарай жинақтадық. Ашық деректер порталы расымен де ашық болуы маңызды: тіркелмей, ЭЦҚ-сыз, тегін пайдалануға болады. Анықтамалық ақпарат және түпнұсқа материалға сілтеме алу, ақпаратты тексеру, қосымша ақпарат алу өте оңай. Журналистік материалға пайдаланатын ақпараттың сенімді дереккөзі. Журналистер мен блогерлерді, әсіресе, бастауыш журналистерді мұндай мәліметтерді digital-зерттеу, фактчекинг, ақпарат алу және тексеру ісіне қалай қолдануға болатынын үйретпекпіз.

Internews және MediaNet ұйымдары Бірыңғай ашық деректер порталының жұмысына қатысты ұсыныс-ескертпелерді мына эл.поштаға жолдауды сұрайды: factcheck.kz@gmail.com.

Бұл жоба америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен көмегімен мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

Жәнібек Нұрыш

Pegasus аңду бағдарламасы онлайн медиамызды қалай алаңдатты? 

18 шілдеде Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі орталық (OCCRP) Pegasus жобасы материалдарын жариялай бастады. Оған 17 БАҚ-тан 80-нен астам журналист қатысты. Зерттеушілер Pegasus шпион бағдарламасы белсенділердің, саясаткерлердің, бизнесмендер мен журналистердің, тіпті мемлекет басшыларының да ізіне түсуге қолданылғанын анықтады. Бағдарламаны жасаған Израильдің NSO Group компаниясы клиенттерінің қатарында Қазақстан да болуы мүмкін. Біздің онлайн басылымдарымыздың арасында бұл жаңалықты қалыс қалдырмағандар да, елегісі келмегендер де болды. 

Ақпаратқа төрт күннен соң Қазақстан билігі атынан алғаш болып Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ресми үн қатты. Осы төрт күн бойы тәуелсіз БАҚ журналистері шенеуніктерден қандай да бір түсінік алуға тырысқан еді. Мысалы, «Азаттық Радиосы» тілшісі мемлекет органдарынан телефоны тыңдалғандарға қатысты ақпарат алу мүмкін болмағанын егжей-тегжейлі жазды. Үкіметтің баспасөз хатшысы «бұл жағдай жөнінде түсінік беру, оған назар аударту орынсыз» екенін айтқан. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері де журналиске ешқандай жауап бере алмаған. Абаевтың телеарна эфирінен айтқан түсініктемесінен кейін HOLA News редакциясының сауалына жауап ретінде Ішкі істер министрлігі ведомствода шпион бағдарламаның қолданылуы туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады. Мемлекеттік күзет қызметі «ҚазТАГ-тың» сауалына бір аптадан соң «БАҚ-та жарияланып жатқаннан басқа ақпарат жоқ» деп жауап жолдаған. 

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары мемлекеттік телеарна эфирінен түсінік бергеннен кейін ақпарат құралдары Pegasus-қа қатысты мәлімет туралы еркін жаза бастады. «ҚазАқпарат» агенттігі де 22 шілдеде бұл атышулы оқиғаны бірінші рет хабарлады. Мәтіннің екінші сөйлемінде жуырда Pegasus тыңшылық бағдарламасы арқылы телефоны тыңдалған адамдардың тізімін жарияланғанын еске салып, Дәурен Абаевтың «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында айтқан сөзін берген. Хабарламада OCCRP жария еткен адамдардың аты аталмайды. 

Дегенмен танымал онлайн басылымдар ресми мәлімет болмаған төрт күн ішінде де бұл туралы жылдам хабарлаудың амалын тапты. Tengrinews.kz редакциясы ақпарат көзінің өзіне емес, Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлаған материалын «Дүниежүзі жаңалықтары» айдарына орналастырыпты, онда Қазақстан туралы айтылмайды, енді бір басылымда ол ақпаратты «Өмір салты» айдарынан оқуға болады. Қазақстандағы Forbes болса, Pegasus-қа қатысты жанжалды шетел баспасөзіне жасалған шолуда «Новая газета» жариялаған мақалаға сілтеме бере отырып, үш сөйлеммен атап өткен. 

Zakon.kz түпкі ақпарат көзі ретінде Euronews сюжетін пайдаланған, бірақ мемлекет телефон әңгімесін тыңдайтын бағдарламаны өз азаматтарына қолданғаны ықтимал екенін атамаған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Pegasus қолданылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған 20 шілде күні бұл сайт тек президент Құрбан айтқа орай онлайн құрбан шалғанын хабарлаған еді. Есесіне Қазақстанның басқа интернет-ресурстары тыңшылар заңсыз аңдыған болуы мүмкін Франция президенті Эмманюэль Макронның жайына көбірек көңіл бөлді. 

Ауқымды ребрендинг жасалған «Экспресс К» редакциясы негізгі ақпаратты мүлдем басқа бағытқа өзгертті. 22 шілдеде сайтта «За Токаевым следили зарубежные хакеры. Правда или фейк?» деп аталатын материал жарияланды. Дегенмен мұнда автор ешқандай фактчекинг жасамайды, аптаның негізгі жаңалығы туралы Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавқат Сабыровтың пікірін берген. Спикер «хакерлер Қазақстан президентін айрықша назарға алғанын» айтқанымен олар қандай да бір эксклюзив ақпарат тапқанына күмән келтіреді. Маман жария болған зерттеуде тыңшылықты сыртқы жау емес, Қазақстан мемлекетінің өзі ұйымдастырғаны меңзелгенін айтпайды. 

Медиаресурстардың бір бөлігі мәселені әбден дұрыс түсінген: мысалы, masa.media журналистері Қазақстанда мемлекет органдары қандай жағдайда азаматтардың телефонын тыңдай алатыны туралы мақала жариялады. Тергеу сотының немесе прокурордың санкциясымен мұндай құқықты жеті орган пайдалана алады. Ұялы байланыс операторлары абонентінің телефоны тыңдалатынынан бейхабар болады, жеке әңгімесі заңсыз тыңдалғанын білсе, азамат сотқа шағымдануға құқылы.  

ProTenge жобасы үшін Pegasus-қа қатысты оқиға аудиторияға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «жабық бюджеті» туралы мәлімет беруге себеп болды. Авторлар 2021 жылы ведомствоның бюджеті 350 миллиард теңгеден астам қаржы болғанын жазды, бұл сома ІІМ-дікіне қарағанда екі есе, еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күресуге бөлетін қаржысынан 50 есе көп. Оның үстіне, Қазақстан азаматтары ҰҚК бұл қаржыны қаншалықты тиімді жұмсап жатқанын жалпылама болса да біле алмайды. 

Журналист Асылбек Бисенбаев Orda.kz-те биліктегі саяси партия Қазақстандағы заңсыз тыңшылықты тексеруге парламенттік бастама көтеруі қажет екенін жазды. «Тиісті комиссия баяндама әзірлеуі керек, оны депутаттар талқылауға тиіс. Оның қорытындысы бойынша шенеуніктер мен журналистердің телефонмен сөйлескен әңгімесін тыңдауға тыңшылық ұйымдастырғандар жазалануы керек және келешекте ондай жағдайға жол бермеу амалдары жасалуы керек», – деген автордың пікірінше, «президент демократизацияны қолдайтынын ісімен дәлелдегені дұрыс». Қазақстандағы The Village басылымына пікірін айтқан саясаттанушы Виктор Ковтуновский де: «Тоқаев заңсыз тыңшылыққа қатысы бар адамдарды жазаламаса, мемлекет басшысы ретінде беделінен біржола айырылады» , – деп мәлімдеді. 

Басылымдардың Pegasus-қа түрліше анықтама бергеніне де назар аударуға болады: медианың бірқатары оны «шпиондардың озық бағдарламасы» десе, бірі «вирус бағдарлама» деп сыпайы атаған. Тақырыптардың кейбірінен бұл оқиғадан хабарсыз оқырман ақыры ештеңе түсінбеуі мүмкін: «Телефоны президента и премьер-министра РК обнаружены в списке Pegasus».

Интернеттегі басылымдардың бір тобы шпионаж құрығына іліккен журналистер Серікжан Мәулетбай мен Бигелді Ғабдуллиннің, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірін жариялады. «Азаттық Радиосы» телефонын тыңдауға Қазақстан билігі тапсырыс беруі мүмкін француз белсендісі Квентин Гийменмен сұхбаттасқан. Ол құқық қорғау органдарына шағымданғалы отырғанын және тыңшылыққа себеп болуы мүмкін жайт – Мұхтар Әблязовпен байланысы қандай екенін айтып берді. 

Әзірше Pegasus тізімінен кейін анықталған саясаткерлер мен басқа да азаматтардан ешбір ақпарат құралы пікір ала алмады. Бірақ БАҚ-тың бір тобы еш дәлелсіз-ақ шпион бағдарлама тұңғыш президент туралы да ақпарат жинауы мүмкін екенін жазды. Беймәлім автор Pegasus-қа жеке құрылымдар немесе өзінің құпия агенттерін бақыламақ болған ҰҚК тапсырыс беруі ықтимал деп топшылайды. 

Мейнстрим ақпарат құралдары конспирологияны тысқары қалдыра отырып, мәселенің техникалық жағына айтарлықтай көңіл бөлді. Vласть интернет журналы Pegasus телефондарға қалай орнатылатыны және оның бар-жоғын мамандар қалай анықтайтыны туралы OCCRP-дің мәліметін жария етті. KZ.MEDIA былтыр First Look Media командасы жариялаған материалды оқырманға ұсынуды ұйғарған, онда осы тыңшылық бағдарламадан қорғану амалдары баяндалады. «Sputnik Қазақстан» порталы Қазақстанның Кибершабуылдарды талдау мен тексеру орталығының басшысы Олжас Сатиевтен 10 минуттық сұхбат алды. IT маманы елдің қарапайым азаматтарының Pegasus-тан қауіптенуіне негіз жоқ екенін айтты, оның орнына адамдар күдікті сілтемелерді ашудан аулақ болып, гаджет бағдарламаларын тұрақты жаңартып жүргені абзал. 

Тыңшылыққа қатысты жанжалдың құқықтық және саяси аспектілері әзірше кең талқылана қойған жоқ — мемлекеттік органдар, әлбетте, жедел жауап берудің орнына қағазбастылықты артық көріп отыр. Журналистер шенеуніктердің ресми сауалға жауап беретін күнін күтіп жүр. Сол себепті Қазақстан азаматтары жергілікті БАҚ-тың арқасында жылдың айтулы халықаралық зерттеуінен хабардар болып жатыр деуге келмейді. Біздің халық үшін кибершпионаж — ел өмірінен алыс, дүниежүзіндегі мәселе. «Макронның жағдайын қайтейік» деп қарауы мүмкін. 

Шолуды орыс тілінен аударған: Болатбек Мұхтаров 

Қазақстанда медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті құрылды. Құрамына кімдер енді?

«Қазақстаның медиа желісі / KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті құрамына енуге арналған он күндік дауыс беруді қорытындылады. Қазақстанда тұңғыш рет құрылған ұйым медианың кәсіби диалог алаңына айналуы тиіс. Мұндай институт әлемнің көптеген елінде бар.

Комитет міндеті — кәсіби көзқарас, медиа саласындағы этикаға қатысты кейстерді талдау. Әлемдік тәжірибеде өзін-өзі реттеу редакция еркіндігін сақтауға көмектесіп, қатаң заңнамалық реттеу қажеттілігін азайтады.

Дауыс беру 13-шілдеде басталып, 22-шілде, сағат 24.00-де аяқталды. Дауыс беруге барлығы 17 кандидат ұсынылды. Оларға 254 адам дауыс берді. Қоғамдық комитет құрамына 9 адам кірді.

Ашық дауыс беру нәтижесінде басым дауысты «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Жұлдыз Әбділдә, «Новое телевидение» телеарнасы мен «Жаңа FМ» радиосының бас редакторы Руслан Никонович, медиапродюсер және тренер Ержан Сүлейменов, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» қазақ мәдени орталығының қоғаммен байланыс бөлімі басшысы Мейрамхан Жапек, SDU аға оқытушысы, медиа зерттеуші Оразай Қыдырбаев, «Время» газетінің күнделікті шығарылымы редакторының орынбасары Руслан Бахтигареев, «Құқықтық медиа-орталық» директоры Диана Окремова, авторлық құқық жөніндегі сарапшы Темірлан Төлегенов, ақпараттық дауларды шешуде тәжірибесі бар отставкадағы судья Бағлан Мақұлбеков жинады.

Дауыс берудің нәтижесі 2021 жылығ 23-шілдеде ZOOM-дағы онлайн-конференцияда жарияланды. Бұған қазақстандық журналистер, редакторлар, журналистика факультетінің оқытушылары, медиасыншылар, медиамамандар қатысты.

«Осы құрамды құттықтаймыз! Жуырда ZOOM-да жалпы кездесу өткізіп, алдағы жұмысты талқылаймыз. mediaprinciples.kz сайтында қоғамдық комитет мүшелерінің Этикаға қатысты істерден бөлек, көпшілікті медианың негізгі принциптері туралы хабардар етуді жалғастырамыз. Университеттерге этикалық нормалардың негізін білетін жас мамандар мен журналистерді даярлауға көмектесеміз», — деді Kazmedianetwork ұйымының атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаева.

Конференцияға қатысушылар пандемия кезінде балалар мен жасөспірімдер арасында мультимедиа құралдарына қызығушылық артқанын атап өтті. Жұмыс істейтін журналистерге ғана емес, болашақ мамандығын таңдап жүргендерге де назар аудару керек екені жөнінде ұсыныс айтылды.

Жазушы, журналист, «Дружные ребята» балалар газетінің редакторы Ольга Гумирова «балалар медиасауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап меңгеруі керек« деді.

— «Дружные ребята» редакциясынан журналистиканың мықты жұлдыздары шықты. Бізде, 9-10 сынып оқитын балалар қаламақы алды. 90-жылдары бұл да отбасына жақсы көмек еді. Қазір бұған шамамыз жете бермейді, бірақ әлі де талантты балалармен жұмыс істеп жүрміз. Олар журналист болу жоспары бар екенін айтып, хат жазады. Ерте қадам жасайды және қадамдары сәтті болады», — дейді Ольга Гумирова.

«Мұның барлығы да маңызды мәселелер. Медиасыншы тәжірибеме сүйене отырып айтарым, медиаэтиканы дәріптеу қажет екенін түсінемін және сіздерді әрдайым қолдаймын», — деді медиатренер Риза Исаева.

Дауыс беру нәтижесі мынадай болды: 

ҮЕҰ бюллетеньдері бойынша

Диана Окремова — 132 дауыс

Темірлан Төлегенов — 76 дауыс

Бағлан Мақұлбеков — 32 дауыс

Ольга Чебакова — 14 дауыс

(Барлығы 254 дауыс)

«Медиа» бюллетеньдері бойынша

Жұлдыз Әбділда — 42 дауыс

Руслан Никонович — 38 дауыс

Ержан Сүлейменов — 29 дауыс

Мейрамхан Жапек — 26 дауыс

Оразай Қыдырбаев — 23 дауыс

Руслан Бахтигареев — 22 дауыс

Ербол Азанбек — 19 дауыс

Әбдіхалық Олжас — 15 дауыс

Канат Сахария — 15 дауыс

Ирина Тетерина — 11 дауыс

Светлана Офицерова — 7 дауыс

Азамат Ахметов — 4 дауыс

Риза Исаев — 3 дауыс

(Барлығы 254 дауыс)

Оларға Семей, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Көкшетау, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары дауыс берді.

Дауыс берген 254 адам кім?

  • Қазақстандағы 98 медиадан 153 журналист пен редактор
  • 27 фрилансер
  • уақытша жұмыс істемейтін 11 әріптес
  • 2 SMM маманы
  • медиа саласындағы қоғамдық ұйымдардың 11 өкілі
  • мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен 13 өкіл, 1 әскери, 1 мұғалім, 1 балабақша тәрбиешісі, лауазымын анық жазбаған 1 мемлекеттік қызметкер.
  • 13 медиасарапшы, медиатренер және коммуникация маманы
  • журналистика кафедрасының 14 студенті
  • елдегі 7 университеттің 10 өкілі

Барлығы 254 дауыс

Жәнібек Нұрыш

Қай телеарнада қазақ тіліндегі жаңалықтың көрермені көп?

Қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынатын көрермен телеарна жаңалықтарын кешкі уақытта көреді, әсіресе «КТК» телеарнасы жаңалықтарының көрермені көп. 2021 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы рейтингіге* қарасақ, ақпарат бағдарламаларының алғашқы үштігіне «КТК, «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының жаңалықтары кіреді.

«КТК» телеарнасының қазақша жаңалықтары (1,9**) дүйсенбі-жұма күндері прайм-тайм уақытта, яғни 19.30-20.00 аралығында эфирге шығады, 04.00-те және 07.00-де қайталанады. Телеарнаның көрермен саны «Кешкі жаңалықтар» кезінде артады. Кешкісін жаңалықты 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа әйелдер, ал 07.00-дегі қайталауды 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа ерлер мен әйелдер көп көреді екен.

Жарты сағаттық эфир негізінен коронавирусқа қатысты ахуалды баяндайтын дәстүрлі сюжеттермен бірге қылмыс оқиғалары мен аймақ жаңалықтарына толы. Телеарна жаңалықтары көрерменінің көптігі мен рейтингіде бірінші орынды иеленуі де осы себептен болар.

Мәселен, 27 шілдедегі шығарылымда өңірлердегі жергілікті атқарушы билік жұмысын сынайтын бес жаңалық пен қылмыс оқиғалары туралы төрт сюжет болды.

«Еуразия бірінші арнасының» жаңалықтар бағдарламасы — «Басты жаңалықтар» (1,7**) 18.30-да көрсетіледі, 02.50-де қайталанады. Негізгі эфир көрермені — 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа әйелдер. Түнгі қайталауды 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа не ортадан төмен әйелдер көреді.

Бұл арна жаңалықтарында да өңірлердегі жағдайды хабарлайтын және қылмыс туралы сюжеттер бар. 27 шілдедегі шығарылымда арна тілшілері жантүршігерлік жол апатынан 10 жасар қыздың «жыныс мүшесі жұлынып кеткенін» егжей-тегжейлі баяндайды. Бірақ «КТК» телеарнасымен салыстырғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жұмыс сапарын, Токио Олимпиадасы туралы айтуды ұмытпады. Бағдарламаның соңғы бес минуты ауа райы болжамына арналады.

QAZAQSTAN телеарнасы Aqparat бағдарламасының (1,1**) негізгі шығарылымын сағат 20.00-де көрсетіп, 03.00-те және 06.00-да қайталайды. Таңертең қайталанатын жаңалықтардың негізгі көрермені — 10 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар (бірлесіп қарау). Ал күндіз жән түнде 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлесіп қарау) көреді.

Жаңалықтарда ресми хабар көп. 27 шілдедегі шығарылым мемлекет басшысының Ақмола облысына сапарынан басталды, сюжет ұзақтығы 6 минут болды. Бағдарлама соңында Олимпиада жаңалықтары, көбіне Қазақстан спортшыларының жетістігі хабарланды.

Бір қызығы – қалалық телеарна ретінде құрылған ALMATY TV (0,21**) телеарнасының жаңалықтары рейтингіде «Хабар» телеарнасынан жоғары тұр. ALMATY TV 2016 жылы ғана бүкіл республика аумағына хабар тарата бастады.

Арнаның жаңалықтар шығарылымдары күндізгі, прайм-тайм және түнгі уақытта көрсетіледі. Күндізгі аудиториясы (15.00) 10 жастан асқан, табысы орташа ерлер (бірлесіп қарау) болса, кешкісін (19.00) — 30 жастан асқан, табысы орташа әйелдер, түнде 10 жастан асқан, тұрмыс жағдайы орташа әйелдер көреді екен. Неге екені белгісіз, телеарнаның YouTube арнасында жаңалықтардың шығарылымы жоқ, бірақ 25 шілдеде өткен ауыл әкімдерін сайлау туралы арнайы шығарылымы бар.

«Хабар 24» (0,20**) телеарнасының қазақша жаңалықтары күні бойы көрсетіледі. Әсіресе, таңертең, түстен кейін және кешкі прайм-таймда көрсетілетін шығарылымдарына сұраныс жоғары. Таңғы 7-дегі эфирін 30 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар қараса, 09.00-дағы жаңалықтарды 18 жастан асқан, табысы орташа әйелдер көреді. Ал 13.00-де 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлесіп қарау), 15.00-де 18 жастан асқан, табысы орташа әйелдер көреді екен. Түнгі жаңалықтарының негізгі көрермені — 30 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар.

Телеарна жаңалықтарының құрылымы біршама қисынсыз. Мәселен, 28 шілде, сағат 11.00-де шыққан жаңалықтар дайджесінде вакцинация туралы сюжет көрсетіліп, бірден шетелдегі төтенше жағдайларға ойысты. Содан кейін іскерлік жаңалықтарына ұласып, кейін Маңғыстау облысындағы шаруа қожалықтарының проблемасын баяндаған сюжет берілді, бұдан соң вакцина тақырыбына қайта ауысып, АҚШ пен Еуропада вакцинация қалай жүріп жатқанын айтып берді.

«Мир» арнасының қазақ тіліндегі жаңалықтары (0,20**) тек таңғы уақытта көрсетіледі екен. Әйткенмен рейтингіде «Хабар 24» телеарнасымен бір қатарда тұр. Арна жаңалықтарының көрермені — 18 жастан асқан, табысы орташа ерлер мен әйелдер.

Телеарнаның Қазақстандағы филиалы сайтынан жаңалықтар шығарылымын табу қиын. YouTube-тегі арнасынан тек жеке сюжеттерді көруге болады. Онда тек Қазақстан туралы маңызды жаңалықтар жарияланады. 

https://www.youtube.com/watch?v=GTQKDlW0u5I&list=PLBZo8U17p9gwcAtMQkqIVJoI1MW5He5Mj

«СТВ» арнасының (0,06**) қазақша жаңалықтары «Тәулік тынысы» деп аталады. 21.30-да эфирге шығады. Таңғы уақытта 10 жастан асқан, табысы орташа ерлер мен әйелдер (бірлескен қарау) қараса, кешкі прайм-таймда 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлескен қарау) көреді екен.

Телеарнаның жаңалықтарында эксклюзив жоқ. 27 шілдедегі жаңалықтар топтамасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына сапарынан басталып, Алматы облысындағы ауылды көркейту туралы сюжетке, шетел жаңалықтарына, мысалы, Үндістандағы су тасқыны туралы хабарға ұласты. Токио Олимпиадасы туралы айдарда спортшылар арасында COVID-19 таралып жатқаны хабарланды.

Рейтингідегі соңғы орын ATAMEKEN BUSINESS (0,03**) телеарнасының қазақша жаңалықтарына тиесілі. Негізгі шығарылымы сағат 20.00-де Live режимінде көрсетіледі. Бұдан кейін сағат 00.00-де, 03.00-те, 06.00-да және ертеңіне 13.00-де қайталанады. Күндізгі жаңалықтарды негізінен 10 жастан асқан табысы орташа ер адамдар (бірлесіп қарау), қайталауды 18 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар, прайм-таймда 18 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар, түнде 10 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар көреді.

28 шілдедегі күндізгі шығарылым мектеп формасының бағасы, оларды өндірушілер мен сатушылар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барған жас мамандар проблемасын көрсететін сюжеттен басталды. Тілшілер ерекше стартап туралы да айтты. Әр сюжеттің хронометражы әдеттегі телеарна жаңалықтарынан ұзағырақ – 6-7 минут. Алайда ақпараттың тиянақты, жан—жақты көзқарас бойынша ұсынылуы мен сапалы кадрлар көрерменін зеріктірмейді, сюжет ұзақтығы байқала бермейді. Телеарна жаңалықтарының рейтинг соңына түсуін негізгі контенті іскерлік аудиторияға бағытталғанынан деп түсіндіруге болады.

Осылайша 2021 жылғы қаңтар-маусымда «КТК» телеарнасы қазақша жаңалықтарының көрермені көп болды. Бір қызық жайт — кешкі жаңалықтарды көбіне-көп әйелдер, ал таңғы жаңалықтарды ерлер көреді екен.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — теледидары бар ел тұрғындарының жалпы санынан пайызбен көрсетілген бағдарламаның әлеуетті аудиториясына сүйеніп жасалған. Жарнама берушілер үшін принципті маңызы бар.

Журналистік зерттеуді неден бастаймыз? Олег Хоменоктің кеңесі

Қазақстандағы Internews өкілдігі 26 маусым — 1 шілде күндері Алматыда Зерттеу журналистикасы бойынша офлайн-тренинг өткізді. Зерттеу журналистикасы мектебіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 21 журналист пен блогер қатысты. Тренинг бағдарламасында медиазаңнамалар, журналистік зерттеуге дайындық кезеңдері, ақпаратты жүйелеу, ақпарат көзімен жұмыс және оларды қорғау, ашық деректер ресурсы, фактчекинг және сторителлинг сияқты тақырыптар бар.

«Жаңа репортер» сайты тренинг сессияларынан нұсқаулықтар жариялай бастады. Украиналық медиатренер, зерттеуші-журналист Олег Хоменок журналистік зерттеудің анықтамасын түсіндіріп, зерттеуге қалай дайындалу керегін айтып берді.

Олег Хоменок, тәжірибелі зерттеуші-журналист, медиатренер, Украинадағы Internews өкілдігінің медиа мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі

Журналистік зерттеу дегеніміз не?

Зерттеу дегеніміз — журналистің көптеген дереккөзбен жұмыс істеп, мәліметтерді мұқият талдап, салыстырып, қарама-қайшылықтарды іздей отырып ақпарат жинау әдісі. Журналист материалында «5W» формуласының (кім, не, қайда, қашан, неге) сұрақтарына жауап береді, яғни кәдімгі журналистік мақалаға ұқсайды. Сондай-ақ, зерттеу материалда: қалай/қалайша, кім кінәлі, бұл кімге тиімді / енді не болмақ / енді не істеу керек, деген маңызды сұрақтардың жауабы бар.

Зерттеу журналистикасының ерекшеліктері қандай?

  • Мақалалар не мақалалар сериясы журналистің төл жұмысы болып саналады. Таралып кеткен ақпаратты жариялау журналистік зерттеуге жатпайды.
  • Ақпарат жинағанда журналистиканың басқа жанрларына тән емес тәсілдерді қолдану.
  • Жұртшылыққа белгісіз болып келген мәліметтерді жария ету, құпияны ашу, әшкерелеу. Қоғамның жасырын ақпаратты білу құқығы субъектінің сол ақпаратты құпия сақтау құқығынан айтарлықтай асып түседі.
  • Жеке оқиғаны емес, жалпы жүйелі проблеманы көрсету.
  • «Кеше — бүгін — ертең» уақыт өлшемінің болуы. Проблеманы сипаттау (осы шақ ), себептерін анықтау (өткен шақ), қалай дамитынына болжам жасау (келер шақ).
  • Журналистік зерттеу материалына екі көзқарас аз. Материалда көптеген ақпарат көзі: сарапшылар комментарийі болып, ауқымды деректер қорын өңдеу керек.
  • Шығыны мол. Ұзақ уақыт пен біраз қаражат қажет.

Гипотеза дегеніміз не, қалай дұрыс тұжырымдайды?

Гипотеза дегеніміз — журналист зерттеу кезінде дәлелдейтін не терістейтін болжам. Гипотеза — зерттеу субъектісін және зерттеу нысанын анықтап береді. Гипотезада кім, қалай және неліктен заң бұзатыны / заңға қайшы әрекет жасайтыны, салдары қандай болатыны тұжырымдалады.

Әуелі дерек жинауға көмектесетін ақпараттық сұрақтардан құрылады: кім, не, қалай, қашан, қанша, жүйесі қандай?

Сосын комментарий алып, деректерді бағамдауға не талдап-түсіндіруге арналған неліктен, бұл кімге тиімді, мұның/оның артында кім тұр, себеп-салдары қандай, деген бағалау сұрақтары болады.

Қандай ақпарат көздері бар?

  • Ресми және бейресми құжаттар
  • Құжат сақтайтын ұйымдар
  • Интернет, мұрағаттар, деректер қоры және БАҚ
  • Ақпарат білетін, құжатты алып жүретін адамдар
  • Журналистің өзі де бақылау не тәжірибе жасау арқылы ақпарат көзі болады

Журналистер зерттеу кезінде қандай қиындықтарға тап болады?

  1. Қажет ақпарат көздеріне қол жетпеу.
  2. Ресурс (уақыт, қаражат) жетіспеушілігі.
  3. БАҚ қожайындары даулы, проблемалық ақпаратты жариялауға құлықсыз болуы, жұмыстан айырылу қаупі, сотқа шағым.
  4. Жарияланым үшін кек алудан қорқу, жеке өміріне қауіп.
  5. Психологиялық проблемалар — жалғыздық, кәсіби қажу, шаршау, сәтсіздіктен тайсалу.
  6. Журналистік ортада зерттеу тәжірибесі мен дәстүрінің болмауы.

Бұл кеңестер офлайн форматта өткен Зерттеу журналистикасы мектебінде медиатренер Олег Хоменоктің дәрісінен жазылып алынды. Зерттеу журналистикасы мектебі  MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Жәнібек Нұрыш

Қазақстан медиасы вакцинаға қарсылыққа қалай ықпал етіп жатыр?

Медиа жариялаған материалдың тақырыбы аудиторияға тікелей әсер етеді. Өйткені қазіргі оқырман мәтінді түгел оқымай, тақырыптағы ақпаратты ғана талқылауы мүмкін. Тақырып мазмұнға кереғар болса, оқырманды шатастырады. Қазақстандағы медиа коронавирусқа қарсы вакцина туралы ала-құла ақпарат таратып жатыр. Бұл жұртшылықтың вакцинаға негатив көзқарасы қалыптасуына әсер етеді. «Жаңа репортер» авторы Жәнібек Нұрыш еліміздегі газет сайттары, ақпарат порталдары мен телеарналардың коронавирусқа қарсы вакцина туралы контентіне шолу жасады.

Қазақстан медиасынан жұртшылықты вакцинадан шошытатын тақырыптарды жиі көруге болады. Мысалы, «Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін көз жұмды», «Вакцинадан көз жұмды» және тағы басқа.

1. «Егемен Қазақстан» газетінің сайты 16.01.2021 күні «Вакцина салдырған ер адам 8 минуттан соң көз жұмды» деген ақпарат жариялапты.
Тақырыпты көргенде «вакцина кісі өліміне себеп болған» деген ой туады. Мәтінді оқыған кезде олай болмай шығады. Дәрігерлер «ол вакцинациядан және аллергиялық анафилактикалық шок салдарынан көз жұмған жоқ, бұл — вакцинациямен тұспа-тұс келген кенеттен өлім» деген қорытынды жасаған.

2. Stan.kz сайты 21.01.2021 күні «Қазақстандық азамат коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін көз жұмды: Министрлік түсіндірді» деген ақпарат жариялаған.
Сілтемені бассақ, бұл азамат ешқандай вакцина алмағаны, қайтыс болған кезінде вакциналау әлі басталмағаны айтылыпты. Министрлік әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа қатысты түсінік берген.

3. AIQYN газетінің сайтында «Төрт ұшқыш коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін көз жұмды — Қазнет» деген материал жарияланды (19.06.2021).

Бұл да — желіде тараған жалған ақпарат туралы хабарлама, бірақ материалдың тақырыбы фейкті терістемей, одан әрі өршіте түседі. Лиді түсініксіз. «Қазнетте ұшу кезінде ұлыбританиялық British Airways әуе компаниясының төрт ұшқышы көз жұмғаны туралы жаңалық тарап жатыр. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, олар COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған және соның салдарынан қайтыс болған, — деп хабарлайды Stopfake.kz» деп жазылған.

Жалған ақпарат екені кейін барып хабарланады. Айтпақшы, бұл ақпарат Facebook-тегі Aqsaqal Kazakshtan парақшасында ақылы таргетке қойылған.

Осы ақпаратты Tengrinews.kz те жариялаған.

4. Kazgazeta.kz сайты «Вакцина салдырған 8 адам көз жұмды» деп хабарлады (17.04.2021).
Материал Батыс Еуропада AstraZeneca вакцинасын салдырған адамдарда тромбоз анықталып, көз жұмғаны туралы. Тақырыбын ғана оқыған оқырман «оқиға Қазақстанда болған, адамдар вакцинадан өліп жатыр» деп ойлайды.

5. Arasha.kz сайтында 25.01.2021 күні жарияланған ақпараттың тақырыбы — «Вакцина салдырған азамат бірнеше сағаттан соң көз жұмды».
Тақырыбы «айқайлап» тұр, бірақ мәтіннен шын мәнінде не болғанын түсіну қиын. «COVID-19 вакцинасын алған Америка Құрама Штаттарының тұрғыны бірнеше сағат өткен соң қайтыс болды» делінгенімен мәтін соңында әлгі адам қай жерде, қандай вакцина алғаны анықталмағаны жазылыпты.
Оқырман мекені көрсетілмеген тақырыпты оқыса, әуелі өзі тұратын елмен байланыстырады. Ал мұнда оқиға АҚШ-та болған, бірақ қалай болғаны анықталмаған. Оқырманды шатастыратын тақырып.

6. «АҚШ-та вакцина еккен 55 адам көз жұмды» деген ақпаратты Stan.kz сайты 18.01.2021 күні жариялаған.
Бір күннен соң «КТК» телеарнасының сайты Stan.kz-тің осы ақпаратына сілтеме жасап,
«Вакцина еккен 55 адам көз жұмды» деп хабарлады.
Stan.kz сайты лидінде бұл ақпаратты Epoch Time деген ресурс хабарлағанын жазады, бірақ біз бұл ресурсты таппадық. Гиперсілтеме жоқ. Ал Ktk.kz сайты түпнұсқа тақырыптағы мекен атауын алып тастаған.

7. ADYRNA порталы 07.04.2021 күні «Алматы облысында вакцина салдырған азамат қайтыс болды — Видео» деген тақырыппен мәтіні де, видеосы да түсініксіз ақпарат жариялады. Белгілісі — бұл әлеуметтік желіде тараған ақпарат, бірақ портал оның рас-өтірігін анықтамаған.

8. «Еуразия бірінші арнасы» 06.05.2021 күні «Вакцина салдырған азамат қайтыс болды» деп аталатын видеоматериал көрсетті.

Бұл материалда «қайтыс болған адам бұған дейін екпе алғаны, бірақ оның өліміне не себеп болғаны сараптамадан соң анықталатыны» айтылады. Дәрігерлердің алдын ала болжамы бойынша ол жүрек-қан тамырлары қызметі тоқтағаннан қайтыс болған. Соған қарамастан телеарна журналистері «Алматы тұрғыны вакцинадан соң қайтыс болды» деп, аудиторияны шошытады.

9. 13.07.2021 күні «КТК» телеарнасы «Жол апатына вакцина кінәлі!» деген атауы бар материал көрсетті.

Телеарна «Алматыда жол апатына себепкер болып, ана мен баланы ауруханадан бір-ақ шығарған жүргізуші вакцинаны кінәлады. Көлікті тізгіндемес бұрын коронавирусқа қарсы екпе салдырған жігіт дәрінің кесірінен ұйықтап кеттім дейді» деп хабарлады.
Осы ақпаратты бірнеше сайт көшіріп басты:
«Алматыда жол апатын жасаған жүргізуші бұған вакцинаны кінәлады». — NUR.KZ
«Көзім ілініп кетті: Жол апатына түскен жүргізуші вакцинаны кінәлады». — NEGE MEDIA
«Дәрінің кесірінен көзім ілініп кетті»: Алматыда жол апатына себепкер болған жүргізуші вакцинаны кінәлады». — «Алаш айнасы»

10. Мейлі позитив, мейлі негатив жаңалық болсын, тақырып қалай қойылса, солай қабылданады.
08.07.2021 күні Қазақстан сайттары Денсаулық министрлігі вакцина алған адамдардың қаншасы коронавирус жұқтырғаны жөнінде ақпарат таратты.
Бұл ақпаратқа
«Aзаттық Радиосы» сайты «Денсаумин: Қазақстанда екпе алған 2,2 мың адам Covid жұқтырған» деп,
Tengrinews.kz сайты «2212 человек заразились коронавирусом после вакцинации в Казахстане» деп,
ал Мalim.kz «Вакцина салдырғандардың 0,05 пайызы ғана вирус жұқтырған» деп тақырып қойды.
«Азаттық Радиосы» мен Tengrinews.kz тақырыбы вакцина алған мыңдаған адам коронавирус жұқтырғанын меңзесе, Мalim.kz олар вакцина алғандардың аз ғана үлесі екенін білдіріп, тақырыпқа жауапты қараған.

Байқасақ, медиада аудиторияны елең еткізу мақсатымен материалдарға «шошытатын» тақырып қою қалыптасқан. Журналистер вакцинаға қатысты күмәні бар аудиторияның көңілінен шығатын контент жасаймын деп, оның салдары қоғамның вакцинаға деген теріс көзқарасы, шынайы наразылығы қалыптасатынын ойламаған.
Вакцинаны қаралайтын, терістейтін, оған қарсылықты күшейтетін, көпшілікті адастыратын, үрей тудыратын тақырыптарға медиамыздан бұдан көп мысал келтіруге болады.

Медианың вакцина туралы негатив түсінік қалыптастыратын тақырып қоюына бірнеше себеп болуы мүмкін:

  • Кликбейт — күйіп тұрған тақырыпты көрілім санын арттыруға пайдалану;
  • Редакцияның (не редакциядағы жеке автордың) вакцинацияға қарсылығы;
  • Белгілі-белгісіз ықпалды топтардың жалпы вакцинацияға қарсы ақпарат кампаниясы.

    Жәнібек Нұрыш

Медианың өзін-өзі реттеу қоғамдық комитеті мүшелерін іріктеуге дауыс беру басталды

Құрметті журналистер! Қазақстандағы алғашқы Медианың өзін-өзі реттеу қоғамдық комитетін құруға үміткерлерден өтінім жинау аяқталды. Редакциялар, қоғамдық ұйымдар, жоғары оқу орындары кандидаттарын ұсынды. Өзін-өзі ұсынған үміткерлер де бар. 

Екінші іріктеу кезеңі – ашық дауыс беру басталады. Бұл туралы осы комитетті құру жөніндегі бастамашыл топ – «Қазақстанның медиа желісі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі өкілдері хабарлады. 

Кандидаттар тізімінде 17 адам бар. Оның 13-і – медиа саласы өкілі, 4-уі – азаматтық сектор өкілі (ақпараттық дауларды шешуде тәжірибесі бар заңгерлер, қоғам қайраткерлері). Оның ішінде қоғам ашық дауыс беру арқылы 9 адамды сайлайды (барлық кандидат лауазымы мен регалиясы көрсетілген тізім құжат соңында берілген).

Медиа: Жұлдыз Әбділда, Оразай Қыдырбаев, Руслан Никонович, Қанат Сахария, Светлана Офицерова, Риза Исаева, Руслан Бахтыгареев, Мейрамхан Жәпек, Ербол Азанбек, Азамат Ахметов, Ирина Тетерина, Ержан Сүлейменов, Әбдіхалық Олжас.

Азаматтық сектор: Темірлан Төлегенов, Диана Окремова, Бағлан Мақұлбеков, Ольга Чебакова 

Дауыс беру үшін сілтемені ашыңыз.

Дауыс беру қалай өтеді?

Қоғамдық комитет құрамына 9 адам кіреді. Әр сайлаушы екі маманнан – біреуін «медиа» саласынан, біреуін «азаматтық сектордан» сайлайды. 

Дауыс беру 22 шілде, бейсенбінің түн ортасына дейін жалғасады. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 24.00-ден кеш берілген дауыстар есепке алынбайды.

23 шілдеде жиналған дауыстардың көпшілігі негізінде Қоғамдық комитетті ұйымдастыру жөніндегі бастамашыл топ ең жоғары балл жинаған 9 адамды анықтайды. Оның ішінде 6 адам «медиа» номинациясы бойынша, 3 адам «қоғамдық ұйымдар» номинациясынан анықталады. 

Қоғамдық комитет қалай жұмыс істейді? 

Медианың өзін-өзі реттеу ұйымдары әлемнің көптеген елінде бар. Бұл қоғамдық бастама, диалог алаңы, онда эксперттер белгілі бір БАҚ-тың немесе журналистің іс-әрекетіне қатысты шағымдармен айналысады. Даулы жағдайды бағалау үшін соттан гөрі эксперттерге бару жеңілірек екенін әлем тәжірибесі көрсетіп отыр. 

Қазақстанның қоғамдық комитеті жұмысында Медианың негізгі принциптерін басшылыққа алады. Комитеттің міндеті – дауларды сотқа дейін шешу, кәсібилікті арттыру, медиа-бедел институтын құру. Жұмыс принциптері туралы толығырақ «Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті туралы» ережесінен оқуға болады.

Өзін-өзі реттеу қоғамдық комитетіне үміткерлер тізімі («Медиа»):

1 Жұлдыз Әбділда, «Ұлан» газеті бас редактордың орынбасары/ заместитель главного редактора газеты «Ұлан»
2. Светлана Офицерова, «Учительская плюс» газетінің бас редакторы, Қостанай/ главный редактор газеты «Учительская плюс», Костанай
3. Канат Сахария, «MEDIA HOLDING «ATAMEKEN BUSINESS» ЖШС-нің бас директоры/ Генеральный директор TOO «MEDIA HOLDING «ATAMEKEN BUSINESS»
4 Ержан Сүлейменов, қазақстандық медиа продюсер және тренер/ казахстанский медиа продюсер и тренер
5. Руслан Никонович, «Жаңа FM» радиосы және «Новое телевидение» телекомпаниясының бас редакторы/Главный редактор ТК «Новое Телевидение» и радио «Жаңа FМ»
6 Риза Исаева – KIMEP-тің журналистика магистрі/ магистр журналистики KIMEP
7 Ирина Тетерина, Журналист, «Informburo.kz»  бас редакторының орынбасары болып қызмет еткен/журналист, была заместителем главного редактора «Informburo.kz»
8. Мейрамхан Жәпек – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ҰҒО АҚ қоғаммен байланыс бөлімі басшысы/ Руководитель отдела по связям с общественностью АО НПЦ «Тіл қазына» им. Ш.Шаяхметова
9. Әбдіхалық Олжас, «Жаңа Түркістан» газетінің бас редакторы, главный редактор газеты «Жаңа Түркістан»
10. Руслан Бахтыгареев, «Время» газеті бас редакторының орынбасары/заместитель главного редактор газеты «Время»
11. Ербол Азанбек, «Kaspi Bank» АҚ БАҚ-пен байланыс басқармасының басшысы, журналист, медиаэксперт/Медиаэксперт, журналист, руководитель управления по связям со СМИ АО «Kaspi Bank»
12 Азамат Ахметов – Павлодар мемлекеттік университетінің әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат кафедрасы түлегі/ выпускник кафедры  социальных наук, журналистики и информации Павлодарского госуниверситета
13 Оразай Қыдырбаев, SDU университетінің аға оқытушысы, медиа зерттеушісі/ старший преподаватель SDU, исследователь медиасферы

Үміткерлер тізімі, «азаматтық сектор» болгы, басқа да шығармашылық мамандары, заңгерлер:

1. Темірлан Төлегенов, авторлық құқық бойынша эксперт/ Темирлан Тулегенов, эксперт по авторскому праву 
2. Бағлан Мақұлбеков – отставкадағы судья/  cудья в отставке
3. Диана Окремова – Құқықтық медиа орталық директоры / Директор Правового медиа центра,
4 Ольга Чебакова – «Волонтеры Кызылорды»  қоғамдық қорының жетекшісі / руководитель общественного фонда «Волонтеры Кызылорды»

БАЙЛАНЫС:
Жоба жетекшісі Ольга Настюкова +7-707-7000-439
Бақтыгүл Бурбаева +7 777 213 13 67 
Email: media.principles.kz@gmail.com

Жәнібек Нұрыш

«Ақмола» атауын қайтару, ауыл әкімдерін сайлау және жұт: 28 маусым — 4 шілдедегі апталық телебағдарламаларға шолу

«Еуразия бірінші арнасындағы» Basty bagdarlama жабылар алдында қазіргі конъюнктура үшін батыл видеоматериал көрсетті. QAZAQSTAN-ның қорытынды бағдарламасы үш өңірдегі қуаңшылықтың ауыр салдары неге күні бұрын болжанбағанына жауап іздеді. «Жаңа репортер» шолушылары телеарналардың ақпарат бағдарламалары Астана күні қарсаңындағы ресми шараларға толы аптаны (28 маусым — 4 шілде) қалай қорытындылағанын бақылады.

«7 күн», «Хабар»

Дархан Әбдіуахит бағдарламаны «Тоқырауға толы тоқсаныншы жылдардың тілін ұқтыратын» кадрлардан бастады. Ескі қаланың көріністері арқылы хабар жүргізушісі астананы көшіру туралы шешімнің маңызын баса айтқысы келіпті: «Бұл қадам тұтас ел дамуының өзегіне айналғанын заманның өзі айшықтап тұрғандай.»

Осылайша «7 күн» апталық-сараптамалық бағдарламасы Астана күніне арналған мерекелік шараларды негізгі тақырып еткен. Мерекелік шаралардың ішінен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі бірінші көрсетілді. Тілші Астана күні қарсаңында «қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашу» дәстүрге айналып, былтыр Елбасы кітапханасы музейі, оның алдынан саябақ ашылғанын, биыл тұңғыш президентке тағы бір тарихи ескерткіш қойылғанын айтты. Президент Тоқаевтың ескерткішті ашқан сәті көрсетілді. Оның сөзінен үзінді берілген соң кадр сыртында тұңғыш президенттің елге сіңірген еңбегі туралы баяндалуы қалыпты нәрсе десек те, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездескен сәті ұзақ көрсетілуі кездейсоқ па екен?! Нұр-Cұлтанда ғалым Қаныш Сәтбаевқа да ескерткіш ашылған еді. Сюжет ол оқиғаны да қамтыпты. Тілші сөз арасында бұл Сәтбаевқа қойылған 15-ескерткіш екенін де айтты. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың геологтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі еңбегі туралы айтқан сөзінен ұзақ үзінді берілді. Дина Нұрпейісоваға арналған ескерткіш туралы айтуға көшкен тілші екі оқиғаның арасын соғыс тақырыбын жалғай байланыстырды. Астана күні қарсаңындағы мерекелік шаралардан басталған сюжет көрерменге күйші туралы мағлұмат берумен аяқталды.

Өткен сәрсенбіде Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесті. Дархан Әбдіуахит кадрда осы туралы баяндап, Путин мен Назарбаевтың сөздерінен үзінді берді. Сол аптада Қазақстандағы ресми сапарында Ресейдің Федерал жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко да Нұрсұлтан Назарбаевпен және Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен еді. Хабарда осы екі кездесуден де синхрондар берілді. Көрермен Қазақстан президентінің виртуал форматта өткен «Ұрпақ теңдігі» атты жаһандық форумдағы видеоүндеуінен үзінді тыңдады.

Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті басқосуынан бөлек сюжет жасалыпты. Ондағы ақпарат Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің ұлттық жобалар мен олардың нәтижесі туралы баяндамасына негізделіпті. Кеңеске қатысқан президенттің көзқарасы, «Атамекен» ҰКП төрағасы Тимұр Құлыбаевтың, экономист Мақсат Халықтың пікірі берілген. Келімбетов ұсынған жобаларға мемлекет басшысы сыни пікір айтқан соң ба, сюжетте шығыны көп жобаның тиімділігін сындарлы бағамдауға баса назар аударылыпты.

Президент тақырыбы бұдан әрі апта ішінде Назарбаев пен Тоқаев қатысқан жиындар, олардың кіммен кездескені туралы топтамамен жалғасты. Қазақстан басшысының Олимпиадаға баратын ұлттық құрама мүшелерімен кездескеніне жеке сюжет арналған.

«7 күн» 37-минутында ғана қоғамдағы өзге тақырыптарға ауысты. Гүлжан Мархабаева ауыл әкімдерін сайлауға дайындық және оның артықшылықтары мен қаупі туралы сараптама жасаған. Сюжетте саясаттанушы, қоғам белсендісі, қоғамдық кеңес өкілі және ауыл тұрғындары пікір білдіреді. Сөз соңында тілші «Не керек, осы жазда ауылдағы ағайынға талқылар тақырып табылып тұр» деп аяқтап, саяси өмірдегі маңызды оқиғаны «ауыл ішінде талқыланатын тақырып» деңгейіне түсіріп жібергенін ескермейді.

Бағдарламаның 41-минутында жүргізуші Қазақстан астанасын ауыстыру тақырыбын қайта қозғап, тұңғыш президенттің естеліктерін айтты. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың астана айналасына егілген жасыл белдеуін аралап көргеніне ойысты. «Жасыл белдеу» деп аталған сюжетті Дархан Әбдіуахиттің өзі дайындапты. Назарбаев сөздерінен үзінді беріп, жасыл белдеуді күтіп-баптайтын, осы орманға арнап қырғауыл өсіретін мекеме қызметкерлерін сөйлеткен. Облыс басшыларының осы жасыл белдеу аумағын ұлғайтуға қатысты жоспары айтылды.

Елдегі коронавирустың таралуына қатысты ахуал туралы да жеке сюжет жасалды. Автор дельта штамы табылған аймақтар, мемлекеттік бас санитар дәрігердің жаңа қаулысының талаптары, жоғары оқу орындарының Ashyq жүйесіне қосылуы сияқты жағдайларды баяндайды. Құзырлы орган өкілдері пікір білдірді.

Бағдарлама шілденің алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күніне арналған сюжетпен аяқталды.

Basty bagdarlama, «Еуразия бірінші арнасы»

Basty bagdarlama үшін негізгі тақырып депутаттардың демалысқа шығуы болды. Сюжет қаңтарда сайланған жаңа құрамның ант беру рәсіміндегі «ерекшеліктерінен» басталды, Мәжілістің Үкімет жұмысын бірнеше рет сынға алғаны, журналистер пандемия кесірінен Парламент ғимаратына емін-еркін кіре алмайтыны айтылды. Тілшілер есік алдында депутаттарды күтіп тұрып, бірқатарынан пікір сұраған. Артур Мағзомов материалын «демалысқа кеткен депутаттар халықпен қалай кездесетінін күзде келгенде көреміз» деп аяқтапты.

LRT құрылысын жандандыру үшін молда Құран оқып, құрбан шалынды. «Ұр, тоқпақ» айдары мұндай оқиғаны назардан тыс қалдырмасы анық. Айдана Үсенбай әдеттегідей желі қолданушыларының пікірін беріпті. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің құрылысты жандандыруға қатысты сөзінен үзінді және бизнесмен Айдын Рахымбаевтың LRT құрылысына кететін шығынға қатысты пікірі беріліпті. «Құрылыс келесі мәрте тоқтап қалса, кімнен көретінімізді білеміз», — дейді Айдана Үсенбай. Ол бұл айдар 3 жыл бойғы жұмысынан соң жабылатынын, енді «тоқпақ тоқпақтауын тоқтататынын» айтты.

Basty bagdarlama-ның өзі жұмысын тоқтатады екен. Соңғы шығарылымда шығармашылық ұжым бес жылдық жұмысына шолу жасады. Көрермен көңілінен шыққан сюжеттер YouTube- тегі көрілім саны бойынша анықталған. Экономист пен отбасы психологы бағдарламаның маңызын, қоғамға пайдасын айтты, осы бағдарламаның көмегімен сырқатқа шалдыққан баласына көмек алған ана алғысын жаудырды. Бағдарлама кейіпкерлерінің бірінің кейінгі тағдыры туралы да баяндалды. Тілші Нұрай Құрақпай жаңа маусымда жаңа бағдарлама эфирге шығатынын айтты.

Basty bagdarlama биыл Астана күні қарсаңында былтырғыдай салют атылмайтынын, карантин кезінде қала күнін тойлау ешкімге де қызық болмауы мүмкін екенін айтты және күтпеген жерден «астана атауы „Ақмола“ болып қайта өзгеруі мүмкін» деген сюжет көрсетті. Автор қоғам қайраткері Алдан Смайыловтың осы бір болжамына сүйеніп, ғалымнан, қала іргесінде болған бұрынғы ауыл тұрғынынан, қаладағы көп құрылысты салған ардагер маманнан пікір ала отырып, тың мәлімет берді. Сюжет соңында тұрғындардың Ақмола атауына қатысты пікірі сұралыпты. Астана күні қарсаңындағы сюжеттің тың ойды алға тартқаны — ұтымды әрі батыл қадам.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы, әлбетте, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан басталды. Мемлекет басшысы Астана күніне арналған мерекелік іс-шараның басы — Мемлекеттік ту көтеру салтанатына, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысқаны көрсетілді. Сюжет «Елорда күні қарсаңында» деп аталады. Синхрондарында Тоқаев қана сөйлейтін, кадрдан тыс мәтіндері де президент сөзінен құралған хаттама мәндес сюжет.

Астанада «мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша» академик Қаныш Сәтбаевқа және күйші Дина Нұрпейісоваға да ескерткіш ашылып, бұл салтанаттарға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. Жүргізуші осы туралы қысқа ақпар берді.

Бір қызығы — бұл күні «Нұр-Сұлтан қаласы» деген тіркес диктор сөзінде ғана бір-ақ рет айтылып, сюжет мәтіндерінде көбіне «Елорда күні», «еліміздің астанасында», «астанамызда» деген сөз қолданылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді. Кеңестен сюжет болмады, бірақ ұзақтығы сюжетпен пара-пар видео мен синхрондар берілді.

Apta бағдарламасы кейінгі шығарылымдарында ауыл әкімдерін сайлау тақырыбын үздіксіз жалғастырып келеді. Алматы облысында түсірілген сюжет Арасан ауылының мәселелерінен басталды. Ауыл жастары жұмыссыз, өйткені ауылда жұмыс жоқ, ауызсу жоқ, жол жөнделмеген, ауыл клубы жабылып, тұрғындар бос уақытын өткізер ойын-сауық орындары жоқ. Арасандықтар ауыл әкімін сайлауға үміт артып жүр екен. Сайлауға ұсынатын кандидаты да дайын. Осы ауылда туып-өскен адам. «Ауыл әкімін сайласақ, мәселелеріміз шешіледі» деп отыр. Арасан ауылының бар проблемасын тізіп шығып, тұрғындарын сөйлеткеннен кейін бұл ауыл сюжетті көркемдеуге пайданылғаны мәлім болды.

Тілші сюжеттің негізгі мақсаты — ауыл әкімдерін сайлауға дайындық қалай жүріп жатқанын, ауыл әкімін сайлаудың пайдасын, неге қажет екенін түсіндіруге кірісті. Алматы облысындағы сайлауға дайындықты көрсетті. Олыстық сайлау комиссиясының төрағасы, сарапшылар, Мәжіліс депутаты мен Ұлттық кеңес мүшесі ауыл әкімін сайлаудың кереметі мен сайлау барысында қандай қиындық болуы мүмкін екенін айтты. Сюжет соңында Арасан ауылын тағы бір атап, Қазақстанда мұндай ауыл көп екенін, сайланған ауыл әкімдері мен ауыл тұрғындары атсалысса, мәселелері шешілетінін айтып түйіндеді.

Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы қуаңшылықты, жем-шөп таусылып, бағасы өсіп, мал аштан қырылып жатқанын баяндайтын сюжет кадрлары жағдай қаншалық ауыр екенін анық көрсетеді. Apta редакциясы бұл тақырыпқа апта аралатып оралып жүр. Бұл жолы жағдай осылай өрбитіні неге алдын ала болжанбай, қам-қарекет жасалмағанына назар аударды. Шаруалар, экологтар мен ғалымдар сөйледі, бірақ негізгі жауапты мекемелер — Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктен түсініктеме болмады. Көтерген тақырыбы өзекті, бірақ көпке мәлім жайтты қайталап көрсеткен сюжет.

Креатив экономика дегеніміз не және мемлекетке қандай пайдасы бар? Осы сауалдың жауабын іздеген сюжет шетел тәжірибесінен мысал келтіріп, Қазақстанда сондай индустрияны дамыту мүмкіндігін талдайды. Креатив индустрияны дамыту жөніндегі жоба кеңсесі басшысының, продюсерлердің, музыкатанушының, тиктокер мен дизайнердің пікірін сұрайды. Олар Қазақстанда бұл өнеркәсіпті қалай дамытуға болатынын айтады. Сюжеттен Креативті индустрияны дамыту жөніндегі жоба кеңсесі жұмысын жарнамалау байқалды. Бұл кеңсе президент тапсырмасы бойынша жыл басында ашылған еді. Автор осы мекеменің басшысын жиі-жиі сөйлетіп, жұмысын таныстырды.

Қорытынды бағдарлама COVID-19, коронавирус пневмониясы және вакцинация статистикасын баяндап, шетелдегі тілшілерге сөз берді. Телеарнаның Ресей, Бельгия, Түркиядағы тілшілері стендапта сол елдегі вакцинация барысын, жергілікті үкімет халықты вакцина алуға қалай ынталандырып жатқанын айтып берді.

Шілденің бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күні. Бұған арналған сюжеттің стендапы тартымды. Тілші компьютер алдында домбыра ұстап отырып, Сәкен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін орындады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. Қорытынды бағдарламалардың редакциясы жазғы демалысқа шығуына байланысты жаңа телемаусымда ораламыз. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.