Домой Блог Страница 3

«Конструктор» көлік, электросамокат және әлемдік жаңалықтар: 8-14 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада апталық бағдарламалардың ортақ ресми тақырып болмады. «Жеті күн» президенттің алдағы күндерге жоспарланған Қытайға сапары мен Сиань конференциясының маңызына айтты. Ал Apta халықаралық жаңалықтарға баса көңіл бөлген: Түркиядағы президент сайлауы, Байденнің мәлімдемесі. Sarap Times Абылай Мырзахметовтың қамалғанын, Forbes тізіміндегі бай адамдар мен Бас прокуратураның заңсыз шығарылған активтерді қайтарғаны туралы жаңалықтардан басталды. Ал «Айна» әлеуметтік мәселелер мен эксперименттерге сюжет арнады.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» жүргізушісі өзгерді. Бағдарламаны тәжірибелі журналист Мақат Садық жүргізді. Апталық сараптаманың бұл саны мемлекет басшысының алдағы күндерге жоспарланған Қытайға сапарының маңызы, Сиань конференциясы өтетіні туралы ақпаратпен басталды. Ал сюжет Қытаймен арадағы визасыз режим жайында болды. Анығын айтқанда, 30 күндік визасыз режим енгізу туралы биліктің шешімін ақтап алуға бағытталды. Қытайдан тауар тасымалдайтын кәсіпкерді сөзге тартып, қарамағындағы жүргізушілердің виза алу үшін қанша ақша жұмсайтынын айтты. Жүк көлігін жүргізу үшін әр азаматқа берілетін виза алып, сонымен Қытайға кіре ала ма? Әлде жұмыс бабымен жүретін виза бөлек пе? Журналист ақ-қарасын ажыратып жатпады. Ал сөзге тарқан сарапшылардың барлығы биліктің шешімін құптап, визасыз режимнің артықшылығын айтты. Бейтарап болу үшін сюжет авторының өзі айтқан «халық арасындағы фобияның» түп-төркініне үңілетін сарапшы пікірі болуы тиіс еді. 

Атамекен ҰҚП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпаратты жеткізудің алдында Махат Садық тағы да Қытайды мысалға алды. Олардың жемқорлықпен күресін ерекше атап өтті: «Қытайда оларды тізерлетіп қойып атып тастайды. Оқ шығынын туыстарына өтетіп алады». Дегенмен, тағы сол Қытайда жемқорлықпен байып кеткендердің басым көпшілігі шенеуніктер екенін айтты. Сәтсіздеу мысал.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІ Дүниежүзілік соғыстың екі ардегерін марапаттағаны туралы айтылды. Президенттің Мәскеудегі парадқа барғанын қысқа қайырып, Жеңіс құрметіне орайласатырылатын бұл әскери парад қай жылдан бері өткізіліп келе жатқанына шағын шолу жасалды. Дегенмен, мемлекет басшысы қатысқан жиынға баса мән беріп тоқталуды жөн көрмегені таңқаларлық. «Жеті күннің» басты тақырыбы Президент емес пе еді? Есесіне Президенттің Ржев облысындағы бауырластар зиратына барып, құран бағыштағанын, мұнда жерленгендердің арасында Кемел Тоқаевтың бауыры Қасым Болтаевтың бар екенін астарлай жеткізді. 

Түркиядағы президент сайлауы туралы сарапшы пікірі берілді. Ол бұл елге кім басшы болып келсе де, Қазақстанмен арадағы байланысқа сызат түспейтінін айтты. 

Арал проблемасы туралы сюжет бар. Онда Кіші аралды сақтап қалуға қанша қаражат бөлінгені, Сырдария суының деңгейі төмендеп кеткені туралы айтылды. Дегенмен, Қызылорда облысында биыл ылғал көп, шаруалар егіс көлемін ұлғайтқан. Балықшылар үшін де Арал суының мол болғаны маңызды. Алайда Орта Азия елдері Арал проблемасын шешуге бел шеше атсалыспай отыр. Берілуі тиіс су қоры Аралға жетпейді. Оның себебі неде? Ол жағын журналист тереңдеп талдамады. Тек Арал проблемасы қазақстандық тарап үшін ғана маңызды екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пәтер иелері кооперативтерінің жұмыс жүйесі тиімсіз екенін айтқан болатын. Сюжет қазіргі қолданыстағы мүлік иелері кооперативтерінің жұмысындағы олқылық жайында болды. Сенат спикері бұл жүйені де өзгерту үшін заң жобасы талқыланып жатқанын айтты. Оған сәйкес, МИБ, ПИК немесе өзге басқару жүйесінің бірін тұрғындар өз таңдайды.

Елімізде самокат жүргізуге қатысты шектеулер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. ІІМ бірқатар талап енгізбек: шлем кию, жүргізуші куәлігінің болуы, жасы 18 ден асуы және тағы басқа. Бұл шектеулерге самокатты прокатқа беретін кәсіпкерлер не дейді? Материалда екі тараптың пікірі бар. Толымды сюжет. 

Махат Садық Жазушылар Одағына жаңа басшы сайланғанын, Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өткенін хабарлады. Турнирді «Хабар» арнасы ұйымдастырған.

Sarap Тimes, Astana TV

Бағдарлама Абылай Мырзахметовтың екі айға қамалғаны туралы ақпараттан басталды.  Одан соң Forbes тізіміндегі ең бай адамдарды шолып өтіп, содан кейін Бас прокуратураның заңсыз шығарылған активтерді қайтарғаны туралы шағын есебін жария етті. 

Алғашқы сюжет киберқауісіздік туралы болды. Оған Елнұр Бейсембаевтың депутаттық сауалы ықпал етсе керек. Ол Мәжілісте онлайн несие беру, түрлі қаржы пирамидалары, гифтер мен интернет лотереяға тиым салу туралы сауал тастаған болатын. Сюжетте ІІМ өкілдері кибералаяқтықпен күрес оңай шаруа емес екенін айтты. Сонымен қатар, кибералаяққа алданып, несие алған азаматтардың қарызы кешірілуі мүмкін. Елде қазір осы жоба талқыланып жатыр. 

Өткен аптада Мәжілісте электросамокаттың проблемасы да көтерілді. ІІМ оларға қатысты бірқатар талап енгізетін заң жобасын палата қарауына ұсынып, ол мақұлданды. Сюжет негізінен Мәжілістегі осы талқыдан әзірленген, заң жобасына қатысты пікір айтқан депуттардың сөзінен үзінді берілді, ІІМ Марат Ахметжановтың түсініктемесі бар. Дегенмен, бизнес өкілдері, самокатты жалға беретіндер мен ол қызметті тұтынушылардың пікірін сұрау артық болмас еді. Оның орнына самокаттан құлап, жарақат алған адамнан пікір алды. 

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы сюжет бар. Онда тілші Білім және ғылым министрлігінің осы бағытта атқарып жатқан шаралары туралы ақпарат беріп, жазғы лагерь жайлы айтылды. 

Тарихи тұлғалардың суретін салатын атыраулық Назерке Есжанова туралы сюжет берілді. Кейінгі кезде бағдарлама жекелеген кейіпкердің өмірін насихаттауға баса көңіл бөліп жүр. 

«Жастар рухы» ұйымы «Қайсар» әскери-патриоттық ойындарын өткізді. Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан болған. Саят Жөкенұлы студияда аталған ұйым төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірованы шақырып, осы шара туралы сұрады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагерлерін марапаттағы туралы айтылып, «Халық қаһарманы» атағын алған майдангер туралы арнайы сюжет берілді. Онда жалпы Батыс Қазақстан облысындағы ардагерлерге жасалған әлеуметтік жайы мен осы өңірдің соғыс жылдарындағы жағдайы туралы тарихи ақпараттар берілді. 

Президенттің Мәскеудегі парадқа қатысқаны туралы бұл бағдарлама ешбір ақпарат бермеді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta ара-тұра халықаралық жаңалықтарды талдаудан басталады. Бағдарлама алдымен Түркиядағы президент сайлауының соңғы жаңалықтарын жариялады: негізгі үміткерлер, Кылычдароглу деген кім, Ердоған не себепті жеңіліп қалуы мүмкін және тағы басқа. Сюжет болмады, бірақ Apta-ның Түркиядағы арнайы тілшісі Айдос Әшімұлымен тікелей байланыс болды, осы елдің экс-министрінің комментарийі бар.

Сарапшылар кандидаттардың қайсысы жеңсе де, Түркияның қазір саяси бағыты өзгереді. Қазақстанға не қолайлы? Әрі қарай бағдарламаның арнайы сарапшысы – саясаттанушы Жұмабек Сарабекпен осы тақырып төңірегінде сұхбат өрбіді.

Халықаралық жаңалықтар мұнымен бітпеді. Джо Байден «АҚШ-та дефолт болса, бүкіл әлемге қиын болады» деп мәлімдеп, бұл дағдарысқа Республика партиясын айыптады. Егер республикашылар мен демократтар бір мәмілеге келе алмаса, 1 маусымда дефолт жариялануы мүмкін екенін АҚШ-тың Қаржы министрі де бірнеше рет ескертті. Сюжет болмады, бірақ біздің сарапшылардың пікірі бар. Олардың айтуынша, әлем экономикасы Американың дефолтына қарағанда, Ресей-Украина соғысынан болып жатқан экономикалық кризистен көбірек зардап шегуде.

Apta-ның тек екінші бөлігінде жергілікті мәселелер көтерілді, соның бірі – МӘМС. Елімізде 16 миллионнан астам азамат сақтандырылған. Бірақ олардың көбі бұл жүйенің көмегіне жүгінбейді. Мәжіліс депутаттары да МӘМС-ке түбегейлі реформа керек дейді. Соның бірі: емханаларға берілетін квотаны жою. МӘМС-тің жалғыз кемшілігі бұл емес. Болашағынан зор үміт күттірген жоба неге сәтсіздікке ұшырады? Өзекті тақырып, десек те, сюжетте айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Баршаға мәлім сауалдар қойылды және тағы жауапсыз қалды.

Apta шарэалар мен ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың проблемасын жиі көтеріп жүр. Бұл жолы Абай облысындағы Құмкөл халқының мәселесі айтылды: жайылым жерлердің тапшылығы. Әдеттегідей, бір дөкей елдімекеннің жанындағы алқап жерді иеленіп, қоршап алған. Тіпті орманды отап тастапты. Жергілікті тұрғындар мен әкімдік өкілдерінің пікірі бар. Өзекті материал.

Ел арасында «конструктор көлік» аталып кеткен машинаны заңдастыруға да рұқсат берді. Бұл қаншалықты дұрыс? Оның қауіпсіздігі қалай тексеріледі? Келесі сюжетте Амангелді Сейітхан осы сауалдарға жауап беруге тырысты, кемшілігі мен артықшылығын зерттепті. Бірнеше сарапшының пікірі бар. Өзекті тақырып.

Енді электросамокаттар көлік құралы саналмақ. Apta самокатшыларға арналған жаңа ережелерді инфографикамен таныстырды. Ал самокатты жалға беретін компаниялар мен экологиялық көлік қауымдастығының өкілдері электросамокаттың құқықтық мәртебесін анықтайтын заң жобасының кей тұсымен келіспейді. Олардың пікірінше, тротуарда самокат жылдамдығын сағатына 6 км-ден асыруға болмайтыны – самокатты көлік түрі ретінде пайдалануға жасырын жасалған тыйымға ұқсайды. Мамандар тротуарда сағатына 15 км, ал жаяу жүргіншілерге арналған көшелер мен саябақтарда сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат беруді ұсынады.

Apta сүйінші хабармен аяқталды. Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын және 1 күміс жүлде алды.

Бұл бағдарлама Украинадағы жағдайды назардан тыс қалдырмай, апта сайын сюжет арнайтын. Осымен үшінші шығарылымында бұл тақырып жайында ақпарат бермеді.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы – мектеп жасындағы жүктілік. Ақбөпе Тәңірберген әдеттегідей журналистік зерттеу жүргізді. Елімізде 18 жасқа толмаған қыздарға өз бетімен, әке-шешенің келісімінсіз жасанды түсік жасатуға болмайтын заң бар. Ал тілші сөйлескен дәрігер бұл заңды айналып өту жолын ашық айтып берді. Елімізде кәмелетке толмаған 7 мың қыз жүкті болады, оның 2800-і сәбиін босанады. Тілші оның себебін психолог, гинеколог мамандардан сұрап, Оқу-ағарту министрлігі өкілінің пікірін берді. Сюжет жинақы, көрерменге де өтімді болары сөзсіз. 

Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары Үкіметтен берілетін көмекке көңілі толмайды. Өйткені олардың басым көпшілігі сапасыз. Кейіпкерлердің оқиғасы бар. Сәбилердің жүзі ашық көрсетілмей, әлеуметтік жауапкершілік сақталды. Құзырлы органның өкілі пікір білдіріп, жағдай тексерілетінін айтты. Осылайша, журналист екі тараптың да пікірін қамтуға тырысты. 

Темір жол билеттері алып-сатардың қолында. Оңтүстікке арнайы сапарлап барған Ақбөпе Тәңірберген бұл ақпаратты растады. Жасырын камера қолданған. Журналистік жанкешті еңбегін атап өту керек. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының ресми өкілі журналистен жағдайды біліп, вокзал қызметкерін жұмыстан шығаратынын мәлім етті. Бұрынғы теміржолшы, қазіргі депутат Геннадий Шиповскийдің пікірі бар. 

10 сотық тегін жер телімін алу мүмкін бе, ол үшін қалай кезекке тұрады? «eGov» порталында кезекте тұрған адам өзі туралы ақпаратты тексере алады. Дегенмен, ол кезек қашан жылжиды? Депутат Бақытжан Базарбек заң қабылдау қажетін айтты. Ал 1,3 млн теңгелік грантты берудің тәртібі қандай? Бұл сауалға «eGov куәгері» айдарында жауап берілген.

Бұл жолы да әлеуметтік эксперимент бар. Онда тілші бетпе-бет әңгімелесу, танысуға халықтың ниеті қалай екенін анықтайды. 

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.  

«Қыздар-ай»: эфирде эстетика бар, этика ше?

Жаңа шыққан бағдарламаларды көріп, алып-қосарымыз болса, айтатын дәстүріміз бар. Сол қалыптан жаңылмай, «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр «Жетінші арнадағы» «Қыздар-ай» шоуына шолу жасады. Торт жеп тұрып, тісіне тұрып қалған тамақты тілімен ысыра салатын, бағдарламаның  қонағына дискриминация жасайтын жүргізушінің кей қылығын назардан тыс қалдыра алмадық.  

Наурыздың аяғында «Жетінші арнада» жаңа күндізгі шоудың тұсауы кесілді. Ол – «Қыздар-ай» бағдарламасы. Хронометражы – 45 минут. 12 жастан асқан көрерменге арналған жоба жайында телеарна сайтында: «Қыздар-ай» – құрбылар бас қосып сырласатын, жүрек сырын ақтаратын, ешкімге айтпаған құпиясын бөлісетін, көзіне жас алып мұңаятын, қуанып шаттанатын, қоғамда резонанс тудырған тақырыпты талқылайтын күндізгі шоу. Үш бөлімнен тұратын бағдарламаға сол күні қозғалатын тақырыпқа байланысты білікті мамандар сарапшы ретінде қонаққа шақырылады. Ал бағдарламаның кейіпкерлері үй шаруасындағы әйелдерден бастап, медиа тұлғалар, әншілер, актрисалар, блогерлер болады» деп сипаттама берілген. Шоу тізгінінде тележүргізушілер – Жанар Айжанова мен Аша Матай.

«Қыздар-ай, қыздар-ай, Жанар мен Аша Матай» деп әндетіп басталатын жеңіл бағдарламада әзілдесе отырып, шай үстінде әңгіме айтылатыны бірден байқалады. Жүргізушілердің амандасқандағы сыңғыр күлкісі, биі де содан хабар береді. Алғашқы шығарылымда Аша Матай «қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған, аналогы жоқ, бірегей бағдарлама» дейді. Расында, шай ішіп, торт жеп, дастарханда отыратын бағдарлама бұған дейін болмаған да шығар. Әйтсе де, күрмеуі қиын, қоғамда резонанс тудырған тақырыптарды талқылайтын, қыздардың жүрек сырын ақтаратын алғашқы бағдарлама емесі белгілі. «Қыздар-айдағы» көп тақырып бұған дейін «Әйел бақытында» қозғалды, танымал адамдардың жан сыры «Қарақатпен шай», «Жүрекжарды», «Сырласуды» талай айтылды. Яғни форматы жағынан осы аталғандарды біріктіріп, жаңасын шығарған деуге болады. 

Еркіндік жақсы. Қалыптан шығып, тың нәрсе жасаған дұрыс. Бірақ көрерменмен сәлемдесуге шығып, аузындағы тамағын жұтпаған күйі сөйлеуде қандай жаңашылдық барын ұқпадық. Аша Матай тамақ шайнап тұрып сөйлеу эфир этикасына жат екенін білуі керек еді. Көп сөйлеп, ауыз құрғап кеткенде бір жұтым шай ішкенді түсінеміз. Тісіне тәтті тұрып қалып, оны тілімен тазалап тұрғаны этикаға тіптен қайшы. Жалпы Ашаның бұрын «Қалаулымды» жүргізген кезінде де тамақ жеп отыратынын көргенбіз. Ол кезде «бірнеше сағаттық эфир, бәлкім, расында жүрек жалғауы керек болар» деп ақтадық-мыс. Журналистика факультетінің түлегі, өзін әнші дегеннен гөрі журналист ретінде көбірек позициялайтын тележүргізушінің эфир мәдениетін білуі шарт, сақтауы ләзім. 

Енді бірнеше шығарылымды шолып шықсақ. «Гүлмира Ізбасқан: Ауылда тұрмау үшін жігітіммен айырылыстым» деген саны жарық көрді. Тақырып еркекшора қыздар хақында. Болмыс тұрғысынан қыздарды бұлай атауға болып-болмайтыны бөлек әңгіме. Десе де, қоғамда бар дүниені талқылағанда тұрған ештеңе жоқ деп тақырыпқа сын айтпадық. Студия қонағы әнші Гүлмира Ізбасқан болды. Бағдарлама форматы бойынша екі жүргізушінің бірі қонақпен бөлек сырласып, сұхбаттасады. Гүлмирамен Аша Матай тілдесті. Тележүргізушінің қойған сұрағын қаз-қалпында жеткізсек: «Мынадай қаңқу сөздер бар, Гүлмиражан. Пікірлерде «қыздардың қасында көп жүресің, мүмкін саған қыздар ұнайды?» деп жатады. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Қалай бар, солай айт». Әншінің бұл сұрақты естігендегі эмоциясы бетіне шықты. Шошып кетіп, «Ойбай, Құдай сақтасын» деді. Желіде айтылады екен деп бұлай сұрақ қою мәдениеттен тыс. 

Назарымыз ауған келесі шығарылым – «Динара Алжан: Күйеуім болса, тоқал алып берер едім». Әңгіме ер адамның тоқал алуы жайлы. Студия қонағын Жанар Айжанова «атышулы тоқал» деп таныстырды. Мұнысы құлаққа түрпідей тиді. Жүргізушінің, сценаристің мәтін жазғанда ескеруі керек ережесі бар. Қанша жерден әлеуметтік желіні шулатып, талқыға түссе де, «атышулы тоқал» деп таныстыру артық болды.

Осы шығарылымдағы Ашаның эмоциясын, өзін-өзі ұстауын айтып өту керек. Мынадай бір құбылысты байқадық: келген қонаққа бейтарап болу, таныс не бейтаныс деп бөлмей қарау Аша Матайға қиынға соғатындай. Олай дейтініміз, жүргізуші Динара Алжан қатысқан шығарылымға келген психолог, сексологтың кей сөзіне дарақы күліп, кейде көзін алартып, менсінбегендей кейіп танытады.  Айталық, кейіпкер «саусақтарды билететін техникалар болады» дегенде Жанар Айжанова да, Аша Матай да ерсілеу қылық көрсетеді. Техниканың дұрыс жасалу жолын үйренгісі келген адамнан гөрі сыртынан күлгендей көрінді. Жүргізушілердің бұл әрекеті қонаққа ұнамағаны байқалды. Өйткені «жоқ, жатын бөлмеген олай кірмейміз» деп қатқыл жауап қатты. Этика сақтау, алдыңда отырған адамның көңіліне келетін қылық жасамауды ескеру қажет.

Сексологтың сөзіне күліп, көзін жоғары-төмен айналдырып отырған Аша Матай «Мадина Оспан: Жүкті кезімді еске алғым келмейді» шығарылымында құрбысын қайта-қайта еркелетіп, «жаным, жаным, менің құрбым» деп отырады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл  дискриминация. Айталық, ТикТок арқылы танылған Жеңісгүл Құлниязова қонаққа келгенде Ашадан мұндай жылылықты аса байқамадық.

Қорытындылай келе айтпағымыз, эфир мәдениеті сақталуы керек. Жайдары жүзбен, баланс сақтап отырып, сыр тартуға болады. Тақырыпты тереңірек талдап, бір кейіпкердің оқиғасы арқылы резонанс та тудыруға телевизияның күші жетеді. Тек журналистиканың этикасын сақтауға мән берсек болғаны.  

Ақпарат пен цифрлық құқықтарға қол жеткізу туралы зерттеуге қатысуға шақырады

«Еркіндік қанаты» ҚҚ Соғыс және бейбітшілікті жариялау институтымен (IWPR) бірлесе отырып, Қазақстандағы ақпарат пен цифрлық құқықтарға қол жеткізу туралы зерттеу бастап жатыр. Зерттеу аясында авторлар респонденттердің Қазақстандағы сөз бостандығы жағдайын қабылдауын мына аспектілер бойынша қарастырмақ:

  • қолданыстағы заңнама;
  • цензураның, сондай-ақ өзін-өзі цензуралау элементтерінің бар-жоғы;
  • цифрландыру;
  • интернет-медианың даму перспективасы.

«Еркіндік қанаты» ҚҚ құқық қорғаушыларды, азаматтық белсенділерді, журналистерді, блогерлерді, медиаменеджерлерді, медиасарапшыларды, сөз бостандығын қорғау мен насихаттау саласында жұмыс істейтін заңгерлерді, сондай-ақ барлық мүдделі әрі қызыққан азаматтарды онлайн-сауалнаманы толтыруға шақырады.

ОНЛАЙН-САУАЛНАМА

— Сауалнаманы толтыруға 10-15 минут уақыт кетеді. Әрқайсыңыздың жауабыңыз біздің зерттеулеріміз үшін, үкімет пен сарапшылар қауымдастығы үшін өте құнды. Оған қоса сөз бостандығын қорғау мен дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі, — делінген хабарламада.

Қазақстандағы ақпарат пен цифрлық құқықтарға қол жеткізу туралы зерттеу Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры мен IWPR жүзеге асырып жатқан «Цензурасыз Қазақстан» жобасы аясында жүргізіледі.

Эмомали Рахмон сапары, әскердің әлеуеті, депутаттар сауалы: 1-7 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада апталық бағдарламалардың басты тақырыбы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары болды, екі ел ынтамақтастығының жаңа деңгейі сөз етілді. Сондай-ақ, президенттің қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өткені, ел егемендігін сақтаудың маңызы, әскердің әлеуетіне жеке сюжеттер арналды.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары болды. Бағдарлама жүргізушісі Айбек Қосан алғысөзді әдеттегідей ұзақ толғап, сапардың маңызын ерекше атап өтті.

Қорған Қонысбай Тәжікстан басшысын салтанатты қарсы алу рәсімінде президенттер жүріп бара жатқан сәтте стэндап жазды. Сапардың маңызын осылай ерекшелегісі келген секілді. Сюжет негізінен екі ел ынтымақтастығының тиімді салаларын талдауға арналды. Саяси-экономикалық мәселелер бойынша сарапшылар пікірі, жекелеген министрлердің түсіндірмесі бар. Материал әдеттегідей тым ұзақ.

5 мамырда президенттің қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өтті. «Жеті күн» мемлекет басшысының жиындағы сөзінен үзінді берді. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында елдің әскери әлеуеті жөнінде жеке сюжет әзірленді. Тілші Астана маңындағы әскери бөлімдердің біріне барып, жауынгерлердің күн тәртібі, тамақтану барысы туралы ақпарат берді. Әскери борышын өтегендер үшін жасалатын жеңілдіктер туралы мәлімет бар. Алайда соңғы жылдары жиілеп кеткен сарбаздар өлімі туралы ештеңе демеді. Қару-жарақ туралы да аз айтты, тілші онысын мұндай ақпараттың ашық айтыла бермейтінімен түсіндірді. Сюжеттің соңы президент қатысқан Бүкілармиялық кеңеске ауысты. Әскердің әлеуеті туралы сөз қозғалған соң сарапшылар тарапынан талдау, таразылау болғаны дұрыс еді.

9 мамыр мерекесі қарсаңында еліміздегі ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне жасалатын құрмет жайлы айтып, қысқа қайырды.

1 шілдеден бастап түрлі платформалар арқылы қызмет ететін елдегі такси жүргізушілері мен курьерлер салық төлейді. «Жеті күн» бұл заң жобасы талқыланып жатқан кезде де сюжет дайындаған еді. Онда бұл іс-шараның фрилансерге тиімділігі сөз болған. Ал бұл сюжетте онлайн платформа арқылы тапсырыс алып жүргендердің қалтасына аталмыш салық салмақ болмай ма деген сауал талқыланды. Такси жүргізішілері, мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі, экономист-сарапшы мамандар пікір білдірді. Онлайн платформалар негізінен шетелдік екені, отандық қосымшалар болса табыс та, түсім де ел қоржынында қалар еді деген пікір айтылды. Проблема жан-жақты талданған.

Шаруалар үшін жайылым жердің тапшылығы жиі көтерілетін проблема. Бұл жолы «Жеті күн» Мәжіліс қабырғасында осы мәселені көтерген депутаттардың сауалына сүйеніпті. Ауыл шаруашылығы жерлерін меншікке беруге қатысты Жер кодексіне жаңа түзетулер енгізілмек. Онда жайылым жерлерді иемдену нормаларын өзгерту қарастырылуда. Сюжетте ауыл адамдарын сөзге тартып, нақты проблеманы тізіп, депутаттар мәселені шешу үшін ұсынып отырған нормалар туралы баяндайды.

«Жеті күн» Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жіті назар аударуды жөн көрген секілді. Бағдарламаның соңғы сюжеті де Мәжіліс қабырғасында көтерілген проблема турасында болды. Депутаттар Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдап отыр. Өйткені жан-жағына гүл егіліп, жасанды абаттандыру жұмысы жүргізілгеннен кейін, ондағы ылғал мавзолей құрылысына зиянын тигізе бастаған. Сарапшылар, сала мамандары, министрлік өкілдері сөз алған сюжеттен түсінгеніміз, кесене қабырғаларының ылғал тартып, бүліне бастағанына абаттандырудың ықпалы жоқ. Оның айналасында жер асты суларын реттеп тұратын дренаждар болған, солар жұмыс істемей қалған болуы керек. Министрлік өкілі мавзолейдің қазіргі жағдайын зерттеп, проблеманың неден туындағанын анықтауға біршама уақыт кететінін айтты.

Sarap Тimes, Astana TV

Sarap Тimes Тәжікстан президентінің мемлекеттік сапарын қысқа қайырып, Эмомали Рахмоновтың сөзінен үзінді берумен шектелді.

Ал 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңес отырысына жеке тоқталды. Сюжет осы жиындағы президенттің сөздерін тәпсірлеуден тұрады. Материалда қолданылған видеоқатар жиын барысынан алынған, стэндап та сахнаның фонында жасалған. Президент тапсырмасына қатысты сарапшының, әскери шенеуніктердің пікірі мүлдем жоқ.

Отан қорғаушылар күніне арналған сюжет жеке кейіпкер туралы баяндау үлгісінде жасалды. «Әскери династия» аталатын материалда Ұлттық ұланда қызмет ететін Әлішер Әбдірәсілдің отбасы мен оның мансап жолын қуған ұлы жайында айтылды. Кейіпкер жастардың әскерге баруын міндеттеу керегін, ал олардың әскердегі амандығын қамтамамсыз ету әскерилердің міндеті екенін айтты.

ІІ дүнижүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ең кемі 1,5 млн теңге көмекақы беріледі. Бұл туралы айтқан соң Дастан Сейілханұлы елдегі жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өзгеріс енгізілетіні, жаңа шарттар қандай болатыны туралы аз-кем мәлімет берді. Сюжетте ИИДМ басшысы Марат Қарабаевтың осы шарттар туралы сөзін келтіріп, сарапшылар мен қарапайым тұрғындардың пікірін берді. Автонесие бағдарламасын даттаушылар да, қолдаушылар да бар. Дегенмен, еліміздегі автоөнеркәсіптің әлеуетін, халықтың сатып алу қабілетін, ескі-жаңа көліктер санын, олардан ауаға бөлінетін шығарындылар көлемін инфографика түрінде көрсетіп, ұғынықты талдау жетіспеді. Ақпаратты жеткізудің тың тәсілдерін іздеу артық болмас еді.

Sarap Тimes та Мәжілісте көтерілген мәселелерге мән берген: Аннас Баққожаев мәселе көтеріп, блогердің қызметін реттейтін норма керегін айтты. Сюжетте блогер-депутат Дәулет Мұқаевтың, заңгердің, өзге де блогерлердің пікірі бар. Олардың барлығы блогердің қызметтін реттейтін норма нені ескеруі қажеттігіне жауап берді.

Студияға шақырылған қонақ – саясаттанушы Мақсат Жақау блогердің жұмысын реттеуге қатысты пікір білдірді.

Жемқорлардан алынған 121 млрд теңге арнайы есеп-шотта жиналып, сол қаржыға мектептер салынады. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Келесі сюжет осы туралы болды.

Есектің сүті ем. Қоғамда осы тақырып қызу талқыланып жатыр. Дастан Сейілханұлы оның «дінде харам» екеніне ерекше назар аударды. Ал тілші есектің сүтін ішіп, сырқатынан айыққандарды сөзге тартқан. Есек сүтінің пайдасы туралы ғалымның пікірі мен дін өкілдерінің пәтуасы бар. Дәрігер сүт құрамының жас баланың ағзасына кері әсері туралы айтты. Ал дінде есектің сүті харам саналғанымен, егер ол жалғыз шипа болса, қолдануға қарсылық жоқ екен. Жалпы нақты деректен гөрі дақпырт пен қауесеттің айналасында сюжет жасау – кәсіби журналистика емес. Қауесетті тексеріп, ол ақпаратқа талдау жасалса, материал анағұрлым құнды болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Алғашқы сюжет Тәжікстан президентінің Астанаға ресми сапарына арналды. Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонды өзі қарсы алды. Екі ел басшылары өзара одақдастық іс-қимыл туралы декларация қабылдады. Хаттама сюжет «Жаңа деңгей» аталып, сарапшылар бұл басқосуды тарихи оқиға деп бағалады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні, Apta бұл мерекелерге сюжет арнады. Келесі сюжеттің алғысөзінде президенттің Бүкілармиялық кеңес өткізгені туралы ақпарат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер мен ардагерлерді мейрамымен құттықтады. Мемлекет басшысының бұл жиыннан бірнеше синхроны берілді: «Жау жоқ деме, жар астында» дейді халық даналығы. Ел егемендігін сақтауда кез келген қауіп-қатерге даяр болуымыз керек».

Әскери доктринаға сәйкес қорғанысқа жұмсалатын қаржы жыл санап өсіп келеді. Мысалы, 2021 жылы 700 млрд теңге болған. Бұл қаражат қайда жұмсалып жатыр? 30 жылдың ішінде қару-жарақ пен техника қаншалықты жаңарды? Қорғанысқа жасалған осынша қолдау қауіпсіздіктің сапасын арттыра алды ма? Әскердің әлеуетін күшейту үшін тағы не істеу қажет? «Армиядағы ахуал» сюжетінде Амангелді Сейітхан осы мәселелерді қамтыды. Толымды ақпараттық сюжет.

Қазақстан 26 елмен визасыз режим енгізу туралы келісім жүргізіп жатыр. Мемлекеттердің ішінде Австрия, Сауд арабиясы, Сан-Марино, Бахрейн бар. Бұдан бөлек, Қазақстанға электрондық виза рәсімдей алатын елдер тізімін кеңейту, БАӘ резиденттері үшін виза беруді жеңілдету мәселелері қаралуда. Өткен айда Қазақстан мен Қытай Үкіметтері екі ел азаматтары үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап жатқаны белгілі болды. Apta сұхбаты осы тақырыпқа арналады. Сарапшы –  саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек.

Келесі сюжет мүгедектігі бар жандардың проблемасына арналды. Олардың әлеуметтік жағдайы жиі айтылады: пандустар, жұмыспен қамту, жәрдемақы және тағы басқалары. Бұл материалда да осы мәселелер көтерілді, айтарлықтай жаңалық болмады. Десек те, Apta бір мәселені жақсы көтерді. 1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс қабылданады. Бұл құжат мәселені реттеуі тиіс еді. Алайда кемшіліктері жетерлік. Мәселен, 164-бап мүгедектігі бар жандарға керек-жарағын арнайы портал арқылы алуға міндеттейді. Apta тілшілері порталға кіріп, бағаларды шолып көрген. Мысалы, нашар көретіндер азаматтарға арналған оқу машинасының интернеттегі құны – 150-500 мың теңге арасында. Дәл осы маркалы аппарат әлеуметтік порталда 1 миллион 343 мың теңгеге бағаланған. Мүгедектер арбасы да тура осылай саудаланып жатыр. Кейіпкерлер мен сарапшылардың пікірі бар.

Биыл халқы тығыз орналасқан облыстардан еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге 8 мың 600-ден астам адам көшірілуі тиіс. 2017-2021 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 мыңға жуық адам солтүстікке қоныс аударды. Енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Алайда көшкендердің ішінде оңтүстікке қайта қоныс аударғандар бар. Өйткені шешілмеген мәселе көп: тұрғын үй сапасы, қоныс аударушылардың кейбірі әлі күнге материалдық көмек ала алмай жүр, жұмыссыздық және тағы басқа. Apta бағдарламасының соңғы сюжеті осы мәселеге арналды. Кейіпкерлердің оқиғасы көп.

Apta Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінен сихрон берумен аяқталды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Су ма? У ма?». Әлеуметтік желіде Қарағандыда ауыз судан құрт шыққаны көрсетілген видео тараған. Сюжетке осы видео себеп болған. Әсем Изатқызы судың кермектілігін үй жағдайында тексеруге мүмкіндік беретін құрылғысы бар елорда тұрғынымен бірге құбырдағы және автоматтағы судың құрамын тексереді. Бұдан соң тілші құбырдан, водоматтан, дүкенде сатылатын судан, фильтр мен диспенсерден алынған 5 түрлі суға зертханада тәуелсіз тексеру жүргізді. Нәтижесінде фильтр мен диспенсердің суы анағұрлым таза екенін анықталған. Осы сюжет жасалып жатқан кезде сапасыз су беретін водомат құрылғысы ауыстырылыпты. Журналистік зерттеу деп бағалауға болады. Дегенмен аймақтағы су сапасы қалай бақыланады, оның құрамына қандай талаптар қойылатыны жайлы толықтырушы ақпарат жетіспеді.

Балабақша ақысы қымбаттайды. Оған елдегі азық-түліктің қымбаттауы себеп. Сонымен қатар, жарықтың тарифі де көтеріледі. Көпшілік үшін керек әрі маңызды ақпарат.  «Айна» жүргізушісі Ғалым Кәлмен бұл туралы қысқа қайырды.

«Айна» жиі болмаса да шетел жаңалықтарына шолу жасап тұрады. Бұл жолы Руанда, Сербия, Ұлыбританиядағы елең еткізер жаңалықтарды шолып шықты.

Өзге мемлекеттік телеарналар баса мән берген Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңындағы Бүкілармиялық кеңес жиыны туралы кадр сыртындағы баяндау арқылы ақпарат берілді. Сонымен қатар, Ақордада бірқатар әскеридің марапатталғаны туралы айтылып, жиындағы президенттің сөзінен үзінді берілді.

Арнайы жасақтың жұмысы туралы әзірленген сюжет те осы мерекенің құрметіне арналды. Сюжет авторларының жалпы әскери саланы емес, соның ішіндегі нақты бір бөлімшенің жұмысын таныстыруды мақсат еткенін, жаттандылықтан ада, нақтылығын атап өткен жөн. Тілші өзі де арнайы жасақтың жұмысын сынауға атсалысып, «күдікті» ретінде рөл ойнап, стэндап жазды.

«eGov куәгері» айдарында зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алып, сенімгерлік басқаруға беруге болатынын айтты. Сонымен қатар, ArtSport порталының жұмысы биыл өзгерді. Әрбір өңірде портал ашылып, сол арқылы балалар үйірмеге тіркеле алады. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі, вице-премьердің түсіндірмесі бар.

Бағдарламаның бұл санында да әлеуметтік эксперимент бар. Онда тілші бөтен адамдарға баланы тастап кетіп, тәжірибе жасап көрді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

ҚХА сессиясы, Мәсімовке үкім, «ӨзенМұнайГаз» дауы: 24-30 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтті, апталық бағдарламалардың басты тақырыбы президент қатысқан осы жиын туралы болды. Сараптамалық хабарлар Кәрім Мәсімов пен Серік Күдебаевқа үкім шыққаны туралы жаңалықты да жарыса таратты. «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жүргізілген тексеру нәтижесі де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», Хабар

Қазақстан халқы ассамблеясының отырысы өткен, сәуірдің соңғы аптасындағы басты тақырып – осы жиын. Өйткені оған Мемлекет басшысы қатысты.

«Жеті күн» алғашқы сюжетінде «ассамблея керек жоқ» деген пікірге қатысты президенттің айтқан уәжін негізге алды. Қ.Тоқаевтың этносаралық алауыздықты болдырмау туралы сөзінен үзінді берді. Қазақстанның көп ұлт өкілдері тұратын мемлекет екеніне басымдық беретін синхрондар мен сарапшылар пікірі бар. Хаттамалық сюжет.

Өткен аптада ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа үкім шыққаны туралы ақпарат берді. Бас прокуратура ресми өкілінің Күдебаев үкіміне қатысты түсініктемесі бар.

Индира Жылқайдарова депутат Ермұрат Бапидің өткен аптада Әділет министрлігіне жасаған депутаттық сауалы негізінде сюжет әзірледі. «Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде заң жобасын тез арада қабылдау қажет» дейді депутат. Тілші шетке кеткен қаржы көлемі, аударған жандардың аты ашық айтылмайтынына назар аударды. Сюжетте бірнеше фамилия аталды. Журналист сарапшыларды сөйлете отырып, активтерлі елге әкелудің оңай болмайтынын жеткізді. Сюжетте дереккөзі белгісіз, титры орысша жылжымайтын мүліктердің суреті бірнеше рет жарияланды. Тілші тереңірек ізденсе, аты аталған Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың шетелдегі активтері туралы ақпаратты зерттесе, сюжет анағұрлым маңызды болар еді. Ашық дереккөздерді пайдалану арқылы түрлі мәлімет табуға болады, оның үстіне мемлекеттен қаржы алатын телеарна зерттеу журналистикасына үлес қосса, артық болмас.

Айта кету керек, «Жеті күннің» шығармашылық ұжымы ұсынатын эксклюзив тақырыптар аз. Келесі ақпарат «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жүргізілген тексеру турасында болды. «ҚазМұнайГаз» құрылымына кіретін компания тексеріліп, бірқатар заңбұзушылық анықталғаны туралы ақпарат өткен аптада тарады. Жаңа дерегі жоқ ескі ақпаратты көрерменге ұсыну, эфир уақытын ұрлаумен тең.

Жаңаөзен туралы ұзақ толғанған жүргізушінің алғысөзінен соң қаланың жағдайы жайлы сюжет берілді.

Сюжетте тілші Жаңаөзеннің жағдайы нашар дегенімен, «мұнай саласында жүрген ағайынның жағдайы көш жақсы» екенін айтып, олардың 1 млн теңге көлемінде жалақы алатынын атады. «ӨзенМұнайГазға» қарасты мердігерлердің де жалақысы 400-700 мың теңге аралығында екен. Сюжетін осылай бастаған тілші Астанада митиңге шыққан жаңаөзендіктерді билікке жығып бергендей әсер қалдырды. Жергілікті атқарушы билік қаладағы жұмыссыздар аз айлыққа жұмысқа бармайтынын мәлімдеген еді. Президенттің мұнайшы емес жастар IT маман болсын деген мәлімдемесін нақтылай түскісі келгендей тілші жергілікті бағдарлама жасаушы маманмен тілдесіпті. Сондай-ақ, журналист ешбір дереккөзге не статистикаға сүйенбестен, өңірде трайбализм белең алып тұрғанын айтады. Еш дәлелсіз айтылған ақпарат жала жабу болып саналуы ықтимал және ол журналистика этикасын өрескел бұзу.

«Жеті күн» бұл шығарылымында кінәлауға көп көңіл бөлгендей көрінді. Келесі сюжеттің атауы «Жасөсіпірімдер қатыгездігі» деп аталыпты, кінәлап тұрған сипатта.  Әлеуметтік желіде таралған жастардың төбелесі туралы бірнеше видео негізінде жасалған сюжетте балалар арасындағы буллингтің көбейгені айтылды, сарапшылардың бірі оған ата-ананы кінәлайды. Сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталып, мектепте буллинг көрген қыз бен оның анасының жүзі бүркеліп, есімі өзгертілген. Алайда проблема бұдан да терең зерттеуді қажет ететіндей. Әлеуметтік желіге видео таратушылар мен оны бөлісетіндердің жауапкершілігі, медиагигиена мәселесі неге қозғалмады? Әлеуметтік желіде видео таратушылар сол қылмысты насихаттаушы емес пе? Тіпті сюжеттің атауы «Жасөспірімдер қатыгездігі» деп аталмауы тиіс еді.

Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасына көшу мүмкіндігі қандай деген сауалға жауап іздеген сюжет анағұрлым толымды. Түрлі сала мамандары оның артықшылығы мен кемшілігі туралы пікір білдірді.

Sarap Тimes, Astana TV

Бұл бағдарламаның да басты тақырыбы ҚХА сессиясы болғанымен, сюжет қысқалау. Президенттен, жиынның қатысушыларынан пікір алған. Хаттама сюжет болғанымен, «Жеті күн» авторларының материалымен салыстырғанда анағұрлым жинақы, асыра айтып, көбейте жеткізу аз болды.

Такси жүргізушілер мен курьелер салық төлейді. Өткен аптада оның мерзімі жарияланды. Sarap Тimes осы салада еңбек етіп жүргендермен тілдесіпті. Құзырлы мекеме өкілі бұл талаптың орындалу барысын айтты. Елдегі жұмыссыздық статистикасы тым төмен көрсетілетіні туралы депутат Елнұр Бейсембаевтың пікірі бар. Тағы бір қоғам белсендісі бұл салық жұмысшының қалтасына қосымша жүк болатынын айтты.

Sarap Тimes студиясында депутат Ерлан Сайыров сұхбат берді. Ол «Арселор МитталТеміртау» компаниясындағы заңсыздықты айтып, Бас прокурорға сауал жолдаған, сұхбат сол сауалды талқылауға арналды.

Елімізде жаңа туған нәрестені қоқысқа тастау дерегі жиі кездеседі. Алайда нақты статистика жоқ. Сюжетте тілші «баласын тастап кететін «көкек аналар» деп бірнеше рет айтты. Бұлай айдар тағу этикаға қайшы. Ал алғысөзде жүргізуші мұндай жағдайға тек әйелді кінәлау белең алғанын айтып еді. «Аналар үйі» әлеуметтік орталығы бар екені айтылып, ондағы тұрғындар мен бүлдіршіндердің жүзі ашық көрсетіліп, әлеуметтік жауапкершілік сақталмады.

«Есі кірмей жатып, етегі көтерілген қыздар» – жүргізуші Дастан Сейілханұлының бұл сөйлемі де этикаға қайшы. Келесі сюжет «Аналар үйіндегі» жандар жайлы болды. Әлеуметтік жауапкершілік сақталмады – бұл сюжетте де орталықтағы тұрғындар мен бүлдіршіндердің жүзі ашық көрсетілді. Сюжеттің мақсаты – осындай мекеменің бар екенін және оған қандай жағдайда қалғандар келетінін айту болса керек. Бір сюжетте айтылған тақырыптың тағы қайталануына ақпараттық себеп жоқ секілді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шикілігі көп. Депутат Асхат Аймағамбетовтың осыған қатысты жасаған депутаттық сауалы сюжетке себепші болған. МӘМС жүйесіне халықтың көңілі толмайтыны біраз уақыттан бері айтылып жүрген. Сондықтан сюжетте анау айтқандай жаңалық болмады. Журналист тереңірек ізденіп, халық МӘМС аясында неге көп қызмет ала алмайтынын зерттеуі тиіс еді.

Фитнеске баратын әжей туралы сюжет бағдарламаны аяқтады.

Apta, Qazaqstan

Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев ұсталып, 10 жылға сотталды. Сондай-ақ, сот Кәрім Мәсімовке үкім шығарды, ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Apta бұл туралы айтарлықтай еш ақпарат айтпады, арнайы сюжет те болмады. Мәжіліс депутатының пікірі бар.

1 мамыр – Бірлік күні, осы орайда президенттің ҚХА сессиясында этносаралық қарым-қатынас туралы сөйлеген сөзінен үзінді берілді және ҚР төлқұжатын алудан ниетті шетелдік блогер Иван Червинскийдің хикаясы айтылды. Соңғысын неліктен назарға салғаны түсініксіз…

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXXII сессиясына қатысты. ҚХА сессиясының жұмысы туралы хаттамалық сюжет ұсынылды: Тоқаевтың бірнеше цитатасы мен шенеуніктердің пікірі бар.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өткен аптада тікелей эфирде денсаулығы нашарлап кеткен-ді, сол жағдаяттан кейін қайта халық алдына шықты. Apta осы жайтқа және Түркиядағы сайлау науқанына шолу жасады, сюжет ұсынбады.

Джейхан портынан қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы Румынияға жөнелтілді. Apta осы жаңалық және «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев  шараға қатысқаны жайлы сюжетсіз айтып өтті.

Экономист Тұрсынбек Өмірзақпен инфляция, экономикадағы жеке секторлар және тағы басқа мәселелер туралы сұхбат ұсынылды.

Келесі сюжет сот жүйесін реформалау турасында болды. Сот сарапшыларының, институттардың тапшылығы мен осы саладағы басқа да проблемалар айтылып, мүшкіл халі көрсетілді. Өзекті тақырып.

МИБ пен ПИК айырмашылығы не? Келесі сюжеттің сауалы осы. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізген екен, көбі МИБ-ті қолдапты. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 44 мыңнан астам МИБ құрылған. Әйтсе де, оның кемшін тұстары да бар. Елордадағы бір тұрғын үй кешеніндегі МИБ төрағасының хикаясы, шетелдік тәжірибе бар. Қызықты сюжет.

Бас прокуратура «ӨзенМұнайГаз» АҚ тендерлерінің заңдылығы мен ашықтығын тексермек. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаздың» жұмыс тобы компанияға тексеріс жүргізіп, 21 заңбұзушылық анықтады. Жаңа дерек жоқ, ақпараттық сайттарда тараған мәліметтердің жинағы іспеттес. Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов пен басқа да жауапты мамандардың пікірі бар, сюжет болмады.

 

Елімізде 1 шілдеден бастап төрт күндік жұмыс аптасы енгізілмек. Соңғы сюжетте жаңа норманың артықшылығы мен кемшілігі туралы айтылды. Тұрғындардың сауалнамасы бар, көбі төрт күндік жұмыс аптасын қолдаған екен. Сарапшылардың пікірі, шетелдік тәжірибе бар. Толымды сюжет.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» жасөспірімдердің мәселесіне ерекше назар аударды. Кәмелетке толмағандар колониясынан сюжет әзірленген. Алайда сюжеттің басында әлеуметтік желіде кең тараған жасөспірімдер арасындағы бірнеше төбелестің видеосы көрсетілді. Жүзі бұлдыратылған демесеңіз, ондағы жасөспірімдердің әрекеті анық көрінеді. Сюжет кейіпкерлері қандай жағдайда жазасын өтеу мекемесіне түскенін айтады. Мектептерде буллингтің көбейгеніне де назар аударылды.

Жасөсіпімдер проблемасы тағы бір сюжетке арқау болған. Сюжетте үйден қашып, еркіндік аңсайтын, тіпті іздеуде жүретін балалардың проблемасы айтылған. Тілші мамандармен бірге оның себебін іздепті. Балалардан, бірінің әкесінен сұхбат алған. Айта кету керек, екі сюжетте де әлеуметтік жауапкершілік сақталды.

«eGov куәгері» айдарында 1 шілдеден бастап наградталған ана ұғымы енгізілетінін айтып, Еңбек министрі Тамар Дүйсенованың түсініктемесі берілді. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап ЖК арқылы әлеуметтік аударымдар жасап, декреттік төлем алу тәртібі өзгеретіні айтылған.

«Көрпеңе қарай…» аталатын сюжет жиған-тергенін тойға шашатынындарды сынаған сипатта болды. Той жасау үшін керексіз дүниеге шығындалатын жағдайларды сынаған тілші асабаның, той ұйымдастырушысының, тіпті той иесінің пікірін берді. Кей асабаның гонорары 3 млн теңгеге дейін жететінін айтылды.

Әлеуметтік экспериментті дәстүрге айналдырған «Айна» ұжымы қарапайым қағаз қыстырғышты басқа затқа ауыстырудан бастап, зат алмастырып зәулім үй алған канадалықтың оқиғасын қайталап көрді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Сторителиң жазу. Журналист Аян Қалмұраттың тәжірибесі

Сторителиң дегеніміз не және сторителиңді қалай жазады? Журналист, Азаттық радиосының ТВ-продюсері Аян Қалмұрат #IdeaCamp2023 жастар лагерінде  «Сторителиң» сессиясын өткізіп, осы сауалға кәсіби тәжірибесінен жауап берді. Сессиядан негізгі тезистерді ұсынамыз.

Сторителиң жазғанда мақаланы бастау мен аяқтау өте маңызды екен. Өміріміз — сторителиң. Сондықтан хикаяны бастауды да, аяқтауды да күнделікті өмірде үйренуге болады.

Аян Қалмұрат сторителиңнің күнделікті өмірде ұшырасатын мысалы ретінде TikTok әлеуметтік желісіндегі бір постты көрсетті. Бұл — ТикТоктағы @aselia.nurlanova деген қолданушының хикаясы. Фотосуреттеріне мәтін жазып, хронологиялық тізбек түрінде жариялаған. Басы мен аяғы бар хикая. Постты автордың парақшасынан көруге не мына галереядан қарауға болады:

— Ал енді «медиадағы сторителиң» дегеніміз не? Мейлінше қарапайым түсіндіретін болсақ, бұл — этика сақталатын өсек. Біз неліктен өсек тыңдағымыз келеді? Өйткені, өсекте журналистік баланс жоқ. Екі адам отырып, үшінші адамды «жамандайды». Бірақ сол үшінші адамның пікірін алмайды. Егер үшінші адамды шақырып, пікірін алса, онда бұл — сторителиң болады. Балансы бар материалға айналады. Сторителиң ұғымына қазақы болмыспен қарасақ, сторителиң дегеніміз — өсекті этика сақтай отырып баяндау, — дейді Аян Қалмұрат.

Сторителиң құрылымы

«Қазақ сторителиңі мен ағылшын, орыстардың сторителиңінен байқағаным, бізде алыстан орағытады. Яғни, оқиғадан бастамай, бэкграундына көп сөз арнайды. Мысалы, «70-жылдары бірге оқыған сыныптасымның баласы үйленіп жатыр екен. Соған Түркістаннан Шымкентке келе жатып, жолда апатқа ұшырапты» деп, айтады. Басты оқиға — көлік апаты, бірақ оны баяндаудың соңына жібереді. Негізгі оқиғаға жеткенше кім болғанын, қайда оқығанын, қашан бітіргенін, қандай адам екенін тыңдау керек. Соңында «міне, жаңалық» деп айтады.

Газетте жарияланатын сторителиңде жиі ұшырасатын қате осы. Зеріктіріп, жалықтырып алады. «Ең тәтті, ең уау» деген сәтін мақаланың соңына қалдырады.

Сондықтан мақала жазғанда материалды қалай бастау мен аяқтау өте маңызды.
Қазақтың осы баяндау болмысын жоғалтпай, бірақ оқылатын материал етіп жазуға тырысып жүрмін. Әңгімені бэкграундтан бастап, адамды қызықтыратын бір-екі дерек беріп, содан кейін негізгі оқиғаға ойысамыз.

Мақала жазғанда жекеден — жалпыға және жалпыдан — жекеге өтетін жағдай болады. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің есебінен мақала жазуымыз керек. «Қазақстанда кедейлер саны осындай көрсеткішке жетті» деп бастасаңыз, былтырғы көрсеткіш қандай болғанын айтып, сосын бір адамның жағдайына өтесіз. Мысалы, «Алматының 26 жастағы тұрғыны Пәленше Түгенше биыл көктемде төртінші кредитін алды. Ол «Ұлттық экономика министрлігінің «елдегі кедейлер саны мына көрсеткішке тең“ деген мәлімдемесіне сенбейді» деп жазасыз.

Яғни, үлкен мәселеден бастап, жекенің мәселесіне өттіңіз.

Егер «Пәленше Түгенше биыл көктемде бесінші кредитін алды» деп бастасаңыз, онда бір адамның хикаясын айтып, ары қарай Қазақстандағы кедейлер саны туралы көрсеткішке ойысасыз.

Демек, мәселе мен тақырыпқа байланысты әртүрлі бастауға болады. Егер хьюман стори жазғыңыз келсе, адамнан бастайсыз. Ал жалпы Қазақстандағы жағдайды көрсеткіңіз келсе, онда жалпы көрсеткіштен бастап, жеке адамға өтіп, сосын сарапшы, бэкграунд, министрліктің жауабы, сосын тағы бэкграунд болады.

Мақаланың классикалық құрылымы бар. «Шырша» деп те айтады. Тізесі шыққан, ескірген құрылым. Бірақ әрбір журналист осы классикалық құрылымды білуі керек. Бұл — базалық машық. Мұны білмей басқа құрылымды игеру қиын.

Мысалы, дәрі қымбатшылығы туралы жазсаңыз, әуелі дәрі ала алмай жүрген зейнеткердың хикаясын айтып, содан кейін дәрі ала алмай жүрген адамдардың көп екенін көрсету үшін дәріханаға барып, кезекте тұрғантұрған адамдарды сөйлетіп, сарапшыдан пікір алып, мемлекеттік орган жауабын қосып, сосын жалпы бэкграунд бересіз. Бұл — шырша құрылымы.

Десе де құрылымның идеал формасын табу мүмкін емес. Құрылым фантазиямен ғана шектеледі. Мақалаңызды жариялап, арада бір жыл өткеннен кейін «сол кезде былай бастағаным дұрыс еді ғой» деп ойлап жүресіз. Өйткені құрылымның түбіне ешқашан жетпейсіз. «Мына мақалам керемет екен» деп ойлап, тоқмейілси бастасаңыз, онда даму жоқ. Сторителиң жазу үшін мықты сторителиң мақалалар оқу керек. Сонда өз-өзіңізге сыни қарай бастайсыз. Жаңа идея, жаңа құрылым туындайды. Сторителиң жазу үшін сторителиң мақалаларды көп оқу керек».

Сторителиң мәтіні

«Сторителиң мәтінін әдебилендірмей, созбай, мыжымай, күшейтпей, құлдыратпай, қарапайым етіп жазады. Қарапайым жазу мен қарабайыр жазуды шатастыруға болмайды. Қарапайым жазу дегеніміз — қарабайыр жазу емес. «Қарапайым жазайық» деп, ауызекі тілде айтатын сөздерді қолданып, мақала жазатындар бар. Ауызекі сөзбен мақала жазуға болмайды.

«Материалдағы негізгі нәрсе — фокус таба білу. Не айтып жатқаныңызды, не айтқыңыз келетін және оған әр бөлім арқылы оқырманды қай эмоцияға апара жатқаныңызды біліп, соған фокус қоюыңыз керек. Фокусты тауып, оны ұстай біліңіз. Мақаланы сол фокуспен шығару — еңбекпен келетін керемет қабілет.

Фокусыңыз өзін-өзі ақтауы керек. Мысалы, «Қолы күс-күс боп кеткен 56 жастағы Пәленше әже» деп жазып жатады. Күшті әрі дәл сипаттау жақсы, бірақ бұл сипаттау өз-өзін ақтауы керек.

Сосын хьюман стори жазғанда кейіпкерді керемет етіп көрсетпеген жөн. Оны кейіпкердің өзі-ақ түсініп алады. Сосын кейіпкерді әдемі сөйлейтін етіп бермейміз. Шынайылық мінезін ашады, атмосфера береді.

«Новая газета» басылымының журналисі Елена Костюченконың мақалаларын оқуға ұсынамын.

Оның «Интернат» деген мақаласын алайық.

Мақала өте керемет детальдан басталады. Психоневрологиялық диспансердің сыртын биіктігі 2,5 метрлік дуал қоршаған. Дуалдың сыртын ашық жарқын түстерге бояп, сурет салған. Бірақ… Ішкі жағын сұр түске бояған екен.

Журналист осы екі сөйлеммен-ақ сырт пен ішкі жағдайды жеткізіп отыр.

Оқырманды аудиторияға кіргізу үшін хлор иісі шығып тұрғанын жазады. Мұрнымызға хлор иісі келген сияқты болады.

Әрбір материалда бір ерекшелік болуы керек. Мінсіз, перфекционизм аңқып тұрған мақала болса, бұл — керемет мақала деген сөз емес.

Мәселен, мына нүктелі үтір, бас әріп, леп белгімен жазылғаны интернаттың ішіндегі агрессияны көрсетеді. Іште адамдарға деген жауыз агрессияны сездіртеді.

Тағы айтарым, хикаяны бастау мен аяқтауды күнделікті өмірде үйренуіміз керек».

Аян Қалмұрат / IdeaCamp 2023 жастар лагері / Алматы / 28.04.2023

IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың European Union in Kazakhstan қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтіп жатыр.

Қазақша ток-шоулар этикаға сай бола ала ма?

Соңғы жылдары қазақ телевидениесінде ток-шоулар қаптап кетті. Олардың жан түршігерлік оқиғаларды жалпы жұртқа жайып салу, жеке отбасы мәселесін дүйім халық алдында талқылау таңғалатын жайт емес бүгінде. Қазақ қоғамының арасында әкесі қызын зорлау, қайын атасы келінін төсекке тарту, әйел адам бала шағасын тастап ойнас жасау деген оқиғалар қаптап кеткендей. Бұл бағдарламаларды жауып тастау керек, қазақтың масқарасын сыртқа шығармау керек деген пікірлер де көптен бері айтылып келе жатыр.

Бұл шығарылымда біз ток-шоуларды талқылаймыз. Олар тек хайп пен арналар рейтингісін көтеруге бағытталған ба? Негізі ток-шоу дөрекілік және анайылықтан арыла ала ма? Неге көрермендер оларға құмар болды? Ток-шоулар тек қазақ тілділерге қызықты ма? Бұл жанр этиканы сақтай ала ма?

Жүргізуші: Назира Дәрімбет, «Жаңа репортёр» сайтының медиасыншысы
Спикерлер: Дина Төлепберген, «Астарлы ақиқат» бағдарламасының продюсері және жүргізушісі, Жадыра Аққайыр, «Жаңа репортёр» сайтының авторы.

Google

Яндекс.Музыка

Podcast.ru

Apple Podcast

 

Фактчекиң және ақпаратты іздеуге арналған онлайн-сервистер

Алматыда контент өндірісіне арналған IdeaCamp2023 жастар лагері өтіп жатыр. IdeaCamp2023 жастар лагерінің тәлімгері, Factcheck.kz журналисі, медиатренер Жансерік Тілеухан «Fact-checking һәм оның маңызы» деген сессиясын «Фактчек— журналистиканың жаңа форматы» деп бастады. Өйткені фактчек жалған ақпаратпен ғана күреспейді, кез келген (шындық, жалған, манипуляция) фактіні тексереді. «Жаңа репортер» порталының «Оқып-үйрен» айдарына арнап Жансерік Тілеуханның пайдалы һәм маңызды сессиясынан қажет ақпаратты жазып алдық.

Жансерік Тілеухан сессияда Google мен Yandex іздеу жүйелерінің «жасырын» іздеу мүмкіндіктері, ашық деректерді іздеуге болатын сайттар жөнінде айтты. Сайт пен домен атауы және жеке адам туралы дерек табуға болатын, фото-видеоны тексеретін онлайн-қызметтерді таныстырды.

Жалпы фактчек төрт нәрсені қарастырады екен:

  • Ақпаратты тексеру;
  • Debunking — мифтерді сейілту;
  • Promise tracking — уәделерді қадағалау;
  • Propaganda — үгіт-насихатқа қарсы күрес.

— Адамдар фактчек пен верификацияны шатастырып жатады. Фактчек — шыққан ақпаратты тексеру, верификация дегеніміз — ақпарат шықпай тұрып тексеру. Қазақстанда сарыжағал медиа редакциялар верификация жасай бермейді. Естіген ақпаратты тексермей жариялайды. Сондай-ақ, журналист факт пен пікірді ажырата білуі керек, — дейді Жансерік Тілеухан.

АДАМ ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ҚАЛАЙ СЕНЕДІ?

Ол оқиғаны тұтас көру мен оқиғаға түрлі ракурстан көру контент мағынасын қалайша өзгертетініне мысал келтірді. Бұл — The Guardian басылымының 1986 жылы түсірген «Points of view» деген жарнамасы.

Жұртшылық түрлі ақпаратқа қалай ғана сеніп қалатынына коронавирус пандемиясы кезінде тараған фейктер дәлел бола алады.
Мәселен, мына мәтінді алайық:

Коронавирустың қолдан жасалғаны анықталды

АҚШ вирусолог мамандарының зерттеулері бойынша Covid-19-дың қолдан жасалғаны анықталды. Бұл туралы The Press басылымы жариялады. Басылымның мәліметінше, коронавирус адамдарға табиғи ортадан жұқпаған, оны арнайы препараттар ақылы жасап, имунды белсенді екені дәлелденді. Толық зерттеулер біткеннен кейін АҚШ-тың бас хатшысы Майк Помпео ҚХР-дан ресми түсініктеме сұрғалы отыр»
деген мәтінді алайық.

Фактчекер Жансерік Тілеухан бұл ақпаратқа көпшілік неліктен сеніп қалғанын былай түсіндірді:
— Бізде әуел бастан коронавирусқа байланысты күдік болды;
— Ақпаратты сайттан, әлеуметтік желілерден оқыдық;
— «Интернет тек шындықты жазады» деген түсінік;
— «АҚШ вирусолог мамандары» деген тіркестің рөл ойнауы;
— «АҚШ-тың бас хатшысы Майк Помпео» ресми өкілдің аталуы.

Ал енді осы ақпаратты сыни пайымға салып, күмәндана қарасақ, мына сұрақтар туындайды:
— Басылым қаншалықты ресми ақпарат таратты?
— Сілтемелер бар ма?
— Қандай орган зерттеді, вирусолог мамандардың аты-жөні кім?
— The Press басылымы немен айналысады, бағыттары қандай?
— Халықаралық және республикалық ресми органдардың ресурстарында бұл туралы не жазылған?

Яғни, осы сауалдардың жауабына қарап, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға болады.

ФАКТЧЕКИҢ ЖАСАУҒА ПАЙДАЛЫ ОНЛАЙН-СЕРВИСТЕР

Google мен Yandex сияқты танымал іздеу жүйелерінің көпшілік қолдана бермейтін «жасырын» мүмкіндіктері бар. Сол мүмкіндіктерді фактчекиң жасау, ақпарат іздеу барысында пайдаланып, жұмысты жеңілдетуге болады.

Google тереңдетілген іздеу қызметі

Яндекстің сөздер мен сөз тіркестерін іздеу қызметі

Бұған қоса сала-сала бойынша ресми ақпарат алуға болатын ресурстар бар. Мәселен, ҚР Ұлттық банк сайтынан:

  • Сыртқы борыш;
  • Инвестиция;
  • Валюта бағамдары;
  • Ақша-кредит және банк статистикасы туралы мәлімет алуға болады.

ҚР Ұлттық статистика бюросының сайтында:

  • Кез келген статистикалық деректер;
  • Сауалнамалар;
  • Жинақтар және басылымдар;
  • Жылдық есептер бар.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің порталынан:

  • Қылмыс және әкімшілік құқық бұзу статистикасы;
  • Жол-көлік оқиғалары;
  • Суицид;
  • Коррупцияға қатысты деректер табасыз.

Мемлекеттік реестрлерден іздеуді бір ортаға жинақтаған Open Base қолжетімді деректердің бірыңғай базасы бар.

open-base.newreporter.org бірыңғай деректер базасының скриншоты

Егер сайт, домен және атау бойынша ақпарат іздесеңіз, мына сервистер көмектеседі:

Ал жеке адамға қатысты ақпарат іздегенде, мына сервистерді пайдалануға болады:

  • Social-searcher.com — әлеуметтік желілердегі адам туралы ақпарат.
  • @ShtrafKZBot — адам атында қанша компания тіркелгенін, қанша салық төлегенін тауып береді.
  • Kaspi қосымшасының мүмкіндіктері — телефон нөмірін білсе, соны жазып, аты-жөнін білуге, көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы та ақпарат алуға болады.
  • Findpeoplesearch.com — ВКонтактеден адам бейнесі арқылы іздеу. ВКонтактеге тіркелуі керек.
  • Peekyou.com — адам аты-жөні арқылы іздейді. Тек АҚШ штаттарынан іздейді. АҚШ-та тіркелген біреу туралы мәлімет іздеу керек болса, қолдануға болады. Ақпаратты ашық дереккөздерден алады.
  • Opencorporates.com — халықаралық тіркелген компаниялар базасы.

Адам көргеніне сенеді. Сондықтан да фото-видео фейк жиі тарайды. Жалпы фото-видео фейктің тарауына бірнеше себеп бар:

  • Құлақпен естігенше, көзбен көр!
  • Түрлі құралдың құдіреті;
  • Қажет ақпарат аз болған кезде;
  • Адамның сезімімен ойнайды;
  • Шынайы оқиғаға өте ұқсас болады;
  • Дос-туысқан әрі чаттардың әсері.

Фото-видеоны тексеруге арналған сервистер:

Қатысушылар сессия соңында ойын-тест тапсырды. Тәлімгер жоғары ұпай жинаған жеңімпаздарға фактчекиң туралы кітап сыйлады.

Алматыда контент өндірісіне арналған IdeaCamp2023 жастар лагері басталды. IdeaCamp2023 бес күнге жалғасып, 30 сәуірде аяқталады.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 жас дарынды контент-мейкер контент жасау, фактчекиң, визуализация, әлеуметтік медиамен жұмыс істеу, мобилография, медиасауат, смартфонды контент дайындауға қолдану, онлайн-сервистерді пайдалану машығын жақсартып, жетілдіреді.

Тәлімгерлер олардың жобасын әбден пысықтап, қатысушылар IdeaCamp2023 жастар лагерінің соңғы күні қазылар алқасына идеясын таныстырады.
Қазылар алқасы питчиң нәтижесіне қарай әлеуметтік желілерге арналған контент жасау бойынша ең креатив әрі ең жаңашыл 4 жобаны таңдайды.
Сол 4 жобаны жүзеге асыруға Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен REVIVE жобасы аясында шағын грант береді.

IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың European Union in Kazakhstan қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтті.

«Келінжан». Пиплметрге бағышталған телехикая

Бұқаралық сипаттағы медиа өнімнің сапасына байланысты сынға біржола қақпақ болатын жауап 90-жылдары айтылды. Рэп жұлдызы Богдан Титомир «пипл хавает» деген еді.
Қазір Богданды мен сияқты динозаврлардан басқа ешкім тани қоймас. Сондықтан бүгіндері сыншыларға пиплметр көрсеткіштерін алға тартады. Көп қарай ма? Рейтинг ұрып тұр ма? Ендеше қандай претензия?
Сондықтан, «Келінжан» сериалына талғам тұрғысынан сын айтуда мағына жоқ. Сериалдың, ауыл өмірі мен адамы туралы ойын-сауық «театрлары» мен Нұртас Адамбай қалыптастырған клишелер шеңберінен шыға алмағанын айтудың өзі сын. Назар аудартып отырған себеп: бұл сериал… сериалдар мүшәйрасындағы жеңімпаздардың бірі.

фото nauryz-awards.kz сайтынан

Айтпақшы, иә — наурызда сәйкесінше, «Наурыз» деген телесериалдар байқауы өтті. Онда сақалға құрмет пе екен, тіпті «Перекрёсток» сияқты классика да жүлде алды. Алғашқы рет болғандықтан, бірінші жеңімпаздар анықталып, сосын номинациялар тағайындалған сияқты. «Сияқты» деген сөз журналиске абырой бермейтінін біліп тұрмын, бірақ, сонда да. Мысалы, «бәйгенің негізгі мақсаты — сериал контенттің дамытуды қолдау» болғанымен, бір миллион теңге сыйлық телехикая сияқты өнім шығаруда қандай профит беретіні түсініксіз. Ендеше ұйымдастырушылар мақсат-бағдар айқындау кезінде қасаң сөз саптау жетегінде кетіп, «ынталандыру» дегенді басқаша жазып қойған делік.
«Келінжан» — осы байқаудың «Үздік комедиялық сериал» номинациясы бойынша жеңімпаз. Телехикаяның композиторы Ренат Гайсин неліктен қазылар алқасында жүр, мүдделер қайшылығы емес пе деген мәселе де көтермейміз: өзім бұл байқаудың мейлінше меймандостық атмосферада өткеніне сене салдым.

Телехикаяның көрермені көп екенін мойындау керек, ол — объектив шындық. Оны ең болмаса телехикаяның ресейлік сұр лицензиялы порталдарда бар екенінен де көруге болады. Актерлік құрамды да асқақ өнер тұрғысынан талқылай алмаймыз: қазақстанда актер тапшы, мұны қазір кез келген кастинг-менеджер айтар еді. Ендеше сюжеттерін ғана сөз етейік.

Журналист Әсел Болатқызы «Келінжан» туралы «…көбірек көрермен тарту үшін 18 + әрекеттерді көрсетуге құмар продюсерлердің «Етекті ашпай-ақ, абыройды шашпай-ақ хит туынды шығаруға болады екен ғой“, — деп, аузы ашылып қалған шығар, сірә…» депті. Маған автордың бұл сөзді отандық қайсы телехикаяларға сүйеніп айтқаны жұмбақ. Есесіне, «Келінжан» қазақстандық кинодағы бұдан басқа шарттылықты — көрінеу шалт мінезді, ұрыса сөйлеуді әбден айналдырған. Баж ете қалу, селт еткізуден көз алып жүргісіз.

Мемлекеттік тапсырыс аясындағы шошайып тұратын тирадалар деп ойлауға негіз беретін сөздер де бар. Ол Қылышбек сияқты кейіпкердің кенет — Астананың әсемдігі мен Есіл өзені туралы «баяндамасынан» көрінеді.

Бұл дегенің кәдімгі, 2000 жылдардағы фильмдерге тән — берілген ақпараттық тапсырысты өтеу үшін тақырыпты дөрекі нотациямен жеткізе салудың салқыны.

Телехикаяға көрермендер разы екені разы. Меніңше, табысының сыры — кейіпкерлердің тілінде. Ең алдымен, сценаристердің әңгімелесу тілін идеализация жасамай, қазақ тілінің пиджинизацияға ұшырағанын батыл мойындауы. «Давай», «получается» сынды сөздер керісінше — жасанды қойылымға табиғилық беретін иммерсив әдіс болып тұр. Көрермен/тыңдарман үшін ауызекі сөйлеудің жылуы құпия болмаса да, оны бұқаралық синематографқа батыл шығарған ұжымның тәуекелі ақталды. Қазақтың бәрі өзге ұлттар үшін жасалған «Тілашармен» сөйлемейтіні, күннен күнге алуан формаға ие болып жатқан тірі организм екені ескеріліпті. Рас, арасында «пашаймайт» деген — түпнұсқадағы мағынасы этикалық тұрғыдан күмәнді сөз кездесіп қалады.

Актерлік ойынға келсек, ол қазақстандық кино және театр сынындағы жауыр тақырып. Бұл орайда кәсіби маманның тізіп тұрып айтып берген кемшіліктеріне сілтеме бере салайын. Сайттан сайтқа секіруді жек көретіндер үшін айтсам: сыншы Айзат Қадыралиева отандық актерлердің тілінің тұқырлығы мен сахнадағы мінез-құлқын сөз етеді.

Сонымен, «Келінжанды» әлеуметтік желі стилінде қысқа-нұсқа сипаттап берші десе, «Келинка Сабинаның» уақыт кеңістігінде созылып, қазақты жан-тәнімен түсінетін адамдар түсірген нұсқасы» дер едім. Нұртас Адамбай сияқты, қалалықтардың ауылға таққан клишелері бар ма? Баршылық, бірақ бәрібір шебер жеткізілген, ол үшін «семіз төрт». Скетч стиліне құлдырап кететін кадрлар бар ма? Бар. Ол қазіргі жалпы көрініс. Бұл орайда «Келінжанды» ғана бөле-жара көрсету әділетсіздік болар.

Айтпақшы, интеллектуал дүние аңсайтындар желілерде «Келінжанның» қарабайырлығын айтып қалып жатады. Олардың өзіне де сын айтсам: қазір өнерді өлшейтін сызғыш талғам емес, рейтинг. Маған да ұнамайды бұл. Алайда, «мықты болсаң — өзің осындай рейтинг жинайтын фильм түсір!» деген уәжге айтар сөзіміз жоғына жақында отыз үш жыл болады.

Президент кеңесі, мұнайшылар мәселесі мен бұралқы иттер. 17-23 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған сараптамалық бағдарламалардың басты әрі негізгі тақырыбы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес болды. Жаңаөзендегі жарылыс, бұралқы иттер, мұнайшылар мәселесі мен латын әліпбиіне көшудің бітпес әуресіне де сюжет арнап, қабырғасы қирай бастаған жаңа мектептің жайын айтып, өзекті мәселе көтергені де болды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Президенттің елдің дамуы жөніндегі кеңесі туралы әңгімелеуден басталды. Алғысөзде бағдарлама жүргізушісі осы кеңестегі Президент сөзінің жалпы мазмұнына қысқаша шолу жасады. Ал, сюжетте Президенттің сөзімен қатар, Алтай Көлгіновтың баяндамасынан да үзінді берілді. Экономист және саясаттанушы сарапшылар пікір білдіріпті. Сонымен қатар, Көлгіновтың баяндамасында келтірілген мәліметтер мен ауылдардағы нақты жағдай салыстырылыпты. Сонымен қатар, тілші жиынға жергілікті мәслихат депутаттары да жиналғанын, олардың кейбірі Үкімет үйіне бірінші рет келіп тұрғанын да атап өтіпті. 

Қаңғыбас иттердің проблемасын аталған кеңесте Президент көтерген еді. Сондай-ақ, алдыңғы аптада Мәжілісте бұл мәселені депутат Нартай Аралбайұлы да бұралқы иттерді аулауға қатысты  депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл мәселені «Жеті күн» де көтеріпті.  Жаңаөзен қаласында 5 жасар бүлдіршінді ит қабуына орай, халықтың жануарларды қорғау туралы заңнамаға  наразылық білдіргенін айта келе, осы заңның орындалуына қатысты сарапшылар пікіріне жүгініпті. Сюжет ұзақ. Дегенмен,  тілші заң талаптарын түсіндіуге басымдық бергені құптарлық.

Қаржы мониторингі агенттігі «ӨзенмұнайГаз» және «Берали Маңғыстау» компанияларында заңбұзушылықтар болғанын анықтаған еді. Жүргізуші осы жайлы ақпарат беріп өтті. Осыдан соң, жүргізуші еліміздегі танымал автобрендтерге назар аударып, жүргізуші оларға қысқаша шолу жасап өтті. Осыдан кейін, Қостанайдағы автокөлік жасау саласында маман даярлайтын колледжде қазақ бөлімі ашылып, аталған сала терминдері қазақ тіліне аударылып, оқулық ретінде студенттерге таратылғаны, оған «Allur» компаниясы ықпал еткені туралы сюжет берілді. Материал мазмұны PR сюжетке көбірек келеді. 

Биылдан бастап елімізде шетелдік туристерден 5% салық алынады. Түскен қаражат туристік нысан орналасқан аумақтың инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалатын болады. Бұл шешім қаншалықты тиімді, елімізде қызмет сапасы қай деңгейде? Осы турасында әзірленген материал саладағы бірқатар проблемалар туралы, Bedtax-тің пайдасы, қай елдерде енгізлгені туралы жан-жақты ақпарат береді. Сарапшылардың пікірі, Мәдениет және спорт вице-министрінің уәжі беріліпті. 

«Жеті күн» бағдарламасының соңғы сюжеті еліміздің шахмат федерациясының аяқ алысы туралы. Өткен аптада Астанада шахматтан әлем чемпионаты өткен болатын. Онда бір елдің әйелдер құрамасы, әлем  құрамасына қарсы ойнаған еді. Осы жайында басталға сюжет Бибісара Асааубаева мен Жансая Әбдімәліктің арасындағы кикілжің бар екенін де хабар беріп, Федерация президенті Тимур Турловтың федерация жұмысы туралы пікірін берді. Сонымен қатар, елімізде шахмат ойыны мектептерде факультатив ретінде енгізілуі мүмкін екенін айтып, ынталы топ өкілін сөйлетті. 

«Sarap times», «Astana TV»

«Sarap times» бағдарламасының да алғашқы сюжеті Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы турасында болды. Құрылымы жағынан «Жеті күн» әзірлеген сюжеттен еш айырмашылығы жоқ. Тек, бұл сюжетте Президенттің су, жылу секілді коммуналдық қызет тарифтері көтерілуі мүмкін екені, оған өзіндік себептері бар екенін айтқаны ескеріліп, сарапшыларды сөйлетіпті. Алтай Көлгіновтың баяндамасынан үзінді, тұрғындардың пікірі бар.

Өткен аптада еліміздің сыртқы қарызы туралы ақпарат тараған еді.  «Sarap times» сол туралы айтып өтті. Сыртқы қарызды ел азаматтарына бөлсе, әр адамға 1 млн теңгеден астам сома шығуы мүмкін екенін айтты. Алайда, сыртқы қарызға қатысты ақпаратты баяндап қана қойғаннан гөріғ сарапшылардың көмегімен терең талдау жасау керек еді. Өйткені, бұл тақырып жан-жақты сараптауды қажет етеді. 

Есесіне, Ұлттық қорға қатысты біршама толымды ақпарат берілді. Жоғарыда аталған кеңейтілген кеңесте Президент Ұлттық қор қараатын жұмсауда барынша мұқият болу туралы айтқан болатын. Сюжетке осы түрткі болыпты. Сарапшылар пікірі де бар. 

Батыс облыстарында жастар тек мұнайшы болғысы келеді. Президент баяндамасында осы мәселеге тоқталған еді. Тоқаев, ақпараттық технология саласына басымдық берілуі қает екенін айтқан еді. Сюжетте, Атыраудағы Назарбаев мектебінің оқушысы робот ойлап тапқаны туралы ақпаратпен басталып, оқушының пікірі беріліпті. Ал, жалпы жастардың мұнайшы болуға деген құлшынысына қатысты осы сала бойынша білімалып жжатқан студенттердің пікірі жоқ. ЖОО проректорының уәжі бар. Атырау облысы бойынша жұмыспен қамту саласы мамандары жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында іске асырылып жатқан жобалар туралы әңгімелейді. Жастар жалақысы көп жұмысқа орналасуға талпынатынын кінәлағандай пікірлер беріліпті. 

«Аманат» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі туралы студияда сұхбат болды. 

Бұл бағдарлама да қаңғыбас иттердің проблемасын көтерді. Бұл мәселе туралы да Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Президент атап өткен болатын. Осылайша, бағдарламада үшінші сюжет Президент қатысуымен өткен кеңесте көтерілген мәселеге арналып отыр. 

Бағдарламаның соңғы сюжет өткен аптадағы Астанаға жауған қалың қар турасында. Табиғат құбылысына қатысты мамандар пікір білдіріпті. Ауа райының тосын мінезінен біршама адам зардап шегіп, сол күндері жол-көлік оқиғасы жиілегені де айтылды. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы әдеттегідей өзіндік басты тақырыпты алып шығыпты. Алматы облысындағы жаңа салынған мектептің көп ұзамай қабырғасы қақырап,  төбесі опырылған. Қазір ол жөндеуге жабылып, оқушыларға ескі мектепке оқуға мәжбүр болыпты. Дәулет ауылындағы бұл мектепті салуға 1,5 млрд қаржы бөлінген екен. Сюжетте, сонымен қатар, 4 бөлмелі үйді бастауыш мектеп ретінде пайдаланып отырған ауылдың жағдайы. Жалпы Алматы облысындағы білім ошақтарының мүшкіл халі айтылыпты. Алматы облысындағы жағдайға ерекше тоқталудың өзіндік себебі бар. Өткен аптада осы облыстағы білім бөлімдерінің бірінің есепшісі өте қомақты көлемде бюджет қаражатын ұрлағаны анықталып, ұсталған болатын. Сюжет сол оқиғаны баяндаудан басталған. 

Осыдан кейін, адамға көрінетін «аты жаман» құбылыс жын туралы материал беріпті. Депрессия басынан өткізіп, жын көрген адамның хикаясынан басталып, экстрасенстердің түсініктемесімен жалғасады. Дәрігерлер де пікір білдіріп, ол құбылысты шизофрения деп атапты. 

Ақбөпе Тәңірберген полициямен бірге түнгі рейдке шығып, жезөкшелер орталығына барып,  жеңгетайынан сұхбат алыпты. Тілшінің тақырып табудағы ізденімпаздығы десек те, сұхбат алуда тым артық кетіп қалған жооқ па, деген күдік бар. Ол жеңгетаймен сұхбаттасып, оның ай сайын қанша табатыны туралы ақпарат алуға тырысады. 1,5-2 млн табатынына қатысты ерекше екпін қояды. Бұл тым артық қазбалау, әрі этикаға жат емес пе? Сондай-ақ, сюжетте жезөкшелікпен айналысатын қыздарға жаза қарастырылмағаны айтылған. Ал, сұхбат берген жеңгетай дәл осы қызметті заңдастырып, жезөкшелерге арналған орталық ашып беруді сұрапты

Президент қатыстан кеңейтілген отырыс жайлы толыққанды сюжет берілмеді. «Айна»  Президенттің сөзінен үзінді берумен шектелді. Онда да еліміздің батыс өңіріндегі жастардың мұнайшы болуға деген ұмтылысына қатысты айтқан пікірі берілді. 

Сонымен қатар, бағдарламаның «eGov куәгері» және «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарлары берілді. Сондай-ақ, «Айна» соңғы уақытта әлеуметтік эксперимент жасауға ден қойып жүр. Бұл жолы да тұрғындардың бойындағы адамға деген мейірім бар ма, деген сауалға орай әлеуметтік эксперимент жасалыпты. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі ресми оқиғадан басталды. 19 сәуірде Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Сегіз минуттық сюжетте тілші стендап жасап, президенттің отырыста айтқан сөзін қайта айтып, мұны президенттің, депутаттың, сарапшылардың, «Атамекен» ҰКП өкілінің, әкімдердің синхронымен толықтырды. Президент сөзін мақұлдай қайталаған комментарийге толы материал.

Апта басында, кеңейтілген кеңес отырысынан бір күн бұрын Жаңаөзенде көпқабатты үйде жарылыс болды. Бұл оқиға туралы былай айтты. Жүргізушінің сөзін қаз-қалпында келтірейік: «Осы отырыста президент Жаңаөзендегі жағдайға да тоқталды. Апта басында тұрғын үйде жарылыс болып, 4 адам зардап шеккен еді. 13 азамат жарақат алды». Шалыс естімеппіз, жүргізуші Альбина Әшім «4 адам зардап шекті» деп айтты.

Жарылыста төрт адам қаза тауып, 13 адам жараланды. Apta редакциясы «қаза тапты» мен «зардап шекті» деген сөздердің мағынасы бірдей емес екенін білсе керек. Жалпы бағдарламаны осы трагедиядан бастаған жөн шығар?! Ал мұнда президент айтқан соң ғана эфирге шығарған сияқты көрініп қалды.

Ізінше Жаңаөзен тақырыбына қайта оралды, бірақ мұнда да Мемлекет басшысының сөзіне сүйенді. Цитата келтірейік: «Жалпы Жаңаөзен қазір үкіметтің де, жұрттың да жіті назарында. Қордаланып қалған проблемалар бірінен соң бірі шығып жатыр. Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесін президент те көтерді. Шетін түйткілді шешу үшін арнайы жоспармен жүріп, бүгінді ғана емес, ертеңді де елеу керек екенін меңзеді».

Егер президент кеңесте Жаңаөзен мәселесін айтпаса, онда Apta редакцицясы Жаңаөзенді еске алып, сюжет жасар ма еді? Өйткені, өткен аптада Жаңаөзен мен жаңаөзендіктердің жағдайы туралы сюжет болмаған еді. Бұл аптада президент айтқан соң ғана елеп-ескеріп, жергілікті мұнайшылардан комментарий алып, тілші Данияр Қайыртай Жаңаөзеннен тікелей байланысқа шықты. Ол арнайы комиссиясының жұмысы, Астанаға келіп, наразылық білдірген мұнайшылар мен оларды арнайы жасақ тұтқындағаны, нәтижесіз келіссөздер мен «Өзенмұнайгаз» АҚ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-ындағы ақша жымқыру фактілері бойынша тергеу туралы айтып шықты.

«Apta қонағы» айдарына Астана Мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Байменов келді. Кризис-менеджмент, мемлекеттік жүйені реформалау және жергілікті атқарушы органдар неліктен өзіне жауапкершілік алғысы келмейтіні жөнінде әңгімелесті. Төрағаның бір сөзі елең еткізді: «Мәжілісте де, мәслихатта да, министрлікте де, әкімдіктерде де періштелер отырған жоқ. Астанада адал, таза адамдар отыр, ауылдарда арам адам отыр деп айтуға болмайды. Жемқордың ең үлкені Астанада, үлкен қалаларда …», -деді Әлихан Байменов.

160 млрд доллар. 25 жылда елден заңсыз шығарылған сома осы. Сюжетте де, алғысөзде де бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «Оператор РОП» компаниясының бұрынғы басшысы Медет Құрманғалиев және тағы басқалардың сот істерін айтып өтті. Содан кейін сарапшылар мен депутаттардан елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару мүмкіндігін сұрады.

Apta редакциясы Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай, әр аптада сюжет арнайды. Сюжетте НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің Киевке сапарын, Раймштайн отырысын, украин әскерлерінің дайындығын, Украинаның НАТО-ға қосылуына жол бергісі келмейтін Кремль мәлімдемесін, Путиннің Украинадан аннекциялап алған — Луганск пен Херсон облыстарына барғанын қамтыды.

Содан кейін энергетика саласындағы сот істерін тізіп шықты.

  1. «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
  2. ҚР Үкіметі Қашаған, Қарашығанақ операторларының үстінен арызданды. Талап сомасы — 16,5 млрд АҚШ доллары.
  3. Екібастұз әкімі ЖЭО басшысын сотқа берді.
  4. Петропавлда жылу орталығына айыппұл салынды.

Қазақ тілін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру мәселесі жыл сайын бір шуға айналып, ел назарын аудартып қояды. Латын әліпбиіне өту 2017 жылы басталса да әлі күнге дейін дайын әліпби жоқ. Екі апта бұрын президент Тоқаев: «Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік» деген еді. Латын әліпбиіне өту процессіне қыруар қаражат бөлінген. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Не боп жатыр? Бағдарламаны түйіндеген сюжет осы сауалға жауап іздейді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.