Домой Блог Страница 46

4-модуль. 1-сабақ. VideoStory

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, журналист, видео-маман Марат Садыков сторителлинг видео, яғни видео-стори қалай жасалатынын, құрылымы қандай болатынын, кейіпкер неліктен маңызды екенін әңгімелейді.

Оқуға арналған материал

Сторителлинг видео қалай жасалады?

VideoStory жасағанда алдымыздан шығатын бірінші сұрақ: «Қайсы маңыздырақ, кейіпкер ме әлде видео ма?»

Мен үшін ең алдымен кейіпкер маңызды. Мықты кейіпкер болмаса, қызықты стори да шықпайды. Әрине біз бір адам туралы әдемі видео түсіре аламыз, оны кәсіби тұрғыда монтаждай аламыз. Дегенмен егер қызықты оқиғасы жоқ кейіпкер болса, бұл визуалды әдемі кадрлар жиынтығы ғана болып қалмақ. Сондықтан кейіпкер сәтті сторидың кепілі.

Сізде тамаша оқиғасы бар кейіпкер бар делік. Сіз одан сторителлинг жасағыңыз келеді. Ол туралы әртүрлі форматта көп деректер жинадыңыз. Қайсысын мәтін, сурет не видео түрінде бересіз? Әрбір оқиғада жазғаннан гөрі оқырманның өзіне көрсететін деректер болады.

Видео сторителлингтің бір компоненті болуы мүмкін, сонымен қатар оқиғаны толығымен видео арқылы баяндауға да болады.

Кейіпкер ретінде бір ерекше оқиғаны басынан өткерген, түрлі қиындықтарға мойымай мақсатына жеткен немесе әлі күресіп жүрген, өмірі түбегейлі өзгерген адамды алуға болады.

Адамның баянын видеоға түсіруді бастамас бұрын дайындық жұмыстары қажет. Бұл дайындық сценарий жазу, түсірілім уақытын, монтаж уақытын үнемдейді. Әдетте біз сценарий жоспарынан бастаймыз. Кейіпкерді зерттеу. Алдымен өзімен жүзбе жүз кездесу керек, бұған көбірек уақыт бөлген жоқ. Кездесуге мүмкіндік болмаса, қоңырау шалыңыз. Кейде кездескен соң да бірнеше рет қоңырау шалып, деректерді нақтылауым мүмкін. Кейіпкерді зерттеңіз, барлық қызықты, қажетті деректерді жазып алыңыз.

Мәселен біздің кейіпкеріміз — отбасылы қарапайым еркек. Күндердің күнінде оның жұбайы ауыр науқасқа шалдығып, төсекке таңылады. Кейіпкеріміз не істейді: ауру жұбайын тастап кете ме әлде күтім жасау үшін жұмысын тастай ма? Осы жерде сыну нүктесі басталады. Сюжет басында оқырманды қызықтыруы тиіс. Ары қарай оның таңдаған қадамына байланысты мінезін ашып отырамыз. Кейіпкер не ойлады, не сезінді? Осындай сәттерді сұхбат арқылы немесе кадрдан тыс дауыстар арқылы беруге болады. Мұндай детальдер кейіпкер сипаттамасынан да артық. Ары қарай сөзден фактіге өту қажет.

Ары қарай «завязка» деп аталатын бөлімге келеміз. Мұнда конфликті басталады. Кейіпкердің өзгерісі, психологиялық сынуы. Мен бір зағип жан туралы фильм жасадым. Кейіпкер дәрігер қателігінен, көру қабілетінен айырылады. Өз оқиғасы туралы айтып отыр: «Көзім көрмей қалғанда ұзақ уақыт депрессияда болдым. Еш нәрсеге зауқым болмады. Бір күні үйде отырғанда 8-сынып оқитын қызым жылады. Неге жылайсың десем, бір апта бойы интернеттен көздің трансплантациясы туралы іздепті. Егер ондай мүмкіндік болса мен көзімнің біреуін саған берер едім дейді. Мұны естіп мен де жыладым. Бірақ осы әңгіме мені өзгертті. Бірден жиналып, есімді жидым». Кейіпкердің эмоциясын сақтай отырып өмірін өзгерткен қадамға қалай барғанын ашып отырамыз. Ары қарай кульминация басталады. Кульминацияда кейіпкер конфликтіні шешу үшін не істегенін көрсетеміз.

«2012 жылы Атырауда зағип жандарға арналған «Мөлдір көз» қоғамын құрдым. Осылайша өзім сияқты адамдар бірігіп, жұмыс істей бастадық. Бір-бірімізге психологиялық, консультациялық көмек береміз. Мүгедек адамдардың құқығы жиі бұзылады. Бір заң бойынша өз құқымыздың қорғалуын талап етеміз».

Енді кезек «развязкаға» келеді. Оқиға шарықтау шығына жетіп, немен аяқталды? Кейіпкер өзгерістерден өтіп, қандай шешімге келді? Не істеді?

«Қиындық әрқашан болады. Тіпті аяқ қолы балғадай адамдарда да болады. Өзім ештеңе көрмеймін. Үйде отыра берсем тіпті мақрұм қалам ғой. Сондықтан тиын тебем тапсам да, еңбектен қол үзбеймін».

Видео мәтін жазғаннан гөрі күрделірек процесс. Сценарий жоспарын, түсірілімді жасаған соң келесі кезең — «раскадровкаға» көшеміз. Тәжірибелі видеографтар раскадровканы жасамауы мүмкін. Себебі олар қай кадрды неден соң қоятынын автоматты түрде ойлап тұрады. Бірақ кейде оқиғаны қалай жалғастырарымды білмегенде раскадровка жақсы көмектеседі. Әр кадрды жіктеп отырғанда басыңда түрлі идеялар пайда болып, бейне анық көріне бастайды. Видеомен енді шұғылданып жүргендерге раскадровка жасау міндетті. Себебі бұл сіздің шығармашылық қиялыңызды шынықтырады.

Раскадровка — кадрларды шартты түрде суретке салып, оқиға өрбуін тізбектеп көрсету, ірі план, жалпы, орта планды белгілеу. Сырт қарағанда комикске ұқсайды. Сізден суретті әдемі салу талап етілмейді, өзіңізге түсінікті болса болғаны. Сурет астына комментарийлеріңізді жазасыз.

Түсірілім басында өз кейіпкеріңізбен араласыңыз. Нені қалай түсіргіңіз келетінін, қоятын сұрақтарыңыздың нобайын алдын ала айтыңыз. Операторыңызға нені қалай түсіргіңіз келетінін айтыңыз. Мүмкіндігінше өмірдегі қалпын түсіруге тырысыңыз, Арнайы қойылым жасалған видеодан шынайы видеолар қызығырақ. Кейіпкерден күндегі тірлігін жасауды өтінсеңіз, ол әдеттегідей автоматты жасап жүрген әрекетін жасайды. Осылайша үйреншікті жұмысын істеп отырғанда кейіпкер қысылмай сөйлейді, өзін жайлы сезініп әңгімені де еркін айтады. Кейіпкерге жат әрекеттерді таңбаңыз, бұл бірден көрінеді. Кейіпкерді идеалдандырып, ол жасамайтын әрекетті жасатқызбаңыз, ол ойламайтын ойды оған таңбаңыз. Монтажды түсірілім жасаңыз. Монтажды фраза дегеніміз — бір әрекеттің логикалық тізбегін монтажға лайықтап түсіру.

Мәселен сіз тұшпара дайындайтын әйел туралы сюжет жасайсыз. Кейіпкердің цехына бардыңыз. Ірі планмен қамыр жайып жатқан әйел, жалпы планда — цехта қамыр илеп тұрған әйел, ірі план — тұшпараны қорапшаларға салу, жалпы планда тұшпараны қораптарға салып жүрген келіншектер, орташа план — қаптамалар және жұмыс істеп тұрған келіншек, ірі план — тұшпара. Монтаж фразасы 6 кадрда жартылай фабрикаттың жасалу циклін толықтай көрсетіп шықты. Егер процесті толығымен түсірсек 1,5 сағатқа созылар еді. Ал бізде 15 секундқа сыйып кетті.

Түсірілім және монтаж кезінде атмосфераны жеткізу өте маңызды. «Көрермен динамиканы да сезсін» десеңіз, көбірек қозғалыс, кадрлар ауысуы жылдам болғаны жөн. Бұл жағдайда кадрлар да тығыз болады. Егер қандай да бір сәттерді еркін асықпай сезінуі керек болса, жалпы кадрдан ірі планға өтуі де баяу болады. Мысал ретінде екі үзінді беремін. Өздеріңіз кадрлар ауысуынан байқап көріңіз.

Сценарий жазу мәселесіне тоқталмайын, себебі алдыңғы сабақтарда айтылған ережелер видеостори жасауға да келеді. Тек, жеке ұсынысым – сценарий жазбас бұрын барлық синхронды егжей тегжей қағазға түсіріп алыңыз. Қай файлда кімнің нешінші минутта не айтқанын жазып алыңыз. Қызық сәттерді, интершум, блоктарды жзып, видеоны толық қарап алыңыз. Немен басталып, ортасын, соңы немен аяқталатынын біліңіз. Кейде мен кадрларды қарап отырғанда сюжеттің немен басталып, қай кадрмен аяқталатынын алдын ала біліп, белгілеп қоямын. Содан соң қалған барлық видеоларды құрап жасаймын.

Видео эмоция тудырып, кейіпкердің жанында болып, бүкіл жағдайды тұла бойыңызбен сезініп, өз басыңыздан өткізгендей әсер қалдыруы керек. Әдетте жалпы көріністі беретін қандай да бір видеоларды алып қоямыз. Мұны бізде «обои» деп атайды. Бірақ бізге видео мағынасын ашатындай кадрлар қажет. Сіздің ролик, фильм, сюжетіңіз оркестр іспеттес. Яғни ол музыкадан, монтаждан, кадрдан, мәтіннен құралады. Мұны жасау үшін үлкен команда жұмыс жасайды: журналист, оператор, монтаждаушы, дыбыс режиссері. Осы команда үйлесіп, әркім өз партиясын мүлтіксіз орындағанда өнер туындысы, тамаша шығарма туады. Сонда сіз 100% табысқа жетесіз. Ұсақ-түйекке мән беріңіз. Видеодан ұсақ детальдердің маңызы зор. Тіпті сәл ғана дыбыстың ақауы, видеоның дірілі бүкіл еңбекті зая етуі мүмкін.

Соңғы кеңесім — видеоны түсіріп, монтаждап болған соң тағы 1-2 күнге қалдырыңыз. Бірнеше күннен соң тағы да жетілдіретін тұстарын табуыңыз мүмкін. Ал егер түзететін жері болмаса, демек сіз жақсы бейне баян жасадыңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Seven Rules Of Effective Video Storytelling
  2. Visual Storytelling (Видеода қолданылатын эффектілер туралы)

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Өзіңізге ерекше әсер еткен, дүниетанымыңызды, көзқарасыңызды өзгерткен адам туралы шағын (2-3 минут) видео түсіріңіз.

 

КЕЛЕСІ САБАҚ: 4-модуль. 2-сабақ. AudioStory

3-модуль бойынша тест

Әр модуль соңында курс қатысушысының оқып-үйреніп, білгенін пысықтауы үшін тест сұрақтары беріледі. 3-модуль бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, өз-өзімізді сынап көрелік…

3-модуль. 4-сабақ. Тильда платформасының мүмкіндіктері

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, медиатренер Назгүл Қожабек сторителлинг материалды жариялауға арналған платформалар, соның ішінде Tilda платформасының мүмкіндіктері мен артықшылықтарын айтып береді. Visual Storytelling не екенін түсіндіреді.

Оқуға арналған материал

Сторителлинг дизайнын жасауға арналған сервистер

Интернет дәуірі қалыптаса бастағанда материал бетін қаттау алгоритмі қарапайым еді: мақала бірнеше бөлімге бөлінеді, бірнеше суретпен әрленеді. Үлкен көлемді, визуалды тұрғыдан кедей мақалалардың оқылмайтынын білген соң кейбір редакциялар шағын мәтіндерге көшті. Әлеуметтік желілер танымал бола бастағанда ақпарат легі оқырманға контентті іріктеуді үйретті. Адамдардың талғамы әртүрлі, бірақ тартымды мақалалардың форматы ұқсас. Жаңа дәуір журналистикасы Visual Storytelling деп аталатын стандарт қалыптастырды.

Қысқа ақпаратпен қатар, ұзын материалдар (лонгридтер) де рейтингтің жоғарғы сатысына шықты. Енді контентті беттеу, ұсыну форматтары маңызды рөл атқара бастады. Себебі терең материалдарға сұраныс жоғары, visual storytelling оқырман назарын бірден өзіне аудартады, мұнай материалдар эмоция тудыра біледі.

Енді лонгридтерді көркем беттеуге мүмкіндік беретін түрлі платформалар пайда болды. Солардың ішінде ең танымалы — Tilda. Бұл платформаның ерекшелігі қолдану қарапайымдылығы, қарапайым журналистің өзі материалын өзі әрлеп, орналастырып, редакциялай береді. Бұл үшін бет қаттаушы, дизайнердің қажеті болмай қалды. Сонымен қоса Tilda кез келген сайтқа оңай орналастырылады. Тильдада жасалған үздік жобалар.

Tilda ақылы платформа екенін ескерте кеткеніміз жөн. Сіз Тильда арқылы тек бір жобаны ғана тегін жасай аласыз. Егер абоненттік төлем ұзақ уақытқа үзіліп қалатын болса, бұрын жасалған жобалар жоғалып кетуі мүмкін. Бұл платформаның барлық мүмкіндіктерін көрем десеңіз, сілтемеге өтіңіз.

Readymag- лонгридтер, микросайттар жасау үшін қолайлы сервис. Тегін және ақылы нұсқалары бар. Ридимаг логотипін өшіріп, өз доменіңізді тек ақылы нұсқасында қоя аласыз. Есесіне тегін нұсқасында қолдануға болатын жобалар саны шектеусіз. Анимациялау мүмкіндіктері мол, өз қалауыңызшы түрлі функция, дизайндарды жасай аласыз. Readymag-та жасалған жоба үлгілері.

Осындай лонгридтер жасауға арналған Squarespace, WIX сияқты басқа да көптеген сервистер бар, онда түрлі сайттарға қолдануға болатын шаблондар жиынтығы ұсынылады.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Тильда платформасының білім беру курстары.
  2. Digital storytelling: как рассказывать истории своей аудитории.

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Өзіңіздің бұрын жарияланған мақалаңыздың бірін Tilda немесе Readymag платформалары мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қайта беттеп көріңіз. 

 

АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 3-модуль. 3-сабақ. Таймлайн

3-модуль. 3-сабақ. Таймлайн

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, медиатренер Назгүл Қожабек сторителлингте оқиғаны хронологиялық ретпен баяндауға арналған Timeline сервисін қолдануды үйретеді.

Оқуға арналған материал

Таймлайн оқиғаны уақыт тұрғысынан хронологиялық ретпен баяндау үшін негізделген құрал.

TimelineJS — Knightlab лабораториясының өнімі.

Бас беттегі жасыл батырманы шертіп «make a timeline» жасауға кіресеміз.

Таймлайн тек «Spreadsheet Template» арқылы жасалады (көк батырманы шертеміз).

Gmail арқылы тіркелеміз. Бізде кесте шаблоны шығады, онда өзгертулерімізді еніземіз, яғни тақырыбын жазамыз.

Әрбір жол таймлайндағы әрбір беттің ақпараты. Бұл бағдарламада хронологияны сағатына дейін жазуға болады. Әрине мәтініңізді фото,видео,инфографиканы көрнекілей аласыз. Бір ерекшелігі барлық көрнекі элементтерді «google drive»-ке сақтау керек.

Жалпы таймлайн лентасында уақыт, тақырып, мәтін және вижуал орналасады.

Бұл жоба сақталған соң, сілтемені көшіру арқылы embed код қойып, одан әрі дайын материалды сайтыңызға орната аласыз.

Сіздің деректеріңізді жүйелеп тізіп беретін Timeline JS-тен басқа да сервистер бар. Олардың бірнешеуіне тоқталайық.

Tiki-Toki — таймлайн жасайтын сервис. Мұнда сурет, видео, аудио, сайт сілтемелерін кірістіруге болады. Сонда лента көлемді болады. Бұл сервистің ерекшелігі оқырманға 2D -дан 3D режимге ауысуына мүмкіндік беруге болады. Сонымен қоса барлық лентаның сыртқы көрінісін де, жекелеген таймпойнттардың да түрін өзгертуге болады. Тегін нұсқасында тек бір таймлайн жасай аласыз.

Sutori — Мұнда таймлайн көлденең емес, тік қалыпта жасалады . Оқырман контентті жоғарыдан төменге қарай оқиды. Бұл сервиске мәтін, фото, видео, аудио, сауалнама, тесті немесе пікірталас форматтарын кіріктіре аласыз. Дайын таймлайнды сайт немесе блог парақшасына шығаруға, сондай-ақ әлеуметтік желіде бөлісуге болады.

MyHistro — сервис StoryMap JS-ке өте ұқсас, мұнда да геобелгілерге байлап, оқиғаны күні, сағатына дейін баяндауға болады. Нәтижесінде хронологиялық презентация шығады. Дайын таймлайнды embed-код көмегімен сайт немесе блогқа орналастыруға болады. Сервис тегін және орыс тіліне аударылған.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Әдемі таймлайн жасаудың оңай жолы.

 

Тақырып бойынша тапсырма:
StoryMap JS көмегімен сүйікті Абай Құнанбаевтың шығармашылық жолын баяндап беріңіз. Таймлайнға өзіңіз ұнататын шығармаларының аудио немесе видео жазбаларын қосыңыз.

 

АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 3-модуль. 2-сабақ. Интерактив карта

КЕЛЕСІ САБАҚ: 3-модуль. 4-сабақ. Тильда платформасының мүмкіндіктері

3-модуль. 2-сабақ. Интерактив карта

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, медиатренер Назгүл Қожабек сторителлинг материалға енгізуге болатын интерактив құралдар, соның ішінде интерактив карта жасауға арналған Storymap сервисін қолдануды үйретеді.

Оқуға арналған материал

Солтүстік батыс университетінің Knight Lab зертханасы — бұл журналистиканы жаңа салалармен ұштасырып, дамытуға бағытталған эксперименттер жасайтын дизайнерлер, бағдарлама жасаушылар, студенттер мен оқытушылардың қауымдастығы. Knight lab қазіргі медиада жиі қолданатын бірқатар танымал сервистерді ұсынады.

Storymap — Knight lab дайындаған құрал.

Журналист жұмысында ең көп қолданатын карта, таймлайн және дейін/кейін деген фото әзірлейтін сервис. Knightlab әзірлеген тегін құралдарды пайдалану үшін тіркелуге gmail пошта қажет.

Storymaр — оқиғаны мекенге байлап баяндауға мүмкіндік береді.

Storymap-пен жұмысты басты беттегі жасыл батырмаға басудан бастаймыз — «make a storymap».

Келесі шыққан терезеде gmail поштасы арқылы тіркелеміз. Келесіде сізге осы бағдарлама арқылы жасалған өзге қатысушылардың карталарын ұсынады. Бірақ біз төмендегі «new» жазуы бар жасыл батырмаға басамыз.

Картамызға тақырып ойлап табу қажет.

Мұқаба суретін қалауыңызға қарай ауыстыруға болады.Фотосуреттерді өз галереяңыздан алатындықтан,оған арнайы папка жасап қойыңыз. Әрі барлық жазылатын мәтіндеріңізді: атауынан басталып сипаттауға дейін алдын ала дайындаған жөн.

Материалыңыз географияға байланысты болғандықтан, арнайы кесте сызыңыз.

Онда картада белгілегетін мекен жайды, тақырыптары мен сипаттамасын алдын-ала дайындасаңыз болады.

Storymap-тың мұқабасы дайын болды. Келесі бетінде іздестіруге арналған жол шығады,сол арқылы керек мекен-жайды тауып, әрқайсысына тақырып қойып,кішігірім сипаттаманы,фото,видеоны қосып,превьюден макетті көреміз. Одан қалса бэкгранудты өзгертуге болады.

«save» батырмасын ұмытпаңыз!

Шартты түрде алынған оқиға карта форматына көшті. Енді оны «share» батырмасын шерту арқылы әлеуметтік желілер арқылы бөлісеміз. Facebook пен Twitter арқылы тек сілтемемен бөлісуге болады, ал сайтта эмбед коды арқылы дәл осы күйінде жариялай аласыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Начало работы с Story Maps 
  2. Сервис мүмкіндіктеріне шолу.

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Өз өмірбаяныңызды, туған жер, балалық шағыңыз, студенттік кезеңдерді Story Mаp көмегімен баяндап беріңіз.

 

АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 3-модуль. 1-сабақ. Сторителлинг форматтарына шолу

КЕЛЕСІ САБАҚ: 3-модуль. 3-сабақ. Таймлайн

3-модуль. 1-сабақ. Сторителлинг форматтарына шолу

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, медиатренер Назгүл Қожабек сторителлинг форматтары, оқырманды қызықтырар көрнекі ету туралы әңгімелейді.

Оқуға арналған материал

Мультимедиалық сторителлинг

Бастапқыда интернет сайттардағы материалдар құрғақ мәтін түрінде жарияланды. Кейін түрлі-түсті суреттер, графикалар қосылды. Дегенмен мәтін мен суретпен алысқа кете алмайсың. Көлдей мақалаларды соңына дейін оқитын оқырмандар көп емес. Бірақ оқырман интернетте бәрібір ұзақ отырады. Басқа материалдарды оқиды. Не істемек керек?

2012 жылдың соңына қарай редакциялар оқырман психологиясын түсіне бастады. Медиа басшылары, журналистер, дизайнерлер жаңа стандарттарды қалыптастырды, олар Digital Storytelling деп аталды. Түрлі эксперименттер жасалады. Бірақ ең сәттісі New York Times редакциясы жасаған Snowfall интерактивті баяны еді. Осыдан соң интернетте контентті ұсынудың жаңа стандарттары пайда болды. Содан бері мультимедиа құралдары, форматтар көбейді. Ал сторителингті қандай форматта беруді қалай таңдаймыз?

Сторителлингті мультимедиа форматында әзірлегенде ең алдымен мән беретініміз журналистиканың алты сұрағы: Кім? Не? Қайда? Қашан? Неге? Қалай?
Мультимедиа форматын таңдағанда осы алты сұраққа сәйкестігіне, релеванттығына қарай — қай форматпен қай сұраққа жауап беруге ыңғайлы болуына байланысты таңдаймыз.

Яғни оқиғаның қай аспектін, қырын, факторын, қай тәсілмен, құралмен жеткізе аламыз.

Мультимедиа форматын таңдағанда екіге бөлеміз: формат жеке өзі оқиғаны бастан аяқ баяндауға жарай ма және ол үлкен материалдың құрамдас бөлігі бола ма?

Форматтардың көбі өз алдына оқиғаны бастан аяқ баяндауға мүмкіндік береді.

Оқиға негізі — мәтін. Мәтін жазылып болған соң, автор оны көрнекі ете түсетін қосалқы форматты немесе сол мәтінді орналастыруға болатын формат іздейді. Яғни мәтінімізді сол күйінде мультимедиа форматында әзірлейміз, не болмаса мәтін арасына мультимедиа форматындағы көрнекілікті қосамыз. Олар фото, видео, аудио немесе жаңа мультимедиалық форматтар болуы мүмкін.

Фотосыз бүгінде ешбір материал жарияланбайды. Онда кейіпкер, оқиға орны, қалай болғаны бейнеленуі тиіс.

Аудиоформат. Сторителлингті тұтас сұхбат ретінде әзірлеп подкаст жасауға болады. Немесе слайдкаст — кейіпкер әңгімесіне аудио форматтағы бір немесе ондаған фотоны презентациялау.

Видео — сторителлингке үлкен мүмкіндік беретін, таптырмас формат. Бұл қысқа роликтер, фильм немесе фрагменттер болуы мүмкін.

Графика — инфографика, коллаж, фотожаба. Инфорграфика статистика немесе цифрларды сөйлетін таптырмас формат. Сонымен бірге сторителлингті ерекше әрлендіретін комикс немесе фотожаба бар. Фотожабаны қазақ медиасында жиі қолданатын журналист Серік Аббас Шах. Өз туындылары арқылы ол қоғамдағы жағдайға бей жай еместігін немесе оның әлсіз тұстарын көрсетіп отырады.

Карта. Оны графикаға жатқызуға болады. Ол интерактив және статикалық болып бөлінеді. Мысалы, интерактив картасы форматында жолжазбаны әдемі баяндауға болады. Онда уақыт, орын және тағы басқа детальдарды енгізуге болады. Ал, статикалық картаны жай көрнекілік ретінде қолдануға болады. Мысалы, бір оқиғаның орын алған жерін көрсету үшін қолданылады.

Таймлайн. Қазақ онлайн медиасында бұл формат аса танымал емес. Бұл жерде оқиғаны хронология түрінде береміз. Оған қосып басқа форматтарды да қолдануға болады.

Сұрақ-жауап. Ол мультимедиалық форматқа аса келмейді. Тек егер баяндау барысында кейіпкер немесе тарихи оқиғаға кішігірім сипат беру үшін қолданылмаса ғана.

Тест, ойындар. Тест оқырманның сторителлингке көз қарасын білуге, ал ойын оқырманды сол материалға деген қызығушылығын суытпауға, интерактив орнатуға мүмкіндік береді.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Мультимедиалық өнім мен дұрыс жазу дағдысы үшін журналиске қажет құралдар
  2. Советы журналистам: как делать мультимедийные истории об экологии?
  3. Storytelling Tools. We build easy-to-use tools that can help you tell better stories.
  4. Коммерсант жасаған “Земля отчуждения” жобасы
  5. 14 методов онлайн-сторителлинга: тексты, графика, анимация, видео, аудио, social media 

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Қалаңыздағы ғимараттардың тарихи суреттерін табыңыз. Дәл сол ракурстан жаңа суретке түсіріңіз. Осы екі суретті juxtapose сервисінің көмегімен дейін және кейінгі көрінісін жасап, бөлісіңіз.

 

КЕЛЕСІ САБАҚ: 3-модуль. 2-сабақ. Интерактив карта

2-модуль. Кәсіби кеңес

Сторителлинг онлайн-курсының “Кәсіби кеңес” тұрақты айдары бар. Мұнда журналистер сторителлинг материал дайындау бойынша тәжірибесін айтып, кеңес береді. 2-модулдің “Кәсіби кеңес” айдарында журналист, газет редакторы Жәнібек Нұрыш газет редакцияда сторителлинг материал дайындау процесі қалай жүретіні, сторителлингте ең бастысы не екені, команда жасақтау туралы айтады.

Жәнібек Нұрыш, журналист:

Біздің басылым соңғы уақытта сторителинг жобаларымен айналыса бастады. Газетімізде “Тағдыр” деген айдармен оқырмандарымыздың қилы тағдырына негізделген материалдар да дайындаймыз. Өз редакциямыздағы тәжірибемізбен бөлісейін.

  1. Ең бірінші тақырыпты анықтау керек, сол тақырыпқа сай хикая іздеу керек. Немесе тақырып жоқ, бір кейіпкердің хикаясын біліп қалсаңыз, соны лонгридке айналдыруға болады. Демек, лонгридте кейіпкер оқиғасы керек. Жақсы хикаясыз, кейіпкерсіз ешқандай сторителлинг болмайды. Мұнда жақсы дегеніміз — жақсы не жаман мағынасы емес, мұндағы жақсы дегеніміз — әсерлі/әсерсіз, елең еткізер/еткізбес, таңғалдырып, шошытып, есте қалар хикая.
  2. Мұндай хикая табу үшін алған тақырыбыңызға сай әр жаққа хабарласып, таныстарды аралап, кейіпкерлер іздеу керек. Бір емес, бірнеше хикая тапсаңыз, тіпті керемет.
  3. Содан соң хикаялардың арасынан ең жақсысын таңдайсыз. Әрмен қарай мейлінше сол хикаяны қазасыз. Оқиғаға қатыстылардың барлығын табуға тырысасыз. Кейіпкерді әбден сөйлетесіз, жылатасыз, күлдіресіз, бір сөзбен айтқанда, мейлінше сығып аласыз. Сосын сол тақырыпқа қатысты басқаларды да сөйлетесіз.
  4. Жалпы оқиғаның тұтас картинасы пайда болған соң, жазуға отырамыз. Ең әсерлі тұстарын ерекшелеп аламыз. Сосын хикаяны өрбітіп жазамыз. Осы тұста құрылымын жасау, тақырыпшаларға бөлу, басынан соңына дейін оқырманды ұстап отыру өте маңызды. Яғни, хикаяның бар қызығын бір жерге жинамай, текстің басынан соңына дейін шашып тастаймыз.
  5. Мәтінге иллюстрация: міне, осы тұста бірнеше тәсіл бар. Фото қосу, сурет қылып салу. Лонгрид фотолары не суреттерінің барлығы бір түстес, стилдес болғаны жөн. Мәтінмен үндесіп, үйлесуі керек. Оқырман не суретке не мәтінге қадалып қалмай, мәтін мен фотоларды не суреттерді бір деп қабылдауы керек. Үлкен сторителлинг жобаларды жасау үшін тұтас команда керек. Ол командада бір не екі тілші, Иллюстратор я фотограф, бетті қаттаушы, редактор, шама келсе администратор-продюсер болғаны жөн.

Бізде әлі сторителлинг материалдар аз, өзім holod.media, takiedela.ru лонгридтерін көп оқимын, үйренемін. Лонгридтерді әрлеуге қатысты бір мәселе, сторителлингте иллюстрациясы не тек фотодан не тек сызылған суреттен болуын құптаймын, және инфографика, анимация, түрлі эффект қосуға болар, бірақ эффектілерді асыра сілтеп жіберуге болмайды, себебі назардың барлығын өздеріне бұрып әкетеді.

Сторителлинг жасау қиындығы — хикая тауып, кейіпкерді сөйлеткеннен кейін сол оқиғаға қатысты басқалардан мәлімет алу, оларды сөйлету, егер меморган, құқық органдарына қатысты тұстары болса, олардан жауап алу, міне бұл қиын іс. Сосын тағы бір қиындық — хикаяда айтылғанға фактчекинг, растау мәселесі. Әсіресе, аты-жөнін құпия қалдырғысы келетін кейіпкер оқиғасын жазғанда фактчекинг өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес іс екен. Аты-жөнін жасырғанда ойдан шығарылған хикая сияқты көрінуі мүмкін. Мұндайда журналист не медианың репутациясы ғана құтқарады. Саржағал медиа емес, салиқалы медиа, сенімге ие журналист болса, кейіпкерінің аты-жөні құпия хикаяға аудитория сенеді.

АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 2-модуль. 3-сабақ. Сторителлингке материалдар жинау

2-модуль бойынша тест

Әр модуль соңында курс қатысушысының оқып-үйреніп, білгенін пысықтауы үшін тест сұрақтары беріледі. 2-модуль бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, өз-өзімізді сынап көрелік…

1-модуль бойынша тест

Әр модуль соңында курс қатысушысының оқып-үйреніп, білгенін пысықтауы үшін тест сұрақтары беріледі. 1-модуль бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, өз-өзімізді сынап көрелік…

1-модуль. Кәсіби кеңес

Сторителлинг онлайн-курсының «Кәсіби кеңес» тұрақты айдары бар. Мұнда журналистер сторителлинг материал дайындау бойынша тәжірибесін айтып, кеңес береді. 1-модулдің «Кәсіби кеңес» айдарында журналист Аян Қалмұрат сторителлинг тақырыбын таңдау туралы сөйлейді. Ол сторителлингке қандай тақырып таңдап, қалай кейіпкер табатынын баяндайды. Видеоны көрейік…

1-модуль бойынша ТЕСТ