ДомойМедиа үні"Ақылды" қалалар: Алматыны сөздікке айналдыру

«Ақылды» қалалар: Алматыны сөздікке айналдыру

«Ақылды» қалалар: Алматыны сөздікке айналдыру

Жаңа технологиялардың арқасында қала тек мекен ету орнынан тұрғындары өзін жайлы сезінетін және бір-бірімен қатынас жасап, өзін дамытуға зор мүмкіндіктер алатын интерактив ортаға айналады.

Дүние жүзі бойынша «ақылды» қалаларға арналған идеялар көптеп пайда болып келеді. Мысалы, былтыр Чикагода Array Of Things жобасы іске қосылды, оның көмегімен қала ішінде жарық беретін көше шамдары қоршаған орта — ауаның ластануы мен айналадағы шу, жарық деңгейі туралы жалпыға қолжетімді ақпарат беретін сенсорлы «қабылдағыштарға» айналды.

sensor-4-640x0

Интерактив қала карталары да күннен күнге танымал болып келеді. Мысалы, go-berlin.net сервисінен қалада дәл қазір не болып жатқанын білуге болады. Немесе Amsterdam City Dashboard – алуан түрлі ашық деректер — оқиғалар, қала бойынша қозғалыс жылдамдығы, қала тұрғындары әлеуметтік желілерде талқылап жатқан тренд тақырыптар көмегімен реал уақыт режиміндегі Амстердамның визуализациясы.

Бристольде енді қаламен тілдесуге де болады — қала шамдары, аялдамалар мен пошта жәшіктері Hello Lamp Post қосымшасын қолданатындарға жауап қатады.

Ал «Узнай Москву» онлайн-жолбасшысы қаладағы серуенді қызықты саяхатқа айналдырады.

Жақын арада қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге арналған жоба — lexicon.city «Сөздік-қала» арқасында «ақылды» қалалар тізіміне Алматы да қосылуы мүмкін.

Жобаны әзірлеушілер оны былай деп сипаттайды:

«LEXICON.CITY мультимедиалық бағдарламасы online да, offline да жұмыс істейді, жапсырмалар топтамасынан және мобильдік қосымшадан тұрады.

Бағдарлама қалада недәуір көп қолданылатын негізгі түсініктерді: зат есім, сын есім, етістіктерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үйренуді көздейді.

Жапсырмалар топтамасын сатып алғандар мобильдік қосымшаны жеке код бойынша орнатып алып, тұрмыстық заттар мен қала нысандарына белгі салып, белгілерін сканерлеп, бағдарламаға қатысу барысында сыйлықтар алады.

Топтаманы сатып алмағандар қосымшаны тегін көшіріп орнатып алып, қаладағы жапсырмаларды сканерлей береді, тек оларға сыйлық берілмейді. Қосымшаны бір тілге басымдық беріп баптауға болады, Алматыдағы стикерлерде қазақ тіліне басымдық берілген.

Белгілер қоғамдық орындардың, қала инфрақұрылымы нысандарының: театрлар, мектептер, жоғары оқу орындары, кітапханалар, саябақтар мен қыдыру орындары, спорттық орындар, қоғамдық көлік және басқалардың ішінде де, сыртында да орналасуы мүмкін».

Қазір «Сөздік-қала» фандрайзинг кезеңінде, іске қосуға әзірлік үстінде. lexicon.city авторларының бірі Виктор Немченко Новый репортерға жоба туралы толығырақ әңгімелеп берді.

Виктор, қаланы дамытудың тіл үйрету әдістемесімен байланысты идеясы қалай пайда болды?

Идея қалаға деген ықыластан туды. Көп мәдениетті кеңістік феноменін түйсіну талпынысынан және бірлесіп әрекет етсек, айрықша міндеттерді іске асыра аламыз деген сенімнен туды. Енді біз оны әдістеме және технология ретінде жетілдіріп, өнім ретінде түрлі нарықтарда дамытуды жоспарлап отырмыз.

Жобаның авторы кім?

Әзірге үшеуміз — мен, Балнұр Жалелева және Диана Баймұхаметова. Ал сөзімен де, ісімен де көмек, қолдау көрсетіп отырғандар тізімі бөлек. Олар — біздің достарымыз, әлемнің әр түкпіріндегі әріптестеріміз. Осы жобаны іске асырсақ деген идеямызға бес жыл толыпты, ақырындап-ақырындап ниеттес, тілеулес достармен қатарымыз толығып, олардың әрқайсысы идеяның дамуына үлес қосты.
Көбінесе — мәдениеттер тоғысында, мегаполистерде өмір сүретін, көп уақытын көлікте және Интернетте өткізетін адамдар.

Ал жапсырмаларды кім әзірлейді? Тіл үйренудің белгілі бір бағдарламасын қолданасыздар ма?

Бүгінге дейін бізге орысша-қазақша-ағылшынша сөздіктің авторы, тәжірибелі педагог әрі аудармашы Елена Леннешмидт кеңес беріп келді. Инвестиция келгеннен кейін біз мамандарды жұмылдырмақпыз, олардың үйлестірушісі Леннешмидт болады — солай болғанын қалар едік.

Осы уақытқа дейін Ленамен бір рет те кездескен емеспіз. Мен ол кісінің сөздігін қолданып, өзімен хабарласып едім, біздің жобаға қатысуға келісім берді. Содан бері Лена өз білімдерін тегін бөлісуге уақыт тауып отыр.

Қазіргі күнге дейін жоба көптеген ниеттес адамдардың ықыласымен дамып келеді, олардың қатысуы, идеяға деген қатынасы бізге де шабыт береді.

Жапсырмалар қалай бөлінеді?

Топтаманың екі басты айдары болады деп жоспарлап отырмыз — тұрмыстық және қалалық. Бірінші жапсырмалар — жапсырылған жерден оңай ажырайтын, зат бетінде із қалдырмайтын болады. Екіншілері — мықты, суға төзімді, бояуы оңып кетпейтін, ауа райы құбылыстарына шыдамды болады.

Топтама ішінде сөздер алфавит ретімен орналасады. Біз қолданушылардың недәуір ыңғайлы болу үшін топтаманы жетілдіру жөніндегі кез келген ұсыныстарды қабылдаймыз.

Қосымша қандай амалдық жүйелерге арнап шығарылады?

Қосымшаны Android үшін де, iOS үшін де шығарамыз.

Бағдарламаға қала тұрғындары мен қонақтарының назарын қалай аудармақсыздар?

Біздің өніміміз сол өнімнің жарнамасының өзі де болып отыр ғой, оның бір өзінде контент те, ақпараттық арна да бар.

Жұрт назарын аударуға осының өзі негіз болады деп ойлаймын. Қатысушылардың өзі бағдарламаның «агенттері» болмақ.

Түскен табыстың бір бөлігін біз қаладағы функционалдық міндеті бар инсталляция және стрит-арттың өзге де нысандарына жұмсаймыз. Сондай-ақ, қолданушылармен диалог қалыптастыру үшін бағдарлама элементтерін жетілдіреміз. Біз әрқашан ұсыныстар қабылдауға әзірміз.

Назгүл Қожабекова
Назгүл Қожабекова
Медиатренер, аудармашы, редактор,медиатренер. Сторителлинг мектебі жобасының авторы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР