Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры Кремний алқабының (Калифорния, АҚШ) келешегі бар стартаптарында тегін машықтану өтуге байқау жариялады. Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «АҚШ ІТ-стартаптарында машықтану» бағдарламасы қорда былтыр құрылған.
Байқау Қазақстанның барлық азаматтары үшін ашық. Іріктеудің басты шарты — үміткерлердің кәсіби дағдылары және өзін-өзі жетілдіруге деген ниеті. Ағылшын тілін жетік меңгеру де міндетті (upper intermediate-тан бастап).
Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды: жарыс бакалавриат және магистратурада оқитындар үшін де, ақпараттық технологиялар саласындағы кәсіби мамандар үшін де ашық.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Биылғы 31 наурызда өтініштер мен құжаттарды қабылдау аяқталады, ал бес жеңімпаздың есімі сәуірдің аяғында белгілі болады. Содан кейін қордың Сарапшылар кеңесі жеңімпаздардың біліктілігіне сай келетін стартаптарды іріктейді.
Алты айлық машықтану курстары 2016 жылғы шілде-желтоқсан аралығында өтеді. Жеңімпаздар стартап акцияларынан үлес ала отырып, АҚШ аумағында машықтанады деп болжанып отыр. Қор бес жеңімпаздың визасын, ұшақ билетін (екі бағытқа), жатын орын мен тамақтану ақысын төлейді. Байқауға қатысу туралы толық ақпарат коммерциялық емес ұйымның веб-сайтында — yessenovfoundation.org — жарияланған.
Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры 2013 жылы Қазақстанда білім беру, ғылым және инновацияларды дамыту мақсатымен құрылған. Қордың міндеті — Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту.
Қосымша ақпарат алу үшін бағдарлама үйлестірушісі Мақсат Құрманбаевқа хабарласыңыздар — + 7 (727) 349 40 04/05