ДомойОқып-үйренСуицид туралы жазудың «жазылмаған» қағидасы

Суицид туралы жазудың «жазылмаған» қағидасы

Суицид туралы жазудың «жазылмаған» қағидасы

Өзіне өзі қол жұмсау оқиғаларының қашан да әлеуметтік мәні бар. Сондықтан болса керек, медиа бұл тақырыпты назардан тыс қалдырмайды. Ғалымдардың айтуынша, бір жағынан, суицид оқиғаларын жариялау – «еліктеушіліктен туындайтын өзіне-өзі қол жұмсау» деп аталатын жағдайдың болу ықтималдығын арттыруы мүмкін. Міне, осы себепті де дүниенің қай бұрышында болмасын, кәсіби журналистер медианың өз міндетінен айнымай суицид тақырыбында жаза отырып, дегенмен «зиян тигізіп алмас» үшін қалай жазып, қалай жеткізу форматтарын, тұжырымдарын үнемі зерттеп келеді.

«Жаңа репортер» осы тақырыпта дұрыс жазуға жөн сілтейтін батыс сарапшыларының кеңестерін ағылшын тілінен аударып, соны толықтыруға отандық сарапшы, дәлірегі психология магистрі, TEENS жасөспірімдер суицидінің алдын алу жобасының жетекшісі Светлана Богатырёваны шақырды.

Оқиға адам туралы екенін ұмытпаңыз. Өзін-өзі өлтіру туралы ақпарат таратқанда ол адам — әлдекімнің досы, не қызы не ұлы, не қызметтегі әріптесі екенін естен шығармаңыз. Оқиғаны адами көзқарас тұрғысынан жеткізу аса маңызды.

Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелеріне ден қойыңыз. Poynter бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеу институтының өкілі Аль Томпкинстің сөзінше, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасына жеке адамның өлімі ретінде емес, денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселе тұрғысынан қараған жөн.

Түрлі дереккөздерді пайдаланыңыз. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшыларға, консультанттарға, қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсететін не суицидтен сақтандыратын топтарға және заңгерлерға хабарласыңыз. Олар проблема туралы әрқалай көзқарас айтады. Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы болған орынның фотосуреттерін қолданбауға тырысыңыз. Керісінше оның көзі тірісінде қандай адам болғанын көрсетіңіз. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер оны танитын адамдарға ауыр әсер етеді.

Контекст, хикая қосыңыз. Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасына елдегі денсаулық сақтау саласының мәселелері тұрғысынан қараңыз. Статистика қандай? Елдегі суицид оқиғаларының нендей себептері бар? Адамдарға көмек көрсету, алдын алу, тіпті райынан қайтару мақсатында қандай бағдарламалар қабылданған?

Дереккөздермен әңгімелескенде биязы әрі әдепті болыңыз. Бүкпесіз әрі жұмсақ та байсалды әңгімелесіңіз. Кім екеніңізді, қандай ұйымнан келгеніңізді айтыңыз. Сізге сұхбат барысында айтқан ақпараттар қалай сақталатынын, оны материалыңызға қалай қолданатыныңызды түсіндіріңіз. Қашан жарияланатынын, неліктен әңгімелескіңіз келетінін де айтыңыз. Егер ол адам ашық сұхбат бере бастаса, жалғастыра түсіңіз. Егер ашылып сөйлемсе, онда байланыс нөміріңізді беріп, әңгімелесуді қаласа, кез келген уақытта хабарласуын өтініңіз.

Дереккөздің материалды дайындау барысына белгілі бір шамада араласуына жағдай жасаңыз. Өмірден өткен азаматты танитын адамдар болған оқиғадан қиналуы әбден мүмкін. Олардың сұхбат кезінде кейбір шешімді өздері қабылдауына мүмкіндік беріңіз. Мысалы, олар қай жерде кездескісі келеді екен? Қандай фотосурет не суреттерді қолдануды қалайды? Қай тұста әңгімесін тоқтап, үзіліс жасағысы келеді? Соны біліңіз. Мұндай қамқорлық адамның тынышталуына әсер етеді.

 

Суицид оқиғасы қиын да күрделі өтеді. Аман қалған адам да өзіне-өзі қол жұмсаудың қиындығын басынан өткереді. Олар сізге не айтса да ешқашан оларды болған іске қатысты айыптамаңыз.

Светлана Богатырёва, психология магистрі, TEENS жасөспірімдер суицидінің алдын алу жобасының жетекшісі:

БАҚ – үлкен аудиториясы бар әрі сол аудиториясына әсер ететін күшке ие ең маңызды ақпарат көзі. Міне, сондықтан да суицид туралы жарияланған ақпараттың мән-мазмұнына да көп нәрсе тәуелді. Сол жарияланған ақпарат жаңа суицид оқиғаларының алдын алуы немесе керісінше жағдайды тіптен қиындатуы әбден мүмкін.

Журналистермен араласып, бірге қызмет ету барысында жинаған тәжірибеме сүйене отырып, өзім байқаған біраз жайттарға қатысты кеңес бергім келеді.

Өзін-өзі өлтіруге жеке адам не отбасының хикаясы тұрғысынан емес, қоғамдық денсаулық сақтау оқиғасы ретінде қарау тезисімен толық келісемін. Журналист — психолог та, тергеуші де емес. Материалда кейбір деректер отбасынан жасырылуы, ал ендібір деректер сондай маңызды негізге ие болмаса да алдыңғы қатарға шығуы мүмкін. Оқырмандар оқиғадан суицидтің біреулердің кінәсінен болғаны немесе ешкімнің де қатысы жоқтығы туралы қорытынды жасайды. Ал суицид туралы мұндай көзқарас тұрғысынан ойлану қауіпті. Өйткені, оқырмандар (оның ішінде кәмелет жасына толмағандар да бар) сондай ақпаратты өз өміріне теліп, «менде де дәл осындай жағдай ғой» деген қорытындыға келуі мүмкін. Мысалы, «мені де әкем солай ұрады», «мені де мектепте солай мазақтайды», «мен де ҰБТ-дан өтпей қалудан қорқамын»… Демек, суицидті тығырықтан шығудың тәсілі ретінде қабылдап, онысын іштей ақтап алады. Егер де ситуацияны бағамдау қажет болса, онда «шамасы жетпеді», «көмек алуға жете алмады» мазмұнында берген дұрыс. Сонда кез келген, тіпті өте ауыр жағдайдан да шығудың жолы бар екенін, тек оны іздеу табу керегін көрсетесіз.

Оқиғаға романтикалық мән беруге немесе оны детектив тергеуіне айналдыруға, яғни күнделіктерінен үзінді келтіріп, оқиғаның хронологиясын жасап, суицид жасаушы қалай дайындалғанын баяндауға мүлдем болмайды. Мұндай деректер өзіне-өзі қол жұмсауды ойлайтындар үшін дайын инструкцияға айналады. Бұдан бөлек, өзіне-өзі қол жұмсаған адам кейіпкер болудан қалады. Оның өмірінің соңғы айлары не соңғы сағаттары туралы егжей-тегжейін жазып, ойлары, әлеуметтік желілердегі посттары жайында материалдар жариялануы мүмкін. Көптеген жасөспірім-суициденттерге көпшіліктің назары жетіспейді. Олар сондай материалдарды оқып, өлгеннен кейін болса да назарға ілінуге болатынын түсінеді.

Мақалаға иллюстрация ретінде оқиға орнынан түсірілген фотоны да видеоны да, тіпті суицидтің амал-тәсілдерін бейнелейтін, мысалы қол-аяқтарын тілгілеп, кесу, арқан жіп, таблетка және тағы басқа нәрсенің фотовидеосын беруге мүлдем болмайды. Мұның бәрі де дайын инструкция. Сонымен қатар қазіргі жасөспірім-миллениалдар көрнекі-бейнелі ойлайды. Олар үшін фотовидеодағы нәрсе мәтіннен де ұғынықты.

Тұтастай алғанда, суицид туралы жазатын әрбір азамат сол жазғанын баласы немесе жасөспірім жастағы жақын туысы оқыса, қалай түсінетінін ойлағаны жөн. Яғни, өзін сол материалды оқитын жасөспірімнің орнына қойып, ол бұл мақаланы қалай қабылдайтынын, қандай ойға баратынын түсіну керек. Мақаланың қай тұсын реттеу керегін түсінуге көмектесетін сұрақтың бірі осы.

Суицид – өте үрейлі әрі әсері ауыр тақырып. Оны туған-туыстарының эмоциясымен, «арандататын» фотосуретпен не суициденттің күнделігіндегі, блокноттарындағы, әлеуметтік желідегі посттарында жазғандарымен тіптен өршітудің қажеті жоқ. Ал егер суицид жасауға әрекеттенген адам аман қалса, онда сол адамнан суицидке және өмір құндылықтарына деген көзқарасының оң жағына өзгергені туралы сұхбат алудың пайдасы өте көп.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рекомендациялары:

БАҚ-та және әлеуметтік желілерде өзіне өзі қол жұмсау туралы материал жариялаудағы жауапкершілік.

Өзіне-өзі қол жұмсау турасында БАҚ-тағы жарияланатын «жауапкершіліктен жұрдай» ақпараттар суицидке сенсациялық және жалт-жұлт өң береді. Бұл халықтың осал топтары арасынан өзіне-өзі қол жұмсауға еліктейтіндердің көбею қаупін ұлғайтады. БАҚ-тың танымал адамдар өзіне-өзі қалай қол жұмсағаны туралы ешқандай негізсіз егжей-тегжейлі жазуына, суицидтің ерекше амал-тәсілдері немесе өзін-өзі өлтірудің серияға айналғаны туралы хабарлауына, өзіне-өзі қол жұмсаудың амал-тәсілдері жайында ақпарат беріп, суреттерін көрсетуіне, өзін-өзі өлтіруді ақтап алуға, мұндай жағдайды дағдарыс не бақытсыздыққа қарсы қалыпты реакция ретінде сипаттауына болмайды.

Өзіне-өзі қол жұмсау мысалдарымен оқып-танысу әлсіз индивидтердің суицидальді әрекетке бару қаупін арттыратыны анықталған. БАҚ-тағы ынтымақтастық және жауапты журналистика ұстанымдарын әзірлеу мен тарату – БАҚ бетінде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларынан ақпарат таратуды оңтайландырып, суицидке еліктеушілердің санын азайтуға септеседі. Журналистерге арналған нұсқаулықтарды таратуға БАҚ-тың белсенді атсалысуы нәтижесінде Аустралия мен Аустрияда осындай оң өзгерістер байқалды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР