Күн сайын қазақша сайттардың бірінде Қазақстандағы танымал жұлдыздардың көз жұмғанын хабарлап не масқаралап жатады. «Жаңа репортер» бұл ресурстың қандай сайт екенін анықтап көрді.
«Көз жұмды», «өмірден озды», «ұят-ай» сөздерімен басталатын айқайлаған тақырыптағы сілтемелер Facebookтегі танымал группаларда тұрақты жарияланады. Аудиторияның назарын аударып, қызықтырады. Сілтемесінде janalikhtar сайты көрсетіледі. Осынау фейк ресурс – фактчекиң жасауға таптырмас тәжірибе.
Мұндай ресурсқа сену не сенбеуді тез шешетін бес қағида бар.
- Сайттың байланыс деректері бар ма? Жауап – жоқ.
- Автордың есімі көрсетілген бе? Жоқ
- Дүрліктіретін, сенсация тақырыптар бар ма? Иә
- Басқа ресурстар таралып жатқан ақпаратты растай ма? Жоқ
Жарияланған ақпараттың растығын тексеретін тағы бір ереже –ақпараттың дереккөздері сенімді ме? Сайттағы адамдар расымен де өмірде бар, бірақ олар ешқашан мұндай мәлімдеме жасамаған.
Бұрынғы танымал журналист, бүгінде Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Берік Уәли аз уақыт алдын ыңғайсыз жағдайда қалды. Тіпті фейк сайтта жарияланған ақпаратқа қатысты кешірім сұрауына тура келді.
Күмәнді сайт туралы толығырақ білу үшін whois.domaintools.com сервисіне жүгіндік. Бұл сервистен сайт домені тіркелген мемлекет, IP мекенжайы, порталдың қашан тіркелгені және тағы басқа көптеген деректері жөнінде ресми мәлімет алуға болады. Сайттың Моңғолия астанасы – Ұланбатыр қаласында тіркелгені анықталды.
— Егер портал біздің аймақта, яғни Қазақстанда тіркелсе, онда сол мезетте сот шешімімен кем дегенде сайттың доменін жауап тастайды. Тіпті сот алдында жауапкершілікке тартатын еді. Сондықтан да сайтты халықаралық зонаға шығарып отыр. Өйткені, сайт тіркелген юрисдикцияда Қазақстан заңдарының ісі жоқ,-дейді Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров.
Сарапшының пікірінде, мұндайда ең дұрысы – игнор жасау.
— Олардың ісімен айналысуға бұған құзіреті жететін құқыққорғау органдары ғана кірісіп, шара қолдана алады. Кез келген жарияланған пост, кез келген сілтемені бөліссеңіз, онда соны танытып, таралуына жәрдем етесіз. Олардың да көздегені осы. Адамдар көбірек оқып, индекстеліп, талқылай бастағанын қалап отыр. Бұл – вирусты маркетинг. Сайтқа келушілер санын осындай тәсілмен арттырады. Сондықтан да жай ғана игнор жасауды ұсынамын,-деді Шавкат Сабиров.
Егер сіз сонда да айқайлаған тақырыпқа елітіп, сілтемеге өтсеңіз, онда ақпаратты тексерудің 5 ережесін ұмытпаңыз.