4-модуль. 1-сабақ. VideoStory

0
312

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, журналист, видео-маман Марат Садыков сторителлинг видео, яғни видео-стори қалай жасалатынын, құрылымы қандай болатынын, кейіпкер неліктен маңызды екенін әңгімелейді.

Оқуға арналған материал

Сторителлинг видео қалай жасалады?

VideoStory жасағанда алдымыздан шығатын бірінші сұрақ: “Қайсы маңыздырақ, кейіпкер ме әлде видео ма?”

Мен үшін ең алдымен кейіпкер маңызды. Мықты кейіпкер болмаса, қызықты стори да шықпайды. Әрине біз бір адам туралы әдемі видео түсіре аламыз, оны кәсіби тұрғыда монтаждай аламыз. Дегенмен егер қызықты оқиғасы жоқ кейіпкер болса, бұл визуалды әдемі кадрлар жиынтығы ғана болып қалмақ. Сондықтан кейіпкер сәтті сторидың кепілі.

Сізде тамаша оқиғасы бар кейіпкер бар делік. Сіз одан сторителлинг жасағыңыз келеді. Ол туралы әртүрлі форматта көп деректер жинадыңыз. Қайсысын мәтін, сурет не видео түрінде бересіз? Әрбір оқиғада жазғаннан гөрі оқырманның өзіне көрсететін деректер болады.

Видео сторителлингтің бір компоненті болуы мүмкін, сонымен қатар оқиғаны толығымен видео арқылы баяндауға да болады.

Кейіпкер ретінде бір ерекше оқиғаны басынан өткерген, түрлі қиындықтарға мойымай мақсатына жеткен немесе әлі күресіп жүрген, өмірі түбегейлі өзгерген адамды алуға болады.

Адамның баянын видеоға түсіруді бастамас бұрын дайындық жұмыстары қажет. Бұл дайындық сценарий жазу, түсірілім уақытын, монтаж уақытын үнемдейді. Әдетте біз сценарий жоспарынан бастаймыз. Кейіпкерді зерттеу. Алдымен өзімен жүзбе жүз кездесу керек, бұған көбірек уақыт бөлген жоқ. Кездесуге мүмкіндік болмаса, қоңырау шалыңыз. Кейде кездескен соң да бірнеше рет қоңырау шалып, деректерді нақтылауым мүмкін. Кейіпкерді зерттеңіз, барлық қызықты, қажетті деректерді жазып алыңыз.

Мәселен біздің кейіпкеріміз – отбасылы қарапайым еркек. Күндердің күнінде оның жұбайы ауыр науқасқа шалдығып, төсекке таңылады. Кейіпкеріміз не істейді: ауру жұбайын тастап кете ме әлде күтім жасау үшін жұмысын тастай ма? Осы жерде сыну нүктесі басталады. Сюжет басында оқырманды қызықтыруы тиіс. Ары қарай оның таңдаған қадамына байланысты мінезін ашып отырамыз. Кейіпкер не ойлады, не сезінді? Осындай сәттерді сұхбат арқылы немесе кадрдан тыс дауыстар арқылы беруге болады. Мұндай детальдер кейіпкер сипаттамасынан да артық. Ары қарай сөзден фактіге өту қажет.

Ары қарай “завязка” деп аталатын бөлімге келеміз. Мұнда конфликті басталады. Кейіпкердің өзгерісі, психологиялық сынуы. Мен бір зағип жан туралы фильм жасадым. Кейіпкер дәрігер қателігінен, көру қабілетінен айырылады. Өз оқиғасы туралы айтып отыр: “Көзім көрмей қалғанда ұзақ уақыт депрессияда болдым. Еш нәрсеге зауқым болмады. Бір күні үйде отырғанда 8-сынып оқитын қызым жылады. Неге жылайсың десем, бір апта бойы интернеттен көздің трансплантациясы туралы іздепті. Егер ондай мүмкіндік болса мен көзімнің біреуін саған берер едім дейді. Мұны естіп мен де жыладым. Бірақ осы әңгіме мені өзгертті. Бірден жиналып, есімді жидым”. Кейіпкердің эмоциясын сақтай отырып өмірін өзгерткен қадамға қалай барғанын ашып отырамыз. Ары қарай кульминация басталады. Кульминацияда кейіпкер конфликтіні шешу үшін не істегенін көрсетеміз.

“2012 жылы Атырауда зағип жандарға арналған “Мөлдір көз” қоғамын құрдым. Осылайша өзім сияқты адамдар бірігіп, жұмыс істей бастадық. Бір-бірімізге психологиялық, консультациялық көмек береміз. Мүгедек адамдардың құқығы жиі бұзылады. Бір заң бойынша өз құқымыздың қорғалуын талап етеміз”.

Енді кезек “развязкаға” келеді. Оқиға шарықтау шығына жетіп, немен аяқталды? Кейіпкер өзгерістерден өтіп, қандай шешімге келді? Не істеді?

“Қиындық әрқашан болады. Тіпті аяқ қолы балғадай адамдарда да болады. Өзім ештеңе көрмеймін. Үйде отыра берсем тіпті мақрұм қалам ғой. Сондықтан тиын тебем тапсам да, еңбектен қол үзбеймін”.

Видео мәтін жазғаннан гөрі күрделірек процесс. Сценарий жоспарын, түсірілімді жасаған соң келесі кезең – “раскадровкаға” көшеміз. Тәжірибелі видеографтар раскадровканы жасамауы мүмкін. Себебі олар қай кадрды неден соң қоятынын автоматты түрде ойлап тұрады. Бірақ кейде оқиғаны қалай жалғастырарымды білмегенде раскадровка жақсы көмектеседі. Әр кадрды жіктеп отырғанда басыңда түрлі идеялар пайда болып, бейне анық көріне бастайды. Видеомен енді шұғылданып жүргендерге раскадровка жасау міндетті. Себебі бұл сіздің шығармашылық қиялыңызды шынықтырады.

Раскадровка – кадрларды шартты түрде суретке салып, оқиға өрбуін тізбектеп көрсету, ірі план, жалпы, орта планды белгілеу. Сырт қарағанда комикске ұқсайды. Сізден суретті әдемі салу талап етілмейді, өзіңізге түсінікті болса болғаны. Сурет астына комментарийлеріңізді жазасыз.

Түсірілім басында өз кейіпкеріңізбен араласыңыз. Нені қалай түсіргіңіз келетінін, қоятын сұрақтарыңыздың нобайын алдын ала айтыңыз. Операторыңызға нені қалай түсіргіңіз келетінін айтыңыз. Мүмкіндігінше өмірдегі қалпын түсіруге тырысыңыз, Арнайы қойылым жасалған видеодан шынайы видеолар қызығырақ. Кейіпкерден күндегі тірлігін жасауды өтінсеңіз, ол әдеттегідей автоматты жасап жүрген әрекетін жасайды. Осылайша үйреншікті жұмысын істеп отырғанда кейіпкер қысылмай сөйлейді, өзін жайлы сезініп әңгімені де еркін айтады. Кейіпкерге жат әрекеттерді таңбаңыз, бұл бірден көрінеді. Кейіпкерді идеалдандырып, ол жасамайтын әрекетті жасатқызбаңыз, ол ойламайтын ойды оған таңбаңыз. Монтажды түсірілім жасаңыз. Монтажды фраза дегеніміз – бір әрекеттің логикалық тізбегін монтажға лайықтап түсіру.

Мәселен сіз тұшпара дайындайтын әйел туралы сюжет жасайсыз. Кейіпкердің цехына бардыңыз. Ірі планмен қамыр жайып жатқан әйел, жалпы планда – цехта қамыр илеп тұрған әйел, ірі план – тұшпараны қорапшаларға салу, жалпы планда тұшпараны қораптарға салып жүрген келіншектер, орташа план – қаптамалар және жұмыс істеп тұрған келіншек, ірі план – тұшпара. Монтаж фразасы 6 кадрда жартылай фабрикаттың жасалу циклін толықтай көрсетіп шықты. Егер процесті толығымен түсірсек 1,5 сағатқа созылар еді. Ал бізде 15 секундқа сыйып кетті.

Түсірілім және монтаж кезінде атмосфераны жеткізу өте маңызды. “Көрермен динамиканы да сезсін” десеңіз, көбірек қозғалыс, кадрлар ауысуы жылдам болғаны жөн. Бұл жағдайда кадрлар да тығыз болады. Егер қандай да бір сәттерді еркін асықпай сезінуі керек болса, жалпы кадрдан ірі планға өтуі де баяу болады. Мысал ретінде екі үзінді беремін. Өздеріңіз кадрлар ауысуынан байқап көріңіз.

Сценарий жазу мәселесіне тоқталмайын, себебі алдыңғы сабақтарда айтылған ережелер видеостори жасауға да келеді. Тек, жеке ұсынысым – сценарий жазбас бұрын барлық синхронды егжей тегжей қағазға түсіріп алыңыз. Қай файлда кімнің нешінші минутта не айтқанын жазып алыңыз. Қызық сәттерді, интершум, блоктарды жзып, видеоны толық қарап алыңыз. Немен басталып, ортасын, соңы немен аяқталатынын біліңіз. Кейде мен кадрларды қарап отырғанда сюжеттің немен басталып, қай кадрмен аяқталатынын алдын ала біліп, белгілеп қоямын. Содан соң қалған барлық видеоларды құрап жасаймын.

Видео эмоция тудырып, кейіпкердің жанында болып, бүкіл жағдайды тұла бойыңызбен сезініп, өз басыңыздан өткізгендей әсер қалдыруы керек. Әдетте жалпы көріністі беретін қандай да бір видеоларды алып қоямыз. Мұны бізде “обои” деп атайды. Бірақ бізге видео мағынасын ашатындай кадрлар қажет. Сіздің ролик, фильм, сюжетіңіз оркестр іспеттес. Яғни ол музыкадан, монтаждан, кадрдан, мәтіннен құралады. Мұны жасау үшін үлкен команда жұмыс жасайды: журналист, оператор, монтаждаушы, дыбыс режиссері. Осы команда үйлесіп, әркім өз партиясын мүлтіксіз орындағанда өнер туындысы, тамаша шығарма туады. Сонда сіз 100% табысқа жетесіз. Ұсақ-түйекке мән беріңіз. Видеодан ұсақ детальдердің маңызы зор. Тіпті сәл ғана дыбыстың ақауы, видеоның дірілі бүкіл еңбекті зая етуі мүмкін.

Соңғы кеңесім – видеоны түсіріп, монтаждап болған соң тағы 1-2 күнге қалдырыңыз. Бірнеше күннен соң тағы да жетілдіретін тұстарын табуыңыз мүмкін. Ал егер түзететін жері болмаса, демек сіз жақсы бейне баян жасадыңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Seven Rules Of Effective Video Storytelling
  2. Visual Storytelling (Видеода қолданылатын эффектілер туралы)

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Өзіңізге ерекше әсер еткен, дүниетанымыңызды, көзқарасыңызды өзгерткен адам туралы шағын (2-3 минут) видео түсіріңіз.

 

КЕЛЕСІ САБАҚ: 4-модуль. 2-сабақ. AudioStory

LEAVE A REPLY

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь