4-модуль. 3-сабақ. DataStory

0
260

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, медиатренер Асхат Еркімбай дата-журналистика дегеніміз не екенін, дата-сторителлинг, яғни дата-стори қалай жасалатынын, датаға негізделген материал жасау қадамдары туралы әңгімелейді.

Оқуға арналған материал

Алдымен “дата журналистика не үшін керек?” деген сауалға тоқталайық. Қазір интернетте ашық мәліметтер көп, олардың дені санмен өрнектелген. Әсіресе біздің елімізде басшылар, ресми тұлғалар мәлімет бергенде негізінен сандарға көп тоқталады.

Тақырыпты түсіндіру үшін бір мысалға тоқталайық, 2017 жылы сол кездегі ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бүкіләлемдік экономикалық форумда Қазақстан теміржол сапасы жөнінен 136 елдің ішінде 26-орында тұр деп мәлімдейді. Дата журналист ретінде бізге бұл қызық. Бұл мәлімет қалай шықты, бұл сандар қайдан алынды, бұл көрсеткіш жақсы ма, жаман ба деген сұрақтарға жауап бере отырып, оқиға іздеуге тырысамыз. Жаңалық ресми сайтта жарияланған, бұл сайттан біздің байқайтынымыз, деректі бүкіләлемдік экономикалық формуда мәлімдеген екен. Демек біз бүкіләлемдік экономикалық форумды іздейміз. Мұндай форум шынымен бар, осындай атаулы ұйым да, олардың сайттары да бар екен. Бұл сайтқа кіріп жыл сайын осы ұйым әр ел бойынша есеп жариялайтынын байқадық. Бізге қажеті 2017 жылғы есеп. Біз 2017 жылғы есепті ашсақ, ол тұтастай ағылшын тілінде екен. Біз жалпы барлық елдің деректерін қарай аламыз. Бұл есепке жауап беретін адам бар, біз оларға хат жазып нақтылауымызға болады. Бізге қажеті – осы есептегі Қазақстанға қатысты деректер. Қазақстанға келетін болсақ, бұл құжаттың 237 бетінде Қазақстанға қатысты деректер көрсетілген.

Байқағанымыздай бұл жерде бірнеше индикатор бар. Институт, инфрақұрылым, макроэкономика, денсаулық, бастауыш білім беру, жалпы 12 индикатор бар екен. Әр индикаторда Қазақстан әртүрлі көрсеткішке ие. Бізге қажетті теміржол сапасына келсек, шынымен де екінші индикатор инфрақұрылым, оның ішінде 2.03 деген жолда теміржол инфрақұрылым сапасы бойынша 26 санын көріп тұрмыз. Байқағанымыздай 2.03-тармақ бойынша Қазақстан 26-орында тұр.

Енді “Осы мәлімет қайдан шықты? Сауалнама негізінде болса оған кім қатысты?” деген сұрақтарға жауап іздеп көрсек, аталған құжаттың бірінші бетінде жалпы ұйымдардың атауы жазылғанын көреміз. Сөйтсек, Қазақстанда бұл сауалнаманы жүргізген ұйым, яғни ӘЭФ серіктесі – ұлттық зерттеу орталығы, оны Ақтоты Айтжанова басқарады екен. Есепке жауаптылардың ішінде Асылан Ақымбаев, Сәуле Ғазизова бар. Біз осы ұйымға хабарласа отырып, осы адамдардан сауалнаманың қалай жасалғанын сұрауымызға болады. Сонымен қатар 2017 жылғы есеппен бірге, ӘЭФ сайтында 2018 жылғы есеп те жарияланған. Сол есептің ішіне кіретін болсақ, 637-бетінде сауалнамға қатысқан жалпы адам саны көрсетілген. Сауалнамаға қатысқан адамдардың көпшілігі директор лауазымындағы кісілер екен. Бізге қажеті – 2017 жылы, Қазақстанда бұл сауалнамаға небәрі 86-адам ғана қатысқан. Яғни 86 адам пікіріне сүйене отырып Қазақстандағы теміржол сапасы жүзден аса елдің ішінде 26 орында деген қорытындыға келген екен. Ал 2018 жылы бұл сауалнамаға 124 адам қатысқан екен. Ендігі қызық сауал, сауалнамаға қатысатын адамдарды қалай кіріктеді, неге дәл осы адамдар қатыстырылды, неге 90 немесе 80 емес, неге дәл 86 адам. Бұл үшін сауалнаманы жүргізген Ақтоты ханым басқаратын ұйымды іздеп көреміз. Google бұл адамдар туралы не біледі? Google-ға Ақтоты Айтжанова деп енгізетін болсақ, Ұлттық зерттеу орталығында жұмыс істейтіні, шетелде оқығаны туралы мәліметтерді таптық, осы зерттеу орталығына қатысы бар екенін көрдік. Тіпті жұмыс орнын, адресін көре алады екенбіз. Ұлттық Зерттеу орталығы Астана қаласында, Қабанбай 53 мекенжайында орналасқан. Егер біз осы мекенжайы енгізсек, бұл мекенжайдың Асқар Мамин басқарған мекемеден аса қашықтықта орналаспағанын көре аламыз. Яғни бұл екі мекеме өте жақын орналасқан, араларында байланыс болуы мүмкін.

Бұл мысалды тұтастай “дата журналистика” деуге келмейді, бірақ мәселенің анық-қанығын біліп, мәліметтердің қайдан шыққанын түсінуге көмектеседі. Енді жалпы деректер дегенге тоқталсақ, ол ағылшын тілінде “дата” деп қолданылады. Бұл сабақта мен де “дата” деген сөзді қолданамын.

Жалпы Орта Азия елдеріне тоқталатын болса, тек Қазақстанда ашық деректер деген түсінік бар. Дата әртүрлі жолмен жиналуы мүмкін. Мәселен, сіздер білесіздер, сауалнамалар жүргізу, үй үйді аралап, адамдардан мәлімет жинауы мүмкін. Бізде бұл ұлттық санақ бойынша жүзеге асады. Біз туралы кесте түрінде көрсетілген мәліметтер банкте немесе денсаулық сақтау мекемелерінде бар. Соның барлығын біз дата журналиситкада дата деп қарастырамыз. Сондай-ақ датаның бірден визуализацияланған түрін көруіміз мүмкін. Яғни датаның көрінісі әртүрлі болады.

Қазақстандағы дата туралы заңға назар аударайық. Біздің елімізде ашық деректерге қатысты нақтыланған заң бар. Ол ҚР “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” 2015 жылғы заң. Негізгі түсіндірмесінде ашық деректер дегеніміз машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар деп аталған. Яғни дата дегенді Қазақстан заңнамасында негізгі ресурстар деп көпше түрде алған. Сонымен қоса олар машина оқи алатын түрде ұсынылуы тиіс, біз оны пайдалана алуымыз керек және оны жариялай алады екенбіз. Алдымен бірінші түсінікке тоқталайық, машина оқи алатын дегеніміз не? Қазақстанда Ашық үкімет порталы бар және ашық деректер беретін порталдар бар. Ол дата немесе e-gov.kz деп аталады. Бұл жерде 3 мыңнан астам түрлі мәліметтер жиналған. Кез келген журналист немесе азамат осы ашық деректер порталына кіріп өзіне қажетті деректерді пайдалана алады. Біз сіздермен білім деген бөлімге кіріп, соның ішінен бір деректерді қадағалап көрейік. Біз білім секциясына кірсек, сүзгілері бар, мәлімет таңдаған кезде облыс бойынша, мекеме бойынша деректерді таңдай аламыз. Сала бойынша да таңдай аламыз, соңғы жаңартылған деректерді қарай аламыз. Мәселен балабақшалар тізбесін назар аударып, осы деректерге тоқталып көрейік. Файлдың басында дата туралы сипаттамалар (Балабақшалар тізбесі, балабақшалар атауы, мекенжайы, директорлардың аты-жөні, деректер иесі, т.б.) бар, олар деректердің метадатасы деп аталады. Бұл өте маңызды, дата журналистерді бұл деректерді қайдан алдыңыз деп кінәлауы мүмкін. Сол кезде біз деректерді қайдан алғанымызды, кім жасағанын, оның дұрыстығына кім жауапты екенін айта аламыз. Сонымен осы деректерді жүктеп көрейік. Файлды жүктейтін кезде бізге бірнеше форматты таңдауға ұсынады: Excel, Docx, JSON, XML, CSV. Осының ішінде тек төртеуі машина оқитын форматқа жатады. Олар Excel, JSON, XML, CSV, ал Docx бұл мәтіндік формат болғандықтан датаны машина түсінетін форматқа жатпайды. Осылайша Қазақстанның ашық деректер порталынан өзімізге қажетті деректі жүктеп аламыз. Енді осы құжатты ашып көретін болсақ, ол кесте түрінде берілгенін байқаймыз. Онда бірнеше бағандар, жолақтар бар. Компьютер тапсырма бойынша адам көмегінсіз осы сандарды реттеп, түсіне алады. Сол себепті машина түсінетін формат деп аталады.

Енді дата журналистика қандай қадамдардан құралады? Бұл процес бірнеше кезеңнен тұрады:

  1. Compile – деректерді жинақтау, ағаш кессең ұзын кес, қысқарту оңай дегендей, мәліметтердің мейлінше көп болғаны жөн;
  2. Clean деректерді тазалау. Датаны артық мәліметтерден тазалаймыз;
  3. Context -деректерді бір мазмұнға байланысты жинақтау. Датада ненің көп, ненің аз екенін байқаймыз.
  4. Combine деректерді бітұтас формаға келтіру, анализ жасау сараптау;
  5. Communicate – осы датаны ел жұртқа түсіндіру. Бұл әртүрлі формада болуы мүмкін.

Бұл жерде айтып өтуіміз керек. Дата журналистиканы әдетте тек инфорграфика арқылы түсіндіреді деген жаңсақ пікір қалыптасуы мүмкін. Шындығында дата журналистика тек сандар туралы көбірек баяндау емес, ол аудио, видео немесе инфографика, деректі кино немесе бір ойын түрінде де көрініс табуы мүмкін. Датаның артындағы оқиғаны түсіндірген кезде әртүрлі форманы таңдауымызға болады. Сіз деректерді жинап, дата журналистиканың негізгі кезеңдерінен өткен соң оны жариялау үшін осы курста айтылған кез келген форматты таңдай аласыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. “Думай как дата-журналист: Руководство по журналистике данных” Оқу құралы. Авторы Ева Константарас.
  2. The Data Journalism Handbook 2
  3. Графики, которые убеждают всех 

 

Тақырып бойынша тапсырма:
Ашық деректерді пайдалана отырып, есіміңіз немесе сізге ұнайтын есімдердің қай жылдары не себептен тренд болғаны туралы шағын стори жазып көріңіз.

 

АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 4-модуль. 2-сабақ. AudioStory

4-модуль бойынша КӘСІБИ КЕҢЕС

LEAVE A REPLY

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь