ДомойМедиасын"Нұр-Сұлтан резеңке емес". 7-13 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

«Нұр-Сұлтан резеңке емес». 7-13 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

«Нұр-Сұлтан резеңке емес». 7-13 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптаның ең басты ньюсмейкерлерінің бірі – вице-премьер Бердібек Сапарбаев болды. Оның «Нур-Султан не резиновой» дегені апта дәйексөзіне айналды. Қазақстандық телеарналар оның сол сөзін назарға алып, астананың алуан-алуан мәселесіне түрлі сюжеттер түсірді. Бір телеарна ішкі көші-қонға назар аударса, ендібірі жемқорлық пен ЛРТ құрылысын қозғады, ал тағы бір телеарна қоқысты сөз етті. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын халықтың Нұр-Сұлтанда не болып жатқаны жөнінде танымы кеңейіп-ақ қалды.

«Атыраулық дәрігерлер ісі» де басылар емес. «Мемлекеттік» телеарналар қоғамның дәрігерлерге бағытталған ашу-ызасын басуға барын салып бақты. Сонымен шолуымызда КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды ақпараттық бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
Өткен аптадағыдай сияқты, бұл аптаның да басты тақырыбы – Атыраудағы перинаталды орталықта болған шақалақ өлімі. Материал авторлары көрерменге статистикалық деректерді таныстырды: соңғы үш жылда осы перинаталды орталықта дүниеге келген 432 сәби шетінепті, 45,5 мың сәби үйіне шығарылған. Мұның барлығы да ресми деректер. Кенеттен журналист: Бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев ұрлаған миллиондар, оның сәбиді мұздату камерасына қалдыруды бұйырғаны» деп айтып салады. Еске салайық, дәрігер «пара алды» деген күдікке ілінген, бірақ әлі соты болмады, бірақ оны сюжетте «ұры» деп атады.
Тұтастай алғанда, сюжет мейлінше толыққанды жасалған әрі тепе-теңдік сақталыпты. Қайтыс болған сәбидің әжесін сөйлеткен, ауруханадағы қызметінен кеткелі жатқан дәрігерлердің бірінен пікір алған. БАҚ бетіндегі шудан кейін сол перинаталды орталықтың дәрігерлеріне қылмыскер ретінде қарау белең алыпты. Осында сәтті босанып, аяғын бауырына алғанын айтатын жас аналардың да пікірі бар. Мәслихат депутатының «бұл ауруханадан басқа да ауруханаларда мәселе көп екенін, ауруханалар миллиондаған қаржыны ауланы абаттандыру мен PR-ға жұмсайтынын, бірақ аурухана ауласын аралау барысында ешбір гүл көрмегенін айтқан» пікірі де жүр. Бұған қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі не ойлайтыны сюжетте айтылмапты.

ЛРТ туралы материалда бэкграунд жоқ. ЛРТ дегеніміз не? Қайдан әкелінген, қайда салып жатыр? Бұ жағы түсініксіз. Журналистер «қалың көрермен ЛРТ тақырыбымен етене таныс, бар жаңалықтан хабардар» деп ойласа керек. Сонымен ЛРТ туралы хабар дайындауға Тоқаевтың осы мәселені тездетіп шешуді талап еткен мәлімдемесі себеп болыпты. Мәселе – айқын, құрылыс барысында қаржы жымқырылған. ЛРТ құрылысы қай әкімнің кезінде қалай жүргізілгенін студияда айтты. Кейбір шенеуніктердің (аты-жөндері айтылмады) елден сыртқа шығуына тыйым салынған. Сюжетте президенттің мәлімдемесінен басқа жаңа дерек жоқ.

«Нұр-Сұлтан резеңке емес» екені туралы сюжет. Материал авторлары елордағы көшіп келген бірнеше адамның профайлын жасапты. Кейбірінің хикаясы сәтті аяқталады, ендібірінің оқиғасы айтарлықтай жақсы бітпейді. Десе де шенеуніктердің ауылдарды дамытуға қатысты арнайы бағдарламаларды енгізіп жатқанын айтып өтті. Олар ішкі көші-қонды қалай бәсеңдетуге болатынын да анықтапты. Десе де сюжетте ішкі миграцияның не жаман, не жақсы екенін біле алмадық. Нақты мысалдар, мәселен 100 000 адам көшіп келсе, онда 20 мектеп, 30 аурухана, 40 балабақша және тағы басқасы қажет екенін айтуға болар еді. Жалпылама айтқанда, түсініксіз сюжет.

«Больше деталей» айдары жақсы әрі толыққанды жасалған. Мұнда көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақылар, тек көпбалалы отбасыларға ғана емес, сонымен қатар басқасына да бұл жәрдемақылар берілетінін айтты. Ешкімге алақан алақан жаймай, мемлекеттен көмек сұрамай-ақ балаларын асырап отырған көпбалалы ана – қызық кейіпкер. Ол әйелдің көпбалалы болуы – өз таңдауы әрі бақыланатын іс деп біледі. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу қажет деп есептейі.
Электронды темекілер туралы сюжет те жақсы, жан-жақты әрі толыққанды жасалыпты. Алып-қосар дәнемесі жоқ сюжет болыпты.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Бағдарламаның бірінші материалының құрылымы нашар әрі олпы-солпы шықты. Жалпы тақырыбы — «экстремизм». Ақпараттық түрткісі де түсінікті: Қазақстанда ойын-сауық-сауда орталығында теракт жасап, сосын Сирияға қашып кетпек болған адамды соттады. Сол сәтте Түркіменстанда ТМД елдері басшыларының саммиті өтіп, сонда қауіпсіздік пен тыныштықты талқылады. Түркия «Бейбітшілік қайнары» операциясын бастады. Сосын тағы саммит тақырыбына ойысады. Кейін жүргізуші балаларға «секіріп», экстремизмнен көбіне көп балалар жапа шегеді, бұған Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтарған «Жусан» гуманитарлық операциясын еске алсақ жеткілікті, деп айтады. Мән-мақсаты – түсініксіз. Президент қатысуымен өткен саммит туралы айтқысы келіп, бірақ тікелей айта алмады ма? Президент туралы да, президент туралы емес те сияқты? Мән-мағынасы неде? Экстремизм өршіп жатыр ма? Әлде, онымен күрес тиімді жүргізіліп жатыр ма? Теракт жасамақ болған қазақстандық туралы да түсініксіз тұстары баршылық. Оны қалай тапты? Ол шыққаннан кейін не болады? Онымен түрмеде жұмыс жүргізе ма? Сегіз минуттық материалда жауаптан гөрі туындаған сұрақ көбейді.

Жемқорлық туралы сюжетте қызық стендап бар. Тілші жемқорлық рейтингісі туралы айта келіп, «Егер осы рейтингтегі орынды альтернатив жолдармен өзгерту мүмкін болса, онда бұл былай болар еді» деп, «он мың теңгелік ақшаны объективке тақайды».


Материалда барлық саланы жемқорлық жайлағаны айтылады. Әйткенмен, «екінші тарап» туралы ештеңе айтылмады. Мәселен, біздегі заңнамалар орындаудан гөрі, «беріп» шешуге құрылғанын, біздегі жалақы мөлшері «алмасаң – күн көре алмайсың» көлемінде екенін ешкім де айтпады.
Есесіне, киберқылмыс туралы тәп-тәуір сюжет жасалыпты. Басталуы да қызық. Балықшыдан «Көп балық ұстаудың құпиясы неде?» деп сұрайды, сонда ол: «Алдымен балықты қоректендіру қажет» деп жауап береді. Осылайша, журналист киберфишинг туралы әңгімелеуге ойысады. Сюжетте сарапшылар көп, тіпті көшеде эксперимент те жасайды: адамдарға фейк сайттардың қағазға басылған нұсқасын көрсетіп, осы сайттарға өз жеке бас мәліметтерін енгізер ме едіңіз, деп сұрайды. Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы да кеңестер береді. Нағыз балықшылар материалда бастан-аяқ көрінеді. Мысалы, балықшы шабақты ұстап алып, қайта жібереді. Шабақ өсіп, үлкен балыққа айналуы қажет. Осы мысалдан кейін тілші киберфишерлердің мұндай адамгершілікке бара бермейтінін айтады. Бір кемшін тұсы, киберфишинг не кибершабуылдан жапа шеккен адамдарды көрсетпеді, көрсеткенде сюжеттің сәні кіретін еді.

«Аналитика» бағдарламасы да ЛРТ туралы сюжет түсіріпті. Тек ЛРТ-мен тоқталмай, тақырыпқа дендеп, алданған үлескерлердің де мәселесін қосқан. Ішкі көші-қон тақырыбын да осында енгізіп, мұның неліктен жаман екенін деректер және сандар негізінде түсіндірді.

«7 күн», «Хабар»
Кенеттен бағдарлама «Тоқаевтың бұл аптада қайда барғанынан емес», керісінше Атыраудағы төтенше оқиғадан басталды. Дәрігерлер президентке хат жазған. Жүргізуші кіріспе сөзінде дәрігерлердің оң имиджін қалыптастыра сөйлейді: олар адам өмірін сақтап қалады, ота жасайды, орган алмастырады, көмектеседі. Барлық дәрігерді қанішер жауыздар әскері ретінде көрмеуге шақырады. Маңызды нәрселерді ешбір пафоссыз қарапайым сөзбен жеткізеді.
Бірақ, барлық пафос сюжет мәтініне кетіпті: «Атыраудағы перзентханада туған шақалақтың өлімі көпшілікке жария болып, жергілікті медқызметкерлерді айыптау шегіне жеткізді» дейді. Сюжет мақсаты дәрігерлерді айыптай беруге болмайтынына арналған. Қызметінен кетпек болып жатқан дәрігерлерден пікір алып, мәтінде «қоғамдық пікір өз үкімін шығарып қойды» деп айтады, психолог сөзінде «қоғамның сенімсіздігі әбден піскені» туралы пікір бар, бала өлімі бұрын да осындай шамада болған, бірақ аз айтылған. Қазақстанда (АҚШ пен Ресеймен салыстырғанда) жақсы дәрігерлер туралы фильмдер түсірілмейді. Тағы солай солай жалғаса береді. Сапалы сюжет, бірақ үгіт-насихатқа құрылған.


Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейін алғаш берген сұхбатына тұтас сюжет арналыпты. Сюжет көлемді, қысқа қайырсақ: «Елбасы өкінбейді, елде қос билік жоқ, Тоқаев – ең лайықты тұлға, Қытай бізді басып алмайды, Ұрылар мен қылмыскерлер (Аблязов сияқты) — аянышты, экономика өркендеді, өз-өзіне көңіл бөлуге уақыт жоқ (жұмыс тым көп), деген ойлар төңірегінде өрбиді.
«Хабар» телеарнасының ЛРТ туралы сюжеті басқа телеарналардың сюжетімен салыстырғанда сәтті шыққан. «7 күн» авторлары мәселенің мәні неде екенін егжей-тегжейлі әңгімеледі. Қаржы қалай жымқырылғаны туралы сызбанұсқаны да көрсетті. Ал бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың күтпеген тұстан мерзімінен бұрын босатылуы туралы айтылғанда оның адвокатын көрсетті.

Елорда туралы қос материал керемет болмаса да қызық тұстары баршылық: біріншісінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымын сынағанын (жолдары жаман, тапсырмалар сиырқұйымшықтанады, жарықтандыру жоқ, мектеп-балабақшаларда орын жетіспейді, ауруханалар қирағалы тұр) айтса, екіншісінде, журналист ең басты қоқыс аймағына барып, оның әбден толып қалғанын, жаман иіс шығатынын анықтайды, қала маңымен жүріп өтіп, адамдармен сөйлесіп, мәселе бар және тым көп екенін растайды.
Бағдарлама Орталық Қазақстанды табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған «Сарыарқа» газ құбыры желісі туралы шағын сюжетпен аяқталды. Құрылыстың нормативке сай мерзімі 36 ай болса, бұл құрылысты 10 айда аяқтапты. Ал құрылыстың сапасы қандай? Осы сауалдың жауабын білмек тұрмақ, о сауалды ортаға тастамады.

Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама алыстан орағыту тәсілімен басталды. Жүргізуші студияда бір минутқа жуық уақыт бір шығармадан үзінді оқыды. Көркем әдебиеттен хабары аз көрермен осы кезде аңтарылып, қазір не тыңдағанын түсіне алмай отырар еді. Тек бір минуттан кейін ғана бұл үзінді жазушы Әбіш Кекішбаевтың «Шыңырау» повестінен алынғанын біледі. Содан кейін жүргізуші қазіргі бірқатар замандастарының, дәлірегі ернін үлкейтіп, кірпік жапсыратындардың повесть мән-мағынасын түсінбейтінін айтып, өз жанынан пікір қосады. Неліктен?

Жүргізуші Жайна Сламбекке бұл сұрақты қояр жан табылмады, ал ол өзінің бір жарым минуттық нақылын республикалық арна эфирінен жаудырып жатты. Белгілі болғандай, мұның барлығы да президент Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапары кезінде Әбіш Кекілбаев ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысуын хабарлау үшін жасалыпты. Ескерткіштің ашылуы рәсімі туралы сюжет бастан-аяқ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөздерінен алынған сихрондардан құралды. Журналистер жазушының туған-туыстарына да сөз бермеді.


Әрмен қарай эфир тағы да президентпен жалғасты. Бұл жолы оның Ашхабадтағы саммитке қатысуын көрсетті.

Келесі тақырып та президентке, дәлірегі оның астанадағы ЛРТ құрылысын сынауына арналды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік азық-түлік жәрмеңкесі туралы сюжет кіріспесінде жүргізуші көрермендерді: «бұл материалда барлық тарапты сөйлеттік» деп ескертті. Әйткенмен, сюжетті мұндай жәрмеңкеде облыстан келген тауарларды емес, астана базарларынан алынған тауарды сататынын айтқан көрермендердің шағымынан кейін түсіріпті. Жәрмеңкедегі баға базар нарқынан арзан болатыны бар. Тілшілер, Нұр-Сұлтан базарларындағы және осы жәрмеңкедегі тауар бағасын салыстырып, қай жақтағы баға қалай екенін тексермеді. Тек базарға кіре алмаған жергілікті саудагерлерді сөйлетіп, жәрмеңкедегі бірқатар сатушыдан пікір алып, қала әкімдігіне сөз беріп, сонымен тоқтады.
«Атыраулық дәрігерлер ісі» туралы сюжет те мейлінше толыққанды шыққанымен, оның да мақсаты – «Хабар» телеарнасына ұқсас, дәрігерлерді «ақтауға» құрылғанға ұқсайды. Себебі бұл сюжеттен кейін ізінше тағы бір сюжет, өз жұмысына жан-тәнімен берілген дәрігерлер тақырыбына арналыпты.
Apta бағдарламасының соңғы сюжеті тартымды. Мұнда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өткен бүркітшілер фестивалінін көрсетті. Кейіпкерлері көп, тамаша кадрларға толы, хикаялары мол сюжет.

Айта кетсек, «Жаңа репортердің» қазақстандық телеарналардың қорытынды ақпараттық бағдарламаларына шолуы апта сайын жарияланады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР