ДомойМедиасынҚазақ тіліндегі БАҚ-тың коронавируспен «күресі»: тәуіптер және адыраспан

Қазақ тіліндегі БАҚ-тың коронавируспен «күресі»: тәуіптер және адыраспан

Қазақ тіліндегі БАҚ-тың коронавируспен «күресі»: тәуіптер және адыраспан

Қазақстанда да Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны сәт санап өсіп жатыр. Үрейге бой алдырған жұртшылыққа індет туралы ақпарат тарату аса маңызды. Қазақ тіліндегі БАҚ коронавирус пандемиясы мен төтенше жағдай әсері туралы не жариялайды? Қазақ тілінде хабар тарататын интернет сайттары байқағанымыз — басым бөлігі ресми мәлімет таратудан аса алмай келеді. Аудиторияның сұрауы мен қызығушылығы тек науқастар санын біліп қана қоюмен шектелмейтіні анық. Шолушы Назира Дәрімбет қазақ тіліндегі баспасөзге шолу жасады. 

Осы тұрғыдан карантин кезіндегі қарапайым азаматтардың тыныс-тіршілігі туралы Malim.kz интернет сайтындағы мақаланы атап өтуге болады. «Жас Алаш» газетінің бұрынғы командасы ашқан сайттағы мақала карантин жағдайында күнкөрісінен айрылған алматылықтардың жағдайын баяндайды. Қаңырап қалған Алматы көшелерінің суреттері бар. Сұлулық салонында жұмыс істейтін келіншектің жағдайы көпшілік тағдырымен үндес.

Экономист Айман Тұрсынханмен сұхбатта  коронавирустың ел экономикасына зиянын айтады.

— Қала экономикасындағы сауда-саттық пен қызмет көрсету секторының 67 пайызы келіп кететін клиенттерден пайда табады. Яғни олар қашықтықтан қызмет көрсете алмайды. Егер карантин бір айға созылса, біз аймақтық жалпы өнімнің 15 пайызынан айырыламыз,-дейді сұхбат беруші.

Ұлыбританияда оқитын қазақ студентімен сұхбатта ағылшын қоғамында вируспен күресу тәсіліне, екі елдің менталитетіне тоқталады. Англияда өндіріс орындары мен білім беру мекемелері карантинге жабылу, не жабылмауды бизнес иелері өзі шешіпті.

Вирус тақырыбында жан-жақты ақпараттандыру жағынан Nege.kz сайты алдыңғы шепте келеді. Пандемия туралы статистикалық мәліметтерді уақытылы жариялайды. Оқушыларды онлайн оқыту қалай жүретіні туралы материал берді.

Ал дәрігердің коронавирус туралы пікірі ұлттық құндылықтарға негізделіпті. Ол: «Вирус» дегеннің не екенін білмейтін заманның өзінде халқымызда жаңа туған нәресте мен анасын 40 күн үйден шығармау дәстүрі болды. Сәби мен анасының осы уақыт аралығында түрлі кеселге шалдығу қаупін білген» деп, қазақтар індеттен қалай қорғануды бұрын білгеннен алға тартады.

«Сарымсақтың бір келісі — 7 мың теңге» мақаласында азық-түлік бағасының көтерілуіне тоқталады. Әттеген-айы, мақалада сарымсақ қауіпті вирустан қорғайтыны туралы жалған ақпаратты терістемейді.

Соңғы үш ай ішінде екі рет бас редакторы мен командасы ауысқан «Жас Алаш» газетінің сайты тек ресми ақпаратқа негізделген жаңалықпен шектеліпті. Вирус жұқтарғандар саны, аумағы, ресми мәлімдемелерден әріге аспаған сайт негізгі мақалаларын газетке шығарады. «Қазір бар ақпаратты сайтқа шығарып, онлайн форматқа өткізу әлдеқайда тиімді емес пе» деген ой келеді.

Qamshy.kz сайты оқырмандарына мүмкіндігінше пайдалы ақпарат беруге тырысыпты. Қай банк клиенттерінің несие төлемін шегеруіне рұқсат ететіні туралы мәліметтен бөлек, індетпен күреске отандық және шетелдегі қалталы азаматтар қалай көмектесіп жатқанын жариялады. 

Ал Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысының «АҚШ пен Қытай арасындағы коронавируске қарсы вакцинаны алғаш жасау бәсекесі екі елдің сауда соғысының жалғасы емес пе, СOVID-19 вирусы қолдан жасалды ма» деген күмәнді сұрақтары оқырманды шатастырады.

AllianceBernstein мәліметінше, вакцина үшін салынған әрбір бір доллар 44 доллар пайда береді. Вирустардың қайдан шыққанын бір құдай білсін, табиғи түрде пайда бола ма, әлде әдейі қолдан жасалып, таратылып осыдан әлдекімдер пайда табады ма?-дейді автор. Вирус туралы мұндай пікірлер әлемдік БАҚ-та жоққа шығарылса да qamshy.kz сайты сұрақтарына әлі жауап таппағандай.

Кейбір интернет сайттары әлеуметтік желілерде толассыз тарап жатқан түрлі мифтер мен жалған ақпараттарға мейлінше тойтарыс беруге тырысқанымен, басқасы сондай алып-қашпа мәлімет арқылы рейтинг көтеруге жанталасып-ақ жатыр.

Мәселен, «КТК» телеарнасы Қазақстанға коронавирус келмей тұрып шымкенттік әлдебір емшінің коронавирусты емдеу тәсілін эфирге шығарды. «Күміс кесекті денеңіздің кез келген тұсына 21 минут, 21 секунд қойып тұрсаңыз, аурудан айығасыз», дейді емші. Бұл аздай журналист: «Алайда емші өзінің бұл тәсілін әзірге ешкімге қолданып көрмеді. Коронавируспен күресіп жатқан қытайларға осы көмегін көрсеткісі келеді», деп қоштайды. Мұндай сюжеттерді «Еуразия бірінші арнасы» да көрсетті.

Бұл сюжеттегі мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны айтпаса да белгілі.

Індетпен күресте медицинамыздың дайындығы қандай, жасанды вентилляция аппараттары жеткілікті ме, бұл вирустан болатын өлім саны неліктен жоғары? Қазақ тіліндегі басылымдардан осы сауалдарға жауап таппадық.

Халық карантин мен коммендант сағаты режимдерінің ара-жігін ажырата алмай отыр. Неге рұқсат етіліп, неге тыйым салынғанынан хабарсыз. Бұл туралы тараған ресми ақпарат та аз әрі түсініксіз.

Есесіне, қауіпті вирустан қалай «емделуге» болатыны туралы дүниелер тым көп.

Мысалы, sn.kz сайты «атақты» нумеролог «қазақтың генетикасы мықты, ештеңеден қорқудың қажеті жоқ, өлім жітім болмайды» деп сендіретін жазады. Islam.kz сайты «Құрандағы Бақара сүресін оқығанда кірпігің түседі. Міне, осы кірпікті суға қайнатып ішсе, дерттен айығуға болады ма?» деген сұраққа «Медициналық жолмен емделу қажет, алайда пайғамбардың қасиетті сөздері мен Құран аяттары да ауруға шипа береді» деп жауап береді.

Жылан уына жұмыртқаның ағын қосып, тамағы мен кеуде тұсына жағып, емделуге болатынын  жазған шымкенттік «Замана» газеті де қалыспайды. Жылан уынан басқа осы газетте Түркіменстан президентінің адыраспан пайдасы туралы айтқанын да табасыз.

«Адыраспан — микробтарды жоятын улы шөп. Халық осы шөптің түтінімен үйін аластап, тұмаудан сақтанған. Коронавирустен де осы шөпті түтіндету арқылы құтылуды қолға алуда. Адыраспанның түтінінен зиян келмейді. Түркіменстан президенті де үкімет отырысында осы шөпті пайдалануға кеңес берді» деп жазады газет.

Бұл газеттің басқа бір нөмірінде Қазығұрттану бойынша құрылған «Ясин» ғылыми зерттеу институт өкілінің пікірін алға тартады. «Коронавирус құдайдың жазасы деп қабылдау керек. Бірінші наурызда біздің бастамамызбен 22 арнайы оқытылған адам Қазығұрт тауының етегіне жиналып, жеті рет намаз оқыдық. Осы таудың етегіне пирамида салуды айтып едік. Пирамида салсақ, соның қасиетті күші бізді көптеген қауіптен құтқарар еді. Сол себепті, коронавирустан құтылу мақсатында Құран алгоритмі бойынша Қазығұртта 4 пирамида салу керек»,-депті ол. 

Qazaquni.kz сайтындағы әріптестеріміз коронавирус тақырыбын басқа қырынан ашыпты.

Газет құрылтайшысы Қазыбек Иса: Коронавирусқа байланысты дәрігерлердің «Біз сіз үшін жұмыста қалдық! Сіз біз үшін үйде қалыңыз!» деген сөзі орыс тіліндегі «Мы ради вас остались на работе! Вы ради нас останьтесь дома!» нұсқасынан дұрыс аударылмаған, дұрыс жазылмаған» дей келе, «30 жылда мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде қате жазатын жағдайға жетуіміз керек еді» депті. Ол осылайша мемлекеттік тілге «жедел жәрдем» шақыру керек екенін» айтып, «коронавирустен гөрі, қазақ тілінің халі мүшкіл» деп күйінеді.

Қазақ тіліндегі баспасөздің «көшбасшысы» «Егемен Қазақстан» қазақ пен қала тақырыбына оралады. Қала карантинге жабылатыны хабарланғанда, шеттен келген қазақтар ауылына ағылды. «Бұған бір жағынан қуану керек, себебі ауыл халқы ұлттық құндылықты бойында сақтағандар ғой» деген басылым «енді сол кері қайтқан қазақтармен ауылды дамытуға, ұлттық бағдарламаларды іске қосуға, тіпті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға зор мүмкіндік туғанын айтады».

Қазақ баспасөзіне коронавирус тақырыбы туралы контент дайындағанда жаңа тетіктер енгізіп, креативті қадамдар жасамады, таптаурыннан аспады. 

Әлемде БАҚ ақпаратты вижуал тұрғыдан ұсынуға күш салып жатыр. Коронавирус тақырыбы бұған мол мүмкіндік береді. Алайда қазақ басылымдарында мұндай әдістер жоқтың қасы.

Көріп қалсаңыз, бізге жіберіңіз!

Назира Дәрімбет

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР