QAZAQSTAN ұлттық телеарнасынан сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 16:20-да «Ауылдастар» бағдарламасын көрсетеді. Әр шығарылымы жарты сағатқа созылып, нақты бір ауылға арналады. Осылайша, телеарна тілшілері Қазақстан ауылдарын таныстырады. Ауылға саяхатты немесе әсем табиғат көрсетуді көздемейді. «Жаңа репортер» медиасыншысы Меруерт Хусаинова қазіргі ауыл тұрмысын мейлінше жақсы жағынан көрсетуге тырысатын бағдарламаны талдады.
Телеарнаның ресми сайтында «Ауылдастар» туралы: «Бұл тележоба – ауыл адамдарының күнделікті өмірі туралы. Елді мекендерді қолдау жөніндегі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз алдына кәсіп ашып, түтінін түзу түтетіп отырған ағайынның тұрмыс-тіршілігі сипатталады. Сауыншы, бағбан, құдықшы, зергер, малшы секілді жекелеген ауыл адамдары өзгеге үлгі боларлық өмірлері туралы өзері баяндап береді. Жобада ене мен келіннің, ата мен баланың татулығын көрсету арқылы адами және отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Жергілікті халықпен етене араласып, бір атаның баласындай болып кеткен өзге ұлт өкілдерінің өмірі де көрсетіледі» деп жазылған.
Бір жыл ішінде бағдарламаның барлығы 70 шақты эпизоды эфирге шықты. Түсірілім командасы еліміздің көптеген ауылына барды. Бір эпизодында елдің оңтүстігінде жүрсе, тағы бірде солтүстікке сапарлайды. Жүргізуші неліктен дәл осы ауылға келгенін түсіндірмейді. Ауыл үстінен дронмен түсірілген кадрлер де көп қолданылады.
«Ауылдастар» жүргізушісі Гүлназ Ауданбаева әр эпизодта белгілі бір ауылдың адамымен, яғни бағдарламаның бас кейіпкерімен кездеседі. Кездесу де қызық жағдайда өтеді. Тілшіні күтіп алатын кейіпкерлер осы кездесуге барынша дайындалатыны анық байқалады.
Мәселен, Павлодар облысындағы Евгеньевка ауылына барғанда ағаш шебері Асылбектің үйіне түседі. «Журналист келеді» деп күткендері, барынша дайындалғаны көрініп тұр. Асылбектің анасы тойға баратындай жасанып киінген. «Тапсырыс беріп едім» деп келген көршісі де алдын ала дайындалғаны байқалады. Ұстаға келіп, тілшімен сұхбаттасқан көрші апа бұған дейін ауылға ешқандай БАҚ өкілі келмегенін айтады.
Шебердің әйелі «Балапан қаз» әнін орындайды. Әннің «Ей, ахау, сабаз» деген жолдарын «Ей, ахау, самал» деп, сөзін бұзып айтады. «Ауылдастар» бағдарламасы алдын ала әзірленген сценарий бойынша түсірілсе де ән сөзін бұзып айтқан тұсы эфирге қаз қалпында шығыпты. Редакторлар бұл қатені байқамады ма әлде түсірілім шынайы шығуы үшін солай түзетпей көрсетті ме?!
«Ауылдастар» командасы қай ауылға барса да, сондағы халық санына, тұрғындардың қалай күнелтіп жатқанына назар аудармайды. Нақты бір кейіпкердің тұрмысын көрсетіп, соны ғана айтады. Бір адамды не отбасыны көрсетуіп, ауыл халқының бәрі де осылай өмір сүріп жатқан сияқты көрсетуге тырысады.
Тілші-жүргізуші Гүлназ Ауданбаева Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қоянды ауылына (Ақмола облысының құрамында- ред.) барғанда, осында шағын маркет ашқан Гүлсімге жолығады.
— Ауылда шағын маркет ашуға қорықпадыңыз ба? Ауылдарда мұндай шағын маркет болмайды, негізі,- дейді тілші. Шығарылымның жалпы мазмұны Қоянды ауылының проблемасынан гөрі, дүкен сатушысымен арадағы әңгімеге ауып кетеді. Жүргізуші осы шығарылымда тұшпара түйіп сататын отбасына да барады.
Тілші кейіпкерлермен кездесу барысында Қоянды елдімекені өмір сүруге өте қолайлы ауыл екенін жиі қайталайды. Ал қояндылық хореограф бұл жақта халық тынығатын орындар жоғын айтады.
Бағдарламаның тағы бір түсірілімі Қызылорда облысындағы Жайылма ауылында өтеді. Тілші қауын өсіретін шаруа қожалығына барады. Шаруа қожалығының иесі бақша басында тұрып, балаларының түрлі мамандық таңдағанын, сөз арасында: «Сендер оқыңдар. Біз оқымаған соң, міне осылай жүрміз» деп, айтып қалады.
Осы шығарылымда жүргізуші қауын өсіретін диханның баласымен де сөйлеседі.
— Қараңыздаршы, міне, біз бір түсірілімнің өзіне әрең шыдап тұрмыз. Ал бұлар күні бойы, күн сайын осы ыстықта еңбек етеді. Қауын сатушыға «түсіңіз, түсіңіз» дейміз. Мынадай маңдай тер еңбекпен келетін қауынды «түсіріп» алу болмайды екен. Енді мен қауынды «түсірмей» алатын болдым,-дейді жүргізуші.
Тілші «түсу», «түсіру» сөздерін қате қолданады. Кейбір көрермен мұны «қауынды жерге түсіріп алу» деп те ойлаған болар. Әңгіменің қауын бағасына қатысты екенін ескеріп, «бағасын түсіріп» деп бір рет те айтпайды.
Гүлназ Ауданбаева әр эфирде «ауылдан шыққанмын» деп айтады. Алайда сөйлеу мәнері мен кейбір сұрақтары таңғалдырады.
Мысалы, түйе шаруашылығын аралап жүріп: «Мынау бота аппақ екен»,- десе, түйекеш: «Бура ақ болған ғой»,- деп жауап береді. Сол сәтте жүргізуші «Бура?» деп, сұраулы жүзбен таңырқайды. Ботаның түсіне бураның қатысы барын түсінбеген жүргізушіге түйекеш «бура» деген «ботаның әкесі» екенін түсіндіреді.
— А, ботаның әкесі ақ түсті ме?-дейді жүргізуші. Түйе атауларынан хабарсыз, бірақ «ауылдан шыққан» жүргізуші осылайша ауыл аралап, халыққа ауыл өмірін көрсетеді.
«Ауылдастар» бағдарламасы ауылға бармаған, ауыл өмірі туралы біле бермейтін көрерменге арналған болар. Алайда тілшінің тосын естілер сұрақтары бар.
Мысалы, өренің жанына келіп: «Мынау бұлбұлдың ұясындай не нәрсе?»-деп сұрайды. Құртқа арналған өре екенін білген соң: «Сиырдың құрты ма?»-деп сұрақ қояды.
Жүзім бағына келіп, «Ата, жүзімді неге байлап қойғансыз?»-деп сұрайды. Жүзім бұтақтары байланып өсетінін, байланбаса, жайылып, өнім бермейтінін білмегені қалай?
Бағдарлама қала тұрғындарына арналса да тілші көрерменін «қаладан мүлдем шықпаған, ешқашан теледидар қарамаған, интернеттен мақұрым, уикипедияны оқымаған» деп ойлайтын әсер қалдырады.
Түркістан ауылының Тұрар Рысқұлов ауылында алма терушілермен кездескен жүргізуші егде жастағы әйелдің жанына келіп, сұхбаттасады. Әйел адам алма қалай терілетінін, биыл мол өнім барын айтып, басшыларының да мақтауын асырады. Жүргізуші алма сұрыптап жатқан келіншектің жанына келгенде, жаңа ғана алма теріп жүрген апамыз енді алма сұрыптауға кіріседі. Жүргізуші де «Апамыз жаңа ғана алма теріп жүр еді» деп таңданады. Апаның жүргізуші қайда барса, сол жаққа баруы бекер емес екен. «Алма бағына қатысты нәрсені тек сол кісі айтады» деп бекітілген болса керек. Сұхбат беру тізгінін де өзі алады.
Түркістан облысының Құлан ауылында жүргізуші қызанақ түбін кетпенмен қопсытқан кісінің жанына келіп, «мен де шауып көрейінші» деп кетпен ұстайды.
«Кетпенмен жерді қазып жатсыз. Осының не пайдасы бар?» деп сұрап, кетпенді ебедейсіз сермейді. «Осының бәрін тек қолмен істеп шығасыз ба?» деп таңданады.
«Бәрін тек қолмен шауып шығамын, трактор бір рет қана келеді» деп жауап берген дихан, шыдамаса керек, күліп жібереді.
Павлодар облысындағы Еңбек ауылы елсіз жерде орналасқанын «Ауылдастар» бағдарламасынан білдім. Ірі қара ұстайтын отбасының тіршілігін көрсетті. Айдалада сиыр қора, кепе там және вагон үйшік. Жиырмадан астам сиырды сауатын егде жастағы әйел мен оның баласы осы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Сауыншы «жағдайының өте жақсы екенін» айтады.
Шаруа қожалық иесі Ерболат тілшімен сұхбатында көлік жүргізушісін боп жұмыс істейтін адам таппай жүргенін айтып, «Жастардың бәрі қалаға кетті» деп ағынан жарылды.
Ақмола облысының Үш сарт ауылындағы тоғыз балалы отбасы «Ауылдастар» командасын арнайы күтіп алады. Тілші оларға: «Барлық әдемі көйлектерін киіп алыпты ғой мына қыздар» деп айтады. Отағасы: «Үйге кіріңіздер, сізді күтіп отырмыз» деп, тілшіні екі жерде дастарқан жайылған бөлмеге ертіп кіреді.
Тілші осы отбасының қариясымен сұхбаттасу үшін аулаға шығады. Ақсақал киген шапанын қомсынды ма, шапанының қаусырма тұсын қайта-қайта жауып, әлекке түсті. Ал ақ кимешек киген әжеміз ауылдағы жастардың кетіп қалғанын айтты.
Жүргізуші Гүлназ Ауданбаеваның кейіпкерлері бар жақсысын киіп, дайындалса да, ара-тұра нағыз ауыл көрінісі де кадрге түсіп қалады. Мысалы, бағдарламада «ауылда тұру қандай керемет» деген сөз үнемі қайталанады. Алайда кейбір сәттер ауылда тұрудың кереметін терістейді.
Мысалы, Үш сарт ауылының төбесінен түсірілген кадрден ауылда топырақ жолдан басқа жол жоқ екені анық көрінеді. Тілші жолды шаңдатып, арбасын сүйреп суға кетіп бара жатқан балаларға еріп, құдық басына келеді. Құдық иесі Ерболат жұмыссыз екенін айтып: «Ақшаны әйелім мен балам табады» деп күледі. Ал тілші құдық суын ішіп, «Тұздың дәмі бар екен» дейді. Ауыз су құбыры тартылмаған, асфальт жолы жоқ ауыл тұрғындары тек мал ұстайды екен.
«Ауылдастар» бағдарламасы «пәлен жыл бұрын шелекпен су тасыған туған жерімнен арманымды арқалап қалаға кетіп едім» деп күрсіне еске алатын жанның қазіргі сағынышына көбірек ұқсайды. Cондай сағынышпен теледидар қараған шенділердің «ауылда тұрған қандай керемет» деп алып, сосын көбігі бұрқыраған джакузиге сүңгитінін елестетеді.