3 мамырда Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні аталып өтті. «Жаңа репортер» редакциясы Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы алты сарапшыдан «Медиасауат сөз бостандығына қалай ықпал етеді?» деп сұрады. Жауаптарын ұсынамыз.
Гүлнар Асанбаева, Internews-тің медиасауат жөніндегі аймақтық консультанті, MediaCAMP (Қазақстан):
«Сөз бостандығы мен медиасауат екі бөлек бола алмайды»
— Баспасөз еркіндігі болмаса, азаматтар боп жатқан оқиға мен жаңалықтардан хабарсыз қалады. Қоғам өміріне араласа алмаймыз, өмірлік маңызы бар дұрыс шешімдер қабылдай алмаймыз, саяси үгіт-насихат мен жалған ақпараттың ықпалында қаламыз, кез келген жалған ақпаратты қабылдағанда осал боламыз. Медиасауат — қоғамның БАҚ материалын сыни бағалауын нығайтып қана қоймай, журналистикаға және журналистерге қысымның алдын алуды талап ету қабілетін күшейтеді.
Еуропа елдеріндегі медиасауат халықаралық индексіне сәйкес, қоғамның жалған ақпаратқа қарсы тұру қабілеті сөз бостандығына 40% тәуелді екен. Медиасауат деңгейі жағынан үздік бестікке енетін елдердегі (Финляндия, Дания, Эстония, Швеция, Ирландия) сөз бостандығы деңгейінің жоғары болуы да бекер емес.
Орталық Азия елдерінде медиасауат деңгейі басқаша әдіспен өлшенеді, әйткенмен бұл да сөз бостандығы мен медиасауат деңгейіні арасындағы байланысты растайды. Мұны әлемдік сөз бостандығы рейтингінің соңындағы үш елдегі жағдайдан да байқауға болады. Былтырғы рейтингтен де көреміз: 180 мемлекеттің ішінде Қазақстан — 155, Өзбекстан — 157, Тәжікстан — 162 орында екен.
2019 жылы Internews жүргізген Медиа тұтыну және медиасауат зерттеуінің қорытындысына қарасақ, үш елдегі медиасауат интегралды индексі рұқсат етілген шектен (35) әлдеқайда төмен.Қазақстанда орташа көрсеткіш — 14,6, Өзбекстанда — 11,3, Тәжікстанда — 11,9.
Медиасауат дегеніміз — барлық адамның оқу, ақпарат алу, өзара қарым-қатынас жасауға арналған заманауи құралдарды пайдалана білу машығын дамыту ғана емес. Дамыған медиа және ақпараттық сауат дегеніміз — үнемі қауіп-қатерге ұшырайтын баспасөзге қоғам сенімінің кепілі. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Тамара Калеева атап өткендей, «Біз, яғни азаматтық сектор мен мемлекеттік сектор журналистердің қауіпсіздігін әрқалай түсінеміз. Біз халықаралық стандарттарға сүйенеміз, ал мемлекеттік органдарымыз журналист құқықтарын шектеу тұрғысынан ұлттық заңнаманы басшылыққа алады».
Медиасауат адамның құқықтары мен мүмкіндіктерін ашады, медиаконтент пен жаңалықты сыни пайыммен қабылдау машығымызды қалыптастырып, ақпараттан хабары бар азамат ретінде шешім қабылдауымызға мүмкіндік тудырады. Өкініштісі — үш елдегі респонденттердің медиасауатын айқындайтын осынау басты машық деңгейі рұқсат етілген шектен (7) әлдеқайда төмен. Қазақстанда — 3,1 болса, Тәжікстанда — 3,2 екен. Ал Өзбекстанда — 3,5 болды.
Зерттеу жүргізілгелі 2 жыл өтті. Ақпаратты бағалаудағы сыни пайым деңгейі мен үш елдегі медиасауат жағдайы өзгерді ме? Биыл жазда тағы жаңа зерттеу жүргізіледі. Қазіргі жағдайды сол зерттеу қорытындысынан білеміз.
Ақпаратты бұрмалалаудың қандай қатерлі қаупі болатынын пандемияда: проблеманың нақты ауқымын жасырған үкіметтен де, коронавирустың шығуы мен емдеу тәсілдері туралы түрлі фейкке сеніп, әрекет қылған қоғам жағдайынан да көріп-білдік. Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс кезінде де әлеуметтік желілерде жарияланған жалған ақпарат пен «отанды қорғауға шақырған» эмоционалды үндеулерден екі елдегі әскери қақтығыс өршуіне ұласа жаздады.
Қазір қоғамды ақпараттандыру бойынша кәсіби борышын атқаратын баспасөзге қауіпсіз жағдай жасау үшін медиасауат дамыту қажет екені бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Биыл MediaCAMP медиа және ақпараттық сауат бойынша 24 жаңа жобаны іске асырып жатыр. Мұның қатарында дебат, олимпиада ұйымдастыру, тик-ток, комикс, әлеуметтік желілерге видео, оқу курстарын жасау, халықтың барлық санатын оқыту және тағы басқа жобалар бар.
Медиасауат жөніндегі аймақтық фестивалдер және Қазақстан мен Тәжікстандағы тұңғыш медиасауат үйлерінің бағдарламасына құқықтық сауат, медиа заңнама бойынша сабақтар енген. Бұл — демократиялық ашық қоғам құрудағы баспасөз бостандығының рөлін аудиторияның түсінуіне көмектесер ресурсымыздың бірі.
Бұл баспасөз бен аудиториясы арасында сенім қарым-қатынас орнатуына көмектесеріне үміттіміз. Медиасауат деңгейі өскен қоғам баспасөз еркіндігін шектегісі келетіндердің (авторитарлы үкімет, өзара бәсекелесетін саяси күштер, медиа қожайындары, түрлі ботофермалар, троллдер) қудалауына, зорлық-зомбылығына ұшыраған журналистер тағдырына бей-жай қарамайды.
Пікір білдіру еркіндігі мен медиасауат бір-бірімен егіз. Медиасауат азаматтардың ақпаратты, медианы қалай қабылдап, медиа өмірімізге қалай ықпал ететінін түсінуіне көмектеседі. Міне, сондықтан да тек білім беру жүйесіне ғана емес, басқару, бизнес, ғылым саласына да медиасауаттылықты енгізу өте маңызды болып отыр.
Әсем Жапишева, журналист, медиатренер, masa.media және «Тіл кеспек жоқ» жобаларының негізін қалаушы (Қазақстан):
«Медиасауатты адам — енжар бақылаушы емес»
— Медиасауат — кез келген адамның кір жуу машинасын қолдана білуі сияқты аса қажет машық. Қазір бұл машық ТОП-10 тізіміне кіріп отыр. Бес жыл бұрын медиасауат туралы айтқанда әлеуемттік желілерді және тағы сол сияқты нәрселерді пайдалана білуді меңзесек, қазір медиасауат дегеніміз — кең түсінік. Біріншіден, медиасауат дегеніміз — манипуляция мен жалған үгіт-насихатқа қарсы тұра алу.
Медиасауат сөз бостандығы мен баспасөз бостандығын дамытады. Тәуелсіз БАҚ-ты айыра білетін, ақпарат көзін іздей алатын, қарапайым фактчек жүргізетін адам БАҚ-тағы қандай да бір манипуляцияны, фейктерді терістейді. Ол — енжар бақылаушы емес, заманауи медиаконтекст акторы. Міне, сондықтан да медиасауат — маңызды машық.
Әсел Жаңабаева, медиатренер, Factcheck.kz жобасының алғашқы бас редакторы (Қазақстан):
«Аз эмоция, көп дерек»
— Медиасауат пен сөз бостандығының мақсаты бір. Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу, сөз бостандығы құқығын қамтамасыз етуіне ұмтылады. Бірін бірі толықтырады. Медиасауатты адам, медиасауатты журналист қана сөз бостандығының шегі қай жерде аяқталып, басқа адамның сөз бостандығына құқығы басталатынын біледі. Ол басқа балама пікірлерді құрметтеп, тыңдайды. Медиасауат, сыни пайым негізі де осы. Медиасауат ақпараттағы сөз бостандығына көбірек орын беріп, субъективті көзқарасты мейлінше азайтуды көздейді.
Мен лезде редактор әрі медиатренер болдым. Медиасауат деген не екенін тыңдаушылармен бірге үйрендім. Медиасауат тренингі — әлі де қалыптасып, жетіліп жатқан, бекітілген стандарттары жоқ жас бағыт.
Тақырыптарға басқаша қарайтын болдым. «Өлтіруші», «нашақор», «педофилдер» деп айдар тағып, жазып жатса, онда кінәсіздік презумпциясы мүлдем сақталмайды. Материалдарыма бұрынғыдан да бетер сыни пайыммен қарай бастадым. Бәрімізде де субъективтілік бар. Біріміз жемқорлыққа қарсы көзқараста болсақ, біріміз әйелдер құқын қорғау және тағы басқасына баса мән береміз. Алайда «Дұрыс істеп жатырмын ба?», «Бұл пайдалы ақпарат па?» деп сұрауымыз керек. Мақалаларымда колумнистика азайып, дерек молайды. Осындай салық төлеген, қожайыны мына адам… деген сияқты жазамын. Эмоция аз, дерек көп.
Илхом Джамолиён, журналист, медиасыншы, медиасауат жөніндегі маман (Тәжікстан):
«Медиасауат журналистерге ғана емес, бәріне арналған»
— Басқа да мамандар сияқты мен де медиасауат сөз бостандығымен тікелей байланысты деп есептеймін. Медиасауат туралы айтқанда нені меңзейміз? Біріншіден, бұл — алуан түрлі медиа мен олардың таратқан ақпаратын айыра білу қабілеті. Медиаөнім жасау және тұтына білу машығы. Медианың ақпаратын сыни пайымға салып бағалай білу.
Медиасауатты адам дегеніміз кім? Медиасауатты адамның нақты қабілеті болуы керек: ақпарат табу, талдау, бағамдау, жасау және тарату. Мұндай машықтар болмаса, сапалы контент жасау мүмкін емес. Ал сөз бостандығының негізі — ақпаратқа қол жеткізу құқығы, нақтылығы, медиаконтент өндірісі және тарату құқығы. Мұның барлығы медиасауат негіздерін құрайды.
Медиасауат мәселесі журналистерге ғана қатысты емес. Барлық жастағы түрлі кәсіп иелеріне медиа және цифрлы сауат қажет. Тәжікстанда сөз бостандығы деңгейінің төмен болуы да мұндағы медиасауат таныту мен дамытуға жеткілікті назар көңіл бөлінбеуінің көрсеткіші.
Эльдар Асанов, bugun.uz сайтының бөлім жетекшісі (Өзбекстан):
«Сөз көп, түсіну аз»
— Еркіндіктің бағасы маған түсінікті, алайда әр адам мұны әрқалай түсінеді. Әр адам сөз бостандығының бағасын өзінше түсінеді, шекарасын да өзі белгілеп алады. Өзбекстанда тіпті зиялы қауым арасында сөз бостандығы шектелуі керек деген пікір аз айтылмайды (әркім өзі жақтырмайтын адамның сөйлеу құқығын шектегісі келетіні түсінікті).
Сөз бостандығы дегеніміз — орындалуы керек негізгі құқық. Сөз бостандығы бәрін қамтуы және шекарасы болмауы керек.
Медиасауат ақпаратты талдап, сұрыптайды. Оның құндылығы — ақпарат ағымының арасынан бағыт-бағдар алып, тексерілген, сенімді, пайдалы әрі қажет ақпаратты табуға көмектеседі.
Көптеген сарапшылар сөз бостандығының салдары ретінде бақыланбайтын ақпарат ауқымының пайда болуы мен адамды шатастыратын түрлі жеке пікірлердің туындауын атайды. Мұны түрлі мүдделі тараптар, үкіметтен бастап идеологиялық, діни топтар пайдаланады. Міне, сондықтан да бүгінгі әлемде медиасауат өте маңызды. Медиасауат университетте оқытылатын пән ғана болмауы керек. Ақпарат тұтынатын және талдайтын әрбір адам білуі шарт. Бұл дегеніміз — көп, өте көп адам.
Өкініштісі — бүгінде медиасауат туралы көп айтылады, алайда түсінетіндер аз. Бұл жағдай әсіресе Орталық Азияда байқалып отыр. Медиада қызмет ететін адам ретінде айтарым, көбі ақпарат талдау, фактчекинг және медиасауат бойынша түрлі қиындыққа кезігеді. Осы тақырыпта көптеген тренингке қатысады, медиасауат туралы түсінік қалыптастыру да қиын. Бізде кең білім, тиімді бағдарламалар, әсіресе жергілікті ұлт тіліндегі ақпарат жетіспейді.
Тимур Юлдашев, Nuqtainazar.uz сайтының бас редакторы (Өзбекстан):
«Сөз бостандығы дегеніміз — ұдайы күрес»
— Медиасауат сөз бостандығымен байлаулы. Бір бірінен ажырамайды. Бүгінде ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Заманауи технологиялар жасырын ақпаратты шығарып береді, бір жерге жасырса да тағы басқа жерден шығады. Ал ақпараттың еркін айналымы сөз бостандығымен өзара байланысты.
Сөз бостандығы дегеніміз — ұдайы күрес. Қарама-қайшылықтарға ұшырап жатады. Адамдар да сол қарама-қайшылықты танып, ажырата білуі керек. Ақпаратты енжар тұтынып қана қоймай, медиасауатты болуы керек. Сапасын, нақтылығын, сенімділігін және нені меңзейтінін талдай білу керек. Медиаконтент мазмұнына сыни пайыммен қарау шарт. Бұл — негіз. Медиасауат құндылығы оның сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігі стандарттарына ықпалынан көрінеді.