ДомойМедиа үніOPEN BASE Бірыңғай ашық деректер базасын ЭЦҚ-сыз және тіркелмей пайдалануға болады

OPEN BASE Бірыңғай ашық деректер базасын ЭЦҚ-сыз және тіркелмей пайдалануға болады

OPEN BASE Бірыңғай ашық деректер базасын ЭЦҚ-сыз және тіркелмей пайдалануға болады

Internews қолдауымен Бірыңғай ашық деректер базасы жасалды. Жасаушылары порталды «реестрлер реестрі» деп атайды. Порталда 14 ашық деректер қоры жинақталған. 13-і қазақстандық, 1-і тәжікстандық деректер базасы.

Журналист-фактчекер, «Фактчек Қазақстан» жобасының бас редакторы Павел Банников және медиазаңгер (Internews) Ольга Диденкомен әңгімелесіп, жаңа платформаның мүмкіндіктерін, Қазақстан журналистикасы үшін қандай мән-маңызы бар екенін сұрадық.

Павел Банников, «Фактчек Қазақстан» жобасының бас редакторы:

«Open Base бірыңғай ашық деректер базасы — журналистік зерттеуді бастауға жақсы құрал»

— Реестрлер реестрін, яғни Бірыңғай ашық деректер базасын жасау идеясы бұған дейін туындап, әбден пісіп-жетілді. Ашық деректер, мемлекеттік сатып алу, республикалық және жергілікті биліктің есептілігі мен ашықтығын зерттеп, талдайтын мамандардың бәріне мұндай бірыңғай платформа қажет еді. Мінеки, Internews және USAID қолдауымен осындай база жасалды. Енді платформада жұмыс істеу машықтарын үйретуді MediaNet Халықаралық журналистика орталығының оқыту бағдарламаларына — Медиамектеп курсы мен Фактчек академиясына енгіземіз. 30 шілдеде Бірыңғай ашық деректер базасының онлайн-презентациясы болады.

Қазір базада барлығы 14 реестр (13-і қазақстандық, 1-і тәжікстандық) бар. Журналистер мен қоғамның көп қызығушылығын тудыратын, жемқорлық көрсеткіші жоғары салаларға қатысты реестрлер жинақталған. Мәселен, Бірыңғай ашық деректер базасы Қаржылық есептілік депозитарийін, мемлекеттік сатып алуды және тағы басқасын қамтиды. Елеулі жаңалық — алғаш рет квазимемлекеттік сатып алу базасы енгізілді. Қазір қолда бар құралдардың ешқайсысы квазимемлекеттік сатып алуға талдау жасамайды. Журналистердің бұл саладан білері әзірге аз және бұған әлі мықтап кірісе қоймады. Квазимемлекеттік сатып алу — зерттеуге, талдау жасауға өте-мөте қызық сала. Болашақта бірыңғай базаға Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның ашық деректер базасын қосуды жоспарлап отырмыз.

Бірыңғай ашық деректер базасының артықшылығы — түрлі ақпаратты бір платформадан алу, бірегей іздеу және тегін болуы. Платформада күн сайын барлық 14 базаға парсинг (белгілі бір сайттардағы ақпаратты арнайы бағдарламалар арқылы жүйелеп, жинақтау — ред.) жасалады. Түпнұсқа деректер базасы ақауға ұшыраса да платформадағы деректер қолжетімді болады. Бұл — ашық деректерде зерттеу тақырыбы бойынша қандай ақпарат бар екенін білгісі келетін журналистердің журналистік зерттеуді жүргізіп бастауына жақсы құрал. Мәселен, журналист: «Павлодар облысының әкімдігі дәретхана қағазын сатып алуға қанша теңге жұмсайды?» деген сұрақтың жауабын білгісі келсе, онда барлық ақпаратты бір платформадан табады.

Мұндай ақпараттарды түрлі форматта жинақтап ұсынатын деректер базасы баршылық. Алайда бір кемшілігі — барлығы да ақылы, яғни журналист сондай базалардың қызметін пайдаланғанына ақы төлейді. Алғаш тіркелгенде бірнеше тексеруді тегін сұратуға болатын шығар, сосын ақша төлеуге тура келеді. Бір сұраныс ақысы — 1000-1500 теңге. 50-100 компанияның дерегін тексеретін болса, төлейтін сома да айтарлықтай ұлғаяды. Қазақстандағы БАҚ редакцияларының мұны төлеуге шамасы жете бермейді. Сондықтан редакциялар: «Аудиторияға өтетін-өтпейтіні белгісіз зерттеу үшін шығындалып, ақша жұмсаудың қажеті не» деп ойланады. Ал мына тегін платформа арқылы журналистік зерттеуіңізге қажет деректерді жинақтап, толымды ақпарат алуға болады.

Платформа көмегіне сүйеніп, қандай материалдар жасауға болады? Мәселен, Protenge.kz жобасын алайық. Factcheck. kz сайтының «Мемсатып алу жаршысы» айдары, Factcheck.kz пен «За нами уже выехали» YouTube-арнасы редакцияларының мемлекеттік сатып алуды зерттейтін бірлескен жобалары бар. Бюджет шығындарына қатыстының барлығы да ашық болып, есебі берілуі керек. Шын мәнінде бұлай бола бермейді. Мұның барлығы да қоғамдық маңызға ие маңызды материалдар. Журналистика дегеніміз — брифингте айтылғанды жай ғана қайталайтын тотықұс емес. Журналистика дегеніміз — қоғамға пайдасы тиетін, оқырмандарына жаңа ақпарат беретін, оқырманның ақпарат кеңістігін түсінікті әрі ашық ететін сараптау.

Ашық деректерге негізделген зерттеулердің маңызды екенін коронавирус басталғалы медициналық дәрі-дәрмекті, құрал-жабдықты сатып алу және жеткізу саласында не болып жатқанын түсінбей, толымды жауап ала алмаған кезде көрдік.

Бірыңғай ашық деректер базасы — билік іс-әрекетінің ашықтығына қарай жасалған үлкен қадам. Бұл құрал түрлі зерттеулер жүргізуге серпін бермек. Мұндай құралдар зерттеуші-журналистің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Ашық деректерге негізделген журналистиканың болашағы зор, өйткені уақыт өткен сайын ашық деректер қоры көбейіп жатыр. Айналамызда не болып жатқанын көбірек біліп, түсініп, соны аудиторияға айтып береміз.

Ольга Диденко, медиазаңгер (Internews):

«Ашық деректер базасынан өзгермеген ақпарат алу мүмкіндігі маңызды»

— Мемлекеттік органдар жұмыс барысында ауқымды деректерді жинайды, сақтайды, өңдейді. Оларда біз туралы, туған-туыстарымыз, мүлкіміз туралы және тағы басқа деректер болады. Демек, мұндай деректер мемлекеттік органның меншігі бола алмайды, сондықтан ашық әрі қолжетімді болуы керек. Әрине, бұған құпия деректер кірмейді. Ашық деректер мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерінде «түкке алғысыз жүк» сияқты жатпай, қоғамға пайда әкеліп, жұмыс істеуі керек. Бәрінің де осы деректерді пайдалана алуы маңызды. Соңғы кездері мемлекеттік органдардың осы деректерді жария етуі және соған қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет екенін түсінетіндер көбейді. Қазақстан ашық деректерді жариялап, қолжетімді етіп жатқаны жақсы-ақ.

Ашық деректерді көптеген мақсатта пайдалануға болады. IT-бизнес түрлі қызық жобалар — мобайл қосымшалар, сайттар және тағы басқа нәрселер жасау үшін ашық деректерге сүйеніп, шешім қабылдайды. Бизнес үшін де маңызы зор: компаниялар ашық деректерге сүйеніп, серіктестері мен контрагенттерінің сенімділігіне көз жеткізеді. Ақпарат тарататын мамандар, журналист, блогер болсын, яғни контент жасайтын адамдардың бәріне ашық деректердің тигізер пайдасы көп. Ашық деректерді  ешқандай ақы төлемей, оп-оңай алып, арнайы білім не машықсыз жұмыс істеу мүмкіндігінің болуы маңызды. Ашық деректерді алу оңай, түсінікті, қолжетімді болуы және ең негізгісі — мемлекеттік органдар деректерді бөлісуі маңызды. Өйткені деректерді алу мүмкіндігін жауып тастап, шектеп, анықтама сұратуы және тағы басқалай шектегісі келетіндер болады.

«Ашық деректер базасынан өзгермеген ақпарат алу мүмкіндігі маңызды. Көбіне журналистер қандай да бір ақпарат сұратады, мәселен, «Әлдебір жария тұлғаның не депутаттың меншігінде қанша пәтер бар?» деп сұраныс жіберді делік. Деректер базасына рұқсаты бар мемлекеттік қызметкер жарым-жартылай не бұрыс жауап беруі мүмкін.

Қазақстандағы Бірыңғай ашық деректер базасы Internews қолдауымен жасалған. Мұнда журналистер мен блогерлердің жұмысына қажет негізгі ашық деректер қоры жинақталған. Қандай тақырыптар үнемі талқыланып, қоғам қызығушылығын тудыратынын білеміз. Сондықтан да негізгі дереккөздерін осы сұранысқа қарай жинақтадық. Ашық деректер порталы расымен де ашық болуы маңызды: тіркелмей, ЭЦҚ-сыз, тегін пайдалануға болады. Анықтамалық ақпарат және түпнұсқа материалға сілтеме алу, ақпаратты тексеру, қосымша ақпарат алу өте оңай. Журналистік материалға пайдаланатын ақпараттың сенімді дереккөзі. Журналистер мен блогерлерді, әсіресе, бастауыш журналистерді мұндай мәліметтерді digital-зерттеу, фактчекинг, ақпарат алу және тексеру ісіне қалай қолдануға болатынын үйретпекпіз.

Internews және MediaNet ұйымдары Бірыңғай ашық деректер порталының жұмысына қатысты ұсыныс-ескертпелерді мына эл.поштаға жолдауды сұрайды: factcheck.kz@gmail.com.

Бұл жоба америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен көмегімен мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР