ДомойМедиа үніГендер теңдігі дегеніміз — адам құқығы. Журналистер Қазақстандағы гендер мәселесі туралы айтып...

Гендер теңдігі дегеніміз — адам құқығы. Журналистер Қазақстандағы гендер мәселесі туралы айтып берді

Гендер теңдігі дегеніміз — адам құқығы. Журналистер Қазақстандағы гендер мәселесі туралы айтып берді

«Жаңа репортер» редакциясы Халықаралық әйелдер күнінде Қазақстан мен Тәжікстандағы гендер мәселесі тақырыбына жазатын журналистермен сұхбаттасты. Бүгінгі мақаламызда 4 қазақстандық журналист гендер теңдігі неліктен маңызды екенін, жұмыс барысында қандай кедергілерге ұшырайтынын, медиа әйел құқығы мәселелерін шешуге қалай ықпал ете алатынын айтып берді. 

Гүлмира Әбіқай

Гүлмира Әбіқай, журналист, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының жүргізушісі (КТК), перзентханадан жауап берді:

«Бір ауылда Мырқымбайдың Бәтиманы өлімші етіп сабап ұратынын бүкіл ауыл біледі. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі білмеген түр танытады…»

«Дау-дамайсыз» бағдарламасы заңдық, қоғамдық-әлеуметтік салаға бағытталған. Бірақ бізде көбіне көп әйелдер тағдырына арналып жатқаны рас.

Менің басты миссиям — әйелдердің қатігездікке ұшырауына, әйелдерге жасалатын қатігез іс-әрекеттерге қарсылық. 

Бір оқиға есіме түсіп отыр. Алматыдағы Шаңырақта тұратын әйел жылап хабарласты. Өзі екіқабат, ішінде жеті айлық баласы бар. Маскүнем күйеуі бір апта бойы үйде ішіп жатыр екен. Үйден бала-шағасының бәрін қуып шыққан. 14 жасар қызына «тамақ істе, ет әкел» деп пышақ жұмсаған. Қыз ауруханада жатыр. 

Полиция туған әкесі қызын пышақтағанын бізден естіді. Мектептегілер білмейді. 

Осы мәселені қазбалай келе «Қанша жерден туғаны болса да балаларға туған әкесі керек пе» деп сұрадым. «Жоқ, керек емес, қорқамыз, өлтіреді» деп жылады. Сол әкені әуелі 30 күн, сосын 6 айға қамады. Ал әйел Жаркентке көшіп барды. Босанып, көпбалалы ана, яғни 7 балалы ана ретінде мемлекеттен үй алып, бақытты өмір сүріп жатыр. 

Өкінішке қарай, пандемия кезінде бүкіл қылмыс көшеде емес, үйде болып шықты. 

Ішкіш күйеулері бұрындары күндіз кетіп, кешке үйіне келіп, жататын. Ал пандемия кезінде ешкімді тыпыр етпей, бәрі 1 ай үйден шықпай отырды. Сонда қаншама әулетте төбелес, ұрыс-керіс, бауыздау, пышақ салу сияқты неше түрлі сұмдық оқиғалар болды. Әсіресе, Алматы маңындағы «времянка» үйлерден әйелдер бас сауғалап қашып, қайда барарын білмеді. Сол кезде көмектестім. Ұрып-соғу үшін әйелін іздеп келген күйеулер де болды. Соңғы кезде қазақ отбасындағы кикілжіңдер үлкен қоғамдық дауға айналып отыр. Мен бұған тек отбасылық мәселе не ер адам мен әйел адам арасындағы жағдай деп қарамауды талап етіп, әлі де сол ұстанымдамын. 

Күйеуінен зорлық-зомбылық көріп жатқан әйелдер менен көмек сұрап, жиі хабарласады.

Ал жұмыс барысындағы қоқан-лоққыға келсек, түсірілімге барғанда үйінде жатқан күйеуі: «ой, мынау кім, ұрайын» деп айтып жатады. Бір ауылдарға барғанда ауыл адамдары: «Әп-әдемі тұрып жатқан ауыл едік, жай бір отбасы үшін Алматыда келіп, тыныштығымызды бұзды» деп айтады. 

Мен оларға: «Бұл жай көршіңіз отбасы болып көрінуі мүмкін, ал шындығында ол әйел азап, қиын, қорлықта өмір сүріп жатыр. Тіпті өлгісі келеді» деп айтамын. 

Балаларын қинайтын, баласына азғындық жасайтын оқиғалар бар. Сондай оқиға болған ауылға барсам әкімдіктегілер, мектептегілер: «Енді ауыл ғо, ауыл ішінде бола береді, сіз де сол үшін келіп» деп кейиді. Әркімнің айтқанын тыңдап, ауыл екен деп жүрмеймін. 

Бірақ тікелей келіп, ешкім қоқан-лоққы жасамады.

Журналистер әйелдерге жасалатын қатігез әрекетпен күресуге өте қатты ықпал етеді. 

Біріншіден, бізде «әйелді қорғау, әйелдің жолын ашу» деген ұлттық идеология болуы керек. Бұл жоқ. Мәселен, менімен құрдас әйелдердің көбі сауатсыз. Екі сынып, ары кетсе 4 сынып бітірген. Құжаты жоқ. Жұмысы жоқ. Адам өзі сауатсыз болса, құқығын қорғай алмайды, құқығын қорғаудың не екенін де білмейді. «Мен қандай өмірге лайықпын» деп ойлай алмайды. Сауатсыз болған соң күйеуінің сөзіне бұйрық ретінде қарайды, зорлық-зомбылығына амалсыз төзіп жүреді. 

Екіншіден, әйелдерді қорғау, әйелдерге қолдау туралы ақпарат жоқ. Әйелдің көбі күйеуі ұрғанда қайда хабарласуды білмейді. Күйеуінен қашып, балаларымен қайда баруды білмейді. Ал әйелдерді паналататын орталықтарының талаптары бар. Көптеген әйел сол орталықтардың талаптарына сай келмей жатады. 

Қазақстандағы әрбір ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдері бар. Есеп үшін ашылған. Оларға жүгініп жатқан ауыл жоқ. Бір ауылда Мырқымбайдың Бәтиманы өлімші етіп сабап ұратынын бүкіл ауыл біледі. Бірақ сол бөлім мұны білмеген болады. Бөлім ашылды ма, ашылды, болды. Көзбояушылық. Ауыл да көрмеген түр танытады. Бүкіл қоғам білмеген боп өмір сүріп жатыр. 

Міне, көктем келіп, бөпелі болып жатырмыз. Мына перзентханада қаншама ана баласын ауыр босанып, жаны қиналып, тәні ауырып жатса да өмі сүруге тырмысып, ұмтылғанын көремін. Ертең олар үйіне барғанда алдынан гүлін ұсынып, құшағына алатын ер азамат немесе қамшысын ұстап отырған ер адам шығуы мүмкін. 

Сондай аналар мына ауруханада қабырғаны жағалап, әрең жүрсе де баласын қолына алып, ана сүтін беріп, өмір үшін күш салып жатыр. Міне, осылай өмір мен өлім ортасында жатып, өмірге адам әкеліп, қазақтың санын көбейтіп жатқан кез келген ана бақытты болуға лайық. Сауаты, білім деңгейі, тағы басқасы маңызды емес. Әр әйел бақытты болуға лайық!

Мен Жамбыл облысындағы Өтеген батыр ауылындағы батырдың ұрпағымын. Біз жақта әйел-еркек деп бөлінбейді. Ойымызды ашық айтамыз, еркін ойлаймыз. 

«Партия құрайын, әйел-әйел деп жалаулатайын» деген ойым жоқ.Маған гендерлік саясат қызық емес, басты мақсатым — әйел қысым көрмеу керек, жапа шекпеуі керек, әйел қатігездікке ұшырамауы керек. Қазақ әйелі азат болуы керек. 

Айсұлтан Жақыпов

Айсұлтан Жақыпов, «Сүйрік» жобасының авторы, деректі фильмдер түсіреді, Қазақстанда гендер теңдігі туралы жазатын, айтатын аз ер адамның бірі. Оның жұмысы әйелдер құқы — тек әйелдердің шаруасы емес екенін дәлелдейді:

«Журналистер “ақ-қарасын сот шешеді ғой” деп қарап отырмауы керек»

Қоғамда қыз бала, әйел адамдар сирек кездесетін, мәселен, ұлттық спорт: саятшылық, көкпар және тағы басқа да ат ойындарымен айналысатын қыз-келіншектер туралы «Сүйрік» деген жоба жасадым. Жобаны жұртшылық жылы қабылдады. Әрине, ішінара теріс пікірлер болды.

Біреулер жеке өзіме келіп, ештеңе істемеген. Бірақ Созақтағы көкпаршы келіншек жайлы фильмге жақсы пікірлер де, теріс пікірлер де көп жазылды. 

Көбі «ойбай, қазақ қыз-келіншектері еркектермен бірге көкпар тартпаған, қазақтың жігіттері қайда қарап отыр, енді әйелдерге көкпар тартқызып отырыңдар» біраз теріс пікір айтты.

Кейіпкерім Адалат Әлтешова да «видеоны алып тастайық» деп бірнеше рет хабарласты. Бірақ басым бөлігі жақсы пікірлер жазған сол ол видеоны өшірмедік. Адалат әпкеміздің жүйкесі сыр берген тұста ата-бабаларымызда көкпар тартқан әйелдер болған деп тағы сондай бір-екі адамның видеосын жариялап, көңілін орнына түсірдік. 

Ал әйелдер құқығына келсек, әйел құқығын үнемі қолдап-қорғап жүрмін деп айта алмаймын. Мен бұған гендер теңдігі деп қарамаймын. Адам құқығы ретінде қараймын. Адамның бәрі тең. Бізде «бұл шаруа қыздарға лайық емес-ау» деген көзқарас қалыптасқан. Жоқ, қыздардың да қолынан бәрі келеді. Олар да көп дүниені жасай алады. Біздің бойымыздан табыла бермейтін ерік-жігер, қажыр-қайрат қыздарда бар. 

Әйел құқы бұзылуына қарсы күресемін. Бірақ қатты әсер еткен оқиғаларға араласуға тырысамын. Мәселен, Қарағандыдағы SaryarqaAqparat медиахолдингінде боп жатқан оқиға. Осы холдинг басшысының орынбасары қол астындағы бір қызға харассмент жасапты. Осы мәселені көтеріп, екі жақтан да сұхбат алып, жұртқа жарияладым. Былтыр қыста резонанс тудырған оқиға — Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы бір ауыл мешітінің имамы 7 сынып оқитын қызды зорлап, жүкті етіп, оның аборт жасатқаны болды. Осы оқиға жайлы мәлімет қолыма түсіп, соны дейін зерттеп, қыз зорлаған имам 20 жылға сотталды.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер жайлы әлеуметтік видеоролик түсірдік. Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті тапсырыс берген еді. Содан 7-8 әйелмен сұхбат жасап, жарияладық. 

Қаралымы да көп бола қоймады. Сол кезде біреу жазып, «сізге хабарласуға бола ма» деп, сұрап, телефон нөмірімді берген соң, хабарласып, Қарқаралыдағы имам жайлы ақпар жетті. Осылайша бір жұмыс екіншісіне себеп болды. 

Журналистер, медиа мамандары, блоггерлер әйелдердің құқы қорғалуына ықпал ете алады. Өйткені олар да қоғамның қозғаушы күші болып тұр ғой. Әлеуметтік желіде де, басқада да.

Кейбір блоггерлердің аудиториясына айтқаны ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс сияқты көрінеді. Әр айтқан сөзін дұрыс санайды. Басқаға сенбейді. 

«Сондай аудиториясы бар адамдар әйел құқығы, адам құқығы туралы жазып отырса, отбасындағы кикілжің азаяды» деп ойлаймын.

Журналистер «мұның маған қатысы қанша» немесе «әй, мұның ақ-қарасын сот шешеді ғой» деп қарап отырмауы керек.

Оқиғаны жариялау маңызды, қоғамдық резонанс тудыру маңызды. Проблема ашық айтылса ғана қоғам назарын аударып, шешімін табады. 

Гүлмира Құсайынова

Гүлмира Құсайынова, Manshuq Media бас редакторы

«Кәсіби жұмысын адал атқарса, болғаны»

Manshuq Media — әйелдер туралы медиа, әйелдерге арналған жоба. Жазатын тақырыптарымыздың түп өзегі де әйел құқы, гендер теңдігі. Авторларымыздың гендер теңдігі/гендер теңсіздігі дегеніміз не, мұны қолдаймыз ба, қарсымыз ба сұрақтар қоюына жағдай жасаймыз. Әйел құқықтары туралы айтары бар кейіпкерлерді аудиторияға таныстырамыз. Қазақстандық әйелдердің құқық бойынша түрлі мәселелерін ашық айтамыз.

Сондай маңызды жобамыздың бірі — «Мен мұның зорлық-зомбылық екенін білмедім» деп аталады. Бұл жоба әлі де жалғасады, өйткені әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, редакциямызға хат жазады. Сол хаттарды жариялаймыз.

Гендер теңдігі маңызды, өйткені әрбір әйелдің өмірінде гендер теңсіздігімен байланысты мәселе туындап жатады. Бұл проблемалар өмір сапасына айтарлықтай теріс әсер етеді. Елімізде зорлық-зомбылық белгілері анық байқалатын түсініктер әлі де өзекті. Мәселен, қыз алып қашу, келісімінсіз некелесу. Зорлық жасау соңғы 2 жылдан бері азаюдың орнына өсіп барады. Manshuq медиасындағы мұндай тақырыптар қатарын жалғастыра беруге болады. 

Жұмысымызға байланысты қандай да бір ашық кемсіту, қысым жасау болмады. Алайда «Мұның не қажеті бар?», «Сендерге осы да жетпей ме», «Қазіргі рұқсат еткеніміз аз ба?» деген сияқты сөздер айтып, сөйлейтіндер бар. Түсінбеушілікті еңсерудің бір жолы — жұмысыңызды жалғастыру. Тендерлік теңдік туралы үнемі жазамыз, өйткені бұл маңызды және дәл осы мәселеге келгенде ұстанымымызды әрдайым айтамыз. 

Журналистер кәсіби қызметін адал атқарса, гендер теңдігі орнауына көмектесе алады. Мәселені шешу үшін сол мәселені үнемі айтып отыру керек. Ал гендер теңсіздігі бойынша шешілмеген мәселе толып жатыр. 

Айсулу Тойшибекова

Айсұлу Тойшыбекова, журналист, подкастшы:

«Тіл түсінікті қалыптастырады»

БАҚ-та, Telegram-блогымда және подкастымда гендер, феминизм, әйел құқығы туралы ақпарат таратамын, насихаттаймын. Телеграм-арнада, подкастымда гендер теңсіздігінен бөлек, эйджизмге ұшырайтын әйелдер, мен жас қыздардың сөйлеуі, ой-пікірін айтуы, соған сараптама жасап, талдауы маңызды. Қазір подкастыма үзіліс жасадым. Бұрын тәжірибемді бөлісіп, жаңалықтар айтатынмын. Қазір медиа көбейді, гендер мәселесі әлеуметтік желілерде көп айтылатын болды. 

Бұл тақырып мен үшін де маңызды, өйткені әйел болған соң жасырын не ашық гендерлік кемсітуді бастап өткіземін. Әйелдер психологиялық, физикалық, сексуалды және сексуалданған зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қыз баласы туғанынан бастап сексуалданған зорлық көреді. Әйелдер күнделікті жұмысында, оқуда гендерлік кемсітушілікке тап келеді. Меніңше, гендер теңсіздігі мәселесімен күрес — мемлекеттің басым бағыттарының бірі болуы керек. Халықтың тең жартысы өмірде түрлі кедергілерге ұшырауы — қате бағыт. 

Істеген жұмысыма жақсы әрі жылы пікірлер естимін. Бақытыма орай, хейт, қысым көрсету, түсінбеушілікке сирек тап келемін. Айналамдағы адамдар мұның неліктен маңызды екенін түсінеді. Әйтсе де интернеттегі көптеген әйелдер мен ер адамдар феминизм идеясын қолдамай, қарсы шығып, құнын түсірмек боп жатады. Өмірде конструктивті диалогқа дайын адам болса, дәлел-дәйек келтіріп, түсіндіруге тырысамын. Ал әлеуметтік желілерде бұған уақыт жоғалтқым келмейді, әсіресе ер адамдарға түсіндіруге тырыспаймын. Бәрібір түсіндіру қиын. Ең дұрысы — уақытымды, күш-қуатымды осы мәселенің тереңіне үңілуді қалайтын әйелдерге арнаймын. 

Журналистер гендер теңдігіне қол жеткізу үшін кәсіби қызметінде екі нәрсе жасай алады: біріншісі — әйелдерге қатысты кемсіту тілін қолданбау. Жариялаған материалдарымыздағы тілдің рөлі, сөздің ықпалы өте күшті. Тіл біздің шынайылығымызды қалыптастырады. Екіншісі — репрезентация. Бұл тақырыпта жазу, айту қажет және бұл маңызды. Медиада осы тақырыптың көрініс табуы гендер теңдігі орнауына жеткізеді. 

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР