ДомойМедиасынПрезидент жолдауы, қант дүрбелеңі, «Жаңа Қазақстан» концерті: 14-20 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Президент жолдауы, қант дүрбелеңі, «Жаңа Қазақстан» концерті: 14-20 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Президент жолдауы, қант дүрбелеңі, «Жаңа Қазақстан» концерті: 14-20 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президент жолдауы туралы болды. Ондағы тезистерден үзінді беріліп, сарапшылар пікірі ұсынылды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда үш облыс – Абай, Ұлытау, Жетісу құрылатынын айтты. Апталық бағдарламалар осы тақырыпқа бөлек сюжет арнаған. «Жеті күн», «Айна» тілшілері Абай облысының орталығы болатын Семей қаласынан арнайы сюжет әзірлесе, Apta бұл бастамаға қатысты қарапайым тұрғындардан пікір сұрапты. Ал «Apta қонағы» айдарында үш облыс құру тақырыбы хақында Қарағанды облысының Ұлытау ауданына әкім болған Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалимен сұхбаттасқан. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар Алматыда өткен «AMANAT» партиясының бейбіт митингісі және «Жаңа Қазақстан» концерті туралы да сюжет ұсынды. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте, ұлттық мүддені қорғайтын стратегиялық бағдарға берік болуға тиіспіз», мұны да Президент нығырлап айтты». Дархан Әбдіуахит «Жеті күн» хабарын бірден Президенттің жолдауындағы маңызды тезистерді тізбелеуден бастады. Ал Президент жолдауына арналған 10 минуттан аса созылған сюжетті Қорған Қонысбайұлы әзірледі. Жолдауда айтылған он пункттегі бастамаларды толық баяндаған сюжетте сарапшы пікірі жоқ. Президенттің  жолдауынан үзінділер берілді. Президенттің әкімдерді қабылдағанын, Үкіметтің Президент жолдауына орай кезектен тыс отырыс өткізгенін Дархан Әбдіуахит кадрда тұрып баяндады.

Семей қаласы жаңадан құрылатын Абай облысының орталығы болады. Президент жолдауынан кейін Ақбөпе Тәңірберген осы өңірге барып, арнайы сюжет әзірлепті. Автор жаңадан құрылатын облыс орталығындағы 25 жыл ішінде қордаланған проблемалар, территориялық бөлініс қандай аудандарды қамтуы керектігі, облыстың экономикалық әлеуеті, тарихи-мәдени орталық ретіндегі ерекшелігі туралы сарапшыларды сөйлете отырып, ақпараты мол толымды сюжет әзірлепті. 

Украинадағы қазақстандықтарды елге қайтару ісін ұйымдастырған Дархан Калетаев бастаған бір топ елшілік қызметкерлерін Президент түрлі дәрежедегі орден-медальмен марапаттады. Сонымен қатар, Наурыз мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы бірқатар азаматты марапаттау рәсімін өткізді. «Жеті күн» бұл шарадан да сюжет әзірлепті. 

Дархан Әбдіуахит кадрда тұрып Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары, телефон арқылы сөйлесуі, қаржылық тұрақтылықты сақтауға қатысты қабылдаған қаулысы жайында да ұзақ айтты. Соңғы мәселеге қатысты экономист пікір білдіріпті. 

Осыдан соң, жолдауды қолдау мақсатында «Көпшілік пікірі» аталатын сюжет ұсынылды. Оны Рият Шони әзірлеген. Атауында көпшілік пікірі меңзелгенімен, сюжетте қарапайым тұрғындардың пікірі жоқтың қасы. Сюжет депутаттардың Президент жолдауына қатысты пікірінінен басталып, саяси партиялар туралы Президенттің бастамасы айтыла келе бірте-бірте Алматыда өткен «Аманат» партиясының митингісіне ойысты. Сюжетте митингтің қалай өткені жайлы ақпарат мол, партия хатшысының сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Бұдан әрі Алматы қаласында өткен жастардың «Жаңа Қазақстан»  фестивалі туралы да ақпарат берілді.  Президенттің бастамалары туралы саясаттанушылар оң пікір білдірді, сарапшылар тарапынан жолдауды түсіндіруге талпыныс жасалды.  

Өткен аптада қаңтар оқиғасын тергеу барысы жайлы Мәжілісте ашық тыңдау өтті. «Жеті күн» бұл жиын туралы да сюжет әзірлепті. Ол бағдарламаның 45-минутында ғана берілді. Телеарналар мен әлеуметтік желілердің тікелей эфирінен берілген жиын туралы сюжет репортаж ретінде ұсынылды. Жиында сөйлеген спикерлердің сөзінен үзінді берілді, депутаттар сауалы, лауазымды тұлағалардың жауабы, негізгі мәселелер туралы баяндалды. 

«Қант қат па?» аталатын сюжеттің алдында Дархан Әбдіуахит «Украинадағы жағдайдың»  салдарынан әлем елдерінде азық-түлік дағдарысы басталғанын ұзақ әңгімеледі. Үкімет отырысындағы Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің елдегі азық-түлік көлеміне қатысты сөзінен үзінді берілді. Сюжетті Мақпал Мадиярова әзірлепті. Материал апта басында елде қантқа байланысты қалыптасқан жағдайға орай түсірілген видеоларды көрсетуден басталды. Сонымен қатар, өңірлердегі қант тапшылығына қатысты жағдайды саралап, аймақтардағы жағдайға шолу жасалды. Сонымен қатар, сюжетте Украина мен Ресей шиеленісіне қатысты еліміздегі азық-түлік пен өзге де тауарларға қатысты жағдай болашақта қалай өрбитініне қатысты сарапшылар пікір білдірді. Үкіметтің азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты атқарып жатқан шараларын ескере отырып жасалған сюжетте жағдайды әділ бағалауға талпыныс бар. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Айна» бағдарламасының да басты тақырыбы – Президенттің жолдауы болды. «Өкілеттік шегі» аталатын сюжетте Президент жолдауындағы тезистерден үзінді беріліп, сарапшылар сөйледі. Саясаттанушылар, депутаттар жолдауға түсіндірме берді. 

Ғалым Кәлмен осы сюжеттен кейін студияда әкімдердің сайлауына қатысты жолдаудан үзінді келтіріп, қарапайым тұрғындардың пікірін беріпті. 

Мәжілістің рөлі мен оған сайланатын депутаттардың мандатына қатысты Махамбет Бейбітшілік жеке сюжет әзірлепті.  «Парламент пәрмені артады» деп аталған сюжетке Сенат пен Мәжіліс депутаттары жолдаудың  Парламент депутаттарына қатысты тезистеріне қатысты пікірін білдіріп, Президенттің сөздерін түсіндіріпті. 

Ұлытау мен Жетісу ауданы құрылатынына қатысты сарапшылар пікір білдірген. Сарапшылардың бірі – Тұңғыш Президенттің сенімді серіктерінің бірі Мырзатай Жолдасбеков екен. Жаңа құрылатын Абай облысына «Айна» да тілші жіберіпті. Бұл сюжет тілші Артур Мағзомовтың стендапынан басталды. Тілші кадрда жаңа облысты «құрылды» деп айтып жатты. Құрылымы жағынан «Жеті күн» әзірлеген сюжетке ұқсағанымен, мазмұны жағынан бұл сюжет Семей қаласының, жаңа Абай облысының құрылымы, экономикалық әлеуеті қандай болуы мүмкін екені туралы терең ақпарат бере алмады. Семейліктердің қуанышты екенін айтудан аса алмады. 

«Жолдауға қолдау» аталатын сюжет Президент тезистерін талдауға емес, «Алматы аренада» өткен жастардың «Күшіміз бірлікте» фестивалін баяндауға бағытталды. «Жеті күн» де, «Айна» тілшілері де жиылған жастардың пікірін сұрамаған. Әлеуметтік желілерде бұл жиынға жастарды қалай шақырғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда аталған арна тілшілері бұл жиынға қатысушыларды қалай жиналғанын анықтауға мән бермепті. Ал Ғалым Кәлмен сюжеттен кейін Алматыда өткен «Аманат» партиясының митингі туралы айтты.  Жиынға келген студент митинг туралы оң пікір білдіріпті. 

Азық-түліктің күрт қымбаттауы мен күтпеген қант дүрбелеңіне қатысты сюжет әзірлеген Гүлнәзия Жалғасқызы Нұр-Сұлтандағы азық-түлік қоймаларын аралап, кәсіпкерлерден, құзырлы орган өкілдерінен сұхбат алып, жағдайды баяндайды. Азық-түлік тауарларының қай түрінің бағасы бақыланатыны, қандай жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салынатыны, қант және өзге де тағам түрлерінің қанша қоры бар екені туралы толымды мағұлмат берілген. 

«Айна» жүргізушісі Ғалым Кәлмен Қайрат Сатыбалды және Қайрат Боранбаевтың ұсталғаны және Қайрат Шәріпбаевтың заңсыз бизнесі жабылғаны туралы айтып өтті

Қаңтар оқиғаларына қатысты Мәжілісте өткен тыңдауларға қатысты материал дайындаған «Айна» студияға белгілі заңгер, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Айман Омарованы шақырыпты. Заңгер қаңтар оқиғасына қатысушылар, дүрбелеңнің шығу себептері, тергеу барысы туралы сұрақтарға жауап берді. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауынан басталып, тұтастай дерлік жолдауға арналды. 

Жолдаудың негізгі тезистерін студиядан айтып, цифрларды экранға шығарды. Сюжетте алдағы болатын саяси өзгерістерді баяндап, мемлекет басшысының сөзін депутаттар мен саясаттанушылардың комментарийі толықтырды. Жолдауда айтылған өзгерістерге бәрінің де айтары –«қолдаймыз». 

Президент жолдауында азаптауларға байланысты қылмыстарды тергеу ісін Бас прокуратураға беруді ұсынған. Екінші сюжет осы тақырыпқа арналып, Конституциялық сот дегеніміз не екенін түсіндірді. Жоғары аудиторлық палата мен Ұлттық құрылтайды да айтты. Экс-депутат, Адам құқықтары жөніндегі институт өкілі мен экономистерді сөйлеткен түсіндірмелі сюжет. 

Президент жолдауда үш облыс – Абай, Ұлытау, Жетісу құрылатынын айтқан. Apta тілшілері осы тақырыпқа бөлек сюжет арнапты. Бағдарламаның үшінші сюжетінде қарапайым тұрғындарға сөйлеу кезегі жеткен екен. Сюжетте бәрі бірдей бұл шешімді қолдапты. Қарсы пікір жоқтың қасы. 

«Apta қонағы» айдары үш облыс құру тақырыбын жалғастырды. Студия қонағы – Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали. Ол Қарағанды облысының Ұлытау ауданына әкім болған. 

Содан кейін Қаңтар оқиғаларына ойысты. Президенттің: «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады» деп басталатын ұзақ синхронын берді.

19 наурызда Н.Назарбаевтың мерзімінен бұрын қызметінен кетіп, Президент қызметін атқаруға Қ.Тоқаевтың кіріскеніне 3 жыл толды. Жүргізуші Жайна Сламбек мұны айта келе, Н.Назарбаевтың айналасынан кімдер тұтқындалғанын, Қайрат Сатыбалдыдан бастап Қайрат Боранбаевқа дейін, қамауға алынғанын, кім қызметінен кеткенін тізіп шықты

Президент жолдауында елдің валюта, азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде де айтқан. Президент синхронын беріп, жанар-жағармай, тыңайтқыштың қымбаттауына байланысты көктемгі егісті бастай алмай отырған түркістандық дихандар комментарийімен толықтырды.  

Жүргізуші Жайна Сламбек Ресей мен Беларусь Республикасына салынған санкциялардың ЕАЭО-қа мүше басқа елдер экономикасына теріс салдары, Ресейде Қырымды «қосып алғандарының» 8 жылдығын тойлатқаны, Украидағы соғыс, Мариупольдегі қиын жағдай, Джо Байденнің Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесуі,  Ресей басқыншылығынан опат болған балаларға арнап Львов қаласында 109 балалар арбасы қойылғаны, Украинадан қазақстандықтарды елге жеткізу мен Түркіменстанның жаңа президенті туралы жаңалықтарды айтып өтті. 

Бағдарлама Алматыда өткен «AMANAT» партиясының бейбіт митингісі және «Жаңа Қазақстан» концертімен аяқталды. Концертте сахна жүргізушісі мен көрермендер: «Наш президент – тигр!» деп айқайлап жатты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР