ДомойМедиасынҚазақша медиадағы кликбейт: онлайн-басылымдар неге беделін ойламайды?

Қазақша медиадағы кликбейт: онлайн-басылымдар неге беделін ойламайды?

Қазақша медиадағы кликбейт: онлайн-басылымдар неге беделін ойламайды?

Журналистикада «жақсы тақырып – жарты мақала» деген бар. Бұл жерде ұтымды тақырып қоя білудің өнер екенін, оқырман тартатын күшке ие екенін меңзейді. Десе де, кейінгі кездері өсек пен өтіріктің айналасындағы әңгіме арқылы айғайлатып тақырып қоятындарды көп кездестіруге болады. Тіпті кей сайттардың бір айдары түгелдей кликбейттен тұратынын байқадық. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақша онлайн-басылымдардың кейінгі бір айдағы материалдарын шолып шығып, саржағал мақалаларды бірнеше түрге бөліп қарастырды.

 Қазақ медиасы кликбейтке мұқтаж ба?

 Дижитал дәуірге тән Pay per click (ағылш. «Басқаны үшін төлеу») бизнес-моделі онлайн-басылымдардағы кликбейтті еселеп көбейтті. Олай дейтініміз, демеушілердің сайттарға қоятын талабы, тендердің шарты сол – статистика жоғары болуы керек. Саржағал мақаланың статистиканы демде көтеретінін жақсы білгендіктен, редакция ондай жаңалықтарды аңдып отырып жариялайды. Үлкен еңбек сіңіріп, апталап зерттеу жүргізілген материалдың қаралымы жүзден аспауы мүмкін. Бірақ әлдебір әншінің әлеуметтік желіде жасаған хайпы әлгі сапалы сараптама қаралымынан еселеп көп болады. Бұл тренд Қазақстанға ғана тән емес. Десек те, кәсібилік тұрғысынан алып қарастырғанда медиа беделін бірінші орынға қойғаны дұрыс. Журналист, пиаршы Ербол Азанбектің әлеуметтік желідегі парақшасына осыдан төрт жыл бұрын жазғаны әлі де өзекті. «Қаржы, экономика, бизнес тақырыбында қазақша супер материалдар бергім келеді. Тақырып толып тұр. Идея көп. Жазатын адам жетеді. Бірақ, жасамаймын. Өйткені салған ақшам, уақытым, еңбектеніп жасаған дүнием ақталмайды. Қазіргі оқырман көлемді дүниені оқымайды. Оқырманға керегі – саржағал дүние. Өсек. Сайттардың көбі құмай құсап, тышқан аулап кеткені содан».

Ербол Азанбектің Facebook парақшасынан скриншот

Өзін кәсіби редакция санайтын, сыйлайтын ұжым кликбейтке жол бермесе керек-ті. Мәселен 2017 жылы The New York Times редакция саясатында кликбейтке көзқарасын шегелеп бекітті. Атап айтқанда, олар How We Define Clickbait (Which We Do Our Best to Avoid)» («Біз кликбейтті қалай анықтаймыз (әрі одан алшақ болуға барынша тырысамыз)») деген мақала жариялады. Ол жерде редакция оқырмандары мақаланы оқығаннан кейін алданғандай күй кешуі мүмкін материал шығаруға тыйым салынады делінген. Оқырманды қызықтыру керек, тарту керек – ол басты мақсат. Бірақ «Қалай?», «Неге?» сынды сауалдардан тұратын мақала шықса, оның мазмұны соған сай болуы керек. «Масқара», «Жаға ұстатты», «18+» деген сөздер – тұнған кликбейт. Егер оқырман сүзгі жасай алатындай деңгейде болса, ол қақпанға түспейді.

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы «Журналистиканың базалық машықтары» мектебін ұйымдастырғанда журналист Жұлдыз Әбділдә «Лидтер мен тақырыптар» туралы сабақ өткізген еді. Сол жерде «тақырып қойған кезде манипуляцияға жол бермеу қажет, тақырып жинақы, тартымды, мазмұнды, ақпараттық болуы, мақаланың мазмұнына сәйкес келуі міндетті, этика принциптеріне сай болуы, ешкімнің ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтірмеуі шарт, ешкімге зиян келтірмеуі керек және іздеу жүйесінен табылуы маңызды» деген болатын. Былай қарасаңыз, кез келген журналист мұндай ережені білетін секілді. Бас редактордың бұл стандартты білмеуі мүмкін еместей көрінеді. Сонда бар мәселе саржағал тақырыпсыз нан жоқ болғанында ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын «сары басылымдар» деп белгілі бір медиаларды атайтынбыз. Фильтрі бар оқырман ретінде олар ұсынатын контентке бойкот жариялайтындар да аз болмады. Дегенмен кейінгі кездері сол «сары» санатқа елге белгілі, беделді онлайн-басылымдар да қосыла бастады. Ең өкініштісі осы. «Қасықтап жинаған абыройды шелектеп төгу» деп осындайды айтса керек. Беделін пайдаланып, журналистикада жаңа дем, жаңа ұстаным қалыптастырудың орнына кері кетсе, айтылған сынға өкпелеудің реті жоқ.

Қақпанға түсіретін тақырыптар

Кейінгі бір айдың ішінде жарияланған мақалаларды қарастырамыз деп ойлаған едік. Сөйтсек, тіпті бір аптаның өзінен көлемді медиасын жасауға жеткілікті материал таптық. Бәрін тізбелегеннен пайда жоқ, кликбейт тәсілдеріне қарай бірнеше мысал келтіргенді жөн көріп отырмыз. Осыдан 11 жыл бұрын ашылған massaget.kz сайты бастапқыда танымдық бағыттағы үздік онлайн-басылымдардың бірі болған. Қазіргі таңда Tik Tok желісінде трендтегі жап-жақсы тақырыптарға видео-контент жариялап жүр. Бірақ кликбейтке мұқтаждық бұл сайтты да айналып өтпеген. «Жаңалықтар» бөліміне кірсеңіз, кликбейттің көкесін көресіз. Екі мысал ғана келтірсек. Танымал футболшының шаш үлгісін жасатқан оқушыға мектепке келуге тыйым салынды деген мақала бар. Бұл жерде қай елде болып жатқан оқиға екені белгісіз. Тақырыпта оны әдейі жасырып, клик жасатуға мәжбүрлеп тұр. Сілтемені ашып кіргенде бұл Ұлыбританияда болған жағдай екенін білеміз. Отандық жаңалықтар ғана шықсын демейміз. Десе де, оқырманға еш пайдасы жоқ ақпарат, өмірлік маңызы жоқ мәлімет беру – жай ғана кликбейт. Екіншісі мақаланың тақырыбы – «Көксеректегі» Құрмаш: «Осы киноға түскеннен кейін күлмейтін болдым». Бұл жерде оқырманды алдап тұр. Яғни бір қарағанда журналист актерден сұхбат алғандай көрінеді. Ашып қалсаңыз, олай емес екенін түсінесіз. Қамбар Уәлиевтің бұл сөзі бұрынғы сұхбатынан үзінді екен. Тілші дереккөз де келтірмеген. Айтпақшы, ол кісі өмірден өткен. Бұрынғы сұхбаттан үзіндіні еске алып, қайта жариялаудағы мақсаты да түсініксіз. Әлдебір датамен байланыстырған дейін десек, материалда ондай бір ауыз сөз жоқ. Сондықтан оқырманды екіойлы қылғаны үшін мұны «кликбейт» деп бағалаймыз.

Massaget.kz сайтынан скриншот

Саржағал тақырыптың шыңында мәдениет яки шоу-бизнес тұрады. Журналист ретінде фактчек жасап, хабарласып пікір сұрайтындар сирек. Блогер не актердің Instagram парақшасына сілтей салады да, екіұшты тақырыппен жариялайды. Мысалы skifnews.kz cайтын ашсаңыз, сапалы дүние саусақпен санарлық. Есесіне, кликбейттен көз сүрінеді. «Жалаңаш келе салмаған екен»: Тойдағы би жарыс жұрттың жағасын ұстатты» деген материалды қарайық. Лиді тіпті өзінің рөлі қандай екенін ұмытып қалған секілді: «Одан да осы қыздарды тауып сабақ беру керек емес пе, діни тарапынан түсіндіру керек». Ең қызығы, дереккөзі – жоғарыда бірнеше кликбейт мысалын көрсеткен massaget сайты. Қазақша медиадағы кликбейттің ең кең таралған түрі «жаға ұстатты» тіркесін қолдану десек, қателеспейміз. Редакция осы әдісті пайдаланып, қаралым жинауды көздеді. Ал жалпы жаңалықтың құрылымын қарасаңыз, әлеуметтік желіде шыққан видео мен оған жазылған бірнеше пікірден ғана тұрады. Бұл жерде журналистика стандарты қайда қалғаны тағы белгісіз…

sn.kz сайтынан скриншот

Instagram парақшалардан кейін дереккөз ретінде ең жиі көрсетілетін дереккөз – Youtube-жоба немесе телебағдарламалардағы сұхбаттан үзінді. Skifnews мұндайдан алдына жан салмайды. «Өнер академиясында сессия секспен шешіле ме?»: Танымал актриса сұмдық жайттың бетін ашты материалын оқыған адам өзіне құнды ақпарат алмасы анық. Жай ғана уақыты зая кетті. Кликбейттің басты симптомдарының бірі осы – ақпараттың салмағы болмауы. Одан қала берді, 18+ тақырып болғаны да оқырманды қақпанға түсіріп тұр. Актрисаның өзге бағдарламада айтқан сөзін жаңалық қылып ұсынып отыр.

Аты дардай «Түркістан» газетінің сайты да кейінгі кездері саржағал тақырыпқа құмартып жүр. Әлемдік жаңалық деп бағаласа керек, 94 жастағы «әлемдегі ең лас адам» алғаш рет жуынғаннан кейін қайтыс болғанын жазыпты. Бір ғасырға жуық уақыт тәніне су тигізбей жүрген адам жайлы естімесе ұят болар деп шешкенге ұқсайды. Ал енді кәсібилік тұрғысынан бұл қаншалықты қажет ақпарат? Осы деректі білмеген қазақстандықтар неден құр қалады? Сайттағы жаңалықтардың қаралымын шолып шықтық. Кликбейт күші іс жүзінде дәлелденіп тұр. Өйткені «өлі табылды», «пышақтап кетті», «баласын аяусыз ұрған әйелдің видеосы» дегендей сөзі бар мақалалардың ауқымы бірнеше мыңнан асып жығылған. Ал қарапайым ақпараттық жаңалықтар әрі кетсе 200-300 қаралым жинаған. Turkystan сайтының тағы бір кликбейті — Ләйла Сұлтанқызының сөзіне байланысты. Тележүргізушінің жолдасы өмірден өткен кезде сайт тілшілері «Балалар күйзелісте»: Ләйлә Сұлтанқызы отбасындағы жағдай туралы айтып берді (естелік) деген материал шығарды. Күйіп тұрған тақырып болғандықтан 7 қарашада жарияланған мақаланы 25 мыңнан астам адам оқыған. Бірақ бұл жерде естелік сөзі сызықшада тұр деп ақтауға тырысқанымен, басты мақсат біреудің қазасы есебінен қаралым жинау болғанға ұқсайды. Өйткені мұнда «балалар күйзелісте» деп тақырып қойып, бұрын болған сұхбаттың ішінен дәл осы фактіні негізге алып берген. Яғни оқырман Ләйлә Сұлтанқызы қазадан кейін айтқан екен деп ойлап, қармаққа ілінеді.

Turkystan.kz сайтынан скриншот

Stan.kz сайтында «Әйел жүкті құрбысын өлтіріп, құрсағынан туылмаған баланы кесіп алған» деген материал шыққан. Біріншіден, оқырманның баланы ұрған, тепкен, өлтірген фактілердің қызық екенін редакция жақсы біледі. Сондықтан іште жатқан баланы кесіп алған Техас тұрғыны туралы ақпаратты ерінбей іздеп, тауып алған. Nur.kz – саржағал ақпараттармен әбден «көзге түскен» онлайн-басылымдардың бірі. Әсіресе, шоу-бизнес айдарындағы кез келген жаңалықты талдап, түбірінен кликбейт тауып ала аламыз. Бір ғана мысал: «Көтердім»: Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші баласын күтіп жүргенін айтты. Тақырыбына қарап, актрисаны жүкті екен деп қаласыз. Бірақ ашып қалсаңыз, ол туралы еш ақпарат жоқ. Дереккөз ретінде Әбдікәрімованың посты берілген. Ол жерде де екіұшты жазылған. Хайпқа көбірек ұқсайды. Журналист кем дегенде Жұлдызға хабарласып, бір ауыз пікір сұраса болмай ма? Тұтқасын көтермесе не жауап беруден бас тартса, оны айтсын. Бізде мәселенің мән-жайын анықтауды артық жұмыс көретін секілді. Сондықтан тынышына көшіріп-қойып бере бергенді құп көреді.

Тізе берсе, мұндай мысал көп. Сапаны түсіретін, беделді аяқ-асты ететін бұл әдіске дәнігіп алғаны бизнес үшін тартымды тәсіл болар. Ал кәсіби абырой ше?…

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР