2000 жылдардың бас кезінде газет-журналдарда «компьютер деген не?», «компьютер не істей алады?» деген мақалалар көбейіп кеткен. Сол кездің журналистері оқырманға таныс нәрсеге сүйену үшін компьютерді машинкамен салыстыратын. «Машинкада бір жерден қате кетсе, бәрін қайтадан теруге мәжбүрсіз, – деуші еді авторлар – ал компьютерде мәтінді әбден тексеріп, принтер деген жабдықпен басып шығару мүмкіндігі бар». Әйтсе де, халық бәрібір компьютерді машинка ретінде сатып алса да, осы күнге жеттік. Қазақша айтқанда, жұрт қалғанын өзі түсініп алды. Ендеше, ғылыми-техникалық журналистиканың маңызы бар ма? Оқырман заттың қадір-қасиетіне бәрібір тәжірибе жүзінде көз жеткізетін болса, журналистің серігі – дәлдіктің мағынасы не? ChatGPT туралы жазбалар осындай ой салды.
«Судья әлемде алғаш рет жасанды сананы пайдаланып үкім шығарды» деген жазба тақырыбынан бастап күмән ұялатады. Автор сілтеме бермегендіктен, түпнұсқаның сапасы туралы айту қиын, бірақ, дәл осы оқиғаны сипаттаған басылымдарда «әлемде алғаш рет» екені туралы тұжырым кездеспеді. Оның үстіне, бұл мәселе кәсіби заңгерлер қауымдастығында бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді (мысалы 2012 жылы монография шыққан). Әрі қисын тұрғысынан да бұл – әлемде кімнің алғаш рет қолданғанын анықтау мүмкін емес оқиға. Мүмкін автор «мен мұндайды алғаш рет көріп тұрмын – ендеше алғаш рет» деген классикалық қатеге ұрынған шығар. Жазба мазмұнының түпнұсқаға сәйкестігіне күмән тудыратын жері жалғыз бұл емес. Себебі мұнда ең басты нәрсе – осы оқиғаның даулы дискуссияға ұласқаны туралы ақпар жоқ. Әйтпесе, картахеналық судьяның атағы әлемдік басылымдарға шыға қоюы неғайбыл. Мысалы судьяның отандас әріптестері оның әрекетінің дұрыстығына күмән білдірген. Айталық, Колумбия Жоғары сотының судьясы Октавио Техейро чат-ботты қолдануда сақтыққа шақырған. Осы жазба фактіні жеткізудегі жиі кездесетін ауытқуларға көрнекі мысал ретінде таңдалып отыр. Аталған қателерді қазнетке ортақ деуге болады.
«Маған түсінікті, ендеше қалған жұрт та топас емес» деген ұстаным да ғылыми технологиялық жазбаларда жиі кездеседі. «Қытайлық Baidu іздеу алыбы ChatGPT стиліндегі ботты іске қосады» деген жазбада былайғы оқырман түігілі, кәсіби маманның түсінуі екіталай жолдар бар. Мысалы «Компания оның ЖИ-де толық орналасуы бар ChatGPT жобасымен байланысты барлық қажетті технологиялар бар екенін атап өтті, онда framework, соның ішінде чиптер, терең оқыту шеңберлері, үлкен үлгілер және іздеу қолданбалары» деген сөйлемді интернеттегі анықтамалар мен энциклопедиялар алдымда тұрса да түсіне алмадым. Сосын мұны тіпті адам жазған ба деген күпір ой келді. Мүмкін, редакцияның SEO саясаты трафик үшін Google Translate арқылы аударылған жазбаларды күземей сала беруге рұқсат беретін шығар? Онда әңгіме басқа, бірақ өкінішті.
«Әлемді шулатқан ChatGPT туралы не білуіміз керек?» деген жазбада боттың ерекшеліктері тізілген. Оның алғашқысы – «Қызметтің өзінің «жады» бар – ол әңгімені егжей-тегжейге дейін есте сақтайды». Мұндай қарапайым «ерекшеліктің» Whatsapp сияқты кәдімгі мессенджерде бары қаперге кірмеген. Жазбада бұдан әрі қарай да күмәнді ерекшеліктер мен қасиеттер тізіп берілген.
Ал «Бәрінен ақылды болуы мүмкін»: ChatGPT нейрожелісі деген не?» жазбаның лидінде: «Көп ұзамай нейрожелі Орта Азия елдерінде де сұранысқа ие болуы мүмкін» делінгенімен, мазмұнында оған негіздеме жоқ.
Енді медиасыншылар дайындау бағдарламасы бойынша шолулардан аңғарғанымды айтсам. Қазір редакциялардағы билік бас редакторда емес, SEO-мамандарда сияқты. Сайтқа келушілердің санын өзекті тақырып бойынша зерттеулер, сараптамалық мақалалар, басқа да дәстүрлі әдістермен емес, қарабайыр іздеу трафигін қалыптастыру арқылы арттыру әрекеті жаппай сипатта тәрізді. Егер шынымен осылай болса, өкінішті. Қазнетті әлі де ашылмаған тақырыптардың орасан зор массиві күтіп тұр еді. Ақыр аяғында, тап осы ChatGPT ботының өзі генерацияланған мәтіндермен емес, салмақты мақалалармен оқытылған. ЖИ-ді қазақша оқыту керек болған күні қайдан мақала аламыз?