ДомойМедиасынЕуразиялық форум, депутаттар сауалы, шаруалар мәселесі: 22-28 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Еуразиялық форум, депутаттар сауалы, шаруалар мәселесі: 22-28 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Еуразиялық форум, депутаттар сауалы, шаруалар мәселесі: 22-28 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада апталық бағдарламалардың басты тақырыбы Мемлекет басшысының Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумға қатысуы, сонда жасаған мәлімдемелері туралы болды. Сараптамалық бағдарламалар «Қазақстан ешбір одаққа қосылмайды» деп «сүйіншіледі». Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңның шикілігі, шаруалар мәселесі және тағы басқа әлеуметтік проблемалар назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Тоқаевтың Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумға қатысуы, сонда жасаған мәлімдемелері болды. Сюжетте ұйым аясында шешілмеген мәселелер бар екені айтылды, Қазақстанның өкілі Бақытжан Сағынтаев пікір білдірді. Автор бұл ұйымға мүше кей мемлекеттердің айта алмағанын Тоқаев жария еткеніне тоқталды. Сонымен қатар, санкциялар құрсауында отырған Мәскеуден ұйымның штаб-пәтерін көшіру мәселесінің өзекті екеніне тоқталып, оған қатысты сарапшы пікірі берілді. Жалпы қоғамда ұйымнан шығу туралы да ұсыныс тасталып, талқыланатыны айтылды. Негізінен президенттің мәлімдемелеріне басымдық беріп, сюжет әзірлейтін бағдарлама үшін мұның жаңашыл қадам екенін атап өткен жөн. Сюжет әдеттегідей ұзақ болды.

Келесі тақырып – Түркиядағы Президент сайлауы. Өткен жексенбіде сайлаудың екінші туры өтті. Сюжетте саяси доданың барысы, Түркияның экономикалық жағдайы, кандидаттар жайлы көп ақпарат бар. Сарапшылар Ердоғанның саяси салмағы туралы пікір білдірді. «Жеті күннің» шет елде болып жатқан оқиғаларға бұлайшы кең тоқталуы сирек еді.

Осы сюжеттен кейін бағдарлама жүргізушісі қоғамдағы әйелдердің дәстүрге сай емес «жабық» киіне бастағанына қатысты ұзақ толғанды. Айта кету керек, соңғы аптада бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Ислам мемлекеттеріндегі киіну үлгісінің қазақ қоғамына жат екенін айта келе, әңгіменің соңы әйелдердің отбасындағы рөлі, тіпті отбасының қаржылық жағдайына тірелді. Осылайша, жүргізуші жеке тұлғаның банкроттықты рәсімдеуі туралы шаралардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы сюжетке кезек берді. Тәжірибелі журналистті сөгу ойымызда жоқ. Дегенмен тақырыптарды ауыстырғанда «хабарымызды жалғастырамыз» немесе «өзге тақырыптарға ойыссақ» секілді көрермен назарын бұра алатын тіркестерді пайдалануға болады емес пе? Қазақ әйелінің киінуі мен отбасының борыш жүктемесін байланыстыру қисынсыз.

Ал Индира Жылқайдарова әзірлеген сюжетте «Банкроттық туралы» қабылданған заңның шикі тұстары бар екені, банкроттыққа берілген өтініштің басым көпшілігі мақұлданбағаны және заң қолданысқа енген бірнеше айдан бері банкрот деп танылғандар жоқтың қасы екені айтылды. Заңгерлер, құзырлы орган өкілдері және қарапайым азаматтар сөйлеген толымды сюжет.

Ауылшаруашылығы саласын субсидиялау туралы сюжетте қаражат ала алмай жүрген шаруалардың мұңы айтылды. Субсидия беру тәртібіне көңілі толмайтын тараптың уәжі мен Ауылшаруашылығы министрлігінің түсініктемесі бар.

Соңғы сюжетті Қостанайдағы Kazlit.kz зауытының жұмысы туралы PR материал деп ұқтық.

Бағдарлама соңында жүргізушісі Махат Садық тағы да қазақ қыздары туралы бір-екі ауыз айтып, Астанадағы музыкалық жас көрермендер театры қойған «Гауһартас» қойылымына барғанын айтты. Осылайша, ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның бұл саны аталған мюзиклде шырқалған әндердің бірінен үзінді берумен аяқталды.

Sarap Тimes, Astana TV

«Қазақстан ешбір одаққа қосылмайды». Тоқаевтың осы мәлімдемесі «Хабар» және AstanaTVдағы сараптамалық бағдарлама жүргізушілері сүйіншілей айтқан алғысөзі болды. Дастан Сейілханұлы хабарды Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысқаны, онда Қазақстан тек экономикалық интеграцияға ұмтылатыны туралы мәлімдемесін айтудан бастады. Алайда жиыннан сюжет әзірленбеді. Кадрдан тыс мәтін және синхрон арқылы қысқа қайырды.

Қазақстанда заңдар қазақ тілінде әзірленетін болады. Бұл мәселені Мәжілістен депутат Үнзила Шапақ көтеріп, депутаттық сауал тастаған. Сюжетте заңдардың қазақша нұсқасы түсініксіз болатыны айтылып, терминдердің қазақша баламасында бірізділік жоқтығы туралы мәселе көтерілді. Вице-премьер Алтай Көлгіновтің жауабы бар.

Студиядағы сұхбатта Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевпен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының заңнамалық негізі талқыланды.

Мәжіліс депутаттары ақылы автотұрақтар проблемасын да көтерген болатын. Sarap Тimes осы жайында да сюжет әзірледі. Мәжілісте бұл мәселені Amanat партиясының мүшесі Самат Нұртаза көтерген. Материалда автотұрақтан түсетін қаражаттың тек 5%  мемлекет қазынасына түсетініне мән берілді.

Павлодар облысындағы Үштерек ауылында қойға қасқыр тектес жабайы иттер шабуыл жасапты. Тұрғындар мұндай жыртқыштар енді адамға шабуы мүмкін деп қауіптенеді. Үкіметтен өтемақы да сұрап отыр. Сюжет проблеманы көтерген, рас. Дегенмен, сараптама жоқ. Күнделікті жаңалықтар форматындағы материал.

Ал Түркістан облысындағы жылыжайлардың проблемасы туралы сюжетті ерекше атап өту керек. Сырттан тасымалданған арзан жеміс-көкеністердің салдарынан отандық өндірушілер өз өнімін лайықты бағаға сата алмай отыр. Шаруалардың, құзырлы мекеме өкілдерінің пікірі бар. Мәселеге жан-жақты талдау жасалған сюжет.

Елімізде сарапшылар құмар ойыншыларды тіркеуге алуды, олардың әлеуметтік портретін жасау үшін зерттеу жүргізуді ұсынып отыр. Бағдарлама осы жайында да сюжет ұсынды. Парламентте ойын бизнесі туралы заң қаралып жатқаны айтылды. Сарашылар, зерттеу жүргізуге ниеттенген бастамашыл топ өкілдері, психологтар, ҚМА өкілі пікір білдірген. Алайда тілші тағы бір тарап – қызмет ұсынатын кәсіпкерлердің пікірін білуге талпынбаған. Өйткені лудомандарды тіркеуге алу олардың қызметіне де белгілі бір жауапкершілік артуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі жас отбасыларға Денсаулық картасын енгізуді ұсынып отыр. Ондағы мақсат жастардың ең алдымен денсаулығына мән беруі, дүниеге дені сау сәбидің келуіне жауапкершілік алуға ықпал ету. Бағдарлама әзірлеген сюжет осы турасында. Әзірге бұл жоба, әлі қабылданбаған. Оған қатысты депуттар, тұрғындар пікір білдірген. Дәрігерлердің де уәжі бар.

Apta, QAZAQSTAN

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Apta бағдарламасы алғашқы 10 минутын осы шараның негізгі оқиғаларына арнады. Мәскеуден дайындалған арнайы сюжетте президенттің көп цитатасы мен синхроны бар. Сараптама емес, осы форумның шолуы іспеттес материалда сарапшылар пікірі жетпеді.

Мемлекет басшысы Сингапур президенті Халима Якобаны қабылдады. Екі мемлекет жарқын болашақта қандай бағыттарда бірлескен жобалар жасайтыны туралы сюжет болды. Хаттамалық сюжетте әдеттегідей екі ел басшыларының сихрондары бар.

Түркиядағы президент сайлауы туралы ақпарат ұсынды. Тікелей трансляцияға Apta-ның арнайы тілшісі Айдос Әшімұлы қосылып, соңғы жаңалықтармен бөлісті, аталмыш елдегі сайлаушылардың білсенділігін атап өтті.

Қазақстанда 2 жылдан бері «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң талқыланып жатыр. Қазіргі заңның олқылығы қандай? Жауапсыз кәсіпкерлерді тексеруге кім кедергі? Келесі сюжетте тілші сарапшылардың көмегімен қолданыстағы заң мен жаңасының артық-кем тұстарын талдауға тырысты. Өзекті тақырып.

Тағы бір заң туралы сюжет болды. Амангелді Сейітхан «Масс-медиа туралы» заң жобасының кемшін тұстары туралы сюжет ұсынды. Кей журналистердің пікірінше, бұл заң қабылданса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-ты толық бақылауға алмақ. Яғни, заң жобасында масс-медиа саласына мемлекеттік реттеу қарастырылған. Пресс-карта, блогерлер жұмысы және тағы басқа туралы да мәселе көтерілді. Тілші жаңа заңда «бақылау» сөзі жиі кездесетінін айтты – 36 рет, ал «сөз бостандығы» деген сөз 1 рет қана 51-бапта ұшырасады екен.

Алматыға іргелес жатқан Қарасай, Іле мен Талғар аудандарының халқы үлкен айналма жолдың ашылуын тағатсыздана күтуде. Тас жол 15 маусым күні пайдалануға берілуі тиіс. Бұл үлкен айналма жолдың құрылысы басталғанына 20 жылдан асты. 2002 жылы құрылыс 2008-де аяқталады делінген еді. Бірақ әлемдегі қаржы дағдарысы құрылысты тоқтатуға мәжбүрледі. Жоба кейінге шегеріле беріп, тек 2018 жылы қайта жанданды. Үлкен әрі қымбат жоба Алматының қозғалысын реттеуі тиіс. Бірақ қолданысқа берілмей жатып тұрғындардың сынына ұшырады. Келесі сюжет осы мәселеге арналды: жол қауіпсіздігі, жаңа тас жолын күтіп ұстау және тағы басқа. Тұрғындардың, жауапты тұлғалардың пікірі бар. Өзекті материал.

https://youtu.be/0wwKlq2ql-M

Apta елордадағы ауыз су проблемасын жиі көтеріп жүр. Бау-бақшаны суару кезеңі басталғаннан кейін жағдай тіптен күрделене түскен. Кей мамандар үшінші су сорғы станциясы іске қосылмайынша мәселе шешілмейтінін айтады. Ал енді бір топ сарапшылар бас қаладағы жүйесіз құрылысты тоқтатып, бұл салаға аудит жүргізу керегін алға тартады. Жақсы сараптама.

29 мамыр – бүкіл әлемдік химиктер күні. Қазақстанның химия индустриясын дамытуға елеулі үлес қосып отырған мекемелердің бірі – Қазфосфат кәсіпорны. Соңғы сюжет осы зауыттың нәтижелі жұмысына арналды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

1 шілдеден бастап платформалық жүйелерде жұмыс істейтін қызметкерлер салық төлейді. Ақбота Тәңірберген осы мәселе туралы тараптардың пікірін тыңдаған екен. қанат қақты жоба болғандықтан, әзірге ешкімді салық төлеуге міндеттемейтіні айтылған. Сарказммен сөйлеген тілші бұл жобаға қоғамдағы қарсылықты білдіргісі келгендей.

Мейрамханаларда қызмет көрсету ақысы немесе алдын-ала депозит алу заңға қайшы екен. Әсем Изатқызы тұтынушылар құқын қорғау саласындағы сарапшымен бірге Астанадағы бірнеше мейрамханаға кіріп, қызметкерлермен, келушілермен сөйлесіп, заң талаптарын түсіндіруге талпынып көрді. Заңгердің, құзырлы орган өкілінің пікірі бар. Журналистік зерттеу бағытында әзірленген материал.

«Айна» бағдарламасы көтерген тағы бір тың тақырып – Алматыда орналасқан бірнеше ғылыми-зерттеу институтттарының материалды-техникалық жағдайы. Қабырғалары қақырап, керегелері сөгіліп тұрған зоология институтының жағдайы тіптен мүшкіл. Онда зерттеу жүргізуге арналған заманауи құралдар да жоқ. Сюжетте баяндалған тағы екі институттың да жағдайы мәз емес. Ол мәселеге қатысты Жоғары білім министрлігінің өкілі пікір білдіріп, ақша бөлінгенін жазыпты.

Парламентте «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тітіктерін анықтау бойынша заң жобасы қаралып жатыр. «eGov куәгері» айдарында БЖЗҚ, Қаржы министрлігі өкілі заңды жүзеге асыру тетіктерін түсіндіріп берді.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР