Бүінде журналистерге өсек-аяң, фейк жаңалықтар мен жалған фотосуреттермен көп істес болуға тура келіп жатады – кәсіби медиа құралдары кейде тіпті оларды таратуға өздері де қатысып, оқырманды әдейілеп адастырады. Ондайдан кейін бұқаралық ақпарат құралына деген оқырман сенімі азайып кетуі мүмкін, әсіресе, елде төтенше жағдай орнағанда немесе апат кезінде жалған материал таратудан сақ болған жөн.
Бір жағынан, интернет жалған ақпарат көлемін арттырып отырғанымен (ең алдымен, әлеуметтік желілерден алынған деректер туралы айтып отырмыз), екінші жағынан – сол ақпаратты тексеруге арналған көптеген цифрлік құралдарды да ұсынады.
Бірнеше онлайн-құралдың көмегімен фотосуреттің рас-өтірігін тексеруге, олардан неғұрлым көп мәлімет «шығарып», адам туралы көбірек ақпарат алуға болады:
Findexif.com — бұл тегін сервиске фотосуретті жүктеп немесе оған сілтеме беріп, суреттің EXIF-деректерін (фото қашан, қандай құрылғыға түсірілді, суреттің параметрлері қандай, тіпті кей фотосуреттер үшін түсірілім орнын да анықтауға болады) көруге болады.
Foto Forensics — error level analysis (ELA) жасай алатын, яғни сурет бетіндегі «қоса салынған» немесе өңдеу кезінде қосылған аумақтарды табуға мүмкіндік беретін сайт. Өңдеуден кейін бағдарлама өңделген фрагменттер өзгелердің қасында бөлектеніп көрініп тұратын фотосуретті шығарып береді. Сонымен қатар, бағдарлама фотосуреттің EXIF- деректерін де береді.
Picture Manipulation Inspector (PMI) – ресейлік SMTDP Tech компаниясының шешімі, кез келген сападағы цифрлік кескіндердегі ең азғантай өзгерістерді табуға мүмкіндік береді. EXIF деректері қайта сақталғанын таниды, цифрлік фотоаппараттың матрицасынан немесе объективтің кемшіліктерінен туындайтын ақауларды да байқайды. Көптеген сервистерден бір айырмашылығы – өнеркәсіптік ауқымда жұмыс істейді, айына 100 мыңға дейін суретті сараптайды. Бұл көптеген онлайн-баспалар мен редакциялар үшін өте маңызды.
PMI шектелген нұсқасын жобаның сайтында тегін байқап көруге болады, алайда бағдарлама тек EXIF деректерді және күніне бар болғаны екі фотосуретті сараптай алады.
Google Search by Image — суреттерді кері іздеу, мұнда суретті жүктеп, оның түпнұсқа шыққан жерін және ол тағы қайда жарияланғанын көруге болады.
TinEye — кері іздеуге арналған тағы бір құрал.
JPEGSnoop — компьютерге орнатылатын бағдарлама (тек Windows-пен жұмыс істейді), сонымен қатар тек суреттің ғана емес, AVI, DNG, PDF, THM форматтарының да метадеректерін көруге мүмкіндік береді. Бағдарламаны көптеген мақсаттарға пайдалануға болады, мысалы, ол сурет өңделген-өңделмегенін көруге, зақымдалған файлдағы қателерді анықтауға, т.б. мүмкіндік береді.
Суретті тексеру алгоритмі
1. Фотосуреттің авторын немесе алғашқы шыққан көзін анықтау керек. Мұны істеудің недәуір айқын және әдетте неғұрлым оңай жолы — фотосуретті жүктеген немесе редакцияға жолдаған адамды тауып, сол фотоны өзі түсірген-түсірмегенін сұрау. Сондай-ақ, міндетті түрде фотосуретті кері іздеу жүйесі арқылы іздеп көру керек. Google осыған ұқсас суреттерді де көрсетеді, ол фотоның өңделген-өңделмегенін түсінуге мүмкіндік береді. Ең үлкен көлемді фотоның сілтемесі әдетте алғашқы дерек көзі болып саналады.
2. Осы ақпаратты таратып отырған тұлғаның өзін тексеріп көру керек. Ол жөнінде көбірек ақпарат жинау үшін бірнеше ресурс бар. Олардың көбі АҚШ тұрғындарына арнап жасалғанымен, түрлі елдер үшін пайдалы болатындары да бар. Мысалы, Pipl.com — пайдаланушының «интернет — ізін» табуға арналған, оны сәйкестендіріп, фотосуреттерін табуға көмектеседі. Бағдарлама адамды барлық америкалық әлеуметтік желілерде (Facebook, LinkedIn, MySpace) іздейді — ол үшін адамның аты-жөнін латын әріптерімен жазу керек. Бағдарламаның басты ерекшелігі — кәдімгі іздеу жүйелері назардан тыс қалдыратын, ал пайдаланушылар қол жеткізе алмайтын «терең интернетте» (deepWeb) іздеу жүргізетіндігінде.
Тағы бір қосымша пайдалы ресурс WebMii — адамның аты-жөні бар сілтемелерді іздейді, фейк-аккаунттарды анықтауға мүмкіндік беретін «веб — көріну» рейтингін жасайды. Құралдың арқасында әр адам өз аты-жөнінің шетелдік ресурста аталуын таба алады.
Рунетте іздеу жүргізу үшін people.yandex.ru сервисін қолдануға болады.
3. Фотосуретті тексерудегі келесі қадам — фото түсірілген орынды, күнді және шамалап болса да уақытын нақтылау болуы тиіс. Ең оңайы — автормен хабарласу мүмкін болса, оның өзінен сұрау немесе сол орынның басқа суреттерін жасауды өтіну. Содан кейін жоғарыда аталған бағдарламалар көмегімен бастапқы деректерді салыстыру. Цифрлік фотографияны жақсы білетін журналистер үшін осы бағдарлама ұсынатын көптеген параметрлер түсінікті болады. Басқалар үшін ең керек ақпарат — фото қай кезде, қай жерде және қандай фотоаппаратқа түсірілді. Метадеректерге қол жеткізу мүмкін болмаса, суретті егжей-тегжейлі зерттеңіз: көлік номерлері, ауа райы жағдайы, ландшафт, киім стилі, жарнама хабарландырулары, ғимараттар, дүкендер — осы детальдардың барлығы мекен-жайды анықтауға, ал кей кездері жасанды суретті тануға мүмкіндік береді.
Фотографияны тексерудегі айқын көрінетін нәрсе — фотосуретте шынымен сонда айтылған оқиға түсірілгенін растау. Өйткені, ол шынайы фото болуы, ал сипаттамасы шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, Сэнди дауылы кезінде Твиттерде мынадай фотосурет таратылды:
Онда дауыл кезінде үш жауынгер белгісіз солдаттың мемориалы жанында күзетте тұрғаны суреттелген. Шын мәнінде, бұл фото бір ай бұрын түсірілген екен — ол суретті кері іздеу жүйесі арқылы анықтады.
Фотодағы мекен жайды анықтауға Google Maps немесе Wikimapia (GoogleMaps краудсорс нұсқасы көмектеседі. Panoramio сайты да пайдалы — мұнда географиялық координаталарын белгілеп қойып фотосуреттер орналастыруға болады (сайт Google карталарымен кіріктірілген).
Geofeedia — «әлеуметтік желілер кураторы» құралы. Ол нәтижелерді негізгі сөздер мен хештегтер бойынша емес, сіз көрсететін мекен жай бойынша агрегациялайды. Сервис Twitter, Flickr, Youtube, Instagram және Picasa арқылы GPS қолдана отырып жіберілген хабарларды өңдеп, соңынан оларды коллаж түрінде көрсетеді. Сервис ақылы, тек демо-нұсқасы ғана тегін.
Фотоны тексерудің тағы бір тәсілі — нақты сол күні сол мекенде ауа райы қанда болғанын қарау. Мұндайда Wolfram Alpha жүйесі пайдалы болмақ. Бұл құрал жөнінде толығырақ айтып өту керек — бұл тіпті іздеу жүйесі де емес, бұл ғылыми бейіндегі білімдер базасы. Кез келген сұрақтарға жауап бере алатын зерделі робот. Бірақ, ол ағымдағы оқиғаларға емес, нақты, энциклопедиялық ақпаратқа ғана қатысты тақырыптарды біледі. Өзге сайттарға сілтеме ұсынбайды, дайын жауап нұсқасын көрсетеді. Wolfram Alpha сайтымен ағылшын тілінде жұмыс істеу керек.
«Вольфрам Альфа» тек ауа райын тексеру үшін ғана емес, журналистің күнделікті жұмысында да пайдалы болуы мүмкін.
Тексерілмеген дерек көздерінен келіп түскен ақпаратты жан-жақты зерттеуге тырысыңыз. Иә, деректер жасанды болып шығып, сенсациялық жаңалықты жариялай алмай қалуыңыз мүмкін. Есесіне, әлдекімдердің өтірігін ашатын мақала жазуға болады.
Авторы: Марина Дорош