Биыл Қазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Шілде-тамызда отызға жуық өндіріс орны мен қызмет көрсету мекемесінде ереуіл өткен. Басым бөлігі Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласында қызмет көрсететін ұйымдарда болды. Шілде-тамыздағы ереуілдер Qazaqstan TV, «Хабар» (орыс тіліндегі), Astana TV, «31 арна» және КТК телеарналарының жаңалықтар бағдарламасынан қалай көрініс тапқанын талдаймыз.
Ереуіл дегеніміз не? Ереуіл — еңбекшілердің жұмыс беруші мен билік құрылымдарына талаптарын қойып, талап орындалмайынша (немесе екі жақ ымыраға келмейінше) жұмысшылардың еңбек етуден бас тартуы. Олар ереуіл арқылы экономикалық-әлеуметтік және саяси мүддесін, құқығын қорғауға мүмкіндік алады.
Ереуіл — жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек дауларын шешу әдістерінің бірі. Батыс елдерінің медиасында жұмысшы және кәсіподақ проблемасынан хабар таратуға бағытталған «Еңбек журналистикасы» (Labor Journalism) қалыптасқан. Журналистиканың бұл бағыты саны көп, бірақ үні аз естілетін еңбекшілердің әлеуметтік әділдікке қол жеткізуі, оларға дұрыс жұмыс шарттары жасалуы сияқты тақырыпта материал жариялайды. Алайда 20 ғасырдың аяғына қарай еңбекшілер қозғалысы азайды. Батыс сарапшылары жұмысшылар құқығы мен мүддесі тұрғысынан хабар тарататын журналистиканың да бәсеңдеп, тіпті мүлдем жойылғанын айтады.
Кәсіпорын басшылығының мәлімдемесі мен ұстанымын хабарлайтын іскерлік журналистика (Business Journalism) еңбек журналистикасын алмастырып жатыр. Өндіріс орнының басшылығы PR-агенттік қызметіне жүгініп, жарнама беріп, баспасөз мәслихатын өткізіп ұстанымын көпшілікке жеңіл жеткізе алады. Ал қарапайым жұмысшыларда қаржы ресурсы, ұйымдасу мүмкіндігі (еңбекшілер саны көп болған сайын ұйымдасуы да қиынырақ) аз. Сондықтан олар журналистердің «үн қосуына» мұқтаж.
Оқиға орнына бара алмайтын көпшілік аудитория әдетте медиа таратқан хабардан оқиға жайлы көзқарас қалыптастырады. Сондықтан медианың ереуіл жайлы ақпаратты барынша шынайы әрі бейтарап ұсынуы өте маңызды. Көпшілікке GMG (Glasgow Media Group) немесе GUMG (Glasgow University Media Group) деген атауымен танылған Глазго университетіндегі бір топ зерттеуші өткен ғасырдың 70-90-жылдары британ медиасындағы жаңалықтардың жасалу процесіне үңіліп, сырттай қарағанда бейтарап әрі шынайы көрінетін жаңалықтар сюжеті шын мәнінде медиа қызметкерлері мен басшыларының ыңғайына қарай құрастырылатынын айтады. GMG зерттеулерінің бірінде British Leyland автомобиль зауытындағы жұмысшылар ереуілін BBC1, BBC2 және ITN телеарналары қалай көрсеткенін талдаған. Зерттеу нәтижесінде жаңалықтар сюжеті ереуілшілерге қарсы құрастырылғаны анықталыпты. Медиа қызметкерлері ереуілдің экономикаға зиян тигізіп жатқанына, бір топ ереуілшінің кесірінен бүкіл өндіріс тоқтағанына көбірек екпін қойыпты. Ереуілді сынаған материалдар саны компания менеджментін сынайтын материалдар санынан бірнеше есе көп болған. Медиа қызметкерлері сұхбат кезінде ереуілшілерге кінәмшіл әрі агрессиялы сұрақтар қойып, ал өндіріс басшыларына барынша жеңіл әрі сыпайы сауалдар жолдайды. Ереуілшілердің талабын айтуға аз уақыт бөліп, компания басшыларының ойланып, пікір білдіруіне көбірек уақыт берген. Осылайша ереуілшілерді жағымсыз сипаттағы, ал компания басшыларының жағымды образын қалыптастырады. GMG зерттеулері кең танылып, сыни талдаулары көптеген басылымның мейлінше бейтарап хабар таратуына ықпал етті.
GMG зерттеушілерінің әдіснамасын негізге ала отырып, мемлекеттік Qazaqstan TV (акциялары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (АҚДМ) тиесілі) және «Хабар» (акциялары Қаржы министрлігіне тиесілі, ал акцияларды басқару АҚДМ бақылауында) телеарналары, партиялық Astana TV (Nur Otan партиясына тиесілі Nur Media холдингіне қарайды), коммерциялық бағыттағы жекеменшік «31 арна» (негізінен «Верный капитал» инвестициялық компаниясына тиесілі) және КТК (акцияларының басым бөлігі Тұңғыш президент Қорына тиесілі) телеарналарының 25 маусым — 2 қыркүйек аралығындағы жаңалықтарында ереуіл тақырыбы қалай көрсетілгенін қарастырдық.
Басқаша айтқанда, шолуды «КЕЗБИ» компаниясы жұмысшыларының ереуілінен бастап, «Аралтұз» жұмысшыларының ереуіліне дейін қамтыдық. 5 телеарнаның уеб-сайты мен YouTube парақшаларына 2 ай бойына күнделікті жарияланған жаңалық сюжеттеріне талдау жасалды. Жұмысшылардың наразылық білдіріп, өндіріс орнында еңбек етуді тоқтатқан әрекеттері ғана ереуіл деп қарастырылды. Олар келіспеушілік білдіріп, бірақ өндірісті тоқтатпаған наразылық акциялары мен еңбек дауларын ереуіл ретінде есепке алмадық.
Qazaqstan TV
Телеарна шілде-тамыз айларында мұнай компанияларында болған ереуілдердің ешбірін көрсетпеді. Тек бір ереуілді жаңалық сюжеті етіп жариялаған, ұсыну форматына қарасақ, шынайы ереуілге ұқсамайды. 19 тамыздағы сюжетте Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпағанын хабарлайды. Бір қызығы, бұл оқиғаны біз бақылаған телеарналардан тек Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетті. Сюжетте жүргізушілер электронды төлем жүйесін алып тастауды талап ететіні айтылады. Ізінше қала тұрғындары автобустар маршрутқа шықпаған соң таксимен қатынауға мәжбүр болғанын, такси қымбаттап кеткенін түсіндіреді. Жүріп тұрған автобустар саны азайған соң жолаушыға лық толғанын, ал мұның санитария нормаларына сай келмейтінін алға тартады. Қалалық жолаушылар көлігі секторының бас маманы жүргізушілердің несие мен алимент төлемей, карталары бұғатталып қалғанын, сол себепті жалақыны банк картасымен емес, қолма-қол алғысы келетінін айтқан. Мұндай ақпараттың барлығы қосылып, ереуіл мен ереуілшілер жайлы жағымсыз образ қалыптастырады. Сюжетте ақтөбелік жүргізушілердің 1 ай бұрынғы еңбекақысын әлі ала алмай жүргені айтылмайды. Жүргізушілер ереуілінің негізгі себебі де осы екен. Мұны басқа басылымнан білдік.
Ұлттық арна көптеген ереуілді көрсетпей, бір ғана ереуілді хабарлайды. Ереуілшілерді ақылға қонымсыз талап қоятын, алимент төлеуден қашып жүрген ұнамсыз бейнеде ұсынады. Телеарна жаңалықтарында мұнайшылар ереуілі көрсетілмеуіне қарап, Маңғыстау өңірінде меншікті тілшісі жоқ екен деп те ойларсыз. Алайда ереуілді көрсетпей, орнына екпе салдырып жатқан жаңаөзендік мұнайшылар жайлы материал беріп жатады.
«Хабар» (орыс тіліндегі жаңалықтары)
Бұл телеарна да мұнайшылар ереуілін ескерусіз қалдырды. 2 ай ішінде болған 30—ға жуық ереуілдің бірін ғана көрсетті, бірақ сипаты жағынан ереуілге ұқсамайды. Есесіне Qazaqstan телеарнасының жалғыз ереуіл-сюжетіне қатты ұқсайды. Ұлттық арна Ақтөбедегі автобус жүргізушілерін көрсетсе, «Хабар» арнасы 25-тамыздағы сюжетінде Оралдағы автобус жүргізушілерінің наразылығынан хабар таратады. Оралдық жүргізушілер де электронды төлемге қарсы. Бұл сюжетте де ереуілшілердің талабы айтылады, сосын олардың сұрап отырғаны ақылға сыйымсыз талап екенін көлік басқармасы басшысының жауабымен түсіндіреді. Сюжетте наразы автобус жүргізушісі уәделі 250 мың теңгенің орнына шамамен 180 мың теңге жалақы алып жүргенін айтады. Бұл сюжет жарияланғанынан бір апта өткен кезде Қазақстанның басқа бір аймағы — Қызылорда облысында еңбек дауы туды. «Аралтұз» компаниясының жұмысшылары көп жылдан бері 60-70 мың теңге айлық алып келе жатқанын айтып, еңбекақыны өсіруін талап еткен. Бірақ «Хабар» мұны көрсетпеді.
Ереуіл басталған күн | Жұмысшылары ереуілге шыққан мекемелер | Qazaqstan TV | Хабар (орыс тіліндегі) | Astana TV | КТК | 31 арна |
30 маусым | КЕЗБИ | — | — | — | ✔ | ✔ |
7 шілде | Glovo | — | — | — | ✔ | ✔ |
8 шілде | Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы АҚ | — | — | — | ✔ | ✔ |
12 шілде | Алматыметроқұрылыс* | — | — | — | ✔ | — |
13 шілде | KMG Security | — | — | — | — | ✔ |
13 шілде | Атырауинжстрой | — | — | — | — | ✔ |
14 шілде | Жаңаөзен жедел жәрдем стансасы жүргізушілері | — | — | — | — | — |
15 шілде | МұнайСпецСнабкомпани | — | — | — | — | ✔ |
19 шілде | БатысГеофизСервис | — | — | — | — | ✔ |
19 шілде | Құнан холдинг | — | — | — | — | ✔ |
19 шілде | Глобал Строй и К | — | — | — | ✔ | ✔ |
21 шілде | Ақтау мұнай сервис компаниясы | — | — | — | ✔ | ✔ |
21 шілде | Оilfield equipment and service | — | — | — | ✔ | ✔ |
21 шілде | НБКС | — | — | — | — | ✔ |
22 шілде | Тазалық-С | — | — | — | — | ✔ |
23 шілде | UTS LLC | — | — | — | — | ✔ |
25 шілде | ESS Support Services | — | — | — | — | — |
27 шілде | Өзенэенергосервис | — | — | — | — | — |
28 шілде | Industrial Service Resources | — | — | — | — | — |
30 шілде | ABUEV GROUP | — | — | — | — | — |
31 шілде | Емир-ойл | — | — | — | — | — |
4 тамыз | Caspian food | — | — | — | ✔ | ✔ |
19 тамыз | Автопарк Ақтөбе | ✔ | — | — | — | — |
23 тамыз | West Oil Software | — | — | — | ✔ | ✔ |
24 тамыз | Ақтаукрантехсервис | — | — | — | ✔ | ✔ |
25 тамыз | Орал автобус жүргізушілері | — | ✔ | — | — | — |
27 тамыз | Techno Trading LTD | — | — | — | — | ✔ |
1 қыркүйек | Аралтұз | — | — | — | — | ✔ |
Кестеде 2021 жылғы шілде-тамыз айларында Қазақстан медиасы хабарлаған ереуілдер берілген.
Astana TV
Astana TV телеарнасы маусым-тамыз айларында бір де бір ереуілді көрсетпеді. Телеарна уеб-сайтына жарияланған жүздеген жаңалық сюжетінің арасынан ереуіл жөнінде бір де бір хабарлама таппадық.
КТК
Алғашқы үшеуімен салыстырғанда, КТК жаңалықтарында ереуіл тақырыбы көбірек кездесті. 2 айда телеарнаның уеб-сайты мен YouTube парақшасына ереуіл жайлы 11 сюжет жарияланған.
Дегенмен үшеуі біздің түсінігіміздегі ереуіл анықтамасына толық сәйкес келмеді. «Шымкентте зертхана қызметкерлері ереуілге шықты» деген сюжет аурухана қызметкерлерінің проблемасын көрсетеді. Зертхана жекеменшікке өткен соң айлық бірнеше есе қысқарып, қызметкерлердің көбі жұмыстан кетіпті. Зертханашылар басшылықтан қысым көріп жүргенін де айтады. Сюжет маңызды проблеманы көтерсе де бұл оқиғаны ереуіл ретінде қарастыру қиын. Себебі жұмысшылардың талап қойып, талаптар орындалмайынша еңбек етуден бас тартып-тартпағаны айтылмайды. Осыған ұқсас жағдай метро құрылысшыларының айлық өсіруді талап етіп, 2 күннен кейін олардың айлығы 60 пайызға көбейгенін хабарлаған сюжетте де бар.
Аталған материалдарда еңбекшілер проблемасы жақсы көтерілсе де жұмысшылардың не ереуіл жасағаны, не өндірісті тоқтатпастан наразылық білдіргені түсініксіз. КТК арнасы қалған 8 сюжеттің бірінде Шымкенттегі теміржолшылардың, тағы бірінде Алматыдағы Glovo жеткізушілерінің ереуілін хабарлайды. Шілде-тамыз айларында Маңғыстау облысында болған ереуілдер тақырыбына 6 сюжет арнапты.
КТК арнасы мұнайшылар ереуілі жайлы жиі хабар таратпады, десе де жұмысшылардың ереуілдетіп жатқаны жайлы ақпарат беріп, еңбекші-кәсіпорын басшылығы-әкімдік пікірлерін алма-кезек ұсынды. Бір қызығы, 6 сюжеттің үшеуінің тақырыбында «мұнайшылар тағы да ереуілге шықты» тіркесі кездеседі. Әр сюжеттегі ереуілге түрлі компания жұмысшылары шыққан. Яғни жұмысшылар тағы да ереуілге шықпаған, басқа компанияның еңбекшілері ереуілдеткен. Мұндай сөз тіркесі мұнайшыларды үнемі ереуілдететін сияқты көрсетеді. Сонымен қатар, бір де бір ереуілді бастан-аяқ көрсетпей, «тағы да ереуілге шықты» деп кесіп айтқаны тосын естілді. Телеарна KMG-Security және «БатысГеоФизСервис» қызметкерлерінің ереуілге шыққанын хабарламай, бірақ 22 шілдедегі сюжетте ереуілшілердің талабы орындалғанын айтып өткен.
31 арна
Ереуіл жайлы ең көп және жан-жақты хабарлаған жалғыз телеарна — «31 арна». Айта кетерлігі, телеарнаның «Информбюро31» жаңалықтар бағдарламасында еңбекші ереуілінен бөлек, жұмысшылар құқығын қорғауға бағытталған еңбек даулары жайлы сюжеттер де жиі ұшырасты. Ереуіл сюжеттеріне ғана тоқталып, бұл даулар мен наразылықтарды қарастырмадық.
Телеарна 30 маусым — 2 қыркүйек аралығында ереуіл жөнінде кемі 19 сюжет көрсеткен. Жұмысшылар ереуілі жайлы тұрақты хабарлап, оқиғаны жіті бақылауда ұстауға тырысқан. Мысалы, КЕЗБИ жұмысшыларының ереуілі жайлы сюжеттердің уақыты мен тақырыбына назар аударайық:
- 30 маусым. Маңғыстау облысында ашынған жұмысшылар ереуілге шықты;
- 1 шілде. Екі күннен бері ереуілдетіп жатқан Жаңаөзен жұмысшылары енді аштық жарияламақ;
- 2 шілде. Ереуілдің үшінші күні. Жаңаөзен жұмысшыларының мысы басылар емес;
- 7 шілде. Алты күн бойы ереуілдеткен Жаңаөзен жұмысшыларының 12 талабы орындалды.
Әділдік талап етуші жұмысшылар медианың ақпараттық қолдауына көбірек мұқтаж. Сол себепті оқиғаны бір рет хабарлап қоя салмай, тұрақты көрсетіп, қақтығыстың даму динамикасын баяндап отыру — идеяға негізделген журналистиканың міндеті болуы тиіс. Бұл міндетті кейінгі 2 айдағы ереуілдер мысалында «31 арна» жақсы орындап шықты. Ереуілдер жайлы ақпараттық сюжет дайындап қана қоймай, оқиғаларға анализ жасап, ереуілдердің себеп-салдары мен өзара байланысын анықтауға тырысқан.
Бірінен кейін бірі болып жатқан ереуілдер сериясын топтастырып, аудиторияға тұтас картинаны көрсеткісі келетіні байқалады. Мәселен, 9 шілдеде шыққан «Күнкөріс төмендеп кетті: мәселені шешуге билік қандай шаралар қолданып жатыр?» деген сюжетте студияға стратегиялық менеджмент докторы Арман Байқадам шақырылып, журналист мәселенің себеп-салдары мен шешім жолдарын сарапшымен бірге талқылайды.
«Информбюро31» жаңалықтар бағдарламасының 22 шілдедегі «Сөздің шыны керек» айдарында «Жаңаөзен-2021: ереуілдер басылмады!» деген тақырыпта көлемді материал көрсетті. Ұзақтығы 7 минут 30 секундтық материалда (байқағанымыздай, бұл ереуіл тақырыбына арналған ең ұзақ сюжет) ереуілшілер мен компания басшылары, әкімдік пен сарапшылардың пікірі жан-жақты беріліп, оқиғаның себебі мен шешу жолдарын талқылап, «Енді не болмақ?» сұраққа жауап іздеген.
Біз бақылаған бес телеарнаның ереуіл жайлы хабарларында сарапшы пікірі екі-ақ рет берілді. Екі пікір де «31 арна» эфиріне шықты. Медианың міндеті — оқиға жайлы хабарлау ғана емес, сол оқиға жөнінде түрлі пікір, идеялар ұсынып, аудиторияның дұрыс көзқарасты таңдауына себепкер болу. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық телеарналардың ақсап тұрғанын байқаймыз.
Дегенмен…
Әрине, «31 арна» хабарларында да сынға алатын мәселелер бар. Мысалы, жаңалықтар хабарындағы жасырын жарнамалар немесе феминистер шеруі туралы бағдарламасында нәсілшіл ойға жақтасуы, я болмаса бір жыл бұрынғы ток-шоуда кейіпкерді зорлықшымен татуластырмақ болған әрекеттері есімізде.
Телеарна сюжеттерінде журналист сын есім мен әсірелеуші сөздерді асыра пайдаланады. Мысалы, «Аты дардай „Аралтұзда“ жұмысшылардың барлығы наразылыққа шықты» сюжетін алып қарайық. Осы сюжеттегі «аты дардай» тіркесін пайдаланбай-ақ ақпаратты толық жеткізуге болар еді. Сөзге күшейтпелі рең қосатын бұл тіркес аудиторияның ақпаратты байыппен емес, эмоциямен қабылдауына себеп болады. Жаңалықтар медиасы эмоцияға емес, салқынқанды ақылға негізделсе құба-құп. Әсіресе, «пост-шындық» деп аталатын қазіргі заманда бұл — өте өзекті.
Түйін
«Медиа барынша бейтарап әрі шынайы хабар таратуы керек» деп айтсақ та, көп жағдайда әлдебір топтарға жақтасумен болады. Медианың нені жариялағаны ғана емес, нені жарияламағанына қарап та кімге бүйрегі бұрғанын анықтай аламыз. Солай болса, Qazaqstan, «Хабар» және Astana TV телеарналары ереуілді неліктен елеусіз қалдырғанын білу үшін «Мұны көрсетпеу кімге тиімді?» деген сұраққа жауап іздегеніміз жөн. Бұл жағдайда әрине, ұтатын тарап — ереуілшілер болмай тұр.
Қазақстан медиасындағы ереуіл туралы хабарлардан тағы бір мәселе байқаймыз. Ереуіл көп жағдайда жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы өндірістік кикілжің болса да медиа қызметкерлері мұны халық пен саяси билік арасындағы конфликт ретінде түсінетін сияқты. Өзін тәуелсіз санайтын медиа ереуілдерді хабарлай отырып, саяси билікті сынауға тырысса, мемлекеттік және партиялық медиа ереуіл сәтінде саяси митингілер кезіндегідей үнсіз қалады. Мұның себебі — Қазақстандағы саяси билік пен экономикалық биліктің тығыз байланысында болуы мүмкін. Десек те кәсіби журналистер өндірістік кикілжің мен саяси кикілжіңнің айырмашылығын білуі керек.
Елімізде әлеуметтік теңсіздік ұлғайып барады. Жұмысшылардың жоғары жалақы алып, бақуат өмір сүруі — теңсіздікті қысқартуға көмектеспек. Теңсіздік ұлғайған сайын қоғамдағы тұрақсыздықтың да күшейе түсетінін әлеуметтік-экономикалық зерттеулер дәлелдеген. Ал еңбекшілер ереуілінің медиада жиі әрі бейтарап көрсетілуі — олардың лайық еңбекақы мен жұмыс шартына қол жеткізуіне ықпал етеді.
Мәселеге осы қырынан қарайтын болсақ, медианың еңбек журналистикасымен айналысуы Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты маңызды екенін түсіне аламыз. Аудиторияның күнделікті проблемасын айтпайтын медиа аудиторияның сеніміне де ие бола алмайды. Мемлекеттік телеарналар екпе салдыруды күндіз-түні насихаттаса да жұртшылықтың вакцина салдыруға асықпау себептерінің бірі осы болуы мүмкін.
Ереуілді ескерусіз қалдырып жүрген мемлекеттік және партиялық телеарналар қазіргі бағытын өзгертіп, аудиторияға шынайы хабар таратқаны жөн. Телеарналар ереуілді көрсетпесе де көпшілік жаңа медиа арқылы оқиғадан оп-оңай хабардар бола алады. Мұндағы ұтылатын тарап та телеарналардың өзі болмақ. Шынайы картинаны көрсетпеген сайын бейтарап мазмұннан ғана емес, аудиториядан да алыстап, сенімінен айырыла береді.