Домой Блог Страница 22

Қазақстандағы лаңкестік шабуыл: Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы БАҚ-қа шолу

10 қаңтар – Қазақстанда террорлық шабуыл нәтижесінде қаза тапқан құрбандарды жалпыұлттық аза тұту күні болды. Мемлекеттік ғимараттар туын түсіріп, бұқаралық, ойын-сауық шараларына тиым салынды.

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап қазақстандық журналистер интернет желісіндегі кедергілерге қарамастан тынбай еңбек етті: бір уақытта республика аумағында интернет толық өшті. Әйтсе де, телевидение, радио және желілер арқылы хабар таратылды. «Жаңа репортер» редакциясы барлық Қазақстанмен бірге аза тұтады және теракт салдарынан қаза тапқандардың отбасына қайғырып көңіл айтады. Біздің медиасыншылар Назира Даримбет, Анна Шабалдина және Лилия Гайсина Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы БАҚ-та жарияланған материалдардың хронологиясын ұсынады

Қазақстан

2 қаңтар күні Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына наразы болып, алаңға шықты. Бұл шеруге Ақтау қосылып, одан соң барлық батыс өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Оралда қолдау тапты. 3-4 қаңтарда наразылық шерулері Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары мен өзге де өңірлерде жалғасты. Алматы және Алматы облысында төтенше жағдай жарияланды. Үкімет отставкаға кетті. Интернет желілері дұрыс жұмыс істемеді, месенджерлер мен мобильді байланыс бұғатталды. 

Шерулердің алғашқы бірнеше күнінде бірде-бір телеарна, оның ішінде QAZAQSTAN ұлттық арнасы елде не болып жатқаны туралы ешқандай сюжет көрсеткен жоқ. 5 қаңтарға дейін редакциялардың басым көпшілігі мерекелік демалыста болды дегеннің өзінде, биылғы жылдың алғашқы жұмыс күні елді алаңдатқан жаңалықтармен басталуы тиіс еді. 

Мереке күндеріне қарамастан Live режимінде хабар таратқан «Хабар 24» арнасы құрметке лайық. Ресми мәлімдемеден бөлек, әртүрлі сюжеттер, соның ішінде әлеуметтік желілерден алынған видеолар көрсетті, студияда сарапшылар пікірі берілді.

Atameken Business телеарнасы 5 қаңтардан бастап жаңалық таратты, өткен оқиғаларға шолу әзірлеп, оған жаңа мәліметтер қосыпты. 

4 қаңтар кешкі уақытта Қазақстанда Orda.kz және Кaztag.kz сайттары бұғатталды (бірақ олардың Telegram-арнасы белсенді жұмыс істеді). Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова өзінің Facebook-парақшасында: 

«Біздің сайтты бұғаттады. 2 сағат бұрын желіде кедергілер пайда болып, содан соң сайт мүлдем жұмыс істемей қалды. Сайтқа VPN арқылы кіріп көрсек, істеп тұр, Ресейдегі таныстарымыз тексеріп көрген еді, сайт істеп тұр, демек бұғатталды.

Не үшін? Біз тек ақпарат тараттық. Әлбетте жедел, егжей-тегжейлі, еш боямасыз. Қазақстанның батысынан келген басты репортаждарды Live режимінде жаңартып отырдық. Ол жақта біздің үш тілшіміз жұмыс істеп жатыр, олар кеше Алматыдан шыққан, қазір Ақтау, Атырау, Жаңаөзендегі басты алаңдарда жүр. 

Біз тек кәсіби журналистика шеңберінде ақпарат тараттық, ешқандай белсенділік көрсетпедік, үндеу болған жоқ. Жалпы, өз басым журналистік белсенділікке түбегейлі қарсымын. 

Онда мұны істеудің қандай себебі бар?! Бізді радикалдандыру үшін бе?! Әлде сіздер наразылық шерулерін осылай жеңеміз деп ойлайсыздар ма?!

Біз наразы халық өз ұрандарын радикалдандырды, олар газ бағасының 50 теңге болуын талап етіп қана қоймай, әкімнің, үкіметтің, Тоқаевтың, Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етуде деп жазғаннан кейін сайтымызды бұғаттады деп ойлаймын. Бірақ бұл – біздің емес, алаңға шыққан адамдардың ұран-талабы! Ауа райы болжамына өкпелеп, қардың жауғаны ұнамағаны үшін метеорологтарды өлтірудің қажеті жоқ!

Сіздерге Telegram https://t.me/orda_kz және Facebook ORDA арқылы ақпарат таратамыз»», – деп жазды.

ҚазТАГ редакциясы да Facebook-парақшасында пікір білдірді:

«Ақпарат министрлігінің наразылық шерулері туралы мақаланы өшір деген талабын орындамағанымыз үшін ҚазТАГ сайты жұмыс істемей қалды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ҚазТАГ: «Ақтауда газ бағасының қымбаттауына қарсы өтіп жатқан наразылық шеруіне полицейлер бейнеленген видеоның қатысы жоқ екенін растаңыз. Видеодағы наразы халықты ығыстырып жатқан полиция әрекетінің күш көрсету емес екенін растаңыз. Материалдың нақты қай тұсы көрінеу жалған ақпарат таратып тұрғанын көрсетіңіз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің көзқарасынша видеода не болып жатқанын толық баяндап беріңіз. Осы аталған жайттарды ескере отырып, біз жариялаған материалға тиісті өзгертулер енгізуге дайынбыз», – деп жауап берді.

Сайттың бұғатталуына қарамастан, ҚазТАГ барлық қолжетімді тәсілмен қоғамды алаңдатқан оқиғаларға қатысты ақпарат таратады. 

ҚазТАГ ХАА Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұл әрекетін Қазақстан Республикасында ресми түрде тыйым салынған цензура актісі деп есептейді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы жағдайға назар аударуын сұраймыз».

Осы екі сайт бұғатталғаннан кейін журналистік қауымдастық, атап айтқанда, Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті үн қосты. «Журналисты Казахстана» атты жабық топта үндеу жолданды:

«Құрметті әріптестер, KazTAG, Гүлнар Бажкенова әріптестерімізге қолдау білдіреміз. 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Балаева Аида Ғалымқызына

ҚР Бас прокуроры

Нұрдәулетов Ғизат Дәуренбекұлына

Сұрау жолдаймыз

Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті және қазақстандық тәуелсіз журналистер төмендегі жағдайға байланысты сіздерге сұрау жолдайды.

Қазақстанда 2022 жылы 4 қаңтарда еліміздегі жаппай әлеуметтік наразылықтар аясында Orda.kz және ҚазТАГ агенттігінің сайты ашылмай қалды. Шектеу заңмен көзделуі тиістігіне әрі әркімге түсінікті және қолжетімді (болжамдылық және ашықтық қағидаттары) болуына байланысты Сізден:

  1. Осы сайттардың бұғатталу себебін зерттеуді бастап, көпшілікке ресми жауап беруді – бұл ресурстарды кім және қандай негізде бұғаттады;
  2. Азаматтардың ақпарат алу құқын және журналистердің елдегі жағдай туралы ақпарат алу және тарату құқығын қалпына келтіруді сұраймыз.  

Келесі күндері бірқатар журналист қызметін атқару барысында дене жарақатын алды. Алматыда наразы топ «Медиазона» тілшісіне шабуыл жасады. Orda.kz қызметкерлері жарық-шу гранаталары мен резеңке оқтың астында қалды. 9 қаңтарда Ақтөбеде шеру жайлы ақпарат таратқан журналист Ардақ Ерубаеваны ұстап әкетті, — деп жазды Orda.kz. 

5 қаңтар кешкі уақытта Қазақстанның бүкіл аумағында интернет-байланыс шектелді. Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні интернет бірнеше сағатқа қосылып, таңға жуық қайта өшті. Келесі 2 күн бойы тұрғындар елдегі жағдайды теледидардан, атап айтқанда, «Хабар 24» арнасының жаңалықтарынан біліп отырды, өйткені, бұл күні басқа арналар хабар таратқан жоқ. Кейін еліміздегі кейбір телеарналарға террористер шабуыл жасағаны, ғимараттары өртеніп, барлық құрылғылары істен шыққаны белгілі болды.

7 қаңтарда қазақстандықтарға мемлекет қарақшылардан зардап шеккен кәсіп иелеріне қолдау көрсетеді, сондай-ақ, президент Қ.Тоқаев халыққа үндеу жолдайды деген мазмұндағы SMS хабарламалар жолданды. Мемлекет басшысының үндеуі телеарналар мен бірқатар радиоарна арқылы, сондай-ақ, билік интернетпен қамтамасыз еткен ақпараттық порталдар – tengrinews, inform.kz, qazaqstan.kz, 24.kz, baq.kz, baigenews.kz, stopfake.kz арқылы таратылды. Нақты осы порталдардың қандай себеппен жұмыс істеп тұрғаны хабарланған жоқ. 

8 қаңтарда еліміздің кей өңірінде интернет бірнеше сағатқа қосылды. Сол кезде көптеген БАҚ (тізімдегілер ғана емес) өз жұмысын қайта бастады. Айта кетейік, 7 қаңтарда барлық дерлік қазақстандық телеарна эфирге қосылды, КТК және «31 арна» белгілі бір уақытқа дейін жаңалық таратқан жоқ, әйтсе де, «No comments» стилінде болған жағдайдан видео көрсетіп отырды. 

Tengrinews.kz ресми хабар таратты, соның ішінде ғаламторда пайда болған фейктерді жоққа шығарған ақпарат беріп отырды. Алайда, 9 қаңтарда мемлекеттік арналар ереуілге қатысушы деп көрсеткен музыкант Викрам Рузахуновтың ұсталуына байланысты Қырғызстанның Қазақстанға нота жолдағаны туралы ақпаратты мұннан таппайсыз. Бұл туралы Vlast.kz интернет-журналы жазды. Сондай-ақ, аталмыш портал бірінші күннен бастап 4 қаңтарға дейін елдегі наразылық шерулеріне шолу жасаған. 

Azattyq.org сайты Қазақстанның әр өңірінде ұсталған адамдар туралы хабарлап отырды. «Алматы облысындағы ауылдардың бірінде 100-ден көп адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың ішінде көрші мемлекеттердің азаматтары бар. Қай мемлекеттен екені нақтыланған жоқ», – деп жазды azattyq.org.

Сондай-ақ, аталмыш сайт Алматыдағы Республика алаңында болған куәгерлердің әңгімелерін ұсынды. 

Tengrinews.kz сайтының фотокорреспонденті Республика алаңы, Алматы әкімдігі мен Президент резиденциясы аумағына барып, 5 қаңтар күні болған шабуылдан кейінгі жағдайдан фоторепортаж дайындаған

Бір сөзбен айтқанда, барлық жаңалық шамамен ұқсас болды, бірақ тек Tengrinews-ке сілтеме жасамау үшін басқа БАҚ не туралы жазғанына бірнеше мысал келтірейік:

АҚШ билігі ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тәртіпсіздіктерді басу кезінде ескертусіз ату туралы бұйрығына алаңдаушылық білдірді және халықаралық қауымдастық елдегі адам құқығының сақталуын қадағалайтынын ескертті,  – деп жазды inbusiness.kz.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін елдің бірқатар өңірінде, соның ішінде 6 қаңтардан бастап Алматыда жүргізіліп жатқан «терроризмге қарсы операциялар» кезінде күш құрылымдарына берілген «ескертусіз ату» бұйрығын дереу жоюға шақырды (Azattyq.org).

А.Лукашенко Н.Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Azattyq.org бұл туралы БелТА мемлекеттік агенттігіне сілтеме жасап жазды. Олар Қазақстандағы жағдайды егжей-тегжейлі талқылаған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылғы 28 желтоқсаннан бастап көпшілікке көрінбеді. Ол елдегі ауқымды наразылықтарға ешқандай пікір білдірген жоқ, әдетте ол маңызды оқиғаларға қатысты халық алдына шығып сөз сөйлейтін.

Сонымен қатар, Azattyq.org Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннен сұқбат алған, ол «Қ.Тоқаевтың елдегі жағдайды реттеу үшін неліктен ҰҚШҰ әскерін шақырғанын» талдауға тырысқан

Қазақ тіліндегі интернет-басылымдардың барлығы дерлік, соның ішінде Nege.kz сайты Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың үндеуі жариялады, ол Алматыдағы оқиғаларды мемлекет пен елдің тәуелсіздігіне қарсы қылмыс деп атап, азаматтарды Қазақстан Президентін қолдауға шақырды. Айтпақшы, бұрынғы және қазіргі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктердің көбі осындай пікір айтты. Abai.kz сайты бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәлімдемесін жариялады.

KZ.MEDIA порталы 4-5 қаңтарда Live режимінде жаңалық таратты, блогерлер мен сарапшылардың пікірін берді. Бірақ, кейін басылымның негізгі жаңалықтары Telegram арнасында таратылды. 

Тәжікстан

Көптеген мемлекет сияқты Тәжікстан журналистері де көрші Қазақстанда орын алған аймақтық наразылықтың соңы мұндай ауқымды шерулерге ұласатынын күткен жоқ. Мереке күндері жергілікті онлайн БАҚ-та аймақтық митингілер мен онда жиналған жұрттың экономикалық талаптары туралы алғашқы хабарлар таратыла бастады. Жалпы, жаңажылдық демалыс аяқталғаннан кейін де (Тәжікстанда демалыс 4 күнге ұласты) жергілікті журналистер көршілес елдегі жағдайдың ауқымын әлі де түсіне қоймаған еді. Мәселен, «Азия-Плюс» медиатобы Қазақстандағы жағдайды тек 5 қаңтардан бастап жіті зерттей бастады. Бұл күні олар ҚР үкіметінің отставкаға кетуі, ТЖ режимінің енгізілуі, болған жағдайға кінәлілер туралы ақпарат берді.  «Азия-Плюс» журналистері барлық ақпаратты қазақстандық және ресейлік басылымдарға сілтеме жасай отырып жариялады, Душанбе мен Алматы арасындағы әуе қатынасы туралы бір ғана жаңалық түпнұсқада жарияланды (әуе қатынасын штаттық режимде жүзеге асыру жоспарланған). Алайда, 6 қаңтарда жағдай ушығып, ҚР президенті ҰҚШҰ-дан көмек сұрағаннан кейін, «Азия-Плюс» белсенділік таныта бастады, шетелдік әріптестеріне сілтеме көрсетілген ақпараттарды бөлісіп қана қоймай, өз контентін ұсына бастады, мәселен, жергілікті СІМ-нің ҰҚШҰ операциясына қатысуға дайындығы туралы мәлімдемесі мен Тәжікстан үшін Қазақстандағы тұрақсыздықтың салдары туралы сараптама жариялады.

Кейін «Азия-Плюс» журналистері жергілікті және қырғызстандық сарапшылармен бірге Қазақстандағы жағдайдың себебін (мұның себебі ретін ішкі әлеуметтік проблемалар аталды), сондай-ақ, ҰҚШҰ күштері бұл жағдайға араласуы керек пе деген мәселелерді талқылай бастады. Айта кетейік, «Азия-Плюс» сарапшылары бұл шешімді «жаман ырымға» балады. Бұдан бөлек, аталмыш сайт ресейлік «Медуза» басылымының ҰҚШҰ әрекетінің заңдылығы туралы мәтінін көшіріп басты. 

7 қаңтарда «Азия-Плюс» тәжікстандық әскерилердің Қазақстанға аттағаны туралы хабарлады, ал жаңа жұмыс аптасының басында көршілес елдегі шеруде қаза тапқан құрбандар саны туралы ақпарат берді. 

«Радио Озоди» атты танымал онлайн-басылым да («Радио Свободаның» Тәжікстандағы кеңсесі) бұл жағдайды жіті бақылады. Олар да «Азия-Плюс» журналистері сияқты алғашында тек жаңалықтар таратумен шектеліп еді, кейін Тәжікстан бұл жағдайдан қандай қорытынды шығару керектігін талқылауға көшті. 

Сондай-ақ, «Не надо ждать народного бунта. Взгляд из Таджикистана на события в Казахстане» материалында «Радио Озоди» тілшілері жергілікті сарапшылардан Қазақстанда орын алған жағдайдың себебі туралы пікір алған. Тәуелсіз респонденттер бұл төңкерістің себебіне Қазақстандағы қарапайым халықтың мүшкіл жағдайы мен биліктің ауыспауын жатқызса, Тәжікстан билігіне жақын сарапшылар мұндай тәртіпсіздіктерді үшінші бір күштер ұйымдастырғанын айтқан. Бұдан өзге, «Радио Озоди» сайтында тағы бір материал жарияланды, онда автор Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін кіргізудің салдары қандай болады деген сұраққа жауап іздейді және сарапшылармен бірге мұның ақыры жақсылыққа апармайды деген тоқтамға келген.

Your.tj онлайн-басылымы да Қазақстандағы жағдай туралы хабар таратты

ҰҚШҰ құрамында көрші мемлекетке тәжікстандық әскерилер де аттанатыны белгілі болғаннан кейін, бұл сайт Қазақстанда орын алған жағдайға шолу жасады. Бұдан өзге, Your.tj журналистері әртүрлі дереккөзден алынған ең танымал сарапшылар пікірін бір материалға жинақтап ұсынды, ҰҚШҰ күштері туралы түсіндіріп, Қазақстандағы жағдайға байланысты Тәжікстанның банк жүйесінде орын алған кедергілер туралы жазды

Қазақстандағы жағдай туралы Тәжікстанның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары да мәлімет берді. Тіпті, әдетте көршіліс елдегі оқиғаларды назардан тыс қалдырып, көбіне көп Африкадағы ахуал туралы айтуды жөн көретін жергілікті арналар да бұл ереуіл туралы жаңалықтан көрсетті.

«Ховар» ұлттық ақпараттық агенттігі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, Қазақстандағы жағдай туралы 5 қаңтарда хабар тарата бастады, содан соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінен үзінді келтіріп, оның ҰҚШҰ әскерінен көмек сұрағаны туралы жазды. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қ.Тоқаевпен, сондай-ақ, ҰҚШҰ құрамына кіретін өзге де екі мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлескені туралы ресми мәлімет берді.  

«Sputnik Тәжікстан» көбіне ҰҚШҰ күштеріне Тәжікстанның қатысатыны жөнінде, сондай-ақ, Эмомали Рахмонның Армения президенті Никола Пашинянмен сөйлескені туралы (әңгіме барысында олар «Қазақстанға қалай көмектесетіні» туралы талқылаған) ақпарат таратты. Демалыс күндері басылымның сайтында «Таджики могли участвовать в беспорядках в Казахстане» деген тақырыппен материал жарық көрді, онда журналистер Қазақстандағы ереуілге қатысушы деп ұсталған қырғыз азаматы Викрам Рузахуновтың бұл жағдайды Тәжікстан азаматтарымен бірге ұйымдастырғаны туралы айтқанын жазыпты. Әйтсе де, «Spuntik Тәжікстан» қырғыз жұртының Викрам Рузахуновты еліне танымал джаз музыканты екенін айтып, оның Алматыға концерт беруге барғанын хабарлаған жоқ. 

Өзбекстан

Тәжікстандық әріптестеріне қарағанда, «Sputnik Өзбекстан» ресми жаңалық таратып қана қоймай, Қазақстанда орын жағдайды талдауға тырысты, мәселен, жергілікті сарапшылардың көмегімен бұл жағдайдың бүкіл аймаққа тигізетін қауіп-қатері қандай деген сұраққа жауап іздеген. Сарапшылар ереуілге қатысушыларды «радикалды күштер» деп атап, «Орта Азияның барлық аймағында жаппай тұрақсыздық болуы мүмкін» деп болжапты. «вероятна массированная дестабилизация всего региона Центральной Азии». Бұдан бөлек, «Sputnik Өзбекстан» да, басқа жергілікті БАҚ та қазақ-өзбек шекарасында болып жатқан жағдайға назар аударған.

«Радио Озодлик» («Радио Свободаның» Өзбекстандағы кеңсесі) тілшілері Қазақстандағы жағдайды жазбас бұрын, Ташкент-Алматы-Ташкент бағытындағы әуе қатынасының тоқтағаны туралы хабар таратты. Содан соң Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қ.Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескенін жазып, кейін Қазақстанда орын алған жағдайдың Өзбекстан экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін екеніне алаңдаған. Басылым респонденттерінің пікірінше, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы бизнес бір-біріне тығыз байланысты және көршілес елде болған жағдайдың өзбекстандық кәсіпкерлікке тигізетін кері әсерінен құтылу мүмкін емес. Бұған қоса, еңбек демалысында болған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы жағдайдың кейпін кимес үшін азық-түлік бағасын көтермеуге тапсырма беріпті. 

Gazeta.uz онлайн-басылымы да Қазақстандағы жағдайдың Өзбекстан экономикасына әсері туралы материал дайындаған, онда тілшілер екі ел арасындағы экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынас қалай құрылғаны туралы жан-жақты ақпарат беріпті, сондай-ақ, қазірдің өзінде нарықтағы жағдайдың қалай өзгеріп жатқаны туралы жазған. 

Ресейде тіркелген, бірақ Орта Азиядағы жаңалықтарды тарататын «Ферғана» халықаралық басылымы да Қазақстандағы жағдайды жіті бақылады. Журналистер көршілес елдегі негізгі жаңалық туралы жазып, болған жағдайды түсіндіруге тырысты. 7 қаңтарда бас редактор Даниил Кисловтың «Террористический транзит» тақырыбында материалы шықты, онда автор Қазақстандағы хаостың себептері туралы айтады. Оның пікірінше, мұндағы себеп Қазақстанның батысында басталған халық наразылығы емес, кландардың билікке таласы, дәлірек айтқанда, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інілері мен қазіргі билік арасындағы таққа талас. 

Айта кетейік, осы бөлімде аты аталған басылымдардың көпшілігі заңды түрде өзбекстандық БАҚ саналмайды, мұнда Өзбекстан туралы контент ұсынатын басылымдарды мысалға алдық.

Аударған Айдана Нұрмұхан

«Патрульден» – «Дәрігер Лейлаға» дейін: 2021 жылы көрсетілген отандық сериалдардың үздік ондығы

Соңғы уақытта көрермен назарына ұсынылған отандық сериалдардың қатары артуда. Қазақстандық өндірушілер халықтың санасын, көгілдір экранды жаулаған шетел сериалдарын ығыстыруға мейлінше күш салып жатқаны анық байқалады. 

«Жаңа репортердің» медиасыншысы Назира Дәрімбет биыл қыркүйек-желтоқсан айларында отандық телеарналарда көрсетілген сериалдардың үздік ондығын* жасады.

Талданып отырған кезеңдегі үздік 100 сериалдың тізіміне тек 5 қазақстандық сериал кіреді. Сериалдардың негізгі бөлігі қазақ тілінде түсірілгеніне қарамастан, бұл рейтингте орыс тілінде түсірілген «Патруль» комедиялық сериалы көш бастаған. Ол НТК арнасында көрсетіледі, алайда ұсынылған сериалдар саны бойынша Qazaqstan және КТК телеарналары озық тұр.

  1. Полицейлердің жұмыс барысын баяндайтын комедия жанрындағы жарты сағаттық «Патруль» сериалы НТК арнасында дүйсенбіден бейсенбіге дейін сағат 20.00-де прайм-тайм уақытында көрсетіледі (1,95**).

Телеарна сайтында аталмыш сериал: «Полицей деген кім? Оларды жалқау, өздері заң бұзады дейтіндер бар. Бірақ іс жүзінде полиция маңызды іспен айналысады – бейбіт азаматтарды қылмыскерден қорғайды. Серік пен Берік өз ісін сүйеді, бүкіл ауданды күзетіп, еңбек қылады. Ал «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп сипатталған. 

Патрульдік полицияның күнделікті өмірі туралы қарапайым оқиғалар желісі 2015 жылдан бастап көрсетіле бастады. Сериалда полиция туралы халық аузында жүрген таныс сипаттар бар: қатал бастық, парақор қызметкер, «үндемес» полицей және тағы басқалары. 

Сериал орыс тілінде түсірілсе де, арасында қазақ тіліндегі тіркестер жиі кездеседі. Көрерменнің бұл сериалды не себепті сүйіп көретінін дөп басып айту қиын. Бәлкім, полицей тақырыбы өзекті болғандықтан шығар. Десек те, сериал рейтингте көш бастап тұр. Қазір сериалдың алтыншы маусымы (әр маусым 20 сериядан) жүріп жатыр.

 

  1. Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Ақжауын» сериалы 10 қазан мен 15 қараша аралығында дүйсенбіден жұмаға дейін cағат 21.30-да (1,7 **) көрсетілді. Ұзақтығы  – 1 сағат. 

23 сериядан тұратын мелодрамада көрермен жас кәсіпкер мен экобелсенді қыздың махаббат хиқааясын тамашалайды. Олардың махаббаты қарсылықтан басталады, бастапқыда әртүрлі кедергілерге тап болады. Алматы шатқалдарының бірінде жаңа қонақ үй салуға (тарих Көкжайлаудағы оқиғаларды еске түсіреді) экобелсенділер қарсы болады. Екі жас әртүрлі құндылықтарға ие, бірақ соған қарамастан, соңында бір-біріне сезім пайда болады. Сәтсіз презентациядан кейін бас кейіпкер жұмысынан босатылып, тау бөктерінде қонақ үй салуға ниетті кәсіпкердің компаниясынан бір-ақ шығады. Ең қызығы, қоғаммен байланыс бөлімі қызметін атқарады. Басты рөлдегі бойжеткеннің құрбысы сол компанияға қызметке тұруына көмектеседі, өйткені оның сүйіктісі сол компанияда орынбасар қызметін атқарады. 

Жалпы алғанда, сериалдағы көрсетілетін дүниелер әдеттегі оқиға. Жалпы, сериал тым «гламурный» көрінеді, сериалдағы қыздар шетінен модель, жігіттер элиталық үйлерде тұрады.  Менің ойымша, сериалдың өміршеңдігі жоқ. Тым жылтыр және әдемі. Бірақ, кейде қазақстандық көрерменге дәл осы «дольче вита» жетіспейтін сияқты, сериалдың рейтингте екінші орынға табан тіреуі сондықтан да шығар.

  1. «Күйеу бала» сериалы да Qazaqstan (1,67 **) ұлттық арнасында 16 қарашадан бастап сағат 21.30-да көрсетілуде. Бұл – қазіргі таңда отандық телеарналардан көп көрсетілетін «ауыл» сериалдары қатарынан.

Мелодрама көрерменді еліміздің түкпіріндегі ауыл өміріне жетелеп, келіншегінің ауылында тұрып, жүргізуші болып жұмыс істейтін бұрынғы асаба жігіт туралы баяндайды. Сериалда халықтың күні кешегі өмірі көрсетіледі: бос мейрамханалар, пандемияға байланысты карантин жарияланып, той бизнесі тоқтап, әнші-биші, асабалар табыссыз қалады. 

Сериалда негізінен бүгінгі заман сипат алған десек те, авторлар ұлттық дәстүрлерді еске түсіруге тырысқандай: қазақта күйеу бала әйелінің туыстарында өмір сүрсе, күшік күйеу атанатыны және тағы басқа. Бірақ соған қарамастан, бұл ауылды бір емес, екі күйеу бала паналаған, ал кейіпкерлердің туыстары әрқашан «үйде кім қожайын» екенін еске салып отырады.  

Неге екені белгісіз, мұндай сериалдарда таудың етегінде, әдемі табиғаты аясында орналасқан, ұқыпты, жинақы ауылдар түсіріледі. Ауыл адамдары да өте көңілді. Көңілсіз көріністерді, ұнжырғасы түскен ауыл халқын, асфальтсыз көшелерді мүлдем көрмейсіз. Мүмкін, мұндай телесериалдар көрерменге «ауылда өмір сүру керемет» дегенді жеткізу үшін түсірілетін болса керек. 

  1. 6-17 қыркүйек аралығында (1,23**) жұмыс күндері сағат 21.30-да «Хабар» арнасында көрсетілген «Келінжан» сериалы да жоғарыда сөз еткен сериалға ұқсас. Айырмашылығы – бұл сериалда ауылдағы отбасыдағы келіндер оқиғасы жинақталған. 

Үш ұлы мен олардың әйелі алдымен бір үйде тұрады, кейін үлкені еншісін алып, бөлек шығады. Көрерменді қызықтырғаны – қатал ене мен үш жас келіннің қарым-қатынасы, күнделікті тұрмысы. Актриса Дариға Бадықова бұл сериалдың да, жоғарыда аталған мелодраманың сәнін келтірген. Ол келіннің де, қыздың да рөлін ерекше сомдайды.

Алайда, бұл сериалда бүркелмей қалған «гламур»  көріністер де жылт етеді. Мәселен, отағасынан айырылған қарт ененің қиылған қасы, я болмаса, үй шаруасынан әбден шаршаған келіндердің кәсіби әрленуі сынды көріністер көзге ұрып тұрады. 

  1. Сериалдар саны бойынша көш бастап тұрған Qazaqstan ұлттық арнасында «Замандастар» (1,2**) сериалы көрсетілді.

Сыныптастардың тағдырын баяндайтын 100 сериялы мелодрамадағы оқиғалар кеңес заманы, өткен ғасырдағы 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдарының басынан басталады. Ал соңғы сериялар қазіргі күнгі оқиғалармен аяқталады. Сериал авторлары кеңестік кезеңде басталған дағдарысты, 90-жылдардағы қиын кезең мен 2000 жылдардың рахатын мүмкіндігінше шынайы көрсетуге тырысқан.

«Сағызша созылғанымен», бұл сериал оқиғаларымен оқырманның жүрегін жаулаған сияқты. Сериалда бірнеше заман ұрпақтарының сабақтастығы бар секілді, сондықтан ол аға буын үшін де, бұрын не болғанын білгісі келетін жастар үшін де қызықты болуы мүмкін.

  1. Qazaqstan ұлттық арнасынан тағы бір сериалы  – «Самалмен сырласу» (1,16**), 13 қыркүйектен 8 қазанға күн сайын сағат 21.30-да көрсетілді. Ұзақтығы – 1 сағат.

Сериалдың бас кейіпкері – Самал, өте бақуатты адамның жары, алайда оның өмірі күйеуінің жұмбақ өлімінен кейін күрт өзгереді. Ол кінәлілер мен әділет іздейді. Бұған дейін ол алаңсыз өмір сүрген, жары жоғары лауазымды тұлға болған, өзі табысты бизнесвумен, түнгі клубты сыйға алған ұлы бар. 

Сериалдағы кейбір көріністер қарабайыр болып көрінгенімен, біздің шынайы өмірді сипаттайтындай, десек те, кейбір сюжеттер жасанды шыққан. Мысалы, бас кейіпкердің достары Мальдив аралына осы аптада ұшып кетуді ұсынады, бұл ұсыныс «моншаға барып қайтайық» деген сияқты болды. Тағы бір мысал, Самал жаңа сұлулық салонын ашады және ол үшін оркестр қажет. Фильмнің барлық кейіпкері міндетті түрде зәулім үйде тұрады және үй жұмысын жасайтын қызметші әйел ұстайды. 

  1. Qazaqstan телеарнасында 29 қарашадан бері көрсетіліп жатқан «Таңшолпан» сериалы (0,88**) әйгілі американдық Morning show (Таңғы шоу) сериалына пародия сияқты көрінді және сәтсіз пародия. Онда осы арнадағы таңертеңгілік бағдарламаның жұмыс барысы баяндалады. Телекомпанияның барлық танымал белгілері және басқа да атрибуттар бар. 

Әртүрлі шытырман оқиғалар, әріптестердің қызғанышы, журналистік әрекеттер және т.б. Бірақ таңертеңгілік шоуда 50 минуттың өтіп кететінін байқамайсыз, өйткені алғашқы минутынан бастап қызықты сюжет көрерменді жібермейді. Ал «Таншолпанда» бұл жоқ: сериал бұралмалы сюжетпен басталғанына қарамастан, құпия диск іздеп жүрген жас жігіт кездейсоқ телеарнаға түсіп, оның қызметкері болады.

Актриса Гүлназ Жоланованың орындауындағы бағдарлама продюсерінің рөлі сәтті шыққан, ол өзін қатал әрі кәсіпқой маман ретінде бейнелейді. Дегенмен, әділдік үшін айта кету керек, басқа сериалдармен салыстырғанда актерлердің журналист рөліндегі ойыны сенімдірек шыққан. 

  1. КТК арнасы 15-24 қараша аралығында «Бақыт жолында» сериалын көрсетті.  Мелодрама жұмыс күндері қазақ тілінде, орысша титрмен (0,85**) ұсынылды. 

«Бақыт жолында» үш студент қыздың достығы туралы мелодрама. Олар бір-біріне ұқсамайды, үшеуі үш түрлі кейіпкер, дегенмен арманы бір – бақытты болу», делінген сериалдың сипаттамасында.

Бұған біздің алып-қосарымыз аз. Сериалдың кей тұсында «Москва слезам не верит» фильмі сюжетінің көшірмесі анық байқалады. Қыздардың  бірі оқымысты, ал екіншісінің күйеуі маскүнем, кеңес заманында түсірілген фильммен осыған ұқсас тұстары аз емес.

https://www.youtube.com/watch?v=2LuKB0xtVTc

  1. КТК арнасында алдыңғы сериалды «Дәрігер Лейла» алмастырды, 25 қарашадан бастап жұмыс күндері (0,81**) орысша субтитрмен көрсетілуде. 

Бас кейіпкер – дәрігер Лейла, жас маман, бала кезінен хирург болуды армандайды. Ол өзінің пациентіне, жол апатына кінәлі болған жас жігітке ғашық болып қалады. Екі жыл бұрын жол апатынан қыздың анасы қайтыс болады. Оның пациенті ақша мен тамыр-таныстың арқасында жазадан құтылып кетеді. Науқасының құпиясын білген дәрігер Лейла қиын таңдау алдында қалады.

Мелодрамада көпке таныс көрініс: қарапайым дәрігер, жас маман әдемі элиталық пәтерде тұрады, ал оның пациенті байдың ұлы, әлбетте бақшасы бар зәулім коттеджде тұрады. 

Көрермен шынайы, қызықты сюжеттен және актерлер ойынынан ләззат ала алмаса да, біреудің әдемі, «жасанды» өмірін тамашалайды, мысалы гаражда тұрған бірнеше көлігі бар зәулім үй немесе дизайнер безендірген қымбат пәтер және т.б. 

  1. КТК арнасында қараша айының басында «Шын жүректен» сериалы көрермен назарына ұсынылды (0,49**). Онда да журналистика тақырыбы қозғалады. Журфак студенттері басында еріксіз волонтер болуға мәжбүр болады. Бастапқыда университет (ҚазҰУ) аумағында тазалық жүргізу жазасын алған балалар кейіннен еріктілер ісін қоғам үшін пайдалы деп табады.

Студенттік ортада болатын белсенді студенттер, нашар оқитындар, қыдырымпаздар, махаббат және басқа да студенттік өмірге тән нәрселер бар. Бірақ негізгі сюжет бастапқыда студенттер қаламаған еріктілер қызметі аясында өрбиді.

Бұдан шығатын тұжырым, ресейлік детективтерге, үнді және түрік мелодрамаларына қарағанда, бүгінде отандық сериалдардың танымал бола бастағаны қуантады. Десек те, қазақстандық мелодрамалар қашан олардан озып шығып, бәсеке бола алатынын дәл қазір дөп басып айту қиын. 

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудиторияда жасалды. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.

2021 жылды қорытындылау: 20-26 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Апталық бағдарламалардың биылғы соңғы шығарылымы негізінен жылды қорытындылауға арналды. «Жеті күн» жыл қорытындысын Мемлекет басшысы мен Елбасының биыл  атқарған шаруаларымен байланыстырса, «Айна» бағдарламасы 2021 жылы еліміздегі елең еткізкен оқиғаларға шолу жасап, жыл ішінде пара алып, ұсталған шенділер мен олардың отставкаға кетпеген басшыларын тізген. Ал Apta ең әуелі аймақтардағы қуаңшылық, аштықтан қырылған мал жайын айтып өтіп, жылды түйіндеген.

«Жеті күн», «Хабар»

Ақорданың ақпаратына басымдық беретін «Жеті күн» биылғы соңғы санын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан Президентінің атына шетелдік лауазымды тұлғалардан келген құттықтауларды тізбелеуден бастады. Денсаулық министрі Алексей Цойдың  отставкаға кеткенін де айтылды. Бұдан әрі Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылда атқарған шаруалары жайлы сюжетке кезек берілді. Дархан Мыңбаев репортажын Президенттің VII шақрылымға жаңа сайланған Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінен үзінді беруден бастады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әл-ауқатын көтеру басты міндет екенін айтады. Осылайша жыл он екі айдағы Президенттің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, экологиялық проблемалар туралы жасалған мәлімдемелерінен үзінді беріле отырып дайындалған сюжетте Тараздағы жарылыс, қуаңшылық та ескерілді. Сюжеттің мақсаты Мемлекет басшысының елдегі түйткілді мәселелерді жіті бақылап отырғанын көрсету болса керек. Сюжет жыл соңында Ұлттық жобалар қабылданғанын баяндаумен аяқталды. Жылдық шолу демесеңіз, «Жеті күннің» Президент тақырыбындағы әдеттегі сюжеттерінен еш айырмашылығы жоқ: мәлімдемелерден ғана құралған, сарапшылар пікірі жоқ. 

Нұр-Сұлтанда Сирия мәселесін талқылауға арналған жиын өтті. Бұл Қазақстанның көптеген мемлекетаралық немесе азаматтық қақтығысты реттеуде араағайындыққа ұмтылу ниетін көрсетеді. «Жеті күн» ұсынған келесі сюжет еліміздің бітімгерлік бастамасы жайында емес, Мемлекет басшысының халықаралық бастамалары мен шетелдік сапарлары жайында болды. Мақпал Мадиярова әзірлепті. Материал негізінен сапарлар мен бастамалар туралы баяндаудан, Президент мәлімдемелерінен үзінді беруден тұрады. Сюжетке ҚСЗИ Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Наразбетова пікір білдірген. 

Елбасының осы жылдағы қызметі де «Жеті күн» назарынан тыс қалмады. Дархан Әбдіуахит дайындаған сюжетте Елбасы қатысқан жиындар, ел ішінде және шетелдерге жасаған сапарлары, Тұңғыш Президенттің Ассамблея төрағалығы, «Nur Otan» төрағалығы өкілеттіктерін қазіргі Президентке беру туралы шешімі, билік транзиті туралы сөз болды. 

«Жеті күн» 2021 жылды осылайша екі Президенттің атқарған істері арқылы қорытындылай келе, «ендігі жылдағы өрелі өзгерістер туралы» материал әзірлепті. Ең төменгі жалақымен бірге көтерілетін айлық есептік көрсеткіш көлемі, жәрдемақылар мен зейнетақылар қанша пайызға өсетіні, қандай салық аударымдары пайда болатыны, кімнің айлығы өсіп, қанша мектеп, қанша су қоймасы салынатыны туралы мамандардың көмегімен баяндалған ақпараты мол сюжет. 

Қорған Қонысбайұлы әзірлеген сюжет еліміздің өнеркәсіп саласындағы әлеуеті жайлы баяндайды. Жаңадан ашылған, ашылуына Мемлекет басшысы қатысқан, бұрыннан жұмыс істеп жатқан елдегі кәсіпорындарға шолу жасалған. 

БЖЗҚ қорындағы шекті межеден асқан соманы пайдалану бойынша Отбасы банк жылды қорытындылапты. «Жеті күннің» соңғы сюжетінде зейнетақының жеткілікті шегінен асқан соманы қанша адамның пайдаланғаны, ендігі жерде қандай мақсатқа қолдануға болатыны туралы банк төрағасының сөзінен үзінділер берілді. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы Алексей Цойдың отставкаға кетуі болды. Берік Дүйсенбай Алексей Цойдың минстр кезінде қолданысқа енген терминдерге тоқталса, Айдана Үсенбай уақытша министрдің кім екенін және өзге төрт вице-министрдің бар екенін еске салды. 

Махамбет Бейбітшілік 2021 жылы «елді елеңдеткен оқиғаларға» шолу жасады. Елдегі қуаңшылық, шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінген қаражат, Жамбылдағы жарылыс, оның салдарын жою үшін бөлінген қаражаттың есебі берілді. Абай шахтасында опат болғандардың отбасына берілген жәрдемақы, өтемақы көлемі туралы айтылып, Пенжімдегі тәртіпсіздік оқиғалары және БЖЗҚ қорынан алуға болатын шекті меженің көлемі өскені сөз болды. Барлық оқиға жайлы сала мамандарының, қуаңшылық пен жарылысқа қатысты министрлердің пікірі бар. «Ауыр қазада да, апатта да халықтың талабы мен биліктің әрекеті бір жерден шығып отырды. Жұрт наразы болған мәселеде ел билігінің көпшілік талабымен санасып отыруына тура келді», – дейді Махамбет Бейбітшілік сюжет соңында. Мұндай байламды сарапшы айтса, әлдеқайда сенімді шығар еді. 

«Қисық айна» айдары қызметкері парамен ұсталса да, қызметінен кетуге асықпайтын басшылар жайында болды. Айдана Үсенбай жемқорлыққа байланысты бірнеше шулы істі және қарамағындағы қызметкердің ісіне қатысты басшылықтың отставкаға өтініш берген-бермегенін саралап шыққан. 

«Ауаға ақша төлем жүрмін». Келесі сюжеттің алғысөзін Айдана Үсенбай осылай бастады. Өткен аптада Мәжілісте кейбір салық түріне рақымшылық жасау туралы мәселе көтерілді. Әңгіме тіркеуден шығарылмаған, бірақ пайдаланылмайтын көліктер жайында. Бақытнұр Әлібай көлік салығынан бюджетке қанша қаражат түспегені, салықтық рақымшылық жасалу үшін қандай шаралар атқарылатыны туралы сарапшылар, заңгерлер және Кіріс комитеті өкілінің пікірін қоса отырып,  материал әзірлеген. Сонымен қатар, айыптұрақтарында тұрған көліктер, иесі қайтыс болып кеткен көліктердің де тіркеуден шығарылмауы, пайдаланылмайтын көліктер қандай жағдайда мемлекет меншігіне өтетіні туралы толымды ақпарат бар. Сюжетте көлігін сенімхатпен сатып жіберіп, бірақ қомақты көлемде салық төлеуі тиіс кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Ал автошолушы көлік салығына қатысты халыққа нақты ақпарат жетпейтінін алға тартқан.  

Айғаным Достанбайдың «Аққан жұлдыздар» деп аталатын материалы биыл өмірден өткен тұлғаларға арналды. Әдебиет, өнер, кино, журналистика саласындағы қайраткерлерді еске алу сюжетінде замандастары естелік айтқан. Бақұл болған тұлғаладың арасында белгілі режиссер Болат Атабаевтың есімі аталмады. 

«Айна» ұжымы биыл Қазақстан үшін маңызды болған халықаралық оқиғаларының бірі ретінде Стамбулда өткен Түркі әлемінің саммитін атады. Саясаттанушы Расул Жұмалы түркі елдерінің жаңа ұйымының маңызы жайында пікір білдірген. 

Медетжан Ізғұтты әзірлеген Мемлекет басшысына әріптестері жасаған сыйлық туралы сюжет бағдарлама көрерменін елең еткізген материал болды деп айтуға болады. «Тоқаевқа тарту» сюжеті өлшемі «XXL (екі икс эль)», бағасы 188 мың түгрік (біздіңше шамамен 29 мың теңге) «күртешені» таныстырудан басталды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Президентке өзге мемлекеттерден жасалған тартуларды таныстырып, Түркіменбашы сыйлаған ақалтеке мен тазы жайын баяндады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қандай сыйлық жасағанды ұнататынын айтып берді. 

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы боксшы Данияр Елеусінов өткен аптада Нұр-Сұлтанда Аргентиналық боксшы Хуан Эрнан Леаль жұдырықтасып,  IBO бойынша әлем чемпионы атанды. «Айна» студиясы Данияр Елеусіновты қонақ етіп, сұхбат жасады. Спортшы сайысы туралы, бұған дейін жұмыс істеген компаниямен арадағы байланысы, неге көңілі толмағаны жайлы сұрақтарға жауап берді. 

«Айна» ұжымы бағдарламаны «Ауыр атлеттің ауыр тағдыры» деген атпен спорттан шеттетілген атлет туралы сюжетпен тәмамдапты. Допинг қолданды деген күдікпен спортта алған бар жүлдесі және атақ-даңқынан айырылған ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың әлеуметтік желілердің біріне берген сұхбатын негізге алып, жасалған материал. Сюжет авторы спортшының өзімен тікелей сөйлеспеген. Есесіне Мәдениет министрлігінің өкілі, спорт сарапшысы пікір білдіріпті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta да жылды түйіндеді. Ең әуелі аймақтардағы қуаңшылық, аштықтан қырылған мал жайын айтып өтті. Осы тақырыптағы сюжетке Құрмет Талапқазы есімді жігіттің «Үздік 30 жас» байқауында «Бейбіт өмірдің батыры» номинациясын жеңіп алуы арқау болды. Құрмет жазда Маңғыстау облысындағы шаруаларға жем-шөп жөнелткен еді. Сюжетте ҚР АШМ және жергілікті әкімдіктердің шаруаларға қалай көмектесіп жатқанын баяндайтын сандар мен жаңа министрдің отставкаға кетуін талап еткен шаруалар бар. Диалогтары қызық, кейіпкерлері шынайы сюжет. 

Екінші тақырып – азық-түліктің қымбаттауы. Сюжет авторы бағаның өсу себебін іздеп, үкіметтің қымбатшылыққа қарсы күресін айтып, сарапшылардың сөзіне сүйене отырып келер жылға болжам жасайды. Кейіпкер, мемлекеттік орган өкілдері, депутаттар, құрылысшылар мен әлеуметтанушының комментарийі бар. 

COVID-19 және коронавирусты пневмония туралы ресми статистикадан кейін ревакцинация, Денсаулық сақтау министрінің остставкасын айтып, әлемде коронавирус ахуалы қалай боп жатқанын баяндайтын сюжет көрсетілді. 

Жүргізуші Жайна Сламбек студияда саясаттанушы Жұмабек Сарабековтен сұхбат алды. Қазақстанның көпбағдарлы саясаты, аймақтағы геосаяси ахуал және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарлары жайында пікірін сұрады. 

Биыл QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының тапсырысымен тарихи тұлғалар туралы телесериалдар түсірілді. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынов туралы «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы. Сюжет осы сериалға арналды. Түсірілім барысының қызығы мен қиындығын әңгімелейтін, оқиғалы комментарийлері мол материал.

«Желілер: корреспонденция, комментарий» айдары араға үзіліс салып, эфирге оралды. Автор «Отыздан асып барамын» және «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалына комментарийлер жинаған екен. Соны оқып берді. 

Соғым қымбаттады. Журналистер астаналық базарлардағы ет сатушылар мен тұтынушылардан сауалнама алыпты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты

Жаңа жыл құтты болсын, достар! 

«Abai TV арнасы – ақыл-ойдың айнасы»: көрерменін баурай алды ма?

Abai TV – Qazaqstan ұлттық корпорациясының құрамындағы республикалық телеарналардың бірі. Абайдың 150 жылдығы аясында ашылды. Эфирге шыққанына 1,5 жылға жуықтады.

«Abai TV арнасы – ақыл-ойдың айнасы». Телеарна ұжымы «ақыл-ойдың айнасы» болу міндетін ойдағыдай атқарып отыр ма, әлде бұл ұрансөз ғана ма? Арнаның бір апталық бағдарлама кестесін шолу арқылы осы сұраққа жауап іздеп көрдік. 

Байқағанымыз, бағдарламалар форматына қатысты Abai TV арнасында жұтаңдық пен ұстамдылық басым. «Ақыл-ойдың айнасы» болу мақсаты телеарна ұжымын шығармашылық ізденістен, түрлі форматтарды қолдану, тәжірибе жасап көруден шектеп отырғандай әсер қалдырады.

Телеарнаның сайтында берілген ақпаратқа сәйкес, Abai TV тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Эфирдің 75% телеарнаның төл туындылары: бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялар. Оның 80 пайызы қазақ тілінде эфирге шығады. Хабарлардың жанрлар бойынша үлесі: театр және кино 13%, музыка 11%, әдебиет 8%, тарих 24%, мәдени-танымдық 44%. 

Жылдың соңы болғаннан шығар деп топшыладық, қазір телеарна эфирінде ешқандай телехикая жүріп жатқан жоқ.  

Соңғы уақытта телеарналарда театр және кино жайлы үздіксіз жасалып отыратын хабарлар тізбегі аз. Abai TV арнасы осы олқылықтың орнын толтырып отырғандай. Мәселен, 24 желтоқсанда орыс тілінде эфирге шыққан «Премьеры» бағдарламасы Астана Балет театры ұсынған «Алпамыс» қойылымына арналды. Сондай-ақ, дүйсенбіден жұмаға дейін (аптасына 5 рет) 1,5-2 сағат көлемінде спектакльдер беріледі. Мысалы, өткен аптада «Ләйлі-Мәжнүн», «Қымбатты Помелла» қойылымдарымен бірге «Корсар» балетін көрермен назарына ұсынды. 

Дейтұрғанмен, телеарна кино жанрына қатысты мұндай жомарттық таныта алмаған. Өйткені бағдарлама кестесінде көркем фильмдер аптасына 3 рет (жұма, сенбі жексенбі) ғана қойылған. Алайда, эфирге жіберілетін көркем фильмдерді таңдауға баса мән берілетіні көрініп тұр. Кино жанры туралы арнадағы бірегей бағдарлама Дархан Әбдіктің «Соңғы музасы». 

Телеарнасы сайтында бағдарлама сипаттамасы былай берілген: «Хабардың мақсаты қазақ теледидарының тарихында алғаш рет, қазақ тілді көрерменнің назарына әлемдік, авторлық кино жауһарларын ұсыну. Авторлық кино деп аталатын күрделі жанрға аудитория дайындау, жас кино мамандарға осы сала мәселелерін, сол арқылы отандық кино мәселелерін талқылауға мүмкіндік беру. Интеллектуал кино проблемаларын талқылайтын орта қалыптастыру. Әрі бұл әңгімеге атақты «мэтрларды» ғана емес, жас аудиторияны да баулу».  Хабарға негізінен киносыншы, кинотанушы, режиссер, әдебиеттанушы мамандар қатысады. Алайда, интеллектуал кино проблемаларын талқылайтын орта қалыпастыра ала ма, жас аудиторияны баули алды ма? Жалпы, бұл сипаттама бағдарламаның белгілі бір ортаға ғана арналғанынан хабар беріп тұрғандай. Студиядағы талқылау, берілу формасы, фильм, режиссер жайлы спикерлер пікірі, жүргізуші Дархан Әбдіктің хабар қонақтарын бағыттап отыруы үйлесім тапқан бағдарлама. Дегенмен, студияға бірнеше спикер шақырылып, талқылау жасау форматы Abai TV арнасы үшін жиі қайталанатын формат. Көрермен мұны қалай қабылдайды? 

«Соңғы музадан» соң, хабарда талқыланған фильм қазақ тілінде көрсетіледі. Бағдарлама аптасына бір рет, жұма кешкі сағат 21.35-те эфирге шығады. Сенбі қайталанады.  

Студияға шақырылған бірнеше қонақпен әңгіме құратын тағы бір бағдарлама – «Сана». Телеарна сайтында хабарға былайша сипаттама берілген: «Бағдарламаның мақсаты – қоғамдағы сан-алуан мәселеге қатысты әр буын өкілінің пікірін ортаға салу. Бүгінгі заманның оқиғаларына, өзгерістеріне зиялы қауымның көзқарасын білу. Ел өміріндегі күнделікті мәдени-рухани жаңалықтарды талқыға салу. Бағдарлама дүйсенбі-жұма аралығында 20:00 көрермен назарына ұсынылады». Жүргізушісі – Молдияр Ергөбеков.
«Бүгінгі заманның оқиғаларына, өзгерістеріне зиялы қауымның көзқарасын білу» мақсатындағы хабардың өткен аптадағы сандарында «Аристотельдің авангард поэтикасы», «Хабермастың қоғамдық алаң концепциясы», «Шебер ұстаз», «Креатив экономика» секілді тақырыптар көтерілді. 1,5 сағатқа созылатын бағдарлама негізінен талқылаудан тұрады, көрерменді жалықтыруы мүмкін. Сонымен қатар, сөз болып отырған «бүгінгі заманның оқиғалары мен өзгерістері» көрерменге де қызықты, өзекті болғаны дұрыс. «Хабермастың қоғамдық алаң концепциясы» туралы бағдарлама спикерлердің өзара Хабермастың тұлғасын көрерменге таныстыруынан басталды. Бұл қоғамдық лекция емес, телебағдарлама болғандықтан, көрерменді жалықтырып алмас үшін неге Хабермас туралы қысқаша сюжет берілмеді деген сұрақ туады. Оның үстіне, үшбұрыш үстел басындағы әңгіме барысында бейнеқатардың жұтаңдығы хабардың тартымдылығын төмендете түсетіндей. Өйткені телебағдарлама болған соң көтерілген тақырыппен қатар, көрсетілетін бейненің тартымдылығы да маңызды болуы тиіс емес пе? Студияның безендірілуі де жұтаң.  

Ал безендіруі жағынан анағұрлым тартымды көрінетін, алайда форматы жағынан студиядағы әңгімеге құрылған тағы бір бағдарлама – «Үркер».  «Сана» бағдарламасына қарағанда «Abai tv» эфиріндегі ғұмыры да ұзақ.  «Бағдарламаның мақсаты – көрерменнің кітапқа деген қызығушылығын ояту, кітап оқуға үндеу. Халықтық сипатқа ие болған шығармаларды талқылай отырып, шығарма кейіпкерлерінің өмірден алынатынын көрсету арқылы көрерменді кітапқа жақындату». Бағдарламаға белгілі бір шығарма авторы мен өзге жазушы, публицист, әдебиеттанушылар шақырылады.  Жүргізуші Жүсіпбек Қорғасбек қонақтармен бірге хабарға арқау болған шығарма мен оның авторы туралы пікірлерін ортаға салады. Тіпті, жазушының көзінше оны мақтап, ол туралы оң пікір айтады. Дәл осы форматты көрерменнің кітапқа деген қызығушылығын ояту, кітап оқуға үндеу деп айта аламыз ба?  «Үркердің» бір санын көргеннен кейін кітап оқуға қызығушылығы артқан оқырман бар ма, көрерменнен кері байланыс бола ма? Бұл сұрақтарға бағдарлама авторлары жауап бере жатар. Бұл хабар кестеге сәйкес, дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері шығады. Әйтсе де, жұма дүйсенбідегі хабардың қайталануы ұсынылыпты. 

Кітап жайлы тағы бір бағдарлама – «Мазмұндама». Бағдарламаның эфирде жүріп жатқанына жылдан аса уақыт өтті. Ол да көрерменді кітап оқуға қызықтыруға талпынады. Телеарна сайтында берілген бағдарлама сипаттамасы мынадай: «Mazmundama» бағдарламасы – Қазақстанда жарық көрген бір кітапқа немесе жуырда ғана қазақ тілді аудиторияға аударып ұсынылған әлемдік бестселлердің біріне тоқталып, мазмұнына қысқаша талдау жасап, сол туралы кеңірек ақпарат береді». Яғни «хабардың мақсаты шығарманы мазмұндап бере салу емес, оқырман қауымды қызықтыру. Сондай-ақ,  көрерменді әлемдегі, еліміздегі ең мықты туындылармен таныстыру. Еліміздегі жанданып келе жатқан кітап индустриясына қолдау көрсету» деп сипатталады. Жүргізуші Дәурен Дариябек суфлердан мәтін оқып отырғанда, бейнеқатарды жандандыру үшін, әңгіменің мазмұнына орай анимация беріледі. Әйткенмен, бұл бағдарламаның аудиториясына лайық шешім бе деген сұрақ туады.

«Сөзтаным», «Сарасөз», «Сөз патшасы». Түбірі сөз болғанымен, үш бағыттағы бағдарлама. «Сөз патшасы» – «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған поэтикалық жоба. Мақсаты – қазақ әдебиетіне ерекше леп, серпін әкелген жас ақындардың шығармашылығын насихаттау, халыққа таныстыру. Жас ақындардың әрқайсысының қолтаңбасы, өзіндік бағыты бар. Сол ерекшелікке байланысты әр ақынның өлеңдері жеке зерттеліп, соған сәйкес режиссерлік қойылымдар жасалады». Бағдарламаның әр саны бір қойылымға пара-пар. 

«Сөзтаным» – «Көпшілік қауымға қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамындағы сөздердің мағынасы, қолданысы мен шығу тегі жөнінде нақты әрі практикалық кеңес беру. Бағдарлама танымдық-тәжірибелік сипатта өтеді» делінген сипаттамасында. Негізінен студияға шақырылған мамандармен пікір алмасу форматында өтеді. 

Ал «Сарасөз» сұхбатқа құрылған бағдарлама. Жақында ғана эфирге шықққан «Зинһар» бағдарламасы да сұхбат.  «Сарасөзге» шақырылған қонақ – «қоғамға белгілі тұлға. Әдебиет, мәдениет, тарих, әлеуметтік салада қордаланған мәселерді терең қаузап, тоқетер ойын, «сарасөзін» айтады. Бағдарлама жалпыны рухани тамырдан нәр алуға үндеп, жол сілтейді». Бағдарламаның дәл осы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр, «жалпыға жөн сілтеу» қонаққа жүктелген артық міндет емес пе? 

«Зинһар» бағдарламасына сипаттама берілмепті. 

Abai TV арнасының танымдық бағыттағы контентін салт-дәстүр, ұлттық жәдігерлер, тарихи оқиғалар жайлы бағдарламалар толықтырып тұр, десек те, саны жағынан аз болса да, орыс тіліндегі хабарлардың мазмұны қызықтылау көрінді: «Art професии», «ПроТанец», «Магия звука», «Музейные историй», «Оркестровая партитура», «Bookwill». 

Сондай-ақ, телеарна тұлғалар туралы да бір топ бағдарлама ұсынады: «Дәуір даналары», «Ұмытпаймыз» тарихи тұлғалар туралы болса, «Тәуелсіздік тарландары», «Әйел әлемі» осы заман кейіпкерлерін сөз етеді. Бұдан өзге археологиялық қазбалар, ғимараттар жайлы бағдарламаларды тамашалауға болады. «Әндіground» хабары белгілі бір әншімен шығармашылығы жайында сұхбатқа құрылған. 

Abai TV танымдық бағыттағы хабарлар ұсынатын жалғыз арна болып отыр. Десек те, телеарна адал аудитория қалыптастыра алды ма деген сұрақ өзекті болып қала бермек. Ал шығармашылық ұжымның ізденісіне сәттілік тілейміз!

Н.Назарбаевтың мақаласы, БЖЗҚ және «Тәуелсіздік ұрпақтары»: 6-12 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» негізінен Мемлекет басшысы мен Елбасының апта ішінде қатысқан жиындарына мән берді. Бұл «Жеті күн» шығармашылық ұжымында ізденіс жоқ дегенді білдіре ме, әлде басшылық тарапынан қойылатын талап солай ма, ол жағы белгісіз. Дегенмен, сенбі кешкі сағат 21:00 мен 22:00 аралығында, яғни прайм-тайм уақытта эфирде жүретін бағдарлама көрерменін жоғалтып жатқан жоқ па деген сауал туады. 

«Айна» әдеттегідей апта бойы әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәселелерге мән берді. «Қисық айна» аталатын жаңа айдар қосыпты. Бұл жолы студияда пікір-талас болмады. Есесіне елорда әкімі Алтай Көлгінов пен ақын Жүрсін Ерманов сұхбат берген. Бағдарлама форматының өзгеріп тұратынына қарағанда, «Айна» шығармашылық еркіндікті жөн көретін секілді. Аpta авторлары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі проблемаларға көлемді сюжет арнады. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» авторлары Еуразиялық экономикалық жоғарғы кеңес отырысына баса назар аударған. Бұл жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Апталық-сараптамалық бағдарлама бола тұра негізінен Президент пен Елбасының апта ішінде атқарған шаруаларын баяндауға ерекше көңіл бөлетін «Жеті күн» үшін бұл қалыптасқан дәстүр. 

Қазақстан Президентінің бастамалары, оған қатысты экономист сарапшылардың пікірі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсуге қатысты ұсынысы, Ресей басшысы Владимир Путиннің осы кеңесті құрудағы Елбасының еңбегін атап өтуі, тілші Гүлжан Мархабаеваның кадр сыртында Елбасы көтерген бастаманың іске асатынына сенім білдіре сөйлеуі – cюжеттің негізгі құрылымы осындай болды. 

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеевтің Қазақстанға сапары барысында бірқатар келісімге қол қойылды. Екі ел өзара тауар айналымының көлемін көп ұзатпай 5 млрд долларға, ал алдағы 5 жылдың ішінде 10 млрд долларға жеткізуді жоспарлады. «10 млрд доллар дегеніміз батыл қадам» – Дархан Әбдіуахит алғысөзде осылай байлам жасап барып, Өзбекстан басшысының елімізге сапары туралы сюжетке кезек берді. 

Шынар Асанқызы Өзбекстан Президентінің елімізге сапары қалай басталғанын суреттер арқылы көрсетуді жөн санапты. Материал «Одақтас мемлекеттер» деп аталады. Сюжеттің бұлай аталуы Нұр-Сұлтан қаласында екі ел арасындағы одақтастық туралы мәмілеге қол қойылуына байланысты болса керек. Бұл мәселеге байланысты ҚСЗИ маманы пікір білдірген. Ресми сапар барысында екі ел арасында қол жеткізілген өзге де экономикалық келісімдер, мәдени байланыс жөніндегі уағдаластықтар туралы ұзақ баяндаған сюжет жасалыпты. 

Өзбекстан Президентін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қабылдады. Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, Қырғыз министрлер кабинетінің басшысын қабылдады, қонақты Елбасы да қабылдаған. «Жеті күн» бұл кездесулерден синхрон берді. 

«Жеті күн» жүргізушісі халық санағының ресми қорытындысы мен Елбасының соңғы мақаласын ұштастыра айтқан алғысөзінен кейін «мақаланы оқып шыққан» Мақпал Мадияроваға кезек берді. «Елбасы аманаты» аталатын сюжетте Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Берік Әбдіғани, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы мақаласында айтылған ойларға қатысты пікір білдіріпті. Мақаладан үзінді берілген. Сюжеттің мақсаты «Елбасы аманатын», яғни мақаланың маңызды деген тұсын халыққа жеткізу болса керек. 

Президент өткен аптада реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысына қатысты. Дархан Әбдіуахит бұл жиын туралы студияда тұрып баяндады. Президенттің кейбір бастамасына қатысты сарапшылар пікірі берілді.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы жинағындағы шекті межеден асқан соманы қолдануды сәуір айына дейін ұзарту туралы шешімін Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы халыққа жариялады. «Жеті күн» Президенттің баспасөз хатшысының сөзін жария етумен шектелді. Бұл мәселеге жеке сюжет арнаған жоқ. 

Дархан Әбдіуахит Ұлттық санақ қорытындысына қайта оралып, негізгі көрсеткішті тізіп шықты. Сонымен қатар, Президенттің қабылдауларына да қайта оралып, хаттамалық ақпарат негізінде баяндап берді. 

Өткен аптада «Алтын сапа» жән «Парыз» сыйлықтарын тапсыру салтанаты өтті. «Жеті күн» Президенттер тақырыбын осы жиын арқылы жалғастырды. «Мәртебелі марапат» аталатын материалды Рауан Мыңбаев әзірлепті. Бұл марапаттар кімге тапсырылады, биылғы жеңімпаз кім, Президенттің салтанатты жиынға сөйлеген сөзінен үзінді, өңдеу өнеркәсібі көлемінің ұлағаюы, үкіметтің осы мақсатта атқарып жатқан іс-шаралары тізбеленген ұзақ сюжет болды.

Мемлекет басшысы өткен аптада жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстады. Гүлжан Мархабаева «Ел үміті» аталатын сюжетінде осы грантқа ие болған бірнеше жасты сөзге тартып, жиындағы Президент сөзінен үзінді берді. Өнертапқыш, жаңа жоба ойлап тапқан жастармен сұхбат қысқа болғандықтан ба, әлде жастардың жобасына емес, Президент қатысқан жиынға баса мән берілгеннен бе, материалда елең еткізер дүние болмады.  

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» айдарымен Тәуелсіздік тойына арналған «іс-шаралар» туралы материал әзірлеу «Жеті күн» үшін соңғы бірнеше айда дәстүрге айналды. Мәулен Әшімбаев, Нұрлан Нығматуллин, Асқар Мамин, Қырымбек Көшербаев – әр қайсысы жеке-жеке өңірлерді аралап, өндіріс орындарын ашып, мемлекеттік наградаларды тапсырып қайтқаны туралы ұзақ сюжетте баяндалды. 

Елордада «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты халықарылық конференция өтіп, оған бірқатар лауазымды тұлға қатысыпты. «Жеті күн» жүрргізушісі Дархан Әбдіуахит бұл жиын жайлы студияда баяндап, жиынға қатысқан спикерлердің сөзінен үзінді берді. 

«Жеті күн» авторлары Елбасы мақаласы туралы материалды қоспағанда, ешбір жиынға қатысы жоқ сюжетті бағдарламаның соңында көрсетті. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. «Ұлттық банк ұстанымы» аталатын материалда Гүлжан Мархабаева осы шешімнің себебі туралы айтады. Тілшінің Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың сұхбатын негізге ала отырып әзірлеген материалында өзге сарапшылардың пікірі жоқ. 

Алматыдағы «Сұңқар» құс фабрикасы» туралы материалға «Жоғары марапат» деген атау беріліпті, кәсіпорын жұмысын мақтап-мадақтаудан тұратын PR сюжет болды.

«Жеті күн» бағдарламасына қосымша үш минут қосқан тағы бір PR сюжеттің мақсаты атауынан-ақ белгілі – «Air Astana сұранысқа ие». 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Зілзала қаупі» аталатын сюжет «Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?» деген сауалды басты тақырып етіп алыпты. Оған себеп Мәжіліс депутаттарының дабыл қағып, Төтенше жағдай министріне жолдаған сауалы. Алматыдан әзірленген сюжетте Ұлан Тәліпбай сейсмикалық зерттеулер жүргізілетін стансаның техникалық мүмкіндігі әлсіз, құрылғылары ескі екеніне баса назар аударады. Жалақының төмендігінен мамандар тұрақтамайтыны да айтылды. Ал институт мамандары Алматыда «жойқын зілзала болуы мүмкін» деген болжамның қандай негізге сүйеніп айтылғанын түсіндірді. 

2022 жылдан бастап БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өседі. Бұл мәселе өткен аптада көпшілікті алаңдатқан болатын. Алайда Президент БЖЗҚ бойынша жеткілікті шекті сәуірге дейін қолдануға рұқсат берді. Сондай-ақ, биыл 16 желтоқсаннан бастап жеткілікті шектен асқан қаражатты «Отбасы» банкіне аударуға мүмкіндік берілді. «Бұл үкіметтің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тосын сыйы ма?» деп аталатын Махамбет Бейбітшіліктің сюжетінде бұл сұраққа нақты жауап жоқ, материал сюжеттің алғысөзінде жүргізушілер айтқан ақпаратты талдауға негізделген. «Отбасы» банкке бас сұққан тілші тұрғындардан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі асатын-аспайтынын сұрапты. Мейірбике болып жұмыс істейтін 22 жасар маман өзінің жинағы аз екенін айтып, сұхбат беріпті. Ал «Отбасыбанкінің» өкілі банкке аударылатын жинақты қолдану тәртібі жайлы ақпарат берсе, экономист сарапшы жеткілікті шекті өсірудің себебіне үңіліпті. Ақпараты мол сюжет. 

Қырғызстанда Президент депутаттардың жалақысын қысқартып, қызметтік көліктерін алып қойды. Осыған байланысты «Айна» қырғыз саясаттанушысы Алмас Тәжібайдың пікірін беріпті. Берік Дүйсенбайдың дерегінше, Президент Садыр Жапаровтың жемқорлықты ауыздықтау мақсатындағы батыл әрекетінің арқасында қырғыз бюджетінің кірісі шығысынан асыпты. Осы ақпаратты елдегі жағдаймен байланыстарған тілші елордадағы LRT-ны «жемқорлықтың символы» атай келе, Алматыда да жеңіл рельсті көлік қозғалысын жүргізу қолға алынатынын айтты, кейін «Қисық айна» аталатын жаңа айдарға кезек берді. 

«Қисық айна» құрылымы жағынан Айдана Үсенбайдың бұдан бұрынғы «Ұр тоқпақ» айдарына ұқсайды, белгілі бір оқиғаны әзілге сүйей отыра талдау.  Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың LRT салу туралы шешімін сынға алған Айдана Үсенбай экономист сарапшының пікірін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Айдын Рахымбаевтың астанадағы LRT жайлы пікірлерін қоса отырып, жоба қаншалықты тиімді деген сауалға жауап іздейді. Көрерменге өтімді айдар.  

«Айна» ұжымы елорда әкіміне «көрермен көкейіндегі негізгі төрт сұрақты» жолдапты. Көрермен «көкейіндегісін» телеарнаға өзі келіп айтты ма, әлде коммуникацияның басқа әдісін қолданып жолдады ма, ол жағы белгісіз. Студияға келген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке баспана мәселесі, үлескерлер мәселесі, қаланы газдандыру мен қаладағы мектептер проблемасы жайында төрт сұрақ қойылды. 9 минутқа созылған сұхбат барысында әкім осы сұрақтарға жауап берді. 

«Айта-айта АЭС-ті…». Бақытнұр Әлібайдың елімізде АЭС салу туралы үкіметтің шешімін талдаған сюжетінде сала мамандары мен саяси сарапшының пікірі ғана емес, АЭС-тың жұмыс істеу өнімділігі, механизмі, үнемділігі туралы қарапайым тілмен түсіндіру де бар. Материал авторы әдеттегідей мәселені жіті зерттеген. Бір қарағанда, АЭС-тың қауіпсіздігіне қатысты көпшіліктің көңілін сендіру үшін жасалған сюжеттей көрінуі мүмкін. Тілші бұл күдікті сейілту үшін болар, саясаткер Уәлихан Қалижанның «АЭС салу – саяси шешім» дегенге саятын пікірін де қосыпты. Мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттауда тілші ұтымды жол таба білгендей әсер қалдырды. 

«Мектеп оқушылары арақашықтық сақтамаса, директор қалтасынан 670 мың теңге айыппұл төлейді». Айдана Үсенбай осылай десе, Берік Дүйсенбай мектеп директорының айлығы 200 мың теңгенің айналасында екенін алға тартып, «… бұл соманы оқытушылар жинап берген жайттар да кездесіп жатқанын» айтады. «Айна» жүргізушілері бұл сөзі арқылы мектеп директорының әрекетін ақтап тұр ма, жақтап тұр ма? 

«Есі бар елдің СЭС-і бар» аталатын сюжетте Айгерім Достанбай карантин талаптарын сақтамаған мектептерге айыппұл салынғаны туралы ақпараттан бастап, мектеп директорларының айлығы төмен, жауапкершілігі көп екенін айтады. Сюжет СЭС мамандарының нақты бір мектепке айыппұл салғанынан басталады. Ол жағдайға қатысты сол мектеп директорының уәжі бар, ал айыппұл салған СЭС маманының пікірі жоқ. Елордадағы тағы бір мектептің директоры СЭС мамандарын айыптай пікір білдірген. Сюжет соңында Санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев болашақта айыппұл сомасы жеңілдейтіні туралы айтады. Осылайша, атауына қарағанда СЭС-тің мектепке қоятын талаптары турасында болуы тиіс сюжет жалпы елдегі мектеп директорларының мәселесін қозғап кеткен.

Жүрсін Ерман ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Гебрейесустың құдасы екен. «Айна»  жүргізушілері осы ақпаратқа назар аудартып, тағы бір сұхбат ұсынды. Онда ақын Жүрсін Ерман Гебрейесуспен қалай құда болғанынан бастап, желідегі көпшіліктің пікірін, айтыстың қазіргі жай-күйі, оны ұйымдастырудың қиындығы және шығармашылығы жайлы бірқатар сұраққа жауап берді. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы қысқаша жаңалықтардан: Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық білім басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің пара алу күдігімен ұсталуынан басталды. Шымкент қаласының Полиция департаменті ғимаратындағы тергеу кезінде қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев оқиғасын да айтты

Әрі қарай көп талқыланған тақырып – Президенттің зейнетақы жинағының жеткілікті шегін өсіруді 2022 жылдың 1 сәуіріне шегеруі болды. Мәжіліс депутатының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай несиеге кешірім жасау туралы ұсынысына сюжетсіз тағы бір тақырып арналды. Осылайша бағдарламаның алғашқы тоғыз минуты өтті. 

Бірінші сюжет әлеуметтік маңызы бар тақырыпқа емес, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарынан басталды. Екі елдің достығы, одақтастығы, бірлескен экономикалық жобалары туралы айтылып, мұның барлығы экономист және саясаттанушының пікірімен толықтырылды. 

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Бұл да сюжетсіз болды. 

Биыл мектепке дейінгі білім беру мекемелері мемлекеттік аттестациядан өтті. Тексеру жүргізілген 77 мекеменің тек 17-і сынақтан сүрінбеген. Apta осы тақырыпқа үлкен сюжет арнады: балабақшада көз жұмған бүлдіршіннің оқиғасынан бастап тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғуы, қаржыландыру, педагогтерінің білім деңгейі және олардың мардымсыз жалақысы туралы айтты. БҒМ өкілі, ата-ана мен әлеуметтанушылардың комментарийі бар созылыңқы сюжет. 

Қ.Тоқаев жастарға «Тәуелсіздік ұрпағы» грантын берді. Apta авторлары олардың кім екеніне тоқталмай, қысқа қайырды

Бағдарламаның үшінші сюжеті Qazaqsha Jaz қозғалысын таныстырады. Қозғалыс белсенділері түрлі компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшасына «қазақ тілінде де пост жазуын сұрап» сыпайы, агрессиясыз комментарийлер жазады. 

«7 күн» сияқты Apta да Air Astana әуе компаниясы туралы сюжет көрсетті. Жарнама материал екенін белгілемеді

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялады. Жүргізуші Жайна Сламбек мақаладан үзінді келтірді, бірақ мақала қайда жарияланғанын айтпады. Ал сюжет Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихынан сыр шертетін фотомұрағат туралы болды. Елбасының фотосы көп, фотографтардың қызық комментарийі бар. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты

Медиада суицид тақырыбын жазу мәселесіне арналған вебинарға шақырамыз

«Қазақстандық медиа желі/KazMediaNetwork» және Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті журналистерді ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жазу мәселесіне арналған бір сағаттық вебинарға шақырады. Вебинар 2021 жылғы 13 желтоқсан, сағат 15.00-де басталады. 

Өкінішке қарай, суиуид туралы ақпарат жиі ұшырасады. Алайда телевидениеде немесе басқа БАҚ-та жан-жақты жазылған суицид оқиғасынан кейінгі жаппай өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін білдіретін Вертер эффекті немесе синдромы бар екенін де ұмытпау керек. Не істеу керек? Мұндай оқиғалар туралы қалай жазған дұрыс? Сарапшылар осы тақырыпта ой-пікірін ортаға салады. 

  1. Гражина Раманаускайте, Литваның журналистер этикасы жөніндегі омбудсмені. Тақырыбы: «Суицид тақырыбын зиянсыз жария ету жолы қандай: Еуропа тәжірибесі».
  2. Светлана Богатырева, психология магистрі, «Just Support» қорының атқарушы директоры. Бұл қор қашықтан оқу кезіндегі жасөспірімдердің моральдық-психологиялық жағдайына зерттеу жасаған. Тақырыбы: «Суицид тақырыбын жазатын БАҚ-қа (журналистерге) арналған ұсыныстар».

Тақырып: Суицид туралы ақпараттарды таратудың этикалық аспектілері   

Уақыты: 2021 жылғы 13 желтоқсан, Алматы уақытымен сағат 15.00-де басталады

Zoom конференцияға қосылу үшін вебинар басталатын уақытта осы сілтемені ашыңыз.

Конференция идентификаторы: 874 8138 5583

Кіру коды: 456768

Қандай да бір сұрақтарыңыз болса, +7-707-7000-439 (Ольга Настюкова — жоба жетекшісі) нөміріне хабарласыңыз.

Журналистика бойынша заманауи тегін онлайн курс іске қосылды

Қазақстанда журналистика бойынша заманауи тегін онлайн курс іске қосылды. Дәрістер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі: mediaschool.kz.
ONLINE MediaSchool – ашық және практикалық онлайн журналистика курсы. Курста 66 видео-дәріс бар – қазақ және орыс тілдерінің әрбірінде 33 дәрістен. Курс тренерлері – қазақстандық журналистер, редакторлар, SMM және PR мамандары, дизайнерлер, медиа-заңгерлер. Курстың әдістемесі мен бағдарламасын кәсіби журналистер, университет оқытушылары және медиа-сарапшылар әзірледі.
Курсқа қатысушылар дәрістерді өзі қалаған ретпен көре алады. Журналист ретінде жұмыс істеу дағдыларын басынан бастап меңгеру үшін курсқа толықтай қатысып, аралық және қорытынды тесттерден сәтті өтіп, ONLINE MediaSchool сертификатын алу қажет. Сертификатты 16 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Курстың ережелерін мына сілтемеден оқыңыз.
Курсты Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігі Елшілігінің қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырды.

Тұңғыш Президент күні, «Омикрон» штамы, онлайн аударымдар: 29 қараша — 5 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы Тұңғыш Президент күніне орайластырған материалдарға басымдық беріпті. Ал «Айна» апта бойы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған онлайн аударымдар мен зейнетақы жинағының шекті мөлшері көлемінің өсуіне баса мән берген. Екі бағдарлама да «Омикрон» штамына қатысты жаңа шектеу шаралары қабылданғанын ескертеді. Apta журналистері жаңа автокөліктердің қымбаттау себебін зерттеп көріпті. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Желтоқсанның жыл он екі айдың ішінде орны бөлек». Дархан Әбдіуахит осы сөзімен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні аталып өткенін еске алды. Президенттің Швейцарияға сапарының алғысөзін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында табылған, «Берн» тарихи музейіне қойылған жәдігерлермен байланыстыра бастады. Осылайша саяхатшы Анри Мозердің қазақ жеріне төрт рет саяхаттағанын, жинаған жәдігерлерін өз қолымен музейге тапсырғанын, олардың арасында 8 метрлік барқыт кілем барын осы алғысөзден білдік. Жүргізушінің кадрдағы ұзақ сөзі Президенттің Женеваға сапары аясында қол жеткен келісімдерді тізбектеумен аяқталды. Осыдан кейін ғана сапар жайлы сюжетке кезек берілді. 

Рауан Мыңбаев материалын Швейцарияны «швейцарь» сағаттары мен Альпі таулары әйгілейтінін айтып бастады.  Сапар жайында жан-жақты баяндаған сюжеттен Женева сапары, ондағы қол қойылған келісімдер туралы толық мәлімет алуға болады. Сюжет ресми сапарда Қазақстан делегациясында болған лауазымды тұлғалардың пікірімен толықтырылып, Президенттің сөйлеген сөздерінен үзінді берілді, әдеттегідей ұзақ болды. 

Дархан Әбдіуахит бұл сюжеттен соң Женевадағы инвестициялық форумның қорытындысын, қол қойылған келісімшарттардың жалпы сомасын тағы бір атап шықты. Осыдан кейін Шынар Асанқызы әзірлеген Мемлекет басшысының Ақордадағы қабылдауы туралы сюжет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық компаниялардың басшыларымен кездескен. Шынар Асанқызының бұл материалы да кездесу барысындағы Президенттің сөздерін тәпсірлеуден әрі аспады. Қор нарығы, Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару және оған шетелдік инвесторларды тартуға қатысты Президенттің сөздеріне негізделген баяндау сюжетте сараптама жоқ. Шетелдік инвестор тарту арқылы «Қазатомпром» секілді ұлттық компанияны IPO-ға шығарудың мәнін сарапшылармен бірге талқыласа, отандық қор нарығындағы шетелдік компаниялардың артуына қатысты қаржы сарапшысының талдауы болса, бұл сюжет хаттамалық баяндау шегінен шығып, көрерменге отандық қор нарығы туралы біршама ақпарат берер еді.  

«Омикрон» ойландырып қойды». «Жеті күн» авторлары «мәлім де беймәлім» штамм жайында сюжет әзірлепті. «Омикрон» деп аталған сюжетте жаңа штамға байланысты әлемдегі жағдайға шолу жасалып, Қазақстанда енгізілген жаңа шектеу шаралары баяндалды. Мысыр еліне баруға қазақстандық азаматтарға тиым салынғаны айтылып, соның салдарынан саяхат бағытын БАӘ-не өзгерткен кейіпкерден сұхбат алынған. БАӘ-де саяхаттау бағасы қымбаттап кеткені де айтылды.  Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері пікір білдірген. 

2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді. Елде ең төменгі айлық мөлшері өсті, сонымен қатар ең төменгі зейнетақы, АЕК, ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіштері өсті. Дархан Әбдіуахит осыларды тізбектей келе, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ЖІӨ, шетелдік инвестициялар, халықаралық резервтер, тұрғын үй, темір жол және автомобиль жолдарының қаншалықты ұлғайғаны туралы біршама «санды сөйлетті». Осы статистика негізінде Дархан Әбдіуахит «О бастағы алдымен экономика, содан кейінгі саясат қағидаты экономикалық жетістіктерге жетеледі. Саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруға негіз болды» деген байлам жасайды. Алайда, бағдарлама жүргізушісі саясаткер немесе экономист емес, журналист, сондықтан оның байлам жасауы артық. Әдетте мұндай кесіп айтылатын пікірлерді сарапшылардың еншісіне қалдырған дұрыс. 

1 желтоқсан, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне Сәкен Сейітханұлы арнайы сюжет әзірлепті. «Реформатор» аталатын материалда алғашқы Президент сайланып, «жаңа дәуір» басталған 1991 жылдан бергі  елдің жағдайы қалай өзгергенін ұзақ баяндайды. 

Тұңғыш Президент тақырыбы, нақтырақ айтсақ, Елбасының әлемді ядролық қарусыздануға шақырған бастамасы келесі сұхбатта жалғасты. Мақпал Мадиярова Елбасының осы бастамасы туралы Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мәдиевтен сұхбат алды. 

Мерекенің құрметіне арналған, алғысөзі ұзақ тағы бір сюжет «Елбасы жолы» деп аталады. Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжетте шетел Президенттерінің, өзге де шетелдік сарапшылардың Елбасы туралы пікірі топтастырылыпты. Алғашқы болып Ресей Президенті Владимир Путиннің пікірі берілді. Осылайша «Жеті күннің» Елбасы тақырыбы бас-аяғы 20 минутқа созылды. 

Жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығына орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшераевтың қатысуымен Алматыда және Алматы облысында шаралар өтіпті. Бұл шаралар туралы Дархан Әбдіуахит студияда тұрып баяндап,  синхрондар берілді. 

Ал «Жеті күн» Тұңғыш Президент күніне орайластырылып өткізілген іс-шаралармен түйінделді.  

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Омикрон» штамы туралы ақпарат өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бастап, Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеті мен АҚШ-тың мазасын алып, кейбір елдерге шекараны жабуына себеп болған еді. Біздің ел де Мысырмен барыс-келісті тоқтатқан болатын. «Айнаның» алғашқы сюжетіне жаңа штамның белгілері арқау болды, сондай-ақ, қолдағы вакцина жаңа штамынан қорғай ма деген сұраққа жауап іздеген. 

«Теңгенің тегеуріні» аталатын сюжетте Бақытнұр Әлібай теңгенің әлсіреп доллардың қымбаттағанына тоқталыпты. Шетел валютасының қымбаттауына не себеп, болашақта доллардың бағаы қанша болады, теңгені ұстап тұру үшін Ұлттық банк интервенция жасады ма, теңгенің бағамы қандай жағдайда арзандамайды деген сұрақтарға сарапшылар, экономистер, Ұлттық банк өкілі жан-жақты жауап беріпті. Қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдайды қарапайым тілмен талдаған толымды сюжет. 

Өткен аптада халық назарын аударған тағы бір тақырып – онлайн аударымдардан салық ұстау мәселесі болатын. «Айна» осы тақырыпты студияда қонақтармен бірге талқылайды. Студияға Мемлекеттік кіріс комитетінің өкілі Айнұр Сартаева мен блогер Алмас Тоқабаев  шақырылған.   Алмас Тоқабаев халықтың өкілі ретінде онлайн аударымға қатысты күмәнді деген пайымдарды алға тартып, бұл мәселе неге көпшілік арасында наразылық тудыруы мүмкін екенін түсіндіруге талпынса,  кіріс комитетінің өкілі заңды тәпсірлеуге тырысты. Көрерменге «Мобильді ақша аударымы қызметін жиі пайдалансыз ба?» деген сауал қойылды. Жүргізуші Айдана Үсенбай қонақтарға what’s up  желісіне келген сауалдарды қойып отырды. Талқылау барысында елдегі салық жүйесіне қатысты халыққа ақпарат тарату деңгейі төмен екені де айтылды. 

Махамбет Бейбітшілік иіс тиіп қайтыс болғандар, үй шаруашылығындағы жылыту пештері мен қазандықтардың қауіпсіздігі туралы материал әзірлепті. Сюжеттің алғысөзінде иіс тиіп қайтыс болғандардың статистикасы берілді. «Уланудың алдын алу» рейдіне қатысқан тілші құзырлы орган, газ таратушы компанияның өкілдерінен және Мәжіліс депутатынан пікір алған. Сала мамандары өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша қордаланған мәселелер: маман жетіспеуі, арнайы техникалық инспекцияның болмауы, тұрғындардың салғырттығы жайын айтты.  

Айдана Үсенбай «Осы аптаның тағы бір күйіп тұрған тақырыбы» ретінде БЖЗҚ-дан біржолғы төлем алу үшін жиналған қаражаттың жеткілікті шегінің өсуін атады. Шындығында, бұл мәселе өткен аптада әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. «Айна» авторлары желі қолданушылардың бірнеше пікірін жариялап, Skype байланысы арқылы қаржыгер маманмен мәселенің саяси астарын, экономикалық себептерін талқылады. Алайда, бұл талқылауға Қаржы министрлігі немесе осы салаға жауапты билік өкілі шақырылып, мәселе бұдан тереңірек талқыланғаны  жөн болар ма еді?! 

Әлеуметтік желіде пранк жасау – жастар арасында кең таралған үрдіс. Пранкер Данияр Жақсылықтың айтуынша, ол тіпті танымал болудың таптырмас жолы көрінеді. Бұл туралы Арай Құрақбайдың «Желіде желіккендер» аталатын сюжетінде айтылыпты. Мәскеуде Пранк жасап, қымбат көлікті айдап әкеткен жастар Ресей заңы бойынша 3,5 жылға сотталған. Осы мәселені көтере келе, Журналистердің әдеп кодексі секілді, әлеуметтік желі қолданушыларына да ортақ әдеп стандарттары керек деген ойды сұхбатқа пікір берген пранкер, Мәжіліс депутаты да алға тартты. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta ресми жаңалықтан басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 5-6 желтоқсан күндері елімізге Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев екі күндік мемлекеттік сапармен келеді. 

Келесі жаңалық та Ақорда хабарымен жалғасты: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында шет мемлекеттердің ірі инвестициялық компаниялары өкілдерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияға сапары барысында Швейцария президенті Ги Пармеланмен бірге, белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасындағы керемет жәдігерлердің бірі – қазақтың барқыттан жасалған тұскілемді бірге тамашалады. Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде бұл туралы ұзақ әңгімеледі. Ал хаттама мәндес сюжетте стендап көп болды. 

Жүргізуші сюжеттен кейін президент Швейцарияда тағы кімдермен кездескенін айтып шықты. 

Жаңа жылдан бастап БЖЗҚ-дағы мерзімінен бұрын пайдалануға болатын жеткілікті шек өседі. Аптаның ең шулы тақырыбын бағдарлама авторлары сюжетсіз қалдырды. Есесіне бұл жөнінде ұзағынан айтты: БЖЗҚ өкілінің (неліктен өскенін мәлімдеді), тұрғындардың (келіспейді), сарапшы экономистің (түпкі себебін түсіндіреді) және депутаттың (бұл өзгерісті қолдамайды) комментарийі бар. 

Мобайл аударымдарға шектеу енгізіле ме, салық салына ма? Соңғы уақыттағы тағы бір даулы тақырып бағдарламаның екінші сюжетіне арқау болыпты. Түсіндірмелі материалда тұрғындардан бастап министрлік өкілдеріне дейін түрлі адамдардың комментарийі жинақталған. 

Автокөлік бағасы күн санап өсіп жатыр. Бұл жөнінде «Желілер: корреспонденция, комментарий» арнайы айдарында айтылған еді. Міне, енді сюжет арнапты. Материал авторы жаңа көліктердің қымбаттау себебін іздейді. Тілшінің айтқанындай, бағаның өсуіне электронды жабдықтар тапшылығы себеп екен. Жақсы сюжет. Десе де мінілген автокөліктер нарығындағы ахуалға да назар аударса құба-құп болар еді. 

Apta редакциясы да Тұңғыш президент күніне сюжет арнады. Тарихи кадрлар мен пафосқа толы сюжеттен кейін Қазақстан Тәуелсіздігі күнімен алғаш болып АҚШ президенті Джозеф Байден құттықтағанын хабарлап, бағдарлама аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты

Журналистер өлім мен жоқтау-жаназа кезінде нені көздейді? 

Алматыда 9-қабаттан үш баласын лақтырып, артынан өзі де секіріп кеткен әйел туралы медиа жан-жақты ақпарат таратуға тырысты. Редакциялар бұл оқиға Қазақстан халқына қалай әсер ететінін бірден түсінген еді. Дегенмен олар қашан да көбірек білгісі келетін аудиторияның сұранысына жауап беруді ғана ойлады ма? Трагедия туралы хабар таратқандар журналистика этикасын ескерді ме? Шолу жасадық. 

Тергеуден бұрын «анықталған» себеп

Оқиға 22 қарашада болды. Алғашқы хабар тарағаннан кейін бірнеше сағат ішінде Алматы полициясы суицидке себеп болуы мүмкін жайтты жария етті. Бірінші нұсқа – отбасындағы жанжал. Полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек журналистерге берген сұхбатында бұл «алдын ала мәлімет» екенін айтты. «Оқиғаның мән-жайы тергеуден соң белгілі болады»,– деді ол. Соған қарамастан ақпарат құралдары әйелдің балалары мен өзін өлтіруіне «күйеуімен жанжалдасуы себеп» деп мәлімдеп үлгерді. «Тұрмыс қиындығы себеп» деп хабар таратқандар да болды. 

Телеарналардың бәрі бірдей ішкі істер органдарының алғашқы топшылауына мейлінше мұқият болуға тырысқан жоқ. Тіпті, бұл жағынан кейбір телеарнаның қазақ және орыс тіліндегі ақпараттарында айырма болды. 

Бірнеше телеарнаның жаңалығын салыстырдық. Олар оқиға болған күні дәл осы мәліметті былай таратты:

телеарналар қазақша ақпарат орысша ақпарат
Almaty TV «Полиция департаменінің мәліметінше, оқиға болар алдында әйел мен жұбайының арасында жанжал туған. …Марқұмның мұндай жантүршігерлік шешімге не үшін барғаны нақты белгісіз» «В полиции предварительно сообщили, что причиной страшного поступка мог стать конфликт с мужем»
Astana TV көрсетілген жоқ «По предварительной версии, до суицида женщину довел конфликт с супругом»
«31-арна» «Полиция туған балаларының да өмірін өлімге тігіп, өз-өзіне қол жұмсаған әйел әрекетінің бір себебі отбасылық жанжалдан шығуы мүмкін дейді.

…Полиция да әйелдің өз-өзін балаларымен қоса өлімге итермелеу себебінің алғашқы болжамдарын айтты, отбасылық жанжалдан кейін күйеуімен ұрысып қалуы деп көрсеткен»

«Предварительная причина суицида – конфликт с супругом»
«Еуразия бірінші арнасы» «Тәртіп сақшыларының мәліметі бойынша, ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық жанжал соңы төрт бірдей жанның өлімімен аяқталған» «Позже полиция сообщила, что по предварительной версии следствия, женщина выбросилась из окна после ссоры с мужем»
«КТК» «Келіншектің мұндай қадамға баруына отбасындағы жанжал себеп болды дейді тергеушілер.

…Полиция әйелдің мұндай сұмдыққа баруына отбасылық жанжал түркі болғанын жеткізді.

…Тұрмыс тауқыметі себеп»

«По предварительной версии, причиной трагедии мог стать конфликт между супругами»

 

Екі телеарнаның («Еуразия бірінші арнасы», «КТК») қазақ редакциясы полицияға сілтеме жасап, «оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болды» деп хабарлағанын көріп тұрмыз. Мән-жайды тергеу әлі нақтылайтынына қарамастан кесіп айтып, ақпаратты сәл бұрмалаған. «КТК» ә дегеннен «Тұрмыс тауқыметі себеп» деген титр жазып қойды. 

Бес телеарнаның да орыс редакциялары отбасындағы жанжалға қатысты нұсқа «алдын ала мәлімет» екенін ескертті. 

Оқиғаның өзінен журналистің сөзі үрейлі

Адамның үш баланы биіктен лақтырып, артынан өзі де секіріп кетуі – артық сөзсіз-ақ қайғылы жайт. Ол егжей-тегжейін тәптіштемесе де, түсінікті. Солай бола тұра тележурналистер көрерменге оқиға «сұмдық» екенін білдіруге тырысып, экспрессиясы күшті тілге жүгінді. «31-арна» тілшісі «төрт адамның қанға боялған сәті» деген тіркесті қолданып, жердегі қанды ірі планмен көрсетті. Куәгерге «Тарс еткен дыбыс қанша мәрте естілді?» деп сұрақ қойды. Эмоция алдыңғы орынға шығып, синхрон аудармасында сөз қайталанды, сөйлемдер шұбалаңқы болып кетті. «Әйел балаларын лақтырып, артынша өзі секіріп кеткенін» стендапта да, кадр сыртында да айтты:

«Полиция екі, бес және алты жасар балаларын тоғызыншы қабаттан лақтырып, артынан өз-өзіне қол жұмсаған әйел өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша іс қозғады». 

Сөйлем 24 сөзден, бес сан есімнен тұрады.  

«Еуразия бірінші арнасының» жүргізушісі әйелдің жасы мен оның әрекеті арасынан байланыс іздегендей болды: «Жасы 30-ға да толмаған келіншек балаларын терезеден өзі лақтырыпты». Бұдан соң «оқиғаны көзбен (???) көргендер қатты шошынып қалғанын» қосып, «Дәл осы қанды үйге әріптесім Ұлан Тәліпбай барып, куәгерлермен тілдесіп қайтты», – деді

Тілші кадрде жаңа ғана жүргізуші айтқан мәліметті қайталайды: «Куәгерлер 9-қабаттан келіншек қоқыс лақтырып жатыр деп ойлаған екен». Одан кейін «қалалықтарды дүр сілкіндірген оқиға» орнындағы «қанның ізін» көрсетеді. Материалда «әйел үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткені» екі рет айтылады. Оқиғадан хабарсыз адам болса, тілшінің грамматикасы олқы сөйлемдерден бірдеңе ұғуы қиын: 

Тұрғындардың бірі 9-қабаттың терезесінен үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткенін айтады. Оны көрген көршілер әлі күнге естерін жия алмауда. Айтуларынша, бірнеше ай бұрын осында көшіп келіп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрыпты».

Кім секіріп, кім соны айтып бергенін, кім пәтер жалдап тұрғанын тілшінің өзі ғана түсінеді. 

«Тәртіп сақшыларының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық жанжал соңы төрт бірдей жанның өлімімен аяқталған».

Иә, ерлі-зайыпты арасында іскерлік, қызметтік я басқа емес, «отбасылық жанжал» болған. «Жанжал соңы» «аяқталған». Тілші кейін басқаша ақпарат береді: 

«Келіншектің не себепті мұндай қадамға барғаны тергеу барысында анықталатын болады. Егер күйеуі кінәлі болса, оған бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған». (Әрине, капитан Мәлімбек!)

Көрермен бұл оқиға «жантүршігерлік» екенін ұқпай қалмасын деп, «КТК» журналистері де аянбады. Жүргізуші қайғылы кейіппен «Түркістан облысынан күнкөріс қамымен келген келіншек тұрмыс тауқыметінен титықтағанын, өмірі адам төзгісіз екенін жазыпты» деп хабарлады. Іле сөз алған тілші кадрде бұл «аза бойыңды қаза қылатын оқиға» екенін айтты. Кадр сыртында «жантүршігерлік жағдай» деп және бір қайталады. Жалпы, бұл телеарнада журналистер бір жаңалық мәтінінде ақпарат, ой, сөз, тіркес қайталанбауы керек екенін білмейтін сияқты. «Тұрғындар алғашында келіншек терезеден қоқыс лақтырып жатыр деп ойлаған» деген мәліметті жүргізуші бір, тілші бір, куәгер бір айтты. Тілші бұдан соң «қанға бөгіп, жерде қимылсыз жатқан», «куәгер есеңгіреп қалған», «тұрғындар шошымасын деп, тәртіп сақшылары жердегі қан іздерін топырақпен көміп қойған», «әйелдің мұндай сұмдыққа баруы», «іштен шыққан перзенттерін лақтырып» деген тіркестерді үдетеді. Бұл оқиғада полиция әйел жазып кеткен хат мазмұнын жария етпеген еді, ал журналист «тұрмыс тауқыметі» туралы ақпаратты қайдан алғанын айтқан жоқ.

Телеарналардың орысша ақпараты мейлінше бейтарап, ұстамды болды. «Страшная», «жуткая», «шокирующая» дегендерден басқа эмоция туғызатын сөз қолданылмады. 

Almaty TV жүргізушілерінің көрерменге деген қамқорлығына алғыс айтуға болады. Олар қиын жағдайда жүрген азаматтарға редакцияға хабарласуды ескертіп, көмектесуге уәде берді

Қара жамылғанның қайғысы контент үшін

Ақпарат құралдарының бірқатарына қайғылы оқиға, апат не басқа да жазатайым жағдайлар – аудитория тарту амалы. Негізгі принцип рас, неғұрлым анық, қажет, маңызды ақпарат жеткізу емес, әйтеуір оқырман не көрермен назарын аударатын дүние табу. Медианарықтағы осы ойын ережесі редакцияларды кәсіби ұстаным-көзқарастан, этика бойынша мәселеге қатысты дұрыс шешім шығарудан айырады. Олар оқыс оқиғалардан «елең еткізетін» ақпарат тарату тұрақты аудитория қалыптастырмай, уақытша ғана эффект беретінін жиі ұмытып кетеді. 

Қайғылы оқиғаға, апатқа ұшыраған, жақындарынан айырылған адамдардан лезде сұхбат алып, эфирге беруді кәсіпқойлар ортасы ешқашан құптаған емес. Өйткені мұндай кезде адам шок, күйзеліс, истерика, паника, үрей, ашу-ыза, жан жарақаты, қысылу, қорғансыздық сияқты неше түрлі күйде болуы мүмкін. Мұндай адам журналиспен сөйлесуге келіскенімен эмоциясының әсерінен оның ойы, сөзі адекват болмауы, асығыс тұжырым жасауы әбден ықтимал. Жүйкесі сыр берген не жылап жатқан адамдарды сөйлету оған одан әрі психологиялық қысым жасаумен бірдей. 

Амал не, мұны елемегендер болды. Алматыдағы трагедиядан соң ақпарат құралдары марқұмның күйеуімен де, бауырларымен де сөйлесіп үлгерді. Қара жамылған адамдарды видеоға түсірді. Ерлі-зайыптының, балалардың бір кездері күлімдеп түскен фотосуреті «адам мұндай қадамға қалай ғана барды?» деген емеурінді білдіруге «сәтті» қолданылып жатты. 

«31-арна» әуелі марқұмның «отбасында қаражаттан басқа қиындық болмағанын» айтқан күйеуін сөйлетті. Кейін әйелдің мессенджердегі жеке хабарламаларын жария етті. Телеарна мұнымен шектелген жоқ.

Astana TV үш немересі мен келінінен айырылған кісінің «оқиғадан ес жия алмай жатқанын» хабарлады. Қайын атасы ұлы мен келіні жоқшылықтан қиналмағанын, өзара жанжалдаспағанын айтты. Ал марқұмның жұрты күйеу баласын кінәлады

«Еуразия бірінші арнасы» да, басқа ақпарат құралдары да қарап қалмады. Марқұмдар жерленіп болар-болмаста «күйеуінің екінші әйелі болған», «көңілдесі екі рет жүкті болған», «құмар ойындарына, ішімдікке әуес», «несиесі болған», тағысын-тағы деген мәліметтерді таратты. «НеМолчи» қорының растала қоймаған мәліметі де сенсация іздеген медиаға жақсы контент бола кетті

Телеарналар жаназаны түсіріп, сюжет жасағанда көрерменнің орынды наразылығы тумауы үшін ақпаратты «көңіл айту» сияқты етіп береді. «31-арна» тілшісі Анастасия Новикова марқұмдар жерленген ауылға барып, кадрде: «Марқұм әйелдің туыстары журналистерді үйге жолатар емес. Жақындары сөйлесуге құлықсыз, күш көрсетеміз деп қорқытып отыр», – деді. Әйелдің қайын жұртын айтып тұр. Сүйек шығарылған сәтті алыстан түсіргеннен кейін тілшілер суицид жасаған әйелдің туған әпкесімен ерлі-зайыптының қарым-қатынасы туралы сұхбаттасады. Ал бұл репортажды «Информбюро» жүргізушісі «Тілшіміз қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты», – деп «жылы» хабарлады.

Әйелдің балаларын биіктен лақтыруы, суицидке баруы және соған қатысты фактілер мен қауесет медиада «не себеп, кім кінәлімен» тоқтаған жоқ. «Енді қайтпек керек» деген риторикаға да көп материал арналды. «Экспресс К» порталы бәрінен асып түсті. Алан Исаев есімді автор «Дін қызметкерлері суицид жасағандарға бойкот жариялауы керек пе?» деп сұрақты төтесінен қойды. Ол «молдалар ешқашан өзін өзі өлтіргендердің жаназасын шығармағанына» әрі содан суицид азаятынына сенімді. Мақаласында «Ата-баба ғұрпын жандандыратын кез келген жоқ па?» деген мазмұндағы сауалын бірнеше рет қайталайды.   

Бұл туралы медиасауат бойынша маман Бэлла Орынбетова былай дейді: «Постжурналистика дәуірінде ақпарат пен жаңалық арасы алшақтады. Қазақ медиасында бірнеше күн бойы өзекті тақырыпқа айналған Алматыдағы суицид оқырман үшін жаңалық па? Бұл суицидтің егжей-тегжейі, жеке деректері, отбасындағы қарым-қатынасы, оқиға куәгері көршісінің эмоциясы, тіпті марқұмдардың жаназасы, жерленуі жаңалық па? Оны оқиғаның мән-жайын сипаттайтын жаңалықтан гөрі редакцияның акценті ауысқан ақпарат беруі деуге болады. Осы арқылы оқырман ойын инцидент тудырған жағдайдан әдейі өзге бағытқа бұру амалы». 

«Апыр-ай, бұл бейбақты кім жоқтап, жаназасын қалай шығарды екен?» деген сұрақты оқырманның басым бөлігі қойғанына күмәнім бар. Қайта медиада Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша дүниежүзінде алдыңғы орындардың бірінде екені жиі айтылады. Үш баласын қиып, бұған баруына не себеп болды екен? Қазіргі кезде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы, адамдардың қоғамдағы жалғыздығы мен көмекке мұқтаждығы, әлеуметтік стереотиптер, әйелдерге түсетін психологиялық қысым себеп болды ма екен? Алматыдағы суицид осы төңірегінде ойлантуға тиіс еді. Алайда көп медиаға (негізінен мемлекеттік) оқиғаның себеп-салдарына үңілгеннен гөрі оның детальдерін майын тамызып сипаттау қауіпсіздеу болды. Бақилық болған адамның жерленуіне қатысты төрелік айтып, дұрыс-бұрысын көрсету тіпті медиа құзырындағы дүние емес еді. Бұл жерде біз тек сарапшы (имам) сөзін жеткізушіміз деп екіжүзділік танытудың мәні жоқ. Меніңше, дәл осы жағдайда аталмыш мақалалар сериясын сораптап, тамсанып отырып жариялаған редакциялар этика нормаларын бұзып қана қоймай, журналистиканың негізгі принципінен аттап, манипуляция жасады, – дейді Бэлла Орынбетова.

Қорыта айтқанда, медиа аудитория назарын аударуды ғана ойлаған кезде талғамсыздыққа, әлеуметтік не басқа да маңызы жоқ пайымдарға ұрынып жатады. Ақпаратты таратқанда ешкімге зиян тигізбеу қағидасы ескерілмесе, тағы өкінішті. Аудиторияға, келеңсіз жағдайларға тап болғандарға жанашырлықты имитациялағаннан гөрі кәсіби принциптерге адалдық артық емес пе?

Nur Otan, Брюссель сапары, Алматыдағы суицид және қуаңшылық. 22-28 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

22-28 қарашадағы апталық бағдарламалар ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешімінің себебіне үңілуге тырысады. «Жеті күн» авторлары Елбасының ұстанымынан жауап іздесе, «Айна» авторлары сарапшылармен сұхбат құрған. Сондай-ақ, «Айна» бағдарламасы өткен апта басында Алматыдағы қайғылы оқиғаның себебін іздеуді басты назарға алған. Ал Apta редакциясы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың жағдайына тағы тоқталған. Бар малын аштықтан аман алып қалудың барлық амалын істеп жатқан жұрттың қиын жағдайын көрсетіп, мемлекеттен көмек алудың қиындығы туралы айтқан.
«Жеті күн»,  «Хабар»

«Жеті күннің» басты тақырыбы – Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың партия төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру шешімі болды.  Дархан Әбдіуахит партияның тарихына тоқталды, Елбасының партиялық куәлігі мен партия мүшелігіне өту туралы өтінішінің бейнесі студиядағы монитордан көрсетілді.  Жүргізуші партияның жылдар бойы қол жеткізген жетістігін оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыстыра отырып, саяси кеңес жайында әзірленген сюжетке кезек берді.  

Сюжеттің алғысөзі және «Елдіктің жеті тұғыры» аталатын материал бағдарламаның алғашқы 10 минутын алды. Nur Otan атқарған істер, Елбасының жиында жасаған мәлімдемесі, жария еткен «Жеті тұғыры» және оған қатысты саясаттанушы, Мәжіліс депутаты секілді сарапшылардың пікірі берілген сюжетті Дархан Әбдіуахит әзірлепті. 

«Ақордадан кісі аяғы арылмайды». Мемлекет басшысының Бельгияға сапары туралы айтпас бұрын, Дархан Әбдіуахит осылай деді. Елімізге инвестиция құйған елдер тізімінде «алтыншы тұрған елмен ынтымақтың ырысы тағы еселенетін болды».  Осылай деп жалғаған Дарған Әбдіуахит сапар жайында Гүлжан Мақабаева әзірлеген сюжетке кезек бермес бұрын, Президент сапары жайлы тағы біршама мәлімет айтты.  

Бельгия королі Қасым-Жомарт Тоқаевты «өзі күтіп алып», бір сәтке маскасын шешіп суретке түсіпті. Одан кейін «жабық есік» жағдайында келіссөз өткізген. Алайда, тілші «әңгіменің ауаны белгілі» дейді. Оның айтуынша «жабық есіктің» арғы жағында екі елдің байланысы туралы сөз болыпты. Тағы бір сөзінде тілші «Еуроодақ Қазақстанға инвестиция салуда именбейді» деп қалды. Осы орайда Қазақстанға инвестиция салуда именетін себеп бар ма еді деген сауал туады. Президенттің сапар барысындағы кездесулері, сапар аясындағы бизнес форум және Қазақстаннан зығыр экспорттау туралы келісімге қол қойылуы. Соңғысына тілші ерекше тоқталып, қазақстандық және бельгиялық кәсіпкерлердің пікірін беріпті.  Сапардың нәтижесі жайында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де өз пікірін айтқан. Брюссельге ресми сапары аясында Президент  «The Parliament magazine» басылымына мақаласын жариялапты. Осы ақпаратпен  тағы 10 минутқа жуық созылған сюжет аяқталды.  

Дархан Әбдіуахит Президенттің апта ішіндегі қабылдауы жайында Ақорда таратқан ресми ақпарат негізінде студияда тұрып баяндады. 

«Майнинг мәселесі» – әлемде криптовалюта өндіретін екінші ел бола тұра, Қазақстан одан неге пайда көрмей отыр деген мәселені талдаған сюжетті Нұрболат Жаңаберген әзірлепті. Энергия тапшылығын тудырып отырған сұр майнерлерді заңдастырып, криптовалюта өндіруден бюджетке қомақты салық алуға болатыны айтылды. Тақырыпқа орай Мәжіліс депутаты, Энергетика министрлігі өкілдері, блокчейн саласының сарапшылары пікір білдіріпті. 

Алдыңғы аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы жалғыз баспанасынан айырылатын борышкерлердің мәселесін шешуге қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Онда борышкердің өзі мүлікті сатуы, мүлікті бағалаушылардың біліктілігін арттыру секілді бірқатар проблемалар қамтылған еді. «Өтелмеген қарыз» сюжеті Президенттің осы бастамаларын талдауға бағытталды, заңгерлер, сарапшылар, зардап шегуші тарап пікір білдірген. Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты жыл соңына дейін заң қабылданатынын айтқан тілші «бұл әрине борышкерлерге болысу емес, саладағы ескерусіз қалған ережелерді енгізу» деп аяқтайды сөзін. 

Ұлттық кеңес отырысында талқыланған тағы  бір мәселе – тұтынушылардың құқын қорғау турасында. «Жеті күн» бұл мәселеге де бір сюжет арнапты. Құқы бұзылған тұтынушылар, Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік өкілі, заңгерлер пікір білдірген сюжет елімізде халықтың да, кәсіпкердің де мүддесін ескеретін омбудсмен институты құрылатыны туралы ақпаратпен аяқталыпты. Бұл бастаманы үкімет басшысы көтерген екен, тұтас сюжет Асқар Маминнің осы бастамасының қажеттігін дәлелдеуге бағытталғандай әсер қалдырды. 

Түркістанда өткен Халықаралық қазақ тілі қоғамының IV құрылтай туралы сюжет  «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» айдарымен беріліпті. «Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп, тұғырына қондыру». Тілшінің бұл сөзі мемлекеттік тіл тұғырына барып «қонуы» үшін тек осы форумды күтіп отырғандай әсер қалдырады. Жалпылама жасалған тілші тұжырымы ешбір сауалнама қорытындысының не зерттеу жұмысының нәтижесі емес, өз топшылауы. Сюжетті Қорған Қонысбайұлы әзірлепті.

Елімізде апта бойы тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында өткізілген өзге де шаралар «Жеті күн» назарында екен. Бұлар жеке сюжетке топтастырылыпты. «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті. Елбасы үндеу жасаған еді, сюжетте үндеуден үзінді берілді. «Елбасы. Тәуелсіздік. Парламент». Бұл – Тұңғыш Президент күніне орай Парламент Мәжілісі өткізген халықаралық конфренцияның атауы. Ресей, Әзірбайжан, Еуропа, ТүрікПа парламенттерінің өкілдері жиналған алқалы жиын жайлы жеке сюжет жасалмағаны «Жеті күн» дәстүріне жат секілді көрінді. Алматыда өткен Азаматтық форум жайлы ақпарат та осы сюжетте берілді. Тілші Азамат Әбілқайыр бұл материалын «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» екенін ескерте аяқтапты. 

«Жеті күн» соңғы сюжетін  «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын түсіндіруге арнады.  

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы — Алматыдағы қайғылы оқиға. Бағдарлама авторлары бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыда баға бермекке ұмтылыпты. Келер жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы және ең төменгі айлық жалақы көлемі ұлғатынын айтып, «Ең төменгі күнкөріс көлемі» ұғымына тоқталып, бұл қаражатқа дүкеннен не сатып алуға болатынын тәжірибе жүзінде анықтауға тырысқан. Бұл жолы Берік Дүйсенбай дүкен аралапты. Азық-түлік бағасы бұдан бұрын да «Айна» авторларының назарын аударған болатын, ол кезде Айдана Үсенбай дүкен бағасын саралап көрген еді. Сюжет авторы сарапшы маман арқылы елде инфляция үкімет мәлімдеген деңгейден әлдеқайда жоғары екенін жеткізеді. Мәжіліс депутаты Ерлан Смаиловтың Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін «бюджетті халықтан қорғау» министрлігі деп атау керек деген мәлімдемесін де келтіре кетіпті.  

Ал Алматыдағы қайғылы оқиғаға байланысты студияда Айдана Үсенбай Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбай және психолог Олжас Сейітовпен бірге  «Вертер» синдромының қоғамға қаупін, трагедияның ықтимал себептерін  талқылапты. Көрерменге титр арқылы «Психологтың көмегіне жүгініп көрдіңіз бе?» деген сауал тасталған. Спикерлер де, жүргізуші де өлім себебіне қатысты өзінше топшылау жасауда сақтық танытқанымен,  әйелдің әрекетін айыптау сипатындағы сөздер айтылды. 

«Айна»  бағдарламасы Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясы төрағалығық өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруына, Алматы облысы әкімінің ауысуына да ерекше мән беріпті. Студияға онлайн қосылған сарапшы-саясаттанушы «Бұл ауыс-түйіс үлкен саяси өзгерістің басы болуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берген. Берік Дүйсенбай студияда тұрып, сарапшыға «Қайырлы кеш» деп амандасады. Алайда, көлік ішінде отырып, студияға онлайн қосылған сарапшының жүзіне күн сәулесі түсіп тұрғаны анық көрініп тұр. Бағдарлама кешкі сағат 20.00 эфирге шығады емес пе? 

«Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылында «Княжевская» су  бөгенінен саңлау шығып, айналаны су басқан». «Айна» авторлары елдегі жалпы гидротехникалық нысандардың жай-күйі, жалпы еліміздегі су ресурстарына қатысты проблемаға баса назар аударыпты. Сюжетке сұхбат берген сарапшылар еліміздегі суға қатысты проблемаларды шешуде су шаруашылығы жеке министрлік болып құрылып, оны осы саладан хабары бар маман басқаруы тиіс екенін айтыпты. Ақпараты мол, ізденіспен жасалған мазмұнды материалды Бақытнұр Әлібай әзірлепті. 

«Оқулық пен олқылық»  аталатын сюжет мектеп оқулықтарының сапасына қатысты мәселе көтереді. Оқулық мазмұнына қатысты әлеуметтік желілерде айтылған сыни пікірлерге тоқталып, ол сын әділ айтылған ба, жоқ па, сол тұсын анықтап көреді. Қарапайым ата-ананың, мұғалімнің,  республикалық «Оқулық» орталығы мамандары мен оқушыны сөйлетіп, барлық тарапты қамти әзірленген толымды сюжет. 

«Айна» авторлары оқулық тақырыбын бұдан әрі мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітап мазмұны мәселесімен жалғапты. «Ашық бюджет» тақырыбын бағдарлама тілшілері жүйелі түрде көтеріп келеді. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген бұл сюжет мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың мазмұны, оқырманға қаншалықты қызықты екені және тапсырыспен шығарылатын кітаптар қалай іріктелетіні туралы айтады. Мәдениет министрлігінің салаға жауапты мамандары кітап мазмұнына қатысты келеңсіздіктер жайын сөз етіпті. Сюжетте сондай-ақ, жекелеген авторлар мен қарапайым оқырман ретіндегі журналистердің де жауабы бар. Орынды мәселе көтерген материал жасалыпты. Алайда мемлекеттік тапсырыс арқылы кітабы шыққан бірде-бір автордан пікірі жоқ. 

«Айна» ұсынған соңғы сюжет «Ырымның естісі бар, есері бар» деп аталады. Сюжетте соңғы кезде түрлі ырымдар жасап, әлеуметтік желіде жарияланатын видеоларға қатысты этнограф мамандардың пікірін беріпті. Ұлттық дәстүрді насихаттау тұрғысынан көрерменге таратуға оңтайлы сюжет әзірленген. «Айна» бағдарламасы осы тәсіл арқылы соңғы минутқа дейін көрермен назарын ұстап тұруға талпынған сыңайлы.  

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы коронавирустың жаңа штаммы таралып жатқаны туралы жаңалықтан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек соңғы бір тәулікте елімізде COVID-19 және коронавирусты пневмониядан қайтыс болған адамдар саны бойынша ресми статистиканы айтып өтті. 

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы 18,4% артып, 20,8 млрд АҚШ долларына жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюсселге ресми сапарын Бельгия королі Филиппен кездесуден бастады. Корреспондент Альбина Әшім кейбір келіссөздер баспасөзден жабық форматта өткенін хабарлады. Президент Тоқаевты қандай қонақжай әрі құрметпен күтіп алғанына көбірек назар аударған ресми-хаттама мазмұндағы сюжет болды. 

Apta редакциясы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың жағдайына апта құрғатпай сюжет арнап келеді. Кешегі сюжет Түркістан облысында шопандар малын алып, Көксарай су қоймасының маңына жайлағанын баяндады. Қолда бар малын аштықтан аман алып қалудың барлық амалын істеп жатқан жұрттың қиын жағдайын анық көрсететін сюжет. Мемлекеттен көмек алудың қиындығы да айтылды. 

Бағдарлама редакциясы ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін тоқтатып, президент Тоқаевқа беретініне сюжет дайындапты. Тұңғыш президенттің көп синхроны бар, депутат пен сарапшы комментарийімен толықтырылған материал

Алматыда үш баласын алып көпқабатты үйдің жоғары қабатынан секіріп кеткен әйел оқиғасы да назардан тыс қалмады. Сюжет авторы осы оқиғаны негізге ала отырып, отбасындағы кикілжіңге ерлі-зайыптылардың проблемасы деп бейжай қарау дұрыс па деген сауалға жауап іздейді. Материалда тағдыр тәлкегіне түскен әйел кейіпкер бар. Оны күйеуі жиі ұрып-соққан екен. Ол әйел кейде өз-өзіне қол жұмсауды да ойлаған. Алматы облысындағы осы отбасының проблемасын бәрі: учаскелік полицейден бастап мектеп қызметкеріне дейін білген. Алайда ешкім көмектесуге тырыспаған. Қазір әйел балаларымен бірге Нұр-Сұлтандағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Сарапшы-әлеуметтанушылар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты көптеген мәселелерді атап, қалай шешу жолдарын да айтты. Жақсы материал, бірақ сол мәселелерді шешуге тікелей жауапты құқық қорғау органдарынан да, министрліктен де комментарий болмады. Егер журналистиканың бір қызметі — мәселені айтып, шешілуіне септесу болса, онда материал бұл қызметін толықтай орындады. Әйткенмен қайғылы жағдай болған отбасының шын мәніндегі проблемасын ешкім де жіті білмейді. 

Бағдарламаны Нұрсұлтан Назарбаев барған концерт туралы сюжет аяқтады. «Астана Опера» театрында опера әншісі Мария Мудряктің жеке шығармашылық концерті өтті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.