Домой Блог Страница 23

Президенттің Стамбулға сапары, «росномер» және ревакцинация: 8-13 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

8-13 қараша аралығындағы апталық сараптамалық бағдарламалардың арасында «Жеті күн» мен Apta бағдарламаларына ортақ тақырып – Президенттің Стамбулға сапары, ресейлік нөмірлі көліктер проблемасы мен ревакцинация болды. Вакцина турасында «Жеті күн» ковидтен құтылудың жалғыз амалы вакцина алу десе, «Айна» ұжымы қайта вакцина алғанда қандай екпені таңдаған дұрыс екеніне мән беріпті. Apta авторлары полицейлердің жалақысын көтеру жайын қозғады. Тіпті, еліміздегі қауіпсіздік деңгейінің сапалы қамтамасыз ету жолын осы мәселеге тірепті. 

«Жеті күн»,  «Хабар»

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII отырысында  Түркі мемлекеттері ұйымы құрылды. Саммит барысында  «Түркі әлемінің келешегі — 2040» құжаты қабылданды. Бұл шешім 2019 жылы қазанда Бакуде өткен саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастаманың нәтижесі екен. Дархан Әбдіуахиттің алғысөзінен осыны ұқтық. «Жеті күннің» басты тақырыбы Президенттің Стамбулға сапары болуы, бұл бағдарлама үшін заңдылық. 

Қорған Қонысбайұлы әзірлеген 10 минуттан асатын ұзақ сюжет, мемлекеттік ақпараттық саясаттың тар аясынан шыға алмапты. Олай дейтініміз, Президент жұмысын насихаттауға баса мән беретін «Жеті күн» бол жолы да халықаралық жиындағы Президенттің бастамаларына ғана тоқталған. Алайда саяси салмағы жағынан осал түспейтін бұл жиынға Қазақстаннан өзге екі бақылаушы елді қосқанда бес елдің Президенті мен Мажарстанның премьер-министрі қатысты. Осы орайда, өзге Түркі мемлекеттері басшыларының көкейінде не бар, олардың ұсынысы қандай болды деген сұрақ туындайды. Президент пулында жүрген журналистер осы орайда, арнаның қала берді Қазақстанның ақпарат кеңістігін Орта Азия немесе Түркі мемлекеттеріндегі ақпараттармен толықтыруға берілген мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Сюжетте қазақ және түрік сарапшылары да ынтымақтастықтың маңызы туралы пікір білдіріпті.

Осы саммит аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанның премьер-министрімен кездесті. «Жеті күн» Президенттің осы кездесуде сөйлеген сөзінен де үзінді берді. 

Сондай-ақ, осы тақырыпты жалғастыра түскен «Жеті күн» түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы сарапшылардың пікірін бөлек ұсыныпты. 

«Самұрық-Қазына қоры» 2022-2030 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірлеп, ол Елбасының жетекшілігімен өткен Қорды басқару жөніндегі кеңесте мақұлданған. Осы ақпараттың алғысөзінде Дархан Әбдіуахит Стамбул саммитіне тағы бір оралып, сондағы Президенттің  «сутегіні сақтап, тасымалдау туралы халықаралық консорциум құру туралы» бастама көтергенін  айтып өтті.  Ал стратегия қабылданған жиын туралы кадрдан тыс мәтін мен синхрон форматында баяндалды. 

Бұдан әрі Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына кезек берілді. 

«Жеті күн» авторлары бұл шығарылымда ресейлік нөмірлі көліктер проблемасына мән беріпті. Шетелден әкелінген көлік қандай талаптар орындалған жағдайда елімізде жүре алады деген сұраққа жауап іздеген Сәкен Сейітханұлы Құқық қорғау өкілдерін, алданып қалған жүргізушіні және автожурналист Олжас Отарды сөйлетіпті. Мамандар жан-жақты түсініктеме берген сюжетте, елімізде заң жүзінде жүруіне тиым салынған көліктер елге неге кіргізілген деген сауалға тұщымды жауап жоқ. 

Ревакцинация тақырыбына ойысқан Дархан Әбдіуахит кезекті сюжеттің алғысөзін де ұзақ айтты. Ковидтен кейінгі синдром оңай болмайтынын, сондықтан ең оңтайлы жол вакцина алу екенін де ескертті. Ал Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың статистикасын жария етуден басталды. Сюжет толығымен ковид жұқтырған адамның жазылып шықаннан кейін де денсаулығы жедел оңала қоймайтынын айтумен жалғасты. Дәрігер, психолог мамандар адамның жүрек-қан тамырлары, өкпесі, жүйке жүйесінде вирустың салдары біраз уақыт кетпейтінін айтып, пікір білдірді. Ақбөпе Тәңірберген сюжет соңында мүмкіндігінше вирус жұқтырмауға тырысу керек екенін баса айтты.  

«Жеті күн» көтерген тағы бір мәселе – Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан «биржа саудасы» екен. Нұрболат Жаңаберген Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан тауар биржаларының бірінің жұмысымен танысыпты. Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Сауда және интеграция министрлігі өкілдері мен Мәжіліс депутаты,  экономист сарапшылар биржадағы ашықтық, биржада саудаланатын тауарлар бағасы, кәсіпкерлердің өз өнімін тікелей биржаға шығаруы жайында жан-жақты ақпарат беріпті. Алайда, осынау маңызды мәселені көтерген сюжетте ақпаратты жеткізуде ресмилік басым. Тілші нені жеткізгісі келіп тұр, әлде бұл да Президенттің тапсырмасын насихатттау тұрғысында жасалған материал ма деген сұрақтар туады. 

Алдағы аптада «Astana club-2021» отырысы өтеді. Осыған орай «Жеті күн» Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабекпен сұхбат ұйымдастырыпты. 

«Жеті күн» ұсынған соңғы сюжет ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылыпты. Алайда Стамбул мен Сеулде ұйымдастырылған мәдени шаралардан басталып, Түркістан облысындағы ауылдардың біріне жол салынғаны, Қаратау қаласында балаларға арналған ойын алаңы ашылғаны, Түркістан қаласында спорт кешені салынғаны туралы ақпараттарды топтастырған материалдың мазмұны таңқалдырарлық. Шетелде өткен шаралар мен ауылдағы инфрақұрылым мәселесін бір сюжетке топтастырудың қисыны келмейтіндей көрінді. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Өткен аптада елімізге Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілген болатын.  Емханаларда балалар мен жасөспірімдерге бұл вакцинаны егу жұмысы басталып та кетті. «Айна» бағдарламасы осы мәселені басты тақырып етіп алған. Жанар Арғын тұрғындардың шетелдік вакцина жайлы пікірін сұрап, арнайы сюжет әзірлепті. Алғашқы болып Pfizer вакцинасын алған жеткіншекті сөзге тартып, балалардың екпе алып отырған сәтін ашық көрсетіпті. Ешкімнің жүзін бүркемепті. Дегенмен, сюжетте бұл екпені кімге  және қандай жағдайда салуға болмайды деген сұраққа дәрігерлер жауап берген. Сондай-ақ, мамандар ревакцинация кезінде қандай вакцина салған дұрыс екені туралы кеңес беріпті. Пайдалы, ақпараты мол сюжет. 

«Айна» осыдан кейін алты адамның өмірін қиған «Абай» шахтасындағы апат жайына ойысты. Бақытнұр Әлібай Қарағандыдан сюжет әзірлепті. Тілші қауіпсіздік мәселесі бойынша бірнеше рет ескерту жасалған шахтада апаттың алдын-алуға болар ма еді деген сұраққа зейнеткер кеншілермен бірге жауап іздейді. Сондай-ақ, дәл осы Абай шахтасында 2008 жылы болған жарылысты еске алып, сол кезде апат салдарынан жарақат алған кеншіні сөзге тартыпты. Тілші сюжет соңында бірнеше рет ауыр апат болғанымен компания құрылтайшыларының немесе менеджерлерінің жауапкершілікке тартылмағанын атап өткен. «Абай шахтасы» тиесілі «Arcelor Mittal» компаниясы өкілдерінің пікірі берілмепті.  

Студияда Айдана Үсенбай бұл тақырыпты Төтенше жағдайлар министрлігінің және Кәсіподақтар Федерациясы өкілдерімен талқылады. «Өндіріс орындарындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі қаншалықты сақталады?» деген мәселеге қатысты пікір білдірген спикерлер елімізде қауіпсіздік сақталмағаны үшін өндіріс орындарына өте аз айыппұл салынатыны, заңның әлсіздігі және кәсіпорындардың қауіпсіздігін тексеретін инспекторлардың саны тым аз екені және ол инспекторлардың айлығы елдегі орташа айлыққа да жетпейтіні, кеншілердің зейнет жасын қысқарту туралы мәселелер талқыланды. Айдана Үсенбай студияға зейнеттегі кеншіні қосып, пікірін білді. Сонымен қатар, «Arcelor Mittal» компаниясының БАҚ өкілдерімен ашық  қарым-қатынас жасай бермейтіні де айтылды. 

«Орыстың колобок ертегісі есіңізде ме?». Айдана Үсенбай «Бауырсақ» ертегісін орыс нөмірлі көліктермен байланыстыра мысал етіпті. «Колобок» сөзін әдейі қолданды ма екен? 

«Тіркеудегі түйткіл» деген атаумен елде ресейлік нөмірмен жүрген көліктердің проблемасын көтерген Берік Дүйсенбай өз сюжетін әдеттегіше ерекше стэндаппен бастады – бұл жолы Ресей нөмірлі көлікті эвакуаторға тиеп әкетті. «Жеті күндік» әріптестері секілді тараптарды сөйлетіп, «росучет» көліктерге қатысты проблеманы жан-жақты талқылаған толымды сюжет. Жекелеген кейіпкерлердің басындағы жағдай да айтылыпты.  Сондай-ақ, шетелдік көлікті тіркеу үшін төленетін «утильсбордың» көлемі, қалай есептелетіні де жан-жақты айтылып, оның қажеттілігіне қатысты осы сұрақты зерттеп жүрген маманнан пікір алыныпты. Алайда «Жеті күн» сюжетіндегі секілді мұнда да, тиым салынған көліктер «әу баста елге неге кіргізілді» деген сұраққа нақты жауап жоқ. 

«Утильсбор» үшін төленетін миллиондарды жүргізушілер Айдана Үсенбай мен Берік Дүйсенбай елдегі спорт саласына жұмсалатын миллиондармен ұштастырады. Ал Махамбет Бейбітшіліктің зерттеу материалы мемлекеттен қаржыландырылатын кәсіби спорт клубтары жайында болды. Спорт клубтарына бөлінетін қаражаттың азаюы олардың қымбат легионерлерден бас тартып, жергіліктік спортшыларға мән бере бастауына ықпал еткені сюжетте сөз болды.

Ал Берік Дүйсенбай жүргізген студиядағы сұхбатқа Сербияда өткен бокстан Әлем чемпионатында алтын медаль алған спортшылар Сәкен Бибосынов пен Теміртас Жүсіпов шақырылыпты. Спортшылар сайыстың барысы жайлы, Теміртас Жүсіповтың неге Олимпиада ойындарына жіберілмегені, өзінің күнделікті табысы туралы әңгімелеп берді. «Тікелей эфир» деп жазылғанымен, студиядағы сұхбаттың алдын-ала аздап монтаждалғаны білініп тұрды.  Бәлкім спортшының бірі орыс тілді болғандықтан, осындай қадамға барды ма екен, шығармашылық ұжым?  

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Ақорда жаңалығынан, яғни ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияның Стамбул қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитіне қатысқанынан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек президент Қ.Тоқаевтың жиын барысында сөйлеген сөзінен үзінді келтірді: «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр». Бұл туралы алғысөзде де, сюжетте де айтылды. 

Сюжеттен кейін саммит аясында президентіміздің Венгрия премьер-министрімен кездескенін де айтып өтті

Apta-ның екінші тақырыбы Беларусь пен Польша елдерінің шекарасындағы босқындар дағдарысына арналды. Жайна Сламбек бұл дағдарыстың себебі мен салдарына егжей-тегжейлі тоқталып, шекарадан видеолар көрсетті. 

Үшінші тақырып Қазақстанның бірнеше аймағында электр қуаты тапшылығы болып, жарықты өшіріп жатыр. Бұл жөнінде сюжет болмады, бірақ жүргізуші мәселенің себеп-салдарын айтып шықты. Мәселен, электр қуаты жетіспеуінен Алматыда үлкен зауыт жұмысы тоқтауы, он шақты аурухананы оттегімен қамтамасыз ететін цех жұмысы шектелуі мүмкін екен. 

Қарашаның алғашқы жексенбісінде Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған апат еңбек қауіпсіздігі туралы сюжетке арқау болды. Сюжетте бірнеше кейіпкер (шахтадағы апатта қаза тапқан шахтерлердің туыстары, құрылыста жарақат алған құрылысшы) бар. Тақырыпты депутаттар және салалық комитет өкілдерінің комментарийімен толықтырыпты. Бірақ, құрылысшының оқиғасы ашылмай қалды. Құқық қорғау органдары мен жұмыс берушінің комментарийі жетіспеді. Әйтсе де, сюжет құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігіне байланысты келеңсіздіктерді күн тәртібіне шығарды. 

Apta авторлары ресейлік нөмір таққан автокөліктер мәселесіне де сюжет дайындапты. Материалда барлық тарапты: ІІМ өкілін, ресейлік нөмірдегі көлік иелерін, заңгерлер мен басқа да сарапшыларды сөйлеткен. Алдағы уақытта бағдарлама редакциясы Қазақстан неліктен Ресейден әкелінген ескі көліктердің «полигонына» айналғанын зерттесе құба-құп болар еді. 

«Желілер: корреспонденция, комментарий» айдарының екінші шығарылымы полицейлердің айлығын көтеру жайын қозғайды. Айдар жүргізушісі Жұрағат Баман тақырып туралы егжей-тегжейлі айтып, мұны әлеуметтік желілерден алынған «әлдекімдердің» комментарийімен толықтырады. «Әлдекімдер» деп жазуымыз да бекер емес, өйткені комментарийлер қайдан алынғаны белгісіз, әлеуметтік желідегі қай парақшаға жазылған комментарийлер, не посттар екені айтылмайды, көрсетілмейді. Әлеуметтік желіден екенін дәлелдейтін скриншот жоқ. Сондықтан да сендіре алмады. Комментарийлердің жалпы мазмұны қазір полицейлер материалды тұрғыдан қамтылмағанын, сондықтан айлығын көтеру керек екеніне келіп саяды. Автор айлық жоғары болса, қауіпсіздік деңгейі де жоғары болатынын, егер полицейлер қамтамасыз етілсе, адал жұмыс істейтінін айтады.

Қазақстанға Pfizer вакцинасы жеткізілді. Осы туралы материалда денсаулық сақтау ұйымы өкілдері бұл вакцина кімдерге қалай салынатынын айтып берді. Мұның барлығын коронавирус індетін жұқтыру, көз жұму және вакцинация туралы ресми дерекпен толықтырды. 

Бағдарламаның соңғы сюжеті — Алматы облысы аумағындағы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енген тарихи қалашықты сақтап қалу және кешенді зерттеу жүргізу қажет екені туралы материал

Ал эфир соңында жүргізуші Жайна Сламбек Қазақстан құрамасының Франция құрамасынан Әлем чемпионатына іріктеу ойындарында 8:0 есебімен жеңілгенін қысқа қайырып, елімізде футболға миллиардтаған қаражат бөлінсе де, еш нәтиже жоқ екеніне назар аударды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Шахтадағы апат, моноқалалар және эко-квота. 1-7 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екібастұзға сапарын баяндай отырып, осы ресми сапар барысында көтерілген бірқатар мәселені басты назарға алған: моноқалалардың мүшкіл халі, ауылшаруашылық өнімдерінің қымбаттауы, субсидиялардың мақсатсыз жұмсалуы, трансшекаралық өзендер суының тартылуы және т. б. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Асқар Мамин қатысқан Глазгодағы климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық саммиттен жақсы сюжет ұсынған. «Айна» авторлары жасанды ұрықтандыру мәселесін талдап, экоға бөлінетін квота тақырыбы мамандармен бірігіп ашуға тырысқан. Ал Apta редакциясы көрермен назарына «Абай» шахтасында болған апат туралы әсерлі сюжет ұсынды.

«Жеті күн», «Хабар»

Дархан Әбдіуахит Президенттің Екібастұзға сапарына кезек бермес бұрын, еліміздегі моноқалалардың жағдайына тоқталды. Экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сүйеніп, монқалалардағы халық саны, инфрақұрылым жағдайын баяндады. Президент сапарына орай жасалған сюжет «Екібастұз мұңы» деп аталыпты. Шынар Асанқызы әзірлеген материал қаланың жағдайына қатысты тұрғындардың пікірімен басталыпты. Олардың барлығы да қаладағы кемшіліктерді меңзепті. Сюжетте көрсетілген кадрлар, келтірілген ақпараттар моноқалалардың мүшкіл халінен ашық хабар береді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі де себеп болғандай. Екібастұзға сапарында Президент моноқалалардың халін сынға алыпты. Бұдан әрі сюжеттен Президент аралаған нысандар, сұхбаттасқан әкімдер жайында білуге болады. Президент сапары жайлы ұзақ сюжет осылай сынмен басталып, жайдары қалыпта аяқталды.

Екібастұз сапарын баяндауға «Жеті күн» тағы бір сюжет арнаған. «Маңызды міндеттер» аталатын екінші сюжет еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерінің қанша пайызға қымбаттағанын баяндаудан басталды. Екібастұзда өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қымбатшылық, ауыл шаруашылығына саласына бөлінген субсидиялардың мақсатсыз жұмсалуы, дизель тапшылығы, трансшекаралық өзендер суының тартылуы, қайта вакциналау мәселелері туралы жасаған мәлімдемелерінен тұратын сюжетте депутат Ерлан Саиров пікір білдіріпті.

Президент тақырыбынан Junior Eurovision дейін бір-ақ қадам жасаған Дархан Әбдіуахит Ұлттық іріктеудің финалына өткендерге дауыс беру «дәл сол сәтте» жүріп жатқанын айтып, көрерменді дауыс беруге шақырды. Апталық сараптамалық бағдарламалардың күнделікті ақпараттық бағдарламалардан ерекшелігі, сол сәтте болып жатқан оқиғаларға емес, апта ішіндегі болған оқиғаларға талдау жасау. Мұнымен қоса, «Junior Eurovision» байқауына қызығатын көрермен «Жеті күн» секілді бағдарламаны көрмеуі де мүмкін. Сондықтан, «тұтқиылдан» дауыс беруге шақыру қисынсыз естілді.

Шанхай қаласында өткен IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жасаған болатын. «Жеті күн» осы үндеуден үзінді берді. Ақордада өткен қабылдауларға ресми хаттамаға сүйене қысқаша шолу жасалды.

Бұдан әрі Дархан Әбдіуахит шетелдер мен Қазақстандағы коронавирус инфекциясының таралуы жағдайына қатысты статистикалық деректер келтірді. Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжет жүкті әйелдер мен балаларға коронавирус инфекциясына қарсы салынатын Pfizer вакцинасының тиімділігі турасында болды. Отандық және шетелдік дәрігерлердің пікірін қамтитын 7 минуттан асатын сюжет көрерменді жүкті әйелдер мен балаларға вакцина салдырудан қорықпауға үндегендей әсер қалдырды.

«Мемлекет саясатының» басты бағыттарының бірі — Экологиялық туризм турасында Мақпал Мадиярова тағы бір сюжет әзірлепті. Онда Шарын секілді табиғи ұлттық паркінде туристерге жағдай жасау және «Көбейтұз» бен Алматы маңындағы сақ қорғандары археологиялық ескерткішінің қазіргі жайсыз ахуалы сөз болды. Экологтар, құзырлы орган өкілдерін сөйлеткен, орынды мәселе көтерген сюжет болыпты.

Глазгода өтіп жатқан климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық саммит пен Қазақстанның Париж келісіміне қосылуы жөнінде Дархан Әдбіуахит студияда ұзақ әңгімеледі. Жүргізушінің сөзінен кейін экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет жиын туралы пікір білдірді. Глазгодағы жиынға үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысып, сөз сөйлеген. «Жеті күн» жүргізушісі оның да баяндамасына қысқаша тоқталып өтті. Жиын барысында Асқар Мамин бірқатар екіжақты кездесу өткізіпті, ол туралы да айтып өткен Дархан Әбдіуахит осы жиын барысынан жасалған сюжетке осындай ұзақ алғысөзден кейін ғана кезек берді. Ал Ғалымжан Қараманұлы Шотландиядан әзірлеген сюжет Глазгодағы жиынның атмосферасын жан-жақты, толымды әрі тартымды етіп ұсынылды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Ватиканда Рим папасы Францискпен кездесіп, келесі жылы Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне шақыру хатын табыс еткенін кадр сыртында тұрып баяндады Дархан Әбдіуахит. Junior Eurovision байқауының Ұлттық іріктеу жобасына дауыс беру жалғасып жатқанын тағы бір еске салған соң соңғы сюжетке кезек берді.

«Жеті күннің» бұл жолғы соңғы сюжеті — «Тәуелсіздік күнтізбесі» айдарында қараша айындағы ел тарихындағы елеулі оқиғаларға шолу жасалды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы негізінен әлеуметтік проблемаларға баса мән беріпті. Бұл санында жасанды ұрықтандыру мәселесін басты тақырып етіп алған. Ал бағдарламаның алғашқы сюжетін «Құдай берген» деп атап, тылсымға сеніп, әулие аралауға қатысты нақты кейіпкерлердің оқиғасы баяндалып, халықтың наным-сеніміне қатысты дінтанушының және психологтың пікірі беріліпті. Сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлеген.

Тақырыпқа қатысты Айдана Үсенбай әзірлеген екінші сюжет ЭКО жасатуға жыл сайын бөлінетін 7 мың квота алдымен кімдерге бұйырады деген сауалға жауап іздейді. Дәрігерлер бұл мәселе туралы нақты ақпарат беріпті, сюжетте кезегін күтіп жүрген кейіпкер де бар — жүзі жасырылып, дауысы өзгертіліп берілген.

Экоға бөлінетін квота тақырыбы студияда репродуктолог-маман Мөлдір Бейшентаймен бірге талқылау түрінде жалғасты. ЭКО-ға қатысты тарайтын фейк ақпараттар, адамдардың сенімсіздігі, квота алу мәселесі және осы турасындағы көптеген сұрақтарға дәрігер толыққанды жауап берді. Телефон арқылы байланысқан көрермендер де дәрігерге өз сұрағын жолдап жатты. Ашық әрі тиянақты сұхбат болды.

«Айна» көтерген екінші тақырып тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында. «Тұрмыстағы таяқ пен тепкі» аталатын сюжетті Махамбет Бейбітшілік әзірлеген. Шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында кісі өлімімен аяқталған тұрмыстық жанжал туралы кейіпкерлерді қоса отырып баяндайды. Сюжеттен білгеніміздей, отбасының арасындағы кикілжің салдарынан әйел өзін көліктен тастап жіберген болуы мүмкін, салдарынан қайтыс болған. Оқиғаға байланысты марқұмның күйеуі қылмыстық жазаға тартылмаған сыңайлы. Сюжетте іс бойынша қылмыстық іс қозғалғаны болмаса, сот үкімі шыққан-шықпағаны анық айтылмайды. Тілші тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның әлсіздігіне мән беріпті.

Бұл мәселені студияда Берік Дүйсенбай сарапшылармен талдады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйел не істеуі керек деген сауалдан басталған талқылау, осы салаға қанша қаражат бөлінгені, жағдайды оңалту үшін қандай шаралар қабылдануы керек екені туралы сарапшылардың пікірімен жалғасты. Тіпті, ер адамдар тұрмыстық жанжалдан зардап шексе, қайда хабарласуы тиіс деген де сауал болған еді, өкінішке орай жауапсыз қалды. Осы пікір алмасу барысында студиядағы экраннан ашық болмаса да, зорлықты меңзейтін видеолар көрсетіліп тұрды. Жайсыз кадрлардың қайта-қайта көрсетілуі көрермен назарын еріксіз аударды. Сұхбат соңында Берік Дүйсенбайдың спикерлерді «қысқа да нұсқа» түйін жасауға жеделдетуі спикерлерге де, көрерменге де жайсыз әсер етті. Бағдарлама тікелей эфирде үнемі жүретіндіктен, жүргізуші спикерлерді асықтырудан гөрі жүйелі («иә» не «жоқ» деген жауапқа дөп келетіндей) сауал қойғаны дұрыс.

«Айна» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланатыны туралы ақпаратқа мән беріпті. Осы жайында баяндау барысында студиядағы графикалық «темір тордан» шыға сөйледі Берік Дүйсенбай. Қазақылыққа салып «ырымға жаман» демесек те, артық әсірелеудің қажеті жоқ сияқты.

«Рақымшылық 2021» аталатын сюжетте Бақытнұр Әлібай рақымшылыққа іліккен кейіпкерді сөйлетіпті. Бұл шарадан мемлекет қанша қаражат үнемдейтінін анықтапты. Ал «жемқорлық» фактісімен сотты болған бұрынғы шенеуніктердің қайсысы рақымшылыққа ілігуі мүмкін деген сауалды талдаған тілші, бірқатар экс-шенеуніктің ісі жайында ақпарат береді. Тілші сюжетті түзету мекемесінен жасалған стэндаппен аяқтады.

«Айна» бағдарламасының бұл санында «Айна-аймақ» айдары шығарылмады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама жексенбі күні таңертең Қарағанды облысында «АрселорМитталТеміртау» компаниясының «Абай» шахтасында болған апат туралы жаңалықтан басталды. Алты шахтер қаза тауып, екеуі ауыр халде жан сақтау бөліміне жеткізілді. Экрандағы қара фонға қаза тапқан шахтерлердің аты-жөнін жазып, бәрінің есімін атады. Мемлекет басшысы қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтты.

Apta авторлары осы оқиғадан сюжет жасап үлгеріпті. Марқұм шахтерлердің әріптестерін, компания өкілдері мен мемлекеттік орган қызметкерлерінен пікірлер бар. 2008 жылы дәл осы шахтада метан газы жарылып, 30 адам қаза тапқанын айтуды ұмытпады. Жүргізуші Жайна Сламбек шахтерлер еңбек шартына наразылық танытып, ереуілге шыққанын да айтып өтті.

Президент Тоқаев Павлодар облысының Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, моноқалаларды дамыту жөнінде республикалық кеңес өткізді. Сюжет «Моноқалалардың «мұңды монологы» деп аталды. Аллитерацияға құрылған тақырып мәнді-ақ, бірақ сюжет кәдуілгі хаттама материалдан аспады. Екібастұз тұрғындарын сөйлетіп, пікірін сұрағанда болар еді. Бірақ сюжетте тұрғын да, пікір де болмады. Есесіне президенттің өткізген жиындары мен барған жерлерінен көп кадр бар.

Президенттің субсидиялау мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша айтқан «Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті» деген сөзінен үзінді де көрсетті.

Apta редакциясы азық-түліктің қымбаттауына қатысты тақырыпты жалғастырып келеді. Мұндай сюжеттердің тұрақты авторы — тілші Данияр Қайыртай. Ол бұл жолы да жақсы материал дайындапты. Азық-түлік қымбаттауынан қиналған жұрттың (зейнетақы азық-түлік пен дәрі-дәрмектен артылмайды, тамақты бөліп төлеу арқылы алып жатыр, бір отбасының ас-суына бір айға кемі 200 мың теңге керек), сарапшылардың (олар мәселенің шешімдерін ұсынды), депутаттар (себебін айтады) және салалық министрлік шенеуніктерінің (барлығына тапшылық кінәлі екен, әлемде жаппай қымбатшылық болып жатыр) пікірлері бар. Айына не күніне екені белгісіз, әйтеуір, азық-түлік алуға 50-60 мың теңге жұмсайтынын айтқан Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті де көрсетіп өтті.

Автожолдағы көпірлердің «сақалды құрылысы» мен әдбен тозуы келесі сюжеттің тақырыбына айналды. Басты назарда — Нұр-Сұлтан қаласындағы көпір: бірнеше жыл бұрын жөндеуге жабылып, әлі құрылысы аяқталмаған. Мұндай мәселе аймақтарда да жетерлік. Көлік жүргізушілерінің, құрметті құрылысшы мен жергілікті әкімдік өкілдерінің де пікірі бар. Салалық министрлік өкілдері комментарий беруден бас тартты. Өзекті тақырыпты қозғаған толымды сюжет.

Қазақстанда азық-түлік бағасы жыл басынан бері 6-8% өскен. Сарапшылардың сөзінше, тағы қымбаттайды. Өйткені 1 қараша Қазақстанда аяқ киімдерді таңбалау басталды. Бұл контрафакт тауар кіруінің алдын алу үшін жасалып отыр екен. Сюжетте сатып алушылар (аяқ киім қымбаттап барады, сапасы нашар, ақша жетпейді), түрлі ведомство өкілдері таңбалау дегеніміз не екенін түсіндірді. Аяқ киімді таңбалау талабын қолдайтын етікшіні де сөйлетіпті. Оның сөзінше, қазір келіп жатқан аяқ киімнің дені сапасыз екен.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 500 тұрғыны бар ауыл ауыз сусыз отыр: құдықтың құбыры әбден тозып, істен шыққан. Ал әкімдіктегілер ештең істей алмайтынын, өйткені құдық мемлекет балансында емес екенін айтады. Мәселенің салмағын көрсетер эмоциялы сюжет.

Apta бағдарламасының жаңа айдары «Желілер: корреспонденция, комментарий» деп аталады. Жүргізушісі — Жұрағат Баман. Ол әлеуметтік желілерде қызу талқыланған өткір мәселеге комментарий жинап, экраннан көрсетеді және мәселенің себебін түсіндіреді. Бүгінгі тақырып — Қазақстанда автокөлік бағасының өсуі. Жұрағат Баманның айтуынша, автокөлік қымбаттауына жаңа көлік жасауға қажет чиптер мен қосалқы бөлшектердің жетіспеуі себеп екен.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Президентке сыйлық, цифрландыру және Пенжім оқиғасы. 25-31 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» бағдарламасы президент Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапарын басты тақырып етіп, цифрландыру тақырыбына бірнеше сюжет арнады. «Айна» авторлары әлеуметтік мәселелерді қозғап, Пенжім оқиғасына сюжет көрсетті. Ал Apta редакциясы аймақтағы қуаңшылықтың салдары ел назарынан түсіп қалмауына күш салып жатыр.

«Жеті күн», «Хабар»

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит бағдарламаны Рим императоры Марк Аврелийдің «Өмірдің 300 жылға немесе 3 мың жылға созылғанының бәрі бір емес пе?! Өйткені тек қазіргі сәтпен өмір сүреміз. Кім болса да тек қазіргі сәтін ғана жоғалтады…» деген сөзінен бастады. Ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның сәлемсөзі пәлсапалық ойға құрылуын түсіне алмай отырғанда «Әр сәтті қадірлей білейік» деп жалғады. 

«Ашхабат сапарынан Мемлекет басшысы ат мініп, тазы жетектеп қайтты…». Жүргізуші президенттің Түркіменстанға мемлекеттік сапарына алғысөзінде сый-сияпатқа мән беруді жөн санапты. Түркімен халқы үшін «ақалтеке» жылқысының маңызын, сыйлы қонағына ғана тарту ететінін, тіпті президент Қ.Тоқаевтың үй жануарларына деген ықыласы мен тазы асырайтынын да айтты.

Ашхабаттан түсірілген сюжет Қазақстан президентін қалай қарсы алғанын көрсетер көз тартарлық кадрлардан басталды. Түркіменстан жағының қарбалас дайындығына да мән беріп, екі күндік сапар барысында қол қойылған келісімшарттар, уағдаластықтар жөнінде баяндады. 

«Қазақстан жатырқау мен жатсынуды білмейді. Отыз жылдағы салиқалы сыртқы саясат соның бір дәлелі болса керек». Бұл — ҚР Тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары жайлы сюжеттің алғысөзіне жүргізуші Дархан Әбдіуахиттің айтқаны. Н. Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, өзі тағайындаған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырған болатын. «Назарбаев сыйлығы» деп аталатын сюжетте екі ел арасындағы экономикалық байланыстар, бірлескен жобалар, Абу-Даби тақ мұрагерінің Елбасы тағайындаған сыйлыққа ие болуы себебін баяндап, сарапшыларды сөйлетіпті.

Мемлекет басшысы өткен аптада «Digital bridge» технологиялық форумына қатысып, цифрландыру саласындағы проблемаларды жою бойынша бірқатар тапсырма берді. Сюжетте президенттің форумда сөйлеген сөзінне үзінділер келтіріп, тілші әрбір бастаманы түсіндірді. Форумға стартап компаниялар қатысып, жобаларын таныстырған. Сюжет авторы стартап-компанияларға емес, Otbasy bank басшысы Ләззат Ибрагимова таныстырған «Баспана-маркет» платформасына мән берді. Тілші форумдағы барлық жобаларға жалпы бірдей шолу жасағаны не президент айтқан проблемаларға ғана назар аударғаны жөн еді. 

Апта ішінде Ақордада өткен қабылдауларға қысқаша шолудан кейін үкімет мүшелерінің аймақтарды аралаған сапарына кезек жетті. Премьер-министр Асқар Мамин бастаған министрлер «Ауыл — ел бесігі» жобасының іске асырылуын тексеру үшін облыстарды аралаған екен. Тілшінің баяндауынан ұққанымыз — осы аталған облыстардың бірнеше ауданында қаншама проблема шешіліп, жолдар салынып, мектеп ашылып, әлеумет марқайып қалғандай екен. Тілшінің дауыс ырғағынан Қазақстанның аймақтары бір күнде гүлденіп кеткендей әсер қалды.

«Жеті күн» редакциясы осы сюжеттегі әсірелеу тым оғаш шыққанын түсінді ме екен, ізінше студиядағы экраннан наразы тұрғынның «Халықты алдаудың амалы» деп күйінген шағымын көрсетті. Дархан Әбдіуахит мұндай кемшіліктер «жиі кездесетінін», «Хабар» телеарнасына шағымын айтатындар бар екенін атап өтті. 

Сюжет Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы картаға да енбей қалған атаусыз ауылдың проблемасын баяндаудан басталды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Мамлют» аудандық бөлім қызметкерлері суық ғимаратта отыр. Әкімдік мердігердің жұмысын қымбат санап, қабылдамапты. Жамбыл облысындағы «Алатау» ауылына ауыз су құбыры тартылған, бірақ халық су іше алмайды. ШҚО-дағы су қоймасында туннель жарылыпты. Ақтауда миллиондаған теңге жұмсалып, қойылған жасанды гүлдер де айтылды. Сюжет мәселені шешудің жолын іздеуге емес, аталған проблемалардың бар екенін көрсетуді ғана мақсат тұтса керек. Мәселе қашан және қалай шешіледі, деген негізгі сауалға жауап жоқ. 

«Жеті күн» бағдарламасының осы шығарылымында цифрландыру тақырыбына арналған үшінші сюжет «100 000 IT маман» деп аталды. Тілші сюжетін Astana IT University қабырғасында мамандар даярлаудан бастады. Түрлі компания өкілдері Қазақстанда IT саласындағы білім сапасы сын көтермейтінін, оқыту бағдарламасы ескіргенін айтып, мәселе көтереді. Сараптамалық сюжетте проблеманы айтып қана қоймай, себебі мен шешімін де іздесе бір жөн. Ал мұнда мәселені талдауға талпыныс бар, бірақ аяқсыз қалды.

Бағдарламаны түйіндейтін сюжет те жарнамалық материалға ұқсады. Сюжет халыраралық компанияның тапсырыс түссе, брондалған әскери көлік өндірісін бастайтынына арналыпты. Жарнама элементтері мол материал сол көлікті жан-жақты таныстырады. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» ток-шоуын Айдана Үсенбай мен Берік Дүйсенбай жүргізді. Үшінші жүргізуші Махамбет Бейбітшілік болмады. Қызу пікірталасты көбірек көрсететін авторлар бұл жолы әлеуметтік проблемаларға ерекше мән беріпті.

Басты тақырып — Алматы облысының Пенжім ауылындағы оқушылар арасында болған төбелес. Әдетте бірінші тақырыбынан-ақ студияда пікірталас болатын еді. Бұл жолы оқиғаға бір сюжет арнап, сарапшыны сөйлетумен шектелді. 

Тілші Пенжім ауылына барып, мектеп директоры, жарақат алған баланың анасы, дәрігер, ұлты ұйғыр тұрғындар мен аудан әкімінен сұхбат алыпты. Сюжет жағдайдың қалай өрбігенін боямасыз баяндауға тырысқан. Тілші ауыл тұрғындары арасындағы ұзаққа созылған алауыздық — екі ұлт өкілдерінің мешіті, тіпті таксиі де бөлек екенін де айтып өтті. Сарапшы бұл жағдайды этномобилизация тұрғысынан түсіндіреді . 

«Айна» редакциясы қаузаған тағы бір тақырып — «Кальмар ойыны» сериалы. Балалар мен жастар арасында аттас ойын таралып жатыр екен. Сюжет авторы Бақытнұр Әлібай «Кальмар ойынына» «қатысып», арқан тартысты. Сериал көріністерін қоса отырып, оның көпшілік, әсіресе балалар арасында кең таралғаны, ал сериалдағы кейбір элементтер маркетинг құралына айналғанын баяндап берді. 

Тақырып студияда жалғасты. Жүргізуші ортаға «Ғаламтор мен желідегі қатігездіктен баланы қалай қорғаймыз?» деген сауал тастады. Қоғамның кәріс сериалына қызығушылығынан басталған талқылау ұлттық кино өнеріміз өз деңгейіне сай дамымай отырғанына келіп тірелді. 

«Айна» бағдарламасы тағы бір маңызды әлеуметтік проблема — қараусыз қалған қарттар мәселесін көтерді. Жалғыз ұлынан бөлініп, Нұр-Сұлтанға келіп, тірлік кешіп жатқан кейуана жайлы сюжет көрсетті. Студиядағы талқылауға жетім қалған қарияны қамқорлығына алған жамбылдық тұрғын шақырылыпты.

Қараусыз қалған қарттар тақырыбы тағы бір сюжетке жалғасты. Айдана Үсенбай алғысөзде қарияға мейірім танытып, көмек қолын созар жан табылар деген үмітпен дайындалған материал екенін атап өтті. «Қамкөңіл қария» деген сюжет қартайғанда балаларынан бөлек тұратын қарияны көрсетті. Бұрынғы көршісі, мешіт имамы пікір айтты.

«Айна-аймақ» айдары Алматы облысының Ақбастау ауылындағы жарық мәселесіне арналыпты.

Бағдарлама пандемия кезіндегі жемқорлық тақырыбымен түйінделді. Сюжет соңғы жылы жемқорлық фактісімен ұсталған шенеуніктер параны қалай алғанын тізіп шығыпты. Сарапшы пандемия кезінде бюджеттен бөлінген қаржы қаншалықты тиімді игерілгені белгісіз екенін айтып, кіші лауазымдағы шенеуніктер ғана ұсталып, миллиардтап жейтін шенеуніктер еркіндікте жүр деген пікір білдірді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарламаның бірінші үлкен тақырыбы — ҚР президентінің Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысуы. Бұл оқиға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының сәтсіздігін түгендейтін сюжетке негіз болды. Мәселенің себебі мен шешімін it-сарапшыдан сұрады. Қ.Тоқаевтың форумда айтқан сөзінен де синхрондар келтірді. Еліміздің электронды үкімет порталын ресейлік банктің Sber платформасына өткізу жайы да айтылды. Өзекті тақырыпты қозғайтын үлкен материал. 

Apta авторлары аймақтардағы қуаңшылық, малдың аштықтан қырылу оқиғасына үнемі материал көрсетіп келеді. Түркістан облысынан дайындалған сюжетте жем-шөп тапшы, бір пресс шөптің бағасы 2 мың теңгеден асқанын, дала тақыр, мал қолға қарап қалғанын, базарда мал арзандағанын көрсетті. Шаруалар жағдай қиын екенін айтып, үкіметтен көмек сұрайды. Ал жергілікті әкімдік өкілдері шығынға батқан шаруаларға көмек қарастырылмағанын мәлімдеді. 

ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапарына арналған қорытынды сюжет хаттамалық мазмұннан аспады. Ашхабатта Қасым-Жомарт Кемелұлын қандай сән-салтанатпен күтіп алғанына көбірек мән берді. 

Президент Тоқаев 21 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Жүргізуші Жайна Сламбек осы отырыстан үзінді келтіріп, Пенжімдегі оқиғаны айтып өтті. Сюжет болмады.

Содан кейін Өзбекстан президенті сайлауының қорытындысын да баяндады. 

Мүгедектігі бар балалар, яғни ерекше балаларға дөрекі қарым-қатынас мәселесі маңызды да эмоционалды сюжетке арқау болды. Материал түрлі диагнозы бар балалар қоғамда қандай шектеу-шеттетулерге ұшырайтынын ата-анасын сөйлете отырып, баяндайды. Балалардың бет-жүзі жабылған. Сарапшылар мен оқыту мекемесі өкілдерін сөйлетті. 

Ондаған қазақстандық Түркияға барып, алаяқтық құрбаны болғанын айтады. Олар Түркиядан арзан әрі тез тауар алуды үйретер курсқа қатыспақ болып сол елге аттанған екен. Сөздерінше, алданып қалған ұқсайды. Сюжетте кейіпкер көп, заңгер комментарийі де бар. 

Премьер-министр мен бірнеше министр ауылдарды аралап, «Ауылым — алтын бесігім» («Ауылым — Ел бесігі») бағдарламасының қалай орындалып жатқанын біліпті. Есеп-сюжет келешекте ауылда өмір сүрудің қандай керемет боларын айтады. Түсініксіз тұсы — бағдарлама атауын жүргізуші алғысөзде «Ауылым — алтын бесігім» деп, ал тілші сюжетте «Ауылым — Ел бесігі» деп айтты. Мағынасы ұқсас, десе де атауы басқа. Себебін білмедік.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

ҚХА отырысы, төбет төбелестіру және алданған қазақстандықтар. 18-24 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаевтың ҚХА кеңейтілген отырысын өткізгенін аптаның негізгі тақырыбына баласа, Apta редакциясы Мемлекет басшысының Түркіменстанға мемлекеттік сапарын бас тақырып етті. Ал «Айна» ұжымы Ыстамбұлға барып, алданып қалған қазақстандықтар оқиғасын ұзақ талқылады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Егемен елдің татулығы мен келісімінің тұғырына баланатын» Қазақстан Халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит кешегі аптаны қорытындылаған шығарылымның ең маңызды тақырыбын айқындау үшін ұйымға осындай баға берді. Сюжет президент Қ.Тоқаевтың бастамаларын баяндап, сарапшыларды сөйлетті. Тым болмаса, президент Қ.Тоқаев Ассамблея төрағалығын қолына алғалы ұйым жұмысы қалай өзгергеніне тоқталғанда болар еді.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, сондағы бірқатар нысанды аралап, жаңа өндіріс орнын іске қосты. Президент сапарын баяндаған 10 минуттық репортаж өңірдегі проблемаларды бір шетке ысырып, мәдени іс-шараларға басымдық берді. 

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларын бір сюжетке жинақтап көрсетіп, басқа да тақырыптарға ауысты. 

Біріншісі — ревакцинация жайы. «Үшінші доза» деп аталатын сюжет ревакцинацияның не екенін, маңыздылығын түсіндіріп, тұрғындарды сөйлетті. Балаларға коронавирус вакцинасын салудың қандай пайдасы бар екеніне де тоқталды. Сарапшылар мен ғалымдардың комментарийі де бар, ақпараты мол, толымды сюжет. 

Үкіметте «Ауыл — ел бесігі» ұлттық жобасы талқыланыпты. Тілші үлгі боларлық ауылдардың бірінен сюжет әзірлепті.

Жағдайы жасалған ауыл туралы сюжет Нұр-Сұлтан қаласында көппәтерлі тұрғын үйде тұратын, бірақ жиырма жылдан бері көмір жағатын үйдің проблемасына жалғасты. Тұрғындар пәтерлерге газ кіргізу пәрмені берілсе де техникалық тұрғыда мүмкіндік жоқ екенін, жертөле суға толып, кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін айтады. Қала әкімдігінің бөлім басшысы бұл апатты үйге жатпайтынын мәлімдеп, қысқа қайырыпты. Пәтерлерге газ құбыры тартылғанымен мұны қосуға шектеу қойған техникалық талаптардың егжей-тегжейі айтылмай, сюжеттегі мәселенің шешімі аяқсыз қалды. Есесіне әкімдік өкілі елордада газ тарату үшін қаржылай жеңілдік бар екенін, ал енді бір жеке үй иесі газ қостырғанын айтты. 

Каспий теңізі мен Жайық өзені суы азаюына арналған сюжет мұның себебі және балық шаруашылығы зардап шегіп отырғаны жайында орынды мәселе көтеріпті. 

Бағдарлама «Атамекен» ҚР ҰКП-ның бизнесті қаржыландыру, «Бизнес бастау 2» жобасының мән-жайын түсіндіретін сюжетпен аяқталды. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Айна» ток-шоуы әлеуметтік желілерде апта бойы қызу талқыланған тақырып — Ыстамбұлға бизнес жасамақ болып барып, алданып қалған қыздар оқиғасына арналыпты. Тақырыпқа орай «Миллионға апарар жол» деген сюжет көрсетті. Бірнеше кейіпкер сұхбат беріпті. Олардың бет-жүзін жапқан. 

Мәселені студиядағы сарапшылармен бірге талқылады. Қызу пікірталас Instagram-да кең таралған инфобизнес жайына арналыпты. Спикерлер бір-бірін айыптап та жатты. Жүргізуші Айдана Үсенбай қызуқанды спикерлердің дебатын жүйелеуге шамасы келмей қалған сәттер болды. Сөзжарыс жарты сағатқа созылып, инфобизнестегі алаяқтық түйткілдері ашық айтылды. Жүргізуші дебатты «Жолда батпан құйрық жатпайды» деп түйіндеді. Тараптарды сөйлетуші бейтарап болса, құба-құп. 

«Айна» редакциясы қозғаған тағы бір мәселе — автокөлік қымбаттауы. Сюжет отандық автоөндіріс, сұраныстың артуы мен қымбатшылық себептеріне арналыпты. Мәселені жан-жақты талдаған толымды сюжет. Индустрия және инновациялық даму министрлігінен ескі көліктердің де қымбаттауына қатысты жауап алған тілшілер мұның себебін утилизация алымының жоғары болуымен байланыстырды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы олқылықтарды талдаған бөлімді Махамбет Бейбітшілік жүргізді. «МӘМС-тің мәнісі» деген сюжетте бірнеше кейіпкер сақтандыру бойынша медициналық қызмет алу кезінде қиындыққа тап болғанын айтып берді.

Екібастұз қаласының тұрғындары «Айна аймақ» айдарына хабарласып, бала ойнайтын алаңқай жоқ екенін айтыпты. Жүргізуші Айдана Үсенбай Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі бас маманымен байланысқа шығып, шағымданған тұрғынды да телефон арқылы студияға қосып, екі тарапты тыңдады. Бас маманнан ауланы абаттандыру қашан басталатынын сұрады. Әйткенмен жүргізуші спикердің сөзін жиі-жиі бөліп, сөйлеуіне мүмкіндік бермеді. 

Apta, QAZAQSTAN

24 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапары басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек мұны хабарлап, тілші Шерхан Жамбылұлына сөз берді. Тілші асаба мәнерімен сөйлеп, Қазақстан президентін Түркіменстанның министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердімұхамедов қалай күтіп алғанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайда барғанын, не көргенін, дүйсенбіге жоспары қандай екенін баяндады. 

«Жезқазған оның қасындағы Сәтпаев тұрғындарына таза ауызсу ішесіңдер деген уәде берілгеніне 10 жыл. Алдымен 2013 жылы деген, сосын үндемей соза береді. Бір ақпарат көздеріне қарағанда кезінде 10 млрд теңге бөлінген, бірақ құбырлар әлі тартылып бітпеді. Қазір адамдар ашық жатқан Кеңгір қоймасының суын тұтынады. Сапасыз. 90 мың адамның ең басты нәр — сапалы суға қолы жетпей отыр».

Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзін осылай бастағаны — Түркіменстаннан елдегі әлеуметтік проблемаларға оралғандай көрінді. Алайда сөз соңына қарай Мемлекет басшысының Жезқазған өңіріне барғанын хабарлады. 

Сюжет Жезқазған қаласының проблемасына (ауыз су, электр энергиясы, жол, кейбір тауарлар тапшы және т. б.) назар аударып, тұрғындардың пікірін біліпті. Ащы мысқыл бар: мәселен қаладағы негізгі проблемалардың бірі дереу шешіліпті, яғни үлкен көшелерді жөндеп, қоқысты жинапты. Мұның барлығы президент келерден бұрын жасалған екен. Тілші де, тұрғындар да бұған мән берді.

Жезқазғандағы ахуал қаншалық нашар екенін көрсеткен сюжет. Apta редакциясы президенттің жұмыс сапары туралы хаттама сюжеттен аса бермейтін, бірақ бұл жолы президент сапарын маңызды әрі өзекті мәселемен байланыстырып көрсетті.

Азық-түлік қымбаттағанын Apta тілшілері де айтты. Сюжет авторы қымбатшылықтың себебін іздеп, баға неден құралатынын түсіндірді. Тұтынушы, сатушы, депутат, әлеуметтанушы мен шаруаны сөйлетті. Толымды сюжет. 

Шымкентте жүздеген мұғалім біліктілігін жоғарылату жөніндегі сертификатты сатып алған. Заңсыздықтың жазасы — білім басқармасының қызметкері мен мектеп директорының орынбасары бас бостандығынан айырылды. Ал сертификат сатып алған мұғалімдер ше? Сатып алғаны үшін олар да кінәлі емес пе?! Міне, сюжет авторы осы мәселеге назар аударады. Шағын сюжет, бірақ ойға азық тастады. Бағдарлама авторлары осы оқиғаның қалай өрбитінін бақылауға ұстаса жөн болар еді. 

Эфир халықаралық жаңалықтар топтамасына жалғасты. Жүргізуші Жайна Сламбек «Талибан» — Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым екенін атады. Өткен шығарылымда мұны айтуды ұмыт қалдырған. Айтпақшы Өзбекстандағы президент сайлауы өтіп жатқанын да хабарлады. Басқа апталық бағдарламалар көршілес елдегі маңызды оқиғаны елеусіз қалдырды. 

«Төбет асыраушылар төбет төбелестіруге тыйым салатын заң қабылдануына қарсы. Неге? Не дейді? Төбетті төбелестіру — қажет сынақ дейтіндердің пиғылы қаншалықты таза? Жануарларды әдейі талату — жауыздың жауызы істейтін тірлік дейтін табиғат жанашырларының сөзі біздің уақытта қаншалықты өтімді?»

Мінеки, осы сауалдарға жауап іздеген сюжетте төбет төбелестіруді кәсібіне айналдырған адамдарды көбірек сөйлетіп, жануарларды қорғаушылар пікірі ескерілмей қалыпты. 

Бағдарлама киберспортшылар табысы жөнінде дайындалған сюжетпен түйінделді. Мазмұны қызық, тақырыбы ерекше, мағлұматы мол сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews келер жылы контент өндірісін қалай қолдайды?

Internews Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдары отандық контент өндірісін қолдауды жалғастырады.

Мақсатымыз — Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындарының өзекті, әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша әралуан сапалы отандық контент тұтынуына ұсыныстарды молайту.

Кәсіби медиаға ұлттық және орыс тілдерінде түрлі платформаларға, контент өндірісінің инновациялық әдіс-тәсіл қолданып әрі аудиторияны тарта отырып түрлі форматта жоба жасауына қаржылай қолдау көрсетеміз. 

Жеңімпаздарды анықтау үшін әдеттегідей байқаулар жарияланады: 

«Ірі грант» — ұзақмерзімді мәнге ие, ауқымды аудиториясы бар ірі жобаларға арналған. Жобалардың ұзақтығы — 8 айға дейін. Байқау 2021 жылғы қазанда жарияланады. 

«Шағын грант» — қысқа мерзімде жүзеге асатын инновациялық жобаларды қолдау. Жобалардың ұзақтығы — 1 айдан 6 айға дейін. Байқау 2022 жылғы қаңтарда жарияланады.   

Назар аударыңыз! Былтырғыдан айырмашылық — биыл «Шағын грант» байқауы бір рет өткізіледі.

ЖАҢА байқау!

«DOC форматына гранттар» — деректі фильмдер өндірісін қолдау. Жобалардың ұзақтығы — 6 айдан 11 айға дейін. Байқау 2022 жылдың басында өтеді. 

Назар аударыңыз! Деректі фильмдер өндірісін қолдау байқауына сценарий жазу, кейіпкер іздеу, вижуал стилін таңдау сияқты алдын ала дайындық жұмыстары біткен жобалар қатыса алады. Түсірілетін фильмнің тизері болса, құба-құп.

Бұл байқауларға Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы мемлекеттік емес медиа: онлайн-басылымдар, телекомпаниялар, радиостанциялар, продакшен-студиялар немесе тәуелсіз авторлар (журналистер, блогерлер) қатыса алады. 

Шарттары, контент түрі, бюджеті, мерзімі туралы егжей-тегжейлі ақпаратты әрбір байқау жарияланған кезде хабарландыруынан білесіз.

Newreporter.org, Internews.kz, Media.tj сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Қандай да бір нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл. поштасына жазыңыз. Хат тақырыбына «Ірі грант» байқауы бойынша сұрақ» деп көрсетсеңіз болады. 

Орталық Азиядағы Internews өкілдігі отандық контент өндірісіне үш жылдан бері қолдау көрсетіп келеді. Осы кезде медиа, редакциялар, блогерлер, тәуелсіз журналистер 173 жоба жасады. Бұл дегеніңіз — 4000-нан астам материал (мақалалар, лонгридтер, подкасттар, уеб-сериалдар, деректі фильмдер және т. б.). Ал материалдардың жалпы қаралым, көрілім, тыңдалым, оқылым саны 40 миллионнан асты. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Internews «Деректі кино. Қысқа метр» мектебін бірігіп ұйымдастыруға серіктес іздейді

Internews «Деректі кино. Қысқа метр» мектебін бірігіп ұйымдастыратын серіктес іздейді.

2022 жылғы қаңтарда аймақтық «Деректі кино мектебін» бастаймыз. Осы мектепке Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан қатысушылар шығармашылық идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, қысқа деректі фильм (хронометражы 5-20 минут) түсіреді.

Деректі кино студияларын, продакшен-студиялар, медиакомпаниялар мен қоғамдық ұйымдарды оқыту процесін ұйымдастыру және іске асыру үшін серіктестікке шақырамыз.

Серіктестер Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан таңдалады. Оларды конкурста өтініштеріне қарап іріктейді. Серіктестер өз елінде Деректі кино мектебінің жұмысын Internews ұйымымен бірігіп ұйымдастыруға қаржылай қолдау алады.

Мектептің оқыту бағдарламасын Internews сарапшылары, серіктестер мен тренерлер  бірігіп дайындайды.

Internews серіктестерді іріктегенде мына критерийлерге сүйенеді:

  • Оқыту және оқытудан кейін қатысушыларға тәлімгерлік ету процессін сапалы ұйымдастыратын кәсіби әрі тәжірибелі команда;
  • Аймақтағы деректі кино саласының тренерлерін, сарапшылар мен ,жұлдыздарын тарту үшін олармен байланыстарының болуы;
  • Сапалы видеоконтент жасау және таныту-тарату процесстерін түсіне білуі. Аймағыңыздағы деректі кино саласынан хабардар болуы. Қазақ (тәжік, өзбек) тілін білуі.

Егер серіктестер бұған дейін басқа елдерде деректі кино өндірісі машығын оқып-үйренсе, онда бұл артықшылық береді.

«Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде оқу онлайн және офлайн өтеді. Әр елден 1-3 адамнан тұратын 3-5 команда жиналады. Мектеп қатысушылары онлайн оқу барысында түрлі елден шақырылған тренерлер, жұлдыздар, сарапшылардың дәрісін тыңдап, олармен танысып, әңгімелеседі (ұлт тілдеріне аударма жасалады). Содан кейін командаларға ұлт тілдерінде офлайн оқу болады. Оқыту процессінен кейін қатысушы-командалар хронометражы 5-20 минут дайын фильмдерін ұсынады. Серіктестердің тағы бір міндеті — қатысушылар жұмысын бітіргенше оларға қажет тәлімгерлікті қамтамасыз ету.

Іріктеу конкурсына қатысу үшін онлайн-өтінішті толтырасыз.

Өтініштер 2021 жылғы 7 қарашаға дейін қабылданады.
Іріктеу нәтижесі 2021 жылғы 14 қарашадан кешіктірілмей хабарланады.

Қандай да бір сұрақ туындаса, kz-info@internews. org эл. поштасына хат жазыңыз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ЕЭК отырысы, қымбатшылық және «Кальмар ойыны». 11-17 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар ел ішінде жиі талқыланған мәселерге көбірек арналды. «Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаев қатысқан отырыстарға эфирдің жартысын арнады. Ал «Айна» редакциясы ел назарында болған бірнеше оқиғаны бағдарламаға негіз етіпті. Apta Ауғанстандағы жаңалықтан басталып, кәріс мәдениетіне дейін жалғасты.

«Жеті күн», «Хабар»

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында талқыланған мәселелер мен ҚР президентінің ұсыныстары. «Жеті күн» авторлары әдеттегідей президент Тоқаев қатысқан жиынды басты тақырып етіпті. Сюжетте сарапшы Мақсат Халық президент бастамалары жөнінде пікір білдіріпті. 

Ауаның ластануы проблемасын қозғаған «жеті күндіктер» елімізде өндірілетін электр энергиясының 70%-і көмірден алынып, жылыту маусымында Нұр-Сұлтан қаласы көк түтінге оранатынына мән беріпті. Осы арқылы Елордада өткен «Қазақстанның Париж келісімінің мақсаттарына және көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда көтерілген мәселелерді баяндайды. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысының қуаңшылық, трансшекаралық өзендер проблемасы, еліміздегі көгалдандыру бағдарламасы жөнінде айтқан сөзінен үзінділер берді. Экологияны шолушы Сәкен Ділдахмет пікір білдіріпті.

Көміртегін аз қолданатын экономикаға көшу мәселесі ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде де талқыланыпты. Алайда сюжетте ТМД басшылары экологиялық мәселелерге тереңдегені жайлы ақпарат жоқ. Жиында Қазақстан Президенті Covid-19 қарсы вакцина паспортын мойындау мәселесін көтерген. Сарапшы пікірі бар.

«Жеті күн» авторлары әр сюжетке сарапшы пікірін қосып, құр баяндаудан тұратын материалдарға сараптамалық реңк қосуға ұмтылысы байқалады. 

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мерейтойлық саммиті келер жылы Қазақстанда өтеді. Өткен аптада ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бас қосып, оларды Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған екен. Мемлекет басшысының ұсыныстарын шолатын хаттамалық сюжет. 

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит үкімет қабылдаған 10 Ұлттық жоба туралы сюжетке кезек бермес бұрын мемлекеттік бағдарламаға қарағанда Ұлттық жобалардың маңызы басым екенін айтып өтті. «… Көрсеткіштері көп, индикаторларынан аяқ алып жүре алмайтын мемлекеттік бағдарламаларды тоқтатып, қысқа да нұсқа Ұлттық жобаларға көшетін болдық…» деді. Мемлекеттік бағдарлама мен Ұлттық жобаны осылайша салыстыруға дерек пен дәйек жетіспеді.

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет Ұлттық жобаны Президентке таныстырған жиынға орайластырылыпты. Президент сөзінен үзінділер бар, сарапшылар пікір білдіріпті. 

Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғауға байланысты қабылданған жаңа заң талаптарын таныстыратын сюжетте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов заңды түсіндірді. Еңбек жарақатынан мүгедек болған жандарға жәрдемақы төлеу, балаларға мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақыны ерекше балалардың жасына қарай бөлу айтылды. Бүлдіршіндердің жүзі ашық көрсетіліпті.

Дархан Әбдуіахит қазақстандық «Халал» өндірісі туралы сюжеттің алғысөзін елімізде коронавирусқа қарсы қолданыстағы вакциналар мен оларды қабылдағаннан кейін сырқат жұқтырғандар статистикасын айтудан бастады. Отандық вакцина туралы әлемдік ғылыми журналдарда мақала жарияланғанын да, қазақстандық вакцина «Халал«стандартын алғанын, мұндай стандарт тек QazVac-қа берілгенін де ерекше айтты. Мұнша көп ақпаратты алғысөзге қандай қисынға сүйеніп қосты екен? 

Сюжет «Халал ЭКСПО» көрмесі өткен жайлы ақпараттан басталып, «Халал» тағамдардың артықшылығын айтуға жалғасып, Тараздағы халал стандартымен шұжық өндіретін цех бастығының өнімдері жарнамалаған пікірімен өрбіді. Тілші Мақпал Мадиярова «…Біздің ел — халал индустрия нарығының беделді мүшесі» деп тәмамдаған сюжет видеосынан халал шұжық даярланатын цехтағы антисанитарияны байқауға болады. Ал басшысы пікір білдірген халал зертханасынан ешқандай кадр жоқ. 

«Жеті күн» авторлары Қызылорда облысы әкімінің жұмысы жөнінде позитив сюжеттерді жиі көрсетеді. Бұл жолы облыста бірқатар отбасыға тұрғын үй кілті берілгенін айтып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың халық алдында сөйлеген сөзінен үзінді берді

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы апта бойы әлеуметтік желіде қызу талқыланған тақырыптарға баса мән беріпті. Психолог Серікгүл Сәлидің «Әйелдерде екі күйеуі болуы тиіс» деген мәлімдемесіне орай арнайы сюжет жасалыпты. 

Серікгүл Сәлиді студияға шақырыпты. Жүргізуші Айдана Үсенбай: «Бұл мәлімдеме хайп үшін жасалған ба» деген сұрайды. Студиядағы дебатқа қоғам белсендісі Жасұлан Қадырбек те шақырылған екен. Екеуара пікірталас әйел адам мен ер адам тепе-теңдігі жайында өрбіді. 

Студияға хабарласқан көрермендер өз ойын айтты. Айдана Үсенбай бірнеше күйеуге шығуға рұқсат берілген елдер туралы ақпарат келтірді. Апталық ток-шоудың бұл тақырыпты талқылауы сараптамалық емес, әдепкі көрермен тарту үшін жасалған тәсілге ұқсады. 

Содан кейін әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылаған Заида мен Джесидің тойына ойысты. Жүргізуші Махамбет Бейбітшілік жас жұбайлармен онлайн байланысқа шығып, қалай танысқаны, алдағы жоспарлары жайлы сұрады. Жүргізуші Джесиді ағылшынша құттықтап, сұрағын ағылшынша қойды: «What did you decide to merry to Zaida?» деген сұрақты Джеси түсінбей бірнеше рет қайта сұрағаны — көрермен тарту үшін бе екен әлде сұрақтың құрылымы дұрыс болмады ма? Өйткені Заида да «неге» деп сұрап тұрсыз ба?» деп нақтылады, ал Махамет «қашан?» деп жауап берді. Джеси Заиданы неліктен таңдағанын ағылшын тілінде айтып берді. Жауабын жүргізуші де, Заида да қазақшаға аудармады. 

Екінші жүргізуші Берік Дүйсенбай: «Жұрт “Атыраудағы қазақтың өрімдей қаракөз қазақ қызы көмірдей қара жігітке тұрмысқа шықты” деп шулап жатқанда көмір қымбаттап кетті» деп тақырыпты көмір тапшылығы мәселесіне бұрады. Оның «көмірдей қара жігіт» деп нәсілшілдікке бой ұруы әрі дөрекі этикаға қайшы. 

Берік Дүйсенбай көмір өндірісі жайлы статистика келтіріп, сюжетте Нұр-Сұлтандағы көмір тапшылығын теміржол депосындағы кезек күткен адамдар сөзімен нақтылайды. Тараптарды сөйлеткен, проблеманы нақты көрсете білген толымды сюжет. 

Еліміздегі газ өндіру саласының түйткілдерін айтып, газбен қамтамасыз ету проблемаларын көрсеткен сюжет тақырыбына қатысты студияға қонақ шақырылмады. 

Есесесіне, мектепте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар оқытудың машақатына арналған пікірталас қызу жүрді. Сюжеті де бар. Жан-жақты толымды материал.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Жаңатілеу» ауылының тұрғындары ауыз суға жете алмай отыр. «Айна аймақ» айдарында ауыл тұрғындары түсірген видео көрсетілді. Бұл айдарда мәселеге жауапты билік өкілін студияға қосу дәстүрге айналған. Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров түсініктеме беріп, жағдай дұрысталғанын айтыпты. Телефон арқылы студиямен байланысқа шыққан ауыл тұрғыны ауыз су мәселесі әлі шешілмегенін айтады. Жүргізуші Берік Дүйсенбай әкім орынбасарына «Жаңатілеу» ауылына барыңыздар» деп кеңес берді. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Ауғанстанстандағы ақпардан, дәлірегі ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасынан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек: «Бүгін Президенттің халықаралық ынтымақтастық бойынша арнайы өкілі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация Кабулға барды. Сапар барысында Қазақстанның Ауғанстан тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мәселелері, сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру талқыланады» деген ақпарда. Тамыз айында «Талибан» билікке келгелі Қазақстан делегациясы Ауғанстанға алғаш рет барып отыр» деп айтты. Кіммен талқыланады? Мұны нақтыламады. «Талибан» — Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым екені де айтылмады.

Содан кейін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына ауысты. Отырыс ҚР президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өтті. Көрерменін жалықтырар хаттама сюжет. Сарапшыларды сөйлеткенде болар еді. 

Президент тақырыбы екінші сюжетте де жалғасты. Жүргізуші Мемлекет басшысының көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияға қатысқанын хабарласа, сюжет апта ішінде президент Тоқаев қатысқан отырыстарды жинақтапты. Сюжетте сарапшы бар, бірақ сюжет желісі жоқ. 

Астық қымбаттауы мен экспорт мәселесінің себебін іздеген сюжетте барлық тарапты сөйлетіпті

Келесі сюжет те қымбатшылық, дәлірегі жанар-жағармай бағасы өсуінің себебін іздейді. Жүк көлігінің жүргізушілері, жанармай бекетінің иелері, кәсіпкерлер мен сарапшылар комментарий беріпті. Энергетика министрлігінің де комментарийі бар, бірақ түсініксіз. Мұны тілші де байқаған екен, айтып өтті. 

Қылмыс жаңалықтары Түркістанда басынан алған ауыр соққыдан 5-сынып оқушысы қайтыс болғанынан басталса, сюжет Қарағандыда биіктен, яғни роупджампингтен секіріп, қаза тапқан әйел оқиғасына арналды. Мағлұматы мол, толымды сюжет

«Кальмар ойыны» кәріс сериалының сәттілігі кәріс поп-мәдениетінің «жұмсақ күші» туралы сюжетке арқау болыпты. Материалда сарапшылар комментарийі көп. Олар әлемде кәріс мәдени контентінің табысқа жету құпиясын айтады. Ақпараты қанық сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Баспана бағасы, дизель тапшылығы және аңшылық. 4-10 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» және «Айна» бағдарламаларына ортақ тақырып — тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен дизель тапшылығы. Ал Apta авторлары көмір тапшылығын да, мүгедектігі бар жандар мәселесін де айтты. Мемлекеттік арналардың бірінші сюжеті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапарына арналды. 

«Жеті күн», «Хабар»

Соңғы апталарда «7 күн» авторлары коронавирус тақырыбына назар аудара бермейтін еді. Кешегі шығарылымды бірден бұл тақырыптан бастауына негізгі себеп — президент Қ.Тоқаевтың Жамыл облысындағы вакцина шығаратын зауытқа сапары. 

Сюжет QazVac вакцинасын дайындау барысын баяндаудан басталды. Зертханадан түсірілген қызықты кадрлар мен тілші стендаптары сюжетті әрлей түсті. Сюжет облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың президент алдындағы есебін қамтып, әкім сөзінен өңірде тұрғызылған ескерткіштер мен Мемлекет басшысының облыс әкіміне вакцина жасау ісін жолға қоюға атсалысқаны үшін алғыс айтқан тұсын беріпті. Сюжетті көріп, президент те, облыс әкімі де Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жойқын жарылысты ұмытып үлгергендей әсер қалды. 

Президент қабылдаулары мен құттықтауларына шолудан кейін бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамотасын қабыл алуы тағы бір сюжетке арқау болды.

Мемлекет басшысы Qazenergy форумына қатысушыларға бейнеүндеу жасапты. Бағдарлама бұдан үзінді келтіріп, «Көміртегінен ада ел» деген сюжетке жалғасты. Еліміздегі баламалы энергия көздері, атом энергетикасының маңызы жөнінде сарапшылар жан-жақты пікір білдіріпті. Көршілес Ресей елінің елімізде АЭС салу ұсынысы және осы ұсыныс төңірегіндегі мәселелер айтылмады. 

«Бір бірімен күндес байдың көршілері де күндес…». Жүргізуші Дархан Әбдіуахит көмір мен дизельге байланысты жағдайды осылай сипаттады. «Дизель дағдарысы» деген сюжетте тілші Оңалтай Қуандық «…жүргізушілер бір жұтым дизель үшін жаға жыртысуға дайын…» деді. «Бір жұтым» тіркесі ішер суға айтылады. Ал «жаға жыртысу…» деген тіркеске дәлел болар кадр көрсетпеді. Тілші елде жыл сайын қайталанатын жағдайға мамандарды кінәлай сөйлейді. Дизель отынын Ресейден импорттап отырғанымызды айтып, «…дайын асқа тік қасық болу — қанымызға сіңіп кеткендей, мамандарымыз үнемі мүлгіп жүреді…» деп тоқтады. 

Содан кейін тұрғын үй нарығындағы ахуал, жалдамалы пәтер мен «Отбасы банкі» ұсынатын өнімдер туралы сюжет болды.

«Қорлаудан қорғау» деген сюжет Мәжіліс қарауындағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының мән-жайын баяндайды. Экологтар мен министрлік өкілдерін сөйлеткен толымды сюжет. 

Нұр-Сұлтанда Дәстүрлі діндер басшылары съезі хатшылығының отырысы өтті. «Дінбасылар диалогы» деген сюжет осы отырысқа қатысқан шетелдік делегация өкілдерін сөйлетіп, басқосудың мән-маңыздылығын айтады.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» деген айдарда Тәуелсіздік жылдары қазан айында болған елеулі оқиғаларға шолу жасалды. 

Бағдарлама соңында балалар Еуровидениесіне іріктеу аяқталғанын хабарлап, «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина байқаудың биылғы ерекшелігі жайлы пікір білдірді

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» сараптамалық ток-шоуының басты тақырыбы — «Баспана — бас қайғы» деп аталып, еліміздегі тұрғын үй бағасының шарықтауына арналды. 

«Импортқа тәуелділік» деген сюжетте тілші құрылыс заттарының қымбаттау себебін іздейді. Құрылыс саласының мамандары «қажет заттың басым бөлігі сырттан әкелінеді» десе, министрлік өкілі құрылысқа қажет өнімнің 60%-ы елімізде өндірілетінін айтады.

Студиядағы сөзжарысқа қатысушылар тұрғын үйдің шаршы метрі бағасына әсер ететін факторларды, халықтың төлем қабілеті, банктердің ипотекалық несие саясаты және көп пәтерді алдын ала сатып алып, сататын делдалдардың тұрғын үй нарығына ықпалын қызу талқылады. Ауқымды тақырыпқа 15 минут аз екен. 

«Айна-Аймақ» айдары дизель тапшылығы жөнінде болды. Ақтөбедегі көлік жүргізушілері дизель отынының тапшылығына шағымданды. Бұл айдардың ерекшелігі — әдетте бағдарлама ұжымы проблеманы құзырлы органға тікелей хабарлап, шешуге талпынатын. «Айна» осы мәселе бойынша министрлікке ресми сауал жолдапты. Алайда министрлік бұл сауалға жауап бермейтінін мәлімдепті. Дегенмен мәжілісмен Ғалым Әміреев жанармай қымбатшылығына уәкілетті органдарды кінәлай сөйлейді. «Қазақстанның мұнай-сервис компаниялары Одағы» президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов дизель тапшылығына әсер ететін факторларды атады. Осылайша, «Айна» ұжымы еліміздің көлік жүргізушілері бетпе-бет келіп отырған ауқымды проблеманы талқылаудың орайын келтіріпті. 

«Қолжетімді кесел» деген материал оқушылар арасында электронды темекіге әуестік мәселесін қозғайды. Тақырып студияда да талқыланды. Студиядағы пікірталаста «вэйб» бейнесі көп көрсетілді. Бір-екі рет көрсетсе де жетер еді. 

Футзалдан Қазақстан құрамасының әлем чемпионатында жартылай финалға жетуі бағдарламаны түйіндеді. Тілшілер ұлттық құрама туралы шағын сюжет дайындапты. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы аптаның тренд-тақырыбынан басталды. Биыл Бейбітшілік аталымы бойынша Нобель сыйлығын ресейлік «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік Rappler басылымының негізін қалаған журналист Мария Ресса алды. Нобель комитеті екі журналиске сыйлықты «ой еркіндігін қорғауға күш салғаны үшін» берген. Жүргізуші Жайна Сламбек «Новая газета» басылымы, кісі қолынан қаза тапқан журналисі Анна Политковская туралы және журналисті өлтіруге тапсырыс берушілердің әлі анықталмағанын айтты

Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына сапарына ойысты. Отандық ғылымның проблемалары мен ғалымдар жетістігі, отандық вакцинаны дайындау барысын әңгімеледі. Сюжеттің стендапы тартымды. Тілші Альбина Әшім вакцина құтыларға қалай құйылатынын көрсетті. ДДСҰ қазақстандық вакцинаны неліктен мақұлдамағанын да түсіндірді. 

Кадр сыртындағы мәтінде деректерімен және дереккөздерімен толықтыруды қажет ететін сөйлемдер болды. Мәселен, тілші: «Институттың қауіпті инфекцияларға қарсы 67 вакцина дайындағанын біреуі білсе, біреуі білмейді. Не әдейі білгісі келмейді» деп, бірақ әдейі білгісі келмейтіндердің кім екенін нақтыламаса, тағы бір тұста «Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп жатыр деген жаңалық шыққалы күмәнданғандар аз болмады. Бюрократиялық кедергілер, отандық екпе жайлы мем жасап, келемеждеп күлгендер тағы бар» деп қосты. 

Биыл жылыту маусымы басталғанда көмір тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Тілші осы мәселенің себебін іздепті. Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы және өңірлердегі теміржол тұйығынан түсірілген сюжет . Бірнеше күннен бері көмір кезегінде тұрған адамдарды сөйлетті. Әкімдік, министрлік және «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері де «комментарий берді». 

Мүгедектегі бар адамда алатын арнайы құрылғылар не сапасыз не жарамсыз болып шығады. Мәселен, зағип жандарға зағиптарға арналмаған dvd-ойнатқыш, ноутбуктер берілсе, енді біріне сапасыз протез тиген. Мұндай заттар интернет-дүкен сияқты жұмыс істейтін әлеуметтік қызметтер порталынан беріледі. Зат құнының бір бөлігі мемлекет есебінен төленеді, қалғанын алушы төлейді. Мәжіліс депутатының сөзінше, портал жұмысын ешкім бақыламайды, ал салалық министрлік бұған жауап бергісі келмейді. Мүгедектігі бар адамдар портал жұмысын жақсартуды немесе қажет затты нарықтан өздері табуына рұқсат беруін сұрайды. Сюжетте олардың хикаясы, депутат пен министрлік өкілінің комментарийі бар. 

Апта басында Facebook, Instagram және WhatsApp алты сағаттай ашылмай қалды. Осы оқиғаны себеп еткен сюжет мәселенің себебін, киберқауіпсіздік, әлеуметтік желілерде таралатын контент жөнінде айтып, психологиялық мәселелерді де қозғады. Алайда сюжет авторлары медиаортада ең көп талқыланып жатқан тақырып — Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиеваның шетелдік интернет-компаниялар Қазақстанда өкілдігін ашуын, ал өкілдік жетекшілері Қазақстан азаматы болуды міндеттеу ұсынысын елеусіз қалдырды. Құқық қорғаушылар мен журналистер даулы түзетулерден бас тартуды ұсынып, петиция бастады. Мұның ешбірі сюжетте айтылмады. 

Кіші Аралға қауіп төніп тұр. Көкарал бөгетінде сызаттар пайда болған. Арал суының деңгейі төмендеп барады. Жергілікті тұрғындар теңіз тартылып кете ме деп уайымдайды. Балықшылар, сарапшылар, әкімдік және «Қазсушар» РМК филиалы өкілдерінің комментарийі бар. Сюжет маңызды да өзекті мәселені көтереді, алайда мұндай деңгейдегі мәселені шешуге қауқарсыз жергілікті лауазымды тұлғаларды ғана сөйлетті. 

Құс ату маусымы басталды. Қостанай облысынан түсірілген сюжеттің айтары орта тұсына дейін түсініксіз. Аңшылар құс атудың ләззатын баяндаса, тілші қаз атудың қиындығын түсіндіреді. Содан кейін барып бұл да аңшылықтың заңды түрі екенін, туристер үшін дамытуға болатынын айтты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Тұран жолбарысы, азып-тозған ауылдар және қымбатшылық. 27 қыркүйек — 3 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбыазық-түлік қымбаттауы. Apta ұжымы Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен өткен өңіраралық форумды егжей-тегжейлі баяндап, азып-тозған ауылдар мәселесіне екі сюжет арнады.

«7 күн», «Хабар»

30 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 2-қазанда Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшты. «Жеті күн» осы атаулы датадан басталып, әдеттегідей президенттің апта ішіндегі сапарлары мен қабылдауларына ұласты. 

Сейсенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында бейнеүндеу жасап, ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыруға Қазақстан мүдделі екенін және елде атом өнеркәсібін дамытудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатқанын айтыпты.

Ал Қауіпсіздік кеңесінің отырысында төраға Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстандағы ахуалдың сын-қатерін талқылады

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форумға жеке сюжет арналды. Форум қалай өткенін баяндайтын сюжетте екі ел президенттерінің Тұран жолбарысы туралы диалогы жоқ. Есесіне Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік мамандардың қазақстандық әріптестеріне ескертпелеріне айтқан пікірі беріліпті. 

Бұдан әрі ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты. Кездесулердегі дипломатиялық этикет шеңберінде айтылатын қошеметтеу сөздерінен үзінділер берді. 

Президент Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына барып, Ақтоғай кенішіндегі жаңа өндірістің ашылу салтанатына қатысты. «Жеті күн» авторлары әдетінен жаңылмай, осы сапарға баса мән беріп, президентті сөйлете отырып сюжет жасады. «Үгіт-насихат» сюжеттеріне тән тәсілден айнымай, еліміздегі кен өндіру саласының жетістіктері айтылды. 

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Президенттің қыркүйекте атқарған шаруаларына шолу жасап, осы аптадағы қабылдауларына кезек берді. Президент «Атамекен» ҰКП съезіне қатысқан. Бұл жеке сюжетке арқау болыпты. Сюжет ерекшелігі — мамандар жиын барысында президент айтқан ұсыныстар мен мәлімдемелерге пікір білдірді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мал шаруашылығындағы алаяқтық жолмен субсидия алу оқиғаларын әшкерелепті. «Субсидия сергелдеңі» деген сюжет тақырыбы — өзекті, алайда дәл қазір қаржыға мұқтаж шаруалар проблемасы қалай шешілетіні жөнінде нақты мәлімдеме жоқ. Агенттік, министрлік өкілдері мен Мәжіліс депутаты мәселені реттеу жоспарланып жатқанын айтады. 

«Тарихи миссия» деген сюжет 2022 жылға жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңызын айтып, Қазақстанның халықаралық беделі жайлы мақтап-мадақтаудан аспады

Келесі сюжетте Ауғанстаннан Қазақстанға оралып, Ақмола облысының Мариновка ауылына қоныстанған отбасының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Тартымды стори. Бір сағаттық эфирінде ресми жиындар мен қабылдауларды көрсетуден аса бермейтін бағдарламадағы көрерменді баурайтын жалғыз материал — осы сюжет болды.

Бағдарлама Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның блогерлер жауапкершілігі туралы заң қабылдау қажет екенін айтқан пікірімен аяқталды. Бұл енді жеке сюжетке лайық тақырып. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» сараптамалық ток-шоуының 2-қазандағы саны телеарнаның YouTube—арнасына да жарияланыпты. 

Жетісіне бір рет шығатын сараптамалық бағдарлама апта ішіндегі оқиғаларға байланбапты. Бағдарламаның басты тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы.

Әр эфирін ерекше етуге ұмтылатын шығармашылық топ бұл жолы да креатив қосады. Жүргізуші Айдана Үсенбай супермаркет аралай жүріп, бағдарламаны бастайды. 

Репортаж азық-түлік бағасына делдалдар мен жәрмеңкелер қалай әсер ететінін зерттейді. 

Студияда: «Азық-түлік бағасының өсуіне ортадағы делдалдар ықпал етіп отырған жоқ па» деген сауал талқыланды. Алыпсатар кәсіпкер, экономистер, министрлік пен әкімдік өкілдері қатысып, пікір айтты. Студиядағы талқылау делдардарды ғана емес, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты, ақша массасын реттеу тұрғысындағы мәселелерін де қамтыды. 

27 қыркүйектен бастап той жасауға рұқсат берілді. Карантин кезінде тығылып жасалған тойлардан тараған видео көрсетті. 

«Бүгінгі той өзгерек» деген сюжет тойға рұқсат берілгеннен кейін жаңаша тәртіппен өтіп жатқан тойдан жасалған репортаж екен. Тілші тойға барып, би алаңында жүрген қонақтардың бірінен: «Тойды сағындыңыз-ау», деймін билеп тұрсыз?» деп қисынсыз сұрақ қояды. Тағы бір қонақтан «Карантин кезінде тойға бардыңыз ба?» деп сұрап, той иесі мен асабамен бірге той шығынын санамалайды

Студиядағы «Қазаққа той керек пе?» деген сауалды талқылауға қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші және әлеуметтік антрополог Динара Әбілденова қатысты. Спикерлер ұсынғандай, даңғаза тойды шектеу қажет екен. Ал асаба Маусым Шәкім пандемиядан кәсібін ауыстыруға мәжбүр болыпты. Бір қызығы — жүргізуші қонақтар пікіріне «Дұрыс айтасыз» деген қолпаштау сөзді жиі айтады. 

Тағы бір сюжет даңғаза тойдың көп екені, карантин болса да тоқтамағаны, салдарынан кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар қанша айыппұл төлегенін баяндайды. Қазақ халқының тойқұмарлығын сынауға бейім сюжет. Бұл бөлімнің мақсаты — даңғаза тойға сын айту болған сияқты. 

«Айна-аймақ» айдары Алматы облысы, Бақалы ауылдық округіндегі Қазыбаев ауылындағы ауыз су мәселесін сөз етеді. Тұрғындар ауыл әкімін «өз үйіне ғана су тартып алды» деп кінәлап отыр. Студияға шағым айтқан тұрғын хабарласып, осы ауыл қарайтын Сарқан ауданы әкімінің орынбасары тікелей байланысқа шығып, түсініктеме берді. Әйтсе де бағдарлама авторлар мәселені толық зерттемей, эфирге шығарғандай әсер қалдырды. 

Бір байқағанымыз — «Айна» бағдарламасы апта ішіндегі маңызды саяси тақырыптарды елеусіз қалдырады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама 17-ші Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форумынан басталды. Сюжетте форумның басты тақырыптары (экология, кеден бекеттеріндегі проблема, АЭС құрылысы, екі ел арасындағы сауда-саттық) қамтылды. Тұран жолбарысы туралы да айтылды. Хаттамалық мәні бар, бірақ қызық сюжет. 

Президент Қ.Тоқаев өткен аптада ШҚО-дағы Ақтоғай кен байыту кешеніне барды. Бұл туралы студиядан баяндап, президент синхронымен толықтырды

Кедейшілік пен орта таптың айырмасы қандай? Қазақстандағы ахуал қалай? Халықаралық стандарттармен салыстырсақ, қазақстандық «орта тап» расымен де орта тап па? Осы сауалдарға жауап іздейтін сюжет эмоционалды әрі түсіндірмелі материал болды. Тұрмысы ауыр, пәтер жалдап, еңбегінің ақысын ала алмай жүрген отбасы мен тұрақты кірісінің біраз бөлігі ипотека мен кредит төлеуге жұмсалатын отбасыны көрсетті. Ал экономист пен әлеуметтанушы экономика үшін орта тап өкілдерінің қандай маңызы бар екенін түсіндірді. Ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы да айтылды. Материал еліміздегі ең өзекті мәселені қозғады. Кедей отбасы балаларының бет-жүзін көлегейлеп жауыпты. 

Қазақстанда аптасына бір ауыл жойылады екен. Ондаған жылдан бері инфрақұрылым мәселесі (жол, ауыз су және тағы басқасы жоқ) шешілмеген ауылдар туралы сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Жайна Сламбек елімізде мұндай ауылдар көп екенін айтты. Ал сюжет Ақмола облысындағы ауылда түсіріліпті. Ауыл тұрғындары сөйлеп, әкім, «Ауыл» партиясының өкілі мен салалық министрлік қызметкері комментарий беріпті. 

Қазанның бірінші жексенбісі — Ұстаздар күні. Мінеки, осы кәсіби мерекеге орайластыра «Үздік педагог — 2021» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарын марапаттады. Ал сюжет қазақ даласындағы тұңғыш мектеп — Жәңгір мектебіне арналды. Батыс Қазақстан облысындағы мектептің ашылғанына 180 жыл толыпты. Алайда мектептің жағдайы мәз емес. Есігі жабық, ғимаратын жөндеу керек, ал балалар Мәдениет үйінің ғимаратында не мектеп-интернатта оқып жүр. Ауыл тұрғындары, мұғалімдер, аудан және облыс әкімдіктері өкілінің комментариі бар.

Сюжетте ескі ғимаратта орналасқан, көмір жағып жылытылатын тағы бір мектепті көрсетті. Жаңа мектеп салынып жатыр екен, бірақ әлі құрылысы аяқталмапты. Айтпақшы, биыл Батыс Қазақстан облысында жеті мектеп жабылған. Өйткені оқитын бала аз. Бәрі ауылдан көшіп жатыр. Салмақты әрі алаңдатар тақырып жөніндегі қызық сюжет. 

«Apta қонағы» айдарына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрбозова келді. «Болашақ» бағдарламасының жаңалықтары, ауыл квотасы туралы айтып берді

Бағдарлама QAZAQ RADIOSY-ына 100 жыл толып, 1 қазан — Радио күніне ұйымдастырылған концерт өткені жөніндегі жаңалықпен аяқталды

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Алматыдағы атыс, президенттің Маңғыстауға сапары және деменция. 20-26 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — Алматыдағы атыс. «Айна» редакциясы тұтас бағдарламаны осы оқиғаға арнаса, «Жеті күн» және Apta авторлары президент Қ.Тоқаевтың Маңғыстауға сапарын басты тақырып етті

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарлама БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында ҚР президенті Қ.Тоқаевтың бейнеүндеу жариялағанынан басталды. Сюжетті саясаттанушы және Мәжіліс депутатының комментарийімен толықтырыпты. Олар президент көтерген мәселенің маңыздылығын нақтылайды.

Авторлар Мемлекет басшысының Маңғыстау облысына жұмыс сапарынан екі сюжет дайындапты. Бірінші сюжеттің алғысөзін жүргізуші Дархан Әбдіуахит өңірдегі ауызсу тапшылығынан бастады. Тілші сюжетте бірнеше стендап жасайды. Әсіресе спортзалдағы балалардың жанынан түсірілген стендап ерекше шыққан. Видеосына қарап, сюжетті екіге бөлуге болады: бірінші бөлігі өңірдің дамуы туралы жиында президент мәлімдемелеріне, ал екінші бөлігі Ақтаудың әсем көріністеріне арналды.

Маңғыстау сапарының екінші сюжеті «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығуына президент қатысқанын айтып, жиын қалай өтіп жатқанын көрсетті. Әуеден түсірілген кадрлары тартымды.

ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев «Астана» қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакрабартиді қабылдапты. Мұны кездесудегі тараптар сөзінен үзінді бере отырып көрсетті.

Содан кейін президент Қ.Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдаулары мен тағы басқа кездесулерін Ақорда таратқан ресми мәліметке сүйеніп шолып шықты.

Президент Маңғыстау облысына сапары кезінде Алматыдағы бес адамның өмірін қиған атыс оқиғасы жөнінде пікір білдіріп, заңнамаға өзгерістер енгізіп, көз жұмған адамдардың жақындарына қолдау көрсету керек екенін айтқан. «Жеті күн» редакциясы президенттің осы мәлімдемесінен үзінді көрсетіп, қанды оқиға туралы сюжет берді. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаны хабарлауға президен мәлімдемесін қосқаннан кейін мұны төртінші тақырып емес, басты тақырып етіп алуына да болар еді. Сюжете полицияның түсініктемесі, күдіктінің әйелі жасаған мәлімдеме, экономист, сот орындаушылары, мәжіліс депутатының комментарийі бар. Сараптамалық бағдарлама үшін толымсыз, күнделікті жаңалықтарда көрсетер сюжет.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит «Қазақстанның еңбек нарығын зерделеген Ұлттық баяндамаға» сүйеніп, Қазақстанда қай мамандық иелері қанша табыс табатынын шолып шықты. Дәрігер мен даяшының айлығын салыстырып, біліктілігі төмен маман жоғары жалақы алатынын, ал шет елдерде керісінше екенін айтып, дереккөзі жоқ мәлімет келтірді. Осылайша «елімізде жастардың күрделі мамандықтарды меңгеруге ұмтылмауының бір себебі осы болар» деген байлам жасайды. Әйткенмен даяшы, не «жоғары жалақы алады» деген көлік жүргізушісі мен дәрігер пікірі жоқ. Студиядан жасалған тұжырым негізсіз әрі сырттан тон пішкендей болып шықты.

Еңбек күні қарсаңында «Еңбек қауіпсіздігі» деген сюжет әзірлеген екен. Мұнда өндіріс орындарындағы жазатайым оқиғаларға тоқталды. Тараптарды қамтып, заңгерлерді сөйлеткен толымды сюжет.

Назарбаев университетінің ашылғанына он жыл. Соған орай Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсудан сұхбат алыпты. 5 минуттық сұхбатта университеттегі білім сапасы, оқу ақысы, жоспарлары мен табыс құпиясы жөнінде әңгімелесті.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аяқталды. 23 бағытты қамтитын оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен арнайы басқосу өтті. Тілші жобан жүзеге асыруға қатысқан мамандар мен осы оқулықтардың игілігін көріп отырған оқытушыларды сөйлетіп, елімізде «қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, антропология, интернет психологиясы, медиа этикасы сияқты тұтас жаңа бағыттар пайда болғанын» айтты.

Көкшетауда Солтүстік облыстардың театр фестивалі өтіпті. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбы аясында сюжет «Өнер бәйгесі» деп аталып, фестиваль қалай өткенін егжей-тегжейлі баяндайды.

Соңғы сюжет «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның жұмысшыларына көрсетіп отырған қолдауын баяндайды. «Теміржолшыларды қолдау» деп аталатын материал PR-материалға көбірек ұқсайды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» апталық-сараптамалық ток-шоуының ұзақтығы 1 сағат 15 минуттан 1 сағатқа қысқарыпты. Бағдарламаның алғашқы шығарылымдарында бірнеше тақырып қамтылатын. Ал бұл жолы бір тақырыпқа арналды. Негізгі тақырыбы — «Банк VS борышкер».

«Айна-Аймақ» деген айдар шығыпты. Мұнда Жамбыл облысындағы көпқабатты үйдің пәтерлері әлі күнге дейін пеш жағатынын мәселе етіп көтерді. Тікелей эфирде Жамбыл облысындағы тұрғын үй-комуналды шаруашылық саласының басшысымен телефон арқылы байланысқа шықты.

Ток-шоудың басым бөлігі Алматыдағы 5 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға арналды. «Айна» редакциясын бағдарламаны бір мәселеге арнағанымен студияда қонақтарды өзгертіп, қызу пікірталас жасап, өте тартымды ұйымдастырғаны үшін құттықтауға болады.

Жүргізушілер Айдана Үсенбай мен Берік Дүйсенбай студиядағы негізгі пікірталасың тізгінін ұстады. Екі жүргізушінің темпераменті екі түрлі: Айдана әңгімеге жылдам араласып, спикерге тосын сұрақ қойып, дебаттың мейлінше ширақ өтуіне жағдай жасаса, Берік Дүйсенбай салмақты сұрақ қойып, алдын-ала жазылған пікірлерге кезек беріп бағдарламаның сценарий бойынша жалғасуын қадағалап отырды. Ал Махамбет Бейбітшілік жүргізетін бөлімде студия ауысады. Бұл да бағдарламаны түрлендіре түсті.

Студияға келген заңгерлер, депутат пен кәсіпкер тәркіленген мүліктің электронда саудаға шығарылуы, сот орындаушыларының құқықтық міндеттері, «жасырын пайыздар» туралы пікірталасқа қатысып, түрлі сауалға пікір білдірді.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі — ток-шоуқа онлайн қатысқан қонақтар да студиядағы пікірталасқа үн қоса алады. Сот орындаушылар өкілін, экономист, қоғам қайраткері мен кәсіпкер банк пен құқық саласындағы қордаланған мәселелерді айтып берді. Күдіктінің жары жасаған мәлімдеме де берілді.

Өкінішке орай, «Айна» ток-шоуының эфирі телеарнаның YouTube-арнасы жүктелмейді. Бағдарламаның құқық, қаржылық сауат, кепілзат қою, сот орындаушылардың міндеті жайлы талдауы көпшілікке пайдалы болар еді. Әдеттегідей WhatsApp мессенджері арқылы келіп түскен сауалдарды студия қонақтарына жолдап, хабар аясында шағын сауалнама ұйымдастырды. Редакцияның банктер мен борышкер арасындағы байланысты жан-жақты талдауға баса назар аударғаны қуантты.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Жалпы дебаттарында сөз сөйлегенінен басталып, бірақ сюжет болмады. Алғашқы сюжет Мемлекет басшысының Маңғыстау облысына жұмыс сапары қалай өткеніне арналыпты. Президент қайда барып, не көргенін баяндап, мұны Тоқаевтың синхрондарымен толықтырды.

Apta авторлары да Алматыдағы атыс оқиғасына жан-жақты тоқталып, екі сюжет дайындапты. Бірінші сюжеттің алғысөзінде президенттің осы оқиға жөнінде айтқан комментарийін беріп, қаза тапқан адамдар қандай мемлекеттік наградалармен марапатталғанын айтты. Ал сюжетте олардың жақындарын, күдіктінің әйелі мен басқа да тараптарды сөйлетті.

Тақырыпты екінші сюжет жалғастырады. Осы оқиғадан кейін қоғамда сот орындаушылары мен банктердің борышкерлерге қарым-қатынасын қызу талқылап жатыр. Мәжіліс депутаты, жазушы, адвокат пен жай тұрғын сот орындаушыларының жұмысына, банк саясатына, несиелендіру жүйесі мен заңдағы олқылықтарға сын айтты. Жеке сот орындаушысының комментарийі де бар.

Перм университетіндегі атыс және бір сюжетке түрткі болыпты. Сюжет психологтар жетіспейтінін, бала тәрбиесі, буллинг, жасөспірімдер суициді, оқу орындарындағы қауіпсіздік және қорғаныс жүйесі мәселелерін қамтиды. Журналист психологпен әңгімелесіп, мектептерге барып, БҒМ өкілі, ІІМ қызметкері мен күзет фирмасының басшысынан пікір алды.

COVID-19 және коронавирусты пневмония жөніндегі ресми статистикадан кейін аз айтылатын, бірақ өте-мөте өзекті тақырыпқа өтті.

21 қыркүйек — бүкіләлемдік Альцгеймер ауруымен күрес күні. Сюжет «Оскар» сыйлығын алған «Әке» фильмінің үзіндісінен басталды. Фильмде деменциямен ауыратын кәрі кісінің өмірі көрсетіледі. Сюжетте түрлі кейіпкерлердің: хосписте жатқан адамдар, ата-анасы Альцгеймер ауруына шалдыққан кісінің хикаясы және невролог пен психиатр комментарийі бар. Мәселенің қаншалықты ауқымды әрі қиын екенін көрсетіп, деменцияның қаупін жан-жақты түсіндірген жақсы сюжет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысынан сапарынан басталған бағдарлама президенттің осы сапары жөніндегі тағы бір сюжетпен аяқталды. Маңғыстау облысында «Оқпантау-2021» әскери оқу-жаттығуы өтіп, соған Мемлекет басшысы қатысқан. Бұл оқиға бағдарламаны түйіндейтін сюжетке арқау болыпты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.