Домой Блог Страница 30

«Таңшолпан» бағдарламасы: күмәнді ақпарат, манипуляция, стереотип

QAZAQSTAN телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы біздегі телевизияның ойын-сауық сегменті де мемлекеттің үгіт-насихаты мен қоғамдағы таптаурын түсініктер шеңберінде екеніне мысал болады. Бұл — осы арнада жаңалықтар қызметімен қатар ең ұзақ жасап келе жатқан бағдарлама. «Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров бағдарламаның 11-18 наурыз аралығындағы алты эфиріне шолу жасады. Шолу бағдарлама мазмұны сыни пайым мен журналистика қағидалары талабынан едәуір ауытқитынын көрсетті. Мақалада соны тарқатып баяндаймыз.

Стереотип пен манипуляция

12 наурыз күнгі эфирде жүргізуші Дархан Рахымжан: «Қыздардың ерлермен бірге әрбір салада иық тіресе еңбек етуі үйреншікті құбылысқа айналғаны бәрімізге белгілі. Тіпті зәулім ғимараттардың құрылыс алаңдарында үлкен крандарды тізгіндеген келіншектерді де кей-кейде байқап қалып жатамыз», — дейді. Оған әріптесі Айкерім Есенәлі: «Негізі, Дархан, сенің осы сөзіңе гендерлік теңдік туралы құқықтарын ҚАТТЫ қорғайтын арулар “неге олар ерлермен қатар дегенді қолданасың” деп көп ренжитін еді», — деп кекете жауап береді. 

Таңғы бағдарлама ұжымы осылайша жуырда «Неге?» ток-шоуында, кейін әлеуметтік желілерде қызу талқыланған тақырыпқа үн қосады. 

Редакция Қазақстанда «әйелдер мен ерлер тең еңбек етеді» дегенді айтып, Қызылорда облысында трактор айдайтын әйел туралы сюжетті көрсетті. 

Жүргізушілер кейіпкерді «ұршықты трактордың руліне ауыстыра білген», «техниканың тілін бес саусақтай біледі», «ол техника тілінде сөйлегенде мықты механизаторлар жұмған аузын аша алмайды», «ол трактор тізгіндегенде жанында талайлар жіп есе алмайды», «қимылы ширақ, жүрісі сергек әжеміз ауыр техникадан түспейді», «қарапайым еңбекпен шыңдалған асыл ана» деген көркем айшықтарға толы ұзын-сонар мәтінмен суреттейді. 

https://youtu.be/KQyZEgiUjjg

Қызылорда облысындағы тракторшы әйел — 70-тегі зейнеткер. 70-жылдардағы тәжірибесін, дағдысын ұмытпаған. Ұлттық арнаның үгіт-насихаты осы кісіні көрсете отырып, «қазір әйелдер ауыр техникаларды ерлермен бірдей деңгейде жүргізіп, еңбек етіп жатыр» деген манипуляция жасайды. Бағдарлама жүргізушілері сол ойды қайта-қайта айтып қана қоймай, патриархат қалыптастырған қасаң ұғымдарды, «нәзік аруларымыз» деген сияқты сексизм сипаттамаларын қолданып, гендер қатынастары бойынша түсінігі аз екенін байқатып алды. 

Бағдарламаның бұған дейінгі эфирлерінде де жүргізушілер телеарна аудиториясына «әйелдер — үйдің берекесін келтіретін жандар», «қыз-келіншектер — асүйден шықпайтын адамдар» деген таптаурын, штамп түсініктерді қайта таңып беріп жүр. Оған қоса, «отбасы құндылықтарын дәріптеуіміз керек», «ұлдарымыз ел қорғаған батыр болуы керек», «имандылыққа бет бұруымыз керек», «жастарға дұрыс тәрбие беруіміз керек» деген және тағы басқа үгіт-насихат дидактикаға ұласады. 

Тексерілмеген ақпарат

Екі сағаттан астам уақытқа жалғасатын бағдарламада тексерілмеген, дәлелденбеген не дәлел болатын дереккөзі жоқ ақпарат жиі айтылады. 

17 наурыз күнгі бағдарламада жүргізуші Гүлнұр Оразымбетова: «Бүгінде шаңырақ көтеруге асықпайтындар қатары көбейіп кетті. Сүрленген бойдақтар жақын туыстарымыздың арасында да жетіп жатыр. Себебін айтуға тырысайын: сылтауы көп, бірі баспанамен байланыстырса, енді бірі мансапты жоғары қояды, бәлкім, дұрыс та болар, бірақ бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын да ұмытпаған дұрыс», — дейді. 

Жүргізуші қай жылғы мәліметті айтып тұрғаны белгісіз. Редакция демографияға қатысты кез келген статистика есепке алынған уақыт аралығынсыз, цифрсыз айтылмайтынын білмейтін сияқты. Ал онсыз ақпарат факт емес, расталмаған жай сөз болып қалады. Оның үстіне, мұндай ақпарат неғұрлым кейінгі, неғұрлым жаңа болғаны да маңызды. Мысалы, 2009 жылғы халық санағынан кейін баспасөзде көп жазылған мәліметті бүгін айтудың мәні бар ма?!

Одан кейін «сүрленген бойдақтар жақын туыстарымыздың арасында жетіп жатқаны» қалай анықталды? Ондай әлеуметтік топ туыстарымыздың арасында болмауы керек пе еді? Азаматтардың шаңырақ құрмауының себеп-сылтауы қандай зерттеудің нәтижесінде белгілі болды? Ол жағы айтылмай, күмән туғызады. Гүлнұр Оразымбетова «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген мақалды неге өзгертіп алғаны тағы түсініксіз. 

https://youtu.be/JXO-YpsHo8c

15 наурыз күнгі эфирде жүргізуші Алла Гаврина Алматыда өткен дүниежүзі біріншілігінде фристайлшы «Павла Колмакова» қола жүлде алғанын хабарлады. Фристайлшының аты-жөні Павел Колмаков еді. 

Бағдарламадағы видеосюжеттерде ақпарат көзі хабарланбайды. Баяндалып жататын ғылыми жаңалық, таңғажайып оқиға, ерекше адамдар туралы ақпараттың қай-қайсы да қайдан алынғаны беймәлім күйі қалады. Дүниежүзі медиасынан алынған видео мен кинофильм кадрларының авторлық құқығы тағы көрсетілмейді

Дереккөзі көрсетілмеген, айтылмаған, сілтеме жасалмаған кез келген ақпарат күмәнді деп есептеледі. 

Жазу-сөйлеу стиліндегі кінәрат

Біздің шолуымыз мұндағы сценарий ақпарат жағынан ғана емес, тіл, стилистика бойынша да жұтаң екенін көрсетті. Сюжеттерді, қоңырау шалған көрерменмен және студия қонағымен сұхбатты алып тастасақ, мәнді ештеңе қалмайды — жүргізушілердің өзара жасанды әзілдесуі, еш функция атқармайтын примитив көркем тіл қолданыстары, мақал-мәтел, «Арайлап атқан әрбір таң әр шаңыраққа береке алып келсін!» деген сияқты толассыз тілек, жаттанды сөз. 

Сюжеттерге кезек берерде жүргізушілер алыстан орағытып келетін аналогияны, жалпылама пікір-мәліметті айтуға құмар. Редактор оларға сценарийді солай жазатын болуы керек. Кей сөйлемнің аса бір маңызы жоқ, үш жүргізуші кезек-кезек сөйлеуі үшін әдейі жазылғандай әсер қалдырады. 

«Таңшолпан» бағдарламасы эфирінің скриншоты

Ақпаратты хабарлаудың дедукция, яғни жалпыдан жалқыға көшу әдісі қашан да тиімсіз, дұрыс емес деп есептеледі. Өйткені адам бірден нақты ақпаратты, жаңалықты естігісі келеді.

«…Бүгінде әлемде неше түрлі музей бар… Белгілі тұлғалар тұрған үйлер де музейге айналған. Соның бірі — Нұрғиса Тілендиевтің музейі».

Көрерменге осылай — көрсетілгелі тұрған видеоматериалды оған тікелей қатысы жоқ мәліметті (немесе еш мәліметі жоқ сөйлемді) айта келіп хабарлағаннан гөрі ә дегеннен сол сюжеттегі жаңалықты жеткізген пайдалы. Бұл — индукция, жекеден бастап, жалпыға ауысу. Қазіргі көрерменге видеосюжеттің өзі нақты жағдайдан, кейіпкерден басталмаса, қызық болмайды. 

Редакция журналистерінің жазу-сөйлеуінде де кінәрат бар. Жүргізушілер «анықтайтын боламыз», «айтатын боламыз», «білетін боламыз» деген тіркесті жиі қолданады, келер шақтағы етістік «анықтаймыз», «айтамыз», «білеміз» деп айтылуы керек («айтатын боламыз» — «будем говорить» дегеннің калькасы). Тағы бір кең тараған қате қолданыс — «қызығымен бөліспек», «ақпаратпен бөлісемін», «құпиямен бөлісемін». Адам «ақпаратпен» бөліспейді, «ақпаратТЫ» бөліседі. 

«Мемориалды музей», «эксклюзивті сұхбат», «креативті идея» деген тіркестерде сын есімдердің дұрысы: «мемориал музей», «эксклюзив сұхбат», «креатив идея». 

Жүргізушілер мен тілшілер «біледі ме?», «барлық адамдар», «көп адамдар», «қажеттілікті қажет етеді», «сақтық шараларын сақтаңыз» деп сөйлеп жатты. 16 наурыз күнгі эфирде тілші оң қолымен жазатын адамдарды «оңақай» деп атады. 

Аудиторияның қарапайым өкіліне «тәп-тәуір» болып көрінуі мүмкін бағдарламаның сын көтермейтін осындай тұстары бар. Таңғы ойын-сауық тележобасының негізгі міндеті жұмыс күні көрерменнің ұйқысын ашып, санасын сергіту, серпілту ғана екені түсінікті. Дегенмен дәл осы себепті де танымдық-музыкалық эфир мазмұнына үгіт-насихат, тексерілмеген ақпарат, дәйексіз тұжырымдар, жаттанды түсініктер араласпағаны дұрыс. Бәрінен бұрын нақты деректі іріктей алу, ақпаратты сауатты жеткізу, пікір-көзқарас тепе-теңдігін сақтау — журналистиканың түпкі стандарты.

Алматы, коронавирус вакцинасы және «су» бол. 15-21 наурыздағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығы коронавирусқа қарсы вакциналаудың баяу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда “7 күн” тілшілері бұған Қазақстан жұртшылығын кінәлі етсе, “Басты бағдарлама” редакциясы керісінше вакцина жоғын дәлелдеді. Apta тілшілері тақырыпқа аз-кем тоқталды. Есесіне Көлсайдағы қонақүйді жарнамалап, сол маңдағы ауыл тұрғындарының пікірін елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

“Ал қазіргінің балалары Наурыз мерекесін асыға күте ме?”. Бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит бұрын Әз Наурыз қалай тойланғанын айта келе осындай сауал тастады. Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау мәтінін экранға шығарып, оқып берді. Тұңғыш президент Н.Назарбаев, қазіргі президент Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлесіп, бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтағанын да атап өтті.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит әр тақырыпқа өтпес бұрын кемі 1-2 сөйлем кіріспе сөйлейді.

“Қыстың қамытын шешуге қамданып, көктемнің осынау керемет сәтіне аяқ басқа тұста келер күннің жайын ойластырып, қолға алған істің берекесін бағамдау — қалыпты жағдай”. 

Астарлы сөйлемнің не айтары белгісіз. Кейін мәлім болғандай, бұл — “сәрсенбінің сәтінде президент Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді” деген хабар екен.

Жүргізуші кеңес тақырыптарын ұзағынан тізіп шығып, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналаудың баяу жүргізілуіне Қазақстан жұртшылығын кінәлай сөйледі.

“Төтеннен келген ауруды тұсаудың төте жолы — вакцина” деп айтылып-ақ жатыр. Ақпаннан бергі мәліметке қарасақ, қазақстандықтардың екпеге деген ықыласы ерек емес екенін аңғарамыз. Осы уақытқа дейін толық вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады».

Сәйкесінше, президент сөзінен үзінді берілді. Алайда коронавирус вакцинасы жаппай вакциналауға жетпей жатқаны туралы ләм-мим демеді.

“Мегаполис мәселелері” атты сюжетке де кезек жетті. Сюжет Алматының дамуы туралы арнайы кеңесте президент айтқан мәселелерді тізіп шықты. Алматының видеосын көрсетіп, оны кадр сыртындағы мәтінмен жетелеп, әр 3-4 сөйлемнен кейін Тоқаевтың кеңесте сөйлеген сөзінен үзінділер қосты. Тілшінің кадр сыртындағы мәтіні де кеңесте айтылған сөзді қайталайды. Осылайша 10 минуттық сюжет КСМ-Тоқаев-…-Тоқаев-КСМ тізбегінен құралып, хаттама мәтінінен аспады.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит: “Алматыдағы жиын онлайн өйткенін байқаған шығарсыздар. Пандемия басталғалы онлайнды да оңай үйреніп алдық, бірақ бұл жұмысымыз оңай бола түсті” деген сөз емес” деп бастады.

Сөйлем астарында не жатқанын түсіну қиын. Кейін мәлім болғаны — бұл сөйлемдер 2021 жылғы 19 наурызда “Тұңғыш президент Н.Назарбаев өз еркімен президенттік өкілеттігін доғарғанына 2 жыл толуына” арналыпты.

“2 жылдық белес” деп аталатын сюжет президент Қ.Тоқаев осы екі жылда қандай жиындарға қатысқанын, қандай заңдарға қол қойғанын тізіп шықты. Екі жылдағы екі сайлауды да оң бағалап, коронавирусқа қарсы күрес тиімді жүргізіліп жатқанын айтады.

Президент Тоқаев қабылдаулары мен үкімет отырыстарына аз-кем тоқталған “Өңдеуде өрлеу бола ма?” деген сюжет Қазақстан экономикасын дамытуға өңдеу саласының оң ықпалын баяндайды.

“Болашақтың мамандығы” сюжеті жаңа мамандықтар мен сұраныс жойылатын мамандықтарға шолу жасап, Қазақстанда да цифрлық революцияның ауылы алыс емес деген қорытындыға келеді.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” тұрақты айдары отбасылық құндылықтарға арналды. Сюжет ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, феминизмді қамтыпты.

Алматыда қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгерге ескерткіш орнатылды. Сюжет ескерткіштің ашылу салтанаты қалай өткенін көрсетті.

1 сағаттық бағдарламаны президент Тоқаев айтқан Наурыз тойлау мен қазіргі Наурызды салыстыратын сюжет түйіндеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Әсем Изатқызы мен Берік Дүйсенбай жүргізетін “Басты бағдарлама” бейіт бизнесінен басталды. Сюжет бейіт қоршауын бұзып, темір-терсегін сату мен үйсіз-күйсіздер бейітке түнеп, тұрағына айналдырғанын тақырып етті.

“Ұр, тоқпақ” айдары Түркістан қаласындағы футбол стадионы жаңбыр жауғанда суға толып, футболшылар су толы алаңда доп тепкеніне арналыпты. Уытты әзілімен түйреген видеоматериал екен.

Қазақстанда коронавирустың британдық штаммы тіркелгенін, симптомдары мен сақтық шараларын айтып, коронавирус вакцинациясы туралы сюжет шықты. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа коронавирус вакцинасы салынуы керек. Алайда вакцина жеткілікті ме?

Тілші Нұр-Сұлтандағы емханаларға хабарласып, емханаларға барып, вакцина бар-жоғын сұрады. Ешбірінде коронавиурс вакцинасы жоқ екен. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі де дәл қазір коронавирус вакцинасы қолжетімсіз екенін мойындайды. Осылайша “Жеті күн” бағдарламасының вакцинация баяу жүргізіліп жатқанына жұртшылықты кінәлай сөйлегенін «Басты бағдарлама» тілшілері нақты дәлелмен теріске шығарды. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналация неліктен нашар жүргізіліп жатқанын жан-жақты талдаған толымды сюжет.

Бағдарлама соңында тілшілер Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған, бірақ жұмысы тоқыраған зауыт-фабрикаларға шолу жасады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама президент Тоқаевтың қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауынан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек Ақорда сайтындағы құттықтау мәтінін оқып берді.

Мемлекет басшысы Алматының алдағы дамуы жөнінде кеңес өткізді. Сюжет кеңесте президент айтқан мәселелерге (көлік кептелісі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналғна жағдай, мектептер балабақшалардағы орын тапшылығы, ана өлімінің өсуі, экология, жұмыссыздық және т.б.) арналыпты. Кейіпкерлер хикаясы да, президент синхрондары да бар.

Сосын президент сөзінен үзінді келтіріп, қазақстандықтарды вакцина салдыруға шақырды. Covid-19 және коронавирусты пневмония туралы ресми статистиканы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин шектеулері күшейтілгенін айтып өтті.

Apta редакциясы жұмысшылар наразылығы туралы сюжеттерін жалғастырды.Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін краншылар проблемасын көтерді. Краншылар ескі кран қауіпті екенін айтып, жалақыны көтеріп, зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп отыр. Өзекті тақырып, алайда сюжетте құрылыс компаниясы өкілдерінің комментарийі жоқ.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” айдары 1995 жылғы басты оқиғаларды еске түсіреді. Жоғарғы кеңес, Парламентті тарату, президент құзіретін күшейту, экономикалық дағдарыстың криминалды жағдайдың өршуіне әсері, наркотик қолдану, Жеңістің 50 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдығын қамтиды.

Наурыз туралы сюжет Бейісбековтер отбасына арналды. Бұл отбасының барлық мүшесі қолөнермен айналысады. Қолөнер орталығын ашқан. Сюжетте кадр сыртындағы мәтін жоқ. Бастан-аяқ отағасы сөйлейді. Тақырыбы жақсы, кадрлары әдемі сюжетте отбасының басқа мүшелеріне сөз берілмеді.

Көлсай маңында салынып жатқан қонақүй туралы сюжеттің де кадрлары әдемі, алайда жарнама матералға ұқсайды. Қонақүйді мақтап, ұсынатын қызметін тізіп шығатын сюжетте жарнама элементтері байқалды. Алайда жарнама екенін көрсетпеді. Қонақүйді мақтағаннан басқа ешбір пікір естілмеді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

«Неге?» ток-шоуында феминизм қаупін қалай түсіндірді

Алматыда 8 наурыз күні өткен феминистер шеруі қазақстандық БАҚ-тың басты тақырыбына айналып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. 31 арнаның «Неге?» бағдарламасы жаңа маусымның алғашқы шығарылымын осы оқиғаға арнады. «Феминизм қазақ қоғамы үшін қауіпті ме?» деген сұрақты талқылаған ток-шоу эфирін медиасыншы Назира Дәрімбет көріп шықты.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар кіріспе сөзінде бұл тақырыпқа неліктен назар аударғанын былай түсіндірді: «Біз Қазақстандағы феминизм тақырыбын бұған дейін де қозғаған едік. Бірақ қоғам ішіндегі резонанс бұл мәселені қайтадан қозғауға түрткі болып отыр. Кейбіреулер: «әйелдердің құқықтарымен байланысты проблема — бізде өте өзекті» деп санайды, ал басқалары: бұл қазақ қоғамына жат және феминизм біздің қоғамымыздың азғындануына алып келуі мүмкін,- дейді».

Шеру туралы сюжет көрсетіп, жүргізуші: «Ганди атындағы саябақта көп адам жиналды, ал үнді саясаткерінің осында тұрған ескерткіші қазақ әйелдеріне таңдана қарағандай…» деп айтады. Әрі қарай «жыл сайын 400-ге жуық әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды» деген дерек келтіреді.

Студияға «Феминита» ұйымының негізін қалаушы, шеруді ұйымдастырушылардың бірі Гүлзада Сержан, айтыскер ақын Балғынбек Имашев, Жамбыл облысынан Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Бағила Балтабаева және журналист-филолог Назгүл Қожабек шақырылыпты.

Жүргізуші сарапшыларды қандай мақсатта таңдағанын түсіндірмеді. Астанадан арнайы ұшып келген және бағдарламаға қатысуға ниет білдірген айтыскер ақынның феминизм саласында қандай білімі бары белгісіз. Балғынбек Имашев Елбасына алтыннан ескерткіш қоюды ұсынып, вакцинаға қарсы үндеу жасап, жұртшылыққа таныла түскен ақын. Қазақстан ата-аналар одағы немен айналысатыны (бізде осындай одақ бар екен) және олардың қызмет саласы феминизммен қалай байланысты екені де айтылмады.

«Неге?» жобасы отандық медиа кеңістікте қазақ тіліндегі саяси ток-шоудың жаңа тынысын ашқанын бұған дейін жазғанбыз және ерекшеліктерін атадық. Сайлауалды науқаннан кейін жоба тоқтаған еді. Бағдарламаның жаңа маусымы Алматыда өткен феминистер шеруін талқылаудан басталды. Жобаның жаңа шығарылымы 18 наурызға дейін телеарнаның YouTube-арнасында 55 мыңнан астам рет қаралған.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар бұрынғы шығарылымдарда байқалмаған ток-шоу жүргізу тәсілін таңдапты.

Мәселен, әйелдер шеруінің бастамашысы Гүлзада Сержанның Қазақстандағы феминистік ұйымдардың қызметі туралы әңгімесінен кейін жүргізуші ақыннан: «…тіпті тіл де бұл атауларды айтуға келмейді… сіз қалай ойлайсыз, осылардың құқықтардың қорғалуы тиіс пе… Сіз айтқандай, Қазақстандағы лесбиянкалар, транссексуалдар, квир және басқалардың?», — деп сұрайды.

Ақын ұшаққа отырмас бұрын «осы анықтамалардың мәні мен мағынасы» туралы алғаш рет Google арқылы білгенін айтып, «тақырыптан мүлде хабарсыз» екенін мойындайды. Солай болса, ақын өзі білмейтін тақырып бойынша пікір таластыруға неге сонша құлшыныс білдірді?

Ары қарай Балғынбек Имашев мырза сұраққа жауап берудің орнына: «Адамдық азайған жерде азғындық көбейеді, жақсылық тоқтаған кезде жамандық пайда болады. Ақиқат айтылмаған жерде, өтірік ұранға айналады. Әйелдер құқығын көтеріп митингке шықты ғой. Ол жерде біраз мәселелер орынды көтерілді деп есептеймін. Бірақ халықтың наразылығын тудырған мәселе гейлер, трансгендерлер, лесбияндар… жақсы, біз мұндай сөздерді мүлдем айта алмаймыз… сондайлардың құқығын қорғаймыз деген нәрсе болды», — деді.

Сосын кәсіби айтыскер: «Алла Адам мен Хауа ананы жаратты да, үшінші нәрсені жаратқан жоқ… Мұны 18 млн қазақстандық біледі… Егер еркек пен әйел некесіз қосылса, шариғатта күнә болып саналады. Ал егер ер адам ер адаммен немесе әйел мен әйел қосылса, олар шариғаттың ғана емес, тіпті табиғаттың заңдарын бұзады»,-деп уағызға ұқсас әңгіме айтуға көшті.

Екі минуттай сөйлеп, сөз соңында: «Шерудегі «Әр әйел — менің жалғызым» деген сөзі шынында да дұрыс, төрт әйелі бар әрбір мұсылманға осылай айту керек»,- деп, орынсыз қалжыңды да қыстырып жібереді.

Жүргізуші Қазақстанда көп әйел алуға заңда рұқсат етілмегенін ескертудің орнына ақынның бұл сөзіне дауыстай күліп, мақұлдағанын білдіреді.

Ақын «Қазақстанда әйелдердің құқықтары жақсы қорғалғанын, қайта керісінше кейбір әйелдер күйеуі мен баласын тастап кететінін, алименттің ақшасына шалқып өмір сүріп, басқа еркектермен көңіл көтеретінін”, сондай әйелдің емес, қайта еркектің құқығын қорғау керек екенін айтып, біраз көсілді. Пікірін: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Әйел мінезді ер адамда күш жоқ, еркек тәрізді әйелде ұят жоқ» деген мақал-мәтелмен аяқтап, «Мен ешкімді ренжіткім келмейді»,-деп, ақталғандай болады.

Жүргізуші қонақтан «мұндай адамдардың» құқықтары қорғалуы керек пе» деген сұрағына әрең жауап алып, бірақ Гүлзада Сержанның пікір айтуына кедергі келтіреді. Гүлзада Сержан: «ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің құқықтарын мемлекет қорғауы керек» деп тұжырымдап үлгереді.

Сөз кезегі ата-аналар одағының мүшесіне келгенде, ол: «Сіз секілді апайларымыздың, сіздің жасыңыз маған қарағанда үлкен ғой енді, осындай нәрселерді бастап жүргеніне ішім ашып отыр. Бұл мемлекетімізге іріткі салатын бастамалар. Сіздер батыстың бүкіл моделін бізге әкеліп енгізбекшісіздер», — деп бастады жалынды сөзін Бағила Балтабаева.

— «Өрімдей жастарды бұндайға тартуға ұялмайсыздар ма? Құдайдан қорықсаңызшы! Бүкіл өңір, сіз Жаңақорғаннан емессіз бе (Қызылорда облысы – авт.) сол бүкіл Жаңақорған қазір жылап отыр. Қаншама адамның қарғысына қалып отырсыз. Сіз кеше митингіге шыққан жасөспірімдердің ата-анасының, ата-әжесінің қарғысына қаласыз. Барлық ата-аналар барлық ЛГБТ адамдарына қарсы. Мен қатты қарсымын, мен бұл туралы барлық жазбаларымда жаздым. Сізді тегтедім, бірақ сіз мені блоктап тастадыңыз…,- деді.

Осыған дейін студия қонақтарының жалынды сөзін үнсіз тыңдап тұрған жүргізуші: «Блоктады ма? Ал демократия қайда? Бұл ұйымдар демократияны жақтайды да, бірақ оның принциптерін ұстанбайды иә?»,- дейді. Неге екені белгісіз, бұған дейін сарапшылардың бірі екіншісінің атына тікелей қарғыс сөздер айтып жатқанда, жүргізуші бұған тоқтау салмады, спикер сөзін бөлмеді.

Балтабаева ханымның «Қазақстандық ата-аналардың барлығы секс-азшылықтарға қарсы екенін» ешбір негізсіз айтқанда да Ерқанат Көпжасар назарға алмады. Ал Балтабаеваның қарсыласы мұндай деректердің қайдан шыққанын нақтылауға тырысқанда, өзі: «Енді ата-аналар Одақ мүшесі ғой!», — деп жауап берді.

Бір қызығы, ақын да, Балтабаева ханым да «қазақ әйелдері мен адам құқықтары – бұл екі бөлек нәрсе» деп санайды екен. Гүлзада Сержан бәрінің құқығы бірдей екенін түсіндіруге тырысқанда, жүргізуші: «Енді, Гүлзада ханым, пікірлер плюрализмін сақтайық та», — деп тоқтатады.

«Феминита» басшысы Қазақстандағы әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімі туралы мәселені қозғағанда, журналист бұдан хабарсыз екенін көрсетті. «Мүмкін емес!», — деп жауап берді феминистке. Сержан ханым тыйым салынған мамандыққа қатысты жауап беруге тырысқанда, жүргізуші мен ақын, «одақ мүшесі» үш жақтап оның сөзін бөліп тастап, сөйлетпеді. Біраз уақыттан кейін редактор әйелдерге тыйым салынған 229 жұмыстың барын (Қазақстанда әйелдер сүңгуір бола алмайды, метрода және жүк көліктерінде пойыздар жүргізе алмайды т.б) жүргізушіге хабарлады.

Бұған дейін спикерлерді үнсіз ғана тыңдап тұрған филолог Назгүл Қожабек сөз кезегі тигенде эфирде қарғыс сөздер айтылғанын, бұл дұрыс емесін тілге тиек етті. Балтабаева ханым оған: «Ешкім ешкімді қарғаған жоқ!» десе, ал ақын: «Алла қарғады оларды», — деп қосты. Жүргізуші тағы да үнсіз қалды.

Филолог, мысалы, қыздарды алып қашу сияқты құбылыс елімізде әйелдер құқығын бұзу деп айтуға тырысқанда, жүргізуші сөзін бөліп: «қалыңмалдың жоғары болуына байланысты кейбір қыздар үйлене алмайды, бұл да құқықты бұзу», — деп қосады.

Бағила Балтабаева оның сөзін бөліп: «Менің анамды да алып қашқан, онда тұрған ештеңе жоқ, отбасын құрды, ол бізді дүниеге әкелді, өсірді. Біздің ауылдағы жеңгелеріміздің елу пайызын алып қашқан. Бәрі де бақытты өмір сүріп жатыр», — деді.

Пікірталастың жаңа шеңбері әйелдердің, секс азшылықтардың құқықтары бұзылып жатыр ма, деген сұраққа ауысты.

Ақын соңғылардың құқықтары қазір де «тым қатты» қорғалып кеткен» десе, Бағила Балтабаева: «олардың құқықтарын қорғаудың мүлде қажеті жоқ» деді. Гүлзада Сержанның «неге қорғаудың қажеті жоқ?» деген сұраққа жауап беруін сұраған өтінішіне жүргізуші: «Сіз кішкене сабыр сақтаңызшы, күте тұрыңыз, сіздің сөзіңізді ешкім бөлген жоқ «, — деп бірнеше рет қайталайды.

Ол пікірталасты: «Сіздерді ешқандай кемсітушілік жоқ, сізге одан да көп құқықтар берілді. Мысалы, митинг өткізуге рұқсат етілді. Бізде басқа қоғамдық, оппозициялық ұйымдар митингке рұқсат ала алмайды», — деп қорытындылады.

Рас, мұнда бұл оның субъективті пікірі екенін айтып, қонақтарға соңғы сұрағын қойды.

«Қазақ қыздарын қалай тәрбиелеу керек» деген сұраққа Балғынбек Имашев: «Біз қыздарымызды еркін тәрбиелейміз, тек келін болған соң ол басқа әлемге түседі. Өз үйінде қыз еркін өседі. Еркін тәрбиелейміз деп бұл кісілер қазір қыздарымызды бақытсыз болуына апаратын нәрселерді айтуда. Әйелдің жалпы бақыты – отбасында. Әйелдің бақыты ер азаматының көңілін тауып, баласын туып, барған жерінде жақсы келін болуында…Бізде барлық бәле жала осы бас бос әйелдерден болып отыр», — десе,

Бағила Балтабаева Қазақстанда әйелдердің билік басында болуына қарсы екенін айтты: «Бізде ер азаматтар бар, солар билеп, төстеу керек».

Осы тұста ақын қазақ қыздарына арналған өлеңін оқуға рұқсат сұрайды, өлеңде әйелдің бақыты тек оның отбасында екенін меңзеген ой айтылады. Өлеңде:

…Пайғамбардай сыйлаймын мен күйеуді

Ал сен оған патшадай қызмет қыл…»

…Саған жәннат еріңнің қабағында

Оған жәннат ананың табанында…»

…Күндіз-түні енеңнің көңілін тап

Жәннатыңның себебі жәннаты сол…»,

деген жолдар бар.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар әйелдер туралы көп мақал-мәтел барын еске салып,  «Әйел бастаған көш оңбас» дейді ғой енді қазақта», — деп тоқтайды.

Әрине, әр адамның пікір білдіруіне құқығы бар, егер бұл заңға қайшы келмесе, кез-келген жағдайда, тіпті мәселені мүлдем түсінбесе де білдіре алады. Алайда «Неге?» бағдарламасының студиясында жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі Декларацияға қайшы келетін қорлау сөздер айтылды, адам құқықтарын бұзатын пікірлер айтылды, ал кәсіби журналист Ерқанат Көпжасар үндемеді, не сөз таба алмады, қонақтардың пікірлер тепе-теңдігін сақтауды мүлдем ұмытты.

Нәтижесінде ток-шоу кейіпкерлерінің қайсысы жағымды, қайсысы зұлым болатынын алдын-ала анықталатын қойылымға айналды. Көрермен пікір емес, фактілерді тыңдауға және ақырында «Феминизм қазақ қоғам үшін қауіпті ме?» деген сұраққа жауап табуына мүмкіндік болмады.

«Шағын грант. Жазғы маусым 2021» контент өндірісі байқауына өтініш қабылдау басталды

Internews Орталық Азияда «Шағын грант. Жазғы маусым» контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын жариялады.

Байқауға өтініштер 2021 жылғы 6 сәуір, сағат 23:59-ға дейін қабылданады.

Бұл байқау қысқа мерзімде ерекше идеяға негізделген шағын жобасын жүзеге асырғысы келетін авторлар тобына арналады. 

Қандай жоба болуы мүмкін? Дәстүрлі форматтағы: лонгрид, мақалалар топтамасы, бір немесе бірнеше арнайы репортаж, соның ішінде бейнероликтер, анимациялар, карикатуралар және т.б. Бұдан бөлек, мұнда аталмаған басқа да форматта, мәселен, шығармашылық, арт, азаматтық белсенділікке бағытталған экперименталды контент жобалар ұсына аласыз. Мұндай идеяларды тек онлайн кеңістікте ғана емес, офлайн-кеңістікте де (көрмелер, арт-кампаниялар және т.б.) жүзеге асыруға болады, алайда жоба аясында контент жасалу керек.

Жоғарыда бірнеше мысал келтірдік. Алайда мұнымен шектелмей, кез-келген жанр мен форматты таңдай аласыз. Идеяңызды ұсыныңыз!

Шабытыңызға ерік беріңіз, ойлап табыңыз, армандаңыз! Бастысы әлеуметтік маңызға ие, көпшілікке айтар ойы бар медиаконтент болуы тиіс екенін есте сақтаңыз! 

Қандай тақырыптар ұсынуға болады? Тақырыпта шектеу жоқ. Маңызды және сұранысқа ие болып көрінетін кез-келген тақырыпты таңдаңыз.

Мұндай жоба қанша уақытқа созылады? 1 айдан 6 айға дейін.

«Шағын грант. Қысқы маусым» байқауына кімдер қатыса алады? Мемлекеттік емес медиа, онлайн басылымдар, газеттер мен журналдар, шағын телекомпаниялар, радиостанциялар, продакшн-студиялар, тәуелсіз авторлар, журналистер, блогерлер, суретшілер, белсенділер және Қазақстан, Тәжікстанның басқа да шығармашылық топтары қатыса алады.

Ескерту: Өтінішті заңды тұлға (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе басқа) ретінде тіркелген медиа, сондай-ақ жай авторлар да береді.

Контент қай тілде болуы мүмкін? Қазақ, тәжік және/немесе орыс тілдерінде.   

Команда жоба үшін қандай сома сұратуы мүмкін? 

Қазақстанда бір жоба 2 200 000 теңгеге дейін ала алады. Мәлімделген бюджет нақты және негізделген болуы керек.

Жекелеген авторлар (жеке тұлғалар) сонымен қатар 200 000 теңгеге дейінгі көлемдегі стипендияға да өтініш бере алады. Стипендияға ұсынылған бюджет те нақты және негізделген болуы тиіс.

Грант Өзбекстандағы контент жобаларға да беріледі. Жобаны іске асыру үшін $3000 дейінгі қаржыға өтініш беруге болады.

Іріктеу қалай өтеді? «Шағын грант. Жазғы маусым» байқауы төрт кезеңнен тұрады:

 1 тур — идеялар ұсыну

Тақырыпқа ешқандай шектеу жоқ, бірақ нақты әлеуметтік топқа бағытталуы маңызды. Мазмұны мен форматы қызықты, шабыттандыратын ұсыныстар күтеміз.

Жобаңызды конкурсқа жіберу үшін 2021 жылдың 6 сәуірі, сағат 23:59-ға дейін онлайн өтінішті толтыру қажет.

Бір команда бірнеше идея ұсына алады. Бірақ әр жобаға жеке өтініш толтырып, жіберу қажет.

2 тур — техникалық іріктеу 

Келіп түскен өтініштерді Internews ұжымы техникалық іріктеуден өткізеді. Әр жоба байқаудың критерийлеріне сай қаралады. Келесі кезеңге ерекше идея ұсына алмаған авторлар өткізілмейді. Мысалы бір өтініш беруші «Instagram-да парақша ашып, жұмыс бойынша вакансияларды салып отырамын» деді. Әрине бұл контент жасау, алайда жоба идеясы ерекше емес, сонымен қатар бұл бар ақпаратты қайта жариялау ғана. Өкінішке қарай, мұндай жобалар байқау мен ұйым мақсатына сай келмейді. Internews тәуелсіз медиаларды қолдаумен, журналистердің, редакция қызметкерлері мен контент жасаушылардың білігін арттырумен, заманауи медиа мен ақпараттық кеңістікті дамытумен айналысады. Байқауға өтініш берерде осыларды назарға алсаңыздар.

Сонымен қатар бұл кезеңде толық ойластырылмаған, аудиториясы немесе қажет қаражат нақты көрсетілмеген жобалар іріктеуден өтпейді.

Ал ең қызықты, ерекше және соңына дейін нақты ойластырылған идея үшінші кезеңге өтеді. Келесі кезеңге өткен жобалардың тізімі 2021 жыл, сәуір айының ортасында шығады.

3 тур — идеяларды таныстыру  

Іріктелген жоба авторлары арнайы питчинг-сессияға шақырылып, жоба тұжырымдамасының өзектілігі мен орындалуының шынайылығын дәлелдей отырып, бес минут ішінде кез келген формада таныстыра алады. Оларды тәуелсіз медиа-сарапшылар мен Internews қызметкерлерінен жасақталған арнайы байқау комиссиясы тыңдайды.

Питчинг-сессияда қазылар алқасына мыналарды көрсету керек:

  • шығарманың егжей-тегжейі;
  • жоба аудиториясы;
  • бюджеті;
  • дайын өнім қандай боларын;

Екінші турға өткен авторларға презентация шақыртуын бөлек жібереміз. Жобаны қорғауға дайындық кезінде мына формуланы есте ұстаңыз: қызық тақырып + сәтті формат + аудиторияны түсіну = жақсы жоба.

Стипендияға өтініш берушілерге де тура сондай талаптар қойылады: тақырып өзектілігі, сәтті формат, мультимедиа және жоғарыда аталған талаптар. Презентациядан кейін комиссия мүшелері нақтылау сұрақтарын қоюы мүмкін, жоба идеясын жақсартатын ұсыныстар бере алады.

Биыл питчинг онлайн өтеді. 2021 жыл, сәуір айының ортасына дейін өткізіледі.

Айта кетейік, питчинг нәтижесін презентация күні хабарламайды. «Шағын грант. Жазғы маусым»  байқауының жеңімпаздары 2021 жылдың мамыр айында жарияланады.

4 тур – құжаттарды пысықтау және ресімдеу

Питчинг нәтижесінде мақұлданған жоба авторларына жобаны пысықтап, бюджетін жасап және қажет құжаттарын ресімдеуге 2 апта уақыт беріледі.

Комиссия контент-жобаларды қаржыландыру бойынша түпкілікті шешімді мына критерийлер негізінде қабылдайды: идея мен формат бірегейлігі, мақсатты аудиториясын түсінуі, дайын өнім қандай болатынын көре білуі және ақылға қонымды бюджет.

Егер конкурста жеңіске жетсеңіз, жабдықты сатып алу/жалға алу, сондай-ақ лицензиялық бағдарламалық жасақтаманы немесе мультимедиа құралдарын сатып алуды бюджетке қосуға болады.

Internews қажет болған жағдайда жобаға кеңесшілер тартуға көмектеседі. Мысалы, “YouTube контентті таныту бойынша біліміңіз жеткіліксіз” деп ойласаңыз, арнайы маман көмегі қажет екенін айта аласыз.    

Қандай идеялар нақты қолдау таппайды? Internews мемлекеттік және мемлекетпен аффилиирленген медиаға қолдау көрсетпейді, сондайақ сайт жасау және таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер мен музыкалық клиптер өндірісін де қолдамайды. «Шағын формат» конкурсы шеңберінде институционалды қолдау (бұған, мысалы, кеңсені жалға алу және басқа да осындай шығындарды жатқызуға болады) көрсетілмейді.

Internews контент өндірісін неліктен қаржыландырады? Орталық Азиядағы медиа заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны қатыстыра отырып, ел өмірінің ең өзекті қырларын, мәселелері, жетістіктері мен кейіпкерлері туралы кәсіби тұрғыда әңгімелегенін, баяндағанын қолдаймыз. Байқау мақсаты – сапалы телевизиялық бағдарламалар, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, лонгридтер, әлеуметтік желілердегі жобалар, подкасттар, web-доктар, web-сериалдар (деректі), мультимедиа оқиғалар, журналистік зерттеулер және т.б. жасауды қолдау.

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «Шағын грант. Жазғы маусым» байқауы бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Егер «Шағын грант. Қысқы маусым» жеңімпаздары мен олардың жобалары туралы білгіңіз келсе, сайтымыздағы мақаланы қарап шықсаңыз болады.

Ал егер үлкен бюджетке негізделген ауқымды әрі ұзақмерзімді жоба жасамақ болсаңыз, «Шағын грант» конкурсына қатыспаңыз. Арнайы осындай идеяларға арналған бөлек «Ірі грант» байқауын бастадық. Алдыңғы байқау 2020 жылдың соңында өтті, келесісі осы жылдың күзінде жоспарланған. Жобаңызды пысықтауға уақыт қажет болса, келесі конкурсқа қатыса аласыз. 2020-2021 жылдары Internews контент өндірісін қалай қолдайтыны туралы толығырақ мына мақаладан оқыңыз.  

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Пандемияға 1 жыл, ұшақ апаты және қымбатшылық. 8-14 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Жексенбілік қорытынды бағдарламалар 13 наурыз кешкісін Алматы әуежайы жанында АН-26 әскери ұшағы құлаған жаңалықтан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы коронавирус пандемиясына 1 жыл толғанын қысқа айтып, ресми жаңалықтарға ауысты. Ал “Басты бағдарлама” авторлары Қазақстан жұртшылығы коронавирус жылын қалай өткізгенін елеусіз қалдырды. Есесіне “7 күн” мен Apta бағдарламалары  көрсетпеген бірнеше оқиғаға назар аударыпты. Apta авторлары шекара маңындағы ауылдардың қиын жағдайынан жұртшылықты хабардар етуін жалғастырды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны жүргізген Дархан Әбдіуахит “Батпандап қана емес, баса-көктеп кіріп алған коронавирус тұтас тұрмысымызға түзету енгізді” деп, пандемияға бір жыл толғанын бір ауыз сөзге сыйдыра білді. Қисынға сәйкес, коронавирус туралы сюжет күтіп отырғанымызда “жеті күндіктер” дәстүрден айнымай, Тұңғыш президент Н.Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Назарбаев қабылдауларынан видео көрсетіп, сөйлетсе, Тоқаев қабылдауларына Ақорда сайты таратқан ақпаратты алыпты. Мемлекет басшысының жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын да айтып өтті.

Тұңғыш президенттің АҚШ-қа алғашқы сапары, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы сияқты маңызды оқиғаларды да қамтыды. Бағдарламаның алғашқы 10 минуты сюжетсіз өтіп, жүргізуші Дархан Әбдіуахит еншіледі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындалған сюжет Тәуелсіздік жылдарындағы наурыз айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасайды. Қазақстанда әз-Наурыз қашан қалай қайта тойланғанынан бастап, 2019 жылы Астана қаласының атауы өзгеріп, Нұр-Сұлтан атанғанына дейін айтты.

Бағдарлама басталғанда қысқа айтылып, президенттер жаңалықтарына ұласып кеткен коронавирустың бір жылдығына арналған сюжет індеттен қайтыс болғандар, ауырғандар саны мен медицинадағы өзгерістерді баяндайды. Коронавирустан айыққан кейіпкерді, ДСМ министрі мен сенаторды сөйлетті.

Ал әлемдегі коронавирус ахуалының жай-жапсарына шолу-сюжет вакциналау қалай жүріп жатқанын хабарлайды.

“Ashyq” мобайл қосымшасының мүмкіндігін түсіндіретін сюжетте кәсіпкерлер, құқық қорғаушылар, «Atameken» ҰКП өкілдері, қосымшаны қолданушылар жан-жақты пікір айтады. “Бұл қосымша жеке деректердің ұрлануына әкеліп соқпай ма” деген күдік пен осы күдікке жауап комментарий де бар. Тараптар пікірін ескеріп, бәріне бірдей сөз берген, ақпараты мол түсіндірмелі сюжет.

Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, жолдар жабылып, электр жарығы сөніп, жер-жерде қиыншылық туындағанын, құтқару жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баяндаған сюжетте биылғы қардың қалыңдығы мен су қоймаларының дайындығы туралы көп мәлімет бар.

Апталық бағдарламалардағы сирек тақырыптың бірі — спорт. “7 күн” тілшілері Қазақстанда тұңғыш рет фристайлдың могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты өткенін айта келе, чемпионаттан репортаж дайындапты. Осылайша спорт тақырыбы апталық бағдарламаны аяқтады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

13 наурыз кешкісін Алматы әуежайының жанында ҚР ҰҚК-іне тиесілі АН-26 әскери ұшағы құлады. Ұшақтағы алты адамның төртеуі көз жұмып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. “Басты бағдарлама” эфирі осы апат жайында жан-жақты ақпарат пен видеоларды жинақтаған сюжет дайындапты.

Кешегі аптаның хитіне айналған “Жұмабектің бажасы” видеосы “Ұр тоқпақ” айдарының да назарына ілініпті. Бұл айдар әлеуметтік желі қолданушылары жаппай талқылаған тақырыпты арқау етеді. Осылайша «Жұмабек оқиғасын» жан-жақты баяндады.

Депутат Ерлан Смаиловтың “Ана капиталы” туралы ұсынысын талдаған сюжет алғысөзі “Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр” деп басталады. Сюжетке алты баласымен шағын пәтерде тұрып жатқан отбасының хикаясын да қосыпты. Алайда балалардың бет-жүзін жаппай, жылаған балалардың бейнесін бір емес бірнеше рет ашық әрі анық көрсетеді. Тілші сюжетін: “… алдағы онжылдықта қазақ мүддесі үшін жұмыс істейтін жасты табу қиындайды» деп, түйіндеді.

Елімізде қарыз алушылар көбейіп бара жатқанына алаңдаған сюжет “Несиеге өмір сүремін” деп аталады. Қай өңірде қанша несие берілгенін сызып көрсетіп, борышкердің уайымын жеткізіп, сарапшылар пікірін берді. Ал психолог несиеден қорықпай, қарыз ақшаны жоспарлы жаратып, пайда табуға болатынын әңгімелейді.

“Басты бағдарлама” тілшілері 8 наурыз күні Алматыда өткен Феминистер маршына сюжет арнаған екен. Сюжет алғысөзінде жүргізуші Әсем Изатқызы: “Біздің қоғамда әйелдерге қатысты әлімжеттік, тізе батыру секілді жайттар жоқ емес, алайда бұл жаппай сипатта емес” деп, таяқтың екі ұшынан қатар ұстауға тырысады. Қоғам белсендісі: “шеруде дәстүрлі құндылықтарға жат ұрандар айтылды” деп сынаса, феминистік ұйым өкілі шерудің және өз ұстанымдарының маңызына тоқталады.
Автор Берік Дүйсенбай сюжетін: “…дәстүрлі құндылықтар мен әйел құқығы әлі талай тартысқа түсетін сияқты” деп түйіндейді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі Алматы әуежайы жанында әскери ұшақтың құлағанынан басталып, қаза тапқан 4 адам туралы мәлімет берді. Жарақат алған 2 адамның жағдайын аурухана меңгерушісі егжей-тегжейлі айтты.

Бағдарламаның үлкен тақырыбы — коронавирус пандемиясы басталғанына 1 жыл толуы. Соңғы 366 күнде не болғанын еске түсірген сюжет көп оқиғаны қамтыпты. Алайда кейбір елеулі жайттар, мәселен “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” және “СҚ-Фармация” басшылықтарына қатысты қылмыстық істер, Алматыда салынған модулді аурухананың қыс суығына жарамсыз болып шыққаны айтылмады.

Тұрғын үй тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды талдайтын сюжетте кейіпкерлер хикаясы, сарапшылар, экономистер комментарийі бар. Олар нарықтағы көбіктің не екенін тәптіштеп түсіндіріп, пәтер шаршы метрі бағасының өсуі себептерін (зейнетақы жинағының бір бөлігін алу, мемлекеттік бағдарламалар, урбанизация, спекуляция) түсіндіреді. Ақпараты мол, тақырыпты терең талдаған  сюжет.

Apta редакциясы шекара маңындағы ауылдардың проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Бұған дейін Ресеймен және Қытаймен шекаралас елдімекендеріміздің жай-күйінен хабардар етсе, бұл жолы “қазақ-өзбек шекарасының өтінде отырған Бағыс ауылының” қиын ахуалын баяндады. Ауыл Түркістан облысының қай ауданына: Қазығұрт ауданына ма, Сарыағаш ауданына ма, қарайтыны әлі белгісіз. Тұрғындар үйі мен жеріне мемлекеттік акт ресімдей алмайды, кадастр нөмірі берілмейді, салынғанына 70 жылдай болған мектеп құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Егістік пен жайылым жер тарылып барады. Әлі күнге табиғи газ жоқ. Бағыстықтардың ауыр тұрмысын көрсетер, тұрғындар эмоциясына толы, жергілікті әкімдік өкілдерін де сөйлеткен сюжет.

“Apta қонағы” сұхбатына сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев келді. Жүргізуші мен сенатор аграрлы саламызда ғылым мен білім кенже қалып, дамымай отырғанын, мұның азық-түлік бағасы өсуіне қалай әсер етіп жатқаны туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” тұрақты айдары 1993-1994 жылдарға арналды. Импорт техника, шетелдік авто, қаржы пирамидалары, елес-қалалар, жаңа астана  таңдау оқиғаларын жинақтап, еске түсірді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews Батыс Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына медиасауат бойынша онлайн-тренингтер өткізетін серіктестер іздейді

Internews Батыс Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта медиасауаттылық тренингтерін өткізетін серіктестер іздейді. Серіктестерді байқау арқылы анықтайды.

Медиа-ақпараттық және цифрлы сауатқа оқытатын онлайн-тренингтер Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қазақ, орыс тілдерінде ұйымдастырылуы керек. Төрт тренингтің әрқайсысы бойынша кемі 25 адамды оқыту жоспарланған.

Байқауға аталған облыстардан медиа-ақпараттық және цифрлы сауаттылықты дамытуға мүдделі медиа ұйымдар, коммерциялық емес, қоғамдық және білім беру ұйым өкілдері шақырылады. 

Тренингтер 2021 жылғы шілде айынан кешіктірілмей өткізілуі керек.

Талаптары: серіктес ұйымның медиасауаттылық бойынша көпшілік іс-шаралар, тренингтер өткізу тәжірибесі, медиасауат тренерлері немесе оқытушылары болуы шарт. Авторлық оқыту бағдарламасын ұсынуы қажет.

Internews жобаны іске асыруға қаржылай және консультативті қолдау көрсетеді.

Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 25 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін  онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Internews өтініштерді қарастырып, 2021 жылғы 10 сәуірге дейін шешім қабылдайды. Барлық өтініш берушіні қабылданған шешім жөнінде 12 сәуірден кешіктірмей электронды пошта арқылы хабардар етеміз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Internews медиасауат бойынша қазақ тілінде онлайн-тренинг өткізуге серіктестер іздейді

Internews қазақ тілінде медиасауат бойынша онлайн-тренинг өткізетін серіктестер іздеу байқауын жариялайды. Онлайн форматында медиа-ақпараттық және цифрлы сауатқа үйрететін тренингтерге ЖОО оқытушылары, журналистер, медиатренерлер, баспасөз хатшылары, PR қызметі, азаматтық белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысады.

Тренинг 2021 жылғы шілде айынан кешіктірілмей өткізіліп, кемі 30 адам оқуы керек.

Талаптары:

Байқауға медиа-ақпараттық және цифрлы сауат бойынша жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар ұйымдар шақырылады. Серіктес ұйымның медиасауат тренерлер немесе оқытушылары болуы керек. Авторлық білім беру бағдарламасын ұсынуы қажет.

Internews жобаны іске асыруға қаржылық және консультациялық көмек береді.

Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 25 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Internews өтініштерді қарастырып, 2021 жылғы 10 сәуірге дейін шешім қабылдайды. Барлық өтініш берушіні қабылданған шешім жөнінде 12 сәуірден кешіктірмей электронды пошта арқылы хабардар етеміз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстандағы медиа тұтыну мен медиасауаттылықты зерттеуге тендер

Internews өкілдігі Орталық Азия елдері: Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы медиа тұтыну мен медиасауаттылықты зерттеуге тендер жариялайды. 

Зерттеу медиаортаның құрылымын, яғни аудитория қалауы мен сұрауын, медиасауат деңгейін, өз медиасауатын қалай бағалайтынын анықтауы қажет. 2019 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелерімен салыстырмалы талдау жасалуы керек. 

Зерттеу тұрғындардан бетпе бет (face-to-face) сауалнама алу, фокус-топ және сарапшылармен сұхбат жасау арқылы сандық және сапалық тәсілмен жүргізіледі. 14-65 жас аралығындағы қала мен ауыл тұрғындарын қамтиды. Зерттеудің далалық кезеңі 2021 жылғы маусым соңына дейін жүргізілуі міндетті. Бастапқы баяндама маусым соңына дейін, қорытынды баяндама 2021 жылғы қыркүйек соңына дейін дайындалады.

Зерттеудің жұмыс тілі — орыс тілі. Серіктес үш елде аймақтық деңгейде жұмыс істейді. Сауалнаманы сол аймақтағы ұлт тілдеріне аударады. 

Техникалық сипаттамасын файлды жүктеп алып, танысыңыз.

Егер медиазерттеу жасау тәжірибеңіз болып, қатысқыңыз келсе, онда 20 наурызға дейін Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына “Медиа тұтынуды зерттеу” тақырыбымен хат жолдаңыз.

Хатқа мына құжаттарды қосыңыз:

  • заңды тұлға ретінде тіркеу куәлігінің көшірмесі;
  • соңғы бес жылда жүргізген негізгі ірі зерттеулеріңіздің тізімін, орындалған жұмыстың қысқаша сипаттамасын, есебіңіз ашық жарияланса, соның сілтемесін беріңіз және тапсырыс берушіні көрсетіңіз. Орталық Азия аймағында немесе медиа зерттеу бойынша зерттеулерге басымдық беріңіз;
  • Зерттеудің жоспарлы жұмыс кестесі зерттеу жүргізу тәртібі;
  • Жұмыстың болжалды құны

Internews конкурс критерийлеріне сай келетін бірнеше үміткерді таңдап, олармен әңгімелеседі. Әңгімелесу 25-31 наурыз аралығында болады. Содан кейін зерттеу жүргізетін серіктесті таңдап, конкурс нәтижесін 2021 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей хабарлайды. 

Қандай да бір сұрақ туындаса, Central-Asia-Applications@internews.org электронды поштасына жазыңыз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады.

Қырғыз президенті, қымбатшылық және әкімдер. 1-7 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары “7 күн” және Apta бағдарламаларының басты тақырыбына айналса, “Басты бағдарлама” редакциясы эфирдің соңғы тақырыбы етіпті. Мемлекеттік телеарналардың апталық бағдарламасы азық-түлік бағасы өсуінің себебіне үңілсе, “Еуразия бірінші арнасы” тілшілері үш мегаполис әкімдерін халық тани ма, деген сауалға жауап іздейді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 6 наурызда эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасын Дархан Әбдіуахит жүргізді. Ол алғысөзінде Қазақстан мен Қырғызстанның сауда қарым-қатынасы туралы цифларды тізіп шықты. Ал сюжет Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Қырғыз басшысы Садыр Жапаровтың сөздерінен үзінді келтіріп, жалпы кездесу қалай өтіп, қандай келісімдер жасалғанын толық баяндады.

Тұңғыш президент Н.Назарбаев қырғыз басшысын қабылдағаны да айтылып, сөздерінен үзінді берді. Ары қарай Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Гүлжан Мархабаеваның “Инвестордан игілік” деген сюжеті “Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді, сіз бен біз ес білгелі естіп келе жатқан сөзіміз осы” деп басталады. Бұл сюжетке Тоқаевтың шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компаниялары басшыларының жұмыс кездесуіне қатысуы түрткі болыпты. Шағын сюжет президентті сөйлетіп, шетелдік инвесторлар үні естілмеді.

Мемлекет басшысының Экономикалық Ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқаны тағы бір тақырыпқа арқау болып, жиында айтылған мәселелерді тізбектеді. Қ.Тоқаевты сөйлетіп, президент айтқан ұсыныстарға назар аударды. Бұл сюжетке Қазақстанның сыртқы сауда-экономикалық саясаты жөнінде сарапшы пікірі жетіспеді.

Назарбаев пен Тоқаевтың 1 наурыз — Алғыс айту күніне құттықтауынан да үзінді беріп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сюжет көрсетті. Дәстүрлі айдар  биыл Қазақстанда бала туу көрсеткіші бойынша рекорд жаңарғанын баяндайды. Ана мен бала тақырыбындағы проблемаларды елеусіз қалдырған, тек позитивтен құралған сюжет.

Қаржы алаяқтығы туралы сюжет өз атына белгісіз біреу несие ресімдегенін білмеген кейіпкер хикаясынан басталады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы, заңгер және ломбард өкілдерін сөйлетіп, микроқаржы ұйымы мен ломбардтан несие аларда ескеретін мәліметтер берді. Қаржылай сауатты болуға үндейтін пайдалы сюжет.

Азық-түлік тауарларының, соның ішінде күнделікті жиі қолданылатын тағамдар бағасының өсу себебіне қатысты да «7 күн» сюжет әзірлепті. Сатушы мен тұтынушы пікірін сұрайды. Бәрі де баға өскенін айтады. Кәсіпкерлерді де, құзырлы орган өкілдерін де, экономистерді де сөйлетті.

Оқушыларды онлайн оқытудың артықшылығы мен кемшілігі, офлайн оқудың қайта басталғаны жөніндегі сюжетте сөз алған спикерлер онлайн білім беру жүйесін енгізген кездегі, содан кейінгі кадрлар дайындығы мен интернет сапасының нашарлығын айтады.

«Бақуатты әйелдер көбейді». Кәсіпкер әйелдерге туралы статистика келтірмес бұрын, Дархан Әбдуахит сөзін осылай бастады. Мерекелік сюжет ерекше мамандық меңгерген әйелдерді көрсетеді. Сюжет “Ақылына көркі сай әйелдің қашанда отбасы мен қызметін бірге алып жүріп, әлемнің бесігін тербетуге құдіреті жетеді” деп аяқталады. Бұл түйін артық-ақ, өйткені сюжеттегі кейіпкерлер — әйелдің қоғамдағы рөліне айқын дәлел еді. Тілшінің сөзі қашан да әйелге жазылмаған заңдай жүктелетін ауыр міндет барын айғақтап тұрғандай естілді.

“Басты бағдарлама”, ”Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама жыл басынан бері елімізде өрт оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, себептеріне үңілуден басталды. Әсем Изатқызы өрт көбейгеніне және себептеріне қатысты куәгерлерді сөзге тартып, статистикалық дерек келтіреді. Депутаттар ТЖ министрлігінің ақпарат таратуын сынға алса, заңгер сарапшы Қазақстанда оқиғаның себебімен емес салдарымен күресетенін айтады.

«Ұр тоқпақ» айдары “Қазақстанның халық партиясы” депутаттарының “Ана капиталын” енгізу туралы ұсынысына арналыпты.

“Миллионер әкімдердің есебі” деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы әкімдерінің өткен аптада халық алдында жасаған есебін баяндайды. “Тұрғындар әкімді тани ма” деп, үш қала тұрғындарынан әкімі туралы не білетінін сұрайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі “Басты бағдарлама” тілшілерінің де назарына ілініпті. Ерекше жандарға жағдай жасалмағанынан бастап әлеуметтік қызметкердің жұмыс уақытын қысқартуға наразылықты айта келе, тараптарды сөйлетті.

Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың елімізге мемлекеттік сапары «Аптаның айтулы оқиғасы» деп аталса да эфирдің соңына түсіп қалды. Сюжет екі ел басшыларының кездесуін, қол қойған келісімдерін толық баяндап шықты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta да Қазақстан және Қырғызстан президенттерінен басталды. Әуелі Садыр Жапаровтың “Қазинформ” АА басшысы Асқар Омаровқа сұхбатынан үзінді келтіріп, сосын сарапшы пікірімен толықтырылған көлемді әрі толымды сюжет көрсетті.

Коронавирус статистикасын хабарлаған соң, «Азық-түлік бағасының өсуіне не себеп» деген сауалға жауап іздеді. Бұқараны, шенеуніктерді, экономистерді сөйлетті. Толымды әрі егжей-тегжейлі сюжет.

Apta бағдарламасы шекаралас аймақтардағы ауылдар проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Сюжет ШҚО-ның Тарбағатай ауданы тұрғындарына сөз берді. Бұл аудандағы ауылдар ҚХР-ымен шекаралас орналасқан. Ауылдардың жағдайы келіспеген соң адамдар ата қонысын тастап, көшуге мәжбүр. Ауруханалар жабылып жатыр. Барлық тарапты сөйлеткен, эмоцияға толы, кадрлері әсерлі сюжет.

“Apta қонағы” — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан бастап, жастар кадрлық резерві, еститін мемлекет, әйел ерік-жігері туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы” айдарының бұл жолғы сюжеті 1993 жылды еске алады Мемлекеттік символдар, рэкеттер, саудагерлер, мәдениет саласының проблемасы, мұнай инвесторларын көрсетер сюжет ностальгияға толы.

Қазақстан ауылдарында балабақша жетіспейді. Сюжет балабақшалар мәселесін барлық жағынан (тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғуы, олардың біліктілігі, ауылдағы балабақшаларда қарапайым жағдай жоғы және т.б.) қамтуға тырысыпты. Өте ұзақ сюжетте спикерлер көп қайталанды.

Биыл режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 95 жылдығы. “Менің атым Қожа” фильмін түсірген режиссер туралы сюжет бағдарламаны түйіндейді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Ұлттық кеңес отырысы, иіс тию және «жабық тақырып». 22-28 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Ақпанның соңғы аптасын қорытындылаған екі бағдарламаның: “7 күн” мен “Басты бағдарлама”-ның бас тақырыбы — Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысы болса, Apta Түркістан қаласында бір отбасының төрт баласы мен анасы иіс тиіп, қайтыс болған оқиғадан басталды.

“Басты бағдарлама” авторлары экология мен жыныстық тәрбие проблемаларына жеке-жеке сюжет арнаса, “7 күн” тілшілері мал дәрігері неліктен тапшы екенін зерттепті. Apta редакциясы коммуналды тарифтер қымбатшылығы мен төлем түбіртегіндегі қате есептеулер проблемасын талдайды. QAZAQSTAN ұлттық арнасының Ұлыбританиядағы тілшісі Лондон кәсіпкерлері локдаунда қандай қиыншылықтарға ұшырағанын баяндайды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Эфирін даналық сөзден бастауды әдетке айналдырған бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит 28 ақпан — Жамбыл Жабаевтың туған күніне ақынның бір шумақ өлеңін оқыды.
«…Заман ғаріп емес пе
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе
Айтқаны іске аспаса…»

Ақын өлеңінен үзінді оқып, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық кеңестің V отырысына ойысты. Ұзақ алғысөзден кейінгі он минуттық сюжет сюжет отырыста айтылған мәселелер мен президент бастамаларын баяндады. Мемлекет басшысының сөзінен үзінді беріп, сарапшыларды сөйлетті.

Өткен аптада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің төртінші отырысы өтті. Бұл туралы ақпарат қысқа қайырылды.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына шолудан кейін коронавирусқа қарсы вакциналау тақырыбына ауысты. Елдегі вакцина өндірісін қысқаша баяндап, ҚР ДСМ министрі мен “СҚ Фармация” ЖШС басшысы сөзінен үзінді келтірді.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Тәуелсіздіктің 30 жылында Үкіметтік емес ұйымдардың дамығаны, “үкіметтік емес ұйымдар алғашында шетелдік ұйымдардың гранты арқылы жұмыс істеп келгенін, мұндай жағдайда ұлттық мүддеден гөрі «шетелдік мүдде» алға шыққаны» туралы ой айтты. Автор сөзін нақты фактілермен дәлелдегенде орынды болар еді. Алайда дәлел келтірмеді. ҮЕҰ-дардың тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы ұзақ алғысөз аяқталып, сюжетке кезек жетті. Тілші Сәкен Сейітханұлы бүгінде жұмыс істеп жатқан түрлі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін баяндайды.

1 наурыз — Алғыс айту күнінің философиясы қандай? Тілші Ерболат Қайыржан осы сауал жауабын іздейді. Сюжет мерекенің тарихы мен ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың сөзінен басталды. Кадрлер 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін еске түсірді.

“7 күн” тұрғын үй бағасы тақырыбын эфирден эфирге жалғастырып келеді. Сюжет Ұлттық кеңес отырысында президенттің баспана бағасын реттеу ұсынысын талдайды. Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен баспанаға мұқтаж жандар жағдайын толымды әрі тиянақты баяндайды.

«Мал дәрігері неге тапшы?» деп аталған сюжет ШҚО-дағы маман тапшылығынан айта келе, жер-жерде құрылысы басталып, аяқталмай қалған мал дәрігерлік зертханалар проблемасын, зертхана жоғынан туындайтын қауіпті болжайды. Тараптарды қамтыған, өзекті мәселені қозғайтын маңызды сюжет.

Биыл — Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Бағдарламаны түйіндеген сюжет Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өткізген мемлекеттік комиссия отырысына арналады. Отырыста мерейтойды қалай атап өту жайы талқыланады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама Ұлттық кеңестің V отырысында айтылған мәселелерді жинақтайтын сюжеттен басталды. Жер, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына жеке-жеке тоқталып, проблеманы да, шешімін де өте тиянақты жеткізді.

«Ұр тоқпақ» айдары жемқорлық дауына іліккен шенеуніктерге арналыпты. Шенеуніктерге тағылған айыптарды айтып, алайда жемқорлыққа қарсы күресетін құзырлы органдардан комментарий алмады. Дәлелді ақпараттан гөрі қауесетке көбірек ұқсады.

Әлеуметтік баспана туралы сюжет баспанаға мұқтаж жанның хикаясынан басталады. Министрлік бастамасын баяндап, сарапшы комментарийін қосыпты.

Қазақстан жолдарының проблемасыан арналған сюжет Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің жағдайын, тұрғындар наразылығын көрсетеді. Жол сапасын бақылайтын мекеменің өкілін сөйлетіп, министрліктің жолдарды жөндеу жоспарын айтып өтті.

Өндірістік қалдықтар проблемасы туралы сюжетке Экология министрлігінің “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына талабы түрткі болыпты. Эколог, министрлік өкілі мен Мәжіліс депутатынан комментарий алыпты. Алайда компания тарапынан ешкімді сөйлетпеді.

“Жабық тақырып жайлы” деп аталатын сюжетте гормондар жетіспеушілігінен туындайтын аурулар, жыныстық қатынас жиілігі мен тұрақтылығы сөз болады. Кейіпкерлер, гинеколог, психологтар сөйлейді. Мұндай тақырыпта жай кейіпкерлердің емес, сарапшы маман пікірі маңызды еді. Алайда кәсіби пікірден гөрі кейіпкерлердің интим өмірін әңгімелейтін ақпарат басым түсті. Мәселені кәсіби мамандар ғылыми тұрғыдан талдап, қаупін түсіндіріп, статистика қосқанда, әрі пайдалы әрі толымды сюжет болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Түркістан қаласында бір үйдің төрт баласы мен анасы иіс тиіп, көз жұмды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу басталды. Apta эфирін ашқан тақырып тілші сюжетіне жалғасты. Оқиға болған үйге барып, көршілерінен комментарий алып (туған-туыстары ақпарат беруден бас тартыпты), облыстық әкімдік, ТЖД, полиция өкілдерін де сөйлетті. Толымды сюжет.

Жүргізуші Жайна Сламбек Ұлттық кеңес отырысы туралы баяндап, президент сөзінен үзінділер келтірді. Ал сюжет отырыста айтылған мәселелерге арналыпты. Әр проблема бойынша кейіпкер мен сарапшы комментарийі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бар.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл коммуналды тарифтер 4%-ға қымбаттаған. Бұл дерек коммуналды қызметтер қымбатшылығы, қате есептеулер, артық төлем және монополистердің негізсіз айыппұл салатыны туралы сюжетке арқау болды. Кейіпкерлер хикаясы, экономистер мен министрлік өкілінің комментарийі бар. Бар жағдайды анық көрсеткен сюжет.

Ұлыбритания астанасы локдаунда қалай өмір сүріп жатыр? Apta тілшісі Лондоннан сюжет дайындапты. Ол кафе-мейрамхана бизнесіндегі кәсіпкерлердің қандай қиыншылыққа тап келгенін, үкімет шешімдері мен оппозицияның наразалығын әңгімеледі.

“Apta қонағы” айдарына Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков келді. Жүргізуші мен сарапшының әңгімесі Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктері, Армениядағы наразылықтар, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенконың билікте қалу талпынысы жөнінде әңгімелесті. Мазмұнды, қызық ақпараты мол сюжет.

Apta редакциясы “ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы“ атты арнайы айдар ашқан. Кешегі сюжет “30 жыл. Тележылнама. 1992 жыл” деп аталады. 1992 жылғы ел экономикасы қандай болғанын баяндап, экономистер мен кәсіпкерлер сол жылдарды есіне түсіріп, жағдайға баға берді. Тілші Нұрлан Асқардың баяндау тәсілі Леонид Парфеновтың “Намедни” бағдарламасына ұқсады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.