Домой Блог Страница 31

Пандемияға 1 жыл, ұшақ апаты және қымбатшылық. 8-14 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Жексенбілік қорытынды бағдарламалар 13 наурыз кешкісін Алматы әуежайы жанында АН-26 әскери ұшағы құлаған жаңалықтан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы коронавирус пандемиясына 1 жыл толғанын қысқа айтып, ресми жаңалықтарға ауысты. Ал “Басты бағдарлама” авторлары Қазақстан жұртшылығы коронавирус жылын қалай өткізгенін елеусіз қалдырды. Есесіне “7 күн” мен Apta бағдарламалары  көрсетпеген бірнеше оқиғаға назар аударыпты. Apta авторлары шекара маңындағы ауылдардың қиын жағдайынан жұртшылықты хабардар етуін жалғастырды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны жүргізген Дархан Әбдіуахит “Батпандап қана емес, баса-көктеп кіріп алған коронавирус тұтас тұрмысымызға түзету енгізді” деп, пандемияға бір жыл толғанын бір ауыз сөзге сыйдыра білді. Қисынға сәйкес, коронавирус туралы сюжет күтіп отырғанымызда “жеті күндіктер” дәстүрден айнымай, Тұңғыш президент Н.Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Назарбаев қабылдауларынан видео көрсетіп, сөйлетсе, Тоқаев қабылдауларына Ақорда сайты таратқан ақпаратты алыпты. Мемлекет басшысының жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын да айтып өтті.

Тұңғыш президенттің АҚШ-қа алғашқы сапары, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы сияқты маңызды оқиғаларды да қамтыды. Бағдарламаның алғашқы 10 минуты сюжетсіз өтіп, жүргізуші Дархан Әбдіуахит еншіледі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындалған сюжет Тәуелсіздік жылдарындағы наурыз айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасайды. Қазақстанда әз-Наурыз қашан қалай қайта тойланғанынан бастап, 2019 жылы Астана қаласының атауы өзгеріп, Нұр-Сұлтан атанғанына дейін айтты.

Бағдарлама басталғанда қысқа айтылып, президенттер жаңалықтарына ұласып кеткен коронавирустың бір жылдығына арналған сюжет індеттен қайтыс болғандар, ауырғандар саны мен медицинадағы өзгерістерді баяндайды. Коронавирустан айыққан кейіпкерді, ДСМ министрі мен сенаторды сөйлетті.

Ал әлемдегі коронавирус ахуалының жай-жапсарына шолу-сюжет вакциналау қалай жүріп жатқанын хабарлайды.

“Ashyq” мобайл қосымшасының мүмкіндігін түсіндіретін сюжетте кәсіпкерлер, құқық қорғаушылар, «Atameken» ҰКП өкілдері, қосымшаны қолданушылар жан-жақты пікір айтады. “Бұл қосымша жеке деректердің ұрлануына әкеліп соқпай ма” деген күдік пен осы күдікке жауап комментарий де бар. Тараптар пікірін ескеріп, бәріне бірдей сөз берген, ақпараты мол түсіндірмелі сюжет.

Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, жолдар жабылып, электр жарығы сөніп, жер-жерде қиыншылық туындағанын, құтқару жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баяндаған сюжетте биылғы қардың қалыңдығы мен су қоймаларының дайындығы туралы көп мәлімет бар.

Апталық бағдарламалардағы сирек тақырыптың бірі — спорт. “7 күн” тілшілері Қазақстанда тұңғыш рет фристайлдың могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты өткенін айта келе, чемпионаттан репортаж дайындапты. Осылайша спорт тақырыбы апталық бағдарламаны аяқтады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

13 наурыз кешкісін Алматы әуежайының жанында ҚР ҰҚК-іне тиесілі АН-26 әскери ұшағы құлады. Ұшақтағы алты адамның төртеуі көз жұмып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. “Басты бағдарлама” эфирі осы апат жайында жан-жақты ақпарат пен видеоларды жинақтаған сюжет дайындапты.

Кешегі аптаның хитіне айналған “Жұмабектің бажасы” видеосы “Ұр тоқпақ” айдарының да назарына ілініпті. Бұл айдар әлеуметтік желі қолданушылары жаппай талқылаған тақырыпты арқау етеді. Осылайша «Жұмабек оқиғасын» жан-жақты баяндады.

Депутат Ерлан Смаиловтың “Ана капиталы” туралы ұсынысын талдаған сюжет алғысөзі “Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр” деп басталады. Сюжетке алты баласымен шағын пәтерде тұрып жатқан отбасының хикаясын да қосыпты. Алайда балалардың бет-жүзін жаппай, жылаған балалардың бейнесін бір емес бірнеше рет ашық әрі анық көрсетеді. Тілші сюжетін: “… алдағы онжылдықта қазақ мүддесі үшін жұмыс істейтін жасты табу қиындайды» деп, түйіндеді.

Елімізде қарыз алушылар көбейіп бара жатқанына алаңдаған сюжет “Несиеге өмір сүремін” деп аталады. Қай өңірде қанша несие берілгенін сызып көрсетіп, борышкердің уайымын жеткізіп, сарапшылар пікірін берді. Ал психолог несиеден қорықпай, қарыз ақшаны жоспарлы жаратып, пайда табуға болатынын әңгімелейді.

“Басты бағдарлама” тілшілері 8 наурыз күні Алматыда өткен Феминистер маршына сюжет арнаған екен. Сюжет алғысөзінде жүргізуші Әсем Изатқызы: “Біздің қоғамда әйелдерге қатысты әлімжеттік, тізе батыру секілді жайттар жоқ емес, алайда бұл жаппай сипатта емес” деп, таяқтың екі ұшынан қатар ұстауға тырысады. Қоғам белсендісі: “шеруде дәстүрлі құндылықтарға жат ұрандар айтылды” деп сынаса, феминистік ұйым өкілі шерудің және өз ұстанымдарының маңызына тоқталады.
Автор Берік Дүйсенбай сюжетін: “…дәстүрлі құндылықтар мен әйел құқығы әлі талай тартысқа түсетін сияқты” деп түйіндейді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі Алматы әуежайы жанында әскери ұшақтың құлағанынан басталып, қаза тапқан 4 адам туралы мәлімет берді. Жарақат алған 2 адамның жағдайын аурухана меңгерушісі егжей-тегжейлі айтты.

Бағдарламаның үлкен тақырыбы — коронавирус пандемиясы басталғанына 1 жыл толуы. Соңғы 366 күнде не болғанын еске түсірген сюжет көп оқиғаны қамтыпты. Алайда кейбір елеулі жайттар, мәселен “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” және “СҚ-Фармация” басшылықтарына қатысты қылмыстық істер, Алматыда салынған модулді аурухананың қыс суығына жарамсыз болып шыққаны айтылмады.

Тұрғын үй тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды талдайтын сюжетте кейіпкерлер хикаясы, сарапшылар, экономистер комментарийі бар. Олар нарықтағы көбіктің не екенін тәптіштеп түсіндіріп, пәтер шаршы метрі бағасының өсуі себептерін (зейнетақы жинағының бір бөлігін алу, мемлекеттік бағдарламалар, урбанизация, спекуляция) түсіндіреді. Ақпараты мол, тақырыпты терең талдаған  сюжет.

Apta редакциясы шекара маңындағы ауылдардың проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Бұған дейін Ресеймен және Қытаймен шекаралас елдімекендеріміздің жай-күйінен хабардар етсе, бұл жолы “қазақ-өзбек шекарасының өтінде отырған Бағыс ауылының” қиын ахуалын баяндады. Ауыл Түркістан облысының қай ауданына: Қазығұрт ауданына ма, Сарыағаш ауданына ма, қарайтыны әлі белгісіз. Тұрғындар үйі мен жеріне мемлекеттік акт ресімдей алмайды, кадастр нөмірі берілмейді, салынғанына 70 жылдай болған мектеп құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Егістік пен жайылым жер тарылып барады. Әлі күнге табиғи газ жоқ. Бағыстықтардың ауыр тұрмысын көрсетер, тұрғындар эмоциясына толы, жергілікті әкімдік өкілдерін де сөйлеткен сюжет.

“Apta қонағы” сұхбатына сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев келді. Жүргізуші мен сенатор аграрлы саламызда ғылым мен білім кенже қалып, дамымай отырғанын, мұның азық-түлік бағасы өсуіне қалай әсер етіп жатқаны туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” тұрақты айдары 1993-1994 жылдарға арналды. Импорт техника, шетелдік авто, қаржы пирамидалары, елес-қалалар, жаңа астана  таңдау оқиғаларын жинақтап, еске түсірді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews Батыс Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына медиасауат бойынша онлайн-тренингтер өткізетін серіктестер іздейді

Internews Батыс Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта медиасауаттылық тренингтерін өткізетін серіктестер іздейді. Серіктестерді байқау арқылы анықтайды.

Медиа-ақпараттық және цифрлы сауатқа оқытатын онлайн-тренингтер Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қазақ, орыс тілдерінде ұйымдастырылуы керек. Төрт тренингтің әрқайсысы бойынша кемі 25 адамды оқыту жоспарланған.

Байқауға аталған облыстардан медиа-ақпараттық және цифрлы сауаттылықты дамытуға мүдделі медиа ұйымдар, коммерциялық емес, қоғамдық және білім беру ұйым өкілдері шақырылады. 

Тренингтер 2021 жылғы шілде айынан кешіктірілмей өткізілуі керек.

Талаптары: серіктес ұйымның медиасауаттылық бойынша көпшілік іс-шаралар, тренингтер өткізу тәжірибесі, медиасауат тренерлері немесе оқытушылары болуы шарт. Авторлық оқыту бағдарламасын ұсынуы қажет.

Internews жобаны іске асыруға қаржылай және консультативті қолдау көрсетеді.

Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 25 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін  онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Internews өтініштерді қарастырып, 2021 жылғы 10 сәуірге дейін шешім қабылдайды. Барлық өтініш берушіні қабылданған шешім жөнінде 12 сәуірден кешіктірмей электронды пошта арқылы хабардар етеміз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Жәнібек Нұрыш

Internews медиасауат бойынша қазақ тілінде онлайн-тренинг өткізуге серіктестер іздейді

Internews қазақ тілінде медиасауат бойынша онлайн-тренинг өткізетін серіктестер іздеу байқауын жариялайды. Онлайн форматында медиа-ақпараттық және цифрлы сауатқа үйрететін тренингтерге ЖОО оқытушылары, журналистер, медиатренерлер, баспасөз хатшылары, PR қызметі, азаматтық белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысады.

Тренинг 2021 жылғы шілде айынан кешіктірілмей өткізіліп, кемі 30 адам оқуы керек.

Талаптары:

Байқауға медиа-ақпараттық және цифрлы сауат бойынша жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар ұйымдар шақырылады. Серіктес ұйымның медиасауат тренерлер немесе оқытушылары болуы керек. Авторлық білім беру бағдарламасын ұсынуы қажет.

Internews жобаны іске асыруға қаржылық және консультациялық көмек береді.

Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 25 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Internews өтініштерді қарастырып, 2021 жылғы 10 сәуірге дейін шешім қабылдайды. Барлық өтініш берушіні қабылданған шешім жөнінде 12 сәуірден кешіктірмей электронды пошта арқылы хабардар етеміз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстандағы медиа тұтыну мен медиасауаттылықты зерттеуге тендер

Internews өкілдігі Орталық Азия елдері: Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы медиа тұтыну мен медиасауаттылықты зерттеуге тендер жариялайды. 

Зерттеу медиаортаның құрылымын, яғни аудитория қалауы мен сұрауын, медиасауат деңгейін, өз медиасауатын қалай бағалайтынын анықтауы қажет. 2019 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелерімен салыстырмалы талдау жасалуы керек. 

Зерттеу тұрғындардан бетпе бет (face-to-face) сауалнама алу, фокус-топ және сарапшылармен сұхбат жасау арқылы сандық және сапалық тәсілмен жүргізіледі. 14-65 жас аралығындағы қала мен ауыл тұрғындарын қамтиды. Зерттеудің далалық кезеңі 2021 жылғы маусым соңына дейін жүргізілуі міндетті. Бастапқы баяндама маусым соңына дейін, қорытынды баяндама 2021 жылғы қыркүйек соңына дейін дайындалады.

Зерттеудің жұмыс тілі — орыс тілі. Серіктес үш елде аймақтық деңгейде жұмыс істейді. Сауалнаманы сол аймақтағы ұлт тілдеріне аударады. 

Техникалық сипаттамасын файлды жүктеп алып, танысыңыз.

Егер медиазерттеу жасау тәжірибеңіз болып, қатысқыңыз келсе, онда 20 наурызға дейін Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына “Медиа тұтынуды зерттеу” тақырыбымен хат жолдаңыз.

Хатқа мына құжаттарды қосыңыз:

  • заңды тұлға ретінде тіркеу куәлігінің көшірмесі;
  • соңғы бес жылда жүргізген негізгі ірі зерттеулеріңіздің тізімін, орындалған жұмыстың қысқаша сипаттамасын, есебіңіз ашық жарияланса, соның сілтемесін беріңіз және тапсырыс берушіні көрсетіңіз. Орталық Азия аймағында немесе медиа зерттеу бойынша зерттеулерге басымдық беріңіз;
  • Зерттеудің жоспарлы жұмыс кестесі зерттеу жүргізу тәртібі;
  • Жұмыстың болжалды құны

Internews конкурс критерийлеріне сай келетін бірнеше үміткерді таңдап, олармен әңгімелеседі. Әңгімелесу 25-31 наурыз аралығында болады. Содан кейін зерттеу жүргізетін серіктесті таңдап, конкурс нәтижесін 2021 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей хабарлайды. 

Қандай да бір сұрақ туындаса, Central-Asia-Applications@internews.org электронды поштасына жазыңыз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады.

Жәнібек Нұрыш

Қырғыз президенті, қымбатшылық және әкімдер. 1-7 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары “7 күн” және Apta бағдарламаларының басты тақырыбына айналса, “Басты бағдарлама” редакциясы эфирдің соңғы тақырыбы етіпті. Мемлекеттік телеарналардың апталық бағдарламасы азық-түлік бағасы өсуінің себебіне үңілсе, “Еуразия бірінші арнасы” тілшілері үш мегаполис әкімдерін халық тани ма, деген сауалға жауап іздейді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 6 наурызда эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасын Дархан Әбдіуахит жүргізді. Ол алғысөзінде Қазақстан мен Қырғызстанның сауда қарым-қатынасы туралы цифларды тізіп шықты. Ал сюжет Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Қырғыз басшысы Садыр Жапаровтың сөздерінен үзінді келтіріп, жалпы кездесу қалай өтіп, қандай келісімдер жасалғанын толық баяндады.

Тұңғыш президент Н.Назарбаев қырғыз басшысын қабылдағаны да айтылып, сөздерінен үзінді берді. Ары қарай Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Гүлжан Мархабаеваның “Инвестордан игілік” деген сюжеті “Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді, сіз бен біз ес білгелі естіп келе жатқан сөзіміз осы” деп басталады. Бұл сюжетке Тоқаевтың шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компаниялары басшыларының жұмыс кездесуіне қатысуы түрткі болыпты. Шағын сюжет президентті сөйлетіп, шетелдік инвесторлар үні естілмеді.

Мемлекет басшысының Экономикалық Ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқаны тағы бір тақырыпқа арқау болып, жиында айтылған мәселелерді тізбектеді. Қ.Тоқаевты сөйлетіп, президент айтқан ұсыныстарға назар аударды. Бұл сюжетке Қазақстанның сыртқы сауда-экономикалық саясаты жөнінде сарапшы пікірі жетіспеді.

Назарбаев пен Тоқаевтың 1 наурыз — Алғыс айту күніне құттықтауынан да үзінді беріп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сюжет көрсетті. Дәстүрлі айдар  биыл Қазақстанда бала туу көрсеткіші бойынша рекорд жаңарғанын баяндайды. Ана мен бала тақырыбындағы проблемаларды елеусіз қалдырған, тек позитивтен құралған сюжет.

Қаржы алаяқтығы туралы сюжет өз атына белгісіз біреу несие ресімдегенін білмеген кейіпкер хикаясынан басталады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы, заңгер және ломбард өкілдерін сөйлетіп, микроқаржы ұйымы мен ломбардтан несие аларда ескеретін мәліметтер берді. Қаржылай сауатты болуға үндейтін пайдалы сюжет.

Азық-түлік тауарларының, соның ішінде күнделікті жиі қолданылатын тағамдар бағасының өсу себебіне қатысты да «7 күн» сюжет әзірлепті. Сатушы мен тұтынушы пікірін сұрайды. Бәрі де баға өскенін айтады. Кәсіпкерлерді де, құзырлы орган өкілдерін де, экономистерді де сөйлетті.

Оқушыларды онлайн оқытудың артықшылығы мен кемшілігі, офлайн оқудың қайта басталғаны жөніндегі сюжетте сөз алған спикерлер онлайн білім беру жүйесін енгізген кездегі, содан кейінгі кадрлар дайындығы мен интернет сапасының нашарлығын айтады.

«Бақуатты әйелдер көбейді». Кәсіпкер әйелдерге туралы статистика келтірмес бұрын, Дархан Әбдуахит сөзін осылай бастады. Мерекелік сюжет ерекше мамандық меңгерген әйелдерді көрсетеді. Сюжет “Ақылына көркі сай әйелдің қашанда отбасы мен қызметін бірге алып жүріп, әлемнің бесігін тербетуге құдіреті жетеді” деп аяқталады. Бұл түйін артық-ақ, өйткені сюжеттегі кейіпкерлер — әйелдің қоғамдағы рөліне айқын дәлел еді. Тілшінің сөзі қашан да әйелге жазылмаған заңдай жүктелетін ауыр міндет барын айғақтап тұрғандай естілді.

“Басты бағдарлама”, ”Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама жыл басынан бері елімізде өрт оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, себептеріне үңілуден басталды. Әсем Изатқызы өрт көбейгеніне және себептеріне қатысты куәгерлерді сөзге тартып, статистикалық дерек келтіреді. Депутаттар ТЖ министрлігінің ақпарат таратуын сынға алса, заңгер сарапшы Қазақстанда оқиғаның себебімен емес салдарымен күресетенін айтады.

«Ұр тоқпақ» айдары “Қазақстанның халық партиясы” депутаттарының “Ана капиталын” енгізу туралы ұсынысына арналыпты.

“Миллионер әкімдердің есебі” деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы әкімдерінің өткен аптада халық алдында жасаған есебін баяндайды. “Тұрғындар әкімді тани ма” деп, үш қала тұрғындарынан әкімі туралы не білетінін сұрайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі “Басты бағдарлама” тілшілерінің де назарына ілініпті. Ерекше жандарға жағдай жасалмағанынан бастап әлеуметтік қызметкердің жұмыс уақытын қысқартуға наразылықты айта келе, тараптарды сөйлетті.

Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың елімізге мемлекеттік сапары «Аптаның айтулы оқиғасы» деп аталса да эфирдің соңына түсіп қалды. Сюжет екі ел басшыларының кездесуін, қол қойған келісімдерін толық баяндап шықты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta да Қазақстан және Қырғызстан президенттерінен басталды. Әуелі Садыр Жапаровтың “Қазинформ” АА басшысы Асқар Омаровқа сұхбатынан үзінді келтіріп, сосын сарапшы пікірімен толықтырылған көлемді әрі толымды сюжет көрсетті.

Коронавирус статистикасын хабарлаған соң, «Азық-түлік бағасының өсуіне не себеп» деген сауалға жауап іздеді. Бұқараны, шенеуніктерді, экономистерді сөйлетті. Толымды әрі егжей-тегжейлі сюжет.

Apta бағдарламасы шекаралас аймақтардағы ауылдар проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Сюжет ШҚО-ның Тарбағатай ауданы тұрғындарына сөз берді. Бұл аудандағы ауылдар ҚХР-ымен шекаралас орналасқан. Ауылдардың жағдайы келіспеген соң адамдар ата қонысын тастап, көшуге мәжбүр. Ауруханалар жабылып жатыр. Барлық тарапты сөйлеткен, эмоцияға толы, кадрлері әсерлі сюжет.

“Apta қонағы” — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан бастап, жастар кадрлық резерві, еститін мемлекет, әйел ерік-жігері туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы” айдарының бұл жолғы сюжеті 1993 жылды еске алады Мемлекеттік символдар, рэкеттер, саудагерлер, мәдениет саласының проблемасы, мұнай инвесторларын көрсетер сюжет ностальгияға толы.

Қазақстан ауылдарында балабақша жетіспейді. Сюжет балабақшалар мәселесін барлық жағынан (тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғуы, олардың біліктілігі, ауылдағы балабақшаларда қарапайым жағдай жоғы және т.б.) қамтуға тырысыпты. Өте ұзақ сюжетте спикерлер көп қайталанды.

Биыл режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 95 жылдығы. “Менің атым Қожа” фильмін түсірген режиссер туралы сюжет бағдарламаны түйіндейді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Ұлттық кеңес отырысы, иіс тию және «жабық тақырып». 22-28 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Ақпанның соңғы аптасын қорытындылаған екі бағдарламаның: “7 күн” мен “Басты бағдарлама”-ның бас тақырыбы — Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысы болса, Apta Түркістан қаласында бір отбасының төрт баласы мен анасы иіс тиіп, қайтыс болған оқиғадан басталды.

“Басты бағдарлама” авторлары экология мен жыныстық тәрбие проблемаларына жеке-жеке сюжет арнаса, “7 күн” тілшілері мал дәрігері неліктен тапшы екенін зерттепті. Apta редакциясы коммуналды тарифтер қымбатшылығы мен төлем түбіртегіндегі қате есептеулер проблемасын талдайды. QAZAQSTAN ұлттық арнасының Ұлыбританиядағы тілшісі Лондон кәсіпкерлері локдаунда қандай қиыншылықтарға ұшырағанын баяндайды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Эфирін даналық сөзден бастауды әдетке айналдырған бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит 28 ақпан — Жамбыл Жабаевтың туған күніне ақынның бір шумақ өлеңін оқыды.
«…Заман ғаріп емес пе
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе
Айтқаны іске аспаса…»

Ақын өлеңінен үзінді оқып, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық кеңестің V отырысына ойысты. Ұзақ алғысөзден кейінгі он минуттық сюжет сюжет отырыста айтылған мәселелер мен президент бастамаларын баяндады. Мемлекет басшысының сөзінен үзінді беріп, сарапшыларды сөйлетті.

Өткен аптада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің төртінші отырысы өтті. Бұл туралы ақпарат қысқа қайырылды.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына шолудан кейін коронавирусқа қарсы вакциналау тақырыбына ауысты. Елдегі вакцина өндірісін қысқаша баяндап, ҚР ДСМ министрі мен “СҚ Фармация” ЖШС басшысы сөзінен үзінді келтірді.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Тәуелсіздіктің 30 жылында Үкіметтік емес ұйымдардың дамығаны, “үкіметтік емес ұйымдар алғашында шетелдік ұйымдардың гранты арқылы жұмыс істеп келгенін, мұндай жағдайда ұлттық мүддеден гөрі «шетелдік мүдде» алға шыққаны» туралы ой айтты. Автор сөзін нақты фактілермен дәлелдегенде орынды болар еді. Алайда дәлел келтірмеді. ҮЕҰ-дардың тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы ұзақ алғысөз аяқталып, сюжетке кезек жетті. Тілші Сәкен Сейітханұлы бүгінде жұмыс істеп жатқан түрлі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін баяндайды.

1 наурыз — Алғыс айту күнінің философиясы қандай? Тілші Ерболат Қайыржан осы сауал жауабын іздейді. Сюжет мерекенің тарихы мен ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың сөзінен басталды. Кадрлер 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін еске түсірді.

“7 күн” тұрғын үй бағасы тақырыбын эфирден эфирге жалғастырып келеді. Сюжет Ұлттық кеңес отырысында президенттің баспана бағасын реттеу ұсынысын талдайды. Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен баспанаға мұқтаж жандар жағдайын толымды әрі тиянақты баяндайды.

«Мал дәрігері неге тапшы?» деп аталған сюжет ШҚО-дағы маман тапшылығынан айта келе, жер-жерде құрылысы басталып, аяқталмай қалған мал дәрігерлік зертханалар проблемасын, зертхана жоғынан туындайтын қауіпті болжайды. Тараптарды қамтыған, өзекті мәселені қозғайтын маңызды сюжет.

Биыл — Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Бағдарламаны түйіндеген сюжет Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өткізген мемлекеттік комиссия отырысына арналады. Отырыста мерейтойды қалай атап өту жайы талқыланады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама Ұлттық кеңестің V отырысында айтылған мәселелерді жинақтайтын сюжеттен басталды. Жер, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына жеке-жеке тоқталып, проблеманы да, шешімін де өте тиянақты жеткізді.

«Ұр тоқпақ» айдары жемқорлық дауына іліккен шенеуніктерге арналыпты. Шенеуніктерге тағылған айыптарды айтып, алайда жемқорлыққа қарсы күресетін құзырлы органдардан комментарий алмады. Дәлелді ақпараттан гөрі қауесетке көбірек ұқсады.

Әлеуметтік баспана туралы сюжет баспанаға мұқтаж жанның хикаясынан басталады. Министрлік бастамасын баяндап, сарапшы комментарийін қосыпты.

Қазақстан жолдарының проблемасыан арналған сюжет Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің жағдайын, тұрғындар наразылығын көрсетеді. Жол сапасын бақылайтын мекеменің өкілін сөйлетіп, министрліктің жолдарды жөндеу жоспарын айтып өтті.

Өндірістік қалдықтар проблемасы туралы сюжетке Экология министрлігінің “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына талабы түрткі болыпты. Эколог, министрлік өкілі мен Мәжіліс депутатынан комментарий алыпты. Алайда компания тарапынан ешкімді сөйлетпеді.

“Жабық тақырып жайлы” деп аталатын сюжетте гормондар жетіспеушілігінен туындайтын аурулар, жыныстық қатынас жиілігі мен тұрақтылығы сөз болады. Кейіпкерлер, гинеколог, психологтар сөйлейді. Мұндай тақырыпта жай кейіпкерлердің емес, сарапшы маман пікірі маңызды еді. Алайда кәсіби пікірден гөрі кейіпкерлердің интим өмірін әңгімелейтін ақпарат басым түсті. Мәселені кәсіби мамандар ғылыми тұрғыдан талдап, қаупін түсіндіріп, статистика қосқанда, әрі пайдалы әрі толымды сюжет болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Түркістан қаласында бір үйдің төрт баласы мен анасы иіс тиіп, көз жұмды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу басталды. Apta эфирін ашқан тақырып тілші сюжетіне жалғасты. Оқиға болған үйге барып, көршілерінен комментарий алып (туған-туыстары ақпарат беруден бас тартыпты), облыстық әкімдік, ТЖД, полиция өкілдерін де сөйлетті. Толымды сюжет.

Жүргізуші Жайна Сламбек Ұлттық кеңес отырысы туралы баяндап, президент сөзінен үзінділер келтірді. Ал сюжет отырыста айтылған мәселелерге арналыпты. Әр проблема бойынша кейіпкер мен сарапшы комментарийі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бар.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл коммуналды тарифтер 4%-ға қымбаттаған. Бұл дерек коммуналды қызметтер қымбатшылығы, қате есептеулер, артық төлем және монополистердің негізсіз айыппұл салатыны туралы сюжетке арқау болды. Кейіпкерлер хикаясы, экономистер мен министрлік өкілінің комментарийі бар. Бар жағдайды анық көрсеткен сюжет.

Ұлыбритания астанасы локдаунда қалай өмір сүріп жатыр? Apta тілшісі Лондоннан сюжет дайындапты. Ол кафе-мейрамхана бизнесіндегі кәсіпкерлердің қандай қиыншылыққа тап келгенін, үкімет шешімдері мен оппозицияның наразалығын әңгімеледі.

“Apta қонағы” айдарына Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков келді. Жүргізуші мен сарапшының әңгімесі Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктері, Армениядағы наразылықтар, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенконың билікте қалу талпынысы жөнінде әңгімелесті. Мазмұнды, қызық ақпараты мол сюжет.

Apta редакциясы “ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы“ атты арнайы айдар ашқан. Кешегі сюжет “30 жыл. Тележылнама. 1992 жыл” деп аталады. 1992 жылғы ел экономикасы қандай болғанын баяндап, экономистер мен кәсіпкерлер сол жылдарды есіне түсіріп, жағдайға баға берді. Тілші Нұрлан Асқардың баяндау тәсілі Леонид Парфеновтың “Намедни” бағдарламасына ұқсады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қазақстан медиасы «Алғыс айту күніне» қандай ақпарат таратты?

Қазақстанда 1 наурыз — «Алғыс айту күні» болды. Бұл мереке 2016 жылы күнтізбеге еніп, жыл сайын аталып өтеді. Еліміздегі БАҚ көктемнің алғашқы күнінде осы мереке туралы қандай мақалалар жариялады, не көрсетті? “Жаңа репортер” медиасыншысы Меруерт Хусаинова отандық медиаға шолу жасады. Шолуда көбіне көп орыс тіліндегі ақпаратты назарға алды. 

Биыл 1 наурыз — Алғыс айту күнінде отандық ақпарат құралдарының арасынан толымды ақпарат таратқан — «Хабар» телеарнасы мен “Литер” басылымы болса керек. 

“Хабар” телеарнасының «Бүгін» ток-шоуы Алғыс айту күнінің шығу тарихынан бастап, 1 наурызда кімге не үшін алғыс айтатынын түсіндірді. Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына раъмет айтатын сюжеттер көрсетті. Бағдарлама тұтас Алғыс айту күніне арналыпты.

Liter.kz сайтынан скриншот

Ал “Литер” газетінің сайты Нұр-Сұлтан қаласында өткен арнайы дөңгелек үстелден мақала жариялады. “День благодарности: на круглом столе в Нур-Султане отметили важность укрепления согласия” деп тақырып қойылған мақалада жиынға түрлі этномәдени бірлестік өкілдері қатысып, күллі қазақ жұртшылығына алғыс білдіргенін жазады. Мақаладан шағын үзінді келтірейік:

«Я сам являюсь потомком семьи депортированных. Старики рассказывают, как нелегко им было выжить. Вы только представьте: казахи, не успев оправиться от голодомора в 30-е годы, тепло приняли всех. Тем самым коренное население проявило милосердие, толерантность», — рассказал Набиев.

Басқа да ақпарат құралдарын шолу барысында мұндай салмақты мақалалар кездеспеді. БАҚ-тағы ақпараттардан кімнің кімге алғыс айтатын күні екенін түсіну қиынға соқты.

Zakon.kz  және Caravan.kz сайттары Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының мерекелік қойылымынан репортаж жасады. 

Театр ұжымы «Алые паруса» қойылымын көрерменге тегін көрсетіпті. Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкет Умаров пен «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Манас Ташыбеков арнайы қонақ ретінде шақырылған екен. Екі сайт та “Алые паруса” спектаклі туралы айта келе, екі төрағаның алғысымен түйіндепті.

Zakon.kz сайтынан скриншот

Ал Forbes.kz Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың дәрігерлерге, полицейлер мен қала халқына алғысын жариялады. Мәтіні: 

— Поблагодарив каждого алматинца за понимание и поддержку, Сагинтаев пожелал горожанам крепкого здоровья, благополучия и процветания городу,-деп аяқталады.

Шымкенттен хабар тарататын Otyrar.kz өңірлік ақпарат порталы қала әкімі М.Әйтеновтің халыққа алғысын жеткізіп, сюжет дайындапты. Мақала: «Также в День благодарения представители разных этносов организовали церемонию раздачи куртов среди участников мероприятия и многолюдных местах нашего города. Данной акцией они выражают свою признательность и благодарность. На упаковке куртов есть надпись «Мың алғыс»,-деп түйінделеді.

Алғыс айту күнінде КТК  және Astana.tv телеарналарының орыс тіліндегі жаңалықтар бағдарламасында ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми құттықтауын беріп, шектелді. Арна тілшілері «бүгін түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтатын күні» деп атап өтті. Алайда алғыс айтқан адамдарды сөйлетпеді. 

Ал 31 арнаның орыс тіліндегі жаңалықтары ел басшылығының құттықтауын көрсетпеді.

“Хабар 24” телеарнасының орыс тіліндегі жаңалықтары Жамбыл облысының Қордай ауданында 200-ден астам этномәдени бірлестік  өкілдері Алғыс айту күнін қалай атап өткенінен репортаж дайындапты. Сюжетте “Дастарханом дружбы отметили праздник в сёлах Масанчи и Сортобе. В дань памяти и благодарности жители возложили цветы к памятникам «Дружба народов» и Ногайбая би. Также состоялась товарищеская встреча по мини-футболу между командами нескольких сёл” деп хабарлады. Жергілікті түрлі ұлт өкілдерінің алғысын көрсетті. 

Ал «Хабар» телеарнасының орыс тіліндегі редакциясы Алғыс айту күнінде қызылордалық Лилия Пакты сөйлетіп, мерекенің маңызын ашады. Оның сөзін тілші толықтырды.  

КазТАГ, Tengrinews.kz сияқты ақпарат агенттіктері мен  inbusiness.kz , Ratel.kz порталдары Н.Назарбаев, Қ.Тоқаев және премьер-министр А.Мәминнің құттықтауларын жариялапты.

Өскемендегі yk-news.kz сайты ШҚО әкімі Д.Ахметовтің құттықтауын жариялап, мерекені түйіндепті. 

Әуелде «түрлі этностардың қазақ халқына алғыс айту күні» деп хабарланған мерекенің қазіргі мән-мағынасы жалпылама сипат алғанға ұқсайды. Елдегі БАҚ Алғыс айту күнінде оқушының ұстазға алғысын да жариялап жатыр. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мұғалімдерге алғыс айтса, Алматының бас имамы да алғыс жолдады. 

Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын жиі хабарлайтын ақпарат құралдарының 1 наурызда ресми билік өкілдерінің құрғақ құттықтауын жариялап, сонымен ғана шектелуі тосын көрінді. Бұған 1 наурыз — Алғыс айту күнінің түпкі мағынасы әлі ашылмауы себеп пе әлде жылда қайталанар контент ұқсастығы ма?

Осылайша биылғы 1 наурыз — Алғыс айту күні қазақстандық БАҚ-та аса еленбей, білінбей өте шықты. 

Онлайн-резиденция байқауы: Қазақстан мен Тәжікстандағы медиаға жеке консультация беру және ментор қолдауы

Internews өкілдігі MediaCAMP бағдарламасы аясында Қазақстан мен Тәжікстандағы онлайн және ТВ-медиаға арналған онлайн-резиденция конкурсын жариялайды. Конкурс жеңімпаздары сарапшы-практиктің жеке консультациясын алады, тәлімгер қолдауына ие болады.

Онлайн-резиденция не үшін керек?

Журналистеріңіз, редакторыңыз, сату жөніндегі менеджерлеріңіз тренингтер мен семинарларға барып жүр. “Олар көбіне жалпылама білім алады” деп есептесеңіз, онда командаңызға медиаңыздың ерекшеліктерін, қазіргі жағдайын ескеретін дербес тәсіл қажет. Міне, сондықтан онлайн-резиденцияны ойлап таптық. Тренер медиаңыздың мәселесін шешуге көмектеседі.

Қандай консультация алуға болады?

Консультация тақырыптары ауқымды. Бір шарты — консультация алғыңыз келетін тақырыбыңыз медиа жұмысына байланысты болуы керек. Мәселен, мына тақырыптар:

Менеджмент туралы

  • Ньюсрум мен сату бөлімінің жұмысын қалай тиімді ұйымдастыруға және оларды бірге жұмыс істеуге қалай ынталандыруға болады?
  • Қызметкерлер біліктілігін арттыру: заманауи медианың қызметкері не істей білуі керек? Қызметкерлерді қалай ынталандыруға, оларға қалай тапсырма беруге болады?
  • Медиаұйымға қандай ішкі құжаттар қажет, оны қалай жазады және ішкі құжаттармен қалай жұмыс істейді?
  • Жоспарлау: қысқамерзімді, ортамерзімді, стратегиялық. Жоспарды қалай жасайды, қалай жүргізеді, қандай құжаттар мен құралдар бар?
  • Мықты брендті қалай жасайды және бейілді аудиторияны қалай қалыптастыруға болады?

Ақша туралы

  • Жарнама беруші сатып алғысы келетін жарнамалық өнімдерді қалай жасайды?
  • Жарнама берушіні тартып, сізбен ұзақ уақыт серіктес болуы үшін онымен қалай жұмыс істеуге керек?
  • Табыстылықты қалай дұрыс есептейді, коммерциялық ұсынысты қалай жазады?
  • Медианың жарнама мен оқырманнан басқа тағы қандай кіріс көздері бар?

Журналистика туралы

  • Оқырман ұмытпайтын тақырыптарды қалай іздейді?
  • Соңына дейін оқылатын мәтінді қалай жазады? Аудитория тыңдауы үшін қалай әңгімелейді?
  • Форматтар деген не, оны қалай жасайды, түрлі форматтың қандай пайдасы бар?
  • Контентті алуан түрлі платформаларға бейімдеу.

Конкурсқа кімдер қатыса алады?

Қазақстан мен Тәжікстандағы онлайн және ТВ-медиа редакциялары, құрамында бірнеше медиасы бар медиаұйымдар қатысуға өтініш беруіне болады. Бірнеше шартқа сай болуы маңызды. Атап айтқанда:

  • Мемлекеттік емес
  • Тіркелген
  • Оқуға, жаңаны үйренуге, өзгеруге, үйреншікті қалыптан шығуға ынталы
    медиаұйымдардан өтініш күтеміз.

Онлайн-резиденция қалай жұмыс істейді?

Сарапшы медианың өтінішін қарайды. Көрсеткен мақсатына қарай жоспар жасайды, тұтас командаға немесе жекелеген қатысушыларына (егер қажет болса) арналған консультация тақырыптарын, тренингтер, шеберлік сабақтарын дайындайды.
Ментор медиамен аптасына бірнеше сағат, барлығы 1-2 ай жұмыс істейді. Онлайн-резиденция соңында атқарылған жұмысқа баға беріп, ұсыныстарын айтады.

Конкурсқа өтініш жібергенде нені ескерген жөн?

Консультация алғыңыз келетін идеяны/проблеманы/міндетіңізді нақты тұжырымдап, тап қазір осы проблеманы шешу неліктен маңызды екенін негіздеуіңіз керек.
Медиаңыз қай тілде хабар тарататыны, жұмыс істейтіні конкурсқа қатысуға әсер етпейді. Десе де оқып-үйрену процессіне қатысатын команда мүшелері орыс тілін білгені жөн.

Өңірлік медиа басымдыққа ие.

Конкурс нәтижесінде 15-20 редакция таңдалады.

Әр сарапшыны медианың нақты мақсат-міндетіне қарай таңдаймыз. Сарапшыларымыз Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдерінен болады.

Қалай қатысуға болады?

20 наурызға дейін онлайн-сауалнаманы толтырыңыз. Онлайн-сауалнаманы толтыру үшін мына сілтемені ашыңыз.

Дедлайн

20 наурызға дейін өтініш күтеміз.

Жеңімпаздар 26 наурызға дейін анықталады. Internews қызметкері конкурс жеңімпаздарының әрқайсысына хабарласып, шағын сұхбат жасайды. Сарапшылар сәуірде жұмысын бастайды.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады.

Жәнібек Нұрыш

Нағыз полковник. Журналист Қазис Тоғызбаев туралы естеліктер 

Соңғы уақытта журналист әріптестеріміз жайлы естірту хабар жиіледі. Кеше, 28 ақпанда белгілі журналист Қазис Тоғызбаев өмірден озды. 

«Қазис Тоғызбаев 72 жасында Алматыдағы коронавирус ауруханасында қайтыс болды. Одан коронавирус 25 қаңтарда анықталып, ауруханаға жатқызылған. Журналисті 22 ақпанда клиникадан шығарғанымен, кейін халі ауырлап қайта ауруханаға жеткізілген. Ал жексенбіде жақындары оның жүрегі тоқтағанын хабарлады», — деп жазды Азаттық радиосы.

Марқұм Қазис Тоғызбаев 2008 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Азаттық радиосының тілшісі болды. 

«Жаңа репортёр» редакциясы Қазис Қабдышұлының әріптестері жариялаған естеліктерді жинақтады. 

Қасым Аманжол,  Азаттық радиосының тв-продюсері:

«Қазекең де өтті бұ дүниеден… Азаттықтың, жалпы Қазақстан журналистикасының бетке ұстар, талантты өкілі, жайсаң азамат, жақсы әріптес, қайсар адам еді.
О кісі соңғы жылдары үйден жұмыс істейтін, бірақ жұмысқа ерекше жауапты адам болатын. Тапсырма алса ешқашан созбайтын, тастамайтын. Кетер кеткенше қолынан қаламын тастаған жоқ.
Сосын логикасы мықты, әзілі тапқыр, принципі берік еді… Журналист үшін, өзі сондай сүйген мамандығы — журналистика үшін бұл да бір үлгі. Сөзде тұрудың нағыз үлгісі еді.
Өмірді жайсаң сүріп, жан-жағын күлкіге бөлеп кетті.
Топырағы торқа болсын, жақындарына көңіл айтамын…»

Юрий Мизинов, Zona.kz сайтының бас редакторы:

«20 жылдан астам уақыт досым болған Қазис Тоғызбаев көз жұмды… Жиі кездесіп, жиі әңгімелесіп, түрлі тақырыпқа дауласып, талай дәмдес болдық…
Қазис өмірді ерекше жақсы көрді. Дәл қазір оның бейнесі көз алдыма келіп, дауысы құлағыма анық естіліп тұрғандай. Дауысы ерекше еді. Аздап ішкен соң, опера арияларын шырқайтын. Өмірге деген құштарлығына қарап, мәңгілік жасайтындай көрінетін. Алайда, бұлай болмай шықты.
Тұңғыш мақалалары «Зона.кз» (ол кезде әлі «Навигатор» болатын) сайтында жарық көрді. Алғашқы материалдарының бірі 2000 жылғы тамызда жарияланған «Жылқы туралы ода» деген мақаласы болатын.
Бір күні әлдебір отырыстан кейін редакцияға келді. Сол кезде «бас жазу теориясы» туралы айта бастағанымда, жылқы етінен пісірілген еттің пайдасы туралы ұзағынан толғанды. Тыңдап болып, «осы туралы жазшы» дедім. Ол әдеттегідей қызық мақала жазып берді.
Кейінірек жолымыз әр жаққа кетті. Бірақ оның дауысы, бейнесі әркез жанымда екенін сезінетінмін. Ерекше дауысы қазір де құлағыма естіліп тұрғандай… Қош бол, досым. Бақұл бол, Қазис».

Жұлдыз Әбділда, редактор-журналист:

«Шаңырақ оқиғасының шындығы» деген кітапқа фото беретін болып, соны алып кетуге үйіне бардым. Қазис Тоғызбаевтың үйін, ол кісі тұратын үйдің ауласын сонда көрдім. Керемет екен. Үлкен-кіші бас қосып, шахматтан турнир өткізіп, теннис ойнайды екен. Соның бәріне ұйытқы болып, ұйымдастыратын Қазис ағамыз екенін де сонда білдім.
Өмірге сергек қарайтын жан еді, демі үзіліпті. Жаратқан иман байлығын берсін. Жақсы ісі жалғасын таба берсін!»

Татьяна Панченко, Forbes.kz журналисі:

«Қазис Тоғызбаевты жақын танымаппын, көбіне баспасөз жиындарында жолығып қалатын едік. Сондай жиынға келе қалса, көп ішінде көзге алғаш түсіп, жарқырап жүретін. Қашан көрсең, көңілді. Фотолары ерекше шығуы үшін әлдебір биік жерге көтеріліп, кейде жата қалып, суретке түсіруші еді. Расымен де, оның түсірген фотолары керемет шығатын.
Бір жыл бұрын мынау коронавирусты күлкі етіп, әзілдеп едік. «Сол кезде қытай түшкіріп жіберіпті…» деген анекдотты айтып, бетперде тағуды келемеждедік. Шын мәнінде,
бұл — өте қорқынышты жағдай екенін таныстарымыз мен жақындарымыздан айырылғанда түсіндік. Өте өкінішті жағдай…»

Мирас Нұрмұханбетов, журналист:

«Бұл қалай болғаны, Қазеке?.. Саған хабарласқым келген. Алайда Фейсбуктегі жазбаларыңды оқып, «сенде бәрі жақсы, қарғыс атқыр ковидті жеңдің» деп сеніп едім…
Сен сан қырлы едің. Кейде танымал оппозиционер болсын, беймәлім жемқор шенеунік болсын, ештеңеге қарамай, оларға тосыннан түйрейтін сұрақтар қоятын едің. Сен қатыспаған, сен жазбаған әлдебір сот процестерін еске түсіру мүмкін емес шығар. Тіпті, басқа әріптестерің кіре алмаған жерге сен ғана жолын тауып кіріп, ақпарат алып шығатын едің.
Қош бол, Қазеке! Қош бол және ағат кеткен тұсым болса, кешір…»

Дархан Өмірбек, Азаттық радиосының редакторы:

«
Азаттық үшін қазалы күн. Тілшіміз Қазис Тоғызбаевтан айырылып отырмыз.
Запастағы полковник Қазис Тоғызбаев әскери қызметінен соң журналистикаға, фотографияға бет бұрды. Оппозициялық «Сөз» және «Азат» газеттерінде қызмет етті. kub.info сайтында блог жүргізіп, Алматы маңындағы Шаңырақ ауданынан жұртты күштеп көшіру жайлы фоторепортаждар жариялады.

Оны әріптестері кәсібилігі мен жасын сыйлап «Қазис аға» дейтін. Әскери тәртіп, тік мінез, шыншылдық, сенімділік әріптесіміздің рухты адам екенін айқындап тұратын…»

Вячеслав Половинко, «НГ» журналисі, Мәскеу: 

«Мен жұмыс істеген 2016-17  жылдары «Азаттықтың» ең танымал, жарық жұлдызы әрине, Қазис Тоғызбаев болатын.
Келбеті ерекше, бірден көзге түсетін. Әріптестерін түрлі әзілімен түйреп өтудің шебері, соған қарамастан ақкөңіл жан еді. Әскери әзілдер айтудан алдына жан салмайтын. Оның сырт келбетіне, өмірге деген құштарлығына  қарап, егде жастағы адам деп ешкім ойламайтын. Айналасы оны Қазеке дейтін. Ненің жақсы, ненің жаман екенін және айналадағы адамдар мен оқиғағаларға байланысты нақты баға бере алатын.
Сондай-ақ, өзінің және жақындарының денсаулығы үшін ауласында арнайы спорт клубын құрды. Үйінің ауласында бадминтон, пинг-понг ойындарын ұйымдастырып, кейде түрлі басқосулар өткізетін. Палауды керемет пісіретін. Оның өмір сүру салты зымырап жүріп жатқандай, осылай тоқтаусыз жалғаса берердей көрінетін. Қазис коронавируспен ауруханаға түскенде де жұртшылық: «бұл енді Қазистің емес, ковидтің проблемасы, ковидтің еш «шансы» жоқ» деп қарады. Расымен де, Қазис жазылып, ауруханадан шықты, яғни ковидті жеңді. Алайда Қазистің жүрегі шыдамады… Бүгін түнде Қазис келмеске кетті. Өзекті өртейтін өкініш…»

Қазис Қабдышұлы туралы менің де айтарым бар. 

«Ол Шаңырақтағы қайғылы оқиға орнына таңғы сағат 5-те алғашқылардың бірі болып барғаны жұрт есінде… Сол оқиғада түсірген фотосуреттері барлық отандық, тіпті кейбір шетелдік БАҚ-да жарияланды. Ол Жаңаөзен қаласына алғашқылардың бірі болып барып, тіпті мәйітханадан фотосуреттер түсіріп алып келген…

Көптеген жас әріптесіне қарағанда ұтқыр әрі жылдам еді. Редакцияда «кім қайда не үшін барады» деген мәселе талқыланып жатқанда, ол такси ұстап, оқиға орнына өзі-ақ кетіп қалатын. Қазеке жұмыста болған күні редакциямыз әрдайым көңілді, шат-шадыман еді. Ерекше дауысы мен жарқылдаған күлкісі үнемі естіліп тұратын. Қабақ шытып, ренжігенін ешқашан көрмеппін.  Әрқашан көңілді жүретін, сол көңіл-күйін айналасына да «жұқтырушы» еді.  

Міне, біздің нағыз полковник — Қазекеміз осындай жан еді. 

Мұндай адамдар әрдайым жанымда жүретіндей көрінетін: жас, көңілді, әдемі… Алайда  өмір заңы басқаша екен…

Қош, бол Қазеке, әйтсе де енді жанымызда жоқ екеніңізге сене алмаспын…..»

«Жаңа  репортёр» редакциясы белгілі журналист Қазис Тоғызбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыс, дос-жараны мен Азаттық радиосы ұжымының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Жаңатастағы қайғылы оқиға, кәсіпкерлерге қысым және қант диабеті. 15-21 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

15-21 ақпанды қорытындылаған апталық бағдарламаларға ортақ тақырып — Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы оқиға. Мұнда пәтерден өрт шығып, бір отбасының бес баласы көз жұмды. Apta және  “Басты бағдарлама” авторлары эфирді осы оқиғадан бастаса, “7 күн” редакциясы бағдарлама соңына ысырыпты. Президент Тоқаев Бас прокуратура басшылығымен кездескені үш бағдарламаның да бірнеше сюжетіне арқау болыпты. 

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Дархан Әбдіуахит бағдарламаны 20 ақпан — Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні екенін еске салудан бастады. Әл-Фарабидің қайырымдылық туралы трактатынан үзінді оқыды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген кездесуге кезек жетті. Мемлекет басшысы Бас прокуратура басшылығымен кездесі. Жүргізуші жиында айтылған мәселелерге кеңірек тоқталды. Тақырып тілші сюжетіне жалғасты. «Заң және қоғам» деп аталатын сюжетте Президент пен прокурорлар кездесуінде көтерілген мәселелердің себебіне үңілуге тырысыпты. Әр мәселені нақты кейіпкермен ұштастырады. 

Тілші Ерболат Қайыржан киберқылмыстан бастап қаржы пирамидасына дейін алданғандар туралы сюжет дайындапты. «Интернетте сауда жасаймын» деп алданған кейіпкердің оқиғасынан басталған бұл сюжетте IT маман, Ішкі істер саласының мамандары, психолог секілді сарапшылар пікір білдіріп, адамдарды алдануға не итермелейді, алданбаудың жолы қандай деген сұрақтарға жауап іздейді. Сюжет ұзақ, бірақ жан-жақты талдайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі кездесуіне шолу да шықты. 

Тоқаевқа шолудан кейінгі сюжет телевизия ардагері Нұртілеу Иманғалиұлына арналыпты. Марқұмның әріптестері мен достары Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естеліктер айтып, сюжетті әсерлі етті. 

“7 күн” бағдарламасы үшінші апта қатарынан зейнетақы жинағының бір бөлігі алу ісіне сюжет дайындапты. Сюжет алған қаражатты емделуге және жеке  компаниялардың басқаруына беру талаптарына  арналыпты. 

Коронавирусқа қарсы вакцинация тақырыбы да “жеті күндіктердің” тұрақты тақырыбына айналғандай. Сюжетте Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген «Спутник V» вакцинасы туралы да айтады. 

Жаңатастағы қайғылы оқиғаға 1 сағаттық бағдарламаның 43-минутында кезек келді. Оқиғаны қысқа қайырды. Мемлекет басшысы қайтыс болған бүлдіршіндердің ата-анасына көңіл айтып, жеделхат жолдапты. 

Ел ішінде “КСК” атанып кеткен жүйенің орнына мүлік иелері бірлестігін құру туралы заң қабылданды. Жоба қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. 

“7 күн” редакциясы Жаңатастағы оқиғаны бағдарламаның соңына ысырғаны түсініксіз. Әдетте ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар апта ішінде елді елеңдеткен оқиғаны басты жаңалық санамай, хабар соңына қарай көрсетті. 

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін сөз еткен сюжетте ақпарат мол. Арнайы орталықтарда жұмыс істейтін мүміндігі шектеулі жандар туралы әлеуметтік маңызы бар сюжет. Сюжет авторы «мүгедектігі бар» деген сөзді жиі қайталады. Мұны «мүмкіндігі шектеулі» немесе «ерекше жандар» деген сөздермен ауыстырса құба-құп. 

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

«Тыңдар құлақ, көрер көз болса, біз бастайық» деп сәлемдесетін «Басты бағдарламаның» басты тақырыбы — Жаңатастағы қайғылы оқиға. Тілші өрт шыққан пәтер көршілерін сөзге тартып, «от неден шыққан» деген сауалға жауап іздейді. 

https://www.youtube.com/watch?v=FPDcT_c7ehM

Ал «Ұр тоқпақ» айдары моншада суретке түскен Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмыстан шығарылғаны мен сөгіс алғаны жайлы айтып, әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлері берілген. 

“Басты бағдарлама” қаржы пирамидасы мәселесіне де тоқталады. Алаяқтардың құрығына түспеу үшін не істеу керек екенін түсіндіреді. 

Карантин шектеулері кезінде мониторингтік топтар негізсіз тексеру жүргізгені туралы тақырыпты “Басты бағдарлама” да қозғады. Бизнесіне миллион теңгеден аса айыппұл салынған кейіпкерді “7 күн” де, “Басты бағдарлама” да көрсетті. 

https://www.youtube.com/watch?v=M1gAlRRNq8w

Бағдарлама соңғы сюжетін “Еуразия бірінші арнасы” эфирінен көрсетілетін «Х-Factor» жобасының кезекті маусымы аяқталуына арнапты.  

Apta, QAZAQSTAN

Балалар туралы жаңалықтан, Жаңатастағы өрт оқиғасында бес бала қаза тапқанынан бастады. Байқоңырда екі бала жоғалып кетіп, біреуінің денесі Сырдария өзенінен табылғанын айтты. Қызылорда облысында да өрттен бір сәби көз жұмыпты. 

Ары қарай ресми жаңалық: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бас прокуратура басшылығымен кездесу өткізді. Бұл кездесу мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге қысым көрсету, бизнесмендер құқығын қорғау тақырыбындағы сюжетке негіз болды. Президентті де, кәсіпкерлерді де сөйлетті. 

Кәсіподақтар қалай жұмыс істейді, жұмысшылар құқығын кім қорғайды? Ендігі сюжеттің талдаған сұрағы осы. Мұнайшылар ереуілін көрсетіп, олардың наразылығына не себеп болғанын талдады. Сюжет жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қордаланған көп мәселені баяндайды. Министрлік өкілдерінің, кәсіподақ төрағаларының комментарийі де бар. 

NASA Марс бетіне Perseverance  марсоходын сәтті қондырды. Осы жаңалықты айта келе ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен сұхбаттың екінші бөліміне кезек берді. Қазақстанның аэроғарыш әлеуеті, Байқоңыр ғарыш айлағының болашағы туралы әңгімелесті. Министр қазақстандық жер серіктерінің қай мақсатты қолданылатынын түсіндірді. 

QAZAQSTAN тілшілері Қарабаққа барып, репортаж түсіріпті. Былтыр күздегі соғыстан кейін жергілікті халық қалай өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Эксклюзивті, қызық әрі шынайы сюжет. 

COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан кейін қант диабетімен ауыратындардың проблемасына өтті. Соңғы уақытта түпнұсқа инсулинді биосимилярға ауыстырып беру жағдайы жиі ұшырасады. Ауруды анықтау да қиынға айналған. Сюжетте барлық тараптың пікірі бар. Толымды, ақпараты мол сюжет. 

Желілік маркетинг дегеніміз не? Apta тілшілері мұның не екенін түсіндіретін сюжет әзірлепті. Желілік маркетингпен айналысып, тұрмысы оңалған және тақырға отырған кейіпкерлерді де сөйлетті. 

Бағдарлама өткен аптада өмірден өзген журналист әрі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естелікпен аяқталды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.