Домой Блог Страница 34

Тәуелсіздік күні, Дума депутаттары және 35 мұғалім. 14-20 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстан Республикасы территориясының біртұтастығына қатысты ресейлік депутаттардың түрлі мәлімдемелері кешегі аптадағы қорытынды жаңалықтардың басты тақырыбына айналды. “7 күн” және Apta эфирі ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың қазақстандықтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауынан басталса, “Басты бағдарлама” сюжет арнады.
Апталық бағдарламалар сайлау науқанын ұмытпады.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 19-желтоқсанда эфирге шыққан бағдарламаны екінші апта қатарынан Дархан Әбдіуахит жүргізді. Әдетте 1 сағатқа созылатын бағдарлама ұзақтығы 10 минутқа қысқарып, 50 минут болды.

Әуелі Тәуелсіздік күніне орай ҚР президенті атына келіп түскен құттықтау жеделхаттарына шолу жасап, Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтауынан үзінділер берді. Назарбаев: “Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген, баһадүр бабалардың ұрпағымыз!” деп, “Үстірт пен қарт Каспий жағасын, Сыр менен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагерлері — қазақ халқы екенін” айтты.

Тәуелсіздік күні мерекесіне мемлекет басшысы наградалар үлестірді. Бұған сюжет арнап, кімдерге марапат берілгені баяндалды.

«Келер аптада ерекше жаңалық болғалы тұр». Дархан Әбдіуахит Қазақстан мен Ресей бірігіп, коронавирусқа қарсы вакцина өндіретіні туралы жаңалыққа осындай баға береді. Ал тілші Гүлжан Мархабаева ТМД елдері президенттерінің онлайн басқосуынан сюжет дайындапты. Ол кейбір сарапшылардың “ТМД ұйымы өз міндетін атқарып отырған жоқ” деген пікір бар екенін айтып, “алайда ұйым өз өміршеңдігін дәлелдеді” деген баға береді. Бұл сарапшылар пікірі ме әлде президенттер пікірі ме, бұл жағы түсініксіз.

Президент Тоқаев бірқатар мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, әкімдермен кеңес өткізді.

“7 күн” тілшілері Тоқаев аптасына шолудан кейін Тұңғыш президентке қайта оралды. Өткен аптада Н.Назарбаев «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн форумына қатысты. «Қос бастама» деп аталатын сюжет форумнан бастап Тұңғыш президент қорының жұмыстарына дейін баяндады.

Белгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін өткізіп, Камил Шереметаны техникалық нокаутпен жеңді. “7 күн” авторлары осы жаңалықты хабарлады. Қазақстанның екі президенті де Головкинді жеңісімен құттықтаған екен. Мұны да айтып өтті.

Президенттер тақырыбы аяқталып, сайлау науқанына кезек жетті. Тілші Ерболат Қайыржан Нұр-Сұлтан қаласындағы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасынан, бақылаушыдан, мәслихат депутаты мен қала тұрғынынан сұхбат алыпты. Азаматтарды сайлауға шақыратын мазмұнды сюжет.

«Тәуелсіздік тартуы» сюжеті Қазақстанның түкпір-түкпірінде Тәуелсіздік мерекесі қалай аталып өткеніне шолу жасайды. Пайдалануға берілген нысандарды көрсетеді.

Бағдарламаның соңғы сюжеті де алдыңғы сюжетке ұқсас болды. Қызылорда облысында пайдалануға берілген нысандарға шолу жасап, облыс әкімі Г.Әбдіхалықовамен сұхбаттасты.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама соңғы кездегі даулы да шулы ақпараттан басталды. Телеарна тілшілері Ресейдегі “Единая Россия” партиясының мүшесі, Дума депутат В.Никоновтың «Қазақстанға сыйға берілген жерлер” туралы мәлімдемесіне арнайы сюжет дайындапты. Сюжетте Никоновты қолдаған және қарсы пікір айтқан ресейлік саясаттанушыларды сөйлетіп, қазақстандық сенаторлардың жауабын, тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлының пікірін берді. ТМД мемлекеттері басшыларының онлайн басқосуында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “байыпты саясат жүргізе отырып, еліміздің ұлттық мүддесін қатаң түрде қорғайтын боламыз” деген мәлімдемесін, Тұңғыш президент Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арнаған құттықтауынан үзінді көрсетті. ҚР СІМ Ресей елшісіне наразылық нотасын жолдағаны да айтылды.

“Ұр тоқпақ” айдарына “Тышқан жылында болған тышқани тірліктер мен бейпіл сөздердің жинағы” ілініпті. Айдар жүргізушісі Айдана Үсенбай лауазымды тұлғалардың коммуникация мәселесін сынға алады.

Карантин шектеулеріне құлақ аспай, жаңажылдық кештер өткізіп жатқан мейрамханалар. Сюжетте тілші Әсем Изатқызы мобильді топпен бірге кафе-мейрамханаға тексеріс жүргізеді. Тілші түнгі сағат екіге дейін рейдте жүргенін, ал «ертең қой кезек» екенін айтып, сюжетті аяқтайды. Әзіл-қалжыңнсыз сюжеттен мұндай сөз тіркесі ерсі естілді.

Нұр-Сұлтан қаласының ауа сапасы мен қаланы жоспарлауды жағдайын зерттеген сюжет шаһар сәулеті мен құрылыс компаниясына қойылатын талаптар төмен екенін қозғайды. Қаланы жоспарлаумен айналысатын білікті урбанист мамандар жоғын да ескеріпті. Тұрғынға да, кәсіпкер мен шенеунікке де ой салар сюжет.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама әдеттегідей Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, қазақстандық вакцинаны адамдарға сынап көру басталғанын хабарлады.

16 желтоқсан — ҚР Тәуелсіздігі күніне ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың құттықтауын көрсетіп, Қазақстан территориясы туралы ресейлік депутаттар айтқан мәлімдемелерге қатысты саясаттанушы Расул Жұмалының пікірін берді. Саясаттанушы мұндай мәлімдемелерді жауапсыз қалдыруға болмайтынын айтты. Ресейлік “Новая газета” басылымының мақаласынан: “Ресей саясаттанушылары Ресейді одақтассыз қалдыру үшін қолынан келгеннің барлығын жасап жатыр” деген үзінді келтірді.

Президент Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Жиында президент геостратегиялық белгісіздік жағдайында мемлекеттердің халықаралық аренадағы саяси өзімшілдігі мен экономикалық ұлтшылдығы күшейетініне назар аударды. Келесі жылдың басында жарияланатын жаңа реформалар топтамасы туралы да айтты.

2020 жыл қалай өткеніне аз-маз шолу жасаған сюжет қазақстандықтарға қандай әлеуметтік көмек беріліп, пандемияға қарсы қандай іс-шаралар жасалғанын айтады. ҚР президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Жаңа жылдан кейін жарияланар реформалар туралы комментарий берді.

Apta авторлары саясаттанушылардың әлеуметтік желі парақшасындағыа сайлау туралы посттарына шолуын жалғастырып келеді. Неге екенін, бағдарлама авторлары екі-үш саясаттанушы, атап айтқанда: Андрей Чеботарев пен Марат Шибұтовтың посттарын шолып шығады.

Алдағы сайлауға қатысар 5 саяси партиясының сайлауалды үгіт-насихаттарына арналған сюжетте барлық партияға бірдей шамада уақыт бөлінген.

Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Содан бері бес жыл өтіп, нарықты ДСҰ-ы шарттарына дайындаудың өтпелі кезеңі де аяқталды. Енді шетелдік банктер мен сақтандыру компаниялары Қазақстаннан филиал ашуына болады. Экономист-сарапшылардан бұл жөнінде сұхбат алды, бірақ сюжет болмады. Өте-мөте маңызды тақырыптыңжалғасын күтеміз.

Павлодар облысында 35 үздік мұғалімнің әрқайсысына 1000 АЕК (2 млн 778 мың теңге) шамасында сыйлықақы берді. Сома көлемді бола тұра басқа апталық бағдарламалардың ешқайсысы бұл жаңалықты айтпады. Apta тілшілері осы тақырыпқа сюжет арнапты. Сюжет қызықсыз әрі созылыңқы жасалыпты. Айтпақшы, сюжетте мұндай жомарт сыйлықты неліктен Павлодар облысы әкімдігі ғана үлестіргені, басқа өңірлер неліктен тыс қалғанына жауап болмады.

«Желтоқсан оқиғасына орай материал жасамау дұрыс емес болар еді». Жүргізуші Жайна Сламбек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған сюжет аңдатпасын осылай бастады. Сюжетте Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының қазіргі өмірін көрсетті. Екеуі де ер адам.

Жалпы Apta бағдарламасындағы сюжет кейіпкерлерінің көбі — ер адам екенін байқаймыз. Гендерлік теңсіздік көзге ұрып тұр.

Бағдарламаның соңғы сюжеті де Тәуелсіздік тақырыбына, дәлірегі Тәуелсіздік құрдасына арналды. Ұшқыш жігіт (мұнда да кейіпкер — ер адам) туралы портрет сюжет дайындапты. Ол Қытайда туған. 2006 жылы Қазақстанға көшіп келген. Көңіл қуантар мерекелік сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Ғылыми және медициналық журналистика мектебіне тіркелу басталды

Ғылым туралы пікірін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуді көздеген журналистер, блогерлер мен ғалымдар үшін Орталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебі өтеді. Оқыту сабақтары 2021 жылғы 18-29 қаңтар аралығында қазақ, орыс, тәжік және өзбек тілдерінде онлайн форматта ұйымдастырылады. Мектепке қатысуға өтінім берудің соңғы мерзімі — 11 қаңтар. Сабаққа қатысу — тегін, өтінімдер негізінде конкурстық іріктеу болады.

Ғылым туралы қарапайым және түсінікті тілде қалай жазу керек? Бұл шынымен ғылыми сенсация ма әлде спикер асыра сілтеп отыр ма? Журналист әлемдегі және өз еліндегі ғылымның дамуы туралы не білуі тиіс? Оқырман мен көрерменді үркітіп-қорқытпай, толық ақпарат беру үшін медицина бағытындағы, дәрі-дәрмектер мен вакциналар туралы ақпаратты қалай жеткізуге болады?

Ғылыми және медициналық журналистика мектебінің қатысушылары жоғарыда айтып өткен және басқа да сұрақтарға жауап алады. Екі апта бойы дәрістер, уоркшоптар, интерактивті сабақтар өтеді. Сабақ барысында алған білімдерін тексеріп, оларды бірден іс жүзінде бекіту үшін тесттер, чек-парақтар, жадынамалар дайындадық. Мектеп жұмысының аясында қатысушылар екі материал дайындайды, тренингтерден кейін бір ай бойы менторлық қолдау бағдарламасы жоспарланған.

Мектептің бас тренері — Николай Воронин, BBC Global News ғылыми журналисі. Қазақстандағы тренерлер командасында «100 жаңа оқулық» жобасының редакторы Есей Жеңісұлы, «Перемена.медиа» порталының бас редакторы Айжан Мадиходжаева. Өзбекстандағы тренерлер командасында – лингвист, ғылыми журналист, редактор, «Асанов формати» Telegram-арнасының авторы Эльдар Асанов, Тәжікстанда — ғалым, тренер Абдулназар Абдулназаров.

Шақырылған спикер ретінде «Медуза» интернет-басылымының редакторы, «Намочи манту» Telegram-арнасының авторы Дарья Саркисян қатысады. Сондай-ақ спикер ретінде Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар мен ғылымды дәріптеушілер сөз сөйлейді.

Мектепке Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан медиаларында жұмыс істейтін журналистер (меншік нысанына қарамастан), ғылым тақырыбында жазатын блогерлер, жеке медиа немесе блог ашқысы келетін ғалымдар қатыса алады. Оқыту сабақтары орыс, қазақ, тәжік және өзбек тілдерінде өтеді. Сонымен қатар, ілеспе аударма арқылы орыс және ұлттық тілдерде өтеді. Мектепке тіркелу үшін 2021 жылғы 11 қаңтарға дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Оқыту бағдарламасы өте тығыз болатындықтан, келесі жағдайларды ескеріңіз. Қаңтардың 18-і мен 29-ы аралығында екі апта бойы жұмыс кестеңізден Алматы уақыты бойынша сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін (Ташкент және Душанбе уақыты бойынша сағат 15.00-17.00 аралығында) уақыт бөлу қажет болады. Сонымен қатар, үй тапсырмасын орындайсыз. Тренинг аяқталғаннан кейін бір ай ішінде медицина және ғылым тақырыбындағы материалдар бойынша менторлармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие боласыз.

Орталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебі Internews бастамасымен «Алтын Өркен» Қоры (Қазақстан), «Лочвар» қоғамдық бірлестігі (Тәжікстан), «Асанов формати» Telegram-каналымен (Өзбекстан) бірлесе отыра өтеді.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Жәнібек Нұрыш

Ауыл аралап, тауға шығу: сайлау науқанының алғашқы онкүндігі қалай өтті

2021 жылғы 10 желтоқсанда өтетін ҚР Парламенті мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауына алты саяси партиясының бесеуі қатыспақ. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сайлауға бойкот жариялады. Ал 10 желтоқсанда сайлауалды үгіт-насихат басталып, бес партия электоратты жаулап алу “шайқасына” кірісті. «Жаңа репортер» медиасыншысы Назира Дәрімбет сайлау  науқанының алғашқы онкүндігі БАҚ бетінде қалай көрінгеніне шолу жасады.

Үгіт-насихат басталған күні партиялардың бюллетендегі реттік нөмірі белгілі болды. QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы хабарлағандай, тізімде бірінші — “Қазақстан халық партиясы”, екінші — Nur Otan, үшінші — «Ауыл», сәйкесінше «Ақ жол» және ADAL партиялары орналасады. Мәжіліске партиялардан барлығы 312 үміткер ұсынылса, оның 222-і ер адам, 90-ы әйел адам. Үміткерлердің ең кішісі 25 жаста, ал ең үлкені 70-те екен.

Nur Otan: есіктен есікке 

Сайлауға қатысатын партиялардың БАҚ-тағы белсенділігіне қарасақ, жарияланған ақпараттың басым бөлігі билік партиясына қатысты екенін көреміз. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Бас партияның мүмкіндігі де, қаржысы мен ықпалы да жеткілікті.

Nur Otan партиясы мүшелерінің Жамбыл, Қызылорда облысының шағын ауылдарында өткізген кездесулерден бастап партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің «халықпен» кездесуіне дейінгі әрбір қадамы есепке алынып,  БАҚ-та жарияланып отыр.

Тіпті мазмұны бірдей ақпаратты тақырыптарын өзгертіп, “креатив” жасап-ақ жатыр. Осылайша партия халық назарына ұғымды контент ұсынуға мән бермейтін сыңайлы.

 «Nur Otan» партиясының үміткерлері атыраулық ардагер ұстаздың үйінде болып, алдағы стратегиямен бөлісті» немесе «Күріш зауытындағы экспромт кездесу» деген ақпараттарда партия стратегиясын ардагер мұғалімге баяндау тиімді ме әлде зауыттағы кездесу шын мәніде кездейсоқ болуы мүмкін бе? 

10 күн ішінде Nur Otan партиясы көп кездесу өткізді. Көпбалалы аналардан бастап ардагерлер, «зауыт-фабрика» жұмысшыларына дейін кездесу ұйымдастырды. Nur Otan барлық өңірді аралауға уәде берген еді.  Әзірге бұл уәдесін орындап жатыр. Алайда партияның үгіт-насихат науқанында айтқан міндеттемелері орындала ма, жоқ па?

Мәселен, осы партияның басты ақпарат құралы — «AIQYN» газеті сайлауалды штабтың Алматыға сапары кезінде партия 1000 IT-компания құрып, бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жәрдемдесуді уәде еткенін хабарлаған.

Жарияланымдар жиілігі жөнінен кейбір өңірлік медиа платформалар: мысалы шымкенттік сайттардың күтпеген «көркеюі» таңғалдырды. Мәселен, Oinet.kz сайты бір күнде судың қос тамшысындай, бір-біріне ұқсайтын бес «үгіт-насихат» материал жариялады. 

ҚХП: шың басына шығып, үгіт-насихат жасау

Бұрынғы ҚКХП, қазіргі “Қазақстан халық партиясы” (ҚХП) БАҚ-тағы жарияланымдар саны мен ақпарат кеңістігін қамтуы жөнінен Nur Otan партиясынан әлдеқайда артта келеді. Дегенмен партия ақпараттарының тақырыбы ерекше.

Мысалы, бұрынғы коммунистер автошеру өткізіп, елорда тұрғындарын жолда қырағы болуға шақырды. Тағы бір ақпаратта балалар денсаулығы мәселелерін талқылап, қазақстандықтардың зейнетке шығу жасын төмендетуге уәде береді. 

Nur Otan партиясы аймақтық БАҚ-та ақпарат жариялауды көздесе, ҚХП туралы ақпараттың дені Inform.kz, Turkistan халықаралық газеті, КТК  телеарнасы сияқты республикалық ақпарат құралдарында үгіт-насихат материалдары жариялап жатыр.

Партия өкілдері жұртшылық назарын аудару үшін шыңға да көтеріліпті. Бұл туралы екі басылым жазды. Айтпақшы, ҚХП-лықтар онлайн-митинг өткізді. Олардың бұл іс шарасын еліміздің бас телеарнасы — QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы хабарлады.

БАҚ-тағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысы туралы «жоқтан бар» деп айтуға болады.

«Ақ жол» партиясы ертегі айтпайды

Сайлау науқанының басында партия атауын латын қарпімен жаза бастаған ақжолдықтар үгіт-насихатын “Ақмола вагон жөндеу зауытынан” бастапты. Бұл туралы партия өздерінің «Қазақ үні» газетінің сайтында жариялады. Ақжолдықтар енді сыбайлас жемқорлық істері бойынша сотталғандар мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтынын айтып, бұл бағытта күресті жалғастыруға уәде берді. 

Бір қызығы, “Ақ жол” партиясының сайлауалды үгіт-насихатына Nur Otan-ның ақпарат құралы саналатын AIQYN газеті мен интернет-сайты белсенді қатысып жатыр. Мысалы, «Халыққа ертегі айту емес, нақты жұмысымызды көрсету қажет» – Азат Перуашев» атты шағын жаңалықта партия көшбасшысы Telegram парақшасында сайлау науқаны басталғанын хабарлағанын айтады.

“Ақ жол” партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастауы — көп үміт күттіретін ұрандар, жалынды сөздер, жалпы, «үлкен» саясатта белгіленгендей, ақпарат кеңістігін толтыру. Партия қазақ тілін қолдану аясын кеңейтіп, «Қазақстанда кедейлер болмайды» ұранымен елдегі кедейлікті жоймақ екен. 

«Ауыл» партиясы: «Ауылдан ауылға» 

Ауыл проблемаларын айтуы тиіс “Ауыл» партиясы аймақтарға турнесін бастады. Егер Nur Otan «Есіктен есікке қарай қозғалса”, ауылдықтар «Ауылдан ауылға» жүрмек екен.

Бұл туралы «бас» газет — Egemen Qazaqstan газеті жазды. Мақаланың авторы бар, бірақ «қаражатынан төленді…» деген белгі жоқ.

«Ауыл» партиясына «Жер сатылмайды» ұранымен жеңімпаз картасын ойнату бұйырғандай. Бұл тақырып ауыл тұрғындары мен қазақ тіліндегі аудиторияның жанына жақын. Міне, сондықтан партиялықтар мұны ұтымды пайдалануға тырысып-ақ жатыр.

Партияның үгіт-насихат жұмысында басқаларынан ерекшелік байқалмайды. Ауыл халқы осы сайлауда «Ауыл» партиясының әлі бар екенін біліп қалатын болды. 

 ADAL адал бола ала ма?

Таяуда “Бірлік” партиясы деген атауын өзгертіп, ADAL партиясына айналған саяси ұйым қол астына кәсіпкерлер мен ықпалды бизнесмендерді жинады.

Сайлауалды бағдарламасында жұмыссыздықты жоюға, кәсіпкерлердің  мүдделерін қорғауға уәде беріп, аймақтардағы сайлаушылармен де кездесіп жатыр.

Араларында әйел көшбасшылары бар екенін көрсетуге тырысқан жалғыз партия болып отыр.

БАҚ бетінде ADAL партиясы туралы үгіт-насихат материалдары жиі ұшыраспаса да Алматы облысының жұрт біле бермейтін бір ауданында бұл партияның халықпен кездескенін жергілікті аудандық газеттен көріп қалуыңыз әбден мүмкін.

Партия білім беру мәселелерін шешіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты талқыламақ екен. Бір мезетте екі ірі басылымда – AIQYN және TURKISTAN газеттерінде фотосуреті бірдей, бірақ тақырыбы әртүрлі бірдей мәтін жарияланды. Екі басылымда да бұл ақылы үгіт-насихат материалы екенін көрсетер белгі жоқ.

Сайлауалды үгіт-насихаттың алғашқы онкүндігінде партия өкілдерінің халықпен кездесулері туралы негізінен өңірлік медиада жарияланған қысқа ақпараттар жиі ұшырасты.

10-қаңтарда болатын сайлау науқаны кезінде бұған дейін беймәлім болып келген газеттер мен уеб-сайттарды білдік. Бұл науқан солардың көпшілігі үшін «жарыққа шығу» және ақша табудың жалғыз мүмкіндігі.

БАҚ-та жарияланған үгіт-насихат материалдарында белгілі бір партияның “Сайлау қорының қаражатынан төленді” белгісі қойылмаған.

* Жарияланымдарды талдау Alem Media Monitoring жүйесінің іріктемесі негізінде жүргізілді. Зерттеу барысында 2020 жылдың 10-20 желтоқсаны аралығында барлық бұқаралық ақпарат құралындағы (баспа БАҚ, электронды БАҚ, теледидар) 1000-нан аса материал талданды.

Тәуелсіздік күніндегі телеэфир: Назарбаевқа арналған бағдарламалар 

16-17 желтоқсан — ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесінде қазақстандық телеарналар не көрсетті? Ел тәуелсіздігінің жиырма тоғызыншы жылында көрерменге қандай тың дүние ұсынды? “Жаңа репортер” медиасыншысы Меруерт Хусаинова 2020 жылғы 16 желтоқсан күні телеарналарды шолып шықты. 

Сағыныш кадрлері мен сағызша созылған сериалдар

КТК телеарнасы Тәуелсіздік мерекесіне көп уақыт бөле қоймапты. Тәуелсіздікке тарту ретінде «90-ые: забытые пленки» деректі фильмін көрсетіп, ары қарай әдеттегідей сериал-фильмдерге орын берді.

Фильм қазақстандықтардың өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқыраудан бүгінге дейін жүріп өткен жолын баяндайды. Әсіресе телевизия мұрағаттарындағы тың деректер мен көне кадрларды жарыққа шығарыпты. Өткенді сағына еске алып, бұрынғы күндерге ойша саяхат жасауға мүмкіндік берген фильм.

Ал “31 арнада” ел мерекесіне орайластырылған бағдарлама жоғын байқадық. 20 ғасырдың 70 жылдары түсірілген «Кек және заң» үнді фильмі мен ырду-дырдуға толы әзіл-сықақ бағдарлама көрсетті. Осылайша республикалық телеарна эфирінде Тәуелсіздік күнінде салмақты дүние болмады. 

Қазақстан — аты бар, заты жоқ ел болған ба?

«Хабар» телеарнасының эфирі таңғы сағат 06:00-де басталып, түнгі сағат 02:00-ге дейін жалғасады. 20 сағатқа созылатын эфир уақытында Тәуелсіздік күніне арналған небәрі екі бағдарлама, бір мерекелік концертпен шектелді.

«Тәуелсіздік күні» арнайы жобасы мен «Шекара – қауіпсіздік кепілі» деректі фильмі Тәуелсіздік күні мерекесінің тұтас жүгін көтеріп тұрғандай.

«Тәуелсіздік күні» арнайы жобасы — аймақтардан жүргізілген мерекелік марафоны тікелей эфирде өтті. Телеарна тілшілері бүгінге дейін жеткен жетістіктерге шолу жасады. Құттықтаулар, видео жолдаулар көрсетті. Патриоттық әндер, Қазақстанның өткені мен бүгіні туралы фильмдер де еніпті.

“Шекара – қауіпсіздік кепілі” деректі фильмі ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев ел шекарасын қалай бекіткенін, қазіргі президент Қ.Тоқаевтың Тұңғыш президент арқасында Қазақ елі тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін баяндайтын сөзінен басталады. Фильмде «Қирандыдан ел түзеп, тәуелсіз мемлекет орнату» қалай жүзеге асқаны, Назарбаевтың қандай зор рөл атқарғаны айтылды. Тарихшы М.Жолдасбеков: «Аты бар, заты жоқ елден мемлекет орнатқан Назарбаевтың арқасында қазір 50 дамыған елдің қатарындамыз» деді. Ал Қ.Тоқаев: «Бұрын бізде заң тұрғысынан шекарамыз болған жоқ» деп айтады. Фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған жұмыстары мен саясат сахнасындағы образын ерекшелеуге бағытталыпты.

Қазақстанның бүгіні мен кешесі

Almaty tv телеарнасы 16 желтоқсан күні мерекелік контент пен еліміз тәуелсіздік жылдарында қандай ірі жетістіктерге жеткенін баяндайтын бағдарламалар ұсынды.

«Тәуелсіз Қазақстан жетістіктері» бағдарламасында еліміздің сыртқы саяси жағдайы мен танымал тұлғалардың Қазақстан туралы пікірі топтастырылған. Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова ел тәуелсіздігі туралы пікір білдірді.

Телерна тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында да еліміз бұл азаттыққа қалай қол жеткізгенін, қандай қилы заманды басынан кешіргенін саясаткерлер пікірі арқылы берді.

Ал «Алматы – тәуелсіздік бесігі: Тарих — туризм көзі» бағдарламасында Қазақстан әлемнің дамыған 50 мемлекеті қатарына енуі, соңғы 29 жылда Қазақстанның әлем саясатындағы салмақты орны мен Н.Назарбаевтың саяси қадамдары жайында айтты.  

https://www.youtube.com/watch?v=RqsOxwfTNZU

Тәуелсіздік мерекесі және Назарбаев тұлғасы

QAZAQSTAN ұлттық арнасында таңғы сағат 06:05-те “Тәуелсіздікке тағзым” мерекелік концерті эфир шымылдығын түрді.

«Таңшолпан» таңғы бағдарламасының тақырыбы да Тәуелсіздік күніне арналды. Ән де, би де, салмақты сұхбат та, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сюжеттер легі толастамады. Бағдарламаның Алматы студиясына қонақ болған әнші Еркін Шүкіманмен ел тәуелсіздігі туралы сұхбат болды. Әншінің әуелете шырқаған «Алаш арыстары» әні рухты көтерсе, сонау Африка елінен бір топ адам Қазақстанды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған ақжарма тілегі ерекше назар аудартты. 

«Таңшолпан» аяқталғаннан кейін “Томирис” тарихи көркем фильмін, сосын 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күнінде тұсауы кесілген «Түркістан: көне мен келешек көпірі»  фильмін қайта көрсетті. Бұл фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың телеарна басшысы Ләззат Танысбайға сұхбатына негізделген. Тұңғыш президент Түркістанның маңызы мен облыс орталығы мәртебесін беру туралы тарихи шешім жайында әңгімелейді.

Қайталанған бағдарламалар

Ұлттық арна Тұңғыш президент күнінде «Тәуелсіздік тәуекелдері» жобасын көрерменге ұсынған. Бұл бағдарламада Қазақстан тәуелсіздігін қалай алғаны және Нұрсұлтан Назарбаев рөлі туралы айтылады. Жүргізуші Нұрбек Бекбау «коммунистерге кекірік атқызған заманды» жарты сағат егжей-тегжейлі сөз етіп, «Қара майдың құны түсіп кеткенде мұрын сүзіп құлады» дей келе, бірдей әріптен басталатын сөздерден сөйлем құрап, тарихты талдайды. «Әрі қарай тәуелсіздік дәуірі басталды» деп ентіге екпінін басқан жүргізуші жоба жалғасы қашан эфирге шығатынын, жалғасы бар не жоқ екенін көрерменге ескертпестен бағдарламаны аяқтайды. 

«Парламентте Тасмағамбетов неге жоқ?»

Түс қайта эфирге шыққан «Ұлы дала – Тәуелсіз ел!» театрландырылған  концерті түрлі тақырыптағы әндер ұсынды.

QAZAQSTAN ұлттық арнасының 16 желтоқсандағы эфирінен көрермен назарын аудартар бір бағдарлама болса, бұл «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы болса керек. «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» тақырыбындағы айтыста ел тәуелсіздігі туралы жыр маржанын күттік. Өкінішке қарай, жыр додасы күйбең тірлік пен айтыскер ақындардың бірін-бірі сынауынан аса қоймады.

Айтыскер ақын Мейірбектің:

«Тәуелсіздікті 15 республика ішіндегі ең соңында алған елміз,

Бірақ 30 жылда даму жағынан сол елдердің алдына шыққан елміз»

деп айтқаны, 

тағы бір ақын Еркөштің

«Нағыз тәуелсіздік – әр қазақтың тәуелсіз баспанасы, өз үйі болса ғана»

деген жыр жолдары ғана бүгін Тәуелсіздік күні екенін еске салғандай болды. Басқа ақындар “Абайды дәріптейміз” деп қазіргі қашықтан оқытуды сөз етсе, енді бірі мемлекеттен алған медалін тізіп шықты. 

Ақын қыз Жансая:

«Парламентті пенсионерлер жайлады, неге сол парламентте Иманғали Тасмағамбетовке орын жоқ»

деп сұрау салды.

Айтыста “Нұр-Сұлтандағы мұз қалашық орнына әр қазаққа үй салып берсін” деген сөздер айтылып, Тәуелсіздік күніне арналған жыр жолдары болмады.  

Содан кейін екі сағаттай «Келін әні» түрік сериалын, ізінше «Абай» телехикаясын көрсетті. Сериал мен телехикаяны аяқтап, мерекелік тақырып «Азаттықтың асқақ әні» концертіне қайта оралды. 

Өткенге шолу сюжеттер

QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы 00:10-да «Білім бәйгесі» интеллектуалды телешоуын көрсетіп, кейін «Ұлы дала – Тәуелсіз ел!» театрландырылған концертін қайталады.

02:10-да «Тәуелсіздік тарландары» шағын деректі фильмнің 15 желтоқсандағы нұсқасын қайта берді. Н.Оразалиннің терең күрсінісінен басталатын бағдарламада Тәуелсіздік тұғыры бекітілген бұрынғы парламент ғимаратынан кадрлер тізбегі жасалыпты. Өткен күндерді күрсіне еске алған Н.Оразалин: «Бұл залда 1991 жылғы 16 желтоқсан күні тарихи күн болғанын» айтып: «Мына жерде Нұрқаділов отыратын, әлі есімде» деп залдағы орындықты нұсқап, сол тұстағы ел тарихында өшпес із қалдырған азаматтар туралы сөз етеді. Қай орындықта кімнің отырғанын сағынышпен еске алған және соны есінде мықты сақтаған Нұрлан Оразалин неге екені белгісіз, М.Горбачевті «бетінде қалы бар президент» деп еске алды.

Жазушы өткен мен бүгінді салыстыра келе Н.Назарбаевтың саяси көрегенділігі арқасында осы күнге жеткенімізді мақтанышпен айтады. Қазіргі үш тілде білім беру жүйесіне қарсылығын да білдіреді. 

Тәуелсіздік мерекесіне байланысты отандық телеарналардың көрерменіне ұсынған бағдарламалардың ұзын-ырғасы осы.

Неге екені белгісіз, ешбір телеарна Желтоқсан көтерілісі туралы деректі фильмдер, «Қызғыш құс» фильмін экранға шығармады. Жылда көрсетілетін осы екі дүние Қазақстанның тәуелсіздікке қалай жеткенін айқындай түсетін. Әлде 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасын» сөз етсе, 2011 жылғы 16 желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасы да айтылар деген қауіп болды ма екен?!

Тұтас бір мемлекеттің ең ұлық мерекесі — Тәуелсіздік күнінде шын тарихқа негізделген бір де бір фильм, тым болмаса деректі фильм көрсетілмеуі көңілге көлеңке түсіреді.

1986 жылы қаны төгілген боздақтардың арқасында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенін білдіретін «Аллажар» сияқты фильм орны отандық арналарда ойсырап тұрды. Есесіне «Қазақстан 29 жылдық тәуелсіз жылдарында дамыған 50 елдің қатарына қосылды, Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бұл күнде Қазақстанды әлем елдері таниды» деген жалынды сөздерге толы бағдарламаларды көп көрсетті. 

Телеарналарымыздан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жазықсыз құрбандары, есімі ешқашан ұмытылмайтын Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова туралы естеліктер, олардың ерлігін дәріптейтін бағдарламалар көрсетпегені өкінішті.

Тоқаев, Волонтер жылы және тағы Тоқаев. 7-13 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

7-13 желтоқсанды қорытындылаған апталық бағдарламалардың барлығы Волонтер жылының ресми жабылуына сюжет арнады. Apta эфирі осы тақырыптан басталса, “7 күн” редакциясы президенттер Назарбаев пен Тоқаевтың Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанын басты тақырып етті. Ал “Басты бағдарлама” авторлары елдегі жемқорлықпен күрес жұмыстарын алға шығарды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны Дархан Әбдіуахит жүргізді. Тұңғыш президент Назарбаев пен қазіргі президент Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанын айта келе, сюжетке кезек берді. Сюжет Назарбаев пен Тоқаевтың айтқан сөздерінен құрылып, отырысты баяндады. Басқа мүше-мемлекет президенттерінің не айтқанын ести алмадық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысына қатысты. Сюжет авторы Рауан Мыңбаевтың айтуынша, келер жыл — реформалар жылы болмақ. Тұңғыш президент Назарбаев Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакробартиді қабылдағанын да айтып өтті.

“7 күн” бағдарламаның үшінші сюжеті де президентке арналды. Кешегі аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының ресми жабылуына қатысты. Сюжетте осы ресми іс-шараға қатысқан қазақстандық, шетелдік волонтерлердің пікірі, президент Тоқаевтың айтқаны да бар. Волонтерлер өз жұмысы туралы да әңгімеледі.

Ұзақтығы 50 минуттық бағдарламаның төртінші сюжетіне де Тоқаев тақырыбы, дәлірегі президент қатысқан тағы бір жиын арқау болыпты. Мемлекет басшысы “Алтын сапа” байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Хаттама-сюжетте президент сөзінен үзінділер беріп, марапат иегерлерін де сөйлетті.

Бағдарламадағы мазмұнды да маңызды сюжет — ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер мигранттарына зейнетақы төлеу туралы келісімнің ратифицикациялануын түсіндірді. Тілші елімізде және Ресейде жұмыс істеп жүрген мигранттарды мысалға алып, осы құжаттың маңызын баяндады. Одаққа мүше бес мемлекеттегі еңбек мигранттарының саны, зейнетақы мен еңбекақыдан ұсталатын жарна көлемін көрсетер инфографика да дайындапты. Ақпараты мол, тартымды сюжет.

Эфир соңына таман, дәлірегі 38-минутында елдегі коронавирус ахуалына кезек жетті. Батыс, шығыс, солтүстік аймақтардағы коронавирус індетінің таралауына шолу жасады. Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекетінде жүздеген жүк көлігі жиналып қалғаны, Қытай тарапы экспорт тауарларды қабылдамай жатқаны да айтылды. Атырау облысында да Ресейге экспортталатын өнімдер жөнелтілмепті. Бұл да карантин салдары екен.

Бағдарламаның соңғы екі сюжеті имидж материалға ұқсайды. Екі сюжеттің біріншісі Алматыда ашылған Hyundai Trans Kazakhstan компаниясына арналса (кәсіпорын қызметкерлерінен сұхбат алып, құрастырылып жатқан көліктер туралы әңгімеледі), екіншісі “Сұңқар” құс фабрикасының жетістіктерін баяндайды.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” елде коронавирус індетінің таралуына қысқаша шолудан басталды.

Содан кейін 9 желтоқсан — жемқорлықпен күрес күні екенін, елдегі жемқорлық қылмыстардың саны артқанын да айтып өтті.

“Ұр тоқпақ” айдарында «Transparency Kazakhstan» үкіметтік емес ұйымының ауылдарға бюджеттен қанша ақша бөлінетінін анықтағаны сөз болды. Мәлімет бойынша елімізде ауылға ең көп қаражат жұмсаған өңір — Түркістан облысы екен. Бюджет ашықтығы тақырыбына терең зерттеу жүргізілмесе де талдау жасауға талпыныс байқалды. Бұл тақырып жыл соңында орынды көтерілді. Бағдарлама авторларынан алдағы уақытта да ашық бюджет туралы зерттеу-талдаулар күтеміз.

Волонтер жылынаың жабылуына арналған сюжет “7 күн” мен Apta әзірлеген сюжеттерге ұқсамайды. Мұнда авторлар волонтердің бір күнін баяндайды. Волонтерлердің жақсы істерін санамалай келе ерікті болып жүріп, тұрмыс жағдайын түзетіп алғандар да, өздерін ерікті ретінде таныстырған алаяқтар болғанын да айтып өтті. Алайда мұны негіздейтін дәлел келтірмеді, қандай да бір сарапшы пікірін де, құзырлы орган өкілінің сөзін бермеді. Тағы бір кемшілік — сюжетте волонтерлер көпбалалы отбасының үйіне материалды көмек әкеледі. Осы сәтті бейнелейтін видеода отбасындағы балалардың бет-жүзі анық көрінеді.

Z-ұрпақ туралы сюжет қазіргі балалаларға тән ерекшеліктерді жинақтапты. Сюжеттегі сарапшылар бұл буынның алғыр, жаңашыл екенін айтса, кейбір сарапшылар смартфонға телмірген балалар руханияттан хабарсыз болмай ма, деп қауіптенеді. Сюжетте NASA-да тәжірибеден өткен баланы да сөйлетеді. Тілші Айбек Қосан сюжетті «Заман өзгерер, сана өзгерер. Бірақ барлығына ортақ бір ғана құндылық қалуы тиіс. Ұрпақ көп, тәуелсіздік біреу ғана» деп түйіндейді.

Соңғы сюжет “Теріс діни ағымдар- қоғамға, тіпті тәуелсіздікке төнген қауіп” деген мәселені қозғайды. Сюжетте жазасын өтеуші ер адам камераға ашық сұхбат беріп, басынан өткен жағдайды баяндайды. Ал сарапшы-теолог Жандәулет Отарбайұлы теріс ағымдар ұстанымы мен уағыздары жөнінде байыпты түсіндіреді. «Жусан» операциясының ұйымдастырылғанына бір жыл толғаны да ұмыт қалмады. Айта кетейік, “Басты бағдарлама” редакциясы бұған дейін де теріс діни ағым жетегінде кеткен адамдар туралы сюжет жасаған.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, қызыл аймаққа енген өңірлерді атап өтті.

Бірінші сюжет — Волонтер жылының ресми жабылуы. Сюжет кейіпкерлерінің қатарында: мұқтаж отбасыларға азық-түлік тарататын ер адам, бетперделерді тастайтын қоқыс жәшіктерін орнатқан эковолонтер және тағы басқа еріктілер бар. Бұл сюжет волонтерлер үшін емес, президент үшін басты тақырыпқа айналыпты, өйткені президент Тоқаев Волонтер жылының ресми жабылуына қатысқан. Сюжетке Мемлекет басшысының сол жиында сөйлеген сөздерінен де үзінділер қосыпты.

Президент Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысын өткізді. Екінші сюжет осы отырысты баяндайды. Тілші кадр сыртындағы мәтіндерде президенттің айтқанын қайта әңгімелеп, сихнрондарын да енгізіпті. Зеріктіретін сюжетте көрерменді қызықтырар ешқандай амал-тәсіл байқалмайды.

Үшінші сюжет тағы бір жиынға: Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына арналды. Бұған Тоқаев та, Назарбаев та қатысты. Бұл отырыстың маңызды сәті — ЕАЭО-ның 2025 жылға дейін стратегиясының бекітілуі. Өткен мамырда президент Тоқаев осы құжаттың әлі де пысықтауды қажет ететін тұстары бар екенін айтқан. Міне, сондықтан да мұндай маңызды құжат талқыланған кешегі отырыс туралы сюжетте сарапшылар пікірі жетіспеді. Авторлар отырыста айтылғанды қайта айтып беруден аспады.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед РФ Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың “Первый канал” телеарнасының “Большая игра” бағдарламасында “Қазақстан территориясы — Ресейдің үлкен сыйлығы” деп айтқан сөзіне жауап қайтарды. Ал ҚР СІМ Ресейге наразылық нотасын жолдады. Айта кетерлігі, басқа қорытынды бағдарламалар кешегі аптада қызу талқыланған бұл оқиғаны елеусіз қалдырды.

Apta авторлары “Жас отан” ЖҚ съезінен де сюжет дайындапты. Бұл съезге Назарбаев қатысты. Тұңғыш президент сөздерінен құралған сюжеттің кадр сыртындағы мәтіні де Назарбаевтың жиында айтқанын қайталайды.

2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауға қатысатын бес партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары туралы сюжетте әр партияның бір-бір іс-шарасын көрсетті.

Apta редакциясы президенттер туралы жаңалықтарды түгендеп болып, бағдарлама соңына дейін қалған ең төзімді көрермендеріне өзекті сюжеттерін көрсете бастады. Жалпы Apta бағдарламасы мықты сюжеттерін эфир соңына қалдыруы мызғымас дәстүріне айналғандай.

Қытаймен шекарадағы Nur joly кеден бекетінде мыңдаған жүк көлігі үш айдан бері қаңтарылып тұр. Қытай тарапы оларды өткізбейді. Сюжетте үш айдан бері көлік ішіне түнеп жатқан жүргізушінің хикаясы бар. Сюжет авторы барлық тараптың пікірін білуге тырысыпты. Бір кемшін тұсы: сюжет кейіпкері — жүргізушінің сөзінше ол Электронды кезек жүйесіне тіркелген. Сосын оның тіркеуі де, кезегі де жойылып кеткен. Міне, осы тұста осы Электронды кезек жүйесіне жауаптылардың пікірін естімедік.

Дания мемлекеті Солтүстік теңізде мұнай барлауды тоқтатады. 2050 жылы мұнай өндіруден бас тартады. Ал Қазақстанда жасыл экономиканың жағдайы қалай? Сюжетте даму мүмкіндіктері мен қиындықтарды кеңінен айтып, бірақ жасыл экономиканы дамытуға мемлекет қазынасынан қанша теңге бөлінгені туралы ләм-мим демеді.

Қарапайым мектепте оқитын балалардың мемлекеттен қаржыландырылып, сапалы білім беретін мектептерге (мысалы, НЗМ, “Білім-Инновация” лицей-интернаты) оқуға түсуі қиын, тіпті мүмкін емес. Бұл үшін репетитор жалдау керек. Ал көп отбасының репетитор жалдап, баласын оқытуға шамасы жетпейді. Міне, сондықтан да орта білім саласын теңдей қаржыландыру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Apta авторлары соңғы сюжетте осы мәселені көтеріпті. Өзекті тақырып, соңғы кездері қызу талқылауға түскен. Толымды әрі жан-жақты әзірленген сюжеттің қызық кейіпкерлері, сарапшы пікірлері де бар. Алайда Білім және ғылым министрлігінен ұғынықты комментарий болмады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қазақша подкастілер — қоғам айнасы: Тамаша жыл, JaIQ podcast, OZGERU KEREK

2-3 жыл бұрын тұрақты жаңаратын қазақша подкастілер саусақпен санарлық болса, қазір көбейіп, 30-ға жуықтады. Әдетте орысша подкаст жүргізетін танымал подкастерлер де қазақша эпизодтар шығара бастады. Мәселен, FindyourB подкасті ара-тұра қазақша эпизодтар жариялап, қуантып қояды. Сан артты, ал сапа ше?

“Жаңа репортер” медиасыншысы Бэлла Орынбетова тұрақты жаңартылатын бірнеше подкастіні тыңдап, талдады. 

Подкаст дегеніміз не? Подкаст — жүктеп алуға не онлайн тыңдауға болатын, rss файл арқылы таралатын аудио контент. Подкаст жанрларының алуан түрі: екі не бірнеше адам әңгімесіне негізделген сұхбат, бір оқиғаға не дерекке негізделген документаль подкаст, көркем-әдеби подкаст, аудиоблог, сериал форматындағы подкаст және т.б. бар.

Бүгінгі медиасын мақалада:

  1. Тамаша жыл — The Big Year
  2. JaIQ podcast
  3. OZGERU KEREK

подкастілерін талдаймын. Не себепті осы үш подкастіні таңдадым? Эпизод саны, жазылушылар саны мен тыңдалым саны бойынша іріктедім. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі басқа да подкастілерге медиасын жазамын.

Тамаша жыл — The Big Year

Подкаст авторы — Talshyn Lilian.

Бірінші эпизоды 2017 жылғы 22 қаңтарда шықты. Қазір эпизод саны 104-ке жетті. Тамаша жыл — The Big Year подкасті барлық негізгі подкаст платформаларында (Apple Podcasts, Castbox, Spotify, Google Podcasts, Pocket Casts) бар. Автордың жеке сайтына да жинақталған. 

Тамаша жыл — The Big Year — қазақ тіліндегі подкастілердің ең байырғы әрі тұрақтысы. Подкаст мазмұны өте жарқын әрі позитивті.

Мұны тіпті алғашқы секундтарынан-ақ сезесіз:

“Қайырлы күн, Қазақстан және барлық әлем! Бұл — күн шуағымен жарыса оянып, күнін жаңа идеялармен, қуанышпен бастағысы келетіндердің аудиоблогы. Бақытты болу — біздің таңдауымыз”

Әуелде Талшын подкаст эпизодтарын апта сайын тұрақты түрде шығарып отырды. Форматы қысқа, яғни ұзақтығы 4-7 позитив минуттық аудиоблог форматында болатын.

— Тыңдармандарыма “әр жаңа эпизодты дүйсенбі және бейсенбі күндері шығарып тұрамын” деп уәде бердім. Уәдемді орындауға тырыстым,-дейді Талшын. 

Осылайша алғашқы жылы 74 эпизод эфирге шықты. Кейінгі жылдары эпизодтар  саны азайған еді. Биыл Талшын подкаст жазылушыларын қайта қуантты. Эпизод жариялау жиілігі сиреді, бірақ эпизод хронометражы ұзарды.

Соңғы кездері шыққан эпизодтарға: Эллиот Аронсонның “Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психология” кітабын талқылау, креатив экономика, қазақстандық жас ғалымдар жаңалығы мен соларды қолданысқа бейімдеу, полиглоттардың практикалық кеңесі, қазақ тілін үйренушілерге пайдалы кеңес сияқты тақырыптар арқау болды.

Тамаша жыл — The Big Year ерекшелігі — автордың өмірге, білімге құштар, елден ерек кейіпкерлерді таба білуі.

Мәселен соңғы шыққан #105 эпизод қонағы — физик Жадыра Кеңесбек. Ол Гонконгте физика мамандығы бойынша докторантурада оқиды.”Подкаст тақырыбы физика туралы болады” деп ойламаңыз. Жадыра ағылшын, қытай, араб, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Пандемия кезінде Қытайдағы зертханасы жабылуына байланысты елге оралып, қытай-ағылшын тілдерінде синхрон аударма жасайды. Синхрон аударма кезінде Қытай делегаттарының әзілдеп айтқан мақалы герман-қытай арасындағы іскерлік қатынасқа қалай қауіп төндіргені, аудармашылар абыройын қалай сақтап қалғаны туралы тартымды әңгімелейді.

Жақсы подкастер сұхбат қонағына өз ойын таңып, көп сөйлеуге тырыспайды. Талшын да сұхбат барысында қалың жіптің орамасын тарқатқандай, әңгімені баппен суыртпақтап отырады. Өз подкастына тән позитив көңіл-күй мен салиқалы әңгіме ауанын қатар ұстай біледі.

JaIQ podcast

Бұл подкаст — ұжымдық топ еңбегінің жемісі. Жоба ашылғанда “Мұнда модератор жоқ, ғылымда, бизнесте, түрлі салалардағы тең дәрежелі адамдар кездесіп, өзара сұхбат құрады” деп хабарлаған болатын. Өздерін “жаңа community” деп атайтын топ барлығы 111 эпизод шығарды. Бірінші эпизодын 2020 жылғы 19 маусымда жариялады.

Бастапқыда тақырыптары да, спикерлері де мықты еді. Cardiff университетінде Медицина саласы бойынша PhD зерттеуші Мұхит Құлмағанбетов пен Венада резидентурада оқып  жүрген Жансая Үмбетқызының “Шетелдегі медицина” туралы, Edinburg университетінің түлегі Ильяс Жолдасбаев пен Goteborgs университетінің түлегі, UX дизайнер Динара Жұбаниязованың UX дизайн туралы әңгімелері подкастқа қызығушылықты арттырған еді.

Білімді, озық жастардың  өзара сұхбаттасуына мүмкіндік беретін мұндай платформа тамаша идея болды.

Бұл подкастта модератор жоқ деуге келмейді. Тұрақты жүргізушілері, әрқайсысының тақырыптары, қамтитын салалары да бар. Мәселен, білім тақырыбында Ерназар Қайрат, IT тақырыптарына Ақерке Исабекова мен Айдана Бәсенова, ал әлеуметтану және психология жайында Ержан Мырзабаев қонақтармен сұхбат құрады.

JaIQ podcast бірнеше адамның сұхбатынан бөлек, кейде-кейде бірнеше шумақ өлең эпизодтар жариялайды. Хронометражы да әртүрлі. Екі сағаттық эпизодтар да, екі минуттық шығарылымдары да бар. Кейбір ауқымды тақырыптарды бірнеше бөлімге бөліп салады.

Бірінші эпизод тақырыбы — “Университетте оқу керек пе?”.

“Білім-Инновация” лицейінің физика пәні мұғалімі Ерназар Қайрат OpenU онлайн университетінің ректоры Қанат Қожахметпен осы сұрақ төңірегінде әңгімелеседі.

Жалпы JaIQ podcast қауымдастығында подкаст жүргізу, білім, ғылым тақырыптарына келелі сұхбат жасаудан Ерназар Қайратқа жететіні жоқ сияқты. Ол “Мектептегі теңсіздік” эпизодында Astana Garden School негізін қалаушы, Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхамед Досыбаевпен әңгімелесті.

Қазақстанның білім саласындағы айырмашылық та жер мен көктей. Элитар мектептердің бюджеті, білім сапасы мен қарапайым мектептер шамасы.

Сұхбаттасушылар “Мектеп қабырғасында балаларды дұрыс нәрсемен жарысуды үйретуіміз керек. Көркем мінез, көркем тәрбие, мысалы. Өркениетті елдерде адамдар лауазымымен, ақшасымен, атағымен жарыспайды, көркем мінезімен жарысады” деген ой айтады.

“Оқушы білімінің көрсеткіші ретінде олимпиадалар қаншалықты қажет” деген мәселеге келгенде спикерлер пікірі екіге жарылды. Нұрмұхамед “олимпиадалар қажет” десе, Ерназар өз аргументін алға тартады:

— PISA емтиханында алты түрлі деңгей бар. Оның алтыншы деңгейіне жеткен оқушы — мықты инженер, мықты ғалым, сыни  ойлау қабілеті өте жоғары. Бесінші деңгейде өте мықты маман, төртінші деңгей — компетентті азамат, үшінші деңгейдегі адам -қарапайым құқықтарын жақсы білетін адам, екінші деңгейдегі адам — қарапайым құжаттарды түсінуде қиналатын адам. Ал бірінші деңгейдегі адам — экономикаға аса пайдасын тигізе алмайтын қара жұмысшы. Яғни алты деңгейге қарағанда Қазақстанда құжат бойынша дарынды оқушыларға арналған мектептер көп. Олимпиадалардың мәні де сол ғой. Бірақ алтыншы деңгейге жеткен балалар үлесі 0,1%, ал Сингапурда 5,7%. Демек Қазақстанда 1000 адамның ішінен 1 адам, ал Сингапурда 1000 адам ішінен 57 адам сол алтыншы деңгейге жетіп отыр,-дейді Ерназар Қайрат. 

Қазақстан мектептеріндегі теңсіздік, білім берудегі айырмашылық мәселесі Connect-Ed, Teach for Kazakhstan жобасын құрушылардың бірі Гүлназ Қордановамен “Ауылдағы жетіспеушілік” эпизодында да жалғасады.

Спикерлер қала мен ауылдағы балалардың білім айырмасын жою туралы сөйлесіп, “Оқушы географиялық, әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндігі болуы керек, бұл үшін не істеуге болады” деген сұрақтарға жауап табуға тырысады. Тақырып өзекті, спикерлер танымы терең, талқылау да сапалы.

Алайда 111 эпизодтың барлығы біртекті емес.

Мәселен “Гендегі қасиеттер” эпизодында тұрақты жүргізушілердің бірі Әйгерім Әубәкірова ІТ-маман Асыл Әбіләкіммен ген, гендер, ұлттық менталитет туралы әңгіме-дүкен құрады.

Эпизодтағы диалогтан үзінді келтірейін:

— Кейбіреулердің возможно әйелдері ұрады да, типа күйеулері эмоционально шаршайды деген сияқты. Но ұлдарда как то оны шығаратын не бар да. Қолданады да, экстрим спорт болсын, там анау-мынау или там жаман жолға түсіп кететіндер бар. Но қыздарға всегда үлгілі, идеальный болып жүру керек. Общество солай көреді типа. Идеальный ғып көрмесе, сразу жамандап бастайды. Андай белгілі бір жағдайларға қатысты, қыздарға менің ойымша қиын сияқты. Сондықтан да менің жеке ойым, осы қыздарға шынымен де оларды тыңдай алу керек шығар. 

— Иә, қыздардың минусы бірден байқалады. 

— Бірден айтады, қыздар әдемі боп жүруі керек қой. Тырнақтары болсын, там бірнәрсе. Ал ұлдарға бәрібір болуы керек те.. 

— это нормально типа, ұлдар ұл ғой. 

— иә, иә, маймылдан әдемі болса болды. 

— Например кеш келсе, бір күн, екі күн жоқ болып кетсе нормально. Ұл ғой патамушто. Ал қыздар жетіге дейін келу керексің. 

— Бірдей сену керек сияқты меніңше, қызға да, ұлға да. 

— Қыз өзін безопасно сезінуі керек сияқты ғой. Қай жақта қайда жүрсе де, өзіне сенімді болуы керек. 

Осы жағынан болсын, типа бізде қазақта қыздарды қырық үйден тыю деген сияқты мақалдар айтады. Менің ойымша тек қыздар үшін ғана емес, барлық адамдар үшін қолдану керек.

Бұл диалогты алудағы мақсатым — тіл шұбарлығын көрсету емес. (Көптеген эпизодта келген қонақтар: “мен ойымды қазақша жеткізе алмаймын, орысша сөйлейінші” деп, әңгімесін орысша бастайды. Кейін қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын жинақы жеткізетін Әйгерім сияқты жүргізушілердің әсерінен қазақша тәп-тәуір сөйлеп кетеді. Сондықтан осы ұстанымы мен мінезі үшін Әйгерім Әубәкіроваға жеке алғыс). Керісінше, бұл — ең шынайы подкаст.

Біз, дәстүрлі қазақ қоғамы барлық проблеманы, кем-кетікті, ауруды тығып тастап, “біздің ел бақытты, біздің ел осындай” деп айтып отыруға үйреніп қалдық. Ал мұнда “біреуге ақылды болып көрінейін, жұрт мен туралы қандай пікір қалыптастырады” деген ой жоқ.

иә, шұрайлы қазақ тілінде сөйлейтіндер өте аз,

иә, қазіргі жастар аға буын қалап берген “инабатты қазақ” пішінін кигісі келмейтін шығар,

бәлкім, арман-мұратымыз сондай асқақ емес шығар?!

Қазіргі қоғам үні мен жастарды танып, түсінгіңіз келсе дәл осы подкастіні тыңдауды ұсынамын.

JaIQ podcast ерекшелігі — бұл подкастке бағыты пен тақырыбы, стилі мынадай деп анықтама беру мүмкін емес. Мазмұны да әркелкі, айтары да әртүрлі. Біздің қоғам сияқты. 

OZGERU KEREK

Айна Досмахамбетқызының авторлық подкасті. Подкаст Айнаның “Ажыраспа” жобасынан туындаған.

Автор подкаст сипаттамасына: «Өзгеру керек» — бұл күрделі философиялық немесе арнайы мамандандырылған тақырыптарға арналған подкаст емес. Бұл жерде әрқайсысымыздың өмірімізде кездесетін, күнделікті тұрмысымызға әсер ететін қарапайым тақырыптар талқыланады… ” деп жазған.

Соған қарамастан OZGERU KEREK подкасті iTunes-те “Әлеумет және мәдениет” тақырыбындағы қазақстандық подкастілердің үздік ондығына кірген.

Тыңдалым саны мен аудитория пікіріне қарасақ, подкаст тақырыбы да форматы да дұрыс таңдалған.

Форматы жағынан да басқа подкастілерге ұқсамайды. Сұхбат жанрына құрылмаған. Хронометражы да қысқа, 10-15 минуттан аспайды.

Айна бір эпизодында “Бұл подкастіні өзіме арнаған сияқтымын. Кейде бір тақырыптарға өзіммен сөйлескім келеді” деп айтқан еді. Ол оқып-білгенін, өмірден түйгенін бөліседі.

Автордың танымы мен жеке ойларына негізделген подкасттің жағымды да, қауіпті де тұстары бар.

Әуелі кемшілігіне тоқталайық: Автор ара-тұра субъективизмге қалай бой алдырғанын аңғармай қалады. Мәселен, “35-кеңес” эпизодында 35 жасқа толған автор тыңдармандарға практикалық ақыл-кеңес береді.

Сол ақыл-кеңестерінің арасында:

“Көп ойлану — көп жасаумен тең емес. Сондықтан әрекет ет, қатесін жүре түзейсің”;

“Балам көп болсын” десең, шынымен де бірінен соң бірін туып тастаған дұрыс, қалай өскенін байқамай қаласың. Және оны жас кезіңде жасау керек, уақыт өте денсаулығың да, құштарлығың да болмауы мүмкін”;

деп айтады. Тағы бір он жылдан кейін автордың дәл осы көзқарастары өзгеріп қалуы әбден мүмкін. 

Жағымды тұстарына да тоқталайық: Автор ойын шашыратпай, бірден жеткізеді. Жұрттың жаман мінезін сөгіп, “данышпансымайды”, көлгірсімейді. Қайта жаман мінез, ерсі дағдылармен қалай күресуге болатынын айтады.

Мысалы, “Дұрыс шыдап жүрміз бе?” эпизодында актив және пассив шыдам туралы түсіндіре келе, “Өмірді өзгерту қолымыздан келе ме? Келмесе, оған деген көзқарасты қалай өзгертуге болады?” деген сұрақтарға жауап береді. 

Ал “Жұрт не дейді?” эпизодында “әрдайым сөгіп, мін тағып сөйлеуге дайын тұратын “жұрт” дегеніміз кім, оның пікірі соншалық маңызды ма, өзгенің емес, өзіңнің қалағаныңды жасау үшін не істеу керек екенін айтып, практикалық тапсырмалар береді. OZGERU KEREK-тің осы эпизоды көп адамның өмірге, жұрт пікіріне деген ойын өзгертуге қауқарлы.

“Аудиоблог форматын таңдаған автор өзгелердің пікіріне құлақ салмайды” деп ойлап қалмаңыз.

“Ер адамның бақыты неде?” эпизодында нағыз пікір алуандығына куә боласыз. Маған ең қызық бөлімдердің бірі. Эпизод хронометражына қарап, әуелде қипақтап қалдым. 40 минут!

Айна алғашқы эпизодтарында “подкаст ұзақтығы 5-10 минут болады” деп еді. “Ақыл-кеңес үшін қырық минут ұзақ емес пе” деген ой келді. Эпизодтың монтажында да кемшіліктер бар.

Автордың “омыр”, “себебы” сияқты орысша реңді қазақша акцентіне де үйрене қоймап едім. Алайда бұл эпизод сауалнамаға құрылыпты. Аудиосауалнаманы жинап, монтаждау қаншалық қиын екенін жақсы білемін.

Респонденттер дауысы, диалекті мен сөйлеу мәнерін тыңдап, сауалнамаға қатысқан адамдардың жасы, географиясы, әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі әртүрлі екенін түсіндім. Сауалнама да сонысымен тартымды әрі қызық шығыпты.

Соңғы эпизоды көп энергия мен ұзақ уақыт  алды ма? Әйтеуір Айнаның подкастынан жаңалық күткелі бір жарым айдан асты. Эпизодтардың жиі жаңаруы подкасттің танымалдығы мен рейтингісіне тікелей әсер етеді. “OZGERU KEREK подкасті iTunes-чарттағы тағынан таймайды” деп үміттенемін. 

Өкінішке қарай, тұрақты эпизод шығару — подкастерлердің басты проблемасы. Бірнеше эпизодымен жарқ етіп, тыңдармандарын ұзақ күттіріп қоятын подкастерлер көп. Сәлем, Taigaqta.

Бастысы соңғы кезде қазақша подкастілер көбеюі, тақырып пен жанр тұрғысынан дамуы қуантып қана қоймай, таптаурын түсініктерді де бұза бастады.

Подкаст дегеніміз — құлағынан құлаққап түспейтін жастардың ермегі ғана емес. Мұны Дана Маратованың “Әжемнің әңгімесі” подкастында 80 жастағы Дина әже дәлелдемей ме?!

Подкастілердің әртүрлі платформада жариялануы, бірегей каталогтың болмауы, жүйеленбеуі — қазақша подкастілердің кең танылуына кері әсерін тигізеді. Дегенмен, жақсы подкаст тыңдармандарын міндетті түрде табады. Бұған тек жақсы контент пен табандылық қажет. 

«Ауылдастар» бағдарламасы ауыл өмірін боямасыз көрсете ме?

QAZAQSTAN ұлттық телеарнасынан сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 16:20-да «Ауылдастар» бағдарламасын көрсетеді. Әр шығарылымы жарты сағатқа созылып, нақты бір ауылға арналады. Осылайша, телеарна тілшілері Қазақстан ауылдарын таныстырады. Ауылға саяхатты немесе әсем табиғат көрсетуді көздемейді. «Жаңа репортер» медиасыншысы Меруерт Хусаинова қазіргі ауыл тұрмысын мейлінше жақсы жағынан көрсетуге тырысатын бағдарламаны талдады. 

Телеарнаның ресми сайтында «Ауылдастар» туралы: «Бұл тележоба – ауыл адамдарының күнделікті өмірі туралы. Елді мекендерді қолдау жөніндегі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз алдына кәсіп ашып, түтінін түзу түтетіп отырған ағайынның тұрмыс-тіршілігі сипатталады. Сауыншы, бағбан, құдықшы, зергер, малшы секілді жекелеген ауыл адамдары өзгеге үлгі боларлық өмірлері туралы өзері баяндап береді. Жобада ене мен келіннің, ата мен баланың татулығын көрсету арқылы адами және отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Жергілікті халықпен етене араласып, бір атаның баласындай болып кеткен өзге ұлт өкілдерінің өмірі де көрсетіледі» деп жазылған.

Бір жыл ішінде бағдарламаның барлығы 70 шақты эпизоды эфирге шықты. Түсірілім командасы еліміздің көптеген ауылына барды. Бір эпизодында елдің оңтүстігінде жүрсе, тағы бірде солтүстікке сапарлайды. Жүргізуші неліктен дәл осы ауылға келгенін түсіндірмейді. Ауыл үстінен дронмен түсірілген кадрлер де көп қолданылады.

«Ауылдастар» жүргізушісі Гүлназ Ауданбаева әр эпизодта белгілі бір ауылдың адамымен, яғни бағдарламаның бас кейіпкерімен кездеседі. Кездесу де қызық жағдайда өтеді. Тілшіні күтіп алатын кейіпкерлер осы кездесуге барынша дайындалатыны анық байқалады.

Мәселен, Павлодар облысындағы Евгеньевка ауылына барғанда ағаш шебері Асылбектің үйіне түседі. «Журналист келеді» деп күткендері, барынша дайындалғаны көрініп тұр. Асылбектің анасы тойға баратындай жасанып киінген. «Тапсырыс беріп едім» деп келген көршісі де алдын ала дайындалғаны байқалады. Ұстаға келіп, тілшімен сұхбаттасқан көрші апа бұған дейін ауылға ешқандай БАҚ өкілі келмегенін айтады.

Шебердің әйелі «Балапан қаз» әнін орындайды. Әннің «Ей, ахау, сабаз» деген жолдарын «Ей, ахау, самал» деп, сөзін бұзып айтады. «Ауылдастар» бағдарламасы алдын ала әзірленген сценарий бойынша түсірілсе де ән сөзін бұзып айтқан тұсы эфирге қаз қалпында шығыпты. Редакторлар бұл қатені байқамады ма әлде түсірілім шынайы шығуы үшін солай түзетпей көрсетті ме?!

«Ауылдастар» командасы қай ауылға барса да, сондағы халық санына, тұрғындардың қалай күнелтіп жатқанына назар аудармайды. Нақты бір кейіпкердің тұрмысын көрсетіп, соны ғана айтады. Бір адамды не отбасыны көрсетуіп, ауыл халқының бәрі де осылай өмір сүріп жатқан сияқты көрсетуге тырысады. 

Тілші-жүргізуші Гүлназ Ауданбаева Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қоянды ауылына (Ақмола облысының құрамында- ред.) барғанда, осында шағын маркет ашқан Гүлсімге жолығады.

— Ауылда шағын маркет ашуға қорықпадыңыз ба? Ауылдарда мұндай шағын маркет болмайды, негізі,- дейді тілші. Шығарылымның жалпы мазмұны Қоянды ауылының проблемасынан гөрі, дүкен сатушысымен арадағы әңгімеге ауып кетеді. Жүргізуші осы шығарылымда тұшпара түйіп сататын отбасына да барады.

Тілші кейіпкерлермен кездесу барысында Қоянды елдімекені өмір сүруге өте қолайлы ауыл екенін жиі қайталайды. Ал қояндылық хореограф бұл жақта халық тынығатын орындар жоғын айтады. 

Бағдарламаның тағы бір түсірілімі Қызылорда облысындағы Жайылма ауылында өтеді. Тілші қауын өсіретін шаруа қожалығына барады. Шаруа қожалығының иесі бақша басында тұрып, балаларының түрлі мамандық таңдағанын, сөз арасында: «Сендер оқыңдар. Біз оқымаған соң, міне осылай жүрміз» деп, айтып қалады. 

Осы шығарылымда жүргізуші қауын өсіретін диханның баласымен де сөйлеседі.

— Қараңыздаршы, міне, біз бір түсірілімнің өзіне әрең шыдап тұрмыз. Ал бұлар күні бойы, күн сайын осы ыстықта еңбек етеді. Қауын сатушыға «түсіңіз, түсіңіз» дейміз. Мынадай маңдай тер еңбекпен келетін қауынды «түсіріп» алу болмайды екен. Енді мен қауынды «түсірмей» алатын болдым,-дейді жүргізуші.

Тілші «түсу», «түсіру» сөздерін қате қолданады. Кейбір көрермен мұны «қауынды жерге түсіріп алу» деп те ойлаған болар. Әңгіменің қауын бағасына қатысты екенін ескеріп, «бағасын түсіріп» деп бір рет те айтпайды.

Гүлназ Ауданбаева әр эфирде «ауылдан шыққанмын» деп айтады. Алайда сөйлеу мәнері мен кейбір сұрақтары таңғалдырады.

Мысалы, түйе шаруашылығын аралап жүріп: «Мынау бота аппақ екен»,- десе, түйекеш: «Бура ақ болған ғой»,- деп жауап береді. Сол сәтте жүргізуші «Бура?» деп, сұраулы жүзбен таңырқайды. Ботаның түсіне бураның қатысы барын түсінбеген жүргізушіге түйекеш «бура» деген «ботаның әкесі» екенін түсіндіреді.

— А, ботаның әкесі ақ түсті ме?-дейді жүргізуші. Түйе атауларынан хабарсыз, бірақ «ауылдан шыққан» жүргізуші осылайша ауыл аралап, халыққа ауыл өмірін көрсетеді. 

«Ауылдастар» бағдарламасы ауылға бармаған, ауыл өмірі туралы біле бермейтін көрерменге арналған болар. Алайда тілшінің тосын естілер сұрақтары бар.

Мысалы, өренің жанына келіп: «Мынау бұлбұлдың ұясындай не нәрсе?»-деп сұрайды. Құртқа арналған өре екенін білген соң: «Сиырдың құрты ма?»-деп сұрақ қояды.

Жүзім бағына келіп, «Ата, жүзімді неге байлап қойғансыз?»-деп сұрайды. Жүзім бұтақтары байланып өсетінін, байланбаса, жайылып, өнім бермейтінін  білмегені қалай?

Бағдарлама қала тұрғындарына арналса да тілші көрерменін «қаладан мүлдем шықпаған, ешқашан теледидар қарамаған, интернеттен мақұрым, уикипедияны оқымаған» деп ойлайтын әсер қалдырады.

Түркістан ауылының Тұрар Рысқұлов ауылында алма терушілермен кездескен жүргізуші егде жастағы әйелдің жанына келіп, сұхбаттасады. Әйел адам алма қалай терілетінін, биыл мол өнім барын айтып, басшыларының да мақтауын асырады. Жүргізуші алма сұрыптап жатқан келіншектің жанына келгенде, жаңа ғана алма теріп жүрген апамыз енді алма сұрыптауға кіріседі. Жүргізуші де «Апамыз жаңа ғана алма теріп жүр еді» деп таңданады. Апаның жүргізуші қайда барса, сол жаққа баруы бекер емес екен. «Алма бағына қатысты нәрсені тек сол кісі айтады» деп бекітілген болса керек. Сұхбат беру тізгінін де өзі алады.

Түркістан облысының Құлан ауылында жүргізуші қызанақ түбін кетпенмен қопсытқан кісінің жанына келіп, «мен де шауып көрейінші» деп кетпен ұстайды.

«Кетпенмен жерді қазып жатсыз. Осының не пайдасы бар?» деп сұрап, кетпенді ебедейсіз сермейді. «Осының бәрін тек қолмен істеп шығасыз ба?» деп таңданады.

«Бәрін тек қолмен шауып шығамын, трактор бір рет қана келеді» деп жауап берген дихан, шыдамаса керек, күліп жібереді.

Павлодар облысындағы Еңбек ауылы елсіз жерде орналасқанын «Ауылдастар» бағдарламасынан білдім. Ірі қара ұстайтын отбасының тіршілігін көрсетті. Айдалада сиыр қора, кепе там және вагон үйшік. Жиырмадан астам сиырды сауатын егде жастағы әйел мен оның баласы осы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Сауыншы «жағдайының өте жақсы екенін» айтады.

Шаруа қожалық иесі Ерболат тілшімен сұхбатында көлік жүргізушісін боп жұмыс істейтін адам таппай жүргенін айтып, «Жастардың бәрі қалаға кетті» деп ағынан жарылды. 

Ақмола облысының Үш сарт ауылындағы тоғыз балалы отбасы «Ауылдастар» командасын арнайы күтіп алады. Тілші оларға: «Барлық әдемі көйлектерін киіп алыпты ғой мына қыздар» деп айтады. Отағасы: «Үйге кіріңіздер, сізді күтіп отырмыз» деп, тілшіні екі жерде дастарқан жайылған бөлмеге ертіп кіреді. 

Тілші осы отбасының қариясымен сұхбаттасу үшін аулаға шығады. Ақсақал киген шапанын қомсынды ма, шапанының қаусырма тұсын қайта-қайта жауып, әлекке түсті. Ал ақ кимешек киген әжеміз ауылдағы жастардың кетіп қалғанын айтты. 

Жүргізуші Гүлназ Ауданбаеваның кейіпкерлері бар жақсысын киіп, дайындалса да, ара-тұра нағыз ауыл көрінісі де кадрге түсіп қалады. Мысалы, бағдарламада «ауылда тұру қандай керемет» деген сөз үнемі қайталанады. Алайда кейбір сәттер ауылда тұрудың кереметін терістейді.

Мысалы, Үш сарт ауылының төбесінен түсірілген кадрден ауылда топырақ жолдан басқа жол жоқ екені анық көрінеді. Тілші жолды шаңдатып, арбасын сүйреп суға кетіп бара жатқан балаларға еріп, құдық басына келеді. Құдық иесі Ерболат жұмыссыз екенін айтып: «Ақшаны әйелім мен балам табады» деп күледі. Ал тілші құдық суын ішіп, «Тұздың дәмі бар екен» дейді. Ауыз су құбыры тартылмаған, асфальт жолы жоқ ауыл тұрғындары тек мал ұстайды екен.

«Ауылдастар» бағдарламасы «пәлен жыл бұрын шелекпен су тасыған туған жерімнен арманымды арқалап қалаға кетіп едім» деп күрсіне еске алатын жанның қазіргі сағынышына көбірек ұқсайды. Cондай сағынышпен теледидар қараған шенділердің «ауылда тұрған қандай керемет» деп алып, сосын көбігі бұрқыраған джакузиге сүңгитінін елестетеді.

ҰҚШҰ сессиясы, вакцина және ортақ нарық. 30 қараша — 6 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

Кешегі аптада “7 күн” және Apta бағдарламаларының басты тақырыбы — ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысуы болды. “Басты бағдарлама” авторлары 2021 жылдан бастап ЕАЭО аумағында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасатынын, мұның бензин бағасына қалай әсер етерін талдады. Үш бағдарлама да алдағы 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау тақырыбын қамтыды.

“Жеті күндіктер” коронавирус пандемиясының кәсіпкерлерге теріс салдары мен үкіметтің отандық бизнеске қолдауына сюжеттер әзірлепті. Apta редакциясы TikTok әлеуметтік желісінің балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттейді. Ал “Басты бағдарлама” тілшілері “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасының игілігін бағамдайды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Жүргізуші Ринат Думанұлы бағдарламаны Абай Құнанбаевтың “Достық туралы” даналық сөзін тәпсірлеуден бастап, «…бұл пандемия кезінде ушыға түскен сенім дағдарысын емдеп алуда ең басты қағида» деп тоқтады. Ол бұл пікірін 2 желтоқсанда өткен ҰҚШҰ сессиясына байланысты айтты.

Барлығы алты мемлекеттің басшылары онлайнда бас қосқан сессияға Тоқаев та қатысты. “Ортақ мүдде” деп аталатын сюжетте Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан мәселелерге тоқталып, сөйлеген сөзінен үзінділер берді. Елішілік емес, еларалық жиын болған соң, сессияның жалпы тақырыптары мен көтерген мәселелерін қамту үшін басқа мемлекет басшыларының да ұсыныстарын баяндағанда толымды болар еді.

1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күніне арналған сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Ринат Думанұлы желтоқсан айының қазақ халқы тарихындағы мән-маңызын санамалап шықты. Ал сюжетте 1 желтоқсанда «Хабар» телеарнасынан алғаш көрсетілген «Штрихи к портрету» документальді фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев сұхбатынан үзінділер, тарихи кадрлер, әлемге белгілі тұлғалардың пікірлері бар. Сюжет соңы Тұңғыш президент күніне шетелдік белгілі адамдардың құттықтау жеделхаттарына жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған «Artificial Intelligence Journey» атты онлайн конференцияға қатысуы үшінші сюжетке арқау болды.

Сюжеттен кейін жүргізуші әлемнің коронавирус алдында қауқарсыз екенін айтып, Абайдың достық туралы сөзінен тағы үзінді келтірді. Сол сәтте студиядағы үлкен экранда дәрігерлер, емделушілер мен жедел жәрдем қызметінің жұмысынан видео көрсетті.

Мемлекет басшысының апта ішіндегі қабылдауларына Ақорда таратқан ресми мәлімет негізінде шолу жасап, коронавирус тақырыбына қайта оралды. Тілші Рауан Мыңбаев сюжетінде шетелдегі және елдегі коронавирус ахуалды жалпылама шолып, елімізде өндірілетін вакцина туралы да айтты.

Пандемияның кәсіпкерлер жұмысына зардабы мен оларды тексеретін мониторинг топтың жұмысына қатысты пікірлерді жинақтаған сюжетте мағлұмат мол. Сыни мәселелерді қозғаған мазмұнды сюжет болды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға бақылаушыларды қатыстыру жөніндегі талаптарға өзгеріс енгізді. “7 күн” тілшілері осы талаптарды баяндайтын сюжет дайындапты.

Отандық бизнесті қолдауға мемлекеттік бюджеттен 800 млрд теңге бөлінген. Бағдарламаның соңғы сюжетінде пандемия кезеңінде үкіметтің бизнесті қолдау шараларына шолу жасады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

2021 жылдан бастап ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығына өтеді. Бұл өзгеріс елдегі бензин бағасына қалай әсер етпек? “Басты бағдарлама” эфирі осы сауалдан басталды. Сюжетте қандай қиындықтар туындайтынын санамалап, мұнай өнімдерін қымбаттатпау жолдарын іздейді.

“Ұр тоқпақ” айдарының тақырыбы — жыныс ауыстыруға рұқсат беру мәселесі. Бұл тақырып әлеуметтік желілерде жиі талқыланған болатын.

“Қағазсыз Қазақстан” деп аталатын сюжет елдегі цифрландыру саласына жалпылама шолу жасапты. Сюжеттегі бір дерек — 2018-2022 жылдарға арналған “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасына 310 млрд теңге қаржы бөлінген. Тілші “Осы қаржыдан қандай игілік көрдік?” деген сауалдың жауабын сарапшылардан сұрайды. Әйтсе де сюжетте 310 млрд теңге қалай игеріліп, қандай жобалар жасалғаны айтылмады.

Алты баласымен үйден қуылған әйел оқиғасын баяндаған сюжетте әлеуметтік жауапкершілік, этика жайы ұмыт қалған. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел мен жылаған балаларының да бет жүзін ашық әрі анық көрсетті. Тілші балалардан сұхбат алады. Әкесі ұрғанын айтып, жылаған баладан “Сендерге қол көтеретін бе еді, неге қол көтерді?» деп сұрайды.

“Басты бағдарламаның” кешегі эфирін алдағы сайлау тақырыбы түйіндеді. Сарапшылар сайлауға қатысатын бес партиясының қайсысы парламенттік оппозиция болатынына болжам жасайды.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Covid-19 статистикасынан басталып, рейдтер мен вакцина жаңалықтарына ұласты.

Бірінші сюжет президент Тоқаевтың ҰҚШҰ отырысына қатысуына арналып, Тоқаев синхрондарынан құралды.

Сюжеттен кейін эфир желісі алдағы сайлау тақырыбына жалғасты. Қазақстандық саясаттанушылардың әлеуметтік желілерде жариялаған посттары мен түрлі сұхбаттарда айтқан пікірлерінен үзінділер берді. Цитаталардың дені ҚР ОСК-ның тәуелсіз бақылаушыларды сайлау процесіне қатыстыру талаптарына енгізген өзгерістеріне арналыпты. Осы өзгеріске қарсы тараптардың пікірі жетіспеді.

Өңірлердегі апатты үйлер мәселесін көтерген сюжетте елең еткізер бір оқиға бар. Атырау қаласындағы апатты үй құжат бойынша 2014 жылы сүрілген екен. Шын мәнінде үй сүрілмеген, үйде адамдар тұрып жатыр. Үйлерінің 2014 жылы сүріліп кеткенін әкімдіктен естіген тұрғындар да мәселенің мән-жайын біле алмай жүр. Тілшілер әкімдіктен сұрамады ма әлде әкімдік жауап бермеді ме, бұл жағы да түсініксіз. Есесіне қанша апатты үй бар екенін, қанша тұрғын басқа үйге көшірілгенін айтты. Әбден ескірген апатты үйде тұратын отбасындағы балалардың да бет-жүзін ашық көрсетті.

“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ Бас директоры Питер Гриффитс Apta бағдарламасына сұхбат беріпті. Ол Түркістан әуежайын пайдалануға беру, BekAir ұшағының апат себептері, елдің әуе тасымалы нарығының жалпы жағдайы туралы сұрақтарға жауап берді.

ҚР-ның мемлекеттік шекарасын қорғау туралы сюжет Қордай шекара бекетінің жұмысын көрсетуден басталды. Нұрсұлтан Назарбаев КСРО тарағаннан кейін Қазақстан шекарасын қалай бекітіп алғаны туралы тарихи кадрлерді де көрсетті.

Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар саны өсіп жатыр. Назарбаев университетінің мамандары аутизмді ерте анықтау туралы зерттеу жүргізіпті. Сюжет үш баласы да аутизмге шалдыққан ананың оқиғасынан басталады. Балалардың бет-жүзі мұқият бұлыңғырланып, жабылған. Сюжетте ата-аналар, дәрігер-психиатрлар мен ғалымдар аутизмді анықтаудың қиындығы, өңірлердегі ахуалдың нашарлығы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеру туралы да айтты. Жап-жақсы түсіндірмелі сюжет.

TikTok-тың балалар мен жасөспірімдерге әсері, пайдасы мен зияны туралы сюжет бағдарламаны қорытындылады. Аталған әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынған елдер мен осы платформадағы танымал трендтерді әңгімеледі. Қазақстандағы танымал тиктокерлер TikTok видео түсірудің қызықтарын айтты. Тілші сондай кейіпкермен видеролик те түсірді. Тартымды әрі көңіл көтерер сюжет болды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Елбасы — өте қастерлі ұғым»: Телеарналар Тұңғыш Президент күнін қалай атап өтті

1 желтоқсанда ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап өтті. Қазақстандықтар осы күні дәстүр бойынша телеарналардан Елбасының сүйікті фильмдерін (мысалы, «Заречная көшесіндегі көктем») немесе өзі туралы фильмдерді («Балалық шағымның аспаны» және т.б.) көрсететінін біледі. Бұл қор жыл сайын «отандық телеөндірістің жаңа шедеврлеріне» толықтырылып жатыр.

Биыл қазақстандық телеарналар қалай ерекшеленді? Медиасыншы Назира Дәрімбет ең ірі үш телеарнаның 1 желтоқсан күнгі эфирін шолып шықты.

QAZAQSTAN: «Бұл — Аргентина, мұнда арғындар тұрады»

QAZAQSTAN ұлттық арнасындағы мерекелік эфир таңғы сағат 7:00-де арнайы жоба ретінде белгіленген 2019 жылғы «Елбасы шарапаты» деректі фильмін қайталаудан басталды. Танымал және қарапайым қазақстандықтар Тұңғыш Президент оларға қалай көмектескенін айтады. Мысалы, кішкентай Адия Төлеубекқызына бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Кореяда күрделі ота жасалған.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегінің арқасында емделіп шықтым, оған үлкен алғысымды білдіремін», — дейді кадрлардың бірінде Адия.

Атақты опера әншісі, Қытайдан көшіп келген Майра Мұхамедқызына Қазақстан азаматының төлқұжатын Тұңғыш Президент өзі тапсырғанын осы фильмнен білдік.

Осыдан кейін телеарнада таң «атып», Tansholpan бағдарламасы эфирге шықты. Телеарна мерекелік күн тақырыбына сағат 12:00-де қайта оралып, Елбасының ауылдан шыққан қарапайым баладан мемлекет басшысына дейінгі жолын тағы бір рет көрермен есіне салды. Бұған режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмінен артық не болуы мүмкін?

Алайда, осы фильмнің кейбір сәттері шындыққа жанаспайтынын қағілез көрермен бірден байқайды. Мысалы, жеті жасар балақай таңғы сағат 5-те тізеден қар кешіп, мектебіне жетеді. Сонда 6-7 шақырым жолды қалай жаяу жүріп өткен? Бала түнгі сағат 3-те үйінен шыққаны ма?

Тағы бір оқиға — болашақ Ұлт көшбасшысының бәйгеде ересек азаматтар қатарында жеңіске жетіп, содан кейін жүлдесін, яғни кілемді шешен-көршілеріне бере салуы көрерменді елжіретіп жіберердей.

Мектеп от жағушысы жас Сұлтанға глобустан көрсетіп тұрып: «Бұл — Аргентина, мұнда арғындар тұрады» дейтін тұсы бар. Режиссердің осындай салмақты фильмге бұл әзілді неліктен енгізгені түсініксіз? Әрине, фильм туралы егжей-тегжейлі айтуды кино сыншыларының еншісіне қалдырайық.

https://www.youtube.com/watch?v=ojhmW1r5ZR0

16:00-де телеарна «Елдіктің бастауы» атты жаңа деректі фильмін көрсетті. 25 минуттық фильмде түрлі сала өкілдерінен сұхбат алады. Кәсіпкер, аудан әкімі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, шекарашы. Қай-қайсысы да жетістіктері туралы айтып, сол жетістіктерін мемлекеттік қолдауға және Тұңғыш Президенттің парасатты саясатына байланыстырады. Олардың әңгімесі Назарбаев сөздерімен өрнектеледі.

«Біз Елбасымызға барлық уақытта алғыс айтамыз, өйткені біз оның батылдығының арқасында тарихи отанымызға оралдық. Ол — қандастарын туған жеріне қайтаруға шешім қабылдаған санаулы көшбасшылардың бірі», — дейді табысты кәсіпкер, ҚХР-дан келген қандасымыз.

Оның сөзін Назарбаевтың 2011 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында: «Әлемде қандастарын отанына оралуға көмектесетін, оған қомақты қаражат бөлетін үш мемлекетт ғана бар. Бұл — Израиль, Германия және Қазақстан» деген кадрдан тыс сөздері бөліп жібереді.

Бір сағаттан кейін, сағат 17:00-де Тұңғыш Президент кітапханасы, Тұңғыш Президент Қоры және Президент Телерадиокешенінен тағы бір премьера берілді. 15 минуттық «Елбасы жолы» деректі фильмі кадр сыртындағы: «Қазақстанның елордасы — Нұр-Сұлтан қаласы, оның жолы, бағыты — бұл Елбасы жолы» деген мәтіннен басталады.

Мұнда Елорданың есте қаларлық ғимараттары туралы, соңғы техникалық үлгіде жабдықталған Тұңғыш Президент кітапханасына баса назар аударады. Бұл көрнекі түрде көрсетіледі: глобусты басып, тарихи кадрларды тамашалайсыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйексөзін тыңдайсыз және оның көзіне қарай аласыз. Көрерменге болашақ Ұлт көшбасшысының қай жерде дүниеге келгенін және оның халық үшін не істегенін тағы еске салады.

Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ бағдарламасы мен түрік сериалын көрсетіп, үзіліс жасалған соң, 20:30-де телеарна көрермендерді мерекелік күн тақырыбына қайта әкеледі.

Деректі фильм, арнайы жоба және мерекелік концерт бірінен соң бірі эфирге шықты.

«Түркістан: көне мен келешек көпірі» фильмінде Елбасы телеарна басшысы Ләззат Танысбайға сұхбат бері, Түркістан қаласының маңызы мен қалаға облыс орталығы мәртебесін берудің тарихи шешімі туралы әңгімелейді.

Содан кейін «Тәуелсіздік тәуекелдері» жобасының премьерасы басталды. Алғашқы шығарылымы Тұңғыш Президент күніне орайластырылыпты. Тәуелсіздікке Қазақстан қалай жеткені және Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы айтылады.

Жүргізуші Нұрбек Бекбау «Намедни» хабарының жүргізушісі Леонид Парфеновқа еліктейтідей көрінеді: кеңістік пен уақыт аралығында көшіп, кейде дауысы қазақ хандарының рөлін сомдайтын әртістің дауысына да ұқсап кетеді.

Жоба эфирге қанша рет шығатыны, тәуелсіздігіміз туралы әңгімелер қанша уақытқа жететіні белгісіз. Бірінші шығарылымда баяндамашы ГКЧП тарихына егжей-тегжейлі тоқталды.

Тарихқа осындай ерекше экскурсиядан кейін көрермендер «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» концертінде демалып, жүргізушілер әр қойылымнан кейінгі үзілісте мерекелік күн кейіпкерінің жетістіктерін еске салудан шаршамады.

«Елбасы — өте қастерлі ұғым, мұндай тұлғалар 100 жылда бір рет туады. Осындай көшбасшы болу, тірек болу және адамдарды өзің алып жүретін елдің болашағына сендіру үшін ерекше қуатты қажет етеді. Біздің жол — нұрлы жол, біздің ел-Мәңгілік ел», — деді олар.

Бір сағаттық концерттен соң «Фатмагүл» түрік сериалын тағы да шықты. Ары қарай «Елбасы жолы: отты өзен» фильмін көрсетіп, Түркістан мен «Елбасы жолы» туралы деректі фильмдерді қайта беруді жөн санапты. Түнгі сағат 2-лер шамасында мерекелік күн тәртібі сәтті аяқталды.

«Хабар»: үш концерт, үш премьера, екі фильм

«Хабар» телеарнасы мерекелік бағдарламаны кешірек бастағанына қарамастан, эфир әлдеқайда қанық болды: үш тақырыптық концерт, «Заречная көшесіндегі көктем» фильмі, үш деректі фильм, бірнеше премьера.

Сағат 8:20-да Тұңғыш Президенттің өмірбаяны туралы «Елбасы жолы. Теміртау» көркем фильмін қазақ тілінде көрсетті.

Сағат 10:00-де «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деп аталатын концерт басталды. Алғашқы 10 минутында Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түсірілген кадрлар, ал кадр сыртындағы мәтінде оның елдің қалыптасуындағы ерекше рөлі туралы баяндады.

Сахнада басқа жүргізушілер мен әртістер болса да сөздерінде аса айырмашылық байқалмады. Ара-арасында бір кездері үлкен лауазым атқарған әлемдік танымал саясаткерлердің тілектерін көрсетті. Мәселен, олардың арасында Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс және басқалары бар.

Кейін Елбасының сүйікті фильмін көрсетіп, ҚР қорғаныс министрлігінің бір сағаттық концертін берді.

16:45-те — өткен жылғы 1 желтоқсанында тұсауы кесілген «Адам тағдыры — ел тағдыры» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде «Хабар» Агенттігі Басқарма төрағасы, журналист Ерлан Бекхожин Нұрсұлтан Назарбаевтың ел және бүкіл адамзат ауқымындағы рөлін әңгімелейді.

«Дәуір және тағдыр. Мұны қандай фактор анықтайды? Әдетте, уақыт пен оқиғалар адамдардың мінез-құлқын, олардың өмірлік таңдауына әсер етеді. Бірақ адамның өзі қоршаған ортаны құру арқылы оқиғаларды бағыттай ала ма? Егер бұл қала, ел және мүмкін әлем ауқымында әсер етсе ше? Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бір адамның тарихтың бағытын түбегейлі өзгерте алатынын дәлелдейді», — дейді ол фильм басында.

Сондай-ақ, «ұлы көш», елдегі металлургия саласын дамытуы, спорттық жетістіктері — жалпы алғанда, Назарбаевтың саусағы тиген барлық салалар айтылады. Автордың ойынша, Қазақстанда Назарбаевтың қатысы жоқ ешбір сала қалмаған.

Эфир «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» концертіне жалғасты.

Бұдан кейін «Говорит Назарбаев» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу тарихының көпке беймәлім деректері айтылады. Колумбия университетінің мұрағатында 26 жылдан астам уақыт сақталған фотохрониканың ерекше кадрларын ұсынып, Елбасының әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарындағы дәрістерін көрсетті. Жүргізуші сұхбат үзінділерінің арасында кадр сыртынан ерекше салтанатпен: «Он обладает умением убеждать и умением говорить» («Ол басқаларды сендіре алады және шешендік қабілеті бар» — ауд), — дейді.

Кешкі жаңалықтарға жарты сағаттық үзілістен кейін 20:30-да «Тағдырға қарсы шығу» деректі фильмінің алты сериялы топтама премьерасы өтті.

Бірінші серия «Ыстық 91» Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны қалай құрды?» деп аталыпты. Кадрде Ерлан Бекхожин қайта көрініп, «оқиға қалай болғанын» баяндайды.

Мерекелік эфир тұздығы — көпсериялы «Портретке штрихтар» деректі фильмінің премьерасы. Автор, журналист Айгүл Әділова Елбасыдан «ашық» сұхбат алады. Бірінші серияны көргеннен кейін, Ұлт Көшбасшысының «елден қашып кеткен» адамдарға «ренжігені» ғана есте қалды. Атап айтқанда, Назарбаев банкир Мұхтар Әблязов туралы айтты.

КТК: серіктестер естелігі

«КТК» телеарнасының мерекелік эфирі әлдеқайда қарапайым болса да, «Назарбаев факторы» және Nazarbaev.kz. деректі фильмдерінің премьерасымен ерекшеленді.

Бірінші туындыны президент телерадиокешені жасаған. Премьерасы 30-қараша күні «Хабарда» өтті. 1 желтоқсанда соны КТК көрсетті. Интернетте жоқ, ал КТК сайтында «премьера» ретінде тұр. Екі телеарнаға да «ортақ» премьера болса керек.

Nazarbaev.kz жобасына келсек, Бірінші Президент қоры тапсырысы бойынша түсірілген ерекше форматтағы фильм көрермен назарын аударады. Журналист Евгения Сәкенова Нұрсұлтан Назарбаевпен бір кездері иық тіресе жүріп жұмыс істеген танымал адамдарды студияға шақырып, өткен күндерге шолу-сұхбатын жасайды.

Мысалы, саясаткер Ғани Қасымов тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегі бірінші қабылдаудан кейін қалай шампан ішкендерін; журналист Ерлан Бекхожин президенттік пулға қалай қабылданып, тікелей студияда бүгінгі күн тақырыбына стендап жасағанын; ғарышкер Талғат Мұсабаев президенттің бүкіл қазақстандықтар үшін ғарышта дұға етуін сұрағанын еске алады.

Телеэкран алдында бір күн отырып, мерекелік эфирді қарап болған соң, «Сіз туралы біз білмейтін тағы не бар?» деп еріксіз таңырқайсыз.

Ал тіл ұшымызда әннің мына шумақтары еріксіз қалып қойғандай:

«Я не хочу судьбу иную,

Мне ни на что не променять

Ту заводскую проходную,

Что в люди вывела меня…»

Назарбаев, Nur Otan және су қоймалары. 23-29 қараша апталық бағдарламаларға шолу

ҚР Тұңғыш президенті мен Nur Otan партиясының съезі кешегі аптаның қорытынды бағдарламасындағы басты тақырыпқа айналды. «7 күн» мен Apta тілшілері эфирді осы тақырыптан бастаса, «Басты бағдарлама» авторлары 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күніне сюжет арнады. 

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаның алғашқы тақырыбы да сюжеті де тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Nur Otan партиясының съезіне арналды. Жүргізуші Ринат Думанұлы партияның саяси бюро отырысында Назарбаевтың сөйлеген сөздерінен үзінділер беріп, не айтылғанын баяндады. Содан кейін съез туралы сюжет көрсетіп, делегаттарды да сөйлетті. Осылайша 60 минуттық қорытынды бағдарламаның алғашқы 18 минутына билік партиясы арқау болды. Мұның барлығы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мерзімінен ертерек басталғандай әсер қалдырды.

Назарбаев пен Nur Otan партиясының тақырыбы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалғасты. Тоқаевтың Қарағанды облысына сапарынан әзірленген 9 минуттық сюжетте президент қандай өндіріс орындарын аралағанын бастан-аяқ баяндады.

Нұр-Сұлтан қаласында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимараты мен Жеңіл атлетика спорт кешені ашылды. Ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев барды. Осылайша Назарбаев қатысқан тағы бір жиын апталық қорытынды бағдарламаның тағы бір сюжетіне айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын Ақорда таратқан ресми мәлімет негізінде шолып шықты.

Президент Алматы қаласының әкіміне Sulpak дүкені маңында оталған ағаштарға қатысты тапсырма бергені бөлек сюжетке негіз болыпты. Тілші Ұлан Нарымбек қоғам назарын аудартқан оқиғадан бастап экомәдениет пен экология проблемаларына да тоқталып, сарапшыларды сөйлетті. Ой салар тартымды сюжетте Sulpak өкілдерінің пікірін бергенде толымды болар еді.

Қазақстандағы коронавирус індетінің таралуына шолу сюжетте облыстардағы жағдайды баяндайды. ҚР ДСМ өкілдері желтоқсан-қаңтарда жағдай оңалмаса, қатаң карантинг енгізілетінін де хабарлады.

Бағдарлама басындағы сайлау тақырыбы эфир соңына қарай қайта жалғасты. Тілші Мақпал Мадиярованың сюжетінде сайлауға бойкот жариялаған ЖСДП партиясныың әрекетіне сарапшылар бағасын беріп, қалған бес партияның бағдарламасындағы негізгі идеяларды тізіп, қай партия Мәжіліске қанша кандидат ұсынғаны да айтылды.

Тілші Ерболат Қайыржан коммуналды қызмет тарифінің өсуі мен пәтер иелерінің кооперативтері меншік иелерінің бірлестігіне айналатыны туралы сюжет дайындапты. Алайда сюжетте негізгі мәселе қайсы екені сол күйі түсініксіз боп қалды.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Тілші Пернебек Біләлбек Түркістан облысының аудан-ауылдарын аралап, жылыжай шаруашылығының жұмысын көріпті. Жылыжайды жылыту үшін қыста көмір жағады. Сюжеттің алғысөзінде көмір түтіні ауыл тұрғындарының денсаулығына кері әсер етіп жатқаны айтылса да сюжетте ауыл тұрғындары мұны растамады. Керісінше, тұрғындардың бірі «тұншығатындай түтін» көріп отырмағанын, ал жылыжай иесі түтінге арналған фильтр сатып алуға шамасы жетпейтінін айтады. Тілші жылыжайда өсірілетін көкөніс құрамында нитраттар көбейгені туралы түйін жасады. Алайда сюжетте оның бұл сөзін негіздейтін дәлел болмады.

“Ұр тоқпақ” айдарының бұл жолғы тақырыбы — Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мұз қалашық салуға 80 млн теңге жұмсайтыны туралы ақпарат. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде талқыланды. Жүргізуші Айдана Үсенбай саясаткер Дос Көшімнен сұхбат алады. Сұхбат беруші де жүргізушінің ойын қайталап, пандемия кезінде ысырапшылдық орынсыз екенін айтады. Десе де мұндай сұхбаттан гөрі мұз қалашығын салу құны қалай есептелетіні, қымбат болуының себебін талдағанда маңызы артар еді.

Биыл 9 айда Қазақстаннан 21 мың адам шетелге көшсе, былтыр 43 мың адам кеткен. Сюжет шетелге қоныс аударған отандастырымызды көрсетіп, білімді де еңбекке жарамды азаматтардың кетуі елге қандай экономикалық шығын әкелетініне мән береді.
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елден кетіп жатқан қазақстандықтар туралы айтқанынан үзінді келтіріп, әлеуметтанушылар, экономистер мен психологты да сөйлетті.

“Басты бағдарламаның” соңғы сюжеті 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күніне арналыпты. Сюжетте Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағына ықпал еткен стратегиялық шешімдеріне шолу жасайды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, Nur Otan партиясының сайлауалды съезіне ұласты. Съезде не айтылғанын хаттама-сюжет түрінде баяндады. ЖСДП партиясының съезд қорытындысы мен бұл партия алдағы сайлауға қатыспайтынын да хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына сапары “7 күн” бағдарламасының сюжетіне ұқсайды. Мектеп оқушысының Тоқаевқа ағылшын тілінде сұрақ қойғаны да сюжетке еніпті. Есесіне Apta тілшісі стендапын басқа формада жасаған: ол президент барған жаңа спорт залда үстел теннисін ойнайды.

Отандық әуе компанияларының коронавирус пандемиясы кезеңіндегі жағдайын талдаған сюжетте компания өкілдері де, әуежай қызметкерлері де, сарапшылар да бар. Әуе тасымалы саласындағы дағдарыс, үкіметтен қолдау сұрау жайын қамтиды. Алайда жолаушыларды сөйлетпеді.

Жыл басынан бері Қазақстанда 385 кәсіпорын банкрот болыпты. Бұл аз ба, көп пе? Өткен жылы қанша болды? 385 кәсіпорынның жабылуына пандемия әсер еткен бе? Мемлекет қолдау көрсетпеді ме әлде жеткіліксіз көмектесті ме? Кәсіпорындар жабылмауы үшін не істеу керек? Қаншама сұрақ туындатқан ақпарат ешбір сауалға жауап бермеді.

ҚР әлеуметтік кодексі әзірленіп жатыр. Әлеуметтік қызметкер мәртебесі, олардың әдепкі проблемалары мен оны шешу жолдарын талдаған сюжет жап-жақсы түсіндірмелі материал болыпты. Әлеуметтік қызметкерлер, сарапшылар мен отбасыларды сөйлетіп, түсінікті графика көрсетті. Тілші стендапы да сюжетті әрлей түсті. Жаңа құжаттың пайдалы ерекшелігі — мұнда әлеуметтік көмектер туралы барлық ақпарат жинақталады екен.

Қазақстандағы су қоймалары туралы сюжет елеусіз қалып келе жатқан мәселені қозғайды: жаңа су қоймаларын салудың пайдасынан гөрі зияны көп екен. Бұл табиғатқа да, ауыл шаруашылығына да теріс әсер етеді. Балықтардың табиғи ортада көбеюін шектейді. Су қоймаларын салудың зиянын көптеген сарапшы жан-жақты түсіндірді.

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Нұрсұлтан Назарбаев театрдың жаңа ғимаратына барып, әртістермен кездесті. Бұған да бөлек сюжет арнады.

Даңқты футболшы Диего Марадонаның қайтыс болғаны бағдарламаны қорытындылады. Жүргізуші Жайна Сламбек футболшының өмірі,спорттағы жетістіктері туралы әңгімеледі.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.