Домой Блог Страница 36

Қатаң карантин, қырғыз революциясы және шерифтер. 5-11 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Өткен аптаны түйіндеген ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың барлығы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық пен Қырғыз Республикасындағы революцияға сюжет арнады.
“7 күн” және Apta бағдарламалары Nur Otan партиясының праймеризі қалай өткенін сол саяси ұйым басшылығынан сұраса, “Басты бағдарлама” авторлары жемқорлыққа қарсы күрес қалай болу керек екенін талдайды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

7 қазанда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізді. “7 күн” бағдарламасының бірінші сюжеті де осы кеңес қалай өткенін баяндайды. Сюжет мемлекет басшысының отырыста айтқан сөздерінен құралыпты.

Жүргізуші Ринат Думанұлы коронавирус сюжетінен кейін іле-шала тұңғыш президент Н.Назарбаев пен қазіргі президент Қ.Тоқаевтың апта ішіндегі телефон сөйлесулерін тізіп шықты. Ол Орталық Азияның төрт мемлекет басшылары Қырғыз Республикасындағы оқиға туралы бірлескен мәлімдеме жариялағанын айта келе тақырып ауанын қырғыз еліндегі жағдайға бұрды.

Сюжетті тілші Сәкен Сейітханұлы дайындапты. Қазақстандық бірнеше саяси сарапшыны сөйлетіп, Қырғыз Республикасындағы қазақстандық компанияларға шабуыл жасалғанын да айтады. Тілші Қырғыз еліндегі ахуалға экономикалық тұрғыдан баға беріп, сюжетін «саяси күштердің билікке таласы көрші елдегі бейбіт күнді әлі де көлеңкелеп тұрғандай» деп түйіндейді.

Дүниежүзілік банктің жыл сайын жарияланатын Worldwide Government Indicators зерттеуінде Қазақстанның бірқатар көрсеткіші жақсарыпты. Мұны негізге алған сюжетте де сарапшылар сөз алып, елдегі саяси тұрақтылыққа мән бере сөйлейді. Олар Қырғыз Республикасындағы жағдайды мысалға ала отырып, шетелдік инвесторлар елдегі тұрақтылыққа баса назар аударатынын атап өтті.

ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың “Абай аманаты” атты мақаласы жарық көрді. “7 күн” авторлары сол мақаланы талдауға екі сюжет арнайды. Біріншісінде мақаладан үзінділер келтірсе, екінші сюжетте ғалымдарды сөйлетеді.

“Абай аманаты” мен Назарбаевтан кейін не көрсетер екен” деп отырғанымызда кенеттен әскери тақырып пен Тоқаев сапары басталды. Президент Тоқаев Алматы облысына барып, кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынына қатысқанын айтты.

“ 7 күн” авторлары мемлекет басшының апта ішіндегі қызметіне толық шолу жасау дәстүрінен жаңылмады. Жүргізуші Ринат Думанұлы президент Тоқаев өткен аптада кімдерді қабылдағанын Ақорда таратқан ақпарат негізінде баяндап берді.

Әдетте президенттерден тыс тақырыпқа да бірнеше сюжет арнайтын “7 күн” редакциясы бұл жолы президенттер тақырыбын ұзаққа сүйреді. «Біз қалаған болашақ» деп аталатын сюжет те президенттерге негізделіпті. Сюжет тұңғыш президент Н.Назарбаевтың халықаралық аренада бейбітшілікке үндейтін ұсыныстарынан басталып, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында биологиялық қауіптің алдын-алу туралы айтқанына жалғасты.

Бағдарлама авторлары Nur Otan праймеризі қалай өткенін аталған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен сұрайды. 8 минуттық сұхбат партия кеңсесінде түсірілгені видеодағы партия логотипінен байқалады. Праймеризді ұйымдастырған партия басшылығының айтуынша, праймериз әділ өтіпті.

Бағдарламаның соңғы сюжеті президенттер тақырыбынан тыс, бірақ мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысына арналыпты. Сюжетте Жұмыспен қамту — жол картасы аясында Ақмола облысында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылғанын баяндайды.

“7 күн” авторлары бағдарламаны Ақмола облысындағы оңды істермен түйіндеуі дәстүрге айналғандай. Алдыңғы бағдарламаның соңғы сюжеті Ақмола облысында “Еңбек” бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар еткен еді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Ел аумағында коронавирусқа байланысты қатаң карантин қандай жағдайда енгізілуі мүмкін? “Басты бағдарлама” авторлары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған сценарийді негізге алып, графикалық сызбанұсқа дайындапты.

Келесі сюжет Қазақстанда жемқорлықпен күрес идеяларын жинақтапты. Күдіктілерді қадағалайтын арнайы білезік, мемлекеттік қызметкерлерге ескерту мен сарапшылар пікірі де бар. Тілші Нұржан Сәдірбай “Жемқорлықпен күрес туралы” заң талаптарын айта келе, соңғы уақытта қанша шенеунік жемқорлық фактісімен ұсталғанын баяндады.

Қазақстанда шериф қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл тақырыпты «Ұр тоқпақ» айдары нысанаға алыпты. Мұнда автор шерифтің немен айналысатынын, оларды кім тағайындап, жалақыны кім төлейтінін талдайды.

Басты бағдарламаның” төртінші тақырыбы Қырғыз еліндегі аухалға арналады. «Билікке таласқандар бітімге келе ме?» деп аталатын сюжетте оқиғалар хроникасы, қырғыз сарапшылары мен қазақстандық саясаттанушылар бағасы бар. Бір ерекшелік — нумеролог пікірін қосуы болды. Тілші Берік Дүйсенбай сюжетті «Сабырлы болсаң, озарсың, Сабырсыз болсаң, тозарсың» деген қырғыз мақалымен аяқтады.

Әлемде 2,5 мыңнан астам “ақылды қала” бар. Қазақстаннан бұл тізімге Нұр-Сұлтан мен Алматы енеді. Қазақстандағы “ақылды қалалардың” бірі — астанадан 100 шақырым қашықтағы Ақкөл қаласы. Бұл елдімекенді “ақылды қала” ету үшін 2,5 млрд теңге жұмсалыпты. Сюжетте Ақкөл қалайша “ақылды қалаға” айналғанын айтады. Қала маңындағы шашылған қоқыс, нашар жол, арбамен су тасыған тұрғындарды да көрсетті. Әлемдік “ақылды қалалар” тізіміне енетін “Нұр-Сұлтан” қаласының автобустарында уәде етілген facepay құрылғысы бар-жоғын да тексерді.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама COVID-19 және коронавирусты пандемия статистикасынан басталды. Жұртшылық карантин тәртібін сақтамайтынын да айтып, рейд нәтижелерін көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда коронавирустың екінші толқынына дайындықты пысықтап, кеңес өткізген. Авторлар сол отырысты негізге алып, толымды да ақпаратты мол сюжет әзірлепті. Сюжетте үстемақы ала алмай жүрген дәрігерлер мәселесін де қозғайды. Қандай жағдайда локдаун енгізілетінін де көрнекі түсіндірді.

Қырғыз Республикасындағы наразылық — Apta бағдарламасының екінші тақырыбы. Сюжетте Қырғыз еліндегі азаматтық белсендінің сөзі, қырғызстандық және қазақстандық сарапшылар пікірі бар. «Милициямен қақтығыс кезінде ауыр жарақаттанып, артынша опат болған” 19 жасар жігіт символға айналғанын атап өтті.

Nur Otan праймеризі қалай өтті? “7 күн” авторлары бұл сұрақтың жауабын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен сұраса, “Apta” редакциясы партияның жауапты хатшысы Арман Қырықбаевтан біліпті. Сұхбатта жауапты хатшы партия ұйымдастырған праймериз жақсы өткенін, жеңіске жеткендерге қандай мүмкіндік берілетінін әңгімелейді.

Түркістан облысының мақташылары мақта бағасына наразы. Мақта қабылдаушы пункттер белгілеген бағам ақ алтын өсіру шығынын да жаппайды. Мейлінше толымды сюжетте барлық тараптың комментарийі бар.

Желіде Түркістан облысының Қазығұрт ауданында әкесі балаларын аяусыз ұрып-соғып жатқан видео таралды. Осы оқиға келесі бір сюжет — отбасындағы баланы ұрып-соғу тақырыбына түрткі болыпты. Сюжет алты баласымен дағдарыс орталығын паналаған ана хикаясынан басталады. Күйеуі арақ ішеді, әйелін де, балаларын да ұрып-соғып, күн көрсетпейді екен. Сюжет авторы ересектер баланы неліктен ұратынын, бұл бала болашағына қалай әсер ететінін психологтан сұрайды. Қоғамдағы өзекті мәселені көтерген сюжет болыпты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты

Аркадий күшік сапары: Роман Аниннің зерттеуші журналистерге кеңесі

Еуропа және ТМД елдерімен салыстырғанда зерттеу журналистикасы Орталық Азияда енді-енді дамып жатыр. Қазір аймақта сәтті талпыныстан гөрі сәтсіз әрекеттер жиі ұшырасады. Әйтсе де осы бағытты дамытуға мүмкіндік те, тақырып та жетерлік.

Белгілі ресейлік зерттеуші-журналист, Новая газета басылымында ұзақ уақыт қызмет етіп, кейін командасымен бірге «Важные истории» медиаресурсын ашқан Роман Анин «Қоқыс ісі» жобасы мысалында әріптестеріне кеңес берді.

«Қоқыс ісі» материалы — «Важные истории» командасының таяуда жариялаған зерттеуі. Ресейдің түрлі аймақтарында терезеден сыртқа көз салсаңыз, тау-тау боп жатқан қоқыс үйінділерін көресіз. Ұшар басына өрмелеп шығуға да болатындай. Жергілікті тұрғындар билікке үнін жеткізе алмайды. Мәселе күн өткен сайын ушығып барады. Журналистер қоқыс үйінділері бір күнде пайда болмағанын, көптен бері еш қам-қарекет жасамау салдары екенін түсінген.

«Жаңа репортер» осы «Қоқыс ісі» материалы қалай дайындалғанын тыңдап, Орталық Азия зерттеуші-журналистеріне пайдалы кеңестерді жинақтады.

Адамдарға жақын тақырыптарды таңдаңыз

— Біз «Важные истории» командасында аймақтардағы өзекті тақырыптарды аламыз. Бұл тақырыптар адамдардың күнделікті проблемасына қатысты болады. Көптеген әлемдік масштабтағы зерттеу материалдарды журналистер журналистерге арнап жазады. 20 млрд доллардың ізін жасыруды тереңінен қазып, сол жайында зерттеу материал жарияладыңыз, делік. Бұл жақсы-ақ. Бірақ, шалғай елдімекен тұрғындарынан бұл туралы сұрасаңыз, оларға бәрібір екенін түсінесіз. Өйткені, мұндай сома — олар үшін құр сөз. Олар мұндай соманы елестете алмайды, өміріне қатысы қанша екенін түсінбейді. Ал қоқыс, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық сияқты тақырыптар адам өміріне тікелей қатысты. Дұрыс жағынан қарай білсеңіз, оның да астарында миллиардтар жасырулы.

Мәселеге түрлі қырынан қараңыз

— Мінсіз хикаяда екі түрлі көзқарас: қыран және құмырсқа көзқарасы болады. Қыран көзқарас дегеніміз — елдегі не аймақтағы мәселені масштабты зерттеу. Құмырсқа көзқарас дегеніміз — ең төменнен, мәселен, қоқыс полигоны маңындағы адамдар қалай өмір сүріп жатқанынан қарау.

Хикаяны мемге айналдырыңыз

— YouTube-тағы атышулы зерттеулерді талдап қарасақ, миллиондаған қаралым жинау себептерінің бірі — мем қолдану. Зерттеу және үлкен мәтінді мемдеу — материалды вариативті етер қызық тәсіл. Қоқыс ісін зерттегенде сондай мем қажет болды. Біз хикаяны сату үшін мемге арналған мем жасағымыз келмеді. Пайдалы, нәтижеге жеткізер мем болуын қаладық. Осылайша Аркадий күшігіміз өмірге келді. Жұмсақ пүліштен жасалған күшіктің ішіне телефон салынған. Қоқысты қайда шығарып жатқанын осылай қадағалаймыз.

Егжей-тегжейін пысықтаңыз

— Қоқысты қоқыс тасымалдайтын көлікке қалай дестелеп жинайтынын көрдік. Көлік ішіне мейлінше көп қоқыс сыйғызу үшін әбден нығыздап салады екен. Белгі беретін құрылғыны жаншып, талқандап тастар ма екен, деп қауіптендік. Құрылғыны темір қалбыр ішіне салсаңыз, сигнал өткізбейді. Біз шайдан босаған қалбырды қолданып көрдік, сигнал өтпеді. Пластик бөтелке ішіне салуды да ойладық, бірақ Мәскеуде қоқысты сұрыптап жинайтын болған соң, бұл ойымыздан бас тарттық. Ойлана келе, белгі беру құрылғысын жұмсақ затпен ораймыз, деп шештік. Күшік Аркадий осылайша пайда болды.

Көлемді құжаттарды оқыңыз

— Күшік Аркадий қажет жеріне жетуі үшін оны дұрыс орынға қалдыру маңызды. Қоқыс реформасына арналған көп құжатты ақтарып, оқыдық. Содан білгеніміз — әрбір аймақ қалдықтарды реттеудің федералді сызбанұсқасын қабылдауы міндетті. Жүздеген парақтан тұратын мұндай үлкен сызбанұсқаларды көбі ашып оқымайды. Мен оқыдым. Барлық сызбанұсқаны мұқият қарап, түсінуге біраз уақыт кетті.

Технологияларды ұмытпаңыз

«Қоқыс ісі» зерттеу-фильмнен скриншот — https://istories.media/

— Қоқыс хикаясынан фильм жасайтын болғандықтан дабыл құрылғысының қозғалысын қадағалап ғана қоймай, әдемі интерфейсі бар видео болуы да маңызды еді. Мұндай қозғалысты телефон қосымшаларынан жасауға болады. Біз ескі телефонды алып, сим-карта салып, ата-анасы балаларының қайда жүргенін бақылауына арналған әдепкі мобайл қосымшалардың бірін орнаттық. Бұл қосымшаның десктоп нұсқасы да бар. Күшік Аркадий қайда жүріп бара жатқанын компьютер экраныан скринвидеоға жазып алу үшін тапжылмай отырып, үнемі жаңарту қажет. Мен мұндай жұмыспен айналысқым келмей, сол жұмысты атқаратын бағдарлама кодын жаздым.

Қадағалауға арналған түрлі құралдарды пайдаланыңыз

— Зерттеу жүргізудің классикалық әдістерін қолдандық: үкіметтегі ақпарат берушімен әңгімелесу, қоқыс орындарына бару, жәбірленуші тараппен сөйлесу. Зерттеу бір жарым жылдан астам уақыт жүргізілді, өйткені әрбір аймақтағы қоқыс өңдеумен айналысатын өкілдерді зерттеп, сауда-саттықты талдап, ірі тапсырыс алушыларды анықтап, визуализация жасау керек болды. Мұның барлығын біз, яғни журналистер жасадық.

Зерттеуші-журналист:

    • Ақпарат берушіні сөйлете білетін жақсы психолог;
    • онлайн деректер қорындағы ақпаратты, бухгалтерлік және қаржы есептерін оқи алатын жақсы аналитик;
    • түрлі деректер қорынан ақпарат алуы үшін бірнеше тілде сөйлейтін;
    • бағдарлама кодын жазатын

болуы керек. Егер бағдарламалауды білмесе, қоқыс хикаясын жасай алмас едім.

Нәтижелері

— Күшік Аркадий ақырғы нүктесіне де жетті. Бұл біз күткендей Владимирская қоқыс полигоны болмай шықты. Адамдар Владимирская қоқыс полигонына барар қоқыс тасығыш көлік қозғалысын бөгеп, жүк көліктері о жаққа өте алмады. Тәжірибеміз бәрібір де сәтті шықты, өйткені күшік Аркадий сол адамдарға тиесілі басқа бір қоқыс полигонына келді. Біз күшік Аркадий сонда келгенін, сол жерде жатқанын көрдік. Біраз уақыт өткен соң телефон қуаты таусылып, күшік Аркадиймен байланыс үзілді. Десе де ол өз борышын орындады, деп есептейміз.

Ел аумағындағы қоқыс тасымалы мен өңдеу саласындағы тапсырысты қамтыған зерттеуіміз — Ресейдегі қоқыс реформасының басты ерекшелігін анықтады. Көптеген аймақта қоқыс шығару, қоқысты өртеу зауыттарын не қоқыс сұрыптау кешендерін салу құқына билікпен қандай да байланысы бар адамдар ие болып отыр. Басында айтылғандай, қоқыс ісінде қомақты қаржы, жемқорлық даулары бар. Алайда көрерменді бұл емес, басқа бір нәрсе қызықтырды: көрермен зерттеу материалда айтылған қомақты қаржыны елестете алмайтын шығар, бірақ күнделікті таң шапағын қоқыс полигонының иісімен қарсы алатын тұрғындардың жай-күйін әркім де сезінді.

«Важные истории» командасының «Қоқыс ісі» зерттеу материалын және күшік Аркадийді мына видеодан көресіз.

Роман Аниннің лекциясы Inrernews қолдауымен Transparency Kazakhstan ұйымдастырған зерттеу журналистикасы мектебі аясында өтті.

Жәнібек Нұрыш

YouTube-журналистика дегеніміз не? Алексей Пивоваров тәжірибесінен

«YouTube-журналистика» дегеніміз не? Аудиторияға қандай форматтар өтімді, мұның себебі не? Әлемдегі ең үлкен видеоплатформада қандай контентке сұраныс бар? «Редакция» YouTube-арнасының авторы (Ресей) Алексей Пивоваров MediaCAMPFest фестивалі аясында өткен сессияда осы сұрақтарға жауап берді.

«Редакция» ютуб-арнасының жазылушылар саны 1,5 млнға жетті. 

Арнаға ай сайын 80-100 мың жазылушы келіп қосылады. YouTube — өте адал платформа. Егер контентің аудиторияға ұнаса, онда монетизация да, танымалдылық да болады. 

— YouTube-журналистика — Ресейде бұрыннан болған ескі мейірбан тележурналистика сияқты. Бұрынғы НТВ телеарнасының басты мақтанышына айналған тележурналистика үлгісі. Біз аса салмақты тележурналистика мектебінің негізін қаладық, сол әлі күнге дейін өмір сүріп келеді,-дейді Алексей Пивоваров.

Аудитория және YouTube контент туралы

— YouTube-та журналистикамен айналысу мүмкін бе, жоқ па, деп ойландым. Күдігім басым болды, өйткені мұнда аудитория адамның өз атынан сөйлегенін тыңдайтынын, соны көретінін, объективті журналистика қажет емес екенін айтқандар болды.

Белгілі болғандай, бұл қате тұжырым екен. Сапалы журналистикаға сұраныс өте жоғары. Сапалы журналистикаға да, жақсы бейнекадрға да талап артып жатыр.

— Аудиторияның жас шамасы ортадан төмен, орта жастағылар екенін көреміз. Орта жастан асқан адамдар да YouTube-ке ауысып жатыр. Олар теледидардан көңілі қалған, бірақ сапалы видео көргісі келеді. Сапалы өнім іздейді.

Енді бір жағынан, YouTube-ке жас ұрпақ та келіп жатыр. Олар бейімделген. Талап-тілектері тез өзгеріп отырады, алайда көбі сапалы журналистика өнімін қарайды.

Балалар контентінің қаралымы өте көп. Балалар бағдарламаны бірнеше рет қайта көреді, бірақ кумирлерін тез ауыстырады. Екінші орында — шоу және музыка, ойын-сауық, күлкі, сатира контенті тұр. Орыс тіліндегі YouTube-та ең көп сұранысқа ие контент — стендап.

Қазір орыс тіліндегі YouTube-ке қоғамдық-саяси тақырыптар тез еніп жатыр. Сондай контентке сұраныс та артуда.

— «YouTube-журналистика» тіркесін айтқанымызда есімі қатар айтылатын — 10 адам осылар.

Мұнда классикалық сұхбат та, ұзын монолог та, телевизияда «ТЖ және зерттеу» деп аталатын жанрдың қайта түрленуі де, көлемді тележурналистикалық сюжеттер де бар.

Біз неден бастадық?

— «Вдудь» арнасының сіңірген еңбегі: нарық едәуір өзгергенін көрсетті. Аудитория сапалы, ұзақ контент тұтынуға даяр және сапалы бюджет бар екенін түсіндік. Қазір тек ютуб-арнада ғана ақша тауып, дамисыз. Тек тереңінен ғана емес, жан-жағына қарай да өсуге болады.

Әуелде «сұхбат жанрында болады» деп есептедім. Қазір сұхбатты «бастапқы» жанрға аудардық. Бөлек сұхбат жасаймыз.

Редакция материалдары бірнеге локация, түсірілім және көп сұхбаттан тұрады. Әдепкі тележурналистика.

YouTube телевизияны өлтіре ме?

— Бір ауыз сөзбен айтсам, жоқ. Бір контентті түрлендіріп, әралуан платформада сәтті таратуға болады.

Адамдар үлкен теледидардан контент тұтынуын бәрібір жалғастырады. Мәселен, стрим көреді. Шоу қарайды. Мұны теледидардан көру қызық.

Қоғамдық-саяси формат не болары әлі де сұрақ күйінде қалып отыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, онда интернет-платформалар нарықты жаулап алады, ал телевизияға тек пропаганда қалмақ.

Цензура мен пропаганда жайлы

— Қазір пропаганданы шоу сияқты қабылдайды. Көрермен онсыз да мәлім нәрсені көре бастайды. Телевизиядағы пропаганданың тиімділігі төмендейді.

YouTube-та телевизиядағыдай цензура жоқ. Ешкім телефон соқпайды. Алайда әжептәуір шектеулер бар. Мысалы, автордың зорлық-зомбылық бейнеленген кадрларды көбірек қолдануын YouTube жақтырмайды. Платформа сондай контентті сізге ұсыну не ұсынбауын өзі шешеді. Мәселен, біз АҚШ-тағы наразылықтар туралы материал дайындадық. YouTube АҚШ-тағы нәсілшілдік наразылықтар тақырыбын талқылауды орынсыз, деп таныды.

Мұны цензура деп есептеуге бола ма? Жоқ. Шектеулер ме? Иә. Мұндай шектеулер көп.

Монетизация жайында 

— Соңғы уақытта «Бізге қатаң саяси контент керек» деп айтатын жарнама берушілер тобы пайда болып, қатары артып жатыр. Неліктен? Тұрақсыздық кезінде аудиторияның қайда барарын маркетологтар анық көріп-біліп отыр. YouTube-та нарық заңы жұмыс істейді.

Енді не болмақ?

— Адам-БАҚ бірігіп, жанрлық ұқсастықтары бойынша компаниялар құратын шығар. Қазір бәсекелесіп жатырмыз, алайда келешекте бірігу және жұтылу әрекеттерін көріп қалармыз. Адамдар осылай тиімдірек екенін түсінуі мүмкін.

Фестивалдің тұтас бағдарламасын сілтемеден табасыз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында іске аспақ.

Жәнібек Нұрыш

Коронавирус, праймериз және президенттер. 28 қыркүйек — 4 қазан апталық бағдарламаларға шолу

“7 күн” және Apta бағдарламалары Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев іссапарларын, Тоқаев аптасы қалай өткенін және праймериз тақырыбын алға шығарса, “Басты бағдарлама” әлемде коронавирус екінші толқыны басталғанын, Қазақстанда сақтық шаралары қалай сақталып жатқанына назар аударды. Барлығына ортақ тақырып: АҚШ президенті Дональд Трамп пен әйелі Мелания Трамп коронавирус жұқтырғаны болды. Әйтсе де әр бағдарлама бұл тақырыптарға әрқалай тоқталды. Тарқата айтып, тұтас сюжет арнағаны да, қысқа қайырып, шорт кескені де бар.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 3 қазанда эфирге шыққан бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан және Шымкент қалаларына сапарынан басталды. Бірінші сюжетте Назарбаев Түркістанда жаңадан салынған, қазір салынып жатқан құрылыс нысандарына барғанын жинақтапты. Тұңғыш президенттің орыс тілінде айтқан сөздерін қазақ тіліне аудармай, сол қалпында берді. Қала тұрғындарынан блиц-сауалнама да алыпты. Екінші сюжет Назарбаевтың Шымкенттегі сапарына арналып, қайда барғанын көрсетті.

Екі сюжеттен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішіндегі қабылдауларына шолу жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдағанына бөлек сюжет дайындапты. Сюжетте Қазақстанда тұратын армян және әзірбайжан диаспоралары өкілдерінің Таулы Қарабақтағы соғысты бейбіт жолмен шешу туралы үндеуі, елімізде жүздеген ұлыс тату-тәтті тұрып жатқанын баяндайды.

“7 күн” бағдарламасының жалпы ұзақтығы — 1 сағат. 27-минутынан бастап тақырып ауаны Елбасыдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ойысты.

Дәлірегі, сюжетте президент Тоқаев қайырымдылық ұйымдары және бизнес өкілдерімен кездескенін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар елдің жаңа тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдағанына тағы бір сюжет арнады. Сюжетте мұндай жиыннан түсірілген видеоның аз болғаны байқалды. Бір кадрды бірнеше рет қайталады.
Тоқаевқа топтамасы оның апта ішінде жасаған қабылдауларына жалғасты. Президент Тоқаев ҚР ҰБ төрағасын, Қорғаныс министрін, Ұлттық экономика министрі, БҚО әкімі және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесін қабылдапты.

“7 күн” тілшісі Ақбөпе Бәкір ресми Ақордаға сілтеме жасап, ақпарат агенттіктері таратқан хабарламаларды ғана айтып өтті.

АҚШ президенті мен оның жұбайы да коронавирус жұқтырғанын, Мемлекет басшысы мен Елбасы екеуі де Трамп отбасына сауығып кетуін тілеген жеделхат жолдағанын айтты. Жүргізуші Ринат Думанұлы АҚШ басшысы Трамптың коронавирус жұқтырғаны әлемдік биржалар индексіне әсер еткенін айтып, неліктен және қалай әсер еткенін талдамады.

Бағдарламаның 38-минутында Назарбаев пен Тоқаев тақырыбы аяқталып, праймеризге кезек жетті. Ресми жаңалықтарға, соның ішінде екі президенттің апта ішінде атқарған шаруаларына баса мән беретін бағдарлама бұл тақырыптарға арнайы айдар ашса да болатындай.

Өскеменде бүлдіршіндерге арналған сауықтыру орталығын балалар бақшасына айналдырыпты. Қазір жабылудың сәл алдында тұрған нысан мәселесін көтерген сюжет жан-жақты әрі толымды жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы шектеліп жатқанына нақты дәлел келтіріп, өзекті проблеманы мейлінше талдаған сюжет болды.

Ал интернеттегі алаяқтар туралы сюжет нақты мысалдар мен пайдалы ақпаратқа толы. Алаяқтар цифрлы тұзақты қалай құратыны, құрығына түсірер адамды қалай зерттейтінін баяндаған сюжетте жұртшылық ескере бермейтін мәлімет көп екен.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Ақмола облысында “Еңбек” бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” авторлары қайта күшейіп, әлемді әбігерге сала бастаған коронавирус індетінен сақтану мәселесін көтеріпті. Батыста екінші толқыны жүріп жатқанын айта келе Қазақстан жұртшылығы қалай сақтанатына назар аударады. Санитария мамандарына қосылып, Нұр-Сұлтан қаласында рейд жүргізген тілші Әсем Изатқызы көптеген орында бетперде тағу тәртібі орындалмайтынын көрсетеді. “Халық босаңсып кеткен” деп байлам жасайды.

Сюжетте Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін күзетші әйел бетперде тағу режиміне қатысты шын жағдайды ашық айтады. Экранда әйелдің тек сұлбасын көрсетіпті. Тілші Әсем Изатқызы: “бұл жағдайдан кейін о кісі жұмыстан шығарылуы мүмкін” деп, кейіпкердің алдағы жағдайы редакцияның бақылауында болатынын да ескертті. Сюжет кейіпкерінің тағдырына жауапкершілік танытқан тілшінің бұл сөзі — құптарлық іс.

Илон Маск Марсқа зымыран ұшырмақ. “Ұр тоқпақ” айдары осы жаңалықты ресейлік сайтағы фотоға сілтеме жасап, хабарлады. Мұндай жаңалықты түпнұсқа дереккөзіне, яғни ағылшын тіліндегі ресурстарға сілтеме жасай отырып хабарлаған жөн-ақ.

Таулы Қарабақ аймағындағы соғыс — бағдарламаның үшінші сюжетіне айналды. Тілші Берік Дүйсенбай Әзербайжан және Армения Республикаларының ҚР-дағы елшілерінен сұхбат алыпты. Әр тарап жағдайды өзінше бағамдап, соғыс басталуына түрткі болған себептерді алға тартады. Тілші бар жағдайға объектив баға беруге тырысыпты. Саясаттанушыларды да сөйлетіп, соғыс тоқтамаса, жағдай қалай ушығатынын, мұнда Қазақстан рөлі қандай болуы тиіс, деген сұрақтарға жауап алады.

Таулы Қарабақ тақырыбын бір сөзбен қысқа қайырған “7 күн”-мен салыстыра қарасақ, “Басты бағдарлама” авторларының сюжетін “толыққанды саяси сараптама” деп айтуға негіз бар.

«Трамп коронавирус жұқтырыпты” деген сыбыс халықаралық нарықта қара алтын құнының құлауына түрткі болған деседі». Келесі сюжеттің алғысөзін осылай бастаған жүргізуші Берік Дүйсенбай: «Экономикасы әртараптанбаған, шикізатқа тәуелді елдің сыртқы кірісі әрдайым әлдекімдердің түшкіргеніне де тәуелді болып қала береді» деп тағы жалғайды.

Ал сюжетте тілші Нұрай Құрақпай “Доллар бағамы неге көтерілді” деген сауалға жауап іздейді. Доллар тағы қаншалық қымбаттап, теңге қалай құнсызданарын, мұның экономикаға салдары қандай боларын экономистерден сұрайды. Сарапшылардан бөлек, бұқараның да пікірін біледі.

Apta, QAZAQSTAN

Жүргізуші Жайна Сламбек бағдарламаның әлқиссасын COVID-19 статистикасынан бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің брифингін де, АҚШ президенті мен әйелі коронавирус жұқтырғанын да қосты.

Бірінші сюжет Nur Otan праймеризіне арналыпты. Партияішілік сайлауға қатысып жатқандардың хикаясын баяндап, оларды сөйлетіп, басқа партиялар да саяси аренада осылай белсенділік танытса, барлығы жақсы боларын айтып, түйіндеді.

Бағдарлама авторлары “праймериз” деген не екенін түсіндіруге тырысыпты. Әйтсе де тақырыптан еш хабары жоқ көрермен көкейінде көптеген сұрақ туындайтын сюжет болыпты.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан және Шымкент қалаларына барғанын баяндайтын сюжет қатаң қалыптан аспайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысқаны тағы бір сюжетке негіз болыпты. Сюжетте президенттің онлайн-баяндамасын түрлі сарапшылар пікірі толықтырады.

Коллекторлар мен сот орындаушылары қалай жұмыс істейді? Қандай қитұрқы амал-тәсілдер қолданады? Қазақстандағы коллекторлар жұмысын жіліктеген сюжет қызықты жасалған. Пайдалы ақпараты да жетерлік.

Қазақстанда еңбекақысын ала алмай жүрген адамдар көбейген. Сюжетте бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай, табанынан тозған кейіпкерлер де, шенеуніктер мен заңгер комментарийі де бар.

Apta авторлары “қазанның алғашқы жексенбісі — Ұстаздар күні” мерекесіне сюжет жасамады. Есесіне астаналық мектеп-лицей директорынан бірінен сұхбат алыпты. Педагог даярлау, мұғалімдер жұмысы, жалақысы мен оқу-әдістемесі туралы әңгімелесті. Тәп-тәуір сұхбат, бірақ шалғай елдімекендердегі мектеп басшысынан да сұхбат алғанда толымды шығар еді.

Таяуда Алтынемел ұлттық паркі аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалған екен. Бұл жаңалық осы ұлттық парк және сондағы жануарлар әлемі туралы әдемі сюжетке арқау болыпты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

E-mail хабар таратудың бизнес-процесін ұйымдастыру. «Бумага» тәжірибесі

Егер e-mail хабар тарату — жаңа нәрсені байқап көру емес, коммерциялық өнімге арналған нақты жоспар деп қарастырсақ, онда бизнес-процестерді қалыптастыру, келешекте серіктестер тарту бойынша көп жұмыс істеуге тура келеді. Internews ұйымдастырған «E-mail хабарлар» тренингінің кезекті тақырыбы бизнес-процестерге арналды. Неге мән беру керек, бұл не үшін қажет екенін «Бумага» интернет-басылымының бас директоры Кирилл Артеменко мен арнайы жобалар бойынша директоры Мария Рзаева айтып берді.

Медиаға клуб пен e-mail хабар неліктен қажет?

Тегін жазылушылар сайтыңызға адал болғаны соншалық, электронды поштасын беруге әзір. Ақылы жазылушылар адал болғаны соншалық, ақы төлеуге даяр. Клуб мүшелері адал болғаны соншалық, ісімізді қолдау үшін ақша төлеуге және уақытын бөлуге дайын. Қызықпайтын клиенттен бастап ең лоялді клиентке дейінгі шекте байланыс орнатасыз. Бұл неліктен қажет?

  • Аудиторияны тарту, брендке сенімді нығайту;
  • Журналистикамыздың сапасын көтеру;
  • Жұмысымыздың тиімділігін арттыру;
  • Оқырман төлемінен түсетін кіріс көлемін ұлғайту;

Бір сөзбей айтқанда, өзіңіз өте жақсы түсінетін адамдардың өте түсінікті базасын жасап аласыз. Оларға арналған сапалы контент жасап қана қоймайсыз, олар да сізге көмектеседі. «Бумага» мысалында айтсақ:

  • Дереккөздер, кейіпкерлер мен сарапшылар — «Бумага» достарының арасынан табылады
  • «Бумага» достары — сын және идеяларымызға кері байланыс
  • Клубтық модель — қаржылық тұрақтылық негізі
  • «Бумага» достары — өте қымбат жарнама келісімшарты
  • «Бумага» достары — жаңа өнімдердің потенциалды аудиториясы

E-mail хабар жасайтын команда

Ұдайы e-mail хабар дайындап және соны таратып отыру үшін команда жасақтау қажет:

  • Продакт-менеджер: бизнеске жауапты. Ол — командаға тапсырма беріп, жарнама мен контент тиімділігін қадағалап, маңызды шешімдер қабылдайтын жоба жетекшісі. Жоба жұмысы дегеніміз таусылмас сынақтар мен қателіктерге толы. Егер істеген жұмысыңыздың нәтижесі көңілден шықпаса, күткеніңіздей болмаса, онда еш өкінбеңіз, бұл — қалыпты жағдай.
  • Редакция + авторлар: контентке жауапты.
  • Маркетинг: жазылушылар санының өсуінің жауапты.
  • Дизайн: визуалды бөлігіне жауапты.
  • Бағдарламалау: техникалық бөлігіне жауапты.
  • Талдап-сараптау: дұрыс жұмыс істеп жатырмыз ба, жоқ па, міне осыны тексереді.

Алғашқы e-mail хабарды дайындау барысында негізінен сіз жұмыс істейсіз: сіз және продюсер, мәтін авторы, маркетолог пен аналитик. Бірінші e-mail хабарды жіберген соң бір адам нақты бір іспен айналысуы міндетті.

«Бумага» тәжірибесінің түйіні мен кеңестері

Бүгінде «Бумага» интернет-басылымы 5 ақылы және 2 тегін e-mail хабар таратады. Сәтті жүзеге асып жатыр. Осы уақыт ішінде редакция нені түсінді?

  • Іс-шаралар жаңа жазылушы, яғни оқырман әкелмейді. Бұрыннан бар адамдар келеді.
  • Жаңа жазылушыларды тартқаннан гөрі бұрынғы жазылушыларды ұстап қалу маңызды. Міне, сондықтан да редакция жылдық жазылымдарын сатуға тырысады.
  • Қолданушылардың қолдауы өте маңызды.
  • Жылдың ең табысты айы — қаңтар.
  • E-mail хабар бойынша жұмыс істеу — уақытты да, қаржыны да, команданың ден қоюын да қажет етер ұзақмерзімді «ойын».

E-mail хабар аясында серіктестермен қалай жұмыс істеу керек?

«Бумага»-дағы серіктестік мысалы

E-mail хабарға серіктестер тарту, олармен жұмыс істеу — кейінгі кезең: өйткені, сіз e-mail хабар таратуды бастайсыз, аналитикасын баптайсыз, нәтижелерін қарайсыз. Міне, содан кейін, яғни негізгі іс-әрекеттерді жасаған соң серіктестер тарту жайлы ойлануға болады.

E-mail хабарға серіктестер неліктен қажет?

  • Кіріс (e-mail хабарға қатысуды да сатуға болады).
  • Контент (әсіресе қандай да бір гайд жасамақ болсаңыз, серіктестер қатарынан сарапшылар тартасыз).
  • Жазылушыларға арналған эксклюзив қызметтер (қауымдастық қандай да бір эксклюзив мүмкіндіктерге ие болуы керек, мұны серіктестер бере алады).
  • Тарату және промо (сіз туралы кез келген деректі, хабарландыруды жариялау, байланыс контактілерін бөлісу, әлеуметтік желілерде жариялау, міне, мұның барлығы да сіз туралы айтылар қосымша алаңшалар бола алады).

Интеграциядан түсетін кіріс

Бұл да әдепкі жарнама моделі сияқты жұмыс істейді: мәтін жазасыз және мәтінге қандай да бір натив жарнама қосасыз. Серіктестің ұсынысы хат пен контент тақырыбына, автор мен хатты жазу әдіс-амалына байланысты болуы, үйлесуі міндетті. Бұл — қалыпты шектеу-шарт. Мәселен, сіз шарап туралы e-mail хабарда көлік доңғалағын желімдеу қызметін жарнамалай алмайсыз. Бұл еш қалыпқа сыймайды. E-mail хабар жазылушылары сайттағы трафиктен те қымбат тұрады, өйткені олар сіздің ұсыныс-тілектеріңізге сайт оқырмандарына қарағанда көбірек сенеді. Сіз олардың сеніміне негізделген контент сатасыз. Мұны серіктеске түсіндіруге тырысыңыз.

Серіктестерді қандай амал-тәсілдер қызықтырады?

Серіктестерді қызықтыру үшін ұсынысыңызда мыналар болуы шарт:

  • Жазылушылар саны. Ең маңыздысы бұл емес, бірақ содан бастау керек. Жобаңыздың масштабынан хабардар ететін жалпы көрсеткіш.
  • Ашылатын хаттар көрсеткіші бойынша болжам. Бұл талдау жүйелерінде пайыздық қатынаста көрінеді. Хатты ашудың қалыпты көрсеткіші — 20 %.
  • Сілтемені шерту көрсеткіші бойынша болжам. Кейбір талдау жүйелері мұндай деректерді ұсынады. Соның негізінде болжам жасауға болады.
  • Сайтта жән әлеуметтік желілерде e-mail хабарлар аңдатпасының қамтуы көрсеткіші бойынша болжам. Бұл да жалпы көрсеткіш. Егер жасайтын болсаңыз, онда масштабты көрсете аласыз.
Ұсыныс мысалы

Жарияланымдардың бірыңғай форматын бекіту қажет. Барлығы стандартты түрге келтіріліп, басы артық шығармашылықтан ада болуы шарт. Егер барлығы жүйеленсе, онда уақыт үнемдейсіз. Клиенттердің не күтетіні де түсінікті. Ала-құла болмаса, артық сұрақ та туындамайды.

Сондықтан мынаны алдын ала ойластыру керек:

  • Серіктес қай жерде, қалай және қанша рет аталады
  • Серіктестік бөлімі қалай көрініп тұрады: мәтін өлшемі, сурет болу/ болмауы, хаттағы орны
  • Клиент қалай белгіленген: шығарылым серіктесі, демеушісі, «қолдаған»
  • Біріктіру хат контентімен қалай байланысады?

Сіз мұның барлығын серіктеске түсіндіруіңіз міндетті

Брендпен бірлескен e-mail хабардан түсетін кіріс

Бұл — серіктестіктің күрделі түрі. Мұндай жағдайда сіз қамту көрсеткішін емес, процесті ұйымдастыру, салалық аудиторияны жинақтау сияқты қызметті сатасыз.

E-mail хабар концепциясы серіктеспен бірге жасалады, алайда әзірлеу барысына оны қатыстырмай-ақ жасалуы мүмкін. Концепциясын әзірлеу барысында өз қызығушылығыңызды да ескеріңіз. Серіктес әрі қарай айналысудан бас тартып жатса, бюджетін азайтса, жалғастырып, сақтап қаласыз ба? Мұны да ойлаңыз.

Серіктестің қатысуын бекітер ережелер де бар: тіркелген брендинг, мәртебе, орны және біріктіру форматы. Мұның барлығы да әуел бастан талқыланып, келісілуі шарт.

Жазылушыларға арналған қызметтер

Серіктестер қауымдастықта жайлы орта жасауға көмектесе алады. Мәселен, акция, жеңілдіктер сыйлайды, байқаулар, іс-шаралар өткізеді. Негізінен айырбас түрінде болады. Ең бастысын есте сақтаңыз: айырбас пен ақшаға бірдей қызмет беруге болмайды. Айырбас болса, қандай да бір бөлігін, ақшаға болса, онда көбірек бересіз.

«E-mail хабарлар» тренингі бойынша барлық материалды мына парақтан табасыз.

Жәнібек Нұрыш

Заңсыз алтын өндірісі, тұрмыстағы зорлық және құс тұмауы. 21-27 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде үй құстарының қырылуы кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” мен «Басты бағдарлама» құс тұмауына сюжет арнаса, Apta авторлары студиядан хабарлама берді.

Әр бағдарламаның эксклюзив тақырыптары да баршылық. Мәселен, “7 күн”  тұрмыстағы зорлық-зомбылық жиілегенін айтса, «Басты бағдарлама» кәсіп ашуға гранттар мен адам саудасына сюжет арнапты. Apta редакциясы ШҚО-дағы заңсыз алтын өндірушілер мен фастфуд зиянын көрсетті.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Жүргізуші Ринат Думанұлы бір апталық үзілістен кейін эфирге оралды. Сенбі күні, яғни 26-қыркүйекте шыққан бағдарлама әдетінен танбай, екі президенттің апта ішінде атқарған шаруаларын баяндаудан басталды.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзяевпен кездескеніне айта келе, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзіне жеке сюжет арнады.

Осыдан кейін «Президент аптасы» деп аталатын сюжетте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізген қабылдауларын баяндап, мемлекет басшысының Алматы қаласына жұмыс сапарынан сюжет көрсетті.

Сосын жүргізуші Ринат Думанұлы көрермендерді дауыс беруге шақырды. «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауына ұлттық іріктеудің соңғы күні екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Дипломды оңды-солды таратумен айналысатын ЖОО» мәселесін айтқан. Осылайша президенттер аптасы жолдау тақырыптарына жалғасып, сюжетте лицензиясы қайтарылған университет студенттерінің жағдайы не боларын бағамдады. Студенттер құқығы, әлеуметтік жағдайы, түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесін жан-жақты тарқатты. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов берген сұхбат проблемаға қатысты пікір айтудан гөрі университет жетістіктерін баяндау бағытында өрбіді.

Президенттер мен жолдау жайы эфир ортасына таман аяқталып, өткен апталардың ең күйіп тұрған тақырыбы — құс тұмауына да кезек жетті. Сюжет “Құс тұмауы адамға жұқпай ма” деген сауалға жауап іздейді. ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасы Тимұр Сұлтанғазивтің айтуынша, бұл індет адамдарға қауіпсіз екен. Дегенмен, тілші Сәкен Сейітханұлының сөзінше, «базардан өнім сатып алғанда аса мұқият болу артық етпейді». Осы тұста қалай сақтану керек екенін айтар мамандар нұсқаулығы берілсе құба-құп еді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлесеңіз, күрделі оталарды тегін жасатуға болады екен. Медсақтандыру қазақстандықтар өміріндегі ең өзекті проблеманың біріне айналып отыр. Сақтандырылмаған, ем ала алмай жүрген азаматтар жағдайы туралы тарқатып айтпады.

«Даладағы вирус ушыққанда, санадағы вирус та қоза түскен секілді». Жүргізуші Ринат Думанұлы тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы сюжетке кіріспе сөзді осылай бастады.
Тілші Ақбота Тәңірберген сюжетін бірнеше ай бұрын Батыс Қазақстан облысында болған оқиғадан, дәлірегі күйеуі әйелін қыздарымен бірге өртеп жібергенінен бастады. Сюжетте марқұм Жадыра Жұмалиеваның әкесінен сұхбат алыпты. Әкесі істі насырға шаптырмай, «тезірек ажыратып алу керек екен» деді. Сюжет отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құзырлы органдар не істеп жатқанын баяндайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың астарында не жатыр, заң шығару мен жазаны қатаңдату бұл мәселені шеше ме? Тілші мәселеге терең бойламай, тек сырттай сипай қамшылап өте шығыпты. Айтпақшы, тілші де, мәтін тексерген редактор да қазақ тілінде сөздер орыс тіліндегідей «родқа» бөлінбейтінін, сондықтан «азаматша» деген сөз жоғын ескермеген сияқты.

Бағдарлама авторлары Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыстар мен Қызылорда қаласының мерейтойына да екі сюжет берді. Алматыда ауруханаға демеушілер бірнеше жасанды тыныс алу аппаратын жеткізгені тағы бір сюжетке арқау болды.

Эфир соңында жүргізуші «Junior Eurovision» баяқауына ұлттық іріктеу туры жүріп жатқанын тағы да қайталап, дауыс беруге шақырып, хабарды аяқтады.

«Басты бағдарлама», “Еуразия бірінші арнасы”

«Басты бағдарлама»-ның бірінші тақырыбы — құс тұмауы. Жүргізуші Берік Дүйсенбай: “Елдің 5 өңірінде 150 мыңдай тауық пен қаз күн қырылып қалды” деп бастады. Құс тұмауынан адамға алапат қауіп болмаса да жұғуы мүмкін екенін, белгілері қандай боларын қысқаша айтып өтті. “7 күн” редакциясының сюжетінен басты айырмасы да осы.

Тілші Нұржан Сәдірбаев сюжетте өтемақы төлеуден бастап адамға жұқтырмау үшін не жасау керек екеніне дейін айтты. Індет жайлаған өңірлер мен вакцинацияны графикамен көрсетті.

Жүргізуші: “билік партиясы қолға алып, өткізіп жатқан праймериз – өте жақсы бастама” деп, «Ұр тоқпақ» айдарына кезек берді.

Бұл айдарда ауылдағы көшелердің біріне әкесінің атын берен шенеунік пен «Ұлыбританияда 200 үй салам» деп басы дауға қалған Нұрлан Бизақов оқиғасын алыпты.

Шағын кәсіп ашуға алған грант қаржысын мақсатсыз жұмсайтындар кім? Тілші Әсем Изатқызы ізденіп, сюжетін мейлінше қызық етуге тырысыпты. «Бизнестің жол картасы — 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында грант ұтқандар сол қаржыны қайда жұмсағанын айту үшін кейіпкерлерден сұхбат алған. Грант ұта алмағандардың құзырлы орган өкілдеріне шағымын да берген. Аталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын салмақтаған сюжет тартымды әрі толымды жасалыпты.

Халықаралық қауымдастық мәлімдеуінше, Қазақстан — құл иеленушілері бар мемлекет. «Басты бағдарлама» эфирінің соңғы тақырыбы — адам саудасы. Шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа жегілген қазақстандық, елімізде құлдыққа салынған шетелдікті көрсетті. Екі кейіпкер де беттерін бүркей отырып сұхбат берді.

Сарапшылар “Адамдар құлдық қамытын қалай киеді” деген сауалға «жоқшылық» деп жауап беріпті. Нұр-Сұлтандағы “құл базары” деп аталып кеткен жерде жұмыс іздеген бірнеше адамнан сұхбат та алыпты. Сюжетте елдегі адам саудасы шындығын ашып көрсетуге жақсы талпыныс жасалыпты.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама әлем жаңалығынан, дәлірегі Таулы Қарабақ мәселесі мен Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыстан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек жағдайды қысқа баяндап, ҚР СІМ-нің екі елді келіссөзге шақырған мәлімдемесін де айтты.

Жүргізуші елдегі коронавирус және коронавирусты пневмония статистикасын хабарлай келе, құс тұмауын ойысты. Бұл тақырыпқа сюжет болмады, тек құстары қырылып жатқан әйелдің аудиожазбасын тыңдатты. Бейнекамераға да жазбапты.

Есесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапарын бастан-аяқ көрсетті. “Алматыға инспекция” деп аталатын сюжетте президент оңтүстік астанада қайда барғанын егжей-тегжейлі баяндайды.

Мұнайға сұраныс төмендесе, не болмақ? Қазақстандық мұнай-сервис компанияларының қалауы не? Осы тақырыптарда Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовпен сұхбаттасты. 6 минут сұхбат мән-мағыналы болды. Қазақстанның мұнай-сервис саласында 40 мыңнан астам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін, шетелдіктер ашқан компаниялардың тендерлерге қатысуы мен мұнай-химия өндірісінің дамуы, бұл салада Өзбекстан алға озып шыққанын да әңгімеледі.

Шығыс Қазақстан облысындағы заңсыз алтын өндірушілер ісі сондағы ауыл тұрғындарының наразылығын көрсетер сюжетке негіз болыпты. Тілші ауыл әкімімен бірге маңайды аралап, алтын өндірілетін жерге барып, тұрғындардан, белсенділер, әкімдік өкілі мен полициядан комментарий алыпты. Толымды да қызық сюжет.

Пандемияда кезеңінде кеңсе қызметкерлері үйден жұмыс істеуге көшті. Мұның артықшылығы мен кемшіліктері қайсы, алдағы салдары қандай болмақ? Осы сауалдардың жауабын жинақтаған сюжетте кейіпкерлер хикаясы, экономист-сарапшылар, урбанистер пікірі бар.

Келесі сюжет “Қым-қуыт тірлік – канцероген ауқат” деп аталады. Авторлар “канцероген“ сөзінің жалпыға бірдей түсінікті емес екенін ескермеген сыңайлы. Тілші Ақерке Бектас денсаулыққа зиянды фастфуд тағамдар тақырыбына сюжет дайындапты. Фастфуд сатушыны да, тұтынушыны да, медицина сарапшылары мен мамандарын да сөйлетіп, сауалнама жасапты.

Фастфуд түрлерінің құрамы мен калориясы туралы инфографика жасап, фастфуд тағамнан бас тартқан отбасыны да көрсетті. Бұл отбасының отағасы кезінде фастфуд тағамдарды жиі ішіп-жеп, қатты ауырған екен.

Қазақстанда әншілер фонограммамен ән айтар болса, онда тыңдарманын алдын ала ескертуі міндетті. Жаңа заңнаманың талабы тағы бір сюжетке арқау болды. Сюжетте қарсылар да, қолдайтындар да, тіпті фонограммен ән айтуға тыйым салуды ұсынғандар да бар. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі фонограммамен ән айтуға неліктен тыйым салынбағанын, тыйым салынса, мұның соңы үлкен резонансты оқиғаға ұласуы мүмкін екенін түсіндіреді.

Осы тұста тілші Саламат Омаш “Резонансты оқиға деген не? Оған қоғамға қандай зиян бар? Жанды дауыста айта алмайтын әнші көшеге митингіге шыға ма? Шықсын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше саяси мәдениеттің артуына септеседі” деп өз сауалына өзі жауап беріп, пікір айтады. Мұндағы министрлік өкілі “резонансты оқиға” деп нені меңзегені де, тілші өз пікірін неліктен қосқаны да түсініксіз. Сюжеттегі ерекше бір сәт: тілші дауыс жазу студиясына барып, ән айтып, тірі дауыста және өңделген дауыста тыңдатып, фонограмманың тірі дауыстан айырмасын анық көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Матасу ма, шатасу ма?» ток-шоуы

Журналистикадағы этика мәселесі үш ұғымнан:
журналист пен билік, журналист пен кейіпкер, журналист пен аудиторияның қарым-қатынасынан құралады,
десек,
қазіргі Қазақстан журналистикасындағы этика жайы қалай?
Бүгін #MediaCAMPFest аясында ұйымдастырылған «Матасу ма, шатасу ма?» ток-шоуында осы тақырыптарды талқылады.
Онлайнда өткен ток-шоуды Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев жүргізді.
Спикер ретінде тележүргізуші Аман Тасыған Aman Tasygan, медиасыншы Бэлла Орынбетова Bella Orynbetova, журналистер Ербол Мәндібек Ербол Мандибек,
Дархан Өмірбек
,
Жұлдыз Толеу
қатысты.
Ток-шоу басында жүргізуші Сәкен Балбаев спикерлерден журналист этикасының басты қағидаттарын сұрады.
Аман Тасыған айтқандай, журналист этикасының ең басты негізі – шынайы, дәлелді ақпарат тарату екен. Қалғанының барлығы қосымша болып табылады.

Ал медиасыншы Бэлла Орынбетова:
«Журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі бәрінен басым болуы керек. Мемлекет билігі не жұмыс беруші үшін маңызды нәрсені емес, қоғам үшін маңызды нәрсені айтуы шарт»,-дейді.

Ербол Мәндібектің сөзінше, журналист этикасы дегеніміз – жауапкершілік. Сондықтан да журналист халық алдындағы жауапкершілігін 100% толық орындап, не оңға, не солға кетпеуі керек.

Дархан Өмірбек: «Журналистика этикасының басты қағидаттары — аудитория алдындағы адалдық және ашықтық. Қазақстанда осы нәрселер жетіспей жатқан сияқты.

Жұлдыз Төлеу: «журналистика этикасы дегеніміз – бейтарап, кез келген ортада ешбір тараптың лоббиін қолдамай, эмоциясыз, шынайы ақпарат тарату» деп түсіндірді.

1,5 сағатқа созылған ток-шоу барысында спикерлер журналист пен кейіпкер қарым-қатынасы, кейіпкерге сұрақ қоюы, кейіпкерді жария көрсету, жалпы кейіпкерге құрмет мәселесін талқылады.

Журналист пен билік, мемлекеттік БАҚ жұмысы, шектеулер, журналист қызметіне қысым, журналистің өз нормалары мен ортақ нормалары, аймақтағы журналистика жағдайы, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс пен жарнама, 2012 жылы Қазақстанда қабылдаған «Журналистер этикас» кодексі, Журналистика этикасының халықаралық стандарттары туралы әңгімеледі.

Журналист пен аудитория қарым-қатынасының негізі – аудитория сенімі жайында айтылып,
тақырып таңдау, рейтинг, журналист сауаты төңірегінде де пікір алмасты.
Ток-шоу көрермендері де сұрақ қойды, спикерлер жауап берді.
Facebook парақшамызда тікелей эфирде көрсетілген ток-шоу жазбасы сақтаулы.
Мына екі сілтемені ашып, ток-шоу видеосын көре аласыз
1. https://www.facebook.com/InternewsKazakhstan/videos/958183634681298/
2. https://www.facebook.com/InternewsKazakhstan/videos/360563118299671 /

Аман Тасыған
тележүргізуші, Талклайк авторы әрі жүргізушісі, NewOldҚазақтар жобасының жүргізушісі

Бэлла Орынбетова, медиасыншы, ИН Қазақстан Медиасыншылар мектебінің түлегі

Ербол Мәндібек, Қазақстан телеарнасының бұрынғы қызметкері, тәуелсіз журналист

Дархан Өмірбек, Колламбия журнализм мектебінің түлегі, Азаттық қазақ редакциясының редакторы

Жұлдыз Төлеу, Азаттық радиосының Орталық Азия жаңалықтары жобасының редакторы

Бірінші бөлімі
Журналист пен кейіпкер

С.Б.
Халықаралық журналистер федерациясы 2019 жылы 12 тамызда Тунисте өткен XXX дүниежүзілік конгресте «Журналистер этикасының жаһандық хартиясын» қабылдады
Бұл құжатта «Журналист өз материалдарында кейіпкердің жеке өміріне, жеке басына, оның қадір-қасиетіне құрметпен қарауы тиіс. Әсіресе, сұхбат алып отырған адамның осал жеріне мән беру керек» деп жазылған.
Бірақ, репортаж, сюжеттерде зарлап шеккен, қайғысын бөліскен кейіпкерлерді көреміз. Бет-жүзін жасырмай, аты-жөнін ашық айта береміз.
Журналистикада мұндай жағдай неліктен қалыптасқан? Мұны қалай өзгерте аламыз?

Б.О.
Меніңше, журналистер көбі «Егер кейіпкер аты-жөнін атамасам, онда жалған қойылым жасап отыр, жасанды кейіпкер алып келді» деп ойлайды деп ойлайды. Неліктен, ондай сезім туындайды, өйткені біздің медиа пропаганда, манипуляция жасау арқылы сенімінен айырылды. Қандай да бір оқиғаны айтып тұрса, аудитория сенбеуі мүмкін. Сондықтан олар өзінің шынайы оқиға әкеліп тұрғанын көрсету үшін адамның аты-жөнін, мекенжайын, бет-жүзін көрсетеді.
Ал экранда қанды көрсету – этиканы түсінбеу.

А.Т.
Мен радиода, телеарнадан және интернет-платформада қызмет етемін. Интернетте таза ашықтық. Көрермен өз талғамына қарай көреді, көрмесе өкпе жоқ. Телеарнада, радиода мұндай қадамға бармаймыз. О жерде мемлекет қаржысы, екіншіден, теледидарды қаласа да, қаламаса да, көрерменге ұсынамыз. Таңдау еркі біреу ғана – ол арнаны ауыстыру.

С.Б.
Кейіпкерге ұнамайтын сұрақ қойғанда кейіпкерге қалай қарайсыз? Құрметпен бе әлде басқалай ма?

А.Т.
Мен алдын ала кейіпкермен келіскен кезде «Сізге ұнайтын сұрақтар қоймаймын» деп айтамын. О кісіге ұнайтын сұрақтар қойсам, сұхбат әсерлі шықпайды.
Ұялтатын сұрақ қойсам да алдын ала ескертіп айтамын.

С.Б.
Дархан, хабар түсіру барысында көмекке мұқтаж жандарды аянышты етіп көрсетуге, ауыр жағдайдағы балаларын жылатып көрсетуге, бетін ашып көрсетуге журналистің қақы бар ма?Балаларды түсіргенде нені ескеру керек? Халықаралық стандарттарды қандай ережелер бар?

Д.Ө.
Балаларды ауыр жағдайда, тұрмысы төмен балалады көрсеткенде ерекше сақтықпен қарау керек. Бізде жағдайы нашар, үйі жоқ, күйі жоқ, тамаққа зәру үлкен кісілерді, көбіне әйел кісілерді сөйлеткенде жанында балаларды көрсетеді. Балалар ойнап жүреді, кейде пікір алып жатады, жылатып қояды. Одан әрі кетке зорланған баланың аты-жөнін, суретін жариялап жатады. Мұның барлығын жасауға болмайды. Халықаралық стандарт бойынша бұлардың барлығына тыйым салынған. Себебі, бала қазіргі әрекетке жауапты емес. Ол ертең өскенде мұның барлығы оның психикасына әсер етуі мүмкін. Біздің мектептерде буллинг деген бар. Мазақтауы мүмкін. Бұл да бала өміріне теріс әсер етуі ықтимал. Қазір аз да болса бұл түсінік келген сияқты.
Сосын тағы бір мәселе, пандемия, карантин кезінде жағдайы қиын адамдар саны көбейіп, оларға бір пакет азық-түлік апарып, соларды суретк етүсіріп, рахметін жазып, жанында балаоарды бірге түсіріп жатқан жағдайдар болды.
Біраз адам балаларды неге көрсетесіздер деп сұрады.
Ұйымдастырушылар «біз рұқсатын алдық» деп айтады.

Мұнда « informed consent» деген нәрсе бар. Өзім оқыған жерде көп айтатын. Қазақшалағанда «зерделенген келісім» деп айтсақ болатын шығар.
Өзіңіз қараңыз, ол адам жағдайы өте нашар, оған этика жайлы, баласының 10 жылдан кейінгі болашағы туралы ойлауға шамасы жоқ. Екіншіден, сіз оған қолыңызды бірнеше пакет тамақ бар, көмектесіп келіп тұрсыз. Ол қалай жоқ деп айтады. Мұнда бастығының алдындағы бағынушы қызметкер сияқты. Жоқ деп айта алмайды. Әрине ол, «иә, көрсете беріңіз» деп айтуы мүмкін.
Баласының болашағына қалай әсер етуі мүмкін екенін ойлана бермеуі мұмкін. Өйткені, ол кісінң қазіргі басты мәселесі – күнкөріс болып тұр.
Осы мәселені де есте ұстасақ жақсы болушы еді.
Бұл тек тұрмысы төмен адамдар ғана емес, басқа да мәселе тақырыптар бар.
Заңсыз жүрген мигранттарды алайық.Кейбірі салдарын білмеуі мүмкін, ал сіз біліп тұрсаңыз, оның жарыққа шығуы, аты-жөнін атауы ол келісім беріп тұрса д оған қалай әсер етуі мүмкін екенін біліп тұрсаңыз, онда сіз журналист ретінде біржақты шешім қабылдамай, сіз біліп тұрға.н салдарын түсіндіруіңіз керек. Ал кейіпкер біле тұра, пікір айтуға келісім берсе, материалды түсіре беруге болады.
Ал балаларға өте сақтықпен қарау керек.

С.Б.
Мұны қалай түсіндіруге болады?

Д.Ө.
Мұны кешенді жасау керек. Журфакта оқытылуы міндетті, бірақ журналистикаға келетіннің барлығы журфак арқылы келмейді. Редакцияның этикалық стандарттары болуы керек. Қоғамдық талқы болуы керек. Қандай да бір редакция шалыс басып жатса, журналистік қауым соны талқыға салып, қателікті көрсетіп, шешу жолын көрсету керек. Қандай да бір БАҚ саналы түрде елеусіз қалдырып жатса, онда оны да айту керек.
Қарапайым шешімі бар мәселе емес. Негізгі мәселе – қоғамдық талқы. Қазір журналистер арасында балаларды көрсетуге болмайды деген түсінік қалыптасты.

С.Б.
Аман, ньюолдқазақтар жобасына қатысты медиасыншы Назира Дәрімбет Жаңа репортер сайтында медиасын мақала жазды. «Қазақ журналистері неліктен мораль оқуға дайын тұрады» деп сұрақ қояды? Жалпы кейіпкерлермен сұхбат барысында көзқарасын білдіріп, немесе оларды сұрақтар арқылы бір-біріне қарсы қою – жобаның не мақсатын орындайды?

А.Т.
Бізде ересектер мен жастар арасында үлкен алшақтық пайда болды. Екеуі екі бөлек әлем. Бір-бірінің құндылықтарынан бейхабар. Ал біз орта буын ретінде екі буын өкілін кездестіруге тырыстық. Сұрақтарды бір-біріне қарсы қоямыз, кейде татуластырамыз, не дегенмен екі буын арасында қарама-қайшылықтар бар. Ал мен бейтарап болмаймын. Орта буынның да өз пікірі бар. Кейде ескі буын, кейде жас буын артық кетіп жатады.

С.Б.
Бэлла, Аманның осы хабарларын көрдіңіз ба? Аманның жүргізу мәдениеті, этикасына қандай баға бересіз?

Б.О.
Иә, көрдім. Аман жаңа айтты ғой, «Егер мен мемлекет қаржысына жасаған телерадиодағы дүние болса, онда этиканы ұстанам. Ал бұл арна өз қаражатыма жасалған авторлық дүние» деп айтты ғой. Мұнда этикалық мәселені керісінше түсініп отырған сияқтысыз. Мәселе – кім ақша төлейді, соның сөзін сөйлеу емес, мәселе — өзіңіздің қаражатыңыз болса да сіз бәрібір этиканы ұстануға міндеттесіз. Журналист ретінде. Дискуссияға кетер болсақ, сіздің бағдарламаңыз – өте жақсы. Ұнайтын да шығарылымдары бар. Бірақ, сіз екі жақты шабыстырып қойған сияқты боласыз да өзіңіз ойламайтын нәрселерді айтып жібересіз. Үлкен кісілер мен жас буын арасында өшпенділік туындататындай әсер қалдыратын шығарылымдары болды. Бұл бағдарламының екі жақты татуластыру мақсатын керісінше ушықтырып жатады.

С.Б.
Бэлла, қазіргі кейбір тележүргізушілер өткір сұрақ қоямын деп өзін дөрекі көрсетеді. Тіпті кейіпкерлеріне менсінбеушілік байқалатындай. Қазіргі тележүргізушілер бойынан қандай қасиеттерді атап өтесіз?

Б.О.
Мен мұнда тлеежүргізушілерге ғана емес, телеарналарға да салмақ салғым келеді. Өткен жолы медиасыншы «Кел, татуласайық» ток-шоуына өте жақсы бір шолу жасады. Оған көп адам қарсы пікір айтты. Телеарна журналистері кемшілік сұраудың орнында, керісінше бізде
Оразай Қыдырбаевқа арна заңгерлері хабарласып, «Жазбаңды алып тастамасаң, кешірім өтінбесең, біз сені сотқа береміз» деп қоқан-лоққы көрсетті. Мұнда тек журналистер ғана емес, журналистердің қожайындары дөрекі адамдар болатын болса, ол әрине олардың ақщасын алып отырған соң, сондай дөрекілікке бара береді. Мұнда медиа тарапынан да жауапкершілік болуы керек.
Дархан Өмірбек айтқандай, «әрбір редакцияның этикалық ұстанымдары болуы керек».

С.Б.
Қазір жастар идеал қылатын журналистер бар ма?

А.Т.
Иә, бар

Б.О.
Өкінішке қарай, бар. Идеал болу деген ештеңені білдірмейді ғой. Кейбір адамның әртүрлі идеалдары бар. Идеал деген ортақ нәрсе емес.

03:00 ЖУРНАЛИСТ ПЕН БИЛІК
Келесі бөлімге өтейік. Журналист пен билік арасында этикалық мәселелер бар ма?
«Журналистер этикасының жаһандық хартиясында»:
Журналистің бірінші міндеті – қоғамның нақты ақпарат пен фактілер алу құқына құрметпен қарау» деген қағидат бар. Осы міндетті атқару үшін журналист материал жинауды да және жаңалықты таратуда бостандық принципін қорғау керек» деп жазылған.
Бірақ, біздің мемлекеттік БАҚ-ында қызмет ететін журналистер бұл қағидатты ұстана алмайды, өйткені жұмыс берушілер талабы – мемлекет саясатын насихаттау, мемлекет жіберген ақпаратты ғана беру.

Ерболға сұрақ, сіз мемлекеттік телеарнада біраз жыл қызмет еттіңіз. Жақында өз еркіңізбен жұмыстан кеттіңіз. Бұ шешіміңізге не себеп болды?

Е.М.
Біріншіден, мен о жерден өз еркіммен кетпедім. Өз еркіммен кетуге жағдай жасаған екіжақты келісім деген ережемен, тәртіппен кеттім. Қазақша айтқанда, мәдениетті түрде шығарып салды.
Біріншіден, журналист пен билік деген өзі қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өте қызық жаңалық сияқты. Шыны керек, бізде бәрі заңда әп-әдемі жазылған. БАҚ туралы заңда кезх келген меммекеме БАҚ жұмысына нұсқап кедергі келтіруге болмайды деген. Бұл заң жүзінде, ал іс жүзінде бәрі басқаша.
Менен «15 жыл бойына неге шыдадың» деп сұрайды. Мен 15 жылдың 10 жылын жекеменшік компанияларда журналист қызмет еттім. Соңғы 4 жылда Ұлттық арнаның жаңалықтар бөлімінде арнайы тілші болып қызмет еттім. Шындығында, жазылмаған ережелер алдыңнан қайта-қайта шыға береді. Қазақстанда цензура бар. Мұны кез келген журналист мойындайды, деп ойлаймын. Осы шектеулерден кейін ұлттық арнадан қызметтен кеттім. Бәрін халыққа айттым. Бір өкініштісі, осындай жазылмаған ережелерді жаппақ жұртқа жариялаған журналист — ақымақ, қатігез боп көрінеді. Мұны солай көрсетіп жатқан әлеуметтік желілерде отырған жауапты мекемелердің жасап отырған іс-әрекеті.

Б.О.
Ербол мырза, сіз Тоқаев мырзаға үндеу жолдадыңыздар. Сонда «Журналистік этиканың қажеті жоқ» деп жазғансыз. Сонда нені меңзедіңіз?

Е.М.
Білесіз, 2012 жылы Қазақстанда «Журналистер этика» кодексі қабылданған. О жерде кәдімгі біздің БАҚ туралы заңнан бөлек, шенеунік алдында өзімізді қалай ұстауымыз, субардинация ережелермен шектеп тастаған этика. Қазір оның күші бар жоғын білмеймін. Осындай тырнақшаның ішіндегі «журналистің этикалық кодексі» деген ережелер әсіресе мемБАҚ-та өте қатты сақталады. Қай мемБАҚ-ты алмаңыз да, негізгі еңбек шарты бар. Сол жердегі қосымша шарт бар. О шартта: билікті, үкіметті, шенеуніктер туралы, жалпы мембасқару жүйесі туралы сыни көзқарасты білдіруге, жазуға, жариялауға болмайтынын міндеттейді. Осындай жағдайда журналист қалай жұмыс істейді? Айдағанға көнетін қой бола ма, әлде осы ортадан басын алып шыға ма?

С.Б.
МемБАҚ-та осындай шектеулер көп. Еркіндік жоқ, даму жоқ. Этикалық нормаларға осыған байланысты ма? Журналист журналист болмағандықтан, мемБАҚ-та істейтін журналистер этикалық қағидаларды ұстана ма?

Е.М.
Мен үшін үш этика бар. Біріншісі, қоғамның, жалпы халықтың пікірін сол пікірмен қарау. Өйткені, сіз билікке емес, көрерменге жұмыс істейсіз. Кез келген кейіпкерде видеоға, сұхбат түсіргенде бір емес, үш мәрте көзқарасын сұрауымыз керек. Сіз маған осындай сұхбат бердіңіз, көзқарасыңыздан айныған жоқсыз ба, мұны бүкіл жұртқа көрсетсек, сіздің психологияңыз осыған дайын ба, деп бір емес үш рет сұраймыз. Үшіншісі, қандай кейіпкер болмасын, аты-жөнін бір емес, үш рет сұрау керек. Аты-жөні ,лауазымына құрметпен қарау керек.

Б.О.
Ерболға жауап берсем, этикағ дешенде, бізде заңнамалық процесстерде ең соңғы қабылданған құжаттың күші басым болады. Біз де Халықаралық журналистер федерациясына мүшеміз. Сол федерация былтыр «Журналистер этикасының жаһандық хартиясын» қабылдады. Бұл этика сізді қорғайды. Одан да басқа халықаралық құжаттар бар. Қазақстан сол құжаттарға да мүше. Мысалы, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында: «Адамның өз сөз бостандығына кепілдік берілген» деп жазылған. Сондықтан этика, керісінше, меніңше, этикадан бас тарту емес, этиканы ратификациялауды ұсыну керек.

Е.М.
Қазақстанның өзі, ішкі қабылдаған этикалық кодексі бар.

А.Т.
Журналист пен билік бізідң қоғамда баланс бұзылған. Баяғы қоғамда билік, байлар және халық сияқты үштаған ғой. Бізде, мемлекеттен тыс байыған, мемлекетке мұқтаж емес бай жоқ. Билікке сөзін өткізе алатын бейтарап бай жоқ. Ол болмаған жағдайда баланс бұзылады. Билік айтқанын бәрібір істете береді. Сондықтан Қазақстанда медиамагнат пайда болса, билікке бағынбайтын медиамагнат пайда болса, сәйкесінше, бізде БАҚ та дамиды. Медиамагнаттың журналистері өткір мәселелерді, билікке қатысты нақты фактілерді көтере алады. Медиамагнат пайда болмайынша сойылын соққан соққан.

Е.М.
Медиамагнат болу үшін мемБАҚ үлесін санын азайту керек. Мейлінше азайту не арылу керек. Қазіргі медианарық ахуалы қандай: жылс айын мемлекеттен, яғни хзалық есебінен бейресми ақпарат бойынша 70-80 млрд теңге осы медианарық үстінен тасталады. Қазақстандағы 5 мың БАҚ болса, соның 80 пайызы осы ақшаға тәуелді болып отыр. Бұл бәсекелес ортаға кедергі келтіріп тұрған ең үлкен фактор. Жалпы жекеменшік медианы дамыту үшін мемқолдау түсінігінен арылу керек.

А.Т.
Ереке, мысалы 5 млрд мемлекет бөліп жатса, 6 млрд бөлетін медиамагнат шықса, сол кезде бәсеке болады

С.Б.
Әлеуметтік желіден Ерболға сұрақ. Қазақстандағы этика кодексінде нақты не ұнамайды сізге, деп жазыпты Жұлдыз Әбділдә деген кісі.

Е.М.
Енді қараңыз, кез келген меммекемеге барып, шенеуніктен сұхбат алатын кезде, біріншіден алдын ала сұрақтарыңызды жібересіз. Алдын ала сұрақ жібермесеңіз, сізге ешкім жауап беремйді. Екіншіден, соңғы кезде үрдіс пайда болды, бұл да сол журнэтикаға енгізілген ереженің бірі. Белгілі бір тақырыпта баспасөз мәжілісі жатса, спикерге сол тақырыптан тыс сұрақ қойсаңыз, сол жерде отырған модератор сізге айтады: кешіріңіз, 2012 жылы өздеріңіз қабылдаған этикалық кодекстеріңіз бар, соған сәйкес мына қозғап отырған тақырыптан тыс мәселені көтере алмайсыз, дейді. Осы брифинг біткен соң, не басқа бір реті келген жағдайда дейді.
Одан кейін үлкен жоғары лауазымды шенеуніктер бар. Солардың алдына барғанда үстіндегі киіміне дейін ескерту жасайтын жағдайлар болады. Журналист деген еркін шығармашылық маманы ғой. Өзі біледі, қалай жүреді, өзі білуі керек. Оның киген киімі, ішкен асы емес, аузынан шыққан өзінің зерделеп жасаған материалы. Мұндай шектеулер ұнамайды. Бас редакторлар клубы 2012 жылы қабылдаған кодекс қазір күші бар-жоғын білмеймін.
Бұдан бөлек, мемБАҚ-та талап етіледі: қосымша еңбек шарттарымен талап етіледі. Бұл енді шындап келгенде заңды күші жоқ дүние, бірақ сонда істейтін қызметкер санасына бірден соққы салады. Мен келген кезде негізгі еңбек шарты және қосымша шарт болды. Кейін оқып отырсам, осындай талаптар бар екен.
Мұны айта бергеннен ешнәрсе өнбейді. Бұл мәселелерді жою үшін, не қалыпқа келтіру үшін қандай қадам жасауымыз қажет?

С.Б.
Бұл мәселелерді 30 жыл бойы айтып келе жатырмыз.

Е.М.
Мемлекеттік ақпараттық саясатта бір тежеуіш фактор бар. Біріншіден, бұл – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзі. Бюджеттен млрдтап ақша бөлінеді де, соның жұмслау барысын, тапсырманың орындалу барысын сол мекеме ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Осы мәселенің барлығы министрліктің өзінен басталуы тиіс.
Екіншіден, президентке үндеу жарияладым. Қаралымы, оқылымы үлкен болды. Биліктегілер де оқыды. Бірақ, кері байланыс жоқ. Біліп отыр, мойындап отыр. Соны қоғам алдында ашық талқылауға жүректері дауаламай отыр. Біздің БАҚ туралы заң әбден ескірген. Қазіргі заман талабына сай емес. Соны өзгерту керек. Ол заңды шенеуніктер емес,белсенді білікті журналистер қатысып, жазып шығуы тиіс. Ең маңыздысы – заң талабы нормалары жазылғаннан кейін оның орындалуын талап етер үлкен бір күш керек. Мысалы, заңды орындамасаңыз, сізге айыппұл салынады. Сол сияқты журналистке қатысты, журналист құқығына қатысты заң орындалмаса, онда белгілі бір деңгейде айыптар, жазалаулар қалыптасуы керек. Бұл қалыптаспай, 10 мың заң жазсаң да ештеңе өзгермейді.

С.Б.
Дарханға сұрағым бар. Журналистің этикасы жайлы халықаралық стандарттар бар. Біздегі медиа өкілдерінің, журналистерінің этикасы осы халықаралық стандарттарға сай келе ме, келмей ме? Қай деңгейде? Осы халықаралық хартиядағы қағидаларды біздің журналистер орындай ма?

Д.Ө.
Кесіп айтпас бұрын, мына нәрсені ескерткім келеді. Бізде журналистика кәсіп ретінде, медиаорта ретінде толық қалыптаспаған ғой. Сол себепті бізде Батыс елдерімен салыстырғанда соны ескеру керек. Батыста талқыланатын мәселелер деңгейі, сипаты біздікінен мүлдем басқа екен. Бізде базалық деңгейдегі мәселелер бұзылып жатады. Мысалы, фотоға келсек. Қандай да бір шара болса, о кезде фотограф дұрыс түсіре алмаса, былай тұрыңызшы, соны қайталаңызшы, деп айтып, суретке түсіріп, бере беруді олқылық көрмейді. Ал шын мәнінде, фотограф ешқашан, ешқандай жағдайда диктовать етпеу керек. Айтпау керек. Шындыққа араласқан болып саналады. Содан кейін фотошоп мәселесі. Бізде фотошопты пайдаланудың өзі — легитимді болып саналады. Мысалы, кеше ғана Тоқаевтың сөздерінде, жалпы Тоқаевтың суреттерінің өзі өте қатты фотошопталған. Одан кейін Парламенттегі сөйлеген сөздерінде алдында екі телепромтер болған, тікелей эфирде. Ал фотосуретте оның барлығын алып тастаған. Біз мұны байқап отырмыз. Мемлекеттік басылымдар оны түк болмағандай көрсетіп жатыр.
Фотошоптау, мұның барлығы батысты мұның барлығы талқыланатын нәрсе емес. Айтпаса да түсінеді. Жергілікті басылымдарға дейін білетін нәрсе.
Бізде осындай деңгейде этикалық мәселелер бұзылып жатады. Сондықтан салыстыруға келмейтін шығар.
Мен жаңа Аманның медиамагнат туралы пікірі сәл қызық екен. «Бізде тәуелсіз БАҚ қалыптасуы үшін тәуелсіз медиамагнаттар болуы қажет» деп айтты. Енді әрине тәуелсіз медиамагнаттар болса, қуанамыз ғой. Ерболдың сөзінің жаны бар: бізде мемлекет индустрияны толықтай бақылап отыр.
Информбюро.кз сайтының жазуынша 2018 жылы мемлекеттік БАҚ саласына бөлген қаражаты – БАҚ саласындағы жарнама нарығының бюджетінен асып кеткен. Яғни, мемлекет толықтай ақпарат министрлігі, облыстардағы ақпараттық саясатқа бөлінетін қаржы арқылы мемлекет үлесі артық болып отыр. «Мемлекет 5 млрд бөлсе, медиамагнат 6 млрд бөлу керек»
деген бұл өте даулы мәселе. Себебі, миллиардер не үшін БАҚ-қа 6 млрд теңге бөледі. Қазақстанда БАҚ медиаарқылы ақша табу мүмкін болмаса? Мәселен, АҚШ-та Amazon компаниясының Джефф Безос деген басшысы бар. Ол Вашингтон пост газетін сатып алды. Бұл таза коммерциялық жоба, өйткені Впост пайда әкеледі. Ол үшін коммерц жоба болуы мүмкін.
Ал бізде магнаттар, олигархтар не үшін ашады?
24:32

32:47 ЖУРНАЛИСТ ПЕН АУДИТОРИЯ

Сәкен:
Ал енді келесі бір бөліміміз бар Журналист пен аудитория. Меніңше бұл ең маңызды қарым-қатынас. Журналист не үшін жазады, шығармаларын шығарады. Өйткені біреу оқысын, біреу көрсін дейді. Сенім деген бір ұғым бар. Журналистер өзінің аудиториясына сенімділікті қалай жасау керек, қалай қалыптастыру керек? Дін жағынан, тіл жағынан қарым-қатынастар, журналист адамдарды бөлу керек пе, бөлмеу керек пе? ұстанымы, сенімі көзқарасына деген сияқты. Бізде кейбір журналистер әсіресе діни тақырыптарға келгенде белгілі бір көзқарас қалыптастыруға құмар иа? Немесе өз көзқарасын аудиторияға осылай болу керек деген сияқты неғылады. Сол туралы Жұлдыз сізге сұрақ. Бұл неліктен? Дін мәселелерін келгенде бейтарап ақпарат таратуға не кедергі?
Жұлдыз:
Дін мәселесіне келгенде бейтарап ақпарат таратуға не кедергі дейсіз. Бұл өте күрделі сұрақ. Оның жауабын ашық айтатын да айта алмайтын да мәселелер бар. Негізінен бұл тақырыпта мемлекеттік арналарда әріптестеріміз, таныстарымыз бар. Соларға қарағанда бұл дін тақырыбы өте нәзік мәселе деп бұл мәселені көтертпейтін сияқты. Екіншіден біздің қазақ журналистикасы өзі бір бейтарап емес қой. Қазақстандағы діни ахуалдың жағдайын өздеріңіз білесіздер. Осы діни салады әр журналистердің өздері негізінде дін тұрғыдан бөлініп кеткен сияқты. Сондықтан әркім өзінің мүддесіне қарай тартады. Бұл журналистердің жеке ұстанымына да байланысты. Ал екінші мәселе негізінде қысым мемлекет тарапынан деп өзім ойлаймын.
Сәкен:
Сонда этиканы сақтау үшін, журналист өзінің көзқарасын таратпау үшін БАҚ басшылары не болмаса мемлекеттен немесе қоғамнан қандай жағдай жасалу керек?
Ербол:
Осы жерде мынай сұрақ қояйыншы. Кеше ғана тәңіршілдер қайтқан кісінің жаназасын шығарды иа? Сол туралы бүкіл әлеуметтік желі жазды. Содан кейін барлық БАҚ құралдары әсіресе телеарналар сюжеттер дайындады. Соны кім көрді және сол сюжетті кім қалай бағалайды айтыңыздаршы?
Белла:
Бізде өкінішке қарай журналистерде мынадай бір позиция бар. Біз және басқалар деген сияқты. Біз дегеніміз дәстүрлі дінді ұстанатын, қазақша сөйлейтін, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын адамдарды елестетеміз да қалғандарынікі бәрі дұрыс емес. Жалпы айтайын дегенім журналистикада насихат мүлдем болмау керек. Жақсы нәрсенің өзін насихаттайтын болсаңдар оны бір көркем әдебиет болсын басқа бір өнер туындылары насихаттасын. Бірақ журналист ол тек қана ақпарат тараушы. Қандай жынысты болсын, гендерлік жағына тиспей-ақ, жаңағы бірінші сюжетті көрдік қой. Ләйлә Сұлтанқызы гей болды ма лесби болды ма соларға қатысты «ақылыңа келе ғой, біздің ауылда да болған ондай, өзіңе-өзің келе ғой» деген сияқты ақыл айтып отыр. Ол дұрыс еме қой. Адамның өз таңдайы ғой. Інін, жынысын, дүниетанымын өзі таңдайды. Сондықтан өзінің нормасын тықпалай бермеу керек. Сонда ғана бізде бір бейтараптылық болады. Жаңағы дінге де қатысты, мынау дін дұрыс емес, мынау тәңіршілдік басқа бірдеңе деп олай бөлуге болмайды. Өздері біледі адамдар.
Аман: Белла ханымды бұл жерде толық қолдаймын. Модератор болып тұрған кезде адам аудиторияны тыңдау керек. Жан-жақты бөлмеу керек және өз көз қарасын тықпаламау керек. Жынысына, нәсіліне, ұстанымынағ көзқарасына қатысты. Дін мәселесіне келер болсақ, діннің жағдайында бейтараптық таныта алмай жатамыз. Себебі, білімсіздік. Өйткені, көктен түскен 4 кітапты толық оқымағанбыз. Будданың ішін білмейміз. Басқа діндердің ішіндегі сыйқырларды білмейміз. Біздің білетініміз ислам діні. Соны көбірек білеміз де сол көбірек білетініміз көрініп қалып жатады. Басқалардың айтып жатқаны бізге кірмей жатады. Содан кейін бейтарап бола алмайсыз. Тәңіршілерде мысалы жақсы нәрселер бар шығар. Немесе сәләфтарда, басқаларда. Олардың да айтып жатқанынан біз бейхабармыз. Олар жүрген жолменжріп көрген жоқпыз. Олар сүрген өмірді сүріп көрген жоқпыз. Содан кейін біз өзіміздің масхабымыздағы нәрселерді ғана айта алмыз да басқаларды айта алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда білімсіздіктен келіп туындайды. Ал журналист қай кезде көз қарасын айту керек. Мені мысалы Аман Тасыған ретінде қонаққа шақырып, бүгін мені тыңдауға шақырдыңыздар ма, мен бүгін көзқарасымды айтуға рұқсатым бар деп ойлаймын. Ал мен хабар жүргізіп жатсам мен өз міндетімді қызметімді атқарып жатқан адаммын.
Сәкен:
Студиядан сұрақ бар. Әйелдер құқықтары қазақ медиада басылып жатыр. Журналистердің өзі жиі сексизм шейминг көрсетеді. Асыл аран, Евразия, 31 арналарда көріп жүрміз. Қазір қатын деген сөздің намификациясы жүріп жатыр медиа саласының өзінде. Осыны қалай шектейміз, сұраққа еркек кейіпкер жауап берсін позициясын естігім келіп тұр дейді Динара есімді көрермен.
Аман:
Енді қатын деген сөз сексизім емес ол күшті сөз ғой.
Белла: Мен олай ойламаймын.
Аман: Енді телефонымды қазір ашып көрсетсем өзім өте қатты жақсы көретін жарымды қатыным деп сақтағанмын. Оған балдай жағады.
Белла: Олбүкіл Қазақстанның әйелдеріне балдай жағады дегенді білдірмейді ғой.
Сәкен: Дархан, Ербол не ойлайсыздар? Мына сексизм, шейминг, әйелдерге кішкене басқа көз қарас сол туралы? Біздің телеарналарда БАҚ құралдарында қандай жағдай?
Ерол: Мен шынымды айтайын қазір анайы хабарлар, анайы мақсаттарға көзделген дүниелер тез тарап жатыр ғой. Кез келген интернет жобаны қараңыз, телехабарларды қараңыз қаптап кетті ғой. Ашық ойын айтам деп келіп бүкіл елдің алдында ……
Дархан:
… көзқарасын өзгертіп жатыр иа, мына әйелдер құқығы мәселесінде. Бізде әйелдерде потриалды қоғам мәселесі болғандықтан қатты төмендетіп қараймыз. Мен екі жүзділікті байқаймын көбінде біздің қазақ қоғамда, Қазақстанда. Әйелдерді аялау керек, алақанда ұстау керек депү Мұның астарында әйелдерді төмен санау біздің қолымыздан келетін дүние олардың қолынан келмейді дген яғни орысша айтқанда лицмила жатыр да. Әйелдердің құқығы абсалютно тең болу керек. Және оларды кесітуге болмайды. Аман тасыған айтып жатыр ғой. Қатын деген сөз этимологиясына сүйенсек деп жатыр да. Бұны этимологиямен ақтап алуға болмайды. Бұның бәрі пахос әңгіме деп ойлаймын. Қазір ол қатын деген сөз негатив. Этимология қуалап өз өзімізді ақтап алар болсақ, өзіңіз де біліп тұрсыз, бәрі біліп тұр оның қандай мағына беретінін.
Аман:
Дархан, енді сіз негатив деп тұрсыз ғой. Бәлкім көпшілік негатив ретінде қабылдайтын шығар. Бірақ оны жақсы мағынасында да қабылдайтын жандар бар. Бұл жерде аудитория екіге бөлінетін шығар. Сәкен аға, Қазақстанда әйелдрді аудиторияда, тақырыптарда кемсітіп жататын тұстары болатын шығар. Ал БАҚ-та әйелдердің рөлі өте жоғары деп ойлаймын. Ақпарат саласынан бастап бастығымыз әйел. Арналардың бірнеше өнімі Алматы, Ұлттық арана, НТК, КТК, 31 болсын менеджерлердің барлығы әйел ғой. Медиа продакшндардың басы қасында бәрінде әйел. Динара Адам, Баян Мақсатқызы, Байбосынова болсын, Толқын апайымыз болсын. Ол жерде әйелдерге жол бермей жатырмыз деп айта алмаймын. Керісінше біз әйелдерді аялап жатырмыз.
Сәкен: Тақырыпты сіз кішкене бұрып кеттіңіз. Ол басқарып отырғанда емес қой мәселе. Хабарлардағы сексизм, шейминг тақырыптарға байланысты сұрақ. Жауаптарыңыз болды деп есептеуге болады. Ары қарай жылжыйық. Тағы бір мәселе бар. Жұлдызға сұрақ. Кейбір әйелдер туралы БАҚ беттерінде ютуб және тағы басқа каналдарда ел назарын жақсылап тұрып аударатын тақырыптар қойылады иа? Айқайлап тұрып. Бірақ ішін ашсаң еш ақпарат жоқ, кейде тіпті тақырыпқа қатысы жоқ басқа дүние жазылған. Бұл оқырман тарту амалы ма?
Жұлдыз: Әрине алдымен кез келген оқырман материалды қарамас бұрын сол тақырыпқа қарайды. Тақырып адамды шақырып тұрса ол ашады ішінде не бар екен деп. Бізде өкінішке қарай тақырып солай айқайлап шақырып тұрғанымен материалдың ішіндегі мазмұны, сауаты өте төмен деңгейде көбінде шынын айтайын. Өйткені менің қазіргі жұмысым журналистикаға қатысты осы Орталық Азиядағы жаңалықтар ғой. Соларға аптасына бір рет мониторинг жүргізіп отырам қазақ тілді аудиторияда журналистерде не жазылып жатыр, қандай тақырып көірек көріледі деп. Қазақ сайттарында көбінесе ең бірінші көп оқылатын материал Баян Мақсатқызы ол кіс іекенші рет тұрмысқа шықты немесе ажырасқалы жатыр екен деген сияқты тақырыптар өте көп оқырман жинайды да ал былай саяси өзекті тақырыптардың оқылымы өте аз.
Белла: Бұл уақытша нәрсе негізі. Клекбеук тақырыптар тек қана этникалық жағынан ғана емес кейін ол сайттың өзіне де адамдарды әкелмейді. Іздеу жүйелері жалған ақпарат тарататын сайт ретінде оны алдыңғы орынға жібермейді.
Сәкен:
Журналистердің этикалық талаптарды ескеруі ескермеуі, аудиториямен санасуы, санаспауы, көрермен алдында қарапайымдылықты ұстау, олардың қалауын ескеру, кері байланысты ескеру сияқты дағдылар БАҚ саясатына қалыптаса ма, әлде журналистің жеке мәдениетіне жеке позициясына байланысты ма?
Белла:
Бұл жерде бәрібір де ойлаймын. Жалғыз журналист ештеңе жасамайды. Мыалы Ербол Мәндібек … боп жатқан кезде басқа журналистер үндемей қалды ғой. Мен ойлаймын редакцияның ішінде болу керек. Жаңағы басшылар емес журналистердің өзінен төменнен жасалған ереже сондай бір солидарнист дейді ғой. Сондай деңгейде болатын болса онда ол әлдеқайда өміршең болатын еді. Мыалы бізде ешандай кінәлері жоқ көбінесе журналистер қуғын-сүргінге ұшыраған кезде бізде кәсіподақтар емес керісінше халықаралық ұйымдар Әділ сөз сияқты сондай ұйымдар ғана қорғайды журналистерді. Мысалы Ербол кетіп бара жатқанда басқа әріптестері айту керек еді. Ол неге кету керек, ол шындықты айтты ол дұрыс емес пе деп. Басқалар үндемей қалды демек олар оны норма ретінде қабылдап отыр.
Сәкен:
Ойыңызша Ербол кеткелі бері, Хабардың рейтингіне әсер етті ме? Жоғарлады ма, төмендеді ме?
Белла:
Әрине әсер етті. Мен ойлаймын төмендеді міндетті түрде деп. Рейтингке әсер етеді. Бәрібір таргетке салса да адамдар көрмейді оны. Адамдарды күштеп әзірге теледидарды көрсете алмайды. Қазақстан телеарнасын. Адамдардың сенімінен рейтинг туындайды. Ерболдың айтқан ішкі мәселесі бізге шын мәнісін көрсетіп отырған жоқ. Басшылық қалай картина көргісі келіп отыр соны ғана көрсетіп отыр дейді да ол қарамайды. Келесі жолы жаңалықтар таңдағанда Азаттықты қарайды. Оданда мен нетралды обективті ақпаратты қарайын деп.
Сәкен:
Аман, сіз тақырыптарды өз ойыңыздан шығарасыз ба жоқ гугл арқылы зерттеулер жасайсыз ба?
Аман: Дәл қазіргі уақытта тақырыптың тренді болып тұр. Тақырыпқа қатысты көрермен көреді. Өкінішке қарай, салмақты жан-жақты қамтылған материалдар сұхбаттар болсын, тақырыбы нашарлау болып қалса, көрілмей қалады. Ол әрине бізді өкіндіреді. Өйткені оның ішінде бір жақсы әңгіме жақсы бір ойлар айтылуы мүмкін. Бірақ тақырыбы сәл солғындай болып қалса қаралымы да сәйкесінше сондай болады. Ал бүгінгі көрермен әріптесім Жұлдыз айтып өткендей тікелей тақырыпқа қарап отыр. Менің соңғы шығарылымымдағы тақырып Диана деген талантты қыз Тқреғалиға тоқал болмаймын бәйбіше болуға дайынмын деп тақырып ұсындық. Бірақ бәйбішесі деп ұсынбадық. Ол кезде мысалы бәйбішесі десек тікелей Төреғалидың бәйбішесі болып кетер еді. Сол тақырыпқа қатысты көрермендер көріп отыр. Әйтпесе бір супер сұхбат болды деп айтпаймын.
Сәкен:
Енді бәріңізге қорытынды сұрақ. Осы бүгінгі ток шоу барысында қандай ой туды? Этика жағынан, журналистикаға қатысты үш аудитория өз аудиториясы, бейбіт және кейіпкер.
Ербол:
Бұған дейін бірнеше жерде сұхбат бердім, айттым. Бізде әлі журналистикадағы ахуалды өзгертуге әріптестеріміздің ешқайсысы аса қатты ұмтылып тұрған жоқ. Бүгінгі жиында да сол. Құр айттық талқыладық болды. Мына жерде бес адам отырмыз ба? Ешқайсысынан бір ұмтылыс көрген жоқпын. Өзгеріс жасайық деген ұмтылыс та ұсыныс та көрген жоқпын.
Дархан:
Басында айтқан сөзіме оралып мысал келтірейін деген едім. Ең басты мәселе мен үшін оқырман аудитория алдындағы ашықтық және адалдық. Мысалы бізде қазір бірнеше сайттар бар артында кім тұрғанын білмейміз. Олар қалай қаржыландырылатынын ашық айтпайды. Қазақстанда жарнамамен күн көру мүмкін емес екендігін қазір бәрі көріп отыр. Сайттар тіптен күн көре алмайды. Сосын кейбір журналистер бар. Біресе тәуелсіз болып жүреді да біресе мемлекеттік болып кетеді. Қайтадан былай-былай жүре береді. Бір жаққа шығып немесе не үшін ондай шешім қабылдағанын айту керек. Одан кейін бір айта кетерлігі қазіргі праймериз туралы. Ондаған журналисті санап шықтым осы праймеризге қатысып жатқан. Барлығы мемлекеттің меншігіндегі және бақылауындағы БАҚ-тың тілшілері. Оның арасында Ерболдың бұрынғы әріптестері көп екен. Әрине журналист те Қазақстанның азаматы олар азамат ретінде депутат бола алады, сайлана алады неше түрлі қызметтер атқара алады. Бірақ кәсіп иесі ретінде олардың бір міндеті бар. Олар оқырман алдында адал болу керек. Мәселен праймеризде жеңіске жетсе мәслихатқа депутат болады, парламент мәжілісіне депутат болады. Биліктің заң шығарушы тармағында журналистер бейресми түрде 4-тармақ болып саналамыз. Олар ертең мәслихат депутаты болса журналистикадан кете ме, әлде түк болмағандай Қазақстан немесе басқа арналарда жұмысын жалғастырып жүре бере ме? Осы мәселені біз ойластыруымыз керек.
Жұлдыз:
БАҚ қоғамның айнасы болу керек. Қазір Қазақстандағы жағдайды мен медиа саласында депрессиялық жағдайда деп бағалайтын едім. Екінші мәселе қазір әлеуметтік желмен бәсекеге түскен кезде қазақ медиасы сол бәсекеден оза ала ма жоқ па?
Белла: Адамның этиканы ұстануына ешқандай заң да басқа да мәжбүрлей алмайды. Ішіңде бар адамгершілігің, тәрбиең этикалық бір құндылықтарың. Және сен оны орындадым деп ешкімге бұлдануыңа да болмайды. Егер сен өзіңнің этикаңа сай әрекет етсең, басқа бір адамдардан талап етіп, мен осындай құрбандық жасадым, маған бір нәрсе қажет деген сияқты. Адамда болуы тиіс кәдімге шартты рефлекс сияқты нәрсе болу керек. Журналисте де этикада дәл солай.
Аман:
Ішіміздегі ұят деген редактор өлмесін. Билік пен БАҚ-тың арасындағы бір келісім жақын уақытта болмайды. БАҚ-тың басынан бақ таймасын.
Сәкен:
Енді қорытынды жасайық. Этиканы сақтау журналистің кәсіби біліктілігімен қатар оның ар ұятының белгісі деп білуге болады. Сондықтан БАҚ құралының басшысына ғана емес оның өзіне де байланысты. Ақпарат таратуда қоғам алдындағы жауапкершілікті сақтау керек. Халықаралық … 17 қағидасы бар. Соларды сақтасақ этика да бәрі жөнделеді. Бірақ жаңағы биліктен де Ербол айтып кеткендей бұны қарастыру керек. Мүмкін заң өзгеру керек шығар, мүмкін министрлік керек пе, керек емес пе? Үкіметтік, мемлекеттік ақпарат құралдары жалпы болу керек пе болмау керек пе, нағыз коммерциялық бәсеке болу керек пе, болмау керек пе? Меніңше бұл да этикаға байланысты Бірінші материалды сосын этика дейміз эстетика дейміз. Қонақтарға рахмет. Ток шоу қалай болғанын көрермендеріміз өздері шешер. Сіздерге рахмет. Барлығыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Денсаулық тілейміз. Сау болыңыздар.

Жәнібек Нұрыш

Құс тұмауы, азық-түлік бағасы және Каспий туризмі. 14-20 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

14-20 қыркүйекті қорытындылаған апталық бағдарламалардың тақырыптары әралуан болды. “7 күн” мен Apta авторлары тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау өңіріне сапарын Каспий жағалауында туризмді дамытуға ұштастырса, Basty bagdarlama үй жануарларын азаптайтындардың көбейгеніне сюжет арнады. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде таралып жатқан құс тұмауын Apta бағдарламасы айтса, қалған екі бағдарлама бұл тақырыпты елеусіз қалдырды. Есесіне қаржы пирамидалары мен несиені кешіру туралы көлемді сюжет берді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

19 қыркүйекте эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасының бір жаңалығы — жүргізуші ауысыпты. Ұзақ жылдардан бері бағдарламаны жүргізіп келген Ринат Думанұлының орнына Дархан Әбдуахит шықты. Бұл уақытша ма әлде ұзақмерзімді ме, мұны алдағы шығарылымдарынан білеміз.

«7 күн» Нұрсұлтан Назарбаевтың жұма күні Маңғыстау өңіріне сапарына 13 минут арнады. Ұзақ сюжетте өңірдің туристік әлеуетін дамытуға арналған жобалар, жоспарлар және Назарбаевтың инвесторлармен кездесуін көрсетті. Тұңғыш президенттің екі жыл бұрын: «Ақтауды қазақстандық Анталияға айналдыру» тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты.

Тұңғыш президенттен басталған бағдарламаның келесі тақырыбы да Назарбаевқа жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстауға сапарынан бұрын Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізіп, коронавирустың екінші толқынын талқылап, қабылдау кездесулерін өткізген. Бұған да бір сюжет арнады.

Назарбаев аптасын тәмам етіп, Қасым-Жомарт Тоқаев кездесулеріне өтті. Мемлекет басшысына премьер-министр Асқар Мамин елдің экономикалық жағдайы туралы есеп бергенін, президент жаңадан құрылған екі агенттік пен бір министрлік басшыларын қабылдағанын айтты.

Биылдың күйіп тұрған тақырыптарының бірі — қаржы пирамидалары. Мақпал Мадиярова қаржы пирамидалары туралы сюжетінде ісі сотқа өткен қаржылық құрылымдар жайында жан-жақты ақпарат берді. Жәбірленушілер оқиғасын айтып, заңгер сөйледі. Әйтсе де мұндай терең тақырыпта ауқымды журналистік зерттеу жүргізілсе, құба-құп еді. Ал сюжетте қылмыстық іс қозғалған нақты ұйымдарды ғана айтты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттады. Бұған не себеп? Тілші Ақбота Тәңірберген осы сұрақ жауабын іздейді. Саудагерлерден сұрады. Айтуынша, тауар бағасы өндірушілер шығынына тәуелді екен.

Квазимемлекеттік секторларды қысқарту қалай болып жатыр? Тілші Сәкет Сейітханұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы тиімді екенін сарапшылардың сөзімен дәлелдемек болды. Алайда квазимемлекеттік сектордың нақты атқарар жұмысы, қызметі, шығыны мен кірісі туралы да жан-жақты сараптамаға сұранып тұрған тақырыпты тілші қысқа қайырды.

Қазір талқыланып жатқан Экологиялық кодекс жобасына бөлек бір сюжет дайындаған тілшілер бұл тақырыпты Дүниежүзілік денсаулық күнімен байланыстырыпты. Талқылаудағы жаңа кодекс талаптарын баяндаған тілші: елімізде экологиялық мәдениет төмен екеніне назар аударады. Мұны дәлелдеу үшін көл жағасына барып, жалаңаш қолымен қоқыс теріп, көрсетті.

“7 күн” бағдарламасы биыл 20 қыркүйекке тура келген “Аналар күні” мерекесін айта келе, бала тәрбиесі мен Әл-Фарабидің 1150 жылдығына ойысты. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған салтанатты жиында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтің сөйлеген сөзін берді. Бұл іс-шаранің өткен уақытын титрда көрсетпеді.

Осылайша “Аналар күні” мерекесінен басталған тақырыптан ҚазҰУ-дағы Әл-Фараби орталығында ойшылдың бұрын-соңды қазақ тіліне аударылмаған трактаттарын араб тілінен қазақшаға тәржімалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын білдік.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Қызылорда облысының жәрмеңкесіне арналыпты. Бұл тақырып республикалық арнаның емес, облыстық телеарнаның сараптамалық бағдарламасы қозғайтын тақырыпқа көбірек келеді екен.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама алғашқы сюжетін «Кредит кешіріле ме?» деген сауалдан бастады. Тілші Әсем Ғизатқызы несиесін өтей алмай, тығырыққа тірелген үш ананың жағдайын баяндап, депутат Айқын Қоңыровтың ұсынысына қоғам пікірін қосыпты. Осылайша, сюжет авторы: “ең бастысы — көпшілік мұңы жоғары билікке жетті” деген тоқтам жасайды.

«Ұр тоқпақ» айдарының бұл аптадағы тақырыбы — Бурабайда салынған мектептің салтанатты ашылу рәсіміне барып, 100 шақты адаммен топтасып суретке түскен БҒМ министрі Асхат Аймағамбетовті нысанаға алыпты. “Әзіл сюжет” десек те, арақашықтық сақталмағаны, мектептің ашылу салтанатын ұйымдастырған компанияға айыппұл салынғаны және министрді жауапқа тарту жайында әлі сөз бола қоймағанын осы айдар жүргізушісі Айдана Үсенбай жақсы жеткізіпті.

Тілші Қайыркен Отыншы Қазақстанда киім өндірісі неліктен кенжелеп қалғанын зерттепті. Қазақстандықтарды қай елдер киіндіретінін графикамен көрсету — елең еткізер шешім болды. Отандық киім тігетін кәсіпорындар шикізатты шетелден таситынын айтқан тілші: «өзімізде жіп иіріп, мата тоқуға болмай ма» деген сауал тастайды. Бұл сауалға сарапшылар тарапынан тұщымды жауап болмады.

Соңғы кезде үй жануарларына зәбір көрсететін адамдар күрт көбейгенін талқылаған соңғы сюжет те тәп-тәуір жасалып, орынды мәселені қозғапты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы СҚО-да құс тұмауының таралып, құстар жаппай қырылып жатқанынан басталды. Құс тұмауының шығу тарихын баяндаған ұзақ алғысөзден кейін ауладағы қаз-үйрек қалай өліп жатқанын анық көрсетіп, ахуалды жеткізе білген сюжет берді. Құс өсіретін шаруалардың шарасыз кейпін жинақтаған ауқымды сюжет болды. Алайда тілші “мыңдаған құс қырылып жатыр” делінетін құс фабрикаларының өкілдерін сөйлетпепті.

Содан кейін жүргізуші Жайна Сламбек елдегі коронавирус пандемиясына қатысты жалпы статистиканы баяндады. Коронавирус төңірегіндегі жалған ақпараттар таралуын, мұның зиянын айта келе, ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамиттің Instagram парақшасындағы үндеуінен мысал келтірді. Спортшы үндеуінде дезинфекция жасаушыларға шабуылдауға шақырған еді. Ел жиі талқылаған шулы оқиғаға бағдарлама авторлары жеке сюжет дайындамады.

Құс тұмауы мен ковид тақырыбынан кейін позитив сюжетке кезек жетті. Мұнда Каспий жағалауында туризмді дамытудан бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың осында ірі қонақүй ашылуына қатысқанын, Маңғыстау өңіріне сапарын көрсетті. Табиғат сұлулығын көрсетер кадрлері мол сюжет болды.

Nike және Adidas компаниялары Өзбекстанда тігін фабрикасын ашады. Бұл жаңалық «Орталық Азияның «орталығы» кім?» деген сюжеттің негізіне айналыпты. Материал авторы Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп саласын салыстырады. Қазақстан бұл салада неліктен артта қалып бара жатқанына жауап іздейді.

Тұп-тура бір жыл бұрын Алматы облысының Шамалған стансасында теміржолға шығып кеткен автобусты пойыз соғып, жолаушылар жарақаттанып, автобус жүргізушісі қайтыс болды. Содан бері не өзгерді? Сюжет авторлары мәселені жан-жақты қамтуға тырысып, бірақ бірізділікті жоғалтып алды. Әуелі Шамалғанда салынған жаңа өткел-көпірді көрсетіп, сосын әлі күнге өткел-көпірі жоқ стансалар мәселесіне өтіп, қайтадан Шамалғандағы көпірге оралды. Бұл көпірде жеделсаты істемейтінін, қарт адамдардың көпірге шығып-түсуі қиын екенін айтты. Сюжет соңында “Теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікке кім жауапты?” деген сұраққа жауап іздеп, өткен жылғы апат видеосын көрсетті. Ақпараты көп, бірақ құрылымы шикі сюжет болды.

Миллениалдар мен зумерлер қуаты күшті алкогольді сусындарға аса қызықпайды, бірақ энергетик сусындарға құмар. Алкоголді ішімдікке тәуелділік, жастардың энергетик сусындарға әуестігі тақырыбындағы сюжет мәселені жан-жағынан ашыпты.

Спорт жаттықтырушыларына да педагогтермен бірдей шарт-жағдай керек. Сюжет Қазақстандағы бұқаралық спорт проблемаларын сараптайды.

Қыркүйектің үшінші жексенбісі — Аналар күні. Бағдарламаның соңғы сюжеті осы тақырыпқа арналды. Сюжет кейіпкерлері — отағасы арбаға таңылған отбасы. Әйелі оған барынша күтім жасайды. Әйтсе де Аналар күніне арналған сюжетте күйеуіне күтім-жасайтын әйел кейіпкерді таңдау тосын көрінді. Мұның орнына мүмкіндігі шектеулі баласын бағып-қағып отырған аналар туралы көрсетсе, не болмаса, Аналар күнінде әйелдерді аялау туралы сюжет қисынға келер еді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қашықтан оқыту, президенттер және бала қауіпсіздігі. 7-13 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Қыркүйектің екінші аптасында ел талқылап, елең еткізер ресми жаңалықтар аз болды. Әйтсе де қазақстандық телеарналар күз басталғалы ел назарынан түспей келе жатқан бірнеше тақырыпты тағы да апталық қорытынды бағдарламасына шығарды. “7 күн” авторлары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу жайына қайта оралса, Apta редакциясы қашықтан оқыту — қиын оқытуға айналғанын тағы айтып өтті. Basty bagdarlama қашықтан оқытудың қызығы аз, шыжығы көп екенін көрсетіп, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу жайын да таразылады. Осылайша кешегі аптаның қорытынды бағдарламалары қыркүйек басындағы тақырыптарынан шабыттаныпты.

Бір айта кетерлігі, “7 күн” мен Basty bagdarlama авторлары бала құқығы мәселесін қозғады.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Тұңғыш президент Назарбаев пен екінші президент Тоқаевтың апта ішіндегі шаруасын назардан тыс қалдырмайтын “7 күн” авторлары бұл жолы да әдетінен жаңылмады. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Астана бас жоспары” ғылыми-зерттеу ғылыми-зерттеу жобалық институтына барғанын егжей-тегжейлі көрсетті. Астаналықтардың бітпеген құрылыс, мектеп жетіспеушілігі мен қыста қар тазаланбауынан зардап шегетінін айта келе, Елорданың бас ауруына айналған — LRT құрылысын елеусіз қалдырды.

Президент Тоқаев Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысына барды. Мемлекет басшысының солтүстік өңіріне сапарына екі сюжет арнаған авторлар егін алқабы, бітік шыққан астық жайынан ақпарат беріп, еліміздің оңтүстік облыстарынан солтүстікке қоныс аудару туралы құрғақ статистиканы тізіп шықты.

Назарбаев та, Тоқаев та Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады. “Жеті күндіктер” бұл кездесулерге бір сюжет арнады.

Жүргізуші Ринат Думанұы екі президент апта бойына не істегенін баяндап, сюжеттерін көрсетіп, содан кейін бұқара талқылауындағы жаңалықтарға, дәлірегі зейнетақы жинағының бір бөлігінен мерзімінен бұрын алу тақырыбына ауысты. Еске салсақ, “7 күн” бағдарламасының 5-қыркүйекте шыққан эфирінде де осы тақырып айтылған еді. Ал 12-қыркүйекте тілші Ақбөпе Тәңірберген БЖЗҚ сайтына кіріп, қордағы жинақты тексеру тәсілін көрсетті. Әйтсе де егжей-тегжейлі нұсқаулық жетіспеді. Зейнетақы жинағындағы қаражатын мерзімінен бұрын алғанда, 10 пайыз салық төлеу қаншалық дұрыс екенін заңгерден сұраған екен. Маман жақсы түсіндірді.

Қыркүйектің екінші жексенбісі — “Отбасы” күні. “7 күн” тілшілері “отбасы базары — бала”, ал бала қауіпсіздігі қаншалықты сақталады, деген сауалға жауап іздейді. Тілші Ерболат Қайыржан бала өміріне әсер етер проблемалар мен балаға қауіпті жайттарды жинақтаған екен. Сюжеттегі әр тақырып — бөлек сюжет, жеке сараптаманы қажет етеді-ақ.

“Біздегі әр бала ай сайын буллингке ұшыраса, әр бесінші бала — кибербуллинг  құрбаны». Келесі сюжетте осындай дерек айтылды. Алайда тілші Мақпал Мадириярова бұл мәліметтің дереккөзін атамады. Телеарнаның Ұлыбританиядағы тілшісімен бірлесіп, британиялық балалардың интернет буллинг туралы пікірін қосып, графикалық шешімдер қолданып жасалған бұл сюжет тартымды шыққан. Цифрлы сауат жайын да қозғаған сюжеттің әлеуметтік желідегі қауіпсіздік туралы пайдалы ақпараты мол болды.

Бағдарламаны ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған сюжет түйіндеді. Органикалық өнім шығарудан бастап ауылшаруашылық саласындағы ғылыми қызметкерлердің аз екеніне дейін айтқан сюжетті жасауға президент Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған жолдауы себеп болса керек. Сондықтан да жолдаудың орындалуын баяндайтын есепке көбірек ұқсады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Өткен аптадағы эфирін тұтастай президент жолдауына арнаған Basty bagdarlama бұл жолы онлайн оқу түйткілдерін теруден бастады. Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ауылдарды аралай жүріп, оқушылар қашықтан қалай оқып жатқанын көрсеткен талпыныс тартымды-ақ. Online-mektep порталына жасалған DDos-шабуылды, шатырға шыққан балаларды көрсетіп, СЭС мамандарының дәстүрлі оқу форматына көшуге неліктен қарсы екенін де талдады. Бағдарламаның алғашқы 12 минуты осы мәселеге арналды.

Зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын ақша алу мәселесін Basty bagdarlama тағы қаузады. Тілші Гүлмира Тасболатқызы 720 мың адамның зейнетақы жинағын пайдалануы үй бағасының шарықтауына, инфляцияға ықпал етпей ме, жинағынан тиын да ала алмайтындар не болмақ, деген сұрақтарды талқылайды. Тек 720 мың салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болатыны әуел баста мәлім еді. Сондықтан бұл тақырыпқа тағы бір сюжет арнаудың қажеті бар ма, деген сауал туады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, құлдыққа салу жиілеп барады. Бағдарлама тілшілері осы проблемаға жеке сюжет дайындапты. Нақты кейіпкері бар сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталып, бойжеткеннің бет-жүзін камерадан жасырған. Сюжетте айтылар әрбір оқиға бойынша дәлел, құзырлы мекеме мен қажет мамандар пікірі бар. Сол себепті сюжет те сенімді шыққан. Әйткенмен, сюжетте балаларды психологиялық диспансерлерге әдейі жатқызатынын айтқан тілші осы турасында диспансер мамандарын сөйлетпеді.

Бағдарлама Қазақстанда да COVID-19-ға қарсы вакцина жасалып жатқаны, вакцинаны сынап көруге 600-ден астам адам ерікті түрде ниет білдірген ақпаратпен аяқталды. Отандық ғылым саласындағы осынау маңызды жаңалыққа тереңірек тоқталып, жеке сюжет арнауға да болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Аpta эфирі өткен тәуліктегі коронавирус және коронавирусты пандемия статистикасынан басталды. Сосын жүргізуші Жайна Сламбек қашықтан оқытудың қиындығына, депутаттар дәстүрлі оқытуға оралуды ұсынғанына тоқталды. Соңғы тоғыз жылда білім саласын цифрландыруға 72 млрд теңге бөлінсе де, еш нәтиже жоқ екенін айтып өтті.

ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Сыртқы істер министрін қабылдады. Аспанасты елінен келген жоғары мәртебелі қонақпен президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кездесті. “7 күн” авторлары осы кездесулерді экономикалық тақырыппен ұштастырып, таратып, тарқатып берсе, Apta авторлары кездесу болғанын, не айтылғанын хабарлаумен ғана шектелді.

Айтпақшы, 13 қыркүйекте — Алматы мен тағы бірнеше қалада несиеге рақымшылық жасауды талап еткен, “Қытай экспансиясына” қарсылық білдірген рұқсат етілген митинг өтті. QAZAQSTAN да, “Еуразия бірінші арнасы” бұл оқиға туралы ләм-мим демеді. Ал “7 күн” бағдарламасы митинг өтерден бір күн бұрын, яғни 12-қыркүйекте эфирге шықты.

Екі президенттің шетелдік қонақпен кездесуінен кейінгі тақырып Тоқаевтың Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына сапарына ойысты. Президент орыс тілінде сөйлеген сәттің қазақша аудармасы жазылған титрлер әрең-әрең көрінді.

Өмірді сақтандыру нарығындағы ахуал қалай? Күтпеген тақырыпты қаузаған сюжет қызық та мән-мағыналы жасалыпты.

Apta авторлары жастар жұмыссыздығы және университеттерде маман даярлау ісіне де сюжет арнады. Ақпараты мол, сарапшысы көп сюжет болыпты.

Ұлттық эпидемиология орталығы соңғы бірнеше жылда ешқандай жобаға қатыспаған, ал қызметкерлері ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Қаржы тапшылығынан осындай күйге душар болған ғылыми орталық мысалында Қазақстанда ғылымға инвестиция салынбайтынын көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews ұйымдастыратын MediaCAMP Fest және MediaCAMP Award 2020 өтеді

Орталық Азиядағы Internews өкілдігі 14-19 қыркүйек күндері халықаралық журналистер фестивалін өткізеді. Фестивалде Орталық Азияның барлық елінен 1000-нан астам медиамаман бас қосады. Онлайн режимде өтеді. MediaCAMP Fest аясында тренингтер, лекциялар, кинокөрсетілімдер, фасилитация сессиялары, талқылаулар мен ток-шоу ұйымдастырылады.

MediaCAMP Fest ауқымды марафоннан басталады. Журналистер, редакторлар, менеджерлер тікелей эфирде 8 сағаттай Орталық Азия медиасының пандемия кезіндегі жұмысын талқылайды. Әр сағатта жаңа тақырып. Журналистер аудиторияға COVID-19 туралы қандай ақпарат таратты, фактчекерлер мен медиасауат оқытушылары инфодемияны тоқтату үшін қалай жұмыс істеді, карантин кезінде медиада қандай жаңа жобалар пайда болды, оқшаулану кезеңінде креатив жасау мүмкін бе?

— MediaCAMP Fest фестивалі екінші рет өткелі жатыр. Онлайн режимде алғаш рет болмақ. Тренингтерді, шеберлік сабақтарын жоспарлағанымызда фестиваль форматы керек екенін түсіндік. Емін-еркін ортада бас қосып, уайымдатқан тақырыптарда әңгімелесіп, пікір алмасуға болады. Марафон тап сондай алаңқайға айналады,-дейді Орталық Азия елдеріндегі Internews өкілдігінің жетекшісі Марат Бигалиев.

Фестивалдің әрбір күнінде жаңа тақырыптар талқыланып, айтары қызық спикерлер сөйлейді, түрлі форматта іс-шаралар өтеді. 15 қыркүйекте Internews қолдауымен медиажобаларын жүзеге асырған журналистер: Әйгерім Бегімбет (Қазақстан), Махпора Киромова (Тәжікстан), Джамилия Маричева (Қазақстан), Алиса Масалева (Қазақстан), Аброрбек Курбонмуродов (Өзбекстан) тәжірибесін баяндайды.

— Фестиваль бағдарламасы 1-2 сағаттық қысқа-қысқа бөлімдерден тұрады. Қатысушылар жұмыс арасынан уақыт тауып, онлайн қатысуына ыңғайлы болуы үшін солай жасалды. Фестивалдегі ең маңызды ерекшеліктердің бірі – қатысушылар тренингті ана тілінде тыңдай алады. Бұл үшін Zoom платформасындағы сессияға тіркелу керек. Аудармашылар тәржімалайды,-дейді фестиваль продюсері Ирина Медникова.

Фестивалдегі бірегей форматтардың бірі – MediaCAMP Fest үшін арнайы дайындалған екі ток-шоу. «Матасу ма, шатасу ма?» ток-шоуын қазақстандық белгілі тележүргізуші Дина Төлепберген жүргізеді. Тәжікстандағы ток-шоуды «Гап аз Гап» деп аталады. Оны атақты жүргізуші Орзу Исоев өткізеді. Екі ток-шоуда да – журналистикағы этика мәселелері талқыланады. Бұған Орталық Азия елдерінің журналистері, медиасыншылары, менеджерлері қатысады. Ток-шоуды қазақ және орыс тілдерінде көруге болады. Орыс тіліне ілеспе аударма жасалады.

Фестиваль аясында «В чём сила, сестра?» атты қыздар медиа-бастаңғысы өтеді. Орталық Азия медиасы әйел тақырыбын қалай жазады? Журналистер және блогерлермен әңгіме 18 қыркүйек күні сағат 16:00-ге белгіленген.

Орталық Азияда пандемия себебінен кинотеатрлар жабылып, жұмысын тоқтатты. Ал 15-16 қыркүйек күндері MediaCAMP Fest-те Artdocfest онлайн-кинозалы жұмыс істейді. Фестиваль қатысушылары ресейлік маман, деректі фильмдер режиссері, продюсер, Artdocfest фестивалінің президенті Виталий Манскийдің шеберлік-сабағына қатыса алады. «Секретарь по идеологии» және «Мой папа Чингисхан» деректі фильмдері көрсетіледі. «Мой папа Чингисхан» деректі фильмінің авторы Альмира Сайфуллинамен де кездесу болады.

Онлайн-формат фестиваль алаңшасына көптеген шетелдік сарапшыларды тартуға жол ашты.

Таяуда RTVi бас редакторы қызметінен кетіп, жеке жобаларын дамытуға кіріскен Алексей Пивоваров Youtube-журналистика принциптері туралы айтады.

«Сибирь.Реалии» сайтының бас редакторы Юлия Мучник журналист жұмысындағы этикалық мәселелерді талқылайтын интерактив сессия өткізеді.

«Журналистер күйзелісінің психологиясы» жобасының авторы Ольга Кравцова медиамамандарға арналған үздік тәжірибесін баяндайды. Жұмыстан шаршап, безінуің алдын алуға көмектеседі.

Фотограф-документалист, арт-директор, «Гонзо-дизайн» визуалды коммуникациялар студиясы және мектебінің негізін қалаушы Ксения Диодорова медиажобалардың визуализациясы бойынша шеберлік сабағын өтеді.

Ресейлік фотограф Анна Шмитько смартфонға эстетикалық фотосурет түсіру тәжірибесін айтады.

Өзбекстандық медиасарапшы Ферузхан Якубходжаев журналист брендін қалай қалыптастыруға болатынын әңгімелейді.

Әріптестеріміздің айтарын қазақ, тәжік, қырғыз, өзбек тілдерінде де тыңдауға болады. Осы тілдерге ілеспе аударма жасалады. Сессиялар кестесі  мұнда жарияланған.

Retail-кеңесші, бизнес-тренер, ТоР-фасилитатор Анна Пацюк жаңа мақсаттарға ұмтылып, даму көкжиегін айқындағысы келетіндерге арнап фасилитациялық сессия өткізеді.

Фестивалдің соңғы күнінде MediaCAMP Award байқауы жеңімпаздары марапатталады. Қазір «Объектив» номинациясы бойынша онлайн дауыс беру жүріп жатыр. Қалған төрт номинация бойынша Орталық Азияның бес елінен финалистер анықталды. Биылғы ең үздік материал авторларының есімі 19 қыркүйекте мәлім болады. Жеңімпаздарды әділқазылар анықтайды.

Фестивалдің бір бөлшегіне айналып, барлық сессияларға қатысу үшін фестиваль сайтында тіркелу керек. Фестиваль басталар уақыт жақындағанда ZOOM сілтемесі бар хат аласыз.

MediaCAMP Fest фестивалі мен MediaCAMP Award журналистика байқауын АҚШ халықаралық даму агенттігінің (#USAID) қолдауымен Internews өкілдігі #MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында өткізеді.

Жәнібек Нұрыш