Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жүріп-тұруды шектейтін жаңа тәртіп ережесі күшіне енді. Бұл шектеулер БАҚ пен журналистер қызметін де қиындатады. 28 наурызда басталған шектеулер 6 сәуірде аяқталады. Осы уақытта жаңа шарттарға бейімделіп, жұмыс істеу керек. Internews Kazakhstan заңгері Ольга Диденко журналистер, БАҚ өкілдерінің кәсіби қызметін атқаруы үшін қалай жүріп-тұруына болатынын баяндайды.
БАҚ қызметі тоқтатылмайды. Басылымның бас редакторы қол қойған қызмет куәлігі және редакция тапсырмасының түпнұсқасы болған жағдайда БАҚ өкілдерінің қала ішінде жүріп-тұруына рұқсат етілген.
Жарияланған ережеде БАҚ ретінде есепке қою куәлігінің болуы жайында ештеңе айтылмайды. Алайда Қазақстанда мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны және желілік басылымдар (есепке қою куәлігі бар болса да, есепке қою куәлігі жоқ болса да) бұқаралық ақпарат құралдарына жатады.
№1 ұсыныс
• Жеке басты куәландыратын құжатының, жеке куәлігінің болуы;
• Қызмет куәлігі (фотосуретіңіз, лауазымыңыз және тағы басқа мәліметтер жазылып, қол қойылып, қазіргі уақытта жарамды болуы)
• Редакция тапсырмасы (мақала соңында үлгісіне сілтеме бар)
• Тәртіп сақшылары тез тануы үшін PRESS деген жазуы бар жилет және бас киім киіңіз;
• Егер автокөлікке мініп жүрсеңіз, онда PRESS деген жазуы бар арнайы тақтайшаны көлікке жапсырған жөн;
• Індеттен қорғану құралдарыңыз жаныңызда жүрсін;
• Мүмкін болса, қашықтан жұмыс істеңіз;
Блогшылар, фрилансерлер мен азаматтық журналистер жұмысы қалай реттеледі?
Ережеде журналист функциясын орындайтындарға қатысты ешқандай талап жоқ. Алайда олардың да жұмысы көрермендер мен оқырмандарды айналада боп жатқан жағдайдан жедел хабардар етіп, қоғамда коммуникация орнату үшін қажет.
№2 ұсыныс:
• Сізге жүріп-тұру үшін қызмет куәлігі мен редакция тапсырмасы қажет;
• Фрилансерлер, азаматтық журналистер мұны өзі қызмет ететін БАҚ редакцияларының бірінен алуына болады;
• Блогшылар өзі жасап алады
БАҚ-пен белсенді коммуникация орнату
Ережеде мемлекеттік органдарға БАҚ-пен белсенді байланыс орнатып, жұртшылықты шұғыл мәселелер бойынша дереу хабардар етіп, карантин шарттарын бұзған фактілер мен жүріп-тұру тәртібін БАҚ-та кеңінен жариялауды тапсырған.
№3 ұсыныс. Медианы этика нормалары мен ережелерін сақтауға, балансқа ұмтылуға шақырамыз. Қазір көп мәліметке журналистердің қолы жете бермейді. Көбіне көп дәрігер құпиясын алға тартады. Алайда медианың қоғамдық маңызы бар ақпаратты басқа да ерікті дереккөздерден: мысалы, індет жұқтырған адамнан, науқастың туған-туыстарынан, денсаулық сақтау жүйесі өкілдерінен және тағы басқасынын біліп, соны таратуына әрдайым болады.
Ақпарат көздерін және дербес деректерін құпия сақтау керек екенін есте ұстаңыз.
Ақпарат кеңістігін бақылауды күшейту
Ереже талаптарының бірі – ақпарат кеңістігін бақылауды күшейту. Ережеде бұл туралы «Қауесеттер мен арандатушылық ақпараттың жолын кесу жөніндегі жұмысты ерекше бақылауға алсын. Мұндай мәліметтерді таратудың кез келген әрекетінің қатаң түрде жолы кесілуі, авторлары анықталып, жазалануы тиіс» деп жазылған. Мұнда қауесеттер мен арандатушылық ақпараттар ретінде коронавирус індеті және соған қарсы күрестен басқа да оқиғаларды меңзесе керек.
№4 ұсынысымыз:
• Ақпаратты жарияламас бұрын өте мұқият тексеріңіз, төтенше жағдай енгізілгенге дейін қалай тексерсеңіз, енді тіпті мұқият тексеріңіз;
• БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялайтын контентіңізді бөліп қараңыз;
Қызмет куәлігі, редакция тапсырмасының үлгілерін және сырт бетіне басып шығаруға қажет заң баптарын мына беттен табасыз.
Мәселе туындаса, мына ұйымдарға хабарласыңыз:
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры: info@adilsoz.kz
Коронавирус пандемиясы, Covid-19 вирусы қалай жұғатыны туралы тарап жатқан ақпараттың біразы дақпырт, теріс түсінік екенін байқаймыз. Сондықтан тек ресми салалық ресурстардың ақпаратына сеніп, сонда айтылған кеңестерді орындау керек-ақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми сайтында Covid-19 вирусы қалай таралып, қайдан жұғатыны, сақтану үшін нені ескеру керек екенін жазған. Ел аузында айтылатын түрлі теріс түсініктерді әшкерелейтін сұрақ-жауап бөлімі бар. Сол сұрақ-жауаптарды Balmoozdaq+ (bq+) медиасы қазақ тіліне аударыпты.
COVID-19 вирусы ыстық ылғал аймақта көп тарала ма?
Бұған дейін анықталған деректер бойынша, жаңа коронавирус кез келген жерде таралуы мүмкін. Егер сіз тұратын немесе сіз бара жатқан ауданда COVID-19 инфекциясы табылса, климат ерекшеліктеріне қарамастан қорғаныс шараларын орындаңыз. Вирустан қорғанудың ең тиімді жолы – қолды жиі жуу. Лас қолмен бетіңізді ұстағанда, көз, мұрын немесе ауыз арқылы организмге вирус енуі мүмкін. Сондықтан қолды таза ұстау – маңызды.
Қарлы немесе суық ауа райында далада жүріп, жаңа коронавирустың (2019-nCoV) алдын алуға бола ма?
Қалыпты жағдайда адам денесінің температурасы 36,5 пен 37 градустың арасында болады. Бұған ауа райы мен сыртқы орта әсер етпейді. Суық ауа райы COVID-19 вирусымен де, басқа вируспен де күресуге көмектесе алмайды. Алдын алудың ең тиімді жолы – спирт қосылған антисептикпен қолды жиі сүрту немесе сабындап жуу.
Ыстық ванна жаңа коронавирус (2019-nCoV) инфекциясымен күресуге көмектесе ме?
Судың температурасына қарамастан, адамның дене қызуы – 36,5-37 градус. Сондықтан ыстық ванна немесе душ вирустың алдын алуға көмектесе алмайды. Ыстық су, керісінше, денеңізді күйдіріп жіберуі мүмкін.
Жаңа коронавирус (2019-nCoV) маса арқылы жұғатыны рас па?
COVID-19 – ауа-тамшы жолдарымен тарайтын респиратор вирус. Яғни вирус ауру адам түшкіргенде, жөтелгенде бөлінетін сұйықтық немесе сілекей арқылы басқа адамға жұғуы мүмкін. Бұған дейін жаңа коронавирустың маса арқылы жұққан кезі анықталмады. Инфекциядан сақтану үшін қызуы көтерілген және жөтелетін адамдардан алыс жүріп, қолды таза ұстау керек және респиратор гигиенасы ережелерін сақтау қажет.
Қолкептіргіштер COVID-19 вирусын жоятыны рас па?
Жоқ. Электронды қолкептіргіштер COVID-19 вирустарын жоя алмайды. Вирустан қорғану үшін қолды спирт қосылған антисептикпен немесе сабынмен жиі жуу қажет. Жуғаннан кейін қолыңызды сүлгімен немесе қолкептіргішпен құрғатыңыз.
Дизинфекцияға арналған ультракүлгін шамдар COVID-19 вирусын жоюы мүмкін бе?
Жоқ, мүмкін емес. Терінің қандай да бөлігін тазарту үшін дизинфекцияға арналған ультракүлгін шамдарды пайдалануға болмайды. Себебі шамнан бөлінетін сәулелер теріні тітіркендіруі мүмкін.
Жаңа коронавирус (2019-nCoV) инфекциясын жұқтырғандарды анықтауда жылу сканерлері қаншалықты тиімді?
Жылу сканері вирусты жұқтырып, симптомдары біліне бастаған адамдарды табуға көмектеседі. Бірақ ауру белгілері білінбегенше, яғни дене қызуы көтерілгені байқалмаса, жылу сканері вирус жұққан адамды анықтай алмайды. Адамның дене қызуы вирус ағзаға түскеннен кейін 2-10 күн ішінде көтерілуі мүмкін.
Денені этанол немесе хлор ұнтағымен сүрту арқылы COVID-19 вирусын жоюға бола ма?
Жоқ, болмайды. Спирт немесе хлор ұнтағы денеге түсіп үлгерген вирусты жоя алмайды. Керісінше, киіміңізді, көз, ауыз қуысы сияқты шырышты қабатты зақымдап алуыңыз мүмкін. Спирт пен хлор ұнтағын заттың бетін тазарту үшін ғана пайдаланған жөн. Бірақ оларды қажет жағдайда және тиісті ережелерді сақтай отырып қолданыңыз.
Жаңа коронавирус инфекциясынан сақтану үшін қолды спирт қосылған антисептикпен жақсылап сүрту керек, немесе сабындап жуу қажет.
Мұрынды тұзды сумен жиі шайса, жаңа коронавирус (2019-nCoV) инфекциясының алдын алуға бола ма?
Жоқ. Мұрынды тұзды сумен шаю арқылы COVID-19 вирусынан сақтануға болатыны жайлы ғылыми деректер жоқ.
Кейбір деректер бойынша, мұрынды тұзды сумен шаю қарапайым тұмаудан жазылуға көмектеседі. Бірақ бұл әдістің респиратор вирустардан қорғайтыны әлі расталмады.
Сарымсақ жаңа коронавирустан (2019-nCoV) қорғай ала ма?
Сарымсақ – микробтарға қарсы күші бар, денсаулыққа пайдалы өнім. Бірақ COVID-19 инфекциясы таралғаннан бері, сарымсақтың вирусқа қарсы қасиеттері әлі анықталмады.
Жаңа коронавирус (2019-nCoV) инфекциясы тек қарт адамдарға жұғатыны рас па?
COVID-19 вирусын кез келген жастағы адам жұқтыра алады. Бірақ қарт адамдар мен бұған дейін басқа індетпен ауырғандар (мысалы, демікпе, диабет, жүрек аурулары) жаңа короновирустың асқынған түрімен ауыруы мүмкін.
ДДСҰ кез келген адамды (жас ерекшелігіне қарамастан) қорғаныс шараларын сақтауға шақырады.
Антибиотиктер жаңа короновирустың (2019-nCoV) алдын алып, оны емдеуде тиімді құрал бола ала ма?
Жоқ, антибиотиктер вирусқа қарсы күресе алмайды. Олар тек бактериялық инфекцияны емдеуі мүмкін. Ал COVID-19 – вирус. Сондықтан оның алдын-алу үшін де, оны емдеу үшін де антибиотиктерді қолданбаған жөн.
Бірақ COVID-19 вирусы жұққан науқаста бактериялық инфекция да болса, оған антибиотиктер берілуі мүмкін.
Жаңа короновирустың (2019-nCoV) алдын алатын және оны емдеп жаза алатын дәрі-дәрмек бар ма?
Қазір COVID-19 вирусының алдын алып, оны емдей алатындай, ғалымдар кеңес беретіндей дәрі-дәрмек әлі жоқ. Бірақ ауру симптомдарымен күресіп, оларды азайту үшін науқастарға қолдан келгенше медициналық көмек көрсетілуі қажет. Ал аурудың асқынған түрі анықталған науқастарға арнайы терапия қолданылады.
Қазір вирусқа қарсы дәрі-дәрмек дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Препараттар әуелі клиникалық тестілеуден өтуі керек. ДДСҰ басқа да серіктестермен дәрі-дәрмек жасау жұмыстарын тезірек аяқтау үшін қолдау көрсетіп жатыр.
«Жаңа репортер» редакциясы ДДСҰ сайтындағы миф және қате түсініктер айдарын қазақ тіліне аударған Balmoozdaq+ жобасына алғыс білдіреді.
Balmoozdaq+ (bq+) — қаладағы мәдени қақтығыстар себебі мен салдарын мультимедиа арқылы түсіндіретін медиа.
Factcheck.kz, «Жаңа репортер» және «.три.точки. Знай, что смотришь» фактчекинг редакциялары Covid-19 коронавирусы туралы фейктер мен үкімдері жинақталған «Коронавирус, кет, кет, кет» арнайы жобасын дайындады.
Коронавирус пандемиясы ақпарат әлеміне түбегейлі өзгеріс енгізді. Жалған ақпарат, қауесет, жорамал, өсек-аяң, фейктер вирустан да жылдам тарап, ел ішінде дүрбелең тудырды. Бұл құбылысты «инфодемия» деп атады. Желілерде конспирологиялық пікірлер мен күмәнді емдеу тәсілдері күннен күнге көбейіп, жұртшылықты үрейлендіріп-ақ жатыр.
Инфодемия қаншалықты қауіпті екенін Иран мысалынан да көруге болады. О жақта бірнеше адам вирустан қорғанудың тәсілі туралы жалған хабарламаларға сеніп метил спиртін ішіп, қайтыс болды.
Вируспен дәрігерлер ғана емес, журналистер де күресіп жатыр. «Коронавирус, кет, кет, кет» арнайы жобасы түрлі күмәнді ақпаратты бір ресурсқа жинақтады. Үнемі жаңарып отыратын тізімде фейк жаңалық, оның үкімін және сол фейк-жаңалықты қалай тексергені туралы жазылған материалға сілтеме бар.
Арнайы жобадан IFCN Халықаралық фактчекинг желісіне мүше 1000-нан астам фактчекер тексерген фейктер визуализациясын көресіз. Интерактив графика әлем елдерінде тараған коронавирус туралы фейк жаңалықтардың фактчекерлер назарына жиі ілінгендерінің жалпы санын, індет таралуына қарай фейк-жаңалықтар саны қалай өзгергенін көрсетеді.
Арнайы жоба ұдайы толығып, жаңарып отырады. Қазір авторлар фейк суреттер мен видеоларды терістейтін жинақ дайындап жатыр. Ал оқырмандарымыз күмән тудырып, күдік ұялатқан фотовидео, мәтіндерді бізге тексертуге жіберуіне болады.
Командамыз сіз жіберген ақпараттың рас-өтірігін шұғыл анықтап, жекелей жауап береді. Егер фейк екені анықталса, онда жобаның жалпы жинағына қосады.
Арнайы жоба қазақ, орыс, тәжік және өзбек тілдерінде шығады. Әлемнің басқа да кез келген тіліне аударып, жариялауға рұқсат.
Біз жаңалықтар сайттары мен әлеуметтік желілерде күн сайын бақылау жасап, коронавирус инфодемиясы қаупі сейілмейінше фейктер лентасын ұдайы жаңартамыз.
Коронавирус және доллар. Қазақстан жұртшылығының кешегі аптада ең көп талқылаған тақырыптары осы. Жексенбіде төтенше жағдай енгізілетіні туралы жарлық шықты. Апталық қорытынды бағдарламалардың басым бөлігі коронавирус тақырыбына арналды. Төрт бағдарламаның екеуі РФ Конституциясына түзету енгізу, Путиннің тағы президент сайлауына қатысуына құқық беретін өзгерістерді көрсетіп, бөлек материал арнады.
Қытайдан тараған коронавирус тақырыбына ең аз уақыт бөлген «Аналитика» бағдарламасы болды. Мас күйінде қылмыс жасау туралы көрсетіп, Қордай оқиғасын да ұмытпады.
Шолуымызда КТК, «Хабар», QAZAQSTAN және «Еуразия бірінші арнасы» телеарналарының қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Сенбі кешкісін эфирге шығатын бағдарламаның басты тақырыбы – Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың алғаш тіркелуі болды. Мұнысы түсінікті де, өйткені төтенше жағдай енгізілетіні ертеңіне, яғни жексенбі күні хабарланды. Коронавирус бөлімінің мазмұны ақпараттық сипатта жасалыпты. Кімнен қашан инфекция анықталып, оладың қайдан ұшып келгенін және тағы басқасын тізіп шықты. Бағдарлама жүргізушісі жоғарыда айтылған деректерден бөлек, Қазақстан бас санитары Бекшиннің «бізде наконец-то коронавирус шығады» деген сөзі жай болжам екеніне күмәнданды. Жүргізуші өз-өзіне «Бәлкім, сынақ нәтижесі әлі дайын болмаған шығар?» деп риторикалық сауал қойды. Мұндай күмәнді сюжетте журналист те айтты. Тілші жалпы қазақстандықтар атынан Бекшиннің сәуегейлігіне күмән білдірді.
Сюжетте карантиндегі адамдардың жағдайы мен Наурызға арналған іс-шаралардың өтпейтініне де шағым айтқанын көрсетті. Сюжет авторлары сол іс-шараларға қаржы бөлініп қоюы мүмкін екенін де атап өтті. Қаржы туралы шенеуніктерден сұрағанда болар еді.
Жалпы есептегенде «Большие новости» бағдарламасында коронавирус бөлімі 23 минутқа созылды.
Бағдарлама экономикаға жалғасты. Мұнай неліктен арзандап, теңгенің қалай күрт құнсызданғанын азды-көпті түсіндірді. Әйтсе де айтылған ақпараттың барлығын әлемдік экономикалық процесстерді түсінетіндер ғана игере алды. Бағдарлама авторлары мұнай мен теңге төңірегіндегі жағдайды баршаға түсінікті етіп жеткізбеді. Мәселен, біздегі ақша айырбастау пункттері валюта бағамын өз бетінше соншалық көтеріп жіберуге құқылы ма? «Базалық мөлшерлемені 12%-ға көтеру теңгені қатты құнсызданданудан сақтады» деген сөйлемдер жалпыға бірдей түсініксіз. Базалық мөлшерлеме дегеніміз не? Теңгенің құнсызданбауына қандай қатысы бар? Мұны бәрі бірдей түсінбесе керек-ті.
Алайда сюжетте мәлімет көп. Шенеуніктер оң болжам айтқаны (олар әрдайым солай сөйлейді) да, кәсіпкерлердің теңгенің құнсыздануы бағаға қалай әсер ететінін түсіндіргені де бар. Мысалы, торт пісіретін болсаңыз, құрамындағы ұн мен жұмыртқа ғана өзімізде шығады, қалғаны шетелден келеді. Үкімет бағаны ұстап тұруға қанша уәде еткенімен бағаның шарықтамауы мүмкін емес. Сюжетте қаржы сарапшысы Ботагөз Жұманова «базалық мөлшерлеменің» не екенін түсіндіруге тырысты (несие қымбаттайды, ипотека төлемдері ұлғаяды, өйткені базалық мөлшерлеме – ақшаның базалық құны). Бірдеңе түсіндіңіз бе? Соңында «Қазақстандықтардың 80%-і несиеге өмір сүреді» деді. Бұл дерек қайдан алынған? Мұндай айқайлаған сандарды айтқанда, қайнаркөзін міндетті түрде көрсету керек.
«Большая политика» айдары Путиннің президент сайлауына қайта түсуіне құқық беретін өзгерістерге арналып, «Ресей неліктен қазақстандық билік транзиті тәжірибесін қолданбады?» деген сауалмен басталды. Солтүстіктегі көршіміздің саяси жаңалықтарынан бейхабар көрермендерге арналған жақсы материал екен.
«7 күн», «Хабар»
«Хабар» да коронавирустан басталды. Жүргізуші Александр Трухачев соңғы жаңалықтарды: төтенше жағдай енгізілетінін, коронавирус пандемиясын, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар барын қысқа ғана тізіп шықты.
Жүргізушінің мәтінінде пафос сөйлемдер де кездесті. «7 күн» бағдарламасы бағытын бұқараға бұрғалы мұндай пафос сөйлемдер тосын көрінді.
Ал мұнайдың арзандауын айтқанда мұнай мен инсультті салыстырды. «Мұнайды жаһандық экономика ағзасындағы қан десек, онда құрамындағы гемоглобин күрт көтеріліп, тромбоз қаупі туындады, бұл инсультқа, мидың өлуіне әкеледі» («Если считать нефть за кровь, то в результате в организме глобального экономического мироустройства произошло резкое повышение гемоглобина, его стало слишком много, возникла угроза тромбоза, закупорки сосудов, которая может привести к инсульту с риском смерти головного мозга, управляющего всеми процессами жизни и деятельности организма» — түпнұсқа) деді.
Қазақстандағы коронавирус туралы сюжетте «төтенше жағдай режимі» деген не екенін, оны неліктен қанша уақытқа енгізетінін түсіндірді. Өткен аптаның ең шулы оқиғаларын да тізіп шықты. Автобус жүргізушілерінің көлік салонын қалай жуатынын, ойын-сауық-сауда орталықтарының тепловизорлар сатып алып жатқанын, кинотеатрлар жайын, мектеп, жоо, колледж, балабақшалардың жұмыс тәртібін, азық-түлік дүкендеріндегі дүрбелең мен ауру белгілерін, тағы басқасын айтты. Стендапта тілші аурудың алдын алу әдіс-тәсілін көрсетті.
«7 күн» бағдарламасында коронавирус пен экономикалық дағдарыс тақырыптары алмасып отырды. Осылайша аптаның түрлі бағыттағы басты тақырыптарынан құралған көп қатпарлы сэндвич шықты.
Коронавирус сюжетінен кейін тағы да мұнай тақырыбына ойысты: Қытайдың мұнай сатып алу көлемі бұрынғыдан азайды, нарықта мұнай көп, міне сондықтан да баға төмендеді, ОПЕК туралы «олар бір келісімге келе алмады» деді (КТК телеарнасында «бәріне Ресей кінәлі, ал Қазақстан оны қолдады» деп айтқан болатын).
Әрмен қарай тағы да коронавирус тақырыбы басталды. Енді әлемдегі жағдайды баяндады. Италияда тек азық-түлік дүкендері жұмыс істейді, АҚШ-та шетелдіктердің кіруіне тыйым салды, Трамп анализ тапсырды, супермаркеттерде дүрбелең, аласапыран боп жатыр. Толымды, қызық сюжет дайындапты.
Инфекциядан сақтану туралы сарапшыларды сөйлетті. Осылайша, «7 күн» бағдарламасы коронавирус жайында 24 минут айтты.
Әрмен қарай коронавирустан тыс тақырыптарға ойысты: Назарбаевтың қайда барғанын (ММУ-іне барды. Бұрын осы университетте тұрып, ЕАЭО құру идеясын айтқан еді), Тоқаевтың жұмыс кездесулерін көрсетті.
Бауыржан Байбектің өңірлерді аралауы — «7 күн» бағдарламасының тұрақты айдарына айналыпты. Ол бұл жолы Жамбыл облысына барды. Оның Қазақстанды неліктен аралап жүргені әлі күнге түсініксіз. Қаншама жерге барды, бірдеңе бола ма?
Бағдарлама әнші Димаш Құдайбергеновтың шоуына арналған сюжетпен аяқталды. Осы аптада бір жақсы жаңалық болуы керек емес пе? Міне, жақсы жаңалық.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» да коронавирустан басталды. Алғысөзінде Қытайда дәрігерлердің ауруды жеңіп, бетпердесін шешіп жатқан сәтінен видео көрсетіп, позитив қосыпты. Сюжет Трамптың сынақ нәтижесі теріс боп шыққанын мәлімдеген видеосынан басталды. АҚШ-тағы жағдайды баяндап, Еуропаға өтіп, Қытаймен аяқтады. Ал Қазақстандағы жағдайды баяндауы басқа телеарналармен ұқсас: мектептер, ойын-сауық-сауда орталықтары, кинотеатрлар, елде коронавирустың алғаш тіркелуі, төтенше жағдай жариялануын тізіп шықты. Жалпы «Еуразия бірінші арнасы» коронавирус тақырыбына небәрі 11 минут уақыт бөлді.
Қаржы дағдарысы сюжеті сауалнамадан басталды. Зауыт директорынан, электроника дүкенінен және базар сатушысынан пікір алды. Кадрлары әдемі. Алайда «Хабар» телеарнасы дағдарыстың басталғанын тәптіштеп жеткізген еді. Есесіне «Аналитика» авторлары банк мөлшерлемесінің өскенін толымды түсіндірді. Көп сарапшыны, шененікті сөйлетті. Тыңғылықты әрі көлемді сюжет.
Қордай оқиғасының тергеу нәтижелері қандай? 11 адам тергеліп жатыр, бұл тек басы ғана екен. Ауыр заң бұзушылықтар бойынша әлі ешкімді тұтқындамады. Басқа телеарналар коронавирус фонында Қордай оқиғасын мүлдем ұмытып кеткен еді. «Аналитика» бағдарламасының мұнысы ұтымды көрінді.
Алкоголь ішімдік ішіп, мас күйінде қылмыс жасау. Масаң күйде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған атышулы оқиғалар. Бұрын маскүнем болған адам, анасыз қалған отбасылардың хикаясы бар. Журналистер қарапайым тәжірибе де жасапты. 20 жастағы жігітте алкоголь ішімдік алып келуге дүкенге жіберді. Ешкім де жігіттен құжат сұрамады. 20 жастағы жігіттің орнына 15 жастағы жігітті жібергенде дұрыс болар еді.
Әлеуметтік азық-түлік жиынтығы туралы сюжетте кімге қандай азық-түлік қанша көлемде қалай жеткізілетінін көрсетті. Позитив сюжетте азық-түлік қорабын ашып, қуанған отбасылар мен балалары бар. Мәселелерді де жасырып қалмай, кейбір азық-түліктің сақтау мерзімі өтіп кеткенін, қаңтарда берілуі керек жиынтықты енді беріп жатқанын, оның тек жартысы жеткізілгенін де айтты.
Бағдарлама коронавирус профилактиасы бойынша үш минуттық нұсқаулық видеомен аяқталды.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілген ақпараттан басталды. Жүргізуші Алматыдағы тілшімен тікелей байланысқа шықты. Алматыдағы тілші медициналық мекемелерде не болып жатқанын баяндады. Эфирге қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілін шақырғанын, ол келуге уәде етіп, кейін бас тартқанын да айтты.
Қазақстандағы және әлемдегі коронавирус пандемиясы туралы сюжет толымды жасалыпты. Қытайда оқыған журналист (Аспанасты елінде вирус қалай тарағанын айтты), Италияда қызмет ететін қазақстандық ғалым пікір берді.
Мұнай 30%-ға арзандады. Қазақстан қайтпек? Тоқаевтың төрағалығымен өткен шұғыл отырыстан басталған сюжетті экономист, саясаттанушылар комментарийі және жұртшылықтың сауалнама-жауабымен толықтырыпты. Сюжет авторлары «жағдай тұрақталған соң, біздің билік экономиканы мұнайға тәуелдіктен арылту туралы ойланатын шығар» деп үміт етті.
Apta бағдарламасының басым бөлігі коронавирус тақырыбынан құралды. Бұл тақырыпқа 45 минут эфирдің 35 минутын арнады. Қалғаны РФ конституциясы мен Путиннің президент мерзімін қайта бастау туралы жаңалық және тағы басқа экономикалық тақырыптар болды.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.
Мәдени деколонизация, жалпы қоғамдық санадағы деколонизация процессін жүзеге асыру үшін медианы басты құрал ретінде пайдаланып келеміз. Соның ішінде телевидениеге ерекше міндет жүктелген. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуықтады. Міне, осы тұста «ал нәтижесі қандай болды?» деген сауал туындайды.
Әлем дата колонизация ұғымы төңірегінде таласты бастап кетті. Дата-колонизациямен бетпе-бет келуге қаншалық дайынбыз? Осындай қиын да күрделі кезеңде телевидениеміз ақпараттық сауат мәселесіне бей-жай қарап отырғаны ойға қонбайды. Сонымен осы сауалдар төңірегінде аз-кем талдау жасалық…
Бүгінде Қазақстан медиасына сырттай қарасақ, мемлекет бақылауындағы дәстүрлі телевидение мен ат төбеліндей ғана жеке медиа арасында көрермен назарына үлкен талас жүріп жатқанын көреміз. Соңғы уақытта YouTube платформасында түрлі видеоподкаст көбейді.
Мәселен, Salem Social Media арнасының «Пайымдау» бағдарламасындағы сұхбаттардың мазмұны әдепкі қазақи шоу-бизнес өкілдерінің әңгімесінен өзгеше. Сұхбат беруші сол саладан болса да басқа тақырыпта әңгіме-дүкен құрады.
Ал енді сол жеке медиа жасап жатқан сұхбатты көріңіз де, «Хабар» телеарнасының «Ережесіз әңгіме» не тағы басқа сол сияқты бағдарламаларын қараңыз.
Бір уақыт, бір қоғам, бір тіл, тіпті бір саланың, көбіне-көп шоу-бизнесте жүрген адамдар. Әйтсе де қозғайтын, айтатын, талқылайтын тақырыптары бір-біріне қарама-қайшы, айырмасы жер мен көктей.
Біз наным-сенімі мен ұстанымы өте күрделі де көп қатпарлы қоғамды өмір сүреміз. Сондықтан мұндай тақырып алуандығын қалыпты санайық, тіпті шарасыз бақылауда отырған мемлекеттік телеарналар басшылығына, шығармашылық құрамына «сіз мына тақырыпты неліктен бұрмаладыңыз, неліктен бұл туралы ашық айтылмайды» деп сұрақ қоюдан бас тартайық. Десе де адам мүмкіндіктеріне күмән келтіріп, күдіктенетін, кейде тіпті мойындамайтын стереотип образдағы бағдарламалар туралы айтпай, көз жұмып отыруға да әсте болмайды.
QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында «Әулет ары» атты жаңа сериал көрсетіп жатыр. Сериал идеясы да әдепкі: дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу. Күйеуі қайтыс болған әйел отбасын сақтап қалу үшін әмеңгерлік жолмен қайын інісіне тұрмысқа шығады. Осылайша, сериал қазақи әмеңгерлік салтын сақтау және соны бүгін де жалғастыруға болады деген ойды сіңіргісі келеді.
Дәл осы тұста мәселені тереңірек қазбалап көрелік.
Біз постколониал мемлекет ретінде әуел баста-ақ медианы қоғамдық деколонизацияны жүзеге асыратын басты құрал ретінде пайдалануды мақсат еттік. Тарихта ұтылған, көп дүниесін жоғалтқан, есесі кеткен ел ретінде тәуелсіздік алған сәттен бастап қоғамды қазақи құндылықтармен байытуға, өзімізді қайта жаңғыртуға тырыстық. Негізгі күшті соған бағыттадық. Сөйтіп, нағыз қазақ (бұл тіркестің иесі кімдер екенін де білмейміз) болуға ұмтылып жатырмыз.
Әрине, бұл барлық постколониал мемлекеттер өткен өте табиғи жол, іштен туындайтын өзін-өзі қорғау талпынысы. Жақсы-ақ. Осы жолда барымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып, сенімімізді түзеткіміз келді. Соған апаратын бірден бір жол ретінде тарихымызды мақтана отырып тануға және ұлттық дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауға күш салып жатырмыз.
Сөйтіп бірінен соң бірі тарихи фильмдер түсіріліп жатыр. Тіпті соңғы жылдары ерекше қарқынмен көбейіп келе жатқан сериалдарымызға да осы идеяны таңып қойдық.
Кез келген сериал жасаушы топқа әмеңгерлік сияқты дәстүрлердің экранда көрініс табуын, қызымызды тектілікке, ұлымызды бастық не жауынгер болуға тәрбиелейтін идеяның болуын міндеттедік.
Болашақта бізді жауынгер жігіттеріміз емес, білімді, зерек әрі зейінді, интеллектуал азаматтар ғана аман алып қалатынын ескермедік. Ең өкініштісі – көгілдір экраннан қыз тектілігі мен қыз ар-ұяты, отбасы құндылықтары туралы айтып жатсақ та елімізде ажырасу, зорлық -зомбылық пен тастанды балалар саны тарихымызды болмаған деңгейге жетті.
Біз мұны күтпедік ғой. Толыққанды бақытты отбасы мен арлы қыздар, батыр ұлдар тәрбиелеуді мақсат еткен едік, бірақ неге екенін, қазір мүлдем қарама- қайшы, теріс нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.
Ұлтты тәрбиелеу бағытымыздың біздің қоғамға мүлде қарсы жұмыс істеп жатқанын байқап отырмыз. Әрине, бұл постколониал халыққа тән қорсыну: «өзіне тән» деп танылып, белгіленген заттарды (осы ұғымға кейде әйел де кіріп кетеді) қызғыштай қорып, қорғау. Өйткені, тағы да есе жіберіп алудан, барын жоғалтудан қорқады.
Мұндай ауыр жарасы бар қоғамға алдын ала зерттелмеген, терең байыппен жоспарланбаған бағдар беру өте қауіпті.
«Ұлттық дәстүрлі құндылықтарымызды медиада дәріптеу арқылы бәрін шешеміз» деген ой өте аңқау сенім. Себебі біз мүлдем басқа уақытта өмір сүріп жатырмыз.
Иә, сол дәстүрлі ұлттық құндылықтарымыз өз уақытында өз қажетіне қарай туындады және дәл сол уақытта өте тамаша жұмыс істеді. Ал енді осындай басқа уақыт пен кеңістікте өмір сүру талаптарына негізделген құндылықтар мен салт-дәстүрді қазіргі уақытқа әкеле алмаймыз ғой. Бұл мүмкін емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет тарпынан медиаға жүктелген ұлттық құндылықтарды дәріптеу «қасиетті» парызының орындалуы барысында бүгін мүлдем басқа нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұдан шығар жалғыз жол — жасанды міндеттемелерден арылып, сақтап қалғымыз келген құндылықтарымызды уақыт талабына сай қайта өңдеп, таңдап-талғап, іріктеу.
Біздің қоғам өз медиасының өзіне қарсы жұмыс істеп жатқанын енді түсініп отырғанда, әлем халқы дата колонизация туралы талдауды әлдеқашан бастап кетті.
Біз соған қаншалықты дайынбыз? Бұған жауап беру өте қиын, өйткені қазір де ақпараттық соғыста еш дәрменсіз күйде отырмыз. Халықтың ақпараттық сауаты туралы сөз айту тіпті қиын.
«Вирусқа ем болады» деп кітап ішінен табылған қылды қайнатып ішетін санаға не айта аласыз?
Сондықтан да қазіргі қазақ медиасы, соның ішінде әлі де абыройы жоғары телевидениенің бұл мәселеге өте салмақты қарайтын уақыты жетті. Жалпылама айтқанда, медиасауаттылық соншалық маңызды тақырып боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ адам еркіндігі тағы сынға түскелі тұрған уақытта бұл тақырып өте өзекті.
Дата-колониализм кезеңінде сіздің жеке бас дерегіңіз алтыннан да құнды болады. Мұндағы басты назар аударатын нәрсе: ол – халықтың медиасауаттылығын көтеру.
Тәуелсіз медиалар, үкіметтік емес ұйымдар осы бағытта өте жақсы жобалар жасап жатыр. Ал телеарналарда медиасауат, медиасауаттылықты арттыру туралы сапалы бағдарламалар, хабарлар жоқ. Кибершабуыл, хакерлер туралы аз-кем репортаждар шығады.
QAZAQSTAN телеарнасында «Елдің баласы» атты жаңа телехикая жарыққа шықты. Басты рөлдегі ауыл баласы өскенде программист болуды армандайды. Бұған себеп – ауылында интернет байланысы өте нашар.
Мектеп бітірген соң it-маманы боп, ауылын осы қиындықтан құтқарғысы келеді.
Дәл осындай идеяға жетелейтін шынайы және заманауи қажет құндылықтарды дәріптейтін, жаңа заман адамының бейнесін, арман-тілегін көрсететін сериалдардың көбеюі өте маңызды.
Алдағы уақытта отандық телеарналар медиасауат тақырыбында бағдарламалар дайындап, көрсететіне үміттенеміз.
Аптаның басты тақырыбы 8 наурыз мерекесі болғаны әмбеге аян. КТК телеарнасының «Большие новости» бағдарламасы 7 наурызда эфирге шықса да әйелдер туралы көп көрсетті. Ал «Хабар» телеарнасының материалы шошытты. Барлық телеарна коронавирус тақырыбында сюжет беріп жатыр. Әрқайсысы өзінше бір ерекшелік табуға тырысады.
Эксклюзив материалдар да көп. КТК телеарнасы Ақтөбедегі санаторий жағдайын көрсетсе, QAZAQSTAN телеарнасы бір емес, бірнеше жарылыс болған Арыс тұрғындарының мәселесіне назар аударды.
Тұрақты шолуымызға КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Интернетте Ақтөбедегі «Чайка» облыстық балалар сүйек туберкулезі санаторийінің тәрбиешісі осындағы 10 жасар баланы ұрып-соққан видео тарады. Аптаның басты әрі эксклюзив (басқа телеарналар көрсетпеді) тақырыбы осы. Журналистер мекеме басшылығымен де, соққыға жығылған баламен де сөйлесіпті. Басшылық та аң-таң. Тәрбиешіні жұмыстан босатып, (осы көріністі сырттай бақылап тұрған, бірақ еш тоқтатпаған қызметкерді де жұмыстан шығарыпты) қылмыстық іс қозғаған. 10 жасар бала әкесінің кім екенін білмейді, ал ішкілікке салынған анасын төрт жыл бұрын ата-ана құқығынан айырған. Десе де тілшілер баланы «тұл жетім» деп атады. Материалда барлық тараптың комментарийі, тіпті «баланың мінезі қиын» деп айтқан қызметкер сөзі де бар. Баланс сақтауға тырысқан. Сюжеттегі эмоциялар ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Екінші жаңалық – Семей қалалық сотының Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешімі. Судьяның сөзінен кейін қоғам белсенділерінің бұл шешімді қуана қабылдаған сәтін көрсетті. Екі саясаттанушы комментарий беріпті. Досым Сатпаев бұл саяси шешім екенін, кейбіреулер бұдан да бетер ақша жымқырып, бірақ сытылып кетіп жатқанын айтса, Әшімбаев мұнымен келіспей, бұл экономикалық дау екенін, саяси қуғындау белгілері жоғын айтады.
Коронавирус барлық бағдарламаның міндетті бөліміне айналды. КТК телеарнасы да сюжет жасап, әлем және Қазақстан жаңалықтарын жинап берді. Коронавирусқа қарсы екпе дайындау процессінің қалай боп жатқанын да айтып өткенде жөн еді. Айтпады. Әдемі креатив стендап ерекше атап өту әбден лайық.
«Большие новости» бағдарламасы сенбі күні кешкісін эфирге шығады. Бұл жолы 7 наурызға тура келді. Халықаралық әйелдер күні болмағанымен де әйелдер өміріндегі аса қиын тақырып – харрасмент жайында сюжет әзірлепті. «Флирт пен харрасменттің аражігі қайсы?». Журналистер осы сауалды ортаға тастайды.
Бұл сюжетті жасауға қазақстандық әнші DEQUIINE-нің екі рэперді (Кисло-сладкий және Bonah) омырауын сипалап, белінен төмен қол жүгірткені үшін айыптағаны түрткі болған. Рэперлер кешірім сұрады: мас болғанға ұқсайды. «Әрине, бұл олардың әрекетін ақтамайды»-,деді жүргізуші Анна Яломенко. Сюжетте харрасмент тақырыбынан бөлек, елімізде мұны дәлелдеудің қандай қиын екенін де айтады. Барлық тарапты (тіпті еркектерге болысып, әйелдерге: «жағдайды ушықтырмау» керегін айтқан Тәңірберген Бердіоңғаровты да) сөйлеткен. Сюжет авторлары тиісу мен зорлыққа ұшыраған жәбірленушілерді еш табаламайды (болған жайтқа оларды кінәлі етіп көрсетпеді). Әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары сюжет.
«7 күн», «Хабар»
«7 күн» бағдарламасы қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтаудан және апта ішіндегі басты тақырыптар аңдатпасынан басталды. Аңдатпаға енген тақырыптардың бірі – қытай коронавирусы әкелген өзгеріс – бұқаралық іс-шараларды тоқтату.
Президенттер туралы дәстүрлі бөлімнен кейін «Цифрландыру» сюжеті шықты. Мұнда тілші «Қазпошта» роботымен сөйлесіп, олардың қалай жұмыс істейтінін әңгімеледі. Контраст ретінде Берёзовка ауылы тұрғындарын көрсетті. Олар байланыс желісін іздеп, ауыл ішін аралап кететіндерін айтады. Ауылдарды интернетке қосу, жалпы байланыс сапасын жақсартуға «Асқар Жұмағалиев басқаратын министрлік» жауап береді. Министр Жұмағалиев барлық ауылды 2020 жылдың соңына дейін интернетке қосуды жоспарлап отыр.
Цифрландыруға қаржы ұдайы бөлінсе де кейбір «жекелей министрліктердің» сатып алатын құрал-жабдығы «түпкі мақсатқа арналмаған» («не работает на общие цели» — түпнұсқа). Қай министрліктер? Қандай құрал-жабдық? Неліктен «түпкі мақсатқа арналмаған», онда неліктен сатып алады? Бұл сұрақтарға жауап жоқ.
Баланс сақтау үшін жетістіктерді: электронды еңбек биржасы, еңбек құжаттарын цифрлау, «Сергек», мектептердегі бейнебақылау камералары, әкім қабылдауына электронды жазылу және тағы басқасын айтып өтті. Сюжетке қазақстандықтардың несие қарызын кешіруді неліктен қосқаны түсініксіз? Мұның барлығы банктердің базаны уақытылы жаңартпауы себебінен туындаса, онда мұны түсіндіру керек. Қаржы тұрғысынан да қандай да бір байланыс жоқ. Осы тұста сарапшының комментарийі қажет-ақ, бірақ сарапшыға сөз бермеді.
Коронавирус туралы дәстүрлі бөлімде: барлық жаңалықты хабарлап, тіпті үкіметтің шектеулерін «жақсы» деп бағалаған адамдарды сөйлетті.
Денсаулық саласын «Вопрос жизней» сюжетінде де талқылады. Трансплантология тақырыбына арналған сюжетте хикаялар да, статистика да бар. Дәрігерді де, дін өкілін де сөйлеткен сюжет тақырып төңірегіндегі қауесет пен үрейді сейілтуге тырысыпты.
Бағдарлама МӘМС тақырыбына жалғасты. Медсақтандыру аясында алғашқы тегін операциялар да жасалыпты. Жақсы сюжет, дәрігерлер де, сарапшылар да, бұқара да бар.
Ал 8 наурызға арналған сюжет еш сын көтермейді. Бағдарлама авторлары әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай, баланс сақталмаған, манипуляция байқалатын сюжет дайындаған. Қазақстанда 8 наурызды атап өтуге қарсы әйелдер барын айтқан жүргізуші де, стендапында:«Еркектердің үйдегі бар шаруаны атқаруды уақытша өз мойнынан алып, сүйіктілеріне сыйлық бергенде тұрған не бар екен, тәйірі? Біз осыны қыз-келіншектер қауымынан сұрап көрдік» деп айтып, сосын «Сіздіңше 8 наурызды тойлау керек пе?» деп сауалнама жасап, манипуляция мәндегі сұрақ қойған тілші де «әйелдер мерекесінің шырқын кейбір әйелдер бұзады» деген ой айтқысы келгендей көрінді.
Бағдарлама әнші Қайрат Нұртастың Алматыдағы Көк базарды әндете аралап, сондағы әйелдерге гүл сыйлаған видеосымен аяқталды. Әйелдер қосыла ән шырқайды.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» эфирі 8 наурыз мерекесімен құттықтаудан басталды.
Nur Otan партиясының жастар қанаты университеттердегі жемқорлық бойынша жасырын сауалнама жүргізіпті. Сауалнама жауаптары қылмыстық іс қозғауға түрткі бола алмайды. Тек жалпы мәлімет үшін айтылады. Ал жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері және бір істің басын ашыпты. Бұл «Аналитика» бағдарламасының жемқорлық туралы сюжетіне алғысөзі (жалпы соңғы уақытта бағдарламаның әр эфирінде жемқорлық тақырыбы шығып жүр). ҚазАгро топ-менеджерлері шаруаларды қаржыландыруға бөлінген ақшаны жеке депозиттеріне салған. Бағдарлама авторларының жақсы көретін тәсілі – фильмдерден үзінділер қосады. Бұл жолы кеңестік фильмдерден үзінділер алыпты.
Күн дерегі — «әуежай комиссиясының келісімінсіз қорғау аймағында 100 мың құрылыс нысанын тұрғызған». Тақырыптан бейхабар адамға «қорғау аймағы» дегеннің не екені түсіне қоймайды. Келісімді неліктен әуежай комиссиясы береді? Неге әкімдік пен салалық министрліктер бермейді?
Коронавирус туралы сюжетте барлық жаңалықты жинаған. Коронавирус туралы вайндарды қосып, Plague Inc ойынын да айтып өтті. Бұл ойында адамзатты вирус арқылы жояды. Соңғы уақытта тез танылып, сұраныс артқан ойын. Пайдалы мәліметтер де, мәселен 10 күнге арналған азық-түлік себетін жасақтау туралы кеңес бар. Жазға қарай эпидемия тоқтайтыны туралы болжам да келтірді (ал КТК телеарнасында мұның неғайбіл екенін айтқан).
Бағдарлама Мұхтар Жәкішев туралы жаңалықты да айтты. Жалпы Мұхтар Жәкішевтің түрмеден шығатынын тек «Хабар» телеарнасы көрсетпегенге ұқсайды.
Әлем кинематографиясындағы Қазақстан. Осы сюжетте кинотанушылар Олег Борецкий, Карим Кадырбаев және саясаттанушы Расул Жұмалы комментарий берген. Тілші Борат фильмі шыққанға дейін және кейін Лондонға барған сапарларын еске түсірді. Айтуынша, сол фильмнен кейін Қазақстан әлемге танылып, интернеттен Қазақстан туралы мәлемті іздейтіндер көбейген.
Қылмыс хроникасында Алматы облысында үй өртеніп, үш сәбидің көз жұмғанын, Қостанайда еркек пен бірнеше қызды құлдықта ұстаған ер адамға сот үкімі шыққанын, Қостанайда екі адамды бөлшектеп өлтіргенін, Нұр-Сұлтанда ер адам итті жеп қойғанын хабарлады. Итті жеп қойған ер адамның бет-жүзін ашық көрсетті. Ол өзінің еш өкінбейтінін айтады. Бетін көлегейлеп жаппады. Енді ашулы адамдар ол еркекке қауіп төндіруі мүмкін екені журналистердің қаперіне де кіріп шықпаған сияқты.
8 наурызға арналған сюжетте әйелдер туралы цифрды сөйлетті: 1000 еркекке 1064 әйелден келеді, мектептерде ер мен әйел үлесі тең, колледжерде жігіттер, ал университеттерде қыздар үлесі басым. Ер адамдардың айлығы әйелдердің айлығынан көп. Үкіметтегі қызметкерлердің 40%-ы – әйелдер, алайда еркектердің қызмет лауазымы жоғары.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан қыз-келіншектерін 8 наурыз мерекесімен твит-құттықтауынан басталды. Ізінше жас күнінде қызылша өсірген және 19 жасында механизатор болған екі зейнеткер әже туралы сюжетке жалғасты. Материал авторлары «Хабар» сюжетімен салыстырғанда мерекенің түпкі мағынасын дұрыс түсінген сияқты. «Біздің еңбекқор қыз-келіншектер қандай ғанибет», деген мән жатыр. Ссюжет тым созылыңқы. Ұзақтығы 5 минут сюжетті 3 минутқа сыйдыруға болар еді.
Коронавирус сюжетінде соңғы жаңалықтарды айтып, Ирандағы этникалық қазақтар мен Италиядағы қазақстандықты сөйлетті. Олар сондағы жағдайды баяндады. Сюжетте қолды жиі әрі ұзақ жуу керек екенін еске салды.
Apta авторлары өткен жылы Арыста болған жарылыс салдарына сюжет арнады. Жергілікті ондаған кәсіпкер әлі күнге дейін өтемақыны мүлдем не толық алмағанын айтады. 10 айдан бері бизнесі тоқтап тұр. Көп комментарий бар. Әйтсе де сюжеттен кәсіпкерлердің неліктен өтемақы алмағаны сол күйі түсініксіз боп қалды.
Таразда жиналған ақшаның есебін директордан сұрағаны үшін жұмысынан қуылған ұстаз қызметіне қайта оралды. Ал директорды орнынан алып тастады. Енді ол соттасқалы жатыр. Толымды сюжетте баланс сақталып, түсінікті жасалыпты.
Қазақстандағы мектептердің үштен бірінде спорт залы жоқ. Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебінің негізінде сюжет дайындаған. Сюжет бар мәселені баяндайды, басқа ештеңе айтпайды.
Алғысөзінде «Ішкі істер министрлігін реформалау басталды» дейді. Байқала ма?» деп сауал тастаған сюжетте қызық деректер баршылық. Басты кейіпкер — зейнетке шыққан тергеуші. Ол жұмысында болған оқиғаларды есіне түсіріп, қазіргі ішкі істер органдарының жұмысына неліктен көңілі толмайтынын да айтты.
Apta бағдарламасы да Мұхтар Жәкішевті көрсетті.
Бағдарлама соңында жүргізуші Жайна Сламбек жазушы Ғабит Мүсіреповтың әйелдер туралы айтқан сөздерін оқыды. Әйелдердің әралуан портретін экранға шығарды. Фонда ана туралы ән шырқалды. Осылайша лирикалы мәнде эфирді аяқтады.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.
Осы аптада көптеген қорытынды бағдарлама бірін бірі «қайталады». Етістік сөзді тырнақшаға алып жазуымыздың да себебі бар. Кешегі өткен жеті күннің ең шулы жаңалығы – қаржы пирамидасы сияқты жұмыс істеген бірнеше ломбардтың жабылуы. Бұл тақырыпқа барлығы эфир арнады. Алайда бәрі бірдей толымды сюжет жасамады.
Коронавирус өршіді. Бәрі де коронавирусты көрсетті. КТК телеарнасы коронавирустың екінші ошағына айналған Оңтүстік Кореядан өте жақсы репортаж берді. Бұдан бөлек, өзекті де аз айтылатын тақырып – жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас туралы сюжет дайындапты.
Қыста қар қалың түсті, көктем келді, су тасқыны қаупі жақындады. Қазақстан көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр. Телеарналар бұл жағдайды да күн тәртібіне шығарды.
Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Бағдарлама аңдатпасы лексикалық құрылымы екіұдай ой қалдыратын сөйлемнен басталды: «Балалар ата-анасымен жыныстық қатынас туралы айтудан неліктен ұялады?» («Почему дети стесняются говорить о сексе с родителями?» — түпнұсқасы). Мына сөйлемді қандай екпінде айтсаңыз да, инцест ойымызға оралады. «Балалар ата-анасына жыныстық қатынас туралы айтудан неліктен ұялады?» («Почему дети стесняются говорить с родителями о сексе?» — түпнұсқа) десе де дұрыс болатын еді.
Қазақстанда «күмәнді ломбардтарды» жаппай жауып жатыр. «Ломбард 24» және «Выгодный займ» ломбардтарының басшыларын тұтқындады. 42 мың адам осындай ломбардтарға барлығы 5 млрд теңге ақша беріпті. Адамдар алаяқтар мен қаржы пирамидаларының қармағына неліктен түседі? «Большие новости» бағдарламасының басты тақырыбы осы. Тақырыбы қызық, спикерлері мықты, кейіпкерлері сай табылыпты.
Тек бір сұрақ туындады. Адамдар мұндай батпан құйрықтан үміт етер алдын ойлануы керек. Бірақ, кейбір салымшылар (оларды көрсетті) болған жағдайға шенеуніктерді кінәлап, «осындай мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат берерде қайда қарадыңдар» деді. Расымен де шенеуніктер қайда қараған? Бұл сұраққа не билік жауап бермеді (жауап бермесе, айту керек еді), не бұл сұрақ оларға жетпеген. Тәртіп сақшылары құрғақ деректі: кім тұтқындалғанын, не тәркіленгенін ғана айтты.
Коронавирус туралы соңғы жаңалықтарға арналған бөлім жақсы дайындалған. Қазақстандағы және әлемдегі жаңалықтарды жинапты. Бағдарламаның редакторы әрі журналисі Юлия Яскевич еңбек демалысында Оңтүстік Кореяға барған екен (оның сапары «бұл ел коронавирустың екінші ошағы» деп жарияланғанға дейін басталған). Сеулдегі жағдай қалай екенін көріп, қызық деталдарға үңілген. Барған-жүрген жерін, көргенін шама-шарқынша телефон камерасына түсіріпті. Содан дайындаған сюжеті өте әсерлі шыққан. Журналист жұмысының жарқын мысалы. Нағыз кәсіби маман тіпті еңбек демалысында да бей-жай жүрмейді.
Қазақстандық жасөспірімдерге 16 жасынан бастап дәрігерге өздері баруына рұқсат етеді (қазір 18 жасқа толғанша ата-анасымен бірге баруы керек). Жасөпірімдер ҚР денсаулық сақтау министрінен осыны өтінді. Маңызды тақырыпты ашық талқылаған, мораль оқудан ада сюжет. Жасөспірімдердің бет-жүзін көлегейлеп жапқан. Бір томпақ тұсы – жасөспірімдерді жыныстық тәрбиелеуге қарсы пікірін отбасылық психотерапевт айтты. Шынымен қарсы адамның пікірін білгенде болар-ақ еді.
Мемлекет ешқандай жеңіс әкелмейтін кәсіби футболшыларға айлық төлеуге миллиардтаған теңге жұмсайды. Неліктен? Ал кейбір мектептерде төрт сыныптың оқушылары дене шынықтыру сабағын бір залда бірге өткізеді. Өйткені, зал жетіспейді. Осы тақырыпқа арналған сюжет журналистің дене дайындағы мықты, шымыр екенін дәлелдеуімен есте қалды. Ол стенапында арлы-берлі жүгіріп, кермеге де тартылды. Еш ентікпеді.
Сондай-ақ, азаматтық белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында көз жұмғанын «Большие новости» ғана айтты. Қалған үш бағдарлама ләм-мим демеді.
«7 күн», «Хабар»
Бағдарлама Елбасының кездесуінен басталып, бұған 9 минут арнады.
Авторлар Қордай ауданындағы жағдайды назарда ұстайды. Дәлірегі, Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына аттанып, өзі көрді. Журналистер де барды. Президент ауыл тұрғындарымен кездесті. Тілшілер де ауыл жұртымен сұхбат құрыпты. Бәрінің де айтары бір: бейбіт өмірді қалайды. Содан кейін материал желісі спортқа ойысты: ауылда спорт кешені бар екен, оқушылар футбол ойнайды. Керемет-ақ. Сюжет желісі тағы да өзгеріп, қайта Тоқаевқа ауысты. Президенттің дүнгендермен кездесуін көрсетті. Дүнген жұрты кешірім сұрады. Президент мұның барлығы өткен шақта қалуы керек екенін, мұнда билік құрылымдарының да қатесі барын, әрбір халықтың мәдениетіне құрмет көрсетіп, балаларды достыққа үйретуді айтты. Контрабанда туралы да сөз қозғады. Президенттің сөзінше, екі контрабандашылар тобы кірістерін бөлісе алмағанға ұқсайды. Осы тұста жаңалықтан хабарсыз адам таңырқап, не болғанын сұрайтын еді. Бэкграунд жоқ.
Аптаның басты тақырыбына айналған ломбардтар және соның төңірегіндегі қулық-сұмдықтарға үшінші тақырыпты арнады. Сюжетте алданған адамдар, Ақтөбе полиция департаментінің өкілдері бар. Күдіктілердің қалай жұмыс істегенін айтып, ломбардтардың тарихын баяндап, психологтан комментарий алып, өнер жұлдыздарының видеосын қосқан. Олар осы ломбардтарды жарнамалағаны үшін кешірім сұрайды. Жалпы қызық та жақсы сюжет дайындапты. Алайда «билік қайда қараған, мұндай мекемелердің жұмыс істеуіне қалайша рұқсат еткен» деген сұраққа тағы да жауап болмады.
Келесі екі тақырып та «Большие новости» тақырыптарымен ұқсас шықты («әдейі солай жасады» деп ойламаймыз, «Хабар» телеарнасы соңғы кездері расымен де өзекті тақырыптарға назар аудара бастады). Коронавирус және спорттың дамуына кедергі болатын мәселелерді көрсетті.
«Он-лайн трафик» сюжетінде Оралдағы нашақорлықты көрсетті. Қымбатты редакторлар, сюжет «Онлайн трафик» деп аталауы керек, өйткені солай жазылады. Материалда ақпарат тым көп, есірткіге тәуелді кейіпкер, дәрігерлер, сарапшылар және полицейлер бар. Ақпараттың көп болғаны соншалық, тіпті есірткіні қайдан тауып, қалай сатып алуға болатынын да айтты. Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан күмәнді-ақ.
«Большая вода» сюжеті шығысқазақстандық 10 жасар Сашаның хикаясынан басталады. Ол үйінен аялдамаға дейінгі жолды қардан аршиды. Үйді шатырына дейін қар басып қалған. Тілші тұрғындардың қар астынан қалай шығып жатқанын көрсетті. Жұртшылық су тасқыны болуын үрейлене күтіп отыр. Сюжеттің мән-мағынасы, айтпақ ойы біреу: егер үйіңізді су ала бастаса, мемлекет сізді шығарып алып, палаткаға жайғастырып, тамақтандырады, психолог көмегін ұсынады.
«7 күн» бағдарламасы 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған сюжетпен аяқталды. Бұл мерекені 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, бекітілген. 1 наурызды тойлату – бұл елдегі барлық этностардың бір-біріне құрметін білдіреді. Позитив тұнған әп-әдемі сюжет.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Коронавирус сюжеті «Миссия невыполнима» фильмінің кадрлерінен басталды. Фильмнің түсірім тобы Италиядағы жұмыстарынан кейін карантинге жабылды. Басқа бағдарламаларда болмаған қызық деталь. Бағдарлама шеф-редакторы Олег Журкевич материалын: кеңестерге құлақ түріп, рекомендацияларды орындап, өсек-аяңға сенбеу. Міне, мұның барлығын да орындауға болады, деп аяқтады.
«Аналитика» Қазақстандағы митингтер тақырыбын қозғады. Бұл тақырып өткен аптада талқыланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев твит жазған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасын әзірледі. Бағдарлама жүргізушісі заң жобасын қоғамдық талқылау жүріп жатқанын айтқанымен материалда қоғам өкілдері жоқ. Материал Tengrinews.kz сайтының 29 ақпанда Алматыда өткен тығыз құрылыс салуға қарсы рұқсат етілген митингінен түсірген фотосуреттері мен мұрағаттағы кадрлерден құралыпты. Алайда «Аналитика» бағдарламасы 1 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтанда және тағы бірнеше қалада рұқсат етілмеген митингтер өтіп, белсенділер тұтқындалғаны туралы ештеңе айтпады.
Ломбард төңірегіндегі дау-дамай тақырыбындағы сюжеттен «Мемлекет алаяқтардың адамдарды алдауына қалай жол бергені» жөнінде сұраққа жауап бар. Сарапшылардың түсіндіруінше, ұйымның ломбард жұмысын жүргізуге лицензиясы болған, бірақ клиенттеріне көп табысты уәде етіп, басқа операциялармен айналысқан. Сюжетте көрерменге кеңес те бар: құжаттарын тексеріңіз, заңгерлермен ақылдасыңыз және күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз.
Атырау облысындағы перинаталды орталықта болған сұмдық жағдайды көбі ұмытып кетсе керек. Осы арада сот бірінші шешімін шығарыпты. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарған экс-шенеунік Мәншүк Аймұрзиеваны «Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 млн теңге айыппұл салды. «Аналитика» авторлары ұмытылуға айналған тақырыпты ұмытпады.
«Жаңа жылға 305 күн қалды. Мұны не бізге, не сізге емес, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке арнап есептедік» деді бағдарлама жүргізушісі. Министр жыл соңына дейін халық саны 250 адамнан асатын барлық елдімекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге уәде берген. Бұл «Аналитика» бағдарламасының министр уәдесін бақылауға алып, ұдайы тексеріп, нәтижесін жария етіп отыратынын білдіре ме? Түсініксіз.
Бағдарлама соңында Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарымен кездесуін көрсетті. Материалды жасауға Алғыс айту күні түрткі болыпты. «Хабар» эфирінен айырмашылығы, мұнда контрабандашылар арасындағы талас нұсқасы жайында егжей-тегжейлі айтты. Демек, осы нұсқа негізгі негізгі боп есептеледі.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама авторлары Тоқаевтың Қордай ауданына барғанын аптаның басты тақырыбы санапты. Тілшінің айтуынша, мұнда ақпан айында «жаппай тәртіпсіздіктер» болған. Сюжет алғысөзі президенттің сөздерінен құралды. Материал мейлінші тірі шыққан. Мемлекет басшысының айтқан өткір сөздерін қиып, берді. Ол жергілікті шенеуніктер дүнген кәсіпкерлерінен үнемі ақша алып отырғанын, контрабандашылар жайын да айтты. Президенттің айтқан нұсқасы тағы да бэкграундсыз болды. Парақорлық пен контрабанда туралы кәсіпкерлерден де, тұрғындардан да, жергілікті шенеуніктерден де, полицейлерден де ештеңе сұрамады.
Қаржы пирамидасына айналған ломбардтар туралы сюжет толымды жасалыпты. Кейіпкерлер сөйледі, сарапшы-экономисттер, психологтар, заңгерлер және тағы басқасы пікір айтты.
Коронавирус туралы блокта Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандық блоггер елдегі жағдайды баяндады. Оның мәтіні алдын ала құрастырылып, бағдарлама авторларымен келісілгені байқалды. Десе де «жатыр», «жатыр» сөздері әрбір үшінші сөйлемде қайталанды.
Астананың коммуналды қызмет жұмысшылары туралы сюжет өте әсерлі шыққан. Мұндай тақырып әрдайым әсерлі болады. Қала тазалаушылардың көптеген синхроны бар. Олар жұмыс ауыр, жалақы аз екенін айтады. Шенеуніктерден де комментарий алыпты.
Су тасқыны туралы сюжетті Қарағанды облысынан дайындапты. Мұндағы жеті ауданда су тасу қаупі бар. Сюжет тым ұзақ, жеті минутқа созылады. Бірақ сюжетте айтқанды 2 минутқа сыйдыруға болар еді.
Қазақстандық әншілер неліктен фонограмманы пайдаланады? Қызық сауал. Бірақ, бұл сауалға көбіне көп жанды дауысты ән айтатындар жауап берді. Олардың тек жанды дауыста ән шырқайтынын қалай ғана тексерді екен? Сюжетте «фонограммамен ән айтатын» әншілердің видеосын көрсетті. Әйткенмен, олардан неліктен фонограмма пайданатынын сұрамады? Жауап бергенінің де сөзі екіұдай шықты.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолуын тұрақты жүргізеді және апта сайын жариялайды.
Осы аптада қорытынды бағдарламалардың алғашқы тақырыбы бірін бірі қайталамады. Бағдарлама авторларының анық таңдауы болмағаны байқалды. Бірі ломбард айналасындағы дау-дамайды басты тақырып етсе, тағы бірі Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының таяуда өтетін кеңейтілген отырысына дайындықты көрсетті. Енді бірі қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен бастады. Тақырыптар әралуан болды. «Хабар» телеарнасы медицина мәселелеріне ден қойса, КТК ажырасуды айтты, сондай-ақ жасөспірімдер суицидіне QAZAQSTAN да, КТК да сюжет жасапты. «Аналитика» бағдарламасы әлеуметтік баспана мен жұмыссыздықты көрсетті.
Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламалары енді.
«Большие новости», КТК
Бағдарлама авторлары «Гарант 24» ломбардының айналасындағы шуды аптаның басты тақырыбына балапты. «Сенгіш аңғал» азаматтардың тез-тез байып кетуді көздеп, жиған-тергенін алаяқтарға беріп қойғанын қысқа ғана айтып өтті.
Бағдарламының екінші тақырыбы – митингтер туралы заңға түзетулер. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы өзгерістерді заңгерлер және қоғам белсенділерімін талқылау үшін Алматыға ұшып келді. Салалық министрлік ұсынған түзетулер қоғам белсенділеріне ұнамады. Митинг өткізу жөнінде 15 күн бұрын билікке ескерту керек, онда да жиынға тыйым салуы мүмкін. Сондай-ақ, түзетулер бейбіт жиынға қатысатындардың санына шектеу қояды. Бірақ, қатысушылардың санын қалай бақылайтыны түсініксіз. Құжатта мұндай «түсініксіз» тұстар көп. Беделді тұлғалардың, атап айтқанда құқыққорғаушы Евгений Жовтистің, Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибутовтың, журналист Сергей Пономарёвтің синхрондары бар. Өте ұғынықты материал дайындапты. Министр Абаевқа да сөз берген. Ол көптеген ескертуді ескеруге уәде берді.
Айтпақшы, сенбі күні Алматыда бірнеше адам рұқсат етілмеген наразылық акциясын ұйымдастырмақшы болды. «Большие новости» сенбі күні кешкісін шыққанымен де бұл туралы айтпады.
Бағдарламаның алғашқы үлкен материалы өткен жылдың соңында Алматы маңына құлаған Bek Air ұшағы апатын тергеу ісі қалай жүріп жатқанына және осы қайғылы оқиға кімнің өмірін қалай өзгерткеніне арналды. Компания ұжымы екі айдан бері жұмыссыз отыр. Табыс көзі болмағандықтан жағдай мүшкіл. Олар президентке көмек сұрап хат жазды, бірақ Ақорда әлі жауап бермеді. Тергеу аяқталмаған. Материалдағы кейіпкерлер – механиктер, олардың кейбірі қазір автокөлік жөндейді, енді бірі такси қызметінде жүр. Сюжетте компания қызметкерлерін көрсеткенімен басшылығынан комментарий болмады. Олардың журналистермен әңгімелесуге уақыты да жоқ сыңайлы: ұшақ соқтығысқан үйдің иесімен соттасып жатыр екен. Бұл туралы алғысөзде хабарлап қойды.
Қазақстанда түрлі жәндіктер мен тышқандарды улайтын дәрілерді сатуға ресми түрде тыйым салынды. Келесі сюжеттің тақырыбы осы. Журналистер базарларды аралапты. Онда кенеге қарсы тек дуст ұнтағы ғана сатылады. Қаласаңыз, тағы басқасын алуға болады. Күмәнді ұнтақтарды қолданғаннан көбіне ересектер де, балалар да уланып қалып жатады. Дезинспекторлар: енді гі ахуал тіпті нашарлайтынын, тауарлар қара нарыққа кетіп, дәрілердің бағасы өсіп, ниеті дұрыс мамандар зардап шегетінін айтады. Жақсы сюжет, толымды жасалған, барлық тараптың пікірі мен көп пайдалы ақпарат бар.
«Больше деталей» айдарының тақырыбы – жасөспірімдер суициді. Өткен жылы Қазақстанда 180 бала өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл тым көп. Жыл өткен сайын жағдай нашарлап барады. Балалар 150 телефон нөміріне звондап, психолог көмегін алуына болады. Мамандар бұған баласын қатаң бақылауды ұстайтын және баласына қарамайтын ата-аналарды да қатар кінәлайды. Түйін біреу: жағдайды психологтардан бұрын тек ата-ана өзгерте алады.
Осы тақырыптың әлеуметтік жауапкершілікке сай келуі тұрғысынан сұрақтар туындады. Медиа мамандары өзіне-өзі қол жұмсау тақырыбында материал дайындағанда суицид әрекетін бейнелейтін фотовидео пайдаланбауды ұсынады. Ал КТК материалында мұның барлығы бар. Бұдан бөлек, алты жыл бұрын өзіне-өзі қол жұмсамақ болған қыздың хикаясы өте әсерлі шықты. Алайда мұндайды мүлдем көрсетпеген жөн: өйткені, сезімтал жасөспірімдер «менің де жағдайым осындай ғой» деп қабылдауы және осылайша «суицидті тығырықтар шығатын жол» деп қарастыруы әбден мүмкін.
Суицид тақырыбынан ажырасуға ойысқан авторлар Қазақстанда некелесу көрсеткіші төмендеп, ажырасу көбейгенін айтты. Тақырып өзекті. Кейіпкерлер де, спикерлер де ұтымды таңдалған. Журналистерге айтарымыз: егер кейіпкеріңіздің тісіне ерін далабы жұғып қалса, онда мұны кейіпкерге айтыңыз.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерше шыққан сот үкімдері туралы ақпараттан басталды.
Келесі сюжетте тілші көне Мысыр заманын еске түсіретін студиядан стендап жасады. Пирамида бейнелеген фондағы журналист қазақстандық теңгеге айналып кетті. Автор қаржы пирамидалары туралы материалды осылай бастады. Сюжетте көп адам зиян шеккен МММ қаржы пирамидасын еске түсірді. XXI ғасырдың қаржы пирамидалары мессенджерлерді қалай пайдаланатынын түсіндіріп, «Ломбард. Гарант 24» және Gold ұйымдарына ақша салып, барынан айырылғандарды көрсетті. Материалда құқық қорғау органдары өкілдері мен сарапшылар, заңгерлер және психологтардың пікірі бар. Олар қаржы пирамидаларының жұмыс принципін түсіндірді.
Әлеуметтік баспана беру туралы материал қызық стендаптан басталды. Журналист жаяу жүргіншілер жолында ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың фонында тұрды. Адамдар жылдам қозғалады. Мұндай эффект автордың сөзін ұтымды ете алмады.
Сюжетте мемлекеттен жеңілдікпен берілетін баспана алған кейіпкерлер көп. Пәтер алуға қатысу конкурсында кімдер жеңетінін айтты, шенеуніктер түсіндірді. Кадр сыртындағы мәтінде бірнеше лексикалық қате бар. «Переступают порог всерьёз и надолго» және «стабильное жильё» тіркестері мәтінді көркемдейтін-ақ шығар, бірақ бұл қате.
Коронавирус таралуы туралы егжей-тегжейлі сюжетте ДДСҰ мен қазақстандық вирусологтардың комментарийлері, Уханнан эвакуацияланған қазақстандық студенттердің сұхбаты бар. Оларға карантин уақыты аяқталыпты. Қытайда коронавирус жұқтырған науқастарды Зайсанға әкеліп жатқаны туралы жалған ақпардан шошыған жергілікті тұрғындарды көрсететін әуесқой видеоны да пайдаланды.
Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич Қазақстандағы жұмыссыздық және «жұмыс күші көп өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін облыстарға қоныс аудару» бағдарламасы туралы материал дайындапты. Бұған ел астанасында аймақтардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуі себеп болған. «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне көп адам келіп, абыр-сабыр бола қоймады, не дегенмен «ет сату жәрмеңкесі» емес ғой» деді тілші. Сюжетте өңірлерге барғысы келетіндер де, астанада қалатындары да бар.
«7 күн», «Хабар»
Бағдарлама жүргізушісі Александр Трухачев алғысөзін бүгінгі эфирде медицина тақырыбы көп екенінен бастады. Осылайша бағдарламаның бағытын негіздеп, «Эксклюзивное интервью» айдарында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен сұхбат болатынын хабарлап өтті.
Хабар» телеарнасы «7 күн» бағдарламасында президенттерден гөрі коронавирус туралы айтса, керемет бағдарламаға айналады екен.
Әйткенмен, президенттерсіз болмайтыны анық. Міне, сондықтан да медицина тақырыптарынан бұрын Елбасының Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының отырысын шақыру қаулысына қол қойғанын хабарлады.
Содан кейін уәде еткендей коронавирус тақырыбына ойысты. Қазақстанда ресми тіркелген науқас болмаса да қаңқу сөз тарап жатыр. «Вирус үрейі» («Страх вируса» — тұпнұсқа) сюжеті Петпопавловскте тұтас отбасыны ауруханаға жатқызудан басталды. Диагноз расталмады. Уханнан эвакуацияланғандар да жұқтырмаған, оларды карантиннен шығарды. Жалпы алғанда, материалға тақырыпқа қатысты барлық жаңалықты жинапты. Толымды, қызық әрі жақсы сюжет.
Тоқаев Орталық Азия аймағында көш бастайтын ұлттық кардиоорталыққа барды.
Осы тұстан бастап отандық медицинаның артықшылығынан кемшіліктеріне ауысты. «Әйтеуір тірі қалу» («Выжить любой ценой» — түпнұсқа атауы) сюжетінде шалғай аудан-ауылдардағы медицинаның жағдайын көрсетті. Байланыс нашар, қайта хабарласып, мекенжайды нақтылау мүмкін емес, жедел жәрдем көлігі бұрыс мекенжайға келеді. Ем алушылар қызмет сапасын, мерзімін, кезек көптігін, дәрігерлер жетіспейтіні, құлағалы тұрған емханалардың жайын айтып, шағымданады. Дәрігерлер жүктеменің көп екенін, тіпті қағзадан бас көтертпейтінін, бұған қоса тұрғындарды аралап шығу керегін айтып, шағым етеді.
Электронды қосымша мәселенің шешіміне айналар-ақ еді, бірақ ауылдарда интернет нашар. Бәрін қағазға түсіруге тура келеді. Проблеманы мейлінше ашып көрсеткен, дәрігерлер мен ем алушылардың комментарийі, тіпті шенеуніктердің пікірі бар толымды сюжет. Мәселені шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды да айтып өтті.
Біртановпен сұхбат қызық та өзекті, шынайы шықты. 10 минут сюжетті бір деммен қарайсыз.
«Хабар» да Bek Air ұшағы апатын тергеу қалай жүріп жатқанына эфир арнады. Мұнда ұшақ соғылған үй мен компания қожайындарының арасындағы сотқа маңыз берді. КТК телеарнасы тек үй иесінен пікір алса, «7 күн» авторлары компания қожайындарын да сөйлетті. Қызық ақпар көп.
Қаржы пирамидалары туралы сюжет қызық видеоанекдоттан басталып, материалдың сәнін кіргізді. Кейіпкерлер, шенеуніктер, сарапшылар сөйлейді. Алаяқтардың кәдімгі айла-тәсілдері мен ломбард төңірегіндегі дау-дамайды да көрсетті. Танымдық мәні, пайдалы ақпары көп сюжет.
Қаржы пирамидалары сюжетінің авторы Марат Тұқатов интернет-сауда туралы да материал жасапты. 2019 жылы қазақстандықтар 18 млн тауар сатып алуға 700 млрд теңге жұмсапты. Сарапшылар мен интернет-дүкен иелерінің пікірін бөлек, сатып алушыларды да сөйлету керек еді. Алайда, сөйлетпеді.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы авторларының нұсқасында, аптаның басты тақырыбы – қорықшы Ерлан Нұрғалиевтың өлімі бойынша қозғалған іске үкім шығуы болды. Үш сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кессе, тағы төрт сотталушы алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Бағдарлама авторлары сот залынан кадр көрсетіп, Нұрғалиевтың қазасына бір жыл толуына арналған сюжет жасады. Эмоционалды, жан тебірентер сюжет болыпты. Тілші басты мәселені: браконьерлерде жабдығы түгел, жақсы көлігі де, қаруы да бар екені, ал қорықшыларды дым жоғын айтты. Бұл жағдайды өзгерту үшін не жұмыс істеліп жатқанын айтатын шенеунікті сөйлеткенде болар еді.
Ерлан Нұрғалиев кісі қолынан қаза тапқан оқиғада қорықшы Петр Ницык та болған. Ол да зардап шеккен еді. Әйткенмен, оны тек алғысөзде айтып, бірақ сюжетте көрсетпеді.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, есеп берді. Қордайдағы ахуалды баяндады. Біз мониторингте қамтыған төрт қорытынды бағдарламалардың арасынан тек Apta ғана Қордай оқиғасына эфир арнады.
Қызылағаш су қоймасының жарылып, 45 адамның өмірін жалмағанына 10 жыл толды. Осы онжылдықта не өзгергенін баяндайтын сюжетте сол түнгі жан түршігер апаттан аман қалған адамдардың хикаясы бар. Осы апатқа кімдер кінәлі болып, оларды қалай жазалағанын да айтқанда болар еді. Көрерменнің бәрі бірдей біле бермейді. Ұмытып та қалды. Бірақ, мұны айтпады.
Есесіне, алаңдатар деректер айтылды: мәселен, Алматы облысы аумағында су тасу қаупі бар 40 орын белгіленіпті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі мәлімдеді. Сол қауіптің алдын алу үшін не жасалып жатқанын да баяндады.
Көпқабатты үй тұрғындары үй ішінен хостел ашылғанына наразы. Олар хостел қоныстанушыларынан қорқады. Қоныстанушылар төбелеседі, алкоголь ішімдік ішеді. Лифт жиі бұзылады. Заңдарымыз бұл саланы реттемейді. Толымды, баланс сақталған материалда барлық тарапқа сөз берген. Тіпті АҚШ-та тұратын қазақстандықтан Америкадағы хостелдер жұмысы туралы сұрады.
Apta бағдарламасы да жасөспірімдер суициді тақырыбында сюжет жасады. Алғысөзде этикаға жат сәттер бар. Алдын жазғанымыздай, суицид тақырыбындағы материалдарда өзіне-өзі қол жұмсау әрекетін білдіретін сөздерді қолдануға болмайды. Алайда бағдарлама жүргізушісі: «Асылып қапты, көп дәрі ішіпті, секіріп кетіпті, деген хабарды естімейтін күн туа ма?» деп айтты. Сюжеттегі инфографикаға да айтар сын осы.
Түркістан облысындағы жағдайды сипаттайтын статистикада авторлар тұзақ арқан мен ұстараның жүзін бейнелейтін иллюстрация пайдаланды.
Сюжетте психологтар, шенеуніктердің комментарийі бар. Түркістан облыстық адами капиталды дамыту басқармасының басшысы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептерін санамалаған комментарийі атап өтуге лайық.
«Жаңа репортер» редакциясы Қазақстан телеарналарының апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.
Бұл аптада Қазақстанда ірі апаттар болмады. Сондықтан болса керек, апталық қорытынды бағдарламалардың көбі Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданындағы Масаншы ауылының қазіргі жағдайын көрсетті. Мұнда өткен аптада жаппай қақтығыс болған еді. Шу басылған соң мемлекет шығындарды есептеуге кірісті. Журналистер жергілікті тұрғындармен сөйлесті. Ресми түрде «тұрмыстық қақтығыс» деп баға берілгенімен, билік ұлтаралық достық туралы көп айтып жатыр.
Апталық бағдарламаларда түрлі тақырыптарға эксклюзивтер шықты: несиеге белшесінен батып қалудан бастап студенттер үйінің адам шошырлық күйін де, Теміртаудың экологиялық мәселесі мен қазақстандық кедей отбасылардың өмірін (неге екенін, олардың жай-күйіне «Оскар» сыйлығын алған «Паразиттер» фильмі негізінде назар аударды) көрсетті. Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Бағдарлама Қордай ауданындағы қақтығыс оқиғасы туралы жаңалықтан басталды. «Елдімекендер қалпына келтіріліп жатыр». Журналистер 185 адам жапа шегіп, 39 үй жанып кеткенін айтты. Полицейлер жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 25 қылмыстық іс қозғапты. Бағдарлама авторлары қозғалған істер қатарында ұлтаралық араздықты қоздыру бабы жоқ екенін айтады. Министр Дәурен Абаевтың «Билік кінәлілерді қазақтар мен дүнгендерге бөлмейді» деген дәйексөзін келтірді. ІІМ күдіктілердің нақты санын айтпады.
КТК тілшілері апта бойына Қордайда болып, сюжет жасапты. Жергілікті тұрғындармен: куәгерлер, зардап шеккендер, көз жұмғандардың туған-туыстарымен сөйлесті. Шамамен, қақтығыстың басталуына себеп болуы мүмкін оқиғаны (негізінен, осы оқиғаға қатысушылардың бірінің синхроны арқылы) айтты. Сюжет түрлі ақпаратқа толы және мейлінше бейтарап жасалған.
Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастады. Алайда адамдар шын мәнісінде барлығы алдын уәде етілгендей жақсы болмай отырғанын айтады: емханаларда қажет мамандар жоқ, тегін процедураларға ұзын-сонар кезек, тіпті айлап кезекте тұруға тура келеді. Нәтижесінде, адамдар екі рет шығындалады: сақтандыру жарнасын аударады және тегін болуы міндетті қызметтердің ақысын төлейді. Медсақтандыру қоры 1406 нөміріне хабарласып, қызметақысын төлеуге мәжбүрлеген емханаларды атап көрсетіп, шағымдануға болатынын айтады. Ал жұртшылықтың сөзінше, тіпті дәрігерлер де қай қызметтің тегін, қай қызметтің ақылы екенін білмейді.
АҚШ азаматтығын алғалы жатқан бұрынғы қазақстандық Питер Жмутский Америкада медсақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Ұғынықты әрі толымды сюжет. КТК журналистерінің өздері де бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін (теория жүзінде қалай болуы керегін) енді түсініп, Медсақтандыру қоры басшылығының көмегімен бізге түсіндірді.
«Больше деталей» айдарының тақырыбы – қазақстандық студенттер үйінің жағдайы. Айдар жүргізушісі Юлия Яскевич сөзін «Мұнда студенттер өмір сүрмейді, тек ілдәлап күнелтеді» деп бастады. Nur Otan партиясының жастар қанаты – жасотандықтар жатақханаларға тексеру жүргізіпті. Студенттер бөлмесінің адам шошырлық жай-күйін баяндайтын кадрлар. Сюжетте мейлінше толымды ақпарат бар. Әйтсе де түсініксіз тұстары да ұшырасады: мәселен, сюжеттен мемлекеттің жатақхана салып беруге міндетті емес екенін білеміз. Десе де жатақханалар салуды жоспарлап жатыр, шынымен де сала ма? Егер міндетті болмаса, онда неге жоспарлайды? Сөйте тұра мұндай құрылысты жүргізуді мемлекеттің қалтасы көтермейтінін, ал инвесторлар бұл іске ақша салуға әлі дайын емесін айтады. Әлде бәрі де ЖОО-ның қандай меншікте екеніне байланысты ма? Түсініксіз нәрсені түсіндірмеді. Ақыр аяғында, кімнің кімге не салып беруге міндетті екені сол күйі ашылмай қалды.
Қазақстандықтардың несиеге белшесінен батуы туралы сюжет толымды жасалып, баланс сақталған. Несие құрсауынан шыға алмай қалған адамдардың хикаясын көрсетіп, депутаттар мен сарапшылардың пікірін білді. Олардың кейбірі «азаматтарымыздың несиесі көп» деуге келмейтінін, елімізде жағдай қалыпты екенін, орташа есеппен бір адамның несие қарызының мөлшері екі айлық орташа жалақыдан аспайтынын айтады. Сюжет авторлары осы тұста қазақстандықтардың көбі айына 204 мың теңге жалақы алмайтынын еске салады (статистика көрсеткендей, қазіргі таңда Қазақстандағы орташа айлық жалақы мөлшері осы).
Аймақтардағы экологиялық ахуал қазақстандықтарды қалай шошытатыны туралы топтамада экологиялық ахуалды «экология» деп тағы да атады. Өрескел қате емес. Дегенмен де «Большие новости» сияқты сапалы бағдарламаға қойылар талап та жоғары. Ал видеолары экологиялық ахуал жайын сондай ашық та айқын көрсетті.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Бағдарлама Масаншыдағы қақтығыс оқиғасы туралы материалдан басталды. Авторлар оқиға тізбегін түзіп, содан кейін не болғанын көрсетуге уәде берді. Сюжеттің басты ойы — «түрлі ақпараттар тұрмыстық қақтығысты адам қырғынына айналдырған». Сюжетте қырғынқа қатысқандардың қандай да бір этникалық тегі айтылмайды, бірақ әлеуметтік желілердегі өлтірген, үй өртеген, тонаған туралы арандатушылар ақпарына үнемі сілтеме жасайды. Ал кейбір жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұлардың оқиға болған ауылға ешқандай қатысы жоқ екен. Оқиға орнына барған блогер Азамат Ерғали жемқорлық туралы, билік азаматтардың талап-тілегіне құлақ аспағаны жайында айтады. Алайда «Аналитика» авторлары бұл тақырыпқа терең бойламады, арандатушылардың кім екенін түсіндірмеді.
Тілшілер еліміздің мектептеріндегі буллинг мәселелеріне үлкен материал дайындапты. Бұған соңғы аптада Қазақстанда өте қызу талқыланған мектеп оқушыларының жаппай төбелес видеосы себеп болса керек. Әйткенмен нақты сол оқиғаны атамады. Авторлар мектептердегі қудалаудың психологиялық себептеріне үңіліп көрді. Полицейлер бұл мәселені жалғыз өздері шеше алмайтындарын айтады. Мұғалімдер мен ата-аналардан комментарий жоқ. Есесіне, мектепте буллингті басынан өткеріп, қазір психолог болып, жастарға көмектесіп жүрген кейіпкер бар. Сюжетте айтылмай қалған ой мен журналистің «кейіпкер қиындықты еңсеріп қана қоймай, сабақ алғаны» туралы стендапы – ересектердің балаларды қорғауы міндетті екенін балаларды өзін қорғауға үйретумен араластырып жіберді.
Экология тақырыбындағы материал толымды жасалып, баланс сақталған. Виктой Цойдың «Белый снег, серый лед» әні тақырыпқа терең бойлатады. Әнде айтылатын аппақ қар Теміртау тұрғындарының қол жетпес арманына айналған. Мұндағы қар көп жылдан бері қап-қара боп тұрады. Журналистер биліктің пікірін, бірнеше экологтың түрлі комментарийін берді. Негізгі ластаушы «АрселорМиттал» компаниясы мамандарының түсіндірмесін жазып алды. Осылайша Теміртаудағы ахуалды жіліктеп-жіліктеп көрсетіп берді. Алматыны тұмша жапқан қала ретінде көрсетіп, еліміздің ең үлкен мегаполисіндегі мәселені қалай шешуге болатынын айтпады. Жүргізуші алғысөзінде «экология» дегеніміз ғылым» деп тіке айтқанымен мәтінде «қоршаған орта жағдайы» тіркесінің синонимінен аспады.
Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдеріне субсидия беруді тоқтатты. Тауық жұмыртқасын өндірушілер дабыл қағып жатыр. Жұмыртқаның өзіндік құны нарықтағы дайын өнім бағасынан жоғары. Материалда тауық жұмыртқасын өндірушілердің де, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің де комментарийі бар. Әйтсе де жұмыртқаның өзіндік құны неден құралатыны, қандай субсидиялар әлі де берілетіні, және мұның нені білдіретіні сол күйі түсініксіз боп қалды.
«7 күн», «Хабар»
Осы аптаның қорытынды бағдарламасы да алдыңғы аптаның басты тақырыбы – Қордай оқиғасын жалғастырады. Әуелде авторлар Қауіпсіздік кеңесінің Қордайдағы қақтығыс туралы отырысына арналды. Нұрсұлтан Назарбаев отбасыларға көңіл айтып, себептерін талқылады, өткенді еске түсірді. Елбасының сөздері тілшінің тәуелсіздік алған жылдар қандай ауыр болғанын баяндайтын кадр сыртындағы мәтіндерімен бірге берілді. Мұндағы қисын: бәріміз бірге қиындық еңсердік, енді бәріміз достықта өмір сүрейік, дегенге саятын сияқты. Тағы айтып өтсек, Қордайдағы оқиғаға этникалық емес, «тұрмыстық қақтығыс» деп ресми баға берілді. Қауіпсіздік кеңесі отырысында коронавирус туралы да аз-кем айтылды.
Қақтығыс аймағында қазір не боп жатқанын келесі – Масаншы туралы сюжетте баяндады. Тұрғындар үйлеріне оралып, өмір жалғасып, инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр. Адамдардың хикаясын әңгімелеп, бизнесі тып-типыл болған жергілікті тұрғынды көрсетті. Олардың шығынын өтей ме?
Бұл сұраққа қаржы министрі жауап берген болатын, бірақ бағдарламады мұны айтпады. Есесіне зардап шеккен полицейлер туралы айтып, біреуінен сұхбат алды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген тәртіпті жұмыс істеп, жоғалған құжаттарды ресімдеп жатыр. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы «бізге көп араласып, жиі әңгімелесу керек, баларымыздың тәрбиесінде жіберіп алған олқы тұстарымыз бар», деп комментарий береді. Осы сюжетте тергеу қалай жүргізіліп жатқаны туралы толығырақ баяндағанда болар еді. Бірақ, баяндамады.
Масаншыдағы оқиға туралы жалған ақпарат таратқан адамдарды қалай іздеп тапты? Мұны да көрсетті. Жалған ақпар таратқандар эмоцияға ерік беріп, рас-өтірігіне көз жеткізбестен хабар таратқандарын мойындайды.
Медиасауат туралы қызық топтамада жүргізуші Александр Трухачев аналогия келтірді: адамдар қолын жууды, азық-түлік таңдауды, өзіне қарауды үйренді, енді ақпарат гигиенасын үйренуі керек. Сюжетте әбден «сақалы шыққан» фейктерді – кинотеатр орындықтарындағы ВИЧ-инелер, спам-алаяқ, маньяктар фотосын еске түсіріп, жаңадан шыққан фейктер, мәселен коронавирус туралы тарап жатқан жалған ақпараттарды айтты. Тілші фейк-жаңалықты рас ақпараттан қалай айыру керегін де баяндады. Психологтар: шенеуніктердің сенімді ақпаратты жылдам бере алмай, дерек жинап жатқанында, «мемлекетке шығын келтіруді көздейтін адамдар жалған ақпарат таратып», фейктер пайда болатыны, деп комментарий берді. Билік өкілдерінің «жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза тағайындалатыны» жөніндегі ескертулерін көп айтты. Тұтастай алғанда пайдалы материал.
Волонтерлер жылы туралы сюжетке Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі мәртебесі берілгені түрткі болыпты. «Өз адамымыз – билікте, өз адамымыз – мемлекеттің бірінші басшысы» («Свой человек во власти, свой человек — первое лицо государства»-түпнұсқасы),-деді Трухачев. Қызықты материалда волонтерліктің түрлерін айтып, көп хикаялар баяндады. Сюжетте волонтерлер де, олардың көмегіне мұқтаж жандар да, шенеуніктер де, пайдалы ақпарат да бар.
Тағы бір жақсы сюжет – Нұр-Сұлтанның кейбір аудандарындағы қар тақырыбына арналған. Биыл көп қар жауды, енді су тасқыны да болуы мүмкін. Әзір басталып та кетті. Әлеуметтік тақырыптағы сюжетте Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы шенеуніктерді су тасқынына байланысты бір сілкіп алған сәтін де көрсетті. Тұрғындардың да, «Қазгидромет» сарапшыларының да комментарийі бар. Әйткенмен жағдайды қалай реттейтіні, қалай алдын алатыны сол күйі түсініксіз боп қалды. Бәлкім, мұны ешкім де жөнді білмейтін сияқты.
Өткен жылғы қаржы саласындағы заң бұзушылықтар туралы қорытынды сюжетте сарапшылар да, аналитиктер де, пайдалы ақпарат та (салық жеңілдіктері, мұның бюджетке салдары, және тағы басқасы) бар. Бірақ кәсіпкерлер хикаясы жоқ.
Apta, QAZAQSTAN
Эфир басында газдалған тәтті сусындар мен Қазақстандағы жұпыны тұрмыс кешіп жатқан отбасылар туралы екі сюжетке аңдатпа көрсеткенімен, бағдарлама ресми хабардан басталды: Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясына қатысып, халықаралық ұйым жетекшілерімен және бизнесмендермен кездесті. Сюжет президент пулында болған тілші Ербол Мәндібектің Мюнхен қаласына және тұрмысына тамсанған стендапынан басталды. «Біріншісі, мәдениет пен құндылықтардың өте жоғары бағалануы. Екіншісі, отбасылық кәсіп. Содан соң мұнда мемлекетіне міндетсінген немесе билігіне бұлданған бір де бір немісті байқамадық. Мүмкін жақсы өмірдің нышаны осындай болу керек шығар. Оған аса қатты бас қатырмадық та. Ал енді жаңағы отбасылық бизнеске қайта оралып, сюжеттің әлқиссасын содан бастаймыз» деген тілшінің «мемлекетіне міндетсінген», «билігіне бұлданған» тіркестерін неліктен қолданғанын түсіну қиын. Өзі де ашып айтпады. Бәлкім, бұл ешқандай мағынасы жоқ, тек бас әріптері ұқсас сөздердің тіркесі ғана ма екен?!
Сюжет әдепкі қалыптан аспады. Хаттама кадрлардан, хаттама мәлімдемелерден құралған. Нақтылық, деталдар жетіспеді. Мәселен, тілші: «Ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар да Қазақстанның ұтымды дипломатиялық ұстанымдарына қатысты сұрақ қойып, тұщымды жауап алды» деп айтқанымен, кім қандай сұрақтар қойғанын, Тоқаев не жауап бергенін көрсетпеді. Олар президенттен не сұрауы мүмкін? Қызық. Есесіне, материалда Тоқаевты мақтаған сөздер тілші тарапынан да, түрлі спикерлер тарапынан да төгіліп жатты.
Осылайша апталық сараптамалық бағдарлама Тоқаевтың Мюнхен сапары өткенін айтқанымен, қалай өткенін жасырып қалды.
Қытайдан эвакуацияланған студенттердің карантиннен шығарылғаны туралы жаңалықты қысқа топтамада көрсетті. Мұнда республикалық телеарнаның қорытынды бағдарламасына лайықсыз қателікке жол берді. Тележүргізуші өз сөзінде: «Карантиннен шығарылған студенттер Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары» деді. Мұндағы Оңтүстік Қазақстан облысы атауының 2018 жылдың ортасынан бері жоқ екенін ескермеді.
Президентіміз аталатын тағы бір сюжет волонтерлерге арналды. Сюжетте мүгедектігі бар волонтерді, 80 жастағы волонтерді сөйлетті. Әйткенмен, «волонтер» дегеніміз кім, «волонтерлік» деген не екенін түсіндірмеді. Материалда негізінен азық-түлік, тамақ тарататын қайырымдылық іс-шараларынан түсірілген кадрларды көп көрсетті. Тақырыптан хабары жоқ көрермен волонтерлікті тамақ, киім, дәрі-дәрмек тарату деп түсініп қалуы әбден мүмкін екенін ескермеді.
Ақтөбе облысында мектеп оқушылары, студенттер арасындағы төбелес болып, пышақтасуға ұласып, кісі өлімімен аяқталды. Осы оқиғаны арқау еткен сюжетте бірнеше хикая бар. Оқу орны өкілдеріне, полицейлерге, көз жұмған оқушының атасына, жоғары сынып оқушылары сөз берді. Сонымен мұндай зорлық-зомбылыққа кім кінәлі? Бір ардагер-ұстаз «әкелердің бала тәрбиесімен айналыспауынан» деп білсе, ауған соғысының адрагері интернетте зорлық-зомбылық видеоларының көп таралуын кінәлайды. Мұнда мамандардан: психологтан не психиатрдан, тым болмағанда әлеуметтанушыдан пікір алғанда болар еді. Ал жоғарыда пікір айтқандардың сарапшы мәні жоқ: бәлкім, сауда дүңгіршегінде отырған әжеден пікір алуы керек пе еді. Ол да кім кінәлі екенін айтып берер еді.
Газдалған тәтті сусындар туралы сюжет толымды әрі жақсы жасалған. Бұл сюжетті дайындауға Дүниежүзілік даму банкінің осындай сусындарға салықты өсіру ұсынысы себеп болыпты. Еліміздегі әрбір үшінші бала газдалған тәтті сусындар ішеді, әрбір жиырмасыншы бала артық салмақтан зардап шегеді. Материалда пайдалы деректер, стендаптар, сарапшылардың, шенеуніктердің комментарийлері, түрлі тәжірибелер (тілші мал бауырының бір тілімін таза суға және екінші тілімін газдалған сусынға салып, сегіз сағаттан кейін не болғанын көрсетеді) бар. Сондай-ақ, авторлар мектептерде және әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізіпті.
Бағдарлама ең қызық сюжетпен түйінделді. Оңтүстік Кореяда түсірілген «Паразиттер» фильмі «Оскар» сыйлығының бірнеше жүлдесін жеңіп алды. Фильмде қу әрі кедей отбасының бай да аңғал отбасыны қалай алдап, заттарын жымқыратыны көрсетіледі. Apta авторлары Қазақстанда тұрмыс жағдайы төмен отбасылар қалай өмір сүретінін көрсетпек болыпты. Байлар сюжетке түсуден бас тартқанын, кедейлер келіскенін айтты. Бұдан біздегі кедейлер қу емес, есесіне ақкөңіл екенін жеткізбек болған сияқты. Сюжет кадрлары керемет: расымен де өте жұпыны тұратын отбасыларды тауыпты. Жағдайды жақсы жеткізіп тұр.
Материал авторлары осы материал арқылы «Кореяда кедейлік көргенсіздік тудыратынын, ал байлар керісінше жомарт та кеңпейіл болатынын, ал Қазақстанда керісінше екенін» айтқысы келгендей көрінді. Мұны тікелей айтпайды, бірақ сол ойға жетелейді. Сюжет соңы «Сонымен «Паразиттер» кімдер? Ішерге ас, киерге киім таппай жүргендер ме, жоқ әлде халықтың қаржысын шайнамастан жұтатындар ма? Әңгіме, еңбекпен келген малының қызығын көретіндер туралы емес» деп аяқталады. Қызық ой, талқылайтын тұстары бар.
Бір ескерту: мұндай сюжетте балалардың бет-жүзін көлегейлеп жабуды ұсынамыз.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты шолу жасайды және апта сайын жариялайды.
Бала құқығы және медиа-этика тақырыбының жиі талқыға түсінен болса керек, соңғы кезде БАҚ-та бала бейнесінің қорғалуына ұқыпты қарай бастады. Әйткенмен, кейбір ток-шоулар әлеуметтік мәселенің құрбанына айналған бала бейнесін көрсетуде ештеңеден тайынбайды, тіпті ойланбайды. Себеп біреу – оларға шоу керек. Ал мектеп оқушысы, жасөспірімдер тақырыбындағы отандық телесериалдар бала бейнесінің қалыптасуына қандай қарым-қатынас жасап отыр? GAKKU TV телеарнасының Bir toqsan телесериалы арқылы осы мәселенің мән-жайына тереңірек үңіліп көрелік.
Z ұрпағының бет-бейнесі
GAKKU TV телеарнасының YouTube парағында жарияланған Bir toqsan сериалының бірінші эпизоды 2,5 млн көрсетілім жинап, әп сәтте көрерменін тапты.
Бұл сериалға сын айтпас бұрын, ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқталайық.
Сериал жастар аудиториясына арналған. Заманауи әзіл-қалжың, виртуал әлем, инстаграм шеңберінде ойлау, интернеттегі мінез, бар дүниені экран арқылы қабылдау сияқты өзгерістер уақытында өмір сүріп жатқан Z ұрпағының бейнесін өте жақсы көрсеткен.
Тез ауысатын ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатқан ұрпақ, сөз жоқ, интернет әкелген еркіндік технологияларының ықпалында жаңа құндылықтарды қалыптастырып жатқаны анық. Бұл құндылықтардың жақсы не жаман екеніне жауап бере алмаймыз. Дегенмен кешегі Қожаны оқытқан мектеп пен бүгінгі мектепті салыстыруға келмейді. Кешегі сыныпта тәртіпсіз бір ғана Қожа болса, бүгінгі Bir toqsan сериалында сыныптың бәрі – Қожа, яғни, Қожалар сыныбы.
Сериалдан бүгінгі мектеп оқушысының кешегі тәртіпке, кешегі дәстүрлі мұғалім мен оқушы принципіне сүйенген оқыту жүйесіне мүлдем бағынғысы келмейтінін бірден түсінесіз. Мұнда тәуелсіз, еркін, батыл, сенімді бала бейнесін көресіз. Олар шындығында мектептің ескі басқару тәртібін мойындамайды, жаңа жолды, өзгерісті талап етеді. Әйткенмен, ол «бала» болғандықтан да ештеңені өзгерте алмайды. Мәселе осы тұста басталады.
Бұл телесериал қазіргі жасөспірімдердің өте талапшыл образын жасағанымен де түптен келгенде кәдімгі дәстүрлі қоғамдағы балаға деген түсінікті бәрібір жеңе алмайды. Біздің қоғамда бала әлі де сол бәз баяғы орнында, яғни тек тыңдаушы, әлсіз, тәуелсіз әрекет етуге қауқарсыз, өз ойын білдіре алмайтын образда қалып қояды.
Бала бейнесі тыңдаушы рөлінен аса алмай отыр
Bir toqsan сериалындағы 11 сынып оқушыларына сынып жетекшісі тұрақтамайды. Атышулы сынып әдеттегідей тағы бір «қадірлі» мұғалімді ауруханадан бір-ақ шығарады. Ауруханаға түскен мұғалімнің шетелде оқу бітіріп келген баласы жас маман ретінде осы мектепке және анасының кегін алу үшін дәл сол сыныпқа мұғалім боп келеді. Кейінгі бар конфликт жас мұғалім мен оқушылар арасында өрбиді.
Басқа оқытушылармен салыстырғанда балалардың тілін таба білген жас мұғалім ақыр соңында балалармен достасады. Бір тоқсанға жалғасқан кек алу операциясы аяқталады. Жас мұғалім мектепті қимай, сонда жұмысқа қалады.
Сюжеттен байқағанымыздай, оқушылар тәртіпке түсе бастайды, яғни әуелде басқаша тәртіпке талпынған бала бейнесі өз дегеніне жете алмайды. Бәз баяғы «тыңдаушы», «әлсіз тарап» күйіне қайта түседі.
Бұл қазіргі телевидение, жалпы медианың бала образын қалыптастыруда сол баяғы дәстүрлі түсініктерге сүйеніп, содан арыла алмай отырғанын білдіреді.
Дәлірегі бала өз ойын айтуға құлықсыз, белсенді емес, өйткені, қоғам оны тыңдамайды, тыңдаған күнде де бала болғандықтан оның көзқарасын маңызды санамайды.
Bir toqsan сериалы арқылы бүгінгі бала бейнесін көре аласыз, бірақ ақыр соңында тағы да шарасыз күйде қалады.
Егер мектеп тынысы, оқушылар өмірі туралы әлемдік үздік сериалдарды қарап шықсаңыз, онда сондағы оқушылар қоғамның жанды мүшесі екенін, әлеуметтік мәселелердің бел ортасында ересектермен бірге жүретінін көресіз.
Олар ерікті түрде шешім қабылдайды, көзқарастары бағаланады, ата-ана, мектептегі ұстаздары, жалпы айнала қоршаған ортасымен емін-еркін диалог құра алады. Айналасында боп жатқан түрлі қоғамдық мәселеге өз реакциясын білдіреді.
Жасөспірімдер суицидінің және бір себебі
Бала үнінің естілмеуі, еленбеуі – тағы бір жағынан мәселенің екінші ұшы – жасөспірімдер суицидіне әкеледі. Баланың қоғамдағы орны оның психологиясына әсер етеді, өйткені балалар арасындағы суицидтің басым бөлігіне айналасынан төнген психологиялық қысым себеп болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстандағы жалпы суицидтің 51%-і 15-24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар үлесіне тиесілі. Бұл басқа жас мөлшерімен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш. Демек өз-өзіне қол жұмсайтындардың басым бөлігі – жасөспірімдер, жастар болып отыр.
Балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі факторы саналатын балалар арасындағы зорлық-зомбылық, қорлау әрекеттері Bir toqsan сериалында анық көрсетілмесе де көріністері бар. Және бұл өте бір табиғи, қалыпты жағдай ретінде көрсетіледі. Себебі біздің қоғам оны солай қабылдайды.
2017 жылы жасөспірімдер суицидінің себебін іздейтін «Мәселенің он үш себебі» (13 Reason Why) атты америкалық телесериал шықты.
Сериал желісінде аяқ асты өз-өзіне қол жұмсаған оқушы қыздың неліктен суицидке барғанын досы анықтауға тырысады. Көрермен қыздың өліміне айналасындағылардың қатысы бар екенін түсінеді.
Жасөспірімдер суициді өте көп болатын елдер қатарына жататын АҚШ мемлекеті қоғамдағы осы жағдайдың себебін түсіну үшін салмақты түрде жауап іздеді. Мұнда бұған ең алдымен медиа үлес қосып отыр.
Ал біздің медиа бұл тақырыпты мейлінше сыпайылап, тіпті жасырып келеді.
Осы тұста GAKKU TV телеарнасында Тимур Балымбетовтың «Если честно…» атты өте тамаша авторлық бағдарламасы бар. Сол бағдарламаның 2019 жылғы желтоқсан айындағы эфирінде Тимур Балымбетовтың Светлана Богатыревамен «Ваш ребенок защищен?» атты жақсы сұхбаты шықты.
Соңғы жылдары медиамызда осы тақырып туралды айтып, талқылай бастады. Байқағанымыздай, ашық қозғап, сынауға әлі де қоғам дайын емес сияқты.
Әйел құқығына қырын қарайды
Енді Bir toqsan сериалынан әйел құқығына теріс әсер ететін сәттеріне мысал келтірейік.
Сериалдың 3-эпизодында «Зарина, басыңды көтер, ештеңе етпейді, біздің елде, жалпы осы аймақта әйел адамдарға үлкен қысым көрсетіледі. Ақылдысың ғой, күлші енді. Мен саған за улыбку бес қоям» деген диалог айтылады. (Bir toqsan сериалы, 3 эпизод, 16:14-16:25).
Бұл мұғалімнің оқушы қызға айтқан сөзі. Оқу үлгерімі жақсы, әрі сондай тәртіпті Заринаның бетіне кеше доп тиіп кеткен еді. Бұл жағдай абайсызда болғаны себепті допты лақтырған Арман Заринадан кешірім сұрамады.
Біздегі телесериалдар әйел құқығын ашықтан ашық бұзып, тіпті сондай зорлық-зомбылыққа төзімділік танытуға шақыратын, оның әрмен қарай жалғасуын дәріптейтін этикаға мүлдем жат әрекеттерді көрсетуді қашан доғарады?
Сериалдағы мұндай өрескел сәттен бір мұнымен бітпейді.
9-эпизодта «Менің ойымша, әрбір қыз баласының міндеті, өмірге келген басты мақсаты: ол – отбасын құру, ана атану деп ойлаймын. Мен де сол сияқты, менің өмірдегі басты мақсатым адал жар болып, өмірге балалар әкеліп, ана болғым келеді…» деп айтады. (Bir toqsan сериалы, 9 эпизод, 21:15- 22:13)
Бұл жоғарыда аталған Зарина деген кейіпкердің айтқаны. Ол енді жай ғана бала емес, болашақ анаға айналып кетеді.
Көріп тұрғаныңыздай, бұл сөздерді басқа-басқа, дәл сол үлгілі оқушы, болашағынан үміт күттіріп отырған оқушы қызымыз айтады. Мұндағы мәселе – осы ойдың дұрыс не бұрыс екенінде емес, бар мәселе – дәл бұл сөзді оқу үлгерімі өте жақсы оқушы қызға айтқызу – режиссердің өз көзқарасын кейіпкер аузына салып бергенімен бірдей болып отыр.
Білім қуған қыз баласының да негізгі мақсат-міндетін, болашағын тек отбасылық өмірмен байланыстыруы – таза адамның мүмкіндіктеріне күдікпен қарауға жатады. Мұны «сериалды жасаушы шығармашылық топтың жеке көзқарастарының сериалға араласуы» деп бағалар едім.
Бүгінгі білім жүйесіне әжуа
Бала бейнесі, баланың қоғамдағы рөлі мәселелеріне қарамастан, бұл сериал қазіргі мектептегі білім жүйесі мен тестілеуді өте жақсы әжуалайды. Оқушыға дұрыс жауап беруді емес, тестілеу кезінде қалай көшіру керегін үйрететін мектеп жүйесін ашық көрсетеді. Сонымен қатар, құр жаттан білімнің ешқандай нәтиже бермейтінін ұтымды жеткізеді. Сеиалда білім берудің балама тәсілдері жақсы көрініс табады.
Түйіндей келгенде, бүгінгі телевидениеміз қоғамдағы әлсіз топқа жататын – бала, әйел бейнесін экранға шығарғанда ерекше жауапкершілікті сезінбей отыр. Жауапкершілікті сезінбесе, онда адам құны бағаланатын елге айнала алмайтынымыз анық.