Домой Блог Страница 42

Ұшақ апаты және жыл оқиғасы. 23-29 желтоқсан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен жұма күні Алматы маңында болған ұшақ апаты қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларының басты тақырыбына айналуы әбден қисынды еді. Әйткенмен, кемі екі телеарна ұшақ апатын ең маңызды оқиға санамады. Бұған биылдың ең басты оқиғасы – президент ауысуы себеп пе, әлде бұл телеарналар аптаның емес, жылдың қорытындысын жасады ма?
Сонымен дәстүрлі апталық шолуымызда КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары қамтыдық.

«Большие новости», КТК
«Большие новости» бағдарламасына тән бір ерекшелік – «Бұл аптада не болып, не қоймады, айтар көп, ешкім бей-жай қалмайды » («На этой неделе столько всего произошло, что мало не покажется»-түпнұсқасы) деп басталатын. Десе де бұл шығарылымы жалпыұлттық аза тұту күні эфирге шықты. Авторлар үнемі айтатын сөздерін бұл жолы айтпады.
Ең алдымен Алматыдағы әуе апаты туралы көлемді сюжет көрсетті. Сюжеттегі ең маңызды деректерді алғысөзінде айтып қойды. Журналистер әуе апатының егжей-тегжейін тыңғылықты баяндады. Апат оқиғасынан «хайп ұстамағандары» қуантты. Мысалы, ұшақ құлаған ауылдың тұрғынынан сұхбат алды. Тұрғындар төтенше жағдай қызметінің оқиға орнына лезде жеткенін айтты.

Авторлар жеке бір блокта оқиғаның қалай өрбігенін, апат себептерінің алдын ала нұсқаларын анимациямен бейнеледі. Скайп арқылы «мәскеулік тәуелсіз сарапшының» пікірін де көрсетті. Бағдарлама авторлары сарапшылардың ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ бағдарламаның аңдатпасында-ақ басымдық берген. Демек, «тәуелді» сарапшылар да болғаны ма? Мұның да себебі түсінікті. Соңғы күндері кейбір «сарапшылардың» арнайы шақырылғаны әшкереленуінен Facebookта біраз шу шыққан. Мәскеулік сарапшы ешкімді айыптамады, «ұшақтың қозғалтқышы істен шыққан болуы мүмкін» деп тұспалдады. Ол апаттың ұшқыштар қателігінен болуы неғайбіл екенін де айтып өтті.
Әуе апатына арналған блок «Большие новости» бағдарламасының тең жартысына созылды. Өте кәсіби және мұқият әзірленіпті.

Алматыдағы интернет тәрбиеленушісі, көзі нашар көретін Дамир Серікұлы интернаттан қашып кетіп, оны тоғыз күн іздеді. Ол анасына жазған хатында өзін жоғары сынып оқушылары қинайтынын, ал педагогтар еш әрекет етпейтінін айтқан. Ақырында бала табылып, интернат директоры қызметінен босатылды. Әйткенмен директордың әріптестері барлығына да баланың анасы кінәлі екенін айтады. Осы оқиға туралы сюжет толымды жасалып, баланс сақталыпты. Журналистер тараптардың барлығын теңдей сөйлетті. Сюжеттің әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан орындалуы да жоғары деңгейде шыққан. Балаларды «мүгедек» деп атамады. Олар туралы «мүгедектігі бар балалар» деп айтты.

«Больше деталей» айдарында 2020 жылы қазақстандықтарды қандай жаңа ереже, жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын баяндады. Тақырыптан хабарсыз адамға ештеңе де түсініксіз. Жүргізуші Анна Яломенко: «Шынымен де ешқандай қағазсыз-ақ дәрігердің көмегін алуға бола ма» деп сұрайды. Оның бұл сұрағына айдар жүргізушісі Юлия Яскевич: «Жедел жәрдем көлігі кез келген жағдайда келеді, туберкулезді де емдейді, бірақ полиссіз салалық дәрігерден көмек күтпеңіз» деп жауап берді. Қандай полис? Оларды қайда береді? Жарайды, МӘМС жарнасын жұмыс беруші аударады, ал жұмыс берушісі жоқтар қайтеді? Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ше? Жеке кәсіпкерлер ше? Көлемді әрі күрделі сюжет авторлары осы сауалдарға жауап бермеді. Назар аударыңыз: Қазақстанда сақтандыру медицинасы ешқандай полис беруді қарастырмайды. Барлық ақпарат сіздің ЖСН-іңіз арқылы ашылады. Медициналық сақтандыру туралы Қор сайтынан оқисыз. Жалпылама айтқанда, «Больше деталей» айдарының көрермендері медсақтандырудың мән-жайын өздері біліп алуына тура келеді.

Қазақстанда қандай тауар мен азық-түліктің бағасы өсіп, қымбаттап жатыр, қарапайым жаңажылдық дастархан жасауға орташа есеппен неше теңге жұмсалады? Журналистер осы сауалға жауап іздеген сюжетінде тереңіне үңілмепті: иә, баға өсіп жатыр, бұған шенеуніктер мен алыпсатарлар да кінәлі, олармен шенеуніктер «айналысуы» міндетті, бірақ «азық-түлік неге қымбаттап жатыр» деген нақты сауалға бұл сюжеттен жауап таппайсыз. Барлығы қымбаттап жатыр. Министр қияр бағасына мониторинг жасауын тоқтатты. Жаңа жылыңызбен!

«7 күн», «Хабар»
«Жаңа репортер» командасы телеарналарға қайғыға ортақтасып, аза тұтуды қалай дұрыс білдіру керегін көрсетуден аулақ. Алайда «7 күн» авторлары бағдарламаны аптаның қайғылы оқиғасы – әуе апатынан емес, «Міне-міне 2019 жыл аяқталады» деген үш минуттық пайымдаудан бастады. Жұмсартып айтқанда, тым оғаш көрінді. Жылжабар бейнелі сөзді аптаның ең басты оқиғасы – ұшақ апатына арналған блоктан кейін көрсеткен орынды еді.

Ұшақ апаты туралы сюжет мейлінше толымды жасалып, барлық қажет ақпарат жинақталыпты. Басқа телеарналардың ұшақ апаты туралы сюжетінде жоқ нәрсе – «Хабар» журналистері апаттан зардап шеккендерге қан беру үшін қан тапсыру орталығының алдына кезекте тұрған алматылықтардан сұхбат алыпты. Бірақ, сюжетте апаттан қаза тапқандардың есімдерін көрсетпеді. Олардың есімдерін атамады.

Бағдарлама жылдың саяси өміріне қорытынды жасаумен жалғасты: билік ауысты. Мұның қалай болғанын еске түсірді. Назарбаевқа сюжет арнап, тұңғыш президент өз өкілеттігін тапсырғаннан кейін, немен айналысқанын әңгімеледі. Таныс тезистер: жоғары бедел, жемісті еңбек, Назарбаевтың Қазақстан дамуындағы рөлін бағаламау мүмкін емес, ыдыраған империяның сынықтарын басып өткен жол өте соқтықпалы-соқпақты болды, елді дағдарыстан шығарды, басқа мемлекеттердің басшылары Елбасыдан әлі де кеңес сұрайды.

Келесі сюжет Тоқаевтың жыл қорытындысына арналды. Бағдарлама жүргізушісі Александр Трухачев: «Ешкімде де «Who is mister Tokayev» деген сұрақ туындамайды» («Вопроса “Who is mister Tokayev” ни у кого не возникает» — түпнұсқасы) деп, жаңа президентке әлемдік реакцияның қалай екенін осылай жеткізді. Тоқаев 25 іссапарға шығыпты. Шұғыл шақырымдар да болған. Мысалы, Арыстағы жарылыс оқиғасы. Қаладан эвакуацияланғандар жайғасқан бекеттегі әйел президентке «әлден-ақ мемлекеттік қолдауын сезініп жатқанын» айтады.

Жыл қорытындысы туралы келесі сюжет әлеуметтік салаға арналыпты. «Жалпы ішкі өнімнің 50%-ы осы салаға бөлінген» деген депутаттар мұның өте күрделі және өте жақсы екенін айтады. Көпбалалы отбасыларға берілетін қаржылай көмекті, азық-түлік және гигиеналық жиынтықты инфографика түрінде және сарапшылардың сөзі арқылы егжей-тегжейлі түсіндірді. Жылдың әлеуметтік қорытындысында тек қаржы туралы баяндады. Қаржыны қайда-қайда бөлетіндерін айтқанымен, адамдар мен олардың осы ақшаның арғы жағына жасырынған мәселелер айтылмады. Бұл қаржымен неше адамға жәрдем береді? Неше адам көмекке мұқтаж? Азық-түлік себетінде не бар? «Хабар» телеарнасы әдеттегідей адамдарға сөз беруге сараңдық танытты.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Жаңа репортер» командасы телеарналарға қайғыға ортақтасып, аза тұтуды қалай… Кешірім өтінеміз, біз алдын жазғанымызды қайталап жатырмыз. «Аналитика» бағдарламасының 29 желтоқсандағы эфирі аптаны емес, жылдың қорытындылады. Материалды алдын ала жасап қойып, соны қайта өзгерткілері келмеген сияқты.
Сонымен, бағдарлама неден басталды? Жыл оқиғасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қызметінен кетуі. Бұл оқиға 2019 жылдың 19 наурызында болды. Журналистер қалай болғанын көрсетті. Тұңғыш президенттің үндеуінен ұзақ-ұзақ үзінділерді көрсете келіп, Қазақстанда қос билік жоқ екенін айтып өтті. Қазақстанда жаңа премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалса, Сенат спикері қызметіне Дариға Назарбаева келді. Бағдарламада оған берілген уақыт тұңғыш президентке бөлінген уақыттан аз, бірақ басқа спикерлердің уақытынан көп болды. Айтпақшы, биыл Президент әкімшілігінің жетекшілері бес рет ауысты. Бағдарламада сол адамдардың кім екенін, қандай қызметтен келіп, қандай қызметке кеткенін де айтып өтті.

Екінші материал – екінші президент 2019 жылы не істеді, деген сауалға жауап іздейді. Бір қызығы, сюжетте сайлау процессіне, сайлаудан кейінгі митингтерге, Тоқаевтың президент сайлауындағы бәсекелестеріне назар аудармады. Екінші президенттің жетістіктеріне: атаулы әлеуметтік көмек төлемдері, жағдайы төмен отбасылардың несиелерін кешіру, жемқорлықпен күрес, Көкжайлау жобасының жабылуы, латын әліпбиін жетілдіру, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру кіріпті. Айтпақшы, сюжет Тоқаевтың: «Барлығын кадр шешеді. Бізде теңдессіз адам жоқ» («Кадры решают всё. Незаменимых у нас нет» — түпнұсқасы) деген сөзімен аяқталды. Тоқаевтың Сталин сөзін неліктен келтіргенін, бұл сөзі журналистерге несімен «ұнайтыны» сол күйі түсініксіз.

Аптаның төтенше оқиғаларын үшінші материалға жинақтапты. Арыстағы жарылыс, Астанада өртенген үйдегі бес сәбидің өлімі. Олег Журкевич сюжетінде мәселені қалай шешіп, зардап шеккендерге қалай көмек көрсетілгені туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Әйткенмен, төтенше оқиғаға кім кінәлі (егер бар болса) деп танылғаны және мұндай оқиғалар тағы қайталанбауы үшін қандай іс атқарылғаны туралы ләм-мим демеді. Осы материалға Сириядан оралған қазақстандықтар тақырыбы да енді. Әрмен қарай митингтерді, дәлірегі Қазақстанда рұқсат етілген/етілмеген митингтерді және Мұхтар Әблязовқа сенбеуге үндеулерін қосыпты.

Тек бағдарламаның 24-минутында аптаның қайғылы оқиғасы – Алматы маңындағы ұшақ апатына ойысты. Сюжет түсініксіз, жамау-жамау жасалыпты: шет елдердегі әуе апаттары, Ресейдегі газ жарылысы, Тараздағы газ жарылысы және түрлі өңірлердегі көлік апаттары. Материалда ешбір кейіпкер, ешбір сарапшы жоқ. Осы төтенше оқиғалардан кейін не өзгергені, кімдер жазаланғаны және тағы басқасына шолу да болмады.

Түрлі атап айтқанда браконьерлік, балалар мен әйелдерге жасалатын қылмыстар, наркотик тарату қылмыстарына берілетін жазаны қатаңдататын заңнамалардағы өзгерістерге жеке материал арнады.

«Аналитика» 2020 жылы қазақстандықтарды қандай жаңа өзгерістер күтетінін де санамалады: міндетті медициналық сақтандыру енгізіледі, шағын бизнесті тексеруге мораторий, тұрғын үй қорын басқару реформасы, атаулы әлеуметтік көмек жүйесіндегі өзгерістер және жыл адамдары: Ержан Максим, Данэлия Тулешова, Димаш Құдайбергенов туралы айтты. Барлық материалда Тоқаевтың сөйлеген сөзінен үзінділер қолданды.

Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасының авторлары Алматы маңындағы әуе апатына 10 минут арнады, бірақ бір де бір сюжет көрсетпеді. Блок тележүргізушінің мәтіндерінен, синхрондардан және фотовидеолардан құралды. Жүргізуші Жайна Сламбектің мәтіні көп, өте көп болып, тіпті монологқа айналып кетті. Солай бола тұра жұмадағы ұшақ апаты оқиғасынан хабарсыз көрерменге әңгіме не туралы екені түсініксіз болып қалды: қандай ұшақ апаты, не болды, неше жолаушы бар еді, олардың қазіргі жағдайы қандай, неше адам қаза тапты? Міне, 10 минут бойына осы сауалдардың ешбіріне жауап бермеді. Блокты ұшақта болған отбасының отағасы қайтыс болып, әйелі мен төрт баласы ауруханада жатқанынан бастады. Ұшақта тек осы отбасы ғана болғандай әсер қалдырды.

Бағдарламаның бас сарапшысы ретінде ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сөйледі. Төтенше жағдай комитетінің, Алматы әуежайыны, Bek Air компаниясы және тағы басқа ведомство өкілдерін көрсетпеді.

Жайна Сламбек: «Bek Air-ге жұрт жетіскеннен алмайтын. Билеттері арзандау болған соң ұшатын. Бұл дұрысына қолжетімсіздіктен туған сұраныс етін» деп, жұртшылықтың Bek Air билеттерін арзан болғаны үшін алатынын айтқанымен, «дұрысына» деп нені меңзегені беймәлім қалды. Қымбат билеттерді айтқаны ма? Демек, билет қымбат болған сайын, апаттан қаза табу ықтималдығы азая ма? Бұл «дұрыс» билеттер неліктен кенеттен қолжетімсіз болып қалды? Тележүргізуші мұның ешбірін де түсіндірмеді. «Дұрыс» және керісінше «бұрыс», яғни «дұрыс емес» билеттердің бағаларын да айтпады, тым болмаса, осылайша бағасын салыстыруға болар еді.

Әрмен қарай президент кеңесшісі Ерлан Қаринмен сұхбаттасып, жылдың саяси қорытындысын жасады. Cұхбаттың алғысөзі: «Мемлекетіміздің дамуындағы жаңа дәуір – 19 наурыздан бергі уақыт» деп басталды. Президент кеңесшісі Ерлан Қарин: «Қалай 91-жылдағы желтоқсанда жариялаған тәуелсіздігіміз – сол күн қандай маңызды болса, бұл тұрғыдан 19 наурыздағы оқиға да дәл сондай тарихи оқиға» деді. Шын мәнісінде, сұхбат алушы Жайна Сламбек те, сұхбат беруші Ерлан Қарин де 19 наурызда не болғанын айтпады. Не болғанын бәрі де білуге міндетті, деп ойласа керек.

Арыстағы жарылыстан кейінгі өмір. Қала тұрғындарының қазіргі жағдайы қалай, жарылыста баспанасынан айырылғандар қазір қайда тұрып жатыр? Осы сауалдың жауабын баяндайтын сюжет оптимизмге толы әрі жып-жылы әзірленген. Журналистер баспанасынан айырылып, қазір жаңа үйде тұрып жатқан тұрғындардың хикаясын және Арыс қаласының қазір қалай жаңарып, түрленгенін көрсетті.

Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына себептердің бірі – әйелдердің бедеулігі мен ерлердің белсіздігі. Осындай алғысөзбен басталған сюжет өзекті мәселенің шетін шығарды: Қазақстанда ерлі-зайыптылар бала сүйер алдын не некелесерден бұрын медициналық тексерістен өтпейді, дәрігерге сирек барады. Сюжет мейлінше толымды, жан-жақты жасалған. Бала сүйе алмайтын, не бір балаға зар болып жүрген адамдардың хикаясы, дәрігерлердің комментарийлері, заңгер пікірі мен тұрғындар арасында сауалнама да бар. Бірақ… Сюжет соңына қарай Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жүрек» орталығының балаларын да көрсетті. Аталған орталықта аутизм, сал ауруымен, элилепсиямен ауыратын 300-ге жуық бала өмір сүреді. Тілші сол балалар туралы «Медициналық тексерістен өтпеудің кесірінен ауру болып туылған сәбилер көп. Біразы «Нұрлы жүрек» орталығында жатыр. Кезінде жүктілікті жоспарламаған, дәрігер тексерісінен өтпеген ата-аналардың балалары» деп айтты. Алайда бір де бір баланың бетін көлегейлемеді.

Барлық оқырманымызды Жаңа жылмен құттықтаймыз, және «Жаңа репортер» командасы қазақстандық телеарналардың апталық ТВ-бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізіп, қорытындысын апта сайын жариялайтынын еске саламыз.

Алматыдағы ұшақ апаты. Медиа қалай ақпарат таратты?

2019 жылдың соңғы жұмасы қаралы жұмаға айналды. 27 желтоқсан күні таңертең Алматы әуежайының маңында 93 жолаушы мінген, 5 экипаж мүшесі бар Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Bek Air компаниясына тиесілі ұшақтағы 12 адам қаза тапты, 70-ке жуық адам зардап шекті. Арасында балалар да бар. Бұл оқиға Қазақстан жұртшылығын бей-жай қалдырмады. Донор болып, қан тапсыруға ниет білдірген алматылықтар қаладағы қан орталығына ағылды. Республикалық медиалар ұшақ апаты туралы әрқалай, бірі шұғыл, ендібірі кешеуілдетіп хабар таратты. Қайғылы оқиғадан хабар тарату эмоция тұрғысынан қаншалық ауыр болғанымен де журналистер өз кәсіби міндетін атқарып, төтенше жағдай туралы қазақстандықтарды хабардар етті.

«Жаңа репортер» редакциясы Қазақстандағы медианың Алматыдағы ұшақ апатынан кейін қалай шұғыл хабар таратқанына шолу жасады. Бірқатар интернет порталдар мәтін түрінде live-трансляция жасап, оқиға орнынан сол сәттегі соңғы жаңалықтарды жеткізді. Хронологиялық ретпен түзілген мәтіндер апат оқиғасы туралы түрлі мән-жайлармен тез-тез толықты. Орталық коммуникациялар қызметіндегі және Алматы әуежайындағы брифингтерде жоғары шенді қызметкерлер мәлімдеме жасап, олардың айтқандары live-трансляцияға сол сәтте енді.

Оқиға орнынан, брифингтерден Facebook парақшасында онлайн-трансляция жасаған қазақстандық порталдардың қатарында Tengrinews.kz, Azattyq-ruhy.kz, Azattyq.org және тағы басқа сайттар бар. Мәселен, Tengrinews.kz тілшілері ұшақтың радардан жоғалғаны туралы алғашқы ақпарат тараған сәттен жарты сағат өткенде оқиға орнынан тікелей эфирге шықты.

Түстен кейін ұшақ апаты туралы ақпарлар барлық медиада дерлік таралғанда аталған редакция «Егер ұшақ құлай бастаса», не істейміз деген мазмұндағы тақырыпта материал жариялады. Материал тақырыбын кейін өзгертті. Мәтінде оқырмандарға ұшақтың қай бөлігі ең қауіпсіз екенін, «бес қатар ережесі» дегеннің не екенін, сүйретпе аяқ киімнің қандай кедергі келтіретінін баяндайды.

Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталы басқа БАҚ-тардың назарына ілінді. Порталдың шығарушы редакторы, журналист Дана Круглова осы ұшақ апатынан көз жұмды. Интернет қолданушылары сайт мұрағатынан (кейбір аймақтық БАҚ-тар толықтай дерлік көшіріпті) екі жыл бұрынғы: «Bek Air қауіпсіздігін халықаралық деңгейде растағысы келмейтін жалғыз компания болып шықты» деген материалды тауып алды. Мақалада автор әуе қызметі саласындағы мамандардың сөзіне сілтеме жасай отырып, әуе компания басшылығының IOSA аудитінен өтуден бас тартуын «Bek Air компаниясының ұшақтағы ескі екенімен байланыстыратын» болжам жасайды.

Azattyq ruhy интернет-порталы Алматыдағы ұшақ апаты туралы арнайы айдар ашып, сонда жинақтады. Арасында танымал тұлғалардың аты-жөнін тақырыпқа шығарып, не фотосуретін қойып жаңалық жариялады. Бұған мына екі ақпаратты мысал болады: «Көретін дәм-тұзым бар екен» — Айгүл Иманбаева, «Режиссердің ұлы Алматы түбіндегі ұшақ апатынан аман қалды».

Ал Egemen Qazaqstan газетінің egemen.kz сайты Алматыдағы ұшақ апаты, зардап шеккен, қаза тапқандардан гөрі кімдердің және қай елдің басшылары көңіл айтқанына мән берді. Арнайы айдар ашпады.

Апат туралы ең көп материал жариялаған сайт Zakon.kz желілік басылымы болса керек. Бұл сайт көрілім санын арттыру үшін тақырыппен ойнады: «Ұшақ соқтығысқан үй туралы не білеміз?» деген тақырыптағы материалда үй туралы сол кезге дейінгі мәлім ақпараттан басқа жаңа ештеңе айтпайды, бірақ тақырыбын кликбейт мазмұнда қойды.

Ұшақтағы балалар да қазақстандық сайттардың трафик қуу нысанына айналып кетті.  Мәселен, Zakon.kz порталы «Алматыдағы әуе апатында балалар қандай жарақат алды?» деген тақырыппен бөлек материал шығарды.

Ал Newtimes.kz ақпарат агенттігі Z2100 рейсіндегі 93 жолаушының тізімін «Bek Air-дің құлаған ұшағында 3 сәби болған» тақырыбымен жариялады. Үш сағаттан кейін сол сәбилердің бірін құтқару видеосын «жан тебірентерлік» деп бағалады.

Оқиға кезінде зардап шеккендердің тізімін Алматы әкімдігі де жариялады, бірақ сол ақпаратты бірен-саран БАҚ-тар ғана қолданды. Бұған тізімнің толық емес екені және кейбір жолаушылардың мекенжайлары көрсетілгені себеп болса керек. Бірақ Inbusiness.kz сайты сол тізімді «Оқиғалар тізбегінде» жариялады. Айта кетсек, бұл портал жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанға дейін-ақ сайттарын ақ-қара түске ауыстырды. Inform.kz, baigenews.kz порталдары да логотип түсі мен сайттарының түсін өзгертті.

«Хабар 24» телеарнасы 27 желтоқсан күнгі эфирін толықтай дерлік ұшақ апатына арнады. Телеарна көрермендері апат оқиғасы туралы сағат 9:30-да көріп-білді. Сол уақытта басқа онлайн-порталдар әлі де live-трансляцияларын бастамаған еді. Күні бойына студия дикторлары оқиға орнындағы, әуежайдағы, ауруханадағы және тағы басқа жердегі тілшілерімен әуелі телефон арқылы, кейін тікелей байланысқа шығып, сұрақтар қойып, сәтінде ақпарат берді. Дикторлар тілшілермен байланыс кезінде көрермен көкейіндегі сұрақтарды қоя білді.

Мәселен, оқиға орнында жүрген тілші өздерін полицейлердің шеттетіп жатқанын хабарлағанда, «олар неліктен бұлай етеді» деп дөп сұрады. Телеарнаның репортерлері де, дикторлары да, жалпы жаңалықтар командасы ұшақ апаты туралы жаңа деректерді ұдайы бірінші болып бермесе де оқиға орнынан тікелей байланысқа шығып, кәсіби жұмыс істеді, сапалы эфир жасай білді.

Басқа да отандық телеарналар сол аралықта өздерінің арнайы шығарылымдарын әзірлеп, уақыты мен шығу жиілігін анықтаған сияқты. Мәселен, «31 арна» көрермендеріне екі арнайы шығарылым көрсетті. Әрқайсысы 25 минутқа созылды. Біріншісін сағат 12:00-де көрсетіп, апат себептерінің алдын-ала нұсқасын мәлімдеді: ұшқыштар қозғалтқыштың толықтай істен шығуы немесе борттағы өрт себебінен апатты түрде қонуға шешім қабылдаған. Екінші арнайы шығарылымды үш сағаттан кейін көрсетті. Онда апаттың мүмкін себептерін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтты. Бұдан бөлек, телеарна 2016 жылғы оқиғаның, яғни Bek Air әуе компаниясының ұшағы алдыңғы доңғалақтарынсыз апатты қону жағдайы түсірілген видеоны тауып, көрсетті. Сол оқиға туралы компания жетекшісінің мұрағаттағы синхронын да берді. Синхронда компания басшысының «Міндетті түрде де қандай да бір оқиға болуы мүмкін, экипаж да сол үшін қажет. Бұл ұшақ олардың араласуымен қайта қалпына келтіріліп, әрмен қарай ұшуын жалғастырады» деп айтқаны, арнайы шығарылымның «көзірі» болды.

КТК телеарнасының ұшақ апаты туралы арнайы шығарылымы сағат 13:00-де көрсетілді. Алайда, оқиға орнынан тікелей байланысқа шыққан тілші көрерменге қандай да бір жаңа дерек хабарламады. Апат болғанынан 5 сағат өткеннен кейін қандай да бір жаңа деректер табу да қиын, дегенмен тікелей байланыс сапасы да тым нашар болып, тілшінің сөзі дұрыс естілмеді.

Өкінішке қарай, КТК телеарнасы сан мәліметтері жайында да екіойлы деректер айтты: Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 типті ұшақтарының саны жетеу десе, басқа БАҚ-тар ұшақ саны 9 деді. Ұшақта 95 жолаушы болған десе, рейсте тіркелген жолаушы саны 93 адам деп көрсетілді.

Түске қарай «Еуразия бірінші арнасы» ұшақ апаты туралы арнайы шығарылымын бастады. Телеарнаның арнайы шығарылымы тікелей эфирдегі «Қалаулым» реалити-шоуын үзіп, арасында көрсетілді. Тілші оқиға орнынан студиямен байланысқа шығып, сол кезге дейін мәлім ақпараттың барлығын қайта тізіп берді. Мұны тілші емес, студиядағы да диктор айтса да болатындай еді. Алайда, осы телеарнаның түсірім тобы Нұр-Сұлтан әуежайындағы Bek Air рейсімен ұшуын күткен жолаушылармен сұхбаттасты. Олардың пікірлері отандық әуе компаниясының онсыз да мәлім жағдайын толықтыра түсті. Содан кейін диктор тағы бір қазақстандық әуе тасымалдаушысы – FlyArystan компаниясының өздерінде бар Fokker 100 ұшақтарын пайдалануды тоқтатқанын мәлімдеді. Айта кетерлігі, «Еуразия бірінші арнасының» тікелей эфирдегі «Қалаулым» реалити-шоуында бағдарлама жүргізушілері ұшақ апаты туралы да баяндады.

Тұтастай алғанда, қазақстандық онлайн-порталдар мен телеарналар әуе апаты туралы мейлінше толымды әрі жан-жақты ақпарат беруге тырысты. Аталған медиалар да, басқалары да мәтін түрінде live-трансляциялар (vlast.kz, tengrinews.kz) және тікелей эфирлер жасап, арнайы шығарылымдарын көрсетті. Мазмұн мен техникалық сапасы тұрғысынан алғанда айырмашылықтары әрқалай шықты.

Аудитория эфирдегі хабарлардан Fokker 100 ұшағының сипаттамасын жаттап қана қоймай, Bek Air ұшағының ұшу траекториясын да көріп, сол күні құтқарылған, оларды құтқарған адамдарды танып, бірге уайымдап, қан тапсыру үшін сағаттап кезекке тұрғандардың жанашырлығына куә болды.

Сонымен 

Телеарналардың көбі эфир бағдарламаларының ретін шұғыл өзгертуге қабілетсіз екенін байқатты. Тек «Хабар 24» телеарнасы жедел әрекет етті, бұл осы телеарнаның жаңалықтар форматына бейімделгенін білдірсе керек. Мысалы, қалалық Almaty TV телеарнасы сағат 11:30-ға дейін ойын-сауық бағдарламаларын көрсетіп, кейін барып экранның төменгі жағында жүгіртпе жолда ұшақ апаты туралы сөйлемдер шығара бастады. Ал эфирде күлкілі интернет-роликтер көрсетіліп жатты. Кейін арнайы жаңалықтар шығарылымын жасағанымен, техникалық ақауларға толы болды.

QAZAQSTAN ұлттық арнасы Tansholpan таңғы бағдарламасында ұшақ апаты туралы тікелей хабар таратты. Бағдарлама жүргізушілері тікелей эфирде телефон арқылы оқиға орнындағы тілшімен байланысып, апат туралы сұрақ қойып, жауап алды. «Алматыдағы әуе апаты» тақырыбымен студиядан жаңалық жасап, шұғыл желі телефонын да көрсетті.

«Еуразия бірінші арнасы» телеарнасына да жылдамдық жетіспеді. Таңертең бұл телеарнаның эфирінде «Доброе утро, Қазақстан» таңғы бағдарламасы «тікелей эфирде» көрсетілді. Ал апат туралы алғашқы хабарлама 10:30-дан кейін шықты. Соған дейін көрермендер аталған бағдарламадан балалар мүшәйрасын, ауа-райы мен жұлдыз-жорамал көрді.

Ең үздік жаңалықтар жасайтын телеарналар көшін бастаған КТК телеарнасы да баяу қимылдады. Алғашқы арнайы шығарылымды оқиғадан бес сағат өткеннен кейін берді. Егер техникалық та, стилистикалық та тұрғыдан мінсіз болса, онда сұрақ туындамас еді. Әйткенмен, мазмұн мен техникалық сапасы да ақсап жатты.

Билік те БАҚ-қа ақпарат беруде жылдамдық танытты. Орталық коммуникациялар қызметі бірінші баспасөз-конференциясын сағат 10:00-де жасаса (оны «Хабар 24» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті), күн ортасына жақындағанда Алматы әуежайында брифинг болды. Әуежайдағы брифингте дәрігерлер, төтенше жағдай қызметкерлері, әуежай басшылығы мен Bek Air компаниясының жетекшілері сөйледі. Олар барлық сұраққа толық жауап бере алмағанымен, сағат 12:00-ге қарай апаттың бет-бейнесі айқындала бастады. Тіпті әуе апатының себептеріне қатысты бастапқы нұсқалар да айтылды.
Әуе апаты кезінде оқиғаның қалай болғанын бейнелейтін сызба графикасын көрсету ұтымды шығады. Мұндай инфографиканы алғаш болып «Еуразия бірінші арнасы» ұсынса, кейінірек «Азаттық радиосы» әзірледі.

«Еуразия бірінші арнасы»
Азаттық радиосы

Ал кейбір шетелдік БАҚ-тар кликбейт тақырыппен трафик жинауды көздесе керек, тіпті деректері бұрыс тақырыптар қойды. BBC орыс қызметі «Қазақстанда ұшақ құлады. 100 жолаушының 60-ы тірі қалды» («В Казахстане разбился самолёт. Из 100 пассажиров выжили 60» — түпнұсқасы) тақырыбымен материал жариялады. Кейін тақырыптың екінші сөйлемін «Ұлттық аза тұту жарияланды» («Объявлен национальный траур» — түпнұсқа) деп өзгертті. Бірақ, басқа медиалар бірінші тақырыбымен таратты.

Шолуда қолданылған барлық иллюстрациялар – телеарналардың, сайттардың және YouTube каналдарындағы бағдарламаларынан скриншотпен алынды.

Тоқаев уәдесі, Назарбаев сапары. 16-22 желтоқсан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен жетіде «Аптаның жаңалығы» атануға тұңғыш президент те, екінші президент те таласты. Айқын басымдылықпен екінші президент жеңді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің II отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың не айтқанын барлық телеарна көрсетті. Тек «Хабар» телеарнасы ҰҚСК отырысына азырақ маңыз берді, өйткені бұл телеарна үшін Нұрсұлтан Назарбаев қай-қай тұрғыдан да бірінші орында тұрады. Апталық қорытынды бағдарламаларға енген басқа тақырыптар ала-құла, бірақ жаңажылдық мазмұны мейлінше аз болды. Жануарларды азаптау, адамдардың жапа шегуін көрсетті.

Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Аптаның басты саяси жаңалығы – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің II отырысы. «Большие новости» да осы жаңалықтан басталды. Отырысқа жеке сюжет жасамады, бірақ саясаттанушылардың комментарийі негізінде отырыста айтылған үш негізгі мәлімдемені, атап айтқанда билікті хабардар етіп қана митинг өткізуге рұқсат беру; парламентте партиялар санын көбейту, журналистерді «Жала жабу» бабын қылмыстық кодекстен алып тастау ұсынысын кеңінен түсіндірді. Қалай болғанда да Қасым-Жомарт Тоқаев уәде етті. Бағдарлама авторлары осы тақырыптардың барлығын нақты, дәйекті, көпірме сөзсіз және пафоссыз баяндады.

Мемлекет басшысы отырыста сөйлеген сөзінде оған актриса және жануарлар қорғаушысы Бриджит Бордоның жазған хатына қатысты ләм-мим демеді. «Большие новости» актрисаның хатына және жануарларды азаптау, азапты жағдайда ұстау туралы жүрек ауыртар сюжет жасапты. Тележүргізуші Алексей Рыблов сюжеттің алғысөзінде экран алдынан балаларды алып кетуді жөн ескертті. Әсері күшті сюжетте жан-жануарларды қорғаушылардың ғана емес, сонымен қатар шенеуніктердің де комментарийі бар. Тепе-теңдік сақтау үшін қаңғыбас жануарлардың зардабын көргендердің пікірін қосқанда болар еді. Олар иттерді неліктен аулау қажетін өз оқиғалары арқылы түсіндіре алады. Әйткенмен, бағдарлама авторлары мәселені жан-жақты ашып көрсетуден гөрі көрерменді шошытуға көбірек ұмтылса керек, бұл мақсаттары орындалды.

«Больше деталей» айдары парацетамолдан уланып көз жұмған сәби оқиғасына арналды. Тележүргізуші Юлия Яскевич пен сарапшылар әркімге бала кезінен таныс бұл дәрінің расымен де қауіпті әрі шамадан тыс ішу оңайдың оңайы екенін түсіндірді. Ал бағдарлама жүргізушісі Анна Яломенко парацетамолдың өзін-өзі өлтіруге ыңғайлы дәрі екенін, өйткені димедролмен салыстырғанда оны дәрігер рецептісінсіз сатып алуға болатынын нақтылады. Оның неліктен бұлай айтқаны түсініксіз?!

Алматының Алғабас шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қисаюы туралы материалда айқындылық жетпеді. Бұл жағдайға кім кінәлі? Қазір мұны тексеріп жатқаны түсінікті, тұрғын үйді салушыны қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін, ал тәжірибелі құрылысшы бұған не жобалаушылар не құрылысшылар кінәлі екенін айтады. Құрылысты қай компания салды? Барлығы тоғыз үй қисайған, алғашқылары алты жыл бұрын қисайып бастаған. Тоғыз үйді бір құрылыс компаниясы салған ба, кім жобалаған? Қай компания? Мұның барлығы да жұртшылыққа қызық. Осыны айтқанда болар еді. Ал әкімдіктің ұстанымы ақыр аяғында тұрғындармен тартысқа ұласты. Олардың айтуларынша, үйдің қисаюы тұрғындардың көріп отырғанындай емес. Айтпақшы, үйлердің қисайғанын көрсететін кадрларды ұзақ қылғанда болар еді. Екі секунд кадрда ештеңе байқап үлгірмейсіз.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Тоқаевтың айтқандарын жіліктеп-жіліктеп, бағдарламаның ара-арасына бөліп тастады. Оларды бағдарламаның мұрағатындағы мысалдармен толықтырып, не басқа да бөлек материалдарға себеп ретінде пайдаланды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі туралы үлкен материал жасапты. Сюжетте күйеуі ұрып-соғатын әйел, тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасын қатаңдатуды ұсынған құқыққорғаушылар, заңнамаға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін түсіндіретін полиция өкілі бар. Материалдың орта тұсына қарай баланс сақтап, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын ер адамдар туралы да айтты. Бірақ, мұнда кейіпкер болмады. Сарапшы ретінде ресейлік қоғам белсенділері сөйледі, материалдың осы тұсы алдыңғы бөлігімен және соңындағы стендапымен сәйкеспей, жасанды шықты.

Қазақстандағы жеделсаты (лифт) шаруашылығы туралы материал егжей-тегжейге толы. Тілші Қарағандыда жеделсатыларды қалай ауыстыратынын, оны ауыстыруға кім қанша теңге төлейтінін әңгімеледі. Сюжетте жеделсаты ішінен керемет лайф видео бар. Оператор осы видеоны түсіру үшін жеделсаты шахтасына түскені анық. Материалдағы бір түсініксіз тұсы — «Тылсым күштер» («Сверхъестественное» — орысша атауы) сериалынан алынған видеоүзінді – экранға қан шашылуы мен автордың кадрдан тыс «шамамен осылай, бірақ шын өмірде» деген сөзі үлкен күмән тудырады. Мұның орнына жеделсатыда көз жұмған жақындарынан айырылған адамдардың (олардың жылағаны кадрде кейін көрінеді) жай-күйі көбірек ден қоюға лайық еді.

Эльмира Ишмухаметованың материалында босқындар, еңбек мигранттары, заңсыз жүргендер, барлығы-барлығы араласып кеткен. Эльмира алдын Тоқаевтың Германияға сапарында президент пулында болған. Көші-қон туралы материалына сол жақта сұхбат жазып алғанға ұқсайды. Түйіндей келгенде, Германияда мигранттардың шабуылы туралы расталмаған, талданбаған пікірлер, Қазақстанда автобустардың кіреберісіне үймелеген мигранттар жайында стендап көрсетілді. Әйткенмен, редактордың әдепкі «Иә, мұның қажеті не» сұрағына жауап жоқ.

«7 күн», «Хабар»
«Хабар» телеарнасының нұсқауынша, ЕАЭО көшбасшыларының кездесуі – аптаның ең басты тақырыбы. Тележүргізуші осы сюжетке алғысөзінде бұл ұйымның азаматтарға қандай пайдасы барын еске салды: мүше-мемлекеттер арасында еркін жүріп-тұру, тауар айналымының жеңілдігі (демек, бағасы арзандайды), өндірістің ұлғайып, сауда-саттықтың мәңгілік қозғаушы күші саналатын бәсеке артады.

Сюжетте кездесу туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Басқа мемлекеттерге көбірек назар аударды. Путин Лукашенкомен ұзақ сөйлесіп, соның себебінен саммит екі сағат кешігіп басталды. Путиннің Назарбаевқа ЕАЭО құру идеясы үшін алғыс айтқан синхронын екінші рет (біріншісін алғысөзде көрсеткен) қойды. Жақсырақ есте сақтап қалуымыз үшін жасаған сияқты. Оңнәтижелер туралы да, ЕАЭО мен Қазақстан арасында 10 мыңнан аса бірлескен кәсіпорындар құрылғанын айтты. Тілшінің тарихи құжат оқыған стендапы тосын шықты. Мұның неліктен қажет болғаны, түсініксіз.

ЕАЭО тақырыбы мұнымен аяқталмады. «7 күн» бағдарламасы осы ұйымның құрылу тарихына бөлек сюжет арнады. Сюжеттің артықшылығы – қызықты мұрағат кадрлерінің болуында. Сондай-ақ, сауда-саттық пен экспорт көлемі туралы инфографика көрсетті. Инфографикада ненің азайып, ненің ұлғайғанын баяндағанымен, оның не себепті солай өзгеруін түсіндірмеді. ЕАЭО құрылуы өміріне оң не теріс әсер еткен адамдарды қосқанда жақсы шығареді. Бірақ, оларды сюжетке қоспады.  Демек, сонда ЕАЭО ұйымы адамдарға арналмаған ба?

Бағдарламаның 25 минутында Тоқаев және оның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөйлеген сөзі басталды. Жүргізуші Александр Трухачев алғысөзінде: тіпті хейтерлер де Тоқаевты мойындайтынын: билік пен халық арасындағы диалог сәтті жүзеге асып жатқанын айтты. Мұндағы хейтерлер дегеніміз кімдер? Олар қайда мойындапты? Егжей-тегжейі туралы жақ ашпады.

«Хабар» телеарнасы Тоқаевтың сөзінен тезистерді КТК-мен салыстырғанда тыңғылықты баяндады. Жоғарыдағы үш тақырыптан бөлек, басқа да айтқандарын: мәселен ауылшаруашылық жерлерін қандай негізде алып қоятынын түсіндірді. Сюжетте ҰҚСК мүшелерінің сихнрондары көп, тіпті оларға бөлек материал арнапты. Бөлек материалда олар өздеріне ұнайтын нақты реформалар туралы мейірленіп айтты. Осылайша, президенттер туралы бітпес тақырыпты сәл де болса түрлендірді.

Әрмен қарай президенттерсіз блок басталды. Допингке қарсы заңнаманы қатаңдату туралы сюжет толымды әрі баланс сақтапты. Бағдарлама соңына Ақмола облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Бәрі тамаша: жолдарды жөндеп, мәдени нысандарды жаңалап, спорт кешенін салып, жаңа қазандық орнатыпты. Бұл қандай бағдарлама, қайда іске асырылатыны туралы аз-кем айтып өткенде жақсы болар еді.

Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы эфирді ЕАЭО көшбасшыларының кездесуі мен ҰҚСК отырысының қайсысынан бастайтынын таңдай келе, тұңғыш президентті емес, екінші президентті таңдапты. Әйткенмен, ҰҚСК-тің II отырысы туралы материал қандай да бір ерекшелігімен есте қалмады. Тоқаевтың сихнрондарына саясаттанушылардың комментарийін қосып, КТК мен «Хабар» жасаған тәсілден айнымапты.

Әрмен қарай саясаттанушыны (Ерлан Саиров) студияға шақырады. Ол Тоқаев пен тілшінің алғашқы сюжетте айтқанын қайталайтын пікір айтты.

ҰҚСК отырысынан сюжет жасаған телеарналардың барлығына қатысты бір сұрақ, отырыста айтылған жайттар туралы неліктен бұқараның пікірін білмеске? Журналистермен, қоғамдық белсенділермен сөйлеспеске? Отырыста айтылған реформалар, мемлекет басшысы уәде еткен мәлімдемелер кімдерге тікелей қатысты болса, міне, солардың ой-пікірін сұрамасқа? Мұны істеу ешбірінің ойына келмесе керек-ті.

Бағдарламаның екінші тақырыбы – ЕАЭО көшбасшыларының кездесуіне арналды. Тілші сюжет басында Санкт-Петерборға мүше-мемлекеттердің басшылары түгел жиналғанын айтқанымен, Қазақстаннан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бармау себебін түсіндірмеді. Айтпақшы, бұл материалда Назарбаевтың бір де бір синхроны жоқ.
Әрмен қарай тағы бір сұхбатқа жалғасты. Тележүргізуші Жайна Сламбек ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен сұхбаттасты. Ол тележүргізушімен дәрі-дәрмек жетіспеуі, дәрігерлердің біліктілігі, емделуші мен дәрігерлердің қарым-қатынасы туралы әңгімелесті. Мейлінше мағыналы әрі ақпараты қанық сұхбат болды.

Түркістан қаласында мектеп мұғалімінің полиция бөлімшесіне алып кету (ол мұғалім мектептегі әжетхананы күзетпеген) оқиғасына арналған сюжет көлемді, бірақ баланс сақталмады. Сюжетте жергілікті полиция бастығынан басқа тараптар пікір бідлдірген. . Олар құқыққорғау органдарының әрекетін сынады, сәйкесінше, қисынға сай баланс сақтау үшін полицияны да сөйлету қажет еді.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізеді, апта сайын жариялайды.

Телесериалдағы әйел образы: кемсіту мен зорлық-зомбылық

Дәстүрлі қазақ медиасы, соның ішінде телеарналар жеке тұлғаға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттерді насихаттауын қашан тоқтатады? Миллиондаған адамды «тәрбиелеумен» айналысып жүрген телеарналар көрерменге ұсынатын контентінің адами құқық нормаларына сай келуіне, медиа этикасының сақталуына қаншалықты мән береді? Өркениетті қоғам идеяларын насихаттай отырып, екінші қолымен сол қоғамның құндылықтарын түгелдей терістеп, тұншықтырып отырған жоқ па? Бұл сұрағымызға «Иә» деген жауапты зорлық-зомбылық пен адам құқықтарын мойындамау көрінісіне құрылатын ток-шоулардан, телесериалдар мен басқа да телебағдарламалардың көп көруге болады. Сөзімізге дәлел ретінде, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері тарапынан қатты сынға ұшыраған «Сериал емес» сериалының мысалында талқылап көрелік.

Аталған сериал HIT TV телеарнасынан көрсетіледі. Телеарнаның ресми сайтында бұл сериал туралы ешқандай ақпарат жоқ, телеарнаның Youtube арнасына 10 эпизоды жарияланған. Соның бір эпизодындағы көрініс осы сериалда әйел бейнесін негатив мазмұнда көрсетудің әбден шарықтау шегіне жеткен сәті болды.

Эпизодтағы диалог төмендегідей өрбиді:
Әйелі: Қателік өзімнен болды.
Күйеуі: Түф, мынау кімнің келіншег-ей, мойындап тұрғанын айтсайшы, алтын ғой!
Әйелі: Кез-келген сәтте әйел адам еркек кісіден бір саты төмен тұрады. Дер кезінде үндемесе, отбасы тату -тәтті өмір сүреді.

Әйелінің осындай «алтын сөздеріне» жібіген күйеуі оны қуантуға аттанады. Диалогтағы әйелдің күйеуі сол әйелдің студенті, яғни ол әйел өз күйеуінің оқытушысы. Студент-күйеудің сабақ үлгерімі тым нашар. Сол себепті де әлі күнге дипломын ала алмай, өзінен әлдеқайда жасы кіші студенттермен бірге оқиды. Десе де жігіттің бейнесі әрі ақылды әрі оқытушы әйелінің алдында тағы жоғары тұрады.
Сыйлыққұмар, әр нәрсеге алдана салатын әлсіз әйелдің жанында бұл ер кісі тағы артық көрінеді. Біз мысалға алған диалог сериалдағы ұқсас оқиғалардың тек біреуі ғана.
Шағын скетчтерге құрылған минисериалда осы жұптан басқа тағы үш ерлі-зайыптының өмірін көрсетеді.
Келесі жұп – ерлі-зайыпты таксисттер. Көлікті күйеуі жүргізеді, ал жанындағы жолаушы орындығында әйелі отырады. Әйелі – көп сөйлейтін, ақылы аз кейіпкер.
Келесі жұп – дәрігерлер. Күйеуі дипломды сатып алған білімсіз дәрігер бола тұра бірге жұмыс істейтін білікті де тәжірибелі әйеліне үйдегідей қарайды. Жұмыс кеңсесіндегі барлық қағаз толтыру, реттеу-жинау сияқты қара жұмыстарды әріптес-әйеліне артып қояды. Дипломын сатып ала тұра бас дәрігер лауазымында отыр.
Келесі жұп – әкім мен оның хатшысы. Әдеттегідей, барлық мәселені шешетін, басқаратын адам – ер кісі, өзі ауылдың жемқор әкімі, ал үнемі жанында жүріп, шайын құйып беретін хатшысы – өзінің әйелі.
Сыйлық берсе алдана салатын, сыртқы тұр-тұлғасы тартымды әйел. Сол үшін де хатшысы боп жүр, яғни әкімнің көңіл көтеретін ойыншығы.
Әкім күйеуі реті келсе хатшы-әйелін лақтыра салуға дайын, өйткені әйелін өзімен қатарлас адам ретінде есептемейді.
Мінеки, «Сериал емес» сериалы осындай төрт түрлі отбасының хикаяларынан құралған.
Статистикаға сенсек, Қазақстанда жылына кемі 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Осындай сұмдық цифр жағдайында өмір сүріп жатқан елдің телеарналарынан мұндай телеөнімдерді көрсету – отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстарын ашық қолдауға және соған жол беруге ұқсайды.
Бұлай ойлауымызға не себеп? Себебі, халқының жартысын ауылды жерде тұратын, сондағы тұрғындар үшін негізгі ақпарат көзі саналатын телеарналардың әйелге қарсы зорлық-зомбылықты дәріптейтін, соны өрбітетін мазмұндағы контент ұсынуы ешқандай медиа этикаға, адам құқықтары туралы заңдарға сай келмейді.

Соған қарамастан, бұл сериал осыған дейін телеарналарда көрсетілетін комедия жанрындағы басқа да отандық сериалдардан ерекшелігі бар. Бұл — осы сериалдың әдепкі отбасындағы жеңіл әзілге емес, астарлы әлеуметтік әжуаға құрылуы.
Әрбір эпизодында бүгінгі қоғамда боп жатқан саяси-әлеуметтік келеңсіздіктерді, атап айтқанда: өз ісіне жауапсыз қағазбасты жағымпаз қызметкерлер ;сыйлыққұмар, жемқор, пара алғыш бастықтар; дипломын сатып алған мамандар; екіжүзді депутаттардың халықты бала сияқты алдауы; қауіпсіздік органдарынің сенімсіздігі сияқты әрекеттерді уытты әзілдерімен жеткізеді.
Тағы бір айтып өтер жайт, бұл сериал «қазақ тілінің мәртебесін» пропагандаға айналдырды. Сериалда, әдеттегідей, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейтін шетел азаматы бар. Ол ағылшын тілінде сөйлеуге тырысқан қазаққа қазақ тілінде жауап беріп, таңғалдырады.
Мұндағы месседж – Қазақстанда тұратын басқа ұлттар да қазақша сөйлей алатынын көрсетіп, үлгі ету болса, екіншіден, басқа ұлттарды жігерлендіру, мемлекеттік тілге тарту.
Әйткенмен, мұндай пропаганда терісінің түсі қара адам арқылы жасалса, онда міндетті түрде кейіпкер терісінің түсіне байланысты қандай да бір күлкілі оқиғаға құрылады.
«Сериал емес» сериалының бір эпизодында дәрігерге қаралуға келген шетелдік кісінің әңгімесін күлкіге айналдырады, терісінің түсі туралы ашық жәбірлеу сөздерін айтады.
Бұл көріністен XXI ғасырдағы өркениетті елде өмір сүретін адамның әрекетін көрмейсіз. Мұндай жабайылықты телеэкранға шығаруға жол беріп отырған телеарналардың заңсыздығы қашанға дейін жалғасатыны да белгісіз.
Биылғы телемаусымда біршама жаңа сериал эфирге шықты. Отандық телехикаялардың көбеюіне үлкен қолдау көрсететін «Хабар» телеарнасы қазақстандық сериалдарды көрсету жағынан көш бастап тұр.
Соңғы бірнеше айда көрермендеріне жол тартқан «Дала қырандары», «Бекзат», «Кебенек» сериалдарын алсақ, барлығы да барлығы елін-жерін қорғаған, ел даңқын асқақтатқан батырларға арналады. Бұған QAZAQSTAN ұлттық арнасынан көрсетілетін «Қашқын» сериалын қосыңыз. Барлығында бір образ – жауынгер образы бар.
Сонымен қатар «Хабар» телеарнасында шекарышылардың өмірін баяндайтын «Жауынгер» атты телебағдарлама бар.
Ал комедия жанрындағы сериалдар азайды. Жеңіл әзілдерге қарсы жаңа тенденция басталғанға ұқсайды. Әзіл орнын басатын «салмақты» сериалдардың мазмұны отансүйгіштіктің «ең асыл белгісі» деп есептелетін қаһармандық, жауынгерлік тақырыптарына ауысқан.
Ал мұндай мазмұн, өз кезегінде қара күш пен зорлық-зомбылық арқылы жаулап алуға негізделген диктаторлық менмендігі басым қоғамның телеэкранында ғана көрсетілетіні белгілі.

Әрине, мұндай физикалық күшті ұлықтайтын экранда әлсіз не өзінен өзгеге бағытталатын зорлық-зомбылық әрекеттері ашық болмаса да жасырын, әдейі болмаса да бейсаналы түрде насихатталып әрмен қарай дами түсетіні анық. Мұның бір дәлелі – бүгінгі отандық телеарналар эфирі. Дәл осы теріс бағыттың алғашқы әрі бірден-бір құрбаны: ол – әйел бейнесі.
Сонымен, телеарналар бұл мәселені шешуге, әйелді кемсітіп көрсетіп, әжуалауды тоқтатуға қашан мән беріп, ден қоятыны белгісіз.
Телеарналардың басшылығы Қазақстан қоғамында зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін, және соған қоғам болып қарсы шығуды насихаттайтын қандай шешімдер ұсына алады? Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы мазмұндағы бағдарламаларды, деректі фильмдерді, сериалдарды көбірек көрсетуі керек пе?
Әлде сериал түсіруге тапсырыс беруші – телеарналар зорлық-зомбылықты, әйелді кемсітіп көрсетуді шектейтін арнайы талаптар мен ережелер әзірлеп, соны контент жасаушымен бекітілетін келісімшартқа енгізіп, алдын алуы керек пе? Сіздің ұсынысыңыз қандай, қадірлі оқырман?

Тәуелсіздік күні, кірпіктегі бит және зорлық. 9-15 желтоқсан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Бұл аптада КТК мен басқа телеарналардың контентіндегі өзара контраст көзге ұрып тұрды. КТК журналистері апта педофилдері туралы егжей-тегжейлі баяндаса, қалған телеарналар еліміздің ең бас мерекесі – Тәуелсіздік күніне басымдық берді. Бір сөзбен айтқанда, түрлі талғамға әралуан ақпарат. Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
Әуел баста бағдарлама авторлары таптаурын сөз тіркестерін тым көп қолданғанын айтқымыз келеді. Көрермен бір минутта аураханадағы күдікті «полицейлердің жіті қадағалауында» екенін естіп үлгереді (бәлкім, «қадағалауында» деп айтқысы келген шығар? «Жіті» сөзін қолданып, әлдекімдердің о жақта «полицейлер дұрыс қадағаламайды» деп ойлауының алдын алғысы келді ме екен?!).

«Рульде отырған адам тура мағынасында соғып өтті» деп те айтты. Рулдегі адам ауыспалы мағынасында соғып өте алар ма еді?

КТК журналистері «тура мағынасында» тіркесін жақсы көреді. Оның түпкі мағынасына үңілмейді. «Шокирующий» сөзін тіпті жиі қолданады. Жаңалық мәтінін «жіті қадағалау» керегін айтқың-ақ келеді.

Бағдарламаның бірінші көлемді материалы – Қарағанды облысындағы адам шошырлық оқиғаға арналыпты. Әйел кісі көшеде ер адаммен танысып, пәтерде сол ер адаммен бірнеше күн бірге болады. Сосын өзінің кішкентай қызын да пәтерге әкеліп, жаңа танысымен бөлмеде қалдырады (дүкенге кетеді). Қызы өзіне ер адамның «тиісіп, саусағымен ауыртқанын айтады». Анасы мен қызы – сюжеттің басты кейіпкерлері, екеуінің де бет-жүзін көлегейлепті.

Болжалды зорлаушы тергеуден кейін аурухана төсегіне таңылады. Айтуынша, оны полицейлер ұрып-соғып, «дубинкамен» зорлапты.

Журналистер бұл сұмдық оқиға жайлы мейлінше дұрыс әңгімелеп, барлық тараптың пікірін тыңдаған. Дегенмен, полицейлер болған жағдайға байланысты «анықтап жатырмыз, тергеу жүріп жатыр» мазмұнда ғана комментарий берген.

Алматыда анасы, ұлы және оның әйелі«Палачь» жәндіктерге қарсы дәрісінен уланыпты. Дәріні анасы базардан сатып алған. Қоңыздарды уламақшы болыпты. Бірақ, өздері де уланып, ұлы есін жимаған күйі көз жұмды. Өзі жан сақтау бөлімінде жатыр. Журналист құнды ақпаратқа толы сюжет әзірлеген. Базарға барып, түрлі химиялық зат сатушыларды жасырын камераға түсіреді. Сарапшылар мен дизенфекция мамандарынан комментарий алған. Тауар сапасын қадағалау департаментінің де пікірін біліп, «ал енді не істеу керек» деген сауалға жауап берді.

«Больше деталей» айдарында журналистер тағы да эксперимент жасады. Олар ЖОО дипломын интернет арқылы сатып алуға тырысты. Айта кетейік, сатып алуға болады, бірақ бұл ақшаңызды желге шашумен тең. Аталған айдарда Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі туралы қызық мәлімет көп. Әйтсе де Тоқаевтың сынына ұшыраған ЖОО өкілдерінен комментарий жоқ. Бұл материал да сол Тоқаевтың сынынан кейін жасалып отыр.

Бағдарламаның арнайы репортажы «Солтүстікке қоныс аудару» тақырыбына арналған. Мемлекет елдің оңтүстік аймақтарынан солтүстік облыстарға көшуге ниетті азаматтарды қолдайды. Аталған бағдарламаға қатысып, солтүстікке қоныс аударғандар неліктен кері қайтады?? «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы «оңтүстіктегі халық тығыз қоныстанған аймақтардың халқын солтүстікке көшіріп, сондағы халық санын өсіруді көздейді». Бірақ бұл идеяның жүзеге асырылуы көңіл қуантпайды. Мұның себебін сюжеттің барлық кейіпкерлері: қоныс аударушылар да, шенеуніктер де, сарапшылар да түсіндірді. Сөйте тұра оң нәтижелер де баршылық: мәселен, кейбір адамдар солтүстікке көшіп барғанынан кейін, мемлекет қолдауымен кедейліктен құтылып, теледидар, жиһаз сатып алып, балалар бөлмесін жабдықтапты. Қызық әрі баланс сақталған сюжет.

Apta, QAZAQSTAN
КТК телеарнасы президент туралы ләм-мим демесе, QAZAQSTAN телеарнасы бағдарламаны Тоқаевтан бастады. Мемлекет басшысы ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар берді, Жастар жылын қорытындылап, 2020 жыл – Волонтерлер жылының жоспарын айтты. Көрермендер мұның барлығын алты минут тыңдады.

Содан кейін бағдарлама авторлары осы тақырыпқа қайта оралды. Сюжеттің алғысөзі волонтерлер туралы басталып (волонтерлер мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектессе, ғанибет болар еді), бірақ сюжетте жастарға ойысып (келер жылдан бастап шәкіртақы өседі), сосын Тоқаевқа (оның сапасыз білім беретін университеттерді тексеріп, жазалау тапсырмасы) өтті. КТК сияқты мұнда да университеттер өкілдеріне сөз бермеді.

Сюжеттен кейінгі алғысөз Тоқаевқа, дәлірегі оның экспортқа сапалы тауар өндіру туралы твитімен жалғасты. Бұл «Алтын сапа – 2020» сыйлығын тапсыру сюжетінің алғысөзі екен. Қандай да бір құнды ақпардан ада сюжет сыйлық иегерлерінің және Тоқаевтың сөздерінен құралған

Назарбаев туралы бөлік оның Тәуелсіздік күні құрметіне ұйымдастырылған салтанатты концертке қатысуына арналған.

50 жыл бұрын Павлодарда №3 мектеп-интернаттың оқушылары «Жас ұлан» ұйымын құрыпты. Аталған ұйым Қазақстан егемендігі идеясын астыртын насихаттаған. Сосын бұл ұйымды КГБ жауып тастады. Apta бағдарламасы сол ұйымды құрған оқушылардың тағдырынан сыр шертетін сюжет түсіріпті. Бұл ұйымның құрылуы сол кездегі Павлодардың өміріне қалай әсер еткенін баяндады. Тарихи оқиғаға арналған сюжетте тарихшылардың пікірі жоқ. Ал 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы бағдарлама авторлары ләм-мим демеді.

2016 жылы Талдықорғандағы әскери әуе базасында ұшақ апатқа ұшырады. Әскери ұшқыш Әділбек Ысқақов ұшақты елдімекендердің үстінен алысқа әкетіп, көптеген тұрғынның өмірін сақтап қалды. Әйтсе де сот оны кінәлі деп тауып, соттады, кейін ақтайды. Көрерменге бұл оқиғада ұшқыштың қандай баппен, не себеппен сотталып, кінәлі боп шыққанын білу қызық-ақ еді?! Бірақ, сюжетте сот органдарының да, құқыққорғаушылардың да тарапынан ешқандай пікір болмады. Есесіне ұшқыш өз сөзінде тұңғыш президент Назарбаевқа, екінші президент Тоқаевқа, қорғаныс министрі Ермекбаевқа алғыс айтты. Не үшін? Бәлкім, QAZAQSTAN телеарнасы елімізде сот соттап, бірақ президент ақтай алатынын меңзеген болар?!

Қазақстандық спортшылардың неліктен допинг қолданатыны туралы сюжет идеясы мен орындалуы тұрғысынан қызық шыққан (бұл сюжетті жасауға ресейлік спортшылар құрамасының төрт жыл мерзімге әлем чемпионаттарына да, олимпиадаға да қатысудан шеттетілуі себеп болды). Материалда ҚР-ның допингке қарсы ұлттық орталығы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков елдегі спортшылардың допинг дауына ілінуіне спортты түсінбейтін басшылардың кінәлі екенін айтады. Олар өздерінен жоғары тұрған басшылыққа спортшылардың жоғары нәтиже көрсететініне уәде береді. Салдарынан спортшылар жоғары нәтиже көрсету үшін допингке қарсы заңдарды бұзады. Әйткенмен де сюжетте салалық министрлік тарапынан да, бапкерлер мен спортшылар тарапынан да пікір болмады, баланс сақталмады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Тоқаевтың қолынан орден таққандардың бірнеше кадры және мемлекет басшысының азаматтық сананың өсуі, шенеуніктер халыққа жұмыс істеу керегі туралы екі цитатасынан кейін, «Аналитика» бағдарламасы аптаның бас мерекесі – Тәуелсіздік күніне ойысты.

Олег Журкевич тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл, яғни 1992 жыл қандай болғанын айтып берді. Мұрағаттан алынған кадрлерді: ТМД құрылуы, мемлекеттік ұйымдардың мойындауы, Әнұран, Ту, милицияның полицияға айналуы, қалалардың атын ауыстыруын көрсетті. 1991 жылдың 9 желтоқсанында басталып, 1992 жылдың 16 қаңтарына дейін жалғасқан шахтерлер көтерілісін, айлықтың жетпеуінен саудамен айналысқан кешегі мұғалімдер мен инженерлерді де көрсетті.
Әйткенмен де Олег Журкевичтің тарихты қазбалаған сюжеттерінде сол уақыттың бет-бейнесін келтірер стендаптар және деталдар жетіспеді.

«Аналитика» журналистері алдағы Волонтерлер жылы туралы да көлемді сюжет дайындапты. Кәрі адамдарға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмектесетін волонтерлер, студент-дәрігерлер мен эковолонтерлер сюжет кейіпкеріне айналған. Олардың хикаялары шабыт сыйласа, автордың кадр сыртындағы сөздері таптаурынға, әсірелеуге, пафосқа толы. Ал шенеуніктердің еріктілер қозғалысын жеті не бес бағытқа бөлуі — олардың халық белсенділігін жүйелеп, регламенттеу жоспары бар сияқты әсер қалдырады. Бұл белсенділерге қажет пе? Осы сұраққа жауап болмады.

Бағдарламаның тағы бір тақырыбы – сұлулық индустриясындағы жан түршіктірер оқиғалар. Жарақат, маникюр мен педикюрден кейін ұзақ емделулер, ұзартылған кірпіктердегі биттер және қасты бояғаннан кейін болған Квинк ісіктері. Журналистер әсемдік салондарында қандай нормалар сақталу қажетін, мемлекет бұл саланы қалай қадағалайтынын, тұтынушылар өз құқықтарын қалай қорғай алатынын әңгімеледі. Саладағы түрлі оқиғалар, кемшіліктер мен проблемалардың егжей-тегжейін естігенде, дене шымырлайды. Сюжет авторларының да көздегені осы болса керек.

«7 күн», «Хабар»
«7 күн» бағдарламасы Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған мемлекеттерді санамалаудан бастады. Олардың қатарында АҚШ, Австрия, Сингапур, Үндістан, Испания және тағы басқа да көптеген мемлекеттер бар. Телеграмма әлі де келіп түсіп жатыр.

Бірінші сюжет – Назарбаевтың Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауы. Авторлар КСРО ыдырағаннан кейін өмір сүрудің қаншалықты қиын болғанын, барлық байланыс үзіліп, шикізат өндірісінде тығырықтан шығар жолды өзіміз іздегенін айтады. Мұның барлығы Назарбаевтың құттықтау сөзіндегі ұзақ-ұзақ синхрондарымен толықтырды. Бізді біледі, құрметтейді және қолдайды. Ал бұқарадан әдеттегіндей ештеңе де сұрамады.

Ел астанасының даму тарихы туралы сюжетті қызықты етіп жасауға болар-ақ еді. «7 күн» бағдарламасының бұған ресурсы жетеді. Әйткенмен, мұнда да Елбасыны көп көрсетіп, оның кіммен кездескенін, кімдердің астананы көшіруге көмектесіп, жаңа астананы салғанын айтудан әрі аспады. Астананың дәрігерлері небір жан тебірентер сәттерді – тұңғыш президенттің жапан далаға келіп, «Хан-Шатыр» қайда салынатынын, Бәйтерек қайда орналасатынын жоспарлағанын еске түсірді. Осындай естеліктер аздық етті. Астананың құрылысын қадағалаған, куә болған қалалықтардың пікірін неліктен сұрамады? Тарихты толымсыз әрі тым формалды баяндады.

Тоқаевтың Жастар жылын қалай қорытындылағаны туралы сюжет жақсы әрі толымды жасалыпты. Студенттердің шәкіртақысын көтереді. Жұмыс істейтін жастарға қолжетімді баспана беріп жатыр. Жалдамалы баспана бағдарламасына қатысушы кейіпкер де бар. 5000 жас кәсіпкер мемлекеттен грант алыпты. Кәсіпкер грант қаржысына отбасыларды ажырасудан сақтайтын әлеуметтік жоба жасапты. Тректері әлемдік хит-парадтарда көш бастаған жас музыкант Иманбек Зейкенов туралы да әңгімеледі. Бұл жаңалықтан хабарсыз көрермендерге расымен де қызық ақпараттарға толы сюжет екен.

АҚШ-тың Tyson Foods компаниясы Қазақстанның ауылшаруашылық кешеніне кіреді. Барлығы жақсы-ақ, бірақ Қазақстанның бұл келісімді орындауға әлеуеті жете ме? Бізде сондай деңгейге лайық мамандар бар ма? Бұл келісім алдында қандай міндеттемелеріміз бар? Қалай дайындаламыз? Қанша қаржы жұмсаймыз? Міне, осындай сұрақтарға жауап болмады. Оптимист мазмұндағы материал, баланс сақталмады.

«7 күн» қазақстандықтардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламалар туралы материалдар топтамасын жалғастырады. Бұл жолы «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын таныстырды. Аталған бағдарламалардың нендей шарттары бар екенін, қалай баспана алуға болатынын түсіндірді. Алдыңғы эфирлерде баспана алған отбасылардың қуанышы көрсетуден аспайтын еді.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты түрде жүргізеді және апта сайын жариялайды.

Тоқаев, Меркель, Әнұран. 2-8 желтоқсан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен аптаның бас ньюсмейкері – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Апталық қорытынды бағдарламасында мемлекет басшысын көп айта бермейтін КТК телеарнасы да бұл жолы Тоқаевқа көп уақыт бөлді. Екінші президент Deutsche Welle халықаралық телерадиоарнасының тілшісі Жанна Немцованың (Борис Немцовтың қызы) сұрақтарына жауап берді. Немцованың сұхбатын қазіргі БАҚ әрқалай, «батыл» деп те, «ыңғайсыз» деп те бағалап жатыр. Содан кейін Тоқаев Германияға сапарлады. Мұнда Ангела Меркель оған жергілікті дипломатияның хаттамасын айқын көрсетті. Бұл екі фактор (сұхбат – ресми сапар) кешегі аптаның ақпарат негізін құрады.
Мониторингімізге дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Deutsche Welle тілшісі Жанна Немцоваға сұхбатына көлемді шолудан басталды. Авторлар сұхбаттың ешбір өткір тұсын шет қалдырмай, тіпті «Қырым» туралы айтылғанда да («біз Қырымда болған жағдайды «аннексия» деп айтпаймыз» ) көрсетті. Назарбаев тұлғасын ұлықтау, Қытай туралы да сұрақ-жауаптар енді. Немцованың журналистер айтқандай «өткір сұрақтарының ешқайсысы қалып қоймады.

Мұндай шынайы шолудан кейін қандай да бір беделді саясаттанушының пікірі керек-ақ еді. Бұл сұхбат Қазақстанның халықаралық имиджіне қандай ықпал етеді? Тоқаевтың имиджіне қалай әсер етеді? Жаңа президент-дипломатымыз қандай адам ретінде көрінді? Сұхбат қалай болды? Президентіміз – тәжірибелі дипломат, Немцова оны жайлы орнынан қозғай алды ма, әлде Тоқаев «жеңіске жетті ме?». «Большие новости» сияқты жоғары сапа деңгейіне ұмтылған қорытынды бағдарламада сараптама жасай білу маңызды-ақ. Ал бізге жақсы жасалған шолудан басқа ештеңе ұсынбады.

Вахталық тәсілмен не үйінен жырақта жұмыс істейтін адамдар тап келетін қиындықтары туралы сюжетке тепе-теңдік жоқ. Бізге жұмысынан үйіне қайтып келе жатып, сұмдық жол апатына ұшыраған оқиғаны айтып, амал жоқ вахталық тәсілмен жұмыс істеуге мәжбүр (әйтпесе күнкөрісіне ақша таппайды) не қызметте өсу үшін келісетін ер адамдардың хикаясын көрсетті. Вахталық жұмысқа орналасудың оңай екенін де айтып өтті, өйткені маман тапшы екен. Әрмен қарай не болмақ? Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі не ойлайды (кейбір кейіпкерлер Еңбек заңнамасының бұзылатынын айтып қалды)?. Жол апатында қаза тапқан жұмысшылардың туыстары автобустың ескі болғанын айтады. Ел билігі бұл мәселені бақылауына ала ма, әлде жекеменшік кәсіпорындар жұмысшыларын ескі-құсқы көлікпен тасымалдауға құқылы ма? Осы және тағы басқа да сауалдарға ресми тұлғалар жауап беруі тиіс еді. Бірақ жауап болмады. Есесіне бизнес-тренер комментарийін беріпті.

Мектептер туралы сюжетте санитар-дәрігерлер оқу мекемелерінің директорларына сыныптардың оқушыға толып қалғаны себепті айыппұл салып жатыр. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселемен мектеп директорлары емес, әкімдіктер сот арқылы айналысуы керегін айтады. Мұндағы «айналысуы керек» дейтіні — мектеп сыныптарының толып қалуы емес, айыппұлдар. Бұл да материалдан аз-кем түсінікті болып отыр. Алайда, біріншіден, сюжеттегі кейіпкерлердің тең жартысының синхронына титр жазылмаған. Қайсысы қай министрліктен екенін, қандай лауазым деңгейінде пікір бергенін түсіну қиын (Тікелей эфирде титр болған да шығар, бірақ мәтін авторы бағдарламаны телеарнаның сайтынан көрді. Сайттағы эфирде титр болмады, бұл кемшілік басқа да материалдарда кездесті). Екіншіден, тілші айтылған мәселелерге (мектептердің жетіспеушілігі, халықтың ірі қалаларға жаппай қоныс аударуы және санитарлық нормалардың бұзылуы) сюжет соңында Қазақстанда білім беру сапасының төмен екенін де қосты. Бұл не, салдары ма?

Егер салдары болса, онда айтылған мәселе әрмен қарай ашылмай, сюжеттің соңғы секунды жеткенде ғана айтылып, ауада қалып қойды. «Әрмен қарай өздеріңіз ойланып, алыңыздар» дегендей болды.

Есесіне бағдарламаға «Большой мир» атты жаңа айдар қосылыпты. Енді жүргізушілер әлемде не боп жатқанын қысқа ғана айтып өтеді.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама «хабарстайл» дәстүрімен басталды. Тұңғыш президенттің кіммен кездескенін, оның бағыт-бағдарын екінші президент қалай жалғастырып жатқанын көрсетті. Мұның барлығы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары туралы негізгі материалдың ұзақ алғысөзі сияқты көрінді.

Сюжет қызық мәліметтен басталды. Айтылғандай, Германияда шетелдік делегацияны күтіп алу барысында әнұранды отырып тыңдайтын ереже бар екен. Бірақ, Қазақстан әнұраны ойнағанда «мемлекет басшысы федералды канцлерге асқан байыппен сөйлеп, еліміздің ережесіне бағынып, орнынан тұрып, әнұрынымызды тыңдады».

Сюжетте ресми сапардың маңызды тұстарын түгел санамалап шығыпты: кездесу не үшін өтті (инвестиция үшін), неліктен қызығушылық танытамыз (бұл перспективасы бар жобалар), қандай келісімге келді (барлық салада ынтымақтастық жанданды), бұл туралы Германия тарапы не ойлайды (Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы лайықты серіктес), Тоқаевтың Украина туралы пікірі (Норман форматындағы кездесуде барлығы шешілетінін үміттіміз), неміс бизнесмендерімен кездесу (серіктестікке дайынбыз). Сюжетте Германияның бизнес-өкілдерінен пікір алу жетіспеді. Олар Қазақстан экономикасына қаржы құюға дайын ба? Бағдарламада бизнес-ынтымақтастық тақырыбын жеке топтамаға шығарыпты. Тоқаев инвестиция тартуға бағытталған бірнеше кездесу өткізді. Сонда да жоғарыда айтылған сауалға жауап болмады.

Тоқаевтың Deutsche Welle телерадиоарнасына сұхбаты форматы жағынан КТК-ға ұқсас, бірақ мазмұны әдепкі «хабар мәнерінде» жасалыпты. Президенттің «қазақстандықтар бірлесіп, қимылдауы керек», «билік партиясы – пікір алмасу орны», «латын әліпбиіне көшу — қазақ тілін басқа елдерде танытады, бұл – Ресейден алшақтау емес», «Ресей – стратегиялық серіктесіміз және досымыз» деген жауаптарын алып, соны көрсетті.

«Хабар» эфирінде аптада болған ірі жол-көлік оқиғаларын да айтты. КТК бұл тақырыпқа үйінен жырақта, вахталық тәсілмен жұмыс істейтіндердің мәселесі турасынан келсе, «7 күн» бағдарламасында бұл медицина мамандарының проблемаларына (Павлодар облысында кардиоорталық дәрігерлерін бір реттік пайдалануға арналған заттарды қайта жуып, пайдалануға мәжбүрлепті) өту болды. Содан кейін жанармай бағасына ойысты. Бұқараның «бізге жанармай алу үшін сырттан келудің несі жаман, біздегі баға неліктен көршілес елдердегі бағамен бірдей болуы керек, бұл туралы қазақстандықтар не ойлайды» деген сұрақтарына жауап бермеді.


Есесіне өңірлерді дамыту бағдарламасы туралы сюжет толымды шығыпты. Автор бұл бағдарламаға қанша қаржы бөлінгенін, нені жаңғыртатынын, мұның неліктен қажет екенін, қалай іске асыратынын, бұған қаржыны қайдан алатынын түсіндіріп, айтып берді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының Ақмола облысында іске асырылуы барысына арналған сюжет толымды шықпады. Бұл сюжет «Хабар» телеарнасының тұрғын-үй бағдарламалары тақырыбындағы топтама материалдарына ұқсайды. Тілшілер осы бағдарламаның арқасында жақсы өмір сүріп жатқандарды көрсетеді, бірақ егжей-тегжейін, бұл нендей бағдарлама, баспана алу үшін қандай шарттары бар екенін айтпайды.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы жолдағы көлік апаты оқиғаларынан басталды. Бұған көліктегі ақаудың себеп болуы мүмкін екенін айтып, жауапкершілікпен қараудың балама мысалдарын келтіріп, масаң күйде көлік жүргізу тақырыбын да қозғады. Бағдарламада қолданылған әуесқой видеодағы «көктайғақ кезінде жергілікті атқарушы билік қайда қарап отыр?» деген сауал жауапсыз қалды.

Тоқаевтың Deutsche Welle-ге берген сұхбаты туралы көлемді материал дайындапты. Президенттің жауабынан үзінділерді: митингілер, латын әліпбиіне өту, атом электр стансасының құрылысы, Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы туралы айтқанын алып, соның әрқайсысына сәйкес видеолармен берді. Тоқаевтың Қырым аннексиясы жайында айтқаны тек Қазақстанда емес, Еуропада да үлкен резонанс тудырғанымен, бұл сәті «Аналитика» бағдарламасына енбепті. Есесіне канцлер Ангела Меркель Қазақстан әнұраны ойнағанда неліктен орнынан тұрмай, отырып тыңдағанын түсіндірді. Мұнда да «Хабар» эфирінде айтылғандай «асқан байыппен сөйлеп» сөз тіркесін қолданды. Бұл не? Сәйкестік пе?

Материал авторы Бранденбург қақпасының фонында стендап жазып, Германия инвесторларына арналған артықшылықтарды тізіп шықты. Дроннан түсірілген кадрларды көп қолданды.

Өскеменде мектеп оқушысы түсіріп, таратқан тұмша түтін видеосы ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар туралы жеке сюжетке себеп болыпты. «Аналитика» бағдарламасының жүргізушісі оқушы баланы «Грета Тунбергке ұқсас» деп те атады. Бірақ, шынтуайтына келгенде, бағдарламада оқушының есімі аталмады. «Мұндайды тек Өскеменнен ғана емес, Қазақстанның басқа да қалаларынан көруге болады» деген спикердің де есімі аталмады.

Бағдарлама деректер қорындағы аласапыранның себебінен салық төлемдерінде кететін қателіктер туралы сюжетте тепе-теңдік сақталған. Түрлі ведомство өкілдерінің де, жәбірленушілердің де пікірі бар. Түйін біреу: деректер базасындағы ақауды түзетпей, қателіктер шыға береді.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарламаның басты тақырыбы – Тоқаевтың Германияға ресми сапары. Бұл материалдың алғысөзі де Тоқаевтың айтқанынан басталады: «Қазақстан мен Германия арасында алтын көпір орнатуға келдім. Бізге сіздердің инвестициялар қажет». Тележүргізуші Жайна Сламбек президенттің сөзінен цитата келтіріп, «Және бұл болашақ үшін алаңдаған белсенді азаматтан бастап бәрі үшін қатты уайымға салынбайтын қарапайым қоғам мүшесіне дейін түсінікті әрі «иә, дәл солай» дейтін тұжырым» деп қайырды.

Берлиннен жасалған сюжет әдепкі қалыптан аспады. Ерекшелейтін тұсы жоқ.
Тоқаев тақырыбына қатысты бір қызық сәт, екінші президенттің Deutsche Welle тілшісіне сұхбатын APTA бағдарламасының авторлары елеусіз қалдырыпты.

Қазақстандағы киберқауіпсіздік. Сюжет авторы мұның не екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Алайда сарапшылардың синхрондары ұзақ болып, бір сарапшы бірнеше рет қайталанды. Тепе-теңдікті сақтау жағы кемшін түсті. Сюжетте киберқауіпсіздік, it-мамандарды даярлауды мәселе барын айтады, бірақ сол кадрларды дайындайтын оқу орындарының пікірін ести алмадық.

Аптаның ең басты оқиғаларының бірі – Қазақстан жолдарындағы көлік апаттары мен ірі жол-көлік оқиғасының құрбандары. Бұл туралы APTA бағдарламасы қандай да бір сараптама жасамады. Қолда бар деректерді тізіп шығып, ІІМ басшысының комментарийін берді.

Семейдегі көне тарихи ғимараттарға жөндеу қажет екені туралы сюжет мейлінше толымды шығып, тепе-теңдік сақталыпты. Өлкетанушылардың да, музей қызметкерлерінің де, дептутаттар мен шенеуніктердің де пікірі бар.
Бағдарламаның соңғы сюжеті де тарих тақырыбына арналыпты. 1917 жылғы қос революция турасында айта келіп, бұл екі революция қазақ халқының тарихына қалай әсер еткеніне жауап іздепті.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізеді және апта сайын жариялайды.

Қазақстан медиасының маргинал нүктесі — экомедиа

Қазақстан медиасында аудитория назарына өте аз ілінетін маргинал тақырыптардың бірі – экология мәселесі. Кез келген өркениетті қоғамның бір сипаты: ол – азаматтардың қоршаған орта, табиғат туралы түсініктерді жете танып, экобелсенді болуында жатыр. Адамдардың экология мәселелерін танып білуінде медианың рөлі үлкен. Сонымен, қазіргі қазақ медиасы, соның ішінде онлайн медиада осы тақырып қаншалықты айтылады, жазылады, көрсетіледі? Экология мәселесі тақырыбының қазақ медиасындағы көрінісі қандай? Мақаламызда осы сауалға жауап іздедік.

Соңғы бір-екі ай көлемінде қазақ медиасында экология мәселесіне қатысты ең көп жазылған төрт тақырып мына төмендегідей:

1. Швециялық оқушы қыз Грета Тунберг қалайша климат «иконына» айналды?

2. «Көкжайлау» жобасына нүкте қойылды.

3. Шотландиядан келген туристер Алматы тауында қоқыс жинап жүр.

4. Нұр-Сұлтан – мұсылман әлемінің «жасыл қаласы».

Қазан айында әлеуметтік желілерде ең көп таралып, талқыланған ақпарат – Швецияның 16 жасар оқушысы Грета Тунбергтің мәлімдемесі болды. Оның БҰҰ саммитінде «балалық шағымды ұрладыңыздар» деп басталатын өткір сөздері, экожүйенің жаппай құрып, адамзат жаппай қырылудың алдында тұрғаны туралы мәлімдемесі және экологтарға берілетін үлкен сыйлықтан бас тартуы әлеуметтік желілерде көп таралды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Tengrinews.kz сайтына Грета Тунбергтің мәлімдемесі жөнінде берген сұхбатында: «Бұл қызды көргенмін, БҰҰ саммитінде болды. Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі менің міндетім болғандықтан, оның айтқан сөздері жүрегімді елжіретті. Қыз көтеріп отырған проблема бізде бар және ол расында шешілуі керек. Бұл проблеманы шешудің жолы – жаңа әрі қолжетімді «жасыл» технологияларға көшу, ағаштар отырғызу» деді.

Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2019 жылдың маусымында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің бұйрығымен құрылды.

Қазан айында Қазақстан медиасында экология мәселелеріне арналған жаңалықтар мен ақпараттардың жариялануы мынадай:
kazinform.kz – 108 материал (бірақ бұл материалдардың басым бөлігі 12- қазанда өткен республикалық сенбіліс іс-шарасына арналғанын ескерген жөн)
Tengrinews.kz – 28,
Хабар24 – 6
Vласть – 5,
Newtimes.kz – 4 (Бұл сайтта «прогноз погоды в Казахстане» деген тақырыппен күнделікті ауа райы мәліметі шығады, бірақ мұны экология тақырыбындағы мақала есебіне қоспадық)
Азаттық радиосы – 5 (Айта кету керек, биыл осы медиада экология тақырыбында «Сынақ. Полигон маңындағы өмір», «Қария мен теңіз» атты деректі фильмдер жарыққа шықты).

Ал дәстүрлі медиа, яғни принт, соның ішінде қазақша басылымдарда соңғы бірнеше айда бар-жоғы 3 материал жарияланды.
Біріншісі, елорданың «мұсылман әлеміндегі жасыл қала» марапатына ие болуы, екіншісі — «жасыл технологияларды дайындау» стартаптары байқауы және үшіншісі — «Eco pack» атты экологиялық науқан жайында ақпарат.

Экология мәселесі тұлғаның не оқиғасында көлеңкесінде қалады

Ең қызығы, қазақ тіліндегі ақпарат сайттарында экология мәселесі мүлдем айтылмайды не айтылған, жазылған күнде де бұл тақырып танымал бір тұлға, ерекше бір қоғамдық оқиғаның көлеңкесінде тұрады. Нақ сол экология мәселесі емес, сол мәселеге кім араласқаны немесе сондағы оқиғаның саяси-әлеуметтік мазмұны алға шығады. Сәйкесінше, таралған ақпаратта эко ұғымы объект ретінде жоғалып, назардан тыс қалып қояды.

Жоғарыдағы ең көп талқыланған тақырыптарды сол ақпаратты таратушы және тұтынушы жақтың реакциясына қарай талдап көрелік:
Мәселен, Грета Тунбергке қатысты ақпараттарда оның 16 жасар оқушы екені, соның ішінде әйел жынысынан екеніне көп назар аударады.

Ал Алматы маңындағы тауларда қоқыс жинап жүрген Шотландия туристерінің Шотландиядан келгеніне, яғни басқа ұлт өкілі, басқа мемлекет азаматы екені басты назарға ілінді. Жергілікті азаматтар арасында да таудағы қоқысты жинап, экоакция ұйымдастыратындары шын мәнінде көп болуы мүмкін, бірақ олардың мұндай экобелсенділігі медиа назарына ілінбейді. Медиа оны жазбайды, айтпайды.
Көріп отырғанымыздай, бізді экология тақырыбы емес, сонымен қандай да бір байланысқа түскен факторлар көбірек қызықтырады.

Елорданың жасыл қала атанғаны да осы мәндес сипатқа ие болды. Қазақ медиасы бұл ақпаратты таратқанда «Ислам мемлекеттері ішіндегі ең жақсы болу» деген атаққа ерекше екпін түсірді. ислам мемлекеттері ішіндегі ең жақсы болу деген атаққа ерекше екпін түсіріп берді. Тіпті «жасыл қала» ұйымының өзі сол екпіннің ығында қалып қойды.

Сондай-ақ, «Көкжайлау» тау шаңғы курорты жобасына президенттің нүкте қоюы туралы ақпараттар биліктің халық пікірімен есептесе бастауы, азаматтық ой еркіндігі, таңдау үстемдігінің орныға бастауының жылы жаршысы есепті көрініс тапты.
Демек, жоғарыда экология тақырыбында жарияланған материалдарды санына қарап: «шын мәнінде экология мәселесін көтерген жаңалықтар ретінде қарастыру қаншалықты дұрыс» деген сауал туындайды.

Осы тұрғыда «қазіргі қазақ медиасы өркениетті қоғамның бір бөлшегі саналатын эко-мәдениетті қалыптастыру бағытында қаншалықты дұрыс жұмыс істеп отыр» деген де мәселе туындайды.

Дәл қазіргі таңда елімізде тек экология тақырыбына жазатын Treehugger, Huffpost, Greenpeace сияқты арнайы сайттар жоқ. Неге екені белгісіз, бірден бір көрнекі ақпарат орталығы болып есептелінетін National Geographic Қазақстан журналының сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары жеткілікті деңгейде жұмыс істемейді.
Ал мына атап айтқанда: «Халықаралық экология академиясы»; «Қазақстан Республикасы экология»; «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі»; «Экология мәселелері ғылыми зерттеу орталығы»; «Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталығы»; «Қазақстанның экологиялық қоры»; «Мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры» мекемелері, ұйымдарының сайттарында негізінен сол мекеменің өз ішінде өткізілген конференция мен форумдардың есебі сипаттас мақалалар мен хабарландырулар ғана тұр.

Жалпы медиа тарихында Экомедиа қашан басталды?

Бұл термин алғаш рет 2009 жылы өткен «Association for the Study of Literature and environment conference» атты конференцияда қолданылды. Сол жиында алғаш рет экомедианы медиа оқытудың бір саласы ретінде қабылдау және арнайы зерттеу қажет екені туралы мәселе қозғалды. Конференциядан кейін сол жылы Стив Руст және Салма Монанидің жетекшілігімен, EcomediaStudies.org атты сайт ашылды.

Экомедианың мақсаты – экологиялық мәселелер жайында дұрыс ақпарат тарату және азаматтардың жасыл түспен ойлау тәжірибесіне ықпал ете отырып, эко-мәдени қоғам қалыптастыру. Соңғы кезде экология саласында жаңа реформа ретінде қарастырылып, өте көп айтылып жүрген ұғымдардың бірі – «экологиялық өркениет» тіркесі.

«Бұл түсініктер қазақ медиасына қашан келеді?» деген сауалға жауап іздеп, үміт жетегінде жүруден бұрын, ең алдымен экология тақырыбын пропаганда мен диcкриминацияның артқы фоны ретінде пайдаланбай, экологияға қатысты ақпаратты сауатты жазудың әдепкі стандарттарын үйрену барлығынан да маңызды болып отыр.

Президенттер, балалар, репатрианттар. 25 қараша — 1 желтоқсан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы мониторингіміз мерекеге тура келіп қалғандықтан шығар, көлемі шағын болды. Мұның бірден бір себебі – КТК телеарнасының «Большие новости» бағдарламасы осы аптада демалыс алып, шолуымызға «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық ақпараттық-сараптамалық қорытынды бағдарламаларына енді. “Еуразия бірінші арнасы” телеарнасының «Аналитика» бағдарламасын қоспағанда, қалған екі телеарна да кешегі аптаны толықтай дерлік қос президентке арнады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы Тоқаевтан және оның парамен ұсталған қызметкерлердің басшыларын да жауапқа тартатын заңға қол қоюынан басталды. Президент бұл идеясын осы жылдың 20 мамырында айтқан еді.

Өткен аптада Орталық Азияда жоғары деңгейдегі екі кездесу өтті. Бішкектегі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты Ұйымының отырысына Тоқаев қатысса, Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне Назарбаев барды. «Аналитика» бағдарламасы қазіргі президенттің жұмысын көрсетіп, содан кейін тұңғыш президенттің кездесулері мен мәлімдемелеріне ойысты.

«Аналитика» бағдарламасы ҚР Тұңғыш президенті күнін айтпағанымен, Тұңғыш Президент Қорының жұмысы туралы көлемді сюжет дайындапты. Автор материалында Қордың барлық бағыттағы жұмысын біріктіруге тырысқан. Осылайша бірнеше материалды бір материалға айналдырған.

Біріншісі – Қордың дарынды жастарға грант беріп, қолдайтыны, екіншісі – оңалту орталықтарын қалай дамытып жатқаны. Кейіпкерлердің жеке хикаялары, мәселен, апатқа ұшыраған кішкентай баланың сұхбаты бар. Автордың «өскелең ұрпақтың қалыптасып, дамуына үлес қосып жатыр» деген сөздері де жүр. Бірақ, материал авторы «Қор кімнің және қандай қаржының есебінен жұмыс істейді?», «Қор ақша бөле ме, әлде басқа елдерден венчурлы инвестицияларын тарта ма?», «Бұл қордың мемлекеттік құрылымдағы рөлі қандай? Білім және ғылым министрлігі немесе Денсаулық сақтау министрлігі айналысатын жобаларды неліктен осы Қор жасап жүр?» деген сұрақтарға жауап бермейді.

«Аналитика» бағдарламасының осы аптадағы бірнеше материалы балаларға арналыпты. Биліктің бұқара талап-тілегіне қалай құлақ асатыны туралы сюжет мектеп оқушысының шаттанып, қуанған әңгімесінен басталды. » Кранды ашасың, су ағады, іше бересің, іше бересің». Қарағанды облысының Шоқай станциясына су құбыры жүргізіліпті.Бұл материалды жасауға салмақты себеп болмаса да , бірнеше қызық мәліметтен құралыпты. Мәселен, Осакаров ауданының әкімі халықпен Telegram арқылы байланысады. Оның чатында 320 отбасы бар.

Қазақстанда жан-жануарды жәбірлеу, азаптау туралы көлемді сюжетте жануарларды қорғаушылардың үш хикаясы, сұхбаттары және видеолары бар. Сюжет авторы полиция өкілінің комментарийіне қатысты «Демек, Қазақстанда барлығы да жан-жануарлардың тілі жоқ екеніне келіп тіреледі екен ғой» деген түйін жасайды. Материалда тепе-теңдік жетіспейді.

Бағдарламының ең көлемді сюжеті — «Барыс» хоккей клубының 20 жылдығына арналған. Клуб тарихын еске түсіріп, ойыншыларын көрсетіп, бұл клубтың жанкүйерлері әралуан, түрлі жас, түрлі кәсіп иелері екенін айтты. Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич ұзақ, бірақ киімі мен реквизиттеріне сай келетін стендап жасапты. Мұның барлығы жиналып келіп, көлемді де сапалы жарнама ролигін көріп отырғандай әсер қалдырды.

«7 күн», «Хабар»
Тұңғыш президент күнінде «Хабар» телеарнасының апталық қорытынды бағдарламасы күтілгендей-ақ, Тұңғыш президентке қатысты материалдардан құралды. Бірінші сюжетте қазіргі президент Тоқаевты айтпас бұрын Назарбаевтың партияластарына «Елдің жаңа президентін қолдауға» шақырғанын көрсетті.

Сюжет «Тұңғыштың партиясы» деп аталады. Құрылымы да стандартты. Нұрсұлтан Әбішұлының рухтандырар сөздерінің арасына тілші өзінің партия жұмысы, бағыттары туралы – халықтың мәселесі сол орнында шешіліп, бағдарламаларды жан-жақты түсіндіріп, бюджет бақылануы тиіс екені және тағы басқа сөздерін қосып отырды. Nur Otan жұмысы кезіндегі мемлекет жетістіктерін (кедейлік деңгейі төмендеді, ЖІӨ өсті) санамалап шықты. Билік партиясының бұған не қатысы бары түсініксіз қалды. Бұл тек партияның еңбегі ме?

Назарбаевтың Ташкентке сапары туралы сюжеттің авторы материалды егжей-тегжейлі мәліметтермен әрлеуге тырысқан. «Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тән қалпымен ұсақ-түйектің барлығын байқайды» деген тілші бұл сөзін Елбасының «Мұнда барлығы қайта жабдықтаған ба?» деген сұрағымен толықтырады. Материалда тұңғыш президентке мақтау-мадақтау айтып қана қоймай, аймақтағы жағдайды сараптауға да тырысу байқалады. Бұл үшін саясаттанушыдан пікір алған. Бірақ, мадақ айту жетерлік. Респонденттер Назарбаевтың арқасында Орталық Азияның көптеген қақтығыстан аман қалғанын айтты. Сонымен қатар, Елбасы 15 наурызды Орталық Азия күні, деп атауды ұсынды. Консультативті кеңестің Құрметті төрағасы атанды. Әйткенмен, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкенттегі кездесуі неліктен өткені, қандай келісімдер жасалғаны сюжетте түсініксіз қалды.

«7 күн» бағдарламасының келесі сюжеттері де Тұңғыш президент күніне арналыпты: Елбасы және жастар, Елбасы және БАҚ, Елбасы және әлеуметтік желілер.

Содан кейін осы аптада Бішкекке сапарлаған Тоқаев туралы аз-кем айтып өтті.
Тек екі материал ғана президенттерге тікелей қатыссыз болды.

Біріншісі, Қостанай облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Авторлар осы бағдарлама арқылы пәтер алған отбасылардың хикаясын баяндады. Бірақ, бағдарламаның шарттарын түсіндірмеді. Жаңа шағынаудандарды салынып жатқан үйлердің құрылысы қарқынды екенін айтқанымен, мұндай жылдамдықпен салынған үйлердің сапасы, қауіпсіздігі қаншалықты ескерілгені туралы ләм-мим демеді.

Келесі шағын сюжет Ақмола облысындағы әлеуметтік көмек тақырыбына арналыты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова дәрігерлер мен студенттерге қандай көмек берілгенін хабарлады. Бұл көмектің қалай берілгенін көрсеткенімен де сол бағдарламалардың егжей-тегжейін айтпады.

Apta, QAZAQSTAN
«Хабар» мен QAZAQSTAN телеарналары қос президентті өзара бөліп алғандай көрінеді де тұрады. «Хабар» телеарнасы Елбасыны көрсету құқына ие болса, ал Қасым-Жомарт Тоқаевты QAZAQSTAN телеарнасы иемденіп алған сияқты.

Apta бағдарламасы қазіргі президенттің Бішкекке мемлекеттік сапары туралы сюжеттен басталды. Бұл сюжеттің алғысөзі тым ұзақ. Жүргізуші Жайна Сламбек Орталық Азияның трансшекаралық өзендері мәселесін айта келіп, мұны үшінші күштер өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екені туралы қаупін білдірді. Бірақ, бұл нендей күштер екенін ашып айтпады. Содан кейін Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романынан үзінді оқыды. Мұндай үзіндіні неліктен оқығаны түсініксіз? Бағдарлама жүргізушісі Жайна Сламбек студияда әдеби шығармадан үзінділерді оқуы бірінші рет емесін ескерсек, онда бұл Жайна Сламбек – әдебиетке жақын, кітап оқығанды жақсы көретін, аудиторияның кітап оқуға махаббатын оятқысы келетін қыз, деген түйін жасаймыз.

Apta бағдарламасы Назарбаевтың Ташкентте сапарынан да сюжет жасады. Қызығы – «Хабар» да, QAZAQSTAN да Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары кездесуіне Қазақстаннан мемлекет басшысы Тоқаев неліктен бармағанын түсіндірмеді.

Тұңғыш президент күніне жеке материал арнады. Сюжет авторлары бәз-баяғы сүрлеуден айнымай, ядролық қарудан бас тарту және астананы көшіруді қайта еске салды.

Бағдарламының аса көлемді әрі қызық сюжеті – репатрианттар тақырыбы. Шеттегі қазақтардың тарихи отаны – Қазақстанға оралуы. Бұл сюжетті жасауға Тоқаевтың твиті себеп. Қызық кейіпкерлер: мал шаруашылығымен айналысатын еркек-репатриант, Нұр-Сұлтанда оқитын студент қазақ қызы (Қытайдан келген) бар. Біріншісі жергілікті жігіттердің бизнес мүмкіндіктерді неліктен пайдаланбайтынына таңданса, екіншісі ата-анасын екі жылдан бері көрмеген, қазір ата-анасын сағынып жүр. Осы орайда сюжет авторлары Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман ұлттарды лагерлерде ұстау тақырыбы да айтуын күтіп едік. Бірақ, бұл туралы ештеңе айтылмады.

Бағдарламада Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен аймақтағы өзекті мәселелерді сөз еткен қызық сұхбат шықты. Жергілікті және шетелдік жұмысшылардың айлық жалақысындағы айырмашылық, Жаңаөзен қаласының жағдайы туралы әңгімелесті.

Бағдарлама соңында жүргізуші Жайна Сламбектің «Боранды бекет» романынан неліктен үзінді оқығаны түсінікті болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке сапары барысында «Ата-бейіт» ұлттық тарихи-мемориалды кешеніне барып, содан кейін Шыңғыс Айтматовтың қабіріне гүл шоғын қойған екен. Бұл кадрлерді бағдарлама басындағы сюжетте көрсеткен. Қабіріне гүл қою жайында сол кезде де айтса болғандай еді. Бірақ, жүргізуші Жайна Сламбек бағдарламаны осылай түйіндеп, Айтматов шығармасынан тағы бір үзінді оқуды дұрыс көріпті. Не дегенмен, жүргізуші мәдениетке жақын, әдебиетті сүйеді.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізеді және апта сайын жариялайды.

Бүгінгі қазақ басылымдарының мазмұны: төрт газет мысалында

Қазақстандағы қазақ тілінде хабар тарататын дәстүрлі медианың мазмұны қандай? Мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізуге берілетін мемлекеттік тапсырысқа алақан жайып, «бұл – менікі емес, бірақ бұл – менмін» деп, өз жазғандарына өзі сене алмайтын газет-журналдардың дамуы тым баяу-ақ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, 2019 жылдың 12 маусымындағы жағдай бойынша Қазақстанда 3520 БАҚ тіркелген. Соның ішінде 2886-ы мерзімді баспа басылым, 157-і телеарна, 72-і радио, 405-і ақпарат агенттіктері мен желілік басылымдар. Тіркелген БАҚ-тың ең көбі, яғни 2886-сы баспа басылым болып отыр. Оның 1818-і газет болса, 1068-і журнал.
Осылайша Қазақстанда тіркелген БАҚ арқылы таралатын ақпараттың басым бөлігі мерзімді баспа басылымдарға тиесілі. Мерзімді баспа басылымдар, соның ішінде қазақша газеттердің бір парасы не жазып, қандай мәселені көтереді? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Салыстырмалы түрде алғанда, еркін, жедел және қолжетімділік талаптары тұрғысынан интернет басылымдар принт басылымдармен салыстырғанда дамуы тез, сұранысқа ие болып отыр. Ал дәстүрлі БАҚ қоғамдағы рөлі мен маңызынан айырылып жатқаны байқалады.
Бұған ең алдымен редакция саясатына қаржыландырушы – мемлекеттік биліктің тікелей араласуы, қатаң бақылауынан аудитория сенімінің азаюы әсер етсе, енді бір жағынан мемлекеттік тапсырыстың, соның ішінде қаржы бөлу процессінің өте жабық екені себеп.

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова Central Asia Monitor сайтына сұхбатында, мемлекеттің қазіргі күнде БАҚ-ты қаржыландыруы қаншалықты тиімді деген сауалға былай жауап береді:

«Ең бастысы – барынша ашық қаржыландыру болуы тиіс. Ал іс жүзінде керісінше болып отыр. Жақында Есеп комитеті мемлекеттік БАҚ-ты аудитке тексеру нәтижелерін бізге беруден бас тартты. Олар мұны бұл ақпаратқа қол жеткізудің шектелгенімен түсіндірді. Сондықтан салық төлеушілерде БАҚ-қа бөлінген қаржының қалай жұмсалатыны туралы ешқандай түсінік жоқ. Еске сала кетейін, жыл сайын мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа ел бюджетінен 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаржының 40 млрд теңгеден астамын мемлекеттік БАҚ-тар алады».

«Ұлы» сөзін ең көп қолданатын газет – «Түркістан»

Бүгінгі қазақ басылымдарының ең жақсы көретін әдеті, бәлкім тәсілі – мақала сөйлемін «ұлы» сөзімен бастау. Бұл әсіресе «Түркістан» халықаралық газетінде ерекше байқалады.
«Ұлы Дала – Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Дала әдебиеті», «Ұлы Дала өрнектері». Осылайша, аталған газет қазақ не Қазақстан сөздерін «Ұлы Дала» тіркесіне ауыстырған.
Келешекте бұл газет «ұлы дала ағашы», «ұлы дала суы», «ұлы дала мәселесі» деп, тіл қолданысына түгелдей жаңалық енгізетін болар.
Ұлтқа деген мұндай шектен шыққан «сүйіспеншіліктің» соңы тым әсірелеуге, өтірікке ұрындырмайды ма екен?
Қалай болғанда да ұлтын тым әсіре жақсы көрудің ақыры нацистік сарынға апаратыны анық. Соңғы кезде қазақ тілді басылымдарда жаппай белең алған осы бір «Ұлы Дала» үрдісінің бір көрінісі «Түркістан» газеті болып отыр. Әр саны қазақты «ерекше ұлықтауға» арналған.

«Ұлы» әрі сексист
«Түркістан» халықаралық газетінде автор Динара Мыңжасардың «Масыл еркек қайдан шықты?» атты мақаласы: «Бүгінде еркек пен әйелдің отбасы алдындағы міндеті ауысып кеткен бе дерсің?» деп басталады.
Бұл мақала еркекті ұлықтап, сол баяғы әйелді орнына қояды. Газеттің әр санында осы мазмұндас мақалалар жарияланған.
«Әйел түздің, еркек үйдің шаруасымен айналысып кетті», «Мінезсіз ұл, қылықсыз қыз. Қазақ қоғамында трансгендер қайдан пайда болды?» сынды сөйлемдер бар.
Бәріне тағылатын айып – біреу, ол — «ғасыр дерті».
XXI ғасырдың мәдени құндылықтар өзгерісінен еш хабарсыз, тіпті елемуге тырысатын топтың оқырманған беріп отырған ақылы – бәрін де «ғасыр дерті» деп бағалау идеясы. Мәселені тарқату, себебін іздеу, түсінуге тырысу мүлдем байқалмайды.

Діншіл газет — «Қала мен Дала»
Басқа қазақша басылымдармен салыстырғанда «Қала мен Дала» газеті елдегі боп жатқан саяси-әлеуметтік оқиғаларды біршама ашық жазады.
Нгее екені белгісіз, аталған газеттің діни мәселелерге өте көп екпін қоятыны байқалды.
Кез келген санын ашып, оқысаңыз, дін тақырыбындағы кемі бір материал табасыз.
«Діни эктремизм мен терроризмге қарсы тұру», «Дін мамандары базардағы жұртшылықпен жүздесті», «Жастарды деструктивті діни идеялардан қалай арашалаймыз?», «Әсіредіншілдер дегеніміз кім немесе соқыр фанатизмнің сорақы тұстары», «Діни сауаттылықтың артуы – жат ағымның соңынан ерушілерді тоқтатты», «Дінаралық келісім – адамзаттың ғасырлар бойғы асыл арманы», «Якут бақсыларының антипутиндік акциялары немесе Сахан Республикасының түбіне жеткен кім?», «Арандап қаламыз ба» деп алаңдаймын…», «Имамдардың жаңа образын қалыптастыру керек».
Соңғы айда газет бетінен көрініс тапқан тақырыптар осы. Бұл газет шын мәнінде алдына тек дұрыс мақсат қойып, қоғамдағы әсіредіншілдіктің алдын алуға, толерантты ислами көзқарасты қалыптастыруға тырысып жатса, онда айтар сөз жоқ. Дегенмен де салыстырмалы түрде бұл газеттің діни тақырыпқа біртабан жақын екені бірден байқалады.

Цифрлы Қазақстан жаршысы – «Егемен Қазақстан»
Қаза басылымдарының барлығы дерлік «Цифрлы Қазақстан» идеясы туралы өте жиі жазады. Соның ішінде, әсіресе «Егемен Қазақстан» газетін ерекше атап өтуге болады.
Газеттің «Digital Kazakhstan» деген арнайы айдары да бар.
«Киберқауіпсіздік: Ғаламтор ұрыларына тұсау болмай тұр», «Digital bridge IT – мамандарына арналған халықаралық техникалық форм», «Медицина саласын цифрландыру мүмкіндіктері», «Ақылды мехатроник» деп жалғаса береді.
Сөйте тұра еш ақылға сыймайтын түсініксіз жайт бұл — елдегі интернеттің бұғатталуы немесе әлеуметтік желілерге мониторинг сияқты өзекті мәселелерді жазған емес.
Саяси тақырыптарға тікелей байланысы болғандықтан да «Егемен Қазақстан» бұл туралы жазбайтыны да түсінікті. Әйткенмен, біздің қоғамдағы осы бір ішкі қайшылыққ: «Digital Kazakhstan» идеясы мен «интернетсіз Қазақстан» мәселесі абсурд түрінде параллель жүріп жатқанының анық бір көрінісі – осы «Егемен Қазақстан» газетінің өзі сияқты.

Президентшіл газет – «Айқын»
Газеттің бас бетін Елбасының немесе екінші президент Тоқаевтың фотосуретсіз жасамайтын «Айқын» газетін ең президентшіл газет, деп есептеуге әбден болады.
Газеттің әрбір жаңа нөмірінің негізгі жаңалығы мен тақырыбы: ол – ел басшыларының қайда барғаны, не айтқаны.
Дегенмен, бұған бұқараның қандай пікір айтқаны, бұл жаңалықты қалай қабылдағаны «Айқын» газетін аса қызықтыра қоймайды екен.

Соңғы бірнеше ай көлемінде, қазақ тіліндегі газеттерде ең көп жазылып, жиі талқыланған тақырыптар төмендегідей:
1. Сыбайлас жемқорлық мәселесі
2. Тіл мәселесі
3. «Жастар жылы» аясындағы шаралар
4. Цифрлы Қазақстан
5. Латын әліпбиі
6. Елбасының Түркістанға сапары
7. «Мұқтаждық па, әлде масылдық па?». Көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мәселесі
8. «Еден жуғызу – еңбекті қанау ма?». Астаналық мектептерге енгізілген жаңа тәртіп туралы

Мұндағы тақырыптардың көбінде қазақстандық БАҚ-та неше жылдар бойына талқыланып келе жатқан, әбден мезі еткен мазмұн айтылады және мемлекет басшыларының жүріп-тұрғанын баяндайды.
Жоғарыдағы тізімде қамтылған тақырыптардың соңғы екеуі ғана бүгінгі болып жатқан оқиғаларға арналыпты. Бұл нені көрсетеді?
Бұл – қазақ газеттерінің бүгінгі елде боп жатқан жаңалықтар мен өзекті мәселелерден алыс, қоғам тынысынан мүлдем қашықта, басқа бір кеңістікте өмір сүріп жатқанының көрінісі.
Назарға өте көп түсетін бір жағдай: ол — «Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы» тақырыбының мазмұны.
Осы тақырыпта жазылған кез келген материалда автордың белгілі бір дәрежеде ішкі цензурасы бары байқалады.
Автор автор өзі жазған тақырыпқа өте абайлап келеді. Бұл мәселе қайдан шыққаны, не үшін боп жатқаны турасында қандай да бір қосымша ақпарат бермейді.
Заң қашан қабылданып, неше теңге бөлінгені туралы молынан айтады.
Көтеріліп отырған мәселеден хабарсыз оқырман – бұл мақаланы оқыса, автордың не айтқанын, не боп жатқанын еш түсінбес еді. Яғни, мақалада бэкграунд жоқ.
Егер алда-жалда қоғам шындығын ашық жазатын мүмкіндік туа қалса, онда бұл басылымдар қазіргі шамасынан артық ақпарат бере ала ма? Бұған сену қиын. Бірақ жағдай осы.

Неге екенін, аталған басылымдардың барлығына ортақ бір нәрсе: ол – Абай бейнесінің жиі көрініс табуы. Абайға қайта оралу, Абайды қайта тану сияқты әңгімелер өте көп.
Мүмкін шарасыз күйіне Абай арқылы кесім жасатып, өз қателіктерін іштей мойындап отырған дәстүрлі БАҚ-тың өз бейнесі осы болар.

Мектеп әжетханалары және есірткі жарнамасы. 18-24 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Мониторингімізге енген қорытынды бағдарламалардың барлығы Тараз қаласындағы сұмдық оқиғаны көрсетті. Тараздағы мектептердің бірінің ауладағы әжетханасында 12 жастағы оқушы қызды зорлаған. Телеарналардың тек біреуі мектептегі қауіпсіздік мәселесін өте мұқият зерттесе, қалғаны ресми ақпаратпен ғана шектеліпті. Кешегі аптаның екінші топ-тақырыбы синтетикалық есірткілерді жарнамалайтын билбордтарға қатысты шу болды. Біз КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын көріп шықтық.

«Большие новости», КТК
Бағдарлама Тараздағы мектеп әжетханасында 12 жастағы қызды зорлау оқиғасына арналған көлемді сюжеттен басталды. Авторлар оқиғаның қалай болғанына егжей-тегжейлі тоқталмастан бұдан да маңызды нәрселерге назар аударыпты. Мәселен, осы оқиғадан кейін неше адам жазаланды (12 адам), Қазақстанда оқушылар неліктен әлі күнге дейін ғимарат ішіндегі емес, мектеп ауласындағы әжетханаларға баруға мәжбүр

Оқу орындарындағы қауіпсіздік тақырыбына толымды әрі тепе-теңдік сақталған сюжет жасалыпты. Балалардың беті көлегейленген. Қызық көрінгені, материалдың ортасына жекеменшік мектептердің күзет қызметі қандай керемет екені туралы блок еніпті. Мектептің атауы мәтінде айтылмағымен де титрде көрсетілген. Бұл жарнама ма, жоқ па, біз үшін маңызы аз.

Бастысы, айтпақ ой түсінікті: балаларыңыздың қауіпсіздігін ойласаңыз, онда ақы төлеуге тура келеді (сюжетте неше теңге төлеу керегі де ашық айтылды). Бұған журналистер кінәлі емес.

Есірткі жарнамасы туралы сюжет. Қазақстанның бірнеше қаласында qr-коды бар билбордтар ілінген. QR-кодқа өтсе, синтетикалық дәрілерді сататын сайт ашылады. Материалда барлық сұраққа, атап айтқанда, қалайшы болғаны, бұл қандай пиар-акция екені, тапсырыс беруші кім екені, кімді қалай жазалағаны, кімді жазаға тартпағаны, неліктен бұлай еткені туралы сауалдарға жауап бар. Бір жағынан, осы тақырыптан хабары бар адамға жаңа ешнәрсе айтылмады. Ал сюжетте көптеген синтетикалық есірткі түрлерінің атауы аталды. Бұл тақырыптан хабарсыздарға қызық көрінуі әбден мүмкін. Сосын сол атауымен іздемесіне кім кепіл?!

Келесі Шымкентте дәрігер-трансплантологтың тұтқындалуы туралы материалында автор: «Шымкенттік 37 жастағы хирург адам дене мүшелерін заңсыз алған» деп айтып салды. Дәрігер-транслантолог Абылай Донбай кедейлердің бүйрегін сатып алып, байларға салып берген деген күдікке ілінген. Бірақ, журналист бұл жағдайды әлден дәлелденіп қойған дерек ретінде айтады. Басқалай тұрғыдан материал толымды шыққан, қызық деректерге толы. Бір қызығы, тілшіні титрде де сюжеттің алғысөзінде де Станислава Хапина деп таныстырғанымен, ол стендапта өзін бұрынғы фамилиясы – Куцай тегімен таныстырады (осы тұста бір күлген смайлик тұруы тиіс еді, өйткені бұл сондай бір кемшілік те емес, бәлкім Станиславаны құттықтай беруге болатын шығар?).

«Больше деталей» айдарында өте пайдалы тақырып қозғалды. Юлия Яскевич қазір Қазақстанда қандай ипотекалық бағдарламалар бар екенін егжей-тегжейлі әңгімелеп, суретімен қалай жұмыс істейтінін де көрсетті.

«7 күн», «Хабар»
Өткен жексенбіде «7 күн» бағдарламасы эфирге әдеттегіден 1,5 сағат ерте шықты. Сағат 21:00-де көрсетілетін бағдарлама 19:30-да басталды, өйткені «Хабар» телеарнасы «Балалар Еуровидениесін» тікелей эфирде көрсетті.

Назарбаевтың кездесулері жайлы алты минуттық блоктан басталған бағдарлама Швейцария президентінің Қазақстанға сапарымен жалғасты. Авторлар кімнің кіммен қашан қалай кездескенін санамалап шығып, бұл кездесудің неліктен қажет болғанын да егжей-тегжейлі айтып берді. Президентпен бірге Қазақстанға Швейцарияның ірі бизнес өкілдері де келіпті. Олардың нақты бизнес жобалары бар екен. Цюрих пен Нұр-Сұлтан арасында әуе тасымалын ашқысы келеді. Біздің министрлер тауар айналымының төмендеуі мәселесіне шешімдерін ұсынды. Қарапайым, ұғынықты, пафостан ада сюжет болыпты.

Келесі бір шағын да түсінікті сюжет – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына барғанына арналыпты. Ол 2021 жылы аталған институттың жаңа ғимаратқа көшетініне уәде берді. Жаңа ғимаратты салуға 26 млрд теңге жұмсалады. Сюжетте неліктен мұндай көп соманың жұмсалатынын түсіндірді. Бұл – бірегей институт болғаны себепті де алдағы уақытта ғимарат кешені кеңейтілуі керек екен. Нақты дәлелдер келтіргендіктен «мұндай көп қаржы жұмсаудың керегі не» деген іштей наразы сұрақ туындамайды.

Осы тақырыпты шымкенттік транплантолог Абылай Донбайға қатысты шулы оқиғамен жалғастырды. Мұнда «Хабар» редакциясы жұмсарта айтқанда, біраз жайтты бүгіп қалды. Тақырыптан хабарсыз көрермен бұл материалдан ештеңе түсінбейді. Дәрігерді «заңсыз трансплантация» үшін тұтқындағанын оның тек ашық емес, құпия түрде де ота жасағанымен түсіндірді.

Құпия ота дегеніміз не? Сонда жертөледе ота жасаған ба? Дене мүшелерін заңсыз кесіп алған ба? Ақшаны жасырын алған ба? Салық төлемеген бе? «Құпия» сөзінің астында қандай мән жатыр? Кімнен құпия? Қанша адам күдікке ілінді? Олар дене мүшелерін қайдан алған? Жалпы олар дегеніміз кім?

КТК телеарнасы жіліктеп-жіліктеп, шайнап-шайнап, ауызға салып берген тақырып «Хабар» телеарнасының эфирінде жүргізушінің аузынан бес минут айтылып, сол күйі ештеңе түсініксіз аяқталды.

«7 күн» де мектеп ауласындағы әжетханада зорланған оқушы қыз оқиғасы мен есірткі жарнамасы тақырыптарын көтерді. «Бұл туралы шенеуніктер не ойлайды?» деген сауал маңайында ғана қозғады. Айтпақшы, бұл екі тақырыпты бір сюжетке енгізіп, оны тағы мас жүргізушілер және қорықшылардың шарасыздығына арналған тақырыптарымен толтырыпты. Мұның барлығы да заңдарды қай бағытта қатаңдату көзделгені жайында болса керек. Әйткенмен, материал қырық құрамға айналып, шашыраңқы шығыпты. Сюжетте қарапайым адамдар аз, билік өкілдері көп.

Ауылшаруашылық кешендерін дамыту туралы сюжет те бірқатар сұрақ туындатты. «Хабар» телеарнасын бұған дейін үш апта қатарынан астық аз жиналғанын, содан тапшылық туындап, нан қымбаттайтынын айтқан еді. Ал енді келіп ауыл шаруашылық кешендерінде барлығы керемет, астық сапасы жақсарып, көлемі артып келе жатқанын баяндады. Шын мәнінде қалай? Нақты бір пікір жоқ, аграршылардың да, қызметкерлердің де, халықтың да пікірі жоқ. Статистика да келтірілмеді. Ауыл шаруашылығы кешенінің жалаң жарнамасы айналыпты.

Келесі сюжет те жалаң жарнама. Бұл жолы отандық тауар өндірушілеріне арналыпты. Қазақстандық фабрика  бірінің басшысынан сұхбат алып, басқалары туралы да әңгімеліпті. «Қазақстандық тауарлар қаншалықты сапалы? Қанша қазақстандық тұтынған? Қандай көлемде өндіреді? Адамдар бұл туралы не ойлайтынына жауап жоқ.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Эфир Тараздағы мектеп әжетханасында оқушы қызды зорлау оқиғасымен басталды. Сюжет емес, тек шағын ақпар беріп өтті. Не болғанын, кім жазаланғанын, мектептерде еденінен тесік жасалған неше әжетхана барын санамалап шықты.
Бағдарлама авторлары содан кейін Атырау перинаталды орталығы туралы жаңа сюжет ұсынды. Бұл орталықта жаңа туған сәби мұздатқышқа өлген еді. Жаңа сюжетке ақпараттық түрткі: 2019 жылы республика көлемінде шетінеген сәбилердің 50 пайызы екі ай ішінде осы орталықта көз жұмыпты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасы аталған орталықта көптеген заң бұзушылықтар болғанын айтады (бір рет қолданылатын затты жуып, қайта қолданған). Тілші туындаған сұрақтарына жауап іздейді, бірақ жауап ала алмайды (журналистер орталық есігін екі күн күзетеді, бірақ перинаталды орталық басшысының міндетін атқарушы еш байланысқа шықпады). Сюжет зерттеу форматында жасалған. Тілші аурухана ішіне кіруге тырысады, бірақ кіре алмайды. Кір жуатын орынды табуға тырысады. Мұнда ауруханадан шығатын жөргектерді жуған (жасырын жұмыс істейді). Бірақ, о орын жабық екен. Ем алушылардың сұрайды. Жалпылай алғанда, қызық, толымды, сарапшылардың пікірі енген жақсы сюжет жасапты.

Арыстағы жарылысқа бес ай болғаны туралы материал. Мұнда жаңа пәтер алған отбасылардың хикаясы, қираған баспанасы үшін өте аз мөлшерде өтемақы алған отбасының (бұл үй төтенше жағдайға дейін апатты деп танылған сияқты) хикаясы бар. Шенеуніктердің де пікірі енген. Бір сұрақ туындайды, жаңа баспанаға көше алмағандардың жағдайы не болмақ? Оларға көмек бере ме?

«Аналитика» бағдарламасының көлемді бір сюжеті медсақтандыруға арналыпты. 1 қаңтардан бастап өтпелі кезең басталады. Жарна төлемегендер де сақтандырылады. Мұның барлығына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі емес, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары пікір береді. Неліктен? Сынақ мерзімі Қарағанда облысында басталғаны үшін бе? Онда неліктен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы емес, әкім пікір береді?

Есесіне, бағдарламаның соңғы сюжеті тартымды шығыпты. Мұнда өзі автокөлік құрастыратын қазақстандықты, жалпы Қазақстандағы қызық автокөліктерді көрсетті.

Apta, QAZAQSTAN
Эфир аңдатпасы аптаның ең өзекті тақырыптарынан құралғанымен, бағдарлама Тоқаевтың Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына барғанынан басталды. Стандартты, хаттамаға жарайтын сюжет.

Аптаның ең шулы тақырыбы – Тараздағы жетінші сынып оқушысын зорлау оқиғасын бағдарлама авторлары Тоқаев арқылы беруді құп көріпті. Алғысөзді Қасым-Жомарт Кемелұлының твитінен бастады. Ол твитінде Тараз қаласының әкімін қызметінен алуды тапсырған. Мектеп ауласындағы әжетханалар тақырыбын тым қысқа әрі құрғақ баяндады. Мұғалімдер мен ата-аналардан емес, Білім және ғылым министрінің пікірімен ғана берді.

21 қарашада Бірыңғай (ұлттық) азаматтарды қабылдау күні өтті. Осы күнге арналған сюжетте сәйкесінше министрлер, облыс және қала әкімдері азаматтарды қалай қабылдағанын көрсетті. Азаматтардың бұл туралы пікірін де жазып алыпты. Ал тілші қағаз толы үстел басынан жасаған стендапында президент шенеуніктердің бұқара мәселесіне жіті назар аударын қатаң қадағалауында ұстайтынын айтты. Кім де кім көңіл бөлмесе, қызметінен қуылады екен.

«Қарапайым халық» жайын күйттейтін сюжеттер бағдарламаның ортасынан басталды. Бірінші сюжетте, жоғалған, құлдыққа түскендердің жайын айтты. Жан тебірентерлік, нақты оқиғалары бар сюжет. Әр жылдары іс-түссіз жоғалғандардың санын инфографика түрінде келтірді. Бірақ, полиция мен прокуратурадан пікір жоқ. Адамдар неліктен көп жоғалатынеы, оларды неліктен таппайтыны туралы сұрақтарға да жауап жоқ.

Қазақстан жолдарының сапасы сын көтермейтіні, сапасыз салынатыны, сапасыз жөнделетіні туралы сюжетте де тепе-теңдік сақталмаған. Материалда жақсы видеолар, шенеуніктердің пікірі, көлік жүргізушілерінің шағымы, қоғамдық белсенділердің айтары, сарапшылардың сөзі бар. Бірақ, сол жолды салатын мердігерлердің, жол салушылардың сөзі жоқ. Не дегенмен барлық шағым соларға бағытталып отыр.
Бағдарлама Түркістан облысындағы бұғышының хикаясымен аяқталды. Қызық та әсерлі сюжет бұғы өсірудің қыр-сырынан хабардар етеді.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізеді, апта сайын жариялайды.