Домой Блог Страница 43

Назарбаев, Тоқаев және онлайн-аударымдар. 11-17 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптада Қазақстанның мемлекеттік телеарналары қорытынды ақпараттық бағдарламаларында Тоқаев пен Назарбаевтың бастамаларына көп назар аударды. «Еуразия бірінші арнасы» және КТК телеарналары қаржы аударымы, жасөспірімдер агрессиясы және вандализм туралы көрсетті. Мониторингімізде дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Барлығын кадр шешеді немесе таптырмайтын қызметкер жоқ. Мемлекет басшысынан мұндай сөз есту өз еркімен қызметінен кетуге арыз жазумен пара-пар»,-деп бастады эфир жүргізушісі Альмира Кульмухамедова. Бастапқыда 37-жылдардың осы бір жаңғырығы алғысөзге әр беру үшін айтылғандай көрінген.

Әйткенмен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына сапарында Көкшетау қаласында отырыс өткізді. Сол отырыстан төрт минутты сюжетте бұл сөзді президенттің айтқаны мәлім болды. Тоқаев азық-түлік бағасының өсуін сынапты. Сюжетке Тоқаевтың қатты батырып айтқан сөздері енген. Ол әкімдердің еш әрекет жасамайтынын, алыпсатарлардың бағаны шарықтатып отырғанын, бағаның өсуі оның адам өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстарын жоққа шығаратынын айтты. Премьер-министрге кінәлілерді жазалауды тапсырды.

«Егер олар қауқарсыз болса, онда орнына басқа қызметкерлерді қоямыз. Барлығын да кадр шешеді, таптырмайтын қызметкер жоқ» деген Тоқаев осылайша Сталиннен дәйексөз келтірді.

Келесі 1,5 минутты сюжет көрермендерді біршама тыныштандыруға арналыпты. Мұнда тұңғыш президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры туралы айтады. Назарбаевтың айтқанынан түсінгеніміз – «Самұрық-Қазынаның» жұмысы, табысы, қаржысы – барлығы да ашық, барлығы да халыққа аян, барлығы да халық игілігіне арналады екен.

-Азаматтарымыз мұның Қазақстанға, оның халқына тиесілі екенін түсінуі міндетті,-дейді Назарбаев. Бірақ, бұл қандай қор, оның немен айналысатыны түсініксіз қалды.

Елбасы тақырыбы «Охотзоопром» қызметкерінің, дәлірегі оның браконьерлер қолынан мерт бола жаздаған оқиғасымен алмасты. Браконьерлердің қолында қару болған, ал табиғат инспекторларында қару жоқ. Осылайша бағдарлама Қазақстандағы қару-жарақ айналымы туралы ұзақ сюжетке ойысты.

Қолына екі тапанша, бір мылтық ұстаған жас жігіттің «Салам аллейкум, бауырлар. Астана наш» деген видеосы интернетте таралған еді. Міне, сол видеоны қосуы сюжеттің сәнін кіргізді. Тілші соңғы екі жылда түрлі қалаларда, дәлірегі Талдықорған, Шымкент, Ақтөбе қалаларында болған атыс оқиғаларының видеосын жинапты. 2016 жылдың маусымында Ақтөбе қаласында террористер екі қару дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасады. Жеті адам қаза тапты. Көрермен содан кейін қару дүкендерінің ереже-тәртібін қаншалықты қатаңдатқанын білді. Қару ұстауға қатысты көп мәліметті жинақтаған сюжетте тілші стендапқа шығып, қазақстандықтарға интернеттен қалай оңай қару сатып алуға болатынын үйретті.

Ақша айырбастау туралы ұзақ сюжет Жаңа жылдан бастап валюта сатып алу қиындаса, көлеңкелі бизнес етек жаятынын қозғады.

Автор әрмен қарай аптаның топ-тақырыбы – ақша аударымдары және карта төлемдеріне ойысты. Азат Перуашев ақша аударымдарына салық салудың заңсыз екенін, азаматтың айлығы картаға түскеніне дейін салық төлеп қойғанын айтады. Көлемді сюжет те көп адамға қатысты қабылданатын реформаны жылдамдатуға болмайтыны жөнінде мазмұнмен аяқталды. Бұл президенттің сөзі ме, әлде автор пікірі ме, о жағы түсініксіз қалды.

Көршілерінің өмір сүруіне кедергісін келтіретін жалғыз қарттар туралы сюжет алуан түрлі мағына ие. Мұнда қарт көршілерімен кикілжіңге тап болған тұрғындардың хикаялары баяндалады.

«7 күн», «Хабар»
«Хабар» телеарнасының апталық қорытынды бағдарламасы күтілгендей-ақ президенттер тақырыбынан құралыпты. Елбасының төрағалығымен өткен Astana Club отырысына 10 минут сюжет арналған. Ұзақ сюжеттен бұл не клуб екені, неліктен құрылғаны, кімдер мүше екені сол күйі түсініксіз. Қандай да бір келісімдер түзілгені туралы да ақпарат жоқ. Бұл клуб отырысының не өзгертетіні де айтылмады. Есесіне, тұңғыш президентті мақтаған пікірге толы болды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры туралы сюжет «Еуразия бірінші арнасының» сюжетімен салыстырғанда толымды екен. Жұмыс қорытындысы, қаржы қайда жұмсалып жатқаны, қандай жобалар есебінен қайтарылып жатқанын баяндады. Әйткенмен, біршама олпы-солпы жасалған. «Самұрық-Қазына» қорының жұмысы қандай бағыттардан тұратыны, қор жұмысынан бұқара халық нендей игілік көретіні айтылмады.

Бағдарламының 26-минутынан бастап екінші президент эфирге шықты. Ол Ақмола облысына сапарлады. Бұл сюжеттің де форматы – Тоқаевтың тезистерін қырқып-қырқып, соны түсіндіретін мәтіндерден құралыпты.

Индустриалды аймақтар туралы сюжет біршама қызық. Өңір-өңірлердегі индустриалды аймақтардың жұмысын айта келіп, сондағы кәсіпорындардың қандай кедергілерге тап болып, нендей мәселелерге кезігіп отырғанын көрсетеді. Қысқа да нұсқа сюжет.

Бағдарлама Junior Eurovision байқауына дайындалып жатқан әнші Ержан Максимнің пікірі енген қысқа ақпаратпен аяқталды. «Хабар» телеарнасы осы байқауды тікелей эфирде көрсетеді.

Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама ҚР президенті Тоқаевтың Ақмола облысына сапарынан басталды. Жеті минут сюжет тек Тоқаевтың синхрондарынан (барлығы 6 синхрон) және тілшінің кадр сыртындағы мәтіндерінен құралды. О мәтін де президент сөзіне негізделген. Әйткенмен, енген тақырыптары басқа телеарналармен салыстырғанда едәуір көп.
Бурабайда туризмі дамыту, жол бойындағы дәретханалар, ұн мен нан бағасының қымбаттауы, инфрақұрылым, экология, қауіпсіздік және тағы басқа тақырыптар бар.
Дегенмен де бейтарап мазмұндағы видеолардың қашан түсірілгені жазылмаған. Президент сапары кезінде түсірілген бе, әлде мұрағаттан алынған ба? Түрлі ауа райы, әрқалай жыл мезгілдері. Барлығына геотег – Ақмола облысы, деп көрсетілген. Сюжетте президент қана бар. Аталған мәселелердің ортасында өмір сүріп жатқан адамдар жоқ. Президент сөзінен құралған, есте қалар ештеңесі жоқ кәдуілгі сюжет.

Әрмен қарай тұңғыш президент Назарбаевтың Astana Club отырысына қатысқаны туралы сюжетпен жалғатсы. Бағдарлама авторлары бұл жолы да дәстүрінен таймай, президент сөзінен сюжет жасауды құп көріпті. Бес минут сюжетте Назарбаевтың төрт синхроны және ҚХР-ынан келген өкілдің бір цитатасы бар. Назарбаевтың сөздерінен Зеленский мен Путинге Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, Украина және Ресей арасындағы мәселелені шешу жөніндегі ұсынысы сюжеттің алғысөзінде де, сюжет ішінде де, сюжеттен кейін де айтылды

Жүргізуші Жайна Сламбек Astana Club отырысы сюжетінен кейін Путин Назарбаевтың ұсынысы жауап бергені туралы хабарлады. Айтуынша, ол Зеленскиймен «Норманд форматына» дейін кездеспейді. Ал Зеленскийдің Назарбаев ұсынысына қандай жауап бергені айтылмады. Бірақ, сол сәтте студияда жүргізушінің фонында Зеленскийдің де Путиннің де портреті көрінді.

Apta бағдарламасының бұл эфирінде Тоқаевты Назарбаевтан аз көрсетті. Мұны келесі материал – тағы да Назарбаев басты кейіпкерге айналған сюжет дәлелдейді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма кеңесінің отырысына арналған сюжеттің алғысөзі қысқа да түсініксіз жазылыпты.

«Азаматтар мұның бәрі Қазақстанға және біздің халқымызға тиесілі екенін түсінуі керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма кеңесінің отырысында.

Бар алғысөз осы. Сюжет те күтілгендей әдепкі қалпынан аспады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жылдық есебін тізіп шықты. Ал «Қазақстан Темір жолы» компаниясының проблемасы – вагон жетіспеушілігінен, деп қана айтылды.

Күтілгендей-ақ, тепе-теңдік үшін Тоқаев тағы да көрінуі керек еді. Расымен де солай боп шықты. Ол онлайн-төлемдерге салық салмау мәселесін көтерді. Осылайша, бағдарламының бастапқы 20 минуты екі президентке теңдей бөлінді. Осы 20 минут бойына президенттер халық проблемасын көп айтты. Бірақ, бұқараның ешбір өкілін көрсетпеді.

Бұқараға кезек тек 30-минуттан бастап берілді: Нұр-Сұлтанның сол жағалауы толықтай дерлік электр қуатынсыз қалыпты.

14 қараша – Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күні. Диабетпен ауыратын балаларға қолдаудың жоқ екені туралы сюжет жақсы жасалған. Есте қалар кейіпкерлер, сарапшы пікірлері бар.

Бағдарлама Сырдария өзенінің жағасында, өркениеттен алыста тұратын отбасының өмірі туралы «алақайлаған» сюжетпен аяқталды. Аталған отбасы қамыс орып, соны сатып, күнелтеді. Қызық кейіпкерлері, шынайы кадрлары, егжей-тегжейі бар стори-сюжет. Әйткенмен, осы сюжет арқылы да мемлекеттік телеарналарға тән ойды баяндайды. Еңбек етіп, мемлекетке алақан жаймай, өз күшіне өзі сену керегін кейіпкерлердің айтуымен жеткізді.

«Большие новости», КТК
Бағдарлама Алматы облысындағы өрттен отбасы жанып кеткені туралы оқиғадан басталды. Өрт себептерін тексеріп жатыр. «Электр желісінен ақау шыққан» деген болжам бар. Көршісінен пікір алыпты. Ол да мәселе электр желісінен болуы мүмкін екенін айтады. Біздің сарапшылардың бары осы!

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары төбелесті. Жарақаттанған 15 жасар Мадияр Смағұлов көз жұмды. Балалар жедел жәрдем көлігін шақыруға қорқып, оны аурухананың жанына тастап кеткен. Ертерек көмектескенде, өмірін сақтап қалуға болар еді. Күдікті тұтқындалыпты. Полиция департаментінің бастығы қақтығыс себептерін айтып берді.

Содан кейін жүргізуші «Бұдан да жаман оқиғалар бар» деп, Ресейде болған оқиғаны мысалға келтірді. Онда Даниил Засорин курстастарын атып, өзін-өзі өлтірген.
Ресейлік оқиғаны «Бұдан да жаман оқиғалар бар» деп мысалға келтіруге не себеп? Жүргізушілер мұны да түсіндірді: айтуларынша, екі оқиғаға да қыз себеп екен.

КТК телеарнасы да Қаржы министрлігінің қаржы аударымдарын бақылауға алу бастамасын талқылады. Сюжетте кәсіпкерлердің неліктен бұл жүйені қолданатыны туралы баяндады. Әр кәсіпкер өз мысалын айтты. Тәжірибе де жасап, базарларды аралады. Сарапшылардың да пікірін қосыпты. Әйткенмен, ақша аударатын адамдардың пікірі жоқ. Қандай да бір сараптама не бэкграунд жоқ. Бұл мәселе неліктен өзекті екенін, бұдан қанша кәсіпкер «зардап шегетінін», карта ұстайтындардың саны қанша және тағы басқасын ашпады. Жалпы сюжет түсінікті, қарапайым әрі тәп-тәуір.

Үлкен қалалардың тұрғындары автобус жетіспеушілігінен қиналады. Автопарктер жолақыны көтергісі келеді. Шығынға жұмыс істеп жатқандарын айтады. Қызық сюжет. Өңір-өңірлердегі жолақы құны көрсетілген графика да, пікірлер де бар. Бірақ, бұл мәселелердің қалай шешілетіні түсініксіз қалыпты.

«Больше деталей» айдары. Ұлттық валюта – теңгенің 26 жылдығы тойланды. Графикада теңгенің осы уақыт аралығында қаншалықты құнсызданғанын көрсетті. Сарапшы Қасымхан Қаппаровтан пікір алып, теңгенің құнсыздануы – неліктен жаман екенін түсіндірді.

Қызықты есептеулер де бар. Бірақ, теңгенің құнсыздануына қарсы не істеуге болады, теңгенінің құнын қайтсек өсіреді, билік осы бағытта не жұмыс істеп жатыр, адамдар не істеуі тиіс, деген сауалдарға тағы да жауап болмады.

Ізінше Тоқаевтың Көкшетауға сапарына кезек берді. Мұндағы синхрондар да «Еуразия бірінші арнасындағыдай» таңдалыпты. Ең өзекті, ең қызық сәттерін қиын беріпті.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Қазақстандағы субмәдениетке зерттеу жасапты. Тосын материал. Зерттеу нәтижесімен қысқа ғана таныстырды. Әйткенмен, бұл зерттеу неліктен жасалғаны, соған қанша теңге жұмсалғаны айтылмады.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты түрде жасайды және апта сайын жариялайды.

Шығармашылығы ізденіске толы қазақстандық 7 жас режиссер

Соңғы жылдары қазақ киносы халықаралық сахналарда ерекше назарға ілініп келеді. Көшпелі өркениеттің бүгінгі өкілі бойындағы жүріп жатқан таңғаларлық трансформацияны экраннан көру басқалар үшін аса маңызды. Тіпті кейде өзі туралы қалыптасып қалған түсініктерден шығып кеткен кейіпкерді көргенде, батыс көрермені мұны «батылдық» демеді, «бұл — уақыт пен кеңістік тудырған мәжбүрлік» деді. Осыдан келіп қазақ киносында жаңа бейне қалыптасты. Бұған Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Жанна Исабаева, Сергей Дворцевойдің фильмдері де негіз. Дәл сол бейнелер киноға енді аяқ басқан жас буынның да негізгі нысанасына айналған. Сонымен, қазіргі қазақ киносындағы жастар кім және олар немен айналысып жүр? Осы сауалға жауап іздеген тізімімізге жеті режиссер еніп отыр. Тізімді жасауда тек отыз жасқа дейінгі және туындылары халықаралық деңгейдегі аудиторияларда талқыланып, өз көрермендерін тапқан кинорежиссерлер таңдалды. Біз олардың есімін білуге тиіспіз, себебі олар — музыкалық бейнеклиптерімен миллиондаған көрерменін тауып, әлемдік деңгейге көтерілген клипмейкерлер. Олар — әлеуметтік өмірді боямасыз беретін документалистер және тек кино тілінде сөйлейтін артхаус туындының авторлары. Олар — киноның әртүрлі жанрында, әртүрлі бағытта жұмыс істеп жүргендер. Әйтсе де әрқайсысының экранда жасаған кейіпкерлері үндес. Олар — қоғамнан күмәнданатындар, олар — қоғамнан жылу күткендер, солай бола тұра олар — қатігездер, олар — өз-өзінен бас тартқандар және өзін-өзі іздегендер.

Айсұлтан Сейтов

«Менің ойымша, әлемдік киноматографияда алдағы жақын жылдарда үлкен өзгеріс болады. Егер тарихқа қарасақ, өткен ғасырдың 60-жылдары Голливуд — «Спартак» сияқты қаһармандарға арналған үлкен масштабтағы фильмдерге толып кетті. Экран үлкен кадрларға, өте ауқымды массовкалы сахналарға арналды. Дәл сол кезде адамдар мұндай киноларға барудан жалықты. Кино өндірісінде үлкен шығындар боп жатты. Бірақ Фрэнсис Форд Коппола сияқты режиссерлердің киноға келуі Голливудың даму тарихын толықтай басқа арнаға бұрды. О режиссерлердің бәрі дерлік сол уақытта Годар бастаған француз жаңа толқынының ықпалына ұшырады. Яғни кинода жеке адамның тұлғалық мәселелеріне, қарапайым ішкі арпалыстарына көп көңіл бөле бастады. Сөйтіп жаңа Голливуд дәуірі туды. Меніңше, осы тарих қайталанатын сияқты. Алдағы мүмкін бес жылдан кейін бе, қазіргі Голливудта үлкен болмаса да, қандай да бір революция болатыны анық».

Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Айсұлтан Сейтов New York Film Academy кино мектебінде «Режиссура» мамандығына оқып, білім алған. Оқып жүріп түсірген «Шакал» фильмі 2016 жылы Нью-Йоркте өткен «Hollywood Boulevard» кинофестивалінде «Үздік режиссура» номинациясы бойынша марапатталған. Айсұлтанның клипмейкер ретіндегі ең алғашқы жұмысы «Джая Миядзаки» тобының «По ветру» әніне түсірген клипі болатын. Бастапқыда қазақстандық Ғалымжан Молданазар, Ninety One сияқты топтармен шығармашылық байланыста болған ол кейін Скриптонит, Иван Дрон, T-fest, L’One, Баста, Елена Темникова, MiyaGi&Эндшпиль сияқты посткеңестік мемлекеттер арасында мейлінше танымал әншілермен жұмыс істей бастады. 2018 жылы Jah Khalib-тың «Медина» әніне түсірілген клипі Қазақстан кинотарихындағы ең қымбат клипке айналды. Қазір Айсұлтанның портфолиосында 20-ға жуық музыкалық клип бар. Ол қазір АҚШ-тағы әлемдік әншілермен жұмыс істейді. МTV музыкалық телеарнасының 1984 жылдан бері өткізіп келе жатқан «MTV Video Music Award» сыйлығын биыл 21 Savage ft. J.Cole орындауындағы «A lot» клипі алды. Бұл клипті осы қазақстандық жас клипмейкер Айсұлтан Сейтов түсірген.
Режиссердің шығармашылығымен Vimeoдағы каналында танысуға болады.

 

Медет Шаяхметов

«Мен киномен айналысамын, себебі менің сұрақтарым бар», «Менің фильмім көрерменде қандай да бір эмоция тудырғанын, рухани және ментальды фидбэк арқылы қандай да бір ой әкелгенін қалаймын».

Кинорежиссер, клипмейкер, продюсер Медет Шаяхметов 2011 жылы Астанадан Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Монтаж режиссері» мамандығына оқуға түседі. Бір жылдан кейін мұндағы оқуын тастап, АҚШ-қа аттанады. Сол жақта «New York Film Academy» кино мектебінде One Year Filmmaking (2013-2014); BFA Filmmaking (бакалавр, 2014-2016) курстарын аяқтайды. Лос- Анджелесте оқып жүріп, қазақстандық Жетінші арнаның тапсырысымен «Q -Елі» атты 10 бөлімнен тұратын сериал түсіреді. Оқуын аяқтап, Алматыға оралғанынан кейін музыкалық клиптер түсірумен айналысады.

Медеттің “Escape” (2014), “Brothers” (2016) қысқаметрлі көркем фильмдері бар. Соңғы жылдары түсіген клиптеріне «Не уходи»-Zolotо, «Uyat Emes»-Truwer, «Suzuki»-Элджей, «До солнца»-Loc-Dog feat, «По волнам» 2019, «More Love» Feduk , «Sayonara Детка» Элджей, Era Istrefi жұмыстарын жатқызамыз.
Режиссердің шығармашылығымен төмендегі ойнату тізімінен таныа аласыз.

Қанат Бейсекеев

«Егер сен қазақша сөйлесен және «Қазақстан» деп айқайласа, сені көбі «патриот» деп атайды. Егер патриотизмді шынымен осылай түсіну керек болса, онда мен олардың қатарынан емеспін»

Фотожурналист, режиссер, сценарист Қанат Бейсекеев Алматыдағы UIB университетінің түлегі. Журналистика факультетін тәмамдаған соң, Лос-Анджелестегі «New York Film Academy» кино мектебінде «Digital art and photography» мамандығы бойынша оқиды. Киноның деректі фильм жанрында жұмыс істейтін режиссер «BALA», «Нью-Йорктегі қазақ полицей», «Билегім келеді», «Көршілер» сияқты туындыларымен танылып, көрермендерін тапты. Режиссердің негізгі қозғайтын тақырыптарының бірі — әртүрлі жағдайларға байланысты шет елде тұрып жатқан қазақтар өмірі. Соның ішінде «Америкадағы қазақстандықтар» жобасы АҚШ-тағы қазақтар туралы біраз деректі фильм түсірді. Әсіресе америкалық отбасылар асырап алған қазақстандық балалардың өмірі туралы «BALA» фильмін көпшілік өте жылы қабылданды.
Режиссердің шығармашылығымен мұнда өтіп, танысуға болады:

Камилла Абдельдинова

Режиссер Камилла Абдельдинованың «Қазақстандағы түркі халықтары» цикліның аясында түсірген «Вкус цвета» фильмі 2019 жылдың жазында Үндістанда өткен «Kolkata Shorts International Film Festival» кинофестивалінде «Ең үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды. Режиссер бұл фильмінде жеке адамның оқиғалары арқылы тұтас бір этнос тарихын көрсетеді. Басты кейіпкер — ұйғыр халықының суретшісі, этно-авангард бағыттағы дизайнері Венера Важитова.
Камилла Абдельдинова Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі және «New York Film Academy» кино мектебінде білім алған. Оның «Don’t bite yоur lips» атты қысқаметрлі фильмі «Бастау» кинофестивалінде «Кинодағы жаңа дауыс» атты ерекше номинациямен марапатталған. Сонымен қатар, «Ertis cinema» халықаралық кинофестивалінде «Потому что люблю» атты деректі фильмі үшін «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болды.

Берік Жаханов

«Мен барлық кино шеберлерінің туындыларына жеке-жеке тоқталамын да әрқайсысынан өзіндік «фишкаларын» аламын. Бұрын мені Тарковский и Робер Брессон сияқты режиссерлердің шығармашылығы қызықтыратын. Ал қазір көбіне эксперименттік жұмыстарға көңіл бөлемін, сол арқылы өз стилімді іздеп жүрмін. Барлық режиссер әрдайым ізденісте болып, әр фильмде жаңа бір өзгерістерге, жаңалықтарға тырысып көруі керек, тек солай ғана өз кинотіліңді табуға болады»

Өзінің ерекше режиссерлік стилімен қазақ кино өнерінде енді-енді аты аталып жүрген режиссерлердің бірі — Берік Жаханов. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы түлегінің «Тополек мой в красной косынке» атты фильмі Лондондағы Кэмбридж универсиетінде көрсетілді. Биылдың 6-20 қазан күндері аралығында АҚШ- тың «Dickinson college» колледжінде жеке шеберлік сағатын өткізіп, студенттерімен «Асан», «Наследие предков» жұмыстарын талқылады. Берік Жахановтың «Еркек» фильмі «Кино-клик» фестивальінде Гран-при алып, Қырғызстанда өткен «Қысқаметрлі фильмдер» кинофестивалінде «Үздік режиссура» және Алматыда өткен «Байқоңыр-2016» кинофестивалінде «Үздік актер» номинацияларымен марапатталған. Режиссердің «Асан» фильмі Румынияда өткен Short to the Point кинофестивалінде «Ең үздік актер», «Ең үздік операторлық жұмыс» деген екі бірдей номинацияны жеңіп алды. Сонымен қатар, бұл фильмі «Құлагер» сыйлығының  «Ең үздік қысқаметрлі фильм» номинациясын алып, 2018 жылы Канн кинофестивалінде әлемдік қысқаметрлі фильмдер конкурсы аясында көрсетілді.

Режиссердің шығармашылығымен мұнда өтіп, танысасыз.

Дархан Төлегенов

«Маған айналамды бақылаған көбірек ұнайды. Бұл — менің әдісім. Бақылау арқылы кейіпкерлерімнің образын жасаймын. Мысалы, өзіме бейтаныс адаммен кездесу, онымен жақын сөйлескен, оның іс-әрекетін, өзін қалай ұстайтынын, қалай сөйлейтінін, бәрін сырттай бақылаған ұнайды. Бұл кейіпкер типін анықтауда көп көмектеседі. Осы ақпараттарды алғаннан оқиғаны әрі қарай өзім жалғастырамын»

Бүгінгі таңда қазақстандық жас кинорежиссерлердің ішінде өзіндік қолтаңбасын айқындаған Дархан Төлегенов 9-ға жуық қысқаметражды көркем фильм түсірді. Ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі және «New York Film Academy» кино мектебінде, сонымен қатар, 2017 жылы Тегеран қаласында өткен «Фаджр» халықаралық кинофестивалі аясында «Talent campus» бағдарламасы бойынша оқу тәжірибесінен өткен. Оның «Луч утренней зари», «Маршрут», «Три дня отверженных» фильмдері Қазақстан, Қырғыстан және Ресейде өткен халықаралық фестивальдерде «Ең үздік қысқаметрлі фильм» деп танылды. Осы жылы режиссердың «Дала қырандары», «Оралу» атты көркем сериалдары жарыққа шықты.
Режиссердің шығармашылығымен Youtube-каналында танысуға болады.

Диас Құлмақов

«Ұлым, әрқашан есіңде сақта, мен сені жақсы көремін. Бұл өмірде махаббатсыз ешнәрседе мән жоқ…»

«Letter» фильмінен үзінді.
Режиссер Диас Құлмақовтың «Letter» туындысы 2016 жылы Таиландта өткен «Amazing Thailand Film Challenge» конкурсында «Оңтүстік-шығыс аймақтың ең үздік фильмі» атанды. Фильмде әкесінің соңғы өтінішін орындау үшін мәйітін туған жері Таиландқа әкеліп жерлеген жас жігіттің оқиғасы баяндалады. Фильм поэтикалық стильде түсірілген және қазақтың классикалық туындысы «Атамекен» фильмінің бүгінгі репрезентациясы сияқты қабылдауға болады.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі Диас Құлмақовтың «Аялдама» фильмі «Байқоңыр» кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмысы» үшін марапатталып, кейін бұл фильмі Францияда өткен «Poitiers Film Festival» фестивалінде көрсетілді. Таяуда Жетінші арнада Диастың «Туған елім» атты бағдарламасы жарыққа шықты.
Режиссердің шығармашылығымен Youtube-каналында таныса аласыз.

Оқиғалар, ауыл және президенттер. 4-10 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптада мемлекеттік телеарналар қорытынды ақпараттық бағдарламаларында Тоқаев пен Назарбаевтың іссапарларына көбірек назар аударса, «Еуразия бірінші арнасы» мен КТК улану, көлік апаттары және төтенше жағдайлар туралы айтты. Апталық мониторингімізге дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
КТК телеарнасының қорытынды бағдарламасы Шымкенттегі оқыс оқиғадан басталды. Екі бала уланып қайтыс болды. Улануға не себеп болғаны анықталып жатыр. Осы оқиғаға арналған көлемді сюжетте ата-анасының, шенеуніктердің және сарапшыларлың пікірі бар. Сюжетте ата-анасы жедел жәрдемді бірнеше рет шақырғандарын, тек екінші шақыртудан кейін балаларды ауруханаға жатқызғанын айтады. Неліктен осылай болғанына ешкім жауап бермеді.

«Большие новости» бағдарламасы медицина тақырыбына екі рет оралды. Атыраудағы перинаталды орталықта болған жағдайда еске түсірді. Қазір орталықта сәби өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу ісінің мән-жайы айтылмады, бірақ журналистер эмоциялық бағасын беріп үлгерді: «атыраулық дәрігерлердің зұлымдығы жан түршіктіреді», «бәлкім, бұл бір жағдай емес, бір-біріне жалғасқан қылмыс шығар»,-деді тележүргізуші Анна Яломенко. Ол осылайша әлі сотқа өтпеген іске қатысты баға берді.

Бағдарламада ерекше қажеттілігі бар балаларға медициналық қызмет көрсету тақырыбы да айтылды. Бұл тақырыпты қозғауға Ақтау қаласындағы стоматолог-дәрігердің церебралды сал ауруымен ауыратын баланы күштеп орындыққа отырғызу оқиғасы түрткі болыпты. Журналистер бұған дейін дәрігерлер мен емделушілер арасында кикілжің туындаған оқиғаларды жинақтап, мұндай жағдайда өзіңді қалай ұстау жөнінде әңгімеледі. Сюжеттен кейін: дәрігерлердің ерекше балалармен жұмысы расымен де өзгеше ме, деген туындайды. Мұндай дәрігер қандай дағдыларды білуі міндетті? Ерекше балалармен жұмыс жүргізуг маманданған дәрігерлер бар ма? Емделушілер өзін дөрекі ұстайтын басқа қандай мысалдар бар? Сюжетте дәрігерлерге сөз бермеді.

Жалдамалы баспана тақырыбына да көлемді әрі егжей-тегжейлі сюжет арнапты. Жақында депутаттар пәтер беру шарттарына көңілі толмайтындарын айтып, оны жеңілдетуді талап етті. Материалда баспана алған және шарттарына сай келмей, баспана алудан қағылған кейіпкерлер бар. Жалдамалы пәтер беру шарттарында көрсетілген жас шектеуінен жас мөлшері сәл асқан және пәтер алуға қажет табыс көлеміне табысы мың теңгедей жетпеген кейіпкерлердің пікірі эмоцияға толы. Материалда тепе-теңдік сақталғанымен де бұл тосын көрінеді.

Бағдарламаның тағы бір тақырыбы – Қазақстанда ақылы жолдар ақысы уәде етілгеннен де қымбат. Материалда автосүйгіш қауымның, ҚазАвтоЖол өкілдерінің қанша теңге жиналғаны, оны қайда жұмсағаны туралы пікірі бар. Жағдайды тұтас көрсету үшін ақылы жолдардың ұзындығы туралы ақпар болмады. Көрермен сонда ғана жағдайдың қаншалықты ауқымды екенін елестете алар еді.

Бағдарлама студиядағы интервьюмен аяқталды. Анна Яломенко режиссер Рашид Сүлейменовпен сұхбаттастыы. Режиссердің «Зеркала» фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Фильмде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен өлімімен параллель бар. «Большие новости» бағдарламасының студиясына қонақ сирек келеді, сұхбат шағын болса да бағдарламаның сәнін кіргізді.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» эфирі шетелдік жаңалықтан басталды. Тәжікстанда шекара бекетіне қарулы адамдар шабуыл жасады. РФ федералды қауіпсіздік қызметі жетекшісінің «қарулы құрылымдардың қатысушылары басқа мемлекеттерге таралып жатыр» деген сөзін келтірген журналистер олардың ықпалына түскен әйелдер мен балаларды «баяу жарылатын бомба» деп атайды. Сол сәтте видеода Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандық әйелдер мен балаларды шығару сәті бейнеленген кадр көрсетіледі. «Аналитика» журналистері мұның алдын бұл операцияны бейбітшіліктің теңдессіз әрекеті деп бағалаған еді, ал қазір сарапшылардың бұдан қауіп-қатер көретіні жөніндегі пікірін берді. Мемлекет радикалдануды жою үшін ұрыс аймағынан қайтарылған адамдармен қалай жұмыс істеп жатқаны жөнінде ештеңе айтылмады.

«Аналитика» президент Тоқаевтың қылмыс жазасын қатаңдату тапсырмасы тақырыбын жалғастырды. Бұл бастама қазір парламентте қаралуда. Түрлі оқиғалардан, жолдағы көлік апаттарынан, браконьерлердің әрекеттерінен көрсетілген үзінділер көрсетіп және соған қарсы қолданылатын жаза – айыппұлды өсіру мен қылмыстық жауапкершілік туралы баяндады.

Жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының негізі – қол астындағы қызметкерлері парамен ұсталған басшылардың міндетті түрде қызметінен кетуі. Президент Тоқаевтың осы мәлімдемесін жедел түсірім кадрларымен бейнеледі. Қазақстан телевизиясы үшін айтарлықтай батыл қадам. Бірнеше жыл бұрын президент сөзіне көрнекі видеоны қолдану ұсынылмайтын.

Келесі тақырып, яғни балабақшаларды лицензиялау да «Елде төтенше оқиға, не істейміз?» мамзұнында жалғасты. Бізге балабақшаларда болған оқиғалардан үзінді видеолар көрсетіп, оны қорқынышты музыкамен әрледі. Мұндай оқиғалар мемлекеттік те жекеменшік те балабақшаларда болып жатыр. Бұл материалдан да түсінікті, бірақ сюжет ортасына қарай тақырып күрт өзгеріп, журналист: «балабақшалардағы күш қолдану» туралы айтып, кенеттен: «Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – тек бизнес ғана емес, жеке мәселе де» деді. Мұндағы жеке мәселенің не екенін де түсіндірмей, лицензиялау тақырыбы сияқты жабық қалдырады. «Қандай да бір минималды стандарттар мен сауалнама қажет» деп аяқталуы 11 минуттық сюжет үшін таңғалдырар қорытынды болды.

Келесі екі материал қайырымдылық тақырыбынан тұрады. «Ерекше адамдар» сюжеті кәсіп ашып, іс бастап, жетістікке жетіп, сонымен қатар басқаларға да жәрдем етіп жүрген қазақстандық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналады. Кейіпкерлердің хикаясы мен келтірген мысалдары – керемет, ал сюжет құрылымы мен кадр сыртындағы мәтіні тым қарабайыр, мотивациялық тренингтер мен кеңестік газеттердің «мақсат қою керек», «кез келген жағдайда адам болып қалу керек» деген ұрандарынан аспайды.

Бағдарламаның келесі материалында өрттен кейін бет әлпетінен айырылған өзбекстандық Бахтиерге қазақстандықтардың қалай көмектесіп жатқан хикаясын баяндады. Волонтерлердің сәбиге көмегін көргенімізбен, сол волонтерлер туралы ештеңе де біле алмаймыз.

«7 күн», «Хабар»
Мемлекеттік телеарнаның қорытынды бағдарламасы Қазақстан тұңғыш президентінің Түркістанға сапарына арналған көлемді сюжеттен басталды. Түркістандағы құрылысты Нұр-Сұлтанмен салыстыруды барлық өңірлердің қатысып жатқанымен ғана емес, сонымен қатар визуалды түрде де байланыстырады. Назарбаев макет жанында тұрып, құрылыс барысын қадағалайды. Астанадағы құрылыс сияқты мұнда да қанша қаржы жұмсалғаны, о қаржының қайтарымы бола ма, болса, қалай қайтады, деген сияқты сұрақтарға жауап жоқ.

Екінші президент «7 күн» бағдарламасында да екінші болды. Тоқаев Ресейдің Омбы қаласында өткен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Материал тақырыбы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың дамуына және ЕАЭО импортерлер мен экспортерлер мәселесін шешпейтініне арналды.

«7 күн» бағдарламасының екі сыни материалы ауылдарға қатысты екен. Үкімет фермерлерге қолдау көрсететінін айтқанымен өз міндеттемелерін орындамай отыр. Ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуге тиіс ҚазАГРО шығынға батып жатыр, реформа қажет. Сюжет кейіпкерлері – фермерлер мен сарапшылар мәселені егжей-тегжейлі сипаттады, бірақ материалдан сол мәселелерді қалай шешетіні түсініксіз қалды.

Студиядағы жүргізуші басқа бір мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылдарға жаңадан қаржы құйылып жатқанын хабарлады. О қаржыны инфрақұрылым жүргізуге де жұмсайды. Бұған да қатысты көптен бері мәселе бар. Ауылдарда су жоқ, бұған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жағдай дәлел. Әйтсе де сюжетке сараптама жетіспеді. Қанша ауыл сусыз отыр, бұған дейін бөлінген қаржы қайда жұмсалған, енді бұл мәселені қалай шешеді?

«7 күн» де жалдамалы баспана тақырыбына назар аударыпты. Бұл материалды «Большие новости» бағдарламасының хикаялы сюжетімен салыстырсақ, онда «Хабар» эфирінде анықтамалық-позитивті сюжет шықты. Қандай бағдарлама екенін, кімдерге және қашан баспана берілетінін, 40 минутта құжат ресімделетінін айтты. Сюжет мазмұнына сенсек, мәселе туындаған күнде де о мәселе коммуналды қызметке қатысты болады.

Бағдарлама экстремизм туралы көлемді сюжетпен аяқталды. Сюжет өзегі Сириядан қайтарылған Аида Сарина есімді қыздың хикаясына арналыпты. Оны репатриантка деп атады. Ол өз мысалында, Сириядан қайтарылғандардан қауіп жоғын, оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Кадрдағы балалардың беті көлегейленген. Кенеттен материалда Нұр-Сұлтан тұрғыны пайда болып, діни астармен агрессия жасау тақырыбын қозғайды. Оның мұны қайдан білетіні және бұл неден байқалатыны туралы сұраққа жауап жоқ. Дінтанушылар конгрессінің өкілдері діни экстремизмен күресте медиасауатты дамыту қажетін айтады. Алайда, Сириядан қайтарылған әйелдер және балалармен қазір қалай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы сұраққа жауап болмады.

Apta, QAZAQSTAN
QAZAQSTAN телеарнасының апталық қорытынды бағдарламасы күтпеген тұстан, ҚР президентінің баспасөз-хатшысы Берік Уәлидің Facebook әлеуметтік желісіндегі постынан басталды. Ол постында БҰҰ Тоқаевтың Көкжайлау құрылысына тыйым салу шешімін қолдап, хат жолдағанын хабарлаған еді. Алайда бұл жаңалық қандай да бір бэкграундсыз шықты. Тыйым салу туралы шешім қабылданға дейін Көкжайлау құрылысына қарсы экобелсенділердің наразылықтары болғанын, оның неліктен маңызды екенін түсіндірмеді. Осылайша Тоқаев шешіміне не түрткі болғаны сол қалпы айтылмады.

Ал содан кейінгі тақырып – Тоқаевтың XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуы. Бұл сюжеттің алғысөзіне жүргізуші Жайна Сламбек екі минут арнады. Сонау Ресей империясы тұсындағы қазақ-орыс байланыстарынан бастады. Форум туралы сюжет басқа телеарналармен салыстырғанда, тілшілердің Омбы дүкендеріне барып, қазақстандық тауарларды іздеуімен ерекшеленді. Омбы дүкендерінде қазақстандық тауарлар бар, бірақ өте аз.

Форумнан кейін Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесуін хабарлап, сосын тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарына ойысты. Дроннан түсірілген кадрлары көп мен жергілікті тұрғындардың «таяуда рухани астанада барлығы да болады» деген шаттанған синхрондарына толы сюжет жасалыпты.

APTA авторлары мектеп мәселесіне үлкен сюжет арнады. Бұған Тоқаевтың астанадағы мектептердің біріне барғаны, үш ауысымды мектептер мәселесін көтеріп, мұны қалай шешетіні туралы айтқаны түрткі болыпты. Материалда оқушылардың, ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің де пікірі бар. Мемлекет енді білім саласындағы мәселелерді шешу үшін жеке кәсіпкерлерді тартпақ.

Тағы бір сюжет — Алға қаласынан жасалған репортаж. КСРО заманында бұл жер фосфорит өндірісінің орталығы болса, бүгінде елес-қалаға айналған. Сюжетте қаланың мүшкіл халі, зиянды қалдық туралы көп дерек бар, бірақ нақты түзілген тізбегінің және кейіпкерлер хикаясының жоқтығынан сюжет мақсаты түсініксіз.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына шолуын апта сайын жариялайды.

Қазан – 2019. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы танымал тақырыптар

Қазақстанда жұртты сүйсінткен 1-сынып оқушылары, Өзбекстанда электрбустар сынағы, Тәжікстанда сүйісіп-өбісуге қарсы күрес. «Жаңа репортер» қазан айындағы ең танымал тақырыптардың рейтингін жасады. Рейтинг MediaMetrics.ru сервисінің деректері негізінде дайындалды.

Қазақстан

Қазақстанда қазан айының ең көп талқыланған тақырыбы – әнші Любовь Башоркинаның хикаясы болды. Кезінде әлемді аралап, гастролге шығып, өнер көрсеткен ол кейін барлық мүлкін сатып, асырап алған ұлының еміне жұмсайды. Баспанасыз қалған әйел 17 жыл қарттар үйінде тұрып, о мекеме жабылған соң, қоныстанушыларының бәрі далада қалыпты.

Рейтингтегі 15 жаңалықтың төртеуі Қазақстаннан тыс оқиғаларға құрылған. Бұл төрт жаңалық: Miss Tourism World сұлулық байқауына Тәжікстаннан қатысқан арудың бикиниде сахнаға шығудан бас тартуы, Владимир Познердің АҚШ-тағы дәрісі кезінде әзірбайжандық студенттің онымен сөз таластыруы, Норвегия тұрғынының жылқы етін жегені үшін сынға ілінуі және «The Люди» (Мәскеу) YouTube-арнасы негізін қалаушысының Солтүстік Корея өмірінен фильм түсіруі туралы болды.

Қазанның ТОП-15 тізіміне қазақ тілінде үш жаңалық енді. Ұстаздар мерекесінде əн айтып, ерекше харизмасымен жұртты сүйсіндірген Айасыл мен Сәбинаның видеосын қазнеттегілер жылы қабылдады. Танымал актер Қуандық Шәкіржанов екі ер адамның жалаңаш жатқан видеосына өзінің суретін қосып қойғандардың үстінен арыз жазды. Қазақстанның Тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласын «елдің ең қазақи қаласы» деп атады.

Тұңғыш президентті орыс тілінде де талқылады – Елбасының баспасөз-хатшысы Айдос Үкібай Twitter-аккаунтында Нұрсұлтан Әбішұлының фитнес-трекерінен алынған скриншотты жариялады.

Қазақстандағы мегаполис тұрғындарының басқа өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы да танымал жаңалықтардың біріне айналды. Мұнда Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға қоныс аударған 55 отбасы туралы ақпарат көп талқыланыпты.

Қазанда ең көп талқыланған 15 тақырыптың бесеуі дау-дамай, түрлі жанжал мен оқыс оқиғаларға арналған: Алексей Чумаков Нұр-Сұлтан қаласындағы концертіне көңілі толмаған көрермендеріне билет ақшасын қайтарды (келушілердің сахна алдына шығып билеуі залдағы бірінші қатарда отырған көрермендердің ашуын тудырды), Арменияның travel-блоггері Қазақстанға саяхаттау барысында қандай қиындықтарға кездескенін айтып берді, SuperStarKZ тележобасының бірінші маусым финалисті Роман Ким сахнадан неліктен кеткенін айтты. Оның сахнадан кетуіне шоу-бизнестің көлеңкелі тұстары себеп екен. Нұр-Сұлтанда автокөлік қағып кеткен жасөспірім төсекке таңылса, Атырауда жаңа туған сәби мұздатқыш камераға салып, өлтірген.

Рейтингтегі жаңалықтардың барлығы қысқа ақпарат форматында жазылған.

Тәжікстан

Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанда да, Тәжікстанда да ел президенттері туралы көп талқыланыпты. Рейтингтегі 15 жаңалықтың алтауы Тәжікстан президенті мен оның отбасына қатысты екен. Бұл алты жаңалықтың үшеуі тәжік тілінде жарияланған.

Сонымен, қазанда тәжікстандықтарды президенттің 21 жастағы ұлының жаңа қызметке, яғни «Талко кабель» кабель шығару зауыты директорының орынбасары лауазымына тағайындалуы, Эмомали Рахмонның әлемдегі ең ықпалды мұсылмандар тізіміне енуі, ҚР президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы директорының бірінші орынбасары мен Тәжікстан Республикасының Екатеринбургтегі Бас консулының тағайындалуы, президенттің «Әл-Жазира» телеарнасы тілшісіне сұхбаты және Конституцияның 25 жылдығына орай президенттің ең ауқымды рақымшылық жасауды ұсынғаны (бұл рақымшылық 20 мың жазасын өтеушіні қамтиды) қызықтырыпты.

Тізімдегі тағы басқа саяси жаңалықтардың қатарында Ресейдің кеден органдарымен ынтымақтастық жөніндегі келісім де бар. Бұл ақпаратты Тәжікстан тұрғындары жиі бөлісіпті.

Қазанның ТОП-15 тізіміне Тәжікстан тұрғындарының неліктен Өзбекстан арқылы ұшатынын және жалпы Тәжікстан авиациясының қандай жағдайда екенін зерттеген сараптамалық материал да енген.

Әлемге әйгілі ресейлік палуан Хабиб Нурмагомедов Тәжікстан тұрғындарын тек спорттағы жетістіктерімен ғана қуантпайды. Хабиб спортшының тәжік тілін қайдан үйренгені жайындағы жаңалық та қазандағы ең көп талқыланған тақырыптар тізіміне кірді.

Қазанда ең көп талқыланған 15 тақырыптың алтауы сот процесстеріне, оқыс оқиғалар мен жанжалдарға арналыпты. Бірінші курс студенті Дилмурод Фозиловтың өліміне қатысты жаңа деректер шықты, Сот «Султони Кабир» астаналық базары қожайынының ұлына қатысты үкімді қатаңдатып, адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тәжікстандағы университет декандарының бірі пара алғаны үшін тұтқындалса, тәжік құқыққорғаушылары интим видеосы желіге таралған белсендіні қорғап жатыр, Мәскеу түбінде Ресейде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін Тәжікстан азаматын полицей ұрып-соққан, ал тәжік таксистері «автокөлік ішінде сүйісіп, өбісумен күрес» мақсатында автокөліктерінің салонына мұндай әрекетке тыйым салатын белгі жапсырыпты.

Өзбекстан

Қазанда Өзбекстан тұрғындары автокөлік жайын жиі талқылады. Рейтингке енген 15 жаңалықтың үшеуі осы тақырыпқа арналады. Ташкентте Беларусь елінде шығарылған электрбустарды сынақтан өткізіп жатыр. Соған мініп, қатынаған жолаушылар көліктің жайлы жүрісін, ыңғайлы салонын, қуатты салқындатқыштарын мақтайды, ал өндірушілері көліктің үнемді екенін әрі экологияға зиян келтірмейтінін айтады. «Газеты.uz» тілшісінің  автобус кондукторы жұмысына орналасып, қызық тәжірибе жасағаны да көп талқыланған. Ол бұл бизнесте жемқорлық бар-жоғын, сату жоспары неліктен қажет екенін, барлық кемшілікке автобус жүргізушілерін кінәлаған дұрыс не бұрыс екенін кондуктор рөлінде анықтапты. Тағы бір жаңалық ескі көлікті жаңасына алмастыру бағдарламасын егжей-тегжейлі баяндайды.

Өзбекстан тұрғындары қазанда аптап ыстықтан құтылса да олардың ауа райы болжамына қызығушылығы әсте басылмады. Рейтингтегі 15 жаңалықтың екеуі ауа райы болжамын хабарлайды.

Тосын болса да қазан айында Өзбекстанда да дау-жанжал, қайғылы оқиғалар мен оқыс оқиғалар көп талқыланыпты. Рейтингтегі 15 жаңалықтың алтауына: Юнусабадта балаларды көлік қағуы, Ережесіз жекпе-жек шебері Бекзод Нурматовтың өлімі, екі жасар сәбидің төртінші қабаттан құлап көз жұмуы, таксистердің Янгиюль аудандық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасарын жазалауды талап етуі (Усмон Замонов делінетін кісі дауысының янгиюлдік таксистерді қорлайтын сөздері жазылған аудиожазба желіге тарап кетті), әнші Джахонгир Атаджановтың лицензиясын ерсі қылығы үшін алып қоюы (Қасиетті Рамазан айында өнер көрсеткен әншінің үстіне доллар жаудырады) және Ресейде тұратын өзбек отбасының қайғылы оқиғасы (мас әке өзінің бір жасар қызын абайсызда өлтіріп қойған) еніпті.

Рейтингтегі қалған төрт жаңалық әртүрлі болғанымен, маңызды да қызық тақырыптарға, атап айтқанда: кәсіпкер Зафар Хашимовтың қосымша құн салығын төмендету бағаға қалай ықпал ететіні туралы пайымына, АҚШ сауда министрінің Өзбекстанды ЕАЭО-қа кіруден сақтандыру туралы мәлімдемесіне қатысты Ресей премьер-министрінің жауабына, Өзбекстан президентінің жұбайы мен қызының Хиуаға барғанына, Ташкенттің Юнусабад ауданындағы жаңа және ескі есептеуіштердің жұмысын мамандардың салыстыруына арналыпты.

Қазан айында Өзбекстанның ТОП-15 тізіміне енген жаңалықтардың барлығы да орыс тілінде жарияланған.

Ең көп оқылып, ең көп талқыланған жаңалықтар рейтингі – тұрақты айдарымыз. Қыркүйектегі танымал танымал тақырыптарды мына шолудан оқыңыз.

Тоқаев, Алматы және әлеумет. 28 қазан – 3 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Бұл аптада телеарналардың барлығы дерлік апталық қорытынды бағдарламаларының жарты бөлігін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнады. Ол Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қалаға қатысты ондаған мәселені күн тәртібіне шығарды. Кешегі сенбі-жексенбіде қазақстандық телеарналар да апталық бағдарламасын сол Тоқаев айтқан мәселелерден бастады. Телеарналардың эфиріне қарасақ, бұл аптаны «саясаттан ада апта» деп атауға да болатындай. Тек КТК телеарнасы ғана президент алматылықтардың өмірін жақсартатын мұндай мәлімдемелерді неліктен жасады, деген сауал қойыпты. Ал қалғаны, тіпті «Хабар» да тек әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Мониторингімізге дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды ақпараттық бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапарында Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Көкжайлау шатқалында тау шаңғы курортының құрылысына тыйым салды. «Большие новости» бағдарламасы да осы тақырыптан басталды. Студия жүргізушілері Тоқаев кеңесін ұзынсонар сюжетпен емес, видео және президенттің ең маңызды сөздерінен тұратын синхрондармен қысқа да нұсқа баяндады. Тоқаевтың тапсырмасы және оның айтқандарына қатысты саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Максим Казначеев пікір білдіріп отырды.

Президент тапсырмаларының бірі – масаң күйде автокөлік жүргізгендерге жазаны қатаңдату. Бұл туралы жеке сюжет көрсетті. Тілші мәселені барлық жағынан қамтып, тіпті сараптама кабинетіне де кіріп шықты. Бір стақан квас ішкен адамның көрсеткіші 0,8 промилле болады екен. Қазір 0,5 промиллеге рұқсат етілсе, алдағы уақытта тіпті «нөлдік промиллені» енгізгелі жатыр. Сюжетте масаң күйде көлік басқарудың үрейлі салдарын баяндайтын кадрларды көрсетіп, сарапшылардың 0 промиллені неліктен енгізуге болмайтыны және масаң күйде көлік жүргізгендерге қатаң жазаның қалай асыра пайдаланылуы мүмкін екені туралы пікірлерін берді. Айтпақшы, бір стақан квас ішкен соң 20 минуттан кейін өлшеуіш құралдағы көрсеткіш қайта 0 промиллеге түседі.

Бұл аптада қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Тергеу дерегінше, браконьерді атып өлтірген. Материал толымды жасалып, баланс сақталыпты. Толымды шыққаны соншалық, тіпті тілші сюжетінде браконьерлік қаншалықты табысты екенін де айтып, дәлел ретінде түрлі цифрларды келтірді. Ал қорықшылардың автокөлігі ескі екенін, оларға заң бұзушыларды атуына тыйым салынғанын да атап өтті. Браконьерлікке жарнама сюжет десе де болатындай-ақ. Бірақ, шынтуайтына келгенде, жан түршігерлік деректерге толы сюжет. Ахуалды түзету үшін ұсталған браконьерлерге салынатын айыппұлдың үштен бірін қорықшыларға беру жайы талқыланып талқыланып жатқанын айтуды ұмытпады.

Қазақстан ауылдарындағы нашар интернет туралы сюжетті әзірлеуге шенеуніктердің «бәрін де интернетке қосып жатырмыз, көп жерде интернет байланысы бар» деп, есеп беруі түрткі болған. Шынтуайтына келгенде, ауыл-ауылдардағы интернет сөз жүзінде бар екен. Мысалы, астанадан 60 шақырым қашықтағы Сары-Оба ауылында интернет болғанымен, жергілікті поштадағылар интернет байланысы үнемі үзіліп қала беретінін айтты. Осы тұста шенеуніктердің өзінен қандай да бір пікір алғанда болар еді. Бірақ, шенеуніктердің пікірі жоқ. Тек Мәжілістің мінберіндегі есеп қана бар.

Есесіне, IT-мамандар бар мәселе неден туындап отырғанын түсіндірді. Сондай-ақ, сюжетте қызық деректер мен жақсы хикаялар жетерлік. Мысалы, Петропавловсктен 10 шақырымда тұратын ауыл адамдарының өмірі. Олар интернет тұрмақ, жай ғана ұялы байланысқа шығу үшін үйлерінің шатырына шығады екен. Ал Ақкөл қаласында интернетке қосылудан бөлек, әрбір бағананың жанына барып, ұялы телефонды қуаттап алуға болады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы президент Тоқаевтың Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесіне арналған көлемді сюжеттен басталды. Бізге Тоқаевтың алматылық екенін үш рет: жүргізуші кіріспесінде, президенттің өз сөзінде және журналист кадр сыртынан айтты. Осылайша, жерлестерінің ескертуі мемлекет басшысының назарынан тыс қалмайтынын жеткізді. Материалда алматылықтардың азаматтық белсенділігі де бірнеше рет қайталанды. Бірақ, пікір берушілер ретінде тек эколог Мэлс Елеусізов пен  тұрғындар ғана таңдалыпты.

Қазақстанда тұрғын үй реформасы таяп келеді. Журналист пәтер иелері кооперативінің мүлік иелерінің бірлестігінен қандай айырмасы барын түсіндірді. Біріншісінен екіншісіне өтуге 3 жыл уақыт берілген. Заң жобасы әлі қаралып жатыр, сондықтан да туындаған сауал көп. Кооперативтен бірлестікке өткен жағдайда аз төлейміз бе, көп төлейміз бе? Міне, осы негізгі сұраққа әлі жауап жоқ. Материалда реформаны бастаушыларды сөйлеткенімен, үй тұрғындарына да, кооператив қызметкерлеріне де де сөз бермепті. Есесіне, сюжетке «Большой Лебовски» фильміндегі басын унитазға батырып жатып, ақшасын талап ететін үзіндіні қосқан. «Шын өмірде сот арқылы жауапкершілікке тартады» деген журналист осылайша «Аналитика» бағдарламасына алынатын фильм үзінділерінің көпке түсініксіз принциппен таңдалатынын тағы да бір дәлелдеді.

«Аналитика» бағдарламасы да КТК сияқты ауылдарды цифрландыру тақырыбын көтерді. Журналист ауылдардағы цифрландыруды бағамдау үшін астанадан 60 шақырым емес, 200 шақырым қашықттағы ауылдарға барып, сонда қандай интернет барын көрсетті. Ондағы мектепте интернетке қосылған бірнеше компьютер бар екен. Мектеп мұғалімдері электронды күнделікті толтыру үшін сол компьютерлерге кезекке тұрады. Бұрын сол үшін аудан орталығына қатынаған екен. Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін онлайн бақыламайды, стационар телефонға хабарласады. Сюжет ауыл тұрғындарының ұялы телефондарын қалаға барғанда ғана қосатыны, ал селфидің не екенін теледидардан естіп-білгенін айтатын синхрондарымен қызық шыққан. Ал шенеуніктер электронды күнделіктің міндетті емесін айтады. Сюжеттен интернетсіз де өмір сүруге болады-ау, деген ой байқалады. Тек, цифрландыру есептерінде цифрлар мен шын мәнісіндегі жағдай ғана бір-бірімен еш үйлеспейді. Бірақ, «Еуразия бірінші арнасы» да күмәнді есеп тапсырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен пікір алмапты.

Бағдарлама бір жыл бұрын облыс орталығы атанып, бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласы туралы сюжетпен аяқталды. «Аналитика» бағдарламасының шеф-редакторы құрылыс алаңына барып, әуеде қалықтаған шәйнек фонтанының жанынан стендап жазып, қала әкімі Рашид Аюповтан сұхбат алыпты. Қала әкімінің Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне алғаш келген оқиғасы журналистерді шабыттандырғаны соншалық, олар тіпті кішкентай баланың үлкен қақпаға жақындаған сәтін видеоға түсіріп, өткен оқиғаның қойылымын жасады. Сюжетте дронмен түсірілген әдемі кадрлар өте көп, тіпті солған шөптердің жасыл көкке айналған сәттері да бар. Мұндай суретті осыдан 19 жыл бұрын, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында да көрсеткен еді. Әйткенмен, журналист сюжетінде кадр сыртынан түркістандықтардың нені қалайтынын, нені күтетінін бірнеше рет айтқанымен, қалалықтардың үні еш естілмеді.

«7 күн», «Хабар»
Күткеніміздей «Хабар» да эфирін Тоқаевтың Алматыға сапарынан бастады. Мұнысын, «… өйткені, Алматы – еліміздің айнасы, Қазақстанның барлық басқа қалаларына тән мәселелер осында көрініс табады» деп түсіндіріп өтті.

Сюжетте Тоқаев айтқан проблеманың барлығы еніпті: индустриалды аймақты дамыту, таудағы қоқысты шығару, Көктөбедегі ағаш көшеттерін қараусыз қалуы, алма бақтарының жойылуы, шетелдіктерді міндетті тіркеу, мектептер мен балабақшалардың шектен тыс толуы, ауруханалар мен емханалардың жетіспеуі, мердігерлердің жұмысын қадағалау, трамвайлар парктерін жаңарту, көлік тығындары, сусыз отырған 23 шағынаудан, жатақханаларда орын жетіспеуі, жұмыссыздық, қылмыстың өршуі, Алматы метросының болашағы.
Тілші жер асты жолында костюм киген әлдебір азаматтан пікір алып, одан метроның дамуы туралы сұрады. О азаматтың аты-жөнін титрда көрсетпеген соң, кім екенін, метро туралы қайдан ғана көп білетінін со күйі біле алмадық.

Президент церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығына барғанын көрсеткенде сондағы балалардың бетін көлегейлеп, жаппады. Ата-аналары рұқсат еткен күнде де бұл даулы жайт, өйткені, о балалар есейгеннен кейін өздерін сол кезде камераға түсіруге рұқсат еткенін құптай ма, жоқ па, о жағын әзірге білмейміз.

Содан кейін бағдарлама авторлары Алматының мәселесінен аймақтардың мәселесіне ойысты. Шын мәнісінде, барлығын түсініксіз қойыртпаққа айналдырды. Үйлердің құрылысынан бастап (жеті жыл бұрын Қарағандыда құлаған үйдің оқиғасын еске алды) кенеттен жолдардың мәселесіне өтті. Бұл бөлігі азды-кем ұғынықты болғанымен де, екі тақырыпты неліктен бір материалға біріктіргені түсініксіз күйінде қалды.

Егер бір кемшілігі болмағанда, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы сюжет егжей-тегжейлі әрі толымды шығар ма еді?! Тілші Қаржы министрлігінің бұл мүмкіндікті айлық кірісі 670 мың теңгеден асатындар, яғни қазақстандықтардың тек 0,9 пайызы ғана пайдаланатынын айтқан ұсынысын сынға алды. Заңгерлер де, қаржыгерлер де, шенеуніктер де пікір берді. БЖЗҚ қаржысының басқарылуы адамдарға неліктен ұнамайтынын да айтты. Бірақ, сол адамдарға, яғни болашақ зейнеткерлерге сөз бермеді.

«Хабар» да бұл аптада Түркістан туралы сюжет көрсетіп, онда «зиярат туризміне» және аймақтағы жалпы туризм дамуына мән беріпті. Материал Travel to Turkestan жарнама ролигіне ұқсапты. Есесіне, қарапайым адамды сөйлеткен. Қаланың қарт тұрғыны осы қалада туғанын да, осында өмір сүргенін де мақтан тұтатынын айтады. Сюжет те адамдарға арналған: тіпті экскурсоводтан Түркістанға келетін туристерді не қызықтыратынын да сұрапты.

Apta, QAZAQSTAN
Соңғы кездері эфир басын президентке арнайтын Apta бағдарламасы бұ жолы Тоқаевтан басталмаса, біртүрлі көрінер-ақ еді. Міне, тосын жаңалық. Осы аптаның Apta-сы тікелей Тоқаевтан емес, Алматыдағы трамвай тарихынан (президент Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте көліктің осы түрі жойылуын сынға алғанын білеміз) басталды. Осылайша, ең алдымен трамвайдың тарихын, Еуропадағы трамвайға қалай көңіл бөлетінін айта келіп, сосын барып президентке өтті.

Бұл блоктың басты кемшілігі – Көкжайлау таңғы шаңғы курортына салынған тыйымды хабарлағанда бэкграундтың болмауы. Бұған мемлекеттік телеарналар экобелсенділердің Көкжайлау құрылысына қатысты наразылығын алдын да елеп-ескере қоймағанын қосыңыз. Нәтижесінде, тақырыптан бейхабар көрерменнің Көкжайлауда кім қандай құрылыс салмақ болғанын, оған неліктен тыйым салынғанын түсінуі қиынға соғады, тіпті тақырыпты ұға алмайды.

Алматы мен қала маңындағы елдімекендерді байланыстыратын электропойыз жүргізу жоспарына арналған сюжетте тұрғындардың жақсы-жақсы пікірлері бар. Бұл материал да президент тапсырмаларының бірін қамтиды. Сюжетте адамдардың да, әкімдіктегілердің де пікірі қамтылған. Бірақ, нақтылық аз. Электропойыз қатынайтын болса, нақты қашан іске қосылатынын тілші сауал күйінде стендапында айтады. Жалпы тілші стендапында көп сауал қояды, о сауалдарды көрерменге бағыттамай, сюжетінде жауап бергені ұтымды болар-ақ еді.

Медбикелерді, санитарлар мен әлеуметтік қызметкерлердің аз жалақысы туралы сюжетте тартымды хикаялар, қызық деректер бар. Құрылымы да жақсы. Бірақ, мәселесін баяндаған сол қызметкерлерге жауап беретін салалық министрліктің пікірі жоқ.
Келесі бір сюжет Орал қаласы маңындағы саяжай тұрғындарының мәселесін күйттейді. О адамдар не суы, не газы, не жарығы, не жолы жоқ жағдайда өмір сүріп жатыр. Бірақ, кадрдегі сол отбасы балаларының бет-жүзі жабылмаған.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты түрде апта сайын жариялайды.

Латын әліпбиі, фрак киген Назарбаев. 20-27 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен аптаның қорытынды жаңалықтар бағдарламасында айтарлықтай шулы оқиғалар аз болды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында митингке шығу әрекеттері болғанымен, бұл туралы КТК телеарнасы ғана көрсетті, онда да қысқа айтып өтті. Телеарнаның көбі дерлік қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің сиырқұйымшақтанған жайын назарға алды. «Мемлекеттік» телеарналардың барлығы да Елбасының Жапонияға барып, императорды ұлықтау рәсіміне қатысқанын көрсетті. Бұл де бекер емес, әрі ресми, әрі әдемі кадрлар мен қызық деректерге толы оқиға. Әйткенмен де мұндай әдемі кадрларды түсіруге барлық телеарнаның журналистерін бірдей президент пулына қоспағанға ұқсайды.

Аптаның «эксклюзив» материалдары мен тақырыптары ұтымды-ақ. Артық салмақтан зәрезап болған жасөспірімдерден бастап қазақстандық экологтарды да, шекара маңындағы ауыл тұрғындарының мәселесін де қамтыды. Апталық мониторингке КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Бұл аптада КТК телеарнасын сынға ала қоятындай себеп те жоқ.

Бағдарлама өткен сенбіде Алматы мен астанада өтпек болған рұқсат етілмеген митинг жайында қысқа, бірақ мейлінше толымды ақпаратпен басталды.

Келесі блок Тұңғыш президенттің өкілеттігін кеңейту жайына, кім кімді қандай лауазымға тағайындайтыны, соңғы сөзді кім айтатыны жайын түсіндіру барысында шатасқан шенеуніктердің түсіндіру жұмыстарына арналды. Бұл жайында тұтас сюжет жасамағанымен де жақсы әрі ұғынықты жеткізе білді.

Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру сюжеті өте қызық әрі толымды. Материал авторлары бұған қатысты оқиғаларды да еске түсіріп, көрнекі графика жасап, соңғы нұсқаны сынға алған сарапшыны да кейіпкерді де сөйлеткен. Шынтуайтына келгенде, о кейіпкердің дәйектері аздап біртүрлі. Ол қазақ сөздерін ағылшын тілі мәнерімен дыбыстады (шетелдіктердің қазақша жазуларды түсінбейтіні мазаласа керек, бірақ бұл маңызды ма еді?!), бірақ әркімнің де өз пікірін білдіруіне құқы бар.

Бағдарлама авторлары Сириядан елге жеткізілген қазақстандықтардың соты туралы қиын тақырыптың сюжетін асқан жауапкершілікпен жасапты. Елге қайтарылғандар қайбір жылдары ДАИШ тыйым салынған ұйымының қатарына қосылу үшін елден кеткен. Сот залында фотовидео түсірім жасауға рұқсат етіліпті, сондықтан да сотталушылар да қосулы камера алдында жауап берді (яғни, олардың да көзқарасы көрсетілді). Ал Отанға оралған әйелдер мен балалардың бет-жүзі мұқият жабылыпты.

Балалар мен жасөспірімдердің артық салмағы туралы сюжет де тәп-тәуір жасалған. Жарты жылда 16 килограмм салмақ тастаған басты кейіпкер баланың бет-жүзін көлегейлемеді. О бала да оның анасы да мықты екен: салауатты тамақтана бастағаннан кейін нәтижеге жетіп отыр. Мұндай жағдайда баланың бет-жүзін жабудың қажеті не?!

Кадрда қуанып, тамсанып гамбургер жеген балалардың көлегейленбеген бет-жүзі көрсетілген сәттер болды. Бұл видеолардың қайда түсірілгені түсініксіз, бәлкім мұрағаттағы кадрлар ма екен?! Әлеуметтік роликтен алынған кадрлар шығар, бірақ бұл туралы титр жазуы болмады. Бәлкім, Қазақстанда түсірді, онда бұл сыныптастарының кадрдағы баланы «сенің түріңді семіздер туралы сюжетте көрсетті» деп мазақтауына бір себеп болғалы тұр. Есесіне сюжет авторы креативті стендап жасаған. Ол стендапын қисық айнада өзін түр-тұлғасы сымбатты, биік бойлы ететін сәттен бастап толық та талпақ қалыпқа айналғанын көрсетті.

«7 күн», «Хабар»
«Хабар» апталық қорытынды бағдарламасын Назарбаевтың Жапонияға, императорды ұлықтау рәсіміне қатысуға барғаны туралы қызық сюжеттен бастады. Авторлар «ұлықтау» дегеніміздің не екенін түсіндірмеді. Әйткенмен, материал танымдық мазмұнда жасалып, әдемі кадрларға толы болған: жапон дәстүрі хақында молынан баяндап, императорлардың костюмін және тұңғыш президенттің киімін көрсетті (оған фрак жарасады екен). Токиода Назарбаев Зеленскиймен кездесті (қызық), Трамп ұлықтау рәсіміне келмеді (бұл да қызық). Бір кішігірім ескерту: Назарбаевқа Жапонияның ең мәртебелі университеттерінің бірі Цукуба университетінің құрметті докторы деген ғылыми атағын берді. Осыған қатысты көп сұрақ туындайды. Мұндай ғылыми атақты алуға бола ма, не үшін, қай сала бойынша берді, әлде бұл атақ ешқандай мән-мағынасыз, жай беріле сала ма? Оның бұған дейін мұндай құрметті атақтары көп емес пе еді? Сауал көп, жауап аз.

Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконің Нұр-Сұлтан қаласына сапары туралы сюжеттен кейін де біраз сұрақ туындады. Екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті. Автор бизнес-форумнан мәселелер мен өсу-даму турасында баяндауға жанын салып кірісіп кеткені соншалық, ең маңызды сұрақтарға жауап бермеді. Мәселен, Беларусь еліне экспортымыз 14%-ке төмендеген. Неліктен? Ал беларусь елінен келетін импорты 4,5%-ке өскен. Ненің есебінен? Бизнес-форумда 75 млн доллардың келісімшарттарына қол қойылды. Бұл аз ба, көп пе? Лукашенко Минскке мұнай, мұнай өнімдері, мақта мен металл қажет екенін айтты. Ал бізге Беларусь елінен не керек? Қандай көлемде керек? Бұл сауалдарға жауап жоқ.

Білім саласындағы мәселелерді топтастырған үлкен сюжетті жасауға Көкшетау қаласындағы тарих пәні мұғалімінің даулы сұхбаты себеп болыпты. Бірақ, сюжеттен мұғалімнің нақты не шағым айтқаны сол күйі түсініксіз. Авторлардың ойынша, көрерменнің  бәрі де о видеоны көріп алған. Одан тек принтер туралы үзіндісі ғана еніпті (бір принтер 45 мың теңге тұрады, мұғалімнің оны сатып алуына шамасы жетпейді, бірақ сатып алуына тура келеді. Онда неліктен мұғалім сатып алады, принтерсіз еш мүмкін емес пе?). Жалпы айтқанда бұл сюжетке бэкграунд жетіспеді.

Сириядан қайтарылған қазақстандықтарды соттап жатқаны туралы сюжет толымды әрі тәуір шыққан. Журналистер өте-мөте салалық тақырыпта сөйлейтін арабтанушы-сарапшыны тауып, «мұндай адамдарды неліктен елге қайтарып жатыр» деген сауалға жауап алыпты. (аздаған спойлер: біз кейін оларды әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрмелерінен таппас үшін қайтарып жатыр екенбіз).

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарлама басында өткен аптаның тақырыбын пісіріпті. Бензин бағасы (акциздерді көтермейді) мен ет бағасы туралы айтты. Тілші бір бұзауды өсіріп, оны бордақылаудың қаншаға түсетіні, бұдан фермер неше теңге табыс табатыныны туралы тыңғылықты есептеу жасапты. Сюжетте фермер де, мемлекеттік орган өкілдері, сатушылар мен тұтынушылар да бар. Бірақ, ақыр соңында шетелден ет жеткізушілерді еш қисынсыз көрсетіп, бірақ тақырыпты жалғастырып ештеңе айтпады.

Бағдарламаның бұл эфирінде дайджест тақырыптар көп шықты. Аптаның тақырыптары: жемқорлық қылмыстар, браконьерлерді тұтқындау, Алматыдағы су құбырының жарылуы, Нұр-Сұлтанда апатты үйлерді сүріп тастау, сауда үйінің еденіне төселген құлпытас плиткалары, Тоқаевтың тіл мамандарына латын әліпбиіне көшу жайындағы тапсырмалары және тағы басқа тақырыптар туралы видеолар мен пікірлерді жинапты.

Бағдарлама журналистері масаң күйде көлік басқарған жүргізушілердің себебінен болатын жол апаттары, кофені стақандарға емес, өздерінің саптыаяқтарына құйып беруді өтінетін, тістерін тіс пастасымен емес, эфир майлары араласқан ақ топырақпен жуатын экобелсенділер туралы да ақпарат жинапты. Бірақ, бұл деталдардың барлығы да тақырыпқа назар аударту үшін жасалғанға ұқсайды: сюжетте қоқыс сұрыптаудың соны өңдеуге қандай пайдасы барын, өңделген қоқыстан жасалған тауар бағасы қалай арзандайтынын дәлелімен көрсетіп, және мұның экологиялық мәселелерді шешуге қалай әсер ететінін әңгімеледі.

Тұтастай алғанда кейбір тақырыптардың өзектілігіне қарамастан, бағдарлама өте қызықсыз шықты.

Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы авторларының пайымдауынша, аптаның ең басты жаңалығы: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық жазушысы Әбдіжамал Нұрпейісовтің 95 жасқа толған мерейтойы қарсаңында оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруі болды.

Ал Лукашенконың Қазақстанға іссапары туралы материалдағы іліп аларлық бір дүние – президенттер брифинг беретін залды қалай дайындағаны. Қалғанының барлығы жай ғана телевизиялық «паркет».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқыққорғаушы Айман Омаровамен кездескен ақпаратын Ақорданың сайтында жарияланған фотосуреттерді экранға шығарып, диктор сөзімен оқыды. Журналистер бұл тақырыпты Айман Омарованың кездесуден кейін Facebookтегі парақшасында тікелей эфирге шығып, кездесу туралы айтқан видеосын қосып, жандандыруына болар еді. Өйткені, кездесуде ҚР Қылмыстық кодексінің 130 және 174 баптарын декриминализациялау туралы айтылды, тікелей эфирде де соны айтты. Қазіргі таңда журналистердің қызметіне қатысты кедергі туындатып отырған аса даулы баптар. Сонымен бағдарлама авторлары әлеуметтік желі видеоларын принципті түрде қолданбай ма екен (неліктен?), әлде тікелей эфир туралы білмеді ме (мұнысы қызық екен).

Бағдарлама әрмен қарай тағы Тоқаевпен жалғасты («7 күн» жетіліп, Apta эфирі «7 күн» бағдарламасына айналып бара ма) – қазіргі президенттің рейтингі туралы пропаганда сюжетті қазақстандықтардың екінші президент қақындағы мақтауымен толтырды.

Бағдарламада тағы бір министрмен сұхбат шықты: өткен эфирде ауыл шаруашылығы министрімен әңгімелессе, бұл жолы Білім және ғылым министрімен сұхбат құрды. Министр аз сөйлеп, бағдарлама жүргізуші эмоциялы қалыптағы сөздерімен көсілді.

Сосын әлеуметтік тақырыпқа ойысты. Астананы табиғи газға әлі күнге қоса алмай отыр. Мұнда да ньюсмейкер – тағы да Тоқаев, ол астананың газға қосылмауын сынға алды. Сюжет жақсы шыққан. Көмір түтінінен тыныстай алмай, бетперде киген, иіске тұншыққан тұрғындарды сөйлетіпті. Журналистің стендапы да ұтымды: аузы-мұрнын тұмшалап, қолына күрек алып, көмірді шелекке салып, сөйледі. Ал сюжеттің алғысөзі дәстүрлі креатив графикамен көмкерілді.

Шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары басқа жаққа жаппай көшіп жатыр. Бұған шекарашылардың тынымсыз тексерісі де, инфрақұрылымның жоқтығы да себеп екен. Материалда көп тарап бар, бірақ шекарашылардың пікірі жоқ. Сонысымен де баланс сақталмай, толымсыз сюжет болыпты.

Ал QAZAQSTAN телеарнасы қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің қиындығы туралы ләм-мим демеді.

Айта кетейік, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты шолу жасайды, апта сайын жариялайды.

«Ақиқат астарына» жасырынған отбасы құндылықтары

«Тастамашы, анашым», «Әкемнен аулақ», «Ене мен келін егесі», «Өз балам өгей болды», «Жас келіннің ажалы», «Ойрандалған отбасы», «Енені қуған келіндер», «Әйелім жүргіш» тақырыптары телебағдарламаларда қазақ тілінде жиі талқыланады. Бұл бағдарламада «әркімнің өз ақиқаты» ашылады. Әрі халық көмегіне мұқтаж болып отырған кейіпкерге мүмкіндігінше бағдарлама соңында материалдық, құқықтық көмек беріледі. Сондықтан да экран алдында отырған дәл осындай мәселесі бар кез-келген адам бойында студия кейіпкері болуға қызығушылығы оянады. Сөйтіп Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған көрермен хабарласады. Бағдарламаға керегі де осы. Бұл – жай ғана қарапайым манипуляцияның түрі.
Бағдарламаның 90% осындай отбасылық кикілжіңдерге арналатын «Астарлы ақиқат» ток-шоуын мысалға алып, бұл тенденцияның себебіне үңіліп көрейік.

Осы жерде танымал америкалық The Ellan show ток-шоуын мысал ретінде салыстырып қарасақ болады. Бұл шетелдік бағдарламаның отбасы тақырыптарына арналған арнайы шығарылымдары бар. Әрі ол жерде де дәл солай белгілі бір отбасы мәселесі бар кейіпкерлерге қаржылай үлкен көмек көрсетеді. Бірақ сол көмекті беру үшін олар кейіпкерлерді сахнаға шығарып, жылатып, айқайлатып, дауластырып ешқандай «қойылым» қоймайды. Тек кейіпкердің оқиғасы не қиын мәселесі жазылған хатты студияда көрермендер алдында оқиды да, сол кейіпкердің өзін ортаға шақырады және ешкім бұл адамның жеке өмірін жерден алып жерге салмайды. Тек қошамет көрсетіп, арнайы дайындаған көмек береді. Сондағы қуанышты эмоциялар көрерменге позитивті көңіл-күй сыйлайды.

Ал біздің бағдарламада бірін-бірі кемсіту, жәбірлеу арқылы мәселенің ақиқатын ашу, ауыр жағдайды көрсету үшін баланың құқығын таптай отырып, баланың жүзін факт не дәлел ретінде пайдалану әрекеттері, шындығында, медиа этикасына еш сай келмейді. Нақты мысалдар:

The Ellan show бағдарламасын көрермендер халықаралық деңгейге шығарды. Рейтингі өте жоғары. Ал, біздегі ток-шоулар сол рейтингке жету үшін сахнаны соншалықты театрландырып, кейіпкерлерді жылатып- жұлыстырып, содан «пиар жасауға» ұмтылатындықтары таңғалдырады.

Сонымен, «Ойрандалған отбасы» тақырыбы неге экранда алдыңғы орынға шығып отыр? (бұл жерде «Астарлы ақиқаттан» өзге «Қарекет», «Ниет», «Бір сұрақ» сияқты бағдарламалар да бар екенін атап өту керек)

Бұл бағдарламалардағы басты кейіпкерлер толықтай дәстүрлі отбасы құндылықтарын сіңірген орта өкілдері немесе сол дәстүрлі отбасы құндылықтарынан зардап шегушілер. Бірақ соған қарамастан, олар жаңа отбасылық құндылықтарды саналы түрде қабылдаушылар да емес. Сонда олар осы екі аралықтағы қақтығысқа толы хаостың құрбандары болғаны ма?

«Friedrich Ebert Foundation Kazakhstan» қоры «Әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі Қазақстан қоғамындағы құндылықтар» атты жоба аясында әлеуметтанушы Ботагөз Ракишеваның отбасылық құндылықтар тақырыбындағы зерттеуін жариялады. Ғылыми еңбекке назар аударсақ, біраз нәрсені аңғаруға болады.

1 диаграмма. Бүгінгі Қазақстан қоғамында қандай құндылықтар ең маңызды боп отыр?* (% №=1600)

 

2 кесте. Сіз үшін қаншалықты маңызды…? Жетібалдық жүйемен бағалаңыз, 1 – мүлдем маңызды емес,  7 – өте маңызды (орташа балл, N=1600)

Бірінші диаграммаға сүйенсек, Қазақстан азаматтары үшін ең басты құндылықтардың ондығында отбасы тұр. Ал екінші кестедегі сандар біздің қоғам үшін ең басты құндылық отбасы екендігін тағы да айқындай түседі.

Сонымен, үлкенді құрметтеген, кішіні аялаған дәстүрлі құндылықтарымыздың бізді әлі билеп тұрғанына қарамастан неге экранда ойрандалған отбасы тақырыбы ушығып тұр? Себебі дәстүрлі құндылықтар азаматтық қоғам өкілінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге қауқарсыз.

Бұл жерде дәстүрлі құндылықтарды жаман немесе қажетсіз деп шешім айтуға болмайды. Қарттар үйінсіз, жетімдер үйінсіз, түрмесіз және тек сенімге құрылған экономикаға сүйенген дәстүрлі қоғамда біз өмір сүріп көрдік. Бірақ сол дәстүрлі құндылықтарға сүйенген қоғамда адам құны заттанып кетеді. Әйел – күтімді қажет ететін нәзік және пайдалы зат. Бала – ертеңгі әулет мұрасына ие болушы және ол сақтаушы, жалғастырушы, яғни баланың құны заттанып отыр.

Бұл жағдай туралы 1977 жылы саяси- әлеуметтанушы Рональд Инглхарт «The silent revolution» деген зерттеуінде өте жақсы түсініктеме береді. Ғалым бұл жайтты соғыстан кейінгі ұрпақтың материалистік құндылықтардан постматериалистік құндылықтарға аяқ басуымен байланыстырады. Яғни қазіргі постматериалистік құндылықтар дәуірінде заттардың аман сақталуынан гөрі, еркіндік, теңдік, құқық және өзін жүзеге асыру сияқты ұғымдар басты мәнге ие. Сондықтан да қазіргі қазақ қоғамы уақыт талабы бойынша жаңа құндылықтармен бетпе-бет келе отырып, белгілі бір деңгейде ықпалына ұшырап отыр. Бірақ соған қарамастан, біздің қоғамның адамзат дамуының жаңа сатысына саналы түрде өтуге әлі толықтай дайын емес екендігі телеэкрандағы «ойрандалған отбасы» оқиғаларынан көрінеді.

Адамдардың бойында өзінің қоғамдағы және отбасындағы құны туралы экзистенциялы сұрақтар туып, бейсаналы түрде мазалауда. Бір қызығы, телеарналарда көрсетілетін қазақстандық телесериадар негізінен ұйып отырған әулет бейнесін өте көп насихаттайды, тіпті ажырасқан кейіпкерлердің өзінің өте сыпайы, өте тиімді себептері көрсетіледі.

Әлемдік отбасылық құндылықтар өзгерісі туралы зерттеулерге сүйенсек, ядролық отбасы (nuclear family) яғни дәстүрлі толық отбасы құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отырғандығын байқауға болады. Оның орнына заманауи дәстүрлі емес отбасы түрлері пайда болуда: аралас неке (blended family), қайта отбасын құрған отбасы (stepfamily), еркін неке (family of choice), аналық негіздегі отбасы (matrifocal family), тек әке немесе ана негіздегі отбасы (single parent family), асыранды балалардан құралған отбасы (adoption), баласыз отбасы (childless family).

Егер америкалық телевидение тарихына назар аударсақ, 60- жылдардан бастап Америкадағы азаматтық, нәсілдік, гендерлік қозғалыстардың экрандағы ықпалының жемісті болғандығының нәтижесінде, жаңалықтардан бастап бағдарламалар, ток-шоулар мен ситкомдардың контекстік мазмұны тұрғысынан толықтай стереотиптерден шығып, үлкен трансформацияға түскендігі белгілі.

Қазіргі біздегі «Астарлы ақиқат» сияқты бағдарламалар халықтың күйінішінен шоу жасап, сол арқылы рейтинг көтеруге ұмтыла берудің орнына бұл тақырыптардың қоғамдағы құндылықтар өзгерісіндегі орын алып жатқан үлкен деградацияның көрінісі екендігін сезініп, соған қарай әр шығарылымның жауапкершілігін түсіну керек сияқты.

Әрі бүгінгі кейіпкердің мәселесіне ұқсас айтары, бөлісері бар экран алдында отырған мыңдаған кейіпкер үшін бұл бағдарлама қоғамдағы құндылықтар өзгерісінің мәнін терең ашуға және соны өз кейіпкерлері мен көрермендеріне кәсіби мамандарымен біріге отырып, түсіндіруге және сол арқылы қоғамдық келісімге, түсіністікке, толеранттылыққа жетуге тырысуы керек сияқты.

Нан неліктен қымбаттайды? 14-20 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Аптаның басты жаңалығы – Қазақстанда нан мен жанармай қымбаттайды. Жанармай бағасы өссе, басқасы да қымбаттайтыны аян. «№1 тауардың» қымбаттауын барлық телеарналар көрсетті, бірақ тақырыпты әрқайсысы әрқалай ашты.
Өткен апта ішінде болған әлеуметтік мәселелер саяси тақырыптардан басым түсіп жатты. Сондықтан да журналистер қорытынды бағдарламада қоғамның түрлі «жарасын»: кедейшіліктен бастап жезөкшелік пен қайыршылыққа дейін көрсетті.
Бұл шолуымызға КТК, Хабар, «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды ақпараттық бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Бағдарлама барлық тауардың, наннан бастап жанармайға дейін қымбаттап жатқаны туралы үлкен бөлімнен басталды. Өзекті тақырыпты егжей-тегжейлі әрі тыңғылықты ашып, қандай тауардың неліктен қымбаттайтынын санамалап түсіндірді. Бұл тақырыпты кейін «Больше деталей» айдарында да қозғап, бағаның өсуіне не түрткі болғанын, қазір нан қайда неше теңге тұратынын егжей-тегжейлі айтты.

Полигондағы оқу-жаттығу кезінде зардап шеккен (оқу гранатасы ұрыс гранатасы боп шығып, жігіттің қолын жұлып, көзін шығарғанға ұқсайды) жауынгер Сергей Кошелов туралы сюжет түрлі сұрақ туындатты. Тележүргізуші Анна Яломенко жауынгерді «мүгедек» деп атайды. Республикалық телеарнадан көрсетілетін қорытынды бағдарламаның авторлары әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, мүмкіндігі шектеулі адамдар мәселесі туралы баяндағанда дұрыс терминологиямен сөйлеу керегін білуі тиіс еді.

Сюжет басталғанынан кейін олқылықтар тіпті көбейді. Сюжетте Кошеловтың тұқылын (кесілген қол-аяқ), шыққан көзін ірі планмен жиі көрсетті. Жеті минут сюжетте ірі планмен жеті рет, орта планмен тіпті көп көрінді. Сюжет авторлары осылайша жауынгер жігітке аяушылық сезімін тудырғысы келген болар. Әйткенмен, сюжет кейіпкері мұндай аяушылықтан өзін жайлы сезіне қоюы неғайбіл. Жас жауынгер өз жарақатына әлі күнге үрейлене қараса керек. Бұған қоса, мұндай материалдарда адамның физикалық ерекшеліктерін видеоға түсіріп, жариялау да орынсыз-ақ.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сюжеттегі әнші Ксения Ашигалиеваның оқиғасында бэкграунд жетіспейді. Ксенияның айтқанынан және денесінің көгерген, соққы дақтары түскен тұстарын көрсеткен кадрлерден оны күйеуі ұрғаны мәлім. Сосын кейіпкер әлдебір жертөлені есіне түсіріп, «балалары үшін қорыққанын» айтады. Бірақ, Ксенияға шын мәнісінде не болғанын айтпайды. Оқиға қалай өрбіді? Қашан болды? Балалар қайда еді, оларға да қауіп төнді ма? Күйеуі балаларын да ұрған ба? Журналистер тағы да көрермендер бар оқиғадан хабардар деп ойласа керек-ті: сюжет соңында күйеуі Ксенияны жертөлеге қамап ұстағаны, сондықтан да ол адамды заңсыз бас бостандығынан айыру күдігімен үйқамаққа алынғаны аңғарылады.

Қазір қазақстандықтар неден үнемдейтіні туралы материал өте жақсы, толыққанды әрі позитивті болыпты. Әсіресе, жастар жағында қызық кейіпкерлер, тамаша визуал, сарапшылар пікірлері мен ақылға қонымды түйіндер бар.

«7 күн», «Хабар»
«Елдің атқарушы да, заң шығарушы да билігі, жалпы жүйе үшін осы аптадағы оқиғалар жаңа сынақ болғалы тұр». «7 күн» бағдарламасының жүргізушісі Александр Трухачев эфирін осылай бастады. Оның нені жұмбақтап жатқанын тек болжауға ғана болады, айтқаны қандай оқиғаға да жарай береді. Бірақ, алысқа созбастан айталық: әңгіме нан қымбаттауы жөнінде болып отыр. Әрі қарай жүргізуші «Жас маман» бағдарламасының әлі игерілмеген қаржысы және Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі туралы айтты. Бәлкім, ол аптаның бар жаңалығы осы, десе керек-ті.

Алғашқы сюжет Түркі кеңесіне арналды. Дәлірегі, Түркі кеңесінің Елбасыға қалай қарайтынын, оған қандай құрмет көрсеткенін баяндады. «Саммит қатысушылары Қазақстан Тұңғыш президентінің есімін қанша рет атағанын санасақ, санынан жаңыламыз» дейді тілші. Осылай деген тілшінің 11 минут 20 секундтық сюжетінде Нұрсұлтан Әбішұлының есімі 21 рет аталып, Елбасының әрқайсысы 1 минуттық төрт синхронын беріп, сюжетті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз-хатшысы Айдос Үкібайдың твиттердегі постымен, дәлірегі экс-президенттің спорттық жетістігі, яғни жүріп өткен қадамдары туралы суретімен аяқтады. Шын мәнісінде, бұл ақпарат Түркі кеңесінің саммитіндегі басқа жаңалықтармен салыстырғанда әлдеқайда қызық шықты.

Екінші президент «7 күн» эфирінің тек 32-минутында көрінді. Бірақ оның көрінуі ұзаққа созылмай, «әлеуметтік блокпен» жалғасты.

Әлеуметтік блокты мемлекеттік органдардың 8,6 млрд теңгені игермені туралы толыққанды сюжетпен бастады. Тілші бюджет игерілмеуінің себептерін, салдарын, кінәлілер кімдер екенін, бюджетіміз неден құралатынын, имиджі іс-шаралардың оңтайландыру туралы егжей-тегжейді әңгімеледі.

Бағаның өсуі, соның ішінде жанармай қымбаттауы да қамтылған сюжеттің кіріспесін Александр Трухачев арзан жанармайдың не екенін, мұның мұнай компанияларына шығыны, шетелге бақылаусыз шығарылуы, шекарадағы жемқорлық және тағы басқасы мысалында өте ұғынықты тілмен түсіндіріп берді.

Ал, келесі сюжет астық түсіміне арналып, бірқатар сұрақ туындатты. Сюжетте қуаңшылықтан биылғы астық түсімі былтырмен салыстырғанда аз екенін түсіндірді. КТК сюжетінде мұның барлығын егжей-тегжейлі көрсетіп, неше тонна астық жиналғанын, қаншасы тұқымға, қаншасы ұнға, қаншасы экспортқа қалғанын айтса, хабарлық материалда бұл сұрақтарға жауап жоқ. КТК-ны көрмеген көрермен көкейінде бізге қанша бидай жетпейтіні, оны сатып алатын не алмайтыны, қателіктерді қалай түзететіні туралы сауалдар туындайды.

«Ал біздің ауламызда» деген өте жақсы әрі позитивке толы сюжетте Өскеменнің сауық орталықтары, балалар клубтарын көрсеттеді. Мұнда тіл үйретеді, биге баулиды, спортпен шұғылданады, түрлі бұйымдар жасайды, ән салады, шахмат ойнайды, робототехниканы меңгереді. Барлығы да мемлекеттен қаржыландырылады. Басқа өңірлерде де осылай екеніне үміттенейік, өйткені сюжетте бұл турасында ештеңе айтпады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Президентсіз, премьерсіз және парламент спикерінсіз эфир: бұл аптада «Аналитика» бағдарламасы нашақорлықпен күрес, мектеп оқулықтарындағы қателер, жезөкшелікпен және қайыршылықпен күрес, әлемнің түрлі елдеріндегі табиғи апаттар туралы айтты. Аптаның басты әлеуметтік тақырыбы: нан бағасының өсуі турасында бағдарлама басында аз-маз көрсетті.

Есірткімен күрес туралы сюжетке бағдарламаның 11 минутынан көп уақыт арнады. Материалда сан мәліметтері өте көп: есірткіге тәуелді адамдардың санынан бастап тұтқындалғандар санына дейін бар. Қазақстанның өңір-өңірлерін жеке-жеке баяндады. Тіпті «есірткімен күрес барысында екі жыл ішінде 10 мың сайт, мобиль қосымша мен Telegram-каналдар» бұғатталғанын да айтып өтті. Бірақ, бұдан тақырып ашылмады. Наркосайттардың жарнамасын жабатын стрит-арт туралы да ақпарат берді. Бағдарламаның аңдатпасында мұны «халықтық бастама» деп атағанымен, тым аз ақпар берілді. Басты ой – Қазақстанда есірткімен күрес жүріп жатыр, тіпті сәтті жүргізіледі, бірақ бұл анық емес.

Мектеп оқулықтарына қателер бар: төртінші сыныпқа арналған математика оқулығының бағдарламасы сюжет кейіпкерінің қызына ауыр, мектептерде оқулық жетеді, егер басқа өңірлерден біреу келсе, оған оқулық бар мектептен кітап алып береді, баспаханалар қосымша оқулық басып шығарады, бірақ бәрібір қате бар, сосын көп кітап тез тозады, тіпті білім министрі де оқулықтан қате тауыпты… Автордың мәтін құрылымында бірдеңесі бұрыс кеткенге ұқсайды. Бәлкім, бұл интерактив шығар, осылайша журналист материалындағы логикалық қатерелерді табу қажет болар.

Полицияның және жедел түсірімнің қатысуымен тағы бір материал – жезөкшелік пен қайыршылыққа арналыпты. Екі тақырыпты неліктен біріктіргенін анық түсіндірмеді.
Журналист айтқанындай, қоғамда қайыршылықты құптамайды, алайда қатаң жаза жоқ. Караокеде де ақылы секс қызметі болуы мүмкін, егер келуші кофеге тапсырыс берсе, онда бұл ақылы секс қызметіне тапсырыс бергені екен. «Клиенттерді үйінде қабылдайтындар да бар, әуресі аз, арнайы институт білі-мін қажет етпейтін жұмыс». Сол сәтте қысқа белдемшенің астынан жалаң тізелерді көрсетеді.

Ақыр соңында, «Аналитика» жүргізушісі «Полицейлер наразыларды су шашып қуып, қалай сүйрегенін көрсетеміз» деп, Қазақстаннан тыстағы жағдайды баяндайды.
Осылайша «Аналитика» бағдарламасы шетелдегі экологиялық апаттар, экобел-сенділердің күресі туралы материалмен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN
Дәстүрге сай, бағдарлама президент туралы жаңалықтардан басталды. Apta редакциясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен экономикалық мәселелерге арналған жиналыстан үлкен сюжет берді. Президент сол жиында экономиканы әртараптындыру, жұмыспен қамту, халықтың табысы және әлеуметтік игіліктердің қолжетімді болуы турасында айтты. Материал Тоқаевтың синхрондарынан, экономистердің оның сөзін түсіндіруінен құралды. Сюжетте Қазақстан үшін өткір мәселелер қозғалды.

Келесі сюжеттің нан қымбаттауына арналуы қисынға келеді. Журналистер бұл тақырыпта жақсы инфографика әзірлепті, онда қай өңірде нан бағасы қаншалықты қымбаттағаны көрсетілген. Ал тележүргізуші Жайна Сламбек ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтан сұхбат алыпты. Мұндай жоғары лауазымды шенеунікпен сұхбаттасудың сәті түскен соң ба екен, министрден нан қымбаттауынан басқа, ескірген техникадан бастап ауылдықтардың қалаға қоныс аударуына дейін сұрады. Алты минуттық сұхбат барысында нан неліктен қымбаттағаны, және әрмен қарай да қымбаттайтыны-қымбаттамайтыны туралы жауап жоқ. Сұхбатта наннан бөлек, ұн бағасының өсуі туралы да айтылмады.

Apta шетел жаңалықтарының негізгілерін де аз-кем айтып өтті. Бұл жолы Швецияда Нобель сыйлығын жаһандық кедейшілікті жоюға еңбек арнаған үш ғалым алғанын айта келіп, Қазақстандағы кедейшілік тақырыбына ойысты. КТК телеарнасы болса, осы тақырыпқа жалғастыра жаппай үнемшілдікті көрсеткен еді. Авторлар сегіз баласы бар отбасының хикаясын баяндады. Отбасының анасы кәсіп меңгеріп, өз ісін бастағысы келеді. Соңында «көмек сұрама, тынбай еңбек етіңіз» деген тәмсілді тікелей айтады.

Алматы мен Жезқазғандағы коммуналды мәселелер туралы материалдың алғысөзі тым ұзақ әрі шашыраңқы шығыпты. Мұнда редакция қызық графика жасалған.

Бағдарлама ғалым Макс Кучинскийдің «Дала мен халық» кітабы туралы академиялық сюжетпен аяқталды. Мазмұны өте қызық, бірақ видеолары бірсыдырғы сюжет.

Еске салайық, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ақпараттық бағдарламаларына шолуын тұрақты жариялайды

«Нұр-Сұлтан резеңке емес». 7-13 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптаның ең басты ньюсмейкерлерінің бірі – вице-премьер Бердібек Сапарбаев болды. Оның «Нур-Султан не резиновой» дегені апта дәйексөзіне айналды. Қазақстандық телеарналар оның сол сөзін назарға алып, астананың алуан-алуан мәселесіне түрлі сюжеттер түсірді. Бір телеарна ішкі көші-қонға назар аударса, ендібірі жемқорлық пен ЛРТ құрылысын қозғады, ал тағы бір телеарна қоқысты сөз етті. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын халықтың Нұр-Сұлтанда не болып жатқаны жөнінде танымы кеңейіп-ақ қалды.

«Атыраулық дәрігерлер ісі» де басылар емес. «Мемлекеттік» телеарналар қоғамның дәрігерлерге бағытталған ашу-ызасын басуға барын салып бақты. Сонымен шолуымызда КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды ақпараттық бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
Өткен аптадағыдай сияқты, бұл аптаның да басты тақырыбы – Атыраудағы перинаталды орталықта болған шақалақ өлімі. Материал авторлары көрерменге статистикалық деректерді таныстырды: соңғы үш жылда осы перинаталды орталықта дүниеге келген 432 сәби шетінепті, 45,5 мың сәби үйіне шығарылған. Мұның барлығы да ресми деректер. Кенеттен журналист: Бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев ұрлаған миллиондар, оның сәбиді мұздату камерасына қалдыруды бұйырғаны» деп айтып салады. Еске салайық, дәрігер «пара алды» деген күдікке ілінген, бірақ әлі соты болмады, бірақ оны сюжетте «ұры» деп атады.
Тұтастай алғанда, сюжет мейлінше толыққанды жасалған әрі тепе-теңдік сақталыпты. Қайтыс болған сәбидің әжесін сөйлеткен, ауруханадағы қызметінен кеткелі жатқан дәрігерлердің бірінен пікір алған. БАҚ бетіндегі шудан кейін сол перинаталды орталықтың дәрігерлеріне қылмыскер ретінде қарау белең алыпты. Осында сәтті босанып, аяғын бауырына алғанын айтатын жас аналардың да пікірі бар. Мәслихат депутатының «бұл ауруханадан басқа да ауруханаларда мәселе көп екенін, ауруханалар миллиондаған қаржыны ауланы абаттандыру мен PR-ға жұмсайтынын, бірақ аурухана ауласын аралау барысында ешбір гүл көрмегенін айтқан» пікірі де жүр. Бұған қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі не ойлайтыны сюжетте айтылмапты.

ЛРТ туралы материалда бэкграунд жоқ. ЛРТ дегеніміз не? Қайдан әкелінген, қайда салып жатыр? Бұ жағы түсініксіз. Журналистер «қалың көрермен ЛРТ тақырыбымен етене таныс, бар жаңалықтан хабардар» деп ойласа керек. Сонымен ЛРТ туралы хабар дайындауға Тоқаевтың осы мәселені тездетіп шешуді талап еткен мәлімдемесі себеп болыпты. Мәселе – айқын, құрылыс барысында қаржы жымқырылған. ЛРТ құрылысы қай әкімнің кезінде қалай жүргізілгенін студияда айтты. Кейбір шенеуніктердің (аты-жөндері айтылмады) елден сыртқа шығуына тыйым салынған. Сюжетте президенттің мәлімдемесінен басқа жаңа дерек жоқ.

«Нұр-Сұлтан резеңке емес» екені туралы сюжет. Материал авторлары елордағы көшіп келген бірнеше адамның профайлын жасапты. Кейбірінің хикаясы сәтті аяқталады, ендібірінің оқиғасы айтарлықтай жақсы бітпейді. Десе де шенеуніктердің ауылдарды дамытуға қатысты арнайы бағдарламаларды енгізіп жатқанын айтып өтті. Олар ішкі көші-қонды қалай бәсеңдетуге болатынын да анықтапты. Десе де сюжетте ішкі миграцияның не жаман, не жақсы екенін біле алмадық. Нақты мысалдар, мәселен 100 000 адам көшіп келсе, онда 20 мектеп, 30 аурухана, 40 балабақша және тағы басқасы қажет екенін айтуға болар еді. Жалпылама айтқанда, түсініксіз сюжет.

«Больше деталей» айдары жақсы әрі толыққанды жасалған. Мұнда көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақылар, тек көпбалалы отбасыларға ғана емес, сонымен қатар басқасына да бұл жәрдемақылар берілетінін айтты. Ешкімге алақан алақан жаймай, мемлекеттен көмек сұрамай-ақ балаларын асырап отырған көпбалалы ана – қызық кейіпкер. Ол әйелдің көпбалалы болуы – өз таңдауы әрі бақыланатын іс деп біледі. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу қажет деп есептейі.
Электронды темекілер туралы сюжет те жақсы, жан-жақты әрі толыққанды жасалыпты. Алып-қосар дәнемесі жоқ сюжет болыпты.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Бағдарламаның бірінші материалының құрылымы нашар әрі олпы-солпы шықты. Жалпы тақырыбы — «экстремизм». Ақпараттық түрткісі де түсінікті: Қазақстанда ойын-сауық-сауда орталығында теракт жасап, сосын Сирияға қашып кетпек болған адамды соттады. Сол сәтте Түркіменстанда ТМД елдері басшыларының саммиті өтіп, сонда қауіпсіздік пен тыныштықты талқылады. Түркия «Бейбітшілік қайнары» операциясын бастады. Сосын тағы саммит тақырыбына ойысады. Кейін жүргізуші балаларға «секіріп», экстремизмнен көбіне көп балалар жапа шегеді, бұған Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтарған «Жусан» гуманитарлық операциясын еске алсақ жеткілікті, деп айтады. Мән-мақсаты – түсініксіз. Президент қатысуымен өткен саммит туралы айтқысы келіп, бірақ тікелей айта алмады ма? Президент туралы да, президент туралы емес те сияқты? Мән-мағынасы неде? Экстремизм өршіп жатыр ма? Әлде, онымен күрес тиімді жүргізіліп жатыр ма? Теракт жасамақ болған қазақстандық туралы да түсініксіз тұстары баршылық. Оны қалай тапты? Ол шыққаннан кейін не болады? Онымен түрмеде жұмыс жүргізе ма? Сегіз минуттық материалда жауаптан гөрі туындаған сұрақ көбейді.

Жемқорлық туралы сюжетте қызық стендап бар. Тілші жемқорлық рейтингісі туралы айта келіп, «Егер осы рейтингтегі орынды альтернатив жолдармен өзгерту мүмкін болса, онда бұл былай болар еді» деп, «он мың теңгелік ақшаны объективке тақайды».


Материалда барлық саланы жемқорлық жайлағаны айтылады. Әйткенмен, «екінші тарап» туралы ештеңе айтылмады. Мәселен, біздегі заңнамалар орындаудан гөрі, «беріп» шешуге құрылғанын, біздегі жалақы мөлшері «алмасаң – күн көре алмайсың» көлемінде екенін ешкім де айтпады.
Есесіне, киберқылмыс туралы тәп-тәуір сюжет жасалыпты. Басталуы да қызық. Балықшыдан «Көп балық ұстаудың құпиясы неде?» деп сұрайды, сонда ол: «Алдымен балықты қоректендіру қажет» деп жауап береді. Осылайша, журналист киберфишинг туралы әңгімелеуге ойысады. Сюжетте сарапшылар көп, тіпті көшеде эксперимент те жасайды: адамдарға фейк сайттардың қағазға басылған нұсқасын көрсетіп, осы сайттарға өз жеке бас мәліметтерін енгізер ме едіңіз, деп сұрайды. Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы да кеңестер береді. Нағыз балықшылар материалда бастан-аяқ көрінеді. Мысалы, балықшы шабақты ұстап алып, қайта жібереді. Шабақ өсіп, үлкен балыққа айналуы қажет. Осы мысалдан кейін тілші киберфишерлердің мұндай адамгершілікке бара бермейтінін айтады. Бір кемшін тұсы, киберфишинг не кибершабуылдан жапа шеккен адамдарды көрсетпеді, көрсеткенде сюжеттің сәні кіретін еді.

«Аналитика» бағдарламасы да ЛРТ туралы сюжет түсіріпті. Тек ЛРТ-мен тоқталмай, тақырыпқа дендеп, алданған үлескерлердің де мәселесін қосқан. Ішкі көші-қон тақырыбын да осында енгізіп, мұның неліктен жаман екенін деректер және сандар негізінде түсіндірді.

«7 күн», «Хабар»
Кенеттен бағдарлама «Тоқаевтың бұл аптада қайда барғанынан емес», керісінше Атыраудағы төтенше оқиғадан басталды. Дәрігерлер президентке хат жазған. Жүргізуші кіріспе сөзінде дәрігерлердің оң имиджін қалыптастыра сөйлейді: олар адам өмірін сақтап қалады, ота жасайды, орган алмастырады, көмектеседі. Барлық дәрігерді қанішер жауыздар әскері ретінде көрмеуге шақырады. Маңызды нәрселерді ешбір пафоссыз қарапайым сөзбен жеткізеді.
Бірақ, барлық пафос сюжет мәтініне кетіпті: «Атыраудағы перзентханада туған шақалақтың өлімі көпшілікке жария болып, жергілікті медқызметкерлерді айыптау шегіне жеткізді» дейді. Сюжет мақсаты дәрігерлерді айыптай беруге болмайтынына арналған. Қызметінен кетпек болып жатқан дәрігерлерден пікір алып, мәтінде «қоғамдық пікір өз үкімін шығарып қойды» деп айтады, психолог сөзінде «қоғамның сенімсіздігі әбден піскені» туралы пікір бар, бала өлімі бұрын да осындай шамада болған, бірақ аз айтылған. Қазақстанда (АҚШ пен Ресеймен салыстырғанда) жақсы дәрігерлер туралы фильмдер түсірілмейді. Тағы солай солай жалғаса береді. Сапалы сюжет, бірақ үгіт-насихатқа құрылған.


Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейін алғаш берген сұхбатына тұтас сюжет арналыпты. Сюжет көлемді, қысқа қайырсақ: «Елбасы өкінбейді, елде қос билік жоқ, Тоқаев – ең лайықты тұлға, Қытай бізді басып алмайды, Ұрылар мен қылмыскерлер (Аблязов сияқты) — аянышты, экономика өркендеді, өз-өзіне көңіл бөлуге уақыт жоқ (жұмыс тым көп), деген ойлар төңірегінде өрбиді.
«Хабар» телеарнасының ЛРТ туралы сюжеті басқа телеарналардың сюжетімен салыстырғанда сәтті шыққан. «7 күн» авторлары мәселенің мәні неде екенін егжей-тегжейлі әңгімеледі. Қаржы қалай жымқырылғаны туралы сызбанұсқаны да көрсетті. Ал бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың күтпеген тұстан мерзімінен бұрын босатылуы туралы айтылғанда оның адвокатын көрсетті.

Елорда туралы қос материал керемет болмаса да қызық тұстары баршылық: біріншісінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымын сынағанын (жолдары жаман, тапсырмалар сиырқұйымшықтанады, жарықтандыру жоқ, мектеп-балабақшаларда орын жетіспейді, ауруханалар қирағалы тұр) айтса, екіншісінде, журналист ең басты қоқыс аймағына барып, оның әбден толып қалғанын, жаман иіс шығатынын анықтайды, қала маңымен жүріп өтіп, адамдармен сөйлесіп, мәселе бар және тым көп екенін растайды.
Бағдарлама Орталық Қазақстанды табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған «Сарыарқа» газ құбыры желісі туралы шағын сюжетпен аяқталды. Құрылыстың нормативке сай мерзімі 36 ай болса, бұл құрылысты 10 айда аяқтапты. Ал құрылыстың сапасы қандай? Осы сауалдың жауабын білмек тұрмақ, о сауалды ортаға тастамады.

Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама алыстан орағыту тәсілімен басталды. Жүргізуші студияда бір минутқа жуық уақыт бір шығармадан үзінді оқыды. Көркем әдебиеттен хабары аз көрермен осы кезде аңтарылып, қазір не тыңдағанын түсіне алмай отырар еді. Тек бір минуттан кейін ғана бұл үзінді жазушы Әбіш Кекішбаевтың «Шыңырау» повестінен алынғанын біледі. Содан кейін жүргізуші қазіргі бірқатар замандастарының, дәлірегі ернін үлкейтіп, кірпік жапсыратындардың повесть мән-мағынасын түсінбейтінін айтып, өз жанынан пікір қосады. Неліктен?

Жүргізуші Жайна Сламбекке бұл сұрақты қояр жан табылмады, ал ол өзінің бір жарым минуттық нақылын республикалық арна эфирінен жаудырып жатты. Белгілі болғандай, мұның барлығы да президент Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапары кезінде Әбіш Кекілбаев ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысуын хабарлау үшін жасалыпты. Ескерткіштің ашылуы рәсімі туралы сюжет бастан-аяқ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөздерінен алынған сихрондардан құралды. Журналистер жазушының туған-туыстарына да сөз бермеді.


Әрмен қарай эфир тағы да президентпен жалғасты. Бұл жолы оның Ашхабадтағы саммитке қатысуын көрсетті.

Келесі тақырып та президентке, дәлірегі оның астанадағы ЛРТ құрылысын сынауына арналды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік азық-түлік жәрмеңкесі туралы сюжет кіріспесінде жүргізуші көрермендерді: «бұл материалда барлық тарапты сөйлеттік» деп ескертті. Әйткенмен, сюжетті мұндай жәрмеңкеде облыстан келген тауарларды емес, астана базарларынан алынған тауарды сататынын айтқан көрермендердің шағымынан кейін түсіріпті. Жәрмеңкедегі баға базар нарқынан арзан болатыны бар. Тілшілер, Нұр-Сұлтан базарларындағы және осы жәрмеңкедегі тауар бағасын салыстырып, қай жақтағы баға қалай екенін тексермеді. Тек базарға кіре алмаған жергілікті саудагерлерді сөйлетіп, жәрмеңкедегі бірқатар сатушыдан пікір алып, қала әкімдігіне сөз беріп, сонымен тоқтады.
«Атыраулық дәрігерлер ісі» туралы сюжет те мейлінше толыққанды шыққанымен, оның да мақсаты – «Хабар» телеарнасына ұқсас, дәрігерлерді «ақтауға» құрылғанға ұқсайды. Себебі бұл сюжеттен кейін ізінше тағы бір сюжет, өз жұмысына жан-тәнімен берілген дәрігерлер тақырыбына арналыпты.
Apta бағдарламасының соңғы сюжеті тартымды. Мұнда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өткен бүркітшілер фестивалінін көрсетті. Кейіпкерлері көп, тамаша кадрларға толы, хикаялары мол сюжет.

Айта кетсек, «Жаңа репортердің» қазақстандық телеарналардың қорытынды ақпараттық бағдарламаларына шолуы апта сайын жарияланады.

Қазақстандық телебағдарламаларда ең жиі айтылатын тақырыптар

Бүгінде қазақ қоғамында болып жатқан өзгерістердің экрандағы репрезентациялану үрдісінде телевидение халыққа қандай месседж ұсынып отыр? Осыны анықтау үшін қазақстандық телеарналардағы ең танымал ток-шоуларды алып, қай тақырыптарды қалай талқылап жатқанын зерттедік.
Зерттеуде «Ашық алаң» (Qazaqstan), «Мәселе» (Qazaqstan), «Айтарым бар» (Astana TV), «Бір сұрақ» (Еуразия бірінші арнасы), «Өз ойым» (7 арна), «Қарекет» (Qazaqstan), «Online», «Астарлы ақиқат» (КТК), «Саяси ринг» (Astana TV), «Біздің назарда» («ХАБАР»), «Давайте говорить» («ХАБАР»), «Басты тақырып» (Qazaqstan), «Ниет» (Qazaqstan), «Ой талқы» телебағдарламалары қамтылды.

Әлеуметтік желі
Қазіргі ток-шоуларда ең көп талқыланатын тақырыптардың алдыңғы қатарында интернет пен әлеуметтік желі тұр. Ең алдымен «неліктен бұл тақырып маңызды болып отыр» деген сұраққа жауап берелік.
«International Telecommunication Union» орталығының 2017 жылғы жариялаған статистикасына сүйенсек, Қазақстан халқының 77%-і (14,023 856) интернет пайдаланады. Бұл көрсеткіш 2007 жылы небәрі 4%-ті құраған. Еліміз интернет жылдамдығы жөнінен әлемде 57 орында. Интернет қолданудың мұншалық жылдам өсуіне қарамастан, Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде әлемдегі 196 мемлекеттің арасында 182-орында, ал посткеңестік аймақтағы 29 елдің ішінде тек 26-орында тұр.
Соңғы жылдары әлеуметтік желінің қоғамдағы саяси өмірге ықпалын ескерсек, бұл тақырып билік үшін өткір мәселеге айналып отырғанын байқауға болады. Сонымен, әлеуметтік желі тақырыбы телеарналарда қалай талқыланады?
Экранда айтылған ойлардан үзінділер: «Қазір бәрі бетімен кетті, медиаға шектеу қоятын, шынайы ақпаратты іріктейтін үлкен орталық жұмыс жасауы керек», «Блоггерлер белгілі мүдделерге жұмыс жасайды», «Хайп қуғандар шынайы ақпарат бермейді», «Вайнерлер үшін ақша бірінші орында, ал көрсеткен дүниесінің мән-мағынасы мен тәрбиелік құны жоқ», «Вайнерлерді мемлекеттік идеологияның құралы ретінде пайдалану керек», «Интернетке тәуелділік — ауру», «Интернет баланы бұзып жатыр», «Интернет қоғамды бұзып жатыр», «Интернет дерті», «Біз үшін интернет өте қауіпті, қорқынышты әлем болуы тиіс».
Бір де бір бағдарламада интернеттің алдағы жылдарда әлемдік саяси тартыста маңызды рөл ойнайтыны, сондықтан да халықтың киберкеңістіктегі ақпараттық сауатын арттыру мәселесі және ақпарат қауіпсіздігі сияқты жаңа салаларға жастарды тартудың қажеттілігі сынды балама ойлар айтылмайды. Әлеуметтік желілердің бюрократиялық елдерде азаматтық қоғам құруда, демократиялық құндылықтарды орнатуда басты қозғаушы күшке айналып отырғанын тіпті жасыратын сияқты. Неліктен екен, әйтеуір телешоулар көрерменге «интернет – бүгіннің тажалы» деген идеяны жеткізуге тырысып жатыр. Бұл соңғы уақытта елде болып жатқан оқиғаларға интернеттің тікелей ықпалының болғанына байланысты ма екен? О жағы түсініксіз.

Әйел зорлау
Ең көп талқыланатын келесі тақырып – әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Барлық бағдарламада студияға зорлық көрген жәбірленушіні арнайы шақыртып, сол оқиғаны заңгер, психологтармен бірлесе отырып, талқылайды.
Соңғы уақытта бұл тақырып экранда неліктен көбейіп кетті?

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2018 жылы «зорлау», «сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптарына қатысты 1450 оқиға тіркелген (оның ішінде 1132 әйелдерге қатысты, 231-і балаларға қатысты). ТМД мемлекеттерінің арасында осы қылмыстық әрекеттер бойынша Қазақстан алғашқы орындарда (қылмыс коэффициенті Қазақстан – 7,88, Молдова – 7,5, Қырғызстан – 3,68, Ресей Федерацияясы – 2,3, Беларусь – 1,6 , Өзбекстан – 0,67, Украина – 0,48, Тәжікстан – 0,46, Армения – 0,8, Әзірбайжан – 0,2) тұр.
Сонымен бұл тақырып ток-шоуларда қалай талқыланып жатыр?
Жоғарыда аталған бағдарламалардан алынған сөйлемдер: «Қамқорлықты тұтынушы әйел құқы әлсіреді». «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «Ер азамат қадағалап отыратын болса, әйел кісі жамандыққа ұшырамайды», «Қатынға жолама, қарасы жұғады, балаға жолама, бәлесі жұғады», «Еркектің қызды зорлауына сол қыздың өзі кінәлі», «Соны біліп тұрып, неге түнде сол пәтерге барады», «Ашық-шашық киінген әйел кез келген адамның назарын аударады», «Мұның барлығы отбасындағы тәрбиенің әлсіреуінен», «Әркім өз қызына ие болу керек».
Бұл ойлар аталған бағдарламалар арқылы осы тақырыпқа қоғамның берген бағасы. Осы тұста ерекше атап өтетін бір нәрсе бар. Дәл осы телешоулардың ешқайсысында өткен жылдың қаңтар айында Алматы қаласындағы Smart.Point орталығында өткен «Киімді кінәлама» атты көрмесі туралы ақпарат берілмеді. Көрмеде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің зорлық оқиғасына ұшыраған сәтте киген киімдері қойылған. Бұл — «қыздардың ашық киінуі зорлықтың туындауына басты себеп» деген таптаурын көзқарасқа қарсы жауап болатын. Көрмені Инесса Ишакву, Фариза Оспан, Алтынай Мұсалимова сияқты белсенділерден құралған шығармашылық топ ұйымдастырды. Әйел зорлығы тақырыбын, яғни осындай өткір тақырыпты қозғаған ток-шоулар әселеге тек бір жақты баға беріп, үстіртін ғана талқылайтыны таңғалдырады.

Көпбалалы отбасы
Соңғы уақытта көпбалалы аналардың наразылықтары жиіледі. Сондықтан да болса керек, бұл тақырып та экранда мүмкіндігінше көп талқыланып жатыр. Бағдарламаларда ең жиі айтылатын ойларды тізіп шығалық: «Бәрін айқаймен шешуге тырысады», «Халық табысын жасырып, өтірік ажырасып, жәрдемақыға жаппай жабысып жатыр», «Халық жұмыс істемесе, банкрот боламыз», «Депутаттардың кінәсі жоқ, заңды орындау керек», «Арада арандатушы топ жұмыс жасап отыр», «Жәрдемақы талап етіп алаңға шыққандарды үш топқа бөлуге болады: шынайы мұқтаждар, алаяқтар және арандатушылар», «Осы жәрдемақыны алу үшін елімізде 70 мың отбасы алаяқтық жасаған», «Масылдық пен мұқтаждықтықты ажыратып алу керек», «Жатыпішерлер көбейді».
Студияға кейіпкер ретінде шақырылған мұқтаж аналарға қарсы образ ретінде көбіне көп жеке кәсіпкер аналарды шығарып қояды. Дәл сол кісілердің аузымен «аналарымыз бос айқайдан гөрі, «мен қоғамға не бере аламын» деп ойланғаны дұрыс болар» деген жоғарғы жақта жиі айтылатын цитатаны келтіреді. Бұл тақырыптағы эфирлердің барлығына ортақ тасталатын идея осы. Сол қызғыштай қорғалған идеяның артында мемлекеттік мүдде тұрғаны анық байқалады. Алайда, неге екенін, студияда бір де бір сарапшы «Халық азып бара жатыр» деген сыңаржақ пікір ауқымынан шығып, тұтас оқиғаға әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарауға талпынбайды. Наразылықтың шығуына халық өзінің азаматтық құқы мен өзіне тиесілі қақысын қорғай алмауынан туындаған ішкі күйініші мен ашу-ызасы басты себеп болып отырғаны тіпті айтылмайды. Мұның барлығы да уақыт жасап отырған табиғи рефлексия екенін түсіну әрі соны қабылдау қажет екені сияқты ойлар қозғалудың орнына, тақырыпқа тек белгілі бір мүдделер тарапынан ғана баға беріледі.

Ойрандалған отбасы
Жетім-жесірдің, үй-күйсіздің жайы, бірін-бірі жоғалтқандар мен бір-бірінен безінгендердің дауы, әкесінен қорлық көрген бала, баласынан жапа шеккен әке, шарасыз ана, жылаған бала, мүмкіндігі шектеулі жандар… Тізім осылай жалғаса береді.
Нақты бір мысал: «13 жастағы қыз бала өз ағасынан жүкті» («Астарлы ақиқат» бағдарламасы) деген тақырыпқа арнайы бір эфир арналады. Эфирде көтерілген мәселе: әкесі әділдік іздейді. Содан студияда жай отбасылық әңгіме, ұрыс-керіс, айқай-шу басталады. Бағдарлама авторларына да керегі осы қойылым. Әйтсе де «қызға шын мәнінде кім зорлық жасағанын анықтағысы келсе, мұны халық алдына шығып талқыламай-ақ, медициналық сараптаманың қорытындысын алып, сотқа барса, бар мәселе шешілмес пе еді?» деген заңды сұрақ туындайды. Дәл осылай бет жыртысқан отбасылық тартыстарды экранға шығарып, сол арқылы рейтинг жинап отырған танымал бағдарламалар қатарында: «Астарлы ақиқат», «Қарекет» бағдарламалары бар. Мұндай бағдарламалардың көбеюінің астарында не жатыр?
Жергілікті соттардан, қорғаушы ұйымдардан әбден көңілі қалған халық өз дауын жұрт алдына шығып талқылап, елден әділдік сұрауға жетіп отыр ма? Бұдан да маңыздысы, бізде қандай отбасылық құндылықтар өзгерісі жүріп жатыр? Ойрандалған отбасы хикаяларын экраннан жиі көрсетудің қажеті неде, мұның қоғамға қаншалықты кері әсері болуы мүмкін? Осынау әлеуметтік-философиялық сұрақтар жоғарыда айтылған бағдарламалардың ешбірінде қозғалмады.

Жұмыссыздық
Бүгінде телеарналарда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – жұмыссыздық мәселесі. Себебі де анық: ҚР ҰЭМ Статистика комитеті жариялаған ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы 440,9 мың адам тіркелген. Елдегі жұмыс күшінің 4,8%-ін құрайды. Жұмыссыздық тақырыбы телебағдарламаларда талқылағанда,осы мәселене шешу үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралар, әртүрлі бағдарламалар мен жобалар туралы айтуға көп назар бөліп, соған екпін қояды. Әйткенмен, сол мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстардың қалай орындалатыны және нендей нәтиже беретінін көрсетер нақты кейіпкерлер бейнесі жоқ.

Оқу сапасы
Қазақстанның білім жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет екені пікірталас алаңдарында жиі талқыланып келеді. Себебі айқын: оқу орындарындағы білім сапасының төмен болуы, мұның елдегі экономиканың сан саласына тікерей жағымсыз әсері бар. Осы тақырыпты көтерген ток-шоулар эфир барысында негізгі назарды білім саласында қабылданып, жасалынып жатқан жаңа жобалар мен бағдарламаларға аударады.
Мәселен, оқулықтарды шығаруда тендерді қай жақ анықтайды не оқу жүйесінде дайындалып жатқан келесі бір ірі эксперимент жобалар туралы үлкен әңгімелер айтылады. Әйткенмен, адами капитал мәселесі мүлде қарастырылмайды. Соның ішінде қазіргі жаңа буында қандай құндылықтар өзгеріске ұшырап жатыр, өркениет адамын қалыптастыру үшін мемлекет білім жүйесі арқылы қандай приоритеттерді алға шығаруы қажет, деген сияқты сұрақтар талқыланбайды. Мектеп оқушылары арасында суицид, зорлық-зомбылық, оқытушы беделінің түсуі, оқушы құқығының бұзылуы, партадан басталған пара. Мұндай жағдайлар сапалы білім беруге бағытталған жобалардың аясынан тыс қарастырылуы керек пе? Біз айтқан шулы бағдарламаларда осы тақырыптар төңірегінде терең талқылаулар жүрмейді.

Баспана
Ресми деректерге сүйенсек, халқының 14%-і, яғни 2,5 млны баспанасыз жүрген Қазақстанда баспана мәселесі аса өзекті. Барлық бағдарламаға тән ортақ бір кейіпкер – ұзақ жылдар бойына мемлекеттен тегін үй берілетініне сеніп келе жатқандар. Сондықтан да бұл тақырыпқа қатысты эфирлерде негізінен баспана мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар көбірек талқыланады. Ешкімге алақан жаймай, ешкімнен көмек күтпей қара жерде қара шаңырақ тұрғызған кейіпкерлер бейнесі көрсетілмейді.

превьюдағы сурет

«Астарлы ақиқат» бағдарламасынан алынған