Домой Блог Страница 7

Үкімет отырысы, Желтоқсан оқиғасы, ЖЭС мәселесі: 12-18 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы туралы болды. Қымбатшылыққа, халықтың әл-ауқаты нашарлап бара жатқаны айтылды. Сондай-ақ, өткен аптада қорытынды бағдарламалар 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына жеке сюжеттер арнады. «Жеті күн» бұл оқиғаға әділ тарихи баға берілмей келе жатқаны туралы айтса, «Айна» сол кезде Ленин комсомолы одағының бірінші хатшысы болған Серік Әбдрахмановтан естелік сұрап, жастарды кім, қалай арандатқаны туралы пікір білген.

«Жеті күн», «Хабар»

Жігер Сәрсенұлы президенттің төрағалығымен өткен Үкімет сағатынан бастап, Премьер-министр өткізген отырысқа дейінгі оқиғаларды шолып, ұзақ кіріспе жасады.

Cюжет осы кіріспенің кеңейтілген нұсқасы іспетті болды. Ол да Үкімет сағатынан басталып, министрлер кабинетінің отырысымен жалғасты. Қымбатшылықты, оған кінәлілерді айтып, қай министр қызметінде қалады, ал қайсысы кетеді деген сауалға шенеуніктердің жауабын келтіре аяқтады. Президенттің, Үкімет басшысының сөзінен үзінді беріліп, сарапшыларды сөйлетті.

Екінші сюжет «Желтоқсан» оқиғасының 36 жылдығына арналды. Желтоқсаншылар, тарихшылар пікір білдіріп, естеліктер берілді. 1986 жылғы оқиғаға тарихи баға әділ берілмей келе жатқаны туралы пікір айтылды. Сонымен қатар, «16 желтоқсан неге Тәуелсіздік күні деп аталып өтеді, бұл сәйкестік пе, әлде астарында сол оқиғаның тарихи маңызын айшықтауға деген ұмтылыс жатыр ма?» деген сауал қойылып,  тарихшылар жауап берді. Желтоқсан оқиғасынан бұрын көрсетіле бермейтін кадрлар берілді. Демонстранттардың жүзін анық көрсетуге талпынған ірі пландар ерекше назар аудартады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада үнді миллиардері Гаудам Аданиді, сондай-ақ, Татарстан президенті Рустам Минниханов қабылдады. Татарстан басшысы Қарағанды облысындағы татар-қазақ бірлескен кәсіпорнында алғашқы шинаны шығару жиынына қатысқан еді. Сюжет осы салтанатты шарадан әзірленді.

«Аватар Абайдың тілінде сөйледі». Қазақ тіліне аударылған Джеймс Камэронның «Аватар: су жолы» фильміне қатысты сюжеттің алғысөзінде Жігер Сәрсен осылай деді. Сюжетте қазақ тіліне аударылған жаңа фильмді кинотеатрлардың өтімді уақытқа қоймауынан бастап, жалпы дубляж саласының проблемасы көтерілді. Қазақ тіліне санаулы фильмдер аударылатыны, құзырлы мекемелердің кино уақытын белгілейтін бизнес құрылымдарды міндеттеуге қауқарсыз екені, дубляж тілінің жұтаңдығы және тағы басқа осы саланың мәселесі айтылды.

Бағдарлама Астанада өткен қазақ күресінен әлем чемпионатының нәтижесін жариялаумен  аяқталды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы Желтоқсан оқиғасы туралы болды. Сюжетте сол кезде Ленин комсомолы одағының бірінші хатшысы болған Серік Әбдірахманов естелік айтып, жастарды кім, қалай арандатқаны туралы ой бөлісті. Тарихи оқиға турасында желтоқсаншы пікір білдірген. Сол күндерден кадрлер беріліпті. «Желтоқсан оқиғасы болған қайғылы күнде Тәуелсіздік мерекесін тойлау орынды ма?» деген сауал тасталып, халықтың пікірі сұралды.

«Жүректі жігіттер» аталатын сюжет басын қатерге тігіп, адам өмірін құтқаруға, көмек қолын созуға ұмтылатын ер жігіттер туралы болды. Кейіпкерлер жеке оқиғаларын баяндады. Ерікті, құтқарушы әйелдер де болатынын ескерсек, сюжеттің тек жігіттерге арналуын түсіне алмадық. Сексизм белгісі емес пе?

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы әдеттегідей әлеуметтік салада үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер, талқыланып жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасына қатысты ақпарат берді.

Астанадағы сауда орталықтары жаңа жылдық шыршалар құруды бастап кеткен. Алайда Тәуелсіздік мерекесінің нышаны бола алатын безендіру кемде-кем. Ақбөпе Тәңірберген қаланы аралап, осы жайт турасында тұрғындармен сөйлесіп, қала әкімдігі өкілдерінің пікірін білген. Елорданың бас шыршасы әрленіп жатқан маңға барып, сюжет әзірлепті. Сонымен қатар, жаңа жылдық безендіруге Астанадан бастап, өзге бірнеше қаланың қанша қаржы жұмсайтыны туралы мәлімет келтіріп, демеуші қаржысын осы мақсатқа жұмсайтын өңірлерді атайды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың Алматыны безендіруге жұмсалатын қаражат туралы қала тұрғынына берген жауабынан үзінді келтірді. Бұл видео әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Тәуелсіздік мерекесінен бұрын жаңа жылдық әрлеуге мән берілетіні жаңалық емесғ жылда айтылады. Дегенмен, сюжеттің көрерменге өтімді жасалғанын атап өту керек.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан басталып, бірінші сюжетті соған арнады. Сюжетте қымбатшылыққа, халықтың әл-ауқаты нашарлап бара жатқанына мән берді. Президентті көп сөйлетіп, сарапшыларға аз сөз берген әдепкі хаттама мәндес сюжет.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев: «Мемлекеттік орган басшылары жекелеген мәселелер бойынша бұрынғыдай шешім қабылдаудан қорқады. Түрлі желеумен менің немесе президент әкімшілігінің мақұлдауын алуға тырысады. Кейде Үкімет мүшелеріне жазбаша тапсырма беруге тура келеді…» деді. Оның сөзі сарапшылар комментарийіне арқау болды. Саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов мен әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы басшылар жауапкершіліктен қашпауы үшін не істеу керек деген сауалға пікір білдірді.

Қазақстандықтар кірісінің 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Экономистер Ләззат Жанмолдаева пен Бауыржан Исабековдан халықтың әл-ауқатын қалай жақсартуға болатынын сұраған екен.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын ондаған ауыл жойылып жатыр. Қазір облыста тұрғын саны 50 адамға да жетпейтін 123 ауыл бар. Барлығы «болашағы жоқ ауыл» санатына енгізілген. Жалғыз адам тұратын 10 ауыл тіркелген. Теріскейдің жойылып бара жатқан ауылдары туралы сюжетте ауыл проблемалары (жұмыссыздық, су мен жарық жоғы және т. б.), қызық кейіпкерлер, олардың оқиғасы мен жағдайдан анық хабардар ететін комментарийлері бар.

Қаржылық мониторинг агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстағаны туралы қысқа қайырып, агенттік таратқан ресми хабарға ғана сүйенді. Жүргізушінің сөзін қаз-қалпында келтірейік: «Шұғыл ақпарат. Бүгін журналист Михаил Козачков «Елдос Қосбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына көмектесті» деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Еске салайық, агенттік бұған дейін «Қосбаев пен оның сенімді тұлғаларына рейдерлік жасады» деген айыппен тергеу бастаған еді. Ал Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланған. Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 қатысушыдан құралған, оның 5-і қамауға алынды».

Apta редакциясы кінәсіздік презумпциясын шетке ысырмай, журналисті ұстау кезіндегі мән-жайды да (мәселен, Козачковтың үйін тінту кезінде оған адвокатын кіргізбеген) айтуы керек еді. Тіпті журналист Козачков қандай журналист екенін, оның көптеген атышулы зерттеу материал жариялағанын да айтпады. Ақпарат таратқанда мұндай мазмұнға жол беруге болмайды, құрметті журналист-әріптестер.

Тозығы жеткен жылу электр орталықтарын дереу жөндеу қажет. Бірақ бұған қыруар қаражат қажет. Сондықтан тарифті белгілеу жүйесін қайта қараған жөн. Келер жылы коммуналды тариф көтеріле ме? Міне, осы сауалға жауап іздеген үлкен әрі мәселенің мән-жайын қазбалаған сюжетте министрлік, комитет өкілдері мен сарапшылардың комментарийі бар. Сюжет түйіні – «Демек, әзірге жылу мен энергия бағасы айтарлықтай қымбаттамайды».

Apta – Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмайтын жалғыз қорытынды бағдарлама. Дәстүрлі шолу сюжет бірнеше оқиғаны, дәлірегі: Ресей Украинаның бірнеше облысындағы энергетика инфрақұрылымын құрлықтан, әуеден және теңізден қанатты зымырандармен, ирандық дрондармен атқылағанын, Киев орталығына генератордан қуат алатын мерекелік жасанды шырша қойылғанын, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы Ресей әскерилерінің әрекетін үйлестіретін штабқа барғанын, ЕуроОдақ Украина халқы мен инфақұрылымын бомбалауға көшкені үшін Ресейге қарсы санкциялардың тоғызыншы легін бекіткенін, Әзербайжан, Грузия, Румыния мен Венгрия лидерлері сенбіде Қара теңіз түбімен электр кабелін өткізу туралы келісімге қол қойғанын қамтыды.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 31 жыл толды. Президент Тоқаев 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне бір туит арнаған екен. Жүргізуші соны эфирден оқыды.

Astana TV арнасының Sarap Times бағдарламасы мерекелік аптада эфирге шықпады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Гендерлік зорлық-зомбылық туралы қалай жазу керек?

«Жаңа репортер» мен Қазақстандағы «Феминита» феминистік бастамасы «ИНГО. Әйелдерге арналған дағдарыс орталығының» ұсыныстарына сүйеніп, гендерлік зорлық-зомбылық туралы жазу бойынша негізгі принциптерді жинақтады.

Гендерлік зорлық-зомбылық дегеніміз не?

Әйелдер мен қыздарға физикалық, сексуалды және психологиялық зиян келтіретін, жапа шектіріп, қорлайтын не салдары соған алып келетін кез келген зорлық-зомбылық әрекет.
Бұған ел алдында, оңаша жерде, үйде зорлық-зомбылық жасау және қоқан-лоқы көрсету, өз бетінше бас бостандығынан айыру, күштеп ұстау, физикалық зорлық-зомбылық, сексуалды зорлық-зомбылық, адам саудасы, ақылы секс қызметін көрсетуге (жезөкшелікке) мәжбүрлеу, еңбегін қанау, жынысына қарай аборт жасату, жаңа туған баланы қыз болғаны үшін өлтіру және қыз баланы әдейі елемеу жатады.

Жәбір көрген адамның құпиясын сақтаңыз

Жәбірленуші қарсылық білдірмеген, яғни өзі бөлісуге дайын ақпарат та оған зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан қандай да бір жеке мәліметін (аты-жөні, фотосуреті және т.с.с.) пайдаланбас бұрын оған бұл ақпаратты жариялаудың ықтимал салдарын түсіндіріп, ескертіп, келісімін алу қажет. Әсіресе, кәмелет жасына толмағандар туралы ақпарат жариялағанда мұны ескеріңіз.
Маңызды! Жәбір көрген адамның жеке деректерін үшінші тарапқа бермеңіз. Кейде агрессордың туыстары жәбірленушіні БАҚ қызметкерінен сұрап, сол арқылы табуға тырысады. Тіпті ниеті түзу екенін айтып, алдайды. Мұның салдары ауыр әрі қайғылы аяқталып жатады. Сондықтан жәбірленушіге зиян тигізбеңіз.

Зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырмаңыз

Әр нәрсені өз атымен атап, зорлық-зомбылықты ақтайтын қасаң түсініктер мен мыжыма сөздер қолданбаңыз. Мәселен, «қызғаныштан ұрып-соқты», «қызғаныштан өлтірді», «қызғаныштан өзін-өзі ұстай алмады», «отбасындағы ұрыс-керіс», «түймедейді түйедей етіп», «қатал тәрбиенің белгісі» және осыған ұқсас сөздер зиянсыз көрінуі мүмкін, бірақ бұл оқырманның сол ақпаратты қабылдауын түбегейлі өзгертеді. Сайып келгенде, мұның барлығы зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырып, мәселені елеусіз етеді. Сөзге абай болыңыз.

Назарды басқаға бұрмаңыз

Зорлық-зомбылықты ақтап алуға тырыспаңыз, агрессордың мотивін түсіндірмеңіз. Қандай жағдай болмасын, зорлық-зомбылық жауапкершілігі әрдайым агрессорға жүктеледі. Мас болу, жұмысы, киінгені, флирт, ерлі-зайыптылардың опасыздығы – міне, мұндай детальдар кінәнің бір бөлігін жәбір көрген адамға артып қоюға әкеледі. Айтарымыз – мұндай детальдарға назар аударып қарамаңыз.

Адамды құрметтеңіз және жанашыр болыңыз

Жәбір көрген адамға басынан өткен оқиғаны айтып беру – ауыр. Сізге жауабы қарапайым боп көрінетін сұрақтар да жәбір көрген адамның жанын жаралауы мүмкін. Сондықтан да мейлінше қысқа әңгімелесіп, сұрақтарыңызды қайталамауға тырысыңыз, қажет болса әңгімелесушіге уақыт беріп, үзіліс жасаңыз. Егер қандай да бір сұраққа жауап бермесе, комментарий айтпаса, онда көндіруге тырысып, тықақтап сұрамаңыз. Материалыңыз жәбір көрген адамның жарасын тырнауы мүмкін екенін де ұмытпаңыз.

Тақырыпқа қызығушылықты жоғалтып алмаңыз

Атышулы оқиға болғанын күтпеңіз. Күн сайын зорлық-зомбылық боп жатыр, бұған әртүрлі қырынан қарап, жан-жақты жазып, жариялау қажет. Дағдарыс орталығының жұмысы, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды оңалту, психологиялық және экономикалық-қаржылай зорлық туралы айту – маңызды. Гендерлік зорлық-зомбылықтың көптеген аспектісі көлеңкеде қалып қояды. Тақырыпқа оралып отырыңыз, әсіресе, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың жағдайын жазыңыз.

Материалыңыз пайдалы болсын

Сіздің материал хикаясын айтып, бөліскен адамға ғана емес, сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқандарға да көмектесе алады. Өзіне зорлық-зомбылық әрекет жасалып жатқанын түсінбейтін, болашақта зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін адамға да пайдалы ақпарат береді. Материалға дағдарыс орталықтарының телефон нөмірін, психолог пен заңгер кеңесін қосыңыз.

Өткен аптада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» акциясы аяқталды. «Гендерлік зорлық-зомбылық туралы қалай жазу керек?» деген вебинар өтіп, негізгі принциптерді Қазақстандағы «Феминита» феминистік бастамасының тең құрушысы, әлеуметтік ғылымдар докторы (гендерлік зерттеулерге маманданған) Жанар Секербаева айтып берді.

Орталық Азия журналистерін гендерлік зорлық-зомбылық туралы үнемі жазып отыруға шақырамыз.

Atameken Business: кликбейтке ұқсас аңдатпалар мен ақпарат тілінің олқылығы

Сұрақ қойылады – жауап жоқ. Atameken Business телеарнасының «Басты жаңалықтар» бағдарламасындағы аңдатпаларда осындай тәсіл қалыпты жайт сияқты жиі қайталанады. Бұған бағдарламаның 21 қараша мен 14 желтоқсан аралығындағы шығарылымдарына жасаған шолуымыздың нәтижесінде көз жеткіздік.

«Басты жаңалықтар» видеосы көрсетіліп, ақпараты кадр сыртынан айтылатын шұғыл не қызық хабармен басталады. Басқа телеарналардағы қорытынды жаңалық бағдарламаларынан айырмашылығы – мұнда алда көрсетілер материалдардың «жарнамасы» ә дегеннен емес, күннің бір-екі маңызды ақпаратынан соң, кейде хабардың бел ортасында беріледі.

Жауабын таппаған сұрақтар

Жүргізуші Қайырбек Баймырза «Жаңа жылдан жаңа бағам. Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі көтеріледі. Кімдердің төлемдері артады әрі сомасы қанша болмақ?» деген аңдатпа оқыды. Негізгі ақпаратта ол мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы көлемі 8,5% көбейетінін хабарлады. Осы туралы экономистің «Мәселені бұл түбегейлі шешпесе де, сол қаржыға мұқтаж адамдарға үлкен көмек болады» деген еш сарапшылық салмағы жоқ пікірі берілді. Бірақ аңдатпада айтылған «сомасы қанша болмақ?» деген сұраққа жауап табылмады. Қазір аталған екі санатқа мемлекет төлеп отырған әлеуметтік көмек мөлшері қандай? 8,5% көбейсе, қанша теңге? Көрерменге пайдасы болар нақты цифры жоқ ақпарат не үшін оқылғаны белгісіз.

«Орталық сайлау комиссиясы саяси доданың қорытындыларын жариялады. Кандидаттар нәтижемен келісе ме және бастысы – ендігі президент кім? Хабар барысында!» Жүргізушінің тағы бір аңдатпасы осындай болды. Бірақ сайлау қорытындысы жөнінде репортаж дайындаған тілші Динара Жоламанқызы бұл сұраққа жауап берем деп мақсат етпеген сыңайлы. Дегенмен ол сюжетінде кандидаттардың бірі «Қарақат Әбден exit poll нәтижелерінен кейін үміт үзсе керек, Тоқаевты жеңісімен құттықтады» деді. Бұдан бір кандидат сайлау нәтижесіне келісетінін түсіндік. Материалда тағы бір кандидат Нұрлан Әуесбаев «Біз электоратымыздың негізін құраған азаматтар санатымен байланысымызды жоғалтып алдық» деді. Мұны да сайлау нәтижесін мойындағаны деп түсінуге болар. Көп дауысқа ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «сайлау заңға сәйкес өтті» деген сөзі кейін, басқа материалда айтылды. Президентті сайлауға кандидат болып түскен қалған үш адам ше? Олар не дейтіні Динара Жоламанқызының сюжетінде де, жүргізуші уәде еткен «хабар барысында» да әңгіме болған жоқ. Президенттікке кандидаттардың сайлау нәтижесі туралы пікіріне о баста көңіл бөлінбесе, оны аңдатпада хабарлаудың не керегі болды? «Хабар барысында» Тоқаевқа құтты болсын айтқан Қарақат Әбденнен басқа ешкім көрсетілмесе де, «Басты жаңалықтар» эфирінде «Қ.Тоқаевты өзге кандидаттар жеңісімен құттықтады» деген титр берілді.

«Басты жаңалықтардың» тағы бір аңдатпасы: «Илон Масктың игілігі. SpaceX компаниясы өркениеттен жұрдай ауылдарды интернетпен қамтымақ. Шетел спутнигі қандай елді мекендерге жалғанбақ? Онсыз да күнін әрең көріп жүрген жұртқа байланыстың құны тым қымбатқа шықпай ма?» Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сүйенген жүргізуші 2023 жылдың аяғында Қазақстанның орталықтан шалғай ауылдарына спутник интернеті тартылатынын хабарлады. SpaceX станциялар орнатып, интернетті жергілікті байланыс операторының көмегімен ұсынбақ. Бұл игілікті ең әуелі тұрғындарының саны 250-ден аз болатын ауылдар көреді-міс. Жүргізуші бұл жолы да аңдатпада қойған сұрағына жауап беруге тырысқан жоқ. Ол хабарлаған ақпаратта байланыс құны туралы мүлдем сөз болмады.

Эфир сайын Қайырбек Баймырзаның кликбейтке ұқсайтын, жауабы жоқ сұрақтан тұратын, сонысымен көрерменді алдайтын аңдатпалары таусылмайды: «Бес кеншінің өмірін қиған Ленин атындағы шахтадағы апатты тергеу жұмысы аяқталды… Сонымен оқыс жайтқа кім кінәлі? Күдіктілер қатарында есімі жоқ кәсіпкер Лакшми Миттал жазадан құтылып кете ме?»

Елең еткізетін аңдатпа оқылғанымен материалға кезек келгенде көрермен тағы күткенін ести алмай, фрустрацияға тап болады. Уәделі ақпаратта ірі металлургия компаниясының қожайыны Лакшми Митталдың жауапқа тартылатыны тұрмақ, оның аты-жөні де аталмайды. Тек шахтадағы жарылыстан кейін арнайы тексеру жүргізген комиссия 26 адамды күдікті ретінде анықтағаны, олардың арасында «АрселорМиттал Теміртау» бас директоры Биджу Наир мен кәсіпорынның көмір департаментінің басшысы Джельсон Батиста бары ғана айтылады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің сөзінде де (синхрон) Лакшми Миттал туралы ештеңе болған жоқ. Жүргізуші мұның орнына «Соңғы процессуалдық шешімді енді сот шешеді» деген тавтология қосып қойды.

«Келесі жылы Мәжіліс таратылып, депутаттар жұмыссыз қалмақ. Ендігі парламент қалай сайланады? Оған кімдер қатыса алады?» – бағдарламаның алдағы бөлігінде хабарланатын ендігі бір жаңалыққа осылай аңдатпа жасалды. Бұл материал журналистердің сұрағына жауап берген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың синхроны екен. Ол 2023 жылдың бірінші жартысында жаңа парламент сайланатынын айтты.

«Содан кейін үкімет ауысады. Ауысқанда енді жаңа үкімет жасақталады. Осы үкімет қала ма, басқа үкімет бола ма – ол шешімді президент өзі қабылдайды», – деді эфирден сөзі берілген Қошанов. Болды. Осымен аңдатпасы зорайтыла хабарланған ақпарат тәмам. Көрерменге жеткізер бұдан басқа мәлімет болмаса, жүргізуші «Ендігі парламент қалай сайланады, оған кімдер қатыса алады?» деген сұрақты несіне қойды? Түсініксіз.

Келесі бір аңдатпа: «Жаңа деректер шықты. Есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша ұсталған күдіктіні Нигерияның бергісі жоқ. Неге? Қытай түрмесінде отырған қазақ қызын елге экстрадициялау мәселесі қандай сатыда?»

Берілген уәдені – бағдарламаның алдағы бөлігінде хабарланған ақпаратты тексерейік: «жаңа дерек» дегені жарты жыл бұрын ұсталған күдікті әлі күнге дейін Нигериядан Қазақстанға әкелінбегені екен. Жүргізуші оны аңдатпада да айтып кеткен еді. Қазақстанның Бас прокуратурасы маусым айында Нигериядан сол елде күдікті ретінде ұсталған адамды сұратқан, бірақ бұл мемлекеттің құзырлы органдарынан жауап болмаған. Жарайды, Алматы полициясы Нигерия азаматына қатысты қылмыстық іс қозғағанын да жаңа дерек деп есептейік. Дегенмен аңдатпада екі сұрақ болған еді. Біріншісі – «Нигерия күдіктіні бергісі жоқ. Неге?» Екіншісі – Ақжарқынның өзін экстрадициялауға қатысты. Алғашқысына жауап берілген жоқ – «негесі» айтылмады, «бергісі жоқ» пен «құзырлы органдардан хабар келмепті» деген ақпараттың айырмасы бар. Ал өзі айтқан «қазақ қызын елге экстрадициялау мәселесі қандай сатыда?» деген сауал жөнінде жүргізуші ләм-мим демеді.

Медиасыншы Әлия Нагорнюктің «Жаңалыққа дейінгі реплика алда тұрған егжей-тегжейлі хабарламаның өзіндік жарнамасы іспетті, ол – жаңалықта не айтылатынынан көрерменді құлағдар ету. Сондықтан аңдатпаны сұрақтан емес, ең өзекті ақпараттан бастаған дұрыс. Сұрақты содан кейін қою – басқа әңгіме. Аңдатпада сұрақ қойылса, сюжетте (немесе жүргізуші сөзінде) оған жауап болуы керек» дегені бар. «Басты жаңалықтар» жүргізушісі бұл талапты ескермейді әрі аңдатпада өзі қойған сұраққа сол материалдан жауап табылмағанына күмілжімейді. Тіпті артық сұрақ қойғанын сезбейтіндей көрінеді, дауыс мәнері мен мимикасын жиі құбылтып, оқыған мәтініне риза кейіп танытқандай отыра береді.

Аңдату орнына бас қатыру

Жаңалық бағдарламасындағы аңдатпалардың фокусы да дұрыс болмай жатады: «Енгізіле ме, жоқ па? Жұмыс берушілер келесі жылдан бастап 5%-дық міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеледі. Бұл бастамадан қызметкерлердің жалақысы, керісінше, азайып кетпей ме? Бизнесмендер мен сарапшылар не дейді?» Әуелгі сөйлем болатын-болмайтыны беймәлім, дүдәмал нәрсе туралы сұрақтай көрінеді. Жүргізуші екінші сөйлемінде өз күдігін өзі жойып, ақпаратты сенімді хабарлайды. Бірақ аңдатпасы берілген осы материалдың диктор сөзінде тіпті басқа мәлімет айтылады: «Кәсіпкерлерді қосымша зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеу 2024 жылдан басталуы мүмкін. Бизнес-қауымдастық қосымша жарнаға қарсы болғандықтан жауапты ведомство бір жылға шегеруді жоспарлап отыр. Құжаттың жобасы «Ашық ақпарат» порталында жарияланған. Десе де, бизнес өкілдері де, сарапшылар да қосымша жарна туралы өзгерістерді алып тастауды сұрайды».

Аңдатпаның олқылығы сюжетті көріп шыққаннан кейін белгілі болады. Қосымша зейнетақы жарнасына қатысты талап 2024 жылы енгізілуі мүмкін болса, яғни бір жыл кейінге ысырылғалы тұрса, аңдатпада «келесі жылдан бастап» деп хабарлап, көрерменнің басын қатырмауға болар еді ғой.

Цифрлардан, деректерден ребус жасаудың тағы бір мысалы: «Қонаев көшесінен жеген. Шымкентте құрылысына 32 миллиард теңге жұмсалатын жол салуда жемқорлыққа жол берілген… Шенеуніктер де миллиардтарға қол салған ба?»

Шымкенттегі Қонаев көшесінде жол салып жатқан компанияға 747 миллион теңге артық аударылған, яғни жемқорлық осы сомаға қатысты. Атқарылмаған жұмысқа төленген ақша мемлекетке қайтарылған. Көрерменді шатастырмай, 32 миллиард теңгені бэкграундта да айтуға болар еді.

Кейде қысқаша хабарламасы берілген жаңалықтың бірқатары эфир аяғына дейін мүлдем көрсетілмейді. 24 қараша күнгі эфирде алдағы жаңалықтың бірінің аңдатпасын тілші жасады: «Шымкенттік 500-ге жуық шаруа келер жылы өздеріне тиесілі жерге соқа сала алмай қалуы мүмкін. Өйткені оларға су жеткізілетін Көк каналының құрылысы екі жылдан бері аяқталмай келеді. Шаруалардың мұңын мен, Мақсұт Жарылқасын, тыңдап қайттым. Толығырақ жаңалықтарда айтамын». Материалдардың хронометражы мен бағдарлама ұзақтығы алдын ала дұрыс есептелмей, бұл репортажға уақыт қалмады ма – көрсетілмеді.

Сол сияқты 8 желтоқсанда жүргізуші «29-дан 35-ке. Елдегі орташа жас мөлшері ұлғайтылмақ. Ал әйелдердің зейнет жасы азайтыла ма? (содан кейін қысқа синхрон берілді) Сонымен қыз-келіншектер неше жастан зейнеткер атанады?» деген аңдатпа оқыды. Көрермен бұл жаңалықтың да жай-жапсарын ести алған жоқ.

Бір қызығы – эфирде Әсел Акбарова жүргізуші болған күндері жаңалық мазмұнына сай келмейтін аңдатпалар байқалмады.

Қисынын таппаған стилистика

Тілшілер эфирге әзірлеген материалдардан редактордың жұмысы байқала бермейді. Шахтинскіде жылусыз отырған тұрғындар туралы хабар таратқан тілші Айман Сағатайдың материалында стилистика қатесі болды: «…қазандықтың жағдайы әбден тозығына жеткен» (дұрысы: «қазандық әбден тозған» немесе «қазандықтың тозығы жеткен»). «Қазіргі таңда жылу деңгейі төмендеп, шағымданған тұрғындар шағымы артқан» деген сөйлем де жағымсыз естілді. Бұл тілші жиі сөз қайталайтынын аңғармайтын болуы керек, Топар энергия тарату станциясы туралы тағы бір материалында «Қыстың қақаған аязына қарамастан, станция жұмысы штаттық режимде жұмыс істеп тұр» деді.

Телевизия журналистері арасында «стендаптағы сөз саптау кемшіліктері кешірімді» деген жаңсақ түсінік бар. Журналист кадрде айтатын сөйлемдерін алдын ала дұрыс құрап алуы керек, бұл – кәсіби талап. Дұрыс ойластырылмаған синтаксис тұтас ақпаратқа кесірін тигізуі не материалдың сәтсіз элементі болып тұруы мүмкін.

Тазы мен төбет тұқымын қорғау туралы репортажында тілші Нұрлан Асқар «Жуырда атамыз қансонарға аттанбақ, көргендеріңіздей, оның ауласында барлығы түгел: берен мылтығы қолында, жүйрік тазысы астында, жылқысы да бар, тіпті мына тұрған қыран бүркіт те» дейді. Тілші тікелей эфирде тұрған жоқ, сөйлемінде саятшының жүйрік аты астында, тазысы жетегінде болғаны дұрыс еді.

Осы тілші Жамбыл облысындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан қаза тапқан өрт сөндіруші туралы репортажында кадрде былай деді: «Айта кетейік, Бауыржан Дәуітбаев өмірден озар шағында жасы 35-ке толған еді. Өзі – осы әскери қоймаға жақын жатқан Базарбай ауылының тумасы. Сержант өмірден озар шағында келіншегі бесінші баласына жүкті болатын…». Жарылыс қарсаңын, оқыс оқиғадан болған қазаны адамның «өмірден озар шағы» деп сипаттамаған дұрыс әрі оны бір стендапта екі рет айтқан тіпті орынсыз.

Нұрлан Асқар жасаған тағы бір стендаптың мәтіні: «Заманауи техникамен жабдықталған бұл қоймада кемі өнімді алты айға дейін сақтауға мүмкіндік бар. Ал күтіп-баптаса, бір жылға дейін бағбанның еңбегін еш кетірмеуге мүмкіндік бар…»  Не деген жаңылтпаш!

Арнат Дүйсеннің де стендаптағы сөйлемдері шашыраңқы, жүйесіз. Тікелей емес эфирде жиі-жиі бөгеліп айтқан ойы грамматика талабына жуымай жатты: «Алматыдан дабыл қағып, орталықтағы ойын-сауық орталықтың біріндегі барлық халық, мінеки, өздеріңіз көріп тұрғандай, сыртқа шығып жатыр. Қауіпсіз жерге жиналып жатыр, мінеки. Төтенше жағдай мекемесінің қызметкерлері халықты алып, кімнің қай жерге баратынын және қайда не орналасқанын көрсетіп жатыр, мінеки. Өздеріңіз көріп тұрғандай, менің артымда төтенше жағдай қызметінің барлық техникалары жұмылдырылған, оның ішінде жедел жәрдемнен бастап өрт сөндіру қызметінің көліктері бар».

Кадрде атүсті, шорқақ тілмен сөйлей беруге болса, мұндай ақпаратты журналист емес, басқа сала өкілі де хабарлай алар еді ғой. Тілші осы материалында ойы бір жаққа, тіркестері бір жаққа шашыраған тағы үш стендап жасады. Стендаптарынан да, кадр сыртындағы мәтінінен де журналистік жазу машығы ақсайтыны көрінеді: «Бояуы кеппеген көліктермен ұйымдастырылған жалпықалалық оқу-жаттығу жиынында, абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Барлығы ойдағыдай өтті. Бір өкініштісі – осы оқу-жаттығу жиынына қатысқан халықтың немқұрайлылығы. Бір қоса кететін болсам, мұндай іс-шаралар тек қана осындай оқу-жаттығу жиынында өткізілсе екен». Бұл материалға «Алматыда сейсмо жаттығу өтті» деген титр жазылыпты.

«Екібастұздың жылу электр орталығы технологиялық бұзушылықтарды анықтау үшін тексеруден өтеді. Сондай-ақ елдің барлық энергетикалық нысандарына толық аудит жүргізіледі» деп хабарлады жүргізуші Әсел Акбарова. Кеңсе тілі қарапайым адам тіліне аударылмағаны былай тұрсын, грамматикасы да түзелмеген.

Тағы да Әсел Акбарова: «Алматы іргесіндегі ауылдардың тұрғындары газ қысымының аздығына алаңдаулы. «Қыс түспей көгілдір отынның қарқыны болмаса, қақаған аязда қайтпекпіз?» дейді ауылдастар. Солтүстіктегі жағдай қайталанбай ма деген қауіп те бар. Тұрғындардың шағымы біздің редакциямызға да жеткен еді. Өңірдегі жағдайды арнайы тілшіміз Жәния Әбдібек көріп қайтты». Бұл материал Алматы іргесіндегі Мыңбаев, Панфилов, Гүлдала, Тұздыбастау ауылдарындағы газсыз қалған үйлер туралы. Тілші Жәния Әбдібектің сөзі: «Көгілдір отынның сығырайған көзіне қарап қалдық» дейді ауылдастар». Жүргізушінің де, тілшінің де «ауылдастар» деп отырғаны өз жерлестері емес, «ауыл тұрғындары» дегені.

Синтаксистік жүйесінен, қисынынан айырылып қалған сөйлемдер қатарын Әділжан Бердібековтің Астанада тоңып отырған тұрғындар туралы сюжетінен де естідік: «Зейнолла Ахметовтің қуанышы қалаға газ жетіп, көгілдір отынды тұтынумен байланысты болған». Тілші стендап үшін де жөнді сөйлем құрай алмаған: «…қалың киіммен, сырт киіммен жұмыс істеуді ары қарай жалғастырудан басқа амалымыз жоқ». Канцеляритті тастап, «жұмыс істей беруден басқа амалымыз жоқ» десе, сауаттырақ болар еді.

Жүргізуші Қайырбек Баймырза гендерге қатысты патриархал стереотиптен туған тіркестерді қолданады. Хабарлаған ақпаратында журналист әйелдерді «нәзік жанды журналистер» деп атады.

Атыраудағы тілші Қымбат Дайырқызының да сөз қоры мен сөйлеу/жазу тілінен олқылық байқалды. Материалдарынан мысал келтірейік.

05.12.2022, клиенттерін алдаған турагенттік туралы сюжеті: «Infinity Travel туристік агенттігі Атыраудағы кәсібін 2018 жылдан бері қыздырып келеді»;

06.12.2022, жиһаз кәсіпорнына наразы тұрғындар туралы материалының аңдатпасы: «Жиһаз салонының атын жамылып, халықтан қыруар қаржы жымқырған. Атыраудағы құзырлы органдар алаяқ кәсіпкерлерге тосқауыл бола алмай отыр. Бизнес иесі әлеуметтік желі арқылы саудасын әлі қыздырып жүр. Тұрғындардың талабын мен, Қымбат Дайырқызы, тыңдап келдім»;

09.12.2022, QazPolymers-2022 форумы туралы сюжеті: «Өткен айда қызметін қыздырған Kazakhstan Petrochemical Industries зауыты бүгінге дейін 25 мың тонна полипропилен өндіріп үлгерді».

Келтірілген сөйлемдердегі іс-әрекет «қыздыру» етістігіне ғана қарап қалған жоқ. Тіпті көбіне ауызекі тілге тән мұндай қарапайым лексиканы қажет етпейді де, әсіресе өзін бизнес саласына маманданған журналистика дейтін телеарна ақпараты үшін стильаралық шекара сақталғаны орынды. Материал сайын бір тіркесті қайталай берген де жақсы нәрсе емес.

«Тұрғындардың сөзінше, жарнамасы желіні жарған компанияның қызметкерлері іші-бауырларына кіріп, жұмысты өз уақытында аяқтауға уәде берген» – бұл жерде неше адамға қатысты айтылса да, «іші-бауыры» деген қос сөз көптелмейді. Бұл журналист е-ні өте жуан дыбыстап, «қате», «теңге» сөздерін қате айтады екен: «қатэ», «тэңгэ».

Шолуымызды қорытындылар болсақ, телевизияның жаңалық бағдарламаларының аңдатпасындағы жауабы жоқ сұрақтар немесе мүлдем айтылмайтын мәлімет журналистердің я шалағайлығынан, я әсерлеу мен әсірелеуге құмарлығынан болуы мүмкін. Қай-қайсы да кәсібилікке жатпайды. Жаңалық аңдатпасы көрерменге ұсынылатын ақпараттан ауытқымауы керек, аудиторияны алдамағаны жөн. Ақпараттағы сөз дұрыстығы – журналист үшін екібастан негізгі талап.

Жаңа әкімдер, «Арселор Миттал» дауы, жұмысшы құқығы: 5-11 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы жұмысшының құқығы мен қауіпсіздігі туралы болды. Apta «Арселор Миттал Теміртау» қарасты кәсіпорында тағы бір жұмысшы мерт болғаны, соңғы 20 жылда осы компанияның шахталарында 100-ден астам адам қаза тапқаны туралы айтты. «Айна» Ақтауда 90 мұнайшы жұмыстан кеткенін, Абай атындағы ҚазҰПУ жұмысшылары жалақы ала алмай отырғанын көрсетіп, еңбек инспекторының құзыреті туралы маңызды деректер ұсынды. Бұдан өзге, Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысқаны, Бішкекте өткен саммит, Екібастұз тұрғындарының бүгінгі ахуалы, шаруалар мәселесі, қымбатшылық және шетелдік жаңалықтар назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

Жігер Сәрсен бағдарламаны жаңадан жасақталған әкімдер туралы ақпараттан бастады. Жеңіс Қасымбектің жаңа лауазымға тағайындалғаны туралы айта келе, оның Қарағанды облысының бұрынғы басшысы ретінде аяқтамаған шаруаларына – Қарағанды – Балқаш жол құрылысы мен «Арселор Митталға» қатысты қылмыстық іске тоқталды. Содан кейін, аталған кәсіпорындағы жиілеген қайғылы оқиға туралы айтып, оған қатысты бір-екі пікірді ұсынды.

Лакшми Митталдың иелігіндегі кәсіпорын мемлекетке қайтарылуы мүмкін бе деген ойдың құлағын қылтитып, экономист пікірімен жалғап өтті. «Хабар» тілшілері әу баста тәуелсіздік жылдарында бұл кәсіпорынның шетелдік инвесторға қалай берілгені туралы журналистік зерттеу жасағанда ұтымды болар еді. Өйткені мұндай бағыттағы зерттеулер тәуелсіз БАҚ-та болмаса, мемлекеттік арналарда көтеріле бермейтін тақырып.

Жүргізуші осымен «Арселор Миттал» тақырыбын аяқтап, «Еуразиялық ауқымға» көшті. Аймақтағы бес елдің ұйымы туралы мұндай теңеу тым әсірелеу емес пе? Сюжет алғысөзінде Жігер Сәрсен Өзбекстанның үштік газ одағынан бас тартқанын айтып өтті.

Бішкектен әзірленген сюжет әдеттегідей тым ұзақ. Қырғыз елінің сарапшылары Одақ жұмысына, оның аясындағы кедергілерге қатысты пікір білдірді, Тоқаевтың, Путиннің сөздерінен үзінді берілді. Сюжет соңында қол қойылған мәмілелер туралы айтты.

Екібастұздағы жағдай туралы тым қысқа қайырды. Ақсулық тұрғынның тонын шешіп Екібастұзға жолдағаны, оның сол қаладағы жұмысшыға берілгені айтылып, Роман Склярдың қалада жөндеу жұмысы аяқталғаны жөнінде есебімен сюжет аяқталды. Екі аптаға жуық төтенше жағдайда отырған Екібастұз халқының өмірін, жылу берілген күннің өзінде, өңірдегі қазіргі ахуалды көрсетуге не кедергі?

Астананың экологиясы мен газдандыру қарқыны жайлы материал берілді. Экологтар, қала тұрғындары, сала мамандары сөйлеген сюжетте қаланың ауасы нашарлағаны, оған үйлерді көмірмен жылыту себепші екені, алайда газ түсіру екінің бірі үшін оңай еместігі айтылды. Біршама түйткілді мәселе көтерілген. Алайда қала әкімдігі өкілдері тарапынан осы проблемалардың шешілуіне қатысты пікір алынбапты.

«Болашақ» бағдарламасының тиімсіздігі туралы Мәжіліс депутатының пікіріне орайластырып берілген сюжеттің мазмұны жұпынылау болды. Өйткені тілші бір-екі ұстаныммен шектелген. Болашақтықтар шетелден елге мансап іздеп келеді; шетелде оқып келген мамандарға елдегі орта буллинг көрсетеді секілді тұжырым бір-екі пікір білдірушінің сөзімен берілді. Алайда бағдарлама іске қосылған 20 жылдан аса уақыт ішінде қай мамандықтарға сұраныс артты, қандай мамандар оқытылды, қанша маман елге оралды, қаншасы шетелде қалып қойды, қанша қаражат жұмсалды дегендей мәселені ауқымды деңгейде көтеріп, сарапшылар пікірімен шектелмей, көлемді зерттеу жүргізу керек еді. Ортанқол сюжет әзірленді.

«Айна» бағдарламасы өткен аптада соғым науқаны жақындады деп ет бағасына қатысты сюжет әзірлеп еді. «Жеті күн» ұсынған келесі сюжет мазмұны мен құрылымы жағынан дәл сол сюжетті қайталаған. Тіпті тілшінің таң азанмен базарға барып, сұхбат алуы да ұқсас. Айтар ой жалғыз – ет қымбат.

Бағдарлама Eurovision Junior байқауында еліміздің атынан Давид Чарлин бақ сынап жатқанын айтып, дауыс беруге шақырумен аяқталды.

Sarap Times, Astana TV

Sarap Тimes Екібастұзға қатысты «Жағдай жақсара қоймады» деген атаумен сюжет ұсынды: тұрғындардың пікірі, жағдайды жан-жақты көрсетуге талпыныс бар. Мазмұнды сюжет болды.

Абай облысында да жылу құбырлары ескірген, бұл туралы жергілікті тұрғынның және Семей қаласы әкімінің пікірі берілді. Мұнда да жағдайды ашық баяндау бар.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында қар үстіне салынып жатқан асфальт туралы әлеуметтік желіге тараған видеоны көрсетіп, оған қатысты құзырлы орындардың түсініктемесі берілді.

Батыс Қазақстан облысындағы салынып жатқан жол хақында өңірден тиянақты сюжет әзірленді. Жол сапасы туралы мамандар, сарапшылар, облысқа жаңа тағайындалған әкім пікір білдірген.

Бұл бағдарлама да «Арселор Митталға» қатысты мәселе көтерді. Компанияның экология талаптарына салғырт қарағанына көбірек мән берген. Депутат Аманжол Әлтаевтың сауалынан үзінді берді. Экология министрлігінің аталмыш компанияға алдағы жылға экологиялық рұқсат бермегені туралы ақпарат берілді. Мәселеге басқа қырынан қарауға талпынған сюжет. Дегенмен, «Жеті күн» мен Sarap Тimes авторлары компания өкілдерінен, басшыларынан сұхбат не пікір алмайтыны қынжылтады. Мұндай пікірсіз сюжет біржақты талқылау.

Студияда саясаттанушы Мақсат Жақаумен әкімдердің ауыс-түйісі турасында сұхбат өрбіді.

Елдегі әуежайлар сатылымға шығарылды. Осыған орай әзірленген сюжеттен еліміздің өңірлеріндегі әуежайдың бүгінгі жағдайына қатысты тұщымды ақпарат алуға болады. Тұрғындар мен сарапшылар пікірі бар. Сараптамалық бағдарламалар ішінде Sarap Тimes қана осы мәселеге мән бергенін атап өту керек.

Соңғы көлемді сюжет еліміздің қысы қатал өңірлерінде жыл сайын мұз қалашық салынатыны туралы болды. Оған қанша қаражат жұмсалатынына мән берген. Бағдарламаның сараптамалық деңгейде «Ашық бюджет» тақырыбына бет бұра бастағаны қуантады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» өзге ақпараттық-сараптамалық бағдарламардан тақырып жағынан ерекшеленді. Бірнеше мәселе көтеріп, әр оқиғаны жан-жақты әрі тиянақты баяндады.

Ақтауда мұнай сақтайтын компанияның 90 қызметкері жұмыстан кетті. Тілші Ақбөпе Тәңірберген өңірге арнайы барған, жұмысшылармен тілдесіп, сюжет әзірлеген. Мәселе екі компанияның арасындағы даудың кесірінен болған. Жұмыссыз қалған мұнайшылардан басталған әңгіме екі компания арасындағы дауды талқылауға ұласты.

Келесі сюжет те жұмысшы құқығына арналды. Еңбек инспекторының құзыреті туралы маңызды деректер қамтылды. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы мердігер мен тапсырыс берушінің арасындағы дау туралы әңгімелеуге ұласты. Мұнда да екі мекеменің түсініспеушілігінен жұмысшылар ақысын ала алмай отыр.

Маңғыстауда былтыр малы жұттан қырылған шаруалар мемлекеттен өтемақысын ала алмаған. Ақбөпе Тәңірберген осы мәселе туралы сюжет ұсынды. Бұл да сараптамалық бағдарламалар осы уақытқа дейін көтермеген тың тақырып. Тілші ат үстінде стендап жазып, ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдескен, мәселені жан-жақты берген.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы ресми жаңалықтан, дәлірегі Қ.Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысқанынан басталды. Бішкекте өткен саммит туралы сюжет Ресейге салынған санкциялардың ЕАЭО-қа мүше-мемлекеттер экономикасына қалай әсер етіп жатқанын, жүк тасымалын қадағалау, цифрлық саланы дамыту, еркін сауда аймағы және тағы басқа тақырыптарды қамтыды. Мемлекет басшыларынан бөлек, сарапшыларды сөйлетіп, апталық қорытынды бағдарламаның шарт-талабына бейімдеген сюжет болды.

Қазақстан Еуразиялық одаққа кіргелі отандық кәсіпкерлерге түсетін салмақ көбейіп келеді. Соның бірі – тауарларға ілеспе жүкқұжат пен виртуалды қойма жүйелері. Бұл жоба әуел баста ЕАЭО шарттарын орындау үшін енгізілген, бірақ қазір тек Қазақстанда бар. Кәсіпкерлер мұны алып тастауды, оның артық шығын, бос әуре екенін айтады. Осы тауарларға ілеспе жүкқұжаттың бизнеске қандай салмағы бар екенін сараптаған сюжетте кәсіпкерлер, бухгалтер мен қаржы министрінің көмекшісін сөйлетіпті.

«Осы аптада облыстар мен мегаполистердің әкімдері түгел тағайындалып бітті. Олардың алтауы ғана жаңа. Қалған 14-і бұрынғы әкімдер». Жер-жердегі ауыс-түйісті түгендеген сюжеттің ілір алар тұсы – әкімі ауысқан Астана тұрғындарынан сауалнама алып, бұрынғы әкім Көлгіновтен кейін қандай мәселелер қалғанын сұрапты.

«Арселор Миттал Теміртауға» қарасты кәсіпорында тағы бір жұмысшы мерт болғанын, соңғы 20 жылда осы компанияның шахталарында 100-ден астам адам қаза тапқанын, мекеменің жұмысы тоқтатылуы мүмкін екенін айтып өтті.

Моңғолия астанасы Ұланбатырда шеру басталғанына 7 күннен асты. Халықтың көшеге шығуына көмір ұрлығы себеп болған. QAZAQSTAN телеарнасының Моңғолияда жүрген тілшісі Ұланбатырдағы жағдайды баяндап, сюжет дайындапты. Шерушілерді сөйлетіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді, оқиға орнынан кадрлер көрсетіп, Моңғолиядағы ахуалдан хабардар етті.

Apta редакциясы Моңғолиядағы шеруден сюжет көрсетіп, Ирандағы митингілерге ойысты. Бірақ сюжет болмады. Студиядан баяндап, Иран президенті Эбрахим Раиси жастармен кездесуінде АҚШ-ты «Әлемнің ұлы диктаторы» деп атағанына тоқтала келе, Ирандағы митингіге не түрткі болғанын («Иранда 22 жастағы Махса Әмини есімді азамат «орамалды дұрыс тақпады» деген себеппен ұсталып, қыркүйектің 16-да қайтыс болған еді. Содан кейін басталған демонстрациялар билікке қарсы акциялар мен қақтығыстарға ұласып, жүздеген адам мерт болды. Шерушілердің сөзінше, Әминиді тәртіп сақшылары соққыға жығып өлтірген. Алайда Иран үкіметі бұл мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді») айтып өтті.

Украина Ресей аумағындағы әскери базаларға дрондармен соққы берді. Украинадағы ахуал туралы дәстүрлі шолу сюжет көп оқиғаны қамтыды. Американың «Тайм» журналы мен Британияның «Файниэншл таймс» газеті В.Зеленскийді «Жыл адамы» деп атағанын да айтты.

Франция соты Мұхтар Әбләзовтің саяси панадан айыру туралы шешіміне қарсы апелляциясын кері қайтарды. Жүргізуші Альбина Әшім бұл жаңалықты хабарлап, Әбләзовке тағылған айыптар мен Қазақстан соты қандай үкім шығарғанын еске салды.

Apta бағдарламасы өткен аптадан бері жыл қорытындысын жасай бастады. Жүргізуші Альбина Әшім: «Қаңтар трагедиясы өмірімізді «дейін және кейін» деп екі кезеңге бөліп тастағандай. Қаңтар оқиғасынан кейін елде бірнеше бағытта өзгеріс басталды. Соның бірі бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған олигополиямен, жемқорлықпен күрес» деп, жыл қорытындысының тағы бір тақырыбынан хабардар етті. Көлемді сюжет Қайрат Сатыбалдының ісі, шетел асқан қаржыны қайтару мен оның қиындығын, пара беру мен алу сияқты жайттарды қамтыды.

Жеке сот орындаушыларының жұмысына шағым көбейді. Бас прокуратураның хабарлауынша, олар борышкерлерден 1 жылда 1 миллиард теңге жымқырған. Алайда жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы прокуратураның мәліметін жоққа шығарып отыр. Ел назарын аударған ақпараттың жай-жапсарын зерттеген сюжет толымды әрі жан-жақты дайындалған. Сюжет авторы Амангелді Сейтхан жеке сот орындаушыларына шағымы бар кейіпкерді сөйлетіп, прокуратура мен жеке сот орындаушыларының республикалық палатасынан комментарий алып, сарапшының да пікірін сұрапты.

«Биыл «Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның қабылданғанына тура 30 жыл». Бірақ 30 жыл өтсе де ядролық сынақтардың зардабын тартып отырған семейліктердің сан мәселесі шешілмей келеді. Сюжетте сол тұрғындардың хикаясынан бастап президент тапсырмасына дейін қамтылған.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Шексіз сүюдің салдары». Қазақстандық медиа тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын қалай жазып жүр?

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны адамзат назарын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне аударды. Бұл науқан БҰҰ-ның қолдауымен өтті. «Жаңа репортердің» медиа сыншысы Анар Бекбасова кейінгі кездері қазақстандық БАҚ бұл тақырыпты екі тілде қалай жазып жүргеніне шолу жасады.

Жығылғанға — жұдырақ

«7 арнаның» SanTaram бағдарламасының әдемі студиясына Астана қаласының тұрғыны, балаларының әкесінен 11 жыл бойы абьюзиң көріп келген, қазір күнін әрең көріп, пәтер жалдап жүрген Айнұр есімді қонақ келеді. Ол студияға келер алдында қатты жылаған. Редакторлар мұны жүргізушіге ескерткені анық. Осы уақытта түсірілім алаңында көрермендер яки тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендермен телефон арқылы тілдесіп, көңілін тапқандай болып жатты. Нумеролог бірдеңе есептеп, туған күнін сұрау арқылы әлдебір үкім шығарумен әлек. Психолог болса, күйеуі тарапынан психологиялық қысым көргені туралы айта бастаған көрерменге еш себебін анықтамай жатып өз метаболизміне көңіл бөлуге кеңес берді.

Шоу тақырыбы – «Агрессор, абьюзер күйеу». Жалпы бағдарламаға дайындық жақсы екені байқалды. Жарық, дауыс, жүргізуші, нумеролог пен психологтың шаш үлгісі мен макияжы тап-тұйнақтай. Ал Айнұрдың тіпті шашын тарамаған. Бағдарламаның 18-минутында ол студияға кіреді. Сөйтіп оны орындыққа отырғызады да, тергей бастайды.

Кейіпкер ішіндегісін еш бүкпестен айтып, ақтарылады. Күйеуі қалай ұрғанын, жетім өскенін, психологиялық жағдайының қандай қиын екенін, үлкен баласы мүгедек екенін – бәрін айтады.

– Айнұр, редакторлардың айтуынша, сіз студияға келмес бұрын қатты жылаған екенсіз. Неге? – деп сұрады жүргізуші.

– Адамдардың өсегінен күйеуім бір жерден ұстап ала ма деп қорықтым, – деп жауап берді кейіпкер. – Ондай жағдайлар бұрын болған (…) Мені сабап тастаған.

Жүргізуші кейіпкер қорқынышын сейілте алмады. Соған қарағанда, телеарна қауіпсіздікке кепілдік бере алмаса керек. Айнұрдың оқиғасынан кейін психолог бірден оның жағдайын бағалады. Ал жүргізуші одан сайын үдетіп «Қазір үш балаңыз бар екен. Негізі төртеу болыпты» деп айтып қалады. Айнұр шыдай алмай, көз жасына ерік берді. Жүргізуші тергеуші секілді сұрақтарды жаудырып, төпеуін қоймады: «Қашан айырылып қалдыңыз?», «Не болды?», «Жасы нешеде болған еді?», «Өзіңізді кінәламайсыз ба?». Айнұр еңкілдеп жылап, бірнеше жыл бұрын төрт жасар баласының 10-қабаттан құлап кеткенін, өзін сол үшін әлі кінәлі сезінетінін айтты. Бұл қайғылы жағдайдың ток-шоу тақырыбына мүлдем қатысы жоқ еді. Бар болғаны жүргізуші осы мәселеге екпін түсіріп, байғұс Айнұрға күйеуінің қорлық көрсетуіне бала өлімі себеп деп көрсеткісі келгендей болды.

Шоу эмпатиядан да маңызды

Сайттарда жарияланатын жаңалықтарға қарасақ, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі болады. Мұны ресми статистикадан да көре аламыз. Зәбір көргендер мен олардың туыстары қазақстандық ток-шоуларға жиі шақырылады. Мұндайды көргенде журналистер бұл мәселеге бей-жай қарамайды деп қалуымыз мүмкін. Десе де, кейде мұндай оқиғалар бар болғаны аудитория тартудың бір жолы ғана болып жатады.

«Еуразия бірінші арнасындағы» Кoremiz бағдарламасының «Жантүршігерлік оқиға: Қанды қылмыс/Қанішер күйеубала» деген шығарылымын алып қарайық. Мұнда жұмыссыз күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің оқиғасы жайлы тақырып қозғалады. Студияға туыстарын шақырып, олардан ерлі-зайыптының қалай тұрғынын білмек болған жүргізуші: «Қыз тұрмысқа шықпай тұрып жақсы тұрған екен. Күйеубалаңыз дайын асқа – тік қасық боп келген. Содан жалқау болып кетті деп ойламайсыз ба?» дейді.

https://www.youtube.com/watch?v=csfWFtz1i24

Зорлық-зомбылық жағдайын талдаған кезде журналистер көбіне болған іске зәбір көрушіні кінәлауға тырысып тұрады. КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында ақтөбелік Айнагүл Бекенованың бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын сөз қылғанда жүргізуші кейіпкерден «Күйеуіңіздің көзіне шөп салдыңыз ба?», «Балалы болғыңыз келді ме?» деп сұрайды. Осы жағдайды талқылауға «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәріні, психолог Зүбайда Кененбайды, феминист Айгерім Құсайынқызын және уролог Асхан Абзалбековты шақырған. Урологқа жүргізуші мынадай сауал қояды: «Әлеуметтік желіде бұған басты себеп – шексіз махаббат деседі. Әлде бұл жек көргеннен жасалды ма?». Сонда дәрігер күйеуі Айнагүлді жұмыстастарынан қызғанғаннан жеккөрініш пайда болған шығар деп жауап береді. Қайта студияда феминистің болғаны жақсы болды. Ол мына жағдайдың таза виктимблеймиң екенін түсіндіріп берді.

Десе де, зәбірленуші бағдарламада бәрібір қысым көрді. Редакция студияға бұрынғы күйеуінің анасын шақырады. Жүргізуші Айнагүлге айтары болса деп, сөз береді. Бұрынғы енесі баласын кешіруін сұрады. Жүргізуші қоярда-қоймай «Бұл мүмкін бе?» деп сауалдың астына алды. Ақыры Айнагүл жылап қалды. Содан бағдарлама қонақтары шыдай алмай, бұл қысымды тоқтауын сұрады. Бірақ жүргізуші айтқанынан қайтпай, Айнагүл басқа әйелдерге кеңес берсін деп тұрып алды.

Стереотиптер және виктимблеймиң

Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қанша жылдан бері айтылып келеді. Оның әлі де өзекті болуына себеп көп. Соның бірі – заңнаманың дұрыс жасалмауында. Журналистер де жаза-жаза шаршаған сыңайлы. Десек те, мәселенің мән-жайын дұрыс түсіндірмесе, аудиторияда жаңсақ пікір қалыптасады.

«31 арнаның» тілшісі «Ұрса – түрмеге отыра ма?» деген сюжет дайындаған. Мұнда былай делінген: «Дина Таңсәрінің айтуынша («Не молчи» қорының жетекшісі — ред.), ерлі-зайыпты ажырасса да, экс-күйеуі бұрынғынша үйіне барып, әйелін ұра алады. Заң бұған қалыпты қарайды. Қазір заң қағаз ғана, ешкімді қорғай алмайды». Заң он жерден жетілдірілмеген болса да, ешкімді ұрып-соғуға рұқсат бермейді. Заңнаманың неліктен ешкімді қорғамайтынын автор түсіндірмейді. «Заңгерлер көбіне қоғам белсенділерінің сөзін құптап, зорлық-зомбылықтың көбіне жазаланбайтынын айтады», – деп үзілді-кесілді пікірін айтады журналист.

Мұндай тұжырымды дұрыс деп айтуға келмейтін сыңайлы. Оған қоса, бұл агрессорларды еркінсітуі мүмкін. Негізі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен мыңдаған адам жазасын өтеп жатыр. Бірақ барлығы дей алмаймыз. Ranking.kz-те «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген материал шыққан. Сол жерде нақты деректерге сүйене жазылған сараптама бар. Оқырманға заңнама шикілігін түсіндіреді.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуына азаматтардың психологиялық мәселесі мен стереотиптер де әсер етеді. «Халық үні» порталының «Әйелді ұру, подкаблук болу, психологқа бару – ұят па?» видеоподкастында мәселе осы тұрғыдан талданады. Талқыға қатысушылар зәбір көргендердің оқиғасын май-шаммен қарамайды. Керісінше, себебіне үңіліп, виктимблеймиң жайлы, екі түрлі стандарт бар екенін айтып, стереоптиптер туралы, қоғамның зәбір көрсету мен агрессорға деген көзқарасын талдайды.

Кейде стереотиптерге БАҚ өкілдерінің өзі де беріліп кетеді. Айталық, «Информбюрода» «Қорлықпен өтіп жатқан өмір. Неге қазақстандық әйелдер күйеуінің қорлығына шыдап жүр?» деген материал шыққан. Автор өзі де зорлық-зомбылық көріп өскен балаларға қатысты стигма қалыптастыратын стереотип айтады. «Үйдегі ұрыс-төбелестен әйел ғана емес, балалар да зардап шегеді. Әкесінің қатігездігін, анасының қиналғанын көріп өседі. Бұл болса, балаларда басқаларға физикалық күш көрсету қалыпты деген ой қалыптастырады. Осылайша үй тирандарының келесі толқыны өсіп шығады». Әлбетте, мұндай балалардың болашақта осы сценарийді қайталау ықтималы бар шығар. Дегенмен бәріне бірдей ондай үкім шығаруға болмайды деп есептейміз.

«Әйелін ұрып өлтірген оңтүстік азаматы 8-12 жыл түрмеге отыруы мүмкін» деген материал Еxk.kz сайтына шыққан. Отбасылық ұрыс-керіс туралы кезекті мақала болғанымен, бұл жерде неліктен күдіктінің тұрғылықты жеріне акцент қойылғаны белгісіз. Бұл болса, оңтүстік өңір тұрғындарына қатысты стигма қалыптастырады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін діни контент әзірлейтіндер де қозғайды. Talim TV online интернет-каналының авторларының «Әйелді тәрбиелеу жолдары» деп аталатын шығарылымы бар. Талқыға қатысушылар зорлықтың дұрыс емесін айтады. Бірақ әйелдің рөліне қатысты көбіне патриархаттық көзқарас білінеді. Мұны шығарылым атауынан да байқауға болады.

Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық медиадағы ең танымал тақырыптың біріне айналды. Көпшілікке белгілі адамдар да бұрын басынан өткен жағдайын ашық айтатын болып жүр. Мәселенің шешіміне абьюзиңге қалай қарсы тұруға болатынын, қорғану әдістерін жазатын материалдар да әсер етеді. Айталық, Оptimism.kz сайтында «Қазақстанда 2022 жылы әйелін ұрған ер адамды қандай жаза күтіп тұр?» деген материал бар. Мұнда қиын жағдайға тап болғанда не істеуге болатыны жайлы толық нұсқаулық жасалған.

Қазақстандық БАҚ әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы жиі жазады. Бірақ көбіне ақпарат түрінде, «қызғаныштан жасалды» дегендей қылып келтіреді. Қылмысқа күдікті деп емес, қызғаныштан көзін шел басқан еркек деп беру зорлықты ақтауға көбірек келеді. Аудитория да солай қабылдайды.

Ток-шоулардың дені тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын рейтиң үшін көтереді. Санаулы БАҚ қана шын мәнінде кімнің кінәлі екенін анықтап, әрі қарай не істеу керегі туралы бас қатырады.

Аударған Жадыра АҚҚАЙЫР

Тоқаев сапары, Екібастұздағы апат, баспана кезегі: 28 қараша – 4 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Екібастұздағы Жылу электр стансасында болған апат салдарына арналды. Қалада төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Тұрғындардың пікірі, премьер-министрдің келгені, шенеуніктер мен сарапшылардың комментарийі берілді. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен кейін Мәскеуге, содан соң Францияға барған сапары туралы сюжеттер ұсынды. Еліміздегі жедел жәрдем проблемасы, әуе рейстерінің кешігуі, баспана кезегі, қымбатшылық мәселесі де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы алғашқы сюжетін Екібастұздағы төтенше жағдайға арнады. Материалда елдегі жылу желілерінің тозуы, энергетика жүйесін қайта жаңғырту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Өткен аптада президент Ресейге, содан кейін Францияға ресми сапармен барды. «Жеті күн» алдымен Тоқаевтың Франция сапарынан сюжет ұсынды. Хаттамалық сюжетте екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, сапар барысында жасалған келісімдер жайы баяндалды. Сюжет әдеттегідей ұзақ болды.

Осыдан кейін Тоқаевтың Ресейге сапары туралы сюжет берілді. Оның алғысөзінде Жігер Сәрсен геосаяи қиын кезеңде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» саясат жүргізіп жатқан Тоқаевтың әрекеті туралы айтты. Ал сюжетте Орынборда өткен аймақаралық форумға екі президенттің онлайн қатысуы, форумнан соң Тоқаев пен Путиннің екеуара кездесуі жайлы айтылып, ресейлік экономист сарапшының пікірі берілді. Екі ел президенттерінің сөзінен үзінділер бар. Кездесу соңында екі ел басшылары декларацияға қол қойғаны айтылды. Алайда ол құжаттың мәні неде, маңызы қандай екеніне қатысты ақпарат берілмеді.

Әуе рейсін кешіктірген компанияға айыппұл салынбақ. Кейінгі кезде елімізде мұндай жағдай жиілеп кеткен. «Жеті күн» осы мәселе жайында сюжет әзірлеп, тасымалдаушы компания өкілдерін, жолаушыларды, құзырлы сала қызметкерлерін сөйлетіпті.

Шығыс Қазақстан облысында жедел жәрдем орталығы Өскеменде орналасқан. Өңірдегі шалғай ауылдарға жедел жәрдем шақыру үшін тұрғындар осы орталыққа ғана хабарласа алады. Бұл жүйе үнемі тиімді бола бермейді. Сюжеттен облыстағы жедел медициналық көмектің ахуалына қатысты біршама ақпарат алуға болады.

Sarap Times, Astana TV

SarapТimes бағдарламасы президенттің Ресейге сапары туралы қысқа қайырды, Руслан Желдібайдың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын келтірумен шектелді.

Осыдан кейін Тоқаевтың Францияға сапары туралы көлемді материал ұсынды. Қол қойылған келісімдер туралы айтып, француз ЖОО-мен меморандум жасалғанына ерекше мән берді. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың маңызы жайлы сарапшылар пікір білдірді.

«Сай сүйекті сырқыратар қара суықта қал-қадірінше қарекет қылып жатқан» Екібастұз жұртына қатысты сюжет президент тақырыбынан кейін берілді. Екібастұз қаласынан әзірленген сюжет қаланың, тұрғындардың ахуалынан мол хабар береді. Жылу желілерінің тозғаны туралы экологтардың жазда дабыл қаққаны, Павлодар облысы әкімінің орнынан алынып, оның әлеуметтік желі арқылы Екібастұз тұрғындарынан кешірім сұрағаны, ЖЭО-ға тиесілі компания өкілдерінің кешірім сұрамағаны туралы баяндалды.

«Amanat» партиясының өкілдері Екібастұз халқына жылу жинап, көмек көрсетті. Студияда «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетіспаев сұхбат берді.  «Amanat» партиясына қарасты телеарна болғандықтан, Екібастұз қаласында болған жағдайды партия жұмысының орайлы жарнамасы ретінде пайдаланғандай көрінді.

Елімізде қыркүйек айына дейін шетелден әкелінген көліктер заңдастырылады. Бір реттік алым көлемі 200 мың теңге. Сенат тиісті заң бекітті. Қандай көліктер заңдастырылмайды, көлікті заңдастыру үшін нендей құжат қажет, сарапшылар не дейді, қарапайым тұрғындар қандай пікірде? Осының барлығын қамтыған толымды сюжет берілді.

1922 жылы қазақ халқы ұшыраған ашаршылыққа 100 жыл, 32 жылғы ашаршылыққа 90 жыл толды. Алайда осы нәубетке тарихи баға берілмеді. Sarap Тimes осы мәселені көтеріп, тарихшы, жазушы, ғалымдар пікірі білдірді. Тілші ашаршылық болмаса қазақтың саны бүгін қанша болар еді деген сауалға жауап іздейді.

Бағдарламаны коммуналдық қызмет жұмысшысының аз жалақысы туралы мәселе көтерген сюжет аяқтады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Еуразия бірінші арнасы бағдарламаны сынықшы мен травмотолог дәрігер көрсететін көмектің сапасын салыстырудан бастады. Махамбет Бейбітшілік тартымды стэндаптар жасады. Алайда ол сөз арасында «сүйек бітік шығып, екінші қайтара дәрігердің көмегіне жүгінбеуге болады» деді. Әдетте «шөп бітік шығады», ал сүйекке қатысты «дұрыс бітеді» деген сөз орамын қолданған дұрыс. Біліктілігі құжатпен негізделген дәрігерге не маманға қаралуды үндейтін сюжет.

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген келесі сюжет те медицина проблемасына арналды. Жедел жәрдем бригадасының бір шақыртуға баруының мысалында сала мамандары бетпе-бет келетін қиындықтар туралы баяндады.

Баспана кезегіне тұру тәртібі өзгереді, аз қамтылған отбасының балаларын балабақшамен қамту үшін Отбасының цифрлық картасы арқылы арнайы шаралар жүзеге асырылмақ. «eGov куәгері» айдары осы жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.

«Айна» бағдарламасы футболдан Әлем чемпионатына қысқаша шолу жасауды да ұмытпады.

Ақбөпе Тәңірберген ет бағасы туралы сюжет ұсынды. Тілші ет базарына барып, сатушыларды сөзге тартқан, шаруаның қорасынан түпкілікті тұтынушыға жеткенге дейін ет бағасының қалай өзгеретіні туралы ақпарат берді. Журналистің ізденісін атап өткен жөн.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Екібастұз Жылу электр стансасында болған апат салдарына арналды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Жағдай біршама тұрақталды, бірақ әлі жылусыз отырған үйлер бар. Құбырлар мен жылу батареялары жарылған. Тұрғындардың біразы уақытша көшіп кеткен, ал үйде қалғаны электр пештерін қосып, амалдап отыр. Сюжетте тұрғындар хикаясы мен пікірі, премьер-министрдің келгені, шенеуніктер мен сарапшылардың комментарийі бар. Апат себептеріне назар аударыпты.

Облыс пен республикалық маңызы бар қала басшылығына кімдер тағайындалғанын қысқаша шолып шыққаннан кейін Екібастұз тақырыбына қайта оралды. «Елдегі жылу электр орталықтарындағы негізгі жабдықтардың 66 пайызы тозған. Станциялардың жартысынан көбі 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді екен. Республика бойынша мұндай 37 мекеме бар. Оның оны мемлекеттік, бесеуі квазимемлекеттік, қалған жиырма екісі жекеменшік орталық. Бұл нысандар қашан, қалай жекенің иелігіне өтті?». Автор көлемді сюжетте осы сауалдың жауабын іздеп, анықтаған екен.

Бағдарламаның үшінші сюжеті Тоқаевтың Францияға сапарына арналды. Ақпараты мол сюжетте сапар барысында қандай келісімдерге қол қойылғанын шолып өтіп, сол келісімдердің ең негізгілерін тарқатып айттып, министрлер мен бизнесмендер комментарийімен толықтырды.

Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен кейін алғашқы сапары Мәскеуден басталды. Алайда Apta редакциясы бұған сюжет арнамай, тележүргізуші Альбина Әшім Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың осы сапар жайлы комментарийіне сүйеніп, баяндады.

Қазақстан-Ресей тақырыбы ақырындап Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасына ойысты. Альбина Әшім АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Дэниел Розенблюммен сұхбаттасып, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға жанама түрде әсері, «қайталама санкциялар» қаупі, балама жүк жолдарын дамытуға АҚШ көмегі, транскаспий маршруты, әлемдегі геосаяси ахуал, Украинадағы соғыс, АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы, жаңа елшінің жоспары туралы әңгімелесті.

Осы аптада Еуроодақ пен Үлкен жетілік Ресей мұнайына баға шегін белгіледі. Дегенмен Ресей шектеуді қабылдамайтынын ескертіп отыр. Ал АҚШ және Ресей президенттері Украинаға қатысты кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл үшін талаптарын да атады. Шолу сюжет осы тақырыптарды тарқатып, Украинадағы соғыс жаңалықтарын қамтыды.

«Апта» бағдарламасы жыл қорытындысын жасай бастады. Соңғы айларда ең жиі қозғалған тақырып – «қымбатшылық» болды. Бұл да бекер емес, өйткені қазан айында инфляция 18 пайыздан асты. Ал сарапшылардың айтуынша, бұл шын ахуалды көрсететін цифр емес екен. Көлемді сюжетте тұтынушылардың эмоционалды пікірі бар. Сюжет авторы инфляцияның себебін іздесе, сарапшылар келер жылы қандай баға боларын болжады. Материалдағы елең еткізер бір тұсы – тілші супермаркеттердегі көктемгі және қазіргі бағаны салыстырды. Бұл үшін көктемдегі чекті қолына алып, дәл сол тауардың қазіргі бағасымен салыстырды. Тауар қаншалықты қымбаттағаны баға айырмасынан анық көрінді.

Жаңа жылдан шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеу басталады. Қандай көліктер жеңілдікке ілінеді, қай көліктер тыс қалады, көлікті заңдастыру үшін не істеу керек, шетелдік нөмір таққан көлік иелері қандай кедергілер мен қиындықтарға тап келіп отыр? Осы сауалдардың жауабын тәптіштеп түсірдірген жап-жақсы түсіндірмелі сюжет бағдарламаны қорытындылады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Кандидаттардың акционизмінің жылнамасы немесе сайлау кезіндегі БАҚ

Сайлау барысында БАҚ-та Орталық cайлау комиссиясы мен президенттіктен үміткерлер таратқан релиздер басым болды. Толғақ келіп тұрса да дауыс беру сияқты жанкештілікті есепке алмасақ, саяси сипаттағы интрига болмады. Сондықтан тек сараптамалық және саяси мазмұндағы материалдар қаралды.

«OSCE миссиясы оң бағалады» («Егемен Қазақстан», авторы белгісіз) деген жазбаның атауының өзі күдікті. Себебі ЕҚЫҰ ешқашан сот сияқты оң немесе теріс деп резолюция берген емес. Жазбада ЕҚЫҰ-ның тап қайсы құжаты немесе мәліметі басшылыққа алынғанына сілтеме жасалмаған. Дегенмен, дәйексөздердің жартысы мен сандардың ұқсастығына қарап, ЕҚЫҰ сайтындағы мына құжатты негізге алынған деп топшылауға болады. Неге дәйексөздердің жартысы? Өзіңіз қараңыз. «Егемен Қазақстан»: «Тіркелген кандидаттардың ешқайсысы жиналыстар бостандығына қатысты алаңдаушылық білдірген жоқ». Дәл осы жол ЕҚЫҰ құжатында: «Бірде-бір тіркелген кандидат жиналыс бостандығы туралы алаңдаушылық білдірмесе де, азаматтық қоғам мен кейбір оппозиция өкілдері саяси сипаттағы бейбіт жиналыстарға қатысу мүмкіндігінің жоқтығын атап өтті». Жазбада манипуляцияның ескі әдістерінің бірі – шындықтың жартысын ғана айту көзге ұрып тұр. Әрі ЕҚЫҰ миссиясы қазақша оқымайды деген сенім бары да анық. Әйтпесе келтіріп отырғанымыз – бір мысал ғана.

Baq.kz сайтынан скриншот

«Президент сайлауы. Кандидаттар туралы не білеміз?» (BAQ.KZ, авторы белгісіз). Кандидаттыққа үміткер ретінде құжат тапсырған адамды – президентікке кандидат деп танудың жөні белгісіз. Әйтпесе, сайлауға осы жазбада келтірілген 12 адамның алтауы ғана қатысқаны белгілі. Бұл қате көп интернет ресурстан кездесті. Тіпті, ОСК берген мәлімет болса да, сайлау тақырыбының байыбына барған адамдар байқауы тиіс жайт. Ол үшін 2019 жылы өткен осындай сайлау кезіндегі жазбалардың бірерін шолу да жеткілікті болатын.

Сайлау алды насихат науқаны кезінде президенттікке кандидаттардың бағдарламасы («тұғырнамасы» деп те жазылып жүр) ең көп фокус түсетін тақырып болатыны анық. Бірақ бұл қағида – демократия нормалары бойынша ғана анық. Әйтпесе біздің БАҚ-тар асқан бейқамдық танытқан сияқты. Мысалы, мынабір, «Сайлау-2022: Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда» деген сюжеттен кандидаттардың бірінің де саяси бағытын аңдау мүмкін емес. Оңшыл ма, солшыл ма? Бағдарламаларындағы уәделерді орындау мүмкін бе, әлде популизм бе? Бұқаралық сипаттағы телеарналардың тек біреуінен, нақты осы тақырыптағы шығарылым табу мүмкін болды:

Бұл шығарылымды түрлі шектеулер бола тұра әжептәуір дүние жасауға болатынының мысалы дер едім.

«Бие сауып, ат тағалаған кандидаттар. Сайлауға дейінгі үгіт-насихат қалай жүріп жатыр?» (Azattyq.org) деген жазбада да кандидаттар бағдарламасының мәтінінен гөрі акционистік қылықтарына шүйлігу басым.

Баспасөз жалпы алғанда, сайлаудың бұл кезеңінде кликбейтке сұранып тұрған оғаш әрекеттерді ғана терген. Кандидаттардың дебаты да сайлаудың нағыз талқыланатын тақырыбы. «Бәрі де бәрін түсініп отыр» дегенмен, кандидаттардың дебат кезіндегі ең болмаса стенограммалық сөздері оқырман үшін қажет ақпар. Бірақ дебат туралы жазбалардың дені – не мына жердегідей жалпылама немесе мына жердегідей тек Тоқаевтың атынан қатысқан спикерден бір-екі дәйексөзбен шектелу екен. Мұны ақпараттың толыққандығы принципіне де, бейтараптық принципіне де сәйкес деу қиын.

2022 жылғы президент сайлауы 2019 жылғы президент сайлауының ақпараттық кейпін дәл қайталады десе болады. Болашақ интернет-археологтардың әбден шатасу қаупі бар деген футуристік тұжырым өзінен-өзі сұранып тұр.

Қазақша медиадағы кликбейт: онлайн-басылымдар неге беделін ойламайды?

Журналистикада «жақсы тақырып – жарты мақала» деген бар. Бұл жерде ұтымды тақырып қоя білудің өнер екенін, оқырман тартатын күшке ие екенін меңзейді. Десе де, кейінгі кездері өсек пен өтіріктің айналасындағы әңгіме арқылы айғайлатып тақырып қоятындарды көп кездестіруге болады. Тіпті кей сайттардың бір айдары түгелдей кликбейттен тұратынын байқадық. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақша онлайн-басылымдардың кейінгі бір айдағы материалдарын шолып шығып, саржағал мақалаларды бірнеше түрге бөліп қарастырды.

 Қазақ медиасы кликбейтке мұқтаж ба?

 Дижитал дәуірге тән Pay per click (ағылш. «Басқаны үшін төлеу») бизнес-моделі онлайн-басылымдардағы кликбейтті еселеп көбейтті. Олай дейтініміз, демеушілердің сайттарға қоятын талабы, тендердің шарты сол – статистика жоғары болуы керек. Саржағал мақаланың статистиканы демде көтеретінін жақсы білгендіктен, редакция ондай жаңалықтарды аңдып отырып жариялайды. Үлкен еңбек сіңіріп, апталап зерттеу жүргізілген материалдың қаралымы жүзден аспауы мүмкін. Бірақ әлдебір әншінің әлеуметтік желіде жасаған хайпы әлгі сапалы сараптама қаралымынан еселеп көп болады. Бұл тренд Қазақстанға ғана тән емес. Десек те, кәсібилік тұрғысынан алып қарастырғанда медиа беделін бірінші орынға қойғаны дұрыс. Журналист, пиаршы Ербол Азанбектің әлеуметтік желідегі парақшасына осыдан төрт жыл бұрын жазғаны әлі де өзекті. «Қаржы, экономика, бизнес тақырыбында қазақша супер материалдар бергім келеді. Тақырып толып тұр. Идея көп. Жазатын адам жетеді. Бірақ, жасамаймын. Өйткені салған ақшам, уақытым, еңбектеніп жасаған дүнием ақталмайды. Қазіргі оқырман көлемді дүниені оқымайды. Оқырманға керегі – саржағал дүние. Өсек. Сайттардың көбі құмай құсап, тышқан аулап кеткені содан».

Ербол Азанбектің Facebook парақшасынан скриншот

Өзін кәсіби редакция санайтын, сыйлайтын ұжым кликбейтке жол бермесе керек-ті. Мәселен 2017 жылы The New York Times редакция саясатында кликбейтке көзқарасын шегелеп бекітті. Атап айтқанда, олар How We Define Clickbait (Which We Do Our Best to Avoid)» («Біз кликбейтті қалай анықтаймыз (әрі одан алшақ болуға барынша тырысамыз)») деген мақала жариялады. Ол жерде редакция оқырмандары мақаланы оқығаннан кейін алданғандай күй кешуі мүмкін материал шығаруға тыйым салынады делінген. Оқырманды қызықтыру керек, тарту керек – ол басты мақсат. Бірақ «Қалай?», «Неге?» сынды сауалдардан тұратын мақала шықса, оның мазмұны соған сай болуы керек. «Масқара», «Жаға ұстатты», «18+» деген сөздер – тұнған кликбейт. Егер оқырман сүзгі жасай алатындай деңгейде болса, ол қақпанға түспейді.

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы «Журналистиканың базалық машықтары» мектебін ұйымдастырғанда журналист Жұлдыз Әбділдә «Лидтер мен тақырыптар» туралы сабақ өткізген еді. Сол жерде «тақырып қойған кезде манипуляцияға жол бермеу қажет, тақырып жинақы, тартымды, мазмұнды, ақпараттық болуы, мақаланың мазмұнына сәйкес келуі міндетті, этика принциптеріне сай болуы, ешкімнің ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтірмеуі шарт, ешкімге зиян келтірмеуі керек және іздеу жүйесінен табылуы маңызды» деген болатын. Былай қарасаңыз, кез келген журналист мұндай ережені білетін секілді. Бас редактордың бұл стандартты білмеуі мүмкін еместей көрінеді. Сонда бар мәселе саржағал тақырыпсыз нан жоқ болғанында ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын «сары басылымдар» деп белгілі бір медиаларды атайтынбыз. Фильтрі бар оқырман ретінде олар ұсынатын контентке бойкот жариялайтындар да аз болмады. Дегенмен кейінгі кездері сол «сары» санатқа елге белгілі, беделді онлайн-басылымдар да қосыла бастады. Ең өкініштісі осы. «Қасықтап жинаған абыройды шелектеп төгу» деп осындайды айтса керек. Беделін пайдаланып, журналистикада жаңа дем, жаңа ұстаным қалыптастырудың орнына кері кетсе, айтылған сынға өкпелеудің реті жоқ.

Қақпанға түсіретін тақырыптар

Кейінгі бір айдың ішінде жарияланған мақалаларды қарастырамыз деп ойлаған едік. Сөйтсек, тіпті бір аптаның өзінен көлемді медиасын жасауға жеткілікті материал таптық. Бәрін тізбелегеннен пайда жоқ, кликбейт тәсілдеріне қарай бірнеше мысал келтіргенді жөн көріп отырмыз. Осыдан 11 жыл бұрын ашылған massaget.kz сайты бастапқыда танымдық бағыттағы үздік онлайн-басылымдардың бірі болған. Қазіргі таңда Tik Tok желісінде трендтегі жап-жақсы тақырыптарға видео-контент жариялап жүр. Бірақ кликбейтке мұқтаждық бұл сайтты да айналып өтпеген. «Жаңалықтар» бөліміне кірсеңіз, кликбейттің көкесін көресіз. Екі мысал ғана келтірсек. Танымал футболшының шаш үлгісін жасатқан оқушыға мектепке келуге тыйым салынды деген мақала бар. Бұл жерде қай елде болып жатқан оқиға екені белгісіз. Тақырыпта оны әдейі жасырып, клик жасатуға мәжбүрлеп тұр. Сілтемені ашып кіргенде бұл Ұлыбританияда болған жағдай екенін білеміз. Отандық жаңалықтар ғана шықсын демейміз. Десе де, оқырманға еш пайдасы жоқ ақпарат, өмірлік маңызы жоқ мәлімет беру – жай ғана кликбейт. Екіншісі мақаланың тақырыбы – «Көксеректегі» Құрмаш: «Осы киноға түскеннен кейін күлмейтін болдым». Бұл жерде оқырманды алдап тұр. Яғни бір қарағанда журналист актерден сұхбат алғандай көрінеді. Ашып қалсаңыз, олай емес екенін түсінесіз. Қамбар Уәлиевтің бұл сөзі бұрынғы сұхбатынан үзінді екен. Тілші дереккөз де келтірмеген. Айтпақшы, ол кісі өмірден өткен. Бұрынғы сұхбаттан үзіндіні еске алып, қайта жариялаудағы мақсаты да түсініксіз. Әлдебір датамен байланыстырған дейін десек, материалда ондай бір ауыз сөз жоқ. Сондықтан оқырманды екіойлы қылғаны үшін мұны «кликбейт» деп бағалаймыз.

Massaget.kz сайтынан скриншот

Саржағал тақырыптың шыңында мәдениет яки шоу-бизнес тұрады. Журналист ретінде фактчек жасап, хабарласып пікір сұрайтындар сирек. Блогер не актердің Instagram парақшасына сілтей салады да, екіұшты тақырыппен жариялайды. Мысалы skifnews.kz cайтын ашсаңыз, сапалы дүние саусақпен санарлық. Есесіне, кликбейттен көз сүрінеді. «Жалаңаш келе салмаған екен»: Тойдағы би жарыс жұрттың жағасын ұстатты» деген материалды қарайық. Лиді тіпті өзінің рөлі қандай екенін ұмытып қалған секілді: «Одан да осы қыздарды тауып сабақ беру керек емес пе, діни тарапынан түсіндіру керек». Ең қызығы, дереккөзі – жоғарыда бірнеше кликбейт мысалын көрсеткен massaget сайты. Қазақша медиадағы кликбейттің ең кең таралған түрі «жаға ұстатты» тіркесін қолдану десек, қателеспейміз. Редакция осы әдісті пайдаланып, қаралым жинауды көздеді. Ал жалпы жаңалықтың құрылымын қарасаңыз, әлеуметтік желіде шыққан видео мен оған жазылған бірнеше пікірден ғана тұрады. Бұл жерде журналистика стандарты қайда қалғаны тағы белгісіз…

sn.kz сайтынан скриншот

Instagram парақшалардан кейін дереккөз ретінде ең жиі көрсетілетін дереккөз – Youtube-жоба немесе телебағдарламалардағы сұхбаттан үзінді. Skifnews мұндайдан алдына жан салмайды. «Өнер академиясында сессия секспен шешіле ме?»: Танымал актриса сұмдық жайттың бетін ашты материалын оқыған адам өзіне құнды ақпарат алмасы анық. Жай ғана уақыты зая кетті. Кликбейттің басты симптомдарының бірі осы – ақпараттың салмағы болмауы. Одан қала берді, 18+ тақырып болғаны да оқырманды қақпанға түсіріп тұр. Актрисаның өзге бағдарламада айтқан сөзін жаңалық қылып ұсынып отыр.

Аты дардай «Түркістан» газетінің сайты да кейінгі кездері саржағал тақырыпқа құмартып жүр. Әлемдік жаңалық деп бағаласа керек, 94 жастағы «әлемдегі ең лас адам» алғаш рет жуынғаннан кейін қайтыс болғанын жазыпты. Бір ғасырға жуық уақыт тәніне су тигізбей жүрген адам жайлы естімесе ұят болар деп шешкенге ұқсайды. Ал енді кәсібилік тұрғысынан бұл қаншалықты қажет ақпарат? Осы деректі білмеген қазақстандықтар неден құр қалады? Сайттағы жаңалықтардың қаралымын шолып шықтық. Кликбейт күші іс жүзінде дәлелденіп тұр. Өйткені «өлі табылды», «пышақтап кетті», «баласын аяусыз ұрған әйелдің видеосы» дегендей сөзі бар мақалалардың ауқымы бірнеше мыңнан асып жығылған. Ал қарапайым ақпараттық жаңалықтар әрі кетсе 200-300 қаралым жинаған. Turkystan сайтының тағы бір кликбейті — Ләйла Сұлтанқызының сөзіне байланысты. Тележүргізушінің жолдасы өмірден өткен кезде сайт тілшілері «Балалар күйзелісте»: Ләйлә Сұлтанқызы отбасындағы жағдай туралы айтып берді (естелік) деген материал шығарды. Күйіп тұрған тақырып болғандықтан 7 қарашада жарияланған мақаланы 25 мыңнан астам адам оқыған. Бірақ бұл жерде естелік сөзі сызықшада тұр деп ақтауға тырысқанымен, басты мақсат біреудің қазасы есебінен қаралым жинау болғанға ұқсайды. Өйткені мұнда «балалар күйзелісте» деп тақырып қойып, бұрын болған сұхбаттың ішінен дәл осы фактіні негізге алып берген. Яғни оқырман Ләйлә Сұлтанқызы қазадан кейін айтқан екен деп ойлап, қармаққа ілінеді.

Turkystan.kz сайтынан скриншот

Stan.kz сайтында «Әйел жүкті құрбысын өлтіріп, құрсағынан туылмаған баланы кесіп алған» деген материал шыққан. Біріншіден, оқырманның баланы ұрған, тепкен, өлтірген фактілердің қызық екенін редакция жақсы біледі. Сондықтан іште жатқан баланы кесіп алған Техас тұрғыны туралы ақпаратты ерінбей іздеп, тауып алған. Nur.kz – саржағал ақпараттармен әбден «көзге түскен» онлайн-басылымдардың бірі. Әсіресе, шоу-бизнес айдарындағы кез келген жаңалықты талдап, түбірінен кликбейт тауып ала аламыз. Бір ғана мысал: «Көтердім»: Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші баласын күтіп жүргенін айтты. Тақырыбына қарап, актрисаны жүкті екен деп қаласыз. Бірақ ашып қалсаңыз, ол туралы еш ақпарат жоқ. Дереккөз ретінде Әбдікәрімованың посты берілген. Ол жерде де екіұшты жазылған. Хайпқа көбірек ұқсайды. Журналист кем дегенде Жұлдызға хабарласып, бір ауыз пікір сұраса болмай ма? Тұтқасын көтермесе не жауап беруден бас тартса, оны айтсын. Бізде мәселенің мән-жайын анықтауды артық жұмыс көретін секілді. Сондықтан тынышына көшіріп-қойып бере бергенді құп көреді.

Тізе берсе, мұндай мысал көп. Сапаны түсіретін, беделді аяқ-асты ететін бұл әдіске дәнігіп алғаны бизнес үшін тартымды тәсіл болар. Ал кәсіби абырой ше?…

Бәрін қамтуға талпыныс: Elmedia YouTube-арнасына шолу

Журналист Гүлжан Ерғалиева президент сайлауы қарсаңында Elmedia YouTube-жобасының кеңсесіне тағы да шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бұл жолы бұзақылар кеңсенің сыртқы есігінің әйнегін сындырған. Осыдан аз уақыт бұрын, қазан айында да редакция кеңсесіне шабуыл жасалып, белгісіз адамдар есіктің әйнегін сындырып, кіреберіске «Elmedia.kz News» деп жазып кеткен еді. Редакция қызметкерлері аталған екі оқиғаны өздеріне жасалған қысым деп есептейді.

Elmedia YouTube-арнасының іске қосылғанына тоғыз айдан астам уақыт болды. Аталмыш арнаның контентіне объективті баға беру үшін бұл аз уақыт емес. Бұл арнаға елімізге танымал, ардагер журналист Гүлжан Ерғалиева жетекшілік етеді. Ол бұған дейін де оппозициялық бағыттағы бірнеше жобаларды – «Свобода слова», ADAM bol журналы, ADAM, «Адам», Guljan.org жарыққа шығарды. Бұл басылымдардың барлығы кезінде сот шешімімен жұмысын тоқтатқан.

Гүлжан Ерғалиева жаңа Elmedia жобасын «кезінде жабылған жобаларының есесіне» деген екен. Сонымен, оның қалай шыққанына шолу жасап көрсек.

Арнаның алғашқы шығарылымы биыл 12 ақпанда жарық көрді. Бүгінге дейін Elmedia 130-дан астам видео жариялады, арнаның 84 мың астам жазылушысы бар. Әр жарияланған видео қаралымы 2,5 мыңнан (халықтың несиесіне байланысты шығарылым) 430 мыңға (экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен сұхбат) дейін жеткен.

Арна авторлары әу бастан-ақ «Осы жылдар ішінде атқарған жұмысты жалғастырамыз.  Осыған дейінгі қоғамдық-саяси және сараптамалық концепцияны әрі қарай жүзеге асыруға күш саламыз» деген мақсат қойғанын мәлімдеген болатын. YouTube-жобаны телевизиялық форматтағы ақпараттық арна етіп, кәсіби студиямен жабдықтады, сюжеттер ұсынып, сұхбат жүргізді, барлығын тікелей эфирде көрерменге ұсынды. Жаңа YouTube-арнаның талпынысы мықты еді. Оның үстіне бағдарламаларға арқау болған ақпараттық негіздер де аз болмады: Қаңтар оқиғасы, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, референдум, президент сайлауы және тағы басқа.

Алғашқы шығарылым эфирге шықпай тұрып, әлеуметтік желіде арнайы жарнама роликтері үздіксіз беріліп, арнаның беткеұстары ретінде атышулы рэпер Жан Ахмадиевтің қазақша хабарларды жүргізетіні белгілі болды.

Ол көшеде жеңіл жүрісті әйелдерді және басқа да ерсі қылықты қыздарды қамшымен сабағаны көпшіліктің есінде. Саяси тақырыптарды қозғайтын арнаның  журналисі бола отырып, Ахмадиев әртүрлі ток-шоуларға «сарапшы» ретінде қатысып жүреді, онда көбінесе «әйелдер бәріне өзі кінәлі» деген пікірді ұстанатыны да белгілі. Ахмадиевті жүргізуші ретінде шақырғанда Elmedia кәсіби шеберлік пен біліктілікке емес, оның танымалдығына мән берген сияқты. Мұндай арнада рэп айтатын әншіні журналист ретінде көру біртүрлі, әрине.

Бастапқыда арнаның шығарылымдары күн сайын 21.00-де орыс және қазақ  тілінде шығатынына уәде беріліп, біраз уақытқа дейін бұл үрдіс жалғасқан еді. Алайда қазақ тіліндегі хабарлар біртіндеп эфирден жоғала бастады. Соңғы қазақша шығарылым тамыз айында көрсетіліп, одан кейінгі хабарлар тек орыс тілінде ұсынылып келеді.

Бұған бірнеше себептер бар сияқты. Біріншіден, қазақша эфирлер қаралымы орысшамен салыстырғанда анағұрлым аз болды. Екіншіден қазақ аудиториясына арналған контенттің мақсаты межеге дөп тимеді. Ал үшіншіден, арнаның қазақ оқырманын көптеп жинай алмауына жүргізушіні дұрыс таңдамауы да себеп болды.

Сол себепті де қазақ тіліндегі хабарлардың тақырыбын таңдауда аумалы-төкпелі жағдайға түсті. Алғашқы шығарылымдарда аудиторияны салмақты, өзекті тақырыптармен жаулап алмақ болған әрекеттің бәрі сәтсіз шықты. Мәселен «Отбасы банк жабылады? Мамайды неге қамады?» тақырыбымен шыққан хабарда жүргізуші Жан Ахмадиев студия қонағы Марат Әбдірахмановтан сұқбат алды. Мәселенің төркінін түсінбеген жүргізуші сұхбаттасын: «Билік банкті не себепті жаппақшы? Банкті жабуда билік нені көздеп отыр?» деген сұрақ қояды. Бұл сұраққа сарапшы ойланбастан: «Мақсат – адамдарға аз ақша төлеу» деп жауап қатады.

Бұл жерде айта кету керек, мәселе банктің жабылуы туралы емес, қаржы институты мәртебесінің өзгеруі туралы екеніне қарамастан, шығарылымда бұдан былай банк тұрғын үй несиесін бермейді дегенге саятын теріс ақпарат берілді. Жүргізушінің нақты мәселелерден хабары жоғы, кәсіби білігі төмендігі көзге ұрып-ақ тұр. Өйткені хабарды соңына дейін қарасаңыз, журналист пен студия қонағының әңгімесінен халық банкке жүгіріп, өз салымын тездетіп кері алуы керек дегенге үндегендей әсер аласың.

Қазақ тілінде бірнеше қоғамдық-саяси тақырыптағы хабарлардан соң, арнада күтпеген жерден «ойын-сауыққа» құрылған «жұлдыздармен сұхбат» пайда болды. Бұл қоғамдық-саяси бағытты ұстанған салмақты арна оқырманы үшін әрине тосын жағдай. Десек те, бұл орта Жан Ахмадиевке әлдеқайда үйреншікті екені сөзсіз. Сондай шығарылымның бірінде студияға қонаққа келген әнші Бақыт Шадаева «Димаштың дауысы дұрыс қойылмаған, мектептен өтпеген» деп, тіпті «үлкен сахнаға жолдаманы мен бердім» деп мәлімдейді. Бұл сұхбат желіге кең тарап, дау- дамай туғызды. Нәтижесінде Шадаева Димаштан кешірім сұрап, ал арна сұхбатты алып тастады. Әнші Айжан Нұрмағамбетовамен болған сұхбатта Украина, Қаңтар оқиғасы туралы әңгіме қозғап, шығарылымды өзекті қылуға тырысты, әдеттегідей болашақтағы шығармашылық жоспарын да сұрады. Алайда соңында «дәстүр бойынша бір ән шырқап беруін» өтініп, «бәрін бүлдіріп алды».

Ал «қазақтың қарыз дәптеріне» қатысты шығарылымда кадр сыртындағы дауысты тыңдап, «Хабар» арнасының «ғажайып» бір сюжеті ме дерсіз. Ішер тамағын қарызға алып, борыш батпағына батқан халықтың жағдайын емес, керісінше жарқын болашағы бар ел ертеңін сөз еткен хабар іспеттес.

Осымен Ахмадиевтің түрлі эксперименттері де түгесілген сыңайлы. Бұл шығарылым қазақ тіліндегі соңғы шығарылым болды. Мойындау керек бірақ, Ахмадиев халықтың несиесін кешіру тақырыбындағы шығарылымда бар өнерін көрсетуге тырысты. Ол хабарға өзінің рэп әндерін, интернеттен алынған мэмдер, басқа да әжуа-қалжың дүниелер қосып мейлінше қызықты қылуға ұмтылды. Өкінішке қарай, Ахмадиевтің ол еңбегі небары 2,6 мың қаралыммен шектелді. Бәлкім, бұған осындай «креативтен» кейін Қаржылық мониторинг бойынша агенттік қызметкерінің 50 минутқа созылған іш пыстырған қызықсыз сұқбаты себеп болған шығар.

Әйтеуір осыдан кейін қазақша шығарылымдардың шығу жиілігі біртіндеп азая бастады. Кейінірек қазақ тіліндегі хабарларды журналист және қоғам белсендісі, қазіргі таңда үйқамақтағы Әйгерім Тілеужан жүргізіп бастады.

Естеріңізге сала кетейік, оған «Алматы әуежайын басып алу және қаңтар оқиғалары күндері жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айып тағылған.

Әйгерімнің бірнеше эфирін тамашалаған адам арнаның қазақ тіліндегі хабарларды неге тоқтатқанын аңғарған болар. Мысалы, Тілеужанның қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлымен сұхбатын алайық. Сұхбат тақырыбы – Қаңтар оқиғасы мен саясаткер Жанболат Мамайдың қамауға алынуы. Осы эфир барысында-ақ журналиске камера алдында жұмыс істеу қаншалықты қиындық тудырғанын бағамдау қиын емес. Шығарылым тақырыбы мен сұхбаттасушыны көрерменге таныстыруының өзі шынайы шықпағаны сондай, дауыс ырғағы пафосқа толы шығып, әңгімелесу желісін жиі үзіп алып отырды. Соның салдарынан студия қонағы 6-7 минут бойы сөйлеп, тіпті кей кездері өз-өзімен сөйлесіп отырғандай көрінді.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұрынғы жүргізуші Ахмадиевке салмақты сұхбаттарда тым ойнақылық әрекеттері кедергі келтірсе, ал Әйгерімнің сұхбатына керісінше тым суық, қатал образы салқынын тигізіп отырды. Сондай-ақ жүргізушінің кемшін тұсының бірі – нақты сұрақтар қоя алмауында еді. Мысалы, сыртқа кеткен ақшаларды елге қайтару жөніндегі шығарылымда спикерге қойылған сұрақ өңірлерді газдандыру, қымбатшылық, мектепке әзірлік, баспана проблемасы сынды мәселелермен араласып, осыларды шешу үшін үкімет не істеп жатыр деген жалпылама сауалмен қойыртпақталып кетті. Нәтижесінде алынған жауап та 7-8 минуттық және жалпылама болды.

Десек те, Әйгерімнің репортаждары әлдеқайда жақсырақ шығатын еді. Қазақ тіліндегі соңғы эфир тамыз айында жарыққа шықты.

Ал орыс тіліндегі берілетін хабарлар мен оның концепциясына келер болсақ, ол жақта басқа проблемалар көзге түседі. Арнаның «басты жүргізушісі» Гүлжан Ерғалиевадан бастайық. Ардагер журналисті танитындардың хабары бар, сұхбаттасушы адамнан гөрі өзі көбірек сөйлеп, кейде өзі естігісі келген пікірді сұхбат берушінің аузына салып айтқызуы Гүлжан Хамитқызының ежелгі әдеті. Осы айтқандарымыздың айқын көрінісін оның қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен өткізген сұхбатынан анық байқайсыз. Бұл сұхбатты ең сәтсіз сұхбаттар қатарына жатқызуға болады.

Мәселен «Қазақстан халық конгресі» партиясын қайта жандандыруға не себеп болғанын сұраған Гүлжан Хамитқызы сұрақ қою барысында өзінің сонау жылдардағы осы партия атынан парламент сайлауына қатысқанын, партияның ұйымдастыру жұмысына белсенді араласқанын айтып, ұзаққа кетіп қалды. Шұбалаңқы, ұзын-сонар сұраққа берілетін жауап та сондай болары анық. Студия қонағы да жоғалған 30 жылдық тарихқа тереңнен кіріп, бақандай үш минутын Нельсон Манделамен өткен кездесуіне арнады. Жауап уақыты тым ұзаса да, сұраққа нақты жауап берілмеді. Сұхбаттасушының жауабын күтпестен, журналист оның сөзін бөліп, қайтадан сол сұраққа айналып соғып, «Партиялық қызметке қайтадан келуіңіздің себебі неде? Әлде бұл аяқсыз қалған бір шаруаңыз ба еді?» деп сұрайды. Студия қонағы бұл жолы да нақты сұрақтан ауытқып, «капитализмді» қалай құрғандарын, кейін қалай «жабайы нарықтық феодализмге тап болып, басты феодалды жарыққа шығарғандарын» айтып тақырыптан ауытқып кетеді. Үшінші рет «бар күшін» салған Гүлжан Хамитқызы «сол кезде жасай алмағанды қазір жүзеге асыруға, қол жеткізуге әрекеттеніп жатырмын» деген сөзді Олжас Омарұлының аузынан шығартты.

Келесі сұрақты қойғанда жүргізуші алдымен өзінің жеке ойын айтып, ұзақ тарқатты: «Сіз Тоқаевқа көмектесемін деп мәлімдедіңіз. Негізінде барлық партия өзара бәсекелес болуға тиіс, әр партияның президенттікі секілді өз бағыт-бағдары бар, ал сіз керісінше президентке көмектесем дейсіз. Президентке көмек қажет пе, әлде оған сіз сияқты саяси салмағы басым адам керек пе? Басқалар оған сын айтып, балама бағдарламасын ұсынып жатқанда, неге сіздің оған көмектескіңіз келеді?»

Сұхбаттасушы алыстан орағытып әңгімесін бастай бергенде, жүргізуші ендігі сөзін қазіргі президенттің жеке қасиеттеріне қатысты өрбітті. Спикердің сөзінен жұрттың бәрі президентті «зиялы, білімді» дейтініні, сонымен қатар кезінде президентпен дастарқандас болғаны және оның әкесін кезінде танығаны туралы болмаса, басқа жаңалық естімедік.

Осыдан кейін әңгіме бұрыңғы елбасының жеке қасиеттеріне қарай ойысты. Ал бұл тұста Олжас Омарұлы «халықтан ұрланған ақшаны кері қайтару» туралы айтып, өткен күндерге қайта шолу жасаумен болды. Нәтижесінде Гүлжан Хамитқызы бастапқы сұрағына қайта оралып: «Міне осындай себептерге байланысты өзіңіз және партияңыз президентке қолдау көрсетпекшісіз бе, өйткені сіз оған сенім артасыз, өйткені ол осы қызметке лайық, ол өз қызметін дұрыс атқарады деп санайсыз, өйткені…» дей бергенде, студия қонағы оны мақұлдап, басын шұлғып: «Иә, иә» деп отырды.

Арна студиясына шақырылған танымал тұлғалармен өткен сұхбаттардың басым бөлігі аудиториясына мардымсыз ақпарат беріп, көбінесе бір-бір жарым сағаттық уақыттың текке кеткенін еріксіз мойындатады.

Алайда бұл қатарға Аян Шәріпбаевтің архитектор Нұрлан Төрехановпен жүргізген сұхбатын жатқызуға келмес. Астана атының өзгеруіне қатысты өткен сұхбатта елдегі архитектуралық мәселелер де сөз болды. Сұхбат басталмастан бұрын жүргізушінің сарказмға толы сөз бастамасы мен кәсіби тележурналист Парыз Байтеновтің қызықты сюжеті де өте тартымды шықты.

Алдынғы сұқбатқа қарағанда бұл хабар әлдеқайда қысқа уақытты қамтыды. Динамикасы да, ақпараты да бар. Сондай-ақ спикер өзгеше көзқарасы бар, әзілқой екені белгілі. Сұхбат онлайн түрде өткенімен, спикердің автокөлікте отырып әңгімелесуі анағұрлым әсерлі, шынайы шықты. Әңгіме архитектуралық дизайнда ғана емес, қоғамдағы саяси жүйенің архитектуралық кескіндерге қатысты болғандықтан, сұхбат кезінде импровизацияға мейлінше жол берілді.

Арнада түрлі тақырыптар қамтылуымен қатар, журналистік зерттеу жанрына да орын берілгенін атап айту керек. Алайда оларды толыққанды журналисттік зерттеу деп айту қиын. Мәселен соңғы зерттеу жұмысының бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты хабарда Гүлжан Ерғалиева «бүкіл ақпарат нақты фактіге құрылғанын» алға тартқанымен, шығарылымда фактіден гөрі түрлі болжамдар басым болды. Зерттеуде 2014 жылы Монакода қазақстандық элитаның кездесуі, онда Тоқаевтың тақ мұрагері ретіндегі тағдыры шешілгені, Назарбаевтың жақындары Қаңтар трагедиясының алдында қара шаңырағында қазіргі президентке қарсы «қастандық»  жоспарын дайындаған  «құпия кештері»  немесе Кремльдің қаңтар айындағы оқиғаға қатысы туралы айтылды. Алайда зерттеу материалында осы айтылғандарға қатысты нақты дәлелдер ұсынылмады.

Көрермендер осыған дейін де түрлі ақпарат құралдарында сарапшылардың айтып, жазып келген дүниелерінен басқа тың жаңалық көре алмады.

Арнаның стационарлық студиясын безендіруге тоқталсақ, қара түс мейлінше салмақтылықтың белгісін көрсетеді. Алайда студияға келген кей қонақтардың қара түсті киімі артқы фонмен түстесіп, көрінбей қалатыны бар.

Жалпы, арнаны қарап шыққаннан кейін түйгеніміз: күннің басты оқиғасы, жаңалықтар, репортаждар, сараптама жасауға ұмтылыс, сұхбаттар, журналисттік зерттеулер, сондай-ақ, видеолардың біркелкі хронометражыны сақтамауы, шығарылымдардың жиілігін (YouTube оны «жақсы көреді») сақтамауы сәттілікке апарар жол емес. Сондықтан болар, шығарылымдар арасындағы қаралымы тым алшақ және олардың мазмұны хаос сезімін тудырады.

Ұлықтау рәсімі, ҰҚШҰ саммиті, еңбек нарығы: 21-27 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы ҚР президентін ұлықтау рәсімі, Ереванда өткен ҰҚШҰ саммиті, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей-Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға шақырғаны, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдаудан бас тартқаны, Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы боп тағайындалғаны туралы болды. Сондай-ақ, бұл аптада еңбек нарығына қатысты сюжет көп: қызмет барысында қаза тапқан өрт сөндірушінің оқиғасы, дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша дәрігерлер даярлау, базардағы саудагерлердің заң талаптарын орындамауы және тағы басқа.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасының уақыты қысқарды – енді жарты сағат эфирде жүреді. Жігер Сәрсен бағдарламаны президент сайлауының қорытындысы туралы ақпараттан бастады. Оның айтуынша, дауыс беруге қатысқан 8 миллионнан астам сайлаушының 460 484-і сайлауға «дауыс беру парағындағы бәріне қарсымын деген торкөзді «түрту үшін» ғана келіпті». «Бәріне қарсымын» графасы да сайлаушының пікірін білдіреді. Сондықтан оны «түрту үшін» деп мұқату этикаға қайшы.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президентті ұлықтау рәсіміндегі сөзінен үзінді берілді.

«Жеті күн» Ереванда өткен ҰҚШҰ саммиті және Иманғали Тасмағамбетовтың ұйым басшылығына келуі туралы айтып, саясаттанушының пікірін берді. Сюжетте сондай-ақ Пашинянның реніші, Тоқаевтың сөйлеген сөзі, сарапшылар пікірі берілді.

25 қараша – Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жою күні. «Жеті күн» осы күнге арнап сюжет әзірледі. Сараптамалық бағдарламалардың арасында бұл тақырып туралы әзірленген жалғыз сюжет. Отбасындағы әйелдердің зорлық-зомбылығына тосқауыл қою үшін әзірленіп жатқан заң жобасының талаптарына қатысты сыни ұстанымы басым сюжет болды. Тілші жобаның кемшін тұсына мән берген.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Алматыда орналасқан ескерткіштердің сапасы туралы болды. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қалада орнатылған Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің биіктігі талапқа сай еместігін айтты. Тапсырыс бойынша 4 метр болуы тиіс ескерткіштің биіктігі қазір – 3,5 метр. Сондай-ақ, белсенділер оның қоладан құйылғанына күмәнданып отыр. Алайда сюжетке пікір білдірген ескерткіш авторы – мүсінші бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ. Ал ескерткішке  тапсырыс берген тараптан пікір алынбаған.

Sarap-Times, Astana TV

Бұрын 1 сағатқа жуық эфирде жүретін бағдарлама уақыты 45 минут қысқарған. Бағдарламаның алғашқы сюжеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау салтанатынан жасалды, президент сөзінен үзінді берілді.

Бұдан кейін Ереванда ҰҚШҰ саммиті өткенінен ақпарат берілді. Жүргізуші кеңестің жабық жағдайда өткенін айта келе, Никол Пашиняннің ұйым жұмысына қатысты ренішін, ұйым төрағалығына Иманғали Тасмағамбетовтың бекітілуін және Ереванда ұйымға қарсы шерулер өткенінен ақпарат берді. Жеке сараптауға сұранып тұрған тақырып еді, алайды арнайы сюжет болмады. Осыдан кейін президенттің алдағы аптадағы шетелдік сапарлары туралы айтты.

Жүргізуші «сақа деген сарапшылардың» дерегіне сүйеніп, елде 2 млн адам банкрот болуы мүмкін деген ақпарат берді. Осыдан соң «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны туралы сюжет ұсынылды. Сюжетте сарапшылар, қарапайым азаматтардың пікірі, заң жобасында қаралып жатқан талаптар туралы ақпарат бар. Дегенмен азаматтардың банкорттығын жариялау кредитті кешіру емес. Екеуі екі бөлек ұғым. Заң жобасына сәйкес, банкрот деп жарияланған тұлғаның несиесін өтеуге өзі міндеттеледі емес пе? Тілші бұл жайтты зерттемеді.

Студия қонағы – депутат Ерлан Саиров президент сайлауының қорытындысына қатысты пікір білдірді.

Астанада қызмет барысында қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің денесі жер қойнына тапсырылды. Sarap Тimes осы жағдай жөнінде сюжет әзірлеп, марқұм жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, өрт сөндірушілердің жалақысы өсетіні туралы Төтенше жағдайлар министрі Ильиннің мәлімдемесі бар.

Sarap Тimes бағдарламасы мұражайлардың жәдігер қорына байланысты сюжет әзірледі. Сюжет тың әрі өзекті тақырыпты қозғаған. Орал мен Астананың музейіндегі жәдігерлердің сақталу жағдайын салыстырғаны ұтымды болды.

Бағдарлама әзірлеген соңғы сюжет осы тақырыппен үндес. Өткен аптада әлеуметтік желілерде Алаш арыстарының көзі жоқ суреті басылған киімдердің сатылымға шығуы туралы ақпарат қызу талқыланған еді. Sarap Тimes түрлі сарапшыдан, маманнан пікір алып, мұның қаншалықты қисынды екенін талдауға тырысқан, киімді сатылымға шығарған кәсіпкердің мәлімдемесін ұсынды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Қарағанды облысына қарасты Ақбастау ауылындағы мектеп мұғалімі Әлихан Ибрагимовтың әлеуметтік желіде оқушылардың білім деңгейі туралы жариялаған жазбасы қоғамда қызу талқыланды. «Айна» осы жағдай туралы сюжет ұсынды. Тілші мұғалімге бұл мәлімдемесі үшін қысым жасалмағанын айтты. Дегенмен, сөзге тартқан сарапшылардың бірі мұндай жағдайда жас мұғалімге қысым жасалмауы мүмкін еместігін тілге тиек етті. Сюжетте екі тараптың пікірі бар, десек те, ата-ананың яки оқушының пікірі болмады.

2023 жылдан бастап дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша дәрігерлер даярлау көзделіп отыр. Ауылға жұмысқа орналасқан ақ халаттыларға өтемақы берілмек. Сонымен қатар, банк депозитіндегі қаражатқа 10% өтемақы төленеді. Гүлнәзия Жалғасқызы «eGov куәгері» айдарында өтемақы алудың шарттары туралы материал әзірледі.

«Айна» бағдарламасы Катардағы футболдан Әлем чемпионаты туралы сюжет әзірледі. Онда негізінен чемпионаттың сыртындағы қызықты оқиғалар баяндалды.

Ақбөпе Тәңірберген базардағы саудагерлердің заң талабын орындамауы, чек бермеуі, касса аппаратын қолданбауы туралы сюжет әзірледі. Бір базардың мысалында тілші бірнеше заңсыздықты көрсетті. Сараптамалық бағдарламаларда заң талабын түсіндіретін сюжеттер аз жасалатанын ескерсек, проблема орынды көтерілген.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta төтенше жағдайдан басталды. 27 қарашаға қараған түні Екібастұздың Жылу электр орталығында апат болып, 130 көпқабатты үйдің тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалды. Редакция бұл туралы үлкен сюжет жасапты, бірақ жүргізуші Альбина Әшім материал әлі эфирге дайын емес екенін, кейінірек эфирден беретінін айтты. Осылайша, QAZAQSTAN телеарнасы тұтас қала тұрғындарының мәселесіне бей-жай қарамай, президентті ұлықтау рәсімінен бұрын көрсетті.

26 қарашада ҚР президентін ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Үлкен әрі кәдуілгі қалыптан аспаған сюжет құрылымы Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі мен әкім, депутат, министрдің қолдау комментарийінен тұрады. Материал басында да, соңында да Тоқаевтың: «Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез» деген сөзіне баса мән берді, осы сөзден бастап, сол сөзбен түйіндеді.

Сайлаудан кейін не өзгереді? Міне, осы сауалға жауап іздеген сюжеттің алғысөзінде әлемдік медиа президент сайлауы туралы не дегеніне шолу жасады. Жүргізуші Альбина Әшімнің сөзін қаз-қалпында келтірейік: «Еуроньюс» бұл жолғы сайлауда президенттікке талас белсенділеу болғанын жазыпты. «Неміс толқыны» Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда үлкен жетістікпен жеңіске жеткенін жазып, материалда Украина мен Ресей арасындағы соғыстың Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін екенін талдапты. Ал «Дипломат» басылымы «Тоқаевтың екінші мерзімінен не күтуге болады?» деген тақырыппен көлемді материал жариялаған. Сарапшылар Қазақстан президенті экономикалық реформалар мен мемлекеттік аппарат жұмысының тиімді болуына басымдық беретінін айтқан».

Сюжетте ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының проректоры Еркін Дүсіпов, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев, экономист Жангелді Шымшықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ғазиз Құлахметов пен Еділ Жаңбыршин сөйлеп, сайлаудан кейін не өзгереді, нені өзгерту керек, деген сауалға пікір айтты.

«Apta қонағы» айдарына экономист Қайырбек Арыстанбеков келіп, сайлаудан кейінгі экономикалық реформалар туралы әңгімелесті.

Бағдарламаның орта тұсына таяғанда, Екібастұз ЖЭО-дағы апат туралы материал да эфирге дайын болған екен. Сюжетте әкімдік жиналысын, шенеуніктер не амал жасап жатқанын көрсетіп, әкімнен бастап министрлік өкіліне дейін сөйлетті. Әйткенмен, мұндағы басты сауал – қақаған қыста жылусыз қалған жұртшылық қалай өмір сүріп жатыр? Көрермен де осы сауалдың жауабын біліп, жағдайын көргісі келеді. Алайда сюжетте мұны көрсетпеді, тұрғындар хикаясы болмады. Көшеде тұрғындардан алған сауалнамамен шектелді. Ал тілшінің қала ішінен жасаған стендаптары мақтауға лайық екен.

Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтті. Осы саммит жөніндегі хабарда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға шақырғанын, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдаудан бас тартқанын, Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы боп тағайындалғанын және оның не қызмет екенін айтты.

Осы аптада Украина тарихта тұңғыш рет тұтастай жарықсыз қалды. Украинадағы жағдайға шолу сюжет кешегі сенбіде Украина жұрты 1932-33 жылдары миллиондаған адамның өмірін жалмаған ашаршылық құрбандарын еске алып, осыған орай президент Владимир Зеленский жұбайымен ескерткішке гүл шоқтарын қойғанынан басталды. Ресей қарулы күштері Украинаның энергетикалық жүйесін ракеталармен, дрондармен қайта-қайта атқылап, істен шығаруынан жарықсыз қалған украин халқының қиын жағдайын баяндап, тұрғындарды және Украина президенті В.Зеленскийдің комментарийін берді.

Ресейдің федералді телеарнасынан көрсетілетін «Вечер с Владимиром Соловьёвым» ток-шоуында саясаткер Дмитрий Дробницкий: «Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы – Қазақстан» деп мәлімдеме жасап, Қазақстан қоғамын дүрліктірді. Содан кейін бағдарлама жүргізушісі Владимир Соловьев ақталуға талпынып, «Қазақстанды жақсы көремін» деген бейнеүндеу жасады».

Апта ішіндегі ең маңызды жалықтарға шолу төрт тақырыпты қамтыды:

  1. Қарағандыдағы Ленин шахтасында болған апатқа 100 пайыз жұмыс беруші, яғни «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кінәлі.
  2. Сенат шетелдік көліктерді тіркеу бойынша заңды  қабылдады. Енді қазақстандықтар автомобилін 200 мың теңге төлеп тіркей алады.
  3. Ұшақ кешіксе, әуе компаниясы билет құнының бір бөлігін қайтаруы тиіс.
  4. 2025 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданатын жүк көлемі 10 млн тоннаға дейін артады.

Темір қалдықтарын экспорттауға салынған шектеу мерзімі тағы жарты жылға ұзартылды. Енді вагонмен тасымалдауға да рұқсат жоқ. Жалпы еліміздегі темір өндірісі қандай жағдайда? Құрылысқа ең қажетті тауар арматураға деген сұранысты отандық зауыттар қамти алып жатыр ма? Міне, осы мәселе үлкен сюжетке арқау болыпты. Темір сататын кәсіпкерден бастап салалық министрлік өкіліне дейін сөйлетіп, комментарий алыпты. Сюжеттен түсінгеніміз – темір сатуға тыйым салынған, бірақ отандық индустрия темірді өңдеуге не қауқарсыз не арзан бағада сатып алады. Бұған кәсіпкерлер наразы.

Бағдарлама Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатымен түйінделді. Мұнда футболдан гөрі, Иранның ұлттық командасы Әнұранын айтудан бас тартқанына және Иранда екі жарым ай бұрын басталған демонстрациялар мен қақтығыстар кезінде 450-ге жуық адам қаза тапқанына көбірек тоқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.