Алдыңғы бір материалда Verification Handbook атты кітап — төтенше жағдайлар кезінде пайдаланушылар жасайтын контентпен (User-generated content) жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық туралы жазған едік.
Жақында Европа журналистика орталығы екінші Verification Handbook for Investigative Reporting кітабын жариялады. Бұл — бірінші кітапты толықтыратын, журналистік зерттеулерде UGC және ашық дерек көздеріндегі ақпаратты қолдану жөніндегі нұсқаулық.
«Журналистер, адам құқықтарын қорғаушылар, белсенді азаматтар және басқалар өз зерттеулерінде пайдаланушылар контенті мен ашық ақпаратты қолданады.
Алайда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық деректер базасында ондай ақпарат тым көп болғандықтан, сол ақпаратты іздеу және тексеру жөнінде біраз білім керек».
Тегін электрон кітап он тараудан тұрады және ақпаратты онлайн іздеу, зерттеу техникалары, пайдаланушы контентінің растығын тексеру және зерттеудегі этика принциптерін қолдану жөніндегі нұсқаулықты қамтиды.
Кітаптан 3 кеңес
1. Іздеуді қолдана біліңіз
Google немесе Yandex арқылы қажет ақпарат таба алмай қалатын кездер болады. Бірақ, іздеуді неғұрлым тиімді пайдалануға көмектесетін біраз кеңестер бар.
Мысалы, іздеу сұранымдары операторларын қолданудың өзі қажет ақпаратты табуға көмектеседі.
Айталық, сізге белгілі бір кілтсөздер бойынша іздеу нәтижелері керек болса, OR операторы көмегімен қосымша іздеу опцияларын қосуыңызға болады.
Интернетте және түрлі әлеуметтік медиа құралдарында ақпарат іздеу техникалары жөнінде толығырақ 3-тарауда жазылған.
2. Әрқашан деректерді екі рет тексеріңіз
Деректерді тексеру – оларды сараптауға кірісер алдындағы қажетті кезең. Шын мәнінде, деректерді сараптап болғаннан кейін де тексеру керек.
Сараптамадан кейін деректерді тексеру – зерттеу жүргізудегі деректермен жұмыс істеудің ең маңызды сатысы, жасаған шежіреңіздің растығын тағы бір тексеріп, болжамдарыңыз расқа шыққан-шықпағанын көруге тағы бір мүмкіндік.
Деректерді тексеру жөнінде толығырақ 5- тарауда жазылған.
3. Жерсерігінен түсірілген суреттерді қолданыңыз
YouTube-тағы видео сияқты пайдаланушы контенті зерттеу жүргізу кезінде пайдалы болуы мүмкін, алайда, оның растығын үнемі тексеріп отыру керек.
Видео қандай да бір нақты мекенде түсірілген болса, журналист сол жердің жерсерігінен түсірілген суретін тауып, видео мен суреттегі белгілерді салыстыруына болады.
Бұл техниканың көмегімен, видеоның геолокациясын тексеріп қана қоймай, түсірілім кезінде камера қай нүктеде тұрғанын да есептеп шығаруға болады.
Пайдаланушы контентін тексеру туралы толығырақ 6-тарауда жазылған.
BBC, Der Spiegel және Eliot Higgins’ Bellingcat, Tow Center for Digital Journalism, Amnesty International, WITNESS және SAM верификация платформасының атсалысуымен жазылған кітапты Verification Handbook сайтынан көшіріп алуға болады.
Түпнұсқа мәтін Creative Commons СС-BY-SA 3.0 лицензиясымен te-st.ru сайтында жарияланған.