Қазақстанда соңғы аптаның тақырыбы — әйелдер митингі, дәлірегі көпбалалы аналар және феминистер жиыны болды. Феминистер митингіне ресми рұқсат етілсе, көпбалалы аналарға рұқсат берілмеді. Бұл тақырыпты қазақстандық телеарналардың барлығы дерлік апталық қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларында шығарды. Феминистер митингісіне келсек, КТК тілшілерінің бұл оқиғаны қаншалықты кәсіби баяндағанын, толымды сюжет жасағанын көреміз. Ал «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының көпбалалы аналар жиынына қатысты сюжеттерінде тепе-теңдік жетіспеді. Дәстүрлі апталық мониторингімізде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық бағдарламаларын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Бағдарлама «алматылық дәрігерлер ісінен»: №4 қалалық аурухананың басшысы Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаевтың тұтқындалуы мен босатылуынан басталды. Журналистер оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі әңгімеледі, бірақ тараптардың: дәлірегі полицейлердің, судьялар және/немесе Қаржы министрлігі экономикалық қылмыстар Департаментінің (неліктен екені түсініксіз, бұл департамент Тезекбаев ісімен айналысады) айтарын естімедік.
Екі жасар баласын сабаған өгей әке туралы сюжет. Бала ес-түссіз жатыр, ер адам тұтқындалды. Дәрігерлердің, бала туыстарының, заңгердің және бала құқықтағы жөніндегі уәкіл Аружан Саинның пікірі бар.
Жалпы алғанда, сюжет отбасындағы зорлық-зомбылықты ізгілендірудің соңы талай жанжалсүйерді еркінсітіп жіберуіне арналды. Кезінде зорлық-зомбылықты ізгілендіруге дауыс берген әлдебір депутаттың не ізгілендіру бастамасын көтерген шенеуніктің пікірі жетіспеді. Неліктен бұлай етті? Түрмелерден орын босатқылары келді ме? Осы сауалдарға жауап беретін пікірлер қажет-ақ еді.
«Больше деталей» айдарында да тепе-теңдік жетіспеді. Мұнда Ақтау мен Нұр-Сұлтанның коммуналшылары жылыту маусымының алдында тарифті көтергісі келетіні туралы айтты. Наразы тұтынушылар, тәуелсіз сарапшылар, сол өтінімдерді қарап жатқан антимонополшылар бар, бірақ жылу беруші-таратушылардың пікірі жоқ. Олар өздері ұсынатын қызмет бағасын неліктен көтергісі келеді? Тіпті сарапшы Петр Своик шынтуайтында тарифті монополистердің өзі ойлап шығаратынын айтады.
Есесіне, пластикалық ота жасайтын хирургтер туралы сюжетте тепе-теңдік сақталған. Материалда ем алушының өліміне күдікті дәрігерлердің қорғаушылары, шенеуніктер, сарапшылар және жапа шеккен/көз жұмғандардың туыстарының қорғаушылары да бар. Тілші ешбір тарапқа ауытқымай, деректерді бейтарап баяндайды.
Бағдарлама авторлары феминистер митингі және елдегі феминизм сынды күрделі тақырыпты мейлінше абайлап әрі байыппен қозғады. Сюжет кіріспесінде ширықтырған бір сәт болды. Тележүргізуші Алексей Рыблов жанындағы тележүргізуші Анна Яломенкомен диалогында біздегі жағдай Иран және Түркіменстанмен салыстырғанда жаман емес, өйткені Иранда әйелдердің алаңнан футбол көруіне енді-енді рұқсат ете бастады, ал Түркіменстанда әйелдердің темекі тартуына тыйым салынған, деп айтып салды. Рыблов тарапынан аз-кем троллинг болуы да мүмкін. Десе де тепе-теңдік сақталып, барлық тараптың пікірлері қамтылған сюжет болыпты.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы да қатысушылары «қоғам тыныштығына қауіп төндірді» деп, тұтқындалған наразылық акциясы мен әйел құқықтары үшін рұқсат етілген митингіні салыстырды. Журналистің «рұқсат етілмеген, демек заңсыз», «пікір бар да рұқсат ету бар» деген сияқты түрлі журналистік оралымды сөздеріне қарамастан, аса түсініксіз сюжет. «Тұтқындалған бала туралы оқиға ерекше көзге түсті, 2000 жылы туған бала екен, демек 19 жаста, демек өз іс-әрекетіне жауап беретін жас» деген журналист сөзімен қатарласып экранда балаларын ерткен әйелдің жүріп бара жатқан автозакты ұрғылаған сәті көрінеді. Әрмен қарай полицейдің «ол қызметкерлерді арандатты» деген мәлімдемесін береді. Ол кім, тілші айтып жатқан 19 жастағы бала ма, әлде видеодағы әйел ме? Еш түсініксіз.
Материалдың екінші бөлігі, рұқсат етілген митинг тақырыбына ойысқанда, журналистің тілі қамқор тіркестерге, яғни «әйел жолдастар», «митингке шығар алдын не үшін күресетініңізді біліп алған қисынды» сынды сөздермен өріледі. Митинг қатысушыларының да анық цитатасы жоқ, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамның «ер мен әйелді қарама-қарсы қоятын мұндай қозғалыстардың тірлігі дұрыс емес, бұл – ашу-ыза» деген пікірі сюжеттің шарықтау шегі болды. Әйел құқықтары үшін митингіге шыққан жас қыз-жігіттердің жүзінен ешқандай ашу-ыза байқалмайды.
«Аналитика» 10 минуттық сюжетін генетикалық ерекшелігі бар адамдарға арнады. Журналистердің бұл тақырыпты қозғауына осы аптада «Еуразия бірінші арнасында» көрсетілетін «Бір сұрақ» бағдарламасына келген ақтаулық альбинос апалы-сіңлілілердің оқиғасы түрткі болса керек. Бұл ақпараттық түрткіні көрермендерге көрсетпеді, оның орнына Түркістандағы сақалы бар әже, ауыруды сезінбейтін павлодарлық ер адамды көрсетті. Әрмен қарай Youtube-тан Дондағы Ростовтағы Margo Tops атты қыздың «Өзгеше аурумен ауыратын 5 адам – 2018» видеосын береді.
Бағдарлама авторлары осы сюжетімен Қазақстанда да генетикалық ерекшеліктерге ие адамдардың барын көрсеткісі келді ме, әлде альбинос-қыздардың анасымен сұқбатты міндетті түрде шығару керек болды ма (бірақ, бұдан артық ештеңе ойлап таппапты), әлде YouTube-қа арнап шолу жасай алатындарын дәлелдеді ме? Түсініксіз, ал сюжет таблоид стилінде шығыпты.
Авторлар БҰҰ сессиясында сөйлеген швед қызы Грета Тунберг феноменіне үлкен сюжет арнады. Ол саясаткерлерді экологиялық мәселелерді шешуде әрекет жасамай отырғаны үшін айыптады. Материалдан АҚШ президентінің осы мәлімдемеге реакциясын, Меркелдің қанша лайк жинайтынын және «алтын миллиард» елінің өз экономикасын қалай көтергенін білесіз. Әйткенмен Қазақстандағы экологиялық ахуал туралы ләм-мим демеді.
«7 күн», «Хабар»
«Хабар» телеарнасы үшін президент Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеуі басты жаңалыққа айналды. Тележүргізуші бұл жаңалыққа аса шаттанатынын жасырмады. Тоқаев сөзін қазақша бастап, ағылшынша жалғады. «Мемлекеттік тіліміз жаһандық деңгейдегі ең масштабты саяси форумда естілді» деді Александр Трухачев. Бұл тек кіріспедегі сөздің бір бөлігі ғана, қалғаны Қазақстан беделіне, оның Бас Ассамблеяда сөз сөйлеген президенттеріне, ядролық қарудан бас тартуы және тағы басқасына арналды. Сюжет те күтілгендей қызықсыз шықты. Бұл жолы Нью-Йорктен демесеңіз, әдепкі пропаганда. Мұндай «жанрдағы» материалда қандай да бір тепе-теңдік турасында айтудың өзі артық. Тоқаевтың «Қазақстанда демократия енді-енді дамып жатыр» деген сөзін «екінші тарап пікірі» ретінде алмаса, басқа баланс жоқ.
Қазақстан астанасында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі туралы сюжетте де баланс, визуализация, динамика мен жаңа ой-пікір ұшыраспады. Костюм киген қатысушылардың біркелкі кадры ұйқы шақырады.
Жалпы мұндағы ең жарқын сәттің бірі – Тоқаев пен Зеленскийдің кездесуі (Нью-Йоркте мемлекет басшыларының екі жақты кездесулері туралы материалдан үзінді) болды. Онда да Украинаның ерекше президентінің қызметі мен өмірі көпшілікті қызықтырса керек-ті.
Бағдарламаның президенттер туралы айтудан қалған ширек бөлігі бақуат адамдар да алып жатқан атаулы әлеуметтік көмек пен көпбалалы аналардың жиындарына арналды. Сюжет басында тілші сол аналарды қатаң сөгіп, айыптаса (жолдарда кептеліс жасап, жағдайды ушықтырады), оның ойын психолог (өздерін деструктивті ұстайды, балаларын қинайды, оларды жауапқа тарту керек) жалғады. Тұтастай алғанда, материал авторлары түрлі спикерлердің көмегімен «бұл әйелдер тегін баспана, тіпті астанадан тегін баспана сұрайды, ал дұрыс адамдар түрлі аймақтарға қоныс аудару бағдарламаларына қатысады, не кезекке тұрады» деген ойды жеткізуге тырысты.
Әйткенмен, сол әйелдердің өзіне сөз бермеді. Есесіне, мемлекет Нұр-Сұлтаннан жырақта өмір сүріп, жұмыс істеуге дайын адамдарға қандай керемет жағдай жасайтынын бар бояуымен баяндады.
«Атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алатындарды» әбден сынаған авторлар ары таза алушылар да барын айтып өтті. Тіпті оларды көрсетті. Бірақ, бұл сюжет тепе-теңдігіне еш әсер етпеді.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасының авторлары «Хабар» телеарнасымен жарысып, Тоқаевтың АҚШ-қа сапарына 14 минут эфир уақытын арнады. Эфир жүргізушісі Жайна Сламбек кіріспе сөзін «Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 74 сессиясының ашылуына қатысқаны — оның «әлемдік аренада Қазақстанның екінші президенті кім» дегенге жауабы. Сарапшылар сөйдеп жазып жатыр» деп бастады. Тілші ҚР екінші президенті Нью-Йоркте бизнесмендермен кездескені туралы баяндағанда бұл бастама бизнесмендер тарапынан екенін баса айтып өтті. Мұны айтудың неліктен қажет болғаны сол қалпы түсініксіз. Десе де тұспалдауға болады, осыдан кейін материал авторлары «Картадан жасалған үй» сериалының кадрларын көрсете отырып, АҚШ-тағы «жасырын саяси ойындар» туралы айтты.
Қазақстандық саясаттанушы «Ақорда мен Ақ үй арасында жақсы коммуникация орнағанын, бұған лобби-топтар әсер етеді» деген пікір білдірді. Қазақстандық лобби-топтар болса керек-ті?! Бірақ, Қазақстан билігі мұндай лобби-топтарға қанша қаржы бөлетіні (егер бөлетін болса) сол күйі айтылмады.
Астық науқаны, бидайға орақ түскені туралы сюжетте мейлінше өзекті тақырыпты көтерді. Қуаңшылық салдарынан Қостанай облысында биылғы астық түсімі аз, сапасы да мәз емес. Мемлекет фермерлерге субсидия бермей келеді. Материалда фермерлер де, элеватор қожайындары да, шенеуніктер де, диірмен өкілдері де бар. Әйтсе де сюжетте қамтылған мәселелердің көптігінен барлығы араласып кеткен. Автор сюжет құрылымын жақсы құра алмапты.
Apta авторлары «алматылық дәрігерлер ісі» туралы да айтты, тележүргізуші эфирде тұрып, көрерменге сұрақ жаудырды, бірақ сол сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
Донорлық және трансплантология туралы сюжет қызық шыққан. Бұл сюжетке ІІМ басшысының адам мүшелерін заңсыз сатумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың жолын кескені туралы мәлімдемесі түрткі болыпты. Сюжет авторы дене мүшелерін сатқысы келетіндерге де сатып алатындарға да телефонмен хабарласады. Телефон сөйлесуінің барлығын жазып алып, эфирде көрсетті. «Тірі кейіпкерлерді» (тым болмаса ту сыртынан түсіруге келісетін) таппапты. Сюжетте сарапшылардың, полицейлердің, дәрігерлердің пікірі жоқ. Тілші өзі түйін жасап, сарапшы рөлінде сөйлейді.
QAZAQSTAN телеарнасының да көпбалалы аналар митингісі туралы материалы «Хабар» телеарнасының сюжетіндегідей шықты. Оларды масылға балап, бұл турасында мейлінше ұзақ айтқандарымен, сол аналардың өзіне ешкім сөз бермеді.
Нұр-Сұлтанда күрестен өткен әлем чемпионатында қазақстандық балуандар ешбір алтын алмағаны туралы сюжет те тепе-теңдік жағынан ақсады. Сарапшылардан, бапкерлерден, спортшылардың пікір болғанымен, салалық министрлікті шет қалдырыпты. Десе де эмоциялы сәттерге толы сюжет мәтіні мен визуализациясы жақсы шыққан.
Айта кетсек, қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарлармаларына мониторингіміз тұрақты түрде апта сайын жүргізіледі, келесі мониторинг алдағы аптада жарияланады.