ДомойМедиасынАнкара саммиті, сайлау, су басты: 13-19 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Анкара саммиті, сайлау, су басты: 13-19 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Анкара саммиті, сайлау, су басты: 13-19 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада сараптамалық бағдарламалар хаттамалық сюжеттен көп аса алмады. «Жеті күн» президенттің Анкара саммитіне басымдық берсе, Sarap Times бұл санын 19 наурызда өткен Мәжіліс және маслихат сайлауына арнады. Ал «Айна» 2022 жылы 16 наурызда президент жолдауында жарияланған реформалардың бір жылдығы туралы айтты.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасы президенттің Анкара саммитіне қатысқаны туралы сюжеттен басталды. Тілші материалында алғысөзде айтылған ақпарат қайталанды. Әдеттегі президент имиджіне жұмыс істейтін хаттамалық сюжет, Тоқаев сапарларын баяндағанда қолданылатын жаттанды құрылым. Анкара сапарының барысы, саммитте көтерілген мәселелер, Ердоғанның алғысы, Тоқаевтың ұсынысы, екіжақты келіссөздер туралы баяндалды.   Түркиядағы зілзаладан кейін өткен саммитке келген түркі елдерінің басшылары төтенше жағдай кезінде күш біріктірудің маңызына тоқталды.

Бұл кезде еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі елдімекендерде су тасқыны болды. «Жеті күн» бұл мәселені тек екінші сюжетте көтерді. Адам шығыны болмады (шүкір) демесеңіз, қалың қар жауған жылдары болатын су тасқынын алдын алу тетігі әлі реттелмей келеді. Үкіметте бұл мәселе алдын ала көтеріліп, дайындық барысы тексерілген, десе де проблема бар әрі күйіп тұр. ТЖМ кінәні жергілікті әкімдерге артты, ал қараша халық қара судан зардап шекті. «Жеті күн» бұл төтенше жағдайдың өзектілігін айтып өткенімен, өткірлік жетпеді. Саладағы,  жүйедегі кемшілікті ашық айтуға не кедергі?

Агросаладағы өнеркәсіп иелеріне субсидия беріледі. Биыл өтінім жылдағы qoldau.kz сайтында емес, gosagro.kz-да қабылданады. Жақында қолданысқа берілген платформаның кемшіліктері көп. «Жеті күн» бұл тақырыпты мүмкіндігінше тарқатып, талдап, кемшілігін ашық айтты. Десек те, шаруаларға шұғыл көмектесудің, субсидияны тез арада рәсімдеудің басқа жолы бар-жоғын зерттемеген екен. Қайта еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің импортына тәуелді екенін айтып, берілетін судсидиядан қайтарым жоқ деп, шаруаларға кінә артады. Жалпылама айтылған айыптау агроөнеркәсіп саласына түгел күйе жағып тұр. Жалпы ауылшаруашылықтағы импортқа тәуелділік мүлде басқа тақырыптың еншісі. Сюжетті сарапшылардың агробанк құру туралы пікірі құтқарды.

Елімізде қажылыққа апаратын туристік фирма көп. Олардың кейбірі жұлдыздарға жарнамасын жасатып, кейін қарапайым тұрғындарды алдап кеткен. Рамазан айының алдында бұл тақырып өзекті. Сонымен қатар, айырбасқа жарнама жасап беретін жұлдыз һәм блогерлердің жауапкершілігі туралы да орынды мәселе көтерілді. Қажылыққа бару мақтан емес, парыз екенін, ниеттің маңызын дін өкілдері, дінтанушы мамандар айтты. Үлкен қажылыққа апаратын фирмалардың Діни басқарма тіркеуінде болуы тиістігі туралы ақпарат бар.

Есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топ құрықталды. Бағдарлама осы жайтты баяндай отырып, көлемді сюжет ұсынды, онда нашақор адамның әлеуеметтік портретінен бастап, есірткіні сату-тарату және зертханада дайындау әдістері туралы айтылды. Сарапшылар, Ішкі істер министрлігінің өкілдері пікір білдірген.

Елена Рыбакинаның жеңісі туралы айтылып, бағдарлама аяқталды.

Sarap Тimes, Astana TV

Бағдарлама сенбі емес, жексенбі кешкі сағат 20.00 эфирге шықты. 19 наурызда өткен Мәжіліс және маслихат сайлауының барысынан ақпарат тарату үшін әдеттегі кестесінен жылжыған болса керек. Сондықтан бағдарламаны апталық сараптама деуге келмейді. Сайлау басталғанын, президенттің дауыс бергенін айтты. Сюжетте де Сенат төрағасы, Мемлекеттік кеңесші, Үкімет басшысының дауыс бергенін, пікір білдіргенін көрсетті.

Келесі сюжетте сайлауға түсіп жатқан 7 партия басшыларының дауыс бергені айтылып, олардың екі ауыз пікірі берілді.

Батыс өңірлерде қалай дауыс берілгені, Қызылордада қатысушылар дәстүрлі ән айтып, ұлттық киіммен келгені, Қонаевта сайлау қалай өткені, Қостанайдағы қарт кісілердің үйінде дауыс бергені, мүмкіндігі шектеулі және зағип жандарға дауыс беруге жасалған мүмкіндіктер туралы сюжеттер сараптамадан гөрі сайлау күнгі жергілікті атқарушы органдардың дауыс беру процесін қалай ұйымдастырғаны туралы есебі іспеттес болды. Сюжеттерде дауыс берген спикерлердің барлығы да бұл жолғы сайлаудың ерекше өткенін атады.

Орталық сайлау комиссиясы алаңындағы баспасөз маслихатынан, дауыс санау процессі басталғаны туралы сайлау учаскесінен және онлайн марафон өтіп жатқан студиядан тікелей эфирге қосылып, журналистер қысқа ақпарат берді.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Бағдарлама Шымкенттегі тұрғын үй салуға арналған жер телімінің қымбаттауы туралы мәселеден басталды. Тілші жер құны жайлы көптің пікірін тыңдап, кейіпкерді сөзге тартты. Елдің солтүстігінде жер тегін берілетінін де атап өтті. Десек те, бұл сюжет мақсаты түсініксіздеу болды, жалпы фактіні атап өтті.

Елімізде жол жөндеуге 4 трлн теңге жұмсалған. Ал Қазақстан жол сапасы жөнінен 100-орында тұр. Ақбөпе Тәңірбергеннің сюжетінде Астана, Ақтөбе мен Қарағандыдағы жол сапасы туралы көп тұрғынның пікірі бар. Салалық министрлік өкілдерінің жол жөндеу жоспары жайлы комментарийлерін қосқан. Астанадағы Мәңгілік ел даңғылының жолы тақтайдай болса да, биыл оны тағы жасауға шешім қабылдаған әкімшілікті сынға алды. Сарапшы саладағы жемқорлықты, антикордың тексерісі қалай жүретінін айтты.

«Айна» бағдарламасы әлеуметтік эксперимент жасады. Көшеде, ғимарат ішіне балаларды жалғыз қалдырып, бұған өтіп жатқан адамдардың реакциясын байқап көрген. Жалғыз тұрған балақайға  көптің назары түсіп, жанашырлық танытқан, анасын іздеуге талпынған жан көп болды.

Жастарға 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Оның шарттары мен берілу талаптары туралы «eGov куәгері» айдарында айтылды.

«Оқу-ағарту министрлігі үлгерімі төмен және мектептен жиі қашатын оқушыларды есепке алу заңын бекітіп жатыр», – деді тілші келесі сюжетте. Министрлік заң бекітпейді, қабылдамайды, тек бастамашыл болуы мүмкін. Министр бұл талап үлгерімі төмен оқушыларға қосымша көмек дегенге саятын пікір айтты. Сенат депутаты, психолог балалардың тәртібі үшін жауапкершілік ата-анаға артылуы тиіс деген ойды алға тартады. Алайда ата-ана мен оқушының пікірі сұралмапты.

«Айна» 2022 жылы 16 наурызда президент жолдауында жарияланған реформалардың бір жылдығы туралы айтты. Облыстардың бөлінуінен бастап, Конституциялық сот, жаңа партиялардың тіркелуі секілді бірқатар тапсырманың орындалғаны сөз болды.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Өткен аптада Apta бағдарламасы эфирге шықпады. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР