ДомойМедиасынЖаңа билік, дизель дағдарысы, саудадағы саясат: 3-9 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Жаңа билік, дизель дағдарысы, саудадағы саясат: 3-9 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Жаңа билік, дизель дағдарысы, саудадағы саясат: 3-9 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада жанар-жағармай бағасын қымбаттады – сараптамалық бағдарламалар бұл мәселеге жеке-жеке сюжет арнады. «Жеті күн» еліміздің Өзбекстанмен, ал Apta Қырғызстанмен шекарасына барып, ондағы ахуалдан материал ұсынды. Sarap Тimes Сауда министрі Серік Жұманғариннің жанармайдың қымбаттауы тауар бағасына әсер етпейтіні туралы мәлімдемесін назарға алған. «Ақ жайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің салдарынан Атырауды көк түтін басқанын да апталықтар жан-жақты талдауға тырысты. «Айна» ғана бұл жаңалықтарды айналып өтіпті, бұл бағдарлама баланың жынысын есептетіп, неке жүзігін іздеуге ниетті жандарға эксперимент жасады.

«Жеті күн», Хабар

Үкімет мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмас үшін жанар-жағармай бағасын қымбаттатты. Өйткені ішкі нарықтағы арзан өнім көрші елдерге тасымалданып жатыр. Қорған Қонысбайдың сюжеті Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Атамекен» бекеті арқылы жанар майдың көрші елге заңсыз жеткізіліп жатқаны туралы болды. Онда жүк көліктеріне қосалқы ыдыстар, қосымша бак қойылғаны туралы видео дәлел бар. Мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалы туралы статистикалық дерек тақырыпқа тұздық болар еді. Сарапшы Алмас Чукин ішкі нарыққа шикі мұнай арзан бағамен жеткізілетінін, ал өндіруші компанияларға бұл тиімсіз екенін айтты. Үкіметтің қадамын ақтап алу үшін әзірленген сюжет болды.

Үкімет жасақталып болғандай. Бас-аяғы екі министр ғана ауысқан еді, көпшілік әлеуметтік желіде жаңа құрамның айтарлықтай өзгермегенін сынға алды. «Жеті күн» биліктің бұл шешімін де ақтап алуға тырысты. Жыл басынан бері бірнеше министр ауысқанын, жалпы бұл құрамның жұмыс істегеніне екі жылдай болғанын, сын айтуға әлі ерте екенін алға тартып, сарапшы сөйлетті.

Келесі сюжеттің алғысөзін жүргізуші ұзақ толғады: Балқашта ауыз су тапшылығы, Астанадағы үшінші су сорғы стансасының құрылысы бірнеше жыл бойы жалғасып келеді және тағы басқа. Индира Жылқыбайдың сюжетінде елордада ауыз су кестемен беріліп отырғаны сөз болды. Өйткені инфрақұрылым ескірген, тариф арзан, су сорғы стансасының шамасы жетпейді, халық күрт көбейген, тұрғын үйлер тым жиі түскен. Станция құрылысы жақын уақытта аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Қала әкімдігінің ауыз су мәселесін уақтылы шеше алмағанын сынаған тілші сала мамандарын, сарапшыларды сөйлетіп, тығырықтан шығу жолы қандай деген сауалға жауап іздепті. Тұрғындардың шағымын тыңдаған. Сюжетте қазіргі арзан тарифті көтеру инфрақұрылымды дамыту үшін аса қажет шара екені айтылды. Материалдың мақсаты осы ақпарды жеткізу болғандай…

Өткен аптада «Ақ жайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің салдарынан Атырауды көк түтін басты. Жергілікті кәсіпорындарда жарықтың сөнуінен де техникалық ақау шығып, түтіндеген. Бұл мәселеге қатысты Экология министрлігі мәлімдеме жасады, табиғи резерват қызметкерлері қамыс өртін сөндіру оңай болмай жатқанын айтты, техникалық ақау шыққан компаниялардың да уәжі бар. Сюжет осы дүниелерді қамтыды.

«Жеті күннің» соңғы сюжетінде Оңтүстік Кореяның шекарасын заңсыз кесіп өтуге талпынған екі қазақстандықтың оқиғасы айтылды. Тілші бұл елдегі отандастардың басым бөлігі заңсыз жұмыс істеп жүр деді. Шетелдегі жұмыс орындарының барлығы жоғары жалақы ұсына бермейтінін, мұнда да алаяқтардың арбауына түсіп қалу мүмкін екенін атады. Шетел асып жатқандар мен елге оралған гастарбайтерлердің кәсіби сапасы сәйкес еместігін, Қазақстан бұл тұрғыдан ұтылып жатқанын сарапшылар айтып берді. Мәселені жан-жақты талдаған сапалы сюжет.

Sarap Тimes, Astana TV

Sarap Тimes-тың да басты тақырыбы елдегі жанар-жағармайдың қымбаттауы туралы болды. Тілші «Жеті күннің» журналисіндей кеден бекетіне барып, жанармай саудалаған көрші елдің делдалдарын сөйлетпеді. Бұл материалда Сауда министрі Серік Жұманғариннің жанармай бағасы тауар бағасына әсер етпейтіні туралы мәлімдемесі нысанаға алыныпты. Жұрт бұл уәжбен келіспейді. Оны тұрғындардың берген жауабынан байқадық.

Бағдарламаның келесі сюжеті Атыраудағы экологиялық жағдайға арналды. «Ақ жайық» резерватында тұтанған қамыс өртінің салдарынан қаланы көк түтін басты. Қаладағы мұнай зауыттары да түтіндегені белгілі. Сюжетте тілші табиғи резерваттағы өртті сөндіруге не себепті бірнеше күн кеткеніне баса назар аударды. Республикалық бюджет донорларының бірі саналатын – Атырауда өрт сөндіретін тікұшақтың жоқтығы баса айтылды. «Ақ жайық» резерватының орман шаруашылығына қарайтынына, оның облыс әкімдігі балансында еместігіне, сондықтан қаржының мардымсыз бөлінетініне баса назар аударылған. Экологиялық жағдайға кінәліні іздеуге емес, нақты оқиғаның айналасында талдау жасалған тиянақты сюжет.

Мәжілістің жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті. Депутаттар бірнеше сауал жолдап, заң талқылады. Sarap Тimes бұған жеке сюжет әзірледі. Депуттар сауалына мән беріліп, бірмандатты округтан сайланған шенеуніктердің фракцияға қосылуы, Мәжілістегі мандаты ең аз партияның фракция құру мәселелері талқыланды.

Саят Жөкенұлы «Amanat» партиясының Мәжілістегі маңызы турасында сұхбат өрбітті. Ол әдеттегідей амандық-саулықсыз, сұхбаттасын таныстыруды да жөн көрместен, әңгімені тұтқиылдан бастап кетті. Бағдарлама ішіндегі қосымша болғанымен, эфирге тән мәдениет бар емес пе?

Шымкент, Тараз қалаларында сезілген жер асты дүмпулері туралы сюжет болды, онда тұрғындардың пікірі бар. Жергілікті халық 3 балдық дүмпуге үйлердің қабырғалары айырыла бастағанын айтып, шағымданған. Жергілікті шенеуніктердің де пікірі бар. Алматының сейсмологиялық жағдайын да шолып өтті.

Бұл бағдарлама да елорданың проблемасын көтерді. Алайда ауыз су мәселесі емес, оң жағалаудағы тозығы жеткен үйлердің жайы. Қирауға шақ тұрған жатахана тұрғындарын сөйлетіп, олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсетті. Реновация бағдарламасы жайлы қала әкімінің, құзырлы орган өкілінің пікірін келтірді. Тілші материалын қирауға шақ тұрған жатахана проблемасы жақын арада шешіле қоймайды-ау деген күдікпен аяқтады. Сарапшы Сәбит Рыспаев мұндай үйлерді сүріп тастап, қайта салу үшін қала бюджетінде қаражат жеткілікті екенін айтты.

Бағдарламаның соңғы сюжеті «Қазақтан халқына» қорының қай салаға қаржы бөліп отырғаны туралы болды. Депутат Айдос Сарым қор жұмысының ашықтығы әлі де әлсіз екенін айтты. Қызының бір жақ бет сүйегі өсіп жатқан әйелді сөйлетті, ол қордан көмек ала алмаған. Науқас баланың бет-жүзі ашық көрсетіліп, әлеуметтік жауапкершілік сақталмады.

Apta, QAZAQSTAN

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президентінің арнайы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады. Алғашқы қысқы сюжет осы сапар туралы болды. Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронға алғысын жеткізіп, Франция Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты. Материалда сондай-ақ Макронның Қытайға сапары, оның Си Цзиньпинмен Ресей-Украина арасындағы соғысты талқылау ниеті жайында ақпарат бар.

Өткен аптада билікте ауыс-түйіс болды. Бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов президент кеңесшісі болды. Альбина Әшім «Болат Ақшолақов жанаржағармай бойынша миссиясын орындап, президент кеңесшісі атанды» деп атап өтті, шенеуніктің министр қызметінде аса көп дүние қатыра қоймағанын астарлап жеткізгендей болды.

Келесі сюжет «Дизель дағдарысына» арналды. Елімізде жанар-жағармай тапшылығы бар. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы Қордайда көлік кептелісінен көз сүрінеді. Кезекті ұзартып тұрғандар – Қордайдан арзан жанармай сатып алып, онысын Қырғызстанда қымбатқа саудалап жүрген делдалдар. Еліміздегі жағармай бағасы ТМД бойынша ең арзан екені рас: АИ-92 бізде 180 теңге. Ал Қырғызстанда бұл баға 51-52 сом шамасында немесе 270 теңге. Осы мәселенің ушыққанынан Үкімет жанар-жағармай бағасын көтерді. Биліктің бұл шешімі жүргізушілер мен фермерлердің қалтасына салмақ. Делдалдар, біздің шаруалар мен сарапшылардың пікірі қамтылған сауатты сараптама.

Кейін осы тақырып аясында экономист Айбар Олжаймен онлайн-трансляция өтуі тиіс еді, техникалық ақау болып, дауыс дұрыс естілмей, сұхбатты үзуге тура келді. Өкінішті-ақ.

Apta-ның кей сюжеттерден кейін тақырыпқа орай сарапшылармен жиі сұхбат жасайтын жақсы үрдісін байқап жүрміз. Жаңа экономистпен жоспарланған онлайн-сұхбат та соның бірі. Тағы бір сарапшы – әлеуметтанушы азық-түлік тауарларына геосаясаттың ықпалы туралы онлайн-комментарий берді, бұл келесі материалға сілтеме іспеттес.

Еліміздегі супермаркеттерде неліктен бейтаныс брендтер қаптап кетті? «Саудадағы саясат» сюжетінде Данияр Қайыртай маркет өкілдері, сарапшылар мен тұтынушыларды сөзге тартып, осы сауалға жауап іздеген. Өзекті тақырып.

Келесі дәстүрлі сюжет Украиндағы ахуалға арналды. Шетелдік БАҚ Пентагонның Украина жайында құпия материалдары жарияланып кеткенін жарысып жазуда. Франция президенті Макрон Қытайға сапарлап, Ресей мен Украинаны татуластыру мүмкіндігін талқыламақ ниетте. Бұл ақпарат Apta-ның сюжетінде де айтылған еді, оны қайталаудың қандай мәні бар?

Үкімет шекара маңындағы ауылдарға жалдама баспана салу құрылысын субсидияламақ. Сюжетте осындай елдімекендердің проблемасы көрсетілді: жұмыссыздық, шұрық-тесік жолдар, ауыз су, жарық жоқ, медпунктер мен мектептер жетіспейді және тағы басқа. Жергілікті жұрттың уәжі мен әкімдік өкілдерінің пікірі бар.

Соңғы сюжет аутизмі бар балалар жайын – еліміздегі инклюзивті білім беру мәселесін қозғады. Журналист бір ғана ана мен қызының тағдырын баяндау арқылы бүткіл ерекше балалардың қоғамнан оқшаулану проблемасын көтерді. Инклюзивті мектептер, орталықтардың статистикасы, білім беру, құқық қорғау мамандарының, психологтың пікірі бар. Амангелді Сейітханның ерекше стендаптарын атап өту керек.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айнаның» алғашқы тақырыбы баланың жынысын есептеу туралы болды. Ыңғай ұлы не қызы бар келіншектерді сөзге тартты. Баланың жынысын есептеп, ақша жасайтындармен тілдескен. Әнші Қарақат Әбілдинаны сөйлеткен. Бүлдіршіндердің жүзін ашық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік сақтамады. Көрермен тарту үшін әзірленгендей сюжеттің ақпараттық маңызы түсініксіз.

Екінші сюжет те бала тақырыбына арналды. Ылғал сіңіретін жаялық бала денсаулығына зиян ба деген сауалды ата-аналар, дәрігерлермен бірге талқылаған. Екі тараптың да, сарапшы-мамандардың да пікірі бар.

Ақбөпе Тәңірберген кальян ұсынатын көңіл көтеру орындарын полициямен бірге  аралаған. Рейд барысынан түсірілген материал анағұрлым тартымды болды. Сюжетті көргендер енді кальян ұсынуға тиым салынған мекемеге шағым жасауға болатынын біле жүреді деген ойдамыз.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы көп балалы аналарға «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» үшін берілетін жәрдемақы қалай тағайындалатынын түсіндірді. Сонымен қатар, «Жастар практикасы» бағдарламасының барысы туралы да айтты.

«Айна» бағдарламасы кейінгі кезде жиі әлеуметтік эксперимент жасап жүр. Бұл жолы жоғалған неке жүзігін іздесуге адамдар қаншалықты құлықты екенін тексеріп көрген.

Сараптамадан гөрі ойын-сауыққа жақын тақырыпта сюжеттер ұсынатын «Айна» әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР