ДомойМедиасынПрезидент үндеуі, жаңа мәжіліс пен ондағы оппозиция: 27 наурыз – 2 сәуірдегі...

Президент үндеуі, жаңа мәжіліс пен ондағы оппозиция: 27 наурыз – 2 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Президент үндеуі, жаңа мәжіліс пен ондағы оппозиция: 27 наурыз – 2 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада жаңа парламенттің шақырылымы өтті және бұл оқиға әлбетте апталық-сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы болды: президент үндеуі, жаңа сайланған депуттаттар, парламенттегі оппозиция және тағысын тағылары. Күнтәртібінде еліміздегі бірқатар әлеуметтік проблемалар – жер дауы, шаруалар мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, алимент және тағы басқасы талқыланды.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасы Мәжілістің VIII шақырылымы, құрамы мен ерекшелігі туралы ұзақ алғысөзден соң сюжет берді. Жаңа сайланған әрі қоғамда көп талқыланған депутаттар Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Ардақ Назаров, Асхат Аймағанбетовтің пікірі бар. Президенттің жаңа үндеуінен үзінділер берілді. Мәжілістің жаңа құрамы мен ерекшелігі туралы да айтылды. Дегенмен, сарапшы пікірі жоқ.

Жүргізуші Әлихан Смайыловтың үкімет басшысы болып қайта тағайындалғаны туралы ұзақ толғанды. Сюжетте тұрғындардың, мәжіліс депутаттарының пікірі бар. Сондай-ақ, тілші министрлер кабинеті қаншалықты жаңарады деген сауалға жауап іздеуге тырысқан. Депутат Мұрат Әбенов қай министрлерге көңілі толмайтынын жеткізіпті. Бұдан әрі жаңа үкімет басшысын бекіту кезіндегі президенттің Мәжіліс депутаттары алдында сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Әлихан Смайыловтың инфляцияны төмендету үкімет назарында болатыны туралы айтқанын ұсынды. Тілші осы мәселеге депуттаттар баса көңіл аударады деген ой айтады. Жалпы, екі сюжетте де Мәжілістің бұл құрамынан бағдарлама тілшілерінің үлкен үміт күтетіні байқалады.

Қазақстандағы жылу электр орталықтарының ахуалы туралы маңызды ақпарат берілді. Жалпы, 37 орталық бар: 22 жеке меншік, әкімдіктердің еншісінде – 10, квазимемлекеттік секторда – 5. Ең жаңа орталық 1981 жылы, ескісі 1934 жылы салынған. Үкіметтің дерегі осы. Сюжет өткен аптада Риддер қаласындағы төтенше жағдайға арналды: қазандықта жарылыс болған еді, қала халқы қыс бойы жылу орталықтарында болған апат салдарынан жылусыз шықты. Мәселеге облыс басшылығы араласқан.

Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы жүргізуші қысқаша ғана айтып өтті.

Мемлекет жеңілдетілген дизель отынын фермерлерге бөледі. Бұл шаруаларға қаншалықты тиімді болып жатыр. Тілші фермерлерге жеңілдікпен дизель беру олардың бар проблемасын шеше ме деген сауалға жауап іздейді. Жеңілдетілген несиенің бөлінгені, алайда оның шаруаға жетпейтіні айтылды. Шаруалардың проблемасын ашық көтерген сюжет.

Алимент проблемасы көтерілді, қарыз 14 млрд теңге. Тілші сот орындаушымен бірге рейдке шыққан. Борышкерлерді сөзге тартуға талпынады. Сот орындаушылардың түсініктемесі бар. Индира Жылқайдарова тиянақты сюжет жасаған: заңгер, әлеуметтанушы, экономист, «Әкелер одағы» қоғамдық ұйымының басшысын сөзге тартып, әкелер алимент төлеуден неге жалтарады деген сауалды талдайды. Ақы төлемей қашып жүрген аналар туралы да сөз қозғады. Алимент жалақының қанша пайызына тең болуы керек деген сауалға да түсінікті жауап бар. Дегенмен, әлеуметтік жауапкершілік сақталмаған. Сюжетке пікір білдірген баланың жүзі ашық көрсетілді. Бұл этикаға қайшы.

Sarap Тimes, Astana TV

Sarap Тimes та Мәжілістің жаңа құрамы туралы жаңалықтан басталды: президенттің Парламент отырысында сөйлеген сөзі, сарапшылар пікірі, ант қабылдау кезінде жаңылған депутаттар және тағы басқа. Осыдан кейін Әлихан Смайловтың Үкіметті қайта басқаратыны айтылып, оның сөзінен үзінді берілді.

Студияға саясаттанушы Ерлан Ахмеди шақырылып, сайлау нәтижесін талқылады.

Бағдарламаның екінші ауқымды сюжеті синтетикалық есірткінің түрлері мен ағзаға зияны турасында болды. Өткен аптада Ішкі істер министрлігі есірткі әзірлеуге арналған прекурсордың қомақты партиясы тәркіленгенін мәлімдеді. Сюжет осы ақпаратты негізге алып, прекурсор деген не, синтетикалық есірткінің табиғи түрінен айырмашылығы қандай, ағзаға зияны неде деген мәселені кеңінен талдады. Сарапшылар, дәрігерлер пікір білдірген.

Астана тұрғындары бір аптадан бері су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Тұрғындардың, жауапты мамандар мен қоғам белсенділерінің пікірі бар. Сала мамандары су тапшылығы неден туындағанын айтады, десек те, сарапшы талдауы жетіспеді. Проблеманың бары анық Ал сарапшылар мен мәселені бүге-шігесіне дейін білетін мамандардың ұсынар шешімі қайсы?

Түркістан облысындағы шағын үш ауылдың проблемасын көтерген келесі сюжет еліміздегі барлық шағын елдімекеннің жанайқайын жеткізді. Жергілікті жұрттың жайылым жері жоқ, ал ауыл маңындағы жерлерді таныс-тамыр арқылы бөтендер иеленіп кеткен. Халық осыған наразы. Шалғайда шағын мектептен басқа жұмыс орны жоқ, жұрт үдере көшіп жатыр. Аудандық жер бөлімінің мамандары да барған, қалалық жер басқармасы маманы тілшіге сұхбат беріпті. Нақты проблеманы ашып берген сюжет.

Елена Рыбакина Уимблдонда алған сыйақысын жас теннисшілерге бөліп берді. Шавкат Рахмоновтың жеңісі, аралас жекпе-жек шеберін президент қабылдады. Футболдан Қазақстан құрамасы Данияны 3:2 есебімен жеңді – бағдарламаны спорттағы жетістіктер туралы сюжет аяқтады.

Apta, Qazaqstan

Өткен аптада жаңа парламенттің шақырылымы өтті және Apta-ның алғашқы сюжеті әлбетте президенттің жаңа сайланған депуттаттарға үндеуіне арналды. Әдетте мұндай хаттамалық материалдар негізінен Тоқаевтың бірнеше цитаталарынан тұратын. Бұл жолғы сюжет біраз ерекшеленді: мемлекет басшысы күнтәртібіне шығарған мәселелерді сарапшылар талдап беруге тырысты.

Әлихан Смайлов Үкімет басшысы болып қайта тағайындалды: мәжілістің 82 депутаты оның кандидатурасын қолдаса, жетеуі қарсы болды және сегізі қалыс қалды. Альбина Әшім бұл жайтқа, «парламенттегі оппозицияға» ерекше екпін берді, әрі қарай бірнеше депутат осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

Келесі сюжетті көрсетпес бұрын қызықты инфографика ұсынылды – жаңа сайланған депутаттар қай саланың мамандары? Бұл жолы заңгерлер көп екен – 16, 9 мұғалім және 9 экономист бар, филолог, журналист, ақындарды бірге санаған, олар – 11 және тағы басқалары. Әлеуметтік желіде бұл жолы спортшылар мен өнер қайраткерлері көп деген қызу талқылар жүргендіктен, бұл инфографика тақырыпқа жақсы тұздық болды.

Бұдан соң жаңа сайланған депутаттар туралы сюжетке кезек берілді. Айтарлықтай жаңалық болмады. Apta әлеуметтік желі арқылы көпшілікке әбден танылған Абзал Құспан, Асхат Аймағанбетов, Дәулет Мұқаев және тағы басқа депутаттарды таныстырудан аса алған жоқ. Жұртқа бейтаныс өзге шенеуніктермен таныса алмадық.

Жаңа парламент тақырыбына бағдарламаның тұтас бірінші бөлігі арналды. Бұдан әрі Apta халықтың жанына батқан өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, өткен аптада «Астана су арнасы» елордада ауыз су арнайы кестеге сәйкес берілетінін хабарлады. Мекеме басшысы Талғат Бекмағанбетов бұл мәселені шешу үшін жаңа станса қажет дейді. Кеңінен талқылауға, сарапшыларды сөйлетуге сұранып-ақ тұрған аса өзекті тақырып, әйтсе де, Apta бұл мәселеге жеке сюжет арнаған жоқ.

Синоптиктердің болжамынша, биыл еліміздің батысы, шығыс және орталығында қуаңшылық болмақ, бұл шаруалардың онсызда қиын жағдайын күрделендірмек. Десек те, сюжет суды ысырап қылу, су жинау жүйесі және тамшылатып суарудың тиімділігі туралы болды. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің суын пайдаланудағы проблема, жерасты сулары, БҰҰ-ның бұл мақсаттағы бағдарламасы және тағы басқа мәселелер көтерілді. Тілші бірнеше ауқымды мәселені көтеруге тырысқан, әр тақырыптың басын бір шалып, бір сюжетке сыйдыра алмағандай әсер қалдырды.

Келесі сюжет Түркістан облысындағы жер дауына арналды. Бай шенеуніктер бірқатар ауыл маңындағы бірнеше гектар алқапты заңдастырып алған, ал жергілікті жұрт егістік пен жайылымсыз қалғандарын айтып, жер иелерінің келуін талап етуде. Екі тараптың да жанайқайы тыңдалған, құзыретті мекемелердің пікірі сұралған сауатты сюжет ұсынылды.

Украинадағы ахуал жайында дәстүрлі сюжет болды: РФ Белорусь жеріне тактикалық ядролық қару орналастырмақ, ал Киев жақтастары қаржылай көмек көрсетуге дайын.

Бұдан кейінгі атышулы Tik-Tok туралы сюжет ұнады: артықшылығы мен кемшілігі айтылып, ақпараттық қауіпсіздік және тағы басқа мәселелер көтерілді. Тик-токерлер мен сарапшылардың жан-жақты пікірі бар, соңғы стендап тіптен ерекше.

Соңғы лайв стиліндегі сюжет еліміздегі драма театрларының бүгінгі жай-күйі хақында болды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Бағдарламаның алғашқы сюжеті тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналды. Өткен аптада Ақтауда ер азаматтың үш баласын пышақтағаны туралы ақпарат сюжетке түрткі болған. Тілші мұндай жағдай неге жиі қайталанатыны туралы мәселе көтеріп, заң қатаңдатылуы керек деген тоқтамға келеді, Заңгер Абзал Құспанның пікірі бар.

Президенттің жаңа депутаттар құрамының алдында сөйлеген сөзі, Мәжілістің жаңа төрағасы мен Үкімет басшысы туралы сюжет берілді. Құрылымы жағынан басқа телеарналардағы сюжеттен ерекшелігі аз болды. Дегенмен, президенттің шекаралы аудандар мәселесін көтеру туралы сөзінен үзінді беріліп, Батыс Қазақстан облысындағы бір ғана тұрғыны бар ауыл жайлы айтылды. Абзал Құспан бұл сюжетке де пікір білдіріп, БҚО проблемасын Мәжілісте көтеретінін айтты.

Әскерге бармаған танымал тұлғалар туралы сюжет те ерекше. Ақбөпе Тәңірберген әскери борышын өтемеген министрлер мен депутаттармен сұхбаттасқан. Сонымен қатар, жаңа талап бойынша кей мамандар әскерге шақырылмағаны, көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде рейд жүріп жатқаны туралы сюжет тартымды шыққан.

«eGov куәгері» айдарында да президенттің Парламентте сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Мемлекет басшысы жәрдемақыны 14,5% көтеру туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Ол алдағы күзде жүзеге аспақ. Сонымен қатар, бұл айдарда көрермендер сауалына жауап берілді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР