ДомойМедиасынСиань сапары, визасыз режим, донор тапшылығы: 15-21 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Сиань сапары, визасыз режим, донор тапшылығы: 15-21 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Сиань сапары, визасыз режим, донор тапшылығы: 15-21 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада апталық бағдарламалардың басты тақырыбы Мемлекет басшысының Сианьға жұмыс сапары туралы болды: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің синхрондары, сарапшылардың комментарийі бар. Сондай-ақ, сараптамалық бағдарламалар Орталық Азия елдерінің басшылары кездескен саммиттің маңызын талдады. МӘМС, донор тапшылығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, шаруалар мәселесі де назардан тыс қалмаған.

«Жеті күн», Хабар

Екі аптадан бері Мақат Садық жүргізе бастаған бағдарламаның құрылымы еш өзгерген жоқ. Қзақтығы 40 минутқа созылатын бағдарламаның сюжеттері тым ұзақ. Кейде алғысөзінің өзі бірнеше минутқа созылады. Кіріспедегі ақпараттың материалда қайталануы қалыпты жағдайға айналды.

«Жеті күннің» басты тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары және Сиань қаласында өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті. Алғысөзде бұл оқиғаның маңызына ұзақ тоқталды.

Сюжетте сапардың барысы, екіжақты келісімшарттар, Қазақстанның ұсыныстары туралы айтты. Екі ел арасында 30 күндік визасыз режим енгізілуі, Қытайдың Орта Азияда экономикалық гегемондыққа ұмтылуы жайында қытайтанушы сарапшылардың көзқарасы, бағалауы керек-ақ еді. Алайда хаттамалық сюжет әдемі бейнеқатармен әрленіп, бағдарламаға үнемі сұхбат беретін саясаттанушылардың пікірін, бірді-екілі министрлердің түсініктемесін берумен шектелді. 40 минуттық бағдарламаның төрттен бір бөлігі – 10 минуттан астам уақыты осы сюжетке берілді.

Елімізде МӘМС туралы түрлі көзқарас бар. Өткен аптада Мәжіліс депутаты жарна төленгенімен, медициналық қызмет толық көрсетілмейтінін айтып, мұндай жағдайда қаражаттың жарна төленген адамға қайтарылуын ұсынды. Денсаулық сақтау министрі бұл талап заңда қарастырылмағанын алға тартты. «Жеті күн» апта бойы жаңалықтар лентасында көтерілген мәселені айта келе, МӘМС-ке халықтың көңілі неге толмайды деген сауалға бойламақ болды. АҚШ-пен салыстыруға талпынды. Салада ашықтық жоқ екеніне назар аударды. Десе де, ашық дереккөздерге сүйеніп немесе Қордың өзіне журналистік сауал жолдап, қаражат айналымына қатысты ашықтықты талап етуге не кедергі болды?

Қоғамда, Мәжілісте көтерілген тағы бір тақырып – блогерлік туралы сюжет берілді. «Блогер болып сайлауда халықтан мандат алған депутаттар блогерлікті тастағысы келмейді» Мақат Садықтың алғысөздегі айыптай айтылған бұл сөзі жалпыны суреттеп тұр ма, әлде нақты бір адамға бағытталды ма? Неге атын атап, түсін түстемеді?

Сюжетте блогерлік туралы түрлі тараптың пікірі тыңдалды. Парламентте блогерлік туралы арнайы заң жобасы талқыланып жатыр. Депутат Әннас Баққожаевтың депутаттық сауалынан үзінді, Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің блогер салықтан жалтаруы жайлы түсініктемесі бар.

Келесі сюжетте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеп жатқан қазақ тілінің ұлттық корпусы туралы ақпарат берді. Сюжеттің видеоқатарына қарағанда, институтта өткен жиыннан әзірленсе керек. Негізінен институт қызметкерлерінен пікір алынған. Мәселе орынды көтерілгенімен, жете зерттелмеді.

Соңғы сюжет еліміздегі ірі мемлекеттік зообақтардың жағдайы, ескіруі, көшпелі зообақтар жұмысының тоқтауы, жануарларды қорғау жөніндегі заңның қолданысқа енуінен кей кәсіпкердің зиян шеккені секілді мәселе көтеріпті.

Sarap Тimes, Astana TV

Тоқаевтың Қытайға сапары бұл бағдарламаның да басты тақырыбы болды. Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуінен синхрондар берді. Қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен форумда президенттің сөйлеген сөзінен бірнеше үзінді бар. Экономикалық қарым-қатынастың маңызы туралы сарапшы пікірі берілді. Си Цзиньпиннің Орталық Азия елдеріне қаражат беретіні туралы айтқанын жеткізді. Осылайша, бұл сюжет те бағдарламаның алғашқы 10 минутын алды.

Қазақстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим енгізіледі. Тоқаевтың сапары кезінде келісімге қол қойылды. Sarap Тimes бұл мәселеге ерекше назар аударды. Қарапайым тұрғындар, кәсіпкер, экономист, саясаттанушы, туризм саласының маманы  пікір айтқан. Дегенмен, сюжет негізінен осы шешімді қолдауға бағытталған. Мұнда да нақты қытайтанушының тәуелсіз бағалауы жетіспеді.

Елімізде 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Енді зардап шеккен адамнан полицияға шағым түспесе де іс қозғалады. Сюжетте кейіпкер оқиғасы бар. Ал сарапшылар мәселенің себебін анықтауға тырысты. Әлеуметтік орталық маманы да пікір білдірді. Сюжетте анау айтқандай жаңалық жоқ.  Көбіне әйелдер зардап шегетіні айтылған, заң талаптарын түсіндіруге тым аз мән берілген.

Саят Жөкен саясаттанушы Қазбек Майгелдиевпен сұхбаттасып, буллинг мәселесін талқылады.

Елімізде донор тапшы. Соның салдарынан жылына мыңдаған науқас көз жұмады. Қазақстанда бұл сала жақсы дамыған, ТМД елдері арасында көш бастап тұр, тек халыққа түсіндіру жұмысы жетіспейді – мамандар осылай дейді. Донор іздеген және сәбиге донор болған кейіпкердің оқиғасы айтылды. Мәжіліс депутаты мәселе көтергенін, оған вице-премьер Алтай Көлгіновтің берген жауабын тілге тиек етті. Сюжет соңында елімізде донорларға ақшалай өтемақы қарастырылуы мүмкін екені айтылды. Ол қашан егізіледі, көлемі қанша болады, қандай ағзалар үшін беріледі? Ол туралы ақпарат жоқ. Сюжетті осы мәселені көпшілікпен талқылаудан бастау керек пе еді…

Оралдағы көппәтерлі үйлердің бірінде су құбыры тесілген. Ипотекаға алған пәтер тұрғындары бұл жағдайға наразы. Қаладағы бірнеше көппәтерлі үй мен мектеп судан ажыратылған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Сюжетте осы мәселеге жан-жақты талдау жасалды.

Едімізде «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылады. Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндетін қойды. Бұл тапсырма қалай жүзеге асатыны, қанша қаражат және қайдан бөлінгені туралы ақпарат бар. Мәселе Amanat партиясының назарында екен. Сюжетте 30 шақты мектепті салынбайтыны, өйткені қажеттілік жоқ екені, тағы 30 мектепте орын саны қысқартылатыны айтылды. Тілші мектептердің басым көпшілігі ауылдарда салынатынын алға тартты. Жоба туралы жағымды ақпарат беретін сюжет.

Apta, QAZAQSTAN

Apta президенттің Қытайға сапарынан басталды. Мемлекет басшысының Сианьға жұмыс сапары отыз жылдық қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталды. 47 құжат бекітілді. Басым бөлігі Қазақстанда жаңа кәсіпорындар ашуды көздейді. Хаттамалық сюжет: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің синхрондары, сарапшылардың комментарийі бар.

Пандемия кезінде әлсіреген Қытай экономикасы әлдене бастады. Халықаралық сарапшылар биыл Қытай ЖІӨ-нің өсімі 5 пайыздан асады деп болжады. Бұған Украина мен Ресей арасындағы соғыс та ықпал етті. Сондай-ақ, өткен аптада Қытай автомобиль экспорты бойынша әлемдегі ең ірі ел болғаны туралы жаңалық жарияланды. Келесі сюжетке кезек бермес бұрын Қытай қуатты ел екені туралы ұзақ алғысөз айтылды. Қытай Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесетін «С5+» форматындағы саммиттің маңызын Данияр Қайыртай талдады. Көп сарапшының пікірі бар.

https://youtu.be/fEBLYELFcTs

Мұнымен де Қытай тақырыбы тәмам болмады: президенттің Қытайға сапары кезінде екі ел арасында 30 күндік визасыз режимге мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Осылайша, бағдарламаның 20 минутқа жуық уақыты Тоқаевтың Сианьға сапары мен Қытай тақырыбына арналды.

Үкімет Қазақстан экономикасы төрт айда 5 пайызға өскенін және инфляция деңгейі төмендегенін мәлімдеді. Бұл қай кезеңмен салыстырғандағы 5%? Инфляция төмендеді, ал баға ше? Азық-түлік бағасы арзандады ма? Тұрғындардан пікір сұраған екен, бірауыздан қымбатшылық қысып тұрғанын, жалақыны көбейту керегін айтқан. Экономист Айбар Олжаймен сұхбат болды. Сарапшы құжат бетіндегі инфляция төмендегенімен, тұрмысқа қажетті заттардың бағасы неге арзандамай тұрғанын түсіндірмеді. Алғысөзде бұл сауал тасталғанымен, маманға басқа сұрақ қойылды. Сұхбаттың мәні неде? Apta Үкімет мәлімдеген сандарды көрерменге түсінікті етіп неге сөйлетіп бермеді? Түсініксіз.

https://youtu.be/_2mdJz6s1B4

Apta шаруалардың мәселесін жиі көтеріп тұрады. Қазақстандағы жылыжайлардың 70 пайызы орналасқан Түркістан облысында қыста көмір жетпей, көкөністер үсіп қалған еді. Сол уақытта шығынға ұшыраған шаруалар өнімнің бағасын өсіруге мәжбүр болған. Енді шетелдік көкөніс арзанырақ болып, отандық фермерлер бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Өзекті тақырып көтерілді, кейіпкерлердің оқиғасы мен сарапшылар пікірі бар.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша шағым түспесе де, полиция іс қозғай алады. Әйеліне қол көтеретіндердің үстінен аноним арыз жазуға болады. Хаттама толтыру үшін куәгердің, көршілердің айғағы, бейнебақылау жазбасы жеткілікті. 1 шілдеден бастап заңға осындай өзгеріс енеді. Жаза күшейтіліп-ақ жатыр. Бірақ мәселені түбегейлі шеше ала ма? Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың себебі неде? Аманкелді Сейтханның зерттеп көрген екен, әйелдердің жеке оқиғалары мен сарапшылар пікірі бар. Өзекті материал.

Былтыр үш бірдей жаңа облыс құрылды. Apta әр шығарылымында бір облысқа сюжет арнамақ екен. Алғашқысы Қонаев қаласына арналды. 1 жылда не өзгерді? Жергілікті халықтың талап-тілегі қандай? Облыс орталығы болғалы тұрмыс сапасы өзгерді ме? Бастысы, жұмыссыздық мәселесі шешіле ме? Елдос Есенбол Қонаевқа арнайы барып, қызықты сюжет әзірлеген.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Денсаулық сақтау министрлігі жастарға неке құрмай тұрып медициналық тексеруден өтуді және «Отбасының әлеуметтік картасын» енгізуді ұсынды. Бағдарламаның басты тақырыбы осы болды. Сарапшылар, дәрігерлер, заңгерлер, кейіпкерлер мен тұрғындар пікір білдірген. Алайда осыншама мамандар қолдаған жобаны Мәжіліс депутаты жеке адамның өміріне қол сұғу деп бағалады. Бұл карта ешкімге міндеттелмейді. Тілші ДСМ қателесіп, қоғамның оны міндетті деп түсінуіне ықпал еткенін айтқысы келген.

Оқу-ағарту министрлігі түлектердің мектеп бітіру кешін өткізуіне қарсы екен. Ақбөпе Тәңірберген сюжет әзірлеп, оқушылардан пікір сұрапты. Соңғы қоңырау салтанатын өткізуді әр мектеп басшысы өзі шешетіні айтылды. Хайпқа, көрермен тартуға негізделген сюжет.

ЕЭО елдері өз арасында несие тарихы туралы мәлімет алмасатын болатын. «Айна» осы мәселеге назар аударған екен, бірақ заңгер пікірімен шектелді.

«Айна» Қытаймен арадағы 30 күндік визасыз режим, Тоқаевтың Қытайға сапары туралы қысқа қайырды. Қорғаста азық-түлік хабын құру туралы президент сөзінен үзінді берді.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы МӘМС мәселесінен бастап, елдегі медицина саласындағы жағдайлар туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан сұхбат алды.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» аяқтады.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР