ДомойМедиасын«Ащы шындық»: этиканы елемейтін эфирлер

«Ащы шындық»: этиканы елемейтін эфирлер

«Ащы шындық»: этиканы елемейтін эфирлер

Журналистика принциптерінің ішінде адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілік бар. Бұған, әлбетте, ток-шоу жүргізушілері де баса мән беруі керек. Өйткені таразының бір басы – елді елең еткізетін оқиғалар, мыңдаған қаралым жинайтын тақырыптар болса, екіншісінде кейіпкерлердің бағдарламадан кейінгі өмірі бар. Кейіпкерге «өзгеремін, сөз беремін» дегізу де, «ұрмаймын, отбасымды сақтаймын» деп ант-су ішкізу де оңай. Эфирге жақсы киім кигізіп, бояндырып шығару да қиын емес. Ал мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның алдына шыққан кейіпкердің эфирден кейінгі өміріндегі қиындық туралы ойланып көрдік пе? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр Astana TV арнасындағы «Ащы шындық» бағдарламасын талдап, «Бүгінде журналистер «зияның тимесін» принципін ұстануға неге құлықсыз?» деген сауалға жауап іздеп көрді.

Отандық журналистер ұстануы керек қағидалар тізілген мынадай екі құжат бар: Қазақстандағы медианың негізгі принциптері және «Журналистер этикасының жаһандық хартиясы». Әр журналист жақсылап танысып, содан соң барып материал әзірлесе, біраз стандарт сақталар еді. Эфирге «бомба тақырып» іздеп, әдейі анайы оқиғаларға құлақ түріп жүрмес еді.

Astana TV арнасындағы «Ащы шындық» – жаңа ток-шоу. Бір айдан астам уақыт ішінде ұжым 11 бағдарлама шығарған. Бізге белгілісі мынау: 20 әйел кейіпкер іріктелген. Телеарна сайтындағы ақпарат бойынша «Олардың біреуі зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, енді біреулері балаларын жалғыз тәрбиелеп, күйеуінен алимент өндіре алмай жүргендер. Арасында жазықсыздан-жазықсыз абақтыға түскендер де бар». Оқып, «Бәрекелді!» дестік. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әділетсіздік жайлы айтылса, жақсы емес пе? Бірақ… Жігіт іздеген әйелдер туралы – «Сүйіп қалдым жас баланы» және «Байдан байға», араққа салынған әйел хақында айтылған – «Ал, қаш, ана», балаларын қайтарғысы келетін әйелдер тағдыры сөз болған – «Жұдырығын тықты», «Шешіндіргіш қайын ата», «4 еркектен – 3 бала», күйеуінің туыстарынан «баламның өліміне сен кінәлі» деген айыптау естіп шаршаған әйел туралы –«Басы жоқ мәйіт», Халықаралық әйелдер күніне арнайы шығарылым – «Неге әйелдер төсек қатынасына құмар?», күйеуінен қорлық көрген әйелдің өмірі жайлы – «Кімнен жұқты?», күйеуі тастап кеткен келіншек туралы «Анаконда келін» деген шығарылымдар эфирге шыққан.

Ток-шоу біткеннің бәрі ақиқаттың астарын ақтарып, ащы болса да шындық «көрсетеміз» дейді. Көбінің атауы ұқсас. Сарапшылардың қайталанатыны, жалпы сценарий мен тақырыптың қайталанатыны тағы бар. Мұндайда ток-шоу жасаушылардың қиялы анайы тақырыптан әрі аспай қалды дерсің. Жаңа бағдарлама болғандықтан осы кезге дейін шыққан тақырыптарды тізіп шықтық. Бірден көзге ұратыны – сол баяғы жауыр болған кликбейттер.

«Ащы шындықтың» басқалардан жақсы тұсы – әйелдің тұрмыстық мәселесін шешуге бағытталғаны. Зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтын әйел қауымына қорған болатын бағдарлама шыққаны дұрыс-ақ. Өкініштісі, көп жағдайда күллі елдің көзінше кейіпкерді абыройсыз қалдырып жатады. Мысалы, «Ащы шындық» кейіпкерлері бағдарламаға келісім бергенде мәселенің соңына дейін шешілуінен үмітті болады. Ересек адамның шешіміне дәнеңе дей алмаймыз. Бірақ ондағы балалардың ашық-шашық бет-бейнесі ше? Олардың кейін сыныптастарынан ұялатынын неге ойламайды? Интернетке жүктелген видео мәңгі қалады. Араға жылдар салып, көз алдына осы бейне шыға келгенде балаларға үлкен соққы болатынын білу үшін психолог болу міндетті емес.

Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінде мынадай қағида бар: «Тәжірибесіз кейіпкер өзіне зиян келтіруі мүмкін, мысалы, қоғамның ашуына тиіп, қудалауына ұшыратуы ықтимал сөзді абайсызда айтып, мәлімдеме жасап қойған кезде оны материалда пайдаланбайды». Ток-шоу жасаушылар дәл осы принципті ұмыт қалдырғанға ұқсайды. Айталық, «Ал, қаш, ана» шығарылымындағы кейіпкер бағдарламада «Тик-Токқа шыққан видеодан кейін балам мен келінім ренжіді» дейді. Ренжісе, желіге салған блогерге ренжіп отыр деп ақтап алуға болмас. Себебі бұл жерде адамгершілік принципі туралы әңгіме шықты. Демек, тағдыры ауыр адамның видеосын әлеуметтік желіден болсын, студиядан болсын көрген жақындарына ұнамайды, намыстанады деген сөз. Осы шығарылымға келсек, кейіпкер әйел араққа салынған. Мәселені шешу үшін ұжым халық емшісін, көріпкелді, блогерлерді шақырған. Бағдарлама соңында «Құпия бөлмеде» бәрін бақылап отырған нейропсихолог нүктесін қояды. Ішкілікке салынған адамның суретіне қарап көріпкелге сөз бергенін, «емделе ме, жоқ па?» дегенді анықтау үшін халық емшесін шақырған себебін түсіне алмадық. Бұл жерде сөйлеуге құқы бар адам болса, ол – нарколог еді. Осы тұста екінші мәселенің шеті шығады. Ол – сарапшы һәм маманды іріктеу. Психология сынды нәзік тақырыпқа келгенде абай болу керек. Айталық, осы шығарылымдағы нейропсихолог қаншалықты білікті? Ол өзі жеке терапиядан өткен бе? Егер өтпесе, кейіпкерге кері әсерін тигізуі мүмкін емес пе? Осындай мәселелерді де ойластыру қажет.

«Шешіндіргіш қайын ата» шығарылымында кейіпкер әйелдің атасы немерелеріне жыныс мүшесін көрсетіп-көрсетпегенін полиграф арқылы тексеріп көрмек болады. Зерттеулерге сүйенсек, мұндай аппараттың дәлдігі кейде 98 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бірақ басты шарты — оны кәсіби маманның өткізуі керек. Жеткілікті тәжірибесі жоқ адам өткізсе, нәтижесі дәл болмауы ғажап емес. Редакцияның полиграфологты қалай іріктейтіні бізге белгісіз. Бағдарламада құрылғы нәтижесі әйелдің таққан айыбы жоққа шығарады. Бұл тұста жүргізуші: «Кішкентай баланың айтқанына қалай сенуге болады?» дейді. Бұл сауалға аса ұқсамады. Яғни ересек адам мойындамай отыр, аппарат растаған жоқ, демек өтірік дегенге келтіргендей болды. Студиядағылар да іліп әкетіп, сенбейтінін білдіріп жатты. Ал қатысушылар – бағдарлама басталғанда іріктеліп, өз мәселесін айтуға келген 20 әйел. Бір басына проблемасы жетіп артылатын, ток-шоу бойы бейәдеп сөзсіз ойын жеткізбейтін әйелдер басқаға эмпатия білдіре ала ма? Керісінше жығылғанға жұдырық болмай ма? Осындай сан сауал туды.

https://www.youtube.com/watch?v=QoxCli4Fwww

Жақында «Әйел бақыты», «Өз ойым» ток-шоуларында жұмыс істеген Дәулет Мұқаев Hard Talk жобасына қонақ боп келді. Сол жерде мынадай бір фактінің шеті шықты. Дәулет былай дейді: «Өз ойымның тақырыптары өзгере бастағанда «мына жерде істей алмаймын» деп кеттім. Телеарна рейтиң қуалайды. Продюсерлер өзге мемлекеттен болды. Жиналыста ұрыс-керіс, ЛГБТ, баласын сатқан ана, кәмелетке толмай жүкті болғандар тақырыбына жақындастыру керек. Қайын атасымен болған келінді іздеу қажет дейтін».

Ток-шоу тақырыптарын әдетте басшылық деген де нұсқа бар. Яғни тілшінің атышулы оқиғаларды әдейі іздеуіне тура келуі мүмкін. Солай дегеннің өзінде «Этикалық стандарт сақталмайтын ұжымда жұмыс істеуге журналисті не мәжбүрлейді?» деген келесі сауал туады. Тапсырма орындауға келіскенің – журналистің этикалық стандартын сақтамауға қол қойғаның.

Ток-шоудың концепциясын әдетте сценаристер жазады. Сондықтан жалпы ұжымды сынға алып отырмыз. Тағдырды талқылап, сырттай сөз қылу оңай. Бірақ «зияның тимесін» принципі үнемі есте болса игі.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР